Қызылжар – Көкшетау жолы қазір Шортанды қаласына шейін келіп отыр. Шортандыдан Ақмола қаласы 240 шақырым жер. Ақмоланың оң мен шығыс аралығында 180 шақырым атақты Қарағанды көмір кені бар. Қарағандының көмір байлығына қарағанда, Батыс Сібірде бірінші сатыда, барлық Ресей жерінде екінші сатыда болады (Донбас, Кузбас, Черембас көмірлерінен кейін).
Қызылжар – Көкшетау жолын кідірмей Ақмолаға жеткізіп, одан Қарағанды көмір кеніне әкелу алдымен Ыспас зауыттарының тез жүріп кетуіне зор себеп болар еді. «Ыспас» зауыттары деп төменгі үш өндіріс орындарын айтамыз:
Қарағандының көмір ошақтары;
Нілдінің (Успен) мыс кендері;
Ыспастың мыс балқытатын зауыты.
Қарағандының кенінде 8 қыртыс тас көмір бар. Бар көмір қыртыстарының қалыңдығы 1-ден 4 метрге шейін барады. Қыртыстардың жотасы 13-ден 25 шақырымға шейін үзілмей тұтас келіп отырады. Гапеев дейтін кен шеберінің 1922 жылғы жасаған есебі бойынша Қарағанды ошағындағы көмір кендерінің жалпы шамасы (300,000,000,000 пұттан артығырақ1). Саны көптігімен қатар Қарағанды көмірлерінің сапасы да артық. Қарағанды көмірі аса қызулы, кен балқыту үшін қолайлы, тасығанда үгілмейтін, «жол көтеретін» қатты, жаққанда жалыны көп, күлі аз болады. Карпов дейтін шебердің 1920 жылы жасаған талдамы (анализі) бойынша Қарағанды көмірінің ішінде ұшпа заттар (түтін) 33,7%, таза көмір (кокс) 58,66%, күл 6,92%, су (дымқылдық) 0,75%, сера (күкірт) 0,56% барлығы анықталады.
Қазіргі уақыттағы қорғасын, мыс зауыттары күлі 15-20% болатын көмірлерді де отын қылуға шамалы (мысалы, Қарсақбай зауытына отын болатын Байқоңыр ошағындағы тас көмірде 20%-тен артық күл бар). Орал ішіндегі шойын зауыттар күлі 10% болатын отын мен қоректеніп отырады. Сондықтан Қарағанды көмір кеніндегі күл зауыттарының аз болуы (6,92%) оның үлкен қасиеттерінің бірі.
Көмірдің ішінде күкірт (сера) көмір қыртыстарының жер астында өртенуіне көп себеп болады. Күкірті 1,5%-тен асатын көмір ұзақ кірені көтермейді. Сондықтан ішіндегі күкірттің аз болуы Қарағанды көмірінің екінші пайдалы қасиеті.
Қарағанды ошағы әлі де түгел зерттеліп біткен жоқ. Қарағандының шөлейт пен шығыс жақтарында: Қушоқы, Ұрышат, Борлы, Ақсере көмір ошақтары бар. Соңғы ошақтардың көмірін есепке алмасақ та Қарағандының жалғыз өзіндегі 300 миллиард пұт тас көмір Қазақстан мен Орал зауыттарына әлденеше ғасырлық талшық болуға жарамды екендігі айқын.
Егер сыртқы теміржол Қарағандыға жетсе, Қарағанды көмірі мен коксі2 алдымен оңтүстік Оралдағы темір зауыттарының отын мәселесін қолайлы түрде шешер еді. Мұны төменгі есептерден айқын көруге мүмкін: Оңтүстік Оралда қазірде салынып жатқан «Магнитогор» дейтін ірі шойын зауыты бар. Ол зауыттың бір жылда қорытатын шойыны – 38,5 миллион пұт. Америка зауыттарының тәжірибесіне қарағанда бір пұт шойын балқытып шығару үшін 0,7 пұт кокс, не 1,7 пұт тас көмір жағуға керек.
Магнитогор зауытында да өнер сатысы, отын ұқыптылығы Америкадай болсын дейік. Онда Магнитогор зауытының бір жылда жағатын отыны не 26 950 000 пұт кокс, не 65 450 000 пұт тас көмір болуға керек. Керекті кокстің 30% Оралдың өзінен табылсын дейік.
Сонда да Магнитогор зауытына жылында тасылып келетін кокс 18 865 000 пұт болмақшы. Бұл коксті зауыт басқармасы қазір де Сібірдегі Кузбас ошағынан тасымақшы болып отыр. Жаңа зауытттарды зерттейтін «Кипромез» дейтін мекеменің есебіне қарағанда Кузбас коксінің пұты Магнитогор зауытында 58 тиын тұрмақшы. Қарағанды ошағынан тасылатын болса кокстің пұты 42 тиын айналады екен. Бұған қарағанда керекті коксті Кузбастан тасымай, Қарағанды ошағынан алғанда, Магнитогор зауыты кокстің әрбір пұтынан 16 тиын пайда істейтіндігі көрінеді.
Бұл пайда Кузбастан гөрі Оралға Қарағанды ошағының жақынырақ болатынынан туып отыр.
Қарағанды ошағы мен Магнитогор зауытының арасы Ақмола – Қызылжар – Челябы – Троицк жолымен есептегенде – 1628 шақырым.
Кузбас-Магнитогор зауытының арасы төте болатын Қызылжар – Челябы – Троицк жолымен есептегенде 2684 шақырым жер (егерде Қызылжарлатпай теміржолды Ақмоладан Қостанай – Троицк арқылы тура Оралға тартса, Қарағанды мен Магнитогордың арасы 1294 шақырым болар еді). Кузбасының орнына Қарағанды коксін жаққанда Магнитогор зауыты пұт басына 16 тиын жанына қалдырып отырса, жылдық жағатын барлық коксінен 18 650 000 х 16 = 2 984 000 сом үнем қылмақшы. Бұл үнем Магнитогор зауытын техника жүзінде Америкамен теңеп және керекті кокстің 30% Оралдың өзінен табатын шартсыз да жасалып отыр. Өмір жүзінде бұл екі шартта болымсыз.
Магнитогор зауытының техникасы Америкамен шу дегеннен тең шыға қоймақшы емес және керек кокстің 30% түгелімен Оралдан таба қою да қиын нәрсе. Сондықтан өмір жүзінде Магнитогор зауыты әрбір пұт шойынға кемінен бір пұт кокс шығын шықпақшы.
Өзіне керек бар коксті түгелінен шеттен тасып әкелмекші. Соңғы шарттарда Қарағанды коксын жаққандағы Магнитогор зауытының табатын жылдық үнемі: 38 500 000 х 16 = 6 160 000 сом болуына керек. Бұл үнемнің арқасында Магнитогор зауытындағы шойынның бағасын пұтына 17 тиын арзандатуға келеді (79 тиыннан 62 тиынға түсіруге). Егерде біз коксті қойып, тас көмірге түссек, келетін үнемнің мөлшері жоғарғыдан да молаяр еді. Кузбас көмірінің пұты Магнитогор зауытында 41 тиын. Қарағанды көмірінің пұты 31,1 тиын. Бұл бағалардың ішіне кіріп отырған теміржолдың кіре шығыны: Кузбас көмірінде 30,9 тиын, Қарағанды көмірінде 22,7 тиын.
Бір пұт шойын балқыту үшін зауытқа екі пұт көмір жағу керек болады. Сондықтан Магнитогор зауыты Кузбас көмірінің орнына Қарағанды көмірін жаққанда үкіметтің жылдық табатын үнемі:38 500 000 х 2 х 2,9 = 7 623 000 сом болар еді. Сонымен жоғарыдағы есепке қарағанда, Қарағанды – Ақмола – Шортанды темір жолы оңтүстік Оралдағы шойын зауыттарының отын мәселесін арзандату жөнінде үлкен маңызы бар екендігін көреміз.
Қарағанды мен Шортанды арасы 420 шақырым жер. Теміржолдың әрбір шақырымын салып бітірудің шығыны, жолында кесіп өтетін биік тау арнаулы өзендер жоқ болатын шартында 100,000 сомнан аспайды. Сондықтан Қарағанды – Шортанды жолын салып бітіруге керекті шығынның жиыны 42 миллион сомнан аспақшы емес.
Бұл шығынды үкімет басқа пайдаларды былай қалдырғанда, жалғыз оңтүстік Оралдағы шойын зауыттардың отынынан істейтін үнемдерінің өзіменде 10-15 жылдардың ішінде өтеп бітірмекші. Сыртқы теміржол Қарағанды ошағына келісімен Ыспас зауытттарының кідірмей жүріп кететіні шексіз. Ыспас зауыттары бір кезде бүкіл Қазақстанда жеке дара болып келгені әркімге мәлім.
1913 жылы Ресейдің зауыт кәсібі шалқып, ең кемеліне жеткен кезі болады. Сол жылы өндіріс жүзінде Ыспас зауыты бүкіл Ресейде екінші орында болып шыққан. 1913 жылы Ыспас зауытында жиыны 300,000 пұт таза мыс балқып шыққан. Бұл мыс сол жылғы бүкіл Ресей үкіметінің жеріндегі балқып шыққан барлық мыстың 15,8% тең болған3. Ол дәуірде Ыспас зауытының қоры Нілдінің мыс кендері болатын. Нілді зауытындағы «Барнит» бағалы кендерде 20% не 25% таза мыс шығатын. Бірақ сол сияқты бағалы кендердің қоры 1916-1918 жылдарда Нілді зауытында құри бастаған. Сол кезде Нілді зауытының орта бағалы «екінші сортты» жабайы мыс кендері мен пайдалану үшін ағылшындар Сарысу өзенінің жиегіне ол кендерді іріктейтін бөлек фабрик жасаған.
Зауыт архивіне қарағанда 1899 жылдан 1917 жылға шейін Нілді зауытында ағылшындар байлығы: 25%-ті бағалы кендерден 12 003 946 пұт, 10%-ті жабайы кендерден 2 773 776 пұт шығарып алған.
Қазіргі кезде Нілді зауытында алынбай жатқан: 528000 пұт 8% -ті жабайы кен бар. Шығарған кендерінен ағылшындар барлығы – 300,000 пұт таза мыс балқытып алған. Нілді зауытындағы қазір де жер астында жатқан кендерден тағы да 1500,000 пұт таза мыс балқытып шығаруға болады. Нілді кені әлі де толық зерттелген емес. Зерттеу жүрсе әсіресе зауыттың шығыс пен шөлейт жағындағы жазықтан жаңа кен табудың мүмкіндігі бар. Өткен жаз Атбасар тіресі өз қаражатымен Нілді ауданындағы кен ошақтарына шолма зерттеу жасатты. Зерттеуге шыққан білімділер Нілдінің 20 және 50 шақырым шығыс жағынан Қайрақты және Қызылжал дейтін жерлерден мыстың екі мықты кенін тауып отыр. Бұл екі кеннің де жасалу түрі Нілді кеніндей жер бетінен 20 метр тереңдікке шейін, бұл екі ошақтағы мыс кендерінің шамасы 500,000 тоннадай бар (яки 30,000,000 пұттан артық). Кеннің ішіндегі мысы 3,3% тен 607% шейін барады. Қайрақты кенін Атбасар тіресі келер жаз 100 метр тереңдікке шейін алмас бұрғы мен толық зерттеуге қам қылып жатыр. Қайрақты туралы қазіргі табылған мағлұматтар ондағы кендер 20 метрден анағұрлым терең кететініне сенім бергілікті (жасалымы Қайрақтымен бірдей болған Нілді ошағында бағалы кендер 200 метр тереңдікке шейін табылып отырады). Өткен жазғы зерттеуден табылған Қайрақты мен Қызылжалдың 500,000 тонна кені Нілді ошағындағы жатқан кендердің санын онсыз да екі есе арттырып отыр. Бұлай болғанда қазіргі Нілді ауданындағы есепке алынған мыс кендерінің өзі де жылында 300,000 пұт таза мыс балқытып отыратын шартында Ыспас зауытына толық 10 жыл азық болуға жарайтын екендігі көрінеді. Ыспас зауытының отын плосы4, үй саймандарға, жұмыскер, азық-түлік мәселелері ежелден өте қолайлы түрде болатын. Бұл жақтарынан Ыспас зауыттары жалпы союз қоғамында бірінші сатыда десек те болады. Сондықтан Ыспас зауыттарының тез жүріп кетуіне мықты кедергі болып тұрған нәрсе олардың темір жол бойынан өте қашық жатқандығы болатын. Қарағанды – Шортанды жолы салынса, әрине бұл кедергі жойылмақшы.
Мыс, қорғасын, цинк металдарының кенін ғылымда бір сөзбен «түсті кендер» дейді. Түсті кендердің байлығында Қазақстан қазіргі союз қоғамында екінші орында саналады (алдында жалғыз Орал таулары бар). Түсті кендердің Қазақстанда ең көп кездесетін жерлері Қарқаралы, Ақмола уездері, Кереку уезінің Баянауыл ауданы және Атбасар уезінің Ұлытау ауданы болады. Ұлытау (Қарсақбай) ауданын қоспағанда жоғарғы үш уездің жерінен 1917 жылға шейін барлығы: 204 мыс кендері, 37 қорғасын кендері, 42 қорғасын мен цинк аралас кендер, 18 темір және 56 көмір ошақтары табылған5. Бұл сандардан жоғарғы аудандардан әсіресе, мыс кендерінің көп екендігі аңғарылады.
Жасалым ретіне қарағанда бұл мыс кендерін төменгі 3 жікке бөлуге мүмкін:
Жердің жарығын қуалай біткен «Тамырлы» кендер (бұл жікке Нілді, Қайрақты, Қызылжал, Алмалы сияқты кен ошақтары кіреді).
Құм тасы сияқты тұнба тау жыныстарына сіңген «шашылма» кендер (бұл жіккке Шідерті өзенінің бойындағы Қожаншад, Көктас, Өлеті, Шадыра сияқты кен ошақтары кіреді. Ұлытау ауданындағы Жезқазған кендерінің де жасалым тәртібі осылармен бірдей).
Отты тау жыныстарына сіңген «шашылма» кендер (Желтау, Үшқатын, Жауыр, Көктас, Жел ошақтары сияқты). Соңғы жылдардың зерттеу қорытындысы бойынша бұл жердегі кендерді төменгі алты ауданға жіктеуге болады6.
Ауданның аты Кен тасының мөлшері (тонна өлшеуімен 1 тонна ) Таза металдың мөлшері тоннамен
Нілді 2125,000 42,500 (мыс)
Желтау 13400,000 268,280,000 (мыс)
Шідерті 5,375,000 10,7500 (мыс)
Ақтау-Манақ 1365,000 66-89,000 (мыс, қорғасын)
Баян-Аула 1825,000 99100,000 (қорғасын, мыс)
Берік-Қара 810,000 40576500 (қорғасын, цинк)
Соңғы 6 ауданның алғашқы үшеуі Қарағанды – Шортанды жолынан 150 шақырымнан артық қашық болмайды.
Сондықтан Шортанды – Қарағанды темір жолының әсері оларға да толық тиюіне керек. Бұл үш аудан көруімізше жоғарғы алтаудың ішіндегі ең маңыздылары.
Сондықтан Шортанды – Қарағанды жолы салынса олардың ішіндегі қазірде тұйық жатқан күшті кен байлықтары да үкіметтің өндіріс уысына толық кірмекші. Қазақстан ішінде жаңадан бірнеше күшті зауыттар жасалмақшы. Мыс, қорғасын, цинк сияқты «түсті металдарды» шығарарлық жаңа зауыттардың үкіметке қандайлық маңызы бар екендігін төмендегі цифрлардан көруге мүмкін. Совет үкіметінің ішіндегі жылдық ұсталатын және шығарылатын мыстың есебі тонна өлшеуімен:
Жылдар 1926-27 27-28 28-29 29-30 30-31
Жылдық ұсталатын мыс 52000 57000 62000 70000 80000
Жылда шығарылатын мыс 24980 24680 30600 41500 54500
Жылда шет жұрттан сатып алынатын мыс 27020 32820 31400 28500 25500
Шеттен келетін мыстың % 52% 57% 51% 41% 32%
1926-27 жылдың ішіндегі союзда ұсталған барлық қорғасынның 92,7%, цинктің 92,8% шет жұрттан сатып алынған. Бұл цифрлардан:
Үкіметтің қазір де өзі шығаратын металдары өзінің жылдық керегіне жетімсіз екендігін.
Бұл жетімсіздік мысқа келгенде жалғыз биыл емес, алдымыздағы келесі 5 жылдың ішінде үзілмейтіндігін көреміз.
Мыс, қорғасын сияқты машина саймандарына керекті және соғыс жабдығына маңызды болатын металдардан шетке көз сүзіп отыру үкіметке аса қолайсыз нәрсенің бірі.
Шортанды, Ақмола, Қарағанды темір жолының кен өндірісіне беретін әсерінің қандайлық екендігін өткен жылдағы Мәскеуде болып өткен кен шеберлерінің одақтық 2-алқасы да айрықша зерттеп өткен. Бұл алқаның жасаған қаулыларында Қарағанды – Шортанды темір жолын бірінші кезекте салып бітіру керек деген жер бар7. Кендер өндірісіне беретін күшті әсерлерімен қатар Шортанды, Қарағанды теміржолы өтетін аудандардың шаруа реңкі мен сауда жақтарында артық өркендетер еді. Бұл темір жолдың әсері тиетін Көкшетау, Ақмола уездері және Қызылжар, Қарқаралы, Кереку уездерінің жуықтас аудандарында қазірде 800,000-дай халық бар.
Бұл жерлердің ауданы 450,000 шаршы шақырымдай. Ішінде ауыл шаруасы өркендерлік топырақ, су, әуе шарттары қолайлы түрде. Бұл аудандар өткен жылы шетке жиыны 10,000,000-нан аса пұт бидай, жүн, ет сияқты пұлдар шығарған8. Үстінен теміржол жүрсе бұл аудандардың шетке шығаратын пұлдарының мөлшері жаңағыдан әлденеше рет артып кететіні айқын нәрсе. Сонымен теріп келгенде Шортанды, Ақмола, Қарағанды темір жолы:
Үкіметтің оңтүстік Оралда салатын күшті шойын зауыттарына отын жағынан есепсіз пайдалы екендігін көреміз.
Қазірде жабулы тұрған Ыспас зауыттарының ұйқысын бұзып, тез жүргізуге мықты себеп болатындығын көреміз.
Ақмола, Қарқаралы, Баян аймағындағы түсті металдардың көзді кендерінің тез зерттеліп, өндіріс өміріне аяқ басуына күшті әсер беретіндігі анық.
Қазірдің өзінде жылында шетке 10 миллионнан аса пұт жүк шығарып отырған шұрайлы аудандардың шаруасын онан гөрі ілгерлетуге күшті себеп болатындығын көреміз.
Сондықтан үкімет орындары бұл жолды тез салып бітіруге қадам істеуі керек.
____________________
1 А. А. Гапеев. Карагандинское кам угольное месторождение. Материалы по общей и прикладной Геологий. Вып.61.изд.1922 г.
2 Кокс деп ұшпалы заттардан айырылып, «шыныққан» тас көмірді айтады. Шойын заттарына көбінесе кокс жағады.
3 Известная металлургия Серия.изд. 1926 г. 17-бетті қара.
4 Плос деп зауыт пешіне кенмен бірге салынатын темір тас, ізбес сияқты заттарды айтады. Плостер кеннің жеңіл балқып шығуына көмекші болады.
5 Список рудных месторождений в пределах Северо-Стпнгорн.округа Состовл. Инжен А. И. Тили в 1927 г.
6 Русаков М. И. Яговкин И.С. К вопросу о минеральных рес. Сурсах Кирг. Степи. Изд. 1925 г.
7 Второе Всесоюзное Совещание по Цветным металлам том 1. Стр. 246. изд. 1927 г.
8 Төреқожаұлының 4-ноябрьдегі 253 нөмірлі «Торг.пром. газета»-дағы басылған мақаласынан.
ШОРТАНДЫ-АҚМОЛА-ҚАРАҒАНДЫ ТЕМІР ЖОЛЫНЫҢ КЕН ӨНДІРІСІНЕ БЕРЕТІН ӘСЕРІ (ОЙЛАСУ РЕТІНДЕ)
Бұл мақала 1928 жылы 5 ақпанында Еңбекші қазақ» газетінің №29 санының 2-3 беттерінде жарияланған. Аталған мақала Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 1970, 1989, 1999, 2007 жылы шыққан «Таңдамалы» көп томдық шығармалар жинағында берілмеген.
Мақала бұл жинақта алғаш рет біздің әріпке аударылып беріліп отыр. Мақала ішіндегі терминдер:
Күкірт (лат. Sulfur; S) – элементтердің периодтық жүйесінің VІ тобындағы химиялық элемент; атомдық нөмірі 16, атомдық массасы 32,06. Тұрақты 4 изотопы бар. Сондай-ақ жасанды жолмен алынған 6 изотопы белгілі.
Кокс (нем. Koks) – көмірді немесе мұнайлы шикізаттарды кокстеу арқылы алынатын жасанды қатты отын. Тас көмір Коксін пайдалану 18 ғ-дан белгілі. Алғаш рет Кокспен шойын балқыту 1735 жылы Ұлыбританияда іске асырылды, ал алғашқы жабық камералы Кокс пештері 19 ғасырдың 30-жылдарында өндіріске енгізілді.