Жолдастар! Сіздерге Жезқазған, Қарсақбай алыптарының жұмысшы стахановшылары, инженер-техник қызметшілері атынан жалынды сәлем тапсырамын.
Бүгінгі ашылып отырған облыстық советтердің 1-съезі Сталин жолдастың өз қолымен жазған ұлы Конституциясының тамаша проектісін талқылап отыр. Міне, сондықтан да бұл съезд мәні ерекше тарихи съезд.
Бұрын Қазақстан қандай еді, қазір қандай жағдайда? Міне осы мәселе жөнінде біраз тоқтап өтемін. Бұрын, яғни кешегі жауыз патшаның тұсында Қазақстан артта қалған мешеу, көшпелі, бытыранды ел еді. Бұрын Қазақстанда кен байлығын зерттеу жұмысы болмаған. Соңғы жылдарда Қазақстанның барлық жұмыстарымен бірге кен зерттеу жұмыстары да тыңғылықты түрде қолға алынды. Қазақстан шаруашылығының барлық тарауларымен қатар кен байлығын зерттеу жұмыстары өркендетіліп айтарлықтай жоғарғы дәрежеге қойылды. Қазақстан кен байлықтарын социалдық отанымыздың керегіне пайдалану жөнінде ондаған алып өндірістер салынды, салынып та жатыр.
Бұрын патша заманында Қарағандының көмір байлығы он мың ғана тонна делініп есептелінетін еді, қазіргі уақытта Қарағандының көмір байлығы 50 миллиард тонна екендігі анықталды. Бірақ әлі де жете тексеріліп болған жоқ, 50 миллиардтан да артық болуы мүмкін.
Октябрь революциясынан бұрын Қоңыратта мыс барлығын ешкім білмейтін. Қазір де Қоңыратта екі жарым миллион тонна мыстың барлығы анықталды. Онан соң Үлкен Жезқазғанды алайық. Мұның байлығы да орасан. Зерттеу жұмысы Үлкен Жезқазғанда үш жарым миллион тонна мыстың бар екендігін анықтап отыр.
Балқаш алыбы салынып жатыр. Балқаш комбинаты эксплуатацияға берілгенде, бүкіл Советтер Одағының қазірде бір жылда беріп отырған мысын бір өзі жеке беріп отыра алады. Яғни, Балқаш комбинаты эксплуатацияға берілгенде Советтер Одағындағы мыс өнімі екі есе артады. Үлкен Жезқазған зауыты салынып жатыр. Бұл зауыт жылына 200 мың тонна мыс береді. Сөйтіп, біздің Қазақстан мыс байлығы және оны қорыту жөнінде бірінші орын алады.
Анау атақты Алтайдағы Риддер зауыты да маңызды орын алып отыр. Бұрын Алтайды патша үкіметінің инженерлері зерттеп нәтижелі жұмыс істей алмап еді, бұл күнде алтын Алтайдың қойнын ақтарып, қазынасын алып отырмыз. Сөйтіп, Қазақстан алтын байлығынан да көрнекті орын алып отыр.
Онан соң, Қазақстанда полиметалл жаңа сұрма сияқты металдарымыз да өркендетіліп отыр. Кен байлығы жөнінде біздегі кемшілік сол темір байлығын зерттеу ісі әлі шамалы. Біз осы темір байлығын зерттеу жұмысын қолға алып, темір кәсібі жөнінде қатарға қосылуымыз тиіс.
Қазақстан коммунист партиясының, оның көсемі Сталин жолдастың данышпандық басшылығының арқасында мешеу, көшпелі, бытыранды артта қалған елден – өнерлі кәсіпті алдыңғы қатардағы елге айналып келеді.
Жаңа Конституцияның проектісі бойынша Қазақстан одақтас республикаға айналғалы отыр. Бұл, әрине, Қазақстанның келешекте де адам айтқысыз өркендейтіндігін, қай жұмыстан болса да орасан зор табыстарға жететіндігін көрсетеді.
Кешегі езілген, құлдықтағы ел едік. Ленин-Сталин ұлт саясатының арқасында бақытқа қолымыз жетті. Адам баласының, жалпы езілгендердің қамын ойлап жеушілік тек біздің елімізде ғана бар. Адам тек біздің елімізде ғана қадірлі, бағалы болып отыр. Өйткені, біздің елдің құрылысы – социалды құрылыс.
Жасасын жер жүзі еңбекшілерінің шамшырағы Сталин жолдас!
Жасасын болат нарком Орджоникидзе!
Жасасын Қазақстан Республикасының басшылары!
Жасасын Мирзоян жолдас!
ӨНЕРЛІ КӘСІБІ ҚАРЫШТАП ӨРКЕНДЕГЕН РЕСПУБЛИКАҒА АЙНАЛЫП КЕЛЕМІЗ
Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың бұл сөзі «Қарағанды пролетариаты» газетінің 1936 жылғы 15 қарашадағы санында «Жезқазғанның инженер геологы – Сәтбаев Қаныш жолдастың сөзі» деген атаумен берілген. Осы уақытқа дейінгі шыққан көптомдық және әр жылдары шыққан жеке кітаптарда енгізілмеген.
Бұл академиялық жинаққа алғаш рет беріліп отыр.