Әр жылдары жазылған өлеңдерінің толық нұсқасы
* * *
Болды да партия, (168)
Ел іші жарылды.
Әуремін мен тыя,
Дауың мен шарыңды.
Құрбыдай хош тұттым
Жасың мен кәріңді.
Жоқтамай, ұмыттым
Ақыл мен нәріңді.
Ортаға көп салдым
Өзімде барымды.
Япырым-ау, неңді алдым,
Сау қоймай арымды?
Үйімнен үй бөліп,
Қозғадың тамырды.
Көңілге тік келіп,
Кетірдің сабырды.
Үйімді ақ, жарымды ақ,
Кеңімді, тарымды
Қарасам пайымдап,
Сөзің сол сарынды.
Өсекке салмаңдар
Үйімді, жарымды.
Өлшеуге алмаңдар,
Ісім бек тарылды.
Ұрыңнан асырдың
Сұм тілді қарыңды.
Жасырдым, жасырдым,
Енді айттым зарымды.
* * *
Қуаты оттай бұрқырап, (169)
Уәзінге1 өлшеп тізілген.
Жаңбырлы жайдай сырқырап,
Көк бұлттан үзілген.
Қайран тіл, қайран сөз –
Наданға қадірсіз.
Тәуекел мен батыр ой
Өткір тілді найза етіп,
Сайысып-ақ бақты ғой,
Неше түрлі айла етіп.
Оянбай, қайран жұрт,
Ұялмай қал жым-жырт!
Ақылмен ойлап білген сөз
Бойыңа жұқпас, сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз
Бар тамырды қуалар.
Ән салар, жатқа алар,
Түбінде құр қалар.
____________________
1 وزن – (араб.) [уәзн] – өлең өлшемі.
* * *
Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма? (170)
Баяғы күш, баяғы түсің бар ма?
Алды – үміт, арты – өкініш алдамшы өмір,
Желігін жерге тықпас кісің бар ма?!
Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма?
Бір бес күннің орны жоқ аптығарға.
Қай қызығы татиды қу өмірдің
Татуды араз, жақынды жат қыларға?
Ет жүрексіз еріннің айтпа сөзін,
Тіл үйренген нәпсінің қу мінезін.
Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма,
Шымылдық боп көрсетпес шынның жүзін.
* * *
Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма? (171)
Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?
Махаббат, ғадауатпен1 майдандасқан,
Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?
Амалсыз тағдыр бір күн кез болмай ма?
Біреуге жай, біреуге тез болмай ма?
Асау жүрек аяғын шалыс басқан
Жерін тауып артқыға сөз болмай ма?
Сонда жауап бере алман мен бишара,
Сіздерге еркін тиер, байқап қара.
Екі күймек бір жанға әділет пе?
Қаны қара бір жанмын, жаны жара.
Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!
Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ,
Айлаға, ашуға да жақтым шырақ.
Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,
Етекбасты көп көрдім елден бірақ.
Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,
Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме.
Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті,
Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!
Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей,
Мен келмеске кетермін түк өндірмей.
Өлең шіркін өсекші, жұртқа жаяр,
Сырымды тоқтатайын айта бермей.
____________________
1 عداوت – (араб.) [‘әдауәт] – дұшпандық, ашу, жек көру.
* * *
Жүректе қайрат болмаса, (172)
Ұйықтаған ойды кім түртпек?
Ақылға сәуле қонбаса,
Хайуанша жүріп күнелтпек.
Аспаса ақыл қайраттан,
Тереңге бармас, үстірттер.
Қартыңның ойы шар тартқан
Әдеті жеңіп күңгірттер.
Тән сүйгенін бермесе,
Жан шыдамас жаны ашып.
Бере берсең бер десе,
Үміт етер таласып.
Малда да бар жан мен тән,
Ақыл, сезім болмаса.
Тіршіліктің несі сән,
Тереңге бет қоймаса?
Атымды адам қойған соң,
Қайтіп надан болайын?
Халқым надан болған соң,
Қайда барып оңайын?!
ЖАМАНБАЛАНЫҢ БАЛАСЫ ӨЛГЕНДЕ
Белгілі сөз: «өлді, өлді», (173)
Белгісіз оның мекені.
Не халатқа1 әурілді2,
Қайда қандай екені.
_____________________
1 حالات – (араб.) [халат] – хәл-жай, жағдай.
2 اورلمک – (түрік.) [еурілмек] – айналу, түсу. Мұнда қандай күйге ұшырады деген мағынада.
* * *
Күн артынан күн туар, (174)
Бір күн дамыл еткізбес.
Ой артынан ой қуар,
Желге мінсең, жеткізбес.
* * *
Ауру жүрек ақырын соғады жай, (175)
Шаршап қалған кеудемде тулай алмай.
Кейде ыстық қан басып кетеді оны,
Дөңбекшіген түндерде тыншыға алмай.
Қараңғы саңырау қайғы ойды жеңген,
Еркелік пен достықты ауыр көрген.
Ақылы жоқ, ары жоқ шуылдақты
Күнде көріп, тұл бойы жиіркенген.
Тірілтіп өткен күнді, тағы шөлдеп,
Осы күнді күн демес қарғап, міндеп.
Кейде тілеп бақ пенен тағы тыныштық,
Кейде қайғы, азапты тағы да іздеп.
Кейде ойлайды жылауға қайғы зарын,
Тынышсыз күнде ойлаған дерттің бәрін.
Кейде онысын жасырар жұрттан ұрлап,
Кетірер деп мазақтап беттің арын.
Ауру жүрек ақырын соғады жай,
Өз дертін тығып ішке, білдіре алмай.
Кейде ыстық тағы да қан басады,
Кейде бір сәт тыншығар үн шығармай.
* * *
Қалқам-ай, мен үндемей жүремін көп, (176)
Ойлама отсыз, ойсыз, суық жан деп.
Жүректегі жалынды көзден жас қып,
Ағызғаным болады ол неге сеп?
Антұрған ел жүзіне тік қараймын,
Сонымды сен сөгеді-ау деп ойлаймын.
Жүрегімді кескілеп салып жүрген
Арсыздарды досым деп неге аяймын?
Ішімде қайғым қалың, көз жасым кем,
Адам жоқ, кімді дос деп мен шағушы ем?
Әйел адам гүлмен тең, дымды сүймек,
Көзінен жасы шықса, бойына ем.
Көңіліңе дайын тұр ғой жайым менің,
Дұшпандығың қатайған шығар сенің.
Егер менің ішімді жарып көрсең,
Жылауыңды ұмытып, шошыр едің.
ТЕРЕКТІҢ СЫЙЫ
(М. Ю. Лермонтовтан)
Асау Терек долданып, буырқанып, (177)
Тауды бұзып жол салған, тасты жарып.
Арыстанның жалындай бұйра толқын
Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып.
Кавказдан шықты жайнап, қылып у-шу,
Түзу жерден жол кернеп ұлғайды су.
Қалың қайрат бойында, беті күліп,
Момынсынған пішінмен ағады қу.
Кавказдай құзда туған перзенттенмін,
Бұлттың сүтін ішіп ержеткенмін.
Казбектен, ағам, сені көксеп шығып,
Кім қақтықса жолымда күйреткенмін.
Зор кеуде адамзаттың айласына
Көнбей, бүгін күшімді көрсеткенмін.
Екі езуім көпіріп, айғайласам,
Шын құтырсам шың тасты тербеткенмін.
Аптығып асау інің келді, ақсақал!
Тау, тасқа, адамзатқа салып жанжал.
Демалайын деп келдім, аш қойныңды,
Сәлем-сауқат әкелдім, қош көріп ал.
Әпкелген бұғы менен маралым бар,
Адамнан тартып алған көп малым бар.
Ер-тоқымы, атымен, қаруымен
Ер шеркесті әкелген амалым бар.
Мұның бәрі – тартуым сізге, – дейді,
Ақылыңды айт, ақсақал, бізге, – дейді.
Бақша, зауат, жайларды қылдым талқан,
Әрбір бай жалдап жатыр жүз кедейді.
Қартаң Каспий қалғыған бойыменен
Терекке көзін ашып үндемейді.
Азырқандың, білемін, ақсақал шал,
Тентегіңнің сөзіне құлағың сал.
Казак-орыс қатыны бір сұлуды
Әкеліп ем, қайтейін, оны-дағы ал!
Кәрі Каспий қара көк көзін ашты,
Жылы жүзбен Терекке амандасты.
Жыбыр қағып, қозғалып, сылқ-сылқ күліп,
Қатынды алды, қытықсыз араласты.
* * *
(М. Ю. Лермонтовтан)
Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз, (178)
Тастақ жол жарқырайды буға амалсыз.
Елсіз жер тұрғандай боп Хаққа мүлгіп,
Сөйлесіп, ымдасқандай көкте жұлдыз.
Мен көрдім көктің ғажап жасалғанын,
Жер ұйықтап, көкшіл шықпен бу алғанын,
Менің не мұнша қапа, қысылғаным
Үміт пе, өкініш пе ойланғаным?
Дүниеден үмітім жоқ менің деймін,
Өмірге өткен титтей өкінбеймін.
Азаттық пен тыныштық көксегенім,
Ұйықтамақ пен ұмытпақ деп іздеймін.
Өлімнің ұйқысы емес іздегенім,
Ұйқы, тыныштық, ұмыту – бер дегенім.
Көкірегімде өмірдің күші тұрып,
Іздеймін дем алысты үзбегенін.
Су сылдырап, жел гулеп, күн шуақтап,
Жылылық пен достықты тұрсын мақтап.
Өнген, өскен жақсы деп емен ағаш,
Теңселіп айтып тұрса, ол шайқақтап.
ШАЙТАН
(М. Ю. Лермонтовтан)
Мұңлы шайтан – Құдайдың қуған жаны, (179)
Күнәлі жер кез болып бір ұшқаны.
Өткен жақсы дәурені ойында оның,
Сондағы не көрген, не қылғаны.
Ол күнде нұрлы бейіс ішінде екен,
Өзі де періштелер түсінде екен.
Жылы жүзбен жұлдыздар жылжып жүріп
Сәлемдесер, сөйлесер күшінде екен.
Ол күнде көз жетпесті көп көздеген,
Түгел білім қайда екен деп іздеген.
Жапа-жалғыз білімнен бақ шықпайды,
Өлшеусіздің сыймасын бір сезбеген.
Босағасы кең еді, төрде орын тар,
Өрде жалғыз отырмақ ойында бар.
Жалғыздық – бір Тәңірінің сыбағасы,
Өршілдікпен лағнетке болған душар.
Құдайым шайтансың деп, лағнет етті,
«Лағнетпен де қор бола қалман» депті.
Алладан қарғыс алған кеудесінен
Сүю мен сол сағатта сенім кетті.
Адаммен сонан бері болды кекті,
Өлмес, өшпес өзіне көзі жетті.
Не қылғанмен қуанар болмаған соң,
Несіне жер дүниеге пәле септі?
Тиянақ, сенім, сүю көрмей өтті,
Алаң-жұлаң етіпті, тентірепті.
Алласыз дос таппады, сыр таппады,
Неше мың жыл кезсе де төңіректі.
Жаманды күнде азғырса, жан демейді,
Жақсы жаннан кей-кейде таяқ жейді.
Күнінде неше бүлік шығарса да,
Еңбегі жанған жан болып сүйінбейді.
Сүйтсе де жамандыққа бір тоймаған,
Антұрғандық қылығын еш қоймаған.
Баяғы алдау, ескірген кәрі иттікпен
Не қылдым, не бітірдім деп ойлаған.
«Ақылға, өмірге де адам кенде,
Өлмес адам, қайрат, күш – бәрі менде.
Күнінде жүз қуанып, күліп жүрген
Осы адам уайымсыз не еткен пенде?»…
* * *
(В. А. Крыловтан)
Мен көрдім ұзын қайың құлағанын, (180)
Қара жерге бас ұрып сұлағанын.
Жапырағы сарғайып, өлімсіреп,
Байғұстың кім тыңдайды жылағанын?
Мен көрдім ойнап жүрген қызыл киік,
Кеудесіне мылтықтың оғы тиіп,
Қалжырап, қансыраған, қабақ түскен, –
Кімге батар ол байғұс тартқан күйік?
Мен көрдім сынық қанат көбелекті,
О да білер өмірді іздемекті.
Күн шуаққа жылынар қалт-құлт етіп,
Одан ғибрат алар жан бір бөлек-ті.
Мен көрдім асық жардан уәдесіздік,
Өмірдің қызығынан күдер үздік.
Жылы жүрек суыды, жара түсті,
Шықпаған шыбын жанмен күн өткіздік.
Мен көрдім дүние деген иттің көтін,
Жеп жүр ғой біреуінің біреу етін.
Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда,
Көбінің сырты бүтін, іші түтін.
ЕМЕН МЕН ШІЛІК
(И. А. Крыловтан)
Шілік пен емен бір күн сөйлесіпті: (181)
– Аллаға неден жаздың, сорлы? – депті.
Торғайға да майысып солқылдайсың,
Тебесің жел бүлк етсе, әлпеншекті.
Құдай басқа салмасын сен секілді
Желмен жерге жығылып, жар сүзбекті.
Обалың бір құдайға, байғұс, сенің,
Қақтырып қойған мұнша бос селтекті.
Қарашы маған, сендей сорлы емеспін,
Тау, жартасқа, ұзарып, бой теңестім.
Сенің қорыққан дауылың – маған өкпек1,
Маңыма сәуле өткізбей, күнге егестім.
Тырп етпес менің күшім жауын, желге,
Жапырағым көлеңке талай жерге.
Сені де алып ығыма қорғар едім,
Иең сені бітірген иен дөңге.
– Есіркегіш екенсің, – деді шілік, –
Онша сорлы емеспін, тартпа күйік!
Сынбаймын майыссам да,солқылдаймын,
Желден маған келмейді еш кемшілік.
Бұ күнгі аман бола ма үнемі аман?
Кердеңдікпен деп тұрсың не бар маған.
Шалқақтық иілмейтін кімге жаққан,
Екпінге ерегіссең, қатер саған.
Кавказға бір қап-қара бұлыт мінді,
Естіп түрған кісідей тау күңіренді.
Жер-дүниені шаң, тұман қабат басып
Ойнақ қағып, құтырып дауыл келді.
Арты бұршақ, алды шаң жел құтырды,
Шілік жерге бас ұрды, емен тұрды.
Басы көкке, аяғы жерге енсе де,
Долданып қатты дауыл алып ұрды.
Майысқаннан шіліктің несі кетті,
Батыр, мақтан күйлеме сен де о ғұрлы.
______________________
1 Майда, әлсіз, желемік жел.
ҚАЗАҒА ҰРЫНҒАН ҚАРА ШЕКПЕН
(И. А. Крыловтан)
Қорасына бір байдың (182)
Түнде кірді ұрылар.
Қазынасы қайда сондайдың,
Аңдығыш, білгіш құрғырлар.
Біліп кеп тұрған лапкесін
Бұзып, талқан етіпті.
Түк қалдырмай әммесін,
Үптепті де кетіпті.
Жайынша жатып, қарны тоқ,
Ұйқысы қанып тұрды бай,
Тыр жалаңаш, түк те жоқ
Лапкесі, үйі айнадай.
Есі шықты, көрді де,
Ұры иттің қылғанын.
Ойбай салды, білді де,
Хаса сорлы болғанын.
Кешегі елдің бір байын
Бір түнде қалай мұнша алу?
Ояна келсе, дап-дайын
Қайыршы болып, қап салу.
Ойбай салды, зарлады,
Құр қайғыдан пайда жоқ.
Төңіректі шарлады,
Ұрыны табар айла жоқ.
Қарны да әбден ашады,
Ішеріне шай да жоқ.
Қайтерін білмей сасады.
Осындайлар қайда жоқ?
Ағайынын, достарын
Жиып алып үйіне,
Жылады шағып мұң-зарын,
Болыстық қыл деп күйіне.
Бәрі ақылды, бәрі есті,
Бәрі желдей еседі.
– Болмас еді бұл, – десті, –
Өзіңнен болды, – деседі.
Біреуі айтты: – Лапкеңді
Мұнша алысқа салмау ғой,
Аулаққа тастап әр неңді,
Бүйтіп ғапыл қалмау ғой.
– Аузың күйді аулақтан,
Енді жақын салсаңшы.
Қабаған біздің мойнақтан
Бір күшікті алсаңшы.
Бір күшікті сіз үшін
Берейін, құда, келтіріп.
Жылда талай күшікті
Бос қырушы ем өлтіріп.
Бөз орнына сөз беріп,
Құда, тамыр, дос кетті.
Қол ұстамай, көз көріп,
Айтқан арыз бос кетті.
Ағайынға іс түспек –
Ол бір үлкен қарғыс қой.
Аларың сонда ең күштеп –
«Бишара» менен «байғұс» қой.
ЖАРЛЫ БАЙ
(И. А. Крыловтан)
Жаман үйде жалғыз шал, (183)
Өзі – кедей, күңіренді.
Өзі көрген байлардың
Мінезінен жиренді.
Өзіне өзі сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
«Обал жоқ осы байларға
Мал қызығын көрмеген.
Жақсы киім кимеген.
Жақсы төсек, тәтті ас жоқ,
Жан қадірін білмеген.
Салпыл қақты, түн қатты,
«Мал-мал!» деді, мал тапты.
Байыған сайын күтім жоқ,
Пейілі кетті, ант атты.
Қартайғанша қақақтап,
Бұл тәңірі атқан талмай ма?
Бүйтіп жүріп өлмей ме,
Өлсе, бәрі қалмай ма?
Маған бітсе осы мал,
Жанымды неге қыстар ем?
Мың теңгені бір сомдай
Қызығыма ұстар ем.
Сән-салтанат жүруім
Болар еді татымды.
Есітер еді алыс жер
Қызықты жомарт атымды.
Байлықпен пайдам тигізіп,
Сыйлар ем алыс-жақынды.
«Сараңның – дәулет – өз соры», –
Деп айтыпты ақылды.
Аузын жимай, бір адам
Кіріп келді есіктен, –
Жәдігөй ме, шайтан ба? –
Әйтеуір әлгі сөзді есіткен.
Келе сала сөйлейді:
Байлықты керек қылдың сен.
Қылайын деген ісіңді
Мен есіттім байлықпен.
Мына біреу ішінде
Ділдәсі бар дорбаны ал!
Бірін алсаң және бір
Ділдә дайын, қолың сал.
Санап ала бер-дағы,
Дегеніңдей бола қал.
Қанша керек болса да,
Міне дәулет, міне мал.
Бірақ, байғұс, айтайын
Мұның бір сертін, қатты антын:
«Дорба қолда тұрғанда,
Ұстауға жоқ бір алтын.
Дорбаны әуелі дарияға ат,
Тойғаныңша ал-дағы.
Онан соң өзің білесің,
Ұстай бер қайтып бар-дағы».
Дорбаны беріп, жоғалды,
Аң-таң қылып байғұсты.
Есін жиып алған соң,
Дорбаға кедей жабысты.
Айтқанындай дорбаға
Қолын тықты, бірді алды.
Және бірі дап-дайын,
Есі шықты, таң қалды.
«Таң атқанша осылай
Бере берсе бұл дорба,
Талай алтын жиям ғой,
Ертең менен бай бар ма?
Қалбалақтап түн бойы,
Алып бақты ол сорлы.
Қанша алтынды алса да,
Тоя алмады ол ғұрлы.
Қарайды да алтынға,
Қомсынады «аз ғой», – деп,
«Қыстау керек, үй керек,
Сән-салтанат, расход көп.
Азар болса аштыққа
Тағы бір күн шыдармын.
Алтын ассын есептен,
Сонан кейін армансыз
Қыл дегенін қылармын».
Үйіндегі бір нанды
Бір ай жеді аз-аздан.
Бір күн түгіл, бір айға
Ынсап қылмай ол жазған.
Дорбаны суға салғалы
Дарияға жүз барған.
«Бүгінше тұрсын, өлмен», – деп,
Үйіне қайта апарған.
Дорбаны сауып тыныштықсыз
Бір ай түгіл, жыл өтті.
Алтындай жүзі сарғайды,
Қол дірілдеп, әл кетті.
Ассыз, сусыз, дерт жеңіп,
Өзі де әбден жүдепті.
Тоғыз миллион санарда
Ажал жетті, күн бітті.
Алтын қайда, сөз қайда?!
Қу нәпсіден не пайда?
ЕСЕК ПЕН БҰЛБҰЛ
(И. А. Крыловтан)
Тойған есек шөпті оттап маңайдағы (184)
Сонырқап шатқа кетті қай-қайдағы.
Тентіреп өлкені өрлеп келе жатып,
Жолықты бір бұлбұлға тоғайдағы.
– Сенбісің ақын бұлбұл, жаңа көрдім,
Атыңа жұрт мақтаған құмар едім.
Бір сайрап берсең, қалқам, өзім естіп,
Жұрттың сөзін рас па, сынар едім.
Өнерге салды бұлбұл сонда аңыратып,
Шыңғыртып, шымырлатып, сорғалатып,
Мың түрлі күйге салып толқынтады,
Маңайда жан біткенді таңырқатып.
Қой жатыр, қойшы тыңдап тұрды елбіреп,
Көзіне қып-қызыл боп жас мөлдіреп.
Жел соқпай, құс шуламай бәрі жым-жырт,
Әнге көңіл жіберіп тұрды елжіреп.
Бұлбұл болды, тосып тұр есек сөзін,
Есек жерге қаратып екі көзін:
«Іш пыспай-ақ тыңдарлық бар екенсің,
Әттегене-ай, білмепсің әтешті өзің!
Екенсің ән салуға сен-дағы епті,
Сен біраз әтеш әнін үйрен!» – депті.
Сол сықылды сыншының сөзін естіп,
Көз көрмеске бұлбұл да ұшып кетті.
Демеймін жұрт мақтасын,
Я жақсын, я жақпасын.
Сүйтсе де ондай сыншыдан
Құдайым мені сақтасын.
ҚАРҒА МЕН БҮРКІТ
(И. А. Крыловтан)
Қой жайылып жаздыгүн (185)
Шыққан екен қияға.
Аспаннан бүркіт құйқылжып,
Сорғалап келіп ыраға1,
Бір қозы іліп ап кетті,
Құздағы қиын ұяға.
Екпіні күшті ер үшін,
Еңбек қылды жем үшін
Ұядағы балаға.
Көрді де мұны бір қарға,
Желікті бір іс бастарға:
«Қозыны да тамақ деп,
Кім ап шықсын тастарға!
Ең семізін ілейін.
Қызық қылып асарға», –
Деді-дағы аралап,
Жабысты келіп қошқарға.
Қалшылдап, дірілдеп
Тырнағын салады,
Қанатын қайқайтып,
Ап кетпек болады.
Бүркіттей емес екені
Кешікпей-ақ білінді.
Жабағыға тырнағы
Шықпастай боп ілінді.
Жалпылдап, салпылдап,
Қойшыларға көрінді.
Әддін2 білмес шіркінді
Құдай әбден қарғады.
Қойшылар көріп күлісіп,
Ұстап алды қарғаны.
Құрысын да шіркіннің,
Семіз қойды алғаны.
Ұшпасын деп қимаған
Қанат, құйрық қалмады.
Бір жіпті берік бек байлап,
Аяғына жалғады.
Балаларға ойын боп,
Қор болып сүйтіп қалғаны.
Азат басың болсын құл,
Қолдан келмес іске ұмтыл!
_________________
1 Ыра – таудың құлама етегі.
1 حد – (араб.) [хәдд] – күш, шама деген мағынада.
ШЕГІРТКЕ МЕН ҚҰМЫРСҚА
(И. А. Крыловтан)
Шырылдауық шегіртке (186)
Ыршып жүріп ән салған.
Көгалды қуып гөлайттап,
Қызықпен жүріп жазды алған.
Жаздыгүнгі жапырақтың
Бірінде тамақ, бірінде үй,
Жапырақ кетті, жаз кетті,
Күз болған соң кетті күй.
Жылы жаз жоқ, тамақ жоқ,
Өкінгеннен не пайда?
Суыққа тоңған, қарны ашқан
Ойын қайда, ән қайда?
Оныменен тұрмады,
Қар көрінді, қыс болды.
Сауықшыл сорлы бүкшиді,
Тым-ақ қиын іс болды.
Секіру қайда, сүрініп,
Қабағын қайғы жабады.
Саламда жатып дән жиған
Құмырсқаны іздеп табады.
Селкілдеп келіп жығылды,
Аяғына бас ұра:
– Қарағым, жылыт, орын бер,
Жаз шыққанша асыра!
– Оның, жаным, сөз емес,
Жаз өтерін білмеп пе ең?
Жаның үшін еш шаруа
Ала жаздай қылмап па ең?
– Мен өзіңдей шаруашыл,
Жұмсақ илеу үйлі ме?
Көгалды қуып, ән салып,
Өлеңнен қолым тиді ме?
– Қайтсін, қолы тимепті,
Өлеңші, әнші есіл ер!
Ала жаздай ән салсаң,
Селкілде де, билей бер!
ӘНШІЛЕР
(И. А. Крыловтан)
Көршіні көрші шақырды, (187)
Болды да сыйлап ас бермек.
Қулығын ішке жасырды,
Баланың әнін есіттірмек.
Балалар шулап, бақырды,
Ынтасы – даусын білдірмек.
Қонақтың күйін қашырды,
Басты ауыртты көп дүрмек.
Алды-алдына кетеді,
Қосылмайды әндері.
Құлағынан өтеді
Құр айғай салған әндері.
« – Япырмай, көрші-ай, не қылды?
Бас ауырды, қаңғырды».
Құлағын басып жалынды,
Қойғыза көр деп құрғырды.
« – Тым-ақ даусын күштеген,
Бекер де емес сенікі.
Сүйтсе де арақ ішпеген
Есті ұлдар ғой менікі».
Есі шықпай мұнан да ішкен артық,
Қисыны жоқ қышқырған не еткен тантық!
АЛА ҚОЙЛАР
(И. А. Крыловтан)
Бір таудағы хайуанды бір арыстан (188)
Билеген патшасы екен әуел бастан.
Әділ атақ алмақшы ниеті бар,
Ешкімді ауыртпастан, жылатпастан.
Онысы рас, басында тәуір болған,
Сөйтсе де кімді бұзбас бақ антұрған.
Алдынан жан шықпаған патшамыздың
Ала қойды көргенде көзі ауырған.
Ала қойда кінә жоқ жүннен басқа,
Қойдан қашып шығыпты патша тасқа.
Көрсе қаза тұрады аза бойы,
Болмады бұған айла ойламасқа.
Тұрды патша қайғырып уайым жеп:
«Ала қойды болады қайткенім еп?»
Аю, түлкі – қасында уәзірлері,
Кеңеседі оларға «қайтемін?» – деп.
Қолбаң етіп, қорс етіп сөйледі аю:
– Батыр патшам, не керек көп ойлану?
Қойды жан деп, есіркеп кім аяйды?
Ақылы ала қойдың – қырып салу.
Қабағын түйді арыстан сөзін ұғып:
– Өлтірмегім оңай-ақ қойды сығып.
Өз жұртын өзі қырған патша бар ма?
Жаман аттан қорқамын, кетсе шығып.
– Бекер қан төктірмеңіз, әділ патшам,
Сөкпеңіз, – деді түлкі, – мен сөз айтсам.
Оңаша бір өзенді қойға беріп,
Қайраңында семіртіп, кең жайлатсаң.
Жарлықты кешіктірмей тез беріңіз,
Жаманды жақсыменен тең көріңіз.
Ала қой қорыққаннан өзі азаяр,
Қойшылыққа қасқырды жіберіңіз.
Қара деп қатты тапсыр ала қойды-ақ,
Өзгесі өсер, ол кемір, сөзіме бақ.
Жақсы сөзбен біреуге тапсырған соң,
Жаман аттан боласыз сіз-дағы аулақ.
«Құп» деді, оны арыстан қабыл көрді,
Қасқырға «жақсы бақ» деп жарлық берді.
Ала түгіл ағынан тыныш бопты,
Түлкінің айтқанындай қылып еді.
Түлкінің айтқаны рас, жұрт – ақылсыз,
Көре салды қасқырдан баяғы арсыз.
Антұрғандық түлкі мен арыстанда,
Ол болмаса, не қылмақ қасқыр жалғыз?
ҚАРҒА МЕН ТҮЛКІ
(И. А. Крыловтан)
Жұрт біледі, күледі, (189)
Сұрқия тілдің жаманын,
Қошеметшілердің амалын.
Сонда да солар қайда жоқ?
Ептеп айтса, ересің,
Артынан өкінсең де пайда жоқ.
Ірімшікті құдайым
Кез қылды бір күн қарғаға.
Алып ұшып барды да,
Қонды бір биік ағашқа.
Үлкен олжа емес пе
Ірімшік деген қарны ашқа?
Бір жеп алып, шүкірлік
Қылайын деп Аллаға,
Тұмсығында ірімшік,
Ойлап қарап тұрады,
Бір қу түлкі сорына
Жақын жерде жүр еді,
Ішіне сақтап қулығын,
Жақындап барып барлайды,
Бұлғақтатып құйрығын,
Қарғаның көзін алдайды.
Тәтті тілмен, тәтті үнмен
Сөйлесуге айналды:
«Қарағым, неткен сұлу ең!» –
Деп таңырқап таңданды, –
«Неткен мойын, неткен көз,
Осыдан артық дейсің бе
Ертегі қылып айтқан сөз?
Қалайша біткен, япырмай,
Мұрныңыз бен жүніңіз!
Періштенің үніндей
Деп ойлаймын үніңіз.
Осы көрікпен, бұл жүнмен,
Әншілігің белгілі,
Ұялмай, қалқам, бір сайра,
Біз де алалық үлгіні.
Құс төресі біздерге
Сіз боларсыз бір күні».
Басы айналды қарғаның
Сұмның айтқан сөзіне.
Қуанғаннан бөртініп,
Бір мастық кірді өзіне.
Өзіне біткен өңешін
Аямастан қарқ етті,
Ірімшік жерге салп етті,
Іс бітті, қу кетті.
ҚАРҒА МЕН ТҮЛКІ
(И. А. Крыловтан)
Боқтықта талтаңдап, (190)
Жан-жаққа жалтаңдап,
Бір қарға жүр еді.
Бір жатқан ірімшік
Көзіне түседі,
Көңілі өседі.
Тістеп ап ұшады.
Бір ағашқа қонды да,
Асықпай жемек болды да,
Мазатсып қарады
Оңына, солына.
Ағашқа қонып, қаранып,
Қанатын, жүнін таранып,
Болып еді мәз-мәйрам
Дейтіғұн емес қу қайдан,
Жем іздеген бір түлкі
Кездей келді сорына.
Ағаштан төмен түспеген,
Ірімшікті тістеген
Қарға түсті көзіне.
Қу – құмар ақымаққа
Алдап, арбап соқпаққа
Кеңеседі өзіне.
Жуасып, жабырқап,
Таң қалып, таңырқап,
Қарады жүзіне.
Қарашы залымның,
Бұл жұртқа мәлімнің
Алдаған сөзіне:
– Есен-сау жүрсіз бе?
Ақынның төресі?
Көп жерден белгілі
Тегін құс емесі.
Жүніңіз, үніңіз,
Мұрныңыз, көзіңіз,
Құлаққа көп тиген
Мақталған кеңесі.
Басынан өзгеше
Бітіпті денесі.
Көп жерден, қалқам-ай,
Құмарым тарқамай,
Сізді іздеп келіп ем.
Сүйінсін құлағым,
Тарқасын құмарым,
Әніңе бір салшы,
Асық боп өліп ем.
Мақтауға есіріп,
Барынша көсіліп,
Ырғалып қарқ етті,
Ірімшік жерге салп етті.
Тап етті, шап етті,
Ап кетті қу түлкі.
Антұрған, сол тұрған
Жеріңде бол күлкі.
БАҚА МЕН ӨГІЗ
(И. А. Крыловтан)
Қарасаң, тым-ақ көп (191)
Көре алмас іші тар.
Несі артық, бізден деп,
Салыспақ жұрт та бар.
Су ішкелі бір өгіз
Барып еді бұлаққа.
Бақалар қорқып, тарбақтап
Қашып шықты әр жаққа.
Бақаға өгіз таумен тең,
Ұшып кетті зәресі.
Мақтаншақтың, сен көрсең,
Бақада екен төресі.
Өз-өзінен бір бақа
Күшенді де, бөртінді.
Қарны үлкейді қампайды,
Өгіздей болам деп ісінді.
Қасындағы жолдасқа
«Қара, – деді,– сен бізге!
Қиын ба екен үлкею,
Жеткем жоқ па өгізге?»
«Ісіндің, күпіндің,
Сонда да не пайда?
Түрі жат өгіздің,
Сен қайда, ол қайда?»
Күшенді кеп кіжініп,
Келгенінше шамасы,
«Өстім ғой» – деп ісініп,
Деді: «енді қарашы!»
Қарады да, – «Дәнеме
Болған жоқ қой, қой!» – деді.
Қызып алған антұрған
Айтқанына көнбеді.
Ыңқыл қағып, тыпырлап,
Күшенді де, бөртінді.
Іш жарылды сытырлап.
Мақтанам деп өзі өлді.
Таласпа, жаным-ай,
Қолыңнан келмеске.
Боларсың бақадай,
Көп түссең егеске.
ПІЛ МЕН ҚАНДЕН
(И. А. Крыловтан)
Көшеде піл жетелеп біреу жүрді, (192)
Кім көрген хайуанды мұндай түрлі.
Көрсеткелі ап жүрген жануарды
Тамашалап, артынан жұрт боп ерді.
Көшеде қанден кездей кеп,
Ұмтылды пілге шаптығып.
Шаңқылдап үрді ерленіп,
Тартынбай ұрысар жан шығып.
Қанденге бір ит кездей боп
Деді: «Әддіңді білсеңші,
Пілмен ұрысар сиқың жоқ,
Мазақ болмай, қой, көрші!
Қырқылдап қалдың, не бітті?
Әуре болмай, қой! – депті.
Сен бұлқындың, ол кетті,
Жан деген жоқ ол сені».
«Мен де соны білемін,
Сондықтан ер боп келемін.
Ұрыс, соғыс қылмай-ақ,
Ер атанып көремін.
Жұрт мұнымды көрмей ме,
Батыр атақ бермей ме,
Қой, бұл қанден – ер шіркін,
Пілге де үрген демей ме?!»
ЕСЕК
(И. А. Крыловтан)
Қырық-елу қос бір жерден (193)
Қайтқан екен керуендер.
Мал айдап барып әр елден
Сауда қылып жүргендер.
Алтын артқан бір есек
Соларменен келеді.
Ол жай жүрсе, жұрт та жай,
Ол желсе, жұрт желеді.
Тамам қостың байлары
Маңайынан кетпейді.
Қошемет қылып бәрлері
Шомын да жөндеп ерттейді.
Ортаға алып әлгіні
Бәрі бірдей сыйлайды,
Бірі сүйіп құлақтан,
Бірі жүнін сыйпайды.
Сылап-сыйпап, қадірлеп,
Беретұғын жем де артық.
Есер шіркін есіріп,
Болып алды тым тантық.
Көш бойы жұрт қасында,
Өзгеменен жұмыс жоқ.
Атты теуіп, адамды
Тістесе дағы сөгіс жоқ.
«Құдай аман сақта, – деп –
Жарда, суда!» – бата алған.
Еркелетіп ат қойып,
«Жаппарқұл мырза» аталған.
Алтын үсте жүргенде,
Сол қадірмен көп жүрген.
Өз ойында көк есек
Өзгеше тудым деп жүрген.
Алтынды бір күн бай алды,
Есектен жұрт та түңілді.
«Жаппарқұл» аты жоғалды,
Боқ тасуға жегілді.
Қарасаңшы бойыңа,
Ұзын құлақ қалпың ғой.
Жұрт ергені соңыңа –
Үстіндегі алтын ғой.
168) «Болды да партия, ел іші жарылды» (1898). Мүрсейіт көшірмелерінде бар (1906, 1910).
Өлеңнің 2-шумағының 4-тармағы 1909 жылғы басылымында, 1933 жылғы жинақта «Ақыл мен нарыңді» болып берілген. Одан бергі жылдары шыққан кітаптарда – «Ақыл мен нәріңді».
Өлеңнің 4-шумағының 1-тармағы 1933 жылғы кітапта «Үйімнен үй бөліп» деп берілген. Қалған басылымдарда – «Ойымнан ой бөліп».
Өлеңнің 5-шумағы 1909, 1995 жылғы жинақтарда:
«Ойым да ақ, жарым да ақ,
Кеңімді, тарымды
Қарасам пайымдап,
Сөзің сол сарынды».
1939 жылғы кітапта:
«Ойымды ақ, жарымды ақ,
Кеңімді, тарымды
Қарасам байымдап,
Сөзің сол сарынды».
Бұл тармақ 1933 жылғы кітапта «Үйімді ақ, жарымды ақ» деп берілсе, 1961 жылғы басылымда «Ойымды-ақ, жарымда-ақ» болып жазылады.
Өлең бұл басылымында 1933 жылғы жинақ бойынша Мұхтар Әуезов өз қолымен түзеткен нұсқада алынды.
169) «Қуаты оттай бұрқырап» (1898). Өлең 1909 жылғы кітапта басылған (3-бөлік. «Өзі туралы»). Мүрсейіт көшірмелерінде жазылған (1906, 1907, 1910).
1907 жылғы қолжазбада, 1933–1995 жылдар аралығында шыққан жинақтарда 1-шумақтың 3-тармағы «Жаңбырлы жайдай сырқырап» болып жазылған. 1909 жылғы жинақта – «зырқырап».
Өлең бұл басылымында 1995 жылғы жинақ бойынша берілді.
170) «Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?» (1898). Бұл өлең 1909 жылғы кітапта басылған. (3-бөлік. «Өзі туралы»). Мүрсейіт қолжазбаларында бар (1906, 1910).
Өлеңдегі 1-шумақтың 4-тармағы 1909, 1939, 1945, 1954, 1961 жылғы кітаптарда – «Желікпен жерге тықпас кісің бар ма?». 1933 жылғыда – «Желік пен жерге тықпас кісің бар ма?». Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907, 1910) «Желігін жерге тықпас кісің бар ма?» деп берілген. 1977, 1995 жылғы жинақтарда қолжазба бойынша жазылған.
Өлеңнің 1909, 1933 жылғы басылымдарында «Ет жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін» деп басталатын 3-шумақ берілмеген. Бұл шумақ 1907 жылғы Мүрсейіт қолжазбасында бар. 1939 жылдан бастап шығып келе жатқан жинақтарда 3-шумақ толық беріліп келеді.
Өлең бұл басылымда әр жылдардағы басылымдарды салыстыру негізінде берілді.
171) «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» (1898). Бұл өлең 1909 жылғы кітапта басылған (3-бөлік. «Өзі туралы»). Мүрсейіт жазбаларында бар (1906, 1910).
3-шумақтың 3-тармағы 1933 жылғы жинақта «Екі күймек бір жанға әделет пе?» деп берілсе, 1939, 1945 жылғы кітаптарда – «Екі күймек бір жанға ғаделет пе?».
Өлеңнің 4-шумағының бастапқы жолы 1977 жылғы жинақта «Жүрегімнің түбіне терең бойла» деп берілсе, 1909 жылдан бастап барлық жинақтарда – «Жүрегіңнің түбіне терең бойла».
Өлеңнің соңғы шумағындағы 1-тармақ 1909, 1977, 1995 жылғы кітаптарда «Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей» болып басылған. Бұл тармақ Мүрсейіт жазбасында «Ішім толған у мен от, сыртым дүрдей» болып жазылған.
Өлең мәтіні 1909 жылғы жинақ бойынша беріліп отыр.
172) «Жүректе қайрат болмаса» (1898). Өлең 1909 жылғы кітапта басылған (5-бөлік. «Ой туралы»).
Өлеңнің 2-шумағының 3, 4-тармақтары 1909 жылғы кітапта:
«Қартыңның ойы шар тартқан
Әдет жеңіп күңгірттер».
Мүрсейіт қолжазбасында (1906):
«Қартаңның ойы шар тартқан
Әдеті жеңіп, күңгірттер».
1977, 1995 жылғы жинақтарда:
«Қартыңның ойы шар тартқан
Әдеті жеңіп күңгірттер».
Өлеңдегі «Үміт етіп таласып» деп келген 3-шумақтағы соңғы тармақ 1906 жылғы қолжазбада берілген.
173) Жаманбаланың баласы өлгенде (Белгілі сөз: «өлді, өлді») (1898). Өлең тұңғыш 1933 жылғы жинақта (218-бет) басылған.
Бұл бір ауыз өлеңді «Абай өзінің Жаманбала деген кедей көршісінің баласы өлгенде айтты» (1933 жылғы жинақ, 327-бет).
Мәтін тыныс белгісі түзетіліп, 1995 жылғы басылым бойынша алынды.
174) «Күн артынан күн туар» (1898). 1933 жылғы жинақта алғаш рет басылған Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907, 1910) бар. 1945 жылғы жинақта сарыны Лермонтовқа келеді, бірақ өз өлеңі деп түсінік берген.
1933, 1939, 1945 жылғы басылымдарында «Ой артынан ой туар» болып келген 3-тармақ 1957, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Ой артынан ой қуар» деп алынған.
175) «Ауру жүрек ақырын соғады жай» (1898). Өлең Мүрсейіт жазбаларында сақталған (1906, 1907, 1910).
Өлеңнің 1954 жылғы басылымында 2-шумақтың 1-тармағы Мүрсейіт Бікіұлының 1910 жылғы қолжазба көшірмесі негізінде «Қараңғы саңырау ойды қайғы жеген» болып берілген. 1957, 1977 жылғы жинақтарда Мүрсейіт Бікіұлының 1906, 1907 жылғы көшірме қолжазбаларына сүйеніп «Қараңғы саңырау ойды қайғы жеңген» деп түзетіліпті.
Осы басылымды әзірлеу барысында өлең мәтіні Мүрсейіт Бікіұлының
1906 жылғы қолжазба көшірмесі мен 1977, 1995 жылғы жинақтардағы нұсқалары бойынша салыстырылды.
Мүрсейіт қолжазбасында тармақтардың шумақтағы орны ауысып отырған.
1977, 1995 жылғы кітаптарда өлең бес шумақ, жиырма жол болып басылған.
Бұл басылымда өлең мәтіні 1995 жылғы жинақ бойынша берілді.
176) «Қалқам-ай, мен үндемей жүремін көп» (1898). 1909 жылғы жинақта алғаш басылған (15-бөлік, «Переуодтар»).
Өлең Абайдың негізгі басылымдарының барлығында берілген. Лермонтовтың өлеңі деп жорамалданып, осы өлеңнің түпнұсқасы ретінде қабылданып келген шығарманың орысша мәтіні:
И ты думаешь, будто я хладен и нем?
Малютка, под этим молчанием
Таится ужасная буря, зачем
Вырываться наружу ей тяжким рыданием?
Что я гордо смотрю на презренных людей,
Ты за то ли меня упрекаешь?
Но те люди торгуют рукою твоей,
Твоим сердцем хотят торговать. Ты их знаешь…
Дай мне руку твою! Посмотри мне в глаза!
Я без слез горько плакать умею,
Твои же слезы блестят как ночная роса,
На заре, поутру, освежая лилею.
Тебе легче – ты можешь в слезах выливать
Муки сердца. А я! Я родился
Мужчиной, я должен безмолвно страдать:
Своих собственных слез я б невольно стыдился.
Но поверь, если б ты вдруг меня поняла
И вгляделась в бесслезные очи:
Ты б от ужаса плакать забыла, и я
За тебя стал бы плакать все дни и все ночи.
Мүрсейіт Бікіұлының 1906 жылғы қолжазбасында бұл өлең «Жазба. Қалқам-ау, мен үндемей жүремін көп» деген атаумен 91–92-беттерде жазылған. 1907 жылғы қолжазбада «Лермонтов» деп жазылған. 1933-те – «Лермонтовтан». Ал 1940 және 1995 жылғы басылымдарда «Лермонтов» деп көрсетпейді. 1954 жылғы жинақтың түсінігінде алғаш рет бұл өлеңнің Лермонтовтыкі емес екендігі айтылды.
Өлеңнің 1-шумағының 2-тармағындағы тырнақшамен берілген «отсыз, ойсыз, тұйық жан» сөздері 1909 жылғы жинақ пен 1995 жылғы кітапта тырнақшасыз берілген. «Тұйық» сөзі «суық» боп жазылып келген.
Өлеңнің 2-шумағындағы 1-тармақ 1907 жылғы қолжазба, 1909, 1939, 1940, 1954 жылғы жинақтарда – «Антұрған ел көзіне тік қараймын». 1945 жылғыда – «Ант ұрған ел көзіне тек қараймын». 1995 жылғы кітапта «Антұрған жұрт көзіне тік қараймын» болып алынған.
3-шумақтың 3-тармағы Мүрсейіт Бікіұлының қолжазбасында «Айал адам гүлмен тең, демде сүймек» деп жазылған. Ал 1995 жылғы басылымда – «Әйел адам гүлмен тең, дымды сүймек».
3-тармақ 1909 жылғы кітапта «Жүрегімді кескілеп салып жүрген» болып жазылған. 1995 жылғы жинақта «Жүрегімді кескілеп сатып жүрген» деп алынған.
Өлең бұл басылымында 1995 жылғы жинақ бойынша берілді.
177) «Теректің сыйы» («Асау терек долданып, буырқанып») (1898). Абайдың бұл туындысы М. Лермонтовтың «Дары Терека» деген өлеңі негізінде дүниеге келген.
Бұл өлең Мүрсейіт қолжазбаларында «Наполеон. Теректің сыйы» деген атпен көшірілсе, 1909 жылғы литографияда «Лермонтов. Теректің сыйы» деген атпен берілген. 1933 жылғы басылымда «Лермонтовтан» деп жарияланса, қалған жинақтарда «Теректің сыйы. Лермонтовтан» деп басылған.
2-шумақтың алғашқы екі жолы 1933 жылғы кітапта:
Қапқаздан шықты қинап, қылып у-шу,
Тұз жерден ақыл кіріп ұлғайды су, –
деп басылған. Осы екі тармақ Мүрсейіт қолжазбалары мен қалған басылымдарда төмендегіше келетіні белгілі:
Кавказдан шықты жайнап, қылып у-шу,
Түзу жерден жол кернеп ұлғайды су.
3-шумақтың «Кавказдай құзда туған перзенттенмін» деп келетін 1-тармағындағы «перзенттенмін» деген сөз 1940, 1961 жылғы басылымдарда «перзентіңмін» болып берілген.
Осы шумақтың 2-тармағы Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909, 1933, 1940 жылғы басылымдарда «Бұлттың сүтін ішіп ержеткенмін» деп жарияланған. 1961, 1995 жылғы жинақтарда «сүтін еміп» деп берілген.
4-шумақтың 2-тармағы 1933 жылғы кітапта «Көнбейтұғын күшімді көрсеткенмін» деп басылған. Осы жолдың алғашқы сөзі басқа басылымдарда «Көнбей, бүгін күшімі көрсеткенмін» деп берілген.
Осы шумақтың 3-тармағы 1933 жылғы алғашқы толық басылымда «Екі езуім көпіріп айқай салып» деп жазылған. Бұл тармақтың соңғы сөзі басқа басылымдарда «айқайласам» деп келеді.
5-шумақтың 1-тармағы Мүрсейіт қолжазбаларында «Аптығып асауына келді, ақсақал!» деп көшірілген. Басылымдардың бәрінде бұл жол «Аптығып асау інің келді, ақсақал!» деп берілген.
7-шумақтың 3-тармағы 1933 жылғы жинақта «Бақша, зауат жағалай қылдым талқан» деп берілген. Осы жол қалған басылымдарда «Бақша, зауат, жайларды қылдым талқан» деп басылған.
7-шумаққа қосарлана келетін «Қартаң Каспий қалғыған бойыменен» дегендегі «қалғыған» сөзі Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909, 1922, 1923 жылғы басылымдарында «қалтиған» болып берілген.
Соңғы шумақтың «Қатынды алды, қытықсыз араласты» деген тармағы 1933 жылғы кітапта «Қатынды алып қытықсыз араласты» болып берілген.
178) «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз» (1898). Ақынның бұл туындысы М. Ю. Лермонтовтың «Выхожу один я на дорогу» атты өлеңінің тәржімасы. Мүрсейіттің қолжазбаларында, сондай-ақ, 1909, 1933, 1940, 1945, 1961, 1995 жылғы басылымдарда берілген.
Өлең мәтіні қолжазбалармен, барлық басылымдармен тексерілді.
179) «Шайтан» (1898) («Мұңлы шайтан құдайдың қуған жаны»). Алғаш
1909 жылғы жинақта басылған (15-бөлік, «Переуодтар»).
М. Ю. Лермонтовтың «Демон» атты поэмасынан аударма.
Бұл өлең 1909 жылғы кітапта (Лермонтовтан) деп берілген.
Мәтіндік тұрғыда 1907 жылғы қолжазба мен 1909, 1995 жылғы жинақтарда айырмашылықтар бар:
1-шумақтың 2-тармағы 1909 жылғы кітапта «Күнәлі жер кез болып бір ұшқаны» деп алыныпты. 1907 жылғы қолжазба көшірмесiнде, 1995 жылғы жинақта – «кез келіп».
4-шумақтағы 2-тармақ 1909 жылғы жинақта – «Өрде жалғыз отырмақ ойында бар».
Абай шығармаларының кейінгі негізгі басылымдарында – «Төрде жалғыз отырмақ ойында бар».
Сондай-ақ, осы басылымда кейінгі бірқатар жинақтарда «Түгел білем қайда екен деп іздеген» деген жол (3-шумақ, 2-тармақ) «Түгел білім қайда екен деп іздеген» деп түзетіліп беріліп отыр.
Түпнұсқа еркін аударылған. Өлеңнің соңғы шумақтарын Абай өз жанынан қосып шығарған.
Соңғы шумақтың 2-тармағы 1909 жылғы кітапта «Өлмес адам, қайрат, күш – бәрі менде» болып жазылған.
1995 жылғы кiтапта «Өлмес өмір, қайрат күш – бәрi менде» деп түзетілген. Өлең бұл басылымында осы түзетулер бойынша беріліп отыр.
ДЕМОН
Восточная повесть
ЧАСТЬ I
Печальный Демон, дух изгнанья,
Летал над грешною землей,
И лучших дней воспоминанья
Пред ним теснилися толпой;
Тех дней, когда в жилище света
Блистал он, чистый херувим,
Когда бегущая комета
Улыбкой ласковой привета
Любила поменяться с ним,
Когда сквозь вечные туманы,
Познанья жадный, он следил
Кочующие караваны
В пространстве брошенных светил;
Когда он верил и любил,
Счастливый первенец творенья!
Не знал ни злобы, ни сомненья,
И не грозил уму его
Веков бесплодных ряд унылый…
И много, много… и всего
Припомнить не имел он силы!
II
Давно отверженный блуждал
В пустыне мира без приюта:
Вослед за веком век бежал,
Как за минутою минута,
Однообразной чередой.
Ничтожной властвуя землей,
Он сеял зло без наслажденья.
Нигде искусству своему
Он не встречал сопротивленья –
И зло наскучило ему.
180) «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» (1898). Шығарма алғаш 1909 жылғы жинақта (15-бөлік, «Переуодтар») жарияланған. Мүрсейіт көшірмелерінде бар.
Өлең ертеректе Лермонтовтан аударма деп есептеліп келген. 1909 жылғы жинақта «Переуод бөтен орыс өлеңінен» деп беріледі. 1954 жылғы екі томдықта
(II том, 51-бет) оның «Разбитое сердце» деген орыс романсынан (сөзі В. А. Крыловтікі, сазы – А. Рубинштейндікі) тәржімаланғаны көрсетілген. 3. А. Ахметовтың «Лермонтов и Абай» атты кітабында (А. 1954) анықталған (35–36-бб.)
Өлеңнің 1-шумағының 2-тармағы 1909 жылғы жинақта «Қара жерге бас ұрып сұлағанын» деп берілсе, 1940, 1945, 1957, 1977, 1995 жылғы шыққан басылымдарда «Бас ұрып қара жерге сұлағанын» болып жазылған.
Өлеңнің 3-шумағының 3-тармағы Мүрсейіт қолжазбасында «Күн шуақтап бейшара қалт-құлт етіп» деп жазылған. 1909, 1977, 1995 жылғы басылымдарда «Күн шуаққа жылынар қалт-құлт етіп» болып берілген. 1940, 1945 жылғы жинақта «Күн шуақта жатады, қалт-құлт етіп» деп берілген. Осында 4-тармақтың басындағы сөз Мүрсейіт жазбасында «Онан», 1909, 1940, 1945, 1977, 1995 жылғы кітапта «Одан» болып жазылған.
4-шумақ Мүрсейіт көшірмесінде «Мен көрдім асық жардан уағдасыздық» болып жазылған. Бұл 1909 жылғы кітап пен 1940, 1957, 1977, 1995 жылғы басылымдарда «Мен көрдім ғашық жардан уәдесіздік» болып берілген. Осы шумақтың 3-тармағы 1957, 1977 жылғы басылымдарда «Жылы жүрек суынды, жара түсті» болып жазылған. Ал 1909, 1940, 1945, 1995 жылғы басылымдарда «Жылы жүрек суыды, жара түсті» деп келеді. Өлеңнің соңғы шумағының 1, 2-тармағы Мүрсейіт Бікіұлының 1907 жылғы қолжазбасында:
«Мен көрдім дүние деген иттің көтін,
Жеп жүрген көп бірінің біреу етін».
1909, 1922, 1933 жылғы жинақтарда:
«Дүние деген шіркіннің көрдік көтін,
Бірінің жеп жүрген көп біреуі етін».
Орыс тіліндегі түпнұсқада бұл соңғы шумақ жоқ.
Өлеңнің орысша мәтіні:
РАЗБИТОЕ СЕРДЦЕ
Я видел березку – сломилась она,
Верхушкой к земле преклонилась она;
Но листья не блекли на тонких ветвях,
Покамест не спряталось солнце в горах.
Я бабочку видел с разбитым крылом,
Бедняжка под солнечным грелась лучом,
Стараясь и слабость, и смерть превозмочь,
Пока не настала холодная ночь.
Стрелка видел я, как он лань подстрелил,
Животное пало в крови и без сил,
Со смертью бороться оно не могло,
И жить перестало, как солнце зашло.
Ах, мне изменила подружка моя,
И солнце померкло давно для меня;
Но смерть и покой я напрасно зову –
И с сердцем разбитым живу да живу.
181) «Емен мен шілік» (1898) («Шілік пен емен бір күн сөйлесіпті»). Шығарма алғаш 1909 жылғы жинақта (15-бөлік, «Переуодтар») жарияланған. «И. А. Крыловтың «Дуб и трость» атты мысалының аудармасы.
Бұл өлең 1909 жылғы жинақта (Переуод Крыловтан) болып берілді. 1995 жылғы кітапта «Емен мен шілік» атауымен (И. А. Крыловтан) деп көрсетіліп басылды.
3-шумақтың 3-тармағы 1995 жылғы басылымда «Сенің қорыққан дауылың – маған өлкек» деп берілген. Жаңа басылымға да «маған өлкек» нұсқасы алынды.
1907 жылғы қолжазба нұсқада 4-шумақтың 1, 2-тармақтарының орны ауысқан.
Бұл аударма жекелеген түзетулермен басылып отыр.
Орысша мәтіні мынадай:
ДУБ И ТРОСТЬ
С Тростинкой Дуб однажды в речь вошел.
«Поистине, роптать ты вправе на природу, –
Сказал он, – воробей, и тот тебе тяжел.
Чуть легкий ветерок подернет рябью воду,
Ты зашатаешься, начнешь слабеть
И так нагнешься сиротливо,
Что жалко на тебя смотреть.
Меж тем, как, наравне с Кавказом, горделиво,
Не только солнца я препятствую лучам,
Но, посмеваяся и вихрям, и грозам,
Стою и тверд и прям,
Как будто б огражден ненарушимым миром.
Тебе все бурей – мне кажется зефиром.
Хотя б уж ты в окружности росла,
Густою тению ветвей моих покрытой,
От непогод бы я быть мог тебе защитой;
Но вам в удел природа отвела
Брега бурливого Эолова владенья:
Конечно, нет совсем у ней о вас раденья». –
«Ты очень жалостлив, – сказала Трость в ответ, –
Однако не крушись: мне столько худа нет,
Не за себя я вихрей опасаюсь;
Хоть я и гнусь, но не ломаюсь:
Так бури мало мне вредят;
Едва ль не более тебе они грозят!
То правда, что еще доселе их свирепость
Твою не одолела крепость
И от ударов их ты не склонял лица;
Но – подождем конца!»
Едва лишь это Трость сказала,
Вдруг мчится с северных сторон
И с градом, и с дождем шумящий аквилон.
Дуб держится, – к земле Тростиночка припала,
Бушует ветер, удвоил силы он,
Взревел – и вырвал с корнем вон
Того, кто небесам главой своей касался
И в области теней пятою упирался.
182) «Қазаға ұрынған қарашекпен» (1898) («Қорасына бір байдың»).
И. А. Крыловтың «Крестьянин в беде» атты мысалының аудармасы. Шығарманың мәтіні алғаш 1909 жылғы жинақта «Қазаға ұрынған қара» (Крыловтан)» деп жарияланған (15-бөлік, «Переуодтар»).
Аударма өлеңдегі 3-шумақтың 1-тармағы 1907 жылғы қолжазбада, 1940, 1945, 1957, 1961, 1977, 1995 жылғы кітаптарда «Қайғысыз жатып, қарны тоқ» деп берілген. Ал 1909 жылғы жинақта «Жайынша жатып, қарны тоқ» деп жазылған.
3-шумақтың 1-тармағы 1907 жылғы қолжазбада, 1995 жылғы нұсқада «Сыр жалаңаш түк те жоқ», 1909 жылғы жинақта 8-шумақтың 1-тармағы «Ағайынын, достарын» деп жазылған. Бұл тармақ 1940, 1945, 1977, 1995 жылғы кітаптарда «Ағайынын, дос-жарын» деп басылған. Ал 1957, 1961 жылғы нұсқаларында «Ағайынын, досшарын». Аталған тармақтың жаңа басылымда 1909 жылғы нұсқасы алынды.
Бұл жинақта 3-шумақтың 3-тармағы «Тыр жалаңаш, түк те жоқ» болып өзгертіліп берілді.
КРЕСТЬЯНИН В БЕДЕ
К Крестьянину на двор
Залез осенней ночью вор;
Забрался в клеть и, на просторе,
Обшаря стены все, и пол, и потолок,
Покрал бессовестно, что мог:
И то сказать, какая совесть в воре!
Ну так, что наш мужик, бедняк,
Богатым лег, а голью встал такою,
Хоть по-миру поди с сумою;
Не дай бог никому проснуться худо так!
Крестьянин тужит и горюет,
Родню сзывает и друзей,
Соседей всех и кумовей.
«Нельзя ли», говорит: «помочь беде моей?»
Тут всякий с мужиком толкует,
И умный свой дает совет.
Кум Карпыч говорит: «Эх, свет!
Не надобно было тебе по миру славить,
Что столько ты богат».
Сват Климыч говорит: «Вперед, мой милый сват,
Старайся клеть к избе гораздо ближе ставить». –
«Эх, братцы, это все не так»,
Сосед толкует Фока:
«Не то беда, что клеть далека,
Да надо на дворе лихих держать собак;
Возьми-ка у меня щенка любого
От Жучки: я бы рад соседа дорогого
От сердца наделить,
Чем их топить».
И словом, от родни и от друзей любезных
Советов тысячу надавано полезных,
Кто сколько мог,
А делом ни один бедняжке не помог.
На свете таково ж: коль в нужду попадешься,
Отведай сунуться к друзьям:
Начнут советовать и вкось тебе, и впрямь:
А чуть о помощи на деле заикнешься,
То лучший друг
И нем и глух.
183) «Жарлы бай» (1898) («Жаман үйде жалғыз шал»). И. А. Крыловтың «Бедный богач» деген мысалының аудармасы. Шығарма алғаш 1909 жылғы жинақта «Переуодтар» деп аталған 15-бөлікте 32-өлең болып басылды. 1995 жылғы кітапта «Жарлы бай» (И. А. Крыловтан) деп берілген.
1909, 1945, 1957, 1961, 1995 жылғы жинақтардағы «Санап ала бер дағы» деп басталған шумақтың «Қанша керек болса да, Міне дәулет, міне мал» болып жалғасатын тармақтары Мүрсейіт қолжазбасында жоқ (1907).
Бұл шумақтың 2-тармағы 1907 жылғы қолжазбада, 1945, 1957, 1961, 1977, 1995 жылғы кітаптарда – «Дегеніндей бола қал». Ал тұңғыш жинақта – «Айтқаныңдай».
1909 жинақтағы «Дорбаға кедей жабысты» деп аяқталатын он төртінші шумақтан кейінгі он бесінші шумақ:
Айтқанындай дорбаға
Қолын тықты, бірді алды.
Және бірі дап-дайын,
Есі шықты, таң қалды.
«Дорбаға кедей жабысты» болып аяқталған шумақтан соң Мүрсейіт қолжазбасында (1907) бұл шумақ жалғаспайды. Онда былай жазылған:
Қолын салды, бір алды,
Ала берсе жәні бір.
Тіллә дайын қол салды.
Есі шығып, таң қалды.
1940, 1945, 1957, 1961, 1977, 1995 жылғы басылымдарда соңғы тармағы «Есі шығып, таң қалды».
1940, 1945, 1957, 1961 жылғы жинақтардағы 17-шумақтың 1-тармағы «Деп қалбақтап түн бойы» десе, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Қалбалақтап түн бойы» деп жазылады. Осы шумақтың 3-тармағында 1940, 1945, 1957, 1961, 1977, 1995 жылғыда «Қанша алтын алса да» десе, 1909 жылғыда – «Қанша алтынды алса да» болады.
1940, 1945, 1977, 1995 жылы ұсынылған еңбектерде 21-шумақтың 2-тармағы «Дарияға таман жүз барған» деп берілсе, 1909, 1957, 1961 басылымдарда «Дарияға жүз барған».
Аталған шумақтың 3-тармағы 1909 жылғы тұңғыш жинақта «Ертеңгеше тұрсын, өлмен», – деп жазылса, 1954, 1957, 1977, 1995 жылғы басылымдар бұл жолды «Бүгінше тұрсын, өлмен», – деп береді. Бұл жаңа нұсқада аталған тармақ таңдалды.
Өлеңнің соңғы шумағының соңғы тармағы 1940 жылғы басылымда «Құр нәпсіден не пайда?» болып жазылса, 1909, 1945, 1957, 1961, 1977, 1995-те «Қу нәпсіден» болып беріледі.
Өлең әр жылдары жарық көрген басылымдарды салыстыру нәтижесінде берілді.
БЕДНЫЙ БОГАЧ
«Ну стоит ли богатым быть,
Чтоб вкусно никогда ни сьесть, ни спить
И только деньги лишь копить?
Да и на что? Умрем, ведь все оставим.
Мы только лишь себя и мучим, и бесславим.
Нет, если б мне далось богатство на удел,
Не только бы рубля, я б тысяч не жалел,
Чтоб жить роскошно, пышно,
И о моих пирах далеко б было слышно;
Я даже делал бы добро другим.
А богачей скупых на муку жизнь похожа».
Так рассуждал Бедняк с собой самим,
В лачужке низменной, на голой лавке лежа;
Как вдруг к нему сквозь щелочку пролез,
Кто говорит – колдун, кто говорит – что бес,
Последнее едва ли не вернее:
Из дела будет то виднее,
Предстал – и начал так: «Ты хочешь быть богат,
Я слышал, для чего; служить я другу рад.
Вот кошелек тебе: червонец в нем, не боле;
Но вынешь лишь один, уж там готов другой.
Итак, приятель мой,
Разбогатеть теперь в твоей лишь воле.
Возьми ж – и из него без счету вынимай,
Доколе будешь ты доволен;
Но только знай:
Истратить одного червонца ты не волен,
Пока в реку не бросишь кошелька».
Сказал – и с кошельком оставил Бедняка.
Бедняк от радости едва не помешался;
Но лишь опомнился, за кошелек принялся,
И что ж?– Чуть верится ему, что то не сон:
Едва червонец вынет он,
Уж в кошельке другой червонец шевелится.
«Ах, пусть лишь до утра мне счастие продлится!»
Бедняк мой говорит:
«Червонцев я себе повытаскаю груду;
Так, завтра же богат я буду –
И заживу, как сибарит».
Однако ж поутру он думает другое.
«То правда», говорит: «теперь я стал богат;
Да кто ж добру не рад!
И почему бы мне не быть богаче вдвое?
Неужто лень
Над кошельком еще провесть хоть день!
Вот на дом у меня, на экипаж, на дачу;
Но если накупить могу я деревень,
Не глупо ли, когда случай к тому утрачу?
Так удержу чудесный кошелек:
Уж так и быть, еще я поговею
Один денек,
А, впрочем, ведь пожить всегда успею».
Но что ж? Проходит день, неделя, месяц, год –
Бедняк мой потерял давно в червонцах счет;
Меж тем он скудно ест и скудно пьет;
Но чуть лишь день, а он опять за ту работу.
День кончится, и, по его расчету,
Ему всегда чего-нибудь недостает.
Лишь кошелек нести сберется,
То сердце у него сожмется:
Придет к реке, – воротится опять.
«Как можно», говорит: «от кошелька отстать,
Когда мне золото рекою само льется?»
И, наконец, Бедняк мой поседел.
Бедняк мой похудел;
Как золото его, Бедняк мой пожелтел.
Уж и о пышности он более не смекает:
Он стал и слаб, и хил; здоровье и покой,
Утратил все; но все дрожащею рукой
Из кошелька червонцы вон таскает.
Таскал, таскал… и чем же кончил он?
На лавке, где своим богатством любовался,
На той же лавке он скончался,
Досчитывая свой девятый миллион.