Абайдың өлеңдері

Әр жылдары жазылған өлеңдерінің толық нұсқасы

Өлеңдері мен аудармалары

1892

* * *

Не іздейсің, көңілім, не іздейсің? (91)
Босқа әуре қылмай, шыныңды айт.
Шарқ ұрып, тыныштық бермейсің,
Сырласалық, бермен қайт.

Абұйыр, атақ сол жанда
Кімді көп жұрт мақтаса.
Ол мақтаудан не пайда,
Көп мақтауын таппаса?

Көп тәңірі атқан мақтай ма,
Ол тәңірі атқан болмаса.
Жоқты-барды шатпай ма,
Көптің өзі оңбаса?

Мақтау – жел сөз жанға қас,
Қошеметшіл шығарған.
Бір мақтаса, боқтамас
Ел табылса, құмарлан.

Жұрттың бәрі сөз сатқан,
Сатып алып не керек?
Екі сөзді тәңірі атқан –
Шыр айналған дөңгелек.

Сатып алма, сөз сатса,
Ол асылды аңдамас.
Біләткенің байы – ақша,
Ер жақсысын таңдамас.

Мен мақтанның құлы емес,
Шын ақылға зорлық жоқ.
Антұрған көп пұл емес,
Өлім барда қорлық жоқ.

Өмір, дүние дегенің
Ағып жатқан су екен.
Жақсы-жаман көргенің,
Ойлай берсең, у екен.

 

* * *

 

Жүрегім, ойбай, соқпа енді! (92)
Бола берме тым күлкі.
Көрмейсің бе, тоқта енді,
Кімге сенсең, сол – шикі.

Жетім қозы – тас бауыр,
Түңілер де отығар.
Сорлы жүрек мұнша ауыр
Неге қатты соқтығар?

Сенісерге жан таба алмай,
Сенделеді ит жүрек.
Тірілікте бір қана алмай,
Бұл не деген тентірек?

Жоқ деп едің керегің,
Топ жиып ең бір бөлек.
Кезек келер демедің,
Ендігі керек қай керек?

 

* * *

 

Қайғы шығар ілімнен, (93)
Ыза шығар білімнен.
Қайғы мен ыза қысқан соң,
Зар шығады тілімнен.
Қайтіп қызық көремін
Әуре-сарсаң күнімнен?
Қайрылып қарап байқасам,
Ат шаба алмас мінімнен.

Қайғылы, қартаң біздей шал
Қарай берсең, қайда жоқ?
Есер, есірік болмасаң,
Тіршіліктен пайда жоқ.

Ақыл бітпес дәулетке,
Дәулет бітпес келбетке.
Болымсыз қулық тойымсыз
Болды балаң жөргекте.
Ішімен жау боп, сыртымен
Кім тояр қылған құрметке?
Кеңшілікте туған жоқ
Шықсын деген жел бетке.
Тарлықта қанша тайпалса,
Қадірі болмас, әлбетте.

Сыйласа елің ұлықтап,
Араласаң қызықтап,
Қызық пенен тыныштыққа
Қазақ тұрмас тұрықтап.
Қаңқылдап біреу ән салса,
Біріне бірі жуықтап.
Тебінісіп қамалар,
Тоқтатып болмас сырықтап.
Түзу бол деген кісіге
Түзу келмес ырықтап.
Сырдаң тартып қашады,
Ұстайсың қайтіп құрықтап?

Ел жайын біліп қансаңыз,
Айтайын құлақ салсаңыз:
Кейбіреуі дүрсіп жүр,
Жер тәңірісіп кер мағыз.
Кейбіреуі – зәкүншік,
Оңдырмассып, берсе арыз.
Кейбірі пірге қол берген,
Іші залым, сырты абыз.
Кейбірі қажыға барып жүр,
Болмаса да қаж парыз.
Мұсылмандық ол ойлап,
Өтеген қашан ол қарыз?

Дәулеті жоқ бурыл шаш,
Үйіңе кет, топтан қаш!..
Ағайынның ішінен
Шыға қалса тай-талас,
Партия жиып, мал сойса,
Бата оқисың, жейсің бас.
Басалқа сөз сенде жоқ,
Айтқан сөзің «малың шаш».
Итше індет тілемей,
Жат үйіңде, өлсең де аш!

Ойлап-ойлап қарасам,
Осындай шал қайда жоқ?
Қозғау салып қоздырғыш
Кезбе шалдан пайда жоқ.

 

ОСПАНҒА

 

Жайнаған туың жығылмай, (94)
Жасқанып жаудан тығылмай,
Жасаулы жаудан бұрылмай,
Жаужүрек, жомарт құбылмай,
Жақсы өмірің бұзылмай,
Жас қуатың тозылмай,
Жалын жүрек суынбай,
Жан біткеннен түңілмей,
Жағалай жайлау дәулетің
Жасыл шөбі қуармай,
Жарқырап жатқан өзенің,
Жайдақ тартып суалмай,
Жайдары жүзің жабылмай,
Жайдақтап қашып сабылмай,
Жан біткенге жалынбай,
Жақсы өліпсің, япырмай!

 

* * *

Кешегі Оспан – (95)
Бір бөлек жан,
Үйі – базар, түзі – той.
Ақша, нәрсе
Ала берсе,
Ат та мінсе, көнді ғой.

«Ала берден»,
«Келе көрден»
Бір күн басын бұрды ма?
Келді қаптап,
Алды сап-сап,
Кетті мақтап, тұрды ма?

Жауға – мылтық,
Досқа ынтық,
Жан асар ма осыдан?
Қорықпай өтті,
Жанға жетті,
Арман етті досынан.

Ел тамағын,
Жұрт азабын
Жеке тартқан кетті гүл.
Сондай ерді –
«Ала берді»
Табар енді біздің ел!

Өлді Оспан,
Кетті шопан,
Енді кім бар бақ қонар?
Ұрла-қарла,
Жұртты шарла,
Ойла, барла – не болар?

Жұрт тынымсыз,
Бәрі ұғымсыз,
Енді оларға сөз де жоқ.
Сырты абыз бар,
Желқабыз бар,
Алты ауыз бар – өзге жоқ.

 

* * *

 

Күлімсіреп аспан тұр, (96)
Жерге ойлантып әр нені.
Бір себепсіз қайғы құр
Баса ма екен пендені?

Қапамын мен, қапамын,
Қуаныш жоқ көңілде.
Қайғырамын жатамын,
Нені іздеймін өмірде?

Қайтты ма көңіл бетімнен,
Яки бір қапыл қалдым ба?
Өткен күнге өкінбен,
Әм үміт жоқ алдымда.

Іздегенім тәтті ұйқы,
Дүниені ұмытып.
Өлімнің суық тым сыйқы,
Тұрсын өмір жылытып.

Көз ұйқыда, ой тыншып,
Дем алып жатсын көкірек.
Кім таласса, кім ұрсып,
Көрсем оны – сол керек.

Өзім аулақ бетінен,
Бір орында оңаша,
Дүние деген не деген –
Қыла жатсам тамаша.

Мансап іздер, мал қуар,
Бәрі мақтан іздеген.
Мақтанынан не туар,
Ыза қылып өзгеден?

 

* * *

 

Сұрғылт тұман дым бүркіп, (97)
Барқыт бешпент сулайды.
Жеңіменен көз сүртіп,
Сұрланып жігіт жылайды.

Әйелмісің, жылама,
Тәуекел қыл құдаға!

Өлең айт,
Үйге қайт!

Атаңды анаң азғырып,
Тұрғызбаған бейішке.
Алласы оны жазғырып,
Әкелді бастап кейіске.

Әйелде ешбір опа жоқ,
Бүгін – жалын, ертең – шоқ.

Белді бу,
Бетті жу!

1892-1893

ТҰТҚЫНДАҒЫ ПОЛЯК ЖАНДАРАЛЫНЫҢ СӨЗІ

 

(А. Мицкевичтен)

 

Дүрілдеген нажағай, (98)
Бұрқыраған жауынның
Ашылмағы бар ма басынан
Бағы қайтқан қауымның?
Мен орманға барғанда,
Неше түрлі гүл ұстап
Қайтушы едім қолыма.
Гүлдер түгіл бұл күнде
Шөп тағы жоқ маңымда.

* * *

Ысытқан, суытқан (99)
Бойыңды бір көңіл.
Дүниені ұмытқан
Құмарың тозар, біл.

Әуелгі кезінде
Қайтпаған көңілдің,
Есептеп өзің де,
Түрінен өмірдің.

Бір жақсы күнім деп,
Қызығын сөйлесіп.
Артынан «ол нем?» деп,
Ұялып кезнесіп1.

Бір ақымақ әңгіме
Сықылды көрінер.
Онысын өңгеге
Айтуға ерінер.

Айтуға білсе, ерінбес,
Надандықпен жеңілмес.
Білген кісі айтса оған,
Надандығы кемімес.

_________________

1 Қысылу, қызару мағынасында.

 

* * *

 

Бойы бұлғаң, (100)
Сөзі жылмаң
Кімді көрсем, мен сонан
Бетті бастым,
Қатты састым,
Тұра қаштым жалма-жан.

Өз ойында,
Тұл бойында
Еш міні жоқ пендесіп,
Түзде мырзаң,
Үйде сырдаң,
Сөзі қылжаң еркесіп.

Бас құрасып,
Мал сұрасып,
Бермегенмен кетісер.
Адам аулап,
Сыпыра саулап,
Байды жаулап жетісер.

Сөз қыдыртқан,
Жұрт құтыртқан,
Антын, арын саудалап.
Бұтты-шатты,
Үй санатты
Байдан атты алмалап.

Кедейі – ер,
Кеселі зор,
Малды байдан сорлы жоқ.
Аш көмектің,
Жемдемектің,
Босқа әлектің орны жоқ.

Ел қағынды,
Мал сабылды,
Ұрлық, өтірік гуде-гу.
Байы – баспақ,
Биі саспақ,
Әулекі аспақ сірә қу.

Ақы берген,
Айтса көнген,
Тыныштық іздер елде жоқ.
Аққа тартқан,
Жөнге қайтқан,
Ақыл айтқан пенде жоқ.

Әз тұтуға,
Сыйласуға
Қалмады жан бір татыр.
Сыпыра батыр,
Пәле шақыр,
Болдың ақыр тап-тақыр.

Су жұғар ма,
Сөз ұғар ма,
Сірә жалмаң желбуаз?
Айтты – көндім,
Алды – бердім,
Енді өкіндім – өзіме аз.

 

* * *

 

Жақсылық ұзақ тұрмайды, (101)
Жамандық әр кез тозбайды.
Үміттің аты еліріп
Қос тізгінді созбайды.
Қос тепкіні салсаң да,
Уайымнан озбайды.
Бір қайғыны ойласаң,
Жүз қайғыны қозғайды.
Жер қорығыш желгек шал
Желіп жүріп боздайды.

Құрсаған бұлт ашылмай,
Аспанның жүзі көгермес.
Үрпейген жүрек басылмай,
Талапты көңіл елермес.
Шырайды қайғы жасырмай,
Күлкінің ерні кезермес.
Шыдасаң есті қашырмай,
Құлдатып, қор ғып жібермес.

Кез келсе қайғы қат-қабат,
Қаңғыртпай қоймас адамды.
Қасиетсіз туған – о да жат,
Күңкілдеп берер сазаңды.
Бәрінен де сол қымбат,
Қайтерсің өңкей наданды.
Сыпыра батыр, сұм құрбәт1
Мақтанмен алды мазамды.

________________

1 قربت – (араб.) [қурбәт] – жақындық, туысқандық.

 

БАЙМАҒАМБЕТКЕ ҚАТЫНЫНЫҢ АТЫНАН
ШЫҒАРЫЛҒАН

 

Әжінің жақсы-ақ қызы едім, (102)
Жетістірем деп алды.
Тілеуін түзден тілесе,
Баста мені неге алды?
Сол желіккеннен желігіп,
Жынды сары жоғалды.
Ойбайлаған болайын-ай,
Жоқтамасам, обал-ды.

 

* * *

 

(М. Ю. Лермонтов сарынымен)

 

Ал, сенейін, сенейін, (103)
Айтқаныңа көнейін.
Шалма ораған сопының
Ішін арам демейін.
Ақ көңілді әділ жан
Табылар деп көрейін.
Я сүйсе, я күлсе,
Елжірейін, төнейін.

Жаралы көңіл жазылар,
Дүниеде рахат бар шығар.
Жақсы адам деген құры сөз
Емес шығар, табылар.
Өткен өмір – көрген түс
Не қылса да бір болар.
Деп нанып ем «маған нан»,
Не таптым мен нанғаннан?
Жүрегімді қан қылды
Өткен өмір, өлген жан.
Ақыл іздеп, ізерлеп,
Бәрін сынап сандалған.
Бірін таппай солардың,
Енді ішіме ой салған.
Тұла бойды улатты,
Бәрі алдағыш сұм жалған.

Басыңа тиді, байқадың,
Бәрінен басты шайқадың.
Тағы бар ма айтарың?
Нанғыш болсаң, енді нан!

 

* * *

 

(Дж. Байрон – М. Ю. Лермонтовтан)

 

Көңілім менің қараңғы. Бол, бол, ақын!(104)
Алтынды домбыраңмен келші жақын.
Ішек бойлап он саусақ жорғаласа,
Бейіштің үні шығар қоңыр салқын.

Егер сорым түбімен әкетпесе,
Керек қой көңілді үміт тебірентсе.
Қатып қалған көзімде бір тамшы жас
Төгілмей ме, бой жылып, о да ерісе?!

 

* * *

 

(И. В. Гете – М. Ю. Лермонтовтан)

 

Қараңғы түнде тау қалғып, (105)
Ұйқыға кетер балбырап.
Даланы жым-жырт, дел-сал қып,
Түн басады салбырап.

Шаң шығармас жол дағы,
Сыбдырламас жапырақ.
Тыншығарсың сен дағы,
Сабыр қылсаң азырақ.

 

* * *

 

(М. Ю. Лермонтовтан)

 

Өзіңе сенбе, жас ойшыл, (106)
Тіл өнері дертпен тең.
Көңілдің жүгін қиял қыл,
Ызаға тұтқын бой мең-зең.

Қасиет тұтып, ойға ұмтыл,
Қан қайнап, қуат егілсін!
Онан гөрі еңбек қыл,
Улы сусын төгілсін!

Ойлай берсең, ой деген
Не қызыққа келер кез.
Кісі айтпаған, білмеген
Күй әдемі, тәтті сөз.

Тыңдама оны, ұмыт сен,
Бүркен-дағы, бар да жат.
Тамылжытып айтқанмен,
Қыла алмассың сен қымбат.

Кез болсаң қайғы, я зарға
Құрсатса тілді ұмтылтып,
Алып шықпа базарға,
Асаудайын бұлқынтып.

Қайғы-дертің мейлі мың,
Саудаға салмақ өзіңе ар.
Жаныңа түскен жараның
Іріңін нетсін надандар.

Біліп оған не керек,
Ішіңнен қайғы жемесең,
Жалтандаған жас жүрек
Байғұс-ай десін демесең.

Өз бойыңа болып сақ
Жан-жағыңа қараңдар!
Күн көріп жүр күліп-ақ
Сенен басқа жарандар.

Олардың да ешбірін
Қайғы аман қойған жоқ шығар.
Ойлап, байқап көр түрін,
Таттырмап па дүние зар?

Күлкі болма, қой, жаным,
Сен бүйтесің, ол қайтті?
Олар көрген арманын
Кімге шақты, кімге айтты?

 

* * *

 

(И. А. Буниннен)

 

Қорқытпа мені дауылдан, (107)
Дүрілдеп тұрса тау мен сай.
Шатырлап тұрған жауыннан
Жарқылдап тұрса түскен жай.

Көк торғындай аспан-көк,
Білемін, жайнап ашылар.
Исі аңқыған бәйшешек
Түрленіп жерді жасырар.

Қорқытпайды қар мен мұз,
Өзге нәрсе қорқытты.
Ойсыз, доссыз, бақытсыз,
Жыбырлақпен өмір өтті.

Сондықтан қайғы қат-қабат,
Қарап тұрмын сендерге.
Атасы басқа, өзі жат,
Жалғыз жанша жат жерде.

ТҮСІНІКТЕР

91) «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің» (1892). «Бұл өлең алғаш 1909 жылғы кітапта басылған (3-бөлік. «Өзі туралы»).


Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907, 1910) бар.

Өлеңдегі 6-шумақтың 3-тармағы 1933 жылғы басылымында «Білеткенің бәрі ақша»; 1945, 1954, 1961, 1977 жылғы жинақтарда – «Б… байы»; 1909, 1939, 1995 ж.ж. – «Біләткенің байы – ақша» болып беріліп келеді. 8-шумақтың 1939, 1945, 1954, 1961, 1957, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Ойлай берсең, у екен» деген соңғы тармағы 1933 жылғы кітапта – «Ойламай берсең у екен».


Өлең бұл басылымында 1909 жылғы жинақ бойынша алынды.

 

92) «Жүрегім, ойбай, соқпа енді» (1892). Бұл өлең де 1909 жылғы кітапта басылған (3-бөлік. «Өзі туралы»).


Мүрсейіт Бікіұлының 1907 жылғы қолжазбасында Абайдың шығармалар жинағында (1909, 1903, 1945, 1954, 1957, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарында) бөлек өлең болып басылым көріп келе жатқан «Алла деген сөз жеңіл» өлеңімен бір шығарма есебінде көшіріліпті.


1909 жылғы жинақта шумаққа бөлінбей 16 тармақ болып берілген өлеңдегі «Сенделеді ит жүрек» тармағын қадім жазуын қазіргі қаріпке көшірушілер бірде «ит жүрек», бірде «ет жүрек» деп алып жүр. Ескі жазудың дауысты дыбыстар қо­йылмайтын ерекшелігі – Абай сөзінің әр басылымда әр басқа болып берілуінің бір басты себебі. Осыны «ет жүрек», «ит жүрек» тіркестері және бір айғақтап тұр.


2016 жылғы жинақта (Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т. 1: Өлеңдер мен аудармалар. 2016 – 296-бет) осы тіркеске қатысты түзету жасалғандығы айтылған.


«Өлеңнің үшінші шумағының бастапқы екі жолы 1909 жылғы кітапта (37-бет):
Сенісерге жар таба алмай,
Сенделеді ет жүрек, –
деп басылса, 1977 жылғы жинақта:
Сенісерге жан таба алмай,
Сенделеді ит жүрек, –
деп қате басылған. «Ет жүрек» боп түзетілді» (2016, 1-том, 252-б.). 1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1957, 1961, 1977 жылғы жинақтарда – «Сенделеді ит жүрек». 1995 жылғы жинақта – «Сенделеді ет жүрек». Бұл кітапта «ит жүрек» деп алынды.

Өлең тыныс белгілеріне қатысты жекелеген түзетулер енгізіліп берілді.


93) «Қайғы шығар ілімнен» (1892). Өлең 1909 жылғы кітапта «Заманақыр жастары» өлеңіне жалғанып, жұлдызшамен бөлініп 19-реттегі шығарма есебінде бірге басылған (1-бөлік. «Халық туралы»).


Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1910) мәтіндік нұсқасы сақталған.

3-шумақтың 4-тармағы 1906 жылғы қолжазбада, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977 жылғы жинақтарда – «Болды балаң жөргекте».
1909, 1933, 1995 жылғы жинақтарда – «Болады балаң жөргекте».


4-шумақтың соңғы тармағы 1906 жылғы қолжазбада «Тоқтатпасаң құ­рық­тап?». 1909, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Ұстайсың қайтіп құрықтап?». 1933 жылғы жинақта – «Ұстай алмайсың құрықтап». Бұл кі­тап­та 1909 жылғы нұсқасы алынды.


Бұл шумақ 1906 жылғы қолжазбада 14 тармақ боп берілген.
«Қайғылы, қартаң, біздей шал,
Қарай берсең қайда жоқ».
Бұл екі тармақ 1909, 1933, 1939, 1945, 1995 жылғы жинақтарда жоқ.

1909 жылғы жинақта «Кейбіреуі дүріп жүр» болып жазылған 5-шумақтың 3-тармағы 1933, 1939, 1945, 1954, 1957, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтар бойынша «дүрсіп» деп алынды. Бұл тармақ 1906 жылғы көшірме қолжазбада – «Кейбіреуі дұрыс жүр».


1909 жылғы жинақтағы «Өтілген қашан ол қарыз?» деген осы шумақтың соңғы тармағы 1906 жылғы қолжазба мен 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтар бойынша «Өтеген қашан ол қарыз?» деп өзгертілді.


6-шумақтың 5-тармағы 1909, 1954 жылғы жинақтарда – «Партия жиып, мал сойып».
1906 жылғы қолжазбада, 1933, 1939, 1945, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтар­да – «Партия жиып, мал сойса».


1906 жылғы қолжазбада, 1933, 1939, 1945, 1954, 1957, 1961, 1977, 1995 жылғы басылымдарда «Итше індет тілемей» болып жазылған 6-шумақтың 9-тармағы
1909 жылғы жинақтағы «Итше иттен тілемей» нұсқасымен берілді.


Өлең бұл басылымда тыныс белгілері түзетіліп берілді.

94) Оспанға («Жайнаған туың жығылмай») (1892). Өлең Мүрсейіт көшірмелерінде (1906, 1907, 1910) сақталған. Тұңғыш рет 1933 жылғы толық жинақта (158-бет) жарияланған.

Абай бұл өлеңді кенже інісі Оспан қайтыс болғанда жазған.


1933 жылғы басылымда өлең екі шумаққа бөлініп берілген. Өзге басылымдар мен Мүрсейіт қолжазбаларында шумақтарға бөлінбей, тұтас қалпында келеді.

Өлең мәтіні 1995 жылғы жинақ бойынша тыныс белгілері түзетіліп берілді.

95) Кешегі Оспан («Кешегі Оспан – бір бөлек жан») (1892). Өлең мәтіні Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907, 1910) бар.

Бұл өлең де алғаш 1933 жылғы толық жинақта (159-бет) жарияланған. Абайдың Оспан өліміне арнап жазған екінші өлеңі.

Тұрағұлдың естелігінде бұл шығарма «Бойы бұлғаң, сөзі жылмаң» өлеңінің аяғы екендігі айтылады. Мүрсейіт көшірмелері мен 1939 жылғы жинақтан өзге басылымдардың бәрінде алты тармақтан қайырылып, шумақтарға бөлініп берілген.

1907 жылғы қолжазба нұсқада 1-шумақтың 4-тармағы «Ақша, берсе» боп жазылған. Бұл сөз кейінгі жинақтардың бәрінде «Ақша, нәрсе» деп түзетілген. Дәл осы көшірме қолжазба мен 1961 жылғы жинақта 2-шумақтың 4-жолы «Кетті қаптап» деп берілген. Бұл тармақ кейінгі басылымдарда (1933, 1939, 1945, 1954, 1977, 1995) «Келді қаптап» деп өзгертілген. Өйткені дәл осы шумақтың 6-тармағында «Кетті мақтап тұрды ма?» деп «кетті» сөзі қайталанып келеді.

Мүрсейіттің 1907 жылғы қолжазбасы мен кейінгі басылымдардың барлығында «Жеке тартқан кетті гүл» деп келетін 4-шумақтың 3-тармағы 1995 жылғы жинақта «Жеке тартқан кетті ер» болып өзгертілген. Аталмыш басылымның түсінігінде «гүл» сөзі өлеңнің мазмұны мен ұйқасына қиыспайтындығы айтылады. Бұл жинаққа қолжазба бойынша қалдырылды.


Өлең мәтіні бұл жинаққа Абай шығармаларының әр жылдардағы басылымдарымен салыстырылып берілді.

96) «Күлімсіреп аспан тұр». Мүрсейіт қолжазбалары мен кейінгі басылымдарда (1940, 1945, 1954, 1977, 1995) жинақтарда ғана жарияланған. Мүрсейіт қолжазбаларында бұл туынды «Лермонтов» деген тақырыппен көшірілсе, ал, 1957 жылғы жинақта «М. Ю. Лермонтовтан» деген атпен басылған. Өлеңнің басында М. Лермонтов шығармасынан аударылғаны көрсетілгенімен де, қай туындысынан тәржімаланғаны ашып айтылмаған. 1940 жылғы жинақта: «Бұл өлең қолжазбада Лермонтовтан делінген. Лермонтовтан аударылуы ықтимал, бірақ Лермонтовтың қай шығармасынан аударғаны мәлімсіз», деп қысқа қайырылған (1940 жылғы жинақ, 261-бет). 1954 жылғы жинақта: «Соңғы кезде бұл өлеңнің оригиналы М. Ю. Лермонтовтың «Выхожу я один на дорогу» деген шығармасы екендігі анық­талды. Абай оны екінші шумағынан бастап аударған екен… Осы төрт шумақты Абай жалпы мазмұнын сақтап еркін аударған», – деп (1954 жылғы жинақ, 309-бет), орысша төрт шумақ берілген.

2-шумақтың екінші тармағы Мүрсейіт қолжазбалары мен 1945, 1954 жылғы жинақтарда «Қуаныш жоқ көңілімде» деп берілген. Қалған басылымдарда (1940, 1977, 1995, 2020) «Қуаныш жоқ көңілде» деп жарияланған.


3-шумақта келетін «Өткен күнге өкінбен» деген үшінші тармақ 1977 жылғы жинақта «Өткен күйге өкінбен» деп басылған.


Соңғы шумақтың үшінші тармағында келетін «Мақтанынан не туар» дегендегі соңғы сөз 1940 жылғы кітапта «тұрар» деп қате берілген.


97) «Сұрғылт тұман дым бүркіп» (1892). Өлең алғаш рет 1933 жылғы басылымда жарық көрген. 1945 жылғы кітапта өлеңнің жазылу себебі туралы: «Бұ да Оспан өлімі жайлы жазылған өлең сияқты. Негізі Мүрсейіт қолжазбасынан алынған», – деп жазылса, 1933, 1954, 1961 жылғы жинақтарда: «Бұл шығарма «Не осенний мелкий дождичек» (сөзі А. А. Делвигтікі, музыкасы М. И. Глинканікі) жалпы мағынасы ғана сақталып өте еркін аударылған», – деп берілген (1954 жылғы жинақ, 300-бет) (1961 жылғы жинақ, 631-бет). 1995 жылғы академиялық басылымда: «Шындығында мұны жартылай аударма деп бағалаған жөн», – деп көрсетсе (1995 жылғы жинақ, 304-бет), бұл басылымда: «…Мазмұны мүлде бөлек. Сондықтан аударма емес, төл шығармалары қатарында берілуі керек» (Т. Шапай) деген қисынды пікір негізге алынып, өлең Абайдың төл шығармасы есебінде берілді.

Алғашқы шумақтың бірінші жолы 1933 жылғы кітапта «Сұрғыл» деп басылған. Қалған басылымдардың бәрінде «Сұрғылт» деп берілген.


Осы шумақтың бесінші жолы 1933, 1945, 1954, 1961 жылғы басылымдарда «әйелмісін» деп берілсе, 1939, 1995 жылғы жинақтарда «әйелмісің» деп басылған.

2-жолдың екінші жолында келетін «бейіш» деген сөз 1933 жылғы латын әліппесінде жарық көрген басылымда «бейіс» деп берілген. Екі түрлі жазылғанымен де, мағынасы бір сөз. Осы өлеңнің текстологиясын зерделеген Қ. Мұқамедханов: «Біз Абай «бейіс» деген түрін қолданған десек онда Абай өлеңінің ұйқасы да мүлтіксіз болып шығады. Жоғарыда айтылған қаусырма ұйқасты бір шумақ өлеңнің екінші жолының аяғы «бейіске» (бейішке емес) болып бітсе, төртінші жолдың аяғы өзі де «кейіске» болып бітіп тұр. Осылай болғанда Абай өлеңінің көркемдік түрі мүлтіксіз болып шығады», – деп жазады (1959 жыл, 61-бет).


98) «Тұтқындағы поляк жандаралының сөзі» («Дүрілдеген нажағай») (1892). Өлең алғаш рет 1933 жылғы жинақта басылған.


1945 жылғы жинақтың түсінігінде өлеңге қатысты мынадай анықтама ­берілген:
«Тұтқындағы поляк жандаралының сөзі» (1892) – бұл өлеңнің кімнен аударылғаны әзірше анықталмады. Өзі Пушкин, Лермонтов не Мицкевич сарынына жақын. Бұл өлең тұңғыш рет Абайдың 1933 жылғы жинағында (160-бет) 1940 жылғы баспасының ІІ томында басылды (88-бет)» (430-б.).


1954 жылғы басылымда екінші томның аяғында «Негізгі нұсқасы белгісіз өлеңдер» деген бөлімде орналастырылып, «Түсініктер» бөлімі мен мазмұнында «Жылы анық емес өлеңдер» деп көрсетілген.


Абай түпнұсқадағы үш шумақ өлеңнің алғашқы екі шумағын еркін аударған.
В АЛЬБОМ С. Б.
«Дни благодатные прошли,
Когда поля пестрели чудно,
Когда цветы везде росли…
Теперь цветок найти мне трудно.
Ненастье, бури и тоска…
На ниве, где завыла вьюга,
Не вижу я нигде листа,
Чтобы сорвать его для друга.
Все, что нашел – дарю такой.
Листок не должен затеряться:
Он подан дружеской рукой,
Он дар последний, – может статься».
(Сочинения А. Мицкевича под. ред. П. Н. Полевого, перевод Минаева, Сиб. 1882. Т. Стр. 336).

1995 жылғы жинақта: «Дүние жүзі әдебиеті кітапханасының» екінші сериясындағы А. Мицкевич шығармалары топтастырылған томда (32) бұл өлеңнің тағы сол «С.Б. альбомына» деген тақырыппен Семен Кирсанов аударған жаңа нұсқасы берілген. Оның мәтіні мынадай:
«Дни миновали счастливые, нет их.
Было цветов – сколько сердце захочет.
Легче нарвать было сотни букетов,
Нежели ныне цветочек.
Ветер завыл, и дожди заструились,
Трудно найти средь родимого луга,
Трудно найти, где цветы золотились
Лист для любимого друга.
Будь же довольна осенним листочком,
В дружеской был он руке, хоть не ярок,
Будь ему рад, наконец, и за то, что
Это последний подарок».
Өлең арналған альбом иесі – поляк ақыны Юлиуш Словацкийдің шешесі Саломея Бекю деген әйел. Өлең 1824 жылы қарашаның 24-і күні Москвадан жер аударылар алдында жазылған», – деп, ескерту берілген (1995 жылғы жинақ, 307-бет).

Өлең 1995 жылғы жинақ бойынша тыныс белгілеріне түзетулер жасалып ­берілді.

99) «Ысытқан, суытқан бойыңды бір көңіл» (1893). Бұл өлең 1909 жылғы кітапта басылған (4-бөлік. «Ғашықтық туралы»).


Мүрсейіт көшірмелерінде (1906, 1907, 1910) бар.

Бұл өлең Мүрсейіт Бікіұлының 1907 жылғы қолжазбасында «Қызарып, сұрланып» өлеңімен бір шығарма болып жазылған.


1909 жылғы жинақта бұл өлең жеке 5 шумақ өлең болып беріледі. Кейінгі басы­лымдарында да (1957, 1977, 1995, 2020 жылғы жинақтарда) бөлек алынып ­келеді.

Өлең 1909 жылғы жинақ бойынша берілді.


100) «Бойы бұлғаң, сөзі жылмаң» (1893). Өлең алғаш 1909 жылғы кітапта басылған (1-бөлік. Халық туралы).


Мүрсейіт қолжазбаларына (1906, 1907, 1910) берілген.

Бұл жаңа басылымында 6-шумақтың 3-тармағына түзету енгізілді. Сірә – сыпыра; жалмаң – жылмаң болып алынды.

 

101) «Жақсылық ұзақ тұрмайды» (1893). Өлең алғаш 1909 жылғы кітапта басылған (5-бөлік. Ой туралы).


Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1910) мәтіндік нұсқасы сақталған.

Әр шумағы сегіз жолдан қайырылып отыратын үш шумақ – жиырма төрт жол өлең 1933 жылғы жинақта сегіз жолды шумақ төрт жолды шумақпен келіп, үш шумақ өлең алты шумақ болып шыққан. 1909 жылғы кітаптағы соңғы шумақтың «Мақтанмен алды мазамды» дейтін ақырғы жолы 1933 жылғы жинаққа кірмей қалған.


1939 жылғы жинақта бастапқы сегіз жолды шумақтың соңына 1906 жылғы Мүрсейіт көшірмесіндегі:
«Жер қорығыш желгек шал
Желіп жүріп, боздайды», –
деген екі жол қосылады.

1977 жылғы жинақта да өлеңнің 2-шумағына 1909 жылғы жинақта жоқ осы 2 тармақ қосылып берілгені айтылады.

Өлеңдегі 1-шумақтың 3-тармағы 1909, 1933 жылғы кітаптарда – «Үміттің аты еліріп». 1906 жылғы қолжазбада, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Үміттің аты елеріп». Бұл жинақта осы нұсқа алынды.


1909 жылғы жинақта – «Қанша тікі салсаң да» деп келген 2-шумақтың 1-тармағы 1906 жылғы қолжазба, 1933, 1961, 1977 жылғы жинақтар бойынша «Қос тепкіні салсаң да» деп берілді. 1939, 1945, 1954, 1995 жылғы жинақтарда – «Қанша тепкі салсаң да».

1909 жылғы жинақта бұл тармақ берілмеген.

2-шумақтың 4-тармағы 1906 жылғы қолжазбада – «Талаптың көңілі елермес».
1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Талапты көңіл елермес».


3-шумақтың 3-тармағы 1906 жылғы қолжазбада, 1909, 1933, 1939, 1945, 1995 жылғы жинақтарда «Қасиетсіз туған – о да жат». 1954, 1961, 1977 жылғы кітаптарда – «ол».


1909 жылғы жинақта соңғы шумақтың 7-тармағы «Сірә батыр сұм құрбәт». 1906 жылғы қолжазбада, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Сыпыра батыр сұм құрбәт». Бұл тармақ қолжазба бойынша қалдырылды.


102) Баймағамбетке қатынының атынан шығарылған («Әжінің жақсы-ақ қызы едім») (1893). Өлең алғаш рет 1933 жылғы жинақта (163–164-беттер) басылған. Бұл басылымда: «Әжінің жақсы-ақ қызы едім» дегенді жаңағы қара қатынның атынан Баймағамбетке: «Сенің қатының осылай деп отыр» деп бір күні тысқа шығып, қайта үйге келгенде айтып кірді», – деп түсінік берілген (1933 жылғы жинақ, 326-бет).

Абайдың осы және «Қара қатынға» өлеңі Баймағамбет пен оның әйелі Тілебалдының жанжалдаса беретініне қаратып айтылғандығы, Абайдың Баймағамбетке ашуланғаны туралы келіні Кәмәлияның естелігінде баяндалады (Абай туралы естеліктер, 388-бет).

Өлеңнің алғашқы жолы 1933, 1995 жылғы жинақтардан басқа басылымдардың бәрінде «Ажынның жақсы-ақ қызы едім» деп басталады. Мәтін бұл жинаққа
1995 жылғы басылым негізінде берілді.

103) «Ал, сенейін, сенейін» (1893). Өлең алғаш 1909 жылғы жинақта басылған (3-бөлік. Өзі тұғралы).


Абай бұл өлеңді М. Ю. Лермонтовтың «Исповедь» атты шығармасынан еркін аударып, жалпы мазмұнын сақтаған.

Абайда 28 жол, Лермонтовта көлемі бірдей екі шумақтан тұратын 24 жол.

Орысша түпнұсқасы автордың көзі тірісінде жарық көрмей, тұңғыш рет 1859 жылғы «Отечественные записки» журналында басылған.

Кәкітай Ысқақұлы 1909 жылғы жинақтың алғысөзінде келтірген «Келгендей жүрегімді қал қылды» деп басталған 12 тармақ үзінді 1909 жылғы кітапта да,
1995 жылғы жинақта да жоқ.

Зәки Ахметов бұл өлеңнің М. Ю. Лермонтовтың «Исповедь» атты туындысының еркін аудармасы екендігін айтады.

Өлең 1907 жылғы қолжазба және 1909, 1933, 1939-40, 1945, 1954, 1961 жылғы жинақтарда Лермонтовтан деп көрсетілмейді.

1957, 1961, 1995 жылғыларда Лермонтовтан деп берілген.

Бұл өлеңді аударма өлең деп Мұхтар Әуезов көрсетеді. Абай шығармаларының

1939–1940 жылдары жарық көрген екі томдық толық жинағында алғаш рет Абайдың аударма шығармаларына, 53 өлеңге арнайы түсінік беріледі.
Осында «Ал сенейін, сенейін» өлеңіне: «25. Лермонтовтың «Исповедь» деген поэмасының үзіндісі. Лермонтовтың бұл өлеңінің басқа жерлерін Абай аударды ма, аудармады ма мәлімсіз» деп қысқаша тоқталып өткен (Әуезов М. Т.15, 207-бет).

Бұл басылымында өлеңнің 2020 жылғы жинақтағы «Өткен адам, өлген жан» болып басылған 18-тармағы «Өткен өмір, өлген жан» болып түзетілді.

Өлеңнің орысша түпнұсқасы:
ИСПОВЕДЬ
Я верю, обещаю верить,
Хоть сам того не испытал,
Что мог монах не лицемерить
И жить, как клятвой обещал;
Что поцелуи и улыбки
Людей коварны не всегда,
Что ближних малые ошибки
Они прощают иногда,
Что время лечит от страданья,
Что мир для счастья сотворен,
Что добродетель не названье
И жизнь поболее, чем сон!..
Но вере теплой опыт хладный
Противоречит каждый миг,
И ум, как прежде безотрадный,
Желанной цели не достиг;
И сердце, полно сожалений,
Хранит в себе глубокий след
Умерших, но святых видений,
И тени чувств, каких уж нет;
Его ничто не испугает,
И то, что было б яд другим.
Его живит, его питает
Огнем язвительным своим.

104) «Көңілім менің қараңғы. Бол-бол, ақын» (1893). «Шығарманың мәтіні 1909 жылғы жинақ пен Мүрсейіт қолжазбалары бойынша, кейінгі басылымдармен салыстырылып алынды.


М. Ю. Лермонтовтың «Еврейская мелодия» атты шығармасының аудармасы. Ал Лермонтов Байронның осы аттас («Му soul is dark» «Моя душа темна») өлеңінен еркін аударған. Орысша нұсқасы ақынның көзі тірісінде, 1889 жылы, «Отечественные записки» журналында басылып, кейін өз жинақтарына енгізілген.


Абай осы өлеңнің алғашқы сегіз жолын аударған. Әрі қарай аударған-аудармағаны белгісіз, өйткені қолжазба сақталмаған.

1933 жылға дейінгі жинақтарда «бол бол, ақын» деген тіркес сөздер» «бұлбұл, ақын» болып жүрген. 1945 жылғы біртомдықта Мүрсейіт қолжазбасы бойынша «бол-бол, ақын» деп түзетіліпті.

Өлеңнің Абай аударған орысша нұсқасы:
ЕВРЕЙСКАЯ МЕЛОДИЯ
(из Байрона)
Душа моя мрачна. Скорей, певец, скорей!
Вот арфа золотая:
Пускай персты твои, промчавшися по ней,
Пробудят в струнах звуки рая.
И если не навек надежды рок унес,
Они в груди моей проснутся,
И если есть в очах застывших капля слез —
Они растают и прольются.

­Пусть будет песнь твоя дика. Как мой венец,
Мне тягостны веселья звуки!
Я говорю тебе: я слез хочу, певец,
Иль разорвется грудь от муки.
Страданьями была упитана она,
Томилась долго и безмолвно;
И грозный час настал — теперь она полна,
Как кубок смерти, яда полный.

Өлеңге 1907 жылғы қолжазбада «Пушкиннің переуоты» деген тақырып қой­ылған.


1909 жылғы жинақта (Лермонтов сөзі. Байроннан көшірілген) деп берілді.
1933 жылғы жинақта (Лермонтов – Байронаннан) деп берілген.
1995 жылғы жинақта (Дж. Байрон – М. Ю. Лермонтовтан) болып келеді.

1-шумақтың 4-тармағы 1909, 1995 жылғы жинақтарда – «Бейіштің үні шығар қоңыр салқын» деп жазылған. 1907 жылғы қолжазбада – «Бейістің».

2-шумақтың 2-тармағы 1907 жылғы қолжазбада – «Керек қой көңілді үміт тебірентпесе».
1909, 1995 жылғы жинақтарда – «тебірентсе».

2 -шумақтың 4-тармағы 1909 жылғы жинақта – «Төгілмей ме, бой жылып, о да ерісе?!»

1907 жылғы қолжазбада, 1995 жылғы жинақта – «ол да».

Бұл басылымында 1909 жылғы жинақ негізінде «о да» болып алынды.

1939–1940 жылдардағы екітомдықта «Еврей күйі» (І том, 89-бет) деген тақырып берілген. Кейінгі басылымдарда бұл тақырып алып тасталып, өзге аудармалары сияқты («Лермонтовтан») деген тақырыппен беріліп келеді.

105) «Қараңғы түнде тау қалғып» (1893). Бұл өлең М. Ю. Лермонтовтың «Из Гете» деген өлеңінің аудармасы.


1909 жылғы литографияда екінші шумақтың алғашқы екі жолы:
Шаңдай алмас жол-дағы,
Сыбдырламас жапырақ, –
деп берілген. Осы екі тармақ 1933 жылғы басылымда:
Шаң шығармай жолдағы,
Секілді емес жапырақ», –
деп, «шығармай», «секілді емес» деп басылған. Қалған басылымдарда:
Шаң шығармас жол дағы,
Сыбдырламас жапырақ, –
деп басылған.


Осы шумақтың үшінші тармағы 1933 жылғы кітапта «Тұншығарсын» деп берілсе, 1945, 1954, 1961 қалған жинақтарда «Тыншығарсын» деп жазылған. 1995 жылғы академиялық жинақта осы сөз «Тыншығарсың» деп басылған.

Осы өлеңнің аудармасы соңғы басылымдарда (1995) түпнұсқаға жақын түрде берілген деуге негіз бар.

106) «Өзіңе сенбе, жас ойшыл» (1893). Өлең алғаш рет 1909 жылғы жинақта басылды. Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907) бар.


М. Ю. Лермонтовтың «Не верь себе» атты туындысының аудармасы. Абай түпнұсқаны көп өзгертпей, жалпы мазмұнын сақтай отырып, 8–7 буынды жыр үлгісімен еркін аударған.

Лермонтов өлеңі алғаш рет ақынның көзі тірісінде, 1839 жылы, «Отечественные записки» журналында басылып, кейін өз жинағына енгізілген.
Орыс тіліндегі мәтін:
НЕ ВЕРЬ СЕБЕ
Не верь, не верь себе, мечтатель молодой,
Как язвы бойся вдохновенья…
Оно — тяжелый бред души твоей больной
Иль пленной мысли раздраженье.
В нем признака небес напрасно не ищи:
То кровь кипит, то сил избыток!
Скорее жизнь свою в заботах истощи,
Разлей отравленный напиток!

Случится ли тебе в заветный, чудный миг
Открыть в душе давно безмолвной
Еще неведомый и девственный родник,
Простых и сладких звуков полный,—
Не вслушивайся в них, не предавайся им,
Набрось на них покров забвенья:
Стихом размеренным и словом ледяным
Не передашь ты их значенья.

Закрадется ль печаль в тайник души твоей,
Зайдет ли страсть с грозой и вьюгой,—
Не выходи тогда на шумный пир людей
С своею бешеной подругой;
Не унижай себя. Стыдися торговать
То гневом, то тоской послушной,
И гной душевных ран надменно выставлять
На диво черни простодушной.

Какое дело нам, страдал ты или нет?
На что нам знать твои волненья,
Надежды глупые первоначальных лет,
Рассудка злые сожаленья?
Взгляни: перед тобой играючи идет
Толпа дорогою привычной;
На лицах праздничных чуть виден след забот,
Слезы не встретишь неприличной.

А между тем из них едва ли есть один,
Тяжелый пыткой не измятый,
До преждевременных добравшийся морщин
Без преступленья иль утраты!..
Поверь: для них смешон твой плач и твой укор,
С своим напевом заученным,
Как разрумяненный трагический актер,
Махающий мечом картонным…

15-інші бөлім. Переводтар бөлімінде 11-өлең ретімен тұр. Аударма кімнен екені айтылмаған.

107) «Қорқытпа мені дауылдан» (1893). Өлең алғаш рет 1909 жылғы жинақта жарияланған. Мүрсейіт Бікіұлының 1907 жылғы қолжазбасында «Бунин» деген тақырыппен берілген. 1933 жылғы жинақта Пушкиннен аударылды деп көрсетілген 1940 жылғы басылымда Лермонтовқа сілтеме жасалған.


1945 жылғы жинақта бұл өлеңнің Буниннен аударылғаны көрсетілген.

1-шумақтың 3-тармағы 1909 жылғы жинақта – «Шарттап тұрған жауыннан». 1995 жылғы жинақта – «Шатырлап».


Өлең 1995 жылғы жинақ бойынша берілді.

Өлеңнің орысша нұсқасы:
Не пугай меня грозою;
Весел грохот вешних бурь!
После бури над землею
Светит радостней лазурь.
После бури, молодея,
В блеске новой красоты,
Ароматнее и пышнее
Распускаются цветы!
Не страшит меня ненастье,
Горько думать, что пройдет.
Жизнь без горя и счастья
В суете дневных забот…

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы