Абайдың өлеңдері

Әр жылдары жазылған өлеңдерінің толық нұсқасы

Өлеңдері мен аудармалары

1887

* * *
Сабырсыз, арсыз, еріншек, (34)
Көрсеқызар, жалмауыз,
Сорлы қазақ сол үшін
Алтыбақан алауыз.
Өзін-өзі күндейді,
Жақынын жалған міндейді,
Ол – арсыздық белгісі.
Ұятсынбай, ойланбай,
Қой дегенге тіл алмай,
Іс қылмай ма ол кісі?
Бір-ақ секіріп шығам деп,
Бір-ақ ырғып түсем деп,
Мертігеді, жатады.
Ұрлықпен мал табам деп,
Егессе ауыл шабам деп,
Сүйтіп құдай атады.
Бұл нең десе біреуге,
Жоқ нәрсені шатады.
Құтылам деп ісінен,
Бәрін көріп кісіден,
Шығынға әбден батады.
Бұл болмаса, онысы,
Аударылып қонысы,
Алыстан дәм татады.
Қызмет қылып мал таппай,
Ғылым оқып ой таппай,
Құр үйінде жатады.
Ел қыдырып ас ішіп,
Еркек арын сатады.
Бала-шаға, ұрғашы
Үйде жарап-қатады.
Еңбегі жоқ, еркесіп,
Бір шолақпен серкесіп,
Пысық деген ант шықты.
Бір сөз үшін жау болып,
Бір күн үшін дос болып,
Жүз құбылған салт шықты.
Пысық кім деп сұрасаң –
Қалаға шапса дем алмай,
Өтірік арыз көп берсе,
Көргендерден ұялмай.
Сыбырдан басқа сыры жоқ,
Шаруаға қыры жоқ,
Өтірік, өсек мақтанға
Ағып тұрса бейне су.
Ат-шапаннан кем көрмес,
Біреу атын қойса «қу».
Қу нәпсісін тыя алмай,
Атым шығып жүрсін деп,
Берекеге қас болса,
Желіктірген айтаққа
Арақ ішпей мас болса.
Ел тыныш болса азады,
Ерігіп өле жазады.
Үйде отырса салбырап,
Түзге шықса албырап,
Кісіні көрсе қылжаңдап,
Қалжыңшылсып ыржаңдап,
Өз үйінде қипаңдап,
Кісі үйінде күй таңдап.
Ақылы бар кісіні
Ғайбаттайды, даттайды.
Ауқаты бар туғанды
Қайырсыз ит деп жаттайды.
Мал мен бақтың дұшпаны,
Кеселді пысық көбейді,
Күшік иттей үріп жүр,
Кісіден кеммін демейді.
Қу тілменен құтыртып,
Кетер бір күн отыртып,
Қызмет қылған кісісін
Құрытуға таяйды.
Қылып жүрген өнері:
Харекәті – әрекет.
Өзі оңбаған антұрған
Кімге ойлайды берекет?
Кімді ұялып аяйды?
Расы жоқ сөзінің,
Ырысы жоқ өзінің,
Өңкей жалған мақтанмен
Шынның бетін бояйды.
Бұл сөзімде жалған жоқ,
Айтылмай сөзім қалған жоқ,
Абайлаңыз, байқаңыз –
Елдің жайы солай-ды.

 

* * *

 

Бөтен елде бар болса (35)
Ежеттесің1, сыйласың,
Сыбырлас, сырлас көп болған
Көптен тату қимасың,
Басыңа жұмыс түскен күн
Татулықты бұрынғы
Не қылып ол ойласын?
Ашып берер жауыңа
Өзі көрген қоймасын.

Желіккен жауға кез болса,
Араздығы сөз болса,
«Бәрекелді батыр» деп,
«Мықты боп бара жатыр» деп,
Мақтап-мақтап қоздырар.
Ескі досын көргенде,
Есебі жоқ ант ішіп,
Аруақ, құдай айтысып,
Сыр алғалы айттым деп,
Жауыңды алдап қайттым деп,
Құдайдан қорықпай, антұрған,
Иман жүзін тоздырар.
Келіп-кетіп көп жүріп,
Мен досыңмын деп жүріп,
Дұспандығын оздырар.
Алдайды деп жауыңа,
Ел тарттырмай баурыңа,
Көрінгенді азғырар.

Кеселді болып бітеді
Жақсыға біткен жақындар.
Жау жағадан алған күн
Өздері иттей тақымдар.
Үйде отырып ескенде,
Бәрі шешен қақылдар.
Аулаққа шығып бірінің
Бірі сөзін мақұлдар.
Жау көп болса басыңда,
Бірі қалмас қасыңда,
Жетектесең, табандар.
Далаға шығып өзіңді
Жаудан бетер жамандар.
Жалбарынып күн көріп,
Жақынын сатып, жөн көріп,
Қалтаң-құлтаң амалдар.

Туысқанға кекшілі
Жас баладан бетер-ді,
Ойлау да жоқ, білу жоқ
Келер менен кетерді.
Жақынға еріп, мал салмай,
Жауды көріп, жан салмай,
Қайдан ғана біледі
Ауыр менен жеңілдің
Арасымен өтерді?
Жолдас аз боп сасқанда,
Әуел сонан есітесің
«Ат үстінен көтерді».
Ауыр жұмыс кез болса,
Араздығы сөз болса,
Араз кісі болғансып,
Сылтау етер бекерді.
Үйренбейді кісіден
Кіржіңдеп жүріп кекер-ді.

Оңалып егер алдыңыз,
Әр жерден-ақ көбейер
Ажарлыңыз, малдыңыз.
Пәленшені ұрам деп,
Төленшені қырам деп,
Таршылықта қайраңдап,
Кеңшілікте ойрандап,
Көп батырға қалдыңыз.
Егер тілін алсаңыз,
Бірі қалмас кісіден.
Егер тілін алмасаң,
Бықсып шірір ішінен.
Әркімде-ақ бар ғой туысқан,
Қайсысы жауды қуысқан?
Күн жауғанда қойныңда,
Күн ашықта мойныңда,
Арылмас міндет болған соң,
Әркімнің көңілі суысқан.
Жақсыға біткен ағайын
Өз үйінде кезексіз
Шешен келер сартылдап.
Біреу білер жер келсе,
Сөз таба алмас қалтылдап.
Қалжыңға келер шорқақтау,
Жауға келер қорқақтау,
Еркін жерде ызақор.

Томырық келер тарқылдап.
Әдеппенен тамылжып,
Мінезі тәтті болмайды,
Сасық паңдау келеді,
Қырт, мақтаншақ оңбайды,
Кісімсініп жалпылдап.
Біреуге өктем іс қылса,
Өз күшім деп ойлайды.
Егер күші жүрмесе,
Бағанағы жақсының
Қылғаны деп қоймайды.
Жат айбынар ісі жоқ,
Жау айдынар күші жоқ,
Өз еркіне жіберсең,
Ешнәрсеге тоймайды.

Қалжыңы – теріс, сөзі – ұрыс,
Айтқан сөзге көнбейді.
Өз тентегін көрмейді,
Қазан бұзар2 бір қырыс.
Сондай кесел туысқан
Қай жерінен болады
Көңілге медеу, ол тыныс?
Жалығуды пәледен
Жұрт ұмытты біржола.
Шыныменен тамам ел
Кете ме екен ит бола?
Ішкені – мас, жеген – тоқ,
Уайым айтар біреу жоқ,
Тым болмаса болмады
«Бұлт ала, жер шола».

Келелі кеңес жоғалды,
Ел сыбырды қолға алды.
Ел ішінде бітімші
Түгел алып қайтпайды
Сұрай келген бір малды.
Ел жамаған билер жоқ,
Ел қыдырып сандалды.
Астыртын барып жолғасқан,
Ақша беріп жалғасқан,
Ақысын әрең сол алды.

Орыс сыяз қылдырса,
Болыс елін қармайды.
Қу старшын, аш билер
Аз жүрегін жалғайды.
Орыссыз жерде топ болса,
Шақырған кісі бармайды.
Бітім қылып бір кісі
Адал малын алмайды.
Қызығы кеткен ел бағып,
Қисыны кеткен сөз бағып,
Ендігі атқа мінгендер
Күнде ертеңге талмайды.

Бас қосылса арысқа,
Кім шабады намысқа?
Жатқа қарар беті жоқ,
Жалынбай тұрар көті жоқ,
Ісі кетер шалысқа.
Ел бүлігі Тобықты
Көп пысыққа молықты.
Малдының малын көре алмай
Борышын түгел бере алмай,
Көрінгенге обықты.
Қазақтың малын сапырып,
Көп бәлеге шатылып,
Кесепатқа жолықты.
Өзінен шыққан жақсылар
Түзей алмай зорықты.
Бөтен елдің адамы,
Тынбаған соң арамы,
Көңілі әбден торықты.

Саудагер қашты бұл елден,
Несиесін жия алмай.
Бұралқылар сандалды,
Жуандарға сыя алмай.
Сыйымсыз болды алашқа,
Барымтасын тыя алмай.
Нанымы жоқ, анты бар,
Ел нұсқасы кетті ғой,
Елмін деген салты бар,
Әлі күнге уайым
Қылған жан жоқ, ұялмай.

__________________

1 Ежеттесің – бір-бірін түсінетін, пікірлес, сырлас (АТС, 171-бет).

2 Қазан бұзар – бұзақы, елдің шырқын бұзушы (АТС, 300–301-бб.).

 

* * *

 

Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,(36)
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол – ақынның білімсіз бишарасы.
Айтушы мен тындаушы көбі надан,
Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы.

Әуелі аят1, хәдис2 – сөздің басы,
Қосарлы бәйіт3 мысал келді арасы.
Қисынымен қызықты болмаса сөз,
Неге айтсын пайғамбар мен және Алласы.

Мешіттің құтпа4 оқыған ғұламасы,
Мінажат5 ғалымдардың зар наласы.
Бір сөзін бір сөзіне қиыстырар,
Әрбірі келгенінше өз шамасы.

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын
Қазақтың келістірер қай баласы?

Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,
Мақалдап айтады екен сөз қосарлап.
Ақындары ақылсыз, надан келіп,
Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.

Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,
Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.
Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,
Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап.

Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап,
Мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап.
Жат елде қайыршылық қылып жүріп,
Өз елін бай деп мақтар құдай қарғап.

Қайда бай мақтаншаққа барған таңдап,
Жиса да, бай болмапты, қанша малды ап,
Қазаққа өлең деген бір қадірсіз,
Былжырақ көрінеді солар дандақ.

Ескі бише отырман бос мақалдап,
Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап.
Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел,
Сендерге де келейін енді аяңдап.

Батырды айтсам ел шауып алған талап,
Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап,
Әншейін күн өткізбек әңгімеге
Тыңдар едің әр сөзін мыңға балап.

Ақыл сөзге ынтасыз, жұрт шабандап,
Көнгенім-ақ соған деп жүр табандап.
Кісімсінген жеп кетер білімсіз көп,
Жіберсем, өкпелеме, көп жамандап.

Амалдап қарағайды талға жалғап,
Әркім жүр алар жердің ебін қамдап.
Мақтан қуған, малқұмар нені ұға алсын,
Шықпаса мыңнан біреу талғап-талғап.

Мал жиып арамдықпен ұрлап-қарлап,
Қусың десе, қуанып жүр алшаңдап.
Қақса-соқса бір пайда түсе ме деп,
Елдің байын еліртіп «жау мұндалап».

Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап –
Бұларды керек қылмас ешкім қалап.
Терең ғылым, терең ой іздемейді,
Өтірікті өсекпен жүндей сабап.

_______________

¹ آیة – (араб.) [айәт] – аят.
² حدیث – (араб.) [хәдис] – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың насихат сөзі.
³ تیب – (араб.) [бәйт] – өлең, жыр.
⁴ خطبة – (араб.) [хутбә] – уағыз айту, үгіт-насихат жасау.
⁵ مناجات – (араб.) [мунәжәт] – Аллаға жалбарыну, мінажат.

 

НАЗАРҒА

 

Мынау келген Назар ма? (37)
Ақсақалды ауыл азар ма?
Сұрағаның бір-ақ тай,
Бермейді деп сазарма!

ТҮСІНІКТЕР

34) «Сабырсыз, арсыз, еріншек» (1887). Өлең мәтіні Мүрсейіт қолжаз­ба­ларында (1906, 1907, 1910) сақталған. 1906 жылғы көшірмеде өлеңнің біршама тармақтары қағазға түспей, көп нүктемен келеді.

Бұл туынды алғаш 1909 жылғы жинақта (1-бөлік, «Халық туралы») жарияланған.


Өлең Мүрсейіт көшірмелерінде, 1909, 1995 жылғы жинақтарда шумақтарға бө­лініп берілген.


Өлеңнің 10-жолы 1939, 1945, 1954 жылғы басылымдарда «Іс қылмай ма үлгісі?» деп басылса, көшірме қолжазбалар мен 1909, 1933, 1961, 1977, 1995 жылғы кітаптарда «Іс қылмай ма ол кісі?» болып жазылған. Бұл жинаққа қолжазбаларға сүйеніп «ол кісі» деп алынды.


1906 жылғы көшірмеде «Өз үйінде қисаңдап» болып жазылған 59-тармақ 1907 жылғы қолжазбада және барлық жинақтарда «Өз үйінде қипаңдап» деп басылады. Бұл жаңа басылымда жинақтар бойынша берілді.


1906 жылғы көшірме қолжазба мен 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977 жылғы басылымдарда «Айбаттайды, даттайды» болып жазылған 62-жолы 1907 жылғы көшірмеде, 1909, 1995 жылғы кітаптарда «Ғайбаттайды, даттайды» деп берілген. Бұл тармақ осы жинақта 1909 жылғы кітап бойынша қалдырылды.


1906 жылғы қолжазба нұсқада «… бақтың дұспаны», 1933, 1939 жылғы басы­лымдарда «Мал мен бақтың дұспаны» дейтін 65-тармақ 1907 жылғы Мүрсейіт кө­шірмесі мен қалған барлық жинақтарда «Мал мен бақтың дұшпаны» деп жазылған. Бұл жинаққа өлең мәтіні 1907 жылғы қолжазба бойынша берілді.


35) «Бөтен елде бар болса» (1887). Өлең мәтіні Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907, 1910) сақталған. Алғаш рет 1909 жылғы жинақта (1-бөлік. «Халық туралы») басылған.


Мүрсейіт көшірмелері мен 1909, 1954, 1995 жылғы жинақтарда тақырыпсыз берілген өлең өзге басылымдарда «Көжекбайға» деген атпен жарияланған және қолжазбаларда, 1909, 1995 жылғы кітаптарда шумақтарға бөлініп басылған.


Абай «Бөтен елде бар болса, ежеттесің, сырласың» деген өлеңді де сол Көжекбайға, жаңағыдай мінезбен жүргенде айтыпты. Бірақ басы соған арналып басталса да, артын жалпыға бола айтып кеткен. Мұны Көжекбайға айтуының себебі: «Сабырсыз, арсыз, еріншек» деген өлеңді жазып болып оқыса, ылғи қасында атын ерттеп жүретін жолдасы Қара сақау деген: «Көжекбай қалды ғой», – депті. Сол сөзден барып «Бөтен елдені» Көжекбайға арнап бастаса керек» (1933 жылғы жинақ, 325-бет).


Өлеңнің 1907 жылғы көшірмеде және 1945 жылғы басылымында «Иманның жүзін тоздырар» дейтін 21-жолы өзге жинақтарда «иман жүзін» деп басылған. 1906 жылғы қолжазбада бұл сөздің орнына көп нүкте қойылған. Бұл басылымға «иман жүзін» деп 1909 жылғы жинаққа негізделіп алынды.


1907 жылғы көшірме қолжазба мен 1954 жылғы кітапта «Жаттан бетер жамандар» болып жазылған 40-тармақ 1906 жылғы көшірмеде және 1909 жылғы жинақтан бастап барлық кейінгі басылымдарында «Жаудан бетер» деп басылған. Бұл жинаққа 1906 жылғы қолжазба бойынша алынды.


Қолжазбаларда жазылған өлеңдегі «Араздығы сөз болса» дейтін 57-жолдың орнына 1909 жылғы жинақта көп нүкте қойылған. 1933, 1939, 1961 жылғы жинақтарда бұл тармақ түсіп қалған. Дегенмен, 1939 жылғы кітапта: «…кейбір көшірмеде бұл жол кездеседі. Бірақ басқа көп көшірмеде ол жоқ. Тегі Абай өзі кейін алып тас­таған болу керек – ред.» (1939 жылғы жинақ, 75-бет), – деп сілтеме түсінік береді. 1945, 1954, 1977, 1995 жылғы басылымдарда бұл бір жол қосылады. Осы жинақта да өлең тармақтары қолжазбаларға негізделіп толықтырылып басылды.


1977 жылғы жинақтан өзге басылымдарда және қолжазбаларда «Кіржіңдеп жүріп кекерді» дейтін 61-тармақтағы «кекерді» сөзі редакциялық алқаның ұйғаруымен «кекер-ді» болып тыныс белгісі түзетіліп берілді.


1909 жылғы жинақта «Төленшені қырам деп» болып жазылған өлеңнің
66-жолы Мүрсейіт көшірмелер мен өзге барлық жинақтарда «Түгеншені» деп беріледі. Бұл жаңа басылымға 1909 жылғы басылым бойынша қалдырылды.


Көшірме қолжазбаларда «Кесел сондай туысқан» болып жазылған 107-тармақ барлық жинақтарда «Сондай кесел туысқан» деп басылған. Бұл басылымда да жинақтар бойынша қалдырылды.


Әр жылдардағы жинақтарда «Көп пысыққа молықты» болып басылған 146-тармақ Мүрсейіт көшірмелерінде «жолықты» деп жазылған. Жинаққа кітап бойынша алынды.


Өлеңнің 162-жолы 1909, 1933, 1954, 1961 жылғы жинақтарда – «Сыйымсыз болды алашқа»; қолжазбалар мен 1939, 1945, 1977, 1995 жылғы кітаптарда «Сенімсіз болды алашқа» болып жазылған. Бұл басылымға 1909 жылғы жинақ бойынша берілді.

 

36) «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» (1887). Өлең алғаш 1909 жылғы кітапта басылған (2-бөлік. «Өлең туралы»). Осы өлеңнің жазылу тарихы туралы Кәкітай: «Соңғы уақытта Абай өзі өлеңнің өнер екенін біліп, жаза бастаған соң, бұрынғы ақындар надандықпен, өлеңді өнер орнына ғибрат үшін айтпай, тіленшілік орнына айтқандықтан, ақындықтың да, өлеңнің де қазақ ортасында бағасы кеткендігін айтып, өзін солардың ретінен басқа қылып, алмақ пайда үшін емес, халықты ғылымға ұмтылтып, көңіл көзін ашпаққа ғибрат үшін жазғанын білдіріп өлең шығарған», – дейді (1909 жылғы жинақ, 107-бет).


Осы өлеңдегі «Өлең» сөзінен кейін бір басылымда сызықша қойылып (1909), енді бір жинақтарда («Нәсихат қазақия», 1933, 1977 жылғы жинақтар) сызықша қойылмай жазылуы тұрғысында бір ұйғарымға келе алмай жүрген уақыттар болды. Бұл басылымында 1909 жылғы жинақ бойынша «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» болып алынды.


1-шумақтың 2-тармағы 1933 жылғы жинақта – «Қиырдан қиыстырар ер данасы».
1909, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Қиыннан қиыс­тырар ер данасы».

1-шумақтың 3-тармағы 1909, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп».
1933 жылғы жинақта «Тілге жеңіл, жүрекке жеңіл тиіп».


3-шумақтың 2-тармағы 1909 жылғы жинақта «Қосарлы бәйіт самал келді ­арасы».
1933, 1939, 1945 жылғы жинақтарда – «Қосарлы бәйіт сымал келді арасы».
1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Қосарлы бәйітмысал келді арасы» деп екі сөз бірге жазылған. Бұл жинақта 1933 жылғы жинақ бойынша берілді.


3-шумақтың 4-тармағы 1909 жылғы жинақта – «Неге айтсын пайғамбармен және Алласы».
1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Неге айтсын пайғамбармен оны алласы».


4-шумақтың 2-тармағы 1909 жылғы жинақта – «Мүнәжәт ғалымдардың зар наласы».
1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Мүнәжәт уәлилердің зар наласы».


5-шумақтың 3-тармағы 1909, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» деп басылған.
1933 жылғы жинақта «Іші алтын, сырты күміс сөз сарасын» деп жазылған.


6-шумақтың 2-тармағы 1909 жылғы жинақта – «Мақалдап айтады, сөз қосарлап»; 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Мақалдап айтады екен, сөз қосарлап».


7-шумақтың 1-тармағы 1909 жылғы жинақта – «Қобыз бен домбыра алып түнде сарнап», 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Қобыз бен домбыра алып топта сарнап».


9-шумақтың 4-тармағы 1933 жылғы жинақта – «…Былжырақ көрінеді соларды аңдап», 1939, 1945, 1954 жылғы жинақтарда – «…Былжырақ көрінеді бәрі даңдақ».
1957, 1961, 1977 жылғы жинақтарда – «…Былжырақ көрінеді соларды аңдап».
Ал 1909 жылғы жинақта «…Былжырақ көрінеді солар даңдақ» деп дұрыс басылған. Текстологиялық салыстырулар негізінде соңғы нұсқа қабылданды.


11-шумақтың соңғы екі жолындағы екі сөз 1933, 1939, 1945, 1954 жылғы жинақ­тарда – «…Әншейін күн өткізбек әңгіме үшін, Тыңдар едің бір сөзін мыңға балап».

1977 жылғы жинақта «…Әншейін күн өткізбек әңгімеге, Тыңдар едің бір сөзін мыңға балап». 1909, 1961, 1995 жылғы жинақтарда «…Әншейін күн өткізбек әңгімеге, Тыңдар едің әр сөзін мыңға балап».


15-шумақтың соңы екі жолы 1909 жылғы жинақта – «Терең ғылым, терең ой іздемейді, Өтірікті өсек пен жүнді сабап».
1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап».
Бұл жинаққа әр жылдардағы басылымдар салыстырылып берілді.


37) Назарға («Мынау келген Назар ма?») (1887). Бұл экспромт өлең алғаш 1933 жылғы жинақта (101-бет) жарияланған.


«Назар – Тобықтының ішіндегі Қанай руынан шыққан адам, Абайдың замандасы. Қанайлардың жері от, малы аз болған. Соғымға жылқы алып, жерін жалдайтын болған. Оспанның жылқысы Қанай жерін қыстайды екен» (1961 жылғы жинақ, 663-бет).

Көкбай Жанатайұлының айтуынша, Абай бұл өлеңді Назар ақсақал бір аттың майын сұрап келгенде айтқан (1995 жылғы жинақ, 296-бет).

Өлең мәтіні 1995 жылғы жинақ бойынша берілді.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы