Абайдың өлеңдері

Әр жылдары жазылған өлеңдерінің толық нұсқасы

Өлеңдері мен аудармалары

1895

* * *

Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын, (121)
Түбін ойлап, уайым жеп айтқанмын.
Ақылдылар арланып ұялған соң,
Ойланып түзеле ме деп айтқанмын.
Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын,
Бірінің бірі шапшаң ұқпас сөзін.
Көздің жасы, жүректің қаныменен
Ерітуге болмайды ішкі мұзын.
Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін,
Ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін.
Ыржаңдамай тыңдасаң нең кетеді,
Шығарған сөз емес қой әңгіме үшін.
Адасып алаңдама, жол таба алмай,
Берірек түзу жолға шық, қамалмай.
Не ғылым жоқ немесе еңбек те жоқ,
Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай.

* * *

Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей? (122)
Тоқ тұра алмас дәмдіден дәмді іздемей.
«Бір тойған – шала байлық» деген қазақ,
Ет көрінсе, қайтеді күйсей бермей?

Еңбек жоқ, харекет жоқ қазақ кедей,
Тамақ аңдып қайтеді тентіремей?
Ет пен қымыз сықылды ас жоқ дейді,
Ол немене жоқтықтың әсері емей?

Ет, қымыз тамақ болса әркімге арзан,
Тәтті, дәмді іздер ең онан да әрман.
Өз пұлыңмен халің жоқ күнде тояр,
Құлдық ұрып асайсың асы бардан.

Өз үйіңнен тоярға қолың қысқа,
Ас берер ауыл іздеп жүрсің босқа.
Бір жілік пен бір аяқ қымыз берсе
Дереу сені жұмсайды бір жұмысқа.

Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел,
Малың болса, сыйламай тұра алмас ел.
Қаруыңның барында қайрат қылмай,
Қаңғып өткен өмірдің бәрі де – жел.

Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас,
Еңбек қылмас еріншек адам болмас.
Есек көтін жусаң да, мал тауып кел,
Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас.

Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас,
Сұм нәпсің үйір болса, тез тыйылмас.
Зиян шекпей қалмайсың ондай істен,
Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйырмас.

Асаған, ұрттағанға ез жұбанар,
Сенімді дәулет емес сен қуанар.
Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас,
Қардың суы сықылды тез суалар.

Мінер атын, киімін ып-ықшам қып,
Сымбаттанып, сымпиып тамақ аңдып,
Бұраңдап жылы жүзін асқа сатқан
Антұрғанға қосылма, кетсін қаңғып.

Күлдіргіштеу, күлкішіл, қалжыңға ұста,
Кезеген ит тым-ақ көп біздің тұста.
Өз үйінен жиреніп, қашып жүрген
Антұрғанға қосылма қапылыста.

* * *

Балалық өлді, білдің бе? (123)
Жігіттікке келдің бе?
Жігіттік өтті, көрдің бе?
Кәрілікке көндің бе?
Кім біледі, сен кәпір,
Баяндыдан сөндің бе,
Баянсызға төндің бе?
Әлде, айланып, кім білер,
Боталы түйе сықылды,
Қорадан шықпай өлдің бе?

* * *

Лай суға май бітпес қой өткенге, (124)
Күлеміз қасқыр жалап, дәметкенге.
Сол қасқырша алақтап түк таппадым,
Көңілдің жайлауынан ел кеткен бе?
Берген бе Тәңірім саған өзге туыс?
Қыласың жер-жиһанды бір-ақ уыс.
Шарықтап шартараптан көңіл сорлы
Таппаған бір тиянақ не еткен қуыс?
Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі,
Өзіне құмар қылған оның әмірі.
Халиққа136 махлұқ ақылы жете алмайды,
Оймен білген нәрсеміз бәрі – дәһрі137.
Өзгені ақыл ойға қондырады,
Біле алмай бір Тәңіріні болдырады.
Талып ұйықтап, көзіңді ашысымен,
Талпынып тағы да ойлап зор қылады.
Көңілге шек, шүбәлі ой алмаймын,
Содан оны ойламай қоя алмаймын.
Ақылдың жетпегені арман емес,
Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын.
Мекен берген, халиқ қылған ол ләмәкән138
Түп иесін көксемей бола ма екен?
Және оған қайтпақсың, оны ойламай,
Өзге мақсат ақылға тола ма екен?
Өмір жолы – тар соқпақ, бір иген жақ,
Иілтіп екі басын ұстаған Хақ.
Имек жолда тыянақ, тегістік жоқ,
Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ.

* * *

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, (125)
Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.
«Мені» менен «менікінің» айрылғанын
«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес.
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?
Кім жүрер тіршілікке көңіл бермей,
Бақи139 қоймас фәнидің140 мінін көрмей.
Міні қайда екенін біле алмассың,
Терең ойдың телміріп соңына ермей.
Дүниеге дос ақиретке бірдей болмас,
Екеуі тап бірдей боп орныға алмас.
Дүниеге ынтық, мәхшарға141 амалсыздың
Иманын түгел деуге аузым бармас.

ӘБДІРАХМАН ӨЛГЕНДЕ

Арғы атасы қажы еді (126)
Бейіштен татқай шәрбәтті.
Жарықтықтың өнері
Айтуға тілді тербетті.
Адалдық, ақыл жасынан
Қозғапты, тыныштық бермепті,
Мал түгіл жанға мырза еді,
Әр қиынға сермепті.
Мұңды, шерлі, жоқ-жітік
Аңсап алдын кернепті.
Бәрінің көңілін тындырып,
Біреуін ала көрмепті.
Әділ, мырза, ер болып,
Әлемге жайған өрнекті.
Тәубесін еске түсіріп,
Тентекті тыйып, жерлепті.
Қазақтың ұлы қамалап,
Іздеген жүзін көрмек-ті.
Ақылынан ап қайтқан
Өлгенше болар ермекті.
Ол сыпатты қазақтан
Дүниеге ешкім келмепті.
Өлмейтін атақ қалдырып,
Дүниеге көңілін бөлмепті.
Жарлығына Алланың,
Ерте ойлаған көнбек-ті.
Олар да тірі қалған жоқ,
Тірлік арты өлмек-ті.
Оны да алды бұл өлім,
Сабырлық қылсақ керек-ті.

* * *

Кешегі Оспан ағасы, (127)
Кісінің малын жемепті.
Мал сұраған кісіге
Жоқ, қайтемін демепті.
Қуаты артық, ойы кең,
Жұрттың бәрін шенепті.
Досына – дәл жаз, жауға – аяз,
Алысқанды денепті.142
Адалдық үшін алысып,
Жегішке ақы төлетті.
Бас шайқаймын дегеннің
Басына салды әлекті.
Қадірі қалың, малы көп,
Қылмаған кімге себепті?
Алақолсыз мырза еді,
Кем-кетікті елепті.
Оны да алды бұл өлім,
Сабырлық қылсақ керек-ті.

* * *

Кешегі өткен ер Әбіш (128)
Елден бір асқан ерек-ті.
Жүрегі – жылы, бойы –құрыш,
Туысы жаннан бөлек-ті.
Өнері оның жұрт асқан,
Ғылымға көңілі зерек-ті.
Аямаған ғаріптен
Қолдан келген көмекті.
Кісіге сідет143 жүктетпей,
Еңбекпен тапқан қоректі.
Біреудің қылған қарызын
Айтқызбай артық төлепті.
Боямасыз ақ көңіл,
Кірлетпей кетті жүректі.
Ойламаған өлімнен
Жасқанамын демек-ті.
Тағдырға тәбділ144 бола ма,
Сабырлық қылсақ керек-ті.

ӘБДІРАХМАН ӨЛГЕНДЕ

Тұла бойың ұят, ар едің, (129)
Ескеріп істеп, ойлаған.
Тәуекелге нар едің,
Талаппен терең бойлаған.
Ерлікке де бар едің,
Үйренуге тоймаған.
Жасқа жас, ойға кәрі едің,
Атаңның атын жоймаған.
Замана, неткен тар едің,
Сол қалқамды қоймаған?!

ӘБДІРАХМАН ӨЛІМІНЕ

Жиырма жеті жасында (130)
Әбдірахман көз жұмды.
Сәулең болса басыңда,
Кімді көрдің бұл сынды?

Дүниелікке көңілі тоқ,
Ағайынға бауырмал.
Тәкаппар, жалған онда жоқ,
Айнымас жүрек, күлкің – бал.

Ғылым оқып білгенше
Тыным, тыныштық таппаған.
Дүниені кезіп көргенше
Рахат іздеп жатпаған.

Ұзақ өмір не берер,
Көрген, білген болмаса?
Жатқан надан не білер,
Көңілге сәуле толмаса?

Петербурда-ақ кідірмей,
Біліпті дерттің барлығын.
Тәуекел қып білдірмей,
Күтіпті тәңірі жарлығын.

Қалжыңы, шыны аралас,
Өмірім аз деп білдіріп,
Бөтен көзде көрсе жас,
Ойнаймын деп күлдіріп.

Аз өмірін ұзайтқан,
Ғылымға бойы толған соң.
Көрген жерін молайтқан,
Оқып, біліп болған соң.

Қырым, Кавказ, Түркістан,
Ресей, Сібір қалмады.
Хабарланып әр тұстан,
Көрмей дамыл алмады.

Құйрықты жүлдыз секілді,
Туды да, көп тұрмады.
Көрген, білген өкінді,
Мін тағар жан болмады.

Тәуекел зор, ақыл мол,
Қорықпай тосқан тағдырын.
Қиынсынбай өлімді ол,
Білдірмеген еш сырын.

Ата-ананың қызметін,
Алған жардың қарызын,
Өтемей кеткен бейнетін,
Қағазға жазған арызын.

Көргені мен білгені
Жүзге келген шалдан көп.
Бізге уайым жегені –
Арманда боп қалды деп.

Жаңа жылдың басшысы – ол,
Мен ескінің арты едім.
Арман деген ащы сол,
Сүйекке тиді, қарт едім.

Қайғы болды күйгендей
Ол қуатым еді рас.
Көзге қамшы тигендей,
Шыр айналды артқы жас.

ӘБДІРАХМАН ӨЛІМІНЕ

Талаптың мініп тұлпарын, (131)
Тас қияға өрледің.
Бір ғылым еді іңкәрің,
Әр қиынға сермедің.
Көзіңді салдың тұрғыға,
Бейнетін қиын көрмедің.
Бірге оқыған құрбыға
Бас бәйгені бермедің.
Бала болдың, жас болдың –
Жалғандыққа ермедің.
Төре болдың, бас болдың –
Көкірегіңді кермедің.
Ел ішіне сау келсең,
Тағылым айтпас ер ме едің?
Жол көрсетіп сонда өлсең,
Арманым бар дер ме едім?
Іздеп табар жалғаннан,
Бала берген пенде едім.
Пенде өлмейді арманнан,
Мінеки, мен де өлмедім.

ӘБДІРАХМАНҒА

Орынсызды айтпаған, (132)
Түзу жолдан қайтпаған.
Жақсылық қылар орында
Аянып бойын тартпаған.
Ортасында кәпірдің
Арамынан татпаған.
Өмір бойы талпынып,
Ғылым іздеп, жатпаған.
Түрленіп төре болдым деп,
Есерленіп шатпаған.
Жүз мың теңге келсе де,
Махаббатын сатпаған.
Жүйріктікпен шалқымай,
Тура сөзді жақтаған.
Бала айтса да хақ сөзді,
Бұрылмастан тоқтаған.
Өтіріксіз турашыл,
Еш сөзі жоқ таппаған.
Сыйласарлық кісіге,
Түк қалмайтын сақтаған.
Бауырларын еркейтіп,
Не сұраса қақпаған.
Білдіруші ең үндемей,
Істі қылған жақпаған.
Ағайын мен туғанды
Тірілікте мақтаған.

ӘБДІРАХМАН ӨЛГЕН СОҢ ӨЗІНЕ АЙТҚАН ЖҰБАТУЫ

Бермеген құлға, қайтесің, (133)
Жұлынарлық ерікті.
Ажал тура келген соң,
Шыдатпайды берікті.
Ғаріптікке көз жетті,
Алғаннан соң серікті.
Өмірін берген құдайым
Ажалын да беріпті.

Сақта дейміз, қайтеміз,
Ілінген жалғыз тіректі.
Тағдырына тәбдил жоқ,
Тәубе қылсақ керек-ті.
Кәркәдән145, пілдей қуатты,
Тағы арыстан жүректі,
Аплатон, Сократ ақылды,
Қаһарман Ғали білекті.
Өз заңымша ұқсаттым,
Берген құдай тілекті.
Оспанды алған бұл өлім,
Тәубе қылсақ керек-ті.

Мұсылманға қоймаған
Орынсыз жанжал шатақты,
Ерегіскен жауларын
Кісен салып матапты.

Зекет жиып, егін сап,
Тойдырған ғаріп, жатақты.
Ескендір, Темір, Шыңғыстай
Мұсылманда атақты.

Мұқым қазақ баласы,
Тегіс ақыл сұрапты.
Тобықтыны ел қылып,
Басын жиып құрапты.

Мекеде уақып146 үй салып,
Пәтер қып, жаққан шырақты.
Бір құдайдың жолына
Малды аямай бұлапты.

Ажал уақыты жеткен соң,
Соның да гүлі қурапты.
Қажыны147 алған бұл өлім,
Сабыр қылсақ керек-ті.

ӘБДІРАХМАННЫҢ ӘЙЕЛІ МАҒЫШҚА
АБАЙДЫҢ АЙТҚАН ЖҰБАТУЫ

Жылағанды тоқтатып, (134)
Ынсап қылсақ жарайды.
Қоймасаң, қайғы ауыр боп,
Тұл бойыңа тарайды.
Қызыл гүлің суалып,
Ақ көңілің анық қарайды.
һәммә жанды ауылымен
Патша құдай сынайды.
Бір сен емес, жылатқан
Сыңарын алып талайды.
Бәрімізді аясаң,
Тоқтау қылсаң ұнайды.
Ұмытқаның жарамас
Жаратушы Құдайды.
Халық билеген патшалар,
Уақыты жетсе, құлайды.
Дәл уақыты жеткенде,
Талайдың гүлі қурайды.
Расулды148 алған бұл өлім
Кімнен жөнді сұрайды?
Қандай адам бұлқынып,
Бұған көнбей тулайды?
Мен білемін, қайтейін,
Мұндай асыл тумайды.
Қанша жылап налысаң,
Сонда да ерікке қоймайды.
Алғысы келсе, дүниенің
Айтқанына болмайды.
Ойласаңшы, Мағышым,
Кімнің гүлі солмайды?
Артын тіле Құдайдан,
Бір қалыпты тұрмайды.
Үсті-үстіне бастаса,
Сонда пенде оңбайды.
Жылама, Мағыш, жылама,
Алладан өлім тілеме!
Қолдан ұшқан ақ сұңқар
Қайтып келіп қонбайды.

Бір шешеден туғанда,
Бәрінен кетті тәуірім.
Көтермеске амал жоқ,
Көрдім дүние ауырын.
Аясаңшы, апырмау,
Әке, шеше, бауырын!
Бойды жеңіп, тоқтау қып,
Сұрасаңшы ақырын!
Тоқтамады, тұрмады,
Кетті ортадан асылым.
Тәкаппар, зор көкіректі
Көтере алмай басылдым.
Тиянағым, тұрлауым,
Енді кімге асылдым?
Ойламадым туғанды,
Бір өзіңе бас ұрдым.
Жалғыз сенен айрылып,
Артыңа қарап аһ ұрдым.
Ойламадым еш жанды,
Өзіңе ердім оңаша.
Рахаттанып, мақтанып,
Қылушы едім тамаша.
Шыны сорлы мен-дағы,
Мағыш байқап қараса.

ӘБДІРАХМАННЫҢ ӘЙЕЛІ МАҒЬІШҚА АБАЙ
ШЫҒАРЫП БЕРГЕН ЖОҚТАУ

Айналайын, құдай-ау, (135)
Қапалық салдың жасымнан.
Шешенің зарын тарттырдың
Бес жасымда басымнан.
Сөйлемей пенде шыдамас
Қайғы отына ашынған.
Жарымды көрмей неше жыл,
Қапалықты асырған.
Жарымды алып қор қылдың
Жас өмірде тасынған.
Айырып, от қып өртедің,
Әбіш сынды асылдан.
Әбішті алып күл қылдың,
Қызылды гүлді жасылдан.
Тым болмаса қызмет қып,
Өткізбедім қасымнан.
Жиырма екі жасымда
Мен айрылдым жарымнан.
Жарық сәуле көрмедім
Шыққалы ана қарнынан.
Күйік күшті түскен соң,
Кетеді екен сабырдан.
Қызықты күнім қалмады
Жылаған айтып зарымнан.
Көре алмай зар боп айырылдым
Құдай қосқан жарымнан.
Өзгеше болып жаралған,
Таныған жан қалпынан.
Тілеуді кесіп құдайым,
Зарлатып қойды артынан.
Құдай салды жүрекке
Жалғанда бітпес жараны.
Көре алмай қор боп қалған соң,
Кете ме іштен арманы?
Сәулемді құдай алған соң,
Сарнамасқа шара не?
Кез келтірді құдайым
Құтылмас маған дараны.
Қалқамды алып, құдайым,
Басыма салдың қараны,
Өзі түгіл көрмедім,
Ізі жоқ басқан табаны.
Күйдіріп, құдай алмады,
Пенденің құрыр амалы….
Қылығыңа жете алман,
Қаншалық тілмен айтқанмен.
Басыңа құдай беріпті
Өлшеусіз қылып ақылын…

Сабыр мен талап беріпті,
Ақылың, рахымың қиын-ды.
Өткен күнгі қызығым
Ұйықтап көрген түстен кем.
Қараңғы түнде қапалық
Жүректі басты, шықпас күн.
Қолдан келген қайратым –
Барымды айтып шыққан үн.
Көңілімнің күні өшкен соң,
Қайғылы қара болар түн.
Жыламай пенде шыдамас,
Қарағымды алған соң.
Сағынып көрген қызықты
Көре алмай зарлап қалған соң.
Ашпадың, Алла, қабақты,
Қылмадың қабыл тілекті,
Өле алмай шыдап отырмын
Зор құдайым салған соң.
Шықтым ба деп ем, құдай-ау,
Қызықты күннің шетіне.
Өшірмек Алла болған соң,
Пенденің қоймас еркіне.
Өлмектен басқа дауа жоқ
Алланың салған дертіне.
Құтылмас құл жол таппас
Иенің салған өртіне.
Жалтыр құздан құладым,
Қолымнан кетіп сүйеніш.
Көңілімнің күні өшкен соң,
Жалғанда болмас жұбаныш.
Өмірді қылдың, құдайым,
Қызығы жоқ күйініш.
Үмітсіз өмір бітірді
Жүрекке мұз боп ерімес.

Өзгеше болып жаралған
Айырылдым қалқам жарымнан.
Сол қалқамды қоймаған
Замана неткен тар еді?
Жасымнан өтті демегің,
Күн шыққандай қараңғы
Кешегі түннің жарығы.
Сабыр қылып шыдарға,
Қайғы оты асты күшімнен.
Қызықты күнім қалмады
Әбішті көрген түсімнен.
Сағыныш зарын білдірмей
Жүруші едім ішімнен.
Қылығың, қалқам, кетер ме
Жалғанда менің ойымнан?

Сағынсам да алыстан,
Жүруші ем күнше жылынып.
Қызықтың заңғар басынан
Қорлыққа кеттім жығылып.
Құдай қосқан қосақтан
Жалғанда қалдым жырылып.
Қайғыңда қалдым қамалып,
Қызығым кетті сырылып.

Көре алмай қалдым қалқамның
Дәл екі жыл қызығын.
Жүректегі жазылмай,
Тағдырдың салдың сызығын.
Өмірдің, Алла, беріпсің
Күнде өртерлік шыжығын.
Баяны жоқ, байлаусыз,
Тілекте жоқ бұзығын.
Сағынсам да үміт бар,
Болушы еді қуаныш.
Қалқамнан қалдым қарс ұрып,
Қайткенде болар жұбаныш?
Алла берген арманға
Аһ ұрсам болмас алданыш.
Сабыр, тағат қылуға,
Қоймады күйік бойыма ес.
Әбіш сынды жарымнан,
Айырылған соң барымнан,
Жалғанда болмас жұбаныш!

* * *

Көз жұмғанша дүниеден (136)
Иманын айтып кеткені-ай!
«Бейсенбі ме бүгін?» деп,
Жұмаға қарсы өткені-ай!
Жер күңіреніп, жұрт шулап,
Ағайын түгел жеткені-ай!
Жамиғат тоңбай, күн жылып,
Тәңірім рақым еткені-ай!
Ием қабыл алды-ау деп,
Көңіліме қуат біткені-ай!
Қуаттанып бақсам да,
Күнәлі нәпсім түйтпеді-ай149
.
Ата тегің мұндағы –
Орта жүздің ұлығы;
Ана тегің ондағы –
Өзен судың тұнығы.
Екі асылдан қосылған
Сом алтынның сынығы.
Өлгенше естен қалмайды
Өзгеше біткен қылығы.
Қызылбалақ қыранның
Балапанын дерт алды.
Жеміс ағаш, бәйтерек
Балдырғанын өрт алды.
Артына белгі тастамай,
Жал-құйрығын келте алды.
Ағайынды тойғызбай,
Аз күн қоймай, ерте алды.
Көп жасамай, көк орған,
Жарасы үлкен жас өлім.
Күн шалған жерді тез орған,
Күншіл дүние қас өлім.
Артына белгі қалдырмай,
Бауыры қатты тас өлім.
Жыламайын десе де,
Шыдарлық па осы өлім?
Орамды тілді ауыздым,
Ақылға жүйрік маңыздым.
Көп жасамай тез кетіп,
Көзімнің жасын ағыздың.

* * *

Махаббат, достық қылуға (137)
Кім де болса тең емес.
Қазір дайын тұруға –
Бес күндік ғашық жөн емес.
Сүйіспек көңілім ойлайды
Жанның бәрі – қатыбас.
Сүйісу тозбай тұрмайды,
Еңбекке аз күн татымас.

* * *

(М. Ю. Лермонтовтан)

Рахат, мені тастап қоймадың тыныш (138)
Ғашық жар, ағайын, дос – бәрі алдағыш.
Жастық қуат үміттің нұры қайтып,
Күңгірт тартты, бәрінің аяғы реніш.
Ұнатпаймын тағдырды, дүниені,
Жасқантып жалынта алмас о да мені.
Алладан бәрі бір деп тосып тұрмын
Алғалы жақсылықты, я өлгелі.
Қара жұрт қарап тұрып, сөзге нанбас,
Ант етемін, жалғанын жан таба алмас.
Өзі алданып, кісіден соққы жеген,
Және өзі біреуді алдай алмас.
Соққан дауыл сықылды өмір өтер,
Қайғырмаймын, білемін, көзім жетер.
Кеудемде осы жүрек тұрған шақта
Жақсылық жоқ өзіме мен дәметер.
Ол жүректің жалынын басар бірақ,
Өлсе, көрде бастырған су топырақ.
Өзі сүйіп, өзгеден сүю іздеп,
Таппаған сорлы адамнан сөнер шырақ.

1ش -) парсыша). [раушән] — жарық, айқын, әдемілік.
2ر) – арабша). [гәуһәр] – асыл тас, гаухар.
3ل) – арабша). [лә‘л] – асыл қызыл тас. Лағилдек – лағылдай.

 © Әуезов институты, 2023-2025

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы