Әр жылдары жазылған өлеңдерінің толық нұсқасы
* * *
Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек, (15)
Ашуың, ашыған – у, ойың – кермек.
Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық,
Кім көңілді көтеріп, болады ермек?
Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек.
Ер ісі – ақылға ермек, бойды жеңбек,
Өнерсіздің қылығы өле көрмек.
Шыға ойламай, шығандап қылық қылмай,
Еріншек ездігінен көпке көнбек.
Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,
Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.
Арамдықтан жамандық көрмей қалмас,
Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек.
Адамзат тірілікті дәулет білмек,
Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек.
Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезбек,
Не қорлық, құр қылжаңмен күн өткізбек.
Наданға арам – ақылды құлаққа ілмек,
Бұл сөзден ертегіні тез үйренбек.
Рас сөздің кім білер қасиетін,
Ақылсыз шынға сенбей, жоққа сенбек.
Қызыл арай, ақ күміс, алтын бергек53,
Қызықты ертегіге көтерілмек.
Ақсақалдың, әкенің, білімдінің,
Сөзінен сырдаң тартып, тез жиренбек.
Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек,
Әр нәрсеге өзіндей баға бермек.
Таразы да, қазы да өз бойында,
Наданның сүйенгені – көп пен дүрмек.
Алашқа іші жау боп, сырты күлмек,
Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек.
Бір-екі жолы болған кісі көрсе,
Құдай сүйіп жаратқан осы демек.
Ел бұзылса, табады шайтан өрнек,
Періште төменшіктеп, қайғы жемек.
Өзімнің иттігімнен болды демей,
Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек.
Сырттансынбақ, қусынбақ, өршілденбек,
Сыбырменен топ жасап бөлек-бөлек.
Арамдықпен бар ма екен жаннан аспақ,
Өзімен өзі бір күн болмай ма әлек?
Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек,
Адалдық, арамдықты кім теңгермек?
Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ,
Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек.
* * *
Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман, (16)
Шошимын кейінгі жас балалардан.
Терін сатпай, телміріп, көзін сатып,
Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман.
Бай алады кезінде көп берем деп,
Жетпей тұрған жерінде тек берем деп.
Би мен болыс алады күшін сатып,
Мен қазақтан кегіңді әперем деп.
Жарлы алады қызметпен өткерем деп,
Елубасы шар салып54, леп берем деп.
Жалаңқая жат мінез жау алады,
Бермей жүрсең, мен сені жек көрем деп.
Дос алады бермесең бұлт берем деп,
Жауыңа қосылуға сырт берем деп,
Бұзылған соң мен оңай табылмаспын,
Не қылып оңайлықпен ырық берем деп.
Сұм-сұрқия сұмдықпен еп берем деп,
Сүйер жансып, сүйкімді бет берем деп.
Жүз қараға екі жүз аларман бар,
Бас қатар бас-аяғын тексерем деп.
Ел жиып, мал сойыңыз ет берем деп,
Мал берсем, сен мендік бол деп берем деп.
Қара қарға сықылды шуласар жұрт,
Кім көп берсе, мен соған серт берем деп.
Бұзыларда ойламас бет көрем деп,
Ант ішуді кім ойлар дерт көрем деп.
Қабаған итше өшігіп шыға келер,
Мен қапсам, бір жеріңді бөксерем деп.
Орыс айтты өзіңе ерік берем деп,
Кімді сүйіп сайласаң, бек көрем деп.
Бұзылмаса, оған ел түзелген жоқ,
Ұлық жүр бұл ісіңді кек көрем деп.
Жұрт жүр ғой арамдықты еп көрем деп,
Тоқтау айтқан кісіні шет көрем деп.
Бар ма екен жай жүрген жұрт қанағатпен,
Құдайдың өз бергенін жеп көрем деп?
Атаны бала аңдиды, ағаны – іні,
Ит қорлық немене екен сүйткен күні?
Жанын сатқан мал үшін антұрғанның
Айтқан сөзі құрысын, шыққан үні.
Алыс-жақын қазақтың бәрі қаңғып,
Аямай бірін-бірі жүр ғой аңдып.
Мал мен бақтың кеселі ұя бұзар,
Паруардигәр жаратқан несін жан қып!
Ант ішкен күнде берген жаны құрсын,
Арын сатып тіленген малы құрсын.
Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып,
Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын.
Бір атқа жүз құбылған жүзі күйгір,
Өз үйінде шертиген паңы құрсын.
* * *
Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап, (17)
Жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап.
Қыран шықса қияға, жібереді
Олар да екі құсын екі жақтап.
Қарқылдап қарға қалмас арт жағынан,
Күйкентайы үстінде шықылықтап.
Өзі алмайды, қыранға алдырмайды,
Күні бойы шабады бос салақтап.
Тиіп-қашып, ыза қып, ұстатпаса,
Қуанар иелері сонда ыржақтап.
Не таптық мұныменен деген жан жоқ,
Түні бойы күпілдер құсын мақтап.
Басқа сая, жанға олжа дәнеме жоқ,
Қайран ел осынымен жүр далақтап.
* * *
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, (18)
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.
Бет бергенде шырайың сондай жақсы,
Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?
Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,
Аузымен орақ орған өңкей қыртым.
Өзімдікі дей алмай өз малыңды,
Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың.
Көрсеқызар келеді байлауы жоқ,
Бір күн тыртың етеді, бір күн бұртың.
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.
Ағайын жоқ нәрседен етер бұртың,
Оның да алған жоқ па Құдай құлқын.
Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,
Сапырылды байлығың, баққан жылқың.
Баста ми, қолда малға талас қылған,
Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын.
Оңалмай бойда жүрсе осы қыртың,
Әр жерде-ақ жазылмай ма, жаным, тырқың?
Қай жеріңнен көңілге қуат қылдық,
Қыр артылмас болған соң, мінсе қырқың?
Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қылпың,
Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың.
Ұғындырар кісіге кез келгенде,
Пыш-пыш демей қала ма ол да астыртын?
* * *
Байлар жүр жиған малын қорғалатып, (19)
Өз жүзін, онын беріп, алар сатып,
Онын алып, тоқсаннан дәме қылып,
Бұл жұртты қойған жоқ па құдай атып?
Барып келсе Ертістің суын татып,
Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып.
Елді алып, Еділді алып есіреді,
Ісіп-кеуіп, қабарып келе жатып.
Әрі-бері айналса аты арықтап,
Шығынға белшесінен әбден батып.
Сұм-сұрқия, қу, білгіш атанбаққа
Құдай құмар қылыпты қалжыратып.
Қорғаласа, қорықты деп қоймаған соң,
Шаптырады қалаға бай да андатып.
Күшті жықпақ, бай жеңбек әуел бастан,
Қолға түсер сілесі әбден қатып.
Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,
Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып.
* * *
Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да, (20)
Алдамаған кім қалды тірі жанда?
Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім,
Жалғыз-жарым болмаса анда-санда.
Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда,
Ол тұрмас бастан жыға55 қисайғанда.
Мұнан менің қай жаным аяулы деп,
Бірге тұрып қалады кім майданда?
Ендігі жұрттың сөзі – ұрлық-қарлық,
Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық.
Осы күнде осы елде дәнеме жоқ
Мейір қанып, мәз болып қуанарлық.
Байлар да мал қызығын біле алмай жүр,
Жаз жіберіп, күз атын міне алмай жүр.
Сабылтып, күнде ұрлатып, із жоғалтып,
Ызаменен ыржиып күле алмай жүр.
Саудагер тыныштық сауда қыла алмай жүр,
Қолдан беріп, қор болып, ала алмай жүр.
Ел аулақта күш айтқан, топта танған,
Арсыз жұрттан көңілі тына алмай жүр.
Естілер де ісіне қуанбай жүр,
Ел азды деп надандар мұңаймай жүр.
Ала жылан, аш бақа күпілдектер,
Кісі екен деп ұлықтан ұялмай жүр.
Бектікте біреу бектеп тұра алмай жүр,
О дағы ұры-қарды тыя алмай жүр.
Қарсылық күнде қылған телі-тентек,
Жаза тартып ешбірі сұралмай жүр.
Қарындас қара жерге тыға алмай жүр,
Бірінің бірі сөзін құп алмай жүр.
Құда-тамыр, дос-жаран, қатын-балаң –
Олар да бір қалыпты бола алмай жүр.
Бір күшті көп тентекті жыға алмай жүр,
Іште жалын дерт болып, шыға алмай жүр.
Арақ ішкен, мас болған жұрттың бәрі,
Не пайда, не залалды біле алмай жүр.
Жетілтіп жаз жайлауға қона алмай жүр,
Күз күзеу де жанжалсыз бола алмай жүр.
Қыс қыстауың – қып-қызыл ол бір пәле,
Оралып ешбір шаруа оңалмай жүр.
Жасы кіші үлкеннен ұялмай жүр,
Сұрамсақтар нәпсісін тыя алмай жүр.
Сәлем – борыш, сөз – қулық болғаннан соң,
Қандай жан сырттан сөз боп, сыналмай жүр?
* * *
Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ, (21)
Оларға жөн – арамның сөзін ұқпақ.
Қас маңғаз, малға бөккен кісімсініп,
Әсте жоқ кеселді істен биттей қорықпақ.
Бір аршопке56 шапаны сондай шап-шақ,
Мүшесінен буынып, басады алшақ.
Қарсы алдына жымырып келтірем деп,
Ақ тымақтың құлағы салтақ-салтақ.
Жаздыгүні ақ бөркі бүктелмейді,
Қолында бір сабауы бар, о дағы аппақ.
Керегеге сабауды шаншып қойып,
Бөркін іліп, қарайды жалтақ-жалтақ.
Тірі жанға құрбы боп жап-жасында-ақ,
Қалжыңдамақ, қасынбақ, ыржаңдамақ.
Бет-аузын сөз сөйлерде жүз құбылтып,
Қас кермек, мойын бұрмақ, қоразданбақ.
Осындай сидаң жігіт елде мол-ақ,
Бәрі де шаруаға келеді олақ.
Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп,
Бар өнері – қу борбай, сымпыс шолақ.
Олардың жоқ ойында малын бақпақ,
Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ.
Жалғыз атын терлетіп, ел қыдырып,
Сәлемдеспей, алыстан ыржаң қақпақ.
* * *
Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық, (22)
Қартаймастай көрмелік, ойланалық.
Жастықта көкірек зор, уайым жоқ,
Дейміз бе еш нәрседен құр қалалық.
Бар ойы – өлең айтып, ән салалық,
Біреуді қалжың қылып қолға алалық.
Қызды ауылға қырындап үйір болса
Көңіліне зор қуаныш бір бадалық57.
Демеңдер ойнас іске жұбаналық,
Ақыл тапсақ, мал тапсақ, қуаналық.
Қызды сүйсең, бірді-ақ сүй, таңдап тауып,
Көрсеқызар, күнде асық – диуаналық.
Жастықта бір күлгенің – бір қаралық,
Күлкі баққан бір көрер бишаралық.
Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе,
Ең болмаса еңбекпен мал табалық.
Той болса, тон киелік, жүр, баралық,
Бірімізді біріміз аударалық.
Ат арықтар, тон тозар, қадір кетер,
Күлкіні онша күйлеп, шуламалық.
Уайым – ер қорғаны, есі барлық,
Қиыны бұл дүниенің – қолы тарлық.
«Еһе-еһеге» елірме, бозбалалар,
Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық.
Салынба, қылсаң дағы сан құмарлық,
Алдыңда уайым көп шошынарлық:
Жарлылық, жалынышты жалтаң көздік,
Сүйкімі, икемі жоқ шалдуарлық.
Әсем салдық өлгенше кім қыларлық,
Оған да мезгіл болар тоқталарлық.
Ұрлық қылар, тентіреп тамақ асырар,
Жұмыс қып болмаған соң мал табарлық.
Басында әке айтпаса ақыл жарлық,
Ағайын табылмаса ой саларлық,
Қалжыңбассып өткізген қайран дәурен,
Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?
Осы елде бозбала жоқ сөзді ұғарлық,
Жақсы айғырда бие жоқ ат туарлық.
Әйтеуір ақсақалдар айтпады деп
Жүрмесін деп, азғана сөз шығардық.
* * *
Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат, (23)
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік
Ер табылса жарайды, қылса сұхбат.
Кейбіреу тыңдар үйден шыққанынша,
Кейбіреу қояр көңіл ұққанынша.
Сөз мәнісін білерлік біреулер бар,
Абайлар, әрбір сөзді өз халынша.
Шын көңілмен сүйсе екен, кімді сүйсе,
Бір сөзімен тұрса екен, жанса-күйсе.
Қырмызы, қызыл жібек бозбалалар,
Оңғақ бұлша былғайды, бір дым тисе.
Керек іс бозбалаға – талаптылық,
Әртүрлі өнер, мінез, жақсы қылық.
Кейбір жігіт жүреді мақтан күйлеп,
Сыртқа пысық келеді, көзге сынық.
Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,
Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз!
Күншілдіксіз тату бол шын көңілмен,
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз!
Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,
Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.
Біріңді бірің ғиззәт58, құрмет қылыс,
Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып.
Жолдастық, сұхбаттастық – бір үлкен іс,
Оның қадірін жетесіз адам білмес.
Сүйікті ер білген сырын сыртқа жаймас,
Артыңнан бір ауыз сөз айтып күлмес.
Күйлеме жігітпін деп үнемі ойнас,
Салынсаң, салдуарлық қадір қоймас.
Ер жігіт таңдап тауып, еппен жүрсін,
Төбетке өлекшіннің59 бәрі бір бәс.
Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,
Лапылдақ көрсеқызар нәпсіге ерме!
Әйел жақсы болмайды көркіменен,
Мінезіне көз жетпей, көңіл берме!
Көп жүрмес жеңсікқойлық, тез-ақ тозар,
Жаңғырар жеңсікқұмар, жатқа қозар.
Күнде көрген бір беттен көңіл қайтар,
Қылт еткізбес қылықты тамыршы озар.
Толқынын жүрегіңнің хаттай таныр,
Бүлк еткізбес қалайша соқса тамыр.
Жар көңліне бір жанын пида қылып,
Білместігің бар болса, қылар сабыр.
Шу дегенде көрінер сұлу артық,
Көбі көпшіл келеді ондай қаншық.
Бетім барда бетіме кім шыдар деп,
Кімі паңдау келеді, кімі тантық.
Ақыл керек, ес керек, мінез керек,
Ер ұялар іс қылмас қатын зерек.
Салақ, олақ, ойнасшы, керім-кербез,
Жыртаң-тыртаң қызылдан шығады ерек.
Қатының сені сүйсе, сен де оны сүй,
Қоржаң суық келеді кей сасық ми.
Ері ақылды, қатыны мінезді боп,
Тату болса, раис60 үстіндегі үй.
Жоқ болса қатыныңның жат өсегі,
Болмаса мінезінің еш кесегі.
Майысқан, бейне гүлдей толықсыған,
Кем емес алтын тақтан жар төсегі.
Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма.
Үйіңе тату құрбың келсе кіріп,
Сазданбасын қабақпен имендіріп.
Ері сүйген кісіні о да сүйіп,
Қызмет қылсын көңілі таза жүріп.
Құрбыңның тәуір болсын өз мінезі,
Абыройлы қалжыңмен келсін сөзі.
Сен оған мойын бұрып сөз айтқанда,
Қатыныңда болмасын оның көзі.
Кей құрбы бүгін тату, ертең бату,
Тілеуі, жақындығы – бәрі сату.
Көкірегінде қаяу жоқ, қиянат жоқ,
Қажымас, қайта айнымас, қайран тату!
Пайда деп, мал деп туар ендігі жас,
Еңбекпен терін сатып түзден жимас.
Меліш61 сауда сықылды күлкі сатып,
Алса қоймас, араны тағы тоймас.
Асық ұтыс сықылды алыс-беріс –
Тірі жанның қылғаны бүгін тегіс.
Бірі көйтке62 таласып, бірі арам қып,
Төбелескен, дауласқан жанжал-керіс.
Жас бала әуел тату бола қалар,
Ата-анадан жақын боп, ертіп алар.
Бірін бірі құшақтап шуылдасып,
Ойын тарқар кезінде ұрыс салар.
Біреуі жылап барса үйге таман,
Ата-анасы бұрқылдар онан жаман.
Татулығы құрысын ойыны мен
Дәл соларға ұқсайды мына заман.
Жаман тату қазады өзіңе ор,
Оған сенсең, бір күні боларсың қор.
Ары бар, ұяты бар үлкенге сен,
Өзі зордың болады ығы да зор.
Қазақтың қайсысының бар санасы?
Қылт етерде дап-дайын бір жаласы.
Пысықтықтың белгісі – арыз беру,
Жоқ тұрса бес бересі, алты аласы.
* * *
Патша құдай, сыйындым (24)
Тура баста өзіңе.
Жау жағадан алғанда,
Жан көрінбес көзіме.
Арғын, Найман жиылса,
Таңырқаған сөзіме.
Қайран сөзім қор болды,
Тобықтының езіне.
Самородный63 сары алтын
Саудасыз берсең, алмайды
Саудыраған жезіне.
Саудырсыз сары қамқаны,
Садаға кеткір сұрайды
Самарқанның бөзіне.
Кеселді түйін шешілсе,
Кердең мойын кесілсе,
Келмей кетпес кезіне.
О да – құдай пендесі,
Түспей кетер деймісің,
Тәңірініңқұрған тезіне!
* * *
Базарға, қарап тұрсам, әркім барар, (25)
Іздегені не болса, сол табылар.
Біреу астық алады, біреу – маржан,
Әркімге бірдей нәрсе бермес базар.
Әркімнің өзі іздеген нәрсесі бар,
Сомалап ақшасына сонан алар.
Біреу ұқпас, бұл сөзді біреу ұғар,
Бағасын пайым қылмай аң-таң қалар.
Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма?
Демеймін жалпақ жұртқа бірдей жағар.
Жазған соң жерде қалмас тесік моншақ,
Біреуден біреу алып, елге тарар.
Бір кісі емес, жазғаным жалпақ жұрт қой,
Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар.
«Ит маржанды не қылсын» деген сөз бар,
Сәулесі бар жігіттер бір ойланар.
* * *
Интернатта оқып жүр (26)
Талай қазақ баласы –
Жаңа өспірім, көкөрім,
Бейне қолдың саласы.
Балам закон білді деп,
Қуанар ата-анасы,
Ойында жоқ олардың
Шариғатқа шаласы.
Орыс тілі, жазуы –
Білсем деген таласы.
Прошение64 жазуға,
Тырысар келсе шамасы.
Ынсапсызға не керек
Істің ақ пен қарасы?
Нан таппаймыз демейді,
Бүлінсе елдің арасы.
Иждиһатсыз65, михнатсыз
Табылмас ғылым сарасы.
Аз білгенін көпсінсе,
Көп қазаққа епсінсе,
Кімге тиер панасы?
Орыс теріс айтпайды,
Жаман бол деп оларды.
Қаны бұзық өзі ойлар
Қу менен сұм боларды,
Орыста қалар жаласы.
Бұл іске кім виноват66 –
Я, Семейдің қаласы.
Я, қазақтың баласы.
Ойында жоқ бірінің
Салтыков пен Толстой,
Я тілмаш, я адвокат
Болсам деген бәрінде ой,
Көңілінде жоқ санасы.
Ақылы кімнің бар болса,
Демес мұны тілі ащы.
Айтыңызшы, болсаңыз
Здравомыслящий67,
Ақыл айтпай ма ағасы?
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге.
Военный68 қызмет іздеме,
Оқалы киім киюге.
Бос мақтанға салынып,
Бекер көкірек керуге.
Қызмет қылма оязға,
Жанбай жатып сөнуге.
Қалай сабыр қыласың,
Жазықсыз күнде сөгуге.
Өнерсіздің қылығы –
Тура сөзін айта алмай,
Қит етуге бата алмай,
Қорлықпенен шіруге.
Аз ақшаға жалданып,
Өнбес іске алданып,
Жол таба алмай жүруге.
Алыс та болса іздеп тап,
Кореннойға69 кіруге,
«Талапты ерге нұр жауар»,
Жүріп өмір сүруге.
Я байларға қызмет қыл!
Ерінбей шауып желуге.
Адал жүріп, адал тұр,
Счетың70 тура келуге.
Жаныңа жақса, соңынан
Жалқауланба еруге.
Қисық болса, закон бар
Судьяға беруге.
Ол да оязной емес қой,
Алуға теңдік сенуге.
Иә өз бетіңнен тәуекел,
Занимайся прямотой71.
Жеңіл көрме, бек керек
Оған да ғылым, оған да ой,
Қалайынша қайда енуге.
* * *
Ғылым таппай мақтанба, (27)
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз.
Жамандық көрсең нәфрәтлі72,
Суытып көңіл тыйсаңыз.
Жақсылық көрсең ғибрәтлі73,
Оны ойға жисаңыз.
Ғалым болмай немене,
Балалықты қисаңыз.
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз.
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз.
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл берсеңіз.
Білгендердің сөзіне
Махаббатпен ерсеңіз.
Ақыл сенбей сенбеңіз,
Бір іске кез келсеңіз.
Ақсақал айтты, бай айтты,
Кім болса мейлі, сол айтты –
Ақылменен жеңсеңіз –
Надандарға бой берме,
Шын сөзбенен өлсеңіз.
Аят, хадис емес қой,
Кәпір74 болдың демес қой,
Қанша қарсы келсеңіз.
Көп орнында көріне айтпа,
Біздің сөзге ерсеңіз.
Мұны жазған кісінің
Атын білме, сөзін біл!
Осы жалған дүниеден
Шешен де өткен не бұлбұл,
Көсем де өткен не дүлдүл.
Сөз мәнісін білсеңіз,
Ақыл – мизан75, өлшеу қыл.
Егер қисық көрінсе,
Мейлің таста, мейлің күл.
Егер түзу көрінсе:
Ойлап-ойлап, құлаққа іл.
Ақымақ көп, ақылды аз,
Деме көптің сөзі – пұл.
Жақынның сөзі тәтті деп,
Жақыным айтты дей көрме.
Надандықпен кім айтса,
Ондай түпсіз сөзге ерме.
Сізге айтамын, хаупім – бұл.
Өзің үшін үйренсең,
Жамандықтан жиренсең,
Ашыларсың жылма-жыл.
Біреу үшін үйренсең,
Біреу білмес, сен білсең,
Білгеніңнің бәрі– тұл.
Сөзіне қарай кісіні ал,
Кісіге қарап сөз алма
Шын сөз қайсы біле алмай,
Әр нәрседен құр қалма.
Мұны жазған білген құл –
Ғұламаи Дауани,
Солай депті ол шыншыл.
Сөзін оқып және ойла,
Тез үйреніп, тез жойма,
Жас уақытта көңіл – гүл.
* * *
Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ, (28)
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.
Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,
Ой желке, үңірейген болса сағақ.
Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті,
Қабырғалы, жоталы болса күшті.
Ойынды еті бөп-бөлек, омыраулы,
Тояттаған бүркіттей салқы төсті76.
Жуан, тақыр бақайлы, жұмыр тұяқ,
Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ.
Жерсоғарлы, сіңірлі, аяғы тік,
Жаурыны етсіз, жалпақ тақтайдай-ақ.
Кең сауырлы, тар мықын, қалбағайлы,
Алды-арты бірдей келсе ерге жайлы.
Күлте құйрық, қыл түбі әлді келіп,
Көтендігі сығыңқы, аламайлы.
Ұршығы төмен біткен, шақпақ етті,
Өзі санды, дөңгелек келсе көтті.
Сырты қысқа, бауыры жазық келіп,
Арты талтақ, ұмасы үлпершекті77.
Шідерлігі78 жуандау, бота тірсек,
Бейне жел, тынышты, екпінді мініп жүрсек.
Екі көзін төңкеріп, қабырғалап,
Белдеуде тыныш тұрса, байлап көрсек.
Тығылмай әм сүрінбей жүрсе көсем,
Иек қағып, еліріп басса әсем.
Шапса жүйрік, мінсе берік, жуан, жуас,
Разы емен осындай ат мінбесем.
Аяңы тымақты алшы кигізгендей,
Кісіні бол-бол қағып жүргізгендей.
Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс,
Ыза қылдың қолыма бір тигізбей.
* * *
Қансонарда бүркітші шығады аңға, (29)
Тастан түлкі табылар аңдығанға.
Жақсы ат пен тату жолдас бір ғанибет,
Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.
Салаң етіп жолықса қайтқан ізі,
Сағадан сымпың қағып із шалғанда.
Бүркітші тау басында, қағушы ойда,
Іздің бетін түзетіп аңдағанда.
Томағасын тартқан соң бір қырымнан,
Қыран құс көзі көріп самғағанда.
Төмен ұшсам түлкі өрлеп құтылар деп,
Қандыкөз79 қайқаң қағып шықса аспанға,
Көре тұра қалады қашқан түлкі
Құтылмасын білген соң құр қашқанға.
Аузын ашып, қоқақтап, тісін қайрап,
О да талас қылады шыбын жанға.
Қызық көрер, көңілді болса аңшылар,
Шабар жері қарамай жығылғанға,
Қырық пышақпен қыржыңдап тұрған түлкі,
О дағы осал жау емес қыран паңға.
Сегіз найза қолында, көз аудармай,
Батыр да аял қылмайды ертең таңға.
Қанат, құйрық суылдап, ысқырады,
Көктен қыран сорғалап құйылғанда.
Жарқ-жұрқ етіп екеуі айқасады,
Жеке батыр шыққандай қан майданға.
Біреуі – көк, біреуі – жер тағысы,
Адам үшін батысып қызыл қанға.
Қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл,
Ұқсайды хаса80 сұлу шомылғанға.
Қара шашын көтеріп екі шынтақ,
О да бүлк-бүлк етпей ме сипанғанда?!
Аппақ ет, қып-қызыл бет, жап-жалаңаш,
Қара шаш қызыл жүзді жасырғанда.
Күйеуі ер, қалыңдығы сұлу болып,
Және ұқсар тар төсекте жолғасқанға.
Арт жағынан жаурыны бүлкілдейді,
Қыран бүктеп астына дәл басқанда.
Құсы да иесіне қоразданар,
Алпыс екі айлалы түлкі алғанда.
«Үйірімен үш тоғыз» деп жымыңдап,
Жасы үлкендер жанына байланғанда.
Сілке киіп тымақты, насыбайды
Бір атасың көңілің жайланғанда.
Таудан жиде тергендей ала берсе,
Бір жасайсың құмарың әр қанғанда.
Көкіректе жамандық еш ниет жоқ,
Аң болады кеңесің құс салғанда.
Ешкімге зияны жоқ, өзім көрген
Бір қызық ісім екен сұм жалғанда.
Көкірегі сезімді, көңілі ойлыға
Бәрі де анық тұрмай ма ойланғанда.
Ұқпассың үстірт қарап бұлғақтасаң,
Суретін көре алмассың, көп бақпасаң.
Көлеңкесі түседі көкейіңе,
Әр сөзін бір ойланып салмақтасаң.
Мұны оқыса, жігіттер, аңшы оқысын,
Біле алмассың, құс салып дәм татпасаң.
ЖАЗ
Жаздыгүн шілде болғанда, (30)
Көкорай шалғын, бәйшешек,
Ұзарып өсіп толғанда;
Күркіреп жатқан өзенге
Көшіп ауыл қонғанда;
Шұрқырап жатқан жылқының
Шалғыннан жоны қылтылдап,
Ат, айғырлар, биелер
Бүйірі шығып, ыңқылдап,
Суда тұрып шыбындап,
Құйрығымен шылпылдап,
Арасында құлын-тай
Айнала шауып бұлтылдап.
Жоғары-төмен үйрек, қаз
Ұшып тұрса сымпылдап.
Қыз-келіншек үй тігер,
Бұрала басып былқылдап,
Ақ білегін сыбанып,
Әзілдесіп сыңқылдап.
Мал ішінен айналып,
Көңілі жақсы жайланып,
Бай да келер ауылға,
Аяңшылы жылпылдап;
Сабадан қымыз құйдырып,
Ортасына қойдырып,
Жасы үлкендер бір бөлек
Кеңесіп, күліп сылқылдап.
Жалшы алдаған жас бала,
Жағалайды шешесін
Ет әпер деп қыңқылдап.
Көлеңке қылып басына,
Кілем төсеп астына,
Салтанатты байлардың
Самаурыны бұрқылдап.
Білімділер сөз айтса,
Бәйгі атындай аңқылдап,
Өзгелер басын изейді,
Әрине деп мақұлдап.
Ақ көйлекті, таяқты
Ақсақал шығар бір шеттен
Малыңды әрі қайтар деп,
Малшыларға қаңқылдап.
Бай байғұсым десін деп,
Шақырып қымыз берсін деп,
Жарамсақсып, жалпылдап.
Шапандарын белсенген,
Асау мініп теңселген
Жылқышылар кеп тұрса,
Таңертеңнен салпылдап.
Мылтық атқан, құс салған.
Жас бозбала бір бөлек
Су жағалап қутыңдап.
Қайырып салған көк құсы
Көтеріле бергенде,
Қаз сыпырса жарқылдап.
Өткен күннің бәрі ұмыт,
Қолдан келер қайрат жоқ,
Бағанағы байғұс шал
Ауылда тұрып күледі,
Қошемет қылып қарқылдап.
КӨКБАЙҒА
Сорлы Көкбай жылайды, (31)
Жылайды да жырлайды.
Ол жыламай қайтіп тұрады,
Мынау азған қу заман
Қалыбында тұрмайды.
Біреу малды ұрлайды,
Біреу басты қорлайды,
…болмаған соң
Жылауына зорлайды.
КӨЖЕКБАЙҒА
Жамантайдың баласы Көжек деген, (32)
Әркімге өсек тасып безектеген.
Досын келіп досына жамандайды,
Шіркінде ес болсайшы сезед деген.
* * *
Өкінішті көп өмір кеткен өтіп, (33)
Өткіздік бір нәрсеге болмай жетік.
Ойшылдың мен де санды бірімін деп,
Талап, ойсыз, мақтанды қалдым күтіп.
Үлгісіз жұртты үйретіп, қалдық кейін,
Көп надандар өзіне тартар бейім.
Арылмас әдет болды күлкішілдік,
Ыржаң-қылжаң ит мінез дегендейін.
Тура тілді кісіні дейміз орыс,
Жиреніп, жылмаңдықты демес бұрыс.
Жылпылдақтан айрылып, сенісе алмай,
Адамдықты жоғалтар ақыр бұл іс.
Сенімі жоқ серменде81 сырды бұзды,
Анық таза көрмейміз досымызды.
Қылт етпеге көңілдің кешуі жоқ,
Жүрегінде жатады өкпе сызы.
Дос-асықтың болмайды бөтендігі,
Қосылған босаспайды жүрек жігі.
Біздің доспыз, асықпыз дегеніміз
Жалғандықтан жасалған көңіл жүгі.
Сеніскен досым да жоқ, асығым да,
Ақыры өлең қылдым, жасыдым да.
Көрмеген көп дүние көл көрінді,
Кірлемеген көңілдің ашығында.
Құдай берген бұл достық – кәннің82 бірі,
Мұңдасқанда қалмайды көңіл кірі.
Қолдан достық жасап ем болар-болмас,
Итмұрындай наданның жыртты бірі.
Сол досты сая таппай іздейді жан,
Жоқтайды күңіреніп, қозғалып қан.
Жау жабылса, бұзылмас жан көрмедім
Артық жолдас таппадым татулықтан.