Абайдың өлеңдері

Әр жылдары жазылған өлеңдерінің толық нұсқасы

Өлеңдері мен аудармалары

1886

* * *

Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек, (15)
Ашуың – ашыған у, ойың кермек.
Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық,
Кім көңілді көтеріп, болады ермек?

Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек.

Ер ісі – ақылға ермек, бойды жеңбек,
Өнерсіздің қылығы – өле көрмек.
Шыға ойламай, шығандап қылық қылмай,
Еріншек ездігінен көпке көнбек.

Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,
Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.
Арамдықтан жамандық көрмей қалмас,
Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек.

Адамзат тірілікті дәулет білмек,
Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек.
Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезбек,
Не қорлық, құр қылжаңмен күн өткізбек.

Наданға арам – ақылды құлаққа ілмек,
Бұл сөзден ертегіні тез үйренбек.
Рас сөздің кім білер қасиетін,
Ақылсыз шынға сенбей, жоққа сенбек.

Қызыл арай, ақ күміс, алтын бергек1,
Қызықты ертегіге көтерілмек.
Ақсақалдың, әкенің, білімдінің,
Сөзінен сырдаң тартып, тез жиренбек.

Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек,
Әр нәрсеге өзіндей баға бермек.
Таразы да, қазы да өз бойында,
Наданның сүйенгені – көп пен дүрмек.

Алашқа іші жау боп, сырты күлмек,
Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек.
Бір-екі жолы болған кісі көрсе,
Құдай сүйіп жаратқан осы демек.

Ел бұзылса, табады шайтан өрнек,
Періште төменшіктеп, қайғы жемек.
Өзімнің иттігімнен болды демей,
Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек.

Сырттансынбақ, қусынбақ, өршілденбек,
Сыбырменен топ жасап бөлек-бөлек.
Арамдықпен бар ма екен жаннан аспақ,
Өзімен-өзі бір күн болмай ма әлек?

Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек,
Адалдық, арамдықты кім теңгермек?
Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ,
Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек.

______________________

1 Бергек – сәндік үшін жаулықтың сыртынан салатын шаршы (1933 жылғы жинақтың сілтеме түсінігі, 84-бет).

 

* * *

Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман, (16)
Шошимын кейінгі жас балалардан.
Терін сатпай, телміріп, көзін сатып,
Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман.

Бай алады кезінде көп берем деп,
Жетпей тұрған жерінде тек берем деп.
Би мен болыс алады күшін сатып,
Мен қазақтан кегіңді әперем деп.

Жарлы алады қызметпен өткерем деп,
Елубасы шар салып1, леп берем деп.
Жалаңқая жат мінез жау алады,
Бермей жүрсең, мен сені жек көрем деп.

Дос алады бермесең бұлт берем деп,
Жауыңа қосылуға сырт берем деп,
Бұзылған соң мен оңай табылмаспын,
Не қылып оңайлықпен ырық берем деп.

Сұм-сұрқия сұмдықпен еп берем деп,
Сүйер жансып, сүйкімді бет берем деп.
Жүз қараға екі жүз аларман бар,
Бас қатар бас-аяғын тексерем деп.

Ел жиып, мал сойыңыз ет берем деп,
Мал берсем, сен мендік бол деп берем деп.
Қара қарға сықылды шуласар жұрт,
Кім көп берсе, мен соған серт берем деп.

Бұзыларда ойламас бет көрем деп,
Ант ішуді кім ойлар дерт көрем деп.
Қабаған итше өшігіп шыға келер,
Мен қапсам, бір жеріңді бөксерем деп.

Орыс айтты өзіңе ерік берем деп,
Кімді сүйіп сайласаң, бек көрем деп.
Бұзылмаса, оған ел түзелген жоқ,
Ұлық жүр бұл ісіңді кек көрем деп.

Жұрт жүр ғой арамдықты еп көрем деп,
Тоқтау айтқан кісіні шет көрем деп.
Бар ма екен жай жүрген жұрт қанағатпен,
Құдайдың өз бергенін жеп көрем деп?

Атаны бала аңдиды, ағаны – іні,
Ит қорлық немене екен сүйткен күні?
Жанын сатқан мал үшін антұрғанның
Айтқан сөзі құрысын, шыққан үні.

Алыс-жақын қазақтың бәрі қаңғып,
Аямай бірін-бірі жүр ғой аңдып.
Мал мен бақтың кеселі ұя бұзар,
Паруардигәр жаратқан несін жан қып!

Ант ішіп күнде берген жаны құрсын,
Арын сатып тіленген малы құрсын.
Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып,
Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын.
Бір атқа жүз құбылған жүзі күйгір,
Өз үйінде шертиген паңы құрсын.

__________________

1 Елу үйдің атынан сайланған елубасылар кішкене тасты (шарды) екі ұялы жәшікке салу арқылы болысты сайлауға дауыстарын беретін болған. Оны жұрт сол кезде «шар салу» деп атаған.

 

* * *

Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап, (17)
Жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап.
Қыран шықса қияға, жібереді
Олар да екі құсын екі жақтап.
Қарқылдап қарға қалмас арт жағынан,
Күйкентайы үстінде шықылықтап.
Өзі алмайды, қыранға алдырмайды,
Күні бойы шабады бос салақтап.
Тиіп-қашып, ыза қып, ұстатпаса,
Қуанар иелері сонда ыржақтап.
Не таптық мұныменен деген жан жоқ,
Түні бойы күпілдер құсын мақтап.
Басқа сая, жанға олжа дәнеме жоқ,
Қайран ел осынымен жүр далақтап.

 

* * *

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, (18)
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.
Бет бергенде шырайың сондай жақсы,
Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?
Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,
Аузымен орақ орған өңкей қыртың.
Өзімдікі дей алмай өз малыңды,
Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың.
Көрсеқызар келеді байлауы жоқ,
Бір күн тыртың етеді, бір күн бұртың.
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.

Ағайын жоқ нәрседен етер бұртың,
Оның да алған жоқ па Құдай құлқын.
Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,
Сапырылды байлығың, баққан жылқың.
Баста ми, қолда малға талас қылған,
Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқың.
Оңалмай бойда жүрсе осы қыртың,
Әр жерде-ақ жазылмай ма, жаным, тырқың?
Қай жеріңнен көңілге қуат қылдық,
Қыр артылмас болған соң, мінсе қырқың?
Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қылпың,
Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың.
Ұғындырар кісіге кез келгенде,
Пыш-пыш демей қала ма ол да астыртын?

 

* * *

Байлар жүр жиған малын қорғалатып, (19)
Өз жүзін онын беріп, алар сатып,
Онын алып, тоқсаннан дәме қылып,
Бұл жұртты қойған жоқ па құдай атып?
Барып келсе Ертістің суын татып,
Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып,
Елді алып, Еділді алып есіреді,
Ісіп-кеуіп, қабарып келе жатып.
Әрі-бері айналса аты арықтап,
Шығынға белшесінен әбден батып.
Сұм-сұрқия, қу, білгіш атанбаққа
Құдай құмар қылыпты қалжыратып.
Қорғаласа, қорықты деп қоймаған соң,
Шаптырады қалаға бай да андатып.
Күшті жықпақ, бай жеңбек әуел бастан,
Қолға түсер сілесі әбден қатып.
Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,
Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып.

* * *

Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да, (20)
Алдамаған кім қалды тірі жанда?
Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім,
Жалғыз-жарым болмаса анда-санда.

Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда,
Ол тұрмас бастан жыға1 қисайғанда.
Мұнан менің қай жаным аяулы деп,
Бірге тұрып қалады кім майданда?

Ендігі жұрттың сөзі – ұрлық-қарлық,
Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық.
Осы күнде осы елде дәнеме жоқ
Мейір қанып, мәз болып қуанарлық.

Байлар да мал қызығын біле алмай жүр,
Жаз жіберіп, күз атын міне алмай жүр.
Сабылтып, күнде ұрлатып, із жоғалтып,
Ызаменен ыржиып күле алмай жүр.

Саудагер тыныштық сауда қыла алмай жүр,
Қолдан беріп, қор болып, ала алмай жүр.
Ел аулақта күш айтқан, топта танған,
Арсыз жұрттан көңілі тына алмай жүр.

Естілер де ісіне қуанбай жүр,
Ел азды деп надандар мұңаймай жүр.
Ала жылан, аш бақа күпілдектер,
Кісі екен деп ұлықтан ұялмай жүр.

Бектікте біреу бектеп тұра алмай жүр,
О дағы ұры-қарды тыя алмай жүр.
Қарсылық күнде қылған телі-тентек,
Жаза тартып ешбірі сұралмай жүр.

Қарындас қара жерге тыға алмай жүр,
Бірінің бірі сөзін құп алмай жүр.
Құда-тамыр, дос-жаран, қатын-балаң –
Олар да бір қалыпты бола алмай жүр.

Бір күшті көп тентекті жыға алмай жүр,
Іште жалын дерт болып, шыға алмай жүр.
Арақ ішкен, мас болған жұрттың бәрі,
Не пайда, не залалды біле алмай жүр.

Жетілтіп жаз жайлауға қона алмай жүр,
Күз күзеу де жанжалсыз бола алмай жүр.
Қыс қыстауың – қып-қызыл ол бір пәле,
Оралып ешбір шаруа оңалмай жүр.

Жасы кіші үлкеннен ұялмай жүр,
Сұрамсақтар нәпсісін тыя алмай жүр.
Сәлем – борыш, сөз – қулық болғаннан соң,
Қандай жан сырттан сөз боп, сыналмай жүр?

__________________

1 Жыға – баскиімнің төбесіне қадап қоятын әшекей. Ақын адам басынан бағы таюды, басына іс түсуді бейнелеп айтқан.

 

* * *

 

Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ, (21)
Оларға жөн – арамның сөзін ұқпақ.
Қас маңғаз, малға бөккен кісімсініп,
Әсте жоқ кеселді істен биттей қорықпақ.

Бір аршопке1 шапаны сондай шап-шақ,
Мүшесінен буынып, басады алшақ.
Қарсы алдына жымырып келтірем деп,
Ақ тымақтың құлағы салтақ-салтақ.

Жаздыгүні ақ бөркі бүктелмейді,
Қолында бір сабау бар, о дағы аппақ.
Керегеге сабауды шаншып қойып,
Бөркін іліп, қарайды жалтақ-жалтақ.

Тірі жанға құрбы боп жап-жасында-ақ,
Қалжыңдамақ, қасынбақ, ыржаңдамақ.
Бет-аузын сөз сөйлерде жүз құбылтып,
Қас кермек, мойын бұрмақ, қоразданбақ.

Осындай сидаң жігіт елде мол-ақ,
Бәрі де шаруаға келеді олақ.
Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп,
Бар өнері – қу борбай, сымпыс шолақ.

Олардың жоқ ойында малын бақпақ,
Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ.
Жалғыз атын терлетіп, ел қыдырып,
Сәлемдеспей, алыстан ыржаң қақпақ.

__________________

1 Аршопке – аршын деген сөзден алынған; бұл жерде: өлшем, мөлшер, кездеме өлшемі.

 

* * *

 

Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық, (22)
Қартаймастай көрмелік, ойланалық.
Жастықта көкірек зор, уайым жоқ,
Дейміз бе еш нәрседен құр қалалық.

Бар ойы – өлең айтып, ән салалық,
Біреуді қалжың қылып қолға алалық.
Қызды ауылға қырындап үйір болса,
Көңіліне зор қуаныш бір бадалық1.

Демеңдер өнбес іске жұбаналық,
Ақыл тапсақ, мал тапсақ, қуаналық.
Қызды сүйсең, бірді-ақ сүй, таңдап тауып,
Көрсеқызар, күнде асық – диуаналық.

Жастықта бір күлгенің – бір қаралық,
Күлкі баққан бір көрер бишаралық.
Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе,
Ең болмаса, еңбекпен мал табалық.

Той болса, тон киелік, жүр, баралық,
Бірімізді біріміз аударалық.
Ат арықтар, тон тозар, қадір кетер,
Күлкіні онша күйлеп, шуламалық.

Уайым – ер қорғаны, есі барлық,
Қиыны бұл дүниенің – қолы тарлық.
«Еһе-еһеге» елірме, бозбалалар,
Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық.

Салынба, қылсаң дағы сан құмарлық,
Алдыңда уайым көп шошынарлық:
Жарлылық, жалынышты жалтаң көздік,
Сүйкімі, икемі жоқ шалдуарлық.

Әсем салдық өлгенше кім қыларлық,
Оған да мезгіл болар тоқталарлық.
Ұрлық қылар, тентіреп тамақ асырар,
Жұмыс қып болмаған соң мал табарлық.

Басында әке айтпаса ақыл жарлық,
Ағайын табылмаса ой саларлық,
Қалжыңбассып өткізген қайран дәурен,
Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?

Осы елде бозбала жоқ сөзді ұғарлық,
Үзілмес үмітпенен бос қуардық.
Әйтеуір ақсақалдар айтпады деп
Жүрмесін деп, азғана сөз шығардық.

______________

1 باده – (парсы.) [бадә] – шарап, ішімдік, маскүнем.

 

* * *

 

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат, (23)
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік
Ер табылса жарайды, қылса сұхбат.

Кейбіреу тыңдар үйден шыққанынша,
Кейбіреу қояр көңіл ұққанынша.
Сөз мәнісін білерлік біреулер бар,
Абайлар, әрбір сөзді өз халынша.

Шын көңілмен сүйсе екен, кімді сүйсе,
Бір сөзімен тұрса екен, жанса-күйсе.
Қырмызы, қызыл жібек бозбалалар,
Оңғақ бұлша былғайды, бір дым тисе.

Керек іс бозбалаға – талаптылық,
Әртүрлі өнер, мінез, жақсы қылық.
Кейбір жігіт жүреді мақтан күйлеп,
Сыртқа пысық келеді, көзге сынық.

Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,
Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз!
Күншілдіксіз тату бол шын көңілмен,
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз!

Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,
Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.
Біріңді бірің ғиззәт1, құрмет қылыс,
Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып.

Жолдастық, сұхбаттастық – бір үлкен іс,
Оның қадірін жетесіз адам білмес.
Сүйікті ер білген сырын сыртқа жаймас,
Артыңнан бір ауыз сөз айтып күлмес.

Күйлеме жігітпін деп үнемі ойнас,
Салынсаң, салдуарлық қадір қоймас.
Ер жігіт таңдап тауып, еппен жүрсін,
Төбетке өлекшіннің2 бәрі бір бәс.

Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,
Лапылдақ көрсеқызар нәпсіге ерме!
Әйел жақсы болмайды көркіменен,
Мінезіне көз жетпей, көңіл берме!

Көп жүрмес жеңсікқойлық, тез-ақ тозар,
Жаңғырар жеңсікқұмар, жатқа қозар.
Күнде көрген бір беттен көңіл қайтар,
Қылт еткізбес қылықты тамыршы озар.

Толқынын жүрегіңнің хаттай таныр,
Бүлк еткізбес қалайша соқса тамыр.
Жар көңліне бір жанын пида қылып,
Білместігің бар болса, қылар сабыр.

Шу дегенде көрінер сұлу артық,
Көбі көпшіл келеді ондай қаншық.
Бетім барда бетіме кім шыдар деп,
Кімі паңдау келеді, кімі тантық.

Ақыл керек, ес керек, мінез керек,
Ер ұялар іс қылмас қатын зерек.
Салақ, олақ, ойнасшы, керім-кербез,
Жыртаң-тыртаң қызылдан шығады ерек.

Қатының сені сүйсе, сен де оны сүй,
Қоржаң суық келеді кей сасық ми.
Ері ақылды, қатыны мінезді боп,
Тату болса, раис3 үстіндегі үй.

Жоқ болса қатыныңның жат өсегі,
Болмаса мінезінің еш кесегі.
Майысқан, бейне гүлдей толықсыған,
Кем емес алтын тақтан жар төсегі.

Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма.

Үйіңе тату құрбың келсе кіріп,
Сазданбасын қабақпен имендіріп.
Ері сүйген кісіні о да сүйіп,
Қызмет қылсын көңілі таза жүріп.

Құрбыңның тәуір болсын өз мінезі,
Абыройлы қалжыңмен келсін сөзі.
Сен оған мойын бұрып сөз айтқанда,
Қатыныңда болмасын оның көзі.

Кей құрбы бүгін тату, ертең бату,
Тілеуі, жақындығы – бәрі сату.
Көкірегінде қаяу жоқ, қиянат жоқ,
Қажымас, қайта айнымас, қайран тату!

Пайда деп, мал деп туар ендігі жас,
Еңбекпен терін сатып түзден жимас.
Меліш4 сауда сықылды күлкі сатып,

Алса қоймас, араны тағы тоймас.
Асық ұтыс сықылды алыс-беріс –
Тірі жанның қылғаны бүгін тегіс.

Бірі көйтке5 таласып, бірі арам қып,
Төбелескен, дауласқан жанжал-керіс.
Жас бала әуел тату бола қалар,
Ата-анадан жақын боп, ертіп алар.

Бірін бірі құшақтап шуылдасып,
Ойын тарқар кезінде ұрыс салар.
Біреуі жылап барса үйге таман,
Ата-анасы бұрқылдар онан жаман.

Татулығы құрысын ойыны мен
Дәл соларға ұқсайды мына заман.
Жаман тату қазады өзіңе ор,
Оған сенсең, бір күні боларсың қор.

Ары бар, ұяты бар үлкенге сен,
Өзі зордың болады ығы да зор.
Қазақтың қайсысының бар санасы?
Қылт етерде дап-дайын бір жаласы.

Пысықтықтың белгісі – арыз беру,
Жоқ тұрса бес бересі, алты аласы.

___________________

1 عزة – (араб.) [‘иззәт] – қадір, сый, ізет.

2 Өлекшін – қаншық итті айтады (1933 жылғы жинақтың сілтеме түсінігі, 84-бет).

3 رایس – (парсы.) [раис] – көркем, әдемі, сәнді (1933 жылғы жинақ, сілтеме сөздігі, 84-бет).

4 Меліш, мелочь (орыс.) – ұсақ-түйек.

5 Көйт – асық ойынында қарыз алу. Ұтылып қалса, көйт болып ойыннан қуылады.

* * *

Патша құдай, сыйындым (24)
Тура баста өзіңе.
Жау жағадан алғанда,
Жан көрінбес көзіме.
Арғын, Найман жиылса,
Таңырқаған сөзіме.
Қайран сөзім қор болды
Тобықтының езіне.
Самородный1 сары алтын
Саудасыз берсең, алмайды
Саудыраған жезіне.
Саудырсыз сары қамқаны
Садаға кеткір сұрайды
Самарқанның бөзіне.
Кеселді түйін шешілсе,
Кердең мойын кесілсе,
Келмей кетпес кезіне.
О да – құдай пендесі,
Түспей кетер деймісің
Тәңірінің құрған тезіне!
_____________
1 Самородный (орыс.) – таза, қоспасыз деген мағынада (М.Әуезов 1933 жылғы түзетуінде «айырықша туған, айырықша таза түрде табылған» деп көрсеткен (Абайтанудан жарияланбаған материалдар, 26-бет).

* * *

Базарға, қарап тұрсам, әркім барар, (25)
Іздегені не болса, сол табылар.
Біреу астық алады, біреу – маржан,
Әркімге бірдей нәрсе бермес базар.
Әркімнің өзі іздеген нәрсесі бар,
Сомалап ақшасына сонан алар.
Біреу ұқпас, бұл сөзді біреу ұғар,
Бағасын пайым қылмай аң-таң қалар.
Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма,
Демеймін жалпақ жұртқа бірдей жағар.
Жазған соң жерде қалмас тесік моншақ,
Біреуден біреу алып, елге тарар.
Бір кісі емес, жазғаным жалпақ жұрт қой,
Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар.
«Ит маржанды не қылсын» деген сөз бар,
Сәулесі бар жігіттер бір ойланар.

* * *

Интернатта оқып жүр (26)
Талай қазақ баласы –
Жаңа өспірім, көкөрім,
Бейне қолдың саласы.
Балам закон білді деп,
Қуанар ата-анасы,
Ойында жоқ олардың
Шариғатқа шаласы.
Орыс тілі, жазуы –
Білсем деген таласы.
Прошение1 жазуға,
Тырысар, келсе шамасы.
Ынсапсызға не керек
Істің ақ пен қарасы?
Нан таппаймыз демейді,
Бүлінсе елдің арасы.
Иждиһатсыз2, михнатсыз
Табылмас ғылым сарасы.
Аз білгенін көпсінсе,
Көп қазаққа епсінсе,
Кімге тиер панасы?
Орыс теріс айтпайды,
Жаман бол деп оларды.
Қаны бұзық өзі ойлар
Қу менен сұм боларды,
Орыста қалар жаласы.
Бұл іске кім виноват3
Я, Семейдің қаласы,
Я, қазақтың баласы.
Ойында жоқ бірінің
Салтыков пен Толстой,
Я тілмаш, я адвокат
Болсам деген бәрінде ой,
Көңілінде жоқ санасы.
Ақылы кімнің бар болса,
Демес мұны тілі ащы.
Айтыңызшы, болсаңыз
Здравомыслящий4,
Ақыл айтпай ма ағасы?
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге.
Военный5 қызмет іздеме,
Оқалы киім киюге.
Бос мақтанға салынып,
Бекер көкірек керуге.
Қызмет қылма оязға,
Жанбай жатып сөнуге.
Қалай сабыр қыласың,
Жазықсыз күнде сөгуге.
Өнерсіздің қылығы –
Тура сөзін айта алмай,
Қит етуге бата алмай,
Қорлықпенен шіруге.
Аз ақшаға жалданып,
Өнбес іске алданып,
Жол таба алмай жүруге.
Алыс та болса іздеп тап,
Кореннойға6 кіруге,
«Талапты ерге нұр жауар»,
Жүріп өмір сүруге.
Я байларға қызмет қыл!
Ерінбей шауып желуге.
Адал жүріп, адал тұр,
Счетың7 тура келуге.
Жаныңа жақса, соңынан
Жалқауланба еруге.
Қисық болса, закон бар
Судьяға беруге.
Ол да оязной емес қой,
Алуға теңдік сенуге.
Я өз бетіңмен тәуекел,
Занимайся прямотой8.
Жеңіл көрме, бек керек
Оған да ғылым, оған да ой,
Қалайынша қайда енуге.
_________________
1 Прошение (орыс.) – арыз, өтініш.
2 اجدهاد – (араб.) [иждиһат] – талап, жігер, ыждағат.
3 Виноват (орыс.) – кінәлі, айыпты.
4 Здравомыслящий (орыс.) – зерек, әр істі ақылмен ойлап шешетін адам.
5 Военный (орыс.) – әскери.
6 Коренной (орыс.) – ежелгі, негізгі, тұрақты. Бұл жерде түпкілікті қызметке кіру мағынасында.
7 Ісшот (орыс. счет) – есеп.
8 Занимайся прямотой (орыс.) – турашыл, батыл бол деген мағынада.

* * *

Ғылым таппай мақтанба, (27)
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз.
Жамандық көрсең нәфрәтлі1,
Суытып көңіл тыйсаңыз.
Жақсылық көрсең ғибрәтлі2,
Оны ойға жисаңыз.
Ғалым болмай немене,
Балалықты қисаңыз.
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз.
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз.
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл берсеңіз.
Білгендердің сөзіне
Махаббатпен ерсеңіз.
Ақыл сенбей сенбеңіз,
Бір іске кез келсеңіз.
Ақсақал айтты, бай айтты,
Кім болса мейлі, сол айтты –
Ақылменен жеңсеңіз,
Надандарға бой берме,
Шын сөзбенен өлсеңіз.
Аят, хадис емес қой,
Кәпір3 болдың демес қой,
Қанша қарсы келсеңіз.
Көп орнында көріне айтпа,
Біздің сөзге ерсеңіз.
Мұны жазған кісінің
Атын білме, сөзін біл!
Осы жалған дүниеден
Шешен де өткен не бұлбұл,
Көсем де өткен не дүлдүл.
Сөз мәнісін білсеңіз,
Ақыл – мизан4, өлшеу қыл.
Егер қисық көрінсе,
Мейлің таста, мейлің күл.
Егер түзу көрінсе,
Ойлап-ойлап, құлаққа іл.
Ақымақ көп, ақылды аз,
Деме көптің сөзі – пұл.
Жақынның сөзі тәтті деп,
Жақыным айтты дей көрме.
Надандықпен кім айтса,
Ондай түпсіз сөзге ерме.
Сізге айтамын, хаупім – бұл.
Өзің үшін үйренсең,
Жамандықтан жиренсең,
Ашыларсың жылма-жыл.
Біреу үшін үйренсең,
Біреу білмес, сен білсең,
Білгеніңнің бәрі – тұл.
Сөзіне қарай кісіні ал,
Кісіге қарап сөз алма.
Шын сөз қайсы біле алмай,
Әр нәрседен құр қалма.
Мұны жазған білген құл –
Ғұлама-и Дауани,
Солай депті ол шыншыл.
Сөзін оқып және ойла,
Тез үйреніп, тез жойма,
Жас уақытта көңіл – гүл.

______________
1 نفرت – (араб.) [нәфрәт] – жиіркенішті.
2 عبرت – (араб.) [‘ибрәт] – үлгілі, өнегелі.
3 کافر – (араб.) [кәфир] – дінге сенбейтін, имансыз адам.
4 میزان – (араб.) [мизан] – таразы.

* * *

Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ, (28)
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.
Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,
Ой желке, үңірейген болса сағақ.

Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті1,
Қабырғалы, жоталы болса күшті.
Ойынды еті бөп-бөлек, омыраулы,
Тояттаған бүркіттей салқы төсті.

Жуан, тақыр бақайлы, жұмыр тұяқ,
Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ.
Жерсоғарлы, сіңірлі, аяғы тік,
Жаурыны етсіз, жалпақ тақтайдай-ақ.

Кең сауырлы, тар мықын, қалбағайлы,
Алды-арты бірдей келсе ерге жайлы.
Күлте құйрық, қыл түбі әлді келіп,

Көтендігі сығыңқы, аламайлы.
Ұршығы төмен біткен, шақпақ етті,
Өзі санды, дөңгелек келсе көтті.
Сырты қысқа, бауыры жазық келіп,
Арты талтақ, ұмасы үлпершекті2.

Шідерлігі3 жуандау, бота тірсек,
Бейне жел, тынышты, екпінді мініп жүрсек.
Екі көзін төңкеріп, қабырғалап,
Белдеуде тыныш тұрса, байлап көрсек.

Тығылмай әм сүрінбей жүрсе көсем,
Иек қағып, еліріп басса әсем.
Шапса жүйрік, мінсе берік, жуан, жуас,
Разы емен осындай ат мінбесем.

Аяңы тымақты алшы кигізгендей,
Кісіні бұл-бұл қағып жүргізгендей.
Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс,
Ыза қылдың қолыма бір тигізбей.

______________

1 Салқы төсті – кеуделі, омыраулы (АТС, 434-бет).
2 Ұмасы үлпершекті – ұма – ұрық безінің сыртындағы қалталанған тері (АТС, 549-бет).
3 Шідерлігі – аттың тірсегінен жоғарғы шідер салатын жері. Шідер – аттың үш аяғына салатын тұсау. (АТС, 594-бет).

* * *

Қансонарда бүркітші шығады аңға, (29)
Тастан түлкі табылар аңдығанға.
Жақсы ат пен тату жолдас бір ғанибет,
Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.

Салаң етіп жолықса қайтқан ізі,
Сағадан сымпың қағып із шалғанда.
Бүркітші тау басында, қағушы ойда,
Іздің бетін түзетіп аңдағанда.

Томағасын тартқан соң бір қырымнан,
Қыран құс көзі көріп самғағанда.
Төмен ұшсам түлкі өрлеп құтылар деп,
Қандыкөз қайқаң қағып шықса аспанға.

Көре тұра қалады қашқан түлкі,
Құтылмасын білген соң құр қашқанға.
Аузын ашып, қоқақтап, тісін қайрап,
О да талас қылады шыбын жанға.

Қызық көрер, көңілді болса аңшылар,
Шабар жері қарамай жығылғанға,
Қырық пышақпен қыржыңдап тұрған түлкі,
О дағы осал жау емес қыран паңға.

Сегіз найза қолында, көз аудармай,
Батыр да аял қылмайды ертең таңға.
Қанат, құйрық суылдап, ысқырады,
Көктен қыран сорғалап құйылғанда.

Жарқ-жұрқ етіп екеуі айқасады,
Жеке батыр шыққандай қан майданға.
Біреуі – көк, біреуі – жер тағысы,
Адам үшін батысып қызыл қанға.

Қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл,
Ұқсайды хаса1 сұлу шомылғанға.
Қара шашын көтеріп екі шынтақ,
О да бүлк-бүлк етпей ме сипанғанда?!

Аппақ ет, қып-қызыл бет, жап-жалаңаш,
Қара шаш қызыл жүзді жасырғанда.
Күйеуі ер, қалыңдығы сұлу болып,
Және ұқсар тар төсекте жолғасқанға.

Арт жағынан жаурыны бүлкілдейді,
Қыран бүктеп астына дәл басқанда.
Құсы да иесіне қоразданар,
Алпыс екі айлалы түлкі алғанда.

«Үйірімен үш тоғыз» деп жымыңдап,
Жасы үлкендер жанына байланғанда.
Сілке киіп тымақты, насыбайды
Бір атасың көңілің жайланғанда.

Таудан жиде тергендей ала берсе,
Бір жасайсың құмарың әр қанғанда.
Көкіректе жамандық еш ниет жоқ,
Аң болады кеңесің құс салғанда.

Ешкімге зияны жоқ, өзім көрген
Бір қызық ісім екен сұм жалғанда.
Көкірегі сезімді, көңілі ойлыға
Бәрі де анық тұрмай ма ойланғанда.

Ұқпассың үстірт қарап бұлғақтасаң,
Суретін көре алмассың, көп бақпасаң.
Көлеңкесі түседі көкейіңе,
Әр сөзін бір ойланып салмақтасаң.
Мұны оқыса, жігіттер, аңшы оқысын,
Біле алмассың, құс салып дәм татпасаң.

_________________

1 خاص – (араб.) [хас] – ерекше, айрықша.

ЖАЗ

Жаздыгүн шілде болғанда, (30)
Көкорай шалғын, бәйшешек,
Ұзарып өсіп толғанда;
Күркіреп жатқан өзенге
Көшіп ауыл қонғанда;
Шұрқырап жатқан жылқының
Шалғыннан жоны қылтылдап,
Ат, айғырлар, биелер
Бүйірі шығып, ыңқылдап,
Суда тұрып шыбындап,
Құйрығымен шылпылдап,
Арасында құлын-тай
Айнала шауып бұлтылдап.
Жоғары-төмен үйрек, қаз
Ұшып тұрса сымпылдап.
Қыз-келіншек үй тігер,
Бұрала басып былқылдап,
Ақ білегін сыбанып,
Әзілдесіп сыңқылдап.
Мал ішінен айналып,
Көңілі жақсы жайланып,
Бай да келер ауылға,
Аяңшылы жылпылдап;
Сабадан қымыз құйдырып,
Ортасына қойдырып,
Жасы үлкендер бір бөлек
Кеңесіп, күліп сылқылдап.
Жалшы алдаған жас бала,
Жағалайды шешесін
Ет әпер деп қыңқылдап.
Көлеңке қылып басына,
Кілем төсеп астына,
Салтанатты байлардың
Самаурыны бұрқылдап.
Білімділер сөз айтса,
Бәйгі атындай аңқылдап,
Өзгелер басын изейді,
Әрине деп мақұлдап.
Ақ көйлекті, таяқты
Ақсақал шығар бір шеттен
Малыңды әрі қайтар деп,
Малшыларға қаңқылдап.
Бай байғұсым десін деп,
Шақырып қымыз берсін деп,
Жарамсақсып, жалпылдап.
Шапандарын белсенген,
Асау мініп теңселген
Жылқышылар кеп тұрса,
Таңертеңнен салпылдап.
Мылтық атқан, құс салған.
Жас бозбала бір бөлек
Су жағалап қутыңдап.
Қайырып салған көк құсы
Көтеріле бергенде,
Қаз сыпырса жарқылдап.
Өткен күннің бәрі ұмыт,
Қолдан келер қайрат жоқ,
Бағанағы байғұс шал
Ауылда тұрып күледі,
Қошемет қылып қарқылдап.

КӨКБАЙҒА

Сорлы Көкбай жылайды, (31)
Жылайды да жырлайды.
Ол жыламай қайтіп тұрады,
Мынау азған қу заман
Қалыбында тұрмайды.
Біреу малды ұрлайды,
Біреу басты қорлайды,
…болмаған соң
Жылауына зорлайды.

КӨЖЕКБАЙҒА

Жамантайдың баласы Көжек деген, (32)
Әркімге өсек тасып безектеген.
Досын келіп досына жамандайды,
Шіркінде ес болсайшы сезед деген.

* * *

Өкінішті көп өмір кеткен өтіп, (33)
Өткіздік бір нәрсеге болмай жетік.
Ойшылдың мен де санды бірімін деп,
Талап, ойсыз, мақтанды қалдым күтіп.

Үлгісіз жұртты үйретіп, қалдық кейін,
Көп надандар өзіне тартар бейім.
Арылмас әдет болды күлкішілдік,
Ыржаң-қылжаң ит мінез дегендейін.

Тура тілді кісіні дейміз орыс,
Жиреніп, жылмаңдықты демес бұрыс.
Жылпылдақтан айрылып, сенісе алмай,
Адамдықты жоғалтар ақыр бұл іс.

Сенімі жоқ серменде1 сырды бұзды,
Анық таза көрмейміз досымызды.
Қылт етпеге көңілдің кешуі жоқ,
Жүрегінде жатады өкпе сызы.

Дос-асықтың болмайды бөтендігі,
Қосылған босаспайды жүрек жігі.
Біздің доспыз, асықпыз дегеніміз
Жалғандықтан жасалған көңіл жүгі.

Сеніскен досым да жоқ, асығым да,
Ақыры өлең қылдым жасыдым да.
Көрмеген көп дүние көл көрінді,
Кірлемеген көңілдің ашығында.

Құдай берген бұл достық – кәннің2 бірі,
Мұңдасқанда қалмайды көңіл кірі.
Қолдан достық жасап ем болар-болмас,
Итмұрындай наданның жыртты бірі.

Сол досты сая таппай іздейді жан,
Жоқтайды күңіреніп, қозғалып қан.
Жау жабылса, бұзылмас жан көрмедім
Артық жолдас таппадым татулықтан.

__________________

1 شرمنده – (парсы.) [шәрмәндә] – масқара.

2 کان – (парсы.) [кан] – кен, кеніш. Ауыспалы мағынада – мейірімділік бастауы, қайырымдылық, ізгілік.

ТҮСІНІКТЕР

15) «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» (1886). Өлең мәтіні Мүрсе­йіт көшірмелерінде (1906, 1907, 1910) жазылған. Алғаш 1909 жылғы жинақтың «Халық туралы» атты бірінші бөлімінде жарияланған.

Тұрағұл Абайұлы «Әкем Абай туралы» естелігінде мынадай деректі айтады: «Әкем айтып отырушы еді: қайғы жас жүрекке қатты батады екен, Бәкемнің өліміндей қатты батқан өлім көрмедім деп (Құдайбердіні Бәкем деуші еді). Мағауияның өлгендегісін өлшеп айтқан жоқ, бұрынғы Оспан мен Ғабдрахманның өлімін өлшеп айтып еді. Сқақтың үш сайлауынан кейін, Бәкемнің орнына беремін деп, жиырмадан жаңа асқан Шәһкәрім қажыны болыстыққа сайлатыпты. Шәһкәрім қажы болыс болған соң астыртын ел құрып, әркіммен анттасыпты. Келесі сайлауда Оспанды сайламақ болған екен, оған ел де, Шәһкәрім қажы да қарсы болып, барлық адал деп, әкесі үлкен қажының айтқанына бұрылмай сеніп жүрген достары, құрдасы бұзылып, Күнту дегенді болыс сайлаған жерде бірақ біліпті. Ел бұзылды, сені алдап жүр деп Сқақ келіп айтса, Ербол деген бір досын шақырып сұрапты, ол: «жоқ, Абай, Сқақ бекер айтады», – десе, сеніп отыра беріпті, өзі азырақ сырқат екен.

Осы сайлау 1884-ші жылы болғанда, содан кейін достан, елден түңіліп соққы жегендіктен осы өлеңдерді айтқан секілді: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Қыран бүркіт не алмайды салса баптап», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Байлар жүр жиған малын қорғалатып», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» (Абайтану. Таңдамалы еңбектер. І том, 118-бет).

Өлеңнің Мүрсейіт Бікіұлының 1906 жылғы қолжазбасында бастапқы 29 жолы, 1907 жылғы көшірмесінде 18 жолы хатқа түспеген, көп нүктемен беріледі. 1909 жылғы кітапта өлеңнің құрылысы әркелкі, он екі тармақты, жиырма тармақты, төрт тармақты шумақтардан құралған. 1933 жылдан бастап кейінгі жинақтарда төрт тармақтан қайырылып, он екі шумақ боп басылған (мәтінтанулық салыстыруда осы ретті ұстандық – ред.).

1909 жылғы жинақта өлеңнің 2-шумағының 2-жолы «Тағдыр жоқ өткен адам қайта келмек» болып жазылған. Бұл тармақ кейінгі басылымдардың бәрінде «Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек» деп беріледі. Редакциялық алқаның ұйғарымымен бұл жаңа басылымда «өмір» сөзі қалдырылды.

1909 жылғы басылымда «Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезбек» деп келетін 5-шумақтың 3-тармағы 1907 жылғы Мүрсейіт көшірмесінде және жоғарыда аталған жинақтарда «Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезіп» болып басылған. Бұл жинаққа 1909 жылғы нұсқасы алынды.

1909 жылғы жинақта «… – ақылды құлаққа ілмек» деп көп нүктемен берілген 6-шумақтың 1-тармағы 1907 жылғы қолжазба бойынша бұл басылымда «Наданға арам – ақылды құлаққа ілмек» болып алынды.

1907 жылғы көшірмеде және әр жылдардағы жинақтарда әрқилы басылып келген «Наданның сүйенгені – көппен дүрмек» дейтін 8-шумақтың соңғы тармағы редакциялық кеңестің шешімімен жалғаулық шылау ретінде «көп пен» болып бөлініп жазылды.

1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977 жылғы басылымдардың бәрінде «Ел бұзылса, табады шайтан өрнек» деп басталатын 10-шумақтың 1-жолы 1907 жылғы қолжазбада – «Ел бұзылса, табады шайтан өрмек», 1995 жылғы жинақта «Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек» болып басылған. Бұл жинақта 1909 жылғы басылымы бойынша қалдырылды.

1909 жылғы кітапта «Қолдан келе бере ме жұрт іңгермек» болып жазылған соңғы шумақтың бастапқы жолы қолжазбалар мен кейінгі басылымдар бойынша «Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек» деп алынды.

Өлең мәтіні жинаққа Абай шығармаларының әр жылдардағы басылымдары мен көшірме қолжазбалары салыстырылып, тыныс белгілері түзетіліп берілді.

16) «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» (1886). Өлең мәтіні Мүрсейіт Бікіұлының (1906, 1907, 1910) қолжазбаларында бар. 1906 жылғы қолжазбада бұл өлеңнің басым бөлігі көп нүктемен беріледі. Өлең алғаш 1909 жылғы жинақта басылған.

1906 жылғы көшірмеде «…қайғы ойладық, ұлғайды арман» деп басталатын өлеңнің бастапқы жолы 1907 жылғы қолжазбада және 1995 жылғы жинаққа де­йінгі барлық басылымдарында «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», 1995 жылғы кітапта «Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман» болып жазылған. Бұл басылымға 1907 жылғы қолжазба бойынша берілді.
1909 жылғы жинақта көп нүктемен берілген:
«Сұм-сұрқия сұмдықпен еп берем деп,
Сүйер жансып, сүйкімді бет берем деп» дейтін 5-шумақтың алғашқы екі жолы 1933 жылғы толық жинақта түсіп қалған. Бұл тармақтар кейінгі басылымдарда Мүрсейіттің 1907 жылғы көшірмесі бойынша толықтырылған.

1907 жылғы көшірмеде «Мал сойсаң, сен мендік бол деп берем деп» деген 6-шумақтың 2-тармағы 1909, 1961, 1977 жылғы жинақтарда «Мал берсем, сен мендік бол деп берем деп», 1939, 1945, 1954, 1995 жылғы кітаптарда «Ет берсем, сен мендік бол деп берем деп» болып басылған. Бұл жинаққа 1909 жылғы литография­лық басылымы бойынша алынды. Осы шумақтың 3-жолы Мүрсейіт көшірмелері мен 1909, 1933 жылғы жинақтарда «Қара қарға секілді шуласын жұрт» деп берілсе, 1939, 1945, 1954, 1995 жылғы кітаптарда «Қара қарға сықылды шуласар жұрт» болып өзгерген. Бұл кітапта «шуласар» сөзі қалдырылды.

7-шумақтың 4-жолы 1906 жылғы көшірмеде – «Мен қапсам, тап бір жер……», 1909, 1933, 1939 жылғы жинақтарда «Мен қапсам, тап бір жерін бөксерем деп» болып жазылған. Бұл тармақ 1907 жылғы қолжазбада және кейінгі басылымдарда «Мен қапсам, бір жеріңді бөксерем деп» болып басылып келеді. Бұл жинаққа 1907 жылғы қолжазба негізінде «бір жеріңді» деп қабылданды.

Мүрсейіт қолжазбалары мен 1933 жылдан бастап кейінгі басылымдарының бәрінде «Орыс айтты өзіңе ерік берем деп» деген 8-шумақтың 1-жолы 1909 жылғы жинақта «….ты өзіңе ерік берем деп» болып көп нүктемен берілген. Осы басылымға қолжазбалар мен кейінгі жинақтарға сүйене отырып, «Орыс айтты» деп қалдырылды.

9-шумақтың 3-тармағы 1906, 1907 жылғы қолжазбаларда – «Бай жүрген жұрт бар ма екен қанағатпен», 1909 жылғы жинақта – «Бар ма екен жай жүрген жұрт қанағатпен», 1933 жылғы толық жинақтан бастап кейінгі барлық басылымдарында «Бар ма екен жай жүрген жан қанағатпен» болып басылған. Бұл жинаққа 1909 жылғы нұсқасы алынды.

10-шумақтың алғашқы екі тармағы 1906 жылғы көшірмеде – «Атаны бала аңдыған, ағаны – іні, Ит қорлық …», 1907 жылғы қолжазбада – «Атаны бала аңдыған, ағаны – іні, Ит қорлық немене екен көрген күні?» деп жазылған. 1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1977, 1995 жылғы кітаптарда «Атаны бала аңдиды, ағаны – іні, Ит қорлық немене екен сүйткен күні?» болып басылып келеді. Бұл басылымда жинақтарға сәйкес өзгертусіз қалдырылды. Осы шумақтың 3-жолы Мүрсейіт қолжазбаларында және 1933 жылдан бастап жоғарыдағы басылымдардың бәрінде «Арын сатқан мал үшін антұрғанның» деп берілсе, 1909 жылғы жинақта «Жанын сатқан мал үшін антұрғанның» болып басылған. Бұл басылымға 1909 жылғы кітап бойынша алынды.

1906, 1907 жылғы көшірмелерде және 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда өлеңнің соңғы 12-шумағының «Ант ішіп күнде берген жаны құрсын» дейтін алғашқы жолы 1909, 1933, 1939, 1945 жылғы басылымдарында «Ант ішкен, күнде берген жаны құрсын» болып жазылған. Бұл кітапта қолжазбалар бойынша берілді.

17) «Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап» (1886). Өлең алғаш 1909 жылғы кітапта басылған (1-бөлік. «Халық туралы»). Мүрсейіт Бікіұлының қолжазба көшірмелерінде мәтіндік нұсқасы сақталған (1906, 1907, 1910).
1909 жылғы жинақта 7, 8-тармақтар көп нүктемен берілген. Мүрсейіт қолжазбалары негізінде 1933 жылғы жинақта басылды. Бұл тармақтар 1907 жылғы қолжазба негізінде, сондай-ақ, 1933, 1957, 1977, 1995 жылғы жинақтар бойынша:
«Өзі алмайды, қыранға алдырмайды,
Күні бойы шабады бос салақтап», –
деп берілді.

18) «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» (1886). Өлең мәтіні Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907, 1910) бар. Алғаш рет 1909 жылғы жинақта (1-бөлік. «Халық туралы») жарияланған.

Өлең 1933, 1939, 1977 жылғы жинақтарда шумақтарға бөлінбей берілген.

1906, 1907 жылғы көшірмелерде – «Бір күн тыртың етеді, бір күн – жыртың» дейтін өлеңнің 12-тармағы 1909 жылдан бастап барлық жинақтарда «Бір күн тыртың етеді, бір күн – бұртың» болып басылған. Бұл басылымда жинақтар негізінде «бұртың» сөзі алынды.

Қолжазбалар мен 1909 жылғы кітапта «Өз басына би болған өңкей қиқым» деп келетін 13-тармақ 1933 жылғы толық жинақтан бастап кейінгі барлық басылымдарда «Бас-басына би болған өңкей қиқым» деп өзгертілген. Жинақта өлеңнің мазмұнына сәйкес «бас-басына» болып қалдырылды.

Өлеңнің 16-жолы Мүрсейіт көшірмелерінде, 1961, 1995 жылғы жинақтарда «Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» деп жазылған. 1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1977 жылғы кітаптарда «Өз қолыңнан кетпесе енді өз ырқың» болып басылған. Жинаққа «кеткен соң» деп қолжазбалар бойынша берілді.

2-шумақтың 5-жолы 1906 жылғы қолжазбада «Баста ми, қолда малға талас қылып» деп келсе, 1907 жылғы көшірмеде және барлық басылымдарында «Баста ми, қолда малға талас қылған» болып жазылған. Бұл жинаққа 1907 жылғы қолжазба нұсқасы алынды.

1909 жылғы кітапта «Пых-пых демей қала ма ол да астыртын?» дейтін өлеңнің соңғы тармағы қолжазбалар мен 1933 жылдан бастап барлық жинақтарда «Пыш-пыш демей қала ма ол да астыртын?» болып берілген. Бұл басылымда қолжазбалар бойынша қалдырылды.

19) «Байлар жүр жиған малын қорғалатып». (1886). Өлең мәтіні Мүрсейіт қол­жазбаларында (1906, 1907) бар. Алғаш 1909 жылғы жинақта (1-бөлік. «Халық ту­ралы») жарияланған.

Өлең 1954, 1961 жылғы жинақтарда екі шумаққа бөлініп берілген.

1906 жылғы қолжазбада және барлық басылымдарда «Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып» деп келген 6-тармақ 1907 жылғы көшірмеде «Бірге арыз беріп келсе бұтып-шатып» деп жазылады.

Өлеңнің 14-жолы 1907 жылғы көшірме қолжазбада «Шаптырады қалаға бай да аңдатып» деп берілсе, 1906 жылғы көшірме мен барлық жинақтарда «Шаптырады қалаға бай да андатып» болып жазылған.

Өлең мәтіні бұл басылымға 1906 жылғы қолжазба негізінде алынып, тыныс белгілері түзетіліп басылды.

20) «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» (1886). Өлең алғаш 1909 жыл­ғы жинақта басылған (1-бөлік, «Халық туралы»). Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907, 1910) жазылған.

Өлеңнің жазылу тарихын Мұхтар Әуезов ел ішіндегі нақтылы жағдайлармен байланыстырады: «1886–1889 жылдардағы Абай өлеңдерінің әлеуметтік өмір сарыны тобықты арасындағы уақиғаға тіреледі. Бұл кезде тобықты ішінде жаңа адамдар шығып еді. Оның бірі – алғаш Абайға да дос болып, соңында жау болған Оразбай.

Ол кезде тобықты Құнанбай заманындағыдай емес, Семей ұлығына бағынған кезі. Бұл кезге шейін Абай ел жұмысына араласып жүрген шешен, алғыр, әділ би болған. Әділдігі сонша, Абайға досынан гөрі дұшпаны көбірек билік айтқызған.

Ірі дау болғанда, патша үкіметі өзі шеше алмай әуре болған. Осындай дау тұсында ел әділетшіл билік иесіне мұқтаж болатын. Сондай би де, елдің пана іздейтіні де Абай еді. Құнанбай балаларының әмірі ел ішінде бертінге шейін басым болып келді. Бірақ Абай бір рет би болып, сонан кейін билікті басқа жақтың дос-жарларына береді. Сонда да ел оны билік айтуынан қалдырмай келді. Оразбайлар Абайға іштей бәсеке болады. «Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да» өлеңінде елді адамдық сипатынан айыратын адамдардың мінезін жыр етуі жоғарғы айтылғандарға байланысты» (Әуезов М. Абайтану дәрістері, 48-бет).

Абай бірнеше қайтара арнайы аталып сайланып (назначениемен), шар салу сайлауымен болыс болған. Абай өмірбаянына қатысты архив деректерін келтіре отырып, Бейсембай Байғалиев Абайдың үстінен 1876, 1877, 1879, 1883 жылдарда арыз түсіп, 8 жылдан астам уақыт істі болып, сол шағымдарды теріске шығарғандығын нақтылы іс-қағаздарымен, құжаттармен растаған (Байғалиев Б. Абай өмірбаяны архив деректерінде, 98-бет).

Мүрсейіт Бікіұлының 1906, 1907 жылғы көшірме қолжазбаларында өлең алты шу­мақ көлемінде көшіріліп жазылған. Абай шығармаларының 1910 жылғы қолжаз­бада, 1909, 1957, 1977, 1995 жылғы басылымдарындағы «Бектікте біреу бектеп тұра алмай жүр» деп басталып, әрі қарай берілген бес шумақ бұл қолжазбаларда жоқ.

1906 жылғы көшірмеде өлеңнің 1, 2, 3, 4-тармақтары тұтас жазылмаған. Мәселен, 2-шумақтың 2-тармағындағы «Ол» сөзінен соң көп нүкте қойылыпты.

1-шумақтың 1-тармағы 1906, 1907 жылғы қолжазбаларда, 1909 жылғы жинақта «Көңілім қайтты достан да, дұспаннан да».

1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда: «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да». Бұл жинақта 1933 жылғы басылым бойынша берілді.

2-шумақтың 3-тармағы 1907, 1910 жылғы қолжазбаларда және 1909, 1945, 1954 жылғы жинақтарда – «Мұнан менің қай жаным аяулы деп». 1939, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «жерім». Бұл басылымында «жаным» сөзі алынды.

4-шумақтың 4-тармағы 1906 жылғы қолжазбада: «Ыржайып ызаменен күле алмай жүр».

1907 жылғы қолжазбада, 1909, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтар­да – «Ызаменен ыржиып күле алмай жүр».

1933, 1939 жылғы жинақтарда: «Аза менен ыржиып күле алмай жүр» деп басылған. Бұл жинақта 1907 жылғы қолжазба мен 1909 жылғы жинақ бойынша ­берілді.

5-шумақтың 4-тармағы 1905 жылғы қолжазбада, 1933, 1939 жылғы жинақтарда: «Арсыз жұрттың көңілі тына алмай жүр».

1907 жылғы қолжазбада, 1909, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Арсыз жұрттан көңілі тына алмай жүр».

6-шумағының 4-тармағы 1905 жылғы қолжазбада, 1945, 1954, 1961, 1977 жылғы жинақта «Кісі екен деп үлкеннен ұялмай жүр» болып жазылған. Бұл жинақта 1907 жылғы қолжазба мен 1909, 1933, 1939, 1995 жылғы жинақтардағы «Кісі екен деп ұлықтан ұялмай жүр» нұсқасы алынды.

7-шумақтың 1-тармағы 1909, 1939, 1945, 1954, 1977 жылғы жинақтарда: «Бектікте біреу бектеп тұра алмай жүр». Бұл жинақта 1909 жылы басылым бойынша берілді.

1933 жылғы жинақта – «Бектікте біреу бек деп тұра алмай жүр».

1961, 1995 жылғы жинақта – «Бектікте біреу бекіп тұра алмай жүр».

Бұл жинақта 1907 жылғы қолжазба мен 1909 жылғы жинақ бойынша берілді.

21) «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» (1886). Өлең Мүрсейіт көшірмелерінде (1906, 1907, 1910) сақталған. Тұңғыш рет 1909 жылғы жинақта (1-бөлік, «Халық туралы») басылған.

Өлең 1933, 1945, 1961, 1977 жылғы жинақтарда шумақтарға бөлінбей берілген.

1907 жылғы қолжазба мен барлық басылымдарында «Әсте жоқ кеселді істен биттей қорықпақ» деп келетін бастапқы шумақтың 4-тармағы 1906 жылғы көшірмеде «Әсте жоқ кеселді иттен биттей қорқпақ» болып жазылған. Бұл жинақта 1907 жылғы қолжазба негізінде басылды.

2-шумақтың 3-жолы 1906, 1907 жылғы көшірме қолжазбаларда және 1909, 1945, 1961, 1995 жылғы жинақтарда «Қас алдына жымырып келтірем деп» боп бе­рілсе, 1933, 1939, 1954, 1977 жылғы басылымдарында «Қарсы алдына жымырып келтірем деп» болып өзгерген. Бұл жаңа басылымда қолжазбалар бойынша ­алынды.

3-шумақтың алғашқы жолы 1906 жылғы Мүрсейіт қолжазбасында, 1909, 1945 жылғы кітаптарда «Жаздыгүні ақ бөркі бүктелмейді» болса, 1907 жылғы көшірмеде және 1933, 1939, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы басылымдарында «Жаздыгүні ақ бөркі бүктелмейді-ақ» деп жазылыпты. Бұл жинаққа 1906 жылғы Мүрсейіт қолжазбасы негізінде «бүктелмейді» деп берілді. Осы шумақтың 2-тармағы 1906, 1907 жылғы қолжазба көшірмелерде, 1909, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Қолында бір сабау бар, о дағы аппақ», 1961-де – «Қолында бір сабау бар о-дағы аппақ», 1933, 1939, 1945, 1954 жылғы кітаптарда «Қолында бір сабау бар олдағы аппақ» болып басылыпты. Бұл жинақта қолжазбалар бойынша «о дағы» сөзі алынды.

1907 жылғы қолжазбада жазылған өлеңнің «Қу шалбар қулығына болған айғақ» деп басталатын 4-шумағы 1906 жылғы көшірмеде және 1909 жылғы жинақта тұтастай көп нүктемен берілген. Бұл шумақ 1933 жылғы толық жинақта түсіп қалған. Осы бір шумақ 1939 жылдан бастап кейінгі басылымдарда қосылған. Бұл кітапта да шумақтар қалпына келтіріліп басылды.

22) «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық» (1886). Өлең алғаш 1909 жылғы кітапта басылған (1-бөлік. «Халық туралы»).

Мүрсейіт қолжазбаларында көшірілген нұсқалары сақталған (1906, 1907).

1-шумақтың 4-тармағы 1933, 1961, 1977 жылғы жинақтарда «…Дейміз бе еш нәрседен қорғаналық», 1906, 1907 жылғы қолжазбаларда, 1909, 1939, 1945, 1954, 1995 жылғы жинақтарда – «…Дейміз бе еш нәрседен құр қалалық».

2-шумақтың 2-тармағы 1906 жылғы көшірмеде, 1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Біреуді қалжың қылып қолға алалық» болып жазылған. 1907 жылғы қолжазбада – «қылсақ».

2-шумақтың 3-тармағы 1906, 1907 жылғы қолжазбаларда – «Қызды ауылға қырындап үйір болсақ».

1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Қызды ауылға қырындап үйір болса».

3-шумақтың 1-тармағы 1909 жылғы кітапта «Демеңдер ойнас іске жұбаналық» болып жазылған. 1905, 1907 жылғы қолжазбаларда, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «өнбес» сөзімен келген. Бұл жинақта осы нұсқа алынды.

3-шумақтың 3-тармағы 1906, 1907 жылғы қолжазбаларда, 1909, 1933, 1939, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Қызды сүйсең, бірді-ақ сүй, таңдап тауып». 1945 жылғы жинақта – «Қызды сүйсең, бірде-ақ сүй, таңдап тауып».

6-шумақтың 2-тармағы 1906, 1907 жылғы қолжазбаларда, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Еһе-еһеге» елірме, бозбалалар». 1909 жылғы жинақта «Епе-епегіне» елірме, бозбалалар» болып басылған.

7-шумақтың 2-тармағы 1906 жылғы қолжазбада: «Алдыңда уайым бар шошынарлық».

1907 жылғы қолжазбада, 1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда: «Алдыңда уайым көп шошынарлық».

7-шумақтың 4-тармағы 1906, 1907 жылғы қолжазбаларда «Икемі, сүйкімі жоқ шалдуарлық».

1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Сүйкімі, икемі жоқ шалдуарлық».

1961 жылғы жинақта бұл тармақ – «Сүйкімі киімі жоқ шалдуарлық» деп басылған.

8-шумақтың 4-тармағы 1909 жылғы жинақта – «Жұмыс қып болмаған соң мал табарлық».

1906, 1907 жылғы қолжазбаларда, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Болмаған соң жұмыс қып мал табарлық».

9-шумақтың 1-тармағы 1906 жылғы қолжазбада – «Әке айтпаса жасында ақыл жарлық», 1907 жылғы қолжазбада – «Әке айтпаса басында ақыл жарлық».

1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Басында әке айтпаса ақыл жарлық».

9-шумақтың 2-тармағы 1906 жылғы қолжазбада «Ағайын табылмайды ой саларлық».

1907 жылғы қолжазбада, 1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Ағайын табылмаса ой саларлық».

9-шумақтың 3-тармағы 1906 жылғы қолжазбада «Қалжыңбассып өткізген қайран өмір».

1907 жылғы қолжабада, 1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Қалжыңбассып өткізген қайран дәурен».

Өлеңнің 10-шумағындағы 2-тармақ 1909 жылғы басылымда «Жақсы айғырда бие жоқ ат туарлық» болып берілген. Осы тармақ Абайдың 1933 жылғы толық жинағында «Үзілмес үмітпенен бас құрадық» деп өзгеріп, мынандай түсіндірме берілген: Бұрын «Жақсы айғырда бие жоқ ат туарлық» делінген сөзді Абай өзі осылай түзеген екен. М. А*» (1933 жылғы жинақ, 83-бет).

Бұл тармақ 1945, 1954 жылғы жинақтарда – «Жақсы айғырда бие жоқ ат ­туарлық» деп басылған.

1906, 1907, 1910 жылғы қолжазбаларда, 1939, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Үзілмес үмітпенен бос қуардық» деп берілген. Бұл жинақта осы нұсқа алынды.

Өлең мәтіні әр жылдардағы қолжазба, жинақтармен салыстырылып берілді.

23) «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» (1886). Өлең алғаш 1909 жылғы жинақта басылды (1-бөлік. «Халық туралы»).

Мүрсейіт қолжазбаларында (1905, 1907, 1910) мәтіндік нұсқасы сақталған.

1-шумақтың 2-тармағы 1906, 1907 жылғы қолжазбаларда «Нәрсе ғой екі түрлі сыр мен сымбат», 1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтар­да – «Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат».

2-шумақтың 3-тармағы 1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Сөз мәнісін білерлік кейбіреу бар» болып берілген. Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907) «кейбіреу» сөзінің орнында «біреулер» сөзі жазылыпты. Бұл басылымында «біреулер» болып берілді.

2-шумақтың 4-тармағы 1909 жылғы жинақта «Абайла, әрбір сөзді өз халынша», 1906, 1907 жылғы қолжазбаларда, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жыл­ғы жинақтарда – «Абайлар әрбір сөзді өз халынша».

3-шумақтың 2-тармағы 1906 жылғы қолжазбада «Бір сөзбенен тұрса екен, жанса-күйсе».

1907 жылғы қолжазбада, 1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Бір сөзімен тұрса екен, жанса-күйсе».

3-шумақтың 4-тармағы 1907 жылғы қолжазбада, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Оңғақ пұлдай былғайды бір дым тисе» деп жазылған. 1906 жылғы көшірме қолжазбада, 1909 жылғы жинақта «Оңғақ болса» болып келген. 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977 жылғы жинақтарда «оңғақ бұлдай». Бұл басылымда осы нұсқа алынды. Бұл сөз осы басылымда «оңғақ бұлша» деп берілді.

4-шумақтың 3-тармағы 1909 жылғы жинақта «Кейбір жігіт жүреді мақтан күліп» болып келген. 1906, 1907 жылғы қолжазбаларда, 1939 жылғы жинақта бұл сөз «күйлеп» деп жазылған. 1933, 1945, 1954, 1961, 1977 жылғы жинақтарда «көйлеп» болып тұр. 1995 жылғы жинақта Мүрсейіт қолжазбалары бойынша берген. Мұхтар Әуезов 1933 жылғы жинаққа жасаған түзетулерінде: «Кейбір жігіт жүреді мақтан көйлеп» деп өзгерткен (Әуезов М. Абайтанудан жарияланбаған материалдар, 25-бет). Бұл жаңа жинақта 1906, 1907 жылғы қолжазбалар негізінде «мақтан күйлеп» деп берілді.

6-шумақтың 2-тармағы 1906 жылғы қолжазбада, 1909 жылғы жинақта, «Біріңді бірің сөйле сөзің тосып», 1907 жылғы қолжазбада, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып».

6-шумақтың 3-тармағы 1909 жылғы жинақтағы қалпынша «Біріңді бірің ғиззәт, құрмет қылыс» деп берілді. 1907 жылғы қолжазбада, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «қылыс» сөзі «етіс» деп берілген. 1906 жылғы қолжазбада – «қылып».

8-шумақтың 4-тармағы 1933, 1939, 1945, 1961, 1977 жылғы жинақта – «Төбетке өлекшіннің бәрі бір бас».

1909, 1954, 1995 жылғы жинақтарда – «Төбетке өлекшіннің бәрі бір бәс». Бұл жинақта 1909 жылғы басылым бойынша алынды.

10-шумақтың 1-тармағы 1909 жылғы басылым бойынша «Көп жүрмес, жең­сікқойлық тез-ақ тозар» болып берілді. 1933, 1961 жылғы жинақтарда – «тез-ақ».

1906, 1907 жылғы қолжазбаларда, 1939, 1945, 1954, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «әлі-ақ».

12-шумақтың 4-тармағы 1909 жылғы жинақта «Кімі ипаңдау келеді, кімі – тантық» деп қате басылған.

1906, 1907 жылғы қолжазбаларда, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Кімі паңдау келеді, кімі – тантық».

13-шумақтың 4-тармағы 1905, 1907 жылғы қолжазбаларда, 1909, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Жыртаң-тыртаң қызылдан шығады ерек».

1933 жылғы жинақта – «Жыртаң-тыртаң қызылдан шығады ермек».

14-шумақтың 4-тармағы: «Тату болса, райыс үстіндегі үй» деп, 1909 жылғы жинақтағы қалпында берілді. Бұл сөз кейде «риаз» (1995 жылғы жинақта) болып та жазылып келген. 1933 жылғы басылымда осы сөзді Мұхтар Әуезов өз қолымен «райыс» деп түзеткен (Әуезов М. Абайтанудан жарияланбаған материалдар, 26-бет).

1939, 1945, 1954, 1961, 1977 жылғы жинақта бұл сөз «райыс» деп берілген.

1906, 1907 жылғы қолжазбаларда, 1995 жылғы жинақтарда – «риаз».

17-шумақтың 2-тармағы 1905, 1907 жылғы қолжазбаларда, 1909, 1933, 1961 жылғы жинақтарда «Сазданбасын қабақпен имендіріп» болып жазылған.

1939, 1945, 1954 жылғы жинақтарда – «Сазданба сен қабақпен имендіріп». Бұл сөз 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Сызданбасын». Біз алғашқы нұсқаны жөн көрдік.

20-шумақтағы «меліш» сөзі 1909 жылғы жинақ бойынша берілді. 1933 жылғы толық жинаққа түзетулер жасағанда Мұхтар Әуезов «мәліш» деп көрсеткен ­(Әуезов М. Абайтанудан жарияланбаған материалдар, 26-бет).

1906,1907 жылғы қолжазбаларда, 1939, 1945, 1954, 1995 жылғы жинақта «меліш».

1961, 1977 жылғы жинақтарда – «мәліш».

21-шумақ 1-тармағы 1906, 1907 жылғы қолжазбаларда, 1939, 1945 жылғы жинақтарда – «Асық ұтыс секілді алыс-беріс».

1909, 1933, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Асық ұтыс сықылды алыс-беріс».

23-шумақ 2-тармағы 1906, 1907 жылғы қолжазбаларда – «Бұрқылдар ата-анасы онан жаман».

1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Ата-анасы бұрқылдар онан жаман».

24-шумақтың 4-тармағы 1909 жылғы басылымда – «Өзі зордың болады иығы да зор». 1906, 1907 жылғы қолжазбаларда, 1933, 1939, 1945, 1954, 1995 жылғы жинақтарда «Өзі зордың болады иығы да зор» болып жазылған. 1961, 1977 жылғы жинақтарда – «ығы». Бұл жинақта оқырмандар санасында қалыптасып қалған «ығы» сөзін өзгертпедік.

Өлеңнің соңғы шумағы 1909 жылғы жинақта жоқ, алғаш рет Абай шығармаларының 1933 жылғы толық жинағында Мұхтар Әуезовтің ескертпесімен берілген. «Осы соңғы бір ауыз өлең бұрынғы жазба, баспаларынан қалып жүрген. М. А.» (1933 жылғы басылым, 86-бет). 1909 жылғы жинақта бұл өлең төрт тармақты 24 шумақ көлемде басылған. 25-шумақтың орнына 4 тармақ көп нүктемен берілген.

25-шумақтың 2-тармағы 1906 жылғы қолжазбада – «Қылт еткенде дап-да­йын бір жаласы». 1907 жылғы қолжазбада, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Қылт етерде дап-дайын бір жаласы».

25-шумақтың 3-тармағы 1906 жылғы қолжазбада «Пысықтықтың белгісі – ыртақ-жыртақ» болып жазылған. 1907 жылғы қолжазбада «ыртақтың» орнына көп нүкте қойылыпты. 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Пысықтықтың белгісі – арыз беру» деп берілген. Бұл жаңа басылымда 1933 жылғы жинақ бойынша берілді.

Соңғы шумақтың 4-тармағы 1906 жылғы қолжазбада «Жоқ еді ғой бес бересі, алты аласы».
1907 жылғы қолжазба бойынша «Жоқ еді бес бересі, алты аласы» деп ­түзетілді.

1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Жоқ тұрса бес бересі, алты аласы».

Өлең мәтіні бұл жинаққа Абай шығармаларының әр жылдардағы жинақтары, қолжазбалары (1906, 1907) салыстырылып, 1909 жылғы жинақтағы көп нүктенің орыны толықтырылып берілді.

24) «Патша Құдай сыйындым» (1886). Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1910) жазылған. Өлең алғаш 1909 жылғы жинақта (3-бөлік. «Өзі туралы») басылған.

Бұл өлең туралы Кәкітай: «Өзге алыс ел құмар болып, Абайдың өлеңдерін жаздырып алып, жиылған топта Абайдың нәсихатын, ұқса, ұқпаса да, құлақ қойып тыңдап отырғандарына қарағанда, қайта ең жақын туысқан елі тобықтының көбі айтқан сөз, жазған өлеңімен ісі жоқ болып, өзіне жаулық ойлайтұғынына ыза болып жазғаны» (1909 жылғы жинақ, 110-бет; 1995 жылғы жинақ, 263-бет), – десе, Тұрағұл өз естелігінде былай дейді: «Патша құдай сиындым» деген өлең мен «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңдері Ғабдырахим деген баласы Түмендегі реальный училищеде, Мағауияны бір Күлбадан деген әйел баласымен Семейдегі городскойде оқытып жүргенде айтқан» (Абайтану, таңдамалы еңбектер. І том, 120-бет).

Өлең 1954, 1961 жылғы жинақтарда екі шумаққа бөлініп берілген.

Өлеңнің соңғы 20-жолы барлық басылымдарында «Тәңірінің құрған тезіне?», 1906 жылғы көшірмеде «Алланың құрған тезіне?» деп жазылған. Бұл жаңа жинаққа «Тәңірінің» болып кітаптардағы нұсқасы қалдырылды.

25) «Базарға қарап тұрсам, әркім барар» (1886). Өлең алғаш 1909 жылғы жинақта жарияланған (6-бөлік. «Насихат туралы»).

Мүрсейіт қолжазбаларында (1906, 1907, 1910) бар.

Өлеңнің 14-тармағы 1906 жылғы қолжазбада – «Шамданбай-ақ, шырағым, ұқсаң жарар».

1907 жылғы қолжазбада, барлық жинақтарда – «Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар». Бұл кітапқа осы нұсқа қалдырылды.

Өлеңнің тыныс белгілері Абай жинақтарымен салыстырылып, түзетіліп ­берілді.

26) «Интернатта оқып жүр» (1886) деп басталатын өлең 1909 жылғы кітапта «Ғылым таппай, мақтанба» өлеңімен бір шығарма болып басылған (6-бөлік. «Насихат туралы»).

1933 жылғы жинақта «Интернатта оқып жүр», «Ғылым таппай мақтанба» деген атаумен екі бөлініп басылған. 1995 жылғы жинақта қайтадан бірге берілген.

20-тармақ 1909 жылғы жинақта – «Көп қазаққа епсініп» болып берілген.
Бұл жолы 1907 жылғы қолжазба, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтардағы «епсінсе» сөзіне тоқтадық.
28-тармақ 1907 жылғы қолжазбада «Я қазақтың ­баласы?», 1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Я қазақтың аласы?».

53-тармақ 1909 жылғы жинақта – «Қиық етуге бата алмай». 1907 жылғы қолжазбада, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Қит етуге бата алмай».

66-тармақ 1907 жылғы қолжазбада, 1909, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Счетың тура келуге» деген нұсқада алынды. 1933 жылғы жинақта – «ісшотың». 1939 жылғы басылымда – «шотың».

73-тармақ 1933, 1909 жылғы жинақтарда «Я өз бетіңнен тәуекел», 1907 жылғы қолжазбада, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Я өз бетіңмен, тәуекел». Бұл жинақта осы нұсқа алынды.

74-тармақ 1907 жылғы қолжазбада, 1909, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Занимайся прямотой» деген нұсқасында қалдырылды. 1933 жылғы жинақта – «Занимайся промыслом».

Бұл басылымында 1909 жылғы жинақ бойынша жекелеген түзетулер жасалып, жеке өлең ретінде берілді.

Тыныс белгілері бойынша Мұхтар Әуезов әзірлеген басылымдар (1933, 1939, 1957) назарға алынып, бірнеше түзетулер жасалды.

27) «Ғылым таппай мақтанба» (1886). Өлең алғаш 1909 жылғы басылымда жарық көрген. Ілгеріде айтқанымыздай, әр жылдардағы жинақтарда «Интернатта оқып жүр» өлеңімен бірде бірге, бірде бөлек берілген. Мүрсейіт қолжазбаларында жеке өлең болып көшірілген. 1995 жылғы жинақта екі өлең бірге басылған.

Өлеңнің 6-тармағы 1906, 1907 жылғы қолжазбаларда «Бес нәрсеге ғашық бол» деп жазылыпты. 1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда бұл «асық» сөзімен берілген.

13-тармақ 1907 жылғы қолжазбада «Талап, труд, терең ой» болып жазылған. 1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «еңбек».

24-тармақ 1907 жылғы қолжазбада «Ғылым болмай немене…» болып жазылған. 1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Ғалым болмай немене…» деп келген.

42-тармақ 1909 жылғы жинақта «Шынменен өлсеңіз» болып берілген. 1907 жылғы қолжазбада, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Шын сөзбенен өлсеңіз» деп жазылған. Бұл басылымында 1995 жылғы жинақ бо­йынша берілді.

44-тармақ 1907 жылғы қолжазбада, 1909, 1933 жылғы жинақтарда «Кәпір болдың демес қой» деп жазылған. 1939, 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «күпір».1909 жылғы жинақ бойынша алынды.

46-тармақ 1907 жылғы қолжазбада және 1945, 1954, 1977 жылғы жинақтарда «Көп көзіне көріне айтпа» деп келген.
1909, 1933, 1939, 1961, 1995 жылғы жинақтарда – «Көп орында көріне айтпа».

60-тармақ 1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977 жылғы жинақтарда «Деме көптің сөзі бұл». 1907 жылғы қолжазбада, 1995 жылғы жинақта – «Деме көптің сөзі пұл».

77-тармақ 1907 жылғы қолжазбада, 1909 жылғы кітапта «Ғұламаи Дауани» деп басылған. 1933 жылғы жинақта «Ғұламасын – Дауани». 1939 жылғы жинақта «Ғұламһи – Дауани». 1945, 1954, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Ғұламаһи Дауани».

«Ғұламаһи Дауани – адамның аты-жөні емес. Ғұлама Дауани деген тегі бар адамның зыйындылық сапасын (интеллектісін, рухани мәртебесін – ред.) көрсетіп тұрған сөз. «Һи» – парсы тіліндегі артикль» (Т. Қыдыр).

79-тармақ 1907 жылғы қолжазбада, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Сөзін оқы және ойла». 1909, 1933, 1939, 1945, 1954 жылғы жинақтарда – «оқып».

Өлең бұл басылымында әр жылдардағы басылымдар салыстырылып, тыныс белгілері түзетіліп берілді.

28) «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» (1886) атты өлеңі Мүрсейіт қол­жазбалары мен кейінгі басылымдардың бәрінде кездеседі. Бұл өлең Мүрсейіт қолжазбаларында «Ат мақтауы» деген атпен көшірілген. Десек те толық емес. Соңғы төрт шумақ түсіп қалған. 1909 жылғы алғашқы басылымда «16-шы бөлік. Аттың сыны» (1909 жылғы жинақ, 97-бет) деп берілсе, 1933 жылғы басылымда «Қызыл ауыз атқа» деген атпен жарияланған (1933 жылғы жинақ, 89-бет). Қалған басы­лымдарда арнайы тақырып қойылмаған.

1945 жылғы басылымда осы өлеңнің соңғы шумағы кездеспейді.

Бірінші шумақтың үшінші жолында келетін «майда жалды» деген сөз Мүрсейіт қолжазбасында «майда жалд-ау» деп көшірілген. Осы шумақтың төртінші жолы 1909 жылғы қадім үлгісінде басылған кітапта «Ой желкелі үңірейген болса сағақ» деп жарияланған. Бұл тармақ басқа басылымдарда «Ой желке үңірейген болса сағақ» деп келеді.

Екінші шумақтың төртінші жолында келетін «салқы төсті» деген сөз 1933 жылғы латын әліппесімен жарық көрген басылымда «салқы түсті» деп басылған (1933 жылғы жинақ, 89-бет). Осы сөз 1939 жылғы кітапта «салық төсті» деп берілген.

Үшінші шумақтың алғашқы тармағында келетін «жұмыр тұяқ» деген сөз 1939 жылғы жинақта «жұмыр тұтақ» болып қате басылған.

Үшінші шумақтың соңғы тармағында келетін «жалпақ тақтайдай-ақ» деп келетін сөз 1933 жылғы кітапта «жалпақ тақтай ақ» деп жарияланған (1933 жылғы жинақ, 89-бет).

Төртінші шумақтың екінші тармағы 1909, 1933, 1939 жылғы басылымдарда «Алды-арты бірдей келген ерге жайлы» деп берілсе, қалған жинақтарда (1945, 1954, 1961, 1977, 1995) «Алды-арты бірдей келсе ерге жайлы» деп басылған.

Төртінші шумақтың соңғы тармағы Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909, 1995 жылғы басылымдарда «көтендігі сығыңқы» деп берілсе, қалған 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977 жылғы жинақтарда «көтендігі шығыңқы» болып басылған.

Алтыншы шумақтың екінші тармағында келетін «мініп жүрсек» деген сөз
1933 жылғы басылымда «мініп жүрсең» деп берілген.

Осы шумақтың соңғы жолында кездесетін «тыныш тұрса» деген сөз
1933 жылғы кітапта «тыныш тұрсын» деп басылған.

Жетінші шумақтың алғашқы жолы 1933 жылғы басылымда «Тығылмай, сүрінбестен жүрсе көсем» деп берілген. Бұл тармақ басқа жинақтарда «Тығылмай әм сүрінбей жүрсе көсем» деп басылған. Осындағы «Тығылмай әм» деген сөз 1939, 1945 жылғы кітаптарда «Тығылмай һәм» деп қадімша берілген. Осы жолда келетін «жүрсе көсем» деген сөз 1961, 1977 жылғы жинақтарда «жүрдек көсем» деп түзетілген.

Осы шумақтың екінші жолы 1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1961, 1977 жылғы басылымдарда «Иек қағып, еліріп жүрсе әсем» деп берілсе, соңғы академиялық жинақтарда (1995, 2020) «Иек қағып, еліріп басса әсем» деп басылған.

Жетінші шумақтың үшінші жолында келетін «шапса жүйрік» деген сөз
1933 жылғы кітапта «шапшаң жүйрік» деп басылған.

Соңғы шумақтың алғашқы жолында келетін «аяңы тымақты» деген сөз
1933 жылғы басылымда «аяңы тымықты» деп берілген.

Осы шумақтың екінші тармағы 1933, 1961 жылғы жинақтарда «Кісіні бұлбұл қағып жүргізгендей» деп басылған. Бұл жолдың басқа басылымдарда (1945, 1977, 1995) «Кісіні бол-бол қағып жүргізгендей» деп келетіні белгілі. Осындағы «бол-бол қағып» деген сөз 1939 жылғы кітапта «бұлбыл-қағып» деп қате берілген. Ал, 1954 жыл­ғы кітапта осы сөз «бұл-бұл» деп жарияланған. Бұл жинақта осы нұсқа алынды.

Осы шумақтың үшінші жолында келетін «бөкен желіс» деген сөз алғашқы басылымда (1933) «бөкен желік» деп берілген.

Өлең бұл жинаққа әр жылдардағы басылымдармен салыстырылып берілді.

29) «Қансонарда бүркітші шығады аңға» (1886). Өлең Мүрсейіт қолжазбалары мен кейінгі жылғы барлық басылымдарға енген. Алайда, жинақтарда мәтіндерді беруде бірізділік сақталмаған әрі өлеңнің жазылу тарихына қатысты ортақ пікір қалыптаспаған. 1909 жылғы алғашқы басылымда бұл өлең 1886 жылы жазылған деп көрсетілсе, 1933, 1939, 1945 жылғы жинақтарда 1882 жыл деп берілген. Ал, 1961 жылғы кітапта «1881–1885» жылдары жазылған шығармалар деп көрсетіліп, бірінші осы өлең берілген. Соған қарағанда бұл жыр жолдарының 1881 жылы жазылғанын алға тартқан болуы мүмкін. Ал, 2020 жылғы академиялық жинақта бұл өлеңнің 1886 жылы жазылғаны көрсетілген.

Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылғы араб әліппесімен жарық көрген басылымда тоғызыншы жол «Томағасын тартқан соң бір қырымнан» деп берілген. Осындағы «тартқан соң» деген сөз 1933, 1939, 1945, 1961, 1977 және 1995 жылғы жинақтарда «тартқанда» деп көрсетілген. Бұл сөз 1909 жылғы жинақ бойынша «тартқан соң» деп берілді.

Осы өлеңнің он үшінші жолы Мүрсейіт қолжазбалары мен 1933, 1939 жылғы басылымдарда «Көре тұра қалады сонда түлкі» деп берілсе, 1909 жылғы қадім үлгісінде басылған литография мен 1961, 1977, 1995 жылғы жинақтарда «Көре тұра қалады қашқан түлкі» деп оқырман назарына ұсынылған. 1945 жылғы жинақта «Кере тұра қалады қашқан түлкі» деп басылған. Осы өлеңнің текстологиясын арнайы қарастыр­ған Қ. Мұқамедханов: «Ақын бұл арада аспанға шығып алып, шүйілген қыраннан құр қаша бергеннен құтыла алмайтынын білген түлкінің жанын қорғау үшін қайрат қылмақ болып кере тұра қалған жайын ақын дәл суреттеп отыр. Түлкі аңшыны көргенде тұра қалмайды, қашады. Үстінен төніп келген бүркіттен қашып құтыла алмайтын болған соң кере тұра қалады», – деп (1959 жылғы жинақ, 12-бет), «Кере тұра қалады қашқан түлкі» деген жолға тоқтау керектігін алға тартқан.

Осы өлеңнің он жетінші жолы Мүрсейіт қолжазбаларында «Қызық көрер, көңілді аңшылардың» деп берілген. Осы тармақ басқа басылымдардың бәрінде «Қызық көрер, көңілді болса аңшылар» деп басылған.

Он сегізінші жол Мүрсейіт қолжазбаларында «Шабар жері қарамас жығыл­ғанға» деп берілсе, 1909 жылғы литографияда «Шабар жері қарамай жығылғанға» деп басылған. 1933 жылғы латын әліппесімен жарық көрген басылымда «Борбайлап шап қарамай жығылғанға» болып жазылған. 1939, 1945, 1961, 1977 жылғы жи­нақтарда «Шабар жерін қарамас жығылғанға» деп берілсе, бұл кітапта 1995 жылғы басылымға сүйеніп, «Шабар жері қарамай жығылғанға» болып ­берілді.

Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылғы қадім жазу үлгісінде жарияланған басылымда, сондай-ақ, 1933, 1939, 1945, 1977, 2020 жылғы жинақтарда жиырмасыншы жолдың бірінші сөзі «О да» деп басталса, 1961, 1995 жылғы кітаптарда «О дағы» болып берілген.

Жиырма бірінші жол Мүрсейіт қолжазбалары мен алғашқы басылымда (1909) «Сегіз найза қолында, көз аудармай» деп берілгені мәлім. 1933 жылғы латын әліппесімен жарық көрген жинақта «Сегіз найза қолында, көз төңкермей» болып басыл­ған. Қалған жинақтардың бәрінде осы жол 1909 жылғы басылым негізінде берілген.

Жиырма тоғызыншы жолда келетін «Қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл» деген сөздер Мүрсейіт қолжазбаларында «Қар – аппақ, түлкі – қызыл, бүркіт – қара» деп көшірілген.

Осы жолдан кейін келетін «Ұқсайды хаса сұлу шомылғанға» деген тармақтағы «хаса» сөзі араб тілінде таңдаулы, ерекше, айрықша деген мағына беретіні анық. Осы сөз 1933, 1939, 1945, 1961, 1977 жылғы басылымдарда «қаса» болып берілген. 1995 жылғы басылымда «хасса» болып жазылғанымен де, астындағы сөздікте «Қаса» («قاصا») деп жазылып, өте сұлу, кемелге жеткен сұлулық деген мағына беретіні жазылған. Ал, бұл басылымда осы сөз «хаса» деп берілді.

Осы өлеңнің отыз бес, отыз алтыншы жолдары 1909 жылғы араб әрпімен жарық көрген басылымда «Күйеуі ер, қалыңдығы сұлу болып, Және ұқсар тар төсекте жолғасқанға» деп берілсе, осы екі жол Мүрсейіт қолжазбаларында «Күйеуі ер, қалыңдығы сұлу келіп, Бейне ұқсар тар төсекте жолғасқанға» деп көшірілген. Ал, кейінгі жинақтарда осы сөздер «сұлу болып», «және ұқсар» деп берілген.

Отыз тоғызыншы жол Мүрсейіт қолжазбалары мен 1945, 1961, 1977 жылғы басылымдарда «Құсы да, иесі де қоразданар» деп берілген. Ал, 1933, 1939, 1995 жылғы жинақтарда «Құсы да иесіне қоразданар» болып басылған.

Қырық екінші жол 1909 жылғы литография мен 1933, 1939 жылғы басылым­дарда «Жасы үлкендер жанына байланғанда» деп берілсе, Мүрсейіт қолжазбала­ры мен 1945, 1961, 1977, 1995 жылғы жинақта «Жасы үлкені жанына байланғанда» деп, оқырман назарына ұсынылған.

Осы өлеңнің текстологиясын зерделеген Қ. Мұқамедханов қырық бесінші тармақта келетін «Таудан жиде тергендей ала берсе» деген жолға қатысты: «Осыған байланысты өлеңнің бірнеше жолын оқып көрейік. Сонда «берсе» деген сөз басқа жолдардағы сөздермен (етістіктермен) қиыспай түпнұсқадан алшақ тұрғанын аңғарамыз. «Ала берсе» деген етістік үшінші жақта тұрса, өлеңдегі басқа етістік­тер екінші жақта тұр», – деп, «берсе» сөзін «берсең» деп берген дұрыс дейді. Қ. Мұқамедхановтың пікірі қисынға келгенімен де, Мүрсейіт қолжазбалары мен араб, латын һәм кирилл басылымдарының бәрінде де бұл сөз «берсе» деп жазылғанын атап өткен жөн.

30) «Жаз» (1886). Өлең Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылдан бастап барлық ба­сы­лымдарда жарияланып келеді. 1909 жылғы литографияда «Жазды күн» ­(«جازدی کون») деп берілсе, 1933 жылғы басылымда «Жазда күн», 1939, 1945 жылғы кітаптарда «Жазды күн», 1954, 1961, 1977 жылғы жинақтарда «Жаздыкүн», ал, 1995 жылғы академиялық басылымда «Жаздыгүн» болып берілген. Орфографиялық тұрғыдан неше түрлі жазылғанымен де, бәрі де бір мағына берері анық.

Осы өлеңнің «Шалғыннан жоны қылтылдап» деген жетінші тармағы 1939 жылғы басылымда «Шалғыннан жүні қылтылдап» деп қате басылған.

Мүрсейіт қолжазбаларында осы туындының сегізінші жолдан он бірінші жолға дейін:
Суда тұрып шылпылдап.
Ат, айғырлар, биелер
Бүйірі шығып, ыңқылдап,
Құйрығымен шылпылдап, –
деп берілген. Ал осы жолдар басылымдардың бәрінде:
Ат, айғырлар, биелер
Бүйірі шығып, ыңқылдап,
Суда тұрып шыбындап,
Құйрығымен шылпылдап, –
деп келетіні белгілі.

Он тоғызыншы жол 1909, 1933, 1939, 1945, 1954, 1977 жылғы басылымдарда «Әзілдесіп сыңқылдап» деп берілсе, Мүрсейіт қолжазбаларында осы тармақ «Сыбырласып сыңқылдап» деп кездеседі.

Жиырма үшінші жол басылымдардың бәрінде «Аяңшылы жылпылдап» деп келсе, Мүрсейіт қолжазбаларында «Ырбаңдайшылы жылпылдап» деп көшірілген.

Жиырма алты және жиырма жетінші жолдар Мүрсейіт қолжазбаларында:
Жасы үлкені бір бөлек
Әзілдесіп, күліп сылқылдап, –
деп берілсе, осы жолдар 1909, 1977, 1995 жылғы жинақтарда:
Жасы үлкендер бір бөлек
Кеңесіп, күліп сылқылдап, –
деп жазылған. 1933 жылғы латын әліппесімен жарық көрген басылымда:
Жасы үлкендер бір бөлек
Кеңесіп, күліп сылқылдап, –
деп басылған.
Ал, 1961 жылғы кітапта бұл тармақ:
Сабадан қымыз құйдырып,
Ортасына қойдырып,
Жасы үлкендер бір бөлек
Кеңесіп, күліп сылқылдап, –
деген жолдар мүлдем түсіп қалған.

Қырық үшінші тармақ «Бай байғұсым десін деп» деген жол 1933 жылғы басылымда «Бай «байқұссыз десін» деп» деп берілген. Осы тармақ 1961 жылғы жинақта «Бай байғұсын десін деп» болып басылған.

Қырық сегізінші жол 1933 жылғы литографияда «Жылқышылар кеп тұр» деп берілген, ал қалған басылымдар мен Мүрсейіт қолжазбаларында «Жылқышылар кеп тұрса». Сондықтан да, 1933 жылғы басылымда «тұр» деген сөз қате басылған деуге негіз бар.

Қырық тоғызыншы жолда келетін «Таңертеңнен салпылдап» дегендегі «таңертеңнен» сөзі 1945, 1954 жылғы жинақтарда «таңертеңмен» деп қате басылған.

Елу алтыншы жол 1933 жылғы басылымда «Өткен күннің бәрі үміт» деп берілген де, төмен жақтағы түсініктемеде «Осы екі жол бұрын басқаларға (?) кірмей қалған» деп жазылған (1933 жылғы жинақ, 91-бет). Расында да, «Өткен күннің бәрі ұмыт, Қолдан келер қайрат жоқ» деген екі тармақ 1909 жылғы литографияда кездеспейді. 1933 жылғы басылымдағы «үміт» деген сөз баспагерлер тарапынан жіберілген қате екені анық. Өйткені, қалған басылымдардың бәрінде де «Өткен күннің бәрі ұмыт» деп анық жазылған.
Ал, Мүрсейіт қолжазбаларында:
Қолдан келер қайрат жоқ,
Өткен күннің бәрі ұмыт, –
деп, елу бесінші жол мен елу алтыншы жолдардың орны ауысып түскен.

31) Көкбайға («Сорлы Көкбай жылайды») (1886). Өлең мәтіні тұңғыш рет 1933 жылғы толық жинақта (93-бет) басылған. Аталмыш жинақтың түсінігінде
М. Әуезов: «Сорлы Көкбай жылайды» деген өлеңді Абай өзіне айтқан. Себебі 1886 жылға шейін жазып жүрген өлеңдерінің барлығын бұрын Көкбай айтты деп жая­ды екен. 86-жылдың аяқ кезінде ғана өлеңдерін өз атынан шығарыпты. Мынау өлеңді сол Көкбай болып шығарып жүрген өз сөздерін ойлап айтыпты», – дейді де, «Бірталай өлең еді, көбі есімде қалмапты» деген Көкбай естелігіне сүйене отырып, өлеңнің толық емес екенін ескертеді (1933 жылғы жинақ, 324-бет). Сонымен бірге М. Әуезов Абайдың бұл өлеңін «Көңілім қайтты», «Патша құдай, сыйындым» сынды «ойлы жалғыздың, бітімшіл, сыншыл уайымы» жайылған, «өз басының ­ой-мұңымен байланған көңіл сыры» түскен өлеңдерінің қатарына жатқызады
(Әуезов М. Абай Құнанбаев, 148-бет).

Әр жылдардағы басылымдармен салыстырғанда өлеңде мәтінтанулық өзгеріс­тер кездеспейді. Өлең мәтіні 1995 жылғы жинақ бойынша берілді.

32) Көжекбайға (Жамантайдың баласы Көжек деген) (1886). Алғаш 1933 жылғы жинақта (93–94-беттер) тақырыпсыз жарияланған. Абай шығармаларының кейінгі басылымдарында «Көжекбайға» деген атпен беріліп жүр.

«Мамай ішінде Еламан руынан шыққан Көжекбайдың әкесі Жамантай Ұлжанды өзіне өкіл қыз етіп, Құнанбайға өзі өкіл ата болған. Ағайындарымен жерге таласып, төбелесіп, Жамантай жазым болғанда, Құнанбай «атадан жас, ақылдан бос қалған» Көжекбай, Тезекбай, Мақыш деген үш баланы қамқорлығына алып, өз баласындай еркелетіп өсіреді. Сол Көжекбай ел бұзылғанда жеңген жаққа шығатын жаман мінезбен болыс болған Күнтумен құдаласады. Тобықтыға жау ағайын саналатын Жігітек руындағы Базаралы деген кісі Абайдың қасынан кетіп, өздеріне еріп жүрген Көжекбайды бірде: «Кімнің жүгі биік болса, соған қарғып шығатын мысық келді, енеңді ұрайын», – деп боқтайды.

Абай бұл өлеңін 1886 жылы Құнанбай қайтыс болғанда Көжекбай: «Қажының басқа балалары жабдық әкелмеді, болыспады», – деп Абайды өзге бауырларымен шағыстырмақ болғанда айтқан» (1933 жылғы жинақ, 324–325-беттер).

Төрт жол өлең 1933 жылғы толық жинақ бойынша берілді.

33) «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп» (1886). Өлең Мүрсейіт қолжазбаларынан (1907, 1910) алынып, 1939 жылғы жинақта тұңғыш жарияланған (1-том, 70–71-беттер).

4-шумақтың «Сенімі жоқ серменде сырды бұзды» деген 1-тармағындағы «серменде» сөзіне 1995 жылғы басылымда «сенделіп босқа жүрген адам. Негізі парсының «шаһр-бант» деген сөзінен шыққан» деп сілтеме түсінігі берілген (78-бет).
Бұл басылымдағы сілтеме түсінігінде «серменде» сөзінің парсы тілінде «шерменде» боп айтылатыны жазу нұсқасында көрсетіліп берілді. 1939, 1945, 1954, 1961, 1977 жылғы жинақтарда – «серменде».

1995 жылғы жинақта 7-шумақтың 1-тармағы «Құдай берген бұл достық – кәннің бірі» болып келген. Осындағы «кән» сөзі 1907 жылғы қолжазбада «киннің бірі» деп жазылған.

Өлеңнің 1995 жылғы жинақта сілтеме түсінігі берілген «кән» сөзі парсы тіліндегі сөз. Бастапқы айтылуы «ганж» (парсыша жазылуымен), содан «кәнж», «кәнз» болып түрленіп, қазақ тілінде «кән» болып айтылып кеткен.
Түркі тілінде «игі жақсылар қазынасы» мағынасын беретін «Кәнзұл Абрар» тіркесі бар. Низами хамсасының бір атауы – «Пәнж кәнж» («Бес кеніш»).
Бұл жинақта өлең 1939 жылғы басылымы бойынша, тыныс белгілері түзетіліп берілді.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы