Абайдың өлеңдері

Әр жылдары жазылған өлеңдерінің толық нұсқасы

Өлеңдері мен аудармалары

1899

* * *
Есіңде бар ма жас күнің, (194)
Көкірегің толық, басың бос.
Қайғысыз, ойсыз, мас күнің,
Кімді көрсең – бәрі дос.

Махаббат, қызық, мал мен бақ
Көрінуші еді досқа ортақ.
Үміт жақын, көңіл ақ,
Болар ма сондай қызық шақ?

Құдай-ау, қайда сол жылдар,
Махаббат, қызық мол жылдар?
Ақырын, ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау құрғырлар.

Жалынасың, боқтайсың,
Сағынасың, жоқтайсың.
Махаббат кетті, дос кетті –
Жете алмайсың, тоқтайсың.

Көзіме жас бер, жылайын,
Шыдам бер, сабыр қылайын.
Жаралы болған жүрекке
Дауа бер, жамап сынайын.

 

* * *

 

Жүрегім менің қырық жамау(195)
Қиянатшыл дүниеден.
Қайтіп аман қалсын сау,
Қайтқаннан соң әрнеден.

Өлді кейі, кейі – жау,
Кімді сүйсе бұл жүрек.
Кімі – қастық, кімі – дау,
Сүйенерге жоқ тірек.

Кәрілік те тұр тақау,
Алдымызда айла жоқ.
Қайғысыздың бәрі – асау,
Бізге онан пайда жоқ.

Қан жүректі қайғылы-ау,
Қайырыла кет сен маған.
Қасиетін ойлан-ау,
Қам көңілдің тынбаған.

 

* * *

 

Адам бір – боқ көтерген боқтың қабы, (196)
Боқтан сасық боласың өлсең тағы.
Менімен сен тең бе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі – ол баяғы.

Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?!

 

* * *

 

Күшік асырап, ит еттім, (197)
Ол балтырымды қанатты.
Біреуге мылтық үйреттім,
Ол мерген болды, мені атты.

 

* * *

 

Сүйсіне алмадым, сүймедім, (198)
Сүйегім жасып, сор қалың.
Сүйісіп саған тимедім,
Бола алмадым сенің жарың.

 

ДҮТБАЙҒА

 

Жылуы жоқ бойының, (199)
Жылмиғаны неткені?
Құбылуы ойының –
Кетпей құйтың еткені.

Мұңды, жылмаң пішінін
Кезек киіп, ел жиып,
Болыс болса, түсінің
Түксігін салар тырсиып.

Бір көрмеге тәп-тәтті
Қазаны мен қалбаңы.
Дөң айналмай ант атты,
Бүксіп, бықсып ар жағы.

Сенен аяр түгі жоқ,
Бүгін сыйлас көрініп,
Бүгін жалын, ертең шоқ,
Сөзі мен өзі бөлініп.

Әлгі үміт, әлгі серт,
Жын сықылды бұзылып.
Қулық емес, бұл – бір дерт,
Тұрлауы жоқ құбылып.

 

* * *

 

Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен, (200)
Менмен, кердең, қайғысыз ер көңілмен,
Жазғытұрым жасырып жердің бетін,
Жасыл шөппен, бой жеткен егінмен тең.

Сонан бері рахымсыз көп жыл өтті,
Орақ келер, орылар мезгіл жетті.
Жылы менен суықтың бәрін көріп,
Қайран көңіл қайыспай қайрат етті.

Ауыр ойды көтеріп ауырған жан,
Қайғы, қасірет жүзіңе белгі салған.
Дәні толық, басы үлкен егіндей-ақ
Сенің де басың имек жерге таман.

Өлейін деп өлмейді өлерлік жан,
Әсте өлмесін білгендей қылық қылған.
Ажал келіп бас салса, жанды ұрласа,
Өмір қайда, сен қайда, соны да ойлан.

Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың, білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ.

 

ЖАЛАУ

 

(М. Ю. Лермонтовтан)

 

Жалғыз жалау жалтылдап (201)
Тұманды теңіз өрінде.
Жат жерде жүр не тыңдап?
Несі бар туған жерінде?

Ойнақтап толқын, жел гулеп,
Майысар діңгек сықырлап.
Ол жүрген жоқ бақ іздеп,
Қашпайды бақтан бойды ұрлап.

Астында дария – көк майдан,
Үстінде сәуле – алтын күн.
Қарашы, бүлік ол құдайдан
Сұрайды дауыл күні-түн.

 

ЖАРТАС

 

(М. Ю. Лермонтовтан)

 

Қонады бір күн жас бұлт (202)
Жартастың төсін құшақтап.
Жөнелді ертең, қалды ұмыт,
Көк жүзіне ойнақтап.

Ажымды жүзі тершіген
Кәрі жартас таң қапты:
– Бәрі осы-ау, – деп, – қыз деген,
Томсарып тұрып жылапты.

 

* * *

 

(Я. Полонскийден)

 

Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы, (203)
Теңіздің түбіндей-ақ, ойлап бақшы:
Сол жүректен жылылық, достық пенен
Бұлақша ағып ғаламға тарамақшы.

Жан шөлдер өзіңдеймен танысқанша,
Бірінен бірі үлесіп алысқанша.
Құмарланар, сүйісер жүрек тауып,
Қытықсыз қызықпенен бас қосқанша.

Жұрттың сөзі: тағдырға адам көнбек,
Бір антұрған еріксіз мезгіл келмек.
Осы сенің қызығың, қуанышың
Бейне сағым жоқ болып түгесілмек.

Бейне бір сол қазынаны бір жау алмақ,
Жүректің кең дариясы құрып қалмақ.
Суық ақыл жүрекке бұйрық жазып,
Оны бір өзі өзгеше жолға салмақ.

Жүрегін пайдасы үшін жұрт ұсатпақ,
Гірмен өлшеп базарға ұстап сатпақ.
Оны сатып, ол кімді уатады?
Оның өзін тағы да кім уатпақ?

Жұрт айтқан сол ант мезгіл келсең керек…
Мен де пенде, амалсыз көнсем керек.
Қызығы зор қайран дос, қайран тату,
Сендер өлдің, мен-дағы өлсем керек!

1900

* * *

Жүрегім, нені сезесің, (204)
Сенен басқа жан жоқ па?
Дүниені, көңілім, кезесің,
Тиянақ жоқ па, қой, тоқта!

Сезгеніңді сездіріп,
Жете алмадың ортаққа.
Тірі жаннан бездіріп,
Апарасың қай жаққа?

Ортақтық, тыныштық достық қой,
Оның қадірін кім білер?
Әркімге тілеу қостық қой,
Бәрі – алдамшы саудагер.

Халықтың аты керек қой
Я мақтауға, боқтауға.
Құбылға бәрі зерек қой,
Бәрі жайсыз тоқтауға.

Досты қайдан табасың,
Кеңесерге адам жоқ.
Әрлі-берлі шабасың,
Жалғыздықтан жаман жоқ.

Ақыл айтсаң біреуге
Ішің еріп, егіліп,
Ұялмас ақы тілеуге,
Бермесең қалар түңіліп.

Ақы беріп тыңдатқан
Сөз көкейге қонар ма?
Құлағын сатқан тәңірі атқан
Оңдырар ма, оңар ма?

Күйесің, жүрек, күйесің,
Күйгеніңнен не пайда?
Дүниеде нені сүйесің,
Өмір қайда, дос қайда?

 

* * *

 

Көлеңке басын ұзартып, (205)
Алысты көзден жасырса.
Күнді уақыт қызартып,
Көк жиектен асырса.

Күңгірт көңілім сырласар
Сұрғұлт тартқан бейуаққа,
Төмен қарап мұңдасар,
Ой жіберіп әр жаққа.

Өткен өмір – қу соқпақ,
Қыдырады талайды.
Кім алдады, кім тоқпақ
Салды, соны санайды.

Нені тапсаң, оны тап,
Жарамайды керекке.
Өңкей уды жиып ап,
Себеді сорлы жүрекке.

Адасқан күшік сықылды
Ұлып жұртқа қайтқан ой
Өкінді, жолың бекінді,
Әуре болма, оны қой.

Ермен шықты, ит қылып,
Бидай шашқан егінге.
Жай жүргенді уерд1 қылып,
Тыныш өлсеңші тегінде.

_________________

1 ورد – (араб.) [уерд] – зікір ету, дұға ету.

 

* * *

 

(М. Ю. Лермонтовтан)

 

Көңілдің күйі тағы да (206)
Өмірсіз жанның алды ішін.
Аударды өлең жағына,
Нәпсінің сынған қайғысын.

Жат жерде елге қосылмай,
Сенімді доссыз жалтақтап,
Көк қанат бейіш құсындай,
Қу ағашқа қонақтап.

Ол бұтақтан қозғалмас,
Өкіріп дауыл, соқса жел.
Өзгеге бола жырламас,
Ыстық күнді жоқтар ол.

Жанымның жарық жұлдызы,
Жамандық күнде жарымсың.
Сөз болсын ескі ер сөзі,
Кейінгіге қалынсын.

 

* * *

 

(М. Ю. Лермонтовтан)

 

Күнді уақыт итеріп (207)
Көкжиектен асырса,
Көлеңке басын көтеріп,
Алысты көзден жасырса –

Сонда көңілім жоқтайды
Татуы мен асығын,
Көзі жетіп тоқтайды
Өткен күннің қашығын.

Көкке бақтым Алла деп,
Тамаша етіп құдіретін.
Рахматы оның онда көп,
Бізге түк жоқ тиетін.

Неге сүйсін ол мені,
Өзім ақымақ, алмадым,
Көрдім артық бір сені
Рахматынан Алланың.

1901

* * *

Қуанбаңдар жастыққа, (208)
Елірме күлкі, мастыққа.
Көзің қайдан жетеді
Достық пенен қастыққа?
Құрбыңның қызық дегенін
Сөз екен деп ап шықпа.
Адалдан тапқан тиынды
Сал да сақта қапшыққа.
Қолдағыңды қорғап бақ,
Мал арзан деп аптықпа.
Сыпайы жүр де, шаруа ойла,
Даңғойланып қақтықпа.
Бет алды жанға бой салма,
Қорлық жүрмес сақтыққа.
Елу бесте біз-дағы
Сенісер адам таптық па?
Арсыз құмар болғандар
Опыр-топыр, шақ-шұққа
Түспей жүрме, көрдің бе,
Жалаң-жұлаң, тақ-тұққа?

 

* * *

 

Ұяламын дегені көңіл үшін, (209)
Ұсақ қулық бір ғана өмір үшін.
Татымды достық та жоқ, қастық та жоқ,
Жігері жоқ, маңызы жеңіл үшін.

Жалығу бар, шалқу бар, іш пысу бар,
Жаңа сүйгіш адамзат, көрсе қызар.
Ар мен ұят ойланбай, тәнін асырап,
Ертеңі жоқ, бүгінге болған құмар.

Туысқаның, достарың – бәрі екіұшты,
Сол себепті досыңнан дұшпан күшті.
Сүйсе жалған, сүймесе аянбаған,
Бұл не деген заманға ісім түсті?!

Өзің үлкен, қылығың – бала-шаға,
Балаша мәз боп жүрсің тамашаға.
Әкесі ұрысса балаға, ол да – достық,
Баласы ұрысса әкеге, жараса ма?

 

* * *

 

Жапырағы қуарған ескі үмітпен (210)
Қиял қып өмір сүріп, бос жүріппін.
Жыбыр қағып, көңілді тыншытпайды
Қашанғы өтіп кеткен бұлдыр көп күн.

Ол дәурен өмір емес, бір көрген түс,
Ойға түйме, қызықты қиялдан күс.
Қарашы, өз бойыңда түгел ме екен
Ыстық жүрек, өң-шырай, қуат пен күш?

Төңкеріліп құбылған жұрт – бір сағым,
Шынға шыдап, қоса алмас ынтымағын.
Көптің аузын күзетсең күн көрмейсің,
Өзіңді өзің күзет, кел, шырағым!

 

* * *

 

Осы қымыз қазаққа (211)
Мақтаның ба, асың ба?
Қымызды басар артынан
Ет даяр ма қасыңда?
Бойыңа сіңіп, өрт болған
Қызба бастық жасыңда.
Қызылшыл семіз, жаз қымыз –
Бір үлкен борыш басыңда.
Жуасты мін де, айран іш,
Жоқ немеге шатылма.
Ұры, залым, қуларға
Нысанаға шаншылма.
Жылқыны аңдып ұры жүр
Әр төбенің тасында.
Ой көзімен қарасаң,
Қойдан жылқы асыл ма?
Мақтанға бола жиям деп,
Жылқы үшін жұртқа бас ұрма.
Қымыз, семіз дегенің
Бір мақтан ғой, жасырма.
Мақтан қума, керек қу,
Ойсыздарға қосылма.
Қойында ақша, қолда қой
Күзетке оңай, шошыма!

 

* * *

 

Буынсыз тілің, (212)
Буулы сөзің

Әсерлі адам ұғылына.

Кісінің сөзін
Ұққыш-ақ өзің,

Қисығын түзеп тұғырыға.

 

Сезімпаз көңіл
Жылы жүрек

Таппадым деп түңілмес.

Бір тәуір дос
Тым-ақ керек,

Ойы мен тілі бөлінбес.

1902

* * *

 

Тоты құс түсті көбелек (213)
Жаз сайларда гулемек.
Бәйшешек солмақ, күйремек,
Көбелек өлмек, сиремек.
Адамзатқа не керек:
Сүймек, сезбек, кейімек,
Харекет қылмақ, жүгірмек,
Ақылмен ойлап,сөйлемек.
Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек.

 

* * *

 

Алланың өзі де рас, сөзі де рас, (214)
Рас сөз ешуақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас1.

Әмәнту2 оқымаған кісі бар ма?
Уә кутубиһи3 дегенмен ісі бар ма?
Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,
Жарлық берді Ол сіздерге сөзді ұғарға.

Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді,
Оларға кез-кезімен нәби4 келді.
Қағида5 шариғаты өзгерсе де,
Тағриф6 Алла еш жерде өзгермеді.

Күллі махлұқ өзгерер, Алла өзгермес,
Әһлі кітап7 бұл сөзді бекер демес.
Адам нәпсі, өзімшіл мінезбенен
Бос сөзбенен қастаспай, түзу келмес.

Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және Хақ жолы осы деп әділетті.

Осы үш сүю болады имани гүл,
Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ8 біл.
Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына, малың түгіл.

Дін де осы, шын ойласаң, тағат9 та осы,
Екі дүние бұл тасдиқ10 – Хақтың досы.
Осыларды бұзатын және үш іс бар:
Пайда, мақтан, әуесқой – онан шошы.

Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.
Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті
Қылғанменен татымды бермес жеміс.

Бас жоғары жаралған, мойын төмен,
Қарашы, дүние біткен ретімен.
Істің басы – ретін танымақтық,
Иман білмес тағатты қабыл демен.

Адамдар ғибадаттан11 сөз қозғаған,
Хуснизән12 мен иманды білді ойлаған.
Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай,
Сыртын қанша жуса да, іші оңбаған.

Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ,
Мү’мин13 болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ.
Құран рас, Алланың сөзі-дүр ол,
Тә’уилін14 білерлік ғылымың шақ.

Алланың, пайғамбардың жолындамыз,
Ынтамызды бұзбастық – иманымыз.
Пайда, мақтан, әуесқой – шайтан ісі,
Кәні біздің нәпсіні тыйғанымыз?

Мұсылман болсаң, әуелі иманды бол,
Пендеге иман өзі ашады жол,
Шын илан да, таза ойла бір иманды,
Мұнафиқ15 намаз қылмап па, мағлұм ғой ол.

Алла ішіңді айтқызбай біледі, ойла,
Пендесіне қастықпен кінә қойма.
Распенен таласпа мү’мин болсаң,
Ойла, айттым, адамдық атын жойма!

_______________________

1 Ерекше айтып отырған төрт кітабы: Мұса пайғамбарға келген – Тәурат, Дәуіт пайғамбарға келген – Зәбүр, Иса пайғамбарға келген – Інжіл және Мұхаммед пайғамбарға келген – Құран.

2 آمنت – (араб.) [Әмәнту] – сендім, иман келтірдім. Мұнда имандағы жеті парызды айтып отыр: Алланың барлығына һәм бірлігіне, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақирет күніне, жақсылық пен жамандықтың Алладан екеніне және өлгеннен кейін қайта тірілуге иман келтіру.

3 و کتوبهی – (араб.) [Уә кутубиһи] – және кітаптарына. Иманның жеті парызының ішіндегі үшіншісі, яғни Алланың кітаптарына иман келтіру.

4 نبی – (араб.) [нәби] – пайғамбар.

5 قاعده – (араб.) [қа‘идә] – қағида, ереже.

6 تعریفالله – (араб.) [тә‘рифулла] – Алланы тану, Алланы білу.

7 اهل الکتاب – (араб.) [әһлул-китәб] – кітап иелері. Мұнда Алладан кітап түскен діндерді айтып отыр: мұсылмандар, христиандар, яһудилер.

8 تحقیق – (араб.) [тәхқиқ] – зерттеу, зерделеу; анық, айқын, рас. Мұнда иманның үш асылын анық біл деген мағынада.

9 طاعة – (араб.) [та‘әт] – ғибадат, құлшылық.

10 تصدیق – (араб.) [тәсдиқ] – растау, қолдау. Мұнда анық, рас деген мағынада.

11 عبادت – (араб.) [‘ибадәт] – құлшылық, ғибадат.

12 حسنیظن – (араб.) [Хуснизән] – жақсы ниет, көркем ой, жақсы пікір.

13 مؤمن – (араб.) [му`мин] – иманға келген, иланушы, мұсылман.

14 تأویل – (араб.) [тә`уил] – тәпсірлеу, баяндау.

15 منافق – (араб.) [мунафиқ] – екіжүзді, мұнапық.

 

* * *

 

Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас, (215)
Сол қызықсыз өмірде жүрек қалмас.
Жүректен қызу-қызба кете қалса,
Өзге тәннен еш қызық іс табылмас.

Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі,
Ар, ұяттың бір ақыл – күзетшісі.
Ар мен ұят сынбаса, өзге қылық,
Арын, алқын – бұл күннің мәртебесі.

Қартаң тартқан адамнан от азаймақ,
От азайса, әр істің бәрі тайғақ.
Шаруаң үшін көрінген ақыл айтып,
Жолың тайған, аяғың тартар маймақ.

 

* * *

 

(М. Ю. Лермонтовтан)

 

Асау той, тентек жиын, опыр-топыр, (216)
Ішінде түсі суық бір жан отыр.
Алысты тұманданған ол ойлайды,
Өзге жұрт ойды нетсін, өңкей соқыр.

Ішкен-жеген, таласқан, ойнап-күлген,
Кезек жоқ, келісім жоқ, сөйлей берген.
Дауырыққан, күліскен, өлеңдеткен
Қайғысызға қайғырып, жиіркенген.

Көп отырды, қозғалды сөйлегелі,
Құлағымда бүгін тұр соның үні:
«Сендерге не жұмыс бар тағдырменен,
Ойнай бер де, күле бер күні-түні.

Ойынға ойсыз надан бәрі құмар,
Дүние істеп өз жұмысын жатқан шығар.
Елемесең, елетер, бір танытар,
Қайда айдаса, барасың – кім тартынар?»

1903

* * *
Жалын мен оттан жаралып, (217)
Жарқылдап Рағит186 жайды айдар.
Жаңбыры жерге таралып,
Жасарып шығып гүл жайнар.

Жайына біреу келсе кез,
Белгілі жұмыс, сор қайнар.
Қуаты күшті нұрлы сөз,
Қуатын білген абайлар.

Жалын мен оттан жаралған
Сөзді ұғатын қайсың бар?
Партия жиып пара алған,
Пейілі кедей байсыңдар.

Қулық пенен құбылдан
Жалықсаң, жақсы жансыңдар.
Түзелмесе шұғылдан,
Арсылдар да қалшылдар.

Несі өмір,
Несі жұрт?
Өңшең қырт,
Бас қаңғырт!

ТҮСІНІКТЕР

194) «Есіңде бар ма жас күнің» (1899). Бұл өлең 1909 жылғы кітапта басылған (3-бөлік. «Өзі туралы»), Мүрсейіт көшірмелерінің бәрінде бар (1906, 1907, 1910).

4-шумақтың 2-тармағы 1909 жылғы жинақта, Абай шығармаларының одан бергі негізгі басылымдарында «Сағынасың, жоқтайсың» болып берілген. Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907) – «Асығасың, жоқтайсың».

4-шумақтың 3-жолы 1909 жылғы кітапта:
«…Қасиет кетті, дос кетті – ».
1933, 1939, 1945 жылғы жинақтарда да солай берілген. 1957 жылдан бергі барлық жинақтарда Мүрсейіт қолжазбаларына сүйеніп:
«Махаббат кетті, дос кетті», –
деп басылып келеді.


Бұл басылымда да осы нұсқа қалдырылды.

195) «Жүрегім менің қырық жамау» (1899). Өлең 1909 жылғы кітапта басылған (3-бөлік. «Өзі туралы»). Мүрсейіт Бікіұлының қолжазбаларында (1906, 1907, 1910) хатқа түскен. Өлеңнің мәтіні 1909, 1933, 1957 жылғы жинақтар мен Мүрсейіт қолжазбалары (1906, 1907) салыстырылып берілді. 4-шумақтың 1-тармағы 1909 жылғы жинақта – «Қан – жүректе қайғылы-ау». 1995 жылғы кітапта – «Қан жүректі қайғылы-ау». Бұл басылымда осы тармақ 1995 жылғы жинақ бо­йынша қалдырылды.


Өлең 1995 жылғы жинақ бойынша берілді.

 

196) «Адам бір боқ көтерген – боқтың қабы» (1899). Өлең 1909 жылғы кітапта басылған (6-бөлік. «Нәсихат туралы»). Мәтіндік нұсқасы Мүрсейіт көшірмелерінде сақталған (1906, 1910).


1909, 1961, 1995 жылғы шыққан кітаптарда 2-шумақтың 3-тармағы «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» деп берілсе, 1945, 1954 жылдардағы басылымдарда «Адамды сүй, Алланың хикметін сүй» деп жазылған.

Өлең 1995 жылғы басылым бойынша берілді. 1-шумақтың 1-тармағы «Адам бір – боқ көтерген боқтың қабы» деп жазылды. «Менімен» сөзі бірге жазылды.

197) «Күшік асырап, ит еттім» (1899). Алғаш 1916 жылы «Абай термесі» жи­нағында жарияланған. Мәтіндік нұсқасы Мүрсейіт көшірмелерінде бар (1906, 1910).


Өлеңнің 4-тармағы 1933 жылғы жинақта «Ол мерген болып мені атты» деп берілген.

198) «Сүйсіне алмадым, сүймедім» (1899). Өлең алғаш рет 1933 жылғы жинақта басылған (222-бет).


199) Дүтбайға (Жылуы жоқ бойының) (1899). Өлең алғаш рет 1933 жылғы толық жинақта (222–223-беттер) жарияланған.


«Өлеңді Мұқыр болысындағы өзінің жақын досы Дүтбайға айтқан. Бұл бір болыс Мұқырдағы Көкшенің басты адамының бірі болған. Артынан Абайдың Күлбадан деген әйел баласын күйеуі өлген соң, осы ағасы Дүтбай алып, Абайға күйеу де болған. Бірақ дос, жақын болса да, мінездерін ұнатпағандықтан осылайша өлең қылған» (1933 жылғы жинақ, 327-бет).

200) «Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен» (1899). Абайдың бұл туындысы М. Ю. Лермонтов өлеңінің тәржімасы ретінде белгілі. Бұл өлең Мүрсейіт қолжазбаларында «Переуод Лермонтов» деген атпен көшірілсе, 1909 жылғы алғашқы жинаққа «Лермонтов» деген атпен енген. 1933 жылғы латын графикалы басылымда «Лермонтовтан» деп берілсе, 1940, 1945 жылғы жинақтарда «Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен» деген тақырыппен жарияланған. 1995 жылғы академиялық жинақта ешқандай да тақырып қойылмастан, өлеңнің өзі ғана берілген.

4-шумақтың 2-тармағы Мүрсейіт қолжазбаларында «Білгендей әсте болмас қылық қылған» деп көшірілсе, кейінгі басылымдарда осы жол «Әсте өлмесін білгендей қылық қылған» деп берілген.

Осы өлеңнің алғашқы шумағы 1933 жылғы латын графикалы басылымда төмендегіше берілген:
Нұрлы аспанға талпынып өскенсің сен,
Мені мен, кердең, қайғысыз ер көңілімен.
Жазғытұрым жасырып жердің бетін,
Жасыл шөп боп, бойжеткен егінмен тең.
Осы шумақ Мүрсейіт қолжазбалары мен кейінгі басылымдарда:
Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен,
Менмен, кердең, қайғысыз ер көңілімен.
Жазғытұрым жасырып жердің бетін,
Жасыл шөппен, бой жеткен егінмен тең, –
деп басылған.


3-шумақтың 2-тармағы 1995 жылғыда «басы үлкен» деген сөз 1933, 1940, 1945 жылғы басылымдарда «басы ауыр» деп берілген.

4-шумақтың 2-тармағы 1933 жылғы басылымда «әйтсе» деген сөзбен басталған. Басқа басылымдарда осы сөз «әсте» деп берілген.


Осы шумақтың «соны да ойлан» деп аяқталатын соңғы тармағы 1933 жылғы басылымда «сонда ойлан» деп басылған.

201) «Жалау» (1899) («Жалғыз жалау жалтылдап»). М. Ю. Лермонтовтың ­«Парус» атты өлеңінің аудармасы. Бұл аударма өлең 1909 жылғы кітапта 23-өлең (Парус–Лермонтов) деп берілген. 1995 жылғы жинақта «Жалау» (М. Ю. Лермонтов­тан) болып басылған. Соңғы шумақтың 3, 4-тармақтары 1907 қолжазба мен 1909 жылғы кітапта:
«Қарашы, бүлік Құдайдан,
Сұрайды дауыл күні-түн».
деп берілсе, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда:
«Қарашы, ол бүлік Құдайдан
Сұрайды дауыл күні-түн».

202) «Жартас» (1899). Бұл туынды М. Ю. Лермонтовтың «Утес» атты өлеңінің тәржімасы екені белгілі. Бұл туынды Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909–1995 жылдар аралығындағы барлық жинақтарда кездеседі.


1909 жылғы қадім үлгісіндегі алғашқы басылымда бұл туынды «15-ші бөлік Переуодтар» деген тақырыппен, 1933 жылғы жинақта «Лермонтовтан», ал, 1940 жылғы кітапта «Жартас» деген атпен басылған. Кейінгі басылымдарда «Жартас» (Лермонтов)» деген тақырыппен жарияланып келеді.

1-шумақтың 1-тармағы 1933 жылғы басылымда «Қанды бір күн жас бұлт» деп берілген. Осы жол басқа жинақтар мен Мүрсейіт қолжазбаларында «Қонады бір күн жас бұлт» деп келеді.


2-шумақтың 1-тармағы 1933, 1961, 1977 жылғы жинақтарда «Әжімді» деп басталса, осы сөз басқа басылымдарда (1940, 1945, 1995) «Ажымды» деп берілген.


203) «Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы» (1899). Я. П. Полонскийдің «Сердце» (У сердца сокровищ там много) атты өлеңінің аудармасы. Бұл аударма өлең алғаш 1909 жылғы кітапта «(25) (Лермонтов)» болып басылған. Мүрсейіт қолжазбасында да «Лермонтов» деген атаумен беріледі.


3-шумақтың 4-тармағы Мүрсейттің 1907 жылғы қолжазбасында «Бейне сағым жоғалып түгесілмек» болып берілсе, 1909 жылғы жинақта «Бейне сағым жоқ боп кетіп түгесілмек» деп берілген. 1940, 1961, 1995 жылғы кітаптарда «Сағымша жоқ боп кетіп түгесілмек». 1945 жылғыда «Бейне сағым жоғалып түгесілмек».

Өлеңнің 5-шумағының 1, 2-тармақтары 1909 жылғы кітапта:
Жүрегін пайдасы үшін жұрт ұсатпақ,
Гірмен өлшеп, базарға ұстап сатпақ
деп берілсе, 1940, 1945, 1954 жылғы жинақтарда:
Жүрегін пайдасы үшін жұрт ұстатпақ,
Кірмен өлшеп, базарға ұстап сатпақ, —
болып беріледі.
5-шумақтың 1-тармағы 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Ұсатпақ».
1995 жылғы кітапта «гір» сөзі «кір» болып жазылған.


204) «Жүрегім, нені сезесің» өлеңі 1909 жылғы кітапта басылған (3-бөлік. «Өзі туралы»). Мүрсейіт көшірмесінде бар (1906).


3-шумақтың 3-тармағы 1945, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Әркімге-ақ тілеу қостық қой» деп жазылған. 1909, 1954 жылғы жинақтарда – «Әркімге тілеу қостық қой».


Бұл жаңа жинақта өлеңнің 6-шумағындағы 4-тармақ «Бермесең қалар түңіліп» болып жазылды. 1909 жылы бұл сөз «түгеліп», 1945, 1954 жылғы еңбектерде «төгіліп» болып жаңсақ беріледі.


205) «Көлеңке басын ұзартып» (1900). Алғаш 1909 жылғы жинақта басылған (3-бөлік. «Өзі туралы»). Өлеңдегі 2-шумақтың 2-тармағы 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Сұрғылт тартқан бейуаққа» деп берілген. 1909 жылғы жинақта «Сұрқұл тартқан» болып жазылған.


Өлеңнің соңғы шумағындағы 3-тармақ 1939, 1954 жылғы жинақтарда «Жай жүргенді өрт қылып» деп жазылған. 1909 жылғы жинақта – «Жай жүргенді әурет қылып». Ал 1995 жылғы жинақ «Жай жүргенді уерд қылып» деп береді.
Бұл басылымда да аталған тармақ «Жай жүргенді уерд қылып» болып ­жазылды.

206) «Көңілдің күйі тағы да» (1900). Бұл өлең 1909 жылғы жинақ пен Мүрсейіт қолжазбалары бойынша берілді. 1909 жылғы жинақта «Переводтар» бөліміне қосылмай, ақынның төлтума шығармасы ретінде берілгенмен, бұл өлең М. Ю. Лермонтовтың «Измаил-Бей» поэмасының алдыңғы 12 жолдық кіріспесінен аударма екені белгілі.


Алайда өлеңнің төрт жолдық шумақтарға бөлініп аударылған (16 тармақ) қазақша нұсқасындағы соңғы шумақ осы күнге дейін Абайдың өз жанынан қосқаны деп есептеліп келді. Мысалы, бертіндегі Абай шығармаларының толық екі томдық жинағында да бұл өлеңнің Лермонтовтың аталмыш туындысынан аударма екені айтыла келіп: «…Абай соның кіріспесінен 12 жол алып, өз жанынан төрт жолдық тағы бір шумақ қосқан» деп түсінік берілген.

Атап айтатын нәрсе, Лермонтов туындысының кіріспесі бар-жоғы сол 12 жолдан тұрады және Абай оны толық аударған. Ал жаңағы артық шумаққа келсек, қазіргі зерттеулер бойынша, Абайдың оны өз жанынан қоспағаны белгілі болып отыр. Поэманың кіріспесі әуелде жеке өлең ретінде жазылған екен. Аудармадағы:
Жанымның жарық жұлдызы,
Жамандық күнде жарымсың.
Сөз болсын ескі ер сөзі,
Кейінгіге қалынсын, ‒
деген шумақ сол өлеңнің Лермонтовтың өз редакциясымен «Измаил-Бейдің» негізгі нұсқасына кірмей қалған «Звезда любви моей…» деп басталатын соңғы сегіз жолының ықшамдалған еркін тәржімасы болып шықты. Лермонтов о баста сүйген қызына арнаған өлеңін («Посвящение») кейіннен поэмаға кіріспе етіп алғанда, поэма мазмұнына сәйкеспейтін соңғы сегіз жолды қысқартып тастаған. Ал Лермонтов өлеңінің негізгі нұсқаға кірмеген бұл бөлігі 19-ғасырдың аяғына қарай, ақын шығармаларын барынша толық жинастыру, оның классик ретіндегі мәртебесін орнықтыру кезеңінде шыққан біраз басылымдарға ақынның көзі тірісінде жасалған авторлық редакциясы ескерілмей, жөнсіз еніп кеткен. Абай жоғарыдағы өлең мәтінін сондай қателіктермен шыққан жинақтардың бірінен көрсе керек. «Измаил-Беймен» аталған кезеңде, яғни Лермонтов шығармаларын негізсіз толықтыру кезінде танысқан Абай, кіріспенің «толық» нұсқасындағы осы қисынсыздықты анық аңғарған. Кіріспе мәтінін, жалпы алғанда, барынша дәл тәржімалай отырып, негізгі нұсқада болмауға тиіс соңғы сегіз жолдық үзікті ғана барынша ықшамдап, әрі мейлінше еркін аударуының сыры осында. (Бұл туралы: Т. Шапай. «Жанымның жарық жұлдызы», «Жас Алаш» газеті, №19, 2024)


207) «Күнді уақыт итеріп» (1900). Алғаш рет 1939 жылғы жинаққа енгізілген. Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907) хатқа түскен. М.Ю. Лермонтовтың «Вечер» атты өлеңінің аудармасы екені 1954 жылғы екітомдықта айтылады. Мазмұн, мағынасы жағынан түпнұсқаға өте жақын, дәлме-дәл деуге болады.

Бұл басылымда 1995 жылғы жинақ бойынша беріліп отыр.

208) «Қуанбаңдар жастыққа» (1901). Алғаш рет 1909 жылғы жинақта басыл­ған (6-бөлік. «Нәсихат туралы»). Мүрсейіт көшірмелерінде жазылған (1906, 1910).

Өлеңнің жазылу тарихы туралы Тұрағұл былайша баяндайды: «Біздің елге Ысқақ Махмұдов деген ноғай ертеректе саудамен келіп, қазақтан қыз алып, қазақ ғұрпына түсіп, қазақ сықылданып кеткен, қазақ ішінде недәуір бай болған. Құнанбай қажының балаларынан қыз алып, қыз беріп құршаласып құда, құшақтасқан дос, туысқан есебінде болған. Сол Ысқақтың немерелері Сыдық, Жабиолла (Ғабидолла – ред.) деген екі жасы, бозбала балалар менің әкемнің үйіне келіп отырғанда, соларға арнап: «Қуанбаңдар жастыққа» деген өлеңді жазған» (1933 жылғы жинақ, 198-бет).


209) «Ұяламын дегені көңіл үшін» (1901). Бұл өлең 1909 жылғы кітапта басылған (1-бөлік. «Халық туралы»). Мүрсейіт көшірмелерінде бар (1906, 1910).

Өлеңнің 2-шумағының 3-жолы 1909, 1939, 1954, 1977 жылғы кітаптарда –
«…Ар мен ұят ойланбай, тәнін асырап». 1995 жылғы жинақта – «…Ар мен ұят ойланбай, тән асырап».


2-шумақтың 4-тармағы 1909 жылғы жинақта – «Ертең жоқ, бүгінгіге болған құмар». 1939, 1954, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Ертеңі жоқ, бүгінгіге болған құмар».

1933 жылғы басылымда аталған өлең берілмеген.

Өлеңнің соңғы шумағы мағына жағынан, құрылымы жағынан бөлек болғандықтан алдыңғы шумақтардан бөліп берілді.

 

210) «Жапырағы қуарған ескі үмітпен». Өлең 1909 жылғы кітапта басылған (6-бөлік. «Нәсихат туралы»). Мүрсейіт көшірмелерінде жазылған (1906, 1910).

Өлеңнің бастапқы шумағының 2-жолы 1909 жылғы кітапта (56-бет):
Жапырағы қуарған ескі үмітпен,
Зиял қып өмір сүріп, бос жүріппін, –
деп басылған.

1933, 1939, 1945, 1954, 1957, 1961 жылғы жинақтарда – «…қиял ғып өмір сүріп, бос жүріппін». 1995 жылғы нұсқада – «Қиял қып өмір сүріп, бос жүріппін».

Осы өлеңнің 2-шумағының «Ойға түйме қызықты қиялдан күс» деп жазылған 2-тармағындағы «күс» сөзіне 1977 жылғы жинақта «қайт, күдер үз» деген мағынада» деп сілтеме түсінігі беріліпті. Сөздің түп-төркіні, қай тілде айтылғаны көрсетілмеген.

2-шумақтың 1-тармағы 1939, 1945 жылғы басылымдарда «Ой, дәурен, өмір емес, бір көрген түс» деп берілген. 1909, 1977, 1995 жылғы кітаптарда «Ол дәурен өмір емес, бір көрген түс».


1939 және 1945 жылғы кітаптарда шумақтың 2-тармағы «Ойға тойма, қызықты қиялдан түс» деп беріледі.

2-тармақтағы «тойма» сөзі 1977 жылы басылған кітапта осылай беріліпті. Бұл сөз 1909, 1995 жылғы жинақтарда «түйме» боп келеді.


3-шумақтың 1-тармағы Мүрсейіт көшірмесінде «Төңкеріліп құбылған жұр­ты – бір сағым» (1907). Бұл 1909, 1977, 1995 жылғы кітаптарда «жұрт» деп алынған.


Өлең бұл басылымында 1995 жылғы жинақ бойынша берілді.

211) «Осы қымыз қазаққа» (1901). Алғаш рет 1909 жылғы жинақта басылған (6-бөлік. «Нәсихат туралы»).


Өлеңдегі «Бойыңа сіңіп, өрт болған» деп жазылған 5-тармақтағы «өрт» сөзінің орнына 1995 жылғы жинақта «уерд» сөзі берілген. Осы «уерд» сөзі Абайдың басқа өлеңдерінде де кездеседі. Бұл өлең қымыз ішіп отырған ауыл жастарына қарата, аяқасты шыққан өлең екен. Күнделікті қазақы өмір жағдайында «өрт» сөзі қолданылған деп ойлаймыз.

7-тармақ 1995 жылғы басылымда «Қызылшыл семіз, жаз қымыз» деп берілсе, 1977 жылғы жинақ «Қызылшыл семіз жас қымыз» деп береді. Аталған тармақ бұл басылымда 1977 жылғы нұсқа бойынша берілді.

24-тармақ 1909 жылғы кітапта – «Күзетші оңай, шошыма!». 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда бұл тармақ «Күзетке оңай, шошынба!» деп берілді.


212) «Буынсыз тілің» (1901). Бұл шағын өлең ең алғаш 1933 жылғы жинақта басылған (227-бет). Мүрсейіт көшірмелерінде жазба нұсқасы сақталды (1906, 1910).


Бұл басылымында өлең мәтініне тыныс белгілері тұрғысынан өзгертулер  жасалды.

213) «Тоты құс түсті көбелек» (1902). Ақынның 1902 жылы жазған бұл өлеңі Мүрсейіттің 1910 жылғы қолжазбасы мен 1909, 1933, 1939, 1945, 1977, 1995 жылғы басылымдарда берілген.


Туынды алғаш рет 1909 жылы қадім үлгісіндегі жинаққа «5-ші бөлік. Ой туралы» деген атпен енген.

Өлеңнің алтыншы тармағы 1909, 1939, 1945 жылғы басылымдарда «Сүймек, сезбек, киімбек» деп берілген. Осы жол 1939, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Сүймек, сезбек, кейімек» деп басылған.

214) «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» (1902). Абайдың иман негіздерін өлең сөзбен өрнектеген бұл өлеңі Мүрсейіттің үш қолжазбасында (1906, 1907, 1910) да кездеседі.


1-шумақтың 2-тармағы осы үш нұсқа мен 1909 жылғы литографияда ­«Ешуақытта рас сөз жалған болмас» болып берілген. Ал, осы жол 1933, 1939, 1945, 1961, 1977 және 1995 жылғы жинақтарда «Рас сөз ешуақытта жалған болмас» деп ­жазылған.

Осы шумақтың 4-тармағы Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылғы литографияда, сондай-ақ, 1939, 1945, 1995 жылғы жинақтарда «Алланы танытуға сөз айыр­мас» деп берілсе, 1933, 1961 және 1977 жылғы басылымдарда «Алланы танытуға сөзі айрылмас» деп жазылған.

2-шумақтың 2-тармағында «Оның (Алланың) кітаптарына» иманды білдіретін «уә кутубиһи» деген сөз 1933 жылғы жинақта «Уакыты» деп басылып, осы сөзге: «Ауакыти – кітапраға сену, инану» деген түсінік берілген. Ал, 1995 жылғы басылымда «уәктубиһи» деп, бұл сөздің орфографиясын емес, орфоэпиясын бергенді жөн көрген. Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909, 1939, 1945, 1961, 1977 жылғы басылымдарда «уә кутубиһи» деп дұрыс жазылған.


Осы шумақтың 4-тармағы Мүрсейіт қолжазбаларында «Жарлықпен ол сіздерге, сырды оларға» деп берілсе, 1909 жылғы литографияда «сөзді ауларға» деп жазылған. Осы жол 1933, 1961 және 1977 жылғы жинақтарда «сіз де оларға» деп берілсе, 1939 жылғы басылымда «сызды оларға» деп берген де, осы сөздің астына «Бұл сөз сізді деп те жазылушы еді. Мүрсейіт жазуын біз «сызды» – «жазды» деген мағынада алдық» деген түсініктеме берілген. 1945 жылғы басылымда «сызды оларға» деп берілсе, 1995 жылғы жинақта «сөзді ұғарға» деп түзетілген.


3-шумақтың 2-тармағында келетін «Оларға кез-кезімен нәби келді» дегендегі «кез-кезімен» 1933 жылғы басылымда «көзі мен» деп қате басылған.

4-шумақтың «Адам нәпсі, өзімшіл мінезбенен» деп келетін 3-тармағы 1933 жылғы басылымда «Дәм нәпсі, өзімшіл мінезі мен» деп басылған. Ал, 1939 жылғы басылымда «Адам, нәпсі, өзімшіл мінез берген» деп өзгертілген. 1945 жылғы жинақта «Адам, нәпсі, өзімшіл мінез берген» деп, адам мен нәпсінің ортасына үтір қойылған. Ал, кейінгі басылымдарда (1961, 1977, 1995) алдыңғы жинақтардағы қателер түзетілген.


5-шумақтағы «Және хақ жолы осы деп әділетті» деген 4-тармақ Мүрсейіттің қолжазбалары мен 1909, 1939, 1961, 1977, 1995 жылғы басылымдарда осылай берілген. Ал 1933 жылғы жинақта «Және сүй, «хақ жолы» деп әділетті» деп басылған.


6-шумақтағы «Осы үш сүю болады имани гүл» деген 1-тармағындағы «имани гүл» деген сөз Мүрсейіт қолжазбаларында «иманға гүл» деп көшірілген. 1933, 1939, 1945, 1961 жылғы жинақтарда «иманы гүл», 1977, 1995 жылғы басылымдарда «имани гүл»деп берілген.


Осы шумақтың «Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл» деген 2-тармағындағы алғашқы екі сөзі 1909 жылғы литографияда «иманның асығы» деп берілсе, 1933 жылғы басылымда «Иманның асылы осы үш деп сен тәхқиқ біл» деп, мәтінге «осы» сөзі қосылған.


Осы шумақтың соңғы жолындағы «малың түгіл» деген сөз 1933 жылғы жинақта «малын түгіл» болып берілген. Ал, Мүрсейіттің қолжазбаларында осы сөз «малың түгел» болып көшірілген. Егер Мүрсейіт қолжазбаларына сүйенсек, онда малыңның бәрін Алланың жолына арна деген сөз шығады. Десек те, мәтіндегі «бас­ты байла жолына» дегеннен соң, «малың түгіл» деген сөз келетіні анық. Алланың жолына малың түгіл басты байла, дейді ақын.

7-шумақта келетін «Екі дүние бұл тасдиқ – Хақтың досы» дегендегі «Хақтың досы» деген сөз Мүрсейіт қолжазбаларында «Хақтың жолы» болып көшірілген. Жинақтардың бәрінде «Хақтың досы» деп берілген.


8-шумақтың 1-тармағында келетін «Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс» дегендегі соңғы сөз Мүрсейіт қолжазбалары мен 1939 жылғы жинақта «қыласыз іс» деп берілсе, 1909 жылғы литографияда «талапсыз іс» болып берілген. Қалған 1933, 1945, 1961, 1977 және 1995 жылғы басылымдарда «талассыз іс» деп жазылған. Ақынның исламның негізгі ұстындарынан саналатын ораза, намаз, зекет пен қажылық амалдары – бекітілген, яғни талассыз іс дегенді айтып отырғаны анық. Осы шумақтың үшінші жолында келетін «соңғы төртті» деген сөз 1933 жылғы басылымда «соңғы төртін» деп қате басылған. Қалған жинақтардың бәрінде «соңғы төртті» деп жарияланғанын баса айтқан жөн.


9-шумақтың 2-тармағында келетін «Қарашы, дүние біткен ретімен» деген сөздегі «дүние» сөзі 1933, 1939, 1961, 1977, 1995 жылғы басылымдарда «дене» болып берілген. Ал, Мүрсейіттің қолжазбалары мен 1909 жылғы алғашқы басылымда «дүние» болып жазылған. Ақын текстологиясын қараған Қ. Мұқамедханов: «Абай бұл арада дүниенің құрылысын айтып отырған жоқ, адамның дене мүшесінің рет бітімін айтып отыр. Бұл пікірімізді осы өлеңнің бірінші жолы тапжылтпай дәлелдеп тұр. Сондықтан Абай жазған түпнұсқаны біз былай оқыр едік:
Бас жоғары жаралған, мойын төмен,
Қарашы дене біткен ретімен…, – деп» (1959 жылғы еңбек, 10-бет).


Осы шумақтың «Иман білмес тағатты қабыл демен» деген 4-тармағындағы «иман білмес» сөзі 1933, 1939, 1945 жылғы жинақтарда «иман білмей» болып берілген. Ал, Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909, 1961, 1977, 1995 жылғы басылымдарда «иман білмес» болып жазылған. Араб қарпіндегі қолжазбалар мен алғашқы литографиялық басылымға сүйеніп, «Иман білмес тағатты қабыл демен» дегенге тоқтаған жөн секілді.


10-шумақтың 1-тармағы Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылғы литография­да «Адамдар ғибадаттан сөз қозғаған» деп берілсе, 1933, 1939, 1945, 1961, 1977, 1995 жылғы басылымдардың бәрінде «Имамдар ғибадаттан сөз қозғаған» болып жазылған. Әсілі, имам деген сөз беріде қолданысқа ене бастаған. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында діни-ағартушылықпен айналысатындар молда, ахун, ишан, кәлпе деп аталғаны белгілі. Қадім медреселерін бітіргендер ахун немесе молда аталатын. Сондықтан да, осы жолды берерде Мүрсейіт қолжазбасы мен алғашқы басылымға арқа сүйеген дұрыс дер едік.

11-шумақтың 4-тармағы «Тәуилін білерлік ғылымың шақ» деген жол 1909, 1933, 1939, 1945, 1977 жылғы басылымдарда «тәуиліне» болып басылған. Ал, Мүрсейіт қолжазбалары және 1995 жылғы жинақтарда «тәуилін» болып берілген. Абай мұнда Құранның тәпсірі, яғни түсіндірмесі туралы айтып отыр. Яғни, дін ілімінің тәуилін, тәпсірін білерлік ғылымың аз дегенді меңзеп тұр.


13-шумақтың 1-тармағы Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылғы литография­да «Мұсылман болсаң, әуелі иманды бол» деп берілген. Ал, 1933, 1961, 1977, 1995 жылғы басылымдарда «мүмин болсаң» деп берілген. Ал, 1939 және 1945 жылғы жинақтарда «мүһмін» болып қате басылған. Мүмін де, мұсылман да Исламды мо­йындаған жан. Кейде момын-мұсылман деп бірге қолданылады. Десек те, келесі шумақтың «Распенен таласпа мүмин болсаң» деген үшінші жолына сүйеніп, «мүмин» деп берген дұрыс.


Осы шумақтың 3-тармағы Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылғы басылымда «Шын илан да, таза ойла бір иманды» деп берілген. 1933 жылғы «Шыр айлан да таза ойлан бір иманды» деп өзгеріске ұшыраған. 1939, 1945, 1961 жылғы жинақтарда «Шыр айлан да таза ойла бір иманды» болып жазылған. 1977, 1995 жылғы басылымдарда бұл жол 1909 жылғы литография бойынша берілген.

Соңғы шумақтың 1-тармағы «Алла ішіңді айтқызбай біледі ойла» деп келетін «ішіңді» деген сөз 1933, 1939, 1945, 1961, 1977 жылғы жинақтарда «ішімді» болып өзгеріске ұшыраған. Ал, Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылғы литографияда «ішімді» деп берілген.


215) «Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас» (1902). Бұл өлең 1909 жылғы кітапта «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінің соңы ретінде бірге басылған (5-бөлік, «Ой туралы»). 1922 жылғы екі жинақта да (Қазан, 104-бет, Ташкент, 148–149-беттер) бір өлең болып берілген. 1933 жылғы жинақтан бастап «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінен бөлініп, жеке өлең ретінде басылып келеді. Мүрсейіт көшірмелерінде жазылған (1906, 1907).


2-шумақтың 3-тармағы 1939 жылғы нұсқада «ар мен ұят сөнбесе, өзге қылық» болып берілсе, 1945, 1954 жылғы басылымдарында «Ар мен ұят сенбесе, өзге қылық» күйінде беріледі.


Өлеңнің 3-шумағының 4-тармағы 1909 жылғы жинақта «Жолың тайған, аяғың тартар маймақ» болып келіпті. 1907 жылғы қолжазбада, 1945, 1954, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «жолың тайғақ».


Өлең бұл басылымда ақынның тұңғыш өлеңдер жинағы және әр жылдардағы басылымдар бойынша салыстырылып берілді.


216) «Асау той, тентек жиын, опыр-топыр» (1902). М. Ю. Лермонтовтың «На буйном пиршестве задумчив он сидел» деген өлеңінің аудармасы. Алғаш
1909 жылғы жинақта басылған (15-бөлік, «Переуодтар»).


217) «Жалын мен оттан жаралып» (1903). Өлең алғаш 1909 жылғы кітапта басылған (1-бөлік. «Халық туралы»). Мүрсейіт көшірмелерінде мәтіндік нұсқасы хатқа түскен (1907, 1910).


1909 жылғы жинақта 1-шумақтың 2-тармағы «Жарқылдап рағи жайды айдар» болып берілген. Осындағы «Рағи» сөзі 1957, 1961, 1977, 1995 жылғы кітаптарда «Рағит» деп алынған. Дін ұғымындағы сөз есебінде сілтеме түсінігі берілген.
Мүрсейіт Бікіұлының 1907 жылғы қолжазбасында «Жарқылдап рағит жайды айдар» болып жазылған. 1933 жылғы кітапта «Жарқылдап Рағыт жайды айдар» деп беріледі.

1939, 1945, 1954 жылғы басылымдарда бұл «Жарқылдаған рағат жайды айдар» болып келеді.
Өлең бұл басылымында 1909 жылғы жинақ бойынша берілді. 1-шумақтың 2-тармағындағы «рағи» сөзі «Рағит» болып жазылды.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы