Абайдың өлеңдері

Әр жылдары жазылған өлеңдерінің толық нұсқасы

Өлеңдері мен аудармалары

1888

* * *

Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол, (38)
Қаза көрген жүрегі жаралы – ол.
Көзінің жасын тыймай жылап жүріп,
Зарланып неге әнге салады ол?

Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл,
Қыз таныстыр – қызыққа жұрт ыржаңшыл.
Қынаменде1, жар-жар мен беташар бар,
Өлеңсіз солар қызық бола ма гүл?

Бала туса, күзетер шілдехана,
Олар да өлең айтар шулап жана2.
Бұрынғы жақсылардан өрнек қалған,
Биде тақпақ, мақал бар, байқап қара.

Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойлансаңшы, бос қақпай елең-селең.

Өлеңді айтпақ түгіл, ұға алмайсың,
Айтсаң да, үддасынан3 шыға алмайсың.
Сен білмейді екен деп айтпасын ба,
Неге мұнша сіресіп құп алмайсың?

Өлең деген – әр сөздің ұнасымы,
Сөз қосарлық, орайлы жарасымы.
Сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе,
Оған кімнің ұнасар таласуы?

Қарны тоқ хаса4 надан ұқпас сөзді,
Сөзді ұғар көкірегі болса көзді.
Қадірін жақсы сөздің білер жанға,
Таппай айтпа оған да айтар кезді.

Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан,
Нең кетеді жақсы өлең сөз айтқаннан?
Сүйсінерлік адамды құрмет қыл
Аулақ бол әнін сатып нәрсе алғаннан.

Көп топта сөз танырлық кісі де аз-ақ,
Ондай жерде сөз айтып болма мазақ.
Біреуі олай, біреуі бұлай қарап,
Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ.

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау.
Әттең дүние-ай, сөз таныр кісі болса,
Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау!

Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ.
Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,
Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ.

_______________________

1 Қынаменде – ойын, қызықтың бір түрі, қына жағу (1933 жылғы жинақтың сілтеме түсінігі – ред.)
2 Жана – және
3 عده – (араб) [уддә] – шек, шегі деген сөз. Бұл арада ауыспалы мағынада. Яғни шегіне
жетер, жеріне жеткізу деген ұғымда колданылған
4 خاص – (араб) [хас] – ерекше, айрықша

 

КҮЗ

 

Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан, (39)
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.
Тойғаны ма, білмеймін, тоңғаны ма,
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.

Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айрылған ағаш, қурай.

Біреу малма1 сапсиды, салып иін2,
Салбыраңқы тартыпты жыртық киім.
Енесіне иіртіп шуда жібін,
Жас қатындар жыртылған жамайды үйін.

Қаз, тырна қатарланып қайтса бермен,
Астында ақ шомшы3 жүр, ол бір керуен.
Қай ауылды көрсең де, жабырқаңқы,
Күлкі-ойын көрінбейді, сейіл-серуен.

Кемпір-шал құржаң қағып, бала бүрсең,
Көңілсіз қара суық қырда жүрсең.
Кемік сүйек, сорпа-су тимеген соң,
Үйде ит жоқ, тышқан аулап, қайда көрсең.

Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы,
Тұман болар, жел соқса, шаң-тозаңы.
От жақпаған үйінің сұры қашып,
Ыстан қорыққан қазақтың құрысын заңы.
__________________
1 Малма – теріні илер алдында салатын ақ (сүт, айран).
2 Иі – тері илеу үшін арнайы дайындалатын қоспа түрі.
3 Ақ шомшы – Арқаның егін екпейтін қазақтары орыс жерлерінен мал айырбастап астық алады. Сондағы олардың түйелері керуен емес (өйткені керуенде жүк болуы керек), тек астық артқан «шом» ғана бар. Мұны керуен демейді, «шом» дейді (Әуезов М. Абайтану дәрістері, 43-бет).

 

* * *

 

Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай (40)
Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай.
Ерте барсам жерімді жеп қоям деп,
Ықтырмамен күзеуде отырар бай.

Кедейдің өзі жүрер малын бағып,
Отыруға отын жоқ үзбей жағып.
Тоңған иін жылытып, тонын илеп,
Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып.

Жас балаға от та жоқ тұрған маздап,
Талтайып қақтана алмай, өле жаздап.
Кемпір-шалы бар болса, қандай қиын,
Бір жағынан қысқанда о да азынап.

Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі,
Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі?
Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,
О да қылған кедейге үлкен сыйы.

Қар жауса да, тоңбайды бай баласы,
Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.
Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,
Ағып жүріп ойнатар көздің жасы.

Бай үйіне кіре алмас тұра ұмтылып,
Бала шықса асынан үзіп-жұлып,
Ық жағынан сол үйдің ұзап кетпес,
Үйген жүктің күн жағын орын қылып.

Әкесі мен шешесі баланы аңдыр,
О да өзіңдей ит болсын, азғыр-азғыр.
Асын жөндеп іше алмай қысылады,
Құрбысынан ұялып өңшең жалбыр.

Жалшы үйіне жаны ашып ас бермес бай,
Артық қайыр артықша қызметке орай.
Байда мейір, жалшыда пейіл де жоқ,
Аңдыстырған екеуін құдайым-ай!

Алса да аяншақтау кедей сорлы,
Еңбек білмес байдың да жоқ қой орны.
Жас бала, кемпір-шалын тентіретпей,
Бір қыс сақта, тас болма сен де о құрлы.

 

ҚЫС

 

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, (41)
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап, келіп қалды.
Дем алысы – үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң – қыс келіп, әлек салды.
Ұшпадай1 бөркін киген оқшырайтып,
Аязбенен қызарып ажарланды.
Бұлттай қасы жауып екі көзін,
Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды.
Бурадай бұрқ-сарқ етіп долданғанда,
Алты қанат ақ орда үй шайқалды.
Әуес көріп жүгірген жас балалар,
Беті-қолы домбығып, үсік шалды.
Шидем2 мен тон қабаттап киген малшы
Бет қарауға шыдамай теріс айналды.
Қар тепкенге қажымас қайран жылқы
Титығы құруына аз-ақ қалды.
Қыспен бірге тұмсығын салды қасқыр,
Малшыларым, қор қылма итке малды.
Соныға малды жайып, күзетіңдер,
Ұйқы өлтірмес, қайрат қыл, бұз қамалды!
Ит жегенше Қондыбай, Қанай3 жесін,
Құр жібер мына антұрған кәрі шалды.
________________
1 Ұшпа – бұлт, шоқ-шоқ болып жөңкіген бұлт
2 Шидем – жүннен тоқылған жылы сырт киім
3 Қондыбай, Қанай – ру аттарымен аталатын, жерінің шөбін жылқыға жалдайтұғын ауылдар

 

КҮЛЕМБАЙҒА

 

Уағалайкүмүссәләм, (42)
Болыс, мал-жан аман ба?
Мынадайға кез болдың
Аума-төкпе заманда.
Ел билеген адам жоқ
Ата менен бабаңда.
Болыстықтан пайда қып,
Шығыныңды алсаң жаман ба?
Қалжыңдаймын әншейін,
Оған келе де бермес шамаң да.

Орныңнан тұра шабасың,
Атшабар келсе қышқырып.
Ояз келсе қайтер ең,
Айдаһардай ысқырып?
Отырасың үйіңде,
Өз-өзіңнен күш кіріп.
Босқа-ақ түсіп қаларсың,
Біреу кетсе үшкіріп!..

 

КӨКБАЙҒА

 

Бұралып тұрып, (43)
Буыны құрып,
Қисайта тартып мұрынын.
Әсемсіп, сәнсіп,
Білгенсіп, бәлсіп,
Әр нәрсенің орынын.

Керенау, кердең, бір керім,
Жақпайды маған сол жерің.

 

* * *

 

Желсіз түнде жарық ай, (44)
Сәулесі суда дірілдеп,
Ауылдың жаны терең сай,
Тасыған өзен күрілдеп.

Қалың ағаш жапырағы
Сыбырласып өзді-өзі,
Көрінбей жердің топырағы,
Құлпырған жасыл жер жүзі.

Тау жаңғырып, ән қосып
Үрген ит пен айтаққа.
Келмеп пе еді жол тосып
Жолығуға аулаққа?

Таймаңдамай тамылжып,
Бір суынып, бір ысып,
Дем ала алмай дамыл қып,
Елең қағып, бос шошып.

Сөз айта алмай бөгеліп,
Дүрсіл қағып жүрегі,
Тұрмап па еді сүйеніп,
Тамаққа кіріп иегі?

 

* * *

 

Ішім өлген, сыртым сау, (45)
Көрінгенге деймін-ау:
Бүгінгі дос – ертең жау,
Мен не қылдым, япырмау?!
Өз үйінде өзендей
Күркірейді, айтса дау.
Кісі алдында кірбеңдеп,
Шабан, шардақ және шау.
Мұндай ма едің ана күн,
Мұның қалай, батыр-ау?
Үш күн арқаң босаса,
Бола қалдың бас асау.
Жан қысылса, жайтаңдап,
Жанды еріткен жайдары-ау.
Жан жай тапса, сен неге
Жат мінезсің жабырқау?
Ұрлық пенен қулыққа
Байлағанда, кестің бау.
Берерменде бесеусің,
Аларманда және алтау.
Топ болғанда көресің
Түрлі дауды жүз тарау.
Аяғында сендейлер
Көрмей жүр ме ханталау?
Қайтып кірер есікті
Қатты серіппе, жарқын-ау!
Жетілсең де, жетсең де,
Керек күні бір бар-ау.

 

* * *

 

Болыс болдым, мінеки, (46)
Бар малымды шығындап.
Түйеде қом, атта май
Қалмады елге тығындап.
Сүйтсе дағы елімді
Ұстай алмадым мығымдап.
Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап.
Әлсіздің сөзін салғыртсып,
Шала ұғамын қырындап.
Сыяз бар десе, жүрегім
Орнықпайды суылдап.
Сыртқыларға сыр бермей,
Құр күлемін жымыңдап.

Жай жүргенде бір күні
Атшабар келді лепілдеп:
«Ояз1 шықты, сыяз бар»,
«Ылау2» деп, «үй» деп дікілдеп.
Сасып қалдым, күн тығыз,
Жүрек кетті лүпілдеп.
Тың тұяқ күнім, сүйтсе де,
Қарбаңдадым өкімдеп.
Старшын3, биді жиғыздым:
«Береке қыл» деп, «бекін» деп,
«Ат жарамды, үй жақсы
Болсын, бәрің күтін» деп.
Қайраттанып халқыма
Сөз айтып жүрмін күпілдеп:
«Құдай қосса, жұртымның
Ақтармын осы жол сүтін» деп,
Қайраттысып, қамқорсып,
Сайманымды бүтіндеп.

Оңашада оязға
Мақтамаймын елімді,
Өз еліме айтамын:
«Бергем жоқ, – деп, – белімді».
Мақтанамын кісімсіп,
Оязға сөзім сенімді.
Көрсеттім деймін, ымдаймын
Кәдік қылар жерімді.
Сөз көбейді, ұлғайды,
Мақтанның көті көрінді.
Қазақты жеген қайратты «ер»
Ұрынды да берінді.
Әрлі-берлі тартысып,
Ісі арамы жеңілді.
Алқыны күшті асаулар
Ноқтаға басы керілді.
Үлкен-кіші ақының
Бәрі сөз боп терілді.
Қайрауы жеткен қатты би
Қайрылып нетсін көңілді.
Өз малым деп қойған мал
Иесіне берілді.
Ақылы жандар қамалап,
Кептірді сонда ерінді.
Арызшылар көбейді,
Болыстың көті шөмейді,
Қайтсін байғұс демейді,
Бір кептірмей терімді.

Күн батқанша шабамын
Әрлі-берлі далпылдап.
Етек кеткен жайылып
Ат көтіне жалпылдап.
Оязға жетсін деген боп,
Боқтап жүрмін барқылдап.
Кейбіреуге таяғым
Тиіп те кетті бартылдап.
Пысықтың көбі бұғып жүр,
Беттесе алмай шаңқылдап.
Ашылып омырау, күн ыстық,
Қойын кетті алқылдап.
Елі жөнді болыстар
Мақтанып жүр тарқылдап.
Күлкісі бөлек қарқылдап,
Үні бөлек сартылдап.
Сөйлесе кетсе бір жерде,
Ағыны қатты аңқылдап.
Оязға кірсе, өзгеден
Мерейі үстем жарқылдап.
Елің бұзық болған соң,
Ояз жатыр шартылдап.
Табаныңнан тозасың,
Құр жүгіріп тарпылдап.

Антұрғанмын өзім де,
Бір мінезбен өтпеймін.
Момындық күшті екенін,
Көрсем дағы күтпеймін.
Сыяздан соң елімді
Қысып алып кетпеймін.
Әуелде көтім бос кәпір,
Мықтыға не қып беттеймін?
Жуанды қойып, жуасты
Біраз ғана шеттеймін.
Ояз бардағы қылықты
Ояз жоқта етпеймін.
Кәкір-шүкір, көр-жерді
Пайда көріп ептеймін.
Мынау арам, тентек деп,
Еш кісіні теппеймін.
Өзімдік бол деп ел жиып,
Құрастырып, септеймін.
Бұзақының бүлігін
«Жақсы ақыл» деп, «құп» деймін.

Сүйегім жасық, буын бос,
Біраз ғана айлам бар.
Айлам құрсын, білемін –
Болыстықтың жолы тар.
Қайтіп көмек болады
Антұрған өңкей ұры-қар?
Көргенім әлгі, ойлашы,
Ұят, намыс, қалды ма ар?
Ендігі сайлау болғанда,
Түсе ме деп тағы шар,
Бұл күніме бір күні
Боламын ғой деймін зар.
Ақыл жеткен туғандар,
Бұл сөзімді ойлаңдар.
Кәтелешке4 көбейді,
Сөгіс естіп, тозды ажар.
Мынау елді ұстарлық
Кісі емеспін, кел, құтқар!
Қолдан келмес қорлыққа
Неге болдым мұнша іңкәр?
Ел жайылды, жетпей ме
Оязға да бір хабар?
Тағы бүйтіп кеттің деп
Қозғау салар, қолға алар.
Қатты қысым қылған соң,
Басым сотқа айналар.
Кірік болып түскен соң,
Көрген күнім не болар?
Өзіне мәлім, тентектер
Өз бетімен не табар?
Қағаз берер, қарманар,
Аяғында сандалар.

Бұрынғыдай дәурен жоқ,
Ұлық жолы тарайды.
Өтірік берген қағаздың
Алды-артына қарайды.
Өз қағазы өз көзін
Жоғалтуға жарайды.
Тауып алып жалғанын,
Қылмысыңды санайды.
Өзі залым закүншік
Танып алды талайды,
Көрмей тұрып құсамын
Темір көзді сарайды.

_________________

1 Ояз – уездің бастығы (АТС, 405-бет)
2 Ылау – әкімдерге тағайындалған ат, көлік (АТС, 597-бет)
3 Старшын – белгілі бір рулық топтарды басқару үшін сайланған адам (АТС, 459-бет)
4 Кәтелешке (орыс.) – каталошка, қылмыскерлерді қамайтын түрме, абақты (АТС, 251-бет)

 

* * *

 

Біреуден біреу артылса, (47)
Өнер өлшеніп тартылса,
Оқыған, білген – білген-ақ,
Надан – надан-ақ сан қылса.

Оқыған білер әр сөзді,
Надандай болмас ақ көзді.
Надан жөндіге жөн келмей,
Білер қайдағы шәргезді.

Надан қуанар, арсаңдар,
Таңырқап тұра қалсаңдар.
Татымды ештеме болмас,
Адамсып босқа талтаңдар.

Ақыл, қайғы жоқ онда,
Ісі жоқ – теріс пе, оң ба?
Тіленіп, телміріп, ізденіп,
Тиын ба, яки бір сом ба?

Ит көрген ешкі көзденіп,
Елерме жынды сөзденіп.
Жасынан үлгісіз шіркін,
Не қылсын өнер ізденіп.

Кісімсіп белгілі білгіш,
Біреуге сондай-ақ күлгіш.
Бұлықсып, бұлданып босқа,
Өзімшіл, оңбаған шерміш1.

Кісіде бар болса талап,
Отырмас ол бойын балап,
Жүрер, әрқайдан ізденер,
Алар өз сүйгенін қалап.

_________________

1 Шерміш – пасық, бақас, ұры-қар (АТС, 583-бет)

 

* * *

 

Мәз болады болысың, (48)
Арқаға ұлық қаққанға.
Шелтірейтіп орысың,
Шенді шекпен жапқанға.

Күнде жақсы бола ма,
Бір қылығы жаққанға?
Оқалы тон тола ма,
Ар-ұятын сатқанға?!

Күлмең қағып қасқайып,
Салынып ап мақтанға.
Таң қаламын қампайып,
Жоқты-барды шатқанға.

Үйі мәз боп, қой сойды
Шүйіншіге шапқанға.
Әуре қылды, салды ойды
Үйдегі тыныш жатқанға.

Еш нәрсе емес жұбанар
Ақыл көзбен баққанға.
Жас баладай қуанар,
Бір тәттіні татқанға.

Көзі барлар ойының
Күлер көтін ашқанға.
Қасиетін бойының
Бекер төгіп-шашқанға.

Қуанарлық қыз емес
Жылтырауық таққанға.
Өзгелерді, біз емес,
Түсірмекші қақпанға.

Осы да есеп бола ма
Ар, абұйыр тапқанға?
Миың болса жолама
Бос желігіп шапқанға.

Бір бес надан, оңбассың,
Нансаң, онын қосқанға.
Жасық, жаман болмассың,
Жамандықтан қашқанға.

Ол «болдым-ақ» дей берер,
Бұлғақ қағып басқанға.
Елең қағып елбірер,
Елертіп көзді аспанға.

Жайы мәлім шошқаның,
Түрткенінен жасқанба.
Бір ғылымнан басқаның
Кеселі көп асқанға.

Одан үміт кім қылар,
Жол табар деп сасқанда?
Үйтіп асқан жолығар
Кешікпей-ақ тосқанға.

 

* * *

 

Білімдіден шыққан сөз (49)
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге
Көкірегінде болсын көз.

Жүрегі – айна, көңілі ояу,
Сөз тыңдамас ол баяу.
Өз өнері тұр таяу,
Ұқпасын ба сөзді тез?

Әбілет басқан елерме,
Сөзге жуық келер ме?
Түзу сөзге сенер ме
Түзелмесін білген ез?

«Айтшы-айтшылап» жалынар,
Ұққыш жансып шабынар.
Ұқпай жатып жалығар
Ұйқылы-ояу бойкүйез.

Жас баладай жеңсікқой,
Байлаулы емес ақыл-ой.
Ойлағаны – айт пен той,
Ыржаң-қылжаң ит мінез.

Сұлу қыз бен я батыр
Болмаған соң, тәңірі алғыр,
Шығып кетер, я қалғыр,
Оған ақыл – арам без.

Жақсыға айтсаң, жаны еріп,
Ұғар көңіл шын беріп,
Дертті ішіне ем көріп,
Неге алтынды десін жез.

«Ой, тәңір-айшыл» кер есек,
Қулық, сұмдық, я өсек
Болмаған соң, бір есеп –
Мейлі қамқа, мейлі бөз.

 

СЕГІЗ АЯҚ

 
Алыстан сермеп, (50)
Жүректен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған;
Қиуадан шауып,
Қисынын тауып,
Тағыны жетіп қайырған –
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлеймін десең өзің біл.
 
Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі
Өрнегін сендей сала алмас.
Білгенге маржан,
Білмеске арзан,
Надандар бәһра1 ала алмас.
Қиналма бекер тіл мен жақ,
Көңілсіз құлақ – ойға олақ.
 
Басында ми жоқ,
Өзінде ой жоқ
Күлкішіл кердең наданның.
Көп айтса көнді,
Жұрт айтса болды –
Әдеті надан адамның.
Бойда қайрат, ойда көз
Болмаған соң, айтпа сөз.
 
Қайнайды қаның,
Ашиды жаның
Мінездерін көргенде.
Жігерлен, сілкін,
Қайраттан, беркін
Деп насихат бергенде,
Ұятсыз, арсыз салтынан
Қалғып кетер артынан.
 
Аулаққа шықпай,
Сыбырлап бұқпай,
Мейірленбес еш сөзге.
Пайдасыз тақыл,
Байлаусыз ақыл,
Атадан бала ойы өзге.
Санасыз, ойсыз, жарымес,
Өз ойында ар емес.
 
Тасыса өсек,
Ысқыртса кесек,
Құмардан әбден шыққаны.
Күпілдек мақтан
Табытын қаққан –
Аңдығаны, баққаны.
Ынсап, ұят, терең ой
Ойлаған жан жоқ, жауып қой.
 
Болма сен кекшіл,
Болсаңшы көпшіл,
Жан аямай, кәсіп қыл.
Орынсыз ыржаң,
Болымсыз қылжаң
Бола ма дәулет, нәсіп бұл?
Еңбек қылсаң ерінбей,
Тояды қарның тіленбей.
 
Егіннің ебін,
Сауданың тегін
Үйреніп, ойлап, мал ізде.
Адал бол – бай тап,
Адам бол – мал тап,
Қуансаң қуан сол кезде.
Біріңді, қазақ, бірің дос
Көрмесең, істің бәрі бос.
 
Малыңды жауға,
Басыңды дауға
Қор қылма, қорға, татулас.
Өтірік, ұрлық,
Үкімет зорлық –
Құрысын, көзің ашылмас.
Ұятың, арың оянсын,
Бұл сөзімді ойлансын.
 
Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық
Аздырар адам баласын.
Таласып босқа,
Жау болып досқа,
Қор болып, құрып барасың.
Өтірік шағым толды ғой,
Өкінер уақытың болды ғой.
 
Қулықты көргіш,
Сұмдықты білгіш
Табылар кісі жөндерге.
Үш-төрт жылғы әдетің
Өзіңе болар жендетің.
 
Ауырмай тәнім,
Ауырды жаным,
Қаңғыртты, қысты басымды.
Тарылды көкірек,
Қысылды жүрек,
Ағызды сығып жасымды.
Сүйеніп күлкі, тоқтыққа,
Тартыпты өнер жоқтыққа.
 
Қайратым мәлім,
Келмейді әлім,
Мақсұт – алыс, өмір – шақ.
Өткен соң базар,
Қайтқан соң ажар,
Не болады құр қожақ?!
Кеш деп қайтар жол емес,
Жол азығым мол емес.
 
Бір кісі мыңға,
Жөн кісі сұмға
Әлі жетер заман жоқ.
Қадірлі басым,
Қайратты жасым
Айғаймен кетті, амал жоқ.
Болмасқа болып қара тер,
Қорлықпен өткен қу өмір.
 
Сөзуар, білгіш,
Закүншік, көргіш
Атанбақ – мақсұт, мақтанбақ.
Жасқанып, қорқып,
Жорғалап, жортып,
Именсе елің, баптанбақ.
Қарғағанын жер қылмақ,
Алқағанын зор қылмақ.
 
Хош, қорықты елің,
Қорқытқан сенің
Өнерің қайсы, айтып бер.
Ел аңдып сені,
Сен аңдып оны,
Қылт еткізбей бағып көр.
Ойнасшы қатын болса қар,
Аңдыған ерде қала ма ар?
 
Көмексіз кезің,
Бір жалғыз өзің
Баға алмай, басың сандалар.
Бауырыңа тартқан,
Сырыңды айтқан
Сырласың сырт айналар.
Ол – қаны бұзық ұры, қар,
Қапысын тауып сені алар.
 
Басы-көзі қан боп,
Арқа-басы шаң боп,
Және тұрып жалпылдап,
Жығылып тұрып,
Буыны құрып,
Тағы қуып салпылдап –
Абұйыр қайда, ар қайда?
Әз басыңа не пайда?
 
Ит үрсе, бала
Таяғын ала,
Қуады итпен кектесіп.
Ұрысқансып «ой» деп,
«Ұят» деп, «қой» деп,
Үлкендер тыяр «тек» десіп.
Оны білсең, мұның не?
Мен де ұят іс қылдым де.
 
Білгенге жол бос,
Болсашы қол бос
Талаптың дәмін татуға.
Білмеген соқыр
Қайғысыз отыр,
Тамағы тойса жатуға.
Не ол емес, бұл емес,
Менің де күнім күн емес.
 
Ғылымды іздеп,
Дүниені көздеп,
Екі жаққа үңілдім.
Құлағын салмас,
Тіліңді алмас
Көп наданнан түңілдім.
Екі кеме құйырығын
Ұста, жетсін бұйрығың.
 
Жартасқа бардым,
Күнде айғай салдым,
Онан да шықты жаңғырық.
Естісем үнін,
Білсем деп жөнін,
Көп іздедім қаңғырып.
Баяғы жартас – бір жартас,
Қаңқ етер, түкті байқамас.
 
Жаяуы қапты,
Аттысы шапты,
Қайрылып сөзді кім ұқсын.
Іште дерт қалың,
Ауыздан жалын
Бұрқ етіп, көзден жас шықсын.
Күйдірген соң шыдатпай,
Қоя ма екен жылатпай?
 
Мамықтан төсек
Тастай боп кесек
Жамбасқа батар, ұйқы жоқ.
Сыбыр боп сөзі,
Мәз болып өзі,
    Ойланар елдің сыйқы жоқ.
Баяғы қулық, бір алдау,
Қысылған жерде – жан жалдау.
 
Атадан алтау,
Анадан төртеу,
Жалғыздық көрер жерім жоқ.
Ағайын бек көп,
Айтамын ептеп,
Сөзімді ұғар елім жоқ.
Моласындай бақсының
Жалғыз қалдым – тап шыным!
_________________
1 بهره – (парсы.) [бәһрә] – пайда, үлес, табыс.

 

* * *

 

Сәулең болса кеудеңде, (51)
Мына сөзге көңілің бөл.
Егер сәулең болмаса,
Мейлің тіріл, мейлің өл.
Танымассың, көрмессің,
Қаптаған соң көзді шел.
Имамсыздық намазда –
Қызылбастың1 салған жол.
Көп шуылдақ не табар,
Билемесе бір кемел?
Берекелі болса ел –
Жағасы жайлау ол бір көл.
Жапырағы жайқалып,
Бұлғақтайды соқса жел.
Жан-жағынан күркіреп
Құйып жатса аққан сел,
Оның малы өзгеден
Өзгеше боп өсер тел.
Берекесі кеткен ел –
Суы ашыған батпақ көл.
Құс қаңқылдап, жағалап,
Сулай алмас жазғы төл.
Оның суын ішкен мал
Тышқақ тиіп, аспас бел.
Көл деп оны кім жайлар,
Суы құрсын, ол бір – шөл.
Единица2 – жақсысы,
Ерген елі бейне нөл.
Единица нөлсіз-ақ,
Өз басындық болар сол.
Единица кеткенде,
Не болады өңкей нөл?
Берекеңді қашырма,
Ел тыныш болса, жақсы сол.
Рас сөзге таласып,
Ақжем болма, жаным, кел!

_________________

1 Қызылбастар – қызылбаши (түрк.) – Шах Исмаил бірінші тұсында көшпелі түріктерден құрылған Иран мемлекетінің әскери күші. Олар бастарына он екі қызыл жолақты сәлде киген. Парсы жұртын қызылбастар деп атау осыдан шыққан.

2 Единица (орыс.) – жалғыз, дара.

 

* * *

 

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, (52)
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,
Көңілінің көзі ашық, сергек үшін.

Түзу кел, қисық-қыңыр, қырын келмей,
Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей.
Шу дегенде құлағың тосаңсиды,
Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей.
Таң қаламын алдыңғы айтқанды ұқпай,
Және айта бер дейді жұрт тыным бермей.

Сөз айттым «Әзірет Әлі, айдаһарсыз»,
Мұнда жоқ алтын иек, сары ала қыз.
Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,
Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз.
Әсіре қызыл емес деп жиренбеңіз,
Түбі терең сөз артық, бір байқарсыз.

Батырдан барымташы туар даңғой,
Қызшыл да, қызықшыл да әуре жан ғой.
Арсыз, малсыз, ақылсыз, шаруасыз,
Елірмелі маскүнем байқалған ғой.
Бес-алты мисыз бәңгі1 күлсе мәз боп,
Қинамай қызыл тілді кел, тілді ал, қой!

Өлеңі бар өнерлі інім, сізге
Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге.
Өзге түгіл өзіңе пайдасы жоқ,
Есіл өнер қор болып кетер түзге.
Сәнқой, даңғой, ойнасшы, керім-кербез,
Қанша қызық болады өзіңізге?

________________
1 بانگ – (парсы.) [банг] – айқай-шу, дауыс; меңіреу, көк ми (1933 жылғы жинақтың сілте­ме түсінігі, 118-бет).

 

* * *

 

Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек, (53)
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, талапты, шыдамдылық,
Бұл – қайраттан шығады, білсең керек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі жақсы демек.
Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек.

 

* * *

 

Ғашықтық, құмарлық пен – ол екі жол, (54)
Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.
Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым,
Мен не болсам болайын, сен аман бол.

Көңілімнің рақаты сен болған соң,
Жасырынба, нұрыңа жан қуансын.
Бірге жаққан біреуге жақпаушы еді,
Сүйкімді тірі жанға неткен жансың?!

Ғашықтық келсе, жеңер бойыңды алып,
Жүдетер безгек ауру сықылданып.
Тұла бой тоңар, суыр үміт үзсе,
Дәмеленсе өртенер күйіп-жанып.

 

* * *

 

Қор болды жаным, (55)
Сенсізде менің күнім,
Бек бітті халім,
Тағдырдан келген зұлым.
Тағдыр етсе Алла,
Не көрмейді пәндә?

Сайрай бер, тілім,
Сарғайған соң бұл дерттен.
Бүгілді белім,
Жар тайған соң әр серттен.
Қамырықты көңіл,
Қайтсе болар жеңіл?

Сағындым сені,
Көрмедім деп көп заман.
Адам деп мені
Салмадың сен хат маған.
Жай таба алмай жүрек,
Жасыған соң сүйек.

Бұл қылған зарым
Барса жардың маңына,
Ол – қылған дәрім
Ғашығымның жанына.
Оңалдырып ойды,
Түзетпей ме бойды?

 

* * *

 
Сен мені не етесің? (56)
Мені тастап,
Өнер бастап
Жайыңа
Және алдап,
Арбап,
Өз бетіңмен сен кетесің.
 
Неге әуре етесің?
Қосылыспай,
Басылыспай,
Байыңа.
Және жаттан
Бай тап,
Өмір бойы қор өтесің.
 
Ет жүрек өртенді,
От боп жанып,
Жалын шалып
Ішіме.
Иттей қормын,
Зармын,
Сен үздің ғой бұл желкемді.
 
Кім білер ертеңді?
Өлім айтпас,
Келсе, қайтпас
Кісіге.
Бүгінгі күн
Бармын –
Жолдас еттің сен бөтенді.
 
Ғашықтық – қиын жол,
Жетсең – жеттің,
Жетпей өттің –
Не болды?
Арманда өмір
Өтті,
Ойлар ма екен бір мені сол?
 
Салдырап аяқ-қол,
Жетпей сертке,
Ішім дертке
Тез толды.
Ажал уақыты
Жетті,
Мен өлейін, сен сау-ақ бол.
 
Шын жүрек – бір жүрек,
Қайта толқып,
Жолдан қорқып
Айнымас.
Шегінісіп
Қайтпас,
Өлсе бір сөзбен, не керек?
 
Білесің, сен зерек,
Мен пендеңе
Болды деме,
Кел, қарас.
Ешкім сөгіс
Айтпас,
Рахым қылсаң, кел ертерек!
 
Шын ғашық мен саған!
Кейіп жүрсем,
Сені көрсем,
Ләм-мим деп
Бір сөз айтар
Хал жоқ,
Еріп кетер бой сол заман.
 
Ойыңды сен маған
Бір бөлмедің,
Тез келмедің
Мені іздеп.
Ішіңде ыстық
Қан жоқ,
Тас бауыр жар, бол қош аман!
 
Жар, сенің көңілің тоқ,
Ақ етіңді,
Нұр бетіңді
Меншікті
Қылмаған соң
Алла,
Өзі сорлы етсе, амал жоқ.
 
Сен аттың жөнсіз оқ,
Тәңірі – қазы,
Тас таразы,
Тентекті
Сұрамас деп
Қалма,
Серт бұзғанның, біл, орны – шоқ.
 

ЖІГІТ СӨЗІ

 

Айттым сәлем, қалам қас, (57)
Саған құрбан мал мен бас.
Сағынғаннан сені ойлап,
Келер көзге ыстық жас.

Сенен артық жан тумас,
Туса туар – артылмас.
Бір өзіңнен басқаға
Ынтықтығым айтылмас.

Асыл адам айнымас,
Бір бетінен қайрылмас.
Көрмесем де, көрсем де,
Көңілім сенен айрылмас.

Көзім жатқа қарамас,
Жат та маған жарамас.
Тар төсекте төсіңді
Иіскер ме едім жалаңаш?

Иығымда сіздің шаш,
Айқаласып тай-талас,
Ләззат алсақ болмай ма,
Көз жұмулы, көңіл мас?

Сізде сымбат, бізде ықылас,
Осы сөзім бәрі рас.
Сіздей жардың жалғанда,
Қызығына жан тоймас.

Етің етке тигенде,
Демің тиіп сүйгенде,
Тән шымырлап, бой еріп,
Ішім оттай күйгенде.

Жүрек балқып игенде,
Ішкі сырды түйгенде,
Іздеп табар сұңқармын
Жарастықты шүйгенде.
Қылығыңда жоқ оғат,
Қарап тойман жүз қабат.
Ыстық тартып барасың,
Бір сағаттан бір сағат.

Сіз – қырғауыл жез қанат,
Аш бетіңді, бері қарат.
Жақындай бер жуықтап,
Тамағыңнан айқалат!

 

ҚЫЗ СӨЗІ

 

Қиыстырып мақтайсыз, (58)
Ойласаң не таппайсыз?
Бізде ерік жоқ, өзің біл,
Әлденеге бастайсыз.

Біз де әркімді байқаймыз,
Тап бергеннен тайқаймыз.
Сіздей асыл кез болса,
Қайтіп басты шайқаймыз?

Ақылыңа сөзің сай,
Сіз – жалын шоқ, біз – бір май.
Ыстық сөзің кірді ішке,
Май тұра ма шыжымай.

Қабыл көрсең, көңілім жай,
Тастап кетсең, япырмай,
Ит-қор адам болар ма
Бұл жалғанда сорлыңдай?

Тілегімді бермесең,
Амалым не жерлесең?
Үйір қылма бойыңа,
Шыны жақсы көрмесең.

Қайғың болар шермен тең,
Қара көңілім жермен тең.
Сенсіз маған жат төсек
Болар бейне көрмен тең.

Сіз – бір сұңқар шаһбаз1,
Жер жүзінен алған баж2.
Біздей ғаріп есепсіз
Есігіңде жүр мұқтаж.

Көңілің тұрса бізді алып,
Шыныменен қозғалып,
Біз – қырғауыл, сіз – тұйғын,
Тояттай бер, кел де алып.

Тал жібектей оралып,
Гүл, шыбықтай бұралып.
Салмағыңнан жаншылып,
Қалсын құмар бір қанып…

_________________

1 شاه باز – (парсы.) [шаһбаз] – аң-құс (1933 жылғы жинақ. Сілтеме түсінігі, 123-бет).

2 باج – (парсы.) [баж] – алым-салық. Бұл жерде тоят алу, тояттау деген ауыспалы мағынада қолданылған.

 

* * *

 

Мұны жаздым ойланып,
Ойда бардан толғанып.
Кірсе ішіңе оқи бер,
Бозбалалар, қолға алып.

Мұны оқыса кім танып,
Жүрегіне от жанып,
Сөзді ұғарлық жан тапса,
Айтса жарар ән салып.

Өлең жиған тырбанып,
Ән үйренген ырғалып.
Сорлы Көкбай қор болды-ау,
Осыншадан құр қалып.

 

* * *

 

Білектей арқасында өрген бұрым, (59)
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?

Аласыз қара көзі айнадайын,
Жүрекке ыстық тиіп салған сайын,
Үлбіреген ақ етті, ашық жүзді,
Тісі әдемі көріп пе ең қыздың жайын?

Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ,
Болады осындай қыз некен-саяқ.
Піскен алма сықылды тәтті қызды
Боламын да тұрамын көргендей-ақ.

Егерде қолың тисе білегіне,
Лүпілдеп қан соғады жүрегіңе.
Бетіңді тамағына таяп барсаң,
Шымырлап бу енеді сүйегіңе.

 

* * *

 

Қажымас дос халықта жоқ, (60)
Айнымас серт қайда бар?
Алда көрген артта жоқ –
Мысқыл, өсек, айла бар.

Жақсылығың күнде ұмыт,
Бір жаңылсаң, болды кек.
Пайдасынан бой суыт,
Өзі тимей жүрсе тек.

Пайда, мақтан өзінен
Артыла ма ант ұрып?
Жарыса өсек сөзінен,
Айта берсін шарқ ұрып.

Кімге достық көп еттім –
Түбі болды бір кейіс.
Жақсы өмірім әуре еттің
Жар таба алмай бір тегіс.

Жау қожаңдап бұртайып,
Дос құбылып, әуре етер.
Кімі тентек, кімде айып,
Тексере алмай өмір өтер.

Сыйласарлық тектінің
Кім танымас нұсқасын?
Күнде өзімшіл ептінің
Несін адам ұстасын?

 

* * *

 

Жастықтың оты, қайдасың, (61)
Жүректі түртіп қозғамай?
Ғылымның біліп пайдасын,
Дүниенің көркін болжамай?

Адамның тауып айласын,
Кісілікті ойламай.
Қаруын көңіл сайласын,
Қолға ол түспес бойламай.

Махаббат, қызық кім көрер,
Оның да дәмін татпаса?
Біржола басты кім берер,
Жаныңа қайғы батпаса?

Аямай жанын дос ерер,
Жолдастықты ақтаса.
Алдыңа айдап кім келер,
Ерінбей жүріп бақпаса.

Мал бақпақтық шаруа боп,
Адал тауып асықпай.
Құр айғаймен әуре боп,
Өнердің жайын баса ұқпай.

Енді нені істейміз,
Бәрінен де бос қалдық?
«Ауызға келіп түс» дейміз,
Қылып жүріп құр салдық!

 

* * *

 

Жарқ етпес қара көңілім не қылса да, (62)
Аспанда ай менен күн шағылса да.
Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да.

Сорлы асық сарғайса да, сағынса да,
Жар тайып, жақсы сөзден жаңылса да,
Шыдайды риза болып жар ісіне,
Қорлық пен мазағына таңылса да.

 

* * *

 

Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да, (63)
Оған да үкі, тұмар тағылса да.
Қыжыртпай мені сырттан жүре алмайды,
Кім желігіп, қай шеттен қағынса да.

Күшік ит бөрі ала ма жабылса да?
Тәңірі сақтар, табандап тап ұрса да.
Арсыз адам арсаңдап, арсылдайды,
Әр жерде-ақ керегеге таңылса да.

Құтырды көпті қойып азғанасы,
Арызшы орыс – олардың олжаласы.
Бірде оны жарылқап, бірде мұны,
Қуды ұнатты-ау Семейдің бұл қаласы.

 

ҚАРА ҚАТЫНҒА

 

Қара қатын дегенге, қара қатын, (64)
Үзіп-жұлып, алып жүр қанағатын.
Ала жаздай байың кеп бір жатпайды,
Қазақтың не қыласың шарағатын1.

______________________

1 Шариғат – Құран мен сүннетке негізделген мұсылмандардың орындалуы міндеттелген заңы, нұсқаулығы.

ТҮСІНІКТЕР

38) «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол» (1888). Өлең мәтіні Мүрсейіт көшірмелерінде (1906, 1907) бар. Алғаш рет 1909 жылғы кітапта (2-бөлік, «Өлең туралы», 32–33-беттер) жарияланған.
 
Т. Жұртбай Абай бұл өлеңінде бұрынғы ақындар мен жырауларды мазақтамайтынын, «өткен күннің ақындарының бетіне күл шашып отырмағанын» айта келіп: «Абай қазақ жырауларының екеуінің де баспадан шыққан кітабын алып оқыған. Тіпті екеуінің де қолжазба нұсқасы Абайда болуы да мүмкін. Өзге-өзге, Дулаттың өлеңдерін жасынан жаттап өскені, көшіріп алғаны, үлгі тұтқаны анық. Енді кітап пен қолжазбаны, не өзі жатқа білген тұстарды кітаптағы мәтінмен салыстырған. 1888 жылы шыққан Шортанбайдың кітабы мен 1880 жылы шыққан Дулаттың кітабын салыстырған. Ең бастысы және сөзіміздің басты дәлелі «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» өлеңі де сол 1888 жылы жазылған. Өлеңнің шығуына басты себеп болып отырған жағдай да сол кітаптың ала-құла құрастырылуы. Шындығында да бір өлеңнің басы бар, аяғы жоқ. Екінші өлеңнің басында үшінші толғаудың аяғы жүр. Ырғағы да, ұйқасы да, мағынасы да, желісі де бұзылған» (Malim.kz), – дейді. 
 
1907 жылғы қолжазба мен 1945 жылғы жинақта «Бұрынғы жақсылардан қалған мирас» болып жазылған 3-шумақтың 3-жолы 1906 жылғы көшірмеде көп нүктемен берілген. Бұл тармақ 1909, 1933, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы кітаптарда «Бұрынғы жақсылардан өрнек қалған» деп басылған. Осы басылымда жинақтар бойынша қалдырылды.
 
Өлеңнің өзге басылымдарда «Айтсаң да, үддесінен шыға алмайсың» дейтін 5-шумағының 2-тармағындағы «үддесінен» сөзі бұл басылымда «үдесінен» болып өзгертілді.
 
Өлеңнің 7-шумағының бастапқы тармағы 1907 жылғы көшірме қолжазбада және 1909, 1995 жылғы жинақтарда – «Қарны тоқ хасса надан ұқпас сөзді»; 1906 жылғы көшірмеде – «қасса»; 1933, 1939, 1945, 1954, 1961 жылғы кітаптарда «қаса»; 1977 жылғы басылымда «қас» болып жазылған. Бұл сөз осы жинақта қазақ тілінің орфоэпиялық ерекшелігін, бүгінгі оқырманның рецептивті талғамын ескере отырып, редакциялық алқаның ұйғаруымен «қаса» деп қабылданды. 
 
8-шумақтың 3-жолы 1906 жылғы көшірмеде – «Сүйсінерлік адамға сөз құрмет қыл»; 1907 жылғы қолжазбада – «Сүйсінерлік адамды сөз құрмет қыл»; 1909, 1995 жылғы кітаптарда «Сүйсінерлік адамды құрмет қыл»; 1933, 1939, 1945 жылғы басылымдарда «Сүйінерлік адамды сүй, қызмет қыл»; 1954 жылғы толық жинақта «Сүйінерлік адамды құрымет қыл»; 1961, 1977 жылғы жинақтарда «Сүйенерлік адамды құрмет қыл» болып жазылған. Бұл тармақ осы басылымға 1909 жылғы кітап бойынша берілді. 
 
10-шумақтың 2-тармағы 1906 жылғы көшірмеде – «Өлеңі бәрі – жамау, көбі – құрау»; 1907 жылғы қолжазбада, 1933, 1939, 1945, 1977, 1995 жылғы басылымдарда «Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау»; 1909, 1954, 1961 жылғы жинақтарда «Өлеңі бәрі – жамау, бәрі – құрау» деп басылған. Бұл кітапқа 1907 жылғы қолжазба бойын­ша алынды.
 
39) «Күз» (1888). Өлең 1909 жылғы литографияда «12-ші бөлік. Күз» деген атпен басылған (1909 жылғы жинақ, 68-бет). Осы 12-ші бөліктің екінші жартысына ақынның «Қараша, желтоқсанмен сол бір-екі ай» атты өлеңі берілген. Астына өлеңнің 1889 жылы жазылғаны ашып көрсетілген. Аталған жылдың «Күз» өлеңіне қаншалықты қатыстылығы айтылмаған. Алайда, 1933, 1939, 1945 жылғы жинақтарда бұл өлеңнің 1889 жылы жазылған деп көрсетілсе, 1995 жылғы басылымда 1883, ал, 2020 жылғы академиялық жинақтың түсініктерінде бұл туындының 1888 жылы жазылғаны айтылған.
 
Алғашқы шумақтың екінші жолы 1933, 1939, 1945 жылғы басылымда «Күз болса, дымқыл тұман жерді басқан» деп берілген. Бұл жол Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан» деп басылған. 
 
Осы шумақтың үшінші тармағы 1909, 1933, 1939, 1945 жылғы жинақтарда «Тойғаны ма, білмеймін, тоңғаны ма» деп берілсе, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы басылымдарда осы жол «Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма» деп жазылған. 
 
40) «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» (1888) деген өлеңі 1909, 1933, 1939, 1945 жылғы басылымдарда 1889 жылғы жазылғандығы ашып көрсетілсе, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда 1888 жылы жазылған өлеңдер қатарында берілген. Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылғы литографияда осы туындының алғашқы жолы «Қараша, желтоқсан мен ол бір-екі ай» деп, соңғы жағы «ол бір-екі ай» деп берілсе, кейінгі басылымдардың бәрінде «сол бір-екі ай» болып жазылған. 
 
Екінші шумақтың үшінші жолы Мүрсейіт қолжазбаларында «Мұздаған иін жылытып» деп басталса, 1909 жылғы алғашқы басылымнан бастап, кейінгі жинақтардың бәрінде «Тоңған иін жылытып» деп берілген.
 
Осы шумақтың «Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып» деген төртінші тармағы 1939 жылғыда «Шекпен тоқыр қатыны бүрсең қағып» деп қате басылған.
 
Үшінші шумақтың екінші жолы Мүрсейіт қолжазбаларында «Талтайып қақтана алмас, өле жаздап» деп көшірілсе, кейінгі басылымдардың бәрінде «Талтайып қақтана алмай, өле жаздап» деп берілген. Осы шумақтың төртінші жолы Мүрсейіт қолжазбалары және 1933, 1939, 1954, 1977 жылғы жинақтарда «Бір жағынан қысқанда жел де азынап» деп жазылса, 1945, 1961, 1995 жылғы басылымдарда осы жолдың соңғы жағы «о да азынап» деп, өзгеріске ұшыраған.
 
Абай шығармаларының текстологиясын арнайы қарастырған Қ. Мұқамедханов: «…Абай қараша айында жағатын отыны жоқ кедей үйдің ауыр халін суреттейді. Жас баласы қақтанып, жылынатын үйінде оты жоқ, оның үстіне үйінде кемпір-шалы бар болса, бір жағынан о да (кемпір шал да) азынап қысса қандай қиын деп кедей үйдің аянышты халін сипаттайды», – деп жазады (1959 жылғы жинақ, 28-бет). Ғалымның осы пікірі қисынға келетіндіктен де, соңғы жылдардағы басылымдардың бәрі «о да азынап» деп басылып келеді.  
Бай үйіне кіре алмас тұра ұмтылып,
Бала шықса асынан үзіп-жұлып,
Ық жағынан сол үйдің ұзап кетпес,
Үйген жүктің күн жағын орын қылып.
Әкесі мен шешесі баланы аңдыр,
О да өзіңдей ит болсын, азғыр-азғыр.
Асын жөндеп іше алмай қысылады, 
Құрбысынан ұялып өңшең жалбыр, –
деген шумақтар Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылғы литографияда кездеспейді. 1933 жылғы жинақтан бастап, қалған басылымдардың бәрінде осы екі шумақ өлеңнің алтыншы һәм жетінші шумақтарын құраған. 1933 жылғы жинақты құрас­тырған М. Әуезов осы екі шумақ туралы «Осы екі ауыз өлең бұрынғы баспаларға кірмей қалған. Елдегі жазбаларда да жоқ. Тәңірберді деген ағасының бала асырағанын көріп отырып айтқан» деп жазады (1933 жылғы жинақ, 126-бет). 1939 жылғы басылымда редакция атынан «Осы екі шумақ 1933 жылғы баспасына шейінгі баспаларға кірмей қалған. Елдегі жазбаларда да жоқ. Тәңірберді деген ағасының бала асырағанын көріп отырып айтқан. Ред.» деп, 1933 жылғы түсінікті қайталаған. Содан 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы басылымдардың бәріне де осы екі шумақ енген.
 
Басылымдардың бәрінде «Жалшы үйіне жаны ашып, ас бермес бай» деп берілген тармақ Мүрсейіт қолжазбаларында «Жаны ашып жалшы үйіне ас бермес бай» деп, алғашқы сөздердің орны ауыстырылып көшірілген.
 
Осы шумақтың үшінші жолы Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылғы литографияда «Байда пейіл, жалшыда мейір де жоқ» деп берілген. Ал, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Байда мейір, жалшыда пейіл де жоқ» деп жазылған. Осы өлеңнің текстологиясын арнайы қарастырған Қ.Мұқамедханов: «Абайша: жалшыны қанап отырған байда бейіл жоқ, рахым жоқ. Ал, өзін қанап отырған бейілсіз, рахымсыз байға жалшы да мейірімсіз, яғни қанаушы байға жалшы табыспас мейірімсіз дұспан деген пікірді ақын айқын айтып отыр. 
 
Олай болса 1909 жылғы жинақта:
Байда пейіл, жалшыда мейір де жоқ, ‒ деп дұрыс басылған», – 
дейді.
 
41) «Қыс» (1888). Өлең Мүрсейіт қолжазбаларында кездеседі. 1909 жылғы литографияға «13-інші бөлік. Қыс» деген атаумен енген (1909 жылғы жинақ, 70-бет). Қолжазбалар мен тасбаспаларда бұл туындының қашан жазылғаны ашып көрсетілмеген. Ал, 1933, 1939, 1945, 1961, 1977, 1995  жылғы басылымдарда бұл өлеңнің 1888 жылы жазылғаны айтылған. Мысалы, 1945 жылғы басылымның түсініктемесінде: «Бұл өлеңді 1884 жылы Шыңғыс елінде қатты жұт болып, қар апрельдің басына дейін жатқан екен, сол қысты еске алып отырып, 1888 жылы жазған», – деп, туындының жылы анық көрсетілген (1945 жылғы жинақ, 120-бет).
 
Осы туындыдағы үшінші шумақтың «Бұлттай қасы жауып екі көзін» деп келетін алғашқы тармағы 1933 жылғы басылымда «Бұлттай жасы жауып екі көзден» деп берілген. Осы шумақтың үшінші жолында келетін «Борандай» деген сөз осы басылымда «Боранбай» де қате басылған. Ал, 1939, 1977 жылғы жинақтарда осы сөз «Бурадай» деп берілген. Бұл жинақта осы нұсқа алынды.
 
Осы 1933 жылғы басылымда бесінші шумақтың екінші тармағы «Титығы құруына тез айналды» деп басылған. Осы жол 1939, 1945, 1954, жылғы жинақтарда «Титығы құруына тез тақалды» деп берілген. Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылғы литографияда, сондай-ақ, 1961, 1977, 1995 жылғы басылымдарда «Титығы құруына аз-ақ қалды» деп басылған. 
 
42) Күлембайға («Уағалайкүмүссалам») (1888). Өлең ең алғаш 1933 жылғы толық жинақта (103-бет) басылған. 
 
«Әкем Абай туралы» естелігінде Тұрағұл Абайұлы: «…Мұқыр деген елге өзінің құрдасы, нашар атаның ұлы Күлембай деген кісі дәулетінің арқасында болыс болып, 1888-ші жылы Бақанас деген өзен бойында өткен черезвычайный съездегі айт­қандары:
«Уағалейкумүссалам, болыс, мал, жаныңыз аман ба,
Мынадайға кез болдың аума, төкпе заманда,
Болыс қалып қалындау кешегі бір алаңда» (Абайтану. Таңдамалы еңбектер. 
І том, 120-бет), – деп «Болыс болдым, мінекей» өлеңімен бір туынды ретінде айтады. Бірақ Абай жинақтарында «Болыс қалып қалындау кешегі бір алаңда» деп келетін Тұрағұл келтірген тармақ кездеспейді. 
 
Өлең құрылымы 1995 жылғы жинақ бойынша шумақтарға бөлініп берілді.
 
43) Көкбайға («Бұралып тұрып») (1888). Өлең ең алғаш 1933 жылғы толық жинақта (104-бет) басылған. 
 
Өлеңнің жазылу тарихы туралы Көкбай: «Бойын бағып қымтырылып, «пәлен көрінем, түгілен көрінем» деп қолдан пішіп жасайтын мінезді көре бастаса, қытығына тигендей жақтырмай қалатын. Ондайды кекетіп, мысқыл қылып, қалжыңмен өлең айтып жіберетін. Қалжың өлеңнің көбі маңайындағы жұрттың осындай мінездерінен туады. Бір күні осындайдың тұсында, өзімді де өлең қылды. Ел ішінің бір тобынан келе жатыр едік, жолда бірер сөз, бірер мінезді Абайдың жақтырмай қалғанын сездім. Ауылға жақындағанда Абай бізден озып кетіп еді. Үйге келсем, қолына бір табақ қағаз бен қарындашты алып, жазып жатыр екен. «Не қылса да, өзімді өлең қылып жатыр-ау» деп, ішіме сезік кіріп, қасына жетіп келіп едім, мына өлеңді оқып қоя берді:
«Бұралып тұрып,
Буыны құрып,
Қисайта тартып мұрынын;
Әсемсіп, сәнсіп,
Білгенсіп, бәлсіп,
Әр нәрсенің орынын;
Керенау, кердең бір керім,
Жақпайды маған сол жерің!» –
деп өзімді өлең етіп қойыпты. Сонан соң жалынып отырып сұрап алдым да, көзінше жыртып тастадым. Өлеңін өзімнен басқа ешкім білген жоқ. Сол бір оқып шыққанда есімде қалған осы еді», – дейді» (1995 жылғы жинақ, 273-бет).
 
44) «Желсіз түнде жарық ай» (1888). Бұл өлең алғаш 1909 жылғы кітапта басылған (4-бөлік. «Ғашықтық туралы»).
 
Өлең мәтіні 1909 жылғы жинақ пен Мүрсейіт Бікіұлының қолжазбалары негізінде (1906, 1907) басылым көріп келеді.
 
Бұл басылымда 1909 жылғы жинақ бойынша берілді.
 
45) «Ішім өлген, сыртым сау» (1889) деген өлең Мүрсейіттің 1910 жылғы қолжазбасы мен 1909–1995 жылғы басылымдарда кездеседі.
 
Мүрсейіттің 1910 жылғы қолжазбасында бұл туынды «12-ші, 1889-шы жылы» деп көшірілсе, 1909 жылғы жинақта «1-ші бөлік. Халық туралы» деген өлеңдер топтамасының аясында берілген. 
 
Жетінші жолы 1933, 1939 жылғы басылымдарда «Кісі алдына келгенде» деп берілген. Бұл жол басқа жинақтарда «Кісі алдында кірбеңдеп» деп басылған. Осы жол 1945 жылғы кітапта «Кісі алдына барғанда» деп өзгертілген. 
 
«Мұндай ма едің ана күн» деп келетін тоғызыншы жол 1933 жылғы жинақта «Мұндай ма, еді ана күн» деп берілген. 
 
Он бірінші жолда келетін «Үш күн арқаң босаса» деген жол 1933 жылғы басылымда түсіп қалған. 
 
«Берерменде бесеусің» деп келетін он тоғызыншы тармақ 1961 жылғы жинақта «Берерменде бесеуің» деп берілген. Осы жол 1977 жылғы басылымда «Берерменде береусің» деп қате басылған.
 
Жиырма бесінші жол 1909 жылғы басылымда «Қайтып кірер есікті» деп берілген. 1995 жылғы жинақа осы жол «Қайта кірер есікті» деп басылған. Осы тармақ 1933, 1939, 1945, 1961 жылғы кітаптарда «Қайтып келер есікті» деп жазылған. Ал, 1954, 1977 жылғы басылымда «Қайта келер есікті» деп өзгертілген. 
 
46) «Болыс болдым, мінеки» (1888). Бұл өлеңнің мәтіні Мүрсейіт көшірмелерінде (1906, 1907, 1910) бар. Өлеңнің толық нұсқасы тұңғыш рет 1909 жылғы кітапта (1-бөлік, «Халық туралы») басылған.
 
Ал 148 жол өлеңнің 86 жолы Абайдың көзі тірісінде 1889 жылы «Дала ­уәлаяты» газетінің 12-санында Көкбай Жанатайұлының атынан жарияланған. Зерттеуші Зарқын Тайшыбай «Дала уәлаятындағы» жарияланған нұсқада өлең «Болыс болды кей кісі, Бар малдарын шығындап…» деп үшінші жақта жазылғандығын айтады («Абай шығармаларының канондық мәтіні жоқ» // «Астана ақшамы», 4 ақпан, 2020 жыл). 
 
Тұрағұл Абайұлы өзінің естелігінде «Болыс болдым, мінекейді» Абай құрдасы Күлембайдың мал-дәулетінің арқасында болыс болғанын сынап айтқаны деп, «Күлембайға» («Уағалейкумүссалам, болыс, мал, жаныңыз аман ба) өлеңімен бір шығарма ретінде атайды (Абайтану. Таңдамалы еңбектер. І том, 120-бет). 
 
1954 жылғы толық жинақта: «Өлең 1888 жылы Семей облысындағы Ақша тау­дағы болыс сайлауына байланысты туған. Абай шығармалары жинағындағы комментарийлерде бұл өлең Күлембай болысқа байланысты жазылды делініп келді. Ол дұрыс емес. Осы жылы Семей губернаторы жергілікті әкімдердің салақтығын еске алып, ерекше приказ шығарған. 
 
Өлеңде болыстардың әкімшілігіндегі қайшылықтары және олардың саясатының жүргізілуін байлардың, феодалдарың жақтауы, оған бұқара халықтың көрсеткен қарсылығы әшкереленген.
 
Абай болыстардың отарлау әкімдерінің және бай-феодалдардың белгілі топтарының қолындағы ойыншық екенін көрсете келіп, 1868 жылғы сайлау ережесінің халық тілегіне қарсы, қанаушылыққа негізделгенін ашып береді» (1954 жылғы жинақ, І том, 272-бет), – деп түсінік береді. 
 
Өлең Абайдың 1995 жылға дейінгі барлық басылымдарында 1889 жылы жазылған шығармаларының қатарында басылып келген. 1933, 1939, 1945, 1961, 1977 жылғы жинақтарда «Күлембайға» деген атпен жарияланады. 1909, 1961, 1977, 1995 жылғы кітаптарда өлең шумақтарға бөлініп берілген. 
 
Өлеңнің 3-тармағы 1907 жылғы қолжазбада және 1909, 1995 жылғы жинақтарда «Түйеде қом, атта май» деп жазылған. Бұл жол 1933 жылғы толық жинақтан бастап кейінгі барлық басылымдарда «атта жал» болып өзгерген. Бұл басылымында 1909 жылғы жинақ бойынша қалдырылды. 
 
20-тармақ 1907 жылғы көшірме қолжазбада, 1939, 1945, 1954, 1961, 1995 жылғы жинақтарда «Жүрек кетті лүпілдеп»; 1933, 1977 жылғы кітаптарда «дүпілдеп»; 1909 жылғы басылымда «дуылдап» болып жазылған. Бұл жинаққа 1907 жылғы қолжазбаға негізделіп «лүпілдеп» деп алынды. 
 
1907 жылғы қолжазбада «Старшын, биді шақырдым» болып жазылған 23-тармақ барлық жинақтарда «жиғыздым» деп басылған. Осы басылымында да жинақтар бойынша қалдырылды. 
 
(Өлеңнің «Ақтармын осы жол сүтін деп» дейтін 30-тармағындағы «сүтін» сөзін редакциялық алқа «үмітін» болуы мүмкін деп топшылайды). 
 
1909 жылғы кітапта «Бергім жоқ, – деп, – белімді» болып басылған өлеңнің 
36-жолы 1995 жылғы басылымында «Бергем жоқ»; қолжазба және өзге жинақтарда «Бергенім жоқ» деп жазылған. Бұл басылымға 1995 жылғы жинақ бойынша берілді.
 
1909, 1933 жылғы жинақтарда «Қазақты жеген қайратты «ел» деп келетін 43-тармақ 1907 жылғы көшірме қолжазба мен 1939 жылдан бастап кейінгі барлық басылымдарда «қайратты «ер» болып басылып келген. Бұл кітапқа да қолжазба бойынша алынды. 
 
48-тармақ 1907 жылғы қолжазбада, 1909, 1933, 1939, 1961, 1977, 1995 жылғы кітаптарда – «Ноқтаға басы керілді»; 1945, 1954 жылғы жинақтарда «кірілді» деп берілген. Бұл жаңа жинаққа қолжазба нұсқасы қалдырылды. 
 
Өлеңнің 1907 жылғы көшірмеде, 1909, 1933, 1939, 1945, 1961 жылғы жинақтарда «Мақтанның көті көрінді», «Болыстың көті шөмейді», «Ат көтіне жалпылдап», «Әуелде көтім бос кәпір» деп келетін 42, 58, 64, 91-тармақтары 1954, 1977, 1995 жылғы басылымдарында «к…» деп көп нүктемен жазылған. Бұл жинаққа 1909 жылғы кітап бойынша берілді. 
 
1907 жылғы қолжазбада, 1939, 1945, 1954, 1977, 1995 жылғы басылымдарда «Жақсы ақыл» деп құп деймін» дейтін 104-тармақ 1909 жылғы кітапта «жұп деймін»; 1933 жылғы толық жинақта «Жақсы ақыл» деп жүтпеймін» деп басылған. Бұл басылымға 1907 жылғы қолжазба бойынша алынды. 
 
1907 жылғы көшірме қолжазба мен 1909 жылғы кітапта «Ақылы жеткен туғандар» болып жазылған 117-тармақ 1933 жылғы жинақтан бастап барлық басылымдарында «Ақыл айтар» деп түзетілген. Бұл кітапқа 1933 жылғы толық жинақ бойынша қалдырылды. 
 
1909 жылғы тұңғыш жинақта «Кірік болып түскен соң» боп басылған өлеңнің 131-жолы 1907 жылғы қолжазбада және кейінгі барлық кітаптарда «Кірлі» деп өзгертілген. Бұл тармақ жаңа басылымға 1909 жылғы жинақ бойынша берілді. 
 
47) «Біреуден біреу артылса» (1889). Өлең мәтіні Мүрсейіт Бікіұлының қолжазбаларында (1906, 1907) сақталған. Бірақ 1906 жылғы көшірмеде соңғы үш шумақ және өлеңнің кейбір тармақтары көп нүктемен келеді. 
 
Бұл туынды алғаш 1909 жылғы тұңғыш жинақта (1-бөлік. «Халық туралы») жарияланған. 1933 жылдан бастап кейінгі басылымдарда «Әсетке» деген атпен, тек 1954, 1995 жылғы жинақтарда тақырыпсыз басылған.
 
Тұрағұлдың естелігінде: «Біреуден біреу артылса» деген өлеңді сол жылы бізге музыка үйретемін деп Мұқа деген скрипкашыны әкеліп, әм Әсет деген ақынды да сақтаған. Әсет терісі тар, ызақор, кісімсіген адам еді, соған арнап жазған» (Абайтану. Таңдамалы еңбектер. І том, 123-бет), – дейді. 
 
Дегенмен бұл өлең туралы зерттеуші Б. Абылқасымов: «Әсетке» өлеңін ойлана оқысаңыз, сөз астарына зер салсаңыз, мұндағы «надан» деген сөзде жекеліктен гөрі жалпылық мән басым. Сөз белгілі бір надан емес, жалпы надандық туралы болып отыр. …Өмір жолына үңілсек, творчествосына ой жүгіртсек, Әсет надан болмаған ғой. …Әсіресе, Рысжанмен айтысынан кейін Абай оған мұндай баға беруі мүмкін емес», – дей келе, «Абай өлеңдерін әркімдер қастерлеп жүргеніне дәлел көп екенін білеміз. Ұлы ақынның ауылында болған Әсет қоштасар сәтте Абай өлеңдерін арнап жаздырып ала кетпекші болуы да ғажап емес. Абай оған мына сөз болып отырған өлеңін көшіртіп беріп, парақтың шетіне «Әсетке» деп белгі соға салуы (яғни Әсетке берілетін өлеңдер деуі), ал кейінгі көшірушілер оны осы өлеңнің тақырыбына айналдырып жіберуі әбден ықтимал» (Қазақ әдебиеті, 1972, 16 маусым), – деген болжам айтады. 
 
Қолжазбаларда «Соқырдай болмас ақ көзді» деп келетін 2-шумақтың 2-тармағы барлық жинақтарда «Надандай» болып жазылған. Бұл басылымда кітап нұсқасы қалдырылды. 
 
1907 жылғы қолжазбада «Тіленіп, іздеп, телміріп» деп жазылған 4-шумақтың 3-тармағы 1906 жылғы көшірмеде «Тіленіп, телміріп …..»; 1909 жылғы кітапта  «Тіленіп, телміріп, ізденіп»; қалған барлық жинақтарда «Тіленіп, телміріп ізденер» болып басылған. Бұл тармақ осы басылымында 1909 жылғы жинақ бойынша берілді. Осы шумақтың келесі «Тыйын ба, яки бір сом ба?» деген тармағындағы ­«тыйын» сөзі осы басылымда «тиын» болып түзетілді.
 
1909, 1945, 1954 жылғы жинақтарда «Не білсін өнер ізденіп» болып жазылған 5-шумақтың 4-тармағы 1907 жылғы қолжазбада және 1933, 1939, 1961, 1977, 1995 жылғы кітаптарда «Не қылсын» деп беріледі. Осы сөз бұл басылымға қолжазба бойынша алынды. 
 
48) «Мәз болады болысың» (1890). Өлең мәтіні Мүрсейіт көшірмесінде (1907) бар. Алғаш 1909 жылғы кітапта (1-бөлік. «Халық туралы») басылған. 
 
1933 жылғы толық жинақта өлең 1889 жылы жазылған деп көрсетілген. Алайда бұл туынды туралы Тұрағұл Абайұлы мынадай дерек айтады: «Мәз болады болысың» деген өлеңді 1890 жылы Семейге барон Таубе деген генерал-губернатор келіп, бірсыпыра болыс, билерге шекпен, қылыш сыйлаған, сондағы шекпен алған болыстардың қуанғанына ыза болып жазған. Өзіне де қос ауыз мылтық сыйлап еді» (Абай туралы естеліктер, 195-бет).
 
Өлең 1945 жылғы жинақта шумақтарға бөлінбей берілген. 
 
5-шумақтың 4-тармағы 1907 жылғы қолжазба мен 1909 жылғы кітапта «Бір тәттіні татқанға» деп жазылса, кейінгі жинақтардың бәрінде «Бір дәмдіні» болып өзгертілген. Бұл жинақта 1909 жылғы басылым бойынша алынды.
 
49) «Білімдіден шыққан сөз» (1889). Бұл өлең алғаш 1909 жылғы кітапта басылған (1-бөлік, «Халық туралы»). Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1910) көшірме нұсқалары сақталған. 
 
3-шумақтың 1-тармағы 1905 жылғы қолжазбада, 1909, 1939, 1995 жылғы жинақтарда – «Әбілет басқан елерме».
1933 жылғы жинақта «Әбілет басқыр өлерме» деп басылған.
1945 жылғы жинақта «Әблет басқан елер ме» деп басылған.
1954, 1961, 1977 жылғы жинақта «Әблет басқан елерме» деп басылған.
 
5-шумақтың 1-тармағы 1906 жылғы қолжазбада, 1909, 1945, 1961 жылғы жинақтарда «Жас баладай жеңсік қой». 
1933 жылғы жинақта «Жас баладай жаңысқой». 
1939, 1954, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «жеңсікқой» болып бірге жазылған. 
 
7-шумақтың 3-тармағы 1906 жылғы қолжазбада «Жаралы ішке ем көріп».
1933 жылғы жинақта – «Дертті ісіне ем көріп». 1939 жылғы жинақта «Дертті ішінде ем көріп».
1909, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Дертті ішіне ем көріп». Бұл жинақта 1909 жылғы басылым бойынша берілді.
 
8-шумақтың 2-тармағы 1906, 1907 жылғы қолжазбада, 1909, 1933, 1939 жылғы жинақта «Қулық, сұмдық я өсек». 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Не». 1909 жылғы жинақ бойынша алынды.
 
Өлең бұл жаңа басылымында әр жылдардағы жинақтармен салыстырылып, тыныс белгілері түзетіліп берілді. 
 
50) «Сегіз аяқ» (1889) Өлең Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылдан бастап кейінгі басылымдарда кездеседі. 
 
Алғашқы шумақтың төртінші тармағы Мүрсейіт қолжазбаларында «Қиуадан шауып» деп көшірілген. 1933 жылғы латын әліппесімен жарық көрген басылымда «Қыйудан шауып» деп қате берілген. Қалған жинақтардың бәрі Мүрсейіт қолжазбасы негізінде басылған.
 
Осы шумақтың «Тағыны жетіп қайырған» деп келетін алтыншы тармағы 1909 жылғы араб әліппесімен жарық көрген басылымда «Тағына жетіп қайырған» деп жарияланған. Осы сөз 1933 жылғы басылымда «Тағыны» деп берілген де, астына «Тағы – аң, жабайы» деп түсініктеме берілген (1933 жылғы жинақ, 111-бет).  
 
Төртінші шумақтағы:
Жігерлен, сілкін,
Қайраттан, беркін
Деп насихат бергенде,
Ұятсыз, арсыз салтынан,
Қалғып кетер артынан, –
деп келетін жолдардағы «беркін», «салтынан» деген сөздерге қатысты осы туындының текстологиясын қарастырған Қ. Мұқамедханов Оразке Уақбаевтың қолжазбасына сүйеніп, «бекін», «қалпынан» болу керектігін алға тартқан (1959 жыл, 31-бет). Өкінішке орай, Оразкенің қолжазбасы біздің қолымызда жоқ. Десек те, Мүрсейіт қолжазбалары мен кейінгі жинақтардың бәрінде де осы сөздер «беркін», «салтынан» деп берілген. 
 
Бесінші шумақтың үшінші тармағы Мүрсейіт қолжазбалары мен кейінгі басылымдарда «Мейірленбес еш сөзге» деп берілсе, 1933 жылғы жинақта «Мейірленбес еп сөзге» болып жазылған. Соған қарағанда баспагерлер тарапынан жіберілген техникалық қателік болуы мүмкін.
 
Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылғы литографияда «Пайдасыз тақыл, Байлаусыз ақыл» деп келетін жолдар 1939, 1945, 1954, 1961 жылғы басылымдарда «Пайдасыз ақыл, Байлаусыз тақыл» болып басылған. Қалған жинақтар 1909 жылғы литография бойынша берілген. Осы сөздерге назар аударған Қ. Мұқамедханов: «Байлауы жоқ ақыл, пайдасы жоқ тақыл деген ұғым өлең мазмұнына сөзді орнымен қолдану талабына сай келіп тұр», – деп жазады (1959 жыл, 32-бет).
 
Алтыншы шумақта келетін «Күпілдек мақтан, Табытын қаққан» деп келетін төртінші және бесінші жолдар 1909 жылғы жинақта «Күпілдек мақтаны, Табытын қаққаны» деп берілген. Бұл жерде өлеңнің ұйқасына келмей тұрғандықтан да, баспагерлер тарапынан жіберілген қателік екені анық. Осы шумақта келетін «Құмардан әбден шыққаны», «Ойлаған жан жоқ, жауып қой» деген жолдар 1933 жылғы басылымда «Құмардан әлден шыққаны», «Ойлаған жан жоқ, жауап қой» деп басылған.
Жетінші жумақтың алтыншы тармағы 1933 жылғы жинақта «Бола ма дәулет, нәсіп, пұл?» деп басылған. Осы жол Мүрсейіт қолжазбалары мен кейінгі араб, латын және кирилл әрпімен басылған жинақтардың бәрінде «Бола ма әулет, нәсіп бұл?» деп берілген. 
 
Осы өлеңнің сегізінші шумағы басылымдардың бәрінде былай келетіні белгілі:
Егіннің ебін,
Сауданың тегін
Үйреніп, ойлап, мал ізде.
Адал бол – бай тап,
Адам бол – мал тап,
Қуансаң қуан сол кезде.
Біріңді қазақ, бірің дос 
Көрмесең, істің бәрі бос.
Осы шумақ Мүрсейіт қолжазбаларында:
Егіннің ебін,
Сауданың тегін
Үйреніп, ойлап, мал ізде.
Адам бол – мал тап,
Адал бол – бай тап,
Қуансаң қуан сол кезде.
Біріңді қазақ, бірің дос 
Көрмеген істің бәрі бос, ‒
деп, төртінші және бесінші жолдардың орны ауысып түссе, соңғы жолда келетін «көрмесең» деген сөз «көрмеген» деп көшірілген. 
 
Осы өлеңнің тоғызыншы шумағы осы Мүрсейіт қолжазбаларында былай көшірілген: 
Басыңды дауға
Малыңды жауға,
Қор қылма, қорға, татулас.
Өтірік, ұрлық,
Үкімет зорлық
Құрысын, көзің ашылмас.
Ұятың, арың оянсын,
Бұл сөзімді ойлансын.
 
Кейінгі араб, латын және кирилл әріптерімен басылған жинақтардың бәрінде бірінші жол мен екінші жолдың орындары ауысып берілген. Осы екі тармаққа назар аударған Қ. Мұқамедханов: «Оразке қолжазбасында:
Басыңды дауға
Малыңды жауға, –
деп жазылған. Бізше Оразкенің қолжазбасы дұрыс. Абай ешқашан адамның басынан малды жоғары қойған емес», – деп жазады (1959 ж. 32-б.).  
 
Осы шумақтың үшінші жолы 1933 жылғы латын графикалы басылымда «Қор қылма құрға, атулас» деп қате басылған.
 
Оныншы шумақтың алтыншы тармағы Мүрсейіт қолжазбаларында «Қор болып, қолда барасың» деп көшірілген. Бұл жолдың кейінгі басылымдардың бәрінде де «Қор болып, құрып барасың» деп берілгені белгілі. 
 
Он бірінші шумақтың алтыншы тармағы 1909, 1995 жылғы басылымдарда «Табылар кісі жөн дерге» деп басылса, кейінгі жинақтардың бәрінде «Табылар кісі жөндерге» болып, соңғы екі сөз біріктіріліп берілген. 
 
1909 жылғы литография мен 1939 жылғы басылымда «Не болады құр қожақ?!» деп келетін он үшінші шумақтың алтыншы жолындағы «қожақ» сөзі «қу жақ» болып қате басылған. 
 
Он төртінші шумақтың екінші жолы Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909, 1933, 1939, 1961, 1995 жылғы жинақтарда «Жөн кісі сұмға» деп берілсе, 1945, 1954, 1977 жылғы басылымдарда «Жүз кісі сұмға» деп жарияланған. 
 
«Басы-көзі қан боп» деп келетін он сегізінші шумақтың алғашқы жолы 1933 жылғы басылымда «Басы, көз қан боп» деп берілген. Осы шумақтың екінші жолы Мүрсейіт қолжазбаларында «Арқа-басы шаң болып» деп қате көшірілген. Бұл жол кейінгі басылымдардың бәрінде «Арқа-басы шаң боп» деп басылғаны белгілі. Егер «болып» деп берілсе, өлеңнің ұйқасын бұзары анық.
 
Он бесінші шумақта келетін «Именсе елің, баптанбақ» деген алтыншы жолға қатысты Қ. Мұқамедханов: «Өлеңнің мағына, мазмұнына, сөз ретіне қарағанда:
«Именсе елі баптанбақ» делініп оқылса, баспада қате басылған Абай сөзі түпнұсқасына сай келер еді», ‒ деп жазады. Алайда, Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909, 1922 жылғы литографияларда, сондай-ақ кейінгі латын һәм кирилл графикасымен басылған жинақтардың бәрінде де «Именсе елің, баптанбақ» болып басылған.
 
Он тоғызыншы шумақтың алғашқы жолы 1933 жылғы басылымда «Ит ұрсын бала» деп басылған. Бұл жол басқа басылымдардың бәрінде дерлік «Ит үрсе, бала» деп берілген.  
 
Жиырмасыншы шумақтың екінші жолы 1909 жылғы литографияда «Болсашы қол бос» деп басылған. Бұл жол Мүрсейіт қолжазбалары мен кейінгі жинақтардың бәрінде де, «Болсайшы қол бос» деп берілген. Бұл жинаққа 1909 жылғы басылым негіз етіп алынды.
 
Жиырма екінші шумақтың төртінші тармағы  1933, 1939, 1945, 1954 «Есітіп үнін» деп берілсе, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Есітсем үнін» деп басылған.
 
Осы шумақтың алғашқы тармағында келетін «Жартас» сөзіне 1933 жылғы басылымда «Жар тас деп бұл жерде жолдас Көкпайды айтып отыр» деген түсінік берілген (1933 жылғы жинақ, 115-бет). 
 
Жиырма үшінші шумақ кейінгі басылымдарда былай келетіні белгілі:
Жаяуы қапты,
Аттысы шапты,
Қайрылып сөзді кім ұқсын.
Іште дерт қалың,
Ауыздан жалын
Бұрқ етіп, көзден жас шықсын. 
Күйдірген соң шыдатпай,
Қоя ма екен жылатпай?
Осы шумақтың екінші жолы 1933 жылғы басылымда «Атшысы шапты» деп қате басылған. 
 
Жиырма төртінші шумақтағы «Баяғы қулық, бір алдау, Қысылған жерде – жан жалдау» деген жетінші және сегізінші жолдар 1954 жылғы басылымда «Баяғы қулық, бір алдау, Қысылған жерде – жанжал-дау» деп басылған. 
Жоқ, олай емес. Қулық-сұмдығы, алдау-арбауы әшкереленіп қолға түсіп, қысылған залым жанжал, дау шығара алмайды. Өтірік айтып ант ішеді, жан береді (жанын жалдайды)», – деген пікірі қисынға келеді.
1933 жылғы басылымда «Жан жалдау» дегенге «ант ішу» деген түсінік берілсе, 1945, 1961 жылғы жинақтарда «Жан жалдау – бұл жерде ант ішу, нандыру» мағынасында деген түсінік берілген. 
 
51) «Сәулең болса кеудеңде» (1889). Бұл өлең алғаш 1909 жылғы кітапта басылған (6-бөлік. «Насихат туралы»). 1907 жылғы қолжазба көшірмеде жоқ. (Қолжазбада жоғалған парақтар бар. Сол тұстарда көшіріліп, кейінде не жыртылып қалуы, не біреулер алып кетуі мүмкін – ред.).
 
2-тармақ 1995 жылғы жинақта «Мына сөзге көңіл бөл» болып жазылған. 1905 жылғы қолжазбада, 1933, 1909, 1945, 1954, 1961, 1977 жылғы жинақтарда – «көңілің». Бұл жинақта 1906 жылғы қолжазба бойынша алынды. 
 
3-тармақ 1906 жылғы қолжазбада – «Егер сәулең жоқ болса».
1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Егер сәулең болмаса». Бұл жинақта 1909 жылғы жинақ бойынша алынды.
 
18-тармақ 1906 жылғы қолжазбада – «Өзгеше болып өсер тел».
1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Өзгеше боп өсер тел».
 
21-тармақ 1909 жылғы жинақта «Қосыл қаңқылдап, жағалап» деп келген. 1905 жылғы қолжазбада, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Құс қаңқылдап, жағалап».
 
Өлеңдегі 24-тармақ 1909, 1933 жылғы жинақтарда «Ел ит болса, жақсы сол» деп басылған. Мүрсейіт қолжазбасы (1906) бойынша 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы басылымдарында «Ел тыныш болса, жақсы сол» деп берілген.
 
Өлең мәтіні 1909, 1995 жылғы жинақтар мен Мүрсейіт қолжазбалары бойынша алынды. 
 
52) «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» (1889). Өлең Мүрсейіт қолжазбалары мен кейінгі басылымдардың бәрінде кездеседі.
 
1-шумақтың екінші тармағының басында келетін сөз 1933, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы басылымдарда «жоқ-барды» деп жазылса, 1939, 1945 жылғы жинақтарда «жоқ, барды» деп екі сөздің арасы үтірмен ажыратылған.  
 
1-шумақтың алтыншы жолы Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909, 1933, 1939, 1945, 1961, 1995 жылғы жинақтарда «Көңілінің көзі ашық, сергек үшін» деп берілсе, осы 1954, 1977 жылғы басылымдарда «Көңілінің көзі ашық, сергегі үшін» деп, «сергек» сөзі «сергегі» деп өзгеріске ұшыраған. Осы айырмашылыққа назар аударған Қ. Мұқамедханов: «Абай бұл арада өлеңді кімге арнап жазып отырғанын, яғни көңілінің көзі ашық, сергек жастарға арнағанын айтып отыр», – деп, «сергек» деген сөздің дұрыстығын алға тартқан (1959 жыл, 43-бет). 
 
2-шумақтың «Таң қаламын алдыңғы айтқанды ұқпай» деп келетін бесінші тармағы 1933 жылғы басылымда «Таң қаламын, айтқанды ұқпай» деп қате басылған (1933 жылғы жинақ, 117-бет). Осы басылымда 3-шумақтың екінші жолында келетін «сары ала қыз» деген жол «сера ала қыз» деп қате берілген. Осы сөз 1954, 1994 жылғы басылымдарда «сары-ала қыз» деп жазылған. Осы шумақтың бесінші тармағы 1933 жылғы латын әліппесімен жарық көрген басылымда «Әсіресе, қызыл емес деп жиенбеңіз» деп берілген. Осы жолдар қалған басылымдарда «Әсіре қызыл емес деп, жиренбеңіз» деп келетіні белгілі. 
 
3-шумақтың екінші тармағы Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылғы араб графикалы литографияда «Елде кәрі жамандап, өлім тілеп» деп берілсе, кейінгі жинақтардың бәрінде осы жол «Кәрілікті жамандап, өлім тілеп» деп басылған.  
 
Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909, 1933, 1995 жылғы басылымдарды осы өлеңнің 4-шумағының «Қинамай қызыл тілді кел, тілді ал, қой!» деп келетін алтыншы тармағы 1939, 1945, 1954, 1961 жылғы басылымдарда «Қиналмай, қызыл тілім, кел тілді ал, қой» деп басылған. Ал, 1977 жылғы екі томдықта осы тармақ «Қинамай, қызыл тілім, кел тілді ал, қой!» деп берілген.
 
5-шумақтың бесінші тармағы Мүрсейіт қолжазбалары мен басылымдардың бәрінде «Сәнқой, даңғой, ойнасшы, керім-кербез» деп келетіні белгілі. Осы жол 1933 жылғы жинақта «Сәнқой, денқой, ойнасшы, қарлық-ұрлық» деп қате басылған.   
 
Абайдың осы өлеңінде «бәңгі» деген бір сөз ғана кірме сөз. Осы сөзге 1933, 1939, 1945, 1954, 1961 жылғы басылымдарда «меңіреу, көк мый» деген анықтама берілсе, 1977 жылғы екі томдықта «меңіреу» деп түсінік жазылған. 1995 жылғы 
жинақта осы сөздің «Бәңгі (парсыша) – بنگی – нашақор» деген мағына беретіні 
жазылса, ал, 2020 жылғы академиялық басылымда бұл сөздің «بانگ– (парсыша). [банг] – айқай, шу» деген парсы сөзі екені көрсетілген.
 
1933 жылғы латын графикалы басылымда Мұхтар Әуезов өлеңдегі кейбір сөздердің кімдерге арналып жазылғанын мәтіннің астына бірден ашып көрсетіп отырған. 3-шумақтың алғашқы жолында келетін «Сөз айттым, Әзірет Әлі айдаһарсыз» дегеннен соң, мәтіннің астыңғы жағына «Көкпай жазған қиссаны кекеткені» деп, түсініктеме берсе, екінші тармақта келетін «Мұнда жоқ алтын иек, сары ала қыз» деген жерге «Әріптің өлеңін ағытып айтқаны» деген анықтама берілген. Ал, осы шумақтың үшінші жолындағы «Кәрілікті жамандап, өлім тілеп» деген жерге мәтіннің соңында «Шәкәрім өлеңі» деп көрсетілген.
 
Кез келген өлеңнің жазылу тарихы болатыны секілді, Абайдың бұл туын­дысының дүниеге келуі туралы ақынның ұлы Тұрағұл: «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген өлеңі Шәкәрім қажының жас күнінде кәрілікті жамандап: «Алпыстан аспай өлейік, кәрі ит, жат деп, былшылдап шат деп айтады» деп жаз­ған. Шәкәрімнің бозбалашылықты мақтап жазған «Шіліктен шымылдық құрып, томашадан жастық қып» деген өлеңі болған. Көкбай молданың «Әзірет Әлі айдаһармен алысыпты» деген өлеңі болған. Әріп деген Сыбан, өлең жазғыш жігіт «Зияда» деген өлең жазған, қызды мақтамақшы болып суреттегенде, «көзі – гауһар, иегі – алтын» деп, осы сықылды асыл тастардың түсіне қарамай, сұлудың бетіне жапсыра берген. Сол үшеуіне ой салып, құбыла көрсетпекші болып жазып ед», – деп жазады (Абай туралы естеліктер, 195-бет).  
 
53) «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» (1899). Бұл өлең алғаш 1909 жылғы кітапта басылған (4-бөлік. «Ғашықтық туралы»). 
 
Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907, 1910) мәтіндік нұсқасы сақталған. 
 
1909, 1933 жылғы жинақтарда «Ғашықтық, құмарлықпен, ол екі жол» өлеңімен бірге бір өлең ретінде жарияланған.
 
1954 жылғы жинақтан бері алғашқы үш шумағы – «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» бір жеке (90-бет) өлең болып, келесі үш шумағы – «Ғашықтық құмарлық пен ол – екі жол» (91-бет) екінші өлең болып басылып келеді.
 
1-шумақтың 3-тармағы 1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977 жылғы жинақтарда – «Тоқтаулылық, талапты, шыдамдылық» болып жазылған. 1907 жылғы қолжазбада, 1995 жылғы жинақта: «Тоқтаулылық, қалыпты, шыдамдылық». 
 
Бұл жинақта өлең 1909 жылғы басылымы бойынша берілді.
 
54) «Ғашықтық, құмарлық пен — ол екі жол» (1889). Өлең алғаш 1909 жылғы кітапта «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңімен бір шығарма ретінде басыл­ған (4-бөлік. «Ғашықтық туралы»). Өлеңнің 1906, 1907 жылғы қолжазбаларда  «Асықтық, құмарлықпен – ол екі жол», 1977 жылғы кiтапта «Ғашықтық, құмарлық пен ол екі жол» деп келетін бастапқы тармағы бұл басылымда «Ғашықтық құмарлық пен – ол екi жол» деп алынды. 
 
Өлеңнің 5-шумағының 1-тармағы 1906, 1907 жылғы қолжазбаларда және 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Көңілімнің рахаты сен болған соң». 1909 жылғы жинақта – «болғансың».
 
Бұл тармақ жоғарыда аталған қолжазбалар (1906, 1907) мен басылымдардағы (1977, 1995) қалпынша қалдырылды.
 
55) «Қор болды жаным» (1889). Бұл өлең алғаш 1909 жылғы кiтапта басылған (4-бөлік. «Ғашықтық туралы»). Шығарма мәтіні Абай шығармаларының 1909, 1933, 1957, 1995 жылғы басылымдары мен Мүрсейіт қолжазбалары (1906, 1907, 1910) бойынша салыстырылды. 
 
1906, 1907 жылғы қолжазбалар мен 1909 жылғы жинақта 6 тармақты 4 шумақ болып, өлең тармақтары бір түзудiң бойымен берілген.
 
1977, 1995 жылғы жинақтарда әрбір шумақтың 5, 6-тармақтары негізгі өлең қатарынан абзац түрінде оқшау жұптастырылып, шумақ құрылымына графикалық тұрғыдан өзгеріс енгізілген.
 
Мұхтар Әуезов Абайдың бұл өлеңді шығыстық сарында жазғанына мән береді (М. Әуезов, 15 т., 130-бет).
 
56) «Сен мені не етесің?» (1889). Бұл өлең алғаш 1909 жылғы кітапта басылған (4-бөлік. «Ғашықтық туралы»).
 
Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907, 1910) мәтіндік нұсқасы сақталған.
Мазмұн-мағынасы және ұйқас жүйесіне қарай, өлең – 7 жолдық дербес екі түйдектен құралған 14 тармақты күрделі шумақтардан тұрады. 
 
Бұл басылымда өлеңдегі әр түйдек пен шумақтың соңғы (7-ші) жолдары графикалық тұрғыдан жеке-жеке абзац түрінде берілген 1977, 1995 жылғы жинақтардағы үлгі сақталды.
 
Өлеңнің мазмұны мен құрылымдық-стилистикалық ерекшелігін ескере отырып тыныс белгілері түзетілді.
 
57) «Жігіт сөзі» («Айттым сәлем, қалам қас») (1889). Өлең алғаш «Жігіттің қыз­ға айтқаны» деген тақырыппен 1909 жылғы кітапта басылған (4-бөлік. «Ғашық­тық туралы»). 
 
Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907, 1910) мәтіндік нұсқасы сақталған. 
1907 жылғы қолжазбадағы атауы – «Жігіттің қызға айтқаны». 1909 жылғы жинақта – «Жігіт қызға айтқаны». 
 
Өлеңнің 7-шумағының 3-тармағы 1907 жылғы Мүрсейіт қолжазбасында, 1909 жылғы тұңғыш жинақта «Бой шымырлап, тән еріп» деп берілген. 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Тән шымырлап, бой еріп». 
 
58) «Қыз сөзі» («Қиыстырып мақтайсыз») (1889). Бұл өлең «Қыз жігітке айт­қаны» деп аталып, алғаш 1909 жылғы кітапта басылған (4-бөлік. «Ғашықтық туралы»). Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907, 1910) бар. 
 
1933 жылғы жинақта «шаһбаз» сөзінің сілтеме түсінігі «сабаз» деп берілген. 1995 жылғы басылымдағы сілтеме түсініктегі «ержүрек, батыр» сөзімен мәндес. 
 
7-шумақтың 1-тармағы 1907 жылғы қолжазбада «Сіз – бір сұңқар шаһибаз», 1909 жылғы жинақта – «шаһи баз». 
1977, 1995 жылғы жинақтарда – «шаһбаз». 
 
9-шумақтың 3-тармағы 1907 жылғы қолжазбада «Тамағына шаншылып» болып жазылған. 1909 жылғы жинақта – «Салмағыңнан шаншылып». 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Салмағыңнан жаншылып». 
 
Өлең бұл басылымында 1909–1995 жылғы жинақтар мен Мүрсейіт қолжазбалары бойынша салыстырылып, тыныс белгілері түзетіліп берілді.
 
59) «Білектей арқасында өрген бұрым» (1889). Бұл өлең алғаш 1909 жылғы кітапта басылған (9-бөлік. «Сұлу ұрғашы туралы»).
 
Мүрсейіт қолжазбаларының (1906, 1907, 1910) бәрінде бар.
 
Өлеңнің 2-шумағының 1-тармағы 1907 жылы Мүрсейіт қолжазбасында, 1909 жылғы тұңғыш жинақта – «Аласыз қара көзі айнадайын». 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Аласы аз».
 
4-шумақтың 3-тармағы 1909 жылғы жинақта – «Бетіңді тамағына таяп барсаң».
1907 жылғы қолжазба мен 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Бетіңді таяп барсаң тамағына».
 
Өлеңнің 2-шумағының 1-тармағы 1909 жылғы жинақ бойынша «Аласыз қара көзі айнадайын» деп берілді.
 
60) «Қажымас дос халықта жоқ» (1889). Бұл өлең алғаш 1909 жылғы кітапта басылған. (1-бөлік. «Халық туралы»). 
 
1909 жылғы жинақта бұл өлең «Ішім өлген, сыртым сау» өлеңіне қосылып беріледі. «Қажымас дос халықта жоқ» деп басталған тармақтан бастап жұлдызша (*) белгісімен бөлінген. «Ішім өлгеннің» құрылым үлгісі шумаққа бөлінбей келсе, «Қажымастан» басталған мәтін 4 тармақты 6 шумақ болып келеді. 1933 жылдан бастап, барлық жинақтарда екі бөлініп басылып келе жатыр.
 
Осы өлең Санкт-Петербургтегі Географиялық қоғамның архивінде сақталған князь Кудашев көшірмесінде «Ішім өлген, сыртым сау» өлеңінің ішіндегі 17, 18-тармақтар болып жазылған. 
 
(Бұл екі өлең 1909 жылғы жинақта да бірге берілгенімен, осы 3-шумақ жоқ – ред.).
 
Өлең 1897 жылғы Сәдуақас Мұсаұлы Шорманов құрастырған «Басшы» атты қолжазба жинақта «Ішім өлген, сыртым сау» өлеңімен бір туынды ретінде берілген. Кудашев нұсқасындағы 1-тармақ Шорманов нұсқасында 2-тармақ болып келіп отырған. Мәтін негізінен бірдей. С. Шорманов нұсқасында Кудашевта ұғынықсыз, қате басылған сөздер дұрыс жазылған.
 
1995 жылғы жинақ бойынша алғандағы 3-шумақтың 3-тармағы С. Шорманов нұсқасында «Жарыса өсек сөзінен» болып келген. 
«Жақсы өмірім босқа өттің,
Жырлай алмай бір тегіс» (С. Шорманов нұсқасы. 6-т.).
«Жар таба алмай» емес. Абай туындысы қолжазба нұсқалар арқылы сақталып жеткендіктен, текстология бойынша жұмыс жүргізуде бұл нұсқалардың да өзіндік мәні бар.
 
1906 жылғы қолжазба нұсқасында өлең сегіз шумақ (жинақтарда 6 шумақ). 1906 жылғы қолжазбадағы өлеңнің 3, 4-шумақтарының сөздері анық оқылмаған. Мысалы:
……………………………..
Бір түспеді қолыма,
Жарасар  ма өзіме?
Иттің ерсең соңынан.
 
Жақтасарлық жақсының,
Кім танымас нұсқасын
Күнде өзімшіл ……..
Несін адам ………….
Өлеңнің 3-шумағының 3, 4-тармақтары 1906 жылғы қолжазбада «Жарыс өсек сөзінен, Айта берсе шарқ ұрып» деп жазылған. 1909 жылғы жинақта – «Жарыс өсек сөзінен…».
1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Жарыса өсек сөзінен, Айта берсін шарқ ұрып».
 
1995 жылғы жинақтағы 4-шумақ 1906 жылғы қолжазбада 7-шумақ. 
Бұл шумақтың 3-тармағы 1906 жылғы қолжазбада – «Жақсы өмірім босқа еттің».
1933, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Жақсы өмірім әуре еттің». 1939 жылғы жинақта – «Жақсы өмірім әуре еттім». 1945, 1954 жылғы жинақтарда «Жақсы өмірім әуре өттің».
 
Кітаптарда жоқ 1906 жылғы қолжазбада бар  8-шумақ:
Жақсы досың бар болып,
Жанды аяған жарамас.
Оңбаған дос жар болып,
Ұятыңа қарамас.
 
Жинаққа өлең әр жылдардағы басылымдармен, қолжабалармен салыстыры­лып, тыныс белгілері түзетіліп берілді.
 
61) «Жастықтың оты, қайдасың» (1889). Мүрсейіт қолжазбалары мен 
1939 (115-бет), 1945 (105-бет), 1954 (121-бет), 1961 (158-бет), 1977 (141-бет), 
1995 (129-бет) жылғы жинақтарда кездеседі. 
 
2-шумақтың үшінші тармағы Мүрсейіт қолжазбаларында «Қаруың көңіл сайласын» деп берілген.
 
Осы шумақтың соңғы тармағы 1961, 1977 жылғы басылымдарда «Қолға от түспес бойламай» деп басылған. Қалған жинақтарда «Қолға ол түспес бойламай» болып берілген.  
 
3-шумақтың алғашқы тармағы Мүрсейіт қолжазбаларында «Махаббат қызығын кім көрер» болып берілген. Осы жол 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы басылымдарда «Махаббат, қызық кім көрер» деп ұсынылған. 
 
Осы шумақтың екінші жолы 1939 жылғы кітапта «Оның дәмін татпаса?» деп, «Оның» деген сөзден кейін келетін «да» жұрнағы түсіп қалған. 
 
62) «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» (1889). Өлең 1916 жылы «Абай термесі» жинағында «Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да» өлеңімен бір өлең ретінде басылған. 
 
1939 жылғы жинақта: «Мағына жағынан қарағанда бұл екі өлең сияқты. Бірінші өлең алғашқы екі ауыз да, қалғаны – екінші өлең. Бірақ ұйқасына қарағандықтан ба, әйтеуір көшірушілер ерте уақытта мұны бір өлең қылып кеткен. Екіге бөлерлік мықты дəлеліміз болмағандықтан, бір өлең қылып бастық», – деген түсінік берілген (1939 жылғы жинақ, 115-бет). 
 
Бұл өлең Мүрсейіт қолжазбасының негізінде (1906) 1954 жылғы жинақтан бастап Абай шығармаларының барлық басылымдарында бастапқы екі шумағы – бір өлең («Жарқ етпес қара көңілім не қылса да»), қалған шумақтары – бір өлең («Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да») болып, бөлек беріліп келеді.
 
Өлеңнің 2-шумағының соңғы жолы 1957, 1977 жылғы басылымдарда – «…Қорлық пен мазағына табылса да». Осы тармақ 1939, 1945, 1995 жылғы жинақтарда  «…Қорлық пен мазағына табынса да» деп басылған. 
 
Сондай-ақ, 1986 жылы шыққан Абай шығармаларының екі томдық ­шығармалар жинағында (Алматы, «Жазушы» баспасы. Жауапты шығарушы – Мұхтар Мағауин) бұл өлең жолы «Қорлық пен мазағына таңылса да» деп берілген (1-том, 108-бет). Бұл жинаққа осы 1986 жылғы басылым бойынша «таңылса» сөзі алынды.
 
63) «Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да» (1889). 1909 жылғы жинақта «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңімен бір өлең ретінде жарияланған. 
 
«Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңінің екінші бөлімі 1954, 1957, 1977, 1995 жылғы жинақтар бойынша бөлек өлең ретінде беріліп отыр.
 
Бұл өлең 1945 жылғы жинақта жоқ. «Жарқ етпес…» жылы белгісіз өлеңдер топтамасында тұр.
 
Мұхтар Әуезов бұл шығарманы Әйгерімге арнап шығарылған «Домбыраға қол соқпа» атты өлеңмен сабақтастықта қарастырған. 
 
1-шумақтың 4-тармағы 1906 жылғы қолжазбада, 1933 жылғы жинақта– «Қай шеттен кім желігіп, қағынса да».
1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақта – «Кім желігіп, қай шеттен қағынса да».
 
Бұл жаңа жинақта 1995 жылғы басылымы бойынша берілді.
 
64) Қара қатынға («Қара қатын дегенге, қара қатын») (1889). Өлең алғаш 1933 жылғы жинақта (137-бет) басылған.
 
Бұл бір шумақ өлеңді «Абай өзінің қасында жүретін жолдас, ертекшісі Баймағамбеттің үлкен қатыны қара қатынға қалжыңдап айтқан» (1933 жылғы жинақ, 326-бет).
 
Бұл жинақта өлеңнің соңғы тармағындағы «шарағатын» сөзі «шариғатын» деп алынды.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы