Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1935-1939 жылдары жарық көрген еңбектері

ҮЛКЕН ЖЕЗҚАЗҒАН

Одақтас республика болғалы отырған Қазақстан октябрь революциясының 19 жылдығында өзінің табыстарын қорыта келіп, одақтық үкімет түпкілікті бекітіп отырған Үлкен Жезқазған комбинатының көлемі мен құрылысының срогы сияқты қуанышты фактіні атап көрсете алады.
Одақтық Халық Комиссарлар Советі, Нілді-Жезқазған теміржолының құрылысын октябрьдің 19 жылдығына бітіруді өзінің 1936 жылы 9 январындағы қаулысында теміржол комиссариатына міндеттелген еді. Орджоникидзе жолдастың приказы бойынша түсті металдың жоғарғы басқармасына зерттеу проекты жұмыстарына кірісу, кіріскенде мыс гигантын салу ісі 1940-жылдардың аяғында бітіргендей болып кірісу тапсырған болатын.
Болашақ комбинаттың күші жылына 200 мың тонна мыс беретін болып мөлшерленді. Оның үлкендігі сондай – ол Советтер одағындағы барлық зауыттардың былтырғы жылғы қорытқан мыстарынан 2 жарым есе артық қорытып шығаратын болады. Үлкен Жезқазғанның продукциясы бүкіл жер жүзінің 1935 жылы қорытқан мысының сегіз бөлімінің бір бөлімінен астамырақ болады. Жезқазған комбинаты қатарға қосылған кезде мыс қорыту көлемі жөнінен (Балқаш продукциясын қоса санағанда) Қазақстан жер жүзінде бірінші орын алады.
Құрылыс жұмысына даярлық үстіміздегі жылы басталды. Теміржол құрылысы салынып жатыр.
Комбинаттың тау бөлімін проектілеу жұмысын гипроцветмет жүргізе бастады. Болашақ комбинаттың құрылысының әлі де болса толық айқындалмаған жақтарын негіздеп алу үшін қазірде зерттеу, шолу жұмыстарына кірісілді. Мысалы, атап айтқанда мұндай жұмыстар жүргізілді.
Үлкен Жезқазғанды отқа төзімді құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету үшін жүргізілген кен зерттеу жұмыстарының жылдық планы толығынан дерлік орындалды.
Кен шолу жұмысынан жиналған материалдарды қорыту ісіне кірісілді. Комбинат құрылысының биылғы жылғы жұмысының нәтижесінде ізбес, саз балшық, құм, гравий сияқты металлургиялық құрылыстың шолу запастарын керекті шамада қамтылып алынады деп ұйғаруға болады. Үлкен Жезқазған отқа төзімді құрылыс материалдарының жеке түрлерімен 1937 жылы түпкілікті түрде қамтамасыз етіледі.
Кеңгір өзенінде плотина жаңа су сақтайтын орын проектілерінің негізін жасау үшін зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл плотинадан болашақ сектар қоректенбек.
Өнерлі кәсіп площадкасының болашақ социалды қала площадкасында ірі масштабты типографиялық жұмыстар және топырақты алдын ала зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
Қаланы сумен жабдықтау, оған судың сөткелік жіберілуі жақтары зерттеліп жатыр. Қала іргесіндегі шаруашылық үшін егістік жерлерді суландыру орны және мөлшері анықталып жатыр. Бұл жұмыстарды су каналы проектісінің ерекше партиясы істейді.
Мәскеуде түсті металдардың көлемін зерттеу институтында қышқылданған, араласқан қышқыл және сульфаттық рудалардың плотациялану жағдайларын анықтау жөнінде жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, мұндай зауыттың масштабтағы тәжірибелерді инженер Смагтың басшылығымен жоғарыда айтылған институттың ерекше бригадасы Қарсақпайда жүргізіп жатыр.
Ленинградта пайдалы кендерді механика арқылы қорыту институты плотацияланатын қышқылданған рудаларды таяу уақыттардың ішінде зерттеуге кіріседі. Осы мақсатпен қазірде Жезқазғанда инженер Соколовтың басшылығымен ерекше бригада жұмыс істеп жатыр.
Осының барлығы Үлкен Жезқазғаннан ықшамды технологиялық пропиллин үйрену ісіне орасан үлкен вклад болып табылады.
Қорытып айтқанда, 1936 жыл ішінде Үлкен Жезқазған үшін істелген жұмыстардың жинағы осындай. Дегенмен, мұндада кемшіліктер жоқ емес. Проект бойынша жүргізілетін су каналының бір бөлігі, әсіресе топографиялық жұмыстары орындалмай қалу қаупі бар. Қазақ теміржол құрылысы туралы да осыны айту керек. Мұндағы жұмыстың кешігіп қалуы да тіпті кешірімсіз. Өйткені, Балқаш тәжірибесі, әуелі транспорт рейсімен қамтамасыз етпей тұрып құрылыс жұмысын құлаш жайылдыру мәселесін қоюға мүмкін емес екендігін көрсетті. Бұл көрсетілген жұмыстарға биылғы жылы (Н.К.П.С-тың жұмсайтынынан басқа) 2 миллион сом жұмсалмақшы. 1937 жылғы капитальный қаржы мөлшері 8-10 есе арттырылуы ықтимал. Кен зерттеудің бұдан былайғы жұмыстарына 2 жарым миллион сомнан астам қаржы керек. 7 жарым миллион сом технологиялық проекты жұмысын жеделдетуге керек. Биылғы жылы мұнан басқа құрылыс материалдарының карьерлері мен қаланы пландау, су бөгеттерін және уақытша пәтер, үй құрылыстарының дайындық жұмыстарын бастауымыз керек.
Бұл жұмыстардың басын бір жерге қосып, барлық мәселелерді тезбе-тез шешу үшін Жезқазған строй управлениесін тез ұйымдастырып, керекті кадрлармен қамтамасыз ету керек. 1937 жылдың жұмыс көлемін орындау үшін жаңа комбинаттың құрылысы мен проектілеу туралы Орджоникидзе жолдастың бұйрығын орындау үшін керекті жағдайлардың ең маңыздысы осы.
Осы сияқты орасан зор істі жүзеге асыру үшін, әсіресе қойылып отырған қатаң сроктарында орындалу үшін проектілі құрылыс ұйымдарының үлкен жігер, үлкен күш жұмсауын керек қылады. Әсіресе, бұған Қазақстанның және жаңа құрылып отырған Қарағанды облысының басшы ұйымдары жете көңіл бөлуге тиіс. Құрылыс жұмысын мезгілінде бітіру үшін күресуге қалың көпшілік бұқарасын ұйымдастырушы, жұмыстағы табыстар мен кемшіліктер жөнінде дабыл қағып отырушы баспа сөздің орны тіпті үлкен.
Бүгін алдымызда мынадай үлкен міндеттер тұр:
Жезқазған құрылысының мықты, екпінді, өткір аппаратын құруымыз керек. Жер жүзіндегі ең үлкен комбинаттың бірі болғалы отырған комбинат құрылысы планының бір бөлігі – 1937 жылдың әбден ойланып, жобаланған программасын жасауымыз керек.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

Үлкен Жезқазған

Мақала «Қарағанды пролетариаты» газетінің 1936 жылғы 7 қарашасының №46 (1359) санының 4-бетінде «Сәтбаев Қаныш. Инженер-геолог» деп басылған.
Осы уақытта дейін шыққан Қаныш Сәтбаевтың көптомдық және әр жылдары шыққан жеке жинақтарының ешқайсысында енгізілмеген. Бұл жинаққа мақала алғаш рет беріліп отыр.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы