Абайдың өлеңдері

Әр жылдары жазылған өлеңдерінің толық нұсқасы

Өлеңдері мен аудармалары

Жазылған жылы белгісіз өлеңдер

* * *

Домбыраға қол соқпа, (218)
Шымырлатып бір-бірлеп.
Жүрегім, соқпа, кел тоқта,
Жас келер көзге жүр-жүрлеп.

Қайғылы көңілім қайдағы
Бұрынғымды жаңғыртар.
Қайратты алып бойдағы,
Басымды қайғы қаңғыртар.

Онан да жылы жүзіңмен
Кел, жарым, қара бетіме.
Жылы, тәтті жауап айт
Іштегі қайғы дертіме.

Іштегі ескі жалынды
Сөндір жаңа қылықпен.
Сөйлесші жақсы, жағымды
Мендей көңілі сынықпен.

Сынық көңілім көп кешер,
Майда қолмен ұстасаң.
Көңілге түрлі ой түсер,
Әр тереңге нұсқасаң.

Күйлі, күйсіз бәйгеге
Қажыды көңілім көп шауып.
Көп қинамай әрнеге,
Енді семірт, жем тауып.

 

* * *

 

Ойға түстім, толғандым, (219)
Өз мінімді қолға алдым.
Мінезіме көз салдым,
Тексеруге ойландым.
Өзіме өзім жақпадым,
Енді қайда сыя алдым?
Қалап алған көп мінез,
Қалайша қылып тыя алдым?

Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес.
Аршып алып тастауға,
Апандағы саз емес.
Бәрі болды өзімнен,
Тәңірім салған наза емес.

Осынша ақымақ болғаным
Көрінгенге қызықтым.
Ғаділетті жүректің
Әділетін бұзыппын;
Ақыл менен білімнен
Әбден үміт үзіппін;
Айла менен амалды
Меруерттей тізіппін;
Жалмауыздай жалаңдап,
Ар, ұяттан күсіппін1;
Қулық пенен сұмдыққа
Құладындай ұшыппын;
«Сіз білесіз» дегенге
Күнге күйіп, пісіппін;
Мақтанбасқа мақтанып,
Деп жүріппін «пысықпын».

________________

1 Күсу – безу, түңілу (АТС, 291-бет).

* * *

Мен боламын демеңдер, (220)
Аяқты алшаң басқанға.
Екі көзің аларып,
Құр қарайсың аспанға.

Бір ғылымнан басқаның,
Бәрі де кесел асқанға.
Өйткен адам жолығар
Кешікпей-ақ тосқанға.

 

* * *

 

Ғалымнан надан артпас ұққанменен, (221)
Тағдыр көрмей қоймайды бұққанменен.
О дағы қалыбынан аса алмайды,
Жауқазын ерте көктеп шыққанменен.

 

* * *

 

Түбінде баянды еңбек – егін салған, (222)
Жасынан оқу оқып, білім алған.
Би болған, болыс болған өнер емес,
Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған.

 

* * *

 

Әйелің – Медет қызы, аты Ырым, (223)
Айында бір жумайды беттің кірін.
Ер кезек ер жігітке үшке дейін,
Бір боқты тағы бас та және сүрін.

 

* * *

 

Бөстегім, құтылдың ба Көтібақтан? (224)
«Күйшіл» деп бабын білмей кінә таққан.
Құл табан, кескіл тұмсық Бөстекбайым,
Кісіге бос берермін бір мін тапқан.

 

* * *

 

Жол көрмек, жоба білмек, жиһан кезбек, (225)
Бой жеңбек, ер жігітке ғақыл таппақ.
Тағдырын көрушінің Хақтан біліп,
Көшелі өнер иесін жүрсе жақтап.

Ниетің түзу болса сенің аппақ,
Екі елі ауызыңа қойсаң қақпақ.
Сыбыр, өсек дегенді сырттай жүріп,
Ғылым, өнер, мал таппақ, жұртқа жақпақ.

ТҮСІНІКТЕР

218) «Домбыраға қол соқпа». Абайдың жаңадан табылған бұл өлеңі алғаш рет 1940 жылы «Әдебиет және искусство» журналының 9-санында жарияланған. Онан кейін 1945 жылғы Абай шығармаларының толық жинағында басылған (273–274-беттер). «Домбыраға қол соқпа» дейтін өлең Абайдың бұдан бұрынғы баспаларында басылған емес. Мұны 1940 жылы жазушы Қайым Мұқамедханов пен Архам Абай ауданының азаматы Рахымжан Мамырқазовтан жазып алып, Ғылым академиясына тапсырған. Және 1940 жылы «Әдебиет және искусство» журналының 9-санында басылды, өлеңді – сол Қайымның қолжазбасынан алып, бұл жинаққа тұңғыш рет басып отырмыз. Жазылған жылы мәлімсіз», – деп түсінік берілді (1945 жылғы жинақ, 457-бет).

Бұл өлеңнің Әйгерімге арналып шығарылғандығы айтылады.

«Кейінірек табылған бір өлеңі – «Домбыраға қол соқпа» деген өлеңі. Әйгерімнің ауылында отырып айтқан өлеңі екен. Тәтті назбен айтылады. «Домбыраға қол соқпа» деген өлеңі Әйгеріммен ренжісіп кетіп, артынан үйіне қайтып келгенде жазғаны. Әйгерімнің үйіндегі бір баланың жаттап алғанынан табылған» (Әуезов М. Абайтану дәрістері, 99-бет).

Осы адам есімі бірде Рахымжан Мамырзақов (1945), бірде Рахман (Әуезов М. Абайтану дәрістері, 99-бет) деп берілген.

Өлеңнің басылымдарында текстологиялық өзгерістер жоқ. Бұл жинаққа 1995 жылғы басылым бойынша берілді.

219) «Ойға түстім, толғандым». Алғаш рет 1945 жылы «Майдан» журналының 2-санында жарияланып, 1945 жылғы жинақта басылған (476-бет). 1944 жылы Қайым Мұқамедханов Ғылым академиясына әкеп тапсырған бұл өлең 1939 жылы Абай ауданының азаматы Жұмағазы Кенжебаевтың аузынан жазып алынған.

1945 жылғы жинақтың түсінігінде: «Бұл өлеңнің ішінде мағынасы, қолдануы күмән тудыратын бір сөз бар. Ол:
Аршып алып тастауға,
Апандағы саз емес.
Бәрі болды өзімнен,
Тәңірім салған наз емес, –
дегендегі «наз». Мұны Қайым «наз ба екен, жоқ аза ма екен» деп жазады. Мұхтар Әуезов «аза» болмас па деп белгі қояды, әзірше «наз» деп жібердік. Жазылған жылы мәлімсіз» деп ескерткен (1945 жылғы жинақ, 458–459 беттер).

Сол 1945 жылдан бастап Абай шығармаларының барлық басылымдарында «Тәңірім салған наз емес» деп беріліп келген жолдағы (2-шумақ, 8-тармақ) «наз» деген сөз осы басылымда абайтанушы Тұрсынжан Шапайдың ұсынысымен өлең мазмұны, ой қисыны, сөз мағынасына сәйкес «наза» деп түзетілді.

220) «Мен боламын демеңдер». Бұл өлең алғаш рет 1945 жылы «Екпінді» газетінде және «Майдан» журналында жарияланған. 1945 жылғы жинақта басылып, «Мен боламын демеңдер» деген өлеңді де сол Қайым мен Архам 1940 жылы Жаңасемейде тұратын Көкбайдың баласы Ахметқалидан (жасы 30-да) жазып алып, 1944 жылы Ғылым академиясына тапсырды. Ахметқали қазір әскерде. Ахметқалидың айтуына қарағанда, бұл өлеңді Абай Көкбайға айтқан. Көкбай жасырақ кезінде әзіл етіп, Абайды сөйлетпек үшін:

«Жүрісім, тұрысымның бәрі Абайша,
Абайдан кем боламын мен қалайша.
Көп зәкүн, аз ғана ақыл өзімде бар,
Ашылып көкірегім кең сарайша», –

деп өлең айтыпты. Жоғарғы өлеңді Абай Көкбайдың осы сөзіне қаратып айтқан екен. Жазылған жылы белгісіз. Баспаға тұңғыш рет түсіп отыр», – деп түсінік берілген (1945 жылғы жинақ, 458-бет).

Бұл өлең 1977 жылғы басылымында тұтас сегіз тармақ болып, шумаққа бөлінбей беріліпті.

1995 жылғы кітапта төрт тармақтан екі шумақ болып берілген. Мәтіндік нұсқаларында айырмашылық жоқ. Бұл жинаққа 1995 жылғы нұсқа бойынша берілді.

 

 

221) «Ғалымнан надан артпас ұққанменен». Өлең алғаш рет 1945 жылы «Екпінді» газетінде (қазіргі «Семей таңы» газеті) 10-маусымдағы 116-санында және сол жылы «Майдан» журналының (Алматы) 2-санында жарияланған. Тұңғыш рет 1945 жылғы жинақта басылған (274-бет). Берілген түсінігі: «Ғалымнан надан артпас ұққанменен» дейтін бір ауыз өлең бұл жинаққа тұңғыш рет қосылып отыр. Бұл өлеңді 1940 жылы Архам Абай ауданынан тауып, Семейдегі Абай музейіне берген. Өлеңнің айтылу себебі: Тобықты ішінде Жуантаяқ Балғожа Бақанов дейтін кісі Ғабитқан дейтін молдамен «Мұқтасардың» бір сөзіне таласып, Абайдың алдына келіпті. Сонда айтқан екен» (1945 жылғы жинақ, 457-бет).

Өлең 1995 жылғы жинақ бойынша берілді.

222) «Түбінде баянды еңбек егін салған». Бұл өлең алғаш рет «Екпінді» газетінде және «Майдан» журналында жарияланған. Тұңғыш рет 1945 жылғы жинақ­та басылған. «Түбінде баянды еңбек егін салған» дейтін бір ауыз өлең 1940 жылы Ташмұхамбет деген Семейде тұратын бір қарияның аузынан жазылып алынған. Жазып алушы – әлгі Қайым Мұқамедханов. Қайымның айтуынша, бұл өлеңді Абай Тобықты Қарамырза Ташмұхамбет Бәшібаевқа қаратып айтыпты. Ол кісі өз елінен кетіп, Белағаш (қазіргі Белағаш ауданы) деген жерге барып, егін салып кәсіп етеді екен. Сол кісі бір күні Абайға кездескенде, Абай осы өлеңді айтыпты. Өлең бұл жинаққа тұңғыш рет басылып отыр,– деп түсінік берілген (1945 жылғы жинақ, 458-бет).

1954 жылғы басылымда бұл өлең жоқ, өзге жинақтарда бар.

Бұл басылымға 1995 жылғы жинақ бойынша берілді.

223) «Әйелің – Медет қызы, аты – Ырым». Бұл өлең алғаш рет 1945 жылы «Екпінді» газеті мен «Майдан» журналында жарияланған. 1945 жылғы жинаққа енгізілген (275-бет). «Әйелің– Медет қызы, аты – Ырым» деген бір ауыз өлең де 1940 жылы ел аузынан жазылып алынып, бұл жинаққа тұңғыш рет басылды. Жинаушы – Қайым. Архам мен Қайымның айтуынша: Абайдың замандасы Қайранбай дейтін жігіт кезінде әйеліне көңілі толмай, «әйел аламын» дегеніне қаратып айтқан екен» (1945 жылғы жинақ, 458-бет).

Өлеңнің бірінші тармағы 1945, 1957, 1961, 1977 жылғы кітаптарда, «Абай» энциклопедиясында (1995) «Әйелің – Медет қызы, аты – Өрім» деп берілген. Бірде «Өрім», бірде «Ырым» болып келу себебі туралы басылымдарда дерек жоқ.

1954 жылғы басылымда бұл өлең жоқ, өзге жинақтарда бар.

Өлең 1995 жылғы жинақ бойынша берілді.

224) «Бөстегім, құтылдың ба Көтібақтан?». Бұл өлең алғаш рет 1945 жы­лы «Майдан» журналының 2-санында жарияланып, 1945 жылғы жинақта басылған (275-бет). «Бөстегім, құтылдың ба Көтібақтан» – деген бір ауыз өлеңді де сол ­Қайым мен Архам ел аузынан жазып алып, 1944 жылы Ғылым академиясына тапсырған. Қайымның айтуынша, бұл өлеңді Абай өзінің немере баласы Әубәкір (Ақылбайдың баласы. – ред.) дегенді жұмсап, Көтібақ дейтін адамның «Бөстек» дейтін бүркітін сұратып алған, сол құсына қаратып айтыпты. Баспаға тұңғыш рет шығып отыр», – деп түсінік берілді (1945 жылғы жинақ, 458-бет).

1954 жылғы басылымда бұл өлең жоқ, өзге жинақтарда бар.

Өлең 1995 жылғы басылым бойынша берілді.

225) «Жол көрмек, жоба білмек, жиһан кезбек». Бұл екі шумақ өлең тұңғыш рет 1977 жылғы жинаққа кіргізіліп (бірінші том, 316-бет), берілген түсінікте былай делінген: «Жол көрмек, жоба білмек, жиһан кезбек». Өлең тексі алғаш Зейнелғабиден ибн һәміре әл-Жауһари әл-Омскаудің (1881–1920) 1909 жылы Уфа қаласында басылған «Насихат қазақия» деген рисоласында (трактат) жарияланған. Онда. «…ғибрат айтып, ғылым, өнер іздеу хақында мәшһүр Ибраһим Құнанбаевтың бір сөзі» (7-бет) деген ескертумен берілген». (429-бет).

1977 жылғы жинақта 1-шумақтың 3-тармағы «Тағдырын … хақтан біліп» деп бір сөздің орны көп нүктемен берілген.

1995 жылғы жинақта «Тағдырын көрушінің хақтан біліп» деп басылған.

ТҮСІНІКТЕР

* * *
Бұл басылымның «Түсініктер» бөліміне ел аузында Абайдікі деп айтылып жүрген бір топ өлең енгізілді1.

___________________________________

1 1995 жылғы толық жинақтағы қосымша. Сол басылымы бойынша берілді – ред. (1995 жылғы жинақ, 2-т. 303–315-беттер)

«Бүркіттің сыны» – бұл өлең 1951 жылы Мәди ақсақал жазып берген «Бүркіт сыны» өлеңінің тағы бір нұсқасы. Бұл өлеңді Шығыс Қазақстан облысы, Самар ауданының алпыс төрт жастағы азаматы Сүлеймен Макеев, 1965 жылы, Қазақ Ғылым академиясына жіберіпті. Өлең туралы жазған түсініктемесінде: «Біздің елде Иқанбай дейтін құсбегі болды. Өзі әңгімеші, көп қиссаларды жатқа айтатын адам еді. Сол кісі: «Балам, мынау Абай ақынның бүркіт туралы өлеңі, мен айтып берейін, сен жазып алып жатта», – деді. Сол өлеңді күні бүгінге дейін ұмытпаған екем. Ғылым ордасы қарастырса, мүмкін бұл өлең Абай сөзі екендігі расталар еді. Мен өзімше және қарттардың айтуынша, өлең Абайдікі болу керек деп білемін», – депті.

Өлеңнің бұл нұсқасының көлемі тоғыз шумақ. Мәди жазып берген нұсқасы бес шумақ болатын. Өлеңнің Шығыс Қазақстан облысынан табылуы – Абайдың бүркіт тұлғасын сипаттауға арналған ерекше көркем шығармасының ерте кезде өріс алып, елге кең тарап кеткенін көрсетеді. Және Иқанбай жадында сақталып қалған «Бүркіттің сыны» Абай өлеңінің толығырақ нұсқасы деуге болады.

Мәди жаттаған өлең нұсқасында ұмытылып қалған шумақтарын Иқанбай нұсқасы толықтырады. Сол сияқты Иқанбай нұсқасында жоқ екі шумақ өлеңді, Мәди жазбасындағы екінші, үшінші шумақ өлең толықтырады.

Мәди нұсқасында өлеңнің бастапқы бірінші шумағы:

Көк тұмсығы жұқалау, келсе жалпақ,
Мелжемді қожыр аяқ бұты талтақ,
Көз ауданы қып-қызыл, кешкіл маңдай.
Іші кең, саны жуан, өзі шалқақ, –

деп басталса, Иқанбай нұсқасында да:

Жұқалау көк тұмсығы келсе жалпақ,
Мелжемді қожыр табан, бұты талтақ.
Көз ауданы шүңірек, бұты талтақ,
Кең иық, саны жуан, төсі шалқақ, –

деп басталады. Кейбір жеке сөздерінің (төрт сөз) сәл айырмашылығы болмаса, өлең шумағының мазмұны, ұйқасы, екі нұсқада да дәлме-дәл келеді.

Мәди нұсқасында өлеңнің төртінші шумағы:

Топшысы әлді біткен жоғарылау,
Шалғысы құйрығына барса таяу,
Ұшса ұшқыр, тау басында шақырмайтын,
Бір түлкіден басқаға болмаса жау, –

деп жазылса, өлеңнің дәл осы шумағы Иқанбай нұсқасында екінші шумақ ретінде беріліп:

Топшысы келсе алдына жоғарылау,
Шалғысы құйрығына тұрса таяу.
Көкте ұшқыр, тұғырында шаңқылы жоқ,
Бір түлкіден басқаға болмаса жау, –

деп жазылған. Кейбір жеке сөздерінің сәл ғана айырмашылығы және орындары ауысып түскені болмаса, екі нұсқасында да, өлең мазмұны да, ұйқасы дәлме-дәл келеді.

БҮРКІТТІҢ СЫНЫ

Жұқалау көк тұмсығы келсе жалпақ,
Мелжемді қожыр табан, бұты талтақ,
Көз ауданы шүңірек, кешкіл маңдай
Кең иық, саны жуан, төсі шалқақ.

Топшысы келсе алдына жоғарылау,
Шалғысы құйрығына тұрса таяу.
Көкте ұшқыр, тұғырында шаңқылы жоқ,
Бір түлкіден басқаға болмаса жау.

Қолыңнан өзі тілеп ұшса самғап,
Құрғатпай қанжығаңды күнде қандап.
Дүниенің бір қызығы қыран бүркіт,
Алыстан ат терлетіп тапсаң таңдап.

Шегір көз, қанды балақ қыран бүркіт
Бозбала, қапы қалма малыңды іркіп.
Алпыс екі айлалы түлкі ұстатып,
Байлансаң қандай қызық қарға сілкіп.

Қара тіл, қанжар қияқ қанға тоймас,
Қанша керіп тұрса да алмай қоймас.
Шұбар тұяқ жиренді тауып салсаң,
Ердің құнын берсең де басын жоймас.

Лып етіп етпетінен кетсе зулап,
Тым епті сыпырғанда жер бауырлап.
Жарқ етіп жақпар тастан түлкі қашса,
Шап етіп қызды ұстаған бозбала нақ.

Бұлқынып, болмайын деп шайқасқандай,
Сытылып құтылмақ боп байқасқандай.
Қараңдап дөң астында жатса басып,
Тар жерде екі ғашық айқасқандай.

Жібермей басып алса жұлқынғанға,
Босатпай бүре түсіп бұлқынғанда.
Бұлтартпай жұмарлап ап, илеп жатар,
Шынымен ынтасы ауып ұмтылғанда.

Көк тұмсық көзге дейін қанға батып,
Үстіне аттай мініп отырғанда.
Көңілге көрмек үшін о да қызық,
Ұқсайды қыз бен жігіт қосылғанға.

«Бүркіт сыны» – Мәдидің есінде сақталып қалған өлеңдердің бірі. Мәдидің ойында сақталған осы нұсқасының өзіне қарағанда бүркітті сипаттаудағы суреттеу тәсілі, қиыннан қисынын тауып қолданған ерекше сөз көркемдігі – нағыз қыран бүркіттің тұтас тұлғасын көз алдыңа әкеледі. Өлеңнің осындай өзгеше қасиеттері бұл шығарманың Абай қаламынан туғандығын көрсетеді деп білеміз.

Көкбай ақын өзінің естелік әңгімесінде Абайдың ерекше мінездерін айта келіп: «…Аңшылық құру, бәйгеге ат апарып қосу, палуан апарып күрестіру, қаршыға, лашын салғызу, өнерді қызықтау сияқтының барлығын да көрді», – дейді.

Және Абайдың жүйрік атқа, қыран құсқа деген ерекше құштарлық мінезін дәлелдеп көрсетіп: «Бір жазда бес түйе беріп, бір бәйге ат алып, бес құлынды бие беріп, екінші бәйге ат алғанын көрдім», – дейді.

Абайдың осындай әдетін Мұхтар Әуезов те жазған: «..Кедейқұла», «Айдапкелдің ақтабаны», «Ақбас ат» деген сияқты ірі бәйге аттарды біреуден көп төлеп, сатып алып, біреуден базыналықпен сұрап алатын», – дейді. Сол сияқты «Тулақтың Қарашолағы» атанған қыран бүркітті Тулақ деген бүркітшіден он шақты қара беріп сатып алғанын да атап жазады. Сондай атқұмар, атбегі, құсқұмар, құсбегі, бүркітші, «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ», «Қансонарда бүркітші шығады аңға» сияқты тамаша көркем өлең жазған Абайдың қыран бүркітке арнап өлең жазбауы тіпті мүмкін емес.

Абай мұрасының ойсырап тұрған осы бір тұсын Мұхтар Әуезов те қадай айтып, дәлелдеп көрсетіп жазады:

«…1882 жылы жазылатын «Қансонардаға» қарасақ, Абайдың анық шеберленгенін, ірі суретші және реалист ақын болғанын көреміз. Бұл өлең тұңғыш туа қалған, бірінші ғана көркем шығарма болуға мүмкін емес тәрізді. Неғылса бірталай шығармалар жазып келіп, ақындығы шынығып, қаламы төселіп кеп тудырған шығармаға ұқсайды. «Сап, сап көңілім» (1865–1870) мен «Қансонарданың» арасында он-он бес жыл бойында, ақынның тағы да әр жылдарда тудырған, бізге саны белгісіз, бір топ өлеңдері болмауға мүмкін емес», – дейді.

БҮРКІТ СЫНЫ

Көк тұмсығы жұқалау, келсе жалпақ,
Мелжемді қожыр аяқ, бұты талтақ,
Көз ауданы қып-қызыл, кешкіл1 маңдай,
Іші кең, саны жуан, өзі шалқақ.

Баялы2, құйымшақты, қауырсынды,
Құйрығы ап-ажарлы, ұзын жүнді.
Жүнді басты, шекелі, кең маңдайлы,
Жапырақ жирен шуда, жалпақ қылды.

Саңғыру жүн сабалақ алқалы3 кер,
Тақысы, бүкісі жоқ қомағай ер.
Айыр сүйек ашамай арасы кең
Болса, жақсы бұлдағы бір қарар жер.

Топшысы әлді біткен жоғарылау,
Шалғысы құйрығына барса таяу.
Ұшса ұшқыр, тау басында шақырмайтын,
Бір түлкіден басқамен болмаса жау.

Қалың ерін, қара тіл, қанға тоймас,
Қанша қымбат алсаң да басын жоймас.
Жирен тұяқ шұбарды тауып салсаң,
Жаза ұстаса және ұшып, әсте қоймас.

___________________

1 Кешкіл маңдай – маңдай үсті батыңқы деген мағынада.

2 Баялы – қауырсыны жүндірек деген сөз.

3 Алқалы – кеуде жүнінің алқаға шұбарлығын айтады.

«Ақылды әдет жеңбегі» деп басталатын мына үш шумақ өлең:

Ақылды әдет жеңбегі,
Есер жұрттың көптігі.
Ердің еш боп еңбегі,
Шағар жанның жоқтығы.
Маңызсыз мақтан жел қолтық,
Өз сөзімшіл елер ме.
Ойланар байып ақыл жоқ,
Оны адам жеңер ме?

Жаяу шалға жас қозы
Жайса тоқтау берер ме.
Иттігіне байғазы
Алмай, саған көнер ме?

1951 жылы қазанның 28-і күні Семейдегі Абай музейіне тапсырылған Оразке Уақбаев деген адамның қолжазбаларынан алынды. Абай елінің, бұрынғы Шыңғыс­тау болысының азаматы Оразке Уақбаев 1895–1900 жылдары Абай өлеңдерін көшіріп жазған. Ақын өлеңдері араб әрпінде қаламмен үлкен дәптерге ұқыпты көшіріліп жазылған екен. Оразке 1942 жылы қайтыс болыпты. Ол өлген соң Абай өлеңдері жазылған дәптер қолдан-қолға көшіп, күтімсіз ұсталып, көп беттері жыртылып, жоғалған. Дәптердің аман сақталып қалған беттерінде жазылған Абайдың он үш өлеңінің ішінде ақын жинақтарына бұрын кірмей қалған және бізге көшірме қолжазбаларда кездеспейтін Абайдың екі өлеңі бар екен. Соның біреуі – «Ақылды әдет жеңбегі» деген өлең.

Ақылды әдет жеңбегі,
Есер жұрттың көптігі.
Ердің еш боп еңбегі,
Шағар жанның жоқтығы, –

деп басталатын өлеңді зер салып оқып шығып, Абайдың 1909 жылдан бастап барлық жинақтарында басылып келе жатқан бірнеше белгілі өлеңдерінің идеялық мазмұнын, қолданған сөздерін салыстырып қарасақ, Абай стилін айнытпай танимыз. Мысалы:

Өзің жалғыз, надан көп,
Ұқтырарсың сен не деп.
Әулекі, арсыз елге енді?
(«Келдік талай жерге енді», 1890 ж.)
Таппадым көмек өзіме,
Көп наданмен алысып.
Көнбеді ешкім сөзіме,
Әдетіне қарысып.

(«Менсінбеуші едім наданды», 1891 ж.)

Досты қайдан табасың,
Кеңесерге адам жоқ.
Әрлі-берлі шабасың,
Жалғыздықтан жаман жоқ.
Ақыл айтсаң біреуге,
Ішің еріп, егіліп,
Ұялмас ақы тілеуге,
Бермесең қалар түңіліп.

(«Жүрегім, нені сезесің»,1900).

«Ақылды әдет жеңбегі» өлеңінің мазмұны, ұйқас, ырғағы, осы келтірілген өлең­дерге дәлме-дәл келетінін көреміз.

Тереңнен қозғап,
Жүректен толғап,
Буынды, бойды босатқан;
Көргіштің көңілін,
Білгіштің өмірін
Жаңғыртып, жайып жасартқан;
Жалынды, нұрлы, күшті тіл,
Сайраймын десең өзің біл.
Сөзіңнің гүлін,
Шеберлік түрін
Салуға деймін мінің бар;
Дарияны түптеп,
Меруерттей үптеп,
Өткізе берер кімің бар;
Қиналма бекер, тіл мен жақ,
Көңілсіз құлақ ойға олақ.
Басында мый жоқ.
Қорықпаса сый жоқ,
Екіжүзді қайда жоқ;
Тасдыйқсыз иман,
Тәғлимсыз қылған
Тағатында пайда жоқ;
Мунафиқ мінез шыны жоқ;
Пайдадан басқа мұңы жоқ;

«Тереңнен қозғап, жүректен толғап» – бұл өлең де Оразке қолжазбасынан алынды.

Абайдың бұл өлеңі Оразкеден басқа Абай өлеңдерін көшіріп жазған бізге мәлім адамдардың қолжазбаларында жоқ.

Оразке қолжазбасында Абайдың атақты «Сегіз аяқ» өлеңі түгел көшіріліп жазылған. Бірақ Оразке жазбасындағы «Сегіз аяқтың» жинақтарда басылып жүрген нұсқасынан өзгешелігі бар. Жинақтарда өлең «Алыстан сермеп» деп басталса, Оразке қолжазбасында өлең:

«Тереңнен қозғап,
Жүректен толғап..»

деп басталатын сегіз жолды, үш шумақ, жиырма төрт жол өлең жазылған. Өлеңнің үшінші шумағы:
Басында ми жоқ,
Қорықпаса сый жоқ,
Екі жүзді қайда жоқ;
Тасдыйқсыз1 иман,
Тәғлимсыз2 қылған,
Тағатыңда3 пайда жоқ,
Мұнафиқ4 мінез шыны жоқ,
Пайдадан басқа мұңы жоқ, –
деп аяқталғаннан кейін: «Алыстан сермеп», – деп жалғасып, өлең түгел жазылған.

____________________________

1 Тасдыйқ (арабша) – дұрыстығын тану, білу.
2 Тәғлим (арабша) – оқу, білім мағынасында.
3 Тағат (арабша) – Құдайға құлшылық ету.
4 Мунафик (арабша) – екіжүзді.

 

Біз жинақтарда басылмаған өлең шумақтарын ғана келтірдік. Өлеңнің бұл шумақтарын «Сегіз аяқ» өлеңінің алғашқы бастамасы ретінде, Абайдың өзі жазған тағы бір нұсқасы деп білеміз.

Осы айтылған пікіріміздің дұрыстығының тағы бір дәлелі ретінде Мұхтар
Әуезовтің бұдан алпыс жыл бұрын (1933 ж.) жазған сөзін келтірейік:

«Абайдың әдетінде, бір жазған өлеңін қайта түзеп жазып, қайтадан қарастыру машығы жоқ. Жалғыз ғана «Сегіз аяқ» деген өлеңінің басын қайта бір түрлі қылып айтып еді деген сөз бар.

Басқа жалпы өлеңдері туралы: «Қайта жазсам, бұдан жақсырақ, толығырақ болар еді» деп қана айтады екен», – дейді Мұхтар Әуезов (Абай Құнанбаев. «Толық жинақ». Қызылорда, 1933 жыл, 382-бет),

Абай «Сегіз аяқ» деген өлеңінің басын қайта бір түрлі қылып айтып еді деп, Мұхтар тек естігенін ғана жазса, Мұхтардың сол естіген сөзін, Оразке қолжазбасы расқа шығарып, Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңінің басын қайта бір түрлі қылып жазғанының шын екендігіне көзімізді жеткізіп отыр.

Тағат деген не тағат хақ1 жолында,
Мәһам2 жандар ізденіп жүр соңында.
Хақтың жолын танымай қалтаң қағып,
Көт жуғанға мәз болған байғұс молда.

________________________

1 Хақ (арабша) – бұл жерде Алла мағынасында.
2 Мәһам (арабша)— зор; адамшылығы зор, тыянақты деген мағынада.

 

 

Бұл өлең 1949 жылы Мұстафа дейтін ақсақалдың аузынан жазылып алынған. Осы бір ауыз өлеңді Абайдың өз аузынан естігенін Мұстафа ақсақал былай баяндап айтқан еді. Жас жігіт кезінде өз елінің (найманның) бір үлкен адамына еріп, Семей қаласында тұратын тобықтының белгілі байы, Жақия қажының үйіне қонаққа барғанын айта келіп:

– Барсақ, Абай мен Көкбай бар, үй толған қонақ екен. Мәжіліс ұзаққа созылды. Әңгімені көбінесе Абай айтады. Намаз оқитын уақыт болған кезде, Көкбай мәжілісті тастап, дәрет алып келіп, намазын оқиды. Абай әңгімесін айтып отыра береді, Көкбай тағы бір кезде дәрет алып келіп еді, Абай әңгімесін тоқтата салып, Көкбайға қарады да, қолма-қол суырып салып, бір ауыз әзіл өлең айтып жіберді. Отырған қонақтар ду күлді. Абайдың сол өлеңі әлі есімде. Тіпті ұмытарлық өлең емес, – деп Мұстафа ақсақал «Тағат деген не тағат хақ жолында» деп басталатын өлеңді айтып берді.

Абайдың, реті келген кезде, қолма-қол суырып салып, өлең айтып жіберетін, импровизаторлық өнері туралы Мұхтар Әуезов былай дейді: «Жасынан туыстан бойына біткен әдет бойынша, Абай біреудің орасан мінезін көргенде, ылғи қалжың, мысқыл өлең айтқыш болатын. Осындай сөздерін әрқашан өз жанында жүрген жақындарын… мазақ етіп, күліп айтады. Мысалы, Көкбайға, Қыздарға шығарған өлеңдер…». Және Абайдың ерекше бір мінезі туралы: «Абай кісі мінін айтып, өлең шығарғыш болғанда, осы құралды еш уақытта нағыз жауына қарсы жұмсамаған, өлеңмен мысқыл қылатыны ылғи өз жақыны, өз достары болады» – дейді Мұхтар Әуезов.

Қызғалдақтай қызықты өмір
Күні жетсе, солмай ма?
Еркін өскен ерке көңіл
Қайғы, шерге толмай ма?

Тасыған қайтып, толған солып,
Төгілер күн болмай ма?
Алтын жастық бекер болып,
Аһ ұрар күн болмай ма?

Ақсұңқар құс торға түсіп,
Торығар күн болмай ма?
Тарықтырып, зарықтырып,
Сарғайтпай ма сондайда?

Мен қайғыдан қан жұтқанда,
Дерттің таппай дауасын,
Жар бол сонда, жалғыз Алла,
Жан сүйгенім қайдасың!

Осы төрт шумақ өлеңді 1944 жылы Алматыда болған кезімде, жазушы Ғабиден Мұстафин маған тапсырған еді. Машинкаға бастырған өлеңнің соңында, өз қолымен (араб әрпімен) жазып берген түсіндірмесінде:

«Бұл өлеңді Абайдікі деп, бұрынғы Спас зауытының маңындағы Сармантай, Мұрат елдері айтып жүретін. Өзінің ерекше әні бар. Мен Қасенбай Қожықұлының әнге салып айтып жүргенін көрдім. Және соның аузынан жазып алған едім.
Ғабиден Мұстафин» деп жазып берген. Ғабиденнің бұл қолжазбасы менің қолымда сақтаулы.

ӨМІР

(И. С. Никитиннен)

Жазылып жатыр өмір сар даладай,
Жүріп өт, абайлап көр, қара қандай.
Жүре бер бөгелмей-ақ, бел асқан соң
Тыныштық табамын деп ойыңа алмай.

Жап-жақсы-ақ күн күркіреп, жарқылдап жай,
Құйғанда жауын үдеп тыным алмай,
Жортқанда кең далада шаттықпенен
Пар атты зымыратып салып айғай.

Уау жәмшік! Түпкі аттың божысын тарт,
Босады ма? Қара алға, неткен ұзақ.
Кеудем тынып, жүрегім бір жайлансын,
Жіберші, тамылжытып әніңе сап.

Жанымды езіп орныққан мүлде мықтап
Қасіреттен, көзімнен жас моншақтап
Төгілсін күркіреген күн астында,
Шексіз қиыр ұшалық біз шарықтап.


Жизнь
И. С. Никитин

Жизнь раскинулась вольною степью…
Поезжай, да гляди – не плошай!
За холмов зеленеющей цепью
Ты покоя найти не желай.

Хорошо под грозою-метелью,
Хорошо под дождем проливным
По степям, в бесконечном веселье,
Тройкой бешеной мчаться по ним!

Ну ж, ямщик! Пристегни коренную,
Что насупился? Вдаль погляди!
Что за ширь! Ну-ка песню родную,
Чтобы сердце заныло в груди,

Чтобы вышли проклятые слезы,
Те, что гнетом легли над душой,
Чтобы вдалъ, под небесные грозы
Нам лететь бесконечно с тобой.

Бұл өлеңді 1944 жылы Новосибирск қаласында тұратын Өмірбек Жылқыбаев деген азамат маған жіберген еді. Ол жазған хатында өз қолында Абай өлендерінің көшірме қолжазба жинағы сақталатынын хабарлап және сол қолжазба жинағында бар, Абайдың басылып жүрген жинақтарында жоқ, Абай орыс ақыны Никитиннен аударған өлең деп, «Өмір» атты өленді жіберіпті.

Кейін зерттеп қарағанымызда, XIX ғасырдың орыс ақыны Иван Саввич Никитиннің (1824–1861) «Жизнь» деген өлеңі болып шықты. Бұл өлең И. С. Никитиннің 1948 жылы басылып шыққан «Таңдамалы шығармалар» (ГИХЛ. Москва-Ленинград) жинағының 58-бетінде жарияланған. «Жизнь» өлеңіне берілген түсініктемеде: «Жизнь». Впервые напечатан в журнале «Модный магазин». 1867. № 4, стр. 54» деген. Және ақынның бірінші жинағы 1856 жылы, екінші жинағы 1859 жылы басылып шыққаны айтылған.

1948 жылғы жинақтағы: «Творческий путь И. С. Никитина» деп аталған мақалада: «Творчество Никитина – существенное звено в развитии русской демократической литературы. …В 1861 году редакторы «Современника» Некрасов и Добролю­бов отчетливо видели, в каком направлении развивался никитинский талант» деген.

Орыстың осындай көрнекті ақыны Никитинді Абай білген деген ойға келеміз. «Өмір» өлеңінің аудармасын орысшасымен салыстырып, қадағалап қарағанымыз­да, идеялық мазмұны жағынан болсын, көркемдік түр жағынан болсын, түпнұсқамен сайма-сай шыққан аударма деп білдік.

Никитин өлеңдерін қазақ тілінде аударған басқа ақын бізге мәлім емес.

БАЛАЛЫҚ ШАҚҚА

Бітпес іске туыппыз,
Жаспен көзді жуыппыз.
Есітіппіз, көріппіз.
Таныппыз да ұғыппыз.
Сүйдіріппіз, сүйіппіз,
Асығыппыз, күйіппіз,
Алшаңдатқан ананың
Әйекейін киіппіз.
Қақылдаппыз, қақсаппыз,
Сөзге талас бастаппыз.
Онан әрі өткен соң,
Кісінің еркін тастаппыз.
Еріктік қылып қалыппыз.
Еркіндік сүйіп алыппыз.
Ойынға, шуға талтақтап,
Тақылжыр болып арыппыз.
Қартаймастай көріппіз,
Қайдағы сұмға еріппіз.
Қайғысыздан қартаңдық
Қуып та жетті еріксіз.

«Балалық шаққа» өлеңі мен «Бүркіт сыны», «Лашын мен шымшық» деген өлеңдерді 1951 жылы тамыздың сегізі күні Семейдегі Абай музейіне арнайы келіп, өз қолымен жазып берген Мәди Тәстембек ұлы Әбенов деген 72 жастағы ақсақал болатын. (Мен ол кезде Абай музейінің директоры едім – Қ.М.) Бұрынғы Семей уезі, Айғыржол болысы, қазіргі Павлодар облысы, Бесқарағай ауданы, Беген ауылының азаматы.

Абай өлеңдерін жақсы білетіндігі туралы жазып берген түсініктемесінде Мәди былай дейді:

– Абайды білгенде, ол кісіні көрдім деп өтірік айта алмаймын. Бірақ Абайдың өлеңдерін тіпті ерте кезден білемін. Өзінің көзі тірісінде, кітабы әлі басылып шықпаған кезде Абайдың өлеңдерін тіпті ерте кезден білемін. Өзінің көзі тірісінде, кітабы әлі басылып шықпаған кезде Абайдың өлеңдерін оқып жаттап алған едім». Қазір қарап отырсам, Абайдың мен білетін өлеңдерінің бірнешеуі, не латын әрпімен шыққан томында (1933 жылғы жинақты айтады. – Ред.) не осы күнгі жүз жылдығына шығарған толық жинағында жоқ.

– Абай кітаптарында жоқ өлеңдерінен қазір ойымда қалған үш өлеңі және орыс­тың Надсон деген ақынынан аударған бір өлеңі. Олар менің ерте күнде жаттап, ұмытылмай сақталып келген, көңілімде жүрген документ сықылды.

– Абай өлеңдері екенін дәлелдеу үшін ол кісінің өлеңдерінің қолжазбасы ерте кезде менің қолыма түсуінің себебін баяндап, айтып беруім керек…

– Абайдың Ділда… деген бәйбішесі, Қазыбек бабамның немересі – Тіленші бидің баласы Алшынбайдың Түсібінің қызы. Тіленші бидің бәйбішесінен: Тоқсанбай, Алшынбай және Берді. Ал, менің туған шешем сол Тіленшінің Бердісінің қызы. Екінші шешем – Алшынбайдың Шәпи деген баласының қызы. Сондықтан Алшынбай балалары маған нағашы болып келеді.

– Ал, Абай шығармалары, өзінің қолынан шыққаннан кейін, түгел дерлік, өзінің балдыздары, Түсіп балалары: Сіләмбек, Тоғамбектерге келіп тұрушы еді. Олардан менің нағашым, Бердінің немересі, Мақанға ауысады. Мақаннан маған ауысып, түгел дерлік Абай өлеңін жаттап едім…, – деп жазады түсініктемесінде.

Мәди ақсақал:

– Енді өз қолына түскен Абай өлеңдерінің қолжазбалары туралы сұрағанымда Абай өлеңдерінің қолжазбаларын және басқа жазба мағлұматтарды 1930 жылға дейін сақтап келгенін, одан кейін қиын-қыстау заман туғанда, ежелгі мекен-жайын тастап, бас сауғалауға мәжбүр болған шақта, қолындағы Абай өлеңдерінің жазбаларын, тағы басқа жиған-тергендерін өзінің қыстауының жанына, бүлінбей сақталатын етіп, берік қоймаға қойып кеткенін, ол жер қазір апат бомбасын сынайтын полигонға айналғанын айтты.

«Балалық шаққа» өлеңі Мәдидің жадында жақсы сақталған деуге болады. Бұл өлең Абайдың 1890 жылы жазған «Тайға міндік», 1895 жылы жазған «Балалық өлді, білдің бе?» және 1899 жылғы «Есіңде бар ма?» жастық шаққа арнаған, әрі сағыныш, әрі өкініш жырларын 45–54 жастарында жазыпты. «Балалық шаққа» өлеңі де сол кездерде жазылған тәрізді.

ЛАШЫН МЕН ШЫМШЫҚ

Ертеменен бір лашын
Қиялай ұшты қиядан.
Тоят іздеп ұшыпты
Қарыны ашқан соң ұядан.
Шөп басынан бір шымшық
Шырқырай ұшып жөнелді.
Үйрек, қаздан кем көрмей,
Ұшқан лашын соны ілді.
Шырылдатып шымшықты,
Шығармай ілді қияға.
Аз да болса жегелі,
Апарып қонды ұяға.
Бишара шымшық лашынға
Сонда жылап, айтты наз:
– Уайым емес өлгенім,
Төленбей қалды-ау еңбегің,
Тым болмаса емеспін
Сіз тоярлық үйрек, қаз.
Аштығыңа не тамақ,
Ерлігіңе я атақ,
Шаһзадам, ақсүйек,
Сіз аларлық мақтан аз.
Қорек болмас жегенмен,
Патша құлдың тамағын.
Жүрегіңе сеп болса,
Жеші мені, қарағым.
Бойым мынау, түрім бұл,
Жарадың іске, жаным гүл.
Шіркін аштық төремнің
Құр кірлетті-ау тырнағын!
Шымшықтың рас айтқаны,
Жегенменен тоймайды.
Пәле-ай, сондай қылды деп,
Ерлік атақ болмайды.
Әділетсіз зорлықшыл,
Бір қорқытса қоймайды.
Лашын сонда жеңіліп,
Қоя берді торғайды.
Біліп айтқан қызыл тіл,
Жанды өлімнен қорғайды.

«Лашын мен шымшық» – бұл да Мәди жазып берген өлең. Абай И. А. Крылов­тың мысал өлеңдеріне ерекше көңіл бөліп, зерттеп оқып барып, оның мысалдарының ішінен мінез-құлық түзетуге бағытталған он екі мысал өлеңін таңдап алып, 1898 жылы емін-еркін аударғаны мәлім (1909 жылғы жинақ, 89–96-беттер). Мысал өлеңге сондай мән берген Абай өзі де мысал өлең жазбауы мүмкін емес деп ­ойлаймыз.

Крыловтан аударған мысалдарының бірі – «Қарға мен бүркіт» өлеңін Абайдың өзі шығарған «Лашын мен шымшық» мысал өлеңінің бастапқы тұсын салыстырып қарасақ, осы екі өлеңінің де бір ақынның қаламынан туғандығын айқын көреміз. «Қарға мен бүркіт» өлеңінің аудармасы былайша басталады:

Қой жайылып жаздыкүн,
Шыққан екен ыраға.
Аспаннан бүркіт құйқылжып,
Сорғалап келіп араға,
Бір қозы іліп ап кетті
Құздағы қиын ұяға.
Екпіні күшті ер үшін,
Еңбек қылды жем үшін,
Ұядағы балаға.

Ал енді Абайдың өзі жазған «Лашын мен шымшық» мысал өлеңінің бас жағын оқып көрейік:

Ертеменен бір лашын,
Қиялай ұшты қиядан.
Тоят іздеп ұшыпты,
Қарны ашқан соң ұядан.
Шөп басынан бір шымшық
Шырқырай ұшып жөнелді.
Үйрек, қаздан кем көрмей,
Ұшқан лашын соны ілді.
Шырқыратып шымшықты,
Шығармай алды қияға.
Аз да болса жегелі, –
Аларып қонды ұяға.

«Қарға мен бүркіт» мысалының қорытындысы (сентенция):

Азат басың болсын құл,
Қолдан келмес іске ұмтыл, –

деп түйінделсе, «Лашын мен шымшық» мысалының қорытындысы:

Біліп айтқан қызыл тіл,
Жанды өлімнен қорғайды, –

деп түйінделіп, сөз өнерінің қуатты қасиеті мадақталады.

* * *

Бұлардан басқа да «Абайдікі» делініп, кейін жарияланып жүрген біраз өлеңдер бар. Оларды Қ. Мұқамедханов «Абай» журналында (1992, №2), «Қазақ әдебиеті» (1991, 13 желтоқсан), «Семей таңы» (1991, 3 желтоқсан) газеттерінде жариялаған. Бұл өлеңдер – «Қызғалдақтай қызықты өмір», «Өмір», «Балалық шаққа», «Бүркіт сыны», «Лашын мен шымшық», «Бүркіттің сыны», «Ақылды әдет жеңбегі», «Тереңнен қозғап, жүректен толғап». Бұл өлеңдер әзірше жинаққа кірмеді.

«Абай жайын зерттеушілерге» атты мақаласында М. Әуезов: «Тегінде Абай шығармасының аздығынан кенде боп жүргеніміз жоқ. Барын барша, бажайына барғыза алмаудан, зерттей алмаудан кендеміз. Және Абай өлеңдері халық ортасына жайылғалы көп заман болды. Содан бері Абайға еліктеп жазған аты белгілі де, белгісіз де, жас та, кәрі де, ақын да, жазушы да, еркек те, әйел де көп болған. «Абай жазды, өлең қыпты» деп, жазды жырлайтын, екі жастың кездескенін жырлапты деп, соны айтатын, көңіл сырын айтатын, өмір арманын айтатын, ат пен құсты жыр ететін «өлең шығарғыштар» көп болған. Соның көбі, әсіресе, Абай шәкірттерінен, шәкірттерінің айналасынан, молдалардан, талапкер жастардан көп шыққан-ды. Олар да Абайдың лұғатымен сөйлейді. Абайдың алған тақырыбын алады. Өздері және Абай заманына қанық, Абай өміріне өкшелес жүрген өмірдің адамдары. Бұлардың кейбір жолдары, кейбір ырғақтары Абай сөзіне ұқсап қалып отыратыны болады. Әсіресе, еліктеу деген нәрсе асыл нұсқаға түсі-түгі жағынан ұқсай бергіш болады. Міне, осындай жерлерде шын менен бұлдырдың арасын айыра алмай, өзіміз де алданып, жұртшылықты да жаңсақ хабарландырып, кейінгі зерттеушіні біржолата бөтен ізге салып, әуре-сарсаң етуіміз мүмкін» (М. Әуезов. «Абай Құнанбаев» А. 1967, 246–247-б.)

Аталған өлеңдерді оқу үстінде Мұхтар Әуезовтің осы күдігі көңіл алаңдата берді. Аталған өлеңдердің көпшілігінде ұлы жазушы айтқан әлгі белгілер мол. Сондықтан оларды бұл жолғы басылымға қоспай, дегенмен олардың бар екендігін оқырмандардан жасырмай, осы «түсініктер» бөлімінде жариялауды мақұл көрдік.

Бұл өлеңдерді тауып, жариялап жүрген автор – Қ. Мұқамедханов. Оның түсінігін де сол кісі жазды.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы