Абайдың өлеңдері

Әр жылдары жазылған өлеңдерінің толық нұсқасы

Өлеңдері мен аудармалары

1895

* * *

Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын, (121)
Түбін ойлап, уайым жеп айтқанмын.
Ақылдылар арланып ұялған соң,
Ойланып түзеле ме деп айтқанмын.

Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын,
Бірінің бірі шапшаң ұқпас сөзін.
Көздің жасы, жүректің қаныменен
Ерітуге болмайды ішкі мұзын.

Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін,
Ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін.
Ыржаңдамай тыңдасаң нең кетеді,
Шығарған сөз емес қой әңгіме үшін.

Адасып алаңдама, жол таба алмай,
Берірек түзу жолға шық, қамалмай.
Не ғылым жоқ немесе еңбек те жоқ,
Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай.

 

* * *

 

Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей? (122)
Тоқ тұра алмас дәмдіден дәмді іздемей.
«Бір тойған – шала байлық» деген қазақ,
Ет көрінсе, қайтеді күйсей бермей?

Еңбек жоқ, харекет жоқ қазақ кедей,
Тамақ аңдып қайтеді тентіремей?
Ет пен қымыз сықылды ас жоқ дейді,
Ол немене жоқтықтың әсері емей?

Ет, қымыз тамақ болса әркімге арзан,
Тәтті, дәмді іздер ең онан да әрман.
Өз пұлыңмен халің жоқ күнде тояр,
Құлдық ұрып асайсың асы бардан.

Өз үйіңнен тоярға қолың қысқа,
Ас берер ауыл іздеп жүрсің босқа.
Бір жілік пен бір аяқ қымыз берсе
Дереу сені жұмсайды бір жұмысқа.

Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел,
Малың болса, сыйламай тұра алмас ел.
Қаруыңның барында қайрат қылмай,
Қаңғып өткен өмірдің бәрі де – жел.

Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас,
Еңбек қылмас еріншек адам болмас.
Есек көтін жусаң да, мал тауып кел,
Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас.

Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас,
Сұм нәпсің үйір болса, тез тыйылмас.
Зиян шекпей қалмайсың ондай істен,
Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйырмас.

Асаған, ұрттағанға ез жұбанар,
Сенімді дәулет емес сен қуанар.
Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас,
Қардың суы сықылды тез суалар.

Мінер атын, киімін ып-ықшам қып,
Сымбаттанып, сымпиып тамақ аңдып,
Бұраңдап жылы жүзін асқа сатқан
Антұрғанға қосылма, кетсін қаңғып.

Күлдіргіштеу, күлкішіл, қалжыңға ұста,
Кезеген ит тым-ақ көп біздің тұста.
Өз үйінен жиреніп, қашып жүрген
Антұрғанға қосылма қапылыста.

 

* * *

 

Балалық өлді, білдің бе? (123)
Жігіттікке келдің бе?
Жігіттік өтті, көрдің бе?
Кәрілікке көндің бе?
Кім біледі, сен кәпір,
Баяндыдан сөндің бе,
Баянсызға төндің бе?
Әлде, айланып, кім білер,
Боталы түйе сықылды,
Қорадан шықпай өлдің бе?

 

* * *

 

Лай суға май бітпес қой өткенге, (124)
Күлеміз қасқыр жалап, дәметкенге.
Сол қасқырша алақтап түк таппадым,
Көңілдің жайлауынан ел кеткен бе?

Берген бе Тәңірім саған өзге туыс?
Қыласың жер-жиһанды бір-ақ уыс.
Шарықтап шартараптан көңіл сорлы
Таппаған бір тиянақ не еткен қуыс?

Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі,
Өзіне құмар қылған оның әмірі.
Халиққа1 махлұқ ақылы жете алмайды,
Оймен білген нәрсеміз бәрі – дәһрі1.

Өзгені ақыл ойға қондырады,
Біле алмай бір Тәңіріні болдырады.
Талып ұйықтап, көзіңді ашысымен,
Талпынып тағы да ойлап зор қылады.

Көңілге шек, шүбәлі ой алмаймын,
Содан оны ойламай қоя алмаймын.
Ақылдың жетпегені арман емес,
Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын.

Мекен берген, халиқ қылған3 ол ләмәкән4
Түп иесін көксемей бола ма екен?
Және оған қайтпақсың, оны ойламай,
Өзге мақсат ақылға тола ма екен?

Өмір жолы – тар соқпақ, бір иген жақ,
Иілтіп екі басын ұстаған Хақ.
Имек жолда тыянақ, тегістік жоқ,
Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ.

___________________

1 خالق – (араб.) [Халиқ] – жаратушы. Мұнда Алла Тағаланы айтып отыр.

2 دهری – (араб.) [дәһри] – материалист, атеист, дінсіз. Бұл жерде сенімсіз, күдікті деген мағынада.

3 Жаратқан, жоқтан бар еткен деген мағынада.

4 لامکان – (араб.) [ләмәкән] – мекенсіз. Мұнда Алла Тағаланы айтып отыр.

 

* * *

 

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, (125)
Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.
«Мені» менен «менікінің» айрылғанын
«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес.

Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?

Кім жүрер тіршілікке көңіл бермей,
Бақи1 қоймас фәнидің2 мінін көрмей.
Міні қайда екенін біле алмассың,
Терең ойдың телміріп соңына ермей.

Дүниеге дос ақиретке бірдей болмас,
Екеуі тап бірдей боп орныға алмас.
Дүниеге ынтық, мәхшарға3 амалсыздың
Иманын түгел деуге аузым бармас.

_________________________

1 باقی – (араб.) [бақи] – мәңгілік, мәңгі.

2 فانی – (араб.) [фәни] – өткінші жалған дүние.

3 محشر – (араб.) [мәхшәр] – ақыр заманда адамзат баласының сауал-жауап беретін алаңы.

 

ӘБДІРАХМАН ӨЛГЕНДЕ

 

Арғы атасы қажы еді (126)
Бейіштен татқай шәрбәтті.
Жарықтықтың өнері
Айтуға тілді тербетті.
Адалдық, ақыл жасынан
Қозғапты, тыныштық бермепті,
Мал түгіл жанға мырза еді,
Әр қиынға сермепті.
Мұңды, шерлі, жоқ-жітік
Аңсап алдын кернепті.
Бәрінің көңілін тындырып,
Біреуін ала көрмепті.
Әділ, мырза, ер болып,
Әлемге жайған өрнекті.
Тәубесін еске түсіріп,
Тентекті тыйып, жерлепті.
Қазақтың ұлы қамалап,
Іздеген жүзін көрмек-ті.
Ақылынан ап қайтқан
Өлгенше болар ермекті.
Ол сыпатты қазақтан
Дүниеге ешкім келмепті.
Өлмейтін атақ қалдырып,
Дүниеге көңілін бөлмепті.
Жарлығына Алланың,
Ерте ойлаған көнбек-ті.
Олар да тірі қалған жоқ,
Тірлік арты өлмек-ті.
Оны да алды бұл өлім,
Сабырлық қылсақ керек-ті.

 

* * *

 

Кешегі Оспан ағасы, (127)
Кісінің малын жемепті.
Мал сұраған кісіге
Жоқ, қайтемін демепті.
Қуаты артық, ойы кең,
Жұрттың бәрін шенепті.
Досына – дәл жаз, жауға – аяз,
Алысқанды денепті1.
Адалдық үшін алысып,
Жегішке ақы төлетті.
Бас шайқаймын дегеннің
Басына салды әлекті.
Қадірі қалың, малы көп,
Қылмаған кімге себепті?
Алақолсыз мырза еді,
Кем-кетікті елепті.
Оны да алды бұл өлім,
Сабырлық қылсақ керек-ті.

____________________

1 Денепті – басым түсті, жеңді (АТС, 163-бет).

 

* * *

 

Кешегі өткен ер Әбіш (128)
Елден бір асқан ерек-ті.
Жүрегі – жылы, бойы –құрыш,
Туысы жаннан бөлек-ті.
Өнері оның жұрт асқан,
Ғылымға көңілі зерек-ті.
Аямаған ғаріптен
Қолдан келген көмекті.
Кісіге сідет1 жүктетпей,
Еңбекпен тапқан қоректі.
Біреудің қылған қарызын
Айтқызбай артық төлепті.
Боямасыз ақ көңіл,
Кірлетпей кетті жүректі.
Ойламаған өлімнен
Жасқанамын демек-ті.
Тағдырға тәбділ2 бола ма,
Сабырлық қылсақ керек-ті.

_________________

1 شدت – (араб.) [шиддәт] – ауыртпашылық, өмір тауқыметі.

2 تبدیل – (араб.) [тәбдил] – өзгеру, алмасу.

 

ӘБДІРАХМАН ӨЛГЕНДЕ

 

Тұла бойың ұят, ар едің, (129)
Ескеріп істеп, ойлаған.
Тәуекелге нар едің,
Талаппен терең бойлаған.
Ерлікке де бар едің,
Үйренуге тоймаған.
Жасқа жас, ойға кәрі едің,
Атаңның атын жоймаған.
Замана, неткен тар едің,
Сол қалқамды қоймаған?!

 

ӘБДІРАХМАН ӨЛІМІНЕ

 

Жиырма жеті жасында (130)
Әбдірахман көз жұмды.
Сәулең болса басыңда,
Кімді көрдің бұл сынды?

Дүниелікке көңілі тоқ,
Ағайынға бауырмал.
Тәкаппар, жалған онда жоқ,
Айнымас жүрек, күлкің – бал.

Ғылым оқып білгенше
Тыным, тыныштық таппаған.
Дүниені кезіп көргенше
Рахат іздеп жатпаған.

Ұзақ өмір не берер,
Көрген, білген болмаса?
Жатқан надан не білер,
Көңілге сәуле толмаса?

Петербурда-ақ кідірмей,
Біліпті дерттің барлығын.
Тәуекел қып білдірмей,
Күтіпті тәңірі жарлығын.

Қалжыңы, шыны аралас,
Өмірім аз деп білдіріп,
Бөтен көзде көрсе жас,
Ойнаймын деп күлдіріп.

Аз өмірін ұзайтқан,
Ғылымға бойы толған соң.
Көрген жерін молайтқан,
Оқып, біліп болған соң.

Қырым, Кавказ, Түркістан,
Ресей, Сібір қалмады.
Хабарланып әр тұстан,
Көрмей дамыл алмады.

Құйрықты жүлдыз секілді,
Туды да, көп тұрмады.
Көрген, білген өкінді,
Мін тағар жан болмады.

Тәуекел зор, ақыл мол,
Қорықпай тосқан тағдырын.
Қиынсынбай өлімді ол,
Білдірмеген еш сырын.

Ата-ананың қызметін,
Алған жардың қарызын,
Өтемей кеткен бейнетін,
Қағазға жазған арызын.

Көргені мен білгені
Жүзге келген шалдан көп.
Бізге уайым жегені –
Арманда боп қалды деп.

Жаңа жылдың басшысы – ол,
Мен ескінің арты едім.
Арман деген ащы сол,
Сүйекке тиді, қарт едім.

Қайғы болды күйгендей
Ол қуатым еді рас.
Көзге қамшы тигендей,
Шыр айналды артқы жас.

 

ӘБДІРАХМАН ӨЛІМІНЕ

 

Талаптың мініп тұлпарын, (131)
Тас қияға өрледің.
Бір ғылым еді іңкәрің,
Әр қиынға сермедің.

Көзіңді салдың тұрғыға,
Бейнетін қиын көрмедің.
Бірге оқыған құрбыға
Бас бәйгені бермедің.

Бала болдың, жас болдың –
Жалғандыққа ермедің.
Төре болдың, бас болдың –
Көкірегіңді кермедің.

Ел ішіне сау келсең,
Тағылым айтпас ер ме едің?
Жол көрсетіп сонда өлсең,
Арманым бар дер ме едім?

Іздеп табар жалғаннан,
Бала берген пенде едім.
Пенде өлмейді арманнан,
Мінеки, мен де өлмедім.

 

ӘБДІРАХМАНҒА

 

Орынсызды айтпаған, (132)
Түзу жолдан қайтпаған.
Жақсылық қылар орында
Аянып бойын тартпаған.
Ортасында кәпірдің
Арамынан татпаған.
Өмір бойы талпынып,
Ғылым іздеп, жатпаған.
Түрленіп төре болдым деп,
Есерленіп шатпаған.
Жүз мың теңге келсе де,
Махаббатын сатпаған.
Жүйріктікпен шалқымай,
Тура сөзді жақтаған.
Бала айтса да хақ сөзді,
Бұрылмастан тоқтаған.
Өтіріксіз турашыл,
Еш сөзі жоқ таппаған.
Сыйласарлық кісіге,
Түк қалмайтын сақтаған.
Бауырларын еркейтіп,
Не сұраса қақпаған.
Білдіруші ең үндемей,
Істі қылған жақпаған.
Ағайын мен туғанды
Тірілікте мақтаған.

ӘБДІРАХМАН ӨЛГЕН СОҢ ӨЗІНЕ АЙТҚАН ЖҰБАТУЫ

 

Бермеген құлға, қайтесің, (133)
Жұлынарлық ерікті.
Ажал тура келген соң,
Шыдатпайды берікті.
Ғаріптікке көз жетті,
Алғаннан соң серікті.
Өмірін берген құдайым
Ажалын да беріпті.

Сақта дейміз, қайтеміз,
Ілінген жалғыз тіректі.
Тағдырына тәбдил1 жоқ,
Тәубе қылсақ керек-ті.
Кәркәдән2, пілдей қуатты,
Тағы арыстан жүректі,
Аплатон, Сократ ақылды,
Қаһарман Ғали білекті.
Өз заңымша ұқсаттым,
Берген құдай тілекті.
Оспанды алған бұл өлім,
Тәубе қылсақ керек-ті.

Мұсылманға қоймаған
Орынсыз жанжал шатақты,
Ерегіскен жауларын
Кісен салып матапты.

Зекет жиып, егін сап,
Тойдырған ғаріп, жатақты.
Ескендір, Темір, Шыңғыстай
Мұсылманда атақты.

Мұқым қазақ баласы,
Тегіс ақыл сұрапты.
Тобықтыны ел қылып,
Басын жиып құрапты.

Мекеде уақып3 үй салып,
Пәтер қып, жаққан шырақты.
Бір құдайдың жолына
Малды аямай бұлапты.

Ажал уақыты жеткен соң,
Соның да гүлі қурапты.
Қажыны4 алған бұл өлім,
Сабыр қылсақ керек-ті.

___________________

1 تبدیل – (араб.) [тәбдил] – өзгеру, алмасу.

2 کرگدن – (парсы.) [кәргәдән] – керік, жираф.

3 وقف – (араб.) [уәқф] – мешіт, медресе пайдасына қайтарымсыз берілетін мал, дүние. Бұл жерде Меккеге барғандар жататын үй салғызып бергенін айтады.

4 Қажы деп өз әкесі Құнанбайды айтады.

 

 

ӘБДІРАХМАННЫҢ ӘЙЕЛІ МАҒЫШҚА
АБАЙДЫҢ АЙТҚАН ЖҰБАТУЫ

 

Жылағанды тоқтатып, (134)
Ынсап қылсақ жарайды.
Қоймасаң, қайғы ауыр боп,
Тұл бойыңа тарайды.
Қызыл гүлің суалып,
Ақ көңілің анық қарайды.
һәммә жанды ауылымен
Патша құдай сынайды.
Бір сен емес, жылатқан
Сыңарын алып талайды.
Бәрімізді аясаң,
Тоқтау қылсаң ұнайды.
Ұмытқаның жарамас
Жаратушы Құдайды.
Халық билеген патшалар,
Уақыты жетсе, құлайды.
Дәл уақыты жеткенде,
Талайдың гүлі қурайды.
Расулды1 алған бұл өлім
Кімнен жөнді сұрайды?
Қандай адам бұлқынып,
Бұған көнбей тулайды?
Мен білемін, қайтейін,
Мұндай асыл тумайды.
Қанша жылап налысаң,
Сонда да ерікке қоймайды.
Алғысы келсе, дүниенің
Айтқанына болмайды.
Ойласаңшы, Мағышым,
Кімнің гүлі солмайды?
Артын тіле Құдайдан,
Бір қалыпты тұрмайды.
Үсті-үстіне бастаса,
Сонда пенде оңбайды.
Жылама, Мағыш, жылама,
Алладан өлім тілеме!
Қолдан ұшқан ақ сұңқар
Қайтып келіп қонбайды.

Бір шешеден туғанда,
Бәрінен кетті тәуірім.
Көтермеске амал жоқ,
Көрдім дүние ауырын.
Аясаңшы, апырмау,
Әке, шеше, бауырын!
Бойды жеңіп, тоқтау қып,
Сұрасаңшы ақырын!
Тоқтамады, тұрмады,
Кетті ортадан асылым.
Тәкаппар, зор көкіректі
Көтере алмай басылдым.
Тиянағым, тұрлауым,
Енді кімге асылдым?
Ойламадым туғанды,
Бір өзіңе бас ұрдым.
Жалғыз сенен айрылып,
Артыңа қарап аһ ұрдым.
Ойламадым еш жанды,
Өзіңе ердім оңаша.
Рахаттанып, мақтанып,
Қылушы едім тамаша.
Шыны сорлы мен-дағы,
Мағыш байқап қараса.

___________________

1 رسول – (араб.) [расул] – Алланың пенделеріне жіберген елшісі. Бұл жерде Мұхаммед пайғамбарды (с.а.с) айтады.

 

ӘБДІРАХМАННЫҢ ӘЙЕЛІ МАҒЬІШҚА АБАЙ
ШЫҒАРЫП БЕРГЕН ЖОҚТАУ

 

Айналайын, құдай-ау, (135)
Қапалық салдың жасымнан.
Шешенің зарын тарттырдың
Бес жасымда басымнан.
Сөйлемей пенде шыдамас
Қайғы отына ашынған.
Жарымды көрмей неше жыл,
Қапалықты асырған.
Жарымды алып қор қылдың
Жас өмірде тасынған.
Айырып, от қып өртедің,
Әбіш сынды асылдан.
Әбішті алып күл қылдың,
Қызылды гүлді жасылдан.
Тым болмаса қызмет қып,
Өткізбедім қасымнан.

Жиырма екі жасымда
Мен айрылдым жарымнан.
Жарық сәуле көрмедім
Шыққалы ана қарнынан.
Күйік күшті түскен соң,
Кетеді екен сабырдан.
Қызықты күнім қалмады
Жылаған айтып зарымнан.
Көре алмай зар боп айырылдым
Құдай қосқан жарымнан.
Өзгеше болып жаралған,
Таныған жан қалпынан.
Тілеуді кесіп құдайым,
Зарлатып қойды артынан.
Құдай салды жүрекке
Жалғанда бітпес жараны.
Көре алмай қор боп қалған соң,
Кете ме іштен арманы?
Сәулемді құдай алған соң,
Сарнамасқа шара не?
Кез келтірді құдайым
Құтылмас маған дараны.
Қалқамды алып, құдайым,
Басыма салдың қараны,
Өзі түгіл көрмедім,
Ізі жоқ басқан табаны.
Күйдіріп, құдай алмады,
Пенденің құрыр амалы….

Қылығыңа жете алман,
Қаншалық тілмен айтқанмен.
Басыңа құдай беріпті
Өлшеусіз қылып ақылын…

Сабыр мен талап беріпті,
Ақылың, рахымың қиын-ды.
Өткен күнгі қызығым
Ұйықтап көрген түстен кем.
Қараңғы түнде қапалық
Жүректі басты, шықпас күн.
Қолдан келген қайратым –
Барымды айтып шыққан үн.
Көңілімнің күні өшкен соң,
Қайғылы қара болар түн.

Жыламай пенде шыдамас,
Қарағымды алған соң.
Сағынып көрген қызықты
Көре алмай зарлап қалған соң.
Ашпадың, Алла, қабақты,
Қылмадың қабыл тілекті,
Өле алмай шыдап отырмын
Зор құдайым салған соң.

Шықтым ба деп ем, құдай-ау,
Қызықты күннің шетіне.
Өшірмек Алла болған соң,
Пенденің қоймас еркіне.
Өлмектен басқа дауа жоқ
Алланың салған дертіне.
Құтылмас құл жол таппас
Иенің салған өртіне.

Жалтыр құздан құладым,
Қолымнан кетіп сүйеніш.
Көңілімнің күні өшкен соң,
Жалғанда болмас жұбаныш.
Өмірді қылдың, құдайым,
Қызығы жоқ күйініш.
Үмітсіз өмір бітірді
Жүрекке мұз боп ерімес.

Өзгеше болып жаралған
Айырылдым қалқам жарымнан.
Сол қалқамды қоймаған
Замана неткен тар еді?
Жасымнан өтті демегің,
Күн шыққандай қараңғы
Кешегі түннің жарығы.

Сабыр қылып шыдарға,
Қайғы оты асты күшімнен.
Қызықты күнім қалмады
Әбішті көрген түсімнен.
Сағыныш зарын білдірмей
Жүруші едім ішімнен.
Қылығың, қалқам, кетер ме
Жалғанда менің ойымнан?

Сағынсам да алыстан,
Жүруші ем күнше жылынып.
Қызықтың заңғар басынан
Қорлыққа кеттім жығылып.
Құдай қосқан қосақтан
Жалғанда қалдым жырылып.
Қайғыңда қалдым қамалып,
Қызығым кетті сырылып.

Көре алмай қалдым қалқамның
Дәл екі жыл қызығын.
Жүректегі жазылмай,
Тағдырдың салдың сызығын.
Өмірдің, Алла, беріпсің
Күнде өртерлік шыжығын.
Баяны жоқ, байлаусыз,
Тілекте жоқ бұзығын.

Сағынсам да үміт бар,
Болушы еді қуаныш.
Қалқамнан қалдым қарс ұрып,
Қайткенде болар жұбаныш?
Алла берген арманға
Аһ ұрсам болмас алданыш.
Сабыр, тағат қылуға,
Қоймады күйік бойыма ес.
Әбіш сынды жарымнан,
Айырылған соң барымнан,
Жалғанда болмас жұбаныш!

 

* * *

 

Көз жұмғанша дүниеден (136)
Иманын айтып кеткені-ай!
«Бейсенбі ме бүгін?» деп,
Жұмаға қарсы өткені-ай!
Жер күңіреніп, жұрт шулап,
Ағайын түгел жеткені-ай!
Жамиғат тоңбай, күн жылып,
Тәңірім рақым еткені-ай!
Ием қабыл алды-ау деп,
Көңіліме қуат біткені-ай!
Қуаттанып бақсам да,
Күнәлі нәпсім түйтпеді-ай1.
Ата тегің мұндағы –
Орта жүздің ұлығы;
Ана тегің ондағы –
Өзен судың тұнығы.
Екі асылдан қосылған
Сом алтынның сынығы.
Өлгенше естен қалмайды
Өзгеше біткен қылығы.
Қызылбалақ қыранның
Балапанын дерт алды.
Жеміс ағаш, бәйтерек
Балдырғанын өрт алды.
Артына белгі тастамай,
Жал-құйрығын келте алды.
Ағайынды тойғызбай,
Аз күн қоймай, ерте алды.
Көп жасамай, көк орған,
Жарасы үлкен жас өлім.
Күн шалған жерді тез орған,
Күншіл дүние қас өлім.
Артына белгі қалдырмай,
Бауыры қатты тас өлім.
Жыламайын десе де,
Шыдарлық па осы өлім?
Орамды тілді ауыздым,
Ақылға жүйрік маңыздым.
Көп жасамай тез кетіп,
Көзімнің жасын ағыздың.

______________________

1 Төзімі жетпеді, шыдамады.

 

* * *

 

Махаббат, достық қылуға (137)
Кім де болса тең емес.
Қазір дайын тұруға –
Бес күндік ғашық жөн емес.

Сүйіспек көңілім ойлайды
Жанның бәрі – қатыбас.
Сүйісу тозбай тұрмайды,
Еңбекке аз күн татымас.

 

* * *

 

(М. Ю. Лермонтовтан)

Рахат, мені тастап қоймадың тыныш (138)
Ғашық жар, ағайын, дос – бәрі алдағыш.
Жастық қуат үміттің нұры қайтып,
Күңгірт тартты, бәрінің аяғы реніш.

Ұнатпаймын тағдырды, дүниені,
Жасқантып жалынта алмас о да мені.
Алладан бәрі бір деп тосып тұрмын
Алғалы жақсылықты, я өлгелі.

Қара жұрт қарап тұрып, сөзге нанбас,
Ант етемін, жалғанын жан таба алмас.
Өзі алданып, кісіден соққы жеген,
Және өзі біреуді алдай алмас.

Соққан дауыл сықылды өмір өтер,
Қайғырмаймын, білемін, көзім жетер.
Кеудемде осы жүрек тұрған шақта
Жақсылық жоқ өзіме мен дәметер.

Ол жүректің жалынын басар бірақ,
Өлсе, көрде бастырған су топырақ.
Өзі сүйіп, өзгеден сүю іздеп,
Таппаған сорлы адамнан сөнер шырақ.

ТҮСІНІКТЕР

121) «Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын» (1895). Бұл өлең 1909 жылғы кітапта басылған (1-бөлік. «Халық туралы»). Мәтіндік нұсқасы Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1910) сақталған. 
 
1-шумақтың 4-тармағы 1906 жылғы қолжазбада, 1933, 1939 жылғы жинақтарда «Ойланып түзелер ме деп айтқанмын».
 
1907 жылғы қолжазбада, 1909, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Ойланып түзеле ме деп айтқанмын». Өлең бұл басылымында 1909 жылғы жинақ бойынша алынды.
 
122) «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей» (1895). Өлең алғаш 1909 жылғы кітаптың «Халық туралы» деп аталатын 1-бөлігінде 27-бетте жазылған. Сонымен қатар 1906, 1907, 1910 жылғы Мүрсейіт көшірмелерінде жазба нұсқасы сақталған.
 
1957, 1977 жылғы жинақтардың түсінігінде бұл өлеңнің 2-шумағының:
«Ет пен қымыз сықылды ас жоқ дейді,
Ол немене жоқтықтың әсері емес», ‒
болып келген 3, 4-тармағы Мүрсейіт қолжазбаларында жоқ деп көрсетілген. 
 
1906, 1907 жылғы қолжазбаларда: 
«Ет пен қымыз секілді ас жоқ дейді, 
Ол немене жоқтықтың әсері емей?», ‒
болып жазылған тармақтар бар. 1909–2020 жылдар аралығында шыққан басы­лым­дарда «Ол немене жоқтықтың әсері емей?» деп беріледі.
 
9-шумақтың 4-тармағы Абай шығармаларының басылымында әр қалай алынып келеді. 1933, 1957, 1977 жылғы жинақтарда басылымында осы тармақ:
«Антұрғанға қосылмай, кел, кет қаңғып», ‒ 
деп берілген (1977 жылғы жинақ, 410-бет).
 
Осы айтылып отырған 9-шумақтың 4-тармағы 1905, 1907 жылғы қолжазбаларда – «Керегеңе қосылмай кетсін қаңғып». 1909, 1954, 1995 жылғы жинақтарда «Антұрғанға қосылмай кетсін қаңғып» болып беріледі. 1939 жылғы жинақта «Ант ұрғанға қосылма, кетсін қаңғып» деп берілсе, 1945 жылғыда – «Кезегенге қосылма, кел, кет қаңғып» нұсқасы алынған.
 
123) «Балалық өлді, білдің бе?» (1895). Бұл өлең алғаш 1909 жылғы кітапта басылған (1-бөлік. «Халық туралы»). Мүрсейіт көшірмелерінде бар (1906, 1907, 1910). Өлеңдегі 5-тармақ 1909 жылғы жинақта «Кім біледі, байқұстар». 1907 жылғы қолжазбада, 1995 жылғы жинақта – «Кім біледі, сен кәпір».
 
8-тармақ 1907 жылғы қолжазбада «Әлде, антұрған, кім білер» болып жазылған. Бұл тармақ 1909 жылғы жинақта – «Әлде, айланып, «кім білер». 
1957, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Әлде, айналып, кім білер».
 
9-тармақ 1957, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Боталы түйе секілді».
1907 жылғы қолжазбада, 1909 жылғы жинақта – «сықылды».
1933 жылғы жинақта 8-тармақта «Әлде айланып шыға алмай».
1939, 1945, 1954, 1957, 1961, 1995 жылғы жинақтарда «Әлде антұрған кім білер, Боталы түйе секілді» (Қорадан шықпай өлдің бе?)
9-тармақ 1933 жылғыда – «Боталы түйе сияқты».
 
Соңғы үш тармаққа қатысты 1939 жылғы жинақта «Бұл өлеңнің бірнеше жолындағы өзгеріс Мүрсейіт көшірмесі бойынша кіргізілді» деп сілтеме түсінігі берілді.
 
124) «Лай суға май бітпес қой өткенге» (1895). (Өлең алғаш 1909 жылғы кітапта «Ой бөлігі» бөлімінде басылған. Мүрсейіт көшірмелерінде жазылған (1906, 1907, 1910).
 
1907 жылғы қолжазбада 1-шумақтың 3-тармағы – «Сол қасқырша алақтап, түк таппадық». 1909, 1933, 1939, 1945, 1957, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «тап­падым».
 
3-шумақтың 4-тармағы 1909 жылғы жинақта «Оймен білген нәрсеміз бәрі – дәһрі» деп келген. 
1907 жылғы қолжазбада, 1933, 1945, 1954, 1957, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «нәрсенің бәрі – дәһрі».
 
4-шумақтың 4-тармағы 1907 жылғы қолжазбада, 1909 жылғы жинақта – «Талапты тағы да ойлап зор қылады». 1933, 1939, 1945, 1954, 1957, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Талпынып тағы да ойлап зор қылады». 
 
5-шумақтың 2-тармағы 1907 жылғы қолжазбада, 1933, 1945, 1954, 1957, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Сонда да оны ойламай қоя алмаймын» деп келген.
1909 жылғы жинақта «Сондан оны ойламай қоя алмаймын» деп берілсе, 2020 жылғы жинақ ‒ «Содан оны ойламай қоя алмаймын» нұсқасын береді.
 
5-шумақтың 1-тармағы 1909, 1933, 1954, 1977, 1995, 2020 жылғы жинақтарда «Көңілге шек, шүбәлі ой алмаймын». 1939, 1945 жылғы басылымдарда «Көңілге шек, шүбһалы ой алмаймын».
 
6-шумақтың 1-тармағы 1907 жылғы қолжазбада, 1909 жылғы жинақта «Мекен берген, халиқ қылған ол ләмәкан» болып жазылған. 1933 жылғы жинақта «Макан берген, халиқ қылған ламекен», 1939 жылғыда «Мәкен берген, халық қылған ол ламәкен».
1945 жылғы жинақта «Мәкән берген, халық қылған ол лә мәкән» болып берілсе, 1954, 1977 жылғы жинақтарда «Мекен берген, халық қылған ол лә мәкан». 1995 жылғы басылымда – «Халық қылған», «ләмәкан».
Бұл жинақта «Мекен берген, халиқ қылған Ол ләмәкән» деп берілді. «Ол» деп Жаратушыны айтып отырғандықтан бас әріппен жазылды.
 
125) «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» (1895). Бұл өлең алғаш 1909 жылғы кітапта «Ой туралы» бөлімінде басылған. Одан бөлек 1906, 1907, 1910 жылғы Мүрсейіт қолжазбаларында көшірме нұсқасы сақталған.
 
1-шумақтың 3-тармағы 1907 жылғы қолжазбада, 1945, 1954, 1957, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Мені» мен «менікінің» деген нұсқамен берілген болса, 1906 жылғы қолжазба мен 1909 жылғы жинақта «Мені» менен «менікінің» деп ­басылған. 
Ал 1933 жылғы басылымда «Мен менен менікінің», 1939 жылғыда – «Менімен менікінің» болып беріледі. 
«Мені» мен «менікі» деген ұғымдарды бөлек және тырнақшамен жазу арқылы Абайдағы «жан мен тән», «мені, менікі» ұғымдарының аражігін ажыратуға, философиялық тұрғыдан қарауға мүмкіндік береді. Сол себепті жинаққа енгізу барысында осы мәселелер жан-жақты қарастырылды.
 
Өлеңнің 4-шумақтың 1-тармағы 1909 жылғы кітапта – «Дүние дос ақиретке бірдей болмас» деп жазылған. 1906, 1907 жылғы қолжазбаларда, 1933, 1939, 1945, 1954, 1977, 1995, 2020 жылғы жинақтар бойынша «Дүниеге дос» болып берілді. 
 
Салыстыру жасалған нұсқаларда «махшар» ‒ «мәғшар», «ақырет» ‒ «ахірет» болып келген дыбыстық құбылулар бар. Жаңа басылымда «махшарға» деп берілді.
 
126) Әбдірахман өлгенде («Арғы атасы қажы еді») (1895). Өлең мәтіні Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907, 1910) сақталған. Алғаш 1933 жылғы толық жинақта «Құнанбайға Әбдірахман өлгенде» (178–179-беттер) деген атпен жарияланған. 
 
Өлеңнің 2-тармағы 1933 жылғы жинақта «Бейістен татқан шербетті» деп келеді. Осы жол 1961 жылғы басылымда «Бейістен татқай шәрбәтті», 1977 жылғы жинақта «Бейістен татқан шәрбәтті»; 1907 жылғы қолжазбада және 1995 жылғы кітапта «Бейіштен татқан шәрбәтті» болып басылған. Бұл жинаққа «Бейіштен тат­қай» деп берілді.
 
127) Кешегі Оспан ағасы (1895). Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907, 1910) қағазға түскен. Өлең алғаш 1933 жылғы толық жинақта (180-бет) «Оспанға» деген атпен жарияланған. 
 
Мүрсейіт Бікіұлының 1907 жылғы көшірмесінде және Абайдың 1933 жылдан кейінгі басылымдарының бәрінде өлеңнің 8-жолы «Алысқанды денепті» болып жазылған. Дәл осы тармақ 1933 жылғы жинақта «Алысқанын денепті» деп басылған. Қолжазбаларда және 1995 жылғы жинақта «Қадірі қалың, малы көп» дейтін 13-тармақ 1933 жылғы басылымда «Қыдыры қалың, амалы көп», 1945 жылғы жинақта «Қыдыры қалың, малы көп», 1961, 1977 жылғы кітаптарда «Қадыры қалың, малы көп» боп жазылған. 
 
Өлеңнің тыныс белгілері түзетіліп, бұл жинаққа 1995 жылғы басылым бойынша алынды.
 
128) Кешегі өткен ер Әбіш (1895). Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907, 1910) жазылып қалған. Бұл өлең тұңғыш рет 1933 жылғы толық жинақта (179-бет) «Әбдірахман өлгенде» деген атпен басылған. 
 
Өлең мәтінін әр жылдардағы басылымдармен салыстырғанда, тыныс белгілері бойынша кемшіліктер кездескенімен, жекелеген сөздерде айырмашылықтар байқалмайды.
 
Бұл жинаққа 1995 жылғы басылым бойынша беріліп отыр.
 
129) Әбдірахман өлгенде («Тұла бойың ұят-ар едің») (1895). Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907) жазылған. Бұл туынды да «Әбдірахман өлгенде» деген атаумен алғаш 1933 жылғы басылымда (179–180-беттер) жарияланған. 
 
Мүрсейіт көшірмелерінде, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Тұла бойың ұят-ар едің» дейтін өлеңнің алғашқы жолы 1933, 1939, 1945, 1957, 1961 жылғы жинақтарда «Тұл бойың ұят, ар едің» деп беріліпті. 1907 жылғы қолжазбада «Ерлікке артық бар едің» деп келетін 5-тармақ кейінгі басылымдардың бәрінде «Ерлікке де бар едің» болып өзгертілген. 
 
130) Әбдірахман өліміне («Жиырма жеті жасында») (1895). Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907, 1910) сақталған. Алғаш 1933 жылғы толық жинақта (180–181-беттер) жарияланған. 
 
Бұл өлеңді Абай Әбдірахманның қазасына орай жоқтау ретінде жазған. 
1907 жылғы Мүрсейіт қолжазбасында «Жаңа жылдың басшысы –» деп берілген өлеңнің 13-шумағының бастапқы жолы 1933 жылғы жинақтан бастап барлық басылымдарда «Жаңа жылдың басшысы – ол» болып түзетілген. 
 
Мәтін бұл жинаққа 1995 жылғы басылым бойынша алынды.
 
131) Әбдірахман өліміне («Талаптың мініп тұлпарын») (1895). Мүрсейіт көшірмелерінде (1906, 1907, 1910) бар. Өлең тұңғыш рет 1933 жылғы жинақта (189-бет) басылған. 
 
1933, 1939, 1945 жылғы басылымдарда өлеңнің жазылған жылы 1896 деп көрсетілген. 1954 жылғы жинақтан бастап Әбдірахманға арналған жоқтау үлгісіндегі циклдік арнау өлеңдер 1895 жылы жазылған шығармалар қатарында басылған. 
 
Өлеңнің «…бенде едім», «Бенде өлмейді арманнан» деп келетін соңғы шумағының 2–3-тармақтары Мүрсейіттің 1907 жылғы көшірмесі мен 1995 жылғы жинақта «пенде» болып жазылған.
 
Өлең 1995 жылғы басылым бойынша берілді.
 
132) Әбдірахманға («Орынсызды айтпаған») (1895). Мүрсейіт көшірмелерінде (1906, 1907, 1910) сақталған. Бұл өлең алғаш 1939 жылғы жинақта (239-бет) жылы белгісіз өлеңдер қатарында жарияланған. 
 
Өлеңнің тыныс белгілеріне түзетулер жасалып, 1995 жылғы басылым бойынша берілді.
 
133) Әбдірахман өлген соң өзіне айтқан жұбатуы («Бермеген құлға қайтесің») (1895). Өлең мәтіні Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907, 1910) жазылған. Жазылған жылы белгісіз өлеңдер қатарында алғаш 1939 жылғы жинақта (240-бет) басылған. 
 
1907 жылғы Мүрсейіт қолжазбасында «Тағдырында тәбдил жоқ» деп келетін өлеңнің 2-шумағының 3-жолы және осы шумақтың «Қаһарман Әлі білекті» дейтін 8-тармағы Абайдың кейінгі басылымдарында «Тағдырына тәбдил жоқ», «Қаһарман Ғали білекті» боп өзгертілген. 
 
Жинаққа 1995 жылғы басылым бойынша беріліп отыр. 
 
134) Әбдірахманның әйелі Мағышқа Абайдың айтқан жұбатуы («Жылағанды тоқтатып») (1895). Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907, 1910) бар. Бұл өлең алғаш рет «Әбдірахманның келіншегі – Мағышқа Абайдың айтқан жұбатуы» деген атпен 1939 жылы жинақта (241–242-беттер) басылған. 
 
Әрхам Ысқақов «Абайдың өмір жолы» естелігінде Мағрифа – Мағыш туралы мынадай деректерді келтіреді: «Әбіш Түмен қаласындағы реальный школды төрт жыл оқып бітіріп келген соң, Абай баласының болашағы зор екенін танып, Петербор қаласына оқуға жібереді.
 
Әбіш онда төрт жыл оқып, офицер болып үйіне қайтады. Абай енді Әбішті үйлендірмек болады. Баласының ризалығымен сол Шығыс еліне келіп тұрып саудамен байыған татар Ысқақ дегеннің баласы Сүлейменнің Мағрифа деген қызын айттырып алып береді. Әбіш бір жаздай дем алады да, Алматыға қызметке жүрмекші болғанда Мағрифаны өзімен бірге алып кетеді. Бір жылдай Алматы қаласында қызмет істеп тұрып Әбіш демалыс алып елге келгенде, Мағрифа екіқабат болып қалған екен. Енді өз қолымызда босансын деп, Ділдә келіні Мағрифаны алып қалып Әбіш Алматыға жалғыз кетеді.
 
Әбіш кеткен соң екі-үш айдан кейін Мағрифа босанып қыз табады, атын Рақила қояды.
 
…Әбіштің қазасынан кейін Мағрифа сарғайып төсек тартып жатып қалды. Бір жылдай шамада қайғыдан о да қайтыс болды» (Абай туралы естеліктер, 146-бет).
 
Өлеңнің 19-жолы 1977 жылғы жинақта «Рәсулді алған бұл өлім» деп басылған. Осы тармақ Мүрсейіт көшірмелері мен Абайдың өзге жинақтарының бәрінде «Рәсүлді алған бұл өлім» болып жазылған. Бұл сөз «расулды» деп түзетіліп, өлең мәтіні 1995 жылғы басылымы бойынша берілді.
 
135) Әбдірахманның әйелі Мағышқа Абай шығарып берген жоқтау («Айналайын, құдай-ау») (1895). Мәтін Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907, 1910) бар. Бұл өлең алғаш «Әбдірахман өлгенде, соның әйелі Мағышқа Абай шығарып берген жоқтау» деген атпен 1939 жылғы кітапта (243–246-беттер) төрт тармақтан бөлініп жарияланған. 
 
Өлеңнің 1-шумағының 6-жолы 1907 жылғы Мүрсейіт көшірмесінде «Қайғы отына ашылған», 8-тармағы «Қапалықты асыраған», 2-шумақтың 4-тармағы «Шыққалы бір мен қарнынан» болып жазылған. Бұл тармақтар Абайдың кейінгі басылымдарының бәрінде «Қайғы отына ашынған», «Қапалықты асырған», «Шыққалы ана қарнынан» деп түзетілген. 
 
1939 жылғы жинақта 5-шумақтың 3-жолына көп нүкте қойылып, «бұл арада қалған жолдар болу керек» деген сілтеме түсінік беріледі. Осы шумақтың 8-тармағы 1907 жылғы көшірме қолжазбада «Енді айтып шыққан үн», 1939 жылғы кітапта «Ойымды айтып шыққан күн» деп берілсе, кейінгі басылымдарда «Барымды айтып шыққан үн» болып өзгерген. Өлеңнің 1907 жылғы Мүрсейіт көшірмесі мен 1939 жылғы басылымында «Жалғанда болмас сүйеніш» деп келетін 8-шумағының 4-тармағы соңғы жинақтарда «Жалғанда болмас жұбаныш» болып түзетілген. 
 
Өлең мәтіні бұл басылымында 1995 жылғы жинақ бойынша берілді.
 
136) Көз жұмғанша дүниеден (1895). Өлең алғаш 1933 жылғы толық жинақ­та (232–233-беттер) «Әкімбай өлгенде» деген атпен «жылы белгісіз өлеңдер» қа­тарында жарияланған. 1939 (235–236-беттер), 1945 (261–262-беттер) жылғы басылымдарда да осы атаумен жазылған жылы беймәлім өлеңдер қатарында басылады. 
 
1957, 1977 жылғы жинақтарда «Баласы өлген анаға Абай шығарып берген жоқтау» деген тақырыппен жарияланып, жазылған жылы 1895 деп көрсетіледі. 1961 жылғы біртомдық толық жинақта «Абайдың баласы Әкімбайды жоқтауы» деп беріледі. 
 
Әрхам Ысқақовтың «Абайдың өмір жолы» деген көлемді естелігінде: «Абайдың Әкімбай деген баласын Ысқақ бала ғып алып, сегіз жасында Ысқақтың қолында өлген» (152-бет), – деген деректі келтіреді. 
 
Өлеңнің кімге арналғандығы жайында нақты мәліметтер жоқ. 
 
Абайтанушы Қ. Мұқамедханов: «Шындығында бұл өлеңді алғаш рет 
М. Әуезов 1925 жылы Семейде шығып тұрған «Таң» журналының 2-санында «Бір немере інісі өлгенде» деген атпен жариялаған» (7-бет), – дей келе, бұл туындыны Абай ағасы Тәңірбердінің баласы Мақұлбайдың қазасына арнап жазғандығын айтады. Ғалым «Ана тегің ондағы, Өзен судың тұнығы» дегенде, Мақұлбайдың нағашысы Кенжеғұлдың Сыбан руының белді биі болғандығын алға тартады. Ал зерттеуші А. Омаров «Әкімбайға» жырының қилы тағдыры» мақаласында: «Ақшоқыда Абай мен інісі Ысқақтың ауылдары өте жақын орналасқан ғой. Мінеки, сол Ысқақтың бала көтермеген әйелі Мәніке Әкімбайды меншіктеп бауырына салып алады, ол қайтыс болғанда, әрине, осы үйден шығарылған. Ел «Абай жолы» эпопея­сынан білетін ерке де адуынды Мәніке өмірде де өр мінезді, шақпа тілді бәйбіше болған. Жұртшылық оның тілі мен кәрінен қорқып, «Әкімбай Абайдың баласы» дегенді тісінен шығармаған. Тек қана «Абайдың немере інісі» дескен екен. Мұхтар Әуезовтің «Бір немере інісі өлгенде айтқаны», – дейтіні содан. …Өлең Әкімбайдың жылдық асында 1875 жылы жазылған», – деп, шығармада «бауыр еті баласына емірене алмай, бар болғаны «немере інім» деп өткен, баласының жанында тек соңғы күндер, соңғы сағатта болған әкенің күйік-зары бар» (Абай әлемі сайтында) деп топшылайды. 
 
Өлеңнің 9-шумағы «Таң» журналында (73-бет) және 1933, 1995 жылғы жинақтарда «…Ием қабыл алды-ау деп» болып басылса, кейінгі басылымдардың бәрінде «…Ием қабыл алды-ақ деп» болып өзгерген. «Таң» журналында «Күнәлі көңілім түйтпеді-ай» дейтін 12-шумақ Абайдың барлық жинақтарында «Күнәлі нәпсім түтпеді-ай» деп беріледі. «Таң» журналы мен 1995 жылғы жинақта «Ата тегің мұндағы», «Ана тегің ондағы» дейтін 13, 14-шумақтар өзге басылымдардың бәрінде «Ата тегі мұндағы», «Ана тегі ондағы» болып басылған. 
 
Өлең мәтіні бұл жинаққа 1995 жылғы басылым бойынша беріліп отыр.
 
137) «Махаббат, достық қылуға, кім де болса тең емес» (1895). 1909 жылғы кітаптың «Переводтар» деп аталған 15-бөлігінде «перевод Лермонтовтан» деген өлеңдер тобында басылған. 
 
1907 жылғы қолжазбада «Переуот Лермонтовтан».
1933 жылғы жинақта «(Лермонтовтан)» деп көрсетілді.
1940 жылғы жинақта «Лермонтовтан» деп айтылмайды.
1945 жылғы жинақта (183-бет): «Махаббат, достық қылуға» болып басылған (183-бет) Лермонтовтан екендігі күмәнді делініпті.
 
1957 жылғы жинақтың II томында өлеңді Абайдың өз шығармасы деп санаған жөн болатындығы айтылған. 1977 жылғы жинақта бұл өлең Абайдың өз шығармасы ретінде басылған.
 
Бұл жаңа жинақта да өлеңді Абайдың төл туындысы ретінде берілді.
 
138) «Рахат, мені тастап, қоймадың тыныш» (1895). Бұл өлең Мүрсейіт Бікіұлының 1907 жылғы көшірмесінде «Переуот Лермонтовтан» деп берілген. 1909 жылғы жинақтың «Переуодтар» бөлігінде берілгенде кімнің шығармасынан аударма екендігі айтылмайды.
 
Орысша түпнұсқаның мәтіні:
Хоть давно изменила мне радость,
Как любовь, как улыбка людей,
И померкнуло прежде, чем младость,
Светило надежды моей,
Но судьбу я и мир презираю,
Но нельзя им унизить меня,
И я хладно приход ожидаю
Кончины иль лучшего дня.
Словам моим верить не станут,
Но клянуся в нелживости их:
Кто сам был так часто обманут,
Обмануть не захочет других.
Пусть жизнь моя в бурях несется,
Я беспечен, я знаю давно,
Пока сердце в груди моей бьется,
Не увидит блаженства оно.
Одна лишь сырая могила
Успокоит того, может быть,
Чья душа слишком пылко любила,
Чтобы мог его мир полюбить». 

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы