Әр жылдары жазылған өлеңдерінің толық нұсқасы
* * *
Малға достың мұңы жоқ малдан басқа, (139)
Аларында шара жоқ алдамасқа.
Табысына табынып, қалтаң қағып,
Тойғанынан қалғанын берсе алашқа.
Мал жияды мақтанын білдірмекке,
Көзге шұқып, малменен күйдірмекке.
Өзі шошқа өзгені ит деп ойлар,
Сорпа-сумен, сүйекпен сүйдірмекке.
Ақылды деп, арлы деп, ақпейіл деп
Мақтамайды ешкімді бұл күнде көп.
Осы күнде мал қайда, боқ ішінде,
Алтын алсаң, береді боғынан жеп.
Осыны оқып, ойлай бер, болсаң зерек.
Еңбекті сат, ар сатып неге керек?
Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.
* * *
Туғызған ата-ана жоқ, (140)
Туғызарлық бала жоқ.
Туысқан-туған, құрбылас
Қызығымен және жоқ.
Тулайын десе шара жоқ,
Толықсып жүрер шама жоқ.
Ұйқы мен астан дәм кетіп,
Сақалда, шашта қара жоқ.
Байбайшыл тартып, баға жоқ.
Жастарға жаппас жала жоқ.
Жат қораны күзеткен
Қартаң шалда сана жоқ.
* * *
Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында, (141)
Хан да жанын қияды қыз жолында.
Алтын-күміс кигені, қамқа, торғын,
Күтуші қыз-келіншек жүр соңында.
Деген сөз: «Бұқа –буға, азбан – дуға»,
Хан қарық боп түсіп жүр айғай-шуға.
Етімді шал сипаған құрт жесін деп,
Жартастан қыз құлапты терең суға.
Сән-салтанат жұбантпас жас жүректі,
Кім де болса тұрғысын көксемек-ті.
Мезгілі өткен дәуренді қуалаған
Не қылсын бір қартайған қу сүйекті?
Кәрі, жас дәурені өзге тату емес,
Епке көнер ет-жүрек сату емес.
Кімде-кім үлкен болса екі мүшел,
Мал беріп алғанменен, қатын емес.
Есерлер жас қатынды тұтады екен,
Жас қайғысын білдірмей жұтады екен.
Ортасында бұлардың махаббат жоқ,
Тұсап қойып қашырар бұқа ма екен?
Бай қартайса, малына берер шылбыр,
Мал өмірді жаңғыртпас, құдай ұрғыр.
Біреудің қызын алып малға сатып,
Баяғыны іздеген қандай құрғыр?
Қатыным қалай демес ақсақал бай,
Сонымен дос боп жүрсің, япырым-ай!
Қу қатының майысса, мәз боласың,
Шайтанның шәкіртінің қылығын-ай!
Қартаң бай, қатты сақ бол, тілге көнсең,
Мүйіз шығар қатынның тіліне ерсең.
Тіпті оңбассың, өзіңе өзің мәз боп,
Дастарқанның байлығын мақтан көрсең.
Кінәсіз бәйбішемен болады араз,
Жастың көңілі жылымас, ол өзіне аз,
Біреуі – көк балдырған, бірі – қурай,
Бір жерге қосыла ма қыс пенен жаз?
Үнем болмас құйрықты бұлаңдатқан,
Сауырына шапақтап, сүйіп жатқан.
Екі көңіл арасы – жылшылық жер,
Оны қайтіп қосады ол ант атқан?
* * *
Сағаттың шықылдағы емес ермек, (142)
Һәмишә150 өмір өтпек – ол білдірмек.
Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,
Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек.
Сағаттың өзі – ұры шықылдаған,
Өмірді білдірмеген, күнде ұрлаған.
Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді, кетті,
Қайта айналмас, бұрылмас бұлдыр заман.
Өткен өмір белгісі – осы сыбдыр,
Көңілді күнде сындыр, әлде тындыр.
Ақыл анық байқаған қылығыңды,
Қу шыққансып қағасың босқа бұлдыр.
Күн жиылып ай болды, он екі ай – жыл,
Жыл жиылып, қартайтып қылғаны – бұл.
Сүйенген, сенген дәурен жалған болса,
Жалғаны жоқ бір, Тәңірім, кеңшілік қыл.
* * *
Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа, (143)
Адам ойы түрленіп ауған шақта.
Салған ән – көлеңкесі сол көңілдің,
Тактысына151 билесін ол құлаққа.
Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды,
Жүрек тербеп, оятар баста миды.
Бұл дүниенің ләззәті бәрі сонда,
Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды.
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Үннің тәтті оралған мәні оятар.
Кейі зауық, кейі мұң, дертін қозғап,
Жас балаша көңілді жақсы уатар.
Адам аз мұны біліп ән саларлық,
Тыңдаушы да аз ол әннен бәһра аларлық.
Мұңмен шыққан, оралған тәтті күйге
Жылы жүрек қайда бар қозғаларлық?
Көбінесе ән басы келеді ащы,
«Кел тыңда!» деп өзгеге болар басшы.
Керім толғап, тауысар күңгір-күңгір.
Сол жеріне ойыңмен араласшы.
Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді
Тыңдағанда, көңілдің өсері бар.
Білімдіден аяман сөздің майын,
Алты өлеңмен білдірдім әннің жайын.
Ездің басы қаңғырсын, ердің көңілі
Жаңғырсын деп ойладым айтқан сайын.
Көкірегінде оты бар ойлы адамға
Бұл сөзімнің суреті тұрар дайын.
Өмірдің алды – ыстық, арты – суық,
Алды – ойын, арт жағы мұңға жуық.
Жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен,
Өмір сәуле көрсетер судай тұнық.
Жаманға «жар» деген-ақ ән көрінер,
Жақсы ән білсе, айтуға кім ерінер?
Жарамды әнді тыңдасаң, жаның еріп,
Жабырқаған көңілің көтерілер.
* * *
Адамның кейбір кездері (144)
Көңілде алаң басылса;
Тәңірінің берген өнері
Көк бұлттан ашылса.
Сылдырлап өңкей келісім
Тас бұлақтың суындай,
Кірлеген жүрек өз ішін
Тұра алмас әсте жуынбай.
Тәңірінің күні жарқырап,
Ұйқыдан көңіл ашар көз.
Қуатты ойдан бас құрап,
Еркеленіп шығар сөз.
Сонда ақын белін буынып,
Алды-артына қаранар.
Дүние кірін жуынып,
Көрініп ойға сөз салар.
Қыранша қарап қырымға,
Мұң мен зарды қолға алар.
Кектеніп надан, зұлымға,
Шиыршық атар, толғанар.
Әділет пен ақылға
Сынатып көрген-білгенін,
Білдірер алыс, жақынға
Солардың сөйле дегенін.
Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сия, ащы тіл
Не жазып кетсе, жайы сол,
Жек көрсендер, өзің біл.
* * *
Көк ала бұлт сөгіліп, (145)
Күн жауады кей шақта.
Өне бойың егіліп,
Жас ағады аулақта.
Жауған күнмен жаңғырып,
Жер көгеріп күш алар.
Аққан жасқа қаңғырып,
Бас ауырып, іш жанар.
РАХЫМШАЛҒА
Сұлу аттың көркі – жал, (146)
Адамзаттың көркі – мал.
Өмір сүрген кісіге
Дәулет – қызық, бала – бал.
Бал болатын бала бар,
Бал болар ма Рахымшал?!
Бүйтіп берген балаңды,
Берген Құдай, өзің ал!
ҚАТЫНЫ МЕН МАСАҚБАЙ
Сырмақ қып астына (147)
Байының тоқымын,
Отының басына
Төрінің қоқымын
Бүксітіп,
Бықсытып,
Қоқсытып келтірді.
Осының бәрімен
Көңілінде міні жоқ,
Жүзінің нәрі мен
Бойының сыны жоқ.
Бүкшиіп,
Сексиіп,
Түксиіп өлтірді.
Күлкі боп көргенге,
Құрбыға қадірсіз.
Ас қылып бергенге
Шыдамас, сабырсыз.
Келді, ойбай,
Салды айғай,
Түк қоймай боқтады.
Сөзінің жөні жоқ,
Ақылсыз томырық,
Қатынның күні жоқ –
Қамшы мен жұдырық.
Барқылдап,
Тарқылдап,
Салпылдап тоқтады.
КҮЙІСБАЙҒА
Дұғай сәлем жазамын Күйісбайға, (148)
Бермек болған айғырдың көзі қайда?
Көзді көрсең – бересің, тайсаң – танып,
Алдамшы атанғанның несі пайда?
ДҮЙСЕНҚҰЛҒА
Саудайы-ай152, сауды алмадың-ау, сырқауды алып, (149)
Бір пәлеге жолықтың шырқау барып.
Ала жаздай көгалды бір көрмедің,
Сары жұртқа қондың ба ірге аударып?
РАЗАҚҚА
Мына үйде отыр Разақ, (150)
Елдің жөнін айтар ма,
Шақырып алып сұрасақ.
Үлкен қожа – ортан қол,
Өзгелері – аты жоқ пен шынашақ.
Сонда Абайдың немересі Әубәкір: – Омархан ағам ше? –дегенде:
Оны дағы байқармыз,
Біраз ғана сынасақ.
* * *
(М. Ю. Лермонтовтан)
Ғашықтық іздеп тантыма, (151)
Аз күн әуре несі іс?
Өзіңнің қара артыңа,
Өткен өмір – бейне түс.
Өлгенше болар бар ма дос?
Қуаныш, қайғы – бәрі бос.
ОЙ
(М. Ю. Лермонтовтан)
Қарасам, қайғыртар жұрт бұл заманғы, (152)
Салқын, қуыс – өмірі я қараңғы.
Білім де жоқ, білімге сенім де жоқ,
Өнерсіз қартаяр деп біл балаңды.
Жасынан білер ескі шалдың мінін,
Аптық жерін, ақылға кеш енгенін.
Өзі өнерсіз, өмірден тез суынар,
Ойлаған жолаушыдай бос жүргенін.
Жамандық жақсылыққа қарар салқын,
Долығы тез басылып, қайтар қарқын.
Ұлыққа қошеметшіл құл сықылды,
Қатерге аяқ баспас, көрмей артын.
Дәл бейне ерте шыққан бүлдіргенше,
Суық соғып бүрісер, дәмі енгенше.
Көзге де, ауызға да қызығы жоқ,
Қызығы – үзілгені бос жүргенше.
Пайдасыз ғылымменен ми кептірер,
Дос-жарға мақтан етіп, бұлдап көрер:
Жақсы сөз, жақын үміт, тәттілікті
Кемітер, көңіл қоймас, кекеңкірер.
Қуаты қызық қызмет тойларының
Қос қыртысын кетірмес ойларының.
Лап бергіш, көт айналғыш, қайта ойланғыш
Тиянақ оты сөнген бойларының.
Келісімді тәтті ой, әр шеберлік
Қуантпас ойын қозғап пәлен дерлік.
Өз кеудесін өзі аңдып, бой салдырмай,
Тоқымдығы бусанбас неткен ерлік?
Жек көрер, жақсы көрер – кезі білер,
Ашуы, махаббаты босқа сөнер.
Жанында суықтық бар бір жасырын,
Қаны отты жас күнінде шықпас өнер.
Бала мінез ойыншы бұрынғылар
Аңқау екен, мазақтап соны сынар.
Артқа қарап, ақ пейіл шалға күліп,
Абұйырсыз, атақсыз көрге құлар.
Көп салқын бірін бірі ойына алмас,
Кетер жым-жырт, артына із қалдырмас.
Ой қозғарлық артқыға түк қалдырмай,
Ұмыт болар, жоғалар, көпке бармас.
Досың жоқ, дұшпаның жоқ, тыныш жатасың,
Мал үшін аш қатасың, жан сатасың,
Әкесі аштан өлген кісідей-ақ,
Неткен жұрт мал өлтірген жеті атасын?!
ҚАНЖАР
(М. Ю. Лермонтовтан)
Сүйкімді болат қанжар, тұрсын жайнап, (153)
Ыстық, суық майданда шығады ойнап.
Грузин ашулы ұста кекке соққан,
Ер шеркес соғыс үшін алған қайрап.
Еркелі нәзік қолмен маған тиді,
Ұмытпа деп айрылған жерде берді.
Қан сорғалар жүзінде жас сорғалап,
Қайғымен өртенгеннің белгісі еді.
Қара көз қарап маған көп қадалған,
Құпия қайғы өртеніп бойын алған.
Болатша дірілдеген жалын көрген,
Бір күңгірт тартып және оттай жанған.
АЛЬБОМҒА
(М. Ю. Лермонтовтан)
Сал демеймін сөзіме ықыласыңды, (154)
Қайғылы өлең еттім өз басымды.
Көкірегім бар сырын өз әлінше
Көрінгенге көрсетпей, көп жасырды.
Қол жазуды ермек ет, жатпа бекер,
Бұл көңілсіз дүниеден көп жыл өтер.
Өзі қысқа, өзі асау, тентек өмір
Арттағыға бір белгі қойса нетер?
Кім біледі, кез болса арттағылар
Ойға салып оқыр да, сөзін сынар.
Көзін салып, ойланып кейбір сөзін,
«Рас-ау» деп мағынасын ол дағы ұғар.
Кім білер, жабырқаңқы жазған сөзім
Жібермей, көп тоқтатар оның көзін.
Жолаушы жол үстінде тамаша еткен
Сықылды өткен жанның бір күмбезін.
* * *
Көк тұман – алдыңдағы келер заман, (155)
Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.
Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,
Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған.
Ол күндер – өткен күнмен бәрі бір бәс,
Келер, кетер, артына із қалдырмас.
Соның бірі – арнаулы таусыншақ күн,
Арғысын бір-ақ Алла біледі рас.
Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,
«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі.
Шырақтар, ынталарың «менікінде»,
Тән құмарын іздейсің күні-түнде.
Әділеттік, арлылық, махаббат пен –
Үш жолдасың қабірден әрі өткенде.
Малға сат, пайдаға сат қылығыңды,
Ылайла ылай оймен тұнығыңды, –
Сонда өмірден алдамшы бола алмассың,
Ол білдірмей ұрламақ қызығыңды.
Адам ғапыл153 дүниені дер менікі,
Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі.
Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,
Соны, ойла, болады не сенікі.
Мазлұмға154 жаның ашып, ішің күйсін,
Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.
Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған,
Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін.
Көптің бәрін көп деме, көп те бөлек,
Көп ит жеңіп, көк итті күнде жемек.
Ғадәләт155 пен мархамат156 – көп азығы,
Қайда көрсең, болып бақ соған көмек.
Әркімнің мақсаты өз керегінде,
Біле алмадым пысығын, зерегін де.
Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар,
Хақиқат та, дін дағы тереңінде.
* * *
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, (156)
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Ақылың мен қайратың екі жақтап.
Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?
Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме.
* * *
Алла деген сөз жеңіл, (157)
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі Хаққа жол емес.
Дүниенің барша қуаты
Өнерге салар бар күшін.
Жүректің ақыл суаты,
Махаббат қылса Тәңірі үшін.
Ақылға сыймас ол Алла,
Тағрипқа157 тілім қысқа, аһ!
Барлығына шүбәсіз,
Неге мәужүт158 ол куә.
Ақылмен хауас159 барлығын
Білмей-дүр, жүрек сезе-дүр.
Мүтәкәллимин160, мантикин161
Бекер босқа езе-дүр.
* * *
Құр айғай бақырған (158)
Құлаққа ән бе екен?
Өнерсіз шатылған
Кісіге сән бе екен?
Өңкей надан антұрған,
Қанша айтса, жан ба екен?
Бос жүріп құр қалған
Өміріңе кән бе екен?
* * *
Мен сәлем жазамын, (159)
Қарағым қалқама.
Қайғыңнан азамын,
Барушы айта ма?
Күн бойы күтемін
Келер деп хабарың.
Қайғырмай не етемін,
Бізде жоқ назарың.
Көңілге жұбаныш,
Сен едің базарым.
Сенсіз жоқ қуаныш,
Тозды енді ажарым.
* * *
Соры қалың соққы жеген пышанамыз (160)
Қайтіп суып, жалғаннан күсе аламыз.
Құр дәрімен атқанға өлмейді екен,
Өмірі мақтаншаққа нысанамыз.
ҒАБИДОЛЛАҒА
Жазғытұрым қылтиған бір жауқазын, (161)
Қайдан білсін өмірдің көбін-азын.
Бәйтеректі күндейді жетемін деп,
Жылы күнге мас болып, көрсе жазын.
Күз келген соң тамырын үсік шалып,
Бетегеге жете алмай болар жазым.
Мен дағы көп есіттім жастың назын,
Қол жетпеске қол созар бар ма ылажың?
«Боламынмен» жүргенде болат қайтып,
Жалын сөніп, жас жүзін басады ажым.
* * *
Құлақтан кіріп, бойды алар (162)
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй.
Дүние ойдан шығады,
Өзімді өзім ұмытып.
Көңілім әнді ұғады,
Жүрегім бойды жылытып.
Аңсаған шөлде су тапса,
Бас қоймай ма бастауға?
Біреу түртсе, я қақса,
Бой тоқтамас жасқауға.
Бір күйгізіп, сүйгізіп,
Ескі өмірді тіргізер.
Өмір тонын кигізіп,
Жоқты бар қып жүргізер.
Есіткендей болады
Құлағым ескі сыбырды.
Ескі ойға көңілім толады,
Тірілтіп өткен құрғырды.
Ішіп, терең бойлаймын,
Өткен күннің уларын.
Және шын деп ойлаймын
Жұрттың жалған шуларын.
Тағы сене бастаймын
Күнде алдағыш қуларға.
Есім шығып қашпаймын,
Мен ішпеген у бар ма?
* * *
Ерекше естен кетпес қызық қайда? (163)
Жолығатын қыз қайда терең сайда?
Сұлулығын қояйын, мінезі артық,
Ақылды, асыл жүрек, сөзі майда.
Бұл өмірдің қызығы махаббатпен,
Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен.
Арттағыға сөзің мен ісің қалса,
Өлсең де, өлмегенмен боласың тең.
Жүректен ізі кетпес қызық көрсек,
Жақсылықты аянбай жұртқа бөлсек,
Жақынның да, жардың да, асықтың да –
Бәрінің де қызығын көріп білсек.
* * *
(М. Ю. Лермонтовтан)
Босқа әуре боп келдің бе тағы мұнда? (164)
Хүкімші шалдар мәз боп отыр ма онда?
Антұрғандық қылығын Алла ісі деп,
Нандырар қандай сопы, қандай молда?
Мені өлтірді-ақ, не пайда осыларға?
Менің өмірім оларға қосылар ма?
Ол шалдар қыршын жасты қиғанменен,
Өз бойына жапсырып тұшынар ма?
Сопысынсын, «Хақ» десін, хақты ұмытсын,
Әділетсіз бір жастың басын жұтсын.
Қайнап тұрған қанымды ішкенменен,
Қаңсыған, қатқан ішін не жылытсын?!
Өлтірер, жерге тығар, мола қылмас,
Сүйтсе де жер томпайтпай қойып болмас,
Дірілдеп сол молаға шықса шалдар,
Басқыш болып аспанға шығара алмас.
Бейкүнә зорлықпенен шыққан жаным
Бейішке басшы болар деме, залым!
Суық қабір – қайғысыз ұйқы орны ғой,
Оңай ма жас өмірден айрылғаным?
Мен жаспын, білесің бе жастықты сен?
Не қызықты үміт бар ойға келген!
Көріп пе ең, я болмаса, ұмыттың ба,
Іштегі отты достық пен қастық деген?
Ай, жұлдыз, ағарған таң, жарық күн бар,
Жазғы құс, жапырақта қандай мін бар?
Күндізгі харекеттен босағанда,
Өзіңе өзің тиген тәтті түн бар.
Сағыныш бар, дүниеде жұбаныш бар,
Көңілді көтеретін қуаныш бар.
Құлын-тайдай айқасып, ойын салып,
Кептерше сүйеніскен демалыс бар.
Дүниедегі қызықтың бүгін бәрі
Саған салқын тартқандай, сен – бір кәрі.
Болсам деген талапты ұмытқан соң,
Құр кеудеге өмірдің несі дәрі?
Мен – сен емес, жас күнім жайнап тұрған,
Жүректе түрлі талап қайнап тұрған.
Сендер сүрдің, мен де өмір сүрмес пе едім?
Бір шырақ сөнер, кетер саулап тұрған.
Есіткелі келдің бе сырымды сен?
Олардың мақсаты не – білмеймін мен.
Менің ісім өзіңе мәлім шығар,
Көңілді түгел айтып болмайды екен.
Менің кеудем сендерге сандықпен тең,
Мүмкін болса, қақ жарып ашып көрсең.
Ішін түгел көрген соң өз көзіңмен,
Тахқиқ162 мені күнәкар, қу демес ең.
Мейлің өзің, монастырь қылған істі
Алла ісі деп көңіліңде көрсең күшті.
Хақ салған бұл кеудемде бір закон бар,
Оны Құдай өзгеңнен кем демес-ті.
Ақтығымды біледі сол көкірек,
Сол законге билеткен біздің жүрек.
Алла берген хауіпті осы сырым
Көрге бірге өзіммен барса керек.
Мен – өлі жан, ешкімді талғамаймын,
Рақымсыз билеріңді қарғамаймын.
Мен кешерлік сүйтсе де іс қылған жоқ,
Разымын деп жалған сөз жалғамаймын.
Қазір тірі, дүниеге мен де ортақпын,
Осы күн батпай, батып жоғалмақпын.
Алдыңдағы асау жас қайнап тұрған
Мен болмаспын – бір уыс топырақпын.
* * *
(М. Ю. Лермонтовтан)
Менің сырым, жігіттер, емес оңай, (165)
Ешкімнің ортағы жоқ, жүрсін былай!
Нені сүйдім, дүниеде неден күйдім,
Қазысы оның – арым мен бір-ақ Құдай.
Жүрегім екеуіне жалбарынар,
Рақымдық пен әділ сор деп жалынар.
Мен тентек пе, түбінде кім жазалы,
Қайғыны жіберуші өзі сынар.
Надандар былшылдайды, құп алмайды,
Үлкен жанның қиялын ұға алмайды.
Теңізден таудай толқын соқса-дағы,
Жағадағы жартасты жыға алмайды.
Құдай мықты жаратқан үлкен жартас,
Былш-былш еткен, бет бұрып, судан қайтпас.
Бұлтта суық дауыл, жаймен сырлас,
Өзгені жан екен деп сырын айтпас.
ДҰҒА
(М. Ю. Лермонтовтан)
Өмірде ойға түсіп кем-кетігің, (166)
Тулағыш мінезің бар, жүрек, сенің.
Сонда сенің отыңды басатұғын,
Осы өлең – оқитұғын дұғам менің.
Ішінде бір қуаты барға ұқсайды,
Тірі сөздің жаны – сол, айрылмайды.
Қасиетті нәфәсі163 желдей есіп,
Қайнап тұрған ыстық қан салқындайды.
Жаныңның ауыр жүгі жеңілгендей,
Көңілден кернеген кек кемігендей –
Болады жылауға да, сенуге де,
Жүректің басынан у төгілгендей.
ҚАСИЕТТІ ДҰҒА
(М. Ю. Лермонтовтан)
Өмірден тепкі жесем жазығым жоқ, (167)
Ешнәрсеге көңілім болмаса тоқ,
Қайта-қайта оқысам бір дұғаны,
Сөніп қалған жүректе жанады шоқ.
Қуаты бар дұғаның қуантарлық,
Қапаланған жүректі жұбантарлық.
Адам ұқпас бір тәтті лебізінен
«Уан» деген естілер ұлы жарлық.
Көңілім ауыр жүктен бір құтылар,
Кек арылып көкіректен ұмытылар.
Адамның баласына ашып жаным,
Ізгілікке жүрегім бір ұмтылар.