Әр жылдары жазылған өлеңдерінің толық нұсқасы
ОНЕГИННІҢ СИПАТЫ
(А. С. Пушкиннен)
Жасынан түсін билеп, сыр бермеген, (65)
Дәмеленсе, күндесе, білдірмеген.
Нанасың не айтса да, амалың жоқ,
Түсінде бір кәдік жоқ алдар деген.
Кейде паң, кейде көнгіш орныменен,
Кейде елеусіз, кейде ынтық формыменен.
Кейде үндемей жүрсе де сөзге баяу,
От жалындай жауапкер құрбыменен.
Ғашықтық сөзге жүйрік әсіресе,
«Дем алысым, құмарым – бір сен» десе.
Жанын құрбан жолына қылған жансып,
Көз қарауы құбылар әлденеше.
Кейде ұялшақ, төменшік, кейде тіп-тік,
Қамыққансыр қайғырып, орны келсе.
Жай, жаңа кісі болып түк білмеген,
Қалжыңын білдіртпейді қалай деген.
Жаның шошыр өрлігі жаннан бөлек,
Кісіге балдан тәтті орны келген.
Биттей бойы босаса, сезер сонда,
Жастық жеңіп, көңілді шайқағанда.
Ғашыққұмар, ақыл мен бойыңды алып,
Жылы жауап есітер не қылсаң да.
Емінер, «әй» дегізер, дайын қылар,
Жүрегің қалай соқса, пайым қылар.
Жылы ізін суытпас, дамыл көрмес,
Бір оңаша жолығар жер айтқызар.
Ел аулақта оңаша қолына алып,
Көңіліндегі сабағын айтып тынар.
Жасынан көрсе оны ақылы сасқан
Не сұрқия жандарың жұрттан асқан.
Жеңуге, қор қылуға тағы да ұста,
Өзіне күндес шықса жол таласқан.
Ажуаға, қорлауға тілі орамды,
Не түрлі тұзақ құрып көңілін басқан.
ТАТЬЯНАНЫҢ ОНЕГИНГЕ ЖАЗҒАН ХАТЫ
(А. С. Пушкиннен)
Амал жоқ, қайттым білдірмей, (66)
Япырмау, қайтіп айтамын?
Қоймады дертің күйдірмей,
Не салсаң да тартамын.
Талайсыз, бақсыз мен сорлы
Еріксіз аттап ұяттан,
Қорлыққа көндім бұл құрлы,
Байқалар халім бұл хаттан.
Әлімше мен де ұялып,
Білдірмен дедім өлсем де.
Шыдар ем күйіп, мен жанып,
Айында бірер көрсем де.
Болмады көріп қалуға,
Есітіп біраз сөзіңді.
Шыдар ем бір ай жатуға,
Ұзақ түн жұмбай көзімді.
Қызықтан қашып бұл жерге
Көңіліңіз суып келіпсіз.
Мәнісін сұрап білерге,
Тілдесе алмаймын еріксіз.
Келмесең егер сіз бізге,
Сау болмас па ем, әлбетте?
Болмасам ашына мен сізге,
Түспес ем мұндай бейнетке.
Асау жүрек қайнамай,
Жуасыр ма еді кезінде?
Елден бір жақсы сайламай,
Бармас па ем ерге өзім де?
Өзгеге ешбір дүниеден
Еркімен тимес бұл жүрек.
Әзелде тағдыр иеден
Қожам сенсің, не керек.
Тіршілігім – құрбандық,
Шыдамай сені көргенше.
Тәңірімнен келген бұл жарлық,
Ием сенсің өлгенше.
Әуелде кірдің түсіме,
Ортақтасып өміріме.
Толғау салып ішіме,
Сол күнде-ақ жақтың көңіліме.
Құдайдан болғай деп емі,
Құдайыны мол бердім.
Көрген жерде-ақ мен сені,
«Осы екен ғой – сол» дедім.
Жатқан сайын ұйқыға,
Дұға оқушы ем, шошынып.
Ұнатып мені құлқыңа,
Жүруші едің қосылып.
Түсімде мені жұбантып,
Жылы сөзбен сөйлесіп.
Кетуші едің қуантып,
Қалушы еді көңіл өсіп.
Шыныңды айт, кімсің тербеткен,
Иембісің сақтаушы?
Әлде азғырып әуре еткен,
Жаумысың теуіп таптаушы?
Шеш көңілімнің жұмбағын,
Әлде бәрі – алданыс.
Жас жүрек жайып саусағын,
Талпынған шығар айға алыс.
Не болса да өзімді
Тапсырдым сізге жалынып.
Толтырып жасқа көзімді,
Есірке деймін жалынып.
Бұл жерде ешкім сырымды
Білмейді, айтып не етейін?
Жақтырмай бұзсаң нұрымды
Білдірмей күйіп өтейін.
Күтемін сізден қайта хат,
Қуандырып дертім жаз.
Ол болмаса, шыныңды айт,
Кінә өзімде, өзіме аз.
Өз хатыма өз көзім
Ұялып, қорқып баға алмас.
Кепілім сенің бір өзің,
Бөтен жан несіп таба алмас.
ОНЕГИННІҢ ЖАУАБЫ
(А. С. Пушкиннен)
Таңғажайып бұл қалай хат, (67)
Мағынасы алыс, өзі жас?
Сөзі орамды, әрі түрі жат,
Және әдепті, және рас.
Жас жүректің толқынын дөп
Жаза алыпсың толтырып.
Бойды жеңіп бұл асыл леп,
Тұрды титық көп құрып.
Тіл буынсыз, бой – таза гүл,
Ақылы артық, ары зор.
Ол – перизат, ойла, өзің біл,
Не болады болса қор?
Ішім өлген, құр денем сау,
Босқа үрейім жүр менің.
Жарамайды бекер алдау,
Теңің емес мен сенің.
Пенде көрген бар қызықтың
Бәрін ішкен сұм жүрек
Айныған соң, сен жолықтың,
Айтып-айтпай не керек?!
Тәтті дүние көңілімнен
Кетті менің, нан маған.
Енді бізге бір өлімнен
Басқа түк жоқ арнаған.
Мен – жаралы жолбарыспын,
Жұрттың атқан оғы өтіп.
Сен есірке, сорлы жаспын,
Шын сөзіме рақым етіп.
Бала сүйер, жар сүйерден,
Түк неме жоқ, тұр денем.
Сен – тоты құс бақта жүрген,
Қай жерімнен пар келем.
Ерге барған ер танымай,
Ер қызығын кім көрер.
Шығарына жол таба алмай,
Қайғыменен босқа өлер.
Айнығыш ер тартса салқын,
Бал сұрасаң, берер у,
Қазымырлап сөздің артын…
Қасиеттен бетті жу.
Мен – сынық жан, жамағанмен
Түзеле алман түрленіп.
Теңің емес, біл, саған мен,
Не қыласың кірленіп?!
Әйел өлмес соқпа дерттен,
Сауыға алмас сынған ер.
Мен – көмірмін қалған өрттен,
Енді рұқсат бізге бер.
Сенің өмірің гүлденіп тұр,
Есігін тап, көр қызық!
Менің өмірім – бір суық сұр
Күзгі күндей тұр бұзық.
Бірге туған мен ағаңнан,
Шын досыңмын, кем емес.
Соққы жедім сұм заманнан,
Бір жылы сөз ем емес.
Арман етпе, жас күнің көп,
Игілік көр, ерге бар!
Бұл заманның қашқыны деп,
Мен ғарыпты есіңе ал.
Менде паңдық, жат мінезден
Дәнеме жоқ, жарқыным.
Осы жазған барша сөзден
Байқалынар бар шыным.
Басы қатты, сұм жүрегін
Тоқтата алмай кетті де.
Сорға біткен көкірегін
Сендіре алмай өтті де.
Бар денемнің бәрі – бір мұз,
Қайрылуға жарамас.
Мына дәулет, мына асыл қыз
Болды маған арам ас.
Ол – жас ағаш, жас қызыл гүл,
Жапырағы жаңғырар.
Сорлы Онегин, жолды өзің біл
Қай тарапқа қаңғырар.
ОНЕГИН СӨЗІ
(А. С. Пушкиннен)
Хатыңнан жақсы ұғындым сөздің бәрін (68)
Кірі жоқ, кіршігі жоқ мағыналарын.
Жасырмай, жастықпенен, нанғыштықпен
Айтыпты шыншыл тілің бар іңкәрін.
Жасырмай жас жүректің жанған жайын,
Айтуға тілің мұнша қайдан дайын?
Жанып, сөніп, суынып қалған көңілім
Қобалжиды хатыңды көрген сайын.
Қалмаған Онегиннің ешбір бағы,
Өтіп кеткен жүректің отты шағы.
Мінсіз тілмен сөзіңді жазыпсың-ақ,
Ұнатпаған жерім бар сөйтсе-дағы.
Болса да сән-салтанат, қызық, әсем,
Тез жалығып айнимын, тұрлауым кем.
Сақтасар, ардақтасар кісі болсам,
Жалғанда сенен басқа жанды алмас ем.
Бүгін сүйсем, сені алсам – ертең жалқып,
Суып қайтар көңілім желше шалқып.
Қуартып, қайғыменен суалтамын,
Біреудің қызыл гүлін тұрған балқып.
Құдайдың толып жатыр күні бүгін,
Жігіттің тани алмай кемшілігін.
Бір алып, қадірлемей, тастап кеткен
Тартып жүр қиянатшыл ер күйігін.
Түксиген өзі суық, сөзі суық,
Келерлік бір жері жоқ жанға жуық.
Өзі антұрған, қазымыр, қатыны – сорлы,
Екі өмірдің лайлап суын тұнық.
Сол баянсыз еркектің біреуі – мен,
Жамандығым жақсымнан екі есе ден.
Жүрек кірсіз, тіл мінсіз, мінезің – гүл,
Не боласың осындай ерменен сен?
Жаңғырмас өткен өмір, біткен мінез,
Бір лайықсыз кісіге болыпсыз кез.
Сені жақсы көрейін бірге туған
Ағаңдай, онан басқа жоқ менде сөз.
Жас қыз бен жас бәйтерек – бәрі бірдей,
Жапырағы тұра ма жылда өзгермей?
Менен гөрі сөзіңді жақсы ұғушы
Кетер деме ер жігіт бір кез келмей.
Бұл сөзде ақыл да бар, ғибрат та бар,
Өзіңе екіншіде пайда болар.
Ақылменен ойласаң тоқтау қылып,
Сүйкімді менен артық жан табылар.
ОНЕГИННІҢ ХАТЫ
(А. С. Пушкиннен)
Құп білемін, сізге жақпас (69)
Ескі жара білтелеу.
Ақ жүрегің енді ұнатпас,
Мезгілі жоқ қай медеу?
Ықтиярсыз мұңды сезім
Кетті ыршып жолыңа.
Мазағыңа бердім өзім
Өз басымды қолыңа.
Өлі бойға жан жүгірді,
Қайратым құрыш болды, нан.
Мұз жүрегім май сықылды
Еріп, от боп күйді жан.
Қор қылуға Құдіреттен,
Жүрегіме түсті өрт.
Тайды аяғым ескі серттен,
Түсті емсіз қатты дерт.
Масқаралап мені тағдыр
Қылды мазақ, не шара?
Менің үшін сен жауап бер,
Менде сөз жоқ, бишара.
Михрабым1 сен, бас ұрамын,
Тіл жете алмас ғұзіріме2.
Жетпедім, не жасырамын,
Гауһарымның қадіріне.
Сен – ағашта піскен алма,
Әзір едің, алмадым.
Құп, кіріптар қылды Алла,
Әлде мені қарғадың?
Он сегіз мың бұл ғаламның
Бар тынысы күнде тұр.
Мен сықылды сорлы адамның
Ықтияры сенде тұр.
Сен бетіңді әрі бұрсаң,
Шықты көзім, болды көр.
Жанды аларсың разы болсаң,
Біздің орын – қара жер.
Тәңірі добы – бұл ғаріп бас,
Кетті амалсыз, қорлама!
Қайта қақты, қайла болмас,
Келді, түсті ордаңа.
Ақылы бар, ықтиярлы
Пенде теппес өз жарын.
Ерік Иеде – пенде зарлы
Не білер не боларын?
Сорлы адаммын жер жүзінде,
Бір қуаныш көрмедім.
Не қыласың, ерік өзіңде,
Қайғысы асқан шерлі едім.
Менің өмірім таянып тұр
Үзілуге әм жаным.
Ақ жүзіңді бір көріп құр,
Өлсем, болмас арманым.
Күні ертең бір көрінсең
Сорлы асықтың көзіне.
Тәңірі үшін шапқатыңмен
Нан ғаріптің сөзіне!
Не болайын – тез болайын,
Ақ жүзіңді көрейін.
Бар ма өмірім, қармалайын,
Жоқ болса, мен – өлейін.
Қорғалап, құр өтпе, өмір, бос,
Тағдырыңа қарсы бар.
Бір өзіңнен басқа бір дос
Таппасаң, өл, жүрме зар.
_____________________
1 محراب – (араб.) [михраб] – мешіттің төріндегі молда тұратын құбылаға қараған орын. Бұл арада қасиетті орын мағынасында.
2 عذر – (парсы.) [‘узр] – себеп, сылтау. Бір істі істеуге мүмкіндік бермеген себеп мағынасында.
ТАТЬЯНАНЫҢ ЖАУАБЫ
(А. С. Пушкиннен)
Тәңірі қосқан жар едің сен, (70)
Жар ете алмай кетіп ең.
Ол кезімде бала едім мен,
Аямасқа бекіп ең.
Талақ етіп бұл ғаламды,
Болды мәлім кеткенің,
Кінәсі жоқ жас адамды
Қатты соққан не еткенің?
Елжіреген жас емес пе ем?
Еппен айтсаң жұбатып.
Мен ғашыққа мас емес пе ем?
Кетсең еді ұзатып.
Сен жаралы жолбарыс ең,
Мен киіктің лағы ем.
Тірі қалдым, өлмей әрең,
Қатты батты тырнағың.
Бұл кінә емес, әншейін наз,
Сағынамын, айтамын.
Досың-ақпын, тағдыр араз,
Толғанамын, қайтемін.
Сен шошыдың ғашығыңнан,
Өзге жұрттан қамшы жеп.
Мен де сорлы нәсібімнен,
Жатқа тидім «алшы» деп.
Жар табылмас сен сықылды,
Мен де сендей сорлы зар.
Қол-аяғым берік бекілді,
Енді ненің орны бар?
Өз қораңның қақпасын сен
Қатты жаптың, не айтайын.
Жат қораның тақтасын мен
Жастанамын, қайтейін.
Қаймақ еді көңілімде,
Бізге қаспақ болды жем.
Екі сөз жоқ өмірімде,
Мен де – сорлы бақыты кем.
Еш қызыққа арманым жоқ,
Бәрі де бар формының.
Біреуіне қанғаным жоқ,
Өзіме аян сорлымын.
Жаным ғашық асылым ең,
Жар есігін бермедің.
Сорға біткен ғашығымсың,
Неге тым кеш сермедің?
Жат есікті және қорып,
Жара салма сен маған.
Жұрт жамандар жатқа жорып,
Жалынамын мен саған.
Үшбу қиял келсе басқа,
Сен жүдер деп мен үшін,
Болар еді қайнамасқа
Мыс қазандай сорлы ішім.
Ғашық-ақпын еш күмәнсіз,
Ырыс емес, сор үшін.
Көрісуге шыдамаспыз,
Айрылалық сол үшін.
ЛЕНСКИЙ СӨЗІНЕН
(А.С.Пушкиннен)
Барасың қайда, қайда болмай маған, (71)
Жас өмір алтын-күміс жарқылдаған?
Келер күн келеді екен не дайындап,
Қараңғы, қарағанмен, болжай алман?
Мінеки, келіп қалдық атар таңға,
Жарқырап күн де шығар тірі жанға.
Табытқа салып алып, әлде мені
Апарар сырын білмес бір далаңға.
ОНЕГИННІҢ ӨЛЕРДЕГІ СӨЗІ
(Абай өзі шығарған)
Жарым жақсы киім киіп, (72)
Келді жанға жылы тиіп.
Диуана болды бұл көңілім,
Басылмай бір құшып, сүйіп.
Бойым тұр дал болып ұйып,
Көңілім жүр құс болып шүйіп.
Есіркеп сүйгізіп еді,
Кетіппін жүз есе күйіп.
Қылдың арам ойыңды,
Бір бұрмадың мойныңды.
Сен ақылмен көңіліңді
Тыйып, жеңдің бойыңды.
Мен бұрылып түзеле алман,
Қайтсін дедің сорлыңды…
Атам, анам – қара жер,
Сен аша бер қойныңды.
Сенен басқа еш жерден
Таба алмадым орнымды.
65) «Онегиннің сипаты». («Жасынан түсін билеп, сыр бермеген») (1889). Бұл шығарманың түпнұсқасы – А. С. Пушкиннің өлеңмен жазылған «Евгений Онегин» романының бірінші тарауы. Абай бұл тараудағы X, XI шумақты түгел, XII шумақтың алты жолын тәржімалаған.
Мүрсейіт қолжазбаларында бұл өлең «Онегинді сипаттаған Пушкиннің сөзінің переуоды» деген атпен көшірілсе, 1909 жылғы қадім үлгісіндегі басылымда
«15-ші бөлік. Переуодтар. Онегиннің сипаты» деп басылған. Кейінгі басылымдарда «Онегин сипаты. А. С. Пушкиннен» деп жарияланған.
Өлең мәтiнi 1909 жылғы жинақ, Мүрсейіттің 1906, 1907, 1910 жылдардағы қолжазбаларымен қатар, кейiнгi басылымдармен де салыстырылып берілді.
Абай іріктеп аударған роман үзінділері мынадай:
X
Как рано мог он лицемерить,
Таить надежду, ревновать,
Разуверять, заставить верить,
Казаться мрачным, изнывать,
Являться гордым и послушным,
Внимательным иль равнодушным!
Как томно был он молчалив,
Как пламенно красноречив,
В сердечных письмах как небрежен!
Одним дыша, одно любя
Как он умел забыть себя!
Как взор его был быстр и нежен,
Стыдлив и дерзок, а порой
Блистал послушною слезой!
XI
Как он умел казаться новым,
Шутя невинность изумлять,
Пугать отчаяньем готовым,
Приятной лестью забавлять,
Ловить минуту умиленья,
Невинных лет предубежденья
Умом и страстью побеждать,
Невольной ласки ожидать,
Молить и требовать признанья,
Подслушать сердца первый звук,
Преследовать любовь, и вдруг
Добиться тайного свиданья…
И после ей наедине
Давать уроки в тишине!
XII
Как рано мог уж он тревожить
Сердца кокеток записных!
Когда ж хотелось уничтожить
Ему соперников своих,
Как он язвительно злословил!
Какие сети им готовил!
66) «Татьянаның Онегинге жазған хаты» («Амал жоқ – қайттым білдірмей») (1889). Бұл шығарманың түпнұсқасы – А. С. Пушкиннің «Евгений Онегин» романындағы «Татьянаның Онегинге хаты». 1909 жылғы жинақтан бергі барлық басылымдарда жарияланып келедi. Пушкинде – 79 жол, Абайда – 76 жол.
Бұл аударма туындының 1907 жылғы көшiрмедегi атауы – «Татьяна қыздың Онегинге айтқаны».
Өлеңнің 3-шумағының 3-тармағы 1907 жылғы көшірмеде – «Шыдар ем»; 1909 жылғы кітапта – «Шыдадым»; Абайдың кейінгі негізгі жинақтардың бәрінде – «Шыдар ем».
Соңғы шумақтың соңғы тармағындағы «тесік» деген сөз (1909 жылғы жинақта) Мүрсейіт қолжазбасына (1907) және 1995 жылғы басылымға сүйене отырып, «несіп» деп алынды.
Өлеңнің орыс тiлiндегi мәтiнi:
ПИСЬМО ТАТЬЯНЫ К ОНЕГИНУ
Я к вам пишу – чего же боле?
Что я могу еще сказать?
Теперь, я знаю, в вашей воле
Меня презреньем наказать.
Но вы, к моей несчастной доле
Хоть каплю жалости храня,
Вы не оставите меня.
Сначала я молчать хотела;
Поверьте: моего стыда
Вы не узнали б никогда,
Когда б надежду я имела
Хоть редко, хоть в неделю раз,
В деревне нашей видеть вас,
Чтоб только слышать ваши речи,
Вам слово молвить, и потом
Все думать, думать об одном
И день и ночь до новой встречи.
Но говорят, вы нелюдим;
В глуши, в деревне все вам скучно
А мы …ничем мы не блестим,
Хоть вам и рады простодушно.
Зачем вы посетили нас?
В глуши забытого селенья
Я никогда не знала б вас,
Не знала б горького мученья.
Души неопытной волненья
Смирив со временем (как знать?),
По сердцу я нашла бы друга,
Была бы верная супруга
И добродетельная мать.
Другой!.. Нет, никому на свете
Не отдала бы сердца я!
То в вышнем суждено совете…
То Воля неба: я твоя;
Вся жизнь моя была залогом
Свиданья верного с тобой;
Я знаю, ты мне послан богом
До гроба ты хранитель мой…
Ты в сновиденьях мне являлся,
Незримый, ты мне был уж мил,
Твой чудный взгляд меня томил,
В душе твой голос раздавался
Давно… нет, это был не сон!
Ты чуть вошел, я вмиг узнала,
Вся обомлела, запылала
И в мыслях молвила: вот он!
Не правда ль? Я тебя слыхала:
Ты говорил со мной в тиши,
Когда я бедным помогала
Или молитвой услаждала
Тоску волнуемой души?
И в это самое мгновенье
Не ты ли, милое виденье,
В прозрачной темноте мелькнул,
Приникнул тихо к изголовью?
Не ты ль, с отрадой и любовью,
Слова надежды мне шепнул?
Кто ты, мой ангел ли хранитель
Или коварный искуситель:
Мои сомненья разреши.
Быть может, это все пустое,
Обман неопытной души!
И суждено совсем иное…
Но так и быть! Судьбу мою
Отныне я тебе вручаю,
Перед тобою слезы лью,
Твоей защиты умоляю…
Вообрази: я здесь одна,
Никто меня не понимает,
Рассудок мой изнемогает,
И молча гибнуть я должна.
Я жду тебя: единым взором
Надежды сердца оживи,
Иль сон тяжелый перерви,
Увы, заслуженным укором!
Кончаю! страшно перечесть…
Стыдом и страхом замираю…
Но мне порукой ваша честь,
И смело ей себя вверяю…
67) «Онегиннің жауабы» («Таңғажайып бұл қалай хат») (1889). Бұл өлеңнiң түпнұсқасы – А.С. Пушкиннің «Евгений Онегин» романындағы Онегиннің Татьянаның хатына қайтарған жауабы. (Романның төртінші тарауындағы ХII–XVI шумақтарда – Онегиннiң Татьянаға кездескенде айтқан сөзі). Өлең мәтіні 1909 жылғы жинақ пен Мүрсейіт қолжазбалары бойынша салыстырылып, 1995 жылғы жинақ негiзiнде алынды. Аударманың орыс тіліндегі мәтіні:
. . . . . . . . . . . . .
…«Вы ко мне писали,
Не отпирайтесь. Я прочел
Души доверчивой признанья,
Любви невинной излиянья;
Мне ваша искренность мила;
Она в волненье привела
Давно умолкнувшие чувства;
Но вас хвалить я не хочу;
Я за нее вам отплачу
Признаньем также без искусства;
Примите исповедь мою:
Себя на суд вам отдаю.
XIII
Когда бы жизнь домашним кругом
Я ограничить захотел;
Когда б мне быть отцом, супругом
Приятный жребий повелел;
Когда б семейственной картиной
Пленился я хоть миг единый,
То верно б, кроме вас одной
Невесты не искал иной.
Скажу без блесток мадригальных:
Нашед мой прежний идеал,
Я, верно б, вас одну избрал
В подруги дней моих печальных,
Всего прекрасного в залог,
И был бы счастлив…сколько мог!
XIV
Но я не создан для блаженства;
Ему чужда душа моя;
Напрасны ваши совершенства:
Их вовсе недостоин я.
Поверьте (совесть в том порукой),
Супружество нам будет мукой.
Я, сколько ни любил бы вас,
Привыкнув, разлюблю тотчас;
Начнете плакать: ваши слезы
Не тронут сердца моего,
А будут лишь бесить его.
Судите ж вы, какие розы
Нам заготовит Гименей
И, может быть, на много дней!
XV
Что может быть на свете хуже
Семьи, где бедная жена
Грустит о недостойном муже,
И днем и вечером одна:
Где скучный муж, ей цену зная
(Судьбу, однако ж, проклиная),
Всегда нахмурен, молчалив
Сердит и холодно-ревнив!
Таков я. И того ль искали
Вы чистой, пламенной душой,
Когда с такою простотой,
С таким умом ко мне писали?
Ужели жребий вам такой
Назначен строгою судьбой?
XVI
Мечтам и годам нет возврата,
Не обновлю души моей…
Я вас люблю любовью брата
И, может быть, еще нежней.
Послушайте же меня без гнева:
Сменит не раз младая дева
Мечтами легкие мечты;
Так деревцо свои листы
Меняет с каждою весною.
Так, видно, небом суждено.
Полюбите вы снова: но…
Учитесь властвовать собою:
Не всякий вас, как я, поймет;
К беде неопытность ведет».
68) «Онегин сөзі» («Хатыңнан жақсы ұғындым сөздiң бәрiн») (1889). Алғаш рет 1945 жылғы 1 томдық толық жинақта жарияланды.
А. С. Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан еркiн аударма (жоғарыда келтiрiлген аударманың екiншi нұсқасы).
Түпнұсқада – 76 жол, аудармада – 48 жол.
Бұл нұсқа 11 буынды өлшеммен аударылған. Абайдың аударма шығармаларына берген түсініктерінде (1940 жылғы жинақ) Мұхтар Әуезов бұл нұсқаға да тоқталып өтеді: «Романның төртінші тарауындағы Онегиннiң бақшада жолығып, Татьянаның жазған хатына өз жайын айтып ауызша берген жауабының, сөйлеген сөзінің аудармасы. Бұл өлең Абайдың бұрынғы басылымдарынан қалып қойып жүрген. Пушкинде Онегин сөзi ұзақ, бес шумақ (XI, XIII, XIV, XV, XVI) өлең, Абай Онегиннің Татьянаға айтқан сөзін түгел аудармай, 70 жолды 44 жолға сыйғызыпты. ХI шумақтың:
«Вы ко мне писали, не отпирайтесь,
Я прочел души доверчивой признанья,
Любви излиянья», –
деп басталатын басқы жолдарын Абай:
«Хатыңнан жақсы ұғындым сөздің бәрін:
Кiрi жоқ, кіршігі жоқ мағыналарын.
Жасырмай, жастықпенен, нанғыштықпен
Айтыпты шыншыл тілің бар іңкәрін», –
деп аударады. Абай осылай аударып келеді де, Онегиннің сөзіне арналған шумақтарды түгел аудармаған сияқты, басқа түгел аударма болса, оны біз білмейміз».
Абайдың бұрынғы кейбір жинақтарында «Жамандығым жақсымнан екі еседен» деп басылып келген өлең жолы (8-шумақ, 2-тармақ) бұл басылымда «Жамандығым жақсымнан екі есе ден» деп, басым, артық деген мағынадағы «ден» сөзі бөлек жазылды.
69) Онегиннің Татьянаға хаты («Құп білемін, сізге жақпас») (1889).
А. С. Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан еркін аударма.
Мұхтар Әуезов: «Онегиннің кейін жазатын хаты» («Хұп білемiн, сiзге жақпас») және «Татьянаның сөзі» («Тәңiрi қосқан жар едiң сен») бәрі де Пушкин текстінен алыстап кетіп, мейлінше еркін суреттелген болады. Бұл тұстарында Абай Пушкиннен аударма жасамай, оның орнына Пушкиннің ізімен жаңа жайларды жырлап кетеді», – деп жазады (Әуезов М. «Абай Құнанбаев», 203-бет).
10-шумақ 1909 жылғы жинақта (1995 жылғы жинақта 8-шумақ) «Он сегіз мың бұл ғаламның» деп берілген. 1907 жылғы қолжазбада – «Он сегіз мың ғаламының».
14-шумақтың 3-тармағы 1909 жылғы жинақта – «Тәңірі сенің үшін шапқатыңмен».
Бұл 1907 жылғы қолжазбада, 1995 жылғы жинақта – «Тәңірі үшін шапқатыңмен».
15-шумақтың 1-тармағы 1909 жылғы жинақта «Не боламын, тез болайын» деп басылған. 1907 жылғы қолжазбада, 1995 жылғы басылымда – «Не болайын, тез болайын». Бұл басылымында осы кейінгі нұсқа сақталды.
Аударма шығарма бұл басылымында 1909 жылғы жинақ бойынша алынды.
Орысша нұсқасы:
ПИСЬМО ОНЕГИНА К ТАТЬЯНЕ
Предвижу все: вас оскорбит
Печальной тайны обьясненье.
Какое горькое презренье
Ваш гордый взгляд изобразит!
Чего хочу? с какою целью
Открою душу вам свою?
Какому злобному веселью,
Быть может, повод подаю!
Случайно вас когда-то встретя,
В вас искру нежности заметя,
Я ей поверить не посмел:
Привычке милой не дал ходу;
Свою постылую свободу
Я потерять не захотел.
Еще одно нас разлучило…
Несчастной жертвой Ленский пал…
Ото всего, что сердцу мило,
Тогда я сердце оторвал;
Чужой для всех, ничем не связан,
Я думал; вольность и покой
Замена счастью. Боже мой!
Как я ошибся, как наказан…
Нет, поминутно видеть вас,
Повсюду следовать за вами,
Улыбку уст, движенье глаз
Ловить влюбленными глазами,
Внимать вам долго, понимать
Душой все ваше совершенство,
Пред вами в муках замирать,
Бледнеть и гаснуть… вот блаженство!
И я лишен того: для вас
Тащусь повсюду наудачу;
Мне дорог день; мне дорог час:
А я в напрасной скуке трачу
Судьбой отсчитанные дни.
И так уж тягостны они.
Я знаю: век уж мой измерен;
Но чтоб продлилась жизнь моя,
Я утром должен быть уверен,
Что с вами днем увижусь я…
Боюсь: в мольбе моей смиренной
Увидит ваш суровый взор
Затеи хитрости презренной –
И слышу гневный ваш укор.
Когда б вы знали, как ужасно
Томиться жаждою любви,
Пылать – и разумом всечасно
Смирять волнение в крови;
Желать обнять у вас колени,
И, зарыдав, у ваших ног
Излить мольбы, признанья, пени,
Все, все, что выразить бы мог,
А между тем притворным хладом
Вооружать и речь и взор,
Вести спокойный разговор,
Глядеть на вас веселым взглядом!..
Но так и быть: я сам себе
Противиться не в силах боле;
Все решено: я в вашей воле
И предаюсь моей судьбе.
70) «Татьянаның жауабы» («Тәңірі қосқан жар едiң сен») (1889). Бұл аударма алғаш рет 1909 жылғы жинақта «Татьянаның қайырған жауабы» деген атпен басылған. 1907 жылғы қолжазбада – «Татьянаның Онегинге айтқаны».
Абай Пушкин романындағы XII шумақтың соңғы 7 жолын және XII-XVIII шумақтарды бүтіндей алып, Татьянаның Петербургте Онегинге айтқан сөзін түпнұсқаның жалпы мағынасын сақтай отырып, еркін аударған.
8-шумақтың 1-тармағы 1909 жылғы жинақта «Өз қорамның қақпасын сен» деп берілген. 1907 жылғы қолжазбада, кейінгі басылымдардың бәрінде дерлік «Өз қораңның қақпасын сен» деп басылған.
Өлең мәтіні Мүрсейіт қолжазбалары мен Абай шығармаларының негізгі басылымдарына сүйеніп беріліп отыр.
71) «Ленский сөзінен» («Барасың қайда, қайда, болмай маған») (1889). Өлең алғаш рет 1940 жылғы жинаққа енгiзiлген. Содан беріде жарық көрген Абай шығармаларының негiзгi басылымдарының бәрінде жарияланып келеді.
А. С. Пушкиннің «Евгений Онегин» романының алтыншы тарауындағы XXI, XXII шумақтарынан аударма. Өлеңге Мұхтар Әуезов: «Онегинмен дуэльге шығар түнi Ленский жазған өлеңді (романның алтыншы тарауы, XXI шумағының екінші жолынан кейін басталып, ХХІІ шумақпен бітетін жері) Абай осылайша бастап аударған екен. Бірақ жазбасы да, көшiрмесi де табылмады. Мынаны әнге салып айтып жүрген жігіттердің аузынан алдық. Пушкинде бұл өлең ұзағырақ. Абайдың қанша жерін аударғаны мәлім емес. Чайковский операсында Ленский айтатын ария:
«Куда, куда вы удалились,
Весны моей златые дни?» –
осы сөздермен басталады. Абайдың бұл аудармасы бiрiншi рет басылып отыр», – деп түсінік берген (Әуезов М. 15-том, 205-бет).
Түпнұсқаның Абай аударған жолдары:
«Куда, куда вы удалились,
Весны моей златые дни?
Что день грядущий мне готовит?
Его мой взор напрасно ловит,
В глубокой мгле таится он.
. . . . . . . . . . .
. . . . . . . . . . .
Блеснет заутра луч денницы,
И заиграет яркий день;
А я, быть может, я гробницы
Сойду в таинственную сень…»
Өлең мәтіні 1995 жылғы жинақ бойынша берілді.
72) Онегиннің өлердегі сөзі («Жарым жақсы киім киіп») (1889). Алғаш 1909 жинақта (15-бөлік. Переводтар) басылған. 1907 жылғы қолжазбада «Онегиннің сөзі» болып берілген. 1909 жылғы жинақта – «Онегиннің өлердегісі. Абай өзі шығарған».
Романда («Евгений Онегин»), шынында Онегиннің өлімі туралы әңгіме жоқ – соңғы эпизодта (сегізінші тарау, XLVIII шумақ) Пушкин өз кейіпкерін Татьянаның жауабын естіп, төбесінен жай түскендей есеңгіреген қалыпта қалдырады да («Она ушла. Стоит Евгений, – Как будто громом поражен»), оқырманымен қоштасады. Абай бұл роман үзінділерінің түпнұсқа негізін, жалпы мазмұнын сақтай отырып, мейлінше еркін аударғаны белгілі. Осы өлеңнің алдындағы аудармада да (Онегиннің Татьянаға жазған хаты – «Құп білемін, сізге жақпас») Онегиннің аузына:
Сен бетіңді әрі бұрсаң,
Шықты көзім, болды көр.
Жанды аларсың разы болсаң,
Біздің орын – қара жер, –
деген іспетті, сүйгенінен үміті үзілсе, өлуге даяр екенін білдірген Пушкинде жоқ біраз сөздер салады. Абайдың өз жағынан шығарған «Онегиннің өлердегі сөзі» – сол емеуріннің заңды тиянағы сияқты. Пушкин кейіпкерінің мінез-болмысы мен тағдырына әбден қанық Абай роман үзінділерінің өзі жасаған аударма нұсқасын Татьянаның жауабы күйреткен үмітсіз Онегиннің өлімімен аяқтауды жөн көргені анық.
Өлең Абайдың негiзгi басылымдарына енгiзiлiп келедi.
Бұл басылымға өлеңнің Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909–1995 жылғы жинақтардағы мәтіндері салыстырыла отырып берілді.