Әр жылдары жазылған өлеңдерінің толық нұсқасы
* * *
Малға достың мұңы жоқ малдан басқа, (139)
Аларында шара жоқ алдамасқа.
Табысына табынып, қалтаң қағып,
Тойғанынан қалғанын берсе алашқа.
Мал жияды мақтанын білдірмекке,
Көзге шұқып, малменен күйдірмекке.
Өзі шошқа өзгені ит деп ойлар,
Сорпа-сумен, сүйекпен сүйдірмекке.
Ақылды деп, арлы деп, ақпейіл деп
Мақтамайды ешкімді бұл күнде көп.
Осы күнде мал қайда, боқ ішінде,
Алтын алсаң, береді боғынан жеп.
Осыны оқып, ойлай бер, болсаң зерек.
Еңбекті сат, ар сатып неге керек?
Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.
* * *
Туғызған ата-ана жоқ, (140)
Туғызарлық бала жоқ.
Туысқан-туған, құрбылас
Қызығымен және жоқ.
Тулайын десе шара жоқ,
Толықсып жүрер шама жоқ.
Ұйқы мен астан дәм кетіп,
Сақалда, шашта қара жоқ.
Байбайшыл тартып, баға жоқ.
Жастарға жаппас жала жоқ.
Жат қораны күзеткен
Қартаң шалда сана жоқ.
* * *
Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында, (141)
Хан да жанын қияды қыз жолында.
Алтын-күміс кигені, қамқа, торғын,
Күтуші қыз-келіншек жүр соңында.
Деген сөз: «Бұқа –буға, азбан – дуға»,
Хан қарық боп түсіп жүр айғай-шуға.
Етімді шал сипаған құрт жесін деп,
Жартастан қыз құлапты терең суға.
Сән-салтанат жұбантпас жас жүректі,
Кім де болса тұрғысын көксемек-ті.
Мезгілі өткен дәуренді қуалаған
Не қылсын бір қартайған қу сүйекті?
Кәрі, жас дәурені өзге тату емес,
Епке көнер ет-жүрек сату емес.
Кімде-кім үлкен болса екі мүшел,
Мал беріп алғанменен, қатын емес.
Есерлер жас қатынды тұтады екен,
Жас қайғысын білдірмей жұтады екен.
Ортасында бұлардың махаббат жоқ,
Тұсап қойып қашырар бұқа ма екен?
Бай қартайса, малына берер шылбыр,
Мал өмірді жаңғыртпас, құдай ұрғыр.
Біреудің қызын алып малға сатып,
Баяғыны іздеген қандай құрғыр?
Қатыным қалай демес ақсақал бай,
Сонымен дос боп жүрсің, япырым-ай!
Қу қатының майысса, мәз боласың,
Шайтанның шәкіртінің қылығын-ай!
Қартаң бай, қатты сақ бол, тілге көнсең,
Мүйіз шығар қатынның тіліне ерсең.
Тіпті оңбассың, өзіңе өзің мәз боп,
Дастарқанның байлығын мақтан көрсең.
Кінәсіз бәйбішемен болады араз,
Жастың көңілі жылымас, ол өзіне аз,
Біреуі – көк балдырған, бірі – қурай,
Бір жерге қосыла ма қыс пенен жаз?
Үнем болмас құйрықты бұлаңдатқан,
Сауырына шапақтап, сүйіп жатқан.
Екі көңіл арасы – жылшылық жер,
Оны қайтіп қосады ол ант атқан?
* * *
Сағаттың шықылдағы емес ермек, (142)
Һәмишә1 өмір өтпек – ол білдірмек.
Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,
Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек.
Сағаттың өзі – ұры шықылдаған,
Өмірді білдірмеген, күнде ұрлаған.
Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді, кетті,
Қайта айналмас, бұрылмас бұлдыр заман.
Өткен өмір белгісі – осы сыбдыр,
Көңілді күнде сындыр, әлде тындыр.
Ақыл анық байқаған қылығыңды,
Қу шыққансып қағасың босқа бұлдыр.
Күн жиылып ай болды, он екі ай – жыл,
Жыл жиылып, қартайтып қылғаны – бұл.
Сүйенген, сенген дәурен жалған болса,
Жалғаны жоқ бір, Тәңірім, кеңшілік қыл.
_____________________
1 همیشه – (парсы.) [һәмишә] – ылғи, үнемі.
* * *
Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа, (143)
Адам ойы түрленіп ауған шақта.
Салған ән – көлеңкесі сол көңілдің,
Тактысына1 билесін ол құлаққа.
Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды,
Жүрек тербеп, оятар баста миды.
Бұл дүниенің ләззәті бәрі сонда,
Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды.
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Үннің тәтті оралған мәні оятар.
Кейі зауық, кейі мұң, дертін қозғап,
Жас балаша көңілді жақсы уатар.
Адам аз мұны біліп ән саларлық,
Тыңдаушы да аз ол әннен бәһра2 аларлық.
Мұңмен шыққан, оралған тәтті күйге
Жылы жүрек қайда бар қозғаларлық?
Көбінесе ән басы келеді ащы,
«Кел тыңда!» деп өзгеге болар басшы.
Керім толғап, тауысар күңгір-күңгір.
Сол жеріне ойыңмен араласшы.
Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді
Тыңдағанда, көңілдің өсері бар.
Білімдіден аяман сөздің майын,
Алты өлеңмен білдірдім әннің жайын.
Ездің басы қаңғырсын, ердің көңілі
Жаңғырсын деп ойладым айтқан сайын.
Көкірегінде оты бар ойлы адамға
Бұл сөзімнің суреті тұрар дайын.
Өмірдің алды – ыстық, арты – суық,
Алды – ойын, арт жағы мұңға жуық.
Жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен,
Өмір сәуле көрсетер судай тұнық.
Жаманға «жар» деген-ақ ән көрінер,
Жақсы ән білсе, айтуға кім ерінер?
Жарамды әнді тыңдасаң, жаның еріп,
Жабырқаған көңілің көтерілер.
_______________________
1 Такт (орыс.) – бұл жерде өлеңнің ырғағы ретінде алынып отыр.
2 بهره – (парсы.) [бәһрә] – пайда, үлес, табыс.
* * *
Адамның кейбір кездері (144)
Көңілде алаң басылса;
Тәңірінің берген өнері
Көк бұлттан ашылса.
Сылдырлап өңкей келісім
Тас бұлақтың суындай,
Кірлеген жүрек өз ішін
Тұра алмас әсте жуынбай.
Тәңірінің күні жарқырап,
Ұйқыдан көңіл ашар көз.
Қуатты ойдан бас құрап,
Еркеленіп шығар сөз.
Сонда ақын белін буынып,
Алды-артына қаранар.
Дүние кірін жуынып,
Көрініп ойға сөз салар.
Қыранша қарап қырымға,
Мұң мен зарды қолға алар.
Кектеніп надан, зұлымға,
Шиыршық атар, толғанар.
Әділет пен ақылға
Сынатып көрген-білгенін,
Білдірер алыс, жақынға
Солардың сөйле дегенін.
Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сия, ащы тіл
Не жазып кетсе, жайы сол,
Жек көрсендер, өзің біл.
* * *
Көк ала бұлт сөгіліп, (145)
Күн жауады кей шақта.
Өне бойың егіліп,
Жас ағады аулақта.
Жауған күнмен жаңғырып,
Жер көгеріп күш алар.
Аққан жасқа қаңғырып,
Бас ауырып, іш жанар.
РАХЫМШАЛҒА
Сұлу аттың көркі – жал, (146)
Адамзаттың көркі – мал.
Өмір сүрген кісіге
Дәулет – қызық, бала – бал.
Бал болатын бала бар,
Бал болар ма Рахымшал?!
Бүйтіп берген балаңды,
Берген Құдай, өзің ал!
ҚАТЫНЫ МЕН МАСАҚБАЙ
Сырмақ қып астына (147)
Байының тоқымын,
Отының басына
Төрінің қоқымын
Бүксітіп,
Бықсытып,
Қоқсытып келтірді.
Осының бәрімен
Көңілінде міні жоқ,
Жүзінің нәрі мен
Бойының сыны жоқ.
Бүкшиіп,
Сексиіп,
Түксиіп өлтірді.
Күлкі боп көргенге,
Құрбыға қадірсіз.
Ас қылып бергенге
Шыдамас, сабырсыз.
Келді, ойбай,
Салды айғай,
Түк қоймай боқтады.
Сөзінің жөні жоқ,
Ақылсыз томырық,
Қатынның күні жоқ –
Қамшы мен жұдырық.
Барқылдап,
Тарқылдап,
Салпылдап тоқтады.
КҮЙІСБАЙҒА
Дұғай сәлем жазамын Күйісбайға, (148)
Бермек болған айғырдың көзі қайда?
Көзді көрсең – бересің, тайсаң – танып,
Алдамшы атанғанның несі пайда?
ДҮЙСЕНҚҰЛҒА
Саудайы-ай1, сауды алмадың-ау, сырқауды алып, (149)
Бір пәлеге жолықтың шырқау барып.
Ала жаздай көгалды бір көрмедің,
Сары жұртқа қондың ба ірге аударып?
__________________
1 سوداء – (араб.) [сәуда] – әуестік, қиялшылдық; махаббат.
РАЗАҚҚА
Мына үйде отыр Разақ, (150)
Елдің жөнін айтар ма,
Шақырып алып сұрасақ.
Үлкен қожа – ортан қол,
Өзгелері – аты жоқ пен шынашақ.
Сонда Абайдың немересі Әубәкір: – Омархан ағам ше? –дегенде:
Оны дағы байқармыз,
Біраз ғана сынасақ.
* * *
(М. Ю. Лермонтовтан)
Ғашықтық іздеп тантыма, (151)
Аз күн әуре несі іс?
Өзіңнің қара артыңа,
Өткен өмір – бейне түс.
Өлгенше болар бар ма дос?
Қуаныш, қайғы – бәрі бос.
ОЙ
(М. Ю. Лермонтовтан)
Қарасам, қайғыртар жұрт бұл заманғы, (152)
Салқын, қуыс – өмірі я қараңғы.
Білім де жоқ, білімге сенім де жоқ,
Өнерсіз қартаяр деп біл балаңды.
Жасынан білер ескі шалдың мінін,
Аптық жерін, ақылға кеш енгенін.
Өзі өнерсіз, өмірден тез суынар,
Ойлаған жолаушыдай бос жүргенін.
Жамандық жақсылыққа қарар салқын,
Долығы тез басылып, қайтар қарқын.
Ұлыққа қошеметшіл құл сықылды,
Қатерге аяқ баспас, көрмей артын.
Дәл бейне ерте шыққан бүлдіргенше,
Суық соғып бүрісер, дәмі енгенше.
Көзге де, ауызға да қызығы жоқ,
Қызығы – үзілгені бос жүргенше.
Пайдасыз ғылымменен ми кептірер,
Дос-жарға мақтан етіп, бұлдап көрер:
Жақсы сөз, жақын үміт, тәттілікті
Кемітер, көңіл қоймас, кекеңкірер.
Қуаты қызық қызмет тойларының
Қос қыртысын кетірмес ойларының.
Лап бергіш, көт айналғыш, қайта ойланғыш
Тиянақ оты сөнген бойларының.
Келісімді тәтті ой, әр шеберлік
Қуантпас ойын қозғап пәлен дерлік.
Өз кеудесін өзі аңдып, бой салдырмай,
Тоқымдығы бусанбас неткен ерлік?
Жек көрер, жақсы көрер – кезі білер,
Ашуы, махаббаты босқа сөнер.
Жанында суықтық бар бір жасырын,
Қаны отты жас күнінде шықпас өнер.
Бала мінез ойыншы бұрынғылар
Аңқау екен, мазақтап соны сынар.
Артқа қарап, ақ пейіл шалға күліп,
Абұйырсыз, атақсыз көрге құлар.
Көп салқын бірін бірі ойына алмас,
Кетер жым-жырт, артына із қалдырмас.
Ой қозғарлық артқыға түк қалдырмай,
Ұмыт болар, жоғалар, көпке бармас.
Досың жоқ, дұшпаның жоқ, тыныш жатасың,
Мал үшін аш қатасың, жан сатасың,
Әкесі аштан өлген кісідей-ақ,
Неткен жұрт мал өлтірген жеті атасын?!
ҚАНЖАР
(М. Ю. Лермонтовтан)
Сүйкімді болат қанжар, тұрсын жайнап, (153)
Ыстық, суық майданда шығады ойнап.
Грузин ашулы ұста кекке соққан,
Ер шеркес соғыс үшін алған қайрап.
Еркелі нәзік қолмен маған тиді,
Ұмытпа деп айрылған жерде берді.
Қан сорғалар жүзінде жас сорғалап,
Қайғымен өртенгеннің белгісі еді.
Қара көз қарап маған көп қадалған,
Құпия қайғы өртеніп бойын алған.
Болатша дірілдеген жалын көрген,
Бір күңгірт тартып және оттай жанған.
АЛЬБОМҒА
(М. Ю. Лермонтовтан)
Сал демеймін сөзіме ықыласыңды, (154)
Қайғылы өлең еттім өз басымды.
Көкірегім бар сырын өз әлінше
Көрінгенге көрсетпей, көп жасырды.
Қол жазуды ермек ет, жатпа бекер,
Бұл көңілсіз дүниеден көп жыл өтер.
Өзі қысқа, өзі асау, тентек өмір
Арттағыға бір белгі қойса нетер?
Кім біледі, кез болса арттағылар
Ойға салып оқыр да, сөзін сынар.
Көзін салып, ойланып кейбір сөзін,
«Рас-ау» деп мағынасын ол дағы ұғар.
Кім білер, жабырқаңқы жазған сөзім
Жібермей, көп тоқтатар оның көзін.
Жолаушы жол үстінде тамаша еткен
Сықылды өткен жанның бір күмбезін.
* * *
Көк тұман – алдыңдағы келер заман, (155)
Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.
Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,
Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған.
Ол күндер – өткен күнмен бәрі бір бәс,
Келер, кетер, артына із қалдырмас.
Соның бірі – арнаулы таусыншақ күн,
Арғысын бір-ақ Алла біледі рас.
Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,
«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі.
Шырақтар, ынталарың «менікінде»,
Тән құмарын іздейсің күні-түнде.
Әділеттік, арлылық, махаббат пен –
Үш жолдасың қабірден әрі өткенде.
Малға сат, пайдаға сат қылығыңды,
Ылайла ылай оймен тұнығыңды, –
Сонда өмірден алдамшы бола алмассың,
Ол білдірмей ұрламақ қызығыңды.
Адам ғапыл1 дүниені дер менікі,
Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі.
Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,
Соны, ойла, болады не сенікі.
Мазлұмға2 жаның ашып, ішің күйсін,
Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.
Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған,
Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін.
Көптің бәрін көп деме, көп те бөлек,
Көп ит жеңіп, көк итті күнде жемек.
Ғадәләт3 пен мархамат4 – көп азығы,
Қайда көрсең, болып бақ соған көмек.
Әркімнің мақсаты өз керегінде,
Біле алмадым пысығын, зерегін де.
Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар,
Хақиқат та, дін дағы тереңінде.
__________________
1 غافل – (араб.) [ғафил] – бейқам, жайбарақат.
2 مظلوم – (араб.) [мәзлум] – зұлымдыққа ұшыраған адам, жәбірленуші.
3 عدالت – (араб.) [‘әдаләт] – әділет, шындық.
4 مرحمت – (араб.) [мәрхәмәт] – мейірімділік, рақымдылық.
* * *
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, (156)
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Ақылың мен қайратың екі жақтап.
Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?
Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме.
* * *
Алла деген сөз жеңіл, (157)
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі Хаққа жол емес.
Дүниенің барша қуаты
Өнерге салар бар күшін.
Жүректің ақыл суаты,
Махаббат қылса Тәңірі үшін.
Ақылға сыймас ол Алла,
Тағрипқа1 тілім қысқа, аһ!
Барлығына шүбәсіз,
Неге мәужүт2 ол куә.
Ақылмен хауас3 барлығын
Білмей-дүр, жүрек сезе-дүр.
Мүтәкәллимин4, мантикин5
Бекер босқа езе-дүр.
____________________
1 تعریف – (араб.) [тә‘риф] – баяндау, бейнелеу, суреттеу.
2 موجود – (араб.) [мәужуд] – болмыс, бар болу.
3 حواس – (араб.) [хәуас] – сезім мүшелері.
4 متکلمین – (араб.) [мутәкәллимин] – кәләм (ислам философиясын) ілімін қолдаушылар.
5 منطقین – (араб.) [мәнтиқин] – логикаға жүгінуші топ өкілдері.
* * *
Құр айғай бақырған (158)
Құлаққа ән бе екен?
Өнерсіз шатылған
Кісіге сән бе екен?
Өңкей надан антұрған,
Қанша айтса, жан ба екен?
Бос жүріп құр қалған
Өміріңе кән бе екен?
* * *
Мен сәлем жазамын, (159)
Қарағым қалқама.
Қайғыңнан азамын,
Барушы айта ма?
Күн бойы күтемін
Келер деп хабарың.
Қайғырмай не етемін,
Бізде жоқ назарың.
Көңілге жұбаныш,
Сен едің базарым.
Сенсіз жоқ қуаныш,
Тозды енді ажарым.
* * *
Соры қалың соққы жеген пышанамыз (160)
Қайтіп суып, жалғаннан күсе1 аламыз.
Құр дәрімен атқанға өлмейді екен,
Өмірі мақтаншаққа нысанамыз.
_____________________
1 Күсе – безбек, тастамақ (1933 жылғы жинақ).
ҒАБИДОЛЛАҒА
Жазғытұрым қылтиған бір жауқазын, (161)
Қайдан білсін өмірдің көбін-азын.
Бәйтеректі күндейді жетемін деп,
Жылы күнге мас болып, көрсе жазын.
Күз келген соң тамырын үсік шалып,
Бетегеге жете алмай болар жазым.
Мен дағы көп есіттім жастың назын,
Қол жетпеске қол созар бар ма ылажың?
«Боламынмен» жүргенде болат қайтып,
Жалын сөніп, жас жүзін басады ажым.
* * *
Құлақтан кіріп, бойды алар (162)
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй.
Дүние ойдан шығады,
Өзімді өзім ұмытып.
Көңілім әнді ұғады,
Жүрегім бойды жылытып.
Аңсаған шөлде су тапса,
Бас қоймай ма бастауға?
Біреу түртсе, я қақса,
Бой тоқтамас жасқауға.
Бір күйгізіп, сүйгізіп,
Ескі өмірді тіргізер.
Өмір тонын кигізіп,
Жоқты бар қып жүргізер.
Есіткендей болады
Құлағым ескі сыбырды.
Ескі ойға көңілім толады,
Тірілтіп өткен құрғырды.
Ішіп, терең бойлаймын,
Өткен күннің уларын.
Және шын деп ойлаймын
Жұрттың жалған шуларын.
Тағы сене бастаймын
Күнде алдағыш қуларға.
Есім шығып қашпаймын,
Мен ішпеген у бар ма?
* * *
Ерекше естен кетпес қызық қайда? (163)
Жолығатын қыз қайда терең сайда?
Сұлулығын қояйын, мінезі артық,
Ақылды, асыл жүрек, сөзі майда.
Бұл өмірдің қызығы махаббатпен,
Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен.
Арттағыға сөзің мен ісің қалса,
Өлсең де, өлмегенмен боласың тең.
Жүректен ізі кетпес қызық көрсек,
Жақсылықты аянбай жұртқа бөлсек,
Жақынның да, жардың да, асықтың да –
Бәрінің де қызығын көріп білсек.
* * *
(М. Ю. Лермонтовтан)
Босқа әуре боп келдің бе тағы мұнда? (164)
Хүкімші шалдар мәз боп отыр ма онда?
Антұрғандық қылығын Алла ісі деп,
Нандырар қандай сопы, қандай молда?
Мені өлтірді-ақ, не пайда осыларға?
Менің өмірім оларға қосылар ма?
Ол шалдар қыршын жасты қиғанменен,
Өз бойына жапсырып тұшынар ма?
Сопысынсын, «Хақ» десін, хақты ұмытсын,
Әділетсіз бір жастың басын жұтсын.
Қайнап тұрған қанымды ішкенменен,
Қаңсыған, қатқан ішін не жылытсын?!
Өлтірер, жерге тығар, мола қылмас,
Сүйтсе де жер томпайтпай қойып болмас,
Дірілдеп сол молаға шықса шалдар,
Басқыш болып аспанға шығара алмас.
Бейкүнә зорлықпенен шыққан жаным
Бейішке басшы болар деме, залым!
Суық қабір – қайғысыз ұйқы орны ғой,
Оңай ма жас өмірден айрылғаным?
Мен жаспын, білесің бе жастықты сен?
Не қызықты үміт бар ойға келген!
Көріп пе ең, я болмаса, ұмыттың ба,
Іштегі отты достық пен қастық деген?
Ай, жұлдыз, ағарған таң, жарық күн бар,
Жазғы құс, жапырақта қандай мін бар?
Күндізгі харекеттен босағанда,
Өзіңе өзің тиген тәтті түн бар.
Сағыныш бар, дүниеде жұбаныш бар,
Көңілді көтеретін қуаныш бар.
Құлын-тайдай айқасып, ойын салып,
Кептерше сүйеніскен демалыс бар.
Дүниедегі қызықтың бүгін бәрі
Саған салқын тартқандай, сен – бір кәрі.
Болсам деген талапты ұмытқан соң,
Құр кеудеге өмірдің несі дәрі?
Мен – сен емес, жас күнім жайнап тұрған,
Жүректе түрлі талап қайнап тұрған.
Сендер сүрдің, мен де өмір сүрмес пе едім?
Бір шырақ сөнер, кетер саулап тұрған.
Есіткелі келдің бе сырымды сен?
Олардың мақсаты не – білмеймін мен.
Менің ісім өзіңе мәлім шығар,
Көңілді түгел айтып болмайды екен.
Менің кеудем сендерге сандықпен тең,
Мүмкін болса, қақ жарып ашып көрсең.
Ішін түгел көрген соң өз көзіңмен,
Тахқиқ1 мені күнәкар, қу демес ең.
Мейлің өзің, монастырь қылған істі
Алла ісі деп көңіліңде көрсең күшті.
Хақ салған бұл кеудемде бір закон бар,
Оны Құдай өзгеңнен кем демес-ті.
Ақтығымды біледі сол көкірек,
Сол законге билеткен біздің жүрек.
Алла берген хауіпті осы сырым
Көрге бірге өзіммен барса керек.
Мен – өлі жан, ешкімді талғамаймын,
Рақымсыз билеріңді қарғамаймын.
Мен кешерлік сүйтсе де іс қылған жоқ,
Разымын деп жалған сөз жалғамаймын.
Қазір тірі, дүниеге мен де ортақпын,
Осы күн батпай, батып жоғалмақпын.
Алдыңдағы асау жас қайнап тұрған
Мен болмаспын – бір уыс топырақпын.
____________________
1 تحقیق – (араб.) [тәхқиқ] – зерттеу, зерделеу; анық, айқын, рас.
* * *
(М. Ю. Лермонтовтан)
Менің сырым, жігіттер, емес оңай, (165)
Ешкімнің ортағы жоқ, жүрсін былай!
Нені сүйдім, дүниеде неден күйдім,
Қазысы оның – арым мен бір-ақ Құдай.
Жүрегім екеуіне жалбарынар,
Рақымдық пен әділ сор деп жалынар.
Мен тентек пе, түбінде кім жазалы,
Қайғыны жіберуші өзі сынар.
Надандар былшылдайды, құп алмайды,
Үлкен жанның қиялын ұға алмайды.
Теңізден таудай толқын соқса-дағы,
Жағадағы жартасты жыға алмайды.
Құдай мықты жаратқан үлкен жартас,
Былш-былш еткен, бет бұрып, судан қайтпас.
Бұлтта суық дауыл, жаймен сырлас,
Өзгені жан екен деп сырын айтпас.
ДҰҒА
(М. Ю. Лермонтовтан)
Өмірде ойға түсіп кем-кетігің, (166)
Тулағыш мінезің бар, жүрек, сенің.
Сонда сенің отыңды басатұғын,
Осы өлең – оқитұғын дұғам менің.
Ішінде бір қуаты барға ұқсайды,
Тірі сөздің жаны – сол, айрылмайды.
Қасиетті нәфәсі1 желдей есіп,
Қайнап тұрған ыстық қан салқындайды.
Жаныңның ауыр жүгі жеңілгендей,
Көңілден кернеген кек кемігендей –
Болады жылауға да, сенуге де,
Жүректің басынан у төгілгендей.
______________________
1 نفس – (араб.) [нәфәс] – дем. Бұл жерде үні, сөзі деген мағынада.
ҚАСИЕТТІ ДҰҒА
(М. Ю. Лермонтовтан)
Өмірден тепкі жесем жазығым жоқ, (167)
Ешнәрсеге көңілім болмаса тоқ,
Қайта-қайта оқысам бір дұғаны,
Сөніп қалған жүректе жанады шоқ.
Қуаты бар дұғаның қуантарлық,
Қапаланған жүректі жұбантарлық.
Адам ұқпас бір тәтті лебізінен
«Уан» деген естілер ұлы жарлық.
Көңілім ауыр жүктен бір құтылар,
Кек арылып көкіректен ұмытылар.
Адамның баласына ашып жаным,
Ізгілікке жүрегім бір ұмтылар.
139) «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» (1896). Алғаш рет 1909 жылғы кітапта басылған (1-бөлік. «Халық туралы»). Мүрсейіт қолжазбаларында мәтіндік нұсқасы көшіріліп сақталған (1906, 1907, 1910).
Өлеңнің 2-шумағының 1-тармағы 1961, 1977 жылғы жинақтарда «Мал жияды мақтанып білдірмекке» деп басылған.
Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907), 1909, 1939, 1945, 1954, 1995 жылғы жинақтарда бұл тармақ «Мал жияды мақтанын білдірмекке» деп жазылған.
1933 жинақта – «Мал жаяды мақтанын білдірмекке». Бұл жинақта Мүрсейіт қолжазбасы мен 1909 жылғы басылым бойынша берілді.
140) «Туғызған ата-ана жоқ» (1896). Өлең 1909 жылғы кітапта басылған (1-бөлік. «Халық туралы»). Мүрсейіт қолжазбаларында көшірмесі бар (1906, 1907, 1910).
Өлең 1995 жылғы жинақ бойынша берілді.
141) «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» (1896). Өлең 1909 жылғы кітапта басылған (1-бөлік. «Халық туралы»). Мүрсейіт көшірмелерінде сақталған (1906, 1907, 1910).
8-шумақтың 4-тармағы 1909 жылғы жинақта – «Дастарқанның байлығын мақтан көрсең».
1907 жылғы қолжазбада, 1957, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Дастарқан мен қатынды мақтан көрсең».
Өлең мәтіні 1907 жылғы қолжазба, 1909, 1957, 1977, 1995 жылғы басылымдар негізінде берілді.
142) «Сағаттың шықылдағы емес ермек» (1896). Бұл өлең 1906, 1910 жылғы Мүрсейіт қолжазбаларында сақталған.
1909 жылғы басылымында өлеңнің 2-шумағының 3-тармағы «Махаббат жоқ, тұрлау жоқ, келді, кетті» болып берілген. Осы тармақ 1939, 1957, 1977, 1995 жылдардағы жинақтарда «Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді, кетті» деп өзгертілген. Ал 1933 жылғы кітапқа келсек, бұл жерде – «Қиянат жоқ».
143) «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» (1896). Өлең алғаш 1909 жылғы кітапта басылған (2-бөлік. «Өлең туралы»). Мүрсейіт көшірмелерінде (1906, 1907, 1910) бар.
Өлеңнің 5-шумағының 3-тармағы 1909 жылғы кітапта «Керім толғап, тауысар түңгір-күңгір» болып басылған. 1907 жылғы қолжазбада, 1933, 1939, 1945, 1995 жылғы басылымдарда «Керім толғап, тауысар қаңғыр-күңгір». 1977 жылғы басылымда – «Керім толғап, тауысар қоңыр күңгір».
Өлеңнің 1933, 1939, 1945, 1957, 1977, 1995 жылғы басылымдарда жазылған соңғы шумағы 1909 жылғы кітапта, Мүрсейіт көшірмелерінде жоқ. Көп нүктемен белгіленген. Осы:
«Жаманға «жар» деген-ақ ән көрінер,
Жақсы ән білсе, айтуға кім ерінер?
Жарамды әнді тыңдасаң, жаның еріп,
Жабырқаған көңілің көтерілер», –
деген шумақты кім, қайдан алып қосқаны басылымдарда көрсетілмеген.
Бұл 9-шумақ 1954 жылғы жинақта жоқ.
1957, 1961 жылғы жинақтарда бар.
1939 жылғыда «*Соңғы бір ауыз өлең 1933 жылғыдан бұрынғы баспалардан қалып қойған (ред.)» деп сілтеме түсінігі берілген.
Өлең бұл басылымында 1995 жылғы жинақ бойынша алынды.
144) Адамның кейбір кездері (1896). Өлең 1909 жылғы кітапта басылған (3-бөлік. «Өзі туралы»). Мүрсейіт көшірмелерінде бар (1906, 1910).
Өлеңдегі 3-шумақтың 3-тармағы 1909 жылғы жинақта «Қуаттан ойдан бас құрап» болып келген. Бұл тармақ 1933, 1957, 1977, 1995 жылғы жинақта «Қуатты ойдан бас құрап» болып берілді. Өлеңнің 1909 жылғы кітап бойынша алынған 2-шумағындағы «Сылдырлап өңкей келісім» деп келген тармақ бұл жаңа басылымға, сөз қисынына орай, 1906 жылғы қолжазба бойынша «Сылдырап өңкей келісімі» деп берілді.
Орысша мәтіні:
…Бывает время,
Когда забот спадает бремя,
Дни вдохновенного труда,
Когда и ум и сердце полны,
И рифмы дружные, как волны,
Журча, одна вослед другой
Несутся вольной чередой.
Восходит чудное светило
В душе проснувшейся едва;
На мысли, дышашие силой,
Как жемчуг нижутся слова.
Тогда с отвагою свободной
Поэт на будушность глядит,
И мир мечтою благородной
Пред ним очищен и обмыт.
…Диктует совесть,
Пером сердитый водит ум…
Приличьем скрашенный порок
Я смело предаю позору;
Неумолим я и жесток…
145) «Көк ала бұлт сөгіліп» (1896). Туындының мәтіні алғаш рет 1933 жылғы латын графикалы жинақта жарияланған (1933 жылғы жинақ, 189-бет). «Көк ала» деген сөздің 1961 жылғы жинақта «Көкала», ал, «өне бойың» деген сөздің
1945 жылғы басылымда «өне-бойың» деп жазылғанын есепке алмағанда, басылымдар арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ.
146) Рахымшалға («Сұлу аттың көркі – жал») (1896). Өлең алғаш 1933 жылғы жинақта (190-бет) жарияланған. Бұл жинақтың түсінігінде өлеңнің өз ауылының кісісі Көжекбайдың баласы Рахымшалға арналғандығы айтылады. Ол өзі табиғатынан бос, болбыр әрі тәрбиесіз жігіт болғанға ұқсайды. Соның бір тентектеу мінезін кешке дөң басында отырып көріп, сонда айтқан делінеді (1933 жылғы жинақ, 327-бет). Өлең мәтіні 1995 жылғы жинақ бойынша берілді.
147) «Қатыны мен Масақбай» (1896). Бұл өлең де тұңғыш рет 1933 жылғы жинақта басылған (189-бет). Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1910) бар.
1933 жылғы жинақта өлең екі адамның айтысы түрінде басылды.
Өлеңдегі Масақбай дейтін адам Абайдың інісі Ысқақтың ауылымен көрші екен. Әйелі екеуі жиі ұрысып, мінездері сыйыспайтын болса керек (1933, 321-бет). Осыларға қаратып айтылған бұл өлеңнің өлшемі жеті тармақты жаңа түрмен жазылған.
Өлең бұл басылымында 1995 жылғы жинақ бойынша берілді.
148) Күйісбайға («Дұғай сәлем жазамын Күйісбайға») (1896). Өлең тұңғыш рет 1933 жылғы толық жинақта (230-бет) басылған және жазылған жылы 1903 жыл деп көрсетіледі.
«Тобықтының Мамай руынан шыққан Күйісбайдың Серікбай деген туысы Көтібақ Әбілхайырдың бір айғырын ұрлайды. Күйісбай «сол айғырды таптырып берем» деп Абайға уәде етеді. Бірақ антын бұзып, сөзбұйдаға сала берген соң, Абай осы өлеңді жазған» (1961 жылғы жинақ, 612-бет).
Өлең мәтіні бұл жинаққа 1995 жылғы басылым бойынша алынды.
149) Дүйсенқұлға («Саудайы-ай, сауды алмадың-ау, сырқауды алып») (1896). Бұл бір шумақ өлең алғаш 1933 жылғы толық жинақта (231-бет) «Мырзағұлға» деген атпен жылы белгісіз өлеңдер қатарында жарияланған. 1939 жылғы жинақта да (233-бет) жылы белгісіз өлеңдер қатарында «Дүйсенқұлға» деген атпен басылады.
«Дүйсенқұл Абаймен ауылдас адам болған. Ол Жақып дегеннің күйеуден шыққан ауру қызын алыпты. Бұрында бірнеше рет әйелін тастап, ылғи жесір әйелдерді алған болса керек. Сондай қылығын мысқылдап, Абай осы бір өлеңді шығарған» (1961 жылғы жинақ, 612-бет).
Өлең мәтіні 1995 жылғы жинақ бойынша берілді.
150) Разаққа («Мына үйде отыр Разақ») (1896). Өлең алғаш 1933 жылғы жинақта (232-бет) «Ыразаққа» деген атаумен жылы белгісіз өлеңдер қатарында жарияланған.
«Разақ Абай еліндегі қожалар ауылының жігіті болған. Бірде Абай ауылына келіп тұрып, Абайдың үйіне бармай, замандасы Әубәкірдің үйіне түседі. Соны естіп Абай осы өлеңді шығарған» (1939 жылғы жинақ, 275-бет).
Бұл жинаққа 1995 жылғы басылым бойынша берілді.
151) «Ғашықтық iздеп тантыма» (1896). Алғаш рет 1933 жылғы толық жинақта жарияланған. Бұл бір шумақ өлеңнiн мәтіні Мүрсейіт Бікіұлының 1906, 1907, 1910 жылғы көшiрме қолжазбалары негiзiнде басылып келеді.
1939 жылғы жинақта 4 және 5-тармақтардың орны 1907 жылғы қолжазба бойынша:
«Өлгенше болар бар ма дос?
Өткен өмір – бейне түс», –
деп, ауысып түскен.
1933, 1954, 1957, 1977, 1995 жылғы жинақтарда:
«Өткен өмір – бейне түс
Өлгенше болар бар ма дос?», –
деп, 1910 жылғы қолжазба негізінде түзетілген.
Бұл өлең М. Ю. Лермонтовтың «И скучно, и грустно» туындысының мына екінші шумағынан аударылған:
Любить… Но кого же?… На время – не стоит труда.
А вечно любить невозможно…
В себя ли заглянешь? – там прошлого и нет следа:
И радость, и муки, и всё там ничтожно…
Абайда осы өлең аудармасының «Әм жабықтым, әм жалықтым» деп басталатын тағы бір нұсқасы бар екені белгілі.
Өлең 1995 жылғы басылымы бойынша алынды.
152) «Ой» («Қарасам, қайғыртар жұрт бұл заманғы») (1896). Өлең 1909 жылғы жинақта басылған (Лермонтовтың «Дума» деген бәйітінен деп берілген).
Қолжазба мәтіні Мүрсейіт Бікіұлының көшірмелерінде сақталған (1906, 1907, 1910).
Мүрсейіт Бікіұлының қолжазбалары мен (1906, 1907), 1909, 1995 жылғы жинақтарда, тармақтардың орын тәртібі мен өлеңнің соңғы шумағына қатысты айырма бар.
2-шумақтағы 2-тармақ Мүрсейіт қолжазбасында (1906) «Ақтық жерін, ақылға кеш енгенін» болып жазылған.
1907 жылғы қолжазбада, 1909, 1995 жылғы басылымдарда бұл тармақ «Аптық жерін, ақылға кеш енгенін».
Орыс тіліндегі түпнұсқа мәтінде бұл тармақ «Ошибками отцов» тіркесімен басталған.
Өлеңнің 3-шумағындағы 3-тармақ 1906 жылғы Мүрсейіт қолжазбасында, 1909 жылғы кітаптарда «Ұлыққа қошеметшіл, құл секілді» деп жазылған.
Орысша түпнұсқа:
Д У М А
Печально я гляжу на наше поколенье!
Его грядущее – иль пусто, иль темно,
Меж тем, под бременем познанья и сомненья,
В бездействии состарится оно.
Богаты мы, едва из колыбели,
Ошибками отцов и поздним их умом,
И жизнь уж нас томит, как ровный путь без цели,
Как пир на празднике чужом.
К добру и злу постыдно равнодушны,
В начале поприща мы вянем без борьбы;
Перед опасностью позорно малодушны,
И перед властию – презренные рабы.
Так тощий плод, до времени созрелый,
Ни вкуса нашего не радуя, ни глаз,
Висит между цветов, пришлец осиротелый,
И час их красоты – его паденья час!
Мы иссушили ум наукою бесплодной,
Тая завистливо от ближних и друзей
Надежды лучшие и голос благородный
Неверием осмеянных страстей.
Едва касались мы до чаши наслажденья,
Но юных сил мы тем не сберегли;
Из каждой радости, бояся пресыщенья,
Мы лучший сок навеки извлекли.
Мечты поэзии, создания искусства
Восторгом сладостным наш ум не шевелят;
Мы жадно бережем в груди остаток чувства –
Зарытый скупостью и бесполезный клад.
И ненавидим мы, и любим мы случайно,
Ничем не жертвуя ни злобе, ни любви,
И царствует в душе какой-то холод тайный,
Когда огонь кипит в крови.
И предков скучны нам роскошные забавы,
Их добросовестный, ребяческий разврат;
И к гробу мы спешим без счастья и без славы,
Глядя насмешливо назад.
Толпой угрюмою и скоро позабытой,
Над миром мы пройдем без шума и следа,
Не бросивши векам ни мысли плодовитой,
Ни гением начатого труда.
И прах наш, с строгостью судьи и гражданина,
Потомок оскорбит презрительным стихом,
Насмешкой горькою обманутого сына
Над промотавшимся отцом».
(1995 жылғы жинақ, 245-бет).
Өлеңнің 6-шумағының 3-тармағы 1907 жылғы қолжазбада, 1909 жылғы жинақта «Лап бергіш, көті ойланғыш, қайта ойланғыш».
1939 жылғыда – «Лап бергіш, көп ойланғыш, қайта ойланғыш» болса, 1945 жылғы жинақта – «көт айналғыш». 1954 жылғы кітапта – «…», 1957 жылғыда – «К…», 1961-де – «К… айналғыш».
153) «Қанжар» («Сүйкімді болат қанжар тұрсын жайнап») (1896). 1909 жылғы жинақта (15-бөлік, Переуодтар) (Лермонтов. Кенжал) деп берілген.
«М. Ю. Лермонтовтың «Кинжал» атты өлеңінің аудармасы.
Өлеңнің 1-шумағының 1-тармағы Мүрсейіт Бікіұлының қолжазба көшірмесі (1906) мен 1909 жылғы жинақта «Сүйкімді болат қанжар тұрсын жайнап» болып берілген.
1907 жылғы қолжазба мен 1995 жылғы кітапта – «Сүйкімді болат қанжар, тұрсың жайнап».
Осы тармақты 1909 жылғы жинақ пен Мүрсейіт қолжазбасы (1906) бойынша қалдырдық.
Орысша түпнұсқасы:
КИНЖАЛ
Люблю тебя, булатный мой кинжал,
Товарищ светлый и холодный.
Задумчивый грузин на месть тебя ковал,
На грозный бой точил черкес свободный.
Лилейная рука тебя мне поднесла
В знак памяти, в минуту расставанья,
И в первый раз не кровь вдоль по тебе текла,
Но светлая слеза – жемчужина страданья.
И черные глаза, остановясь на мне,
Исполненны таинственной печали,
Как сталь твоя при трепетнем огне,
То вдруг тускнели, то сверкали.
Ты дан мне в спутники, любви залог немой,
И страннику в тебе пример не бесполезный;
Да, я не изменюсь и буду тверд душой,
Как ты, как ты, мой друг железный.
Өлең бұл жинаққа 1909 жылғы басылым бойынша алынды.
154) «Альбомға» (1896) («Сал демеймін сөзіме ықыласыңды»). «Шығарманың мәтіні 1909 жылғы жинақта басылған. Мүрсейіт қолжазбаларында да бар.
«М. Ю. Лермонтовтың «В альбом» («Нет! – Я не требую вниманья») деген өлеңінің аудармасы.
Лермонтовтағы түпнұсқа:
В АЛЬБОМ
1
Нет! – я не требую вниманья
На грустный бред души моей,
Не открывать свои желанья
Привыкнул я с давнишних дней.
Пишу, пишу рукой небрежной,
Чтоб здесь чрез много скучных лет
От жизни краткой, но мятежной
Какой-нибудь остался след.
2
Быть может, некогда случится,
Что, все страницы пробежав,
На эту взор ваш устремится,
И вы промолвите: он прав;
Быть может, долго стих унылый
Тот взгляд удержит над собой,
Как близ дороги столбовой
Пришельца – памятник могилы!..
155) «Көк тұман алдындағы келер заман» (1897). Аталған өлең 1909 жылғы кітапта «Көк туған – алдындағы келер заман» болып басылған (6-бөлік. «Нәсихат туралы»).
Өлең Мүрсейіт көшірмелерінде сақталған (1906, 1907, 1910). 1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1995 жылғы жинақтарда 2-шумақтың 2-тармағы «Келер, кетер, артында із қалдырмас» болып берілген. Бұл тармақ 1961, 1977 жылғы кітаптарда «Келер, кетер артына түк қалдырмас» деп жазылған. 1907 жылғы көшірмеде – «Келер, кетер, артына қол қалдырмас». 1961 жылғы басылымда бұл өлең 1896 жылғы жарыққа шыққан өлеңдер қатарында берілген.
1907 жылғы қолжазбада өлеңнің соңғы 4 шумағы жеке өлең болып жазылған. Бұл шумақ 1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Көк тұман – алдындағы келер заманмен» бір шығарма есебінде басылған.
1977 жылғы жинақта, 1907 жылғы қолжазбада нұсқада, 1909-1995 жылғы аралықта шыққан кітаптарда берілген «Малға сат, пайдаға сат қылығыңды» деп басталатын 5-шумақ жоқ.
Өлең Мүрсейіт қолжазбаларымен, 1909–1995 жылдар аралығындағы басылымдармен салыстырылып, тыныс белгілері бойынша жекелеген түзетулер енгізіліп берілді.
156) «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» (1897). Өлең 1909 жылғы жинақта басылған (5-бөлік. «Насихат туралы»). Мүрсейіт қолжазбаларында (1907, 1910) бар. 1907 жылғы қолжазбада өлең «Абай ағам шығарған сөз» деген тақырыппен берілген.
Өлеңнің жазылған мерзімі «Абай» энциклопедиясында 1896 жыл деп көрсетілген.
157) «Алла деген сөз жеңіл» (1897). Абайдың 1897 жылы жазған «Алла деген сөз жеңіл» деген өлеңі алғаш рет 1909 жылы араб әліппесімен жарық көрген кітапта жарияланған. Алайда мәтін түгел емес, алғашқы екі шумақ қана басылған.
1933 жылғы басылымда да осы екі шумақ қана берілген. Бұл өлең 1939 жылғы басылымнан бастап, толық жарияланып келеді.
Мүрсейіт қолжазбаларында бұл өлең «Жүрегім, ойбай, соқпа енді!» туындысымен бірге көшірілген. Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909, 1933, 1939, 1945, 1961, 1977 жылғы басылымдарда осы өлеңнің алғашқы шумағы төмендегіше берілген:
Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз жол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі Хаққа қол емес.
1995 жылғы басылымда екінші және төртінші жолдарда келетін «жол» емес», «қол емес» сөздерінің орны ауысып түскен.
Негізі, «Аллаға ауыз жол емес» деген сөз дұрыс. Себебі, имани куәлікті тілмен айтып, жүрекпен бекіту бар. Ақынның мұнда айтып отырғаны Алланы танудың жолы – жүрек дегенге саяды.
Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылғы басылымда екінші шумақтың бірінші тармағы «Дүниенің барша қуаты» деп берілген. Осы жол 1933 жылғы кітапта «Денің барша қуаты» деп қате басылған. 1939, 1945, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда бұл тармақ «Дененің барша қуаты» болып жарияланған. Бұл жаңа басылымда «Дененің» нұсқасы алынды.
Үшінші шумақтың «Неге мәужүт ол куә» деген жолдағы «куә» сөзі 1961, 1995 жинақтарда «қуа» болып қате басылған. Ақын мұнда «ол куә» деп, Жаратушының бар екендігіне «ынталы жүрек, шын көңіл» ғана ешбір шүбәсіз куә болатынын айтып отыр.
158) «Құр айғай бақырған, құлаққа ән бе екен?» (1897). Өлең алғаш рет Самат Әбішұлы Нұржанов бастырған «Абай термесі» (Орынбор, 1916) атты жинақта басылым көреді. 1933 жылғы жинаққа енген. Өлең мәтіні Мүрсейіт көшірмелерінде жазылған (1906, 1910).
Өлеңнің 2-шумағы 1977 жылғы жинақта:
Өңкей надан антұрған,
Қанша айтса, жан ба екен.
Бос жүріп, қор қылған
Өміріңе сән бе екен? –
деп басылған.
1933 жылғы жинақта (195-бет).
…Бос жүріп құр қалған
Өмірі кән бе екен? –
деп басылған («Сән бе екен» деген бірінші шумақта айтылған). «Абай термесінде»:
Өңкей надан антұрған,
Не десе де жөн бе екен?
Бос жүріп құр қалған
Өміріңе сән бе екен?
деп басылған.
159) «Мен сәлем жазамын, қарағым, қалқама» (1897). «Бұл өлең тұңғыш рет 1933 жылғы жинақта жарияланған (195–196-беттер). Мүрсейіт Бікіұлының көшірмелерінде жоқ.
1939, 1945, 1954 жылғы жинақтарда 3-шумақтың 4-тармағы «Тозады енді ажарым» болып берілген. 1957, 1977, 1995 жылғы басылымдарда – «Тозды енді ажарым». Жаңа басылымға осы нұсқа алынды.
160) «Соры қалың соққы жеген пышанамыз» (1897). Өлең алғаш рет 1933 жылғы жинақта басылған (196-бет). Мүрсейіт Бікіұлының 1906, 1910 жылдардағы қолжазба көшірмелерінде мәтіндік нұсқасы сақталған.
Тұрағұл Абайұлы «Әкем Абай туралы» естелігінде өлеңнің жазылу себебіне тоқталады: «Жауласқан ел болыстықты алған бетімен тұрмай, менің әкеме, біздің елге қорлық, зорлық қыла бастапты. Өздері қалап, сайлап алған старшындарына мөр бастырып, 1886 жылы менің әкемді жер аудартпақшы болған… Приговорларына шет Шубас елдердің де қосылғандары болыпты. Жазығы болмаса да, пәленшені мұқатқан деген сөзді өздеріне абырой көргендері болса керек. «Дала уәлаяты» деген газетке менің әкемді қажыға ас бермеді деп жамандап, Кереку жағының біреуі: «Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі» деп жазған. Сондайлардың мінезіне:
Соры қалың соққы жеген пышанамыз
Қайтіп суып, жалғаннан күсе аламыз.
Құр дәрімен атқанға өлмейді екен,
Өмірі мақтаншаққа нысанамыз, –
деп, елдің жабылып мазасын алғанына:
Күшік ит бөрі ала ма жабылса да,
Тәңірі сақтар табандап тап ұрса да.
Арсыз адам арсаңдап арсылдайды,
Әр жерде керегеге таңылса да, –
дейді (Абай туралы естеліктер, 194-бет).
Өлеңнің жазылған уақыты 1897 (1995 жылғы жинақта), 1986 («Абай» энциклопедиясы) жылдар деп екі түрлі көрсетілген. Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының қайтыс болған уақытын мөлшерлегенде, өлең 1896–1897 жылдары жазылды дегенге келмейді. Құнанбай 1886 жылы қайтыс болған. Абайдың ел билігіне қызу араласқан кезі де сол сексенінші жылдар.
161) «Ғабидоллаға» («Жазғытұрым қылтиған бір жауқазын») (1897). Бұл өлең алғаш рет 1916 жылы Самат Әбішұлы құрастырған «Абай термесі» жинағында жарияланған. Екінші рет 1933 жылғы толық жинақта (196-бет) басылды.
«Өлеңді Абай өз ауылындағы татар Ғабитхан молданың ұлы Ғабидолла деген жігітке айтқан. Ол бір уақыт сауда қылып, мал тапқанына мастанып, «Абай, Абай дейсіңдер, осы Абайларың кім өзі» деп асқақтап сөйлеген көрінеді. Соны естіген соң, ызадан туған өлеңі. Оның әңгімесінің ішінде болып, астамшылық сөзін естіп отырған Абайдың он алты жастағы немересі Әубәкір қолма-қол суырып салып Ғабидоллаға:
Ит ылықса, болып тоқ,
Танымайды иесін.
Борбайыңды көтеріп,
Әр бұтаға енесің.
Екі ені бар айғыр да
Таниды ғой биесін.
Тыныш жатқан кісіге
Өзің келіп тиесің, –
депті» (1995 жылғы жинақ, 251-бет).
1933 жылғы жинақта өлеңнің алғашқы тармағы «Жазғытұрым қалтиған бір жау қазын» деп берілсе, кейінгі басылымдарда «Жазғытұрым қылтиған бір жауқазын» болып басылған.
Өлең мәтіні бұл жинаққа 1995 жылғы басылым бойынша берілді.
162) «Құлақтан кіріп, бойды алар» (1897). Алғаш 1909 жылғы кітапта басылған (2-бөлік. «Өлең туралы»).
Өлең М. Ю. Лермонтовтың «Звуки» атты шығармасының сарынымен жазылған. Орысша мәтін төмендегідей:
Что за звуки! неподвижен внемлю
Сладким звукам я;
Забываю вечность, небо, землю,
Самого себя.
Всемогущий! что за звуки! жадно
Сердце ловит их,
Как в пустыне путник безотрадной
Каплю вод живых!
И в душе опять они рождают
Сны веселых лет
И в одежду жизни одевают
Все, чего уж нет.
Принимают образ эти звуки,
Образ милый мне;
Мнится, слышу тихий плач разлуки,
И душа в огне.
И опять безумно упиваюсь
Ядом прежних дней,
И опять я в мыслях полагаюсь
На слова людей.
163) «Ерекше естен кетпес қызық қайда?» (1897). «Бұл үш шумақ өлең ең алғаш 1940 жылғы жинақта (II том, аудармалары мен қарасөздері, 108-бет)
М. Ю. Лермонтовтан аударған «Қасиетті дұға» атты өлеңнің соңғы үш шумағы ретінде басылған.
1945 жылғы жинақта (198-бет), 1954 жылғы жинақта және 1957 жылғы жинақта «Қасиетті дұға» өлеңіне жалғастырылып, 1940 жылғы жинақ бойынша басылған. 1977 жылғы жинақта «Ерекше естен кетпес қызық қайда?» деп басталатын үш шумағы Абайдың өз өлеңі ретінде беріледі.
…Өлеңнің басқы он екі жолы Лермонтовтың «В минуту жизни трудную» деп басталатын («Өмірден тепкі көрсем жазығым жоқ») өлеңінің аудармасы.
…Ал өлеңнің «Ерекше естен кетпес қызық қайда?» деген жерінен бастап, қалған он екі жолы Абайдың өзіне тән өлең көрінеді. Лермонтов өлеңінде айтылған ой-пікірді, қосымша өлеңдермен Абайдың өзінше толықтырғаны байқалады» (1940,
ІІ т., 262-бет), – деп түсінік беріледі.
Бұл басылымда 2020 жылғы жинақта берілген мәтінге тыныс белгілері бойынша түзету жасалды.
164) «Босқа әуре боп келдің бе тағы мұнда?» (1897). М. Ю. Лермонтовтың «Исповедь» поэмасынан аударма.
Абай поэманың II, III бөлімдерін аударған. 1907 жылғы қолжазбада «Өлмекке бұйырылған жазасыз адамның сөзі. Лермонтов» деп тақырып қойылған. 1909 жылғы жинақта (Өлімге бұйырылған жазасыз адам. Лермонтов) деп, жақшамен беріледі. 1940 жылғы жинақта бұл өлең Лермонтовтан аударма деп көрсетілмеген.
1945 жылғы жинақта – «Лермонтовтан».
Өлеңнің 2-шумағының 3-тармағы 1909 жылғы жинақта «Ол шалдар қыршын жасты тыйғанменен» болып алынған. 1995 жылғы жинақта – «Ол шалдар қыршын жасты қиғанменен».
Өлең негізгі ойды сақтап, еркін аударылған. Шумақтар орны әр басылымда өзгергенімен, негізгі мазмұнға нұқсан келмейді.
Шығарманың мәтіні 1909 жылғы жинақ негізінде Мүрсейіт қолжазбалары, басқа да басылымдармен салыстырып, 1995 жылғы екі томдық бойынша берілді.
Түпнұсқаның Абай аударған мәтіні:
II
«Ты здесь опять! напрасный труд!…
Не говори, что божий суд
Определяет мне конец,
Все люди, люди, мой отец…
ІІускай погибну, смерть моя
Не продолжит их бытия,
И дни грядущие мои
Им не присвоить – и в крови,
Неправой казнью пролитой,
В крови безумца молодой,
Согреть им вновь не суждено
Сердца, увядшие давно;
И гроб без камня и креста,
Как жизнь их ни была свята,
Не будет слабым их ногам
Ступенью новой к небесам.
И тень невинного, поверь,
Не отопрет им рая дверь.
Меня могила не страшит.
Там, говорят, страданье спит
В холодной вечной тишине,
Но с жизнью жаль расстаться мне;
Я молод – молод, – знал ли ты,
Что значит молодость, мечты?
Или не знал – или забыл,
Как ненавидел и любил,
Как сердце билося живей
При виде солнца и полей
С высокой башни угловой,
Где воздух свеж и где порой,
В глубокой скважине стены
Дитя неведомой страны,
Прижавшись, голубь молодой
Сидит, испуганный грозой!
– Пускай теперь прекрасный свет,
Тебе постыл – ты слеп, ты сед,
И от желаний ты отвык;
Что за нужда? – ты жил, старик;
Тебе есть в мире что забыть!
Ты жил! я также мог бы жить!
III
«Ты слушать исповедь мою
Сюда пришел – благодарю;
Не понимаю; что была
У них за мысль? – мои дела
И без меня ты должен знать –
А душу можно ль рассказать?
И если б мог я эту грудь
Перед тобою развернуть,
Ты верно не прочел бы в ней,
Что я преступник иль злодей.
Пусть монастырский ваш закон
Рукою неба утвержден;
Но в этом сердце есть другой,
Ему не менее святой;
Он оправдал меня – один
Он сердца полный властелин;
И тайну страшную мою
Я неизменно сохраню,
Пока земля в урочный час
Как двух друзей не примет нас.
Доселе жизнь была мне плен
Среди угрюмых этих стен,
Где детства ясные года
Я проводил, бог весть куда!
Как сон, без радости и бед
Промчались тени лучших лет,
И воскресить те дни едва ль
Желал бы я – а все их жаль!
Зачем, молчание храня,
Так грозно смотришь на меня?
Я волен… я не брат живых.
Судей бесчувственных моих,
Не проклинаю… но, старик,
Я признаюся, мой язык
Не станет их благодарить
За то, что прежде, может быть,
Чем луч зари на той стене
Погаснет в мирной тишине,
Я, свежий, пылкий, молодой,
Который здесь перед тобой,
Живу, как жил тому пять лет,
Весь превращуся в слово: нет!..
И прах, лишенный бытия,
Уж будет прах один, – не я!»
165) «Менің сырым, жігіттер, емес оңай» (1897). 1909 жылғы жинақта (Лермонтов) деп басылды.
М. Ю. Лермонтовтың «Я не хочу, чтобы свет узнал» деген өлеңінің аудармасы. 1907 жылғы қолжазба және 1940 жылғы жинақта Лермонтов шығармасынан аударма деп көрсетілмеді.
Өлең 1909 жылғы жинақта шумаққа бөлінбей, «Дұға» өлеңімен бір өлең ретінде басылған.
Орыс тіліндегі мәтін:
Я не хочу, чтоб свет узнал
Мою таинственную повесть:
Как я любил, за что страдал, –
Тому судья лишь бог да совесть!..
Им сердце в чувствах даст отчет,
У них попросит сожаленья;
И пусть меня накажет тот,
Кто изобрел мои мученья;
Укор невежд, укор людей
Души высокой не печалит, –
Пускай шумит волна морей,
Утес гранитный не повалит;
Его чело меж облаков
Он двух стихий жилец угрюмый,
И, кроме бури да громов,
Он никому не вверит думы…
166) Дұға («Өмірде ойға түсіп кем-кетігің») (1897). М. Ю. Лермонтовтың «Молитва» деген өлеңінің аудармасы.
Бұл өлең 1909 жылғы жинақта «Менің сырым, жігіттер, емес оңай» өлеңінің 5, 6, 7-шумақтары болып жалғасады. 1906, 1907 жылғы қолжазбаларда «Өмірде ойға түсіп кем-кетігің» деген 3 шумақ өлең болып жазылыпты.
1995 жылғы жинақта «Дұға» деп берілген жеке өлең.
Өлеңнің орысша мәтіні:
МОЛИТВА
В минуту жизни трудную
Теснится ль в сердце грусть:
Одну молитву чудную
Твержу я наизусть.
Есть сила благодатная
В созвучье слов живых,
И дышит непонятная,
Святая прелесть в них.
С души как бремя скатится,
Сомненье далеко –
И верится, и плачется,
И так легко, легко…
167) «Қасиетті дұға» (1897) («Өмірден тепкі жесем жазығым жоқ»).
М. Ю. Лермонтовтың «Дұға» («Молитва») атты шығармасының екінші нұсқасы.
1907 жылғы қолжазбада «Қасиетті дұға» (М. Ю. Лермонтовтан) деп жазылыпты.
1977 жылға дейінгі басылымдарда «Ерекше естен кетпес қызық қайда?» деп басталатын 3 ауыз өлең осы аудармаға қосылып беріліп келген.
Өлең мәтіні 1995 жылғы жинақ бойынша алынды.