Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1935-1939 жылдары жарық көрген еңбектері

ЖЕЗҚАЗҒАН

Кеңестер Одағындағы мыс кені мол негізгі аудандардың ең бай және мыс запасының ең көп жері – Жезқазған. 1935 жыл январьдың 1-дегі есеп бойынша Қоңыратта 2140 мың тонна, Дектяркіде 1510 мың тонна мыс запасы болса, Жезқазғанда сол есеп бойынша 3230 мың тонна мыс бар, оның ішінде зерттелген мыс – 1330 мың тонна. Жезқазғанның бұл толық зерттелген запасы 980 скважинаның мәліметі бойынша есептелген, бір скважинаға 2400 шаршы метрдей жер тура келеді, орташа есеппен рудалы жерден 85-90 процент шамасы руда шығады. Бұл мәліметтер Жезқазғанда мыс кенінің басқа жерлердегіден мол екенін көрсетеді. Мыс кені мұндай көп болу үстіне Жезқазған кен зерттеу жөнінен де басқа жерлерден анағұрлым пайдалы. Бірінші бесжылдықтың ішінде Жезқазғанда кен зерттеуге жұмсалған шығын, толық зерттелген мыстың әрбір тоннасына болғаны 4 сом 50 тиыннан ғана келеді.
Жезқазған рудасы таза руданың санына қосылады. Жезқазған рудасында қорғасын, мырыш, алтын, күміс өте аз, мышьяк, висмут және басқа мысқа зиянды қосымшалар жоқтың қасы. Мұның арқасында Жезқазған рудасын оншама көп шығын шығармай және оңай айырып, нағыз жақсы қара мыс алуға болады.
Жезқазған рудасы оншама терең де емес, ең терең жері 150 метрге жетеді, руда жер астында қабат-қабат болып жатады, мұның арқасында бір шахтадан бірнеше қабат руда шығаруға болады. Руда қабатының ұзындығы бір жарым километр, ені жарты километр, қалыңдығы 15-20 метрге дейін жетеді. Мұның арқасында руданы арзанға түсетін механикалық әдістермен шығаруға болады. Кеннің өзі тұрақты және мықты болғандықтан, шахталарға тірек қоюдың қажеті болмайды, суағарлардың да көп қажеті жоқ; сондықтан руда арзанға түседі, екінші жағынан кен жұмыстарын мейлінше кеңейтуге мүмкіншілік туады. 1935 жыл январьдың 1-не дейін толық зерттелген руданың 40 процентің тек орталық шахтаның өзінен шығаруға болады. 30 процентін ашық жұмыс әдісімен шығаруға болады. Орташа есеппен бір тонна руда 3 сом 50 тиынға түседі, бір тонна рудадағы мыс орташа есеппен 1 сом 82 тиынға түседі. Кеңестер Одағындағы мыс шығатын басқа жерлердің бірінде де руда, мыс мұндай арзанға түспейді.
Жезқазғанның рудасында мыс 1,92 процент, Қоңыратта – 1,04 процент, Алмалықта – 0,77 процент, Дектяркіде – 1,30 процент. Сондықтан 1 тонна қара мыс шығаруға керекті руданың мөлшері Жезқазғанда басқа жерлердегіден анағұрлым кем болады.
Бұл айтылғандардан басқа Жезқазғанның тағы да мынадай артықшылықтары бар: а) Жезқазғанның негізгі өндірісіне керекті шикі металл, отын, құрылыс материалдары жеткілікті, мұның бәрі Жезқазғанның өз ауданынан алынады; в) Жезқазғанда жеті жылдан бері комбинат (Қарсақпай комбинаты) бар, бұл комбинат жылына 6 мың тонна мыс беріп тұрады, бұл комбинаттың арқасында тәжірибе жасалып, руда технологиясының мәселелері толық шешілді. Бұл тәжірибе арқасында флотация жасағанда мыстың шығуын 94 процентке жеткізуге болатыны анықталып отыр. Кеңестер Одағындағы мыс шығатын жерлердің біреуі де мұндай нәтиже берген емес; с) Жезқазған ауданында жеткілікті қара жұмысшылар бар. Жезқазған комбинатында тәрбиеленген өнерлі қазақ жұмысшылары бар; в) өндіріске керекті су және ауыз су мәселесі қазір негізінде шешіліп отыр. Су жеткізу үшін Жезқазғаннан 25 километр жердегі Кеңгір өзенінің көктемгі суынан пайдаланылмақ, мұның үшін Кеңгір өзеніне биіктігі 25 метр үлкен бөгет салынбақ. Сол уақытта бұл өзен 67 миллион текше метр су бере алады. Бұл су Жезқазғанның өндірісіне де, халқының ішуіне де артығымен жетіп тұрады.
Жоғарыдағы мәліметтер Жазқазғанның маңызы зор екенін, пайдасы көп екенін, жылына 100-150 мың тонна мыс бере алатынын көрсетеді. Сондықтан Жезқазған құрылысын кешіктірмей қолға алу керек екенін көрсетеді. Бірінші бесжылдықтың соңғы жылдарында Жезқазғанда күшті даярлық жүргізіліп еді. Бірақ Жезқазған алыбын салу жұмысы екінші бесжылдықтың жоспарына кіргізілмеді. Бірақ үшінші бесжылдықта елімізге қанша мыс керек болатындығын есептей келгенде, үшінші бесжылдықтың аяғында 150 мың тонна мыс жетпейтіні көрініп отыр. Олай болса, Жезқазған құрылысын енді кешіктірудің жөні жоқ. Үлкен Жезқазған алыбының толық өндіріс күшін жылына 150 мың тонна мөлшерінде белгілеуге болады, бұл күшін Жезқазған алыбы екі кезекпен меңгере алады. Даярлық жұмыстарын толық аяқтағаннан кейін бұл алыпты үш жылдың ішінде салып бітіруге болады. Даярлық жұмыстарын да 3 жылға жеткізбей аяқтауға болады.
Жезқазған алыбын бұл ширекте аяқтау үшін Үлкен Жезқазғанның даярлық жұмыстарын 1935 жылдың аяғында иә 1936 жылдың басында қолға алу керек. Үлкен Жезқазғанды тек сонда ғана 1941 жылы жүргізуге болады. Даярлық жұмыстарының бір үлкені – Жезқазған мен Успенский руднигі арасында теміржол салу. Әйтпесе, Жезқазған комбинатын салуға болмайды.
Бұл теміржолды 1936 жылдан қалдырмай қолға алып, екі жылдан кейін, 1938 жылы бұл жолда уақытша қатынас бастау керек. Бұлай еткенде Үлкен Жезқазған құрылысын сол жылдан бастап күшейтуге болады.
1936 жылы Қарағанды-Балқаш теміржолы салынып болады. Бұл жолдан босаған кадрларды және құрал жабдықтарды Успен-Жезқазған теміржолын салу үшін пайдалануға болады.
Қарағанды-Балқаш жолынан босаған қызметшілерді, құрал-жабдықты Жезқазғанға пайдалануға болатынын ең алдымен 1934 жылдың аяғында Орджоникидзе жолдас айтқан еді. Оның алдында VII кеңестер съезінде Орджоникизде жолдас Жезқазған кенін пайдаға асыру мәселелерін қолға алу керек екенін білдірген еді. Жезқазғанды қазірден қолға алу керек екенін 1935 жылы Қазақстанға келгенінде Пятаков жолдас та айтты.
Жезқазған құрылысына даярлану жұмыстарының аса зор маңызы бар. Бұл жұмыстар: 1) кен зерттеу жұмыстары; 2) ғылым-зерттеу мәселелері; 3) өндіріске керек су және ауыз су жеткізу мәселесі; 4) кадр мәселесі; 5) жұмысшыларды жабдықтау мәселесі (совхоздар құру мәселесі); 6) транспорт мәселесі; 7) Үлкен Жезқазғанды салуға байланысты барлық жұмыстардың жобаларын жасау мәселесі; 8) Үлкен Жезқазғанның руда базасын даярлауға кірісу мәселесі.
Бұл жұмыстардың 1936 жылы жүргізілетіні және оның көлемі мынадай болу керек:
1936 жылғы кен зерттеу жұмысының алдына қойылатын міндет мынадай: 1) Жезқазғандағы қазіргі комбинатқа (Қарсақпай комбинаты) мысы көп руда жеткізіп тұру, жеткізгенде мыс кенін ысырап қылушылыққа, бұзушылыққа жол бермеу; 2) кен зерттеу жұмысын күшейту, Жезқазғандағы кен шығатын жерлердің маңыздыларын белгілеу, сөйтіп Үлкен Жезқазғандағы алғашқы даярлық жұмыстарға жоба жасауға негіз даярлау; 3) Жезқазған ауданының геологиясын және металлогениясын жалпы зерттеуді онан сайын күшейтіп, басқа кені бар жерлерді зерттеуге даярлық жасау.
Жезқазған ауданындағы мыс кенін зерттеуге байланысты бұл жұмыстардан басқа 1936 жылы құрылыс материалдары шығатын жерлерді толық зерттеу жұмыстарын, сол сияқты бүкіл Жезқазған ауданының кенін, металын кең түрде зерттеуге байланысты жұмыстарды күшейту керек. Сол сияқты Жезқазған рудасының петрографиясын, минераграфиясын толық зерттеу жұмыстарын алға алып бару керек. Жазқазғанда 1936 жылғы кен зерттеу жұмысына керекті шығын 1200 мың сом шамасы.

Ғылым-зерттеу жұмыстары

Екінші бесжылдықта, оның ішінде 1936 жылы Жезқазғандағы кеннің негізгі категорияларын пайдаланудың неғұрлым пайдалы әдістерін белгілеу мәселелерін зерттеу керек; Жезқазғандағы ірі рудаларды ашудың, кен қазу, тазалау жұмыстарының неғұрлым пайдалы әдістері белгілену керек; кен қопаратын дәрілердің түрін, мөлшерін белгілеу керек. Мұнымен қатар Жезқазғанның рудаларын шығарудың неғұрлым пайдалы әдістері, аралас рудаларды байыту әдістері белгілену керек, басқа да осындай жұмыстар істелу керек. Мұның бәрі Үлкен Жезқазғанның кәсіпорындарын толық меңгеруге байланысты мәселелер.
Жезқазған ауданында совхоздар құру жөніндегі зерттеу жұмыстары өзіне бөлек. Мұның үшін жердің суын, қыртысын, өсімдігін, ойы-қырын, ауасын және басқа жағын зерттеу керек. Аталған ғылым-зерттеу жұмыстарына 1936 жылы 500 мың сом шамасы қаржы керек.

Су жеткізу жұмысы

Үлкен Жезқазғанға су жетістіру мәселесі екінші бесжылдықтың ішінде толық шешілу керек. Жұмысшылар үшін жаңа өндіріс үшін су жеткізу жобалары жасалу қажет. Үлкен Жезқазғанның кәсіпорындарына жылына 30 миллион текше метр шамасы су керек. Союзводстройдың есебінше Кеңгір өзеніне үлкен бөгет жасағанда, бұл өзеннің көктемгі суынан 67 миллион текше метр су алуға болады.
1936 жылы Кеңгір өзеніндегі бөгет жасалатын жердің толық планын салу керек, бөгеттің жобасын жасауға байланысты зерттеу жұмыстарын жүргізу керек; 1936 жылдың ішінде бөгеттің техникалық жобасын жасауды қолға алу керек. Үлкен Жезқазғанға суды жеткілікті етуге байланысты, жұмыстардың бәріне 1936 жылы 500 мың сомдай қаржы керек.

Кадр дайындау мәселесі

Үлкен Жезқазғанға керек кадрлар негізінде қазіргі Жезқазған комбинатының цехтарында жұмысшыларды өнерге үйрету жолымен даярлану керек, мұнымен қатар, қысқа ширекті курстар (көрістер) ашып, бұл курстарда жұмысшылардың өнері арттырылатын болу керек. Қазба жүргізушілер, бұрғышылар, ұста, слесерлер фабрик-завод мектептері арқылы және дайындау курстары арқылы даярлану керек. Фабрик-завод мектептері арқылы қазақ өнерлі жұмысшыларын даярлау үшін фабрик-завод мектептеріне кіретін жастардың жалпы білімін арттыру қажет, мұның үшін даярлық курстарын ұйымдастыру керек. Даярлық курстары 1936 жылдан бастап ұйымдастырылса, фабрик-завод мектебі өнерлі жұмысшылардың алдын 1938 жылдың басында, басқаша айтқанда Үлкен Жезқазған құрылысы күшейтілетін жылы даярлап шығара алады.
Фабрик-завод мектебі жылына 200 адам даярлап шығаратын болу керек. Сонда фабрик-завод мектебіндегі барлық оқушылардың саны 400-дей болады. Үлкен Жезқазғанға техниктер даярлау үшін Қарсақпайда 1936 жылы кен-металлургия техникумын ашу керек, бұл техникумды Қарсақпайдағы қазіргі фабрик-завод мектебі негізіне ашу керек. Оқу ширегі 3 жыл болғанда техникум техниктердің алдын 1939 жылы даярлап шығарады. Техникум алғашқы кезде жыл сайын 50 техник даярлап шығаратын болу керек. Бұл аталған жұмыстарға 1936 жылы бір жарым миллион сом қаржы керек, оның ішінен, фабрик-завод мектебінің және техникумның үйлерін салуға, олардың мастерскойлары мен кабинеттерін жабдықтауға 800 мың сом керек.

Совхоз құрылысының мәселесі

Бұл мәселе Үлкен Жезқазған үшін аса маңызды және аса тығыз мәселе. Инженер-техниктерді және маман жұмысшыларды ұзақ уақытқа тұрақтату үшін олардың жабдықталуына негіз жасау керек, қолайлы жағдай туғызу керек. Жер суландыру жұмыстары жүргізілсе, Үлкен Жезқазған ауданында астық егуге, огород егуге болады, Үлкен Жезқазғанның мұқтажын толық өтеп тұруға болады. Мұның үшін Ұлытау ауданында Сөрелі, Байқоңыр өзендерінде алғашқы кезде екі бөгет жасау керек. Мұның арқасында алғашқы кезде молынан жетіп тұрғандай, суармалы егін және огород шаруашылығын ұйымдастыруға болады. Совхоз құрылысына байланысты жұмыстарға 1936 жылы 2 миллион сом шамасы қаржы керек.
Үлкен Жезқазғанның жоба жасау жұмыстарын 1936 жылдың басынан қолға алу керек, қолға алғанда кең дайындық жұмыстарының бірінші кезектегілерінің жобасы 1937 жылдың аяғында даяр болғандай ету керек. Үлкен Жезқазғанның бүкіл жобасын 1938 жылдың аяғында жасап болу керек. Үлкен Жезқазған жобасын жасауға байланысты мәселелерді осындай түрде шешкенде ғана, жоба біржола дұрыс жасалады.
Үлкен Жезқазғанға жоба жасауға барлығы 5 миллион сом қаржы керек, оның ішінен 1936 жылы бір жарым миллион сом қаржы керек.
Әсіресе, уақытша пәтерлік үйлер, коммуналық орындар салу, Үлкен Жезқазғанның алаңын даярлау мәселелерінің маңызы зор; бұл жұмыстар да 1936 жылы қолға алыну керек. Пәтер үй, коммуналық орындар салу, құрылыс алаңын даярлау жұмыстарына 1936 жылы 1500 мың сом қаржы керек.
Сонда Үлкен Жезқазғанды салуға байланысты жұмыстар үшін 1936 жылы керек болатын қаржы мынадай:

1. Кен зерттеу жұмыстары1200мыңсом
2. Ғылым-зерттеу жұмыстары500»»
3. Су жетістіру500»»
4. Кадр дайындау1500»»
5. Совхоз құрылысы2000»»
6. Жоба жасау1500»»
7. Құрылыс алаңын даярлау және уақытша пәтерлік үйлер салу1500»»
Б а р л ы ғ ы:8700мыңсом

Қорытынды

Кеңестер Одағының директив орындары Үлкен Жезқазғанды алдағы жылдардағы өнерлі кәсіп құрылысының бірінші және ең үлкен объекті деп тану керек.
Мәселені бұл түрде негізінде шешкеннен кейін, Үлкен Жезқазғанды 1936 жылдан бастап қолға алынатын құрылыс орындарының тізіміне қосу қажет.
Қазірден «Жезқазғанстрой» деген жоба-құрылыс ұйымын құру керек.
Өспен руднигі – Жезқазған теміржолының техникалық жобасын жасап болуды және бұл теміржолды сала бастауды Теміржол комиссариатының 1936 жылғы жоспарына кіргізу керек, теміржолды салып болуды 1938 жылдың жоспарына кіргізу керек.
Қоңырат құрылысындағы негізгі қателердің қайталанбай, Үлкен Жезқазған ширегінде және ойдағыдай салынып болуы тек осындай шаралар істелгенде ғана толық қамтамасыз етіледі.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ЖЕЗҚАЗҒАН


Бұл мақала 1935 жылы 4 қазан айының №229 (3633) санының 2-3 беттерінде «Қазақстанның 15 жылдығы алдында» деген айдармен «Инженер Сәтбай ұлы Қаныш» деп басылған.
Мақала ішінде кездесетін термин:
Висмут (лат. Wіsmuthum; Ві) – элементтердің периодтық жүйесінің V тобындағы химиялық элемент. Бір ғана тұрақты изотопы (208Ві) бар. Қосылыстарында 2, 3 және 5 валентті. Күміс түсті ақ металл, морт сынғыш, оңай ұнтақталады, тығызд. 9,8 г/см.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы