Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1927-1928 жылдары жарық көрген еңбектері

ҚАРСАҚБАЙ АУДАНЫНЫҢ КҮЙІ

Қарсақбай ауданы Атбасар уезінің түстік пен батыс жақ түкпірінде. Мұнан Атбасар қаласы 500 шақырымдай жер. Арада бекет жолы жоқ. Сондықтан Атбасар мен Қарсақбай ауданының арасындағы байланыс тек қағаз жүзінде ғана болмаса тегінде жоқ деп айтуға болады.
 Қарсақбай ауданының кіндігі – Қарсақбай заводы. Бұған ең жақын қала Ташкент теміржолының бойындағы «Жосалы» дейтін станция. Қарсақбай мен Жосалының арасы 350 шақырым. Арасында салынған бекет жолы дайын. Сондықтан Қарсақбай ауданының барлық қатынасы осы Жосалы арқылы ғана болып отырады.
Жер бетінің бедері
Қарсақбай ауданы Ұлытау кенересінің түстік бөктерінде. Сондықтан оның бетінің бедерін, жер бітімін жалпы алғанда таулы адырлы деп айтуға болады. Ұлытау кенересінің жалпы аймағы 45 мың шаршы шақырымдай бар. Алатын орны Гринвич (Лондон) меридианынан санағанда шығыстық 68, 65 градустарының арасы. Шөлейт ендігі 47-50 градустарының арасы. Ұлытау кенересінің негізгі жоталары оңнан шөлейтке қарай созылған. Бұл жоталар шөлейт жиектерінде шығыс жаққа азырақ бұрылған. Оны қазақтар «Арғанаты» тауы дейді (түзуі «Арғын ата» болуы керек). Ұлытаудың оң мен шөлейт жақтары – опырық болып тез ояңдап жазыққа айналып кетеді. Шөлейт жағындағы ояң Сібірдің үлкен жазығымен сабақтасады; оң жақтағы ояң барып Мойынқұм, Арысқұм, Бетпақдаланың байтақ шөліне қосылады. Ұлытау кенересінің орталық биіктерінен айырылып шығыс пен батыс жақтарға бет алған көп «қосымша» жоталар бар. Бұлардың шығыс шеті созылып барып Алтай мен Алатау (Тянь-Шань) кенерелерінің батыс бұтақтарына жалғасады; батыс жаққа бет алған жоталары ояңдап барып Орал мен Мұғалжар тауларына қосылады. Соңғы жоталар қазақ даласын ұрыннан дәл қақ жарып өтеді. Сондықтан қазақ оларды Сарыарқаның белі дейді. Осы Сарыарқаның белдері қазақ даласын ауарайы, өсімдігі, топырағы да өзгеше екі жікке бөледі. Сарыарқаның белдері Ертіс пен Арал теңізіне қарай ағатын өзендердің су айырығы болады.
Орынның орталығы мен жоталарының биіктігіне қарағанда Ұлытау кенересін Сарыарқаның кіндігі деп айтуға болады. Сондықтан Ұлытау жоталары қазақ даласының неше ғасырдан бергі тарихының майданы болып келген. Талай хандар ордасын осы Ұлытауға тіккен. Талай батырлар жасағын осы Ұлытауға орнатқан. Сондықтан Ұлытаудың жотасы – ескі сөз-ертеліктің кені. Ұлытаудың биік шың, әжімді құз, терең сайларынан ескіліктің, ерте заманның иісі аңқиды. Ұлытаудан шығып түстікке ағатын, Сарысу құятын «Қаракеңгір» дейтін өзеннің жиегінде атақты «Хан Шыңғыстың» баласы «Жошы» хан мен «Алаша» хандардың моласы әлі күнге шейін бұзылмай тұр; «Жыланшық» өзенінің басы шығатын Ұлытаудың бір биігінде «Едігенің» моласы бар деп жұрт аңыз қылады; Абылай да ордасын Ұлытауға тіккен; Ұлытаудың түстік бөктеріндегі «Хантөбе» дейтін жерде өткен ХІХ ғасырдың 30 жылдары атақты Кенесары батырды Орта жүздің баласы арғын «Шеген би» болып ақ киізге салып «хан көтерген» Ұлытау ішіндегі «Жезқазған», «Қорғасын» сияқты кен шығатын орында әлі күнде де бұрынғы уақыттағы салынған завод орындарының белгісі бар. Сондықтан қазақ елі келіп орнамастан бұрын да, Ұлытау кенересі қазір де аты-жөні белгісіз, бірақ мәдениеті жоғары, өнерлі болған басқа бір елдің мекені болуға тиіс.
Сулары 
Қаракеңгір өзенінің Сарысуға құятын «Қаражар» дейтін сағасынан бастап Қарсақбай ауданын су жағынан екі жікке бөлуге мүмкін. Қаражардың Арқа жағындағы жік, жері таулы болған соң бұлаққа да, өзенге де берекелі. Бұл жіктегі өзендер басын Ұлытаудан алады да, Арқа мен шығыс аралығына, не оң мен батыс аралығындағы негізді екі ойпаңның бірімен ағып отырады. Шығыс пен Арқа аралығына бет алып ағатын өзендер – Есілге құяды. Бұлардың ең маңыздысы – «Терісаққан» өзені. Түстік пен батыс аралығына бет алып ағатын өзендер Сарысуға құяды. Бұлардың көрнектілері: Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Жезді өзендері. Бұлардан басқа тура батысқа қарап ағатын, не батыс пен арқа аралығына бет алып ағатын өзендердің бәрі де көп ұзамай көл не қопаларға барып құяды. Бұлардың көрнектісі: Қараторғай мен Сарыторғай өзендері (Сарықопа көліне құяды). Тұзды мен Жыланшық өзендері (Жаман-Ақкөлге құяды). Аудандағы «Білеуті», «Дүйсенбай» сияқты кейбір ұсақ өзендердің Арал теңізіне қарата бет алып аққанымен де, оған жетпей аралықтағы Арысқұм, Мойынқұм дейтін құмдарға кездесіп үзіліп қалады. Ауданда сор мен қопа көп. Олардың көлемдісі: 1) Жаман теңіз, 2) Жаман-Ақкөл, 3) Сарықопа, 4) Шұбар теңіз, 5) Құрдым (Шалқар теңіз) дейтіндер. Бұлар Ұлытаудың, әсіресе, батыс жағында көп болады. Бітім жағынан қарағанда аудандағы өзендердің бәрі де қазіргі дәуірде қайраты қайтып, «алжуға» таянған – қартамыс күйде; өлкелеріне жиған «тұнбалары» қалың, арналары майысқан иреңді болып отырады. Көп өзендер орта ағымындағы, не аяқ кезінде үзіліп кейде жоғалып, кейде шығып «қара суға» айналады.
Қаражардың оң жағындағы ауданның жігінде жер бітімі таусыз, жазық болған соң бұлақ сулары ырымға табылмайды. Өзен дегеннен бәрі жалғыз-ақ – Сарысу. Бұл жік сондықтан түгелімен суы жоқ кеуіп жатқан Бетпақтың шөліне қосылады. Бетпақтың оң жағындағы Қаратау кенересінің ыққы ояңында бұл жікке кіретін «Ащы көл», «Телі көл» дейтін екі ғана көл бар. Мұның біріне Шу өзені, біріне Сарысу өзені келіп құяды. Оң жіктегі байтақ шөлдің бір шеті Жосалы мен Қарсақбай арасындағы «Ақмола» дейтін өзекке тіреледі. Бұл Қарсақбай заводынан 120 шақырым жер. Қарсақбай мен Жосалының арасындағы бекеттердің суы кейде кермек, кейде тұщы болып отырады. Құдықтарының тереңдігі 2-3 кезден артық емес. Кей жерде бір бекеттегі екі құдықтың бірінің суы тұщы да, бірінікі кермек. Егерде құдық суларының кермек болатын себебі бұл жазықтағы кездесетін ерте замандағы теңізден қалған қалың тұнба саздардың ішіндегі жатқан тұздан десек, онда жаңағы айтқан сияқты құдық суларының дәмі жиі айнымалы болып отыратындығы саздың астындағы жер қыртыстарында күшті көзді тұщы су барлығынан болуына мүмкін. Егерде бұл анық болса, онда Бетпақ шөлінің келешегі тіпті де үмітті деуге болады. Өйткені, бұрғы салып тереңнен су алынса, Бетпақтың «шөлдегіде» жоғалмақшы. Бұл ретте тағы да үміт берерлік бір себеп мынау: төңкеріс алдында Сарысудың аяғындағы Ащы көл, Телі көлдің аралығынан переселен адамдары жерге бұрғы салып, су іздеген. Сонда олар 7 метр тереңнен кермек су тапқан; онан ары тереңдетіп 115 метр жер барғанда тұщы суға кездескен. Тұщы суы аса көзді болып, бұрғының аузынан биіктігі 7 метрлік фонтан болып атып тұрыпты. Бұрғышылардың есебі бойынша бұл жерден шыққан тұщы судың көзі 55 мың шелек берерлік болса керек1.
Ауданның сол жігіндегі Қарсақбай заводы және Жезқазғанның маңындағы өзендер мен құдық суларының қазір де жасалған химиялық талдамы (анализ) бар. Оларға қарағанда, аудан суларының бір литрінде 0,3970 грам құрама заттардың барлығы сезіледі. Бұлардың:
CaCo3 ізбез – 0,0420 грамы
Caso4 бор – 0,354 грамы
CaCI2 хлорлы кальций – 0,006 грамм.
Мұндай сулар ішуге де, егінге де ылғалсыз деп саналады.
Тау жыныстары мен топырақ
Ұлытау кенересі көбінесе отты тау жыныстарынан жасалған. Кей жерінде бұларға түйіршікті тақта тас жыныстары да қосылып отырады (крист-ие сланцы). Бұл тау жыныстарының бәрі де Киреский (аллическ) заманында жасалған. Қазақ даласындағы ең ескі тау – Ұлытау деп айтуға болады. жердің тарихын зерттейтін ғылым (Историческая геология) жер жүзінің жасалу тарихын төмендегідей төрт дәуірге бөледі:
Агностозей, 2) Палеозой, 3) Мезозой, 4) Кайнозой.
Бұлардың ең ертесі – агностозой дәуірі. Бұл дәуірде жер жүзі тегіс дерлік
топан суының астында болған. Дүниеде ешбір тірі жандық жасалмаған мезгіл. Палеозой дәуірінде жердің сыртының біразы су астынан шыққан. Жандықтардан бұл дәуірдің басында су ішіндегі құрт, балдырғандар жасалған. Аяғында балық табы жасалған. Мезозой дәуірі – жандықтардың ең алғаш теңізден құрғаққа шыға бастаған мезгілі. Кайнозой дәуірінде адам баласы жаралған. Ұлытау кенересі бұл бөліктің агностозой дәуіріне қосылады. Бұл дәуірде судан шыққан бүкіл жер жүзінде Скандинавия, Шотландия (Англияда), Сібірдің Саян тауы мен Ұлытау ғана болған. Біздің қазақ даласының жартысы судан палеозой дәуірінде, жартысы тіпті бертін кайнозой дәуірінде ғана су астынан шыққан. Қазақ даласында Ұлытаудан кейінгі ескі тау – Тарбағатай, Шыңғыс жоталары. Мұнан басқа Сарыарқа белдерінің көбі палеозой дәуірінің орта шенінде, болмаса мезозойдың аяққы дәуірінде ғана құрғаққа шыққан. Соңғы жікке Қарқаралы, Баян аула таулары да қосылады. Ұлытау кенересінен басқа ауданның жері түгелімен дерлік кайнозой дәуіріне шейін теңіз астында болып келген. Бұл теңіздің соңғы тұнбалары ауданның оң жағындағы сіресіп жатқан қалың саз балшықтар. Бұл саздардың ішінде тұздың, бордың кендері мол.
 Топырақ жағынан келгенде, ауданды Қаражар-Ақмола сызығымен тағы да екі жікке бөлуге мүмкін. Оң жіктің ішіндегі топырақтар жалпыша сортаң, сазды болып отырады. Бұлар кей жерде көшпе құм мен құмдақ топырақтар да қосылып кетеді. Бұлардың төсеніші тау жыныстары – қалың саз балшықтар. Олардың түсі көбінесе қызыл. Саздардың түсі тат арқылы үстіңгі топыраққа да шапқан. Сондықтан қазақтар бұл жіктің топырағын жалпыша «қызыл топырақ» дейді. Қаражар-Ақмола сызығының Арқа жағындағы топырақтар көбінесе не саз, не борбасы, не құмдақ болып отырады. Бұлардың ішінде сортаң, ащылы жерлер кем. Топырақ астындағы төсеніш тау жыныстары не тұзсыз, майда саз, не ізбез, не отты заттар. Сондықтан қазақтар бұл жіктің топырағын жалпыша «боз топырақ» дейді. Сол жіктегі өзен, не бұлақ өлкелерінің ояңдарында қашанда шаңдақ майда, үгілмелі сары топырақ кездесіп отырады. Бұның қалыңдығы кей жерде екі сүйемге жетіп отырады (6-8 бершок). Соңғы сары топырақтың ішіндегі қоспалардың оннан бірі () өсімдіктердің шіріген заттары. Сондықтан бұл топырақ егін салуға пайдалы «асыл» топырақтардың тегіне қосылады. Бұлардан басқа Ұлытау кенересіндегі сайлардың іші тегіс дерлік нағыз шымды «қара топырақпен» толулы.
Ауа райы
 Ауданның ауа райы жалпыша айнымалы. Бір сөткедегі күн райының құбылуы 6-7 градустарға шейін барады. Жылдың ең суық – айлары январь мен февраль, ең ыстық айлары – июль мен август. 1913-1917 жылдардың ішіндегі ағылшындардың жасаған тәжірибелері бойынша жылдың ең суық не ең ыстық мезгілдері мына күндерде болған:
1913 жыл foto1 1914 жыл foto2 1915 жыл foto3 1916 жыл foto4 1917 жыл foto5
Ағылшындардың жаңбыр суы мен қар суларына, ауаның бұлты мен дымқылдығына, желдің беті мен күшіне жасаған тәжірибелері қазір де жоғалып біткен. 1926 жылдың 8 февралынан бастап Қарсақбай заводында ауарайын реттейтін орын жасалған (Мет.станция). бұл орынның керекті құрал-саймандары әзірше толық жиналып біткен жоқ. 1926 жылдың бірінші декабріне шейінгі бұл орынның жасаған зерттеулері мынадай қорытынды береді.
Ай аттары Бұлттар (ауаны көзбен 10 жікке бөліп, олардың бұлтпен бүркелген бөлімдерін есептегенде) Қар мен жауын суларының биіктігі (миллиметрмен өлшегенде) Айлық күннің ыстық-суықтығы
Фебраль 5.1 120 -15,3 (суық)
март 6.4 191 — 4,3 (суық)
Апрель 6.1 426.5 +3.1 (жылылық)
Май 3.2 187 +13.2
Июнь 5.5 269 +18.9
Июль 1.2 жоқ +24.3
Август пен сентябрдің цифрлары жоқ
Октябрь 3 Жоқ +6.8 (жылы)
Ноябрь 6 15 — 5.5 (суық)
 Бұлардан өткен жаздың өте жаңбырлы-шашынды болғандығы сезіледі. Тұрғын адамдардың есебіне қарағанда, аудандағы жаңбыр-шашындар не жаздың басқы шендерінде күзде болып отырды. Қысты күні жерге қар қалың түседі. Шілдеде көбінесе жаңбыр жаумай, күн райы ашық, тымық күйінде болатын көрінеді. Соғатын желдің беті көбінесе оңнан, не оң мен батыстың аралығынан болып отырады. Желдің соғатын орталық екпіні секундына 3-5 метрлерге шейін жетеді. Ағылшындардың жоғарғы зерттеуі мен соңғы жылдың қорытындысын салыстырып байқасақ, күн райының соңғы замандарда азда болсын жылылық, дымқылдық, жайлылыққа қарай бет алғандығы сезіледі.
Аудандағы өсімдіктер
Өсімдіктер қашанда топырақ пен ауа райына байлаулы болатындығы белгілі. Сондықтан ауданның оң бөліміндегі жерлерде көбінесе, құрғақ, шөл жерлерде өсетін тырбық сортаң шөп көп кездеседі. Бұларға жусанның неше атасымен, изен, жантақ, көкбек және түрлі шайырлар қосылады (Құлан шайыр, түйе шайыр, құм шайырлар сияқты). Шілік заттарынан оң жіктегей жерде баялыш пен тобылғылар ғана кездесіп отырады. Ақмола-Қаражар сызығынан бастап Арқаға бет алғанда жоғарыдағы көрсетілген «жусанды» шөптерге аз-аздап, сайлардың түбінен не басқа ояң жерлерден боз, көде, селеу шөптері де қосыла бастайды. Мұнда кей жерде «шилердің де» селдір түптері кездесіп отырады. Ауданның Арқа бөлімі, әсіресе, Ұлытау кенересі өсімдікке аса бай деуге болады. Мұнда өсетін «қорық» шөптерінің түрлі атасының ұлы бар. Бұлардың ішінде қашанда түрлі жоңышқалар, қызғалдақ, бәйшешек, жауқазын сияқты гүлдер де жиі кездеседі. Шілік заттарынан Арқа бөлімінде: тал, қарақат, мойыл, қой бүлдірген, жидек, итмұрын бар. Ағаштан Ұлытау ішінде үйеңкі, қайың, шырыш терек өседі. Бұлардан басқа аудандағы кездесетін өзендердің бәрінің де арнасында қуалай өскен ересек нар қамыстар көп бұларға кей жерде өрімталда араласып отырады.
Аудандағы аңдар тегі
Тағы жандықтардан ауданда: Сарысу бойында киік, сайғақтар бар, Қаракеңгір өлкесі мен оң бөліміндегі құмдарда – қабандар көп, жалпы алғанда, ауданның бәрінде де: қасқыр, түлкі, қоян, күзен, ақ тиін, қарсақ, сарышұнақ сияқты аңдардың тегі көп кездесіп отырады. Ұлытаудың құзарында бұрын арқар көп болады екен. Қазірде олар құрып біткен сияқты. Құстар тегінен ауданның оң бөлімінде құрақұс, кезқұйрық, құладын сияқты «арам құстардың» тегі мен дуадақ, бұлдырықтар жиі кездесіп отырады. Ауданның арқа бөліміндегі көлдердің ішінде жаз уағында қаз-үйректер көп жиналады. Басқа жандықтардан ауданда құрт-құмырысқа, бақа-шаяндардың түрлі тұқымдары мекен істейді. Әсіресе ауданда жылан, бүйі, құрттар сияқты шағатын улы жандықтар көп ұшырасады.
Ауданның халқы
Ауданның халқы тегіс дерлік найманның Бағаналы, Балталы таптарынан құралған. Бағаналы табының ауданда: Сары-сарғалдақ, Қожас, Ақтаз дейтін үш руы бар. Ел шежіресіне қарағанда, бұлардың ішінде жалғыз ғана Сары-сарғалдақ Найманның өз тұқымы болып шығады. Қалғандары кірме. Өйткені, Ақтаз шынында алты атадан қосылған «құрама» болса керек. Қожастың әкесі, Шыңғыс ханның қалмақтағы Ежен дейтін баласынан туыпты-мыс дейді. Олай болса, Қожастың тегі – төре тұқымы болады. Өйткенменде Ақтаз бен Қожас рулары өздерін қазір де Бағаналымыз деп есептейді. Аудан халқы 1918 жылға шейін 13 болыс ел болып келген. Одан бері, әсіресе 1920-1923 жылдардың лайсаңында Бағаналылардың көбі Көкшетау, Шымкент, Қызылорда үйездеріне ауып кетіп, көшпелі орында қалған елдер қазір де «Қарсақбай» болысы дейтін бір-ақ болыс болып отыр. Қарсақбай болысында бес ауылнай бар. Олардың:
Бірінші ауылы – Қаракеңгір, Сарыкеңгір өзендерінің өлкелерінде. Нәсілі – Қожас табынан.
Екінші ауылы – ауданның Арқа жиегінде, Ұлытау ішінде. Нәсілі – Сары-сарғалдақ.
Үшінші ауылы – Торғай үйезімен шектес. Жерінің шегі Жеті қыз өзенінен Кішітауға шейін. Нәсілі – Ақтаз.
Төртінші ауылы – Қарсақбай заводының маңындағы Қумола, Үлкен жезді, Дүйсембай дейтін өзендердің саласында. Нәсілі – Қожас.
Бесінші ауылы – ауданның қиырдың бөлімінде. Жердің шегі Шу өзенінен басталып, Бүйрекқұмға шейін. Нәсілі – Сары-сарғалдақ.
Ауданның бар халқының саны – 1926 жылғы есеп бойынша 14 309 адам. Бұлар 3230 түндікке бөлінген.
Ауылнай басына бөлсек, халық пен түндік есебі мынадай болады:
1-інші ауылнайда 3671 адам 797 түтіндік
2-інші ауылнайда 3749 адам 808 түтіндік
3-інші ауылнайда 1756 адам 354 түтіндік
4-інші ауылнайда 3608 адам 766 түтіндік
5-інші ауылнайда 2308 адам 505 түтіндік
Ауылнайлар: 12345
Өткен жылы шаруа салығынан босанғанТүндік саны652575262394258
Адам саны30232720131019531215
Өткен жылы салық төлеген Түндік саны 145 233 92 373 251
Адам саны648102944516551093
Аудандағы науқастар, олардың емі
 Аудан халқының саулығы қазірде күшті. Жұқпалы аурулар кем. Салынған больница болмаған соң, ел ішіндегі науқастарды түрлі балгер, тәуіптер емдеп келген. Олардың емі: 1) «қояншық» науқасты үшкіріп, қағып жазады, 2) ешкі қотыр, теміреткеге сынап жағады, 3) жөтел-құртқа алмас пен күшәла береді, 4) тымау-жөтелді сырмен, термен жазады, 5) іш ауруларына апиын ішкізеді, 6) ноғай-қотыр, күпсәланды лепіспен күйдіреді, 7) көкжөтелге көк ешкінің емшегін сордырады, 8) күйдіргіні тұмса әйелдің қамшысымен, яки көлбақамен емдейді, 9) безгекке тірі жыланды тістетеді, не безгелдек құстың етін жегізеді және осылар сияқты. Өткен жылдан бастап Қарсақбай заводында больница ашылған. Осы күз ауданда тағы екі больница ашылмақшы: бірі – Жезқазғанда, бірі – Байқоңырда. Қарсақбай больницасында қазір де үш дәрігер қызмет істейді. Олардың тәжірибесіне қарағанда, аудан ішінде жұқпалы аурулар тіптен аз болуына керек. Мысалы күләпсан (сифлис) мен жөтел-құрт аурулары жоқтың қасында. Көз ауру (трахома) – ырымға жоқ. Күйдіргі де сирек. Ауданға ең көбейіп, етек жайған дерттер: қотыр, ешкі қотыр, таз, мерез сияқты терінің сыртына шығатын «жаралы» науқастар. Індетті науқастардан 1917-1918 жылдарда сүзек, 1924 жылда шешек науқасы болып өткен. Бала егетін дәрігер ауданға ең бірінші рет 1926 жылдың жазында шыққан болса керек.
Оқу жайы
Оқу орындарынан ауданда 1925-1927 оқу жылында барлығы 10 бастауыш мектеп пен 3 сауат ашқызатын орындар бар. Мектептер ауылнай басына былайша бөлінеді:
1 інші ауыл – 3 мектеп (бұның екеуі 1920 жылда ашылған)
2 інші ауыл – 2 мектеп
3 інші ауыл – 2 мектеп (біреуі биыл қыс ашылған).
4 інші ауыл – 2 мектеп (біреуі биыл ашылған).
5 інші ауыл – 1 мектеп (оның өзі де биыл қыс ашылған).
Ауданның мектебінде барлығы 15 оқытушы бар. Бұлардың екеуі – бұрынғы «Медіресе Ғалияның» есігін көрген. Қалған 13 ешқайда мектепте оқымаған. Тек «хат танитын» адамдар ғана. 10 мектептің біреуінде ғана арнап салынған 4 бөлмелік үй бар. Қалған тоғызы ауылдан ауылға қоныс аударып, көшіп жүреді. Мектептерде оқитын балалардың саны, оқу саймандары туралы ешкімнің жасаған есебі жоқ. Бұлардың бәрі де жұмбақ күйінде. Сондықтан бұл 9 мектептің өзі де «аты бар – өзі жоқ» сапасыз күйде болуы мүмкін. Бұл туралы Қарсақбайдың «биікінің» білетіні тек бұл мектептер ел ішіндегі өзендер қыстайтын ауылдардың ортасында тұрады деген ғана «мағлұмат». Бұл күйде ауданның мектептері. «Мектеп» емес, тек баланың сауатын ашатын «ликбез» деп ұғынуға керек. Ауданның ішіндегі кендер, қазіргі жүріп жатқан Қарсақбай заводы ауданның шаруашылығын біраз жылда көп ілгері жібермекші. Шаруаның ілгерілеуі «төтелік» жағынан келгенде, елдің мәдениет халіне байланып отырады. Мәдениет халінің құралы, жетекшісі «мектеп» екені даусыз. Сондықтан аудан ішіндегі мектептерді түзеп, оқытушы күш, оқу саймандарын қамсыздандыру мәселесі – ауданда ең бірінші қажет болатын нәрселердің бірі. Әсіресе, ауданға бір шаруашылық мектебін ашу өте керек.
Сот жайы
Ауданда бір сот, бір тергеуші бар. Екеуі де Қарсақбай заводында тұрады. Ауданға сот орыны ашылғалы 5 жыл. Содан бері сот әлі күнгеше ең құрыды бір рет ауданға, сессияға шықпаған. Сондықтан сот орындары мен ел арасындағы қатынас аса кем. Ел ішіндегі дау-шар әлі күнгеше ақсақал аузына қарап келе жатыр. Ауданда ұрлық, барымта, кісі өлтіру сияқты қылмыстар аз. Екі қатын алу, қалың мал беру сияқты қылмыстар болғанмен де, сот алдына түспейді, бірен-саран сотқа түскен жұмыстар болса да, «айыптау» дәлелдері толық табылмағандықтан, аяқсыз қалып отырады. Соттың осы күнде бітіріп отырған жұмысы – Қарсақбай заводындағы жұмыскерлердің өзара даулайтын «тиын-тебен» сияқты ұсақ ақыларына бітім айту. Сот алдына түсетін аудан халқының көп дауы: егіндік, пішендік жер бөлу мәселелері. 5 жылдан бері сот орынын тексерген ешбір нұсқаушы, не ревизия жоқ. Биі мен тергеушінің жалақысы өте аз. Ауданға шығып «Сессия» жасауға қаражатымыз жоқ дейді. Қарсақбайда тұтқындарды ұстарлық абақты үйі жоқ. Абақтысы бар жақын қала – Атбасар. Олар 600 шақырым жерде. Тұтқындарды оған жіберу – өте қиын. Сондықтан сот абақты кессе де тұтқындарды кассация дәуірінде амалсыз кепілге босатады. Кассация Қызылжарға барып айналып келгенше, 5-6 ай өтеді. Оған шейін тұтқындар бос. Сондықтан соттың айбыны ел көзінде аса төмен.
Халықтың кәсібі
Аудан халқы төңкерістен бұрын таза көшпелі, бақташы күйде болған. Жаз бен шілде ішінде олар Көкшетау үйезіндегі Салқын көл, Қалмақ көл, Ерден көлдерінің самалды шалғындарында отырып, қысқа қарата Шу, Сарысу өзендері не болмаса Қаратау бөктерлеріне қарата ойысып келетін. Сонымен жазғы көшінің ұзындығы 1000 шақырымға шейін жетіп отырған кездері болған. Аудандағы жалғыз отырықшы орын Қаракеңгірдің басындағы «Ұлытау» поселкесі болған. Мұндағы халық та егінді тек өз керегінің мөлшерінде салып, шаруасының негізін мал өсіру, май алу сияқты басқа кәсіптерге орнатқан. «Ұлытау» поселкесінің орнында қазірде екі үй ғана орыстар бар. Олардың кәсібі – қолындағы май машинасы. Қазақ ауылына апарып жалдап, сүт тарту ғана дейді. Басқа орыстар соңғы жылдардың өзгерісінде қоныс аударып, Атбасар-Көкшетау қалаларының жанына орналасса керек. Бағаналы елі бұрын малға аса бай болған. Бағаналының кейбір ауылдарынан 2000 жылқы, 7000 қой, 300 түйе өрген кездері болған. Бағаналының қалашылары Арқада жасалатын Ақмола, Атбасар жәрмеңкелеріне айрықша реңк беріп отыратын. Ауданның мал шаруасының шайқала бастаған дәуірі – төңкеріс жылдары болды. 1919 жылы ауданды қалың «мешін жұты» соқты. Бұл жұт ауданды ала-құласыз тегіс басып өткен. 1919-1924 жылдардың арасындағы болған разверстка, продналог, трамот лайсаңдары ауданның жұттан қалған аз-маз малын тағы да сапырып өткен. Қарсақбай ауданы сияқты үйезден 500, губернеден 700 шақырым жерде «қиянда» жатқан тағы ауданға разверстка, трамот «агенттерінің» өзі де өткен жұттан кем тимейтіндігі мәлім нәрсе ғой. Бұған ауданның басынан кешкен мынадай «оқиғалар» мысал болуға жарай алса керек. 1) 1920 жылдың қысына падбот жинауға шыққан «Плақов» дейтін бір орыстың «отряды» Шу бойындағы Бағаналылардан 2000 түйе жиып алып Атбасарға қайтады. Жолшыбай бұл түйелердің көбі қырылып, Атбасарға 100 ақ түйе аман келген. 2) 1922 жылдың қысы натрамот агенттері Қарсақбайға 900 түйе жиыпты. Сол түйелердің 820-сы Қарсақбай заводының өзінде аштан қырылады.
1920-21 жылдарда Ұлытау ішінде белгілі Қыпшақтан шыққан «Кейкі» дейтін жасақ орнатқан. Оны ұстауға Атбасардан неше рет солдат шығарылған. Осы солдаттардан аудан халқына талай ойынды көрсетсе керек. Жығылған үстіне жұдырық сияқты Қарсақбай ауданынан 1923 жылы қалың түйе індеті киліккен. 1924 жылы сиырдың мәлігі қырсықтар бірдей өрістеген ел қай заманда оңған? Сондықтан қалың Бағаналы құты шайқалып, малдан айырылған соң, жерін тастап, қақ жарылып екі жаққа ауа бастаған. Жартысы мал басына қорған боларлық және жұмыс табарлыққа жақын жер деп Көкшетау үйезіндегі ата жайлауларына тарата серпілген, жартысы «Бетпақ» шөлінің жағындағы бұрынғы қыстауларында отырып қалған, сонымен ауданның орталық жерлерінде (Ұлытау мен Қарсақбай айналасында) осы кезде өңшең сида «қасқа» кедейлер ғана жиналып қалған. Бұл кедейлер күні үшін 1922 жылдан бастап ауданның әр жеріндегі өзен-бұлақ өлкелеріне ептеп егін сала бастайды, сондағы егін құралдары шот пен күрек. Ауданға жылдық түсетін жаңбыр, қар сулары өте аз. Жылдық жауын суларының биіктігі жиғанда сынық сүйемге де толмайды. Мұндай жерде егін суармаса шықпайды. Сондықтан кедейлер шашқан егіндерін суғару үшін үлкен бейнетпен өзен өлкелерінен 4 түрлі теғам «шығыр» бөгеттер жасап алған. Мұндағы «бөгеттердің ең көп жері Кеңгір салаларының бойында аудандағы бөгеттердің ең «үлкені» жеті. Соның алтауы Қаракеңгір, Сарыкеңгір өзендерінің бойында болады. бөгеттер мына жерлерде салынған. 1) Бозтұмсық, 2) Көкөлең, 3) Қызылтұмсық, 4) Қандыарал (Жезқазған кенінен 55 шақырым жерде), 5) Қарма, 6) Жартал. Жеті үлкен бөгет Жыланды өзенінің «Бозай» дейтін жерінде. Қарсақбай биігінің 25-26 жылдардағы салық есептері бойынша аудандағы егіннің саны: 1925 жылда 384.4 жер. 1926 жылда 622.8 жер (жер бір десетна)
Бұл есеп егін жерінің соңғы бір жылдың ішінде 62% өскендігін көрсетеді. 1926 жылы салынған 622,8 жер егіннің жартысынан көбі (317,8 жер) Қаракеңгір, Сарыкеңгір өлкесіндегі 1інші аулынайға келеді. Бір үйдің салатын тұқымы жылына бір пұт, жарым пұттан көп аспайды. 3 пұт тұқым сіңірген үйлер сирек болса керек. Егіннің шығымы: көбі пұтына 35 пұт. Азы пұтына – 15 пұт. Орташа шығым пұтына – 25 пұт деп айтуға болады. Егін салатын жерлерінің топырағы шаңдақ, үгілмелі сары топырақ. Егіндік жерлер екі жылдың ішінде тозып отырады дейді. Бұл – жердің айыбы емес, егін салудың өнеріне жетпеген «топастықтан», егін құралының, суару тәсілдерінің нашарлығынан болуға мүмкін. Кетпен-шот пен күрек қаншалық «өнерлі» сайман болуға жарайды? Сайып келгенде, егерде суарарлық су құралдары дайын болса, ауданның, әсіресе, Арқалық бөліміндегі жерлердің сары топырағы егінге тіпті қолайлы деп айтуға мүмкін. Аудандағы салынып жатқан кен орындары: Қарсақбай заводы, Жезқазған мыс кені, Байқоңыр таскөмір ошағы осы уақыттың өзінде жылында, 50 мыңдай пұт астық ішеді. Келер жылдарда жұмыскер саны тағы да көбеймек. Онымен қатар астықтың ішімі де күшеймекші. Сондықтан базар ретінен қарағанда, аудандағы егіншіліктің келешегі аса үмітті деуге болады. Аудан халқының егіншілікке алған беті мал шаруасының түріне де әсер беріп келе жатқан сияқты. Мұны мынау цифрлардан көруге мүмкін. 1925 жылда аудан халқында жалпыша:
6987 сиыр, 1708 жылқы, 2701 түйе, барлығы 11395 ірі қара бар екен. Бұл малдарды жынысына қарата процентке аударсақ: сиыр – 61%, түйе 24%, жылқы – 15 % болып шығады.
Өткен 1926 жылда аудандағы барлық ірі мал 16 076 бас екен. Олардың: 9793 – сиыр, 2036 – жылқы, 4247 – түйе, барлығы – 16 076.
Бұл сандардың бір жылдың ішінде ауданның ірі малы 4 680 бас өскендігі көрінеді. Процентке өлшесек бұл – 41% өсім береді. 1926 жылдардағы ауданның ірі малдарын тегіне жіктесек: сиыр – 61%, түйе – 27%, жылқы – 12% болып шығады.
Аудандағы қой мен ешкінің саны: 1925 жылда – 29 969, 1926 жылда – 40 784.
Бұл бір жылдың ішінде аудандағы қой мен ешкінің саны – 36% өскендігін көрсетеді.
Бөлек шаруалы «түндіктердің» саны 1925 жылда – 2 857, 1926 жылда – 3 230.
Бұл аудандағы бөлек шаруалы үйлердің саны бір жылда 323 түндікке, яки, 13%-ке өскендігін көрсетеді.
Сонымен 1925 мен 1926 жылдардың арасындағы аудан шаруасының жалпы өзгерісі реңкіне келсек, мынадай есепке тіреледі екенбіз.
Егін саны – 238,4 жер, яки, 62%-ке өскен.
Ірі мал – 4 680 қара, яки, 41%-ке қскен.
Қой-ешкі – 10 815 тұяқ, яки, 36%-ке өскен.
Түндік саны – 323 түндік, яки, 13%-ке өскен.
Мұнда ең алдымен көзге түсетін нәрсе – барлық өсім сандарының қауырт үлкендігі. Сондықтан бұны айрықша зерттеңкіреп көрейік. Әуелі аудандағы жылдық мал өсімін алайық. Бұл өсім төмендегі 4 есептің бірінен, не бірнешесінің қосылып жасаған әсерінен туып отыруына керек. Ол себептер мынау:
1) Малдың жылдық төл өсімі.
1926 жылдағы алынған мал есебі 1925 жылдан көрі толық болған.Сондықтан мұнда бұрынғы жылдарда көрсетпей «жасырылып» қалған малдар шығып жазылып отыр.
Аудан ішіне өткен жылдың ішінде жаңадан көшіп келген «кірме» шаруалар болған. Мал санын солар күшейтіп отыр.
Өткен жылдың ішінде аудан халқы сырттан мал сатып алып, шаруасына қосып отыр. Бұл себептердің шынында қайсысы күштірек әсер беріп отырғандығы анық мәлім емес. Өйтседе Қарсақбай биігінің «өткен жыл да, биылда мал есебін өзіміз жүріп, көзбен санап отырдық, екі жылда санақ түрі өзгеріссіз болды» дейтін сөзіне қарағанда мал өсіміне №2 інші себептің әсері онша көп тимеген деп жоруға мүмкін. Қазақша шаруасының жылдық «жабайы» өсімі ешқашан жоғарыдай қауырт түрде болған емес, болмайды да. Сондықтан мал өсіміне №1 інші себепте күшті әсер берді деп айтуға қиын. Сонымен сайып келгенде аудандағы малдың қауырт өсіміне 3 інші мен 4 інші «себептер» ғана негіз болатын сияқты. Бұл себептің өзі де түбінде біріне-бірі сабақтас нәрсе. Өйткені, екеуі де салынып жатқан Қарсақбай заводының ауданға тигізетін «әсерлерінен» туып отырғандығы даусыз. Қарсақбай заводы 1925 жылдың жазынан бастап жұмыс, кіре, заводқа керек тас, ізбез, баялыш, тал сияқты заттарды даярлау жөндерінен аудан халқына пайда береді деуге болады. Завод есебі бойынша 1926 жылдың 1 октябрьне шейін, жұмыскерлер жалақысын былай шығарғанда, кіре және ұсақ «падрет» жұмыстарына төленген шығындар мынадай болған:
Жосалы мен Қарсақбай арасындағы кіреге 140,000 сом
Қарағанды-Қарсақбай арасындағы кіреге 75647 сом
Атбасар, Қарсақбай арасындағы кіреге 80000 сом
Завод аймағындағы тас, ізбез тасу
сияқты кірелерге жиыны 75000 сом
Баялыш пен тал даярлау жұмысына 2-2500 сом
Шөп пен шайыр даярлауға 5000-5500 сом
Барлығы 378647 сом.
Бұл заводтың бір жылдың ішінде ғана төлеген шығыны. Егерде бұл ақшаның төрттен бірі ғана (1/4)аудан халқының қолына түсті десек, сонда ауданның істеген жылдық пайдасы 94 662 сом болмақшы. Мұның үстіне завод жұмысына өтелген 712 000 жылдық жалақының да ширегі 1/4 жергілікті жұмыскерлердің қолына қалып отыр десек, ауданның уысына кірген жылдық ақшаның мөлшері 270 мың сомнан асыңқырап түспекші. Бұл ақша түндік басына қылдай бөлгенде, 90 сомнан келеді. Қарсақбай биігінің қолындағы есептер бойынша завод маңындағы шаруалар үй басы бір жылда 7-8 қарадан пайда тапқан көрінеді. «Үрерге иті, сығарға биті» жоқ болған «қасқа» кедейлердің саны ауданда 1925 жылда 81 түндік екен. Өткен 1926-да олардың саны 4 еседен де артық кеміп 18-ге түсіпті. Бұлар – Қарсақбай заводының ауданға беріп отырған көмегін толық көрсетуге жарамды дәлелдер. Берген «көмегімен» қатар ауданның шаруа реңдерінің жалпы өзгеруіне Қарсақбай заводы күшті әсер беріп отыр. Өткен жылдың ішіндегі аудан егінінің 62% өсуі, түндік есебі — 13% өсуі, түйе — 3 % ке өсіп, жылқы санының 3% кемігендігінің бәрі де аудан ішіндегі Қарсақбай заводының «керегін тауып, пайдасын көру» жөнінен туып отырған істер. Бұл жоғарыдағы көрсетілген ауданның оң мен Арқалықтағы негізгі екі бөліміне қалайша өзгеріс бере бастағандығын болжау үшін төменгі есептерге келейік. Соңғы екі жылдың есебі бойынша аудан байлығын бөлімдерге жіктегенде мынадай сандарға тірелеміз:
Ауданның Арқалық бөлімінде
(1, 2, 3, 4 ауылнайлар)
1925 жыл1926 жыл
Барлық саныАуданның барынан %Барлық саныАуданның барынан %
Түндік 2416 84% 2726 85%
Түйе 1146 42% 2304 54%
Жылқы 1132 66% 1383 68%
Сиыр 6575 94% 9218 94%
Қой-ешкі 23739 84% 31006 84%
Егін 379,4 98,7% 608,8 97,9%
Б) ауданның оң бөлімінде
(5 інші ауылнай)
1925 жыл1926 жыл
Барлық саныАуданның барынан %Барлық саныАуданның барынан %
Түндік 451 16% 504 16%
Түйе 1552 58% 1942 46%
Жылқы 576 34% 653 32%
Сиыр 412 6% 575 6%
Қой-ешкі 6230 21% 9778 24%
Егін 5,02 1,3% 14 2,1%
Бұл сандардан аудандағы бар егін мен қара малдың көбі Арқалық бөлімінде, түйе мен жылқының көбі – оң бөлімінде екендігі көрініп отыр. Бір түндікке келетін оң мен Арқалық бөлімдердегі мал тұқымы қалай екендігін ашсақ жаңағы пікір тіпті айқын көрінеді. Мұны орындасақ төмендегі сандарға тірелеміз: бір түндікке келетін малдардың саны:
Арқалық бөлімінде Оң бөлімінде
Түйе 0,8 Түйе 3,9
Жылқы 0,5 Жылқы 1,3
Сиыр 3,4 Сиыр 1,0
Қой-ешкі 11,4 Қой-ешкі 19,4
Егін 0,23 (бір пұт тұқымның орны) Егін 0,01
1½ қадақ тұқым
Бұдан Арқалық бөлімінің шаруа негізі — сиыр, оң бөлімінің шаруа негізі – түйе екендігі айқындалып отыр. Соңғы келтірілген есептерден мынадай қорытындылар шығады:
Су мен топырақ шарттары егінге қолайлы келетін ауданның Арқалық бөліміндегі шаруаның түрі қазір де «таза көшпелі» дәуірден өтіп, жарты көшпелі, «мешеу» күйге ауып келе жатыр. Мүндағы шаруалардың негізі – қара мал, қосымша кәсібі – егін.
Топырағы сортаң, сазды болатын, егін суарарлық суы жоқ ауданның оң бөліміндегі «шөлдерде» шаруаның түрі әлі де бұрынғы «таза көшпелі» бетімен кетіп бара жатыр. Мұндағы шаруалардың негізі – түйе мен жылқы, шаруа негізіндегі өзгерісі Арқалық бөліміндегі «ауылдардың» сыртқы түріне де өзгеріс енгізіп келеді. Егерде «көшпелі» дәуірде бір ауылдағы түндіктердің саны мал өрісі жағынан келетін қиыншылықтар себепті көбінесе 4-5-ден артпайтын болса көшу мешеуленіп, егінге салынған «жарты көшпелі», «жатақ» елдерде бір ауылдағы түндіктің саны 20-30-ға жетуге де ерікті. Егін суару, малды отарласып бағу сияқты «жатақ» өмірдің туғызатын қосымша шарттары қолайлылық жүзінен бірнеше көрші отырған ауылдардың бірлесіп күш қосуларын керек қылады. Бұл шарттар ауданның Арқалық бөлімінде жаңа орындалып жатыр. Сондықтан бөлімдегі елдердің көп жерінде 20-40 түндіктерден құралған «қалың ауылдар» жиі кездесіп отырады.
Қарсақбай ауданындағы елдің мал мен егіннен басқа істейтін «қосымша» кәсіптерінің бірі – аң аулау мен «саятшылық». Әсіресе, жаз күніндегі «сарышұнақ» аулайтын аңшылар көп. Сарышұнақ терісін аңшылар Атбасарда парын 70-90 тиыннан сатады дейді. Жаз ішінде кейбір аңшылар 1000-нан аса «Сарышұнақ» түсіріп алады деседі. Қыс аңдылатын аңдар: қарсақ, күзен, ақкіс пен қасқыр. Бұлардан басқа ауданның оң бөлімінде киік пен қабан ататын мергендер, Арысқұм мен Мойынқұмдарында түлкіге бүркіт салатын «саятшылар» да болса керек.
Ауданның сауда-саттығы
 Аудандағы елдер бұрын бар керегін Атбасар мен Ақмола жәрмеңкелерінен алып тұрады екен. Бұның үстіне 1913 жылдан бастап «Ұлытау поселкесінде» де аудандық жәрмеңке ашылған екен. 1918 жылдан бастап жоғарғы жәрмеңкелердің бәрі де ашылуын қойған. Содан бері ауданға «мата аштығы» кездескен. Қазіргі кезде де ауданда «мата аштығы» аса күшті: шүберек көрмегелі, міне, 8 жыл, елдің бәрі де дерлік шекпен көйлек, көң шалбардың астында жүрген сияқты. Матаның шеті ауданға былтырдан бері ғана көріне бастаған. Қарсақбай заводындағы жұмысшы басына берілетін айлық 5-6 метрлік маталар – қазір де қолдан-қолға көшіп «қолқаға» жатып та жүрген сияқты.
____________________________
1 1925 жылдың «Геологический Вестник»-тің 3-санындағы Кассин Н.Г. статьясын қараңыз.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ҚАРСАҚБАЙ АУДАНЫНЫҢ КҮЙІ

Бұл мақала «Жаңа мектеп» журналының 1927 жылғы №5 санының 47-64-беттерінде жарияланған. Мақала төте жазумен басылған.
Қаныш Сәтбаев жинақтарының әр жылдарда шыққан басылымдарында беріліп келеді:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 74-90 бб.
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – Шымкент: Оңтүстік полиграфия, 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 62-75 бб.

1927 жылғы мақала ішінде «Жер бедері» тараушасының алдында шағын ақпарат беріліп, одан кейін тарауша басталады. Ал жоғарыда аталған жинақтарда Мақала атауының астында бірден тарауша берілген. Сонымен қатар мақала ішінде соңғы жылдары өзгеріске түскен мәселелер көптеп кездеседі. Бірақ біз солардың ішіндегі ең негізгі мәтіндік ерекшеліктерді ұсынамыз:
Мақаланың ел алғаш басылған нұсқасындағы «Қарсақбай ауданы Атбасар уезінің түстік пен батыс жақ түкпірінде. Мұнан Атбасар қаласы 500 шақырымдай жер. Арада бекет жолы жоқ. Сондықтан Атбасар мен Қарсақбай ауданының арасындағы байланыс тек қағаз жүзінде ғана болмаса тегінде жоқ деп айтуға болады» деген сөйлемдер 1999, 2007 жылғы жинақтарда «Қарсақпай ауданы Атбасар қаласынан 500 шақырымдай жерде, Атбасар уезінің түстік пен батыс жақ түкпірінде орналасқан. Бұл екі арада бекет жолы жоқ. Сондықтан Атбасар мен Қарсақпай ауданының арасындағы байланыс тек қағаз жүзінде ғана болмаса нақтылы түрде жоқ деп айтуға болады» деп қысқартылып берілген.
«Бетпақтың оң жағындағы Қаратау кенересінің ыққы ояңында бұл жікке кіретін «Ащы көл», «Телі көл» дейтін екі ғана көл бар. Мұның біріне Шу өзені, біріне Сарысу өзені келіп құяды» деген сөйлем 1999, 2007 жылғы жинақтарда «Бетпақтың оңтүстік жағындағы Қаратау кенересінің ыққы ояңында бұл жікке кіретін «Ащы көл» дейтін екі көл бар. Екеуіне екі өзен келіп құяды» деп, «Телі көл», «Шу өзені», «Сарысу өзені» аталмай кеткен.
Жинақтарда басылған мақала нұсқасында кейбір сөйлемдер бірігіп немесе бөлініп кеткен. Бұл жинақты құрастыру барысында құрастырушылар 1927 жылғы мақаланың алғашқы нұсқасын негізге алып, сол бойынша беріп отыр. Мақала ішіндегі тыныс белгілері, жер-су аттары бүгінгі ереже, қолданыс негізінде берілді.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы