Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1935-1939 жылдары жарық көрген еңбектері

ҮЛКЕН ЖЕЗҚАЗҒАННЫҢ БОЛАШАҒЫ

Еліміздегі мыс кені шығатын аудандардың ең үлкен, ең кенге бай жері Жезқазған болып саналады. 1936 жылдың басына қарай анықталып отырған Жезқазғанда 3510 мың тонна мыс бар. Бұл мыстың 1330 тоннасы ең сапасы жақсы мыс. Бұл мыстың сапасындай жақсы мыс Қоңыратта да, және бүкіл Советтер Одағындағы мыс өндірістерінде де әлі айқындалған емес. Бүгінгі күнге зерттелініп табылған Жезқазғанның запасы бүкіл жер жүзіндегі мыс запасының 3,2 проценті, ал Совет Одағындағы мыс запасының 20,5 проценті болып есептеледі. Басқа өндірістермен салыстырғанда Жезқазған кенінің зор байлығымен қатар зерттелініп табылуы арзан түсіп отыр. Мысалы, Орал заводы зерттелінген бір тонна кенге 40 сом 50 тиын жұмсаса, Жезқазған 4 сом 50 тиын-ақ жұмсап отыр.
Жезқазғандағы мыс кені терең жерде емес. Небары тереңдігі 200 метр жерден табылады. Қабатының ұзындығы 195 километрге шейін, көлденеңі 0,8 километрдей, ал қалыңдығы 15-20 метр. Кеннің саяз жерден тұтас табылуы механизм күші мен кенді арзан бағада шығаруға жағдай туғызып отыр. Мыс шығатын жерлердегі түрлі тау жыныстар тіреуді тілемейтіндей, құламайтын мықты болуы мысты кең түрде шығаруға үлкен жағдай туғызды. Зерттелініп табылған мыстың 40 процентін бір шахтадан электровоздың күшімен бір стволдан шығаруға болады. Барлық кеннің 30 процентін ашық түрде экскаватордың және парлы күректің күшімен шығарылады. Ал қалғандары тәулігіне 500-2000 тонна кен шығарып отыратын бір түрлі шахта арқылы шығарылады.
Жезқазған кенге бай байтақ жер екендігі бүкіл Советтер Союзына мәлім болды. Жезқазғанның кенін пайдалану мақсатымен үкімет орындары үлкен құрылыс салуды ұйғарды. СССР Халық комиссарлар советінің осы жылғы январьдағы қаулысы бойынша Жезқазғанға теміржолы салына бастады. Бұл теміржолдың уақытша жүруі Октябрь мейрамының 20 жылдығына бітпек, ал барлык жұмысы мүлдем 1938 жылы бітпек. Орджоникидзе жолдастың осы жылғы 25 марттағы бұйрығы бойынша, Жезқазған комбинаты жыл сайын 200 мың мыс бермек және комбинат 1940 жылдың аяғында салынып біту керек. Міне, сол жер жүзіндегі ең Үлкен Жезқазғанның салынып бітіп, елімізге мыңдаған тонна мыс беруіне 4-ақ жыл қалды.
Жезқазған комбинатының кен шығару күші бүкіл Европаның (СССР-ды қоспағанда) металл қорыту өндірістерінің 132,5 процент, ал Советтер Союзындағы мыс қорытатын өндірістердің 25 проценті болып саналады. Бұл комбинаттан шығатын продукцияның көптігі, Американың солтүстік штатынан шығатын өнімнің 55 процентіндей. Капиталистер елдеріндегі мыс қорытатын заводтардың қайсысынан болса да, Жезқазған мыс қорыту комбинаты асып түспек.
Жер жүзілік маңызы бар Үлкен Жезқазғанда жылына 14600 мың тонна мыс кенін шығаратын (Магнитканың жылына шығаратын темір кенінен бір жарым, екі есе артық) рудник, тәулігіне 45 мың тонна кен қорытатын байыту фабрикасы және алты пеші бар, жыл сайын 1120 мың тонна мыс қорытатын металлургия заводы салынбақ.
Мұнан кейін 200 мың киловатт күші бар электр станциясы және 50-60 мың халық тұратын қала салынбақ. Қалада бірнеше мектептер, клуб, аурухана, демалыс парктері болмақ, қала су, электр және пар арқылы үй жылыту күштерімен толық қамтамасыз етілмек.
Бірнеше цехтары бар 1500 жұмысшы істейтін ремонт заводы салынбақ. Бұл ремонт заводы Үлкен Жезқазғанның барлық ремонттау жұмысын толық қамтамасыз етпек.
Жұмысшылар тұратын қаланың оңтүстік жағында бір жарым километр жерден Нілді-Жезқазған теміржолының «Үлкен Жезқазған» атты станциясы салынбақ. Бұл станцияның жақсы, ыңғайлы вокзалы, ремонт мастерскаясы, депо және тағы сол сияқты бірнеше құрылыстары болмақ. Үлкен Жезқазған комбинаты мен қаладан Жезқазғанның рудниктері арасында екі жолды теміржол салынбақшы. Бұл жолда рудниктерден шығатын кендерді және жұмысшыларды таситын электровоз жүрмек. Электровозға 8 вагон тіркелмек. Бір вагонға 50 тонна жүк сыймақ. Пассажир поездарды санамағанда, тәулігіне 112 пар жүк таситын поезд жүрмек. Былайша айтқанда, әрбір 13 минут сайын бір пар поезд жүріп отырмақ.
Жезқазғанның барлық өндіріс орындары техниканың соңғы жетістіктері бойынша салынбақ. Бұл еңбек өнімін анағұрлым жоғары көтеруге мүмкіншілік туғызады. Жезқазған жыл сайын елімізге екі жүз мың тонна мыс берсе, онда 15 мың шамалы жұмысшылар істемек. Сол жұмысшылардың 1450-і инженер, техниктер. Қазіргі Қарсақпай комбинатынан Жезқазған кенді 29-30 есе көп шығарса да, қазіргі оның жұмысшылар санынан Жезқазғанның жұмысшылар саны алты есе ғана көбеймек.
Үлкен Жезқазғанның комбинатының құрылыс бағасы 750 миллион сом. Бұл баға Балқаш комбинатынан Жезқазған комбинаты екі есе кен шығарса да, Балқаш комбинатының құрылыс бағасынан арзан.
Болашақ жер жүзілік гигантта – Үлкен Жезқазғанның келешегі осы. Жезқазғанды үкіметтің бекіткен срогінде бітіруге бүкіл Қазақстан болып кірісу керек. Союздың атақты гиганттарын қайсысын болса да салысқан Ленин комсомолы Жезқазғанды да салу керек. Комсомол Жезқазған кенін зерттеп табуға да үлкен еңбек сіңірді. Жезқазғанды зерттеуде еңбек сіңірген инженер Сейфуллин, геолог Левин, коллекторлар: Посенко, Жолодовников және химик Плегова, Мәскиіков жолдастардың атын айтуға болады. Бұл жолдастар Жезқазғанның байтақ даласындағы кенді зерттеуде көп еңбек сіңірді.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ҮЛКЕН ЖЕЗҚАЗҒАННЫҢ БОЛАШАҒЫ

Бұл мақала «Лениншіл жас» газетінің 1936 жылғы 10 тамызындағы №98 (1202) санының 2-бетінде «Сәтбаев Қаныш. Инженер-геолог» деп алғаш жарық көрді. Сол уақыттан бастап төмендегі басылымдарда басылып келеді:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 38-40 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 7. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступление. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 77-78 бб.
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 1 томдық. – 2-ші бас. Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 33-35 бб.
Мақаланың 1936 жылы шыққан алғашқы нұсқасымен әр жылдарда басылған еңбектердің арасында кездесетін текстологиялық мәселелер бар.
1936 жылы «Лениншіл жас» газетінде шыққан алғашқы нұсқадағы «Қабатының ұзындығы 195 километрге шейін, көлденеңі 0,8 километрдей, ал қалыңдығы 15-20 метр» деген сөйлем 1999, 2000, 2007 жылғы кітаптарда «Пластысының ұзындығы 1,5 километрге шейін, көлденеңі 0,8 километрдей, ал қалыңдығы 15-20 метр» деп беріледі. Соңғы шыққан басылымдарда «қабатының ұзындығы» басқалай беріліп кеткен.
Мақала ішіндегі «тау жыныстар» ұғымы 1999, 2007 жылғы кітаптарда «породалар» деп берілсе, 2000 жылғы еңбекте «жыныстар» деп жазылған.
Мақаланың алғашқы газет бетіндегі нұсқасында жазылған «Советтер Союзы», «пар», «ремонт», «ремонт мастерскаясы», «пассажир поездарды» деген сөздер 2000, 2007 жылғы басылымдар ішінде «Советтер Одағы», «бу», «жөндеу, өндеу», «жөндеу шеберханасы», «жолаушылар поездары» деп қазақ тіліне аударылып беріледі. Ал 1999 жылғы кітап ішінде жоғарыда аталған сөздердің тек кейбіреулері ғана («Советтер Одағы», «бу») аударылған. Қалғандары сол күйінде беріледі.
«Лениншіл жас» газетіндегі мақала ішінде «Союздың атақты гиганттарын қайсысын болса да салысқан Ленин комсомолы Жезқазғанды да салу керек. Комсомол Жезқазған кенін зерттеп табуға да үлкен еңбек сіңірді» деген сөйлемдер барлық басылымдарда «Союздың атақты гиганттарын қайсысын болса да салысқан жастар. Олар Жезқазғанды да салысу керек» деп қысқартытып беріледі.
Академиялық жинаққа мақаланың ең алғашқы 1936 жылы шыққан нұсқасы алынып отыр.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы