Әр жылдары жазылған өлеңдерінің толық нұсқасы
* * *
* * *
* * *
* * *
Өзгеге, көңілім, тоярсың, (76)
Өлеңді қайтіп қоярсың?
Оны айтқанда толғанып,
Іштегі дертті жоярсың.
Сайра да зарла, қызыл тіл,
Қара көңілім оянсын.
Жыласын, көзден жас ақсын,
Омырауым боялсын.
Қара басқан, қаңғыған,
Хас надан нені ұға алсын?
Көкірегінде оты бар,
Құлағын ойлы ер салсын.
Тыңдамаса еш адам,
Өз жүрегім толғансын.
Әр сөзіне қарасын,
Іштегі дертім қозғалсын.
Әуелесін, қалқысын,
От жалын боп шалқысын.
Жылай-жырлай өлгенде,
Арттағыға сөз қалсын.
Мендей ғарып кез болса,
Мойын салсын, ойлансын.
Қабыл көрсе сөзімді,
Кім таныса, сол алсын.
Не пайда бар – мың надан
Сырттан естіп таңдансын.
Онан дағы бір есті,
Ішкі сырын аңғарсын.
Өздерің де ойлаңдар,
Неше түрлі жан барсың.
Ғылым да жоқ, ми да жоқ,
Даладағы аңдарсың.
Жүрегіңмен тыңдамай,
Құлағыңмен қармарсың.
Соны көріп, соларға
Қайтіп қана сарнарсың?!
* * *
Кейде есер көңіл құрғырың (77)
Махаббат іздеп талпынар.
Ішем деп бейнет сусынын,
Асау жүрек алқынар.
Тартқан бейнет, өткен жас
Жүректің отын сөндірмес.
Махаббат – өмір көркі, рас,
Өлген соң о да үндемес.
Махаббатсыз дүние дос –
Хайуанға оны қосыңдар.
Қызықтан өзге қалсаң бос,
Қатының, балаң, досың бар.
Жүрегі жұмсақ білген құл
Шын дос таппай тыншымас.
Пайда, мақтан бәрі – тұл,
Доссыз ауыз тұшымас.
ЖАЗҒЫТҰРЫ
Жазғытұры қалмайды қыстың сызы, (78)
Масатыдай құлпырар жердің жүзі.
Жан-жануар, адамзат анталаса,
Ата-анадай елжірер күннің көзі.
Жаздың көркі енеді жыл құсымен,
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.
Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.
Шаруа қуған жастардың мойны босап,
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып.
Түйе боздап, қой қоздап, қорада – шу,
Көбелек пен құстар да сайда ду-ду.
Гүл мен ағаш майысып қарағанда,
Сыбдыр қағып, бұраңдап ағады су.
Көл жағалай мамырлап қу менен қаз,
Жұмыртқа іздеп, жүгіріп балалар мәз.
Ұшқыр атпен зырлатып тастағанда,
Жарқ-жұрқ етіп ілінер көк дауылпаз.
Құс қатарлап байлаған қанжығаға
Қыз бұраңдап жабысып, қылады наз.
Жазға жақсы киінер қыз-келіншек,
Жер жүзіне өң берер гүл-бәйшешек.
Қырда торғай сайраса, сайда – бұлбұл,
Таудағы үнін қосар байғыз, көкек.
Жаңа пұлмен жамырап саудагерлер,
Диханшылар жер жыртып, егін егер.
Шаруаның бір малы екеу болып,
Жаңа төлмен көбейіп, дәулет өнер.
Безендіріп жер жүзін тәңірім шебер,
Мейірбандық дүниеге нұрын төгер.
Анамыздай жер иіп емізгенде,
Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер.
Жаз жіберіп, жан берген қара жерге
Рахматына Алланың көңіл сенер.
Мал семірер, ақ пенен ас көбейер,
Адамзаттың көңілі өсіп, көтерілер.
Қара тастан басқаның бәрі жадырап,
Бір сараңнан басқаның пейілі енер.
Тамашалап қарасаң тәңірі ісіне,
Бойың балқып, ериді іште жігер.
Кемпір-шал шуақ іздеп, бала шулар,
Мал мазатсып, қуанып, аунап-қунар.
Жыршы құстар әуеде өлең айтып,
Қиқу салар көлдегі қаз бен қулар.
Күн жоқта кісімсінер жұлдыз бен ай,
Ол қайтсін қара түнде жарқылдамай.
Таң атқан соң шығарын күннің біліп,
Өңі қашып, бола алмас бұрынғыдай.
Күн – күйеу, жер – қалыңдық сағынышты,
Екеуінің құмары сондай күшті.
Күн қырындап жүргенде көп қожаңдап,
Күйеу келді – ай, жұлдыз көтін қысты.
Ай, жұлдызға жылы жел хабар беріп,
Жан-жануар қуанар тойға елеріп.
Азалы ақ көрпесін сілке тастап,
Жер күлімдер, өзіне шырай беріп.
Күн-күйеуін жер көксеп ала қыстай,
Біреуіне біреуі қосылыспай,
Көңілі күн лебіне тойғаннан соң
Жер толықсып, түрленер тоты құстай.
Адам тіктеп көре алмас күннің көзін,
Сүйіп, жылып тұрады жан лебізің.
Қызыл арай, сары алтын шатырына,
Күннің кешке кіргенін көрді көзім.
* * *
Асқа, тойға баратұғын, (79)
Жаны асығып жас жігіт.
Қолға кетті жауға бір күн,
Тірі адамның ісі – үміт.
Қозғады жау батыр ерді,
Жауға сойқан салғалы.
Қалыңдығы қала берді,
Жатыр еді алғалы.
Асықсаң да, шырағым,
Саған деген Құданың
Жазылған қандай жарлығы –
Есіткен жоқ құлағың.
Қалыңдық құшып, сүюге,
Күйеуіне ынтызар.
Келісімен тиюге
Дайындалған ойы бар.
Көйлегін ақтан тіккіштеп,
Күні-түні дем алмай,
Бітіруге жүр күштеп,
Асыққансып, тоқталмай.
Сен асыққан екен деп,
Алла әмірін өзгертпес.
Айтқаның болар ма екен деп,
Мен қорқамын, көз жетпес.
Жара басты кеудені,
Жаудан өлді ар үшін.
Ескермей өзге дүниені,
«Аһ!» деп өтті жар үшін.
Жамандық тұрмас күттіріп,
Ел есітті, қыз білді.
Ақ көйлекті бітіріп,
Кебінім деп киді, өлді…
Қол жетпеген некені
Сүйіп кеткен жан екен.
Көзің неге жетеді,
Қосылмақ онда бар ма екен?
Шыны ғашық жар болса,
Неге өлдім деп налымас.
Онда екеуі кез келсе,
Бірін бірі танымас.
* * *
Ата-анаға көз қуаныш – (80)
Алдына алған еркесі.
Көкірегіне көп жұбаныш,
Гүлденіп ой өлкесі.
Еркелік кетті,
Ер жетті,
Не бітті?
Оқытарсың молдаға оны,
Үйретерсің әр нені.
Медеу етіп ойы соны,
Жаны тыныштық көрмеді.
Жасында күтті,
Дәме етті,
Босқа өтті.
Ата көңіл жанбаса бір,
Артық өнер шықпаса.
Ел танымай, үй танып құр,
Шаруасын да ұқпаса –
Үміті қайда?
Соны ойла,
Абайла!
Сүйер ұлың болса, сен сүй,
Сүйінерге жарар ол.
Сүйкімі жоқ құр масыл би
Сүйретіліп өтер сол.
Табылмас қайла,
Ойбайла –
Не пайда?
Зарланарсың, ойланарсың,
Не болам деп енді мен.
Құрбылардан қорланарсың,
Тәңірі ісіне сен де көн.
Қайғысыз пенде
Көрдің бе
Өміріңде?
Тәңірі сорлы етсе пенде,
Не бітірер құр жылап.
Жігері жоқ ақылы кенде,
Жамбасыңнан жат сұлап.
Бір жаман мен бе,
Дедің бе,
Көңіліңде?
* * *
Тайға міндік, (81)
Тойға шаптық,
Жақсы киім киініп.
Үкі тақтық,
Күлкі бақтық,
Жоқ немеге сүйініп.
Күйкентай күтті,
Құс етті,
Не бітті?
Атамыз бар,
Молдамыз бар,
Айтқанына көнбедік.
Арт жағында
Біз соған зар
Боламыз деп білмедік.
Ұрланып қаштық,
Жолғастық,
Шуластық.
Жазу жаздық,
Хат таныдық,
Болдық азат молдадан.
Шала оқудан
Не жарыдық,
Қалғаннан соң құр надан?
Бағасыз жастық,
Бозбастық,
Адастық.
Бозбалалық,
Қыз қарадық,
Қалжың, әзіл сөйлестік.
Ат жараттық,
Сән тараттық,
Әуейілік күйлестік.
Көңілге келер,
Кім жолар,
Кім көнер?
Қайын бардық,
Қатын алдық,
Енші тиді азғана.
Шаруа атандық,
Енді ойландық,
Қала берді бозбала.
Бұрынғы қайда?
Ойбайла –
Не пайда?
* * *
Заманақыр жастары, (82)
Қосылмас ешбір бастары.
Біріне бірі қастыққа
Қойнына тыққан тастары.
Саудасы – ар мен иманы,
Қайрат жоқ бойын тыйғалы.
Еңбекпен етті ауыртпай,
Құр тілменен жиғаны.
Өнімсіз іске шеп-шебер,
Майданға түспей несі өнер?
Сиырша тойса мас болып,
Өреге келіп сүйкенер.
Күлмеңдеп келер көздері,
Қалжыңбас келер өздері.
Кекектеп секек етем деп,
Шошқа туар сөздері.
* * *
Көзінен басқа ойы жоқ, (83)
Адамның надан әуресі.
Сонда да көңілі тым-ақ тоқ,
Жайқаң-қайқаң әрнесі.
Білмейсің десе, желөкпе,
Дейді о дағы – Тәңірі ісі.
Бірінен бірі бөлек пе
Иемнің әділ пендесі?
Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың1 түсер сәулесі,
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет2 кеудесі.
Наданның көңілін басып тұр
Қараңғылық пердесі.
Ақылдан бойы қашық тұр,
Ойында бір-ақ шаруасы.
Кітапты молда теріс оқыр,
Дағарадай боп сәлдесі.
Малқұмар көңілі – бек соқыр,
Бүркіттен кем бе жем жесі?
Жүректе айна жоқ болса,
Сөз болмайды өңгесі.
Тыңдағыш қанша көп болса,
Сөз ұғарлық кем кісі.
_________________
1 حاق – (араб.) [Хәқ] – туралық, шындық, ақиқат.
2 حکمت – (араб.) [хикмәт] – хикмет, даналық сөз. Бұл арада білім, сыр, керемет мағынасында.
* * *
Жастықтың оты жалындап (84)
Жас жүректе жанған шақ.
Талаптың аты арындап,
Әр қиынға салған шақ.
Уайым аз, үміт көп,
Ет ауырмас бейнетке.
Бүгін-ертең жетем деп
Көңілге алған дәулетке.
Қайратпен кіріп жалынбай,
Ақылмен тауып айласын.
«Мен қалайға» салынбай,
Жылы жүзбен жайнасын.
Қайратқа сеніп қақтықпай,
Жазасын тауып жауласар.
Қатынша тілмен шаптықпай,
Майданға шықса жарасар.
Жалыны қайтар дененің,
Үнемі тұрмас осы шақ.
Талайғы кәрі дүниенің
Бір кетігін ұстап бақ.
Құйрығы шаян, беті адам
Байқамай сенбе құрбыға!
Жылмаңы сыртта, іші арам
Кез болар қайда сорлыға.
Досыңа достық – қарыз іс,
Дұшпаныңа әділ бол.
Асығыс түбі – өкініш,
Ойланып алмақ – сабыр сол.
Ақ көңілді жақсыдан
Аянбай салыс ортаға.
Ақылы, ары тапшыдан
Қу сөзін алма қолқаға.
Сұм-сұрқия, қу заман
Гүл көрінер жігітке.
Қызықты өмір жайнаған,
Кеудесі толып үмітке.
Бір нәрсені ұнатса,
Қайта ойланып қарамас.
Мақтатып, жұртты шулатса,
Құмары сол қызба бас.
Сенісерге келгенде,
Сене берер талғамай.
Жұрты құрғыр сенгішке
Тұра ма қулық жалғамай?
Ары кеткен алдағыш,
Мені-ақ алда, сөкпейін.
Балы тамған жас қамыс
Ормасаңшы көктейін!
Сені жақсы көрмесе,
Сенер ме еді сөзіңе?
«Япырмай!..» деп терлесе,
Ар емес пе өзіңе?
* * *
Қызарып, сұрланып, (85)
Лүпілдеп жүрегі.
Өзгеден ұрланып,
Өзді-өзі керегі.
Екі асық құмарлы,
Бір жолдан қайта алмай.
Жолықса ол зарлы,
Сөз жөндеп айта алмай.
Аяңдап ақырын,
Жүрекпен алысып,
Сыбдырын, тықырын,
Көңілмен танысып.
Дем алыс ысынып,
Саусағы суынып.
Белгісіз қысылып,
Пішіні құбылып.
Иығы тиісіп,
Тұмандап көздері.
Үндемей сүйісіп,
Мас болып өздері.
Жанында – жапырақ,
Үстінде – жұлдыз да.
Елбіреп-қалтырап
Жігіт пен ол қыз да.
Өзге ойдан тыйылып,
Бірімен бірі әуре.
Жүрекке құйылып
Жан рахат бір сәуле.
Көкірек елжіреп,
Буындар босанып.
Рахатпен әлсіреп,
Көзіне жас алып.
Жүйрік тіл, терең ой,
Сол күнде қайда едің?
Ғашыққа мойын қой,
Жеңілдің, жеңілдің!..
* * *
Көзімнің қарасы, (86)
Көңілімнің санасы,
Бітпейді ішімде
Ғашықтың жарасы.
Қазақтың данасы,
Жасы үлкен ағасы
Бар демес сендей бір
Адамның баласы.
Жылайын, жырлайын,
Ағызып көз майын.
Айтуға келгенде
Қалқама сөз дайын.
Жүректен қозғайын,
Әдептен озбайын.
Өзі де білмей ме,
Көп сөйлеп созбайын.
Тереңдеп қарайсың,
Телміріп тұрмайсың.
Бейхабар жүргенсіп,
Бек қатты сынайсың.
Сан кісі мұңайсын,
Сабырмен шыдайсың.
Күйемін, жанамын,
Еш рахым қылмайсың.
Кең маңдай, қолаң шаш –
Я бір кез, я құлаш.
Ақ тамақ, қызыл жүз,
Қарағым, бетіңді аш!
Қара көз, имек қас,
Қараса жан тоймас.
Аузың бал, қызыл гүл,
Ақ тісің кір шалмас.
Қыр мұрын, қыпша бел,
Солқылдар соқса жел.
Ақ етің үлбіреп,
Өзгеше біткен гүл.
Қарағым, бермен кел,
Бізге де көңіл бөл,
Қалқамның нұсқасын
Көр, көзім, бір кенел.
Қайғың – қыс, жүзің – жаз,
Боламын көрсем мәз.
Күлкіңіз бойды алар,
Бұлбұлдай шықса әуез.
Кісімсіп дүрдараз,
Бұраңдап қылма наз.
Мал түгіл басымды
Жолыңа берсем де аз.
Иісің – гүл аңқыған,
Нұрың – күн шалқыған.
Көргенде бой еріп,
Сүйегім балқыған.
Қаяусыз қалпынан,
Өзі артық даңқынан.
Қызыл тіл шыға алмас
Мақтаудың шартынан.
Сенсің – жан ләззәті,
Сенсің – тән шәрбәті.
Артықша жаратқан
Алланың рахматы.
Көрік – тәңірі дәулеті,
Қылса ұнар құрметі.
Сұлуды сүймектік –
Пайғамбар сүннеті1.
Не десем саған еп
Ғашығың да қайғы жеп.
Өртенген жүрекке
Бір көрген болар сеп.
Біздердей ғашық көп,
Қайсысы саған дөп?
Жөндеп те айтпадым,
Жүрегім дүпілдеп.
Назына кім шыдар,
Бұраңдап жүр шығар.
Қасқая күлгені
Қылады тым құмар.
Ер емес қымсынар,
Әркім-ақ ұмсынар.
Құдай-ау, бұл көңілім
Күн бар ма бір тынар?
_________________
1 سنت – (араб.) [суннәт] – Мұхаммед пайғамбардың (с.ә.с) істеген ісі мен айтқан сөзі. Бұл жерде дәстүр деген мағынада.
* * *
Менсінбеуші ем наданды, (87)
Ақылсыз деп қор тұтып.
Түзетпек едім заманды,
Өзімді тым-ақ зор тұтып.
Таппадым көмек өзіме,
Көп наданмен алысып.
Көнбеді ешкім сөзіме,
Әдетіне қарысып.
Жан шошырлық түрінде
Бәрі бірдей еліріп.
Ұстай алмадым бірін де,
Кекиді кейін шегініп.
«Әринемен» ел кетті,
Қоқиланды, мақтанды.
Қуат бітті, күн өтті,
Жарылқа, Құдай, жатқанды.
Мен қажыған арықпын –
Қатын-бала қонағы.
Сендерге де қанықпын,
Жұртың анау баяғы.
Жарлы емеспін, зарлымын,
Мұны ойла толғанып.
Жұртым деуге арлымын,
Өзге жұрттан ұялып.
Барымта мен партия –
Бәрі мастық, жұрт құмар.
Сыпыра елірме, сұрқия,
Көп пияншік нені ұғар?
Татулықты, тыныштықты
Қоңыр көрер, кем көрер.
Ұрлық пенен қулықты
Қызық көрер, өңі енер.
Мұндай елден бойың тарт,
Мен қажыдым, сен қажы!
Айтып-айтып өтті қарт,
Көнбеді жұрт, не ылажы?
ЖҰМБАҚ
Алла мықты жаратқан сегіз батыр, (88)
Баяғыдан соғысып әлі жатыр.
Кезек-кезек жығысып, жатып-тұрып,
Кім жығары белгісіз түбінде ақыр.
Ш е ш у і:
Мұны тапсам ойланып, ақын деңіз,
Таба алмасам, ақылды болар неміз?
Қыс пенен жаз, күн мен түн, тақ пенен жұп,
Жақсылық пен жамандық – болды сегіз.
ЖҰМБАҚ
Қара жер адамзатқа болған мекен, (89)
Қазына іші толған әр түрлі кен.
Ішінде жүз мың түрлі асылы бар,
Солардың ең артығы немене екен?
Ш е ш у і: темір.
ЖҰМБАҚ
Сыналар, ей, жігіттер, келді жерің, (90)
Сәулең болса, бермен кел талапты ерің.
Жан құмары дүниеде немене екен –
Соны білсең, әрнені білгендерің.
Ш е ш у і: білмекке құмарлық.
73) «Бай сейілді» (1890). Бұл өлең 1909 жылғы кітапта басылған (1-бөлік. «Халық туралы»).
2-шумақтың 3-тармағы 1909 жылғы жинақта – «Бас пен аяқ бір есеп». 1933, 1939 жылғы жинақтарда «Бас пен аяқ бір қыйсап».
1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Бас пен аяқ бір қысап».
Бұл тармақ 1957, 1939, 1961, 1977 жылғы жинақтарда – «…Үйден үрген итке ұсап».
1957 жылғы басылым түсінігінде осы тіркестің Мүрсейіттің 1906 жылғы көшірме қолжазбасында «үйден үрген»; 1907, 1910 жылдардағы қолжазбаларда «үйден ұрған» болып жазылғандығы ескертіледі.
1954 жылғы жинақта – «үйден ұрған итке ұқсап». Бұл жинақта «үрген» болып қалдырылды.
1907 жылғы қолжазбада «Ем таба алмай» өлеңімен бірге жазылған.
1906, 1907 жылғы қолжазбаларда 5-шумақтың 1-тармағы – «Шашты малын, бердім барын». 1909 жылғы жинақта «Шашты барын, Бердім малын».
1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977 жылғы жинақтарда – «Шашты малын, Берді барын». 1995 жылғы жинақта – «Шашты барын, Берді малын».
1906, 1907 жылғы қолжазбаларда 5-шумақтан кейін келген бір шумақ өлең 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977 жылғы жинақтарда бар. 1909, 1995 жылғы жинақтарда берілмеген (кейінгі 1977 жылғы жинақтан басқа басылымдардың барлығында да жоқ – ред).
«Ел де жаман, ер де жаман,
Аңдығаны өз елі.
Елде сияз, ойда ояз,
Оңбай-ақ тұр һәр түрі».
1907 жылғы қолжазбада 3-тармақ «Елде сияр, ойда ұяр» болып жазылған.
7-шумақтың 4-тармағы 1907 жылғы қолжазбада, 1909, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Тайса аяғың, кім көмбек?».
1933, 1939, 1945, 1954 жылғы жинақтарда «Тайса аяғың, кім көмек?» деп жазылған. Бұл басылымында осы нұсқасы алынды.
1907 жылғы қолжазбада 9-шумақ «Ем таба алмай, от жалындай» болып басылған (Бұл 1909, 1977, 1995 жылғы жинақтарда бөлек өлең болып келген – ред.).
74) «Ем таба алмай» (1890). Өлең 1909 жылғы жинақта басылды (1-бөлік. «Халық туралы»).
Өлеңнің: «Жас жүрегім жанды менің» деп басталатын соңғы үш шумағы туралы Тұрағұл: «Ем таба алмай» деген өлеңнің артына «Жас жүрегім жанды менің» деген өлең тіркеліп кетіпті. Ол өз алдына бөлек өлең» деген (Абай туралы естеліктер, 195-бет).
Өлең 1909 жылдан бергі басылымдардың барлығында да бір шығарма есебінде беріліп келеді.
2-шумақтың 1, 2-тармақтары 1906, 1907 жылғы қолжазбаларда – «Текке именіп, Босқа ұялып». 1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Босқа ұялып, Текке именіп».
4-шумақтың 3-тармағы 1906, 1907 жылғы қолжазбаларда «Жай таба алмай, я, пірім!». 1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Жай таба алмай, япырым!».
6-шумақтың 3-тармағы 1906 жылғы қолжазбада, 1933 жылғы жинақта «Еш немеден қайғысыз». 1939, 1945, 1954 жылғы жинақтарда – «Ештемеден қайғысыз». 1907 жылғы қолжазбада, 1909, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Еш нәрседен қайғысыз». Бұл басылымында осы нұсқа алынды.
1907 жылғы қолжазбада «Бай сейілді» өлеңімен бірге жазылған бұл шығарма осы басылымында 1909 жылғы жинақ бойынша, тыныс белгілері түзетіліп берілді.
75) «Келдік талай жерге енді» (1890). Өлең 1909 жылғы кітапта басылған (3-бөлік, «Өзі туралы»). Мәтіндік нұсқасы Мүрсейіт Бікіұлының көшірме қолжазбаларында сақталған (1906, 1907, 1910).
1906 жылғы қолжазбада 11-тармақ – «Өмірдің өзенін тауысып» 1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Өмірдің өрін тауысып».
1906 жылғы қолжазбада 26-тармақ – «Құлақ қойсаң ұққандар». 1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Салсын құлақ ұққандар».
1933, 1945, 1954, 1977 жылғы жинақтарда – «Өтірікке тұшынып». 1939 жылғы жинақта «Өтірікке тұншығып». 1961 жылғы жинақта – «Өтірікке түсініп».
Бұл жинақта Абай шығармаларының әр жылдардағы басылымдарында жасалып отырған түзетулер ескеріліп, қолжазба нұсқалар салыстырылды. 1909 жылғы жинақта «Өтірікке түсініп» болып келген тармақ Мүрсейіт қолжазбалары негізінде «Өтірікке тұшынып» болып жазылды.
76) «Өзгеге, көңілім, тоярсың» (1890). Өлең 1909 жылғы кітапта басылған (3-бөлік, «Өзі туралы»).
Мүрсейіт көшірмелерінде (1906, 1907, 1910) жазылған.
Өлеңнің 1906 жылғы қолжазбадағы 25, 26, 27, 28-тармақтары:
«Не пайда бар наданнан
Сыртын естіп таңдансын.
Онан дағы бір есті,
Ішкі сырды аңғарсын».
1907 жылғы қолжазбада, 1909, 1977, 1995 жылғы жинақтарда:
«Не пайда бар – мың надан
Сырттан естіп таңдансын.
Онан дағы бір есті,
Ішкі сырын аңғарсын».
Жаңа басылымында Абайдың 1909, 1933, 1939–40, 1945, 1954, 1957, 1961, 1995 жылдардағы жинақтары мен Мүрсейіт қолжазбалары (1906, 1907) негізінде салыстырылып, өлеңнің 1909 жылғы жинақтағы нұсқасы алынды.
77) «Кейде есер көңіл құрғырың» (1890). Бұл өлең 1909 жылғы кітапта басылған (3-бөлік. «Өзі туралы»).
2-шумақтың 4-тармағы 1909 жылғы жинақта – «Өлген соң о да үндемес». 1907 жылғы қолжазбада, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «ол да».
Абай тілінде «ол» жіктеу есімдігінің «о» формасы өнімді қолданылып отырған.
3-шумақтың 1-тармағы 1907 жылғы қолжазбада – «Махаббатсыз дүние дос»; 1909 жылғы жинақта «дүние дос»; 1977 жылғы жинақта «Махаббатсыз – дүние дос», 1933, 1945, 1954, 1957, 1961, 1995 жылғы жинақтарда – «Махаббатсыз – дүние дос». Өлең мәтіне емлелік түзету жасалды.
78) «Жазғытұры» (1890). Мүрсейіт қолжазбалары мен кейінгі жылғы басылымдарда кездеседі.
Алғашқы шумақтың екінші жолы Мүрсейіт қолжазбаларында «Масатыдай құлпырып жердің жүзі» болып көшірілген. Десек те, араб (1909 жылғы жинақ), латын (1933, 1939 жылғы жинақтар) және кирил қарпіндегі басылымдардың (1945, 1954, 1961, 1977, 1995) бәрінде де осы жол «Масатыдай құлпырар жердің жүзі» деп берілген.
Төртінші шумақтың алғашқы тармағы 1909 жылғы литографияда «Түйе боздап, қой қоздап – қорада шу-шу» деп басылған. Осы жол Мүрсейіт қолжазбалары мен қалған басылымдарда «Түйе боздап, қой қоздап – қора да шу» деп берілген.
Төртінші шумақтың екінші тармағы Мүрсейіт қолжазбаларында «Көбелекпен, құстар да сай да ду-ду» деп басылған. Осы жол басқа басылымдарда «Көбелекпен, құспенен сай да ду-ду» деп басылған.
5-шумақтың 4-тармағы 1995 жылғы академиялық жинақта «Жарқ-жұрқ етіп ілінер көк дауыл баз» деп берілген де, төменде «баз» деген сөздің парсы тілінен енгені, оның қаршыға деген мағына беретіні ашып жазылған (1995 жылғы жинақ, 160-бет). Құрастырушылар «Дауыл баз» деп алу себебін кітаптың соңында: «Шынында, Абай бұл арада: үйрек, қазға салатын ұшқыр қыран қаршығаны «көк дауылға» теңеп, қаршығаға – «баз» дейтін парсы сөзін қолданған. Сондықтан өлеңнің бұл жолын дұрыстап:
…Ұшқыр атпен зырлатып тастағанда,
Жарқ-жұрқ етіп ілінер көк дауыл баз, –
деп оқуымыз керек», – деп жазған (1995 жылғы жинақ, 295-бет).
6-шумақтың алғашқы жолы 1933 жылғы басылымда «Көл жағалап мамырлап қу менен қаз» деп берілсе, бұл жинақта «Көл жағалай мамырлап қу менен қаз» деп басылды.
Осы шумақтың төртінші тармағы 1933 жылғы басылымда «Жарқ-жұрқ етіп (?) көк дауылпаз» дегендегі «ілінер» сөзі түсіп қалған. Бұл жол «Жарқ-жұрқ етіп ілінер көк дауылпаз» болуы тиіс. Сондай-ақ, осы шумақтың бесінші тармағындағы «қанжығаға» деген сөз осы басылымда «қанжағаға» деп қате берілген.
Осы шумақтың соңғы тармағы Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылғы литографиялық жинақта «Таудағы үнін қосар байғыз, көкек» деп көшірілген. Осы жол қалған басылымдарда «Тастағы үнін қосар байғыз, көкек» деп басылғаны белгілі.
7-шумақтың үшінші тармағы 1933 жылғы басылымда «Шаруаның біреуі – екеу болып» деп берілген. Бұл жол Мүрсейіт қолжазбалары мен кейінгі басылымдарда «Шаруаның бір малы екеу болып» деп басылған.
8-шумақтың алғашқы жолы Мүрсейіт қолжазбаларында «Безендірген жер жүзін тәңірім шебер» деп көшірілген. Ал, қалған басылымдарда «Безендіріп жер жүзін тәңірім шебер» деп басылған.
Мүрсейіт қолжазбаларында 9-шумақ былай көшірілген:
Жаз жіберіп, жан берген қара жерге
Рахметіне Алланың көңілің сенер.
Мал семірер, ақ пенен ас көбейер,
Адамзаттың көңілі өсіп ойнап күлер.
Осы шумақ кейінгі жинақтарда былай беріледі:
Жаз жіберіп, жан берген қара жерге
Рахметіне алланың көңіл сенер.
Мал семірер, ақ пенен ас көбейер,
Адамзаттың көңілі өсіп көтерілер.
Осы шумақтың екінші жолы бұл басылымда «Рахматына Алланың көңіл сенер» деп берілді.
9-шумақтың соңғы тармағындағы «Адамзаттың көңілі өсіп көтерілер» деген жол туралы Қ. Мұқамедханов: «Адамзат көңілі өсіп көтерілер» деп оқысақ:
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы», –
деп Абайдың өлеңге қойған шартына дәл келер еді», – деп жазады (1959 жылғы жинақ, 55-бет).
Соңғы шумақтың үшінші тармағы Мүрсейіт қолжазбаларында «Қызыл арай ақ күміс шатырына» деп көшірілген. Бұл жол басқа басылымдарда «Қызыл арай сары алтын шатырына» деп берілген.
Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылғы литографияда бұл өлеңнің құрылымында өзгешелік бар. «Кемпір-шал шуақ іздеп, бала шулар» деп басталатын он бірінші шумақ он төртінші шумақтан кейін берілген.
9-шумақтың төртінші жолы 1933 жылғы латын әліппесімен жарық көрген басылымда «Адам заттың көңілі кір ойнап күлер» деп берілген де, «кір» деген сөзге мәтіннің астына «Кір – қайғысыз» деген түсініктеме берілген. Осы жол Мүрсейіт қолжазбалары мен басқа басылымдарда «Адамзаттың көңілі өсіп, көтерілер» деп берілген.
Он бірінші шумақтың төртінші тармағы 1933 жылғы жинақта «Қиқу салар көлдегі қаз бен қу» деп қысқа қайырылған. Қате басылғаны көрініп тұр. Себебі алдыңғы жолдардағы «шулар», «қунар» сөздеріне ұйқас ретінде «қулар» болып берілуі керек еді. Мүрсейіт қолжазбалары мен басқа басылымдарда «Қиқу салар көлдегі қаз бен қулар» деп берілген.
1933 жылғы басылымда 11-шумақтың «Кемпір-шал шуақ іздеп, бала шулар» деген алғашқы жолының астына «Бұл бір ауыз өлең бұрын өз орнынан ауысып, келіп, жаңылыс басылып жүрген. М.» деген түсінік берілген.
Он үшінші шумақтың екінші тармағы 1909 жылғы басылымда «Екеуінің құмары сондай күшті» болып берілген. 1933, 1939, 1945, 1954, 1995 жылғы жинақта «Құмары екеуінің сондай күшті» деп басылған.
Соңғы шумақтың үшінші жолында келетін «шатырына» деген сөз 1933 жылғы басылымда «шақырына» деп қате басылған.
79) «Асқа, тойға баратұғын» (1890). Өлең алғаш рет 1909 жылғы кітапта басылған (15-бөлік. «Переводтар»). Өлеңнің басында «Перевод Лермонтовтан» деген сөйлем бар. 1933 жылғы жинақта: «Бұл өлең Лермонтовтан аударылған болар деген жору бар. Лермонтовтың бөлек өлеңдері, поэмаларында Абай өлеңдерінде айтылған сипат, ұғым кездеспейді. Мүмкін Абай Лермонтовты өте өзгертіп, өзінше бір сипат бере аударған шығар», – деп түсінік берілген (1933 жылғы жинақ, 260-бет).
1954 жылғы жинақта «…Лермонтовта бұл шығарманың оригиналы жоқ»
(294-бет) деп түсінік берілген.
1995 жылғы жинақта берілген түсінік бойынша, «Қалай дегенде де әлі зерттей түсуді қажет ететін өлең».
Лермонтовтың Г. Гейнеден еркін аударылған «Они любили друг друга так долго и нежно» деп басталатын бір өлеңінің соңғы жолы ғана Абай өлеңінің түйінді тармақтарымен сәйкеседі: «Но в мире новом друг друга они не узнали» (Лермонтов) – «Онда екеуі кез келсе, Бірін бірі танымас» (Абай). «Асқа, тойға баратұғынның» тек-төркінін Лермонтовтан іздеуге түрткі болған ілік-себеп те осы ғана болса керек. Тегінде, екі ақынның бұл шығармалары тақырыптық-мазмұндық тұрғыдан өзара байланысы жоқ, бір-бірінен мүлде бөлек дүниелер. «Асқа, тойға баратұғын» – Абайдың анық төл туындысы екені күмән тудырмайды.
Мүрсейіт Бікіұлының 1907 жылғы қолжазбасында 1-шумақтың 3-тармағы «Қолға кетті жауға деген» деп жазылған. 1909 жылғы жинақтан бастап кейінгі басылымдардың барлығында бұл тармақ – «Қолға жетті жауға бір күн».
5-шумақтың 1-тармағы 1909 жылғы жинақта – «Көйлегін ақтап тіккіштеп». 1907 жылғы қолжазбада және 1957, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «ақтан». Бұл жаңа басылымында Мүрсейіт қолжазбасы негізінде «ақтан» деп берілді.
7-шумақтың 4-тармағы 1907 жылғы қолжазбада – «Аһ!» деп өлді жар үшін». 1909, 1957, 1995 жылғы жинақтарда – «өтті».
1907 жылғы қолжазбада 10-шумақтың 1-тармағы «Асық үшін жар болса» деп жазылған.
Бұл тармақ 1909, 1933, 1957, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Шыны ғашық жар болса».
1907 жылғы қолжазбада 10-шумақтың 3-тармағы «Онда екеуі кез болса» деп жазылған. Басқа жинақтарда – «келсе».
Өлең мәтіні бұл басылымында 1995 жылғы жинақ бойынша берілді.
80) «Ата-анаға көз қуаныш» (1890). Алғаш 1933 жылғы жинақта жарияланған.
Мүрсейіт қолжазбаларында (1907, 1910) мәтіндік нұсқасы сақталған.
Өлеңге Мұхтар Әуезов: «Ата, анаға көз қуаныш» деген өлеңді Ақылбай деген үлкен баласына ренжіп, талапты болмадың деп айтқан. (Бірақ Ақылбай күндегі өмірде талапты пысық болмаса да, Абайдың балаларының ішіндегі ең таланттысы болған. Бұл ірі ақын және музыкант домбырашы, іскріпке, ән шығарғыш болған. Мұның шығарған екі үлкен әңгіме өлеңі бар: бірі «Дағыстан», бірі «Зұлыс» деген. М.», – деп түсінік берген (1933 жылғы жинақ, 326-бет).
Бұл шығарманың «Тайға міндік, тойға шаптық» өлеңімен бір қолжазбада қосылып жазылғандығын, екі өлең екі бөлек туынды болуы мүмкін екенін 1933 жылғы жинақ түзетулері бойынша ескертпесінде Мұхтар Әуезов айтқан (Әуезов М. Абайтанудан жарияланбаған материалдар, 31-бет). 1939 жылғы жинақтан бастап «Тайға міндік, тойға шаптық» бөлек өлең болып беріліп келеді.
Өлеңдегі 3-шумақтың 1-тармағы 1933, 1939, 1945, 1954, 1961 жылғы жинақтарда «Ата көңлі жанбаса бір» болып келген. 1957, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Ата көңіл жанбаса бір».
5-шумақтың 5, 6, 7-тармақтары 1907 жылғы қолжазбада:
«Қайғысыз пенде
Бар ма елде,
Өміріңде?»
1933, 1939, 1945, 1954, 1957, 1961, 1977 жылғы жинақтарда 5-тармақ – «Қайғысыз бенде».
1933, 1939, 19451957, 1977, 1995 жылғы жинақтарда 6-тармақ – «Көрдің бе». Бұл жолдар 1957 жылғы жинақта:
Қайғысыз бенде
Көрдің бе
Өміріңде, –
деп алынады (1957 жылғы жинақ, 324-бет).
Өлеңге бұл басылымында 1907 жылғы қолжазба нұсқасы бойынша түзетулер енгізіліп, тыныс белгілері түзетіліп берілді.
81) «Тайға міндік, тойға шаптық» (1890). Мүрсейіт қолжазбалары мен 1939 жылдан бастап кейінгі басылымдарда кездеседі.
Мұхтар Әуезов бұл өлең туралы: «102. Көңілің де. (Бұл «Ата-анаға көз қуаныш» өлеңінің соңғы тармағы – ред.). Мүрсейіт молданың бір көшірмесінде осы өлеңнің аяғына осындай ұйқас, өлшеумен жазылған «Тайға міндік, тойға шаптық» деген бұрын басылмаған бір өлең қоса жазылыпты. Ол тегінде бөлек өлең болатын. Мүрсейіттің екінші бір көшірмесінде бөлек өлең болып жазылған да екен. Біз де оны мынадан бөліп, жеке жібердік» (Әуезов М. Абайтанудан жарияланбаған материалдар, 31-бет), ‒ деп жазады.
Өлең жинаққа 1939, 1945, 1957, 1995 жылғы басылымдар мен Мүрсейіт қолжазбалары салыстырылып (1906, 1907) берілді.
82) «Заманақыр жастары» (1891). 1909 жылғы жинақта бұл өлең «Қайғы шығар ілімнен» өлеңімен бірге (1-бөлік. «Халық туралы») берілген (1909 жылғы жинақ, 59-бет).
1-шумақтың 3-тармағы 1909, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Біріне бірі қастыққа…». 1933 жылғы жинақта – «Біріне бірі қастықса…».
2-шумақтың 4-тармағы 1909, 1945, 1961, 1995 жылғы жинақтарда «Құр тілменен жиғаны». 1933, 1939 жылғы жинақта – «Құр тіл мен малды жиғалы». 1954, 1977 жылғы жинақтарда – «Құр тілменен жиғалы».
4-шумақтың 3-тармағы 1909, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Кекектеп, секек етем деп..». 1933 жылғы жинақта – «Кетіп, секке айтам деп…».
Өлең бұл жаңа жинаққа 1995 жылғы басылымы бойынша беріліп, тыныс белгілері түзетілді.
83) «Көзінен басқа ойы жоқ» (1891). «Өлең 1909 жылғы кітапта басылған (7-бөлік. «Замандастары туралы»).
Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907, 1910) мәтіндік нұсқасы сақталған.
1907 жылғы қолжазбада және 1995 жылғы жинақта 2-шумақтың 2-тармағы «Дейді дағы – тәңірі ісі» болып жазылған. 1957, 1961, 1977 жылғы жинақтарда – «Дейді – ол дағы тәңрі ісі». 1909, 1933, 1939, 1945 жылғы жинақтарда – «Дейді о-дағы – тәңірі ісі».
1995 жылғы жинақта 1907 жылғы қолжазба, 1909 жылғы жинақ бойынша:
5-шумақтың 1-тармағы – «Кітапты молда теріс оқыр».
5-шумақтың 2-тармағы – «Дағарадай боп сәлдесі».
5-шумақтың 3-тармағы «Малқұмар көңілі – бек соқыр» болып берілген. 1933, 1939, 1945, 1957, 1961, 1977 жылғы жинақтарда «дағардай», «мал құмар» болып келген.
6-шумақтың 2-тармағы 1907 жылғы қолжазбада «Сөз болмайды өзгесі» деп жазылған. 1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «өңгесі» болып тұр.
Бұл басылымында 1995 жылғы жинақ бойынша беріліп, тыныс белгілері түзетілді.
84) «Жастықтың оты жалындап» (1891). Бұл өлең алғаш 1909 жылғы кітапта басылған (6-бөлік. «Насихат туралы»).
Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907, 1910) мәтіндік нұсқасы сақталған.
Өлеңнің 10-шумағының 3-жолы 1907 жылғы қолжазбада, 1909 жылғы кітапта және 1933, 1939, 1945, 1954, 1995 жылғы жинақтарда «…Мақтатып жұртты шулатса» деп басылған.
1961, 1977 жылғы жинақта – «…Мақтанып жұртты шулатса».
Өлең мәтіні 1909 жылғы басылым бойынша беріліп, тыныс белгілері түзетілді.
85) «Қызарып, сұрланып» (1891). Өлең алғаш 1909 жылғы жинақта басылған (4-бөлік. «Ғашықтық туралы»).
Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907, 1910) бар.
1-шумақтың 2-тармағы 1909 жылғы жинақта «Дуылдап жүрегі», 1933, 1957, 1977, 1995 жылғы басылымдарда «Лүпілдеп жүрегі» деп берілген.
2-шумақтың 1-тармағы 1909 жылғы жинақта «Екі ғашық құмарлы» болып берілген. Осы жинақта 1907 жылғы қолжазбадағы және 1957, 1977, 1995 жылғы жинақтардағы «Екі асық құмарлы» деген нұсқасы беріліп отыр.
Өзге басылымдарда «Аялдап ақырын» деп басталатын 3-шумақтың алғашқы жолы бұл жинаққа «Аяңдап» деп түзетілді.
8-шумағының 1-тармағы 1907 жылғы қолжазбада «Көкірегі елжіреп» болып жазылыпты. 1909 жылғы жинақта – «Көкірек елжіреп».
Өлеңнің 1995 жылғы басылымда «Жүрегі елжіреп» деп басылған 8-шумағының 1-тармағы 1909 жылғы жинақ бойынша «Көкірек елжіреп» деп түзетілді.
Өлең 1909, 1957, 1977, 1995 жылғы жинақтарда 9 шумақ болып, «Жеңілдің, жеңілдің!..» деген тармақпен аяқталады.
Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907) – 14 шумақ. Кейінгі 5 шумағы Абай жинақтарында «Ысытқан, суытқан» болып, бөлек өлең ретінде беріліп жүр.
Өлең бұл жинаққа 1909, 1933, 1945, 1957, 1995 жылғы басылымдар мен Мүрсейіт Бікіұлының қолжазба көшірмелері салыстырыла отырып (1906, 1907) берілді.
86) «Көзімнің қарасы» (1891). Бұл өлең де 1909 жылғы кітапта басылған (4-бөлік. «Ғашықтық туралы»).
Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907) бар.
Өлеңнің 1909 жылғы кітаптағы мәтiнi кейiнгi басылымдарында түзетулердің түп себебі көрсетілмеген бірнеше өзгертулермен беріліп отырды.
1907 жылғы қолжазбада өлең «Қызға айтылған сөз» деген атаумен жазылған.
Өлеңнің 1-шумағының 4-тармағы 1922 жылғы Қазан басылымы мен Ташкент басылымында «Ғашығыңның жарасы» болып, 1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1995 жылғы жинақтарда «Ғашықтың жарасы», 1957, 1977 жылғы жинақтарда «Ғашықтық жарасы» деп берілген.
6-шумақтың 1-тармағы 1909 жылғы жинақта – «Менен кісі мұңайсын». 1907 жылғы қолжазбада – «Сан кісі мұңайсын».
Өлең құрылымы мен көлемі жағынан 1909, 1933, 1957, 1995 жылғы жинақтарда айырмашылықтар бар.
Осы өлеңнің 1995 жылғы жинақтағы 7, 8, 18-шумақтары 1957 жылғы басылымында берiлмеген. Бұл шумақтар 1909 жылғы жинақта да жоқ.
«Ақылсыз би болмас,
Сәулесіз үй болмас.
Жүректе оты жоқ,
Адамда ми болмас.
Шын ғашық сый болмас,
Сый болса, сыр болмас.
Арызымды айтайын,
Құй болар, құй болмас», –
деген шумақтар жайында әртүрлі түсiнiк бар (1957, 1961 жылғы жинақтар түсініктерін қараңыз – ред.).
1957 жылғы жинақта өлең мәтініне қатысты: «Он бесінші шумақтың:
«Артықша жаратқан
Алланың рахматы», –
деген соңғы екі жолы және он алтыншы шумақтың:
«Көрік – тәңірі дәулеті,
Қылса ұнар құрметі», –
деген алғашқы екі жолы 1933 жылғы басылған нұсқасының негiзiнде қосылып басылып отыр. Бұл жолдар 1909 жылғы жинақта да, Мүрсейіт қолжазбаларында да жоқ», – деп түсінік берілген (1957 жылғы жинақ, 328-бет).
Қайым Мұқамедханов 7, 8-шумақтардың 1954 жылғы жинақта енгізілгенiн ескерткен. 1957 жылғы жинақта Мұхтар Әуезов 19 шумақтық қысқа нұсқасын қалдырған.
1909 жылғы жинақта жоқ мына екі шумақ 1907 жылғы қолжазбада берілген.
«Сауынсыз ой болмас,
Сәулесіз би болмас
Жүректе оты жоқ,
Кiсiде ми болмас.
Шын асық сый болмас,
Сый болса, сыр болмас
Арзымды айтайын,
Құй болар, құй болмас».
Осындағы 1-шумақтың 1, 2-тармағы 1995 жылғы жинақта:
«Ақылсыз би болмас,
Сәулесіз үй болмас», –
деп берілген.
10-шумақтың 3-тармағы 1907 жылғы қолжазба мен 1909, 1995 жылғы жинақтарда – «Аузың бал, қызыл гүл».
1957 жылғы жинақта – «бар».
14-шумақтың 4-тармағы 1907 жылғы қолжазбада «Жолыңа берсем аз» болып жазылған. 1909 жылғы жинақта – «берсем де аз».
1907 жылғы қолжазба мен 1957, 1977, 1995 жылғы жинақтар бойынша 20-шумақтың 4-тармағы – «Жүрегім лүпілдеп».
1909 жылғы жинақта – «дүпілдеп».
1907 жылғы қолжазбада 22-шумақтан кейін басқа басылымдарында жеке өлең болып жүрген «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» өлеңі жалғасып (2 шумақ) жазылған.
Өлең бұл басылымында 1907 жылғы қолжазба, 1909, 1957, 1995 жылғы жинақтар бойынша салыстырулар жасалып, мәтіндік түзетулермен берілді.
87) «Менсінбеуші ем наданды» (1891). «Бұл өлең 1909 жылғы кітапта басылған (7-бөлік. «Замандастары туралы»).
Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907, 1910) мәтіндік нұсқасы сақталған.
Осы өлеңнің жазылу тарихы туралы Кәкітай: «Абай соңғы уақыттарында елдің партиясынан да жалығып һәм айтқан сөзді ұғып, жұрт түзелетұғын сықылды емес екенін біліп, көңілі қалыңқырап, өзі сөзге араласпай, үйде жатамын деп жазғаны», – дейді.
3-шумақтың 4-тармағы 1907 жылғы қолжазбада, 1939, 1945, 1954, 1957, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Кекиді кейін шегініп» болып жазылған. Бұл жинақта осы нұсқа алынды.
1933 жылғы жинақта – «Кекеді кейін шегеріп».
4-шумақтың 4-тармағы 1909 жылғы жинақта – «Жарылқа, Құдай, жатқан ой». Қолжазба нұсқалардағы (1906, 1907), 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтардағы – «Жарылқа, Құдай, жатқанды» мәтіні алынды.
6-шумақтың 2-тармағы 1909 жылғы жинақ бойынша «Мұны ойла толғанып» болып алынды. 1933, 1939 жылғы жинақтарда – «Мұны да ойла толғанып». 1907 жылғы қолжазбада, 1945, 1954, 1957, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Оны да». 1909 жылғы нұсқа бойынша берілді.
8-шумақтың 1-тармағы 1906 жылғы қолжазбада – «Татулық пен тыныштықты».
1907 жылғы қолжазбада, 1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Татулықты, тыныштықты».
Бұл жаңа басылымында өлеңі 1909 жылғы жинақ бойынша берілді. Тыныс белгілері түзетілді.
88) «Жұмбақ» («Алла мықты жаратқан сегіз батыр») (1890). Тұңғыш рет
1933 жылғы жинақта жарияланған.
89) «Жұмбақ» («Қара жер адамзатқа болған мекен») (1891). Тұңғыш рет
1933 жылғы жинақта жарияланған.
90) «Жұмбақ» («Сыналар, ей жігіттер, келді кезің») (1891). Тұңғыш рет
1933 жылғы жинақта жарияланған.