Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1935-1939 жылдары жарық көрген еңбектері

ҮЛКЕН ЖЕЗҚАЗҒАН КОМБИНАТЫ

Жезқазған мыс кені Қарағанды облысына қарайтын Орталық Қазақстанда. Ол белгілі болғаннан бері әлденеше ғасырлар өтті. Жезқазған мыс рудасы мыс-бронза ғасырында шығарыла бастады. Ол кезде мыс садақтың масағын жасау үшін және түрліше бояу жасау үшін қолданылды.
1904 жылдан 1919 жылға дейін Жезқазған ағылшын концессионерлерінің қолында болды. Олар Қарсақпай мыс заводын сала бастады. Ағылшын концессионерлері 15 жыл кен зерттеп, Жезқазғаннан тек болғаны 61 мың тонна мыс тапты. Концессионерлер кеннің берекесін кетіріп, мысы өте көп рудаларды ғана қолға алып, мысы шағын рудаларды пайдаланбай, жер қойнында қалдырды. Мысты пайдаланғанда тым болымсыз, приметипті әдістерді қолданды.
1919 жылдан 1925 жылға дейін Жезқазған жұмыс істемей, жабылып қалды. 1925 жылдан бастап Еңбек-Отан қорғау Советінің қаулысы бойынша Қарсақпайда мыс балқытатын комбинат салына бастады. Жұмыс көңілдегідей істеліп, бұл комбинат 1928 жылы салынып бітті. Содан бері Жезқазғанның мыс рудасы Қарсақпай заводында балқытылып келеді. Қарсақпай комбинаты жыл сайын ұлы Отанымызға 6-7 мың тонна мыс беріп келеді.
Жезқазғанның кен байлығы тек Совет үкіметі кезінде ғана, әсіресе сталиндік екі бесжылдықтың кезінде ғана түрлі жақтан толық зерттелді. Совет үкіметі орнағаннан бері жүргізілген кен зерттеу жұмысының нәтижесінде Жезқазған мыс кені мыс запасы жөнінде Советтер Союзында бірінші орын алды. Ал бүкіл жер жүзінде де көрнекті орын алып отыр.
Қазір Жезқазғанның белгілі мыс запасы 3 миллион 750 мың тонна болып отыр. Мұның 2 миллион 330 мың тоннасы өндіріс үшін зерттеліп отыр. Бұл – бүкіл жер жүзіндегі мыс запасының 3 проценті. Жезқазғанның рудасы қорытып пайдалануға өте қолайлы.
Жезқазған кенінің жері сулы емес. Руданың төңірегіндегі тау жыныстары өте мықты. Бұл кен шығарған жерлерді қымбат материалдарды пайдаланбай-ақ бекітуге мүмкіндік береді. Бұл – Жезқазған кенінің өте жақсы қасиеттерінің бірі.
Жезқазғанның негізгі сульфид рудасын қазір Қарсақпай комбинаты толық іске асырып отыр. Жезқазғанның рудасынан мыс концентраты өте көп алынады. Ондағы руданы қорытқанда 94-95 проценті мыс концентраты болып шығады. Бұл цифрды жүре бара 97 процентке жеткізуге болады. Ал концентратты металлургия процесінде қорытқанда, одан 94 процент таза мыс шығаруға болады. Советтер Союзында мысты рудадан мұндай көп алатын, әсіресе кенді байытқан уақытта мысты мұндай көп алатын ешбір мыс өндірісі жоқ. Сондықтан аса көп запасын жаңа мыс рудасын пайдаланудың техникалық-экономикалық жағынан өте қолайлылығын еске алғанда, Жезқазған Советтер Союзындағы ең ірі, ең пайдалы мыс кені болып есептеледі.
Жезқазғанның мыс байлығын пайдалану үшін СССР Халық комиссарлары Советінің 1936 жылғы январьдың 9-да шығарған қаулысы бойынша Нілді-Жезқазған теміржолы салына бастаған еді. Бұл теміржол Ұлы Октябрь революциясының 20 жылдық мерекесі қарсаңында салынып бітті. Бұл өте қысқа срокте салынып біткен жол болды, бұрыңғы жол-қатынас халық комиссары Лазарь Моисеевич Кагановичтің жігерлі басшылығы арқасында тез біткен игілікті іс болды.
Үлкен Жезқазған комбинатының өндірістік күшін мәңгі ұмытылмайтын сияқты нарком Серго Орджоникидзе жолдас белгіледі. Ол комбинат жылына 200 мың тонна мыс беретін болсын деді. Мысты мұндай көп қорытатын комбинат осы күнге дейін жер жүзінде болып көрген емес.
Қазір Үлкен Жезқазған комбинатын салуға дайындық жұмыстары басталып отыр. Пландау жұмыстары да қолға алынып жатыр. План бойынша комбинатты салу жұмысы бірнеше кезекке бөлінбекші. Комбинаттың бірінші кезекте салынып болатын бөлімі жылына 50 мың тонна шамасы мыс бермекші. Бұл жұмыс екі-үш жылдың ішінде аяқталмақшы. Комбинаттың бірінші бөлімі меңгерілгеннен кейін, комбинат жылына 100000 тонна мыс беретін болып үлкейтілмекші. Комбинатты мұндай бірнеше кезекке бөліп салу жұмысы біріншіден, мысты тез шығаруға мүмкіншілік берсе, екіншіден кадр дайындау жұмысын тездетеді.
Қазір Үлкен Жезқазған комбинатына керек минералдық сырьелардың барлығы толық зерттеліп болды. Флюс дайындау үшін керек темір және темір-марганец рудалары Найзатас пен Қарсақпайдан табылып отыр. Бұл жерлер Жезқазған комбинатынан 40-60 километр жерде. Известь флюстері, кен байыту фабрикасына керек известті дайындауға қажетті материалдар болады. Сонымен қатар известь құрылыс жұмысына да өте керек нәрсе. Міне, бұл известтер Жезқазғаннан 39 км жердегі Ақтас деген жерден шығады. Мыс балқытатын пештерді салу үшін керек кірпіштің ерекше сорттарын дайындауға қолданылатын отқа төзімді саздар және ол пештерді ремонттауға керекті материалдар Жезқазғаннан 7 километр жердегі Ақши деген жерден алынады. Динас кірпіштерін дайындауға керекті кварц пен кварциттер Жезқазғанның төңірегіндегі Жанай, Ескөлі, Қарсақпай деген жерлерден алынады. Комбинат көмірді Қарағандыдан алады. Егерде Қарағандыдан көмір алу жұмысы қиынға айналса немесе қолайсыз болса, комбинат Байқоңырдағы тас көмір кенінен 45 км жердегі Қияқтының қоңыр көмірін пайдаланады. Осы күні Қияқтының көмірі Қарсақпай комбинатының отын базасы болып отыр.
Үлкен Жезқазған комбинаты суды Кенгір өзенінен алады. Бұл үшін Кенгір өзенінен ұзындығы 750 метр, биіктігі 30 метр плотина салынады. Бұл плотина жылына 100 миллион текше метр су береді. Судың түрліше шығындарын есептегенде, плотинаның беретін суы 67 миллион текше метр болады. Бұл комбинатты өндіріс жұмысына керек сумен де, ішуге керекті сумен де қамтамасыз етеді. Комбинаттың шөлде, құрғақ климатта салынатындығы еске алынып, құрғақшылық жылдарда оны суға тапшы қылмау үшін, осы күні Жезқазғанның қасындағы Жезді өзенінің суы зерттеліп отыр. Бұл көрсетілген фактілер Үлкен Жезқазған комбинатын салу жұмысына түрлі жақтан дайындық істеліп жатқандығын көрсетеді.
Жезқазғанда геология разведка жұмыстары тек мыс запасын анықтау үшін жүргізілген жоқ, мұнымен қатар, комбинатқа керекті қосымша сырьеларды зерттеу үшін де жүргізілді.
Жезқазған комбинаты Балқаш комбинатынан мүлдем өзгеше жағдайда салынғалы отыр. Өйткені осы күнге дейін Балқаш комбинатының керекті флюстер мен отқа төзімді материалдарды қайдан алатындығы белгісіз болса, Жезқазған комбинаты үшін бұл мәселелер әлдеқашан шешілді. Балқаш комбинатын салу жұмысы бірнеше жылдар бойы теміржол жоқ жағдайда жүргізіліп, керекті материалдарды жетістіруде қиыншылықтар болған болса, Жезқазған комбинаты қазірдің өзінде-ақ теміржол транспортымен қамтамасыз етіліп отыр. Балқаш комбинаты жергілікті құрылыс материалдарының саны мен сапасы белгісіз уақытта салына бастаған болса, Үлкен Жезқазған комбинатын салу үшін керекті материалдар (тас, гравий, құм, алебастр, түрлі саздар) жеткілікті түрде зерттеліп табылып отыр.
Бұл көрсетілген үш жағдай, құрылыс жұмысына дұрыс басшылық еткен күнде, Үлкен Жезқазған комбинатын салу жұмысын Балқаш комбинатын салудағы сияқты орынсыз көп шығынсыз, қысқа срокта салып бітіруге мүмкіншілік береді.
Қазір комбинат теміржолмен, негізгі және қосымша минералдық сырьелармен қамтамасыз етілген жағдайда, ең басты міндеттің бірі Үлкен Жезқазған комбинатын салатын басқарманы тез ұйымдастыру болады. Өйткені, комбинатты салу жұмысын ұйымдастыру ісі кішкентай болса да кешіктірілсе, әдейі Жезқазғанға арналып салынған Нілді-Жезқазған теміржолының (ұзындығы 400 километр) жұмысына үлкен кедергі келтіреді. Комбинатты салу жұмысы жөніндегі ұйымдастыру мәселелері тез шешілсе, комбинатты көп шығын шығармай, үкімет бекіткен срокте салып бітіруге мүмкіншілік болады. Бұл жөнде, әсіресе, Балқаш комбинатын салуда болған үлкен кемшіліктерді естен шығармау керек.
Қазақстан жұртшылығының Үлкен Жезқазған комбинатын салу жұмысын үнемі қадағалап, бақылап отыруы керек. Өйткені Жезқазғанды салу жұмысы тек сонда отырған адамдардың ғана жұмысы емес, бүкіл Қазақстан жұртшылығының жұмысы. Жезқазған комбинаты жер жүзіндегі ең ірі комбинаттардың бірі. Ол салынып біткеннен кейін советтік Қазақстанның индустриялық көркі деген ұлы атаққа ие бола алады. Біз Жезқазғанды үкімет белгілеген срокте салып бітіре аламыз. Бұған Ауыр өндіріс Халық комиссариятының, Қазақстанның партия және үкімет орындарының Жезқазған комбинатын салу жұмысына үнемі көңіл бөліп отырғандығы және оған бұдан былай да үздіксіз көңіл бөлетіндігі кепіл.
Үлкен Жезқазған тек мыс алыбы ғана емес, оның төңірегінде марганец рудалары да көп. Жақын жылдарда Үлкен Жезқазған комбинатын салу жұмысымен қатар, марганец рудаларын шығару жұмысының да қолға алынуы мүмкін. Өйткені Жезқазғанның қасындағы Жезді, Найзатас дейтін жерлерде 2,5 миллион тонна жақсы сортты марганец рудалары бар. Оралдың қара металлургия өндірістері марганец рудаларына өте мұқтаж. Осы күнге дейін олар жақын жерде марганец рудалары болмағандықтан өздеріне керек марганецті Украинаның оңтүстігінен алып отыр. Жезқазғанның төңірегінде жақсы сапалы марганец рудасының көп болуы, олардың алдымыздағы уақытта салынатын Жезқазған-Найзатас теміржол тарауының бойында болуы жақын жылдардың ішінде Орал үшін марганец рудаларын шығаруды өте керек қылады.
Мұнымен қатар, Жезқазған ауданында қара металлургия өндірістерін де өркендету керек болады. Шойын және болат балқытатын заводтар салу керек болады. Бұл жөнінде Жезқазған ауданы үлкен көрнекті орын алады. Өйткені, бұл ауданнан, Қарсақпай заводының төңірегінен көп темір рудасының запасы табылып отыр. Бұл запастың мөлшері қазір 160 миллион тоннаға жетіп отыр. Мұның 60 миллион тоннасы жақсы сортты рудалар. Қарсақпайдың темір руда ресурстарын Қазақстанда қара металлургия заводтары үшін сырье есебінде пайдалану ісі тек Жезқазған ауданын индустрияландыруда ғана емес, бүкіл Орталық Қазақстанды индустрияландыруда да үлкен көрнекті орын алады.
Соңғы кездерде, әсіресе, сталиндік екі бесжылдық ішінде жүргізілген кен зерттеу жұмыстары Жезқазған ауданынан мыс, марганец, темір рудаларымен қатар, алтын, қорғасын және қоңыр көмір шығатын жерлерді де тапты. Бұл кендерді пайдалану жұмысы да кешікпей қолға алынады. Орталық Қазақстанның барлық сырьелық ресурстарын толық пайдалану жұмысы Қазақстанның өндіріс кәсібін бұрынғыдан да өркендетеді. Қазақстанның Советтер Союзының көрнекті мықты индустриялық аудан болуын қамтамасыз етеді.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ҮЛКЕН ЖЕЗҚАЗҒАН КОМБИНАТЫ

Мақала алғаш рет «Қаныш Сәтбаев. Жезқазғанның бас геологы» «Социалистік Қазақстан» газетінің 1938 жылғы 9 қаңтардағы №7 (4612) санының 3-бетінде жарық көрген. Содан бастап қазіргі күнге дейін жарыққа шыққан Қаныш Имантайұлы Сәтбаев шығармаларының көптомдығында басылды:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 45-49 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 7. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступление. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 89-92 бб.
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 1 томдық. – 2-ші бас. Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 39-42 бб.
Мақала ішінде әр жылдары басылған басылымдар арасында кездесетін текстологиялық өзгерістер бар. Мысалы:
«Мысты пайдаланғанда тым болымсыз, приметипті әдістерді қолданды» дейтін сөйлем ішінде 1938 жылы шыққан газеттегі «приметивті» сөзін 1999 жылғы кітапта «примитивті», 2000 жылғы көп томдықта «дөрекі», 2007 жылғы еңбекте «қарапайым» деп өзгертіп берген.
1938 жылғы газет нұсқасындағы «Жезқазғанның», «керекті» деген сөздер одан кейін жарыққа шыққан барлық жинақта «Жезқазған», «керек» деп жалғаулары алынып берілген.
«Пайыз» сөзі 1938 жылғы алғашұы нұсқасында, 1999, 2007 жылғы кітаптарда «процент» деп берілсе, 2000 жылғы кітапта «пайыз» деп қазақ тіліндегі нұсқасы берілген.
1938, 1999 жылғы нұсқаларда «Советтер Союзы» деп жазылса, 2000, 2007 жылғы жинақтарда «Советтер Одағында» деп берілген.
Ай атауы 1938, 1999 жылдардағы мақала ішінде «Январь» деп жазылса, 2000, 2007 жылғы көптомдықтарда «Қаңтар» деп берілген.
1938 жылы шыққан мақаладағы «Бұл өте қысқа срокте салынып біткен жол болды, бұрыңғы жол-қатынас халық комиссары Лазарь Моисеевич Кагановичтің жігерлі басшылығы арқасында тез біткен игілікті іс болды» деген сөйлем ішіндегі «бұрыңғы жол-қатынас халық комиссары Лазарь Моисеевич Кагановичтің жігерлі басшылығы арқасында тез біткен игілікті іс болды» деген жалғасы 1999, 2000, 2007 жылдардағы кітаптарға ілінбей, толық аяқталмай берілген. Осы жинаққа сол мақала ішіндегі сөйлем толық беріліп отыр.
«Үлкен Жезқазған комбинатының өндірістік күшін мәңгі ұмытылмайтын сияқты нарком Серго Орджоникидзе жолдас белгіледі» деген сөйлем ішіндегі «мәңгі ұмытылмайтын сияқты» деген тіркес 1938 жылғы нұсқасында беріліп, одан кейінгі шыққан көптомдықтарда алынып тасталынған.
1938 жылы шыққан мақаланың түпнұсқасындағы «Пландау жұмыстары да қолға алынып жатыр» деп басталатын сөйлем ішіндегі «Пландау» сөзі 1999 жылы шыққан еңбекте «Пландау» деп, ал 2000, 2007 жылдардағы кітаптарда «Жоспарлау» болып берілген. Одан кейін сөйлемдегі «план» сөзі де 2000, 2007 жылғы нұсқаларында «жоспар» деп өзгертілген.
1938 жылғы мақала ішінде «Сырья» сөзі одан кейін шыққан барлық кітапта «Шикізат» нұсқасында берілген. Сонымен қатар мақаланың алғашқы нұсқасындағы «руда», «разведка» сөздері 2000 жылғы жинақта «Кендері», «Бақылау» деп аударылып берілген.
1938 жылғы мақалада «Өйткені, комбинатты салу жұмысын ұйымдастыру ісі кішкентай болса да…» деген сөйлем ішіндегі «кішкентай» сөзі соңғы жылдары шыққан барлық жинақта «аз да» деп өзгертіліп жазылған. Мақаланың ең алғашқы жарыққа шыққан нұсқасындағы «советтік Қазақстанның индустриялық көркі» деген сөйлем ішіндегі «советтік» сөзі 1999, 2000, 2007 жылдардағы жинақтарда алынып, тек «Қазақстанның» деп берілген. Сол секілді «сталиндік екі бесжылдық» деген тіркес жоғарыда аталған жинақтарда тек «бесжылдық» деп жазылған.
Мақала толығымен ең алғаш газет бетіне 1938 жылы жарыққа шыққан түпнұсқа күйінде берілді. Мақала ішінде кездесетін терминдер:
Сульфидтер – табиғи жағдайда көптеген металдар күкіртпен қосылған минералдар түрінде кездеседі. Күкірттің қасиеті көп жағдайларда оттекке ұқсас. Егер металдардың химиялық қосылыстарға, яғни минералдарға айналатын жағдайларында оттек жетіспей, күкірт кездесетін болса, онда тотық орнына сульфидтер пайда болады.
Флюс (нем. Flus – ағын, ағыс) – домна пешінің шихтасына бос жыныстардың балқу температурасын төмендету және күл мен күкіртті қож түрінде ығыстыру үшін қосылатын минералды заттар
Гравий (фр: gravier – болбыр) – ірілігі 2-10 мм жұмырланған қиыршық сынықтардан тұратын болбыр шөгінді тау жынысы.
Алебастр (гр. ἀλάβαστρος – күйдірілген бор) – минерал, гипстің қардай ақ ұсақ түйіршікті түрі; құрылыс гипсі, байланыстырушы тұтқыр материал. Ол табиғи гипсті (CaSO4 2H2O), ангидритті (CaSO4) және кейбір құрылыс өнеркәсібіндегі қалдықтарды 140-1900С температурада күйдіріп, ұнтақтау нәтижесінде алынады.
Марганец (лат. Manganum; Mn) – элементтердің периодты жүйесінің VII-тобындағы химиялық элемент, асыл металдардың бірі. Реттік нөмірі 25, атом массасы 54, 938.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы