Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1935-1939 жылдары жарық көрген еңбектері

ҚАРСАҚПАЙ КОМБИНАТЫ – ҰЛТ ПРОЛЕТАРИАТЫНЫҢ БІР НЕГІЗГІ ОРДАСЫ

Қазақстандағы ауыр өнерлі кәсіп орындарының бір күрделісі – Қарсақпай мыс комбинаты. Бұл биылғы июньнің 10-да өзінің кеңес үкіметі тұсында салына бастағанына 10 жыл толғандығын мерекеледі. Қарсақпай осы он жыл ішінде ұлт пролетариатының ұйтқысы бола білді.
Бұдан дәл он жыл бұрын, 1925 жылы июньнің 10-да одақтық маңызды Атбасар түсті металл тресін ұйымдастыру туралы Одақтық еңбек және қорғау кеңесінің қаулысы болды. Бұған Қарсақпай комбинатын салып бітіріп, пайдалануға беру міндеті жүктелді. Бұл өндіріс орындары бұрынғы әзірде «Атбасар мыс промысылдары» болып аталып келген. Бұлар 1907 жылдан 1919 жылға дейін «Атбасар мыс кендері» деп аталып, Ағылшын концессиясының қарауында болған. Компанияның басқармасы Лондон қаласында тұрған. Бұл компания басқармасының негізгі капиталы алтын есебімен 5 миллион сомның айналасында болған.
Ағылшындардың проектісі бойынша Атбасар промыселдарына Жезқазған мыс кені, Байқоңыр көмір кені, Қарсақпай мыс қорытатын завод және оның жанындағы байыту фабрикасы да қосылған.
Бұл өндіріс орындарының арасы жалпы ұзындығы 120 километр тар табанды теміржолмен ұштаспақшы болған. Бұл өндіріс кен орындарының мыс шығару жобасы бойынша жылына 5000 тонна мыс қорытылмақшы екен; жерден алынған кеннің ішіндегі мысы орта есеппен 10 процент болып алынбақшы екен. Ағылшындар осындай әрекет жасап, комбинаттың алғашқы жылдарында шамадан тысқары пайда таппақшы болған; сөйтіп биржада (бержіде) үлкен әңгіме көтеру мақсатын көздеген, өз акцияларының құнын көтеріп, басқа біреулерге қымбатқа сатып, ақырында шамадан тыс ірі-ірі пайда таппақшы болған. Сонымен шыққан шығынын қайтарып, оның үстіне жалмауыз құлқынын тойдырарлық ірі пайда келтіріп, ол пайдамен өзге жерден барып тағы да кен көздерін аша бермекші болған ғой. Ағылшын капиталистері де өмірінше «пайда, пайда» деп аранын ашып келе жатқан жоқ па?
Осындай «сауда, пайда» мақсатымен кен байлықтары бар жерлердің талқаны шығып арандалды; бағалы металдар байлығы іркіліп қала берді; кен байлығының пайданы көп беретін оңай алынатындарына ғана «балта шабылды». Байлығы мол кендерді игеріп алу үшін ағылшындар Жезқазған кенінде тау-кен әзірлік жұмыстарын кең түрде қолға алған; олар жалпы тереңдігі 740 метр 19 шахта қазған болды, жалпы тереңдігі 3710 метр штрек қазды. Осының қорытындысында 19 мың 600 тонна мыс алуға даярланды; алынатын кеннің ішіндегі мысы, орта есеппен 13 процент болмақшы болды.
Мұнымен бірге, ағылшындар кен зерттеу жұмысына да кірісті: 234 бұрғылау скважинасын қазды; бұлардың жалпы тереңдігі 17273 метр болды. Осы көрсетілген зерттеу жұмыстарының арқасында, Жезқазғанда орта есеппен алынатын кенде 10 процент мысы бар 61 мың тонна мыс барлығы «анықталды». Ағылшындар зерттеуінің өнімділігі әрбір бұрғыланған метрде 3,5 тонна мыс өнімі бар деп шамаланды.
Байқоңыр көмір кенінен ағылшындар жалпы тереңдігі 12 мың метр 12 ұсақ шахта, штректер қазды. Мұның қорытындысында 179 мың 600 тонна көмір алынуға дайындалды. Мұнымен қабат, ағылшындар Байқоңырдан жалпы тереңдігі 1780 метр 54 скважина қазып зерттеу жүргізді; 715 мың тонна көмір байлығы бар делінді. Комбинаттың қалған звенолары – металлургия заводы, байыту фабрикасы, электр-су шаруашылығы, теміржол, тағы басқалары ағылшындар кеткенде бастауыш ұйымдастыру қалпында қалып еді.
Ағылшындардың «Атбасар ісін» ұйымдастыру әдісінде «ептілік» байқалды. Негізгі өндіріс құрылысына қаржы шығармастан бұрын, олар зерттеу жұмысын әбден баптап, байлығы мол кендердің 10 жылдық запасын анықтаған. Оның ішінде үш жылдық запасты кез келген уақытта алуға дайындап алған. Тек өстіп кен базасын белгілі мерзімге жетерлік етіп анықтап алғанның соңында ғана, ағылшындар комбинаттың негізгі өндіріс құрылысына кіріскен. Бірақ бұл жұмысты олар бізге бастауыш дәуірінде қалдырды.
Ағылшындар кеткен соң, кеңес үкіметінің қолына көшкен Атбасар тресіне мынадай міндеттер жүктелді:
Алдымен ағылшындардың технологиялық есептерінің қайдан шыққандығын тексеру, осыған байланысты комбинаттың құрылыс жобасын біржола тиянақтау. Екінші жағынан – комбинатты салуға керек құрылыс материалдарын, құрал-саймандарды жақын жердегі теміржол станциясынан жеткізу үшін транспортты нығайту. Үшінші – комбинатты 1928 жылы пайдалануға беру үшін құрылыс жұмыстарын барынша күшті қарқынмен қыздыра түсу керек болды.
Орталық Қазақстан үшін шаруашылық, саясаттық маңызы күшті Қарсақпай комбинатын орнату ісін Одақ және Қазақстан үкімет орындары күн ілгері ескеріп еді. Бұл сөзімізді дәлелдеу үшін Ю. Л. Пятаков жолдастың Қазақстан Халық комиссарлар кеңесіне жазған 1925 жылғы 24-октябрьдегі белгілі хатын еске алайық. Бұл хатында Одақтық халық шаруашылығы кеңесі төрағасының орынбасары Пятаков жолдас бұл жөніндегі міндеттердің бастыларын атап көрсеткен болатын.
Пятаков жолдас Қарсақпай комбинатын орнатуда негізгі мәселенің бірі етіп кадр қызметші, өнерлі жұмысшылар мәселесін көтерген: «Егер де қазіргі ұйымдастырылайын деп отырған өндіріс орнымызда тек орыс жұмысшылары ғана болса, бұл үлкен саяси, шаруашылық және жалпы мәдениеттік жөнінен қате болған болар еді… Қайткен күнде де, қазақ жұмысшыларын шындап молайту керек. Бұл өндіріс орнының өсуі, нығаюы негізінде қазақ жұмысшылары да бірден-бірге өсіп, көбейіп отыруға тиіс…».
Кадр мәселесін шешуде Пятаков жолдас қазақ жұмысшыларын іріктеп алып, одақтағы өзге заводтарға жіберіп үйретіп, оқытып отыру ісін кыздыру, бұл дайындалған жұмысшыларды жергілікті халықтан көптеп жұмысшылар дайындауға ұйтқы ету, жұмысшы қазақтарды жергілікті жерде, комбинатты салу ісі үстінде дайындап шығару міндеттерін атап көрсетіп еді.
Комбинаттың жалпы шаруашылық және өндірістік мәселелерін шешуде Пятаков жолдас сол хатында былай деп еді:
«Транспорт жөнінде қиыншылық жағдайдың болуы, заводқа жақын жерде ауыл шаруашылық азықтарының, шикізаттарының жоқтығы – өндірістік үлкен орталық жасау ісін бірталай қиыншылықтарға кездестіреді. Сондықтан Атбасар заводы қарайтын ауданда тиянақты ауыл шаруашылық азықтарын – огород, бау, дәнді егін, шөп егу тағы басқаларын жасау керек…».
Комбинаттың транспорт мәселесі жөнінде Пятаков жолдас: «Теміржол станциясынан 350 шақырым жерде тұрған, жақын деген қаладан 500 шақырым жерде тұрған өндіріс орны транспорт, қатынас жұмыстарының жақсы ұйымдасуына өте мұқтаж болуы керек…», – деп жазды. Бұл пікірін кеңітіп айта келе, Пятаков жолдас Қазақстан Халық комиссарлары кеңесінің атына жазған екінші хатында (1926 жыл, марттың 31-де) былай деп еді:
«Қазақстандағы теміржол құрылысының жоспары – өлкенің тау-кен, металлургия өнерлі кәсібінің жоспарымен байланыстырылуы керек…».
Осы соңғы хатында Пятаков жолдас Қарсақпай ауданының жалпы мәдениеттілік, шаруашылық құрылысының келешегі жөнінде «аудан халқының тұрмыс жағдайларының қажеттерін қамтамасыз ету жағын да, мәдениеттілік тілектерін қамтамасыз ету жағын да өтеу керек. Мектептер, әртүрлі қоғамдық мекемелерді ұйымдастыру, сауда ұйымдастыру, тағы басқалары – өнерлі кәсіптің міндеттерін іске асырарлық белгіленген өзге шаралар системасына кіру керек…», – деді.
Пятаков жолдастың хатына Қазақстан үкімет орындары татымды үн қосқандығы белгілі.
Одақтық халық шаруашылығы кеңесі мен Қазақстан үкімет орындарының үздіксіз басшылығы, көмегі арқасында, Атбасар түсті металл тресі Одақтық еңбек және қорғау кеңесінің жүктеген негізгі міндетін іске асыруға жігерлі түрде кірісті.
Осы жөнде Қарсақпай комбинаты құрылысының жылма-жылға өсуін көрсету үшін негізгі өткен кезеңдерін айтып өтпекшіміз.
1925-26 жылдары. Жосалы-Қарсақпай арасындағы транспорт тәртіпке салынды; комбинат құрылысының сметасы жасалды. Жақсы деген шет фирмаларда Жезқазған кенінің флотация жағдайын зерттеу ісі басталды: Минерал сепарейшн (Ағылшында), Женерал инженеринг (Америкада), Екоп (Германия) фирмаларында және Кеңестер Одағында Механобр (Ленинград), Тау-кен академиясы (Мәскеуде) – осы сияқты жерлерде зерттелді. Қарсақпай-Байқоңыр арасындағы теміржол салынып бітті. Байқоңыр көмір кені тәртіптелді. Қарсақпайдағы плотинаның күрделі ремонты аяқталды.
1927 жылы. Комбинаттың үй шаруашылығы құрылысына негізгі күш жұмсалды: Қарсақпайдағы техникалық, теміржол, емхана қалалары салынып бітті; Байқоңыр, Жезқазғанда үйлер салынып болды; Жезқазған кені тәртіптелді; Қарсақпай-Жезқазған теміржолы салынып бітті; электр шаруашылығы, байыту фабрикасы, металлургия заводы құралдарының монтажы қолға алынды.
1928 жылы. Электр шаруашылығына, байыту фабрикасына, металлургия заводына негізгі күш жұмсалды; бұлардың құрылыс, монтаж жұмыстарына арналған тиянақты шаралар істеліп бітті; сонымен 1928 жылғы Октябрь мерекесінде металлургия заводы пайдалануға берілді.
1929 жылдың июні – Бүкіл Кеңестер одағындағы ең бірінші болып Қарсақпайдың флотация-байыту фабрикасы пайдалануға берілді. Бұған дейін фабрикадан бұрын пайдалануға берілген завод мыс байлығы көп кенді ғана қорытып, мыс етіп шығарып келіп еді.
Сөйтіп, Атбасар түсті металл тресінің онды басшылығы арқасында, Одақтық халық шаруашылығы кеңесінің, Қазақстан үкіметінің күнбе-күн нақты жәрдемі арқасында, Қарсақпай комбинаты үкімет белгілеген ширекте іске кірісті.
Комбинат іске көшкен соң бір жарым, екі жылдан кейін (1930 жылы) оның негізгі цехтары өзіне жүктелген жобалы жұмыстарын артық істеуге кірісті: металлургия заводы жоспар бойынша 5 мың тонна орнына, 6100 тонна мыс қорытатын болды; ал, байыту фабрикасы белгіленген жоспар бойынша тәулігіне 250 тонна кен байытып шығарудың орнына, 450-500 тонна байытатын болады.
Комбинат құрылысы кезіндегі, комбинаттың іске көшкенінен кейінгі алғашқы өндірістік күшін меңгерудегі біз көрсеткен табыстар өнерлі жұмысшылардың, инженер-техниктердің шын ықыластары мен беріліп істеген жігер күштері арқасында табылды. Бұлардың ішінен мына жолдастарды атап өтуіміз керек:
С. С. Дыбец, К. И. Бронзос, Л. И. Игнатьев, А. И. Тиме (Атбасар түсті металл тресті басқармасы составынан), П. А. Дрейман, М. П. Наумов, М. А. Шахновский (комбинат басшылығы составынан), комбинат құрылысы кезіндегі Жосалы-Қарсақпай транспортының жігерлі басшысы, оны бірінші ұйымдастырушы Н. М. Ротчинский, Жезқазған кенінен Е. И. Качурин инженер, Байқоңырдан инженер Н. А. Федоров, байыту фабрикасының инженерлері И. А. Стригин және Бельсон, металлургия заводының инженерлері М. И. Мұқашов, И. П. Фомин, теміржол бөлімінен А. А. Агеенко, Грачев (инженерлер), мастерлерден Д. А. Волошин, Савошкин, тойтарғыш Кралицкий, бұрғышы Дүйсенбекұлы Қияс, кен қопарушы Сексенбайұлы Қасен,1) тағы тағылары. Бұлар Қарсақпай комбинатының елеулі күндеріндегі сіңірген еңбектеріне лайықты қадірлі орындарын алуға тиіс. Бұлардың еңбегі Қарсақпай комбинаты тарихына да, Қазақстандағы ірі өнерлі кәсіп тарихында да алтынмен жазылады.
Қарсақпай комбинатында көп қазақ мамандары, көп ұлт пролетариаты тәрбиеленіп шықты. Қарсақпай – ұлт кадрларын даярлайтын, ұлт пролетариатын баулып шығаратын негізгі ұйытқы орындардың бірі.
Айтып өту керек, Қарсақпай комбинатының құрылысы кезіндегі пайдалануға берілген алғашқы дәуірдегі табыстарды комбинат жұртшылығы соңғы жылдары түгел мекемдей алмай отыр. 1931 жылдан бастап комбинат алғашқы табыстарын баянды ете алмай келді. Қарсақпай комбинаты мұнан былай бұл кінәсін ескеріп, алдағы күнде одақтағы түсті металл кіндіктерінің бір үлгілі орнына айналуы тиіс. Орджоникидзе жолдастың және Мирзоян жолдас бастаған Өлкелік партия комитетінің тапсырған міндеттерін Қарсақпай комбинатының дирекциясы, инженер-техниктері, ондағы партия ұйымы большевикше орындайды.
Қарсақпай комбинаты Үлкен Жезқазған үшін кадр дайындап берді. Тағы да дайындайды. Енді мұнымен бірге, Қарсақпай комбинаты Үлкен Жезқазған үшін жоғары дәрежелі техникалық істердің лабораториясы болады.

____________________________________

1 Бұл тізімге Сәтбай ұлы Қаныштың өзін де қосу керек. Бұл біздің көрнекті инженерлеріміздің бірі. Қарсақпай комбинатының құрылысында аз еңбек сіңірген жоқ. «С.Қ.» басқармасы.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ҚАРСАҚПАЙ КОМБИНАТЫ – ҰЛТ ПРОЛЕТАРИАТЫНЫҢ БІР НЕГІЗГІ ОРДАСЫ

Мақала «Социалды Қазақстан» газетінің 1935 жылғы 16 маусымдағы №137 (3241) санының 2-бетінде «Инженер Қаныш Сәтбайұлы» деп берілген. Қаныш Имантайұлының 1999 жылдан бастап жарыққа шыққан жинақтарында басылып келеді:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 18-23 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 7. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступление. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 43-47 бб.
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – 2-ші бас. Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 16-20 бб.
Мақаланың 1935 жылғы шыққан алғашқы нұсқасы және жоғарыда көрсетілген әр жылдардағы басылымдар арасында кездесетін текстологиялық өзгешеліктер бар. Мысалы мақаланың алғашқы нұсқасының ішінде кейбір атаулар, сөздер басқа жинақтарда қазақшаға аударылып берілген. Мысалы:
1935 жылғы нұсқасындағы «Ағылшындардың проектісі» деген тіркес ішіндегі «проектісі» сөзі 2000, 2007 жылғы басылымдарда «жобасы» деп жазылған. Сол секілді «запас» сөзі барлық жинақтарда «қор» деп қазақша аударылып берілген.
1935 жылғы газет нұсқасында «Октябрь» деген ай атауы 1999 жылдан бастап шыққан кітаптарда «Қазан» болып жазылған. Сонымен қатар мақала ішіндегі «жалмауыз құлқынын» деген тіркес 1999, 2000, 2007 жылғы кітаптарда «тоғышар құлқынын» деп өзгертіп берген. Бірақ мақаланың түпнұсқасында – «жалмауыз құлқынын».
«Ағылшындардың «Атбасар ісін» ұйымдастыру әдісінде «ептілік» байқалды» деген сөйлем ішіндегі «ептілік» сөзі 1999, 2000, 2007 жылғы кітаптарда «ерлілік» деп берілген.
Мақала ішіндегі 1927 жылғы Қарсақпай комбинаты құрылысының кезеңі жазылған мәлімет ішінде «Байқоңыр, Жезқазғанда үйлер салынып болды» деген ақпарат 1999, 2000, 2007 жылғы жинақтарға енбей қалған. Тек ол жерлерде емхана, темір жол және т.б. мәселелер берілген. Сондай-ақ «күнбе-күн» деген тіркес «уақытылы» деп жазылады.
1935 жылы шыққан мақаланың ең алғашқы нұсқасында соңғы абзац алдында жазылған «Орджоникидзе жолдастың және Мирзоян жолдас бастаған Өлкелік партия комитетінің тапсырған міндеттерін Қарсақпай комбинатының дирекциясы, инженер-техниктері, ондағы партия ұйымы большевикше орындайды» деген сөйлем толығымен 1999 жылғы жинақтан бастап шыққан кітаптарда енгізілмеген.
Бұл академиялық жинаққа мақаланың 1935 жылғы нұсқасы алынды. Сол нұсқа негізінде тыныс белгілері түзетіліп берілді.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы