Әр жылдары жазылған өлеңдерінің толық нұсқасы
* * *
Антпенен тарқайды (108)
Жиылса кеңеске.
Ор қазып байқайды
Туа жау емеске.
Анттасып алқайды1
Сен тентек демеске.
Кім анттан шалқайды
Амал жоқ жемеске.
Аз адам шаршайды,
Ебіне көнбеске.
Басы ыңғай қайқайды,
Амал жоқ өлмеске.
Ел састы, аңқайды,
Би тартты егеске.
Жұрт тағы мал-жайды
Ой қылар бермеске.
Өсімге қол жайды,
Тай алып серкешке.
Алмаса ол тайды,
Дап-дайын көрмеске.
Кедей би жантайды
Сауыр мен өркешке.
Саумаққа ол байды,
Кеңесер би кешке.
Қайғы қып болмайды,
Өкпелеп білмеске.
Сүйтсе де оңбайды,
Бұрынғы түсті еске.
Пысықтар шалқайды,
Таласып теңдеске.
Қағысып шонтайды
Өзімен жемдеске.
Таласып тарқайды
Ақшадан төрт-беске.
Бірлікті шайқайды,
Араз боп өнбеске.
______________
1 Алқайды – қостайды, қолдайды деген мағынада.
* * *
Қарашада өмір тұр, (109)
Тоқтатсаң тоқсан көнер ме?
Арттағы майда көңіл жүр,
Жалынсаң қайтып келер ме?
Майдағы жұрттың іші – қар,
Бәйшешек қарға өнер ме?
Ішінде кімнің оты бар,
Қар жауса да, сөнер ме?
Талаппен ұшып, талпынып,
Шартарапты көздемес.
Пайданы қуып алқынып,
Өзгені әсте сөз демес.
Кеудесі – толған қулық ой,
Бәрі де пысық, езбе емес.
Құмары оның айт пен той,
Пайда мен мақтан – өзге емес.
Алдадым, ұрдым, қырдым деп,
Шалықтап, шалқып, шатпай ма?
Қапысын аңдып тұрдым деп,
Қулығын бұлдап сатпай ма?
Момыннан жаман қорқақ жоқ,
«Қу», «пысық» деген ат қайда?
Арсыз болмай атақ жоқ,
Алдамшы болмай бақ қайда?
* * *
Жас өспірім замаңдас қапа қылды, (110)
Сабыр, ар жоқ, аял жоқ, ілді-жұлды.
Тұрлау қылып еш нәрсе басқара алмай,
Сенімі жоқ серменде өңкей жынды.
Жамандық, жақсылық пен – оған бір бәс,
Дін ісін, құдай ісін айыра алмас.
Арын сатып, ант ұрып іздегені –
Бір семіз ат, аяғы бір табақ ас.
Тұрлаусыздың қолынан не келеді,
Ынтасыз қайтіп өнер үйренеді?
Еңбегі жоқ, еппенен мал табам деп,
Сендіре алмай, сене алмай, сенделеді.
Онда оны алдайды, мұнда мұны,
Жанын берсе, табылмас сөздің шыны.
Алты жақсы жүз жылқы болған басы
Бір семіз ат болады оның құны.
* * *
Ғашықтың тілі – тілсіз тіл, (111)
Көзбен көр де, ішпен біл.
Сүйісер жастар қате етпес,
Мейлің инан, мейлің күл.
Ол тілге едік оңтайлы –
Қаріпсіз біліп сондайды.
Біліп-ақ, ұғып қоюшы ек,
Енді ішіме қонбайды.
* * *
Әсемпаз болма әрнеге, (112)
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де – бір кірпіш, дүниеге
Кетігін тап та, бар қалан!
Қайрат пен ақыл жол табар,
Қашқанға да, қуғанға.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
Бастапқы екеу соңғысыз
Біте қалса қазаққа,
Алдың – жалын, артың – мұз,
Барар едің қай жаққа?
Пайданы көрсең бас ұрып,
Мақтанды іздеп, қайғы алма.
Мініңді ұрлап жасырып,
Майданға түспей бәйгі алма.
Өзіңде бармен көзге ұрып,
Артылам деме өзгеден.
Күндестігін қоздырып,
Азапқа қалма езбеден.
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас
Үйретуден балаға.
ЕСКІЛІК КИІМІ
Ойланып, ойға кеттім жүз жылғы өткен, (113)
Тон қабаттап кигенім – шидем шекпен.
Жейде-дамбал ақ саңнан1, жарғақ шалбар,
Жырым балақ матамен әдіптеткен.
Мықшима аяғымда былғары етік,
Киіз байпақ тоңдырмас ызғар өтіп.
Үлкен кісе2 белімде жез салдырған,
Шақпағым, дәндәкуім3 жарқ-жұрқ етіп.
Күләпәра4 бастырған пұшпақ тымақ,
Ішкі бауын өткізген тесік құлақ.
Тобылғыдан кесіп ап, жіппен қадап,
Артын белге қыстырған бар құрысқақ5.
Қалмақы қара үзеңгі, биік қасты ер,
Қанжығамда байлаулы жіптен шідер.
Жарғақ жастық көпшігім, жезді пыстан6,
Бір келісті сайманым топқа мінер.
_______________________
1 Саң – матаның түрі.
2 Кісе – күмістелген белбеу.
3 Дәндәку – кісенің оқшантаймен қатар тұратын былғары қалтасы.
4 Күләпәра – баскиімнің бір түрі.
5 Құрысқақ – тобылғы тиек.
6 Жезді пыстан, бәстен (парсы.) – Ердің үстіндегі көпшікті алды-артынан бастырып қоятын, жез қапталған, былғарыдан істелген тұрман.
ӘБДІРАХМАН НАУҚАСТАНЫП ЖАТҚАНДА
Я, құдай, бере көр, (114)
Тілеген тілекті.
Қорқытпай орнықтыр
Шошыған жүректі.
Шын жүрек елжіреп,
Алладан тілеймін.
Шын қалқам осы күн
Болып тұр керекті.
Жүрегім суылдап,
Сүйегім шымырлап,
Алладан тілеймін
Құпия сыбырлап.
Зар етсе пендесі,
Бермей ме Алласы.
Тән саулық қалқама,
Қабыл боп көз жасы.
Не жазам, япырмау,
Қол шорқақ, тіл мақау.
Сәләмат өзіңді
Кешікпей көрсем-ау.
Бір суып, бір ысып,
Барады іш пысып.
Жүзіңді бір көріп,
Сүйгенше бір құшып.
Бір үміт, бір қауіп,
Көңілге жол тауып,
Кірген соң сөз қиын,
Әрнеге ой ауып.
Екі аяқ не қылып,
Басқаша ауырып,
Япырмай, докторлар
Жүрмесін жаңылып.
Жарылып ауыз ашты,
Жарасы жарасты.
Жарасыз біреуі
Неліктен ұйқы ашты.
Алмаса докторға,
Нанбаңыз соққырға.
Визитке төлемей,
Шырағым, бос қалма.
Ол жесін, ол жұтсын,
Шырайын жылытсын.
Ақшаны аяма,
Ұйқыны тыншытсын.
Әбсәмет жиенің,
Ол – сенің біреуің.
Достығын достықпен
Өтемек – тілеуім.
Көңілдің хоштығы –
Ол оның достығы.
Барар ем, қолымның
Болмады бостығы.
Сарғайды жүзіміз,
Сарылды көзіміз.
Қатайып сауықсаң
Сағынған өзіңіз.
Хатымды көріңіз,
Көңілді бөліңіз.
Қуатың ерік берсе,
Кешікпей келіңіз.
Туа өскен жеріңіз,
Туысқан еліңіз
Зар боп тұр көруге,
Ұнатса көңіліңіз.
Уайым жеуліміз,
«А, құдай» деуліміз.
Жазылып келсеңіз,
Гүлденер өміріміз.
ӘБДІРАХМАНҒА
Алланың рахматын (115)
Жар тұтып әр неге.
Әр-рахман1 ол атын
Үйреткен жүмлеге2.
Дұғаның қуатын
Жіберме өңгеге.
Әбіштің сыйххатын3
Беркітсең кеудеге.
Рәушан сипатын
Тез көрсет пендеге.
Осындай шапқатын
Ұмытам мен неге?
Зар хатым – бұл хатым,
Бізді тыныш жүр деме.
Азайып қуатым,
Денем жүр көрмеге.
Бұл – жазған сұңғатым4,
Көңіл ашар бір наме5.
Менің сол рахатым
Көзіме сүрмеге.
__________________
1 رحمان – (араб.) [рәхмән] – қайырымды, мейірімді. Алланың тоқсан тоғыз есімінің бірі.
2 جمله – (араб.) [жумлә] – барша, жалпы, жиынтық.
3 صحت – (араб.) [сиххәт] – есендік, саулық.
4 صنعت – (араб.) [сән‘әт] – өнер. Мұнда көркем шығарма мағынасында.
5 نامه – (парсы.) [намә] – хат, жазылған нәрсе, кітап мағынасында.
ӘБДІРАХМАНҒА КӘКІТАЙ АТЫНАН ХАТ
Тілім, саған айтайын, (116)
Осы сөздің келісін тап.
Қолым, сені қайтейін,
Қаламды тұрдың қатты ұстап.
Жүректің сөзін сөйле, тіл,
Жалғаны жоқ бояма.
Қу көсе1 қандай өзімшіл,
Бір сынамай қоя ма?
Махаббатпен қарап бақ,
Тамыр соқса солқылдап.
Мен жазайын сізге хат,
Оқып көрсін ол шындап.
Оқып көріп байқасын,
Мағынасы ішке кіре ме?
Ұрлаған сөз деп айтасың,
Сөз ұрлыққа жүре ме?
Кісі айтпаған сөз бар ма,
Тегіс ұғар қай құлақ?
Сөккенің оны ұнар ма,
Үйренген сөзге мен де ортақ.
Тұла бойым, балқи көр,
Әбіш ағам дегенде.
Мейлің, Мағаш, шалқи бер,
Не десең де сөгем бе?
Көріскен соң бір дидар,
Алла оңғарып келгенде,
Сынаушы сонда табылар
Мұнда жатқан елден де.
Төсекке менің жатуым –
Ұйқыға әбден талған соң,
Ұстазым мен татуым
Сен екеуің болған соң.
Жас жүрегім қозғалса,
Бір Аллаға тілегім.
Ол қарағым оңалса,
Тыншыр еді жүрегім.
Жүздеріңді сау көрсем,
Екі көзім нұры еніп.
Қосылысып бір жүрсем,
Әр нәрсені үйреніп.
Жерің алыс, жете алмай,
Мағаштан да мен сорлы.
Қызметіңді ете алмай
Қалмас едім сол құрлы.
________________
1 Кәкітай Мағауияға құрдасы болған соң осылай деп әзілдеген.
ӘБДIРАХМАНҒА КӘКІТАЙ АТЫНАН ХАТ
Көзімнің нұрысыз, (117)
Сізсіз жоқ қуаныш.
Өмірдің гүлісіз,
Көңіліме жұбаныш.
Зар қылып тілеймін
Рахыматын Алланың.
Елжіреп жылаймын,
Көңілін аш пенденің.
Сыйххатын қалқама,
Бере гөр, я, Рахим.
Тілегім – бұл ғана,
Қайғымды қыл шағын.
Ағатай, сағындым,
Есен-сау көрмекке.
Сөз таппай аңырдым,
Оқыңыз ермекке.
Осы күн өмірімнің
Ешбір жоқ қызығы.
Жаралы көңілімнің
Жазылмай сызығы.
Мақсатым хатымды
Аз уақыт болса ермек.
Сөзім жоқ татымды,
Хошлықпен көріспек.
ҚЫЗДАРҒА
Қойдан қоңыр, жылқыдан торы Бәкең, (118)
Адалдыққа бар елдің зоры Бәкең.
Ұры-қары көбейіп, көтін шөмейтіп,
Неге болды бар елдің қоры Бәкең?
Лекер, Бітімбай мен Аталықты,
Жанқожадан кім көрген қапалықты?
Байұзақ одан соңғы адамы еді,
Бәрі де кісі-ақ еді хасалықты1.
Дауылбай Қыздар менен айпар-жайпар,
Екеуі бітім десе басын шайқар.
Екі елерме бітімге жөн келер ме,
Ақылы болмаған соң артын байқар?
Сөзіңнің басы ыржаң, соңы қылжаң,
Жүгенсіз жүре бермек – сенің ырзаң.
Сенен күшті кісілер не боп жатыр,
Заманыңның тарлығын ойла, мырзам.
Шотқара кірсе алдап, шықса күлген,
Елірмелі Досаққа кісімсінген.
Бұл топта маған айтар кісі бар ма,
Дауылбай мен Қыздардың жөнін білген?
Айтқожаның қулығы сені елірткен,
Бір дем салса, күшіктей соңына ерткен.
Менің терім тарылып келе жатыр,
Бұрын кісім емес ең жалғыз шерткен.
______________________
1 Хаса – келісті, кемел.
* * *
(М. Ю. Лермонтов сарынымен)
Қайтсе жеңіл болады жұрт билемек? (119)
Жұрты сүйген нәрсені ол да сүймек.
Ішің берік боп, нәпсіге тыюлысып, –
Паңсымай, жайдақсымай, ірі жүрмек.
Сасқаныңды көрсетпе ешкімге бір,
Сүйтсе де ірісімен кеңесіп жүр.
Кейбірін хауіптендір, мінін тауып,
Кейбірін жылы сөзбен көңілдендір.
Көрінбе ел көзіне әсте қорқақ,
Жанды жан демейтұғын жан шығып бақ,
Анда-санда құтырған жаман емес,
Оныңды жиі қылмай және бол сақ.
Кісімсі қайда жүрсең олжаға тоқ,
Шоқыма халық көзінше қарғаша боқ.
Жұрт – жас бала, ешнәрсесін тартып алма
Білдіртпей ептеп алсаң залалы жоқ.
Жат елге жадағайда сөйле шәргез,
Тар жерде тайпалудан танба әр кез.
Жатты жау деп еліңді үрпитіп ап,
Жауға жабдық деп жиып, пайда қыл тез.
ТҰТҚЫНДАҒЫ БАТЫР
(М. Ю. Лермонтовтан)
Қараңғы үй терезесі – тұтқын орны, (120)
Көгерген көктің жүзі ескі формы.
Азат құстар аспанда ойнап ұшса,
Ұялып қарай алмас мендей сорлы.
Тәубә жоқ, дұға да жоқ тентек бойда,
Өлең жоқ айтып жүрген талай тойда.
Қан ағып, қайрат қылған майдан менен
Ауыр қылыш, дулыға бірақ ойда.
Тас дулыға, тас сауыт киінгенім,
Денемді қысып жатыр бүгін менің.
Оқ пен қылыш бұзбастай киінсем де,
Қайран атым, иең жоқ жалғыз сенің.
Уақыттай өзі жүйрік ат мінеміз,
Сауыттай шынжырлаулы тереземіз.
Тас дулыға болмай ма жатқан үйім,
Шарайнам шойын есік бұ да бір кез.
Жүйрік уақыт шаршатпай қоймас ақыр,
Денемді сауыт-сайман қысып жатыр.
Бұрын сені біреуге көп жұмсап ем,
Енді өзіме шақырдым, ажал батыр.
108) «Антпенен тарқайды, жиылса кеңеске» (1894). Өлең 1909 жылғы кітапта басылған (1-бөлік. «Халық туралы»).
Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1910) мәтіндік нұсқасы сақталған.
Тұрағұл Абайұлы 1894 жылы елдің ақсақалдары: «Елге өзің ие болмасаң болмайды», – деп, әкесі Абайды болыстыққа сайлап, сол жылы өткен «волостной съез» қылуға елге шыққанда «Қыздарға», «Болды да партия, ел іші жарылды», «Антпенен тарқайды, жиылса кеңеске» деген өлеңдерін де съездегі билердің мінезіне қаратып айтқанын жазады (Абай туралы естеліктер, 197-бет).
Өлең мәтіні 1909 жылғы жинақ, Мүрсейіт қолжазбалары (1905, 1910), Сәдуақас Шорманов көшірмесі бойынша да салыстырылды.
Өлеңдегі 2-шумақтың 1-тармағы 1909, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Анттасып алқайды» болып жазылған. 1906 жылғы қолжазба, 1933, 1939, 1945, 1954 жылғы жинақтарда – «анттасын».
2-шумақтың 3-тармағы 1906 жылғы қолжазбада – «Кім антын шалқайды». 1939, 1945, 1954, 1961, 1957 жылғы жинақтарда – «Кім антын шайқайды». 1909, 1933, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Кім анттан шалқайды».
3-шумақтың 3-тармағы 1906 жылғы қолжазбада – «Бас егер қайқайды». 1909, 1933, 1939, 1945, 1961 жылғы жинақтарда – «Басы ыңғай қайқайды». 1954, 1977 жылғы жинақтарда «Басы ақыр қайқайды».
1995 жылғы жинақта – «Бас ыңғай қайқайды».
5-шумақтың 2, 3-тармақтары 1906 жылғы қолжазбада – «Таласып серкешке. Алмады ол тайды».
1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Тай алып серкешке. Алмаса ол тайды».
8-шумақтың 1-тармағы 1906 жылғы қолжазбада, 1909, 1939, 1945, 1954, 1957, 1961, 1995 жылғы жинақтарда – «Пысықтар шалқайды».
1933, 1977 жылғы жинақта «шайқайды».
8-шумақтың 3-тармағы 1906 жылғы қолжазбада, 1909, 1939, 1945, 1954, 1961 жылғы жинақтарда «Бермеске қағып шонтайды».
1933, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Қағысып шонтайды».
9-шумақ 1906 жылғы жинақта 6 тармақ болып: «Тіпті бір болмайды
Айтқанға көнбейді» деп аяқталады.
1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1995 жылғы жинақтарда бұл тармақтар жоқ.
Бұл жаңа басылымында 1995 жылғы жинақ бойынша алынды.
109) «Қарашада өмір тұр» (1894). Өлең 1909 жылғы кітапта басылған (1-бөлік. «Халық туралы»).
Бұл шығарма 1909 жылғы жинақтан бергі Абай шығармалары басылымдарының барлығында 1894 жылы жазылған өлең деп көрсетіліп келеді. Тұрағұл Абайұлы: «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?», «Жүрегім, ойбай, соқпа енді», «Ал, сенейін, сенейін», «Жүрегім, нені сезесің?», «Жақсылық ұзақ тұрмайды», «Қарашада өмір тұр», «Жас өспірім замандас қапа қылды» деген өлеңдерді Оспан өліп, бар бейнет басына мезгілсіз түсіп, досы да, туысқаны да бұлданған-құбылғанын көріп, сол 1892 жыл мен 1893 жылдың ішінде жазылғанын айтқан еді», – дейді (Абай туралы естеліктер, 197-бет).
5-шумақтың 3, 4-тармақтары 1909 жылғы жинақта «Қайысын аңдып тұрдым деп, Қулысын бұлдап сатпай ма?» деп басылған. Бұл баспаның қателігі сияқты. 1933 жылғы жинақта «Тарсын аңдып тұрдым деп, Қулығын бұлдап сатпай ма?».
1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Қапысын аңдып тұрдым деп, Қулығын бұлдап сатпай ма?».
Өлең 1995 жылғы жинақ бойынша берілді. Тыныс белгілері түзетілді.
110) «Жас өспірім замандас қапа қылды» (1894). Өлең алғаш рет 1909 жылғы кітапта басылған (1-бөлік. Халық туралы).
Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907, 1910) мәтіндік нұсқасы сақталған.
Бұл өлеңнің жалпы көлемі төрт шумақ – он алты жол. Өлеңнің соңғы төртінші шумағы:
…Бір семіз ат болады оның құны, –
деп аяқталады. 1909 жылғы кітапта басылғаны да сол төрт шумақ.
1977 жылғы жинақта «Көк тұман алдыңдағы келер заман» деген өлеңнің бір шумағы қосылып беріледі:
Малға сат, пайдаға сат қылығыңды,
Ылайла ылай оймен тұнығыңды.
Сонда өмірден алдамшы бола алмассың,
Ол білдірмей ұрламақ қызығыңды.
Бұл – Абайдың 1909 жылғы кітабында басылған. «Көк тұман алдыңдағы келер заман» (6-бөлік, «Нәсихат туралы», 55-бет, 1897) деп басталатын өлеңнің бесінші шумағы.
2-шумақтың 3-тармағы 1909, 1933, 1939 жылғы жинақтарда «Антын сатып, ант ұрып іздегені» деп басылған.
1907 жылғы қолжазбада, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Арын сатып, ант ұрып іздегені».
Жаңа басылымында 1909, 1995 жылғы жинақтар бойынша беріліп, тыныс белгілері түзетілді.
111) «Ғашықтың тiлi – тiлсiз тіл» (1894). Өлең алғаш рет 1909 жылғы кітапта басылған (4-бөлік. «Ғашықтық туралы»). Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907, 1910) мәтіндік нұсқасы сақталған.
Өлеңнің 1-шумағының 2-тармағы Мүрсейіт Бікіұлының 1907 жылғы қолжазбасында, 1957, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Көзбен көр де, ішпен біл». 1909 жылғы жинақта «ішін біл». Бұл тармақ 1995 жылғы басылым бойынша берілді.
1-шумақтың 4-тармағы 1907 жылғы қолжазбада, 1909 жылғы жинақта «Мейлің инан, мейлiң күл» деп берiледi. 1957, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «илан». Осы нұсқа қалдырылып, тыныс белгілері түзетіліп берілді.
112) «Әсемпаз болма әрнеге» (1894). Өлең алғаш 1909 жылғы кітапта басылған (6-бөлік. Нәсихат туралы). Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1910) бар.
2-шумақтың 3-тармағы 1906 жылғы қолжазбада, 1909, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Әділет, шапқат кімде бар» деп басылған. 1933 жылғы жинақта – «Әдет, шапқат кімде бар».
5-шумақтың 3-тармағы 1933 жылғы жинақта «Күнде сідігін қоздырып» деп басылған.
1906 жылғы қолжазбада, 1909, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Күндестігін қоздырып».
6-шумақтың 3-тармағы 1933, 1939, 1957, 1961, 1977 жылғы басылымдарда «Ұстаздық қылған жалықпас» болып берілсе, 1995 жылғы кітапта 1909 жылғы жинақ пен Мүрсейіт қолжазбалары бойынша (1906, 1910) «Ұстадтық қылған жалықпас» деп алынған.
1945, 1954 жылғы жинақтарда – «Ұстаттық».
Бұл жинақта тілдегі ықпалдастық құбылыстардың тарихи тәжірибесінде орныққан фактор мәнінде парсы тілінен кірген «ұстад» сөзінің қазақ тіліндегі құлаққа сіңген, өнімді сөздің бірі болып қалыптасқан «ұстаз» қалпын дұрыс деп таптық.
Өлеңнің тыныс белгілері түзетіліп берілді.
113) «Ескілік киімі» (1894). Өлең алғаш «Сана» журналында басылған
(№1, 1923). Алғаш рет Абайдың 1933 жылғы толық жинағына енген.
Өлеңнің шығу тарихына байланысты 1945 жылғы жинақта: «1894 жылы Абайдың інісі Ысқақ қасына Қаржаубай дейтін шалды ертіп, Абайға сәлем беруге келеді. Сонда келіп отырған Қаржаубайдың киімдерін көріп, беліне байлаған кісесін көріп жазған екен», – деп түсінік берілген.
3-шумақтың 4-тармағы 1939 жылғы жинақта – «Артын елге қыстырған бәрі құрысқақ».
1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Артын елге қыстырған бар құрысқақ».
114) Әбдірахман науқастанып жатқанда («Я, Құдай, бере гөр») (1894). Өлең мәтіні Мүрсейіт Бікіұлының қолжазбаларында (1906, 1907, 1910) бар.
Өлең алғаш 1933 жылғы жинақта (168-бет) басылған. Әбдірахман – «Абайдың сүйеніш көріп, қатты үміт қылған баласы» (М. Әуезов).
Өлеңнің алғашқы шумағының 4-жолы 1933, 1939 жылғы жинақтарда «Шошынған жүректі» деп беріледі. Бұл тармақ Мүрсейіт қолжазбалары мен Абайдың кейінгі басылымдарының бәрінде «Шошыған жүректі» болып басылған. 1907 жылғы көшірме қолжазбада «Достығына достық» деп келетін 12-шумақтың 3-тармағы барлық жинақтарда «Достығын достықпен» деп өзгертілген. «Қатайып сауықсаң» деген 14-шумақтың 3-жолы 1933 жылғы толық жинақта «Сақайып сауықсаң» боп жазылған. Бұл жинаққа «сақайып» сөзі алынды.
115) Әбдірахманға («Алланың рахматын») (1894). Өлең мәтіні Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907, 1910) сақталған. Алғаш рет 1933 жылғы толық жинақта (170–171-беттер) жарияланған.
Өлеңнің 1907 жылғы қолжазбада «Дұғамың қуатын» деп басталатын 2-шумағының 2-жолы 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977 жылғы жинақтарда «Дұғамның қуатын», 1995 жылғы басылымда «Дұғаның қуатын» болып басылған. Жинақта осы нұсқа қалдырылды.
116) Әбдірахманға Кәкітай атынан хат («Тілім, саған айтайын») (1894). Өлең алғаш рет 1933 жылғы толық жинақта (171–172-беттер) басылған. Өлеңді Абай Әбдірахман Алматыда ауырып жатқанда соған арнап Кәкітайдың атынан айтқан.
Мүрсейіт Бікіұлының 1907 жылғы қолжазбасында тақырыпсыз берілген бұл өлеңнің бес шумағы жазылып қалған да, көшірме қолжазбаның екі беті (178–181-беттер) жоғалып кеткен. 1939 жылғы басылымда осы он бір шумақ «Көзімнің нұрысыз бен» жалғасып, бір өлең есебінде беріледі. «Мүрсейіттің қолжазбасында осылай жалғанып жазылғандықтан, біз де солай қалдырдық» деп түсініктеме береді. 1957 жылғы жинақтан бастап кейінгі барлық басылымдарда екеуі екі бөлек өлең ретінде басылып жүр.
1961 жылғы жинақтың түсінігінде 1933 жылғы басылымда «Жүректің сөзін сөйле, тіл» деп келетін 2-шумақтың 1-тармағы Мүрсейіт қолжазбаларында (нақты қай жылғы қолжазба екендігі көрсетілмейді – ред.) «Жүректің сөзін сөйлетіп» болып; 1933 жылдан бастап барлық жинақтарда «Көріскен соң бір дидар» дейтін 7-шумақтың 1-тармағы Мүрсейіт қолжазбаларында «Көрінген соң бір дидар» деп жазылғандығы айтылады.
Өлең мәтіні бұл басылымда 1995 жылғы жинақ бойынша берілді.
117) Әбдірахманға Кәкітай атынан хат («Көзімнің нұрысыз») (1894). Өлең мәтіні Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907 (көшірменің беттері жоғалған), 1910) хатқа түскен. Бұл өлең алғаш 1939 жылғы жинақта (163-бет) «Тілім, саған айтайын» туындысымен бір өлең ретінде жарияланған.
118) Қыздарға («Қойдан қоңыр, жылқыдан торы Бәкең») (1894). Өлең алғаш 1933 жылғы толық жинақта (173-бет) басылған.
Қыздар Тобықтының Бәкең руынан шыққан әрі Абаймен құрдас болған. «Бұл өлеңді 1894 жылы Оспанның үлкен үйіндегі келіні Еркежанды алып, сол жылы болыстық съезд қыла елге шыққан. Сонда Қыздар қалжыңдамақ болып: «Биыл үлкен үйге кірген соң тойып, тойынған екенсің», – депті» (1933 жылғы жинақ, 326-бет). Қыздардың орынсыз әзіліне ыза боп Абай осы өлеңді айтқан.
Тұрағұлдың айтуынша бұл біршама ұзақ өлең екен. Қыздар ертеңіне жалынып сұрап алып, отқа тастап жібереді. Осы мәліметке қосымша 1945 жылғы жинақтың түсінігінде өлеңнің жазылу тарихы жайында мынадай да деректер келтіріледі: бұл өлеңде есімдері аталатын Лекер, Бітімбай, Жанқожа, Аталық – Бәкең руының адамдары. Бұл адамдардың тұсында Бәкең руына қарасты Байбөрі ауылы келісті, жайлы өмір сүреді. Ал Қыздар мен Дауылбайлардың кезінде шетінен ұры-қарылықпен айналысып кетеді. Қыздар тіпті Дауылбайды ұрлыққа айдап салып отырған. Бірде Дауылбай мен Қыздардан жапа шеккен адамдар Абайға шағым айта келеді. Абай Қыздарға хат жазады. Қыздар жүре жауап береді. «Қойдан қоңыр» өлеңі осындай жағдайларға байланысты туған. Бұл өлең шыққаннан кейін Қыздарға Бейуақ деген інісі ұрысып, ол ұры ұстаудан тыйылған деседі (1945 жылғы жинақ, 438-бет).
Өлеңнің 2-шумағының 4-тармағы 1933, 1939, 1945, 1961 жылғы жинақтарда «Бәрі де кісі-ақ еді қасалықты» деп келсе, осы жол 1977 жылғы басылымда «Бәрі де кісі-ақ қасалықты» болып өлең ұйқасын құрайтын буын саны жағынан бұзылып беріледі. 1995 жылғы жинақта «Бәрі де кісі-ақ еді хасалықты» деп түзетілген.
Өлең мәтіні 1995 жылғы басылым бойынша алынды.
119) «Қайтсе жеңіл болады жұрт билемек?» (1894). Бұл өлең 1909 жылғы жинақта басылған (1-бөлік, «Халық туралы»).
Абай шығармаларының 1954, 1957, 1961, 1977 жылғы жинақтарында
М. Ю. Лермонтовтан аударма деп берілген.
Тұрағұл Абай аудармаларына тоқтағанда бұл өлеңді атап көрсетпеген. Мұхтар Әуезов Абай М. Ю. Лермонтовтың «Измаил-бей» поэмасының кіріспе толғауын аударғанын айтқан (Әуезов М. Абай Құнанбаев. 192-бет).
1954, 1957, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтар түсінігінде бұл «Измаил-бей» поэмасының екінші бөліміндегі үш шумақ алынып аударылған деп көрсетілген.
1995 жылғы жинақта аударма деп көрсетілмейді. 1921, 1922, 1933, 1939 жылғы Абай шығармалары басылымында да төл туынды есебінде алынған.
Зәки Ахметов Абайдың аударма мұрасын М. Ю. Лермонтовтан аударған туындыларын түгендеп, толықтыру барысында бұрынғы жинақтарда айтылмай жүрген өлеңдерге салыстыру жасап, соның ішінде «Қайтсе жеңіл болады жұрт билемекке» тоқталады. («Что делать, чтобы легко народом править?») – «перевод отрывка из 2-й части поэмы «Измаил-бей», – деп көрсетеді (Ахметов З. Абай и Лермонтов. 2-с.).
Жеке сөздердің жазылуында, тыныс белгісінің қойылуында айырмашылықтар бар.
Бұл басылымында 1909 жылғы жинақ бойынша алынды.
Өлеңнің 1-шумақтың 3-тармағы 1933, 1940, 1945, 1954 жылғы жинақтарда «Ішің берік боп, нәпсіге тыю салып».
1909, 1957, 1977 жылғы жинақ, 1906, 1907 жылғы қолжазбаларда «Ішің берік, нәпсіге тыюлысып».
Бұл жинақта аталған тармақ «Ішің берік нәпсіге тыюлысып» деп алынды.
1906, 1907 қолжазбалар, 1909, 1954 жылғы еңбектерде 4-шумақтың 3-тармағы «Жұрт – бала, ешнәрсесін тартып алма».
1933, 1939 жылғы жинақтарда – «Жұрт жас бала, жылатып тартып алма».
1945, 1954, 1957, 1961, 1977 жылғыларда – «Жұрт бала, ешнірсесін тартып алма».
1995 – «Жұрт – жас бала, ешнәрсесін тартып алма».
1954, 1957, 161, 1977, 1995 жылғы жинақтар түсінігінде бұл өлең М. Әуезов айтқандай кіріспе бөлім емес, «Измаил-бей» поэмасының 2-бөлімінен үш шумақ алынып аударылған деп көрсетілген.
Бұл өлең 1945 жылғы жинақта аударма деп көрсетілмейді.
1921, 1922, 1933, 1939 жылғы Абай шығармалары басылымында да төл туынды есебінде алынған.
«Өлеңнің жалпы сарыны Лермонтовпен үндес болғанмен, Абайдағы сарказм әлдеқайда күшті. Ел билеу психологиясының бұл түрін «сипаттауда» жаңа, мол детальдар қосып, өзінше, еркін кететін тұстары көп» болғандығы себепті де өлең бұл жинақта «Лермонтов үлгісімен» деп берілді.
Лермонтов поэмасындағы мәтін:
Легко народом править, если он
Одною общей страстью увлечен;
Не должно только слишком завлекаться,
Пред ним гордиться или с ним равняться,
Не должно мыслей открывать своих
Иль спрашивать у подданных совета,
И забывать, что лучше гор златых
Иному ласка и слова привета!
Старайся первым быть везде, всегда;
Не забывайся, будь в пирах умерен,
Не трогай суеверий никогда
И сам с толпой умей быть суеверен;
Страшись сначала много успевать.
Страшись народ к победам приучать,
Чтоб в слабости своей он признавался,
Чтоб каждый миг в спасителе нуждался,
Чтоб он тебя не сравнивал ни с кем
И почитал нуждою – принужденья.
Умей отважно пользоваться всем
И не проси никак вознагражденья!
Народ – ребенок: он не хочет дать,
Не покушайся вырвать – но украдь!»
120) «Тұтқындағы батыр» (1894) («Қараңғы үй терезесі – тұтқын орны»). М. Ю. Лермонтовтың 1841 жылы «Отечественные записки» журналында басылған «Пленный рыцарь» деген өлеңінің аудармасы.
Бұл аудармаға Мүрсейіт Бікіұлының 1907 жылғы қолжазбасында «Лермонтовтан» деген тақырып беріліпті.
1940 жылғы жинақта «Лермонтовтан» деп көрсетілмейді.
Аударманың орысша мәтіні:
ПЛЕННЫЙ РЫЦАРЬ
Молча сижу под окошком темницы;
Синее небо отсюда мне видно:
В небе играют все вольные птицы;
Глядя на них, мне и больно, и стыдно.
Нет на устах моих грешной молитвы,
Нету ни песни во славу любезной;
Помню я только старинные битвы,
Меч мой тяжелый да панцирь железный.
В каменный панцирь я ныне закован,
Каменный шлем мою голову давит,
Щит мой от стрел и меча заколдован,
Конь мой бежит, и никто им не правит.
Быстрое время – мой конь неизменный,
Шлема забрало – решетка бойницы,
Каменный панцирь – высокие стены,
Щит мой – чугунные двери темницы.
Мчись же быстрее, летучее время!
Душно под новой бронею мне стало!
Смерть, как придем, подержит мне стремя;
Слезу и сдерну с лица я забрало!»