Әр жылдары жазылған өлеңдерінің толық нұсқасы
Кім екен деп келіп ем түйе қуған, (1)
Қатын ғой күлдәрімен белін буған.
Төркініңнің бергені жауыр айғыр,
Бауырыңды ұрайын бірге туған.
* * *
ШЫҒЫС АҚЫНДАРЫНША
Йүзі – раушан¹, көзі – гәуһар², (2)
Ләғилдек³ бет үчі әхмәр⁴,
Тамағи қардан һәм беһтәр⁵,
Қашың қудрәт⁶, қолы шикә⁷.
Өзүң гузәлләрә раһбар⁸,
Сәңә ашиқ⁹ болып кәмтәр¹⁰,
Сүләймен, Жәмшит, Искәндәр,
Ала алмас барша мулкигә¹¹.
Мәбада¹² олса ол бір кәз,
Тамаша қылса йүзмә-йүз,
Кетіп қуат, йұмылып көз,
Бойың сал-сал бола нигә?
_____________
1 روشن – (парсы.) [раушән] – жарық, айқын, әдемілік.
2 گوهر – (араб.) [гәуһәр] – асыл тас, гаухар.
3 لعل – (араб.) [лә‘л] – асыл қызыл тас. Лағилдек – лағылдай.
4 احمر – (араб.) [әхмәр] – қып-қызыл.
5 بهتر – (парсы.) [беһтәр] – жақсырақ, артық. Бұл жерде қардан да ақ деген мағынада.
6 قدرت – (араб.) [қудрәт] – күш, құдірет. Бұл жерде ерекше жаратылған деген мағынада.
7 شیک – (парсы.) [шик] – сәулетті, сымбатты, сырбаз.
8 رهبر – (парсы.) [рәһбәр] – жол сілтеуші, бастаушы. Бұл жерде сұлулардың басшысы, ханшайымысың деген мағынада.
9 عاشق – (араб.) [‘ашиқ] – ғашық.
10 کمتر – (парсы.) [кәмтәр] – азырақ; кішіпейіл.
11 ملک – (араб.) [мулк] – мүлік, байлық.
12 مبادا – (парсы.) [мәбада] – егер де, бола қалса деген мағынада.
* * *
Физули, Шәмси, Сәйхали, (3)
Науаи, Сағди, Фирдауси,
Хожа Хафиз – бу һәммәси1
Мәдәт2 бер, я, шағири3, фәриад4!
______________
¹ همه – (парсы.) [һәме] – бәрі, барлығы.
² ددم – (араб.) [мәдәд] – көмек, мәдәд.
³ رعاش – (араб.) [шә‘ир] – шайыр, ақын.
⁴ دایرف – (парсы.) [фәрйад] – теңдессіз, теңдесі жоқ. Мұнда теңдесі жоқ ақын деген мағына.
* * *
ӘЛИФБӘ
Әлиф-дек ай йүзіңә ғибрәт1 еттім, (4)
Бә – бәлаи2 дәртіңә3 нисбәт4 еттім.
Тә – тілімнән шығарып түрлі әбиат5,
Сә – сәнәи6 мәдхіңә7 хурмәт8 еттім.
Жим – жамалың9 қандай ақ рузи10 маған,
Хә – хәлиллик11 тапмадым, жаным, сәнан.
Хи – халайық, мен емес, бәрі интизар,
Дәл – дариға ғишық12 оты бермес аман.
Зәл – зәлиллік13 көрген соң, сайрай бер, тіл,
Ре – риза қылмағыңды, яр14, өзің біл.
Зе – заһардай15 күйдірді ғишқың қатты,
Сын – сәләмат қалмағым болды мүшкіл.
Шын – шәкәр ләб16 есіме түскен сайын,
Сат – сабырым қалмады, мен не әйләйін17.
Зат – заиғ18 өмірім өтті менің бекер,
Та – талаптан әйтеуір құр қалмайын.
За – залым көп қылыш боп жанға оқталды,
‘Айн – ақылымды басымнан тартып алды.
Ғайын – ғариблік19 басыма түскеннен соң,
Фи – файдаң20 тие ме деп жаза салды.
Қаф – қабыл болар ма екен жазған хатым,
Кәф – кәміл21 ақылың, асыл затым.
Ләм – ләбіңнен22 ем қылсаң мен дәртліге,
Мим – меһріңнен қалмас ед бар апатым.
Нун – нала ғып қайғыңмен күйдірдің көп,
Уау – уәйлана23 ғишқың24 уайым жеп,
Һи – һеш файдаң тимесе өлді ойлаңыз,
Ләм-әлиф – лә иләһа иллалла25 деп.
Я – ярым, қалай болар жауап сөзің,
Мәд – қасың, тәшдид – кірпік, сукун – көзің26.
Үтірмен асты-үстілі жазуда бар,
Болуға асты-үстілі көнсең өзің.
______________
1 عبرت – (араб.) [‘ибрәт] – үлгі, өнеге, ғибрат.
2 بال – (парсы.) [бәла] – пәле, қиыншылық.
3 درد – (араб.) [дәрд] – ауру, азап шегу. Мұнда ғашық болып дерттену деген мағынада.
4 نسبت – (араб.) [нисбәт] – байланыс, қатынас, бір нәрсемен байланыста болу.
5 ابیات – (араб.) [әбиат] – өлең, жыр; бәйт сөзінің көпше түрі.
6 ثنا – (араб.) [сәнә] – мақтау, мадақтау.
7 مدح – (араб.) [мәдх] – мадақтау, мақтау.
8 حرمت – (араб.) [хурмәт] – құрмет.
9 جمال – (араб.) [жәмал] – көрік, сұлулық, әдемілік.
10 روزی – (парсы.) [рузи] – несібе, үлес.
11 خلیل – (араб.) [хәлилл] – шын дос, сүйген жар.
12 عشق – (араб.) [‘ишқ] – ғашықтық.
13 ذلیل – (араб.) [зәлил] – қорлық, азап.
14 یار – (парсы.) [йар] – дос, сүйікті жар мағынасында.
15 زهر – (парсы.) [зәһәр] – у, заһар.
16 لب شکر – (парсы.) [шәкәр ләб] –тәтті ерін.
17 ایالماک – (түрк.) [әйләмәк] – істеу, жасау.
18 ضایع – (араб.) [заи‘] – бүлінген, бұзылған, зая.
19 غریب – (араб.) [ғәриб] – ғаріп.
20 فایده – (араб.) [фаидә] – пайда.
21 کامل – (араб.) [камил] – кемел, толық.
22 لب – (парсы.) [ләб] – ерін.
23 ویالن – (парсы.) [уәйлән] – қаңғырып жүретін, тентірейтін.
24 عشق – (араб.) [‘ишқ] – ғашықтық.
25 هللا اال اله ال – (араб.) [Лә иләһә иллаллаһ] – Алладан басқа ешбір тәңірі жоқ.
26 مد – мәд, ْ سوکون – сукун, ّ تشدید – тәшдид – араб жазуын сауатты оқу үшін әріптердің үсті- не қойылатын айрықша белгілер.
* * *
ШӘРІПКЕ
Түңлікбайдың қатыны, атың Шәріп, (5)
Байға жарып көрмеген сен бір кәріп.
Сен шыққан жол үстінде жалғыз түп ши,
Көрінген ит кетеді бір-бір сарып.
* * *
АБЫРАЛЫҒА
Мен жасымнан көп көрдім (6)
Мұсылманды, кәпірді.
Абыралыдай көрмедім
Намаз білмес пақырды.
Қирағатын1 оқытып
Көріп едім, шатылды.
Ниет қыла білмейді,
Не қылады нәпілді2.
Намазшамның3 артынан
Құржаң-құржаң етеді.
Жер ұшық4 берген кісідей
Тоңқаңдай ма, не етеді.
Нәпіл түгіл намазы –
Бәрі желге кетеді.
«Еннатайына кәлкәусар»5,
Пашол дереу, күнәкар.
Аяғын ойлап айтқаны:
«Әні-шаны күлаптар»6.
Осы оқумен намаздың
Қай жерінде сауап бар?
Тегін ойлап байқасаң,
Мұнда ми жоқ, құлақ бар.
______________
1 قرأت – (араб.) [қира`әт] – оқу, Құранды мақаммен оқу.
2 نافل – (араб.) [нафил] – міндетті болмаса да, қосымша жасалатын құлшылық.
3 شام نماز – (парсы.) [нәмаз-и шом] – күн бата оқылатын намаз.
4 Жер ұшық – ауырған адамды күн батар алдында күн батысқа қаратып жерге жатқы- зып-тұрғызып ұшықтау.
5 ْوثَر َك ال ْینَاك َط ْع أَ ۤا إنَّ – (араб.) [Иннә ә‘тайнә кәл-кәусәр] – Расында, Біз саған кәусәрді бердік. «Кәусар» сүресінің алғашқы аяты.
өзі жамандағанның сені Расында, – һуәл-әбтәр] шәниәкә [Иннә (араб.) – إِ َّن َشانِئَ َك ُه َو ا ْأْلَ ْبتَ ُر 6
ұрпақсыз қалады. «Кәусар» сүресінің үшінші аяты. Мұнда ақын «Әні-шаны күлаптар» деп, асығыс, немқұрайлы оқуды айтып отыр.
* * *
ЖАҚСЫЛЫҚҚА
Аяғыңды аңдап бас, ей, Жақсылық! (7)
Өз басыңда жының бар бір бақсылық.
Борышқорлық – адамға қиын нәрсе,
Әрқайда өсіткізеді мал тапшылық.
* * *
(Шиллер – Лермонтовтан)
Кең жайлау – жалғыз бесік жас балаға, (8)
Алла асыраған пендесі аш бола ма?
Ержеткен соң сыймайсың кең дүниеге,
Тыныштық пен зар боларсың баспанаға.
* * *
Сап, сап, көңілім, сап, көңілім! (9)
Саяламай, сай таппай,
Не күн туды басыңа,
Күні-түні жай таппай?
Сен жайыңа жүргеннен,
Қыз өле ме бай таппай?
Түн кезгенің мақұл ма,
Жан-жағыңа жалтақтай?
Өлермін деп жүрмісің,
Мұнан басқа жан таппай?
Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!
Сабыр түбі – сары алтын.
Сабыр қылсаң, жайыңды
Білер ме екен бекзатым?
Көңіл аулап, сөз айтар
Арадағы тілхатым,
Ағын судай екпіндеп,
Лайы жоқ суатым,
Ауру да емес, сау да емес,
Құрыды әл-қуатым.
Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!
Сана1 қылма бекерге.
Сан қылғанмен пайда жоқ,
Дүние даяр өтерге,
Ажал даяр жетерге.
Қош, қыз алсын қойнына,
Бейнет көрмей, дәулет жоқ.
Әлі барып кетерге,
Оныменен бойыңа
Иман, дәулет бітер ме?
Адалды сатсаң арамға,
Құдай қабыл етер ме?
Қыз сүйеді мені деп,
Оған көңіл көтерме!
Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!
Сарқа берме санасын.
Бәрін өзің білсең де,
Әлі-ақ өзің танасың.
Өртенесің, жанасың.
Өз-өзіңнен бейнетке
Өз басыңды саласың.
Қай мезгілде тойғыздың
Аюдайын ағасын,
Қатыны мен қалашын?
Қарсақ жортпас қара адыр,
Қарамай неге шабасың?
Сонда тәуір бола ма,
Ұстап ап біреу сабасын?
Киіміңді тонасын,
Елге де күлкі боласың.
Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!
Сағынышқа сарғайма!
Жай жүрсең де қыз қумай,
Сені біреу қарғай ма?
Қыз іздесең, қалың бер,
Мұным ақыл болмай ма?
Көріп алсаң көріктіні,
Таңдап алсаң тектіні,
Сонда көңіл толмай ма?
______________
1 Сана (түрк.) – қайғы, мұң, шер.
БОРОДИНО
(М. Ю. Лермонтовтан)
– Айтшы, аға, неғып жеңілдік? (10)
Мәскеуде емес тегіндік.
Болған, білем, соқтығыс,
Емес, білем, аз жұмыс.
Ұмытпайды еш орыс
Бородинде көргенді.
Ондағы біздің адамдар
Сендердей емес, балаңдар.
Қиын тиді оларға,
Аз кісі-ақ қайтып санарға.
…………………………………
Қол салмаққа кәртечке1
Ол күн болды күн кешке,
Қас қарайып, болды түн.
………………………………….
Штык, қылыш қайрасып,
Ширатып мұртын шайнасып,
Ашулы солдат қыстықты:
«Қойса екен бізді тыюын,
Айтса екен бізге қиынын,
Жыртпасақ жаудың киімін,
Біз не етеміз штыкты…»
……………………………………
______________
1 Картечь (орыс.) – шашылып атылатын оқ.
Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы, (11)
Аласыз қара көзі нұр жайнайды.
Жіңішке қара қасы сызып қойған,
Бір жаңа ұқсатамын туған айды.
Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,
Ақша жүз, алқызыл бет тіл байлайды.
Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі,
Сықылды қолмен тізген, іш қайнайды.
Сөйлесе, сөзі әдепті әм мағыналы,
Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды.
Жұп-жұмыр, ақ торғындай мойыны бар,
Үлбіреген тамағын күн шалмайды.
Тақтайдай жауырыны бар, иығы тік,
Екі алма кеудесінде қисаймайды.
Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес,
Нәзік бел талшыбықтай бұраңдайды.
Етіндей жас баланың білегі бар,
Әжімсіз ақ саусағы іске ыңғайлы.
Қолаңқарашашыбаржібекталды
Торғындай толқын ұрып көз таңдайды.
* * *
Қандай қызда ләззат бар жан татпаған? (12)
Сұлуы бұл заманның тек жатпаған.
Он сегіз, он тоғызға келгеннен соң,
Алмасы өкпе болар қол батпаған.
Бұлардың кейбірінің мінездері –
Еш нәрсе көрмегенсіп бұртақтаған.
Кейбірі жайдары, ашық боламын деп,
Орынсыз адамдармен жыртақтаған.
Әуелден сұлу жайы бізге мәлім –
Жігітті жұрт мақтаған қыз жақтаған.
Кей жігіт мақтан үшін қылық қылмай,
Бойына майдалықпен сыр сақтаған.
Кей жігіт арсыздықпен ұятсынбай,
Қолы жетпес нәрсеге тыртақтаған.
Орынды іске жүріп, ой таппаған,
Не болмаса жұмыс қып, мал бақпаған.
Қасиетті болмайды ондай жігіт
Әншейін құр бекерге бұлғақтаған.
* * *
Жасымда ғылым бар деп ескермедім, (13)
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Бұл мақрұм1 қалмағыма кім жазалы,
Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?
Адамның бір қызығы – бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім.
Өзім де басқа шауып, төске өрледім,
Қазақта қара сөзге дес бермедім.
Еңбегіңді білерлік еш адам жоқ,
Түбінде тыныш жүргенді теріс көрмедім.
______________
1 محروم– (араб.) [мәхрум] – бос, құр, бос қалу, құр қалу.
* * *
(М. Ю. Лермонтовтан)
Әм жабықтым, әм жалықтым, (14)
Сүйеу болар қай жігіт
Көңілден кеткен соң тыным?
Әм сүйіндім, әм түңілдім,
Үнемі неткен үміт
Өткен соң бар жақсы жылым?
Абай мұрасына текстологиялық салыстырулар жасау әрқашан да аса күрделі шаруа болып келген. Бұл басылымды әзірлеуде де осындай қиыншылықтар мамандардың алдында тұрды. Бұл орайда, редакциялық алқа жұмысына темірқазық болған басты нысана абайтанудағы М.Әуезов салған сара жол – алдыңғы толық жинақтарға арқау болған негізгі ұстанымдар.
Қазір республика қолжазба қорларындағы Абай мұрасына қатысты көшірмелер саны оннан асып отыр. (Олардың сипаттамасы осы толық басылымның 3-томында берілген). Бұлардың барлығы да жұмыс барысында ескеріліп, ретіне қарай назарға алынды.
Солардың ішінде осы уақытқа дейін түпнұсқа мәнді мәтін ретінде саналып келген Кәкітай Ысқақұлы мен Тұрағұл Абайұлы баспаға әзірлеп шығарған 1909 жылғы тұңғыш жинақ пен Мұхтар Әуезов ел ішінің «баспаханасы» деп атаған Мүрсейіт Бікіұлының қолжазба көшірмелері (1906, 1907, 1910 ж.) қай кезеңде болмасын мәнін жоғалтпайтын тарихи құнды жәдігерге айналғаны белгілі. Абайдың көзі тірісінде баспа жүзін көрген өлең мәтіндері де («Дала уәлаятының газетасы» – ред.) осы қатарда тұрады. Сол сияқты, 1933, 1939–40, 1945, 1954 жылғы толық жинақтарға Мұхтар Әуезов енгізген шығармалар да түпнұсқалық мәтін ретінде танылды.
Мұхтар Әуезов Абай шығармаларының текстологиясы бойынша ұзақ жылдар бойы жүргізген жұмысында ең әуелі Мүрсейіт Бікіұлының көшірме қолжазбаларына түскен, бірақ түрлі себептен 1909 жылғы тұңғыш жинаққа кірмей қалған 17 өлең (326 жол), бір аударма поэма («Вадим»), 45 қара сөз, 1 тарихи шығарма бар екендігін анықтайды. 1909 жылғы жинақта берілген 5399 жол өлеңге (4309 жолы – төл туындысы, 1090 жол – аударма) кейіннен 1712 жол өлең қосқан (М. Мырзахметов, «Мұхтар Әуезов және Абайтану проблемалары» – ред.). М. Әуезов толық басылымдарда, қолжазбалар мен әртүрлі жинақтарда бір ізге түспей, өлшем, өрнегі әрқилы болып жүрген Абай өлеңдерінің бастапқы табиғи құрылымын қалпына келтіруде де көп жұмыс істеген. Ол «Абайдың кейіннен табылған туындылары» дегенге аса сақ қарауды ескерте отырып, 1907 жылғы Мүрсейіт қолжазбасын түпнұсқа ретінде танып келгеніне қарамастан, осы қолжазбада берілген «Бар болса білім», «Ғаріпке өзің рахым ойламасаң», «Өлеңнің ұйқасы емес іздегенім» «Кәкітайдан білім ап», «Ынтық қасиеттерге», «Мұқамен біржарым ай ермек қылдым» деп аталатын өлеңдерді қабылдамаған (Мырзахметов М. 123-бет).
Бұл жинақта Абай мұрасына текстологиялық тұрғыдан зерттеу жүргізе отырып, академиялық жинақтар дайындаудың қалыптасқан ұстанымдары бойынша көтеріліп келе жатқан ұсыныс, ескертпе, түзетулер, көшірме нұсқалардағы мәтіндік айырмашылықтар барынша ескеріліп, сөз таңдаудың ғылыми қисынына сүйенген нақтылы сараптамалар жасалды.
Абай өлеңдерінің басылым тарихында қазақ елі бірнеше рет қаріп алмастырып, жазу өзгертуді басынан кешті. Бірқатар текстологиялық жаңсақтықтардың орын алуына бұл да әсер етпей қойған жоқ. Соны жеңілдету үшін 1909 жылғы жинақ ескі қадімше жазудан қазіргі қаріпке түсіріліп, толық жазба мәтіні түзілді. Сонымен қоса, М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қорындағы қолжазбалардың барлығының толық сипаттамасы жасалды (Бұл мәтіндер осы басылымға арнайы қосымша том ретінде беріліп отыр – ред.). Өкінішке қарай, алдыңғы басылымдарда ерекше аталатын Қарқаралы азаматы Өмірбек Жылқыбаевтың (1944 жылы Новосібір қаласынан табылған), Кереку өңірінің азаматы Мәди Тәстембекұлы Әсеновтің және Оразке Уақбаевтың қолжазбалары (1951 жылы табылған) біздің қолымызға түспеді. Оның есесіне қолжазбалар қоры профессор Т. Жұртбайдың ғылыми айналысқа енгізуімен Қытайдағы Шығыс Түркістан аймағында Абайдың 1909 жылғы жинағы мен Шәкәрімнің қолжазба дәптерімен салыстырылып көшірілген Шериаздан Марсеков пен беймағлұм «Хаткер-кәтіптің» (Т. Жұртбай) көшірмелерімен толықты. Тарихшы ғалым Амантай Исаұлы тауып жариялаған, 1909 жылы Қазан қаласында басылып шыққан «Қазақ шиғырлары» (жырлары – ред.) деп аталатын жинақтағы Абайдың өлеңдерінің нұсқалары да қаперге алынды («Абай» журналы, 1999, № 1). (Бұлардың барлығының толық мәтіндері мен сипаттамалары М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Абайтанудың электронды кітапханасына» енгізілетін болады – ред.)
Бүгінде Абай мұрасын игерудің арналы саласы мәтінтану ғылымы қалыптасып, біршама жетістіктерге жетті деп айтуға негіз бар. Дегенмен, Абай шығармашылығына қайта оралған сайын күрмеуі қиын мәселелердің әлі де алдымыздан шығатыны да жасырын емес. Оған қатысты ой ағындары өткен ғасырдан бастап, күні бүгінге дейін толастамай келеді.
Мәселен, 1909 жылғы Абай кітабын толықтырып, дұрысын Абайдың өз аузынан жазып алғандардан анықтап қайта шығару керек деген ұсыныстар XX ғасырдың 20-жылдары-ақ айтылған (Шонанов Т. Абай кітабын бастыру керек // «Ақ жол», 19 маусым, 1919 жыл). «Ақ жолдың» сол жылғы 14-қыркүйектегі нөмірінде Бернияз Күлеев Абай кітабы басылатын болды деп жазып, Телжан Шонанов атаған Абай сөзін білетін адамдарға қарайлап отырғандарын, уақыт тығыз болса да 1-2 ай күтетінін хабарлайды.
Ілияс Жансүгірұлы 1922 жылы Ташкентте жарық көрген Абай кітабы туралы «Тілші» газетінде (1923 жыл) Абай сөздерінің қате басылуы, өзгеру, мағынадан ауытқу мәселелерін, 20-дан астам сөз жаңылыс түзетіліп басылғандығын, Абай сөзі орынсыз түзеуге келмейтінін, «көнбейтінін» ескертеді. Міне, Алаш зиялылары бастаған осы ұлағатты істі кейіннен М. Әуезов табандылықпен жалғастырып, биік белеске көтерді.
Абай шығармаларының 1933 жылы Ілияс Жансүгірұлының Алғысөзімен Қызылордада шыққан алғашқы толық жинағына ол Абайдың көзін көрген, қасында болған жақын адамдарының қолында сақталған бірталай өлеңдерін, қара сөздерін қосады. Абайдың өмірбаянын жазып береді. 1909 жылғы басылымына енбей қалған 17 өлеңі, «Қара сөздері» тұтас жүйеленіп, «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» мақаласы осы жинақта алғаш рет басылды. 1909 жылғы жинақта бір өлең болып басылған «Интернатта оқып жүр» мен «Ғылым таппай мақтанба» өлеңдері екі шығарма ретінде берілген. Жинақта 35 өлеңге түсінік жазылған. Көкбай, Тұрағұл естеліктеріндегі ғұмырбаяндық деректер айналымға қосылған. Мұхтар Әуезов өзі жазған түсініктерді «М.» деп белгілеп отырады. 1933 жылғы жинақтың басылымында да араб жазуынан латын қарпіне көшудің салдарынан кеткен қателерде аз болған жоқ. Оған қатысты кейінде Мұхтар Әуезов 206 түзету-ескертпе жазған (Әуезов М. Абайтанудан жарияланбаған материалдар, 24–30-беттер).
КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандық филиалының Әдебиет фольклор секторы (Ол кезде солай аталған – ред.) 1939–40 жылдардағы Абай шығармаларының екі томдық толық жинағын баспаға әзірледі. Жауапты редакторы – Сәрсен Аманжолов. Бұл жинаққа да М. Әуезовтің басшылығымен Абайдың бұрынғы шығармалар жинағына кірмей келген біраз өлеңдер қосылған («Өкінішті көп өмір кеткен өтіп», «Жастықтың оты, қайдасың», «Күнді уақыт итеріп», «Абдрахман өлімі» туралы, аудармаларынан «Онегиннің хаты», «Қарға мен түлкі» тағы басқалар. Барлығы 600 жолдан астам. 1939 жылғы жинақ, 1-том, 5-бет). Бұл жинаққа да М. Әуезов 90-ға жуық өлеңге ғылыми түсінік жазған.
1945 жылғы толық жинақты шығару қарсаңында КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалының Тіл және әдебиет институты 1943, 1945 жылдары Абайдың өмірін, шығармаларын зерттеу жөнінде екі экспедиция ұйымдастырып, Абайдың өміріне, шығармаларына байланысты аса құнды жаңа материалдар тапқан. Соның нәтижесінде, Абайдың бұрынғы баспаларына енбеген «Домбыраға қол соқпа», «Түбінде баянды еңбек егін салған», «Әйелің Медет қызы аты Өрім» (кейінгі басылымдарда «Ырым» болып келген – ред.), «Бөстегім, құтылдың ба Көтібақтан», «Мен боламын демеңдер», «Ойға түстім, толғандым», «Қулық пенен сұмдыққа» атты жаңадан 7 өлеңі енгізілген. «Әзімнің әңгімесінің» аяғына бұрынғы баспаларында жоқ 12 жол өлең, 57 тармақты «Көжекбайға» өлеңіне «Араздығы сөз болса» деген бір жол қосылған. Жеке сөздерге түзету, салыстырулар жасалған. «Жаз» өлеңіндегі «Шалғыннан жүні» тіркесі «Шалғыннан жоны» болып, «Сабырсыз, арсыз, еріншекте» төменнен жоғары 9-жол «Кімді ойлап аяйды» – «Кімді ұялып аяйды» болып, т.б. түзетулер жасалған. Аударма шығармалар хронологиялық жүйемен, ақынның төл туындыларымен араластырылып берілген. Абайдың музыкалық шығармалары алғаш рет нотасымен басылды.
Осындай Абай жинағын дайындап басып шығарудағы сапалық өсу Мұхтар Әуезовтің басшылығымен шыққан 1957 жылғы жинақта да айқын көрінеді. Мәселен бұл жинақты дайындауда князь В. А. Кудашев жазып алған өлеңдер көшірмесі де назарда болған. Басылымның түсініктерін жазу жүйесінде ілгерідегі нұсқалардан өзгешелік байқалады.
М. Әуезов көшірме мәтіндердің қалыбын болжам бойынша өзгертуге болмайтындығын әрдайым атап көрсете отырып, 1952 жылы баспа директоры Ғали Ормановқа жазған хатында да Абай жинағының жаңа басылымында ескерілуі тиіс «ілгерідегі баспалардан ілесіп, қалмай жүрген қаталар» (М. Әуезов осылай айтқан – ред.) болатынын, ендігі жинақтың таза әзірлену міндетін пысықтайды. Түзеген сөздерін тізіп көрсетеді. «Күз» өлеңінің 1945 жылғы баспадан қалып қойған, 1939 жылғы алғаш қосылған «аса қадірлі екі шумақ, сегіз жол өлеңді» (М. Әуезов) кіргізгенін айтады.
Абайдың әр сөзін, әр өлеңін құндап, құнттауда «сөз сақшы» болған Мұхтар Әуезовтің әр жылдарда, қилы заманда текстология бойынша күн тәртібіне қосып отырған осындай өзекті мәселелерін Абайдың бұл кезекті басылымында да назарда ұстадық.
Ал 1977 жылы жарық көрген жинақта жекелеген сөздердің әрқилы қолданысынан басқа, алдыңғы басылымнан көп өзгешелік байқалмайды.
Абайдың соңғы, 1995 жылғы толық шығармалар жинағын әзірлеуде 1909 жылғы, Мұхтар Әуезовтің жетекшілігімен шыққан 1933 жылғы, 1957 жылғы басылымдарды басшылыққа ала отырып, мәтіндік нұсқалардағы әрқилылық, техникалық жаңсақтықтар, ғылыми түсініктерді бірізділікте қалыптау бойынша көп жұмыс жасалған. Дегенмен, нақтылы сөз қолданыстарға қатысты тұрақты мәтін орнықтыру бағытында барынша ыждаһаттылықпен жұмыс жүргізілгеннің өзінде де түбегейлі шешімін таппаған тұстардан бұл жинақ та ада емес. Демек, бұл – Абай мұрасын алғаш жинақтаудан басталып, күні бүгінге жетіп, келешекте де жалғасатын киелі шаруа.
Ілкі басылымдардағы осындай әркелкіліктерді ретке келтіруде мәтінтанушылардың негізінен, 1909 жылғы жинаққа, сонымен қатар 1906, 1907, 1910 жылғы Мүрсейіт жазбаларына сүйеніп отыратыны – заңды құбылыс. Жаңа жинақты дайындау барысында да осы дәстүр сақталды, әсіресе, өлеңдердегі сөздердің «қозғалысын» барлап, салмақтауда 1909 жылғы жинақтың ресмилік маңызына мән берілді. Әрине, ол жинақта да ескі қадімше басылған мәтіндерді оқудың қиындығынан кеткен қате жазылған сөздер мен тіркестер, техникалық жаңсақтықтар жоқ емес. 1909 жылғы жинақтағы мұндай күдік, күмән туғызатын тұстардың барлығы қолжазбалармен, кейінгі басылымдармен салыстырылды. 1909 жылғы жинақтағы кейінде Мұхтар Әуезов түзету енгізген өлең құрылымына, шығарма мәтініндегі толықтыруларға, қайсыбір туындылардың бір өлең болып берілу, бір шығарманың бөлініп жазылуы сынды кейінгі басылымдарда өзгертілген құрылымдық, сөз қолданыс, өлеңдік өлшем тұрғысындағы ерекшеліктер де екшелді. Бұл жинаққа енбей қалған шығармалар бойынша текстологиялық салыстырулар жасалғанда Мүрсейіт көшірмелері, 1933, 1939–1940, 1945,1954, 1957, 1961, 1977, 1995 жылғы басылымдар өзара салыстырылып, сөз қисыны, ой жүйесіне, кезеңдік сипаттарға, қоғамдық-әлеуметтік жағдайлар шындығына орай түзетулер енгізілді. Бұл орайда, Абайдың 1995 жылғы соңғы толық жинағының негізгі арқауы мен құрылымы, оған жазылған түсініктердің басты назарда болғанын атап айтқан жөн.
Жинақта жекелеген өлеңдердің жазылған, шығарылған уақытына қатысты деректерге де ішінара өзгерістер енгізілді (Шығармаларға берілген түсініктерде осындай түзету, өзгерістердің себебі айтылып, дерегі көрсетіліп отырды – ред.).
Сол сияқты, тыныс белгінің дұрыс қойылмауы, кейде жалғау мен шылаудың міндет «ауыстырып» алу жағдайлары да барынша түзетілді.
Араб, парсы тілінде бір сөздің бірнеше мағынада жұмсалуына қатысты әр басқа болып жүрген айырмашылықтар жаңа басылымды әзірлеу барысында шығыстанушы мамандардың (Т. Қыдыр, П. Әуесбаева) араласуымен біршама реттелді деп ойлаймыз. Абай шығармаларындағы діни астары бар жекелеген сөздердің терминдік мағыналарына да түсінік берілді.
Қайым Мұқамедхановтың 1959 жылы жарық көрген «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» атты еңбегі назарда болды.
Жаңа басылымда академик Зәки Ахметовтің Абай аудармаларының түпнұсқасын анықтаудағы, аударма ерекшелігін саралаудағы ауқымды зерттеу жұмыстары басшылыққа алынды.
Абай шығармаларының жазылу, сақталу деректерін нақтылауда кейінгі жылдары басылып шыққан Абай туралы естеліктер де кеңінен пайдаланылды. Олар ақын заманында болған оқиғаларды нақтылайды, кейбір шығармалардың жазылу тарихына жарық түсіреді. Ақынның шығармашылық өмірбаянына қатысты құнды мағлұматтар береді. Бұл орайда, Абайдың көзін көріп, жақын араласқан, тәрбиесін алған Көкбай, Әрхам, Кәкітай, Тұрағұл, Төлеу Көбдіков естеліктерінің маңызы аса зор болды. Оларда ақын шығармашылығы жөнінде мол деректер сақталған.
Басылым түсінігін жазуда қалыпты бірізділікті сақтап, шығарманың жазылу дерегі, мәтіндік нұсқасы төңірегінде ықшам, түсінікті ақпарат беру мақсаты көзделді.
Жинақ соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі, шартты қысқартулар мен басқа да ғылыми көрсеткіштер берілді.
1) «Кім екен деп келіп ем түйе қуған» (1855). Өлең алғаш рет 1933 жылғы толық жинақта басылды. Абайдың бозбала шағында әзіл-қалжың түрінде шығарған шығармаларынан сақталып жеткен бір ауыз өлең.
Мұхтар Әуезов еңбектерінде кейде «Түйе қуған қатын (Шәріп)» деп белгіленіп отырған. «Төркіні жауыр айғыр беретін келіншек «Шәріпке» деген арнау өлеңдегі Түңлікбайдың әйелі Шәріп болса керек», – деген болжам бар. (Әуезов М. Абайта- нудан жарияланбаған материалдар, 138-бет).
1933 жылғы жинақта бұл өлеңге: «Кім екен деп келіп ем түйе қуған» деген бір ауыз өлеңді ел ішінің бір кәрі кісісі айтып еді. Сол кісі бала күнінде ауылындағы бір әйелді төркініне ертіп барып, төркіні бір жауыр айғыр берген соң, соны алып екеуі қайтып келе жатқанда, Құнанбай ауылының жолда жатқан түйесінің арасын аралап өтіп бара жатыпты. Сонда он жасар бала – Абай ауылдан тайға мініп шауып келіп, аты-жөнімізді сұрап алып, бұрылып жатып осы өлеңді айтты дейді», – деп түсінік берілген (1933 жылғы жинақ, 323-бет).
Өлең 1933 жылдан кейінгі жинақтардың барлығында басылып жүр. Тек 1954 жылғы жинаққа бұл өлең енбеген.
Үшінші тармақтағы «төркініңнің» сөзінде бірде «төркінінің» (1933, 1939, 1945, 1961), бірде «төркініңнің» болып келетін мәтіндік ауытқу бар (1977, 1995).
Бұл жинақта 1977 жылғы басылым бойынша «төркініңнің» деп алынды.
Абай шығармаларының басылымдарында (1961 жылғы жинақта ғана «ұра- йын» болып алынған) осы өлеңнің төртінші тармағында көп нүктемен беріліп келе жатқан сөздің орнына «ұрайын» сөзі жазылды.
2) «Йүзі – раушан, көзі – гауһар» (1858 ж.). Абайдың ортағасырлық түркі ақындарының үлгісінде жырлаған «Йүзі – раушан», «Әліппе», «Физули, Шәм- си, Сәйхали» деген өлеңдері алғаш рет 1933 жылғы басылымда «Иран, Чағатай ақындарынча» деген атпен жарияланған. Латын әліппесінде жарық көрген бұл ба- сылымда осы өлеңдердің қайдан алынғандығы ашып айтылмаған. 1858 жылы жа- зылған деп көрсетілген «Йүзі – раушан» деген өлеңі:
Çyzi ravcan, kөzi gavhar,
Laƣьjldek bet ucь aqmar.
Tamaƣь qardan һәm bijhtar
Qacьꞑ qudьrat qolь cijga
Өzәꞑ gyvrai, lara (?) – rahbar,
Saꞑa ƣьjcьq bolьp kam-tar
Sulajman, Jamcijd, Iskәndar,
Ala-alast (?) barca mylkijga.
Mybәdә өlsә (?), ol bir kәz;
Tamaca qьlsa jyrma (?) jyz;
– Ketip quvat, jumьlьp kөz,
Bojьn sal-sal blanijga? (?) —1
деп берілген. Өлеңді баспаға дайындау барысында біраз қателіктер орын алған. Мәтіндегі тыныс белгілерді есепке алмағанда «гүурай, лара», «ала-аласт», «өлсә», «йүрма», «бланийга» деп қате кеткен. Егер осы қалпында оқылса, мәтін, тіптен, түсініксіз болып шығары анық. Ал, әсілі «гөзәлләрә», «ала алмас», «олса», «йүзмә», «бола нигә» (1939 жылғы жинақ, 71-бет) болуы тиіс. Сондай-ақ, осы өлеңнің бірінші жолындағы алғашқы сөз де «Чүзі» болып қате берілген. Себебі түркі әдеби тілінде қарлұқ тілдік элементтері басым болғандықтан да, «й» дыбысы көп қолданылатыны, соның нәтижесінде «йүзі» деп жазылатыны белгілі.
Осы өлең 1939 жылы Сәбит Мұқановтың алғысөзімен жарық көрген жинақта да «Иран, чағатай ақындарынша» деген атпен берілген. Бұл басылымда ақынның өлеңі біраз түзетіліп, түпнұсқаға сәйкес транслитерацияланған. Десек те, бұл басылымды да қатеден ада дей алмаймыз. Тыныс белгілері дұрыс қойылмаған. Мысалы: «Tamaƣь qardan һәm, bijhtar» (1939 жылғы жинақ, 32-бет) деген жолдағы «һәм» дегеннен кейін үтір орынсыз қойылған. Сондай-ақ, алтыншы жолдағы «ғашық» деген сөз мұнда «ғичық» болып қате берілген. Негізі қадім үлгісінде «عاشق» түрінде жазылып, «ғашық» болып транслитерациялануы тиіс. Ал, қадімшадағы «ғишқ» («عشق») сөзі махаббат, сүйіспеншілік деген мағына беретіндігі белгілі. Абайдың 100 жылдығына орай 1945 жылы кирилл әрпінде жарық көрген жинақта да осы қате қайталанған (1945 жылғы жинақ, 4-бет). Бұл басылымда мәтіндегі түсініксіз сөздердің сөздігі астына қоса беріліп, қай тілден енгендігі ашып көрсетілген.
1954 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясы Тіл және әдебиет институты ғалымдары тарапынан дайындалған «Абай Құнанбаев шығармаларының толық жинағына» ақынның түркі әдеби тілінде жазған бұл өлеңдері енбеген. Құрастырушылар бұл жинақтың 1909 жылғы литография мен Мүрсейт қолжазбалары негізінде дайындалғанын алға тартқан. Одан кейін ақынның жинағы Әбіш Жиреншиннің құрастыруымен 1961 жылы жарық көргені белгілі. Абайдың түркі әдеби тіліндегі осы өлеңдері «Шығыс ақындарынша» деген айдармен берілген (1961 жылғы жинақ, 58-бет). Бұл басылымда ақынның «Йүзі – раушан» деген өлеңі қадімшаға жақын үлгіде берілген, тыныс белгілер де орнымен қойылған. Толық болмаса да, мәтінде кездесетін он бір кірме (араб, парсы және түркі) сөздің сөздігі де бар. Десек те, үшінші жолдағы «һәм» («هم») сөзі мұнда «әм» болып жазылғанын айта кеткен жөн. 1977 жылғы Абай шығармаларының екі томдық толық жинағына да бұл өлең «Шығыс ақындарынша» деген айдармен енген. Алдыңғы басылымдарда түркі әде- би тіліндегі бұл өлең «Кім екен деп келіп ем түйе қуған» деген өлеңінен кейін орын алатын. Бұл жинақ «Йүзі – раушан» деген өлеңмен басталған (1977 жылғы жинақ, 27-бет). Бұл басылымда да 1961 жылғы қате орын алып, «һәм» («هم») сөзі «әм» болып басылған. «Ғашық» («عاشق») сөзі «ғишық» деп берілген. Сондай-ақ, бесінші жолдың «Өзүң» деген бірінші сөзі «Өзәң» болып қате жазылған. Араб, парсы кірме сөздерінің аудармасы берілгенімен де, қай сөздің қай тілден енгендігі және оның қалай оқылатыны ашып көрсетілмеген.
Ақынның 150 жылдық мерейтойына орайластырылып 1995 жылы жарық көрген жинақта бұл өлең «Шығыс ақындарынша» деген айдармен басылған (1995 жылғы жинақ, 32-бет). Бұл жинақта 1977 жылғы қателер тағы қайталанған. Араб, парсы кірме сөздерінің сөздігі толық берілген, олардың сол тілде қалай оқылатыны да ашып көрсетілген.
«Йүзі – раушан» өлеңінің не түпнұсқасы, не асылнұсқасы табылмағандықтан баспаға дайындаушылар мәтінді беруде бірізділікті сақтай алмаған. 1933 жылғы басылымда бұл өлеңнің кейбір жолдары қате берілгені соншалық, түпкі мағынасын шығару мүмкін емес. Ал, кейінгі 1939, 1945, 1977, 1995 жылғы басылымдарда, негізінен, бір қате қайталанып отырған. 1961 жылғы басылымда бұл өлең басқа жинақтарға қарағанда сапалы дайындалған. Ал, 2020 жылғы академиялық жинақта берілген бұл өлең қадім үлгісіне сәйкес берілген.
Өлеңнің не түпнұсқасы, не асылнұсқасы сақталмаған. Түркі әдеби тілінде жазылған бұл өлең әсілі төмендегіше жазылары анық:
یوزی روشن کوزی گوهر
بیت اوچی لعلدیک احمر
تماغی قاردن هم بهتر
قاشینگ قدرت قولی شیکا
اوزونگ گوزللارا رهبر
سنگا عاشق بولوب کمتر
سلیمان جمشید اسکندر
الالماس بارچه ملکیگا
مباده اولسه اول بر کز
تماشا قیلسه یوزمه یوز
کیتب قوت یوملوب کوز
بویونگ سال سال بولا نیگا
__________________
1 Жүзі раушан, көзі гауһар,
Лағылдек бет ұчы ақмар.
Тамағы қардан һәм бийһтар
Қачың қудрат қолы чыга
Өзәң гиурай, лара – раһбар,
Саңа ғышығ болып кам-тар,
Сулайман, Жамчийд, Искәндәр,
Ала-алас барча мүлкіга.
Мүбәдә өлсә, ол бір кәз;
Тамача қылса йүрма йүз;
– Кетіп құуат, йұмылып көз,
Бойын сал-сал бланийгә?
3) «Физули, Шәмси, Сайхали» (1858). Абайдың түркі әдеби тілінде жырлаған келесі бір өлеңі – өзінен бұрын өткен классик шайырлардың атын атап, шабыт (илһәм – Т. Қ.) шақырған туындысы. Ақынның бұл өлеңінің не түпнұсқасы, не асылнұсқасы сақталмаған. Араб графикалы басылымдарға (1909, 1921, 1922) да енбеген. Бұл өлең алғаш рет 1933 жылғы басылымда «Иран, Чағатай ақындарынча» деген айдармен «Йүзі – раушаннан» кейін берілген (1933 жылғы жинақ, 71-бет).
Fьzuvlь, casь(?), sajqalь,
Navajь, saƣьdьj, fer davьsь,
Qoça Qapьiz bul hәmmasь,
Mәdet ber, jә caƣrьj fyrijat (?)!
Осы басылымдағы емлелік қателерді есепке алмағанда, «Шәмси» («شمسی») сөзі – «Шасы», ал, «фәрийәд» («فریاد») – «фырийат» болып берілген. Ал, латын әліппесімен басылған 1939 жылғы жинақта бұл қателер түзеліп, тыныс белгілер орнымен қойылған. Кітаптың соңына өлеңде аты аталатын ақындар туралы қысқаша мәлімет те берілген (1939 жылғы жинақ, 34-бет). Алғаш рет кирилл әрпімен басылған 1945 жылғы жинақта ақын өлеңдері қадімшаға жақын үлгіде берілген, бірақ «Хожа хафиз бу хәммәси, Мәдәд бер я шағири фәрияд» (1945 жылғы жинақ, 5-бет) деген жолдарға тиісті тыныс белгілер қойылмаған. 1954 жылғы басылымға бұл өлең енбеген. Ал, 1961 жылғы жинақта қазақтың дыбыстық ерекшелігі ескерілмеген (Навои – Науаи) (1961 жылғы жинақ, 59-бет). Сондай-ақ, төртінші жолдағы «Мәдәд бер я шағири фәрияд» дегенде тиісті тыныс белгілері қойылмаған. Мәтіннің төменгі жағына «мәдәд», «шағири» және «фәрияд» сөздерінің қай тілден енгені және аудармасы берілген.
1977 жылы жарық көрген Абай Құнанбаев шығармаларының екі томдық толық жинағының бірінші томында 1961 жылғы қателер қайталанған. Сондай-ақ, соңғы жолдағы «Мәдәд бер шағири фәрияд» болып, «я» қаратпа сөзі түсіп қалған (1977 жылғы жинақ, 28-бет).
1995 жылы шыққан екі томдықта да алдыңғы екі басылымдағы қателер қайталанған (1995 жылғы жинақ, 33-бет). Бір айырмашылығы – мәтіндегі «шағири», «фәрияд» сөздерінің аудармасымен бірге араб графикасындағы жазылу емлесі де қатар берілген.
Түркі әдеби тілінде жазылған бұл өлеңнің асылмәтіні төмендегіше болары анық:
فضولی شمسی سیخالی
نوایی سعدی فردوسی
خواجه حافظ بو همه سی
مدد بیر یا شاعرفریاد
4) «Әлифбә» (1864). Абайдың түркі әдеби тілінде жазған үш өлеңінің ішіндегі көлемдісі – «Әлифбә». Отыз екі жолдан тұратын өлеңді ақын шығыс мұсылман әдебиетінің үлгісінде жазып шыққан. Араб, парсы шайырларын былай қойғанда, ортағасырлық түркі ақындары да осы әліппе жанрында шығарма жазған. Қадім медресесінде тәлім алған Абай да сол ақындардың ізімен қалам тербеген. Өкінішке орай, бұл өлеңнің де не түпнұсқасы, не асылнұсқасы сақталмаған. Араб графикасымен басылған 1909, 1921 және 1922 жылғы басылымдарға да бұл туынды енбеген. Алғаш рет 1933 жылы латын әліппесімен басылған жинақта жарияланған. Мәтіннің арабша нұсқасы болмағандықтан да, латын және кирилл әріптерімен басылған жинақтарды құрастырушылар осы өлеңді транслитерациялауда қателіктерге жиі бой алдырған. Негізінен, бірінің қатесін бірі қайталаған десек те болады. Мысалы, 1933 жылғы басылымды алайық:
Әlip, dep (?) ai ҫyziŋe (?) ƣьjbrat ettim,
Bij, balajь dәretiŋe (?) nьspat ettim,
Tij, tiliŋnen (?) cьƣarьp tyrli әbijat
Sij, sanaj madaƣьŋe (?) qurmat ettim.
Ҫem, ҫamalьŋ qandaj aq ruvzь maƣan,
Qьjkalajьq (?) tappadьm ҫәnen (?) saƣan.
Fьjkalajьq (?), men emes, bәri ьntьzar,
Dal, darьjƣa ƣьjcьq otь bermes aman.
Алғашқы шумақтың бірінші жолындағы «Әліп-дек» («دیک الف»), «Әліп-дей, әліп сияқты» деген сөздегі «дек» («دیک») «dep» қате берілген. Әрі «әліп» пен «деп»-тің арасына орынсыз үтір қойылған. Түркі әдеби тілі «ж»-ға емес, «й»-ға жақын дыбысталатындықтан да, «йүзіңә» («یوزونگا») деген сөз «жүзіңе» болып жазылған. Екінші жолдағы «дәртіңә» («دردینگا»), яғни «дертіңе» деген сөз «дәретіңе» («dәretiŋe») болып берілген. Үшінші жолда кездесетін «тілімнән» («تلیمنان») деген сөз «тіліңнен» («tiliŋnen») деп өзгеріске ұшыраған. Әсілі, автор бірінші жақтан айтып отырғандықтан да, «тілімнен» деп берген қисынға келеді.
Ал, алтыншы жолдағы «Хә – хәлиллик» («لیک حلیل – ح») деген сөз, «қыйкалайық» («qьjkalajьq») деп, түсініксіз берілсе, осы жолдың астындағы «Хә – халайық» («خالئق – خ») деген сөз де, «фыйкалайық» («fьjkalajьq») деп қате жазылған. Осы алтыншы жолда кездесетін «жаным» («جانیم») деген сөз, «жәнен» («ҫәnen») деп басылған. Оныншы жолдағы «Ре – риза қылмағыңды, яр, өзің біл» («قیلماقینگنی رضا – ر بیل اوزونگ یار») деген жол «Ра, рыйза қылғың жер өзің біл» («Ra, rьjza qьlƣьŋ ҫer өziŋ bil») деп басылған.
Он бесінші жолдағы «өмірім» («عمریم») деген сөз «ой үмірім» («oj ymirim») деп басылса, он алтыншы жолдағы «әйтеуір» («ایتویر») деген сөз «әйтейр» («әjteir») болып, түсініксіз жазылған.
«Ләм – ләбіңнен ем қылсаң» («قیلسانگ ایم لبینگنان – ل») деп басталатын алтыншы шумақтың үшінші жолындағы «ем» («ایم») деген сөз «ең» («eŋ») болып қате берілген. 1939 жылғы басылымда бұл өлең «ӘLIP BI» ӨLEŊI» деген атпен басылған. Әр тармақтың тұсына әріптің арабша таңбалануы қоса берілген.
/ا/ Әlifdek a (?) iuzjŋe ƣibrat ettjm,
/ب/ Bi, bәlәij dәrtiŋa nisfat (?) ettjm,
/ت/ Tij, tilimnәn cьƣarьp tyrlj әbiәt
/ث/ Sij, sәnaiьi (?) mәdxjŋa xurmәt ettjm.
/ /ج Ҫem, ҫamalьŋ qandai aq ruzi maƣan,
/خ/ Xi, xalallьq tappadьm canьm sәnan.
/ح/ Xa, xalaiьq men emes, bәrj ьntizar,
/د/ Dal, dariƣa ƣicq otь bermes aman.
Алғашқы шумақтың бірінші жолында «ай» «آی» деген сөз, «а» болып қате басылса, «нисбәт» («نسبت») «нисфәт» («nisfat») болып жазылған. Сондай-ақ, бірінші шумақтың төртінші жолында кездесетін «сәнәи» («ثنای») деген «сәнаиыи» деп түсініксіз жазылған. «Сәнә» («ثنا») мадақ, ал мұндағы «и» («ی») изафет. «Мәдх» («مدح») та, мадақ деген мағына бергенімен де, «сәнә» тек қана Жаратушыны ұлықтауға қатысты қолданылатыны белгілі.
1945 жылы кирилл әрпімен басылған жинақта бұл өлең «Әліфби» өлеңі» деген атпен басылған. Әріптердің арабша жазылуы да қоса берілген. «Хә – хәлиллик тапмадым, жаным, сәнан» («سنان جانیم تابمادیم لیک حلیل – ح») деген алтыншы жолдағы «хәлиллік» («لیک حلیل») деген сөз, «Хи, халайық таппадым жаным сәнан» болып қате жазылған (1945 жылғы жинақ, 7-бет). Жалпы, алдыңғы басылымдар секілді бұл жинақта да тиісті жерге тыныс белгілер қойылмаған.
1961 жылғы басылымда әріптердің тұсындағы арабша жазулар берілмеген. Өлең 1945 жылғы жинақтағы мәтінге сәйкес келгенімен де, жиырма жетінші жолдағы «Һи – һеш файдаң тимесе өлді ойлаңыз» («ه اویالنگیز اولدی تیماسا فائدانگ هیچ –») деген сөз «Һи – Һеш файдаң тимесе, елді ойлаңыз» (1961 жылғы жинақ, 61-бет) деп берілген. Сондай-ақ, мәтіннің астына берілген сөздікте «бәла» («بال») деген парсының сөзін «ұлы, жоғары» деп түсіну керектігі айтылған. Парсыда жоғары, ұлы деген сөз «باال», яғни «бала» (боло) деп жазылатыны белгілі. Алайда, ақынның мұндағы айтып отырғаны «درد بالی» «бәла-е дәрд», яғни «дерттің пәлесі».
1977 жылғы Абай шығармаларының екі томдық толық жинағында берілген бұл өлең 1961 жылғы басылым негізінде жасалғанын аңғару қиын емес. Тіпті, мәтіннің астында берілген сөздіктер де сол қалпы қайталанған. Бір айырмашылығы – 1977 жылғы жинақта араб, парсы сөздерінің оқылуы мен қай тілден енгені ашып көрсетілмеген. Соңғы шумақтың екінші жолындағы «Мәд – қасың, тәшдид – кірпік, сукун – көзің» («کوزونگ – ْ کربیک -ّ قاشینگ – ») дегендегі «сукун» сөзі «секін» болып, қате басылған (1977 ж. 30-б.).
1995 жылғы басылымда бұл өлеңдегі кірме сөздердің сөздігі толықтырылған. Яғни, араб, парсы сөздерінің сол тілде жазылуы, оқылуы, қайдан енгені және аудармасы қоса берілген. Осы сөздікте алғашқы шумақтың екінші жолында кездесетін «нисбәт» («نسبت») сөзіне «байланыс, бір нәрсемен байланыста болу. Бұл арада ем таптым деген мағынада» деген анықтама берілген. Арабша «нисбәт» – байланыс, қатынас, бір нәрсемен байланыста болу деген мағына беретіні анық. Бірақ, «Бұл арада ем таптым деген мағынада» емес, қайта ақын бұл жерде «дерттің пәлесіне, яғни махабаттың айықпас дертіне шалдықтым» деп отыр. Себебі, діни-сопылық әдебиетте дертке шалдығу – ғашықтықтың айықпас дертіне ұшырау дегенді білдіреді. Ғашықтың дәрманы, яғни емі – машұқтың өзі ғана (Машраб). Бұл ойымызды осы өлеңнің соңғы жағында келетін «Ләм – ләбіңнен ем қылсаң мен дәртліге, Мим – меһріңнен қалмас ед бар апатым» («قالماس مهرنگنان – ل دردلیگا من قیلسانگ ایم لبینگنان –;م آفتیم بار ایرد») деген жолдар нақтылай түседі. Ғашықтық дертіне шалдыққан ғашықтың бар емі – машұқтың балдай ерні («шәкәр ләб» («شکرلب»). Сонда ғана ғашықтың бар мұң-зары, уайым-қайғысы (апаты) жойылады. Сондай-ақ, мәтіннің астына берілген сөздікте бірінші шумақтың төртінші тармағында кездесетін «сәнә-е» («ثنای») сөзі туралы «Сәнаи (арабша) – – сұлу, әдемі, шебер» деген анықтама берілген. Мұнда ақын «сын» («س») әрпі туралы емес, «сә» («ث») әрпі туралы айтып отыр. Мәтінде автор «Сәнә-е мәдхіңә хурмәт еттім» («اتیم حرمت مدحنگا ثنای»), яғни «сенің мақтап-мадақталуыңа құрметпен қарадым» деп отыр. Араб тілінде «ثنا» («сәнә») – мадақтау, ұлықтау деген мағына беретіні анық.
Алғашқы шумақтың төртінші жолындағы «мәдхіңә» («مدحنگا») деген сөз
«мәдхия» болып берілген. Ақын мұнда «мәдхіңә», яғни сенің мақталып, мадақталуыңа құрметпен қараймын» деп отыр. Сондай-ақ, «Мәд – қасың, тәшдид – кірпік, сукун – көзің» (« کوزونگ – ْ کربیک -ّ قاشینگ – ҃ ») деген жолдағы «сукун» деген сөз бұл басылымда «сәкін – көзің» деп берілген. Осы сөз 1933, 1939, 1945 жылғы жинақтарда «сәкін», ал 1961, 1977 жылғы басылымдарда «секін» болып қате жазылған. Негізінде, араб харекеттерінің бірінен саналатын бұл харекет – сукун.
Абайдың бұл «Әлифбә» өлеңі латын (1933, 1939) және кирилл (1945, 1961, 1977, 1995, 2020) алфавитімен басылған жинақтарға енген. Десек те, осы басылымдарды құрастырушылар негізгі мәселеге назар аудармаған. 1933 жылы кеткен қателік кейінгі басылымдардың бәрінде қайталанған деуге негіз бар. Арабтың «бә» («ب»), «тә» («ت»), «сә» («ث») деген әріптері жинақтардың бәрінде «би», «си» болып қате оқылған. Бұлай оқу өлеңнің құрылымын бұзбағанымен де, дыбыс үндестігіне нұқсан келтірері анық. Себебі «Би – бәләи» емес, негізі «Бә – бәләи» деп, «Си – сәнәи» емес, қайта «Сә – сәнәи» болып жазылуы тиіс. Себебі Абай әр әріпті бергенде келесі сөзді сол таңбаның дыбысталуына сәйкес сөз қолдануға тырысқан. Мысалы: «Дәл – дариға», «зәл – зәлиллік», «қаф – қабыл», «кәф – кәміл» және т.б.
Қадім медреселерінде «ط» әрпі «ытқы», ал «ظ» әрпі «ызғы» болып жаттатылған. Кейбір медреселерде «Та», «За» болып та үйретілген. Сондықтан да, 1933 жылғы басылымдағы он алты және он жетінші жолдардағы әріптер «Т» («ط»), «Z» («ظ») болып, қалай оқылатыны ашып жазылмаған (1933 ж. 72 б.). Құрастырушылар қалай оқылу керектігін оқушылардың құзырына қалдырған болуы ықтимал. Ал, 1935 және 1945 жылғы басылымдарды «Тый», «Зый» деп берілсе, 1961, 1977 және 1995 жылғы жинақтарда «Тай», «Зай» болып жазылған. Ал, 2020 жылғы басылымда «Та», «За» деп оқу ұсынылған.
Сондай-ақ, жиырмасыншы әріп «ف» – қадім медреселерінде «фле» болып жаттатылған. Бірақ латын және кирилл әрпіндегі басылымдардың бәрінде (1933, 1939, 1945, 1961, 1977, 1995, 2000) «фи» деп жазылған. «Фи – файдаң» дегенде дыбыс үндестігі сақталмайды. «Фле – файдаң» дегенде де, дыбыс үндестігі толық үйлеспейді. Алайда, қадімша оқуда дұрыс келері анық.
Қадімша жазылған бұл өлеңнің асылмәтіні төмендегіше болары анық:
الف دیک – آی یوزونگا عبرت اتدیم
ب – بلای دردینگا نسبت اتدیم
ت – تلیمدین چقاریب تورلی ابیات
ث – ثنای مدحنگا حرمت اتدیم
ج – جمالینگ قاندای آق روزی مغان
ح – حلیل لیک تابمادیم جانیم سنان
خ – خلائق من ایماس باری انتظار
د – دریغا عشق اوتی برماس آمان
ذ – ذلیل لیک کورگان سونگ سایرای بیر تیل
ر – رضا قیلماقینگنی یار اوزونگ بیل
ز– زهردای کویدوردی عشقینگ قاتی
س – سلامت قالماغیم بولدی مشکل
ش – شکرلب ایسیما توشکن سایین
ص – صبریم قالمادی من نه ایلایین
ض – ضائع عمریم اوتی منینگ بیکار
ط – طلب دان ایتویر قور قالمایین
ظ – ظالم کوب قلیچ بوب جانغا اوقتالدی
ع – عقلمنی باشیمنان تارتیب آلدی
غ – غریب لیک باشیما توشکدین سونگ
ف – فائدانگ تیه مه دیب جزا سالدی
ق – قبول بولار ما ایکان جازغان خطیم
ک – کامل عقلینگ اسل زادیم
ل – لبینگدین ایم قیلسانگ من دردلیگا
م – مهرنگنان قالماس ایرد بار آفتیم
ن – ناله غیب قایغونگمین کویدوردینگ کوب
و– ویلانا عشقینگ واییم ییب
ه – هیچ فائدانگ تیماسا اولدی اویلانگیز
لا – لا اله الا الله دیبی
ی – یاریم قالای بولار جواب سوزونگ
– قاشینگ — کربیک – کوزونگ
وترمین آستی-اوستی جازودا بار
بولوغا آستی-اوستلی کونسانگ اوزونگ
5) «Шәріпке» («Түңлікбайдың қатыны, атың Шәріп») (1870). Алғаш рет 1933 жылғы жинақта (72-бет) жарияланған. Бұл басылымда «Шәріп – Түңлікбай дегеннің қатыны. Түңлікбай Абай ауылдарының көршісі болған – М. А.» (72-бет) деген сілтеме беріледі.
«Абайда ақындық талант, нағашыларынан мұра болған сайқымазақ жас шағынан өзіне біткен қасиеті. Мысалы, тоғыз жасында айтқан өлеңі «Кім екен деп келіп ем түйе қуған», «Түңлікбайдың қатыны – атың Шәріп» деген өлеңі және «Абыралыға» деген өлеңі, нағашысы Қантай-Тонтайдан мирас болған сайқымазақ екенін анық көріп тұрады» (Ә. Ысқақов. Абайдың өмір жолы, 151-бет).
Төрт жол өлеңнің мәтіні бұл басылымға редакциялық кеңестің ұйғарумен тыныс белгілері бойынша түзетулер жасалып берілді.
6) «Абыралыға» («Мен жасымнан көп көрдім») (1876). Өлең ең алғаш 1933 жылғы жинақта (73-бет) басылған.
Абыралы Ысқақ (ақынның інісі) болыс болғанда алты жыл оған кандидат болған. Абаймен жетінші атадан туысады әрі замандас құрдасы. Өлеңді Абай сол Абыралының намазда қосымша оқылатын Құран сүрелерін бұзып, теріс оқитындығын келеке етіп шығарған.
М. Әуезов «Абыралыға» өлеңі арқылы Абайдың «діншілдігін, мұсылманшылдығын салмақтауға болады» деп тұжырым жасайды. 1933 жылғы жинақта «өлеңнің аяғы ұзағырақ болса керек, бірақ ешкімнің есінде қалмаған» деген сілтеме түсінік беріледі.
Өлеңде «мұсылман», «кәпір», «намаз», «қирағат», «нәпіл», «намазшам» сияқты діни терминдер мен қасиетті Құранның «Кәусар» сүресінен аяттар келтіріледі.
Абай шығармаларының әр жылдардағы басылымдарында өлеңнің тыныс белгілерінде айырмашылықтар кездеседі. Бұл кітапта өлең қазақ тілінің емле ережелеріне сай түзетіліп басылды.
7) Жақсылыққа («Аяғыңды аңдап бас, ей, Жақсылық») (1880). Бұл өлең алғаш рет 1933 жылғы толық жинақта (73-бет) жарияланған. Осы жинақта өлеңнің жазылу тарихы туралы мынадай деректер айтылады: «Абай 1880 жылы «Қоңыр Көкше» деген елге назначение – атап сайлаумен болыс болады. Сонда өзінің жарамсыз қылығынан борышты болған Мырза руының Жақсылық деген кісісі «Борышымды елге бөліп салып, мені құтқар» деп Абайға келеді. Абайдың сондағы айтқаны еді деп, өлең мәтіні Көкбай Жанатайұлы жиған өлеңдердің ішінде жазылған» (1933 жылғы жинақ, 323–324-беттер).
Өлеңнің 1933 жылғы жинақта «Аяғыңды аңдып бас, ей жақсылап» болып берілген алғашқы тармағы 1954, 1957, 1961, 1977 жылғы жинақтарда – «…аңдып бас, ей, Жақсылық»; 1945, 1995 жылғы басылымдарда – «аңдап» болып жазылған.
Бұл жинақта «аңдап» сөзі алынды.
8) «Кең жайлау – жалғыз бесік жас балаға» (1880). «М. Ю. Лермонтовтың «Дитя в люльке» (1829) атты шығармасының еркін аудармасы. Түпнұсқасы неміс ақыны Д. Шиллерден алынған («Das Кіnd in der Wiege», 1796).
Абай шығарманың жалпы мазмұнын сақтап, еркін аударған. Алғаш 1933 жылғы жинақта басылып, содан бергі негізгі басылымдарына енгізіліп келеді.
Абай аударған түпнұсқа:
«Счастлив ребенок!
И в люльке просторно ему,
Но дай время сделаться мужем – И тесен покажется мир».
9) «Сап, сап, көңiлiм, сап, көңiлiм». Өлең ең алғаш 1933 жылғы жинақта «Жылы белгiсiз өлеңдер» ретiнде басылған (231-бет). Мүрсейіт қолжазбаларында бар (1907, 1910). Өлеңнің 1933 жылы басылған нұсқасының көлемі – 30 жол. Түсінік берiлмеген. 1939 жылғы жинақта басылған нұсқасы – 59 жол (231–232-беттер). Бұл нұсқасы туралы жинақта: «Бұл – Абайдың бозбала күнінде өзіне-өзі айтқан өлеңі. Абай өлеңдерінің 1933 жылы шыққан жинағында алғаш рет жарияланған. Бірақ онда түгел табылмай, жарым-жартысы ғана басылған болатын. Қазір сол олқылары түгелденіп, бірінші рет толық басылып отыр», – деген түсінік бар (1939 жылғы жинақ, 231-бет).
Өлеңнің жазылу тарихы туралы толығырақ түсінік 1945 жылғы жинақта берілген: «Мұны Мұхтардың көрсетуі бойынша, Абай өзінің жігіт шағында жазған көрінеді және сол жігіт шағынан қалған өлеңдерінің ішіндегі ең көлемдісі, көркемі. …Мұны бұрын Абай жас кезінде өзі ғашық болған бір әйелі – Сүгірдің қызына айтқан дейді екен. Бірақ, соңғы айтушылардың сөзіне қарағанда, бұл өлең Сүгір қызына емес, Сүйіндік қызы Тоғжанға арналған көрінеді. Жігітектер мен Құнанбай жауласып жүргенде, Абайдың қауіп-қатерге қарамастан, бейнетпен барып жүрген қызы – сол Тоғжан. Ерболмен достығы да сол қыз арқылы болған. Және Тұмабайдың айтуынша, бұл өлеңдегі қыз Сүйіндік қызы екенін білдіретін:
«– Қыз ағасы Әлібек
Ұстап ап дүре салмай ма», –
деген бiр-екi жол өлең де бар екен. Жалғыз-ақ, кейінгі айтуында ол жолдар түсiп діктен, бұл екі жол өлеңді баспаға қоспадық. Соңғы нұсқасы Мүрсейіт жазбасынан алынған» (445–456-беттер).
Өлеңнің соңғы тармағы 1995 жылғы жинақта – «Сонда да көңіл толмай ма?». 1907 жылғы көшірме қолжазбада – «Сонда көңiл толмай ма?». Бұл басылымда осы тармақ 1907 жылғы қолжазба бойынша берілді.
10) «Бородино» (1882). М. Ю. Лермонтовтың осы аттас шығармасының аудармасы. Өлең алғаш рет 1933 жылғы жинақта басылған. Сонда: «Айтшы, аға, не ғып жеңілдің» деген өлеңді Лермонтовтың «Бородино» деген өлеңінен аударған екен. Бірақ соңғы уақытқа шейін ескеріліп жиналмағандықтан, мына аударманың ортасы да жоқ, аяғы да жоқ, ұмытылып қалыпты. Табылмады», – деп түсінік берілген (1933 жылғы жинақ, 324-бет).
Соңғы басылымдарға дейін аудармада түпнұсқаның кейбір тармақтарының орны ауысып кетіп жүрді.
11, 12, 13-тармақтары 1933 жылғы жинақта ең соңында берілген. 1940-та со- лай, 1945-те солай. 1954 жылғы басылымда да солай.
Өлеңнің бірінші тармағы 1933 жылғы жинақта «Айтшы, аға, неғып жеңілдің?» (1957). 1940, 1945-те, 1954-те де «Жеңілдік!»
1995 жылғы басылымда «Айтшы, аға, неғып жеңілдік?» деп берілген. Түп- нұсқада сөзбе-сөз келетін жол жоқ. Бұл басылымында өлеңнің бірінші тармағы 1995 жылғы жинақ бойынша берілді.
Шығарма ілкі басылымдар негізінде салыстырылып беріліп отыр. Лермонтов өлеңінің Абай аударған үзінділері мынадай:
БОРОДИНО
«Скажи-ка, дядя, ведь недаром
Москва, спаленная пожаром,
Французу отдана.
Ведь были ж схватки боевые?
Да, говорят, еще какие!
Недаром помнит вся Россия
Про день Бородина!»
– Да, были люди в наше время,
Не то, что нынешнее племя:
Богатыри – не вы!
Плохая им досталась доля:
Не многие вернулись с поля…
…………………………………………………..
…………………………………………………..
Мы долго молча отступали,
Досадно было, боя ждали,
Ворчали старики:
«Что же мы? на зимние квартиры?
Не смеют что ли командиры
Чужие изорвать мундиры
О русские штыки?»
…………………………………………………..
…………………………………………………..
Повсюду стали слышны речи:
«Пора добраться до картечи!»
И вот на поле грозной сечи
Ночная пала тень».