Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1935-1939 жылдары жарық көрген еңбектері

ҮЛКЕН ЖЕЗҚАЗҒАН МЫС АЛЫБЫ

Қазақстанның ішінде Бетпақ даланың шөлінде қазір одақта бірінші орын алып отырған Жезқазған мыс кені бар.
Жезқазған кені ерте уақыттарда пайдаға асқан; олай дейтініміз: бұрынғы кеншілерден қазылып қалған кен орындарының ұзындығы бір километр, ені жүз метрге шейін барады. Ерте уақытта Жезқазғаннан бір миллион тонна мыс алынған.
1847 жылға шейін Жезқазған мәлімсіз күйде болып келген. 1847 жылы оны Ушаков дейтін көпес маңындағы қазақ елінен 100 сомға сатып алған.
Ушаковтың ойы: Жезқазғанды өндіріс етіп іске асыру емес, тек жағдай тосып, басқа капиталистерге спекулянттық етіп сату болған.
1904 жылы Жезқазғанды ағылшын капиталистері көріп, ұнатып, оны Ушаков тұқымдарынан 269 мың сомға сатып алған, сол жылдан бастап ағылшындар ол жерде зерттеу жұмысын жүргізген. Ағылшындардың мақсаты: Жезқазған кенінен жылында 5 мың тонна мыс шығарып отырмақ болып, ол үшін Қарсақпай заводын сала бастап, көмірді Байқоңырдан алмақшы болған.
1917 жылға дейін заводты салып бітіре алмай, Октябрь революциясының басында ағылшындар қашып кеткен.
Ағылшындардың зерттеп тапқаны: Жезқазғанда 61 мың тонна мыс барлығын ажыратқан. 1925 жылдан бастап Жезқазған өндірісін үкіметіміз қолға алып, барлық жұмыстарын 3 жарым жылда бітіріп, 1928 жылдың күзінде Октябрь революциясының мерекелі күніне дейін Қарсақпай заводынан бірінші рет мыс шығарды.
Өндіріс жұмыстарын қолға алумен қатар, 1926 жылдан бастап Жезқазған кенінің жұмысын зерттеуге кірісті. Зерттеу жұмысының өте екпінді күйде өтуі бірінші бесжылдықтан бері болды.
Қазірде Жезқазған алыбында 3 миллион 500 мың тонна мыстың барлығы анықталып отыр. Бүкіл Оралдағы зерттелген мыстың шамасы 2 миллион 500 мың тоннадай, олай болса, Жезқазған алыбының запасы бүкіл Оралдан бір миллион тоннасы асып отыр. Кейінгі уақыттағы зерттеу жұмыстары да Жезқазған байлығын бұдан да өсіріп отырмақшы.
Одақтық халық комиссарлар советінің осы жылы 7 январьдағы қаулысы бойынша, қазірде Жезқазған мен Нілдің арасында теміржол салу жұмысы басталып жатыр. Бұл теміржол Жезқазғанға 1937 жылдың 1 ноябрінде жетпекші. Жол келісімен Жезқазғанда жылына 200 мың тонна мыс балқытатын үлкен мыс комбинаты салынбақшы.
Орджоникидзе жолдастың бұйрығы бойынша бұл комбинат 1940 жылдың күзіне дейін салынып бітпекші.
Ұлы Жезқазғандай ірі завод әлемде жоқ, Американың ең үлкен мыс заводтары жылына 125 мың тонна мыс береді. Қазіргі салынып жатқан Балқаш мыс заводы жылына 100 мың тонна мыс бермек. Ал Ұлы Жезқазған комбинаты Балқаштан өндіріс жүзінде екі есе артық.
Ұлы Жезқазған жүргенде онда 16 мыңнан аса жұмыскер, 2 мыңнан аса инженер-техник қызметкерлері істемекші. Бұл кадрларды дайындау мәселесі – жалпы Қазақстанның маңызды міндетінің бірі.
Ұлы Жезқазған алыбы іске кіріскен уақытта, күніне 15 мың тонна руда шығарып, оны заводқа жеткізу үшін рудник пен завод арасында күн сайын 50 пар пойыз жүріп, заводқа үнемі руда жеткізіп тұрмақ.
Жезқазған заводы рудниктен 25 километр жердегі Кенгір өзенінің бойында салынбақшы, оның дәл орнын осы жылы май айының ішінде Мәскеуден келген арнаулы комиссия белгілеп, сонда салынатынын ашып кетті.
Заводтың жанында, Кенгір өзенінің бойында 60 мың халық тұруға арналған жаңа қала салынады. Кенгір өзені тоғандалып, қала мен заводтың керектігіне мол жететіндей 135 миллион м3 су ұсталынады.
Ұлы Жезқазғанның жүруі жалпы Орталық Қазақстанның өндіріс болып іске асуының негізгі маңызы өте зор.
Орталық Қазақстан ежелгі «шөлдіктен» шығып, шаруашылық өмірге екпінділікпен қосылмақ. Теміржол салынып болғаннан кейін жалғыз мыс емес, Орталық Қазақстандағы темір, көмір, қорғасын, фосфорит сияқты кен байлықтарын игеру де жүзеге асырмақшы.

Қарсақпай, 16 июнь

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ҮЛКЕН ЖЕЗҚАЗҒАН МЫС АЛЫБЫ

Мақала «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1936 жылғы 26 маусым №145 (1342) санының 3 бетінде жарық көрген. Аталған мерзімнен бастап Қаныш Сәтбаев шығармалар жинағының әр жылдардағы басылымдарында беріліп келеді:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 34-35 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 7. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступление. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 73 б.
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 1 томдық. – 2-ші бас. Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 29-30 бб.
1999-2001 жылдары шыққан 8 томдық жинақтың 7 томында бұл мақала «Социалистік Қазақстан» газетінің 1938 жылы 9 қаңтарда шыққан деп қате көрсетілген. Сонымен қатар мақаланың алғашқы бөлігі 73 беттен басталса, қалғаны 71 бетке кетіп қалған. Қалған жинақтарда мақаланың шыққан уақыты мен басылымы, орналасуы дұрыс берілген. Дегенмен мақала ішінде алғашқы нұсқасы мен әр жылдарда баспа бетінде шыққан нұсқалары арасында мәтіндік ерекшеліктер кездеседі. Мысалы:
«1847 жылы оны Ушаков дейтін көпес маңындағы қазақ елінен 100 сомға сатып алған» деген сөйлем ішіндегі «100 сом» деген ақпарат 1999, 2000, 2007 жылғы жинақтарда берілмеген. Ол жерлерде тек сатып алғандығы айтылады.
Мақаланың алғашқы нұсқасындағы «спекулянттық» деген сөз барлық жинақтарда «алып-сатарлық» деп аударылып берілген. Сол секілді мақаланың түпнұсқасындағы «пойыз», «ноябрь» деген атаулар барлық жинақта «поезд», «қараша» деп аударылып беріледі. Сонымен қатар мақала ішінде ағылшын капиталистері Ушаков тұқымдарынан сатып алатын Жезқазған мыс кенінің бағасы 1936 жылғы газет ішінде «269 мың сом» деп берілсе, 1999, 2000, 2007 жылғы көптомдықтарда «260 мың сом» деп жазылған.
Мақала соңында «Қарсақпай, 16 июнь» деген ақпарат ешқай жинаққа енбеген.
Бұл академиялық жинаққа мақаланың 1936 жылғы алғашқы нұсқасының мәтіні берілді.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы