Абайдың өлеңдері

Әр жылдары жазылған өлеңдерінің толық нұсқасы

Өлеңдері мен аудармалары

1888

* * *

Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол, (38)
Қаза көрген жүрегі жаралы – ол.
Көзінің жасын тыймай жылап жүріп,
Зарланып неге әнге салады ол?
Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл,
Қыз таныстыр – қызыққа жұрт ыржаңшыл.
Қынаменде90, жар-жар мен беташар бар,
Өлеңсіз солар қызық бола ма гүл?
Бала туса, күзетер шілдехана,
Олар да өлең айтар шулап жана.
Бұрынғы жақсылардан өрнек қалған,
Биде тақпақ, мақал бар, байқап қара.
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойлансаңшы, бос қақпай елең-селең.
Өлеңді айтпақ түгіл, ұға алмайсың,
Айтсаң да, үддасынан91 шыға алмайсың.
Сен білмейді екен деп айтпасын ба,
Неге мұнша сіресіп құп алмайсың?
Өлең деген – әр сөздің ұнасымы,
Сөз қосарлық, орайлы жарасымы.
Сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе,
Оған кімнің ұнасар таласуы?
Қарны тоқ хаса92 надан ұқпас сөзді,
Сөзді ұғар көкірегі болса көзді.
Қадірін жақсы сөздің білер жанға,
Таппай айтпа оған да айтар кезді.

Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан,
Нең кетеді жақсы өлең сөз айтқаннан?
Сүйсінерлік адамды құрмет қыл
Аулақ бол әнін сатып нәрсе алғаннан.
Көп топта сөз танырлық кісі де аз-ақ,
Ондай жерде сөз айтып болма мазақ.
Біреуі олай, біреуі бұлай қарап,
Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ.

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау.
Әттең дүние-ай, сөз таныр кісі болса,
Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау!

Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ.
Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,
Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ.

КҮЗ

Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан, (39)
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.
Тойғаны ма, білмеймін, тоңғаны ма,
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.

Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айрылған ағаш, қурай.

Біреу малма93 сапсиды, салып иін94,
Салбыраңқы тартыпты жыртық киім.
Енесіне иіртіп шуда жібін,
Жас қатындар жыртылған жамайды үйін.

Қаз, тырна қатарланып қайтса бермен,
Астында ақ шомшы95 жүр, ол бір керуен.
Қай ауылды көрсең де, жабырқаңқы,
Күлкі-ойын көрінбейді, сейіл-серуен.

Кемпір-шал құржаң қағып, бала бүрсең,
Көңілсіз қара суық қырда жүрсең.
Кемік сүйек, сорпа-су тимеген соң,
Үйде ит жоқ, тышқан аулап, қайда көрсең.

Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы,
Тұман болар, жел соқса, шаң-тозаңы.
От жақпаған үйінің сұры қашып,
Ыстан қорыққан қазақтың құрысын заңы.

 

* * *

Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай (40)
Қыстың басы бірі ерте, біреуі жәй.
Ерте барсам жерімді жеп қоям деп,
Ықтырмамен күзеуде отырар бай.

Кедейдің өзі жүрер малын бағып,
Отыруға отын жоқ үзбей жағып.
Тоңған иін жылытып, тонын илеп,
Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып.

Жас балаға от та жоқ тұрған маздап,
Талтайып қақтана алмай, өле жаздап.
Кемпір-шалы бар болса, қандай қиын,
Бір жағынан қысқанда о да азынап.

Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі,
Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі?
Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,
О да қылған кедейге үлкен сыйы.

Қар жауса да, тоңбайды бай баласы,
Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.
Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,
Ағып жүріп ойнатар көздің жасы.

Бай үйіне кіре алмас тұра ұмтылып,
Бала шықса асынан үзіп-жұлып,
Ық жағынан сол үйдің ұзап кетпес,
Үйген жүктің күн жағын орын қылып.

Әкесі мен шешесі баланы аңдыр,
О да өзіңдей ит болсын, азғыр-азғыр.
Асын жөндеп іше алмай қысылады,
Құрбысынан ұялып өңшең жалбыр.

Жалшы үйіне жаны ашып ас бермес бай,
Артық қайыр артықша қызметке орай.
Байда мейір, жалшыда пейіл де жоқ,
Аңдыстырған екеуін құдайым-ай!

Алса да аяншақтау кедей сорлы,
Еңбек білмес байдың да жоқ қой орны.
Жас бала, кемпір-шалын тентіретпей,
Бір қыс сақта, тас болма сен де о құрлы.

 

ҚЫС

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, (41)
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап, келіп қалды.
Дем алысы – үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң – қыс келіп, әлек салды.
Ұшпадай96 бөркін киген оқшырайтып,
Аязбенен қызарып ажарланды.
Бұлттай қасы жауып екі көзін,
Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды.
Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда,
Алты қанат ақ орда үй шайқалды.
Әуес көріп жүгірген жас балалар,
Беті-қолы домбығып, үсік шалды.
Шидем97 мен тон қабаттап киген малшы
Бет қарауға шыдамай теріс айналды.
Қар тепкенге қажымас қайран жылқы
Титығы құруына аз-ақ қалды.
Қыспен бірге тұмсығын салды қасқыр,
Малшыларым, қор қылма итке малды.
Соныға малды жайып, күзетіңдер,
Ұйқы өлтірмес, қайрат қыл, бұз қамалды!
Ит жегенше Қондыбай, Қанай98 жесін,
Құр жібер мына антұрған кәрі шалды.

 

КҮЛЕМБАЙҒА

Уағалайкүмүссәләм, (42)
Болыс, мал-жан аман ба?
Мынадайға кез болдың
Аума-төкпе заманда.
Ел билеген адам жоқ
Ата менен бабаңда.
Болыстықтан пайда қып,
Шығыныңды алсаң жаман ба?
Қалжыңдаймын әншейін,
Оған келе де бермес шамаң да.

Орныңнан тұра шабасың,
Атшабар келсе қышқырып.
Ояз келсе қайтер ең,
Айдаһардай ысқырып?
Отырасың үйіңде,
Өз-өзіңнен күш кіріп.
Босқа-ақ түсіп қаларсың,
Біреу кетсе үшкіріп!..

 

КӨКБАЙҒА

Бұралып тұрып, (43)
Буыны құрып,
Қисайта тартып мұрынын;
Әсемсіп, сәнсіп,
Білгенсіп, бәлсіп,
Әр нәрсенің орынын.

Керенау, кердең, бір керім,
Жақпайды маған сол жерің.

 

* * *

Желсіз түнде жарық ай, (44)
Сәулесі суда дірілдеп,
Ауылдың жаны терең сай,
Тасыған өзен күрілдеп.
Қалың ағаш жапырағы
Сыбырласып өзді-өзі,
Көрінбей жердің топырағы,
Құлпырған жасыл жер жүзі.
Тау жаңғырып, ән қосып
Үрген ит пен айтаққа.
Келмеп пе едің жол тосып
Жолығуға аулаққа?
Таймаңдамай тамылжып,
Бір суынып, бір ысып,
Дем ала алмай дамыл қып,
Елең қағып, бос шошып.
Сөз айта алмай бөгеліп,
Дүрсіл қағып жүрегі,
Тұрмап па еді сүйеніп,
Тамаққа кіріп иегі?

 

* * *
Ішім өлген, сыртым сау, (45)
Көрінгенге деймін-ау:
Бүгінгі дос – ертең жау,
Мен не қылдым, япырмау?!
Өз үйінде өзендей
Күркірейді, айтса дау.
Кісі алдында кірбеңдеп,
Шабан, шардақ және шау.
Мұндай ма едің ана күн,
Мұның қалай, батыр-ау?
Үш күн арқаң босаса,
Бола қалдың бас асау.
Жан қысылса, жайтаңдап,
Жанды еріткен жайдары-ау.
Жан жай тапса, сен неге
Жат мінезсің жабырқау?
Ұрлық пенен қулыққа
Байлағанда, кестің бау.
Берерменде бесеусің,
Аларманда және алтау.
Топ болғанда көресің
Түрлі дауды жүз тарау.
Аяғында сендейлер
Көрмей жүр ме ханталау?
Қайтып кірер есікті
Қатты серіппе, жарқын-ау!
Жетілсең де, жетсең де,
Керек күні бір бар-ау.

 

* * *

Болыс болдым, мінеки, (46)
Бар малымды шығындап.
Түйеде қом, атта май
Қалмады елге тығындап.
Сүйтсе дағы елімді
Ұстай алмадым мығымдап.
Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап.
Әлсіздің сөзін салғыртсып,
Шала ұғамын қырындап.
Сыяз бар десе, жүрегім
Орнықпайды суылдап.
Сыртқыларға сыр бермей,
Құр күлемін жымыңдап.

Жай жүргенде бір күні
Атшабар келді лепілдеп:
«Ояз99 шықты, сыяз бар»,
«Ылау100» деп, «үй» деп дікілдеп.
Сасып қалдым, күн тығыз,
Жүрек кетті лүпілдеп.
Тың тұяқ күнім, сүйтсе де,
Қарбаңдадым өкімдеп.
Старшын101, биді жиғыздым:
«Береке қыл» деп, «бекін» деп,
«Ат жарамды, үй жақсы
Болсын, бәрің күтін» деп.
Қайраттанып халқыма
Сөз айтып жүрмін күпілдеп:
«Құдай қосса, жұртымның
Ақтармын осы жол сүтін» деп,
Қайраттысып, қамқорсып,
Сайманымды бүтіндеп.

Оңашада оязға
Мақтамаймын елімді,
Өз еліме айтамын:
«Бергем жоқ, – деп, – белімді».
Мақтанамын кісімсіп,
Оязға сөзім сенімді.
Көрсеттім деймін, ымдаймын
Кәдік қылар жерімді.
Сөз көбейді, ұлғайды,
Мақтанның көті көрінді.
Қазақты жеген қайратты «ер»
Ұрынды да берінді.
Әрлі-берлі тартысып,
Ісі арамы жеңілді.
Алқыны күшті асаулар
Ноқтаға басы керілді.
Үлкен-кіші ақының
Бәрі сөз боп терілді.
Қайрауы жеткен қатты би
Қайрылып нетсін көңілді.
Өз малым деп қойған мал
Иесіне берілді.
Ақылы жандар қамалап,
Кептірді сонда ерінді.
Арызшылар көбейді,
Болыстың көті шөмейді,
Қайтсін байғұс демейді,
Бір кептірмей терімді.
Күн батқанша шабамын
Әрлі-берлі далпылдап.
Етек кеткен жайылып
Ат көтіне жалпылдап.
Оязға жетсін деген боп,
Боқтап жүрмін барқылдап.
Кейбіреуге таяғым
Тиіп те кетті бартылдап.
Пысықтың көбі бұғып жүр,
Беттесе алмай шаңқылдап.
Ашылып омырау, күн ыстық,
Қойын кетті алқылдап.
Елі жөнді болыстар
Мақтанып жүр тарқылдап.
Күлкісі бөлек қарқылдап,
Үні бөлек сартылдап.
Сөйлесе кетсе бір жерде,
Ағыны қатты аңқылдап.
Оязға кірсе, өзгеден
Мерейі үстем жарқылдап.
Елің бұзық болған соң,
Ояз жатыр шартылдап.
Табаныңнан тозасың,
Құр жүгіріп тарпылдап.
Антұрғанмын өзім де,
Бір мінезбен өтпеймін.
Момындық күшті екенін,
Көрсем дағы күтпеймін.
Сыяздан соң елімді
Қысып алып кетпеймін.
Әуелде көтім бос кәпір,
Мықтыға не қып беттеймін?
Жуанды қойып, жуасты
Біраз ғана шеттеймін.
Ояз бардағы қылықты
Ояз жоқта етпеймін.
Кәкір-шүкір, көр-жерді
Пайда көріп ептеймін.
Мынау арам, тентек деп,
Еш кісіні теппеймін.
Өзімдік бол деп ел жиып,
Құрастырып, септеймін.
Бұзақының бүлігін
«Жақсы ақыл» деп, «құп» деймін.

Сүйегім жасық, буын бос,
Біраз ғана айлам бар.
Айлам құрсын, білемін –
Болыстықтың жолы тар.
Қайтіп көмек болады
Антұрған өңкей ұры-қар?
Көргенім әлгі, ойлашы,
Ұят, намыс, қалды ма ар?
Ендігі сайлау болғанда,
Түсе ме деп тағы шар,
Бұл күніме бір күні
Боламын ғой деймін зар.
Ақыл жеткен туғандар,
Бұл сөзімді ойлаңдар.
Кәтелешке102 көбейді,
Сөгіс естіп, тозды ажар.
Мынау елді ұстарлық
Кісі емеспін, кел, құтқар!
Қолдан келмес қорлыққа
Неге болдым мұнша іңкәр?
Ел жайылды, жетпей ме
Оязға да бір хабар?
Тағы бүйтіп кеттің деп
Қозғау салар, қолға алар.
Қатты қысым қылған соң,
Басым сотқа айналар.
Кірік болып түскен соң,
Көрген күнім не болар?
Өзіне мәлім, тентектер
Өз бетімен не табар?
Қағаз берер, қарманар,
Аяғында сандалар.

Бұрынғыдай дәурен жоқ,
Ұлық жолы тарайды.
Өтірік берген қағаздың
Алды-артына қарайды.
Өз қағазы өз көзін
Жоғалтуға жарайды.
Тауып алып жалғанын,
Қылмысыңды санайды.
Өзі залым закүншік
Танып алды талайды,
Көрмей тұрып құсамын
Темір көзді сарайды.

 

* * *

Біреуден біреу артылса, (47)
Өнер өлшеніп тартылса,
Оқыған, білген – білген-ақ,
Надан – надан-ақ сан қылса.

Оқыған білер әр сөзді,
Надандай болмас ақ көзді.
Надан жөндіге жөн келмей,
Білер қайдағы шәргезді.

Надан қуанар, арсаңдар,
Таңырқап тұра қалсаңдар.
Татымды ештеме болмас,
Адамсып босқа талтаңдар.

Ақыл қайғы жоқ онда,
Ісі жоқ – теріс пе, оң ба?
Тіленіп, телміріп жоқ ізденіп,
Тыйын ба, яки бір сом ба?

Ит көрген ешкі көзденіп,
Елерме жынды сөзденіп.
Жасынан үлгісіз шіркін,
Не қылсын өнер ізденіп.

Кісімсіп белгілі білгіш,
Біреуге сондай-ақ күлгіш.
Бұлықсып, бұлданып босқа,
Өзімшіл, оңбаған шерміш103.

Кісіде бар болса талап,
Отырмас ол бойын балап,
Жүрер, әрқайдан ізденер,
Алар өз сүйгенін қалап.

 

* * *

Мәз болады болысың, (48)
Арқаға ұлық қаққанға.
Шелтірейтіп орысың,
Шенді шекпен жапқанға.
Күнде жақсы бола ма,
Бір қылығы жаққанға?
Оқалы тон тола ма,
Ар-ұятын сатқанға?!
Күлмең қағып қасқайып,
Салынып ап мақтанға.
Таң қаламын қампайып,
Жоқты-барды шатқанға.
Үйі мәз боп, қой сойды
Шүйіншіге шапқанға.
Әуре қылды, салды ойды
Үйдегі тыныш жатқанға.
Еш нәрсе емес жұбанар
Ақыл көзбен баққанға.
Жас баладай қуанар,
Бір тәттіні татқанға.
Көзі барлар ойының
Күлер көтін ашқанға,
Қасиетін бойының
Бекер төгіп шашқанға.
Қуанарлық қыз емес
Жылтырауық таққанға.
Өзгелерді, біз емес,
Түсірмекші қақпанға.
Осы да есеп бола ма
Ар, абұйыр тапқанға?
Миың болса жолама
Бос желігіп шапқанға.
Бір бес надан, оңбассың,
Нансаң, онын қосқанға.
Жасық, жаман болмассың,
Жамандықтан қашқанға.

Ол «болдым-ақ» дей берер,
Бұлғақ қағып басқанға.
Елең қағып елбірер,
Елертіп көзді аспанға.

Жайы мәлім шошқаның,
Түрткенінен жасқанба.
Бір ғылымнан басқаның
Кеселі көп асқанға.

Одан үміт кім қылар,
Жол табар деп сасқанда?
Үйтіп асқан жолығар
Кешікпей-ақ тосқанға.

 

* * *

Білімдіден шыққан сөз (49)
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге
Көкірегінде болсын көз.

Жүрегі – айна, көңілі ояу,
Сөз тыңдамас ол баяу.
Өз өнері тұр таяу,
Ұқпасын ба сөзді тез?

Әбілет басқанелерме,
Сөзге жуық келер ме?
Түзу сөзге сенер ме
Түзелмесін білген ез?

«Айтшы-айтшылап» жалынар,
Ұққыш жансып шабынар.
Ұқпай жатып жалығар,
Ұйқылы-ояу бойкүйез.

Жас баладай жеңсікқой,
Байлаулы емес ақыл, ой,
Ойлағаны – айт пен той,
Ыржаң-қылжаң ит мінез.

Сұлу қыз бен я батыр
Болмаған соң, тәңірі алғыр,
Шығып кетер, я қалғыр,
Оған ақыл – арам без.

Жақсыға айтсаң, жаны еріп,
Ұғар көңіл шын беріп,
Дертті ішіне ем көріп,
Неге алтынды десін жез.

«Ой, тәңір-айшыл» кер есек,
Қулық, сұмдық я өсек.
Болмаған соң, бір есеп –
Мейлі қамқа, мейлі бөз.

 

СЕГІЗ АЯҚ

Алыстан сермеп, (50)
Жүректен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған;
Қиуадан шауып,
Қисынын тауып,
Тағыны жетіп қайырған –
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлеймін десең өзің біл.
Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі
Өрнегін сендей сала алмас.
Білгенге маржан,
Білмеске арзан,
Надандар бәһра104 ала алмас.
Қиналма бекер, тіл мен жақ,
Көңілсіз құлақ – ойға олақ.
Басында ми жоқ,
Өзінде ой жоқ,
Күлкішіл кердең наданның.
Көп айтса көнді,
Жұрт айтса болды –
Әдеті надан адамның.
Бойда қайрат, ойда көз
Болмаған соң, айтпа сөз.
Қайнайды қаның,
Ашиды жаның,
Мінездерін көргенде.
Жігерлен, сілкін,
Қайраттан, беркін
Деп насихат бергенде,
Ұятсыз, арсыз салтынан,
Қалғып кетер артынан.
Аулаққа шықпай,
Сыбырлап бұқпай,
Мейірленбес еш сөзге.
Пайдасыз тақыл–
Байлаусыз ақыл,
Атадан бала ойы өзге.
Санасыз, ойсыз, жарым ес,
Өз ойында ар емес.
Тасыса өсек,
Ысқыртса кесек,
Құмардан әбден шыққаны.
Күпілдек мақтан
Табытын қаққан –
Аңдығаны, баққаны.
Ынсап, ұят, терең ой
Ойлаған жан жоқ, жауып қой.
Болмасын кекшіл,
Болсайшы көпшіл,
Жан аямай, кәсіп қыл.
Орынсыз ыржаң,
Болымсыз қылжаң
Бола ма дәулет, нәсіп бұл?

Еңбек қылсаң ерінбей –
Тояды қарның тіленбей.
Егіннің ебін,
Сауданың тегін
Үйреніп, ойлап, мал ізде.
Адал бол – бай тап,
Адам бол – мал тап,
Қуансаң қуан сол кезде.
Біріңді қазақ, бірің дос
Көрмесең, істің бәрі бос.
Малыңды жауға,
Басыңды дауға
Қор қылма, қорға, татулас.
Өтірік, ұрлық,
Үкімет зорлық
Құрысын, көзің ашылмас.
Ұятың, арың оянсын,
Бұл сөзімді ойлансын.

Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық
Аздырар адам баласын.
Таласып босқа,
Жау болып досқа,
Қор болып, құрып барасың.
Өтірік шағым толды ғой,
Өкінер уақытың болды ғой.
Жұмыссыз сандал,
Еріксіз малды ал
Деген кім бар сендерге?
Қулықты көргіш,
Сұмдықты білгіш
Табылар кісі жөндерге.
Үш-төрт жылғы әдетің
Өзіңе болар жендетің.
Ауырмай тәнім,
Ауырды жаным,
Қаңғыртты, қысты басымды.
Тарылды көкірек,
Қысылды жүрек,
Ағызды сығып жасымды.
Сүйеніп күлкі, тоқтыққа,
Тартыпты өнер жоқтыққа.
Қайратым мәлім,
Келмейді әлім,
Мақсұт – алыс, өмір – шақ.
Өткен соң базар,
Қайтқан соң ажар,
Не болады құр қожақ?!
Кеш деп қайтар жол емес,
Жол азығым мол емес.
Бір кісі мыңға,
Жөн кісі сұмға
Әлі жетер заман жоқ.
Қадірлі басым,
Қайратты жасым
Айғаймен кетті, амал жоқ.
Болмасқа болып қара тер,
Қорлықпен өткен қу өмір.

Сөзуар білгіш,
Закүншік, көргіш,
Атанбақ – мақсұт, мақтанбақ.
Жасқанып, қорқып,
Жорғалап, жортып,
Именсе елің, баптанбақ.
Қарғағанын жер қылмақ,
Алқағанын зор қылмақ.
Хош, қорықты елің,
Қорқытқан сенің
Өнерің қайсы, айтып бер.
Ел аңдып сені,
Сен аңдып оны,
Қылт еткізбей бағып көр.
Ойнасшы қатын болса қар,
Аңдыған ерде қала ма ар?
Көмексіз кезің,
Бір жалғыз өзің
Баға алмай, басың сандалар.
Бауырыңа тартқан,
Сырыңды айтқан
Сырласың сырт айналар.
Ол қаны бұзық ұры, қар,
Қапысын тауып сені алар.
Басы-көзі қан боп,
Арқа-басы шаң боп,
Және тұрып жалпылдап;
Жығылып тұрып,
Буыны құрып,
Тағы қуып салпылдап –
Абұйыр қайда, ар қайда?
Әз басыңа не пайда?
Ит үрсе, бала
Таяғын ала,
Қуады итпен кектесіп.
Ұрысқансып «ой» деп,
«Ұят» деп, «қой» деп,
Үлкендер тыяр «тек» десіп.
Оны білсең, мұның не?
Мен де ұят іс қылдым де.
Білгенге жол бос,
Болсашы қол бос,
Талаптың дәмін татуға.
Білмеген соқыр,
Қайғысыз отыр,
Тамағы тойса жатуға.
Не ол емес, бұл емес,
Менің де күнім күн емес.
Ғылымды іздеп,
Дүниені көздеп,
Екі жаққа үңілдім.
Құлағын салмас,
Тіліңді алмас,
Көп наданнан түңілдім.
Екі кеме құйырығын
Ұста, жетсін бұйрығың.
Жартасқа бардым,
Күнде айғай салдым,
Онан да шықты жаңғырық.
Естісем үнін,
Білсем деп жөнін,
Көп іздедім қаңғырып.
Баяғы жартас – бір жартас,
Қаңқ етер, түкті байқамас.
Жаяуы қапты,
Аттысы шапты,
Қайрылып сөзді кім ұқсын.
Іште дерт қалың,
Ауыздан жалын
Бұрқ етіп, көзден жас шықсын.
Күйдірген соң шыдатпай,
Қоя ма екен жылатпай?
Мамықтан төсек,
Тастай боп кесек,
Жамбасқа батар, ұйқы жоқ.
Сыбыр боп сөзі,
Мәз болып өзі,
Ойланар елдің сыйқы жоқ.
Баяғы қулық, бір алдау,
Қысылған жерде – жан жалдау.

Атадан алтау,
Анадан төртеу,
Жалғыздық көрер жерім жоқ.
Ағайын бек көп,
Айтамын ептеп,
Сөзімді ұғар елім жоқ.
Моласындай бақсының
Жалғыз қалдым – тап шыным!

 

* * *

Сәулең болса кеудеңде, (51)
Мына сөзге көңілің бөл.
Егер сәулең болмаса,
Мейлің тіріл, мейлің өл.
Танымассың, көрмессің,
Қаптаған соң көзді шел.
Имамсыздық намазда –
Қызылбастың105 салған жол.
Көп шуылдақ не табар,
Билемесе бір кемел?
Берекелі болса ел –
Жағасы жайлау ол бір көл.
Жапырағы жайқалып,
Бұлғақтайды соқса жел.
Жан-жағынан күркіреп
Құйып жатса аққан сел,
Оның малы өзгеден
Өзгеше боп өсер тел.
Берекесі кеткен ел –
Суы ашыған батпақ көл.
Құс қаңқылдап, жағалап,
Сулай алмас жазғы төл.
Оның суын ішкен мал
Тышқақ тиіп, аспас бел.
Көл деп оны кім жайлар,
Суы құрсын, ол бір – шөл.
Единица106 – жақсысы,
Ерген елі бейне нөл.
Единица нөлсіз-ақ,
Өз басындық болар сол.
Единица кеткенде,
Не болады өңкей нөл?
Берекеңді қашырма,
Ел тыныш болса, жақсы сол.
Рас сөзге таласып,
Ақжем болма, жаным, кел!

 

* * *

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, (52)
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,
Көңілінің көзі ашық, сергек үшін.
Түзу кел, қисық-қыңыр, қырын келмей,
Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей.
Шу дегенде құлағың тосаңсиды.
Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей.
Таң қаламын алдыңғы айтқанды ұқпай,
Және айта бер дейді жұрт тыным бермей.
Сөз айттым «Әзірет Әлі, айдаһарсыз»,
Мұнда жоқ алтын иек, сары ала қыз.
Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,
Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз.
Әсіре қызыл емес деп жиренбеңіз,
Түбі терең сөз артық, бір байқарсыз.
Батырдан барымташы туар даңғой,
Қызшыл да, қызықшыл да әуре жан ғой.
Арсыз, малсыз, ақылсыз, шаруасыз,
Елірмелі маскүнем байқалған ғой.
Бес-алты мисыз бәңгі107 күлсе мәз боп,
Қинамай қызыл тілді кел, тілді ал, қой!
Өлеңі бар өнерлі інім, сізге
Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге.
Өзге түгіл өзіңе пайдасы жоқ,
Есіл өнер қор болып кетер түзге.
Сәнқой, даңғой, ойнасшы, керім-кербез,
Қанша қызық болады өзіңізге?

 

* * *

Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек, (53)
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, талапты, шыдамдылық,
Бұл – қайраттан шығады, білсең керек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі жақсы демек.
Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек.

 

* * *

Ғашықтық, құмарлық пен – ол екі жол, (54)
Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.
Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым,
Мен не болсам болайын, сен аман бол.
Көңілімнің рақаты сен болғансың,
Жасырынба, нұрыңа жан қуансын.
Бірге жаққан біреуге жақпаушы еді,
Сүйкімді тірі жанға неткен жансың?!
Ғашықтық келсе, жеңер бойыңды алып,
Жүдетер безгек ауру сықылданып.
Тұла бой тоңар, суыр, үміт үзсе,
Дәмеленсе өртенер күйіп-жанып.

 

* * *

Қор болды жаным, (55)
Сенсізде менің күнім,
Бек бітті халім,
Тағдырдан келген зұлым.
Тағдыр етсе Алла,
Не көрмейді пәндә?

Сайрай бер, тілім,
Сарғайған соң бұл дерттен.
Бүгілді белім,
Жар тайған соң әр серттен.
Қамырықты көңіл,
Қайтсе болар жеңіл?

Сағындым сені,
Көрмедім деп көп заман.
Адам деп мені,
Салмадың сен хат маған.
Жай таба алмай жүрек,
Жасыған соң сүйек.

Бұл қылған зарым
Барса жардың маңына,
Ол – қылған дәрім
Барса ғашық жанына.
Оңалдырып ойды,
Түзетпей ме бойды?

 

* * *

Сен мені не етесің? (56)
Мені тастап,
Өнер бастап
Жайыңа
Және алдап,
Арбап,
Өз бетіңмен сен кетесің.

Неге әуре етесің?
Қосылыспай,
Басылыспай,
Байыңа
Және жаттан
Бай тап,
Өмір бойы қор өтесің.
Ет жүрек өртенді,
От боп жанып,
Жалын шалып
Ішіме.
Иттей қормын,
Зармын,
Сен үздің ғой бұл желкемді.
Кім білер ертеңді?

Өлім айтпас,
Келсе қайтпас
Кісіге.
Бүгінгі күн
Бармын,
Жолдас еттің сен бөтенді.
Ғашықтық – қиын жол.
Жетсең – жеттің.
Жетпей өттің,
Не болды?
Арманда өмір
Өтті,
Ойлар ма екен бір мені сол?

Салдырап аяқ-қол,
Жетпей сертке,
Ішім дертке
Тез толды.
Ажал уақыты
Жетті,
Мен өлейін, сен сау бол.
Шын жүрек – бір жүрек,
Қайта толқып,
Жолдан қорқып,
Айнымас.
Шегінісіп.
Қайтпас,
Өлсе бір сөзбен, не керек?
Білесің, сен зерек,
Мен пендеңе,
Болды деме,
Кел, қарас.
Ешкім сөгіс
Айтпас,
Рахым қылсаң, кел ертерек!

Шын ғашық мен саған!
Кейіп жүрсем,
Сені көрсем,
Ләм-мим деп
Бір сөз айтар
Хал жоқ,
Еріп кетер бой сол заман.
Ойыңды сен маған
Бір бөлмедің,
Тез келмедің
Мені іздеп.
Ішінде ыстық
Қан жоқ,
Тас бауыр жар, бол қош аман!

Жар, сенің көңілің тоқ,
Ақ етінді,
Нұр бетіңді
Меншікті
Қылмаған соң
Алла,
Өзі сорлы етсе, амал жоқ.
Сен аттың жөнсіз оқ,
Тәңірі – қазы,
Тас таразы,
Тентекті
Сұрамас деп
Қалма,
Серт бұзғанның, біл, орыны – шоқ.

 

ЖІГІТ СӨЗІ

Айттым сәлем, қалам қас, (57)
Саған құрбан мал мен бас.
Сағынғаннан сені ойлап,
Келер көзге ыстық жас.
Сенен артық жан тумас,
Туса туар – артылмас.
Бір өзіңнен басқаға
Ынтықтығым айтылмас.
Асыл адам айнымас,
Бір бетінен қайрылмас.
Көрмесем де, көрсем де,
Көңілім сенен айрылмас.
Көзім жатқа қарамас,
Жат та маған жарамас.
Тар төсекте төсіңді
Иіскер ме едім жалаңаш?
Иығымда сіздің шаш,
Айқаласып тай-талас,
Ләззат алсақ болмай ма,
Көз жұмулы, көңіл мас?
Сізде сымбат, бізде ықылас,
Осы сөзім бәрі рас.
Сіздей жардың жалғанда,
Қызығына жан тоймас.

Етің етке тигенде,
Демің тиіп сүйгенде,
Бой шымырлап, тән еріп,
Ішім оттай күйгенде.
Жүрек балқып игенде,
Ішкі сырды түйгенде,
Іздеп табар сұңқармын,
Жарастықты шүйгенде.

Қылығыңда жоқ оғат,
Қарап тойман жүз қабат.
Ыстық тартып барасың,
Бір сағаттан бір сағат.
Сіз – қырғауыл жез қанат,
Аш бетінді, бері қарат.
Жақындай бер жуықтап,
Тамағыңнан айқалат!

 

ҚЫЗ СӨЗІ

Қиыстырып мақтайсыз, (58)
Ойласаң не таппайсыз?
Бізде ерік жоқ, өзің біл,
Әлде неге бастайсыз.
Біз де әркімді байқаймыз,
Тап бергеннен тайқаймыз.
Сіздей асыл кез болса,
Қайтіп басты шайқаймыз?
Ақылыңа сөзің сай,
Сіз – жалын шоқ, біз – бір май.
Ыстық сөзің кірді ішке,
Май тұра ма шыжымай.
Қабыл көрсең, көңілім жай,
Тастап кетсең, япырмай,
Ит қор адам болар ма,
Бұл жалғанда сорлыңдай?
Тілегімді бермесең,
Амалым не жерлесең?
Үйір қылма бойыңа,
Шыны жақсы көрмесең.
Қайғың болар шермен тең,
Қара көңілім жермен тең.
Сенсіз маған жат төсек
Болар бейне көрмен тең.
Сіз – бір сұңқар шаһбаз108,
Жер жүзінен алған баж109.
Біздей ғаріп есепсіз,
Есігіңде жүр мұқтаж.
Көңілің тұрса бізді алып,
Шыныменен қозғалып,
Біз – қырғауыл, сіз – тұйғын,
Тояттай бер, кел де алып.
Тал жібектей оралып,
Гүл шыбықтай бұралып.
Салмағыңнан жаншылып,
Қалсын құмар бір қанып…

Мұны жаздым ойланып,
Ойда бардан толғанып.
Кірсе ішіңе оқи бер,
Бозбалалар, қолға алып.
Мұны оқыса кім танып,
Жүрегіне от жанып,
Сөзді ұғарлық жан тапса,
Айтса жарар ән салып.
Өлең жиған тырбанып,
Ән үйренген ырғалып.
Сорлы Көкбай қор болды-ау,
Осыншадан құр қалып.

 

* * *

Білектей арқасында өрген бұрым, (59)
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?

Аласыз қара көзі айнадайын,
Жүрекке ыстық тиіп салған сайын,
Үлбіреген ақ етті, ашық жүзді,
Тісі әдемі көріп пе ең қыздың жайын?
Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ,
Болады осындай қыз некен-саяқ.
Піскен алма сықылды тәтті қызды
Боламын да тұрамын көргендей-ақ.
Егерде қолың тисе білегіне,
Лүпілдеп қан соғады жүрегіңе.
Бетіңді тамағына таяп барсаң,
Шымырлап бу енеді сүйегіңе.

 

* * *

Қажымас дос халықта жоқ, (60)
Айнымас серт қайда бар?
Алда көрген артта жоқ,
Мысқыл, өсек, айла бар.
Жақсылығың күнде ұмыт,
Бір жаңылсаң, болды кек.
Пайдасынан бой суыт,
Өзі тимей жүрсе тек.
Пайда, мақтан өзінен,
Артыла ма ант ұрып?
Жарыса өсек сөзінен,
Айта берсін шарқ ұрып.
Кімге достық көп еттім,
Түбі болды бір кейіс.
Жақсы өмірім, әуре өттің
Жар таба алмай бір тегіс.
Жау қожаңдап бұртайып,
Дос құбылып, әуре етер.
Кімі тентек, кімде айып,
Тексере алмай өмір өтер.
Сыйласарлық тектінің,
Кім танымас нұсқасын?
Күнде өзімшіл ептінің,
Несін адам ұстасын?

 

* * *

Жастықтың оты, қайдасың, (61)
Жүректі түртіп қозғамай?
Ғылымның біліп пайдасын,
Дүниенің көркін болжамай?
Адамның тауып айласын,
Кісілікті ойламай.
Қаруын көңіл сайласын,
Қолға ол түспес бойламай.
Махаббат, қызық кім көрер,
Оның да дәмін татпаса?
Біржола басты кім берер,
Жаныңа қайғы батпаса?
Аямай жанын дос ерер,
Жолдастықты ақтаса.
Алдыңа айдап кім келер,
Ерінбей жүріп бақпаса.
Мал бақпақтық шаруа боп,
Адал тауып асықпай.
Құр айғаймен әуре боп,
Өнердің жайын баса ұқпай.
Енді нені істейміз,
Бәрінен де бос қалдық?
«Ауызға келіп түс» дейміз,
Қылып жүріп құр салдық!

 

* * *

Жарқ етпес қара көңілім не қылса да, (62)
Аспанда ай менен күн шағылса да,
Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да.
Сорлы асық сарғайса да, сағынса да,
Жар тайып, жақсы сөзден жаңылса да,
Шыдайды риза болып жар ісіне,
Қорлық пен мазағына табынса да.

 

* * *

Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да, (63)
Оған да үкі, тұмар тағылса да.
Қыжыртпай мені сырттан жүре алмайды,
Кім желігіп, қай шеттен қағынса да.
Күшік ит бөрі ала ма жабылса да?
Тәңірі сақтар, табандап тап ұрса да.
Арсыз адам арсаңдап, арсылдайды,
Әр жерде-ақ керегеге таңылса да.
Құтырды көпті қойып азғанасы,
Арызшы орыс – олардың олжаласы.
Бірде оны жарылқап, бірде мұны,
Қуды ұнатты-ау Семейдің бұл қаласы.

 

ҚАРА ҚАТЫНҒА

Қара қатын дегенге, қара қатын, (64)
Үзіп-жұлып, алып жүр қанағатын.
Ала жаздай байың кеп бір жатпайды,
Қазақтың не қыласың шарағатын.

1ش -) парсыша). [раушән] — жарық, айқын, әдемілік.
2ر) – арабша). [гәуһәр] – асыл тас, гаухар.
3ل) – арабша). [лә‘л] – асыл қызыл тас. Лағилдек – лағылдай.

 © Әуезов институты, 2023-2025

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы