Әр жылдары жазылған өлеңдерінің толық нұсқасы
* * *
Не іздейсің, көңілім, не іздейсің? (91)
Босқа әуре қылмай, шыныңды айт.
Шарқ ұрып, тыныштық бермейсің,
Сырласалық, бермен қайт.
Абұйыр, атақ сол жанда
Кімді көп жұрт мақтаса.
Ол мақтаудан не пайда,
Көп мақтауын таппаса?
Көп тәңірі атқан мақтай ма,
Ол тәңірі атқан болмаса?
Жоқты-барды шатпай ма,
Көптің өзі оңбаса?
Мақтау – жел сөз жанға қас,
Қошеметшіл шығарған.
Бір мақтаса боқтамас
Ел табылса, құмарлан.
Жұрттың бәрі сөз сатқан,
Сатып алып не керек?
Екі сөзді тәңірі атқан –
Шыр айналған дөңгелек.
Сатып алма, сөз сатса,
Ол асылды аңдамас.
Біләткенің байы– ақша,
Ер жақсысын таңдамас.
Мен мақтанның құлы емес,
Шын ақылға зорлық жоқ.
Антұрған көп пұл емес,
Өлім барда қорлық жоқ.
Өмір, дүние дегенің,
Ағып жатқан су екен.
Жақсы-жаман көргенің,
Ойлай берсең, у екен.
* * *
Жүрегім, ойбай, соқпа енді! (92)
Бола берме тым күлкі.
Көрмейсің бе, тоқта енді,
Кімге сенсең, сол – шикі.
Жетім қозы – тас бауыр,
Түңілер де отығар.
Сорлы жүрек мұнша ауыр,
Неге қатты соқтығар?
Сенісерге жан таба алмай,
Сенделеді ит жүрек.
Тірілікте бір қана алмай,
Бұл не деген тентірек?
Жоқ деп едің керегің,
Топ жиып ең бір бөлек.
Кезек келер демедің,
Ендігі керек қай керек?
* * *
Қайғы шығар ілімнен, (93)
Ыза шығар білімнен.
Қайғы мен ыза қысқан соң,
Зар шығады тілімнен.
Қайтіп қызық көремін
Әуре-сарсаң күнімнен?
Қайрылып қарап байқасам,
Ат шаба алмас мінімнен.
Қайғылы, қартаң біздей шал
Қарай берсең, қайда жоқ?
Есер, есірік болмасаң,
Тіршіліктен пайда жоқ.
Ақыл бітпес дәулетке,
Дәулет бітпес келбетке.
Болымсыз қулық тойымсыз
Болды балаң жөргекте.
Ішімен жау боп, сыртымен
Кім тояр қылған құрметке?
Кеңшілікте туған жоқ
Шықсын деген жел бетке.
Тарлықта қанша тайпалса,
Қадірі болмас, әлбетте.
Сыйласа елің ұлықтап,
Араласаң қызықтап,
Қызық пенен тыныштыққа
Қазақ тұрмас тұрықтап.
Қаңқылдап біреу ән салса,
Біріне бірі жуықтап.
Тебінісіп қамалар,
Тоқтатып болмас сырықтап.
Түзу бол деген кісіге
Түзу келмес ырықтап.
Сырдаң тартып қашады,
Ұстайсың қайтіп құрықтап?
Ел жайын біліп қансаңыз,
Айтайын құлақ салсаңыз:
Кейбіреуі дүрсіп жүр,
Жер тәңірісіп кер мағыз.
Кейбіреуі – зәкүншік,
Оңдырмассып, берсе арыз.
Кейбірі пірге қол берген,
Іші залым, сырты абыз.
Кейбірі қажыға барып жүр,
Болмаса да қаж парыз.
Мұсылмандық ол ойлап,
Өтеген қашан ол қарыз?
Дәулеті жоқ бурыл шаш,
Үйіңе кет, топтан қаш!..
Ағайынның ішінен
Шыға қалса тай-талас,
Партия жиып, мал сойса,
Бата оқисың, жейсің бас.
Басалқа сөз сенде жоқ,
Айтқан сөзің «малың шаш».
Итше иттен тілемей,
Жат үйіңде, өлсең де аш!
Ойлап-ойлап қарасам,
Осындай шал қайда жоқ?
Қозғау салып қоздырғыш,
Кезбе шалдан пайда жоқ.
ОСПАНҒА
Жайнаған туың жығылмай, (94)
Жасқанып жаудан тығылмай,
Жасаулы жаудан бұрылмай,
Жаужүрек, жомарт құбылмай,
Жақсы өмірің бұзылмай,
Жас қуатың тозылмай,
Жалын жүрек суынбай,
Жан біткеннен түңілмей,
Жағалай жайлау дәулетің
Жасыл шөбі қуармай,
Жарқырап жатқан өзенің,
Жайдақ тартып суалмай,
Жайдары жүзің жабылмай,
Жайдақтап қашып сабылмай,
Жан біткенге жалынбай,
Жақсы өліпсің, япырмай!
* * *
Кешегі Оспан – (95)
Бір бөлек жан,
Үйі – базар, түзі – той.
Ақша, нәрсе
Ала берсе,
Ат та мінсе, көнді ғой.
«Ала берден»,
«Келе көрден»
Бір күн басын бұрды ма?
Келді қаптап,
Алды сап-сап,
Кетті мақтап, тұрды ма?
Жауға – мылтық,
Досқа ынтық,
Жан асар ма осыдан?
Қорықпай өтті,
Жанға жетті,
Арман етті досынан.
Ел тамағын,
Жұрт азабын
Жеке тартқан кетті гүл.
Сондай ерді –
«Ала берді»
Табар енді біздің ел!
Өлді Оспан,
Кетті шопан,
Енді кім бар бақ қонар?
Ұрла-қарла,
Жұртты шарла,
Ойла, барла – не болар?
Жұрт тынымсыз,
Бәрі ұғымсыз,
Енді оларға сөз де жоқ.
Сырты абыз бар,
Желқабыз бар,
Алты ауыз бар – өзге жоқ.
* * *
(М. Ю. Лермонтовтан)
Күлімсіреп аспан тұр, (96)
Жерге ойлантып әр нені.
Бір себепсіз қайғы құр
Баса ма екен пендені?
Қапамын мен, қапамын,
Қуаныш жоқ көңілде.
Қайғырамын жатамын,
Нені іздеймін өмірде?
Қайтты ма көңіл бетімнен,
Яки бір қапыл қалдым ба?
Өткен күнге өкінбен,
Әм үміт жоқ алдымда.
Іздегенім тәтті ұйқы,
Дүниені ұмытып.
Өлімнің суық тым сыйқы,
Тұрсын өмір жылытып.
Көз ұйқыда, ой тыншып,
Дем алып жатсын көкірек.
Кім таласса, кім ұрсып,
Көрсем оны – сол керек.
Өзім аулақ бетінен,
Бір орында оңаша,
Дүние деген не деген –
Қыла жатсам тамаша.
Мансап іздер, мал қуар,
Бәрі мақтан іздеген.
Мақтанынан не туар,
Ыза қылып өзгеден?
* * *
Сұрғылт тұман дым бүркіп, (97)
Барқыт бешпент сулайды.
Жеңіменен көз сүртіп,
Сұрланып жігіт жылайды.
Әйелмісің, жылама,
Тәуекел қыл құдаға!
Өлең айт,
Үйге қайт!
Атаңды анаң азғырып,
Тұрғызбаған бейішке.
Алласы оны жазғырып,
Әкелді бастап кейіске.
Әйелде ешбір опа жоқ,
Бүгін – жалын, ертең – шоқ.
Белді бу,
Бетті жу!
ТҰТҚЫНДАҒЫ ПОЛЯК ЖАНДАРАЛЫНЫҢ СӨЗІ
(А. Мицкевичтен)
Дүрілдеген нажағай, (98)
Бұрқыраған жауынның
Ашылмағы бар ма басынан
Бағы қайтқан қауымның?
Мен орманға барғанда,
Неше түрлі гүл ұстап
Қайтушы едім қолыма.
Гүлдер түгіл бұл күнде
Шөп тағы жоқ маңымда.
* * *
Ысытқан, суытқан (99)
Бойыңды бір көңіл.
Дүниені ұмытқан
Құмарың тозар, біл.
Әуелгі кезінде
Қайтпаған көңілдің,
Есептеп өзің де,
Түрінен өмірдің.
Бір жақсы күнім деп,
Қызығын сөйлесіп.
Артынан «ол нем?» деп,
Ұялып кезнесіп115.
Бір ақымақ әңгіме
Сықылды көрінер.
Онысын өңгеге
Айтуға ерінер.
Айтуға білсе, ерінбес,
Надандықпен жеңілмес.
Білген кісі айтса оған,
Надандығы кемімес.
* * *
Бойы бұлғаң, (100)
Сөзі жылмаң
Кімді көрсем, мен сонан
Бетті бастым,
Қатты састым,
Тұра қаштым жалма-жан.
Өз ойында,
Тұл бойында
Еш міні жоқ пендесіп,
Түзде мырзаң,
Үйде сырдаң,
Сөзі қылжаң еркесіп.
Бас құрасып,
Мал сұрасып,
Бермегенмен кетісер.
Адам аулап,
Сыпыра саулап,
Байды жаулап жетісер.
Сөз қыдыртқан,
Жұрт құтыртқан,
Антын, арын саудалап.
Бұтты-шатты,
Үй санатты
Байдан атты алмалап.
Кедейі – ер,
Кеселі зор,
Малды байдан сорлы жоқ.
Аш көмектің,
Жемдемектің,
Босқа әлектің орны жоқ.
Ел қағынды,
Мал сабылды,
Ұрлық, өтірік гуде-гу.
Байы – баспақ,
Биі саспақ,
Әулекі аспақ сірә қу.
Ақы берген,
Айтса көнген,
Тыныштық іздер елде жоқ.
Аққа тартқан,
Жөнге қайтқан,
Ақыл айтқан пенде жоқ.
Әз тұтуға,
Сыйласуға
Қалмады жан бір татыр.
Сыпыра батыр,
Пәле шақыр,
Болдың ақыр тап-тақыр.
Су жұғар ма,
Сөз ұғар ма,
Сірә жалмаң желбуаз?
Айтты – көндім,
Алды – бердім,
Енді өкіндім – өзіме аз.
* * *
Жақсылық ұзақ тұрмайды, (101)
Жамандық әр кез тозбайды.
Үміттің аты еліріп
,
Қос тізгінді созбайды.
Қос тепкіні салсаң да,
Уайымнан озбайды.
Бір қайғыны ойласаң,
Жүз қайғыны қозғайды.
Жер қорығыш желгек шал
Желіп жүріп боздайды.
Құрсаған бұлт ашылмай,
Аспанның жүзі көгермес.
Үрпейген жүрек басылмай,
Талапты көңіл елермес.
Шырайды қайғы жасырмай,
Күлкінің ерні кезермес.
Шыдасаң есті қашырмай,
Құлдатып, қор ғып жібермес.
Кез келсе қайғы қат-қабат,
Қаңғыртпай қоймас адамды.
Қасиетсіз туған – о да жат,
Күңкілдеп берер сазаңды.
Бәрінен де сол қымбат,
Қайтерсің өңкей наданды.
Сыпыра батыр, сұм құрбәт116
Мақтанмен алды мазамды.
БАЙМАҒАМБЕТКЕ ҚАТЫНЫНЫҢ АТЫНАН
ШЫҒАРЫЛҒАН
Әжінің жақсы-ақ қызы едім, (102)
Жетістірем деп алды.
Тілеуін түзден тілесе,
Баста мені неге алды?
Сол желіккеннен желігіп,
Жынды сары жоғалды.
Ойбайлаған болайын-ай,
Жоқтамасам, обал-ды.
* * *
(М. Ю. Лермонтовтан)
Ал, сенейін, сенейін, (103)
Айтқаныңа көнейін.
Шалма ораған сопының
Ішін арам демейін.
Ақ көңілді әділ жан
Табылар деп көрейін.
Я сүйсе, я күлсе,
Елжірейін, төнейін.
Жаралы көңіл жазылар,
Дүниеде рахат бар шығар.
Жақсы адам деген құры сөз
Емес шығар, табылар.
Өткен өмір – көрген түс
Не қылса да бір болар.
Деп нанып ем «маған нан»,
Не таптым мен нанғаннан?
Жүрегімді қан қылды,
Өткен адам, өлген жан.
Ақыл іздеп, ізерлеп,
Бәрін сынап сандалған.
Бірін таппай солардың,
Енді ішіме ой салған.
Тұла бойды улатты,
Бәрі алдағыш сұм жалған.
Басыңа тиді, байқадың,
Бәрінен басты шайқадың.
Тағы бар ма айтарың?
Нанғыш болсаң, енді нан!
* * *
(Дж. Байрон – М. Ю. Лермонтовтан)
Көңілім менің қараңғы. Бол, бол, ақын!(104)
Алтынды домбыраңмен келші жақын.
Ішек бойлап он саусақ жорғаласа,
Бейіштің үні шығар қоңыр салқын.
Егер сорым түбімен әкетпесе,
Керек қой көңілді үміт тебірентсе.
Қатып қалған көзімде бір тамшы жас
Төгілмей ме, бой жылып, о да ерісе?!
* * *
(И. В. Гете – М. Ю. Лермонтовтан)
Қараңғы түнде тау қалғып, (105)
Ұйқыға кетер балбырап.
Даланы жым-жырт, дел-сал қып,
Түн басады салбырап.
Шаң шығармас жол дағы,
Сыбдырламас жапырақ.
Тыншығарсың сен дағы,
Сабыр қылсаң азырақ.
* * *
(М. Ю. Лермонтовтан)
Өзіңе сенбе, жас ойшыл, (106)
Тіл өнері дертпен тең.
Көңілдің жүгін қиял қыл,
Ызаға тұтқын бой мең-зең.
Қасиет тұтып, ойға ұмтыл,
Қан қайнап, қуат егілсін!
Онан гөрі еңбек қыл,
Улы сусын төгілсін!
Ойлай берсең, ой деген
Не қызыққа келер кез.
Кісі айтпаған, білмеген
Күй әдемі, тәтті сөз.
Тыңдама оны, ұмыт сен,
Бүркен-дағы, бар да жат.
Тамылжытып айтқанмен,
Қыла алмассың сен қымбат.
Кез болсаң қайғы, я зарға
Құрсатса тілді ұмтылтып,
Алып шықпа базарға,
Асаудайын бұлқынтып.
Қайғы-дертің мейлі мың,
Саудаға салмақ өзіңе ар.
Жаныңа түскен жараның
Іріңін нетсін надандар.
Біліп оған не керек,
Ішіңнен қайғы жемесең,
Жалтандаған жас жүрек
Байғұс-ай десін демесең.
Өз бойыңа болып сақ
Жан-жағыңа қараңдар!
Күн көріп жүр күліп-ақ
Сенен басқа жарандар.
Олардың да ешбірін
Қайғы аман қойған жоқ шығар.
Ойлап, байқап көр түрін,
Таттырмап па дүние зар?
Күлкі болма, қой, жаным,
Сен бүйтесің, ол қайтті?
Олар көрген арманын
Кімге шақты, кімге айтты?
* * *
(И. А. Буниннен)
Қорқытпа мені дауылдан, (107)
Дүрілдеп тұрса тау мен сай.
Шатырлап тұрған жауыннан
Жарқылдап тұрса түскен жай.
Көк торғындай аспан-көк,
Білемін, жайнап ашылар.
Исі аңқыған бәйшешек
Түрленіп жерді жасырар.
Қорқытпайды қар мен мұз,
Өзге нәрсе қорқытты.
Ойсыз, доссыз, бақытсыз,
Жыбырлақпен өмір өтті.
Сондықтан қайғы қат-қабат,
Қарап тұрмын сендерге.
Атасы басқа, өзі жат,
Жалғыз жанша жат жерде.