ИНСТИТУТ ТАРИХЫ

1934

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты 1934 жылы ашылып, тарих, археология, тіл, әдебиет және фольклорды, бейнелеу, музыка, театр, хореография өнерін зерттеумен айналысқан Қазақтың Ұлттық мәдени ғылыми-зерттеу институтынан бастау алады. 1936 жылы КСРО Ғылым Академиясы Қазақ филиалының қазақ тілі мен әдебиеті және халық шығармашылығы секторы болып ашылды. 1941 жылдан бастап бұл сектор Тарих, тіл және әдебиет институты құрамына еніп, 1945 жылы Тіл және әдебиет институты болып қайта құрылды. 1961 жылы мамыр айында осы институт негізінде Қазақ ССР Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институты болып жеке бөлініп шықты. Сол жылдың тамыз айында институтқа М.О.Әуезов есімі берілді. 1963 жылы қарашада институт құрамында М.О.Әуезовтің әдеби-мемориалды музейі мен жазушының мұрасын зерттейтін ғылыми бөлім ашылды.

Бас ғылыми мекеме

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты құрылған уақытынан бері қазақ әдебиеті мен фольклорын және өнерін зерттейтін бас ғылыми мекемеге айналды. Институт ғалымдары ұлттық әдебиет пен өнердің тарихы мен теориясын, аса көрнекті әдебиет және өнер қайраткерлерінің шығармашылық мұрасын зерттеу ісіне үлкен үлес қосты.

Институтта әр жылдары М.О.Әуезов, З.А.Ахметов, Л.М.Әуезова, М.Базарбаев, И.Х.Ғабдиров, М.Ғабдуллин, Ә.Ж.Дербісәлин, Ы.Т.Дүйсенбаев, М.Т.Дүйсенов, Б.Г.Ерзакович, М.Жармұхамедұлы, А.Қ.Жұбанов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, М.Қ.Қаратаев, Б.Құндақбаев, Ә.Қ.Нарымбетов, Е.В.Лизунова, Ш.Қ.Сәтбаева, М.С.Сильченко, Н.С.Смирнова, Ә.Тәжібаев, Е.С.Ысмайылов, Ж.Ысмағұлов, Ә.Шәріпов және т.б. аса көрнекті ғылым, әдебиет және мәдениет қайраткерлері жұмыс істеді.

Әдебиеттанудағы орны

Институтта 3 том “Қазақ әдебиетінің тарихы” (қазақ тілінде 6 кітап, орыс тілінде 3 том) іргелі зерттеуі дайындалып, “Көп ұлтты кеңес әдебиетінің тарихы” (Мәскеу, 9 том), “Әлем әдебиетінің тарихы” (Мәскеу, 9 том) және т.б. іргелі еңбектер үшін қазақ фольклоры мен әдебиеті туралы тараулар жазылды.

А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин туындыларыньң көп томдық шығармалар жинағы, Абай мен Жамбыл, М.-Ж.Көпеев, С.Торайғыров шығармаларының екі томдық академиялық басылымы дайындалып жарияланды. М.О.Әуезовтің 1967-1969 жж. 12 томдық, 1979-1985 жж. 20 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты, “Абай”, “Мұхтар Әуезов” энциклопедиялары баспаға дайындалды.

Музыкатанудағы орны

Ұлттық фольклор мен музыканың классикалық үлгілері: қазақ эпосының 3 томы, қазақ ертегілерінің 3 томы, айтыстьң 3 томы және музыкалық фольклор бірнеше кітап болып жарияланды, “Қазақ халық әдебиеті” сериясымен фольклорлық мәтіндердің 17 томы жарық көрді.

“Қазақ фольклористикасының тарихы”, “Қазақ фольклорының типологиясы”, “Қазақ тарихи жырларының мәселелері”, “Ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті”, “XIX ғасырдағы қазақ ақындары”, “XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті”, “Қазақ әдебиетінің ұлтаралық байланыстары” (қазақ, орыс тілдерінде), “Қазақстан халықтарының әдебиеті” атты ұжымдық монографиялар және “Қазақтың музыкалық фольклоры” (орыс тілінде), “Кеңестік Қазақстанның музыкасы” (орыс тілінде), “Қазақ театрының тарихы” (2 том), “Қазақстанның бейнелеу өнері тарихының очерктері”, “Бейнелеу өнері шеберлері” (орыс тілінде) және т.б. көптеген ғылыми еңбектер мен “Қазақ әдебиеті шет ел сынында” (орыс тілінде) жинағы жарық көрді.

"Әуезов үйі" ғылыми-мәдени орталығы (ҒМО)

“Әуезов үйі” ғылыми-мәдени орталығының негізгі ғылыми бағыттары М.О.Әуезовтің шығармашылық мұрасын зерттеп жариялау және насихаттау болып табылады. Орталық “М.О.Әуезов өмірі мен шығармашылығының жылнамасы”, “М.О.Әуезов шығармашылығы бойынша библиографиялық көрсеткіш”, “Неизвестный Ауэзов”, “Мухтар Ауэзов” энциклопедиясын және т.б. дайындап шығарды. Орталық қызметкерлерінің басты жетістігі – ұлы жазушының 50 томдық академиялық шығармалар жинағын дайындап бітіруі. 2011 жылы бұл көп жылғы еңбектің соңғы 50-томы жарық көрді.

Ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті

Институт ғалымдары ерте дәуірдегі қазақ әдебиетін жемісті зерттеп келеді. XIII-XIV ғасырлардағы түркі тілдес халықтардың әдеби ескерткіштері – “Оғыз-нама”, “Мухаббат-нама” дастандары 1986 жылы қазақ тіліне алғаш рет аударылып, түпнұсқа мәтіндерімен бірге жарыққа шықты. 1993 жылы XII ғасырда өмір сүрген бүкіл түркі әлемінің ұлы ақыны, әрі ойшылы А.Иассауидің “Диуани хикмет” кітабының көне түркі тіліндегі транскрипциясына ғылыми түсінік бере отырып, аудару алғаш рет жүзеге асырылды.

XIX ғасыр мен XX ғасырдың бас кезінде жарық көрген қазақ баспасөзі беттерінде жарияланған Казақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты материалдар Институт дайындап шығарған “Дала уалаятының газеті” (5 кітап), “Айқап” бетіндегі мақалалар мен хат-хабарлар”, “Қазақ. Алаш. Сарыарқа”, “Қазақтың революциядан бұрынғы мерзімді баспасөзіндегі материалдар”, “Қазақ халқының ата-мұралары”, “Түркістан уалаятының газеті”,”Айқап”, “Қазақ” жинақтарында кеңінен қамтылған.

Институт ғалымдары сталиндік репрессияға ұшыраған Алаш қайраткерлерін ақтау мен олардың мұрасын жинап бастыру, зерттеу ісінде үлкен еңбек етті. Соның нәтижесінде Ш.Құдайбердиев, М.-Ж.Көпеев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ғ.Қарашев, М.Жұмабаев, С.Торайғыров, Ж.Аймауытов, С.Садуақасов және т.б. кеңес дәуірінде жазықсыз жазаланған әдебиет пен өнердің аса көрнекті өкілдерінің академиялық басылымдарын жарыққа шығару жүзеге асырылды.

2004-2011 жылдары Институт Қазақстан Республикасының “Мәдени мұра” ұлттық стратегиялық жобасын жүзеге асыруға белсене қатысты. Осы мемлекеттік маңызы зор бағдарлама аясында 10 томдық “Қазақ әдебиетінің тарихы”, 8 томдық “Қазақ музыкасының антологиясы”, 3 томдық “Әлемдік әдебиеттану”, “Әлемдік фольклортану” жарыққа шықты. Тұңғыш қолға алынған 100 томдық “Бабалар сөзі” сериясының 75 томы және 20 томдық “Әдеби жәдігерлер” сериясының 11 томы жарық көрді.

Қолжазба және электронды жүйелеу бөлімі ғылыми және тарихи-мәдени маңызы зор қазақ фольклоры мен әдебиеті үлгілерін дайындап шығаруда қомақты жұмыстар жүргізіп келеді. Бөлім қызметкерлерінің дайындауымен “Қазақ қолжазбалары ғылыми сипаттамасының” 8 томы жарық көрді.

Институтта Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің іргелі зерттеулер бағдарламасы бойынша жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылуда. Ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында қазақ фольклорының шынайы да толық тарихы қалпына келтіріліп, қазақ әдебиетінің ежелгі және орта ғасырлардағы қалыптасу кезеңдері, XIX ғасыр мен XX ғасырдың бас кезіндегі көрнекті ақындар мен жазушылардың шығармашылық сабақтастығы мәселелері және XX ғасырдың 60-90 ж.ж, қазақ әдебиетінің жанрлары әлемдік әдеби процесс контексінде зерттелуде. М.Әуезовтің бай мұрасы жан-жақты талданып, жаңа көзқарастар тұрғысында пайымдалуда. Қазақстан бейнелеу өнері мен көркем мәдениеті дамуының маңызды кезендерін жүйелеп, ғылыми саралау ісі қолға алынып, ежелгі заманнан XXI ғасырға дейінгі ұлттық музыка өнерінің түрлі проблемалары қарастырылуда. қазақ театр өнерінің негізгі даму кезеңдері мен заңдылықтары жаңаша пайымдалып, халықаралық әдеби байланыстардың қазіргі ғаламдану жағдайындағы даму ерекшеліктері зерделену үстінде.

Көне заманнан қазіргі күнге дейінгі 3 томдық “Қазақстан өнерінің тарихын” зерттеу ісі алғаш рет қолға алынып, бұл құнды басылым қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді.

Әлем және қазақстандық әдебиеттің қазіргі жай-күйі туралы зерттеулер жазылып, “Литература народов Казахстана” (2004), “Очерки по мировой литературе рубежа ХХ-ХХІ столетий” (2006), “Международные связи казахской литературы в период независимости” (2008) ұжымдық еңбектері жарық көрді.

2006 жылдан бері институтта ғылыми зерттеулер бағыттарын қалыптастырудың жаңа кезеңі басталды. Институт ұжымы Тәуелсіз Қазақстан әдебиеттануы мен өнертануының қазіргі үдерістерін зерттеуге жете көңіл бөлді. Отандық әдебиеттегі Тәуелсіздік идеясының көркемдік тұрғыда тану заңдылықтары жалпытүркілік әдеби үдеріспен байланыстырыла қарастырылды. Тоталитарлық жүйенің көркем әдебиетіндегі ұлттық идеясы мен ұлттың тәуелсіздік идеясы мәселелері айшықтала отырып зерттелді. Коммунистік идеологияның әсерімен жазылған шығармалар жаңа тұрғыда қарастырылып, М.Әуезов шығармаларындағы тәуелсіздік идеясының көрініс табу принциптері мен әдістері көрсетілді.

Қазіргі кезеңдегі әлемдік әдеби үдеріс зерттеліп, соның нәтижесінде “Жаңа дәуірдегі әлем әдебиеті» атты ұжымдық монография дайындалды. Онда түрлі елдер әдебиеттері дамуындағы заманауи тенденциялар жинақталып, бүгінгі жаһандану дәуіріндегі қоғамдық мәселелер қарастырылды. Еңбекте алыс (румын, неміс, француз, испан, ағылшын, болгар, корей, словак, американ, араб) және жақын (орыс, украин, молдаван, қырғыз, әзербайжан) елдерінің әдебиеттері қамтылған. Еңбектің тарауларын жазуға институт пен еліміздегі жоғары оқу орындарының мамандары және Әзербайжан, Молдован, Ресей, Румыния, Болгария, Словакия және Германия әдебиеттанушылары мен сыншылары катысты.

XX ғасырдағы Қазақстан өнерінің әр саласындағы классикалық бағыттардың ерекшеліктері қарастырылып, Тәуелсіздік кезеңдегі өнер туындылары негізгі зерттеу нысанына айналды.

Институтта қолжазба және электронды жүйелеу бөлімі мен Орталық ғылыми кітапхана қорларында сақталған фольклорлық және музыкалық мұраларды электрондық нұсқаларға көшіру жұмысы атқарылуда. XX ғасырдың екінші жартысында жиналған музыкалық мұралар түгелімен СD-дискілерге көшірілді.

Институт фольклортану, әдебиеттану және өнертану саласы бойынша тек Қазақстан үшін ғана емес, сондай-ақ, Орталық Азия елдері, Кавказ, Еділ бойы, Сібір мен Саха-Якутиядағы түркі халықтары үшін де фольклор, қазақ әдебиеті, Қазақстан халықтары әдебиеті мен жаңа шет елдер, музыка, театр және бейнелеу өнері бойынша мамандар дайындады.

Институт үкіметаралық келісімдер негізінде бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізу, бірлескен фольклорлық экспедицияларға шығу, халықаралық конференцияларға қатысу, ғылыми кадрлармен алмасу сияқты шет елдермен ғылыми байланысты жүзеге асырып келеді.

Мәскеудегі «Художественная литература» баспасымен бірлескен екі томдық «Льется песня под домбру» (2009) және «Небосвод над моей головой» (2010) атты еңбектер жарыққа шықты. Томдарға фольклорлық мұралар мен қазақ әдебиетінің асыл маржандары, жазба ескерткіштері, оның ішінде ортағасырлық және ежелгі әдебиеттің озық үлгілеріне жататын жәдігерліктер кірді. «Художественная литература» баспасымен бірігіп «Под парусом вечного неба» («Sailing under eternal skies Monuments of Folklore and Literature of the CIS Countries») (Москва 2010) атты ТМД халықтарының әдеби ескерткіштерінің екі томдығына қазақ халқының 6 мәтінін дайындап, енгізді. Жарық көрген кітаптар Сорбонна, Вена, Берлин қалаларында таныстырылып, ТМД әдебиеті бойынша курстар өткізу жоспарланып отырған Сорбонна кітапханасына берілді. Корей Республикасының Мәдениет, спорт және туризм министрлігімен бірлесе отырып, «Корей және Орталық Азия мифтері, ертегілері және эпостарының зерттелуі мен оларды цифрлық сақтау» жобасы бойынша жұмыстар іске асырылуда. Осының негізінде Корей тіліндегі «Kazakhstan» кітабында қазақ фольклорының 9 шығармасы жарық көрді.

Институтта 2005 жылдан бастап, «Керуен» атты ғылыми-көпшілік және әдеби-көркем журнал жарыққа шығып келеді. Журнал беттерінде алыстағы (Германия, Франция, Румыния, Түркия, Корея) және жақын (Ресей, Белорусь, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б.) шет ел әдебиетшілері мен онертанушыларының ғылыми мақалалары жарияланып тұрады. Журнал Париждегі ISSN орталығында тіркелген.