Кен байлығы
Аудан шаруашылығының келешегі ерекше маңызды, өйткені ауданның жер қойнауында мыс, қорғасын, күміс, темір, көмір кендері аса мол. Бұлардың ең тиімдісі және күрделісі – мыс кендері. Мыс кендерінің төңіректегі ең күшті жері – Жезқазған.
Одақтық Геолкомның (барлау комитеті) 1925 жылғы есебі бойынша Қазақстан жеріндегі бар кен ошақтары маңызына қарағанда, мынадай жікке бөлінеді екен: бірінші орында: Риддер, Ембі мұнайы, Жезқазған. Екінші орында: Шідерті мен Баянауыл аудандары. Үшінші орында: Берікқара мен Көктас, Желтау. Төртінші орында: Қызылеспе, Нілді, Майқайың.
Біздің есепте Жезқазған кен ошағы Қазақстан ішінде бірінші дәрежелік маңызды екендігі берік ұсталынады. Бірақ Жезқазған – жалғыз Қазақстан емес, бүкіл Кеңес Одағының жеріндегі мыс кендерінің ең көлемдісінің бірі. Жезқазған кендері – ерте замандағы теңіз түбіне тұнған қалың құм тастардың саңлауы мен қуыстарына жер астынан көтерілген металданған ыстық құймалардың кіруінен туған кендер. Осылай пайда болған кен орындары қазірдің өзінде ауданның әр жерінен табылып отыр. Мысалы: Қара-шошақ, Қотыр, Қара-сиыр кен орындары сияқты. Егерде бұл кеніштердің бәрі де біріне-бірі сабақтас болған, тұтас бір-ақ кен тұлғасы болу мүмкін десек, Жезқазған аймағы кен байлығының бәйгесінде келешекте Орал түгіл Америкадағы атақты мыс кеніштерінің бір қыдыруынан озып шығуы болымды нәрсе.
Жезқазған кенінің жеке өзінің ауданы 100 шаршы шақырымдай бар. Кендердің қазірге дейін бұрғымен зерттелген бөлімі – 90 сотық.
Жер астында кен таситын «штіректер» мен кенді жер бетіне шығаратын «шахталардың» ауданы 9 сотықтан аспайды Осы 90 сотық жердегі бар кеннің мөлшері 86 метрдің (тереңдіктен жоғары жақтарын алғанда) айқын шамасы 1.700.000 пұт таза мыс. Болжаулы шамасы: 2.500.000 пұт таза мыс. Күмәнді шамасы: 45.600.000 пұт.
Барлық кен көлемінің шамасынан: 45.600.000 пұт таза мыс айқын болжаулы. Кендерінің шамасына қарағанда, бүкіл Ресейде Жезқазғанның алдына шығатын жалғыз-ақ Оралдағы мыс орындары. Енді біраз жылдың ішінде аудандағы кендер толық зерттелгенде Жезқазған кені Оралды да артына салар деп сенуге болады.
Мыс кендерін зауытта балқытқанда, қосынды ретінде керек болатын көмір, ізбес сияқты заттардың бәрі Жезқазған кен орнының жақын маңайынан табылып отыр. Бұл да жер бетінде сирек кездесетін байлық көзі, үлкен қасиет. Көптігінің үстіне Жезқазған кенінің барлық салалық табиғи қасиеттерін қоссақ Жезқазған (яғни «Қарсақбай») ауданы шамалы уақыттың ішінде кен-балқыту, зауыттық өндіріс кәсібін тиімді орнату жақтарынан қарағанда, Қазақстанда бірінші орында тұруы даусыз нәрсе. Бұл жағынан алғанда жылына 300.000 пұт таза мыс балқытарлық мөлшерде ғана салынып жатқан қазіргі «Қарсақбай» зауытын тек бірінші «жол белгісі» деп есептеуге болады, мыстан басқа ауданда өзге кендер әлі де толық зерттеліп, есебі алынған жоқ. Бұл да келешектегі кешіктіруге болмастай кезекті жұмыстардың бірі. Тас көмір шығатын орын аудандағы «Байқоңыр», «Шоқпар» дейтін жерлерде. Мұндағы көмір 120 миллиондай бар.
Ауданның ауыл шаруашылық келешегі
Ашылып жатқан «Қарсақбай» зауыты мен келешекте жаңадан ашылатын зауыттардың өсу жолдары жұмыскер, азық-түлік, тұрмыс жақтарынан аудан шаруасының әлеуметтік күйіне, экономикасына байланысты болып отырмақшы. Бұл жағынан келгенде Қарсақбай ауданындағы шаруа түрлерін алға бастыру жұмыстары – алдымызда тұрған керекті мәселенің бірі. Топырақ құнарлығы, су, ауа-райының жағдайлы шарттарына байланысты қазірде қолданылып келе жатқан аудандағы егіншілік белгілері, ауылдағы түндік сандарының көбеюі өмір салтының көшпелі түрден «шала көшпелі» жатақ түрге ауысып келе жатқандығын көрсетіп отыр. Ауданның арқа бөлімінде ауыл шаруашылығымен айналысып, өсімі жағынан пайдалы, өнім жағынан қолайлы нәтижеге жетерлік мүмкіндік баршылық. Егер де ерте замандағы ел шаруасының берекелі «құтты» болып тұрған дәуірінде аудан өмірін отырықшы түрге әкелу жұмысы өте не тіпті болымсыз нәрсе болса, қазірде соңғы жылдардың өзінде жасалып отырған аудандағы шаруашылық барысының өзгерістері бұл мәселені болымды күйге салып отыр. Өткен 1926 жылдың ішіндегі ауданда салынған 600 гектардан аса жер жазғы егін мен күздігінен алынған 70 мың пұттан артық астық түсімін алып отыр. Бұл дерек біздің пікірдің дұрыстығын дәлелдеуге жарамды болса керек. Аудан халінің қазірде отырықшыға айнала бастағандығы кедейліктен жасалған уақытша нәрсе деп қауіптенуге да болады. Бірақ бұл қауіп орынсыз. Өйткені Қарсақбай ауданының жылдық астығы, егіннің қызығына түсіп, «жер анасын» жаңа еме бастаған халыққа келешекте де сол бетімен алға басу жолында мықты бағыт болуға жарамды.
Көрнекті оқымыстылардың айтуынша, қазақ елінің шаруасы еріккеннен не көшпелі өмірдің адамға өзгеше беретін жеңілдігінен жасалып отырған емес, топырағы сортаң суы жоқ болатын шөлдердің туғызып отырған еріксіз жағдайларынан туындайды. Мұндай шөлді жерлерде таза көшпелі өмірді керек деп білуді уағыздайды. Жер қыртысы мен су қорына қарасақ ауданның оңтүстігі мен қалған бөліктері бірінен бірі бөлек жекеше «екі дүние».
Ауданның оңтүстік бөлігіндегі суы жоқ шөлдерде шаруаның таза көшпелі түрлері әлі де болса, көп жыл өзгермей сол күйінде дәуірлеуі күмәнсіз десек, егін суарарлық өзен-бұлақтары мол, топырағы қолайлы, астық сатарлық базары жақын ауданның арқа бөлігінде «қазіргі жасалып отырған шала көшпелі» шаруа түрлері осы күйінен өзгермей дамып отырып келешекте біртіндеп барып отырықшы түрге ауысуы табиғи үрдіс, заңды нәрсе. Бұл үшін аудан шаруашылығына қажетті Үкіметтің беретін жәрдемі кешікпей, дер уағында жасалуы керек.
Егіншінің көзімен қарап, ауданның арқа бөліміне келсек, онда ауа-райы, топырақ, су жақтарынан алғанда бидай, тары, арпа, сұлы сияқты түрлі егін заттарын егіп шығару тәсілдері толық болымды екендігін көреміз. Бұл жөндерінен ауданға берерлік үкімет орындарының көмегі мыналар болуы керек:
1) Аудан халқын егістік жерге орналастыру, 2) аудан ішіндегі өзен-бұлақтардың, су қорларының мөлшері мен тазалығын тегіс зерттеу. Осы зерттеулердің беретін қорытындысы бойынша ауданның әр жеріне «үздік» бөгеулі тоған, бөгет, жер астынан су тартатын шығырлар орнату. 3) Аудан халқына жеткілікті мөлшерде, соқа саймандарын үлестіру, біздіңше, аудан ішіне шаруашылықпен айналысқан елді мекендерде, ұзақ несие кооперацияларын ашу керек болады. 4) Қаракеңгір өзенінің саласында үлгілі ауыл шаруашылық Агропунктін ашу. Пункттің алдымен ауданда астық сорттарының, екпе шөптердің қай тектері өте жақсы өсетіндігін айқындап, оның ұтымды себептерін көрсетіп, қайтсе жер жылдам тозбай асылданатындығын толық зерттеуі керек. Соңғы жағынан ауданда келешекте жоңышқа сияқты шөптердің көп егілуге мүмкіндігі бар, өйткені жоңышқа тектес шөптер қашанда жердің топырағын тез жаңартып, асылдандырып отыратындығы мәлім. Жоңышқа шөбі шаруаға да өте тиімді келер еді. Егін мен екпелі шөптерден басқа ауданда келешекте: кендір, темекі, қант қызылшасы сияқты пайдалы егіндіктердің де дамуы мүмкін. Егер де бұлар орындалса, Қарсақбай ауданы Қазақстан ішінде жалғыз кен жақтарынан ғана емес, егін кәсібі жағынан да «үздік» сатыға шықпақшы.
Мал шаруашылығының келешегі
Бұл өлке ел ішіндегі қалың бағалы ерте заманнан дәулетке бай, «құт орнаған» жерлердің бірі болғандығы жоғарыда жазылған. Қарсақбай ауданының шаруашылықтарының мал өсіру кәсібіне аса қолайлы екендігіне бұдан артық дәлелдің керегі жоқ. Қазіргі дәуірде егіске кірісіп, аздап «жатаққа» айнала бастаған ауданның арқа бөлігіндегі елдерге келсек, оларда шаруашылықтың қолайлы түріне қарағанда, мал түлігінен алдымен сиыр малы жақсы молаюы ықтимал. Қазақтың қолындағы сиыр тектерін сүттілік, салмақ, күш жақтарынан алғанда, қазіргі күйінде аса төмен сатыда тұрғандығы мәлім. Сондықтан аудандағы қара мал тегін асылдандыру мәселесі іргелі жұмыстардың бірі.
Білім жүзінде малдың тұқымын асылдандыру екі түрлі: 1) бөтеннен қан қоспай, өзінен өзін асылдандыру, бұл үшін мысалы: сиырды ересек денелі, бұқаға қашырту, бұзауды сүтке тойдыра бұла өсіру, болмаса енесінің сүтіне маңызы жетерлік дәнді дақылдармен асырау, қысты күні сиырларды аязға шығармай қорада ұстау шарттарын орындау керек.
Сиырдың қолда бар тегіне бөтен екінші бір тұқымнан қан қосып барын асылдандыру. Мысалы: қазақтың қара малын осы жолмен асылдандырамыз десек, бұл үшін қазақ сиырын күш пен салмағы артуы жағынан қалмақ бұқасына, болмаса моңғол бұқасына қашыртуға болар еді.
Бұл екі жолдың қазақ шаруасына ең тиімдісі біріншіде көрсетілген «мал тұқымын өзінен өзін» асылдандыру тәсілі болуы мүмкін. Сондықтан Қарсақбай ауданында осы жол қолданылғаны пайдалы болады.
Бұл жағынан келгенде Қызылжар уезіндегі «латыш» көшпенділерінің өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы жасаған зерттеулері толық үлгі алуға жарамды. Латыштар қазақ сиырының тегін өзінен өзін асылдандырып отырғанда, 3-ші буыннан өскен сиырлар жылына 120 шелек сүт беретін болған. Жабайы қазақ сиырының жылына беретін сүті көбінесе 50-60 шелектен аспайды, сүтімен қатар латыштардың өсірген сиырының күші мен салмақтары да артқан.
Аудандағы қара мал шаруашылығын күшейту үшін алдымен «май алу» кәсібін көтеру қажет. Бұл үшін: 1) ауданға сүт машиналарын (сепараторларды) тарату керек. 2) Ауылдарда «малшы серіктігін» көп ашуға қам жасаған жөн. Бұл үшін ондай ұйымдарға үкімет жағынан берілетін несие, салық жеңілдігі сияқты көмектер болмағы шарт. Аудан ішінде қазірдің өзінде 8.000 бұзаулы сиыр мен 20.000-нан аса саулық қойлар бар. Сондықтан сүт машиналары болса, ауданнан осы жаздың өзінде 15.000-нан аса пұт май алынар еді.
Аудан шаруашылығында сиырдан кейінгі орын қой тегіне тиеді. Қазақы қойды 1) жүн, 2) ет, 3) сүт жағынан санау ләзім. Қазақы қойдың шаруаға тиімді жақтары: тез өсетіндігі, азыққа көнбістігі, тез семіретіндігі. Кемшілік жағы: беретін жүнінің аздығы, сапасыздығы. Қазақ қойын жүн жағынан асылдандыру үшін оны не «испан» қойымен не «сыған» қойларының тұқымымен қатыстыру керек. Бұл мәселеде, ауданда шаруа түрлерін зерттейтін «Агрокөмек» пунктін ашуды жөн дейміз.
Үшінші орында аудан бойынша жылқы шаруашылығы тұрады. Қазақ жылқысының басты қасиеті – мініске беріктігі мен азыққа, шын көнбістігі. Кемшілік жақтары: күшінің аздығы, бойының аласалылығы мен мінезінің ойнақылығы. Қазақ жылқысының бойы мен күшін арттыру үшін оларды не «Дон» тегімен не «Орлов» тұқымдас жылқылармен шағыстыруға болар еді. Бірақ бұдан да гөрі пайдалырағы – қазақ жылқысына бөтеннен будан қоспай, тегін «өзінен өзін» асылдандыру жолдары көңіл тұншытады. Бұл реттен Қостанай уезіндегі жылқы зауытының жасап отырған тәжірибелері көп сенім береді. Өйткені бұл зауыттағы «өзінен өзін» асылдандырған қазақ жылқыларының бойы бұрынғы бір жарым кезге жетпейтін биіктігінен қазірде 2 кезден асқан межеге жетіп отыр. Бойымен қатар бұл жылқылардың күші де артып келе жатыр.
Енді аудандағы түйе өсіру кәсібіне келсек – ауданның оңтүстігі мен арқа аталатын екі бөлігінде түйенің келешегі екі жолмен жүруіне лайық екендігін көреміз. Шаруашылық негізі отырықшылыққа айналып келе жатқан арқа бөлігінде түйе заты келешекте тіпті жоғарылап кетуі мүмкін; шаруа түрі бұрынғы көшпелі бетімен дамып бара жатқан ауданның оңтүстік бөлімінде түйенің саны да келешекте көбейіп артып отыруы ықтимал. Оңтүстік бөлігінде түйе тегінің көбеюіне Қарсақбай-Жосалының арасындағы әлі де көп заман үзілмей отыратын «кіре» жабдығы да мықты әсер беруі шәксіз.
Егін мен мал шаруашылығының беті жоғарғы түрлермен ілгері басса ауданда келешекте былғары, шұға зауыттары, тері илеу сияқты басқа да кәсіптердің жасала бастауы шәк келтірмейді. Шаруашылық дамуының осылай өсімі сауда-саттық жөндерін де күшейтпекші. Бұл тұрғыдан қарағанда, келешектегі астығы мол Қазақстанның арқа бөлігі мен Түркістанның мақта шаруашылығын бірге қосарлық Жезқазған – Қызылорда – Ақмола теміржолының салынуы қажет. Салына қалған кезде, бұл жолдың Жезқазғанды басып өтетіндігі аудан шаруашылығының өркендеуіне күшті әсер тигізуі күмәнсіз.
Қорыта келсек, аудан шаруашылығын өркендету жолдары қазірде алдымен мынадай шарттардың орындалуына байланысты екендігін көреміз:
1) Қарсақбай ауданын Ақмола губерниясынан шығарып Қызылордаға, ҚазЦИКтің өзіне төте бағындыру.
2) Бұл – ауданды күшейту жүзіндегі үкіметтің жасайтын түрлі шараларының ауданға кешікпей, төте келіп отыруына көп көмекші болар еді. Қарсақбай ауданының ішіне бұрынғы елді мекендерінің үстіне жаңадан Торғай уезінен Қызылжыңғыл мсн Қайдауыл болыстарын, Ақмола уезінен «Сары су» болысын қосу: өйткені соңғы 3 болыстардың жері Қарсақбаймен жалғас және де олардағы шаруа реңктері Қарсақбай ауданымен бірдей.
3) Ауданның халқын аз уақыттың ішінде жерге қоныстандыру.
4) Қаракеңгір өзенінің саласынан Агрокөмек орнын жасау бұның жанынан орта дәрежелі шаруа мектебін ашу.
5) Аудан ішіндегі өзен-бұлақтардың суларын зерттеу. Олардың бойында шаруашылыққа қолайлы келетін түрмен егін суарарлық үлгілі тоған, бөгет, шығырлар жасау.
6) Аудан халқының мәдениет салтын жоғарылату үшін ел ішінде жеткілікті түрде мектептердің саны мен сапасын күшейту.
7) Аудан ішіне қазірден бастап шаруашылық және ұзақ несие кооперациялауы арқылы егін мен сүт машиналарын тарата бастау.
8) Қарсақбай уезінің жанынан келешекте қала салынарлық орын іздеу. Табылған орынға қазірден бастап: мектеп, емхана, мал дәрігерлігінің үйі, аудандық түрлі әлеуметтік көмек мекемелерінің үйлерін салып бітіру.
9) Ауданның сауда-саттық жүйелерін күшейту үшін ашылатын түрлі кооперацияларды көбейтумен қатар бұрынғы «Қарсақбай» жәрмеңкесін қайтадан жүргізу.
19 қаңтар күні болған жиналыста Қазақстан Халық комиссарларының кеңесі (Совнарком) Қарсақбай ауданын өнеркәсіп жүзінде Қазақстанда ең маңызды орын деп тауып, ауданның шаруашылық қалпын жылдам түрде ілгері жүргізу туралы шараларды көздеген түрлі қаулылар жасап отыр. Бұл Қазақстан үкіметі мен Атбасар тресінің беретін көмектерінің арқасында орындалатын іс-шаралар екеніне толық сенім беретін шешімдер.
Сондықтан сөздің аяғында Ұлытау-Қарсақбай ауданын өнеркәсіп жүзінде алға бастыру Қазақстанға қай жағынан маңызды екенін аз сөзбен айтып кетуге тура келеді, жоғарыда айтылғандай көруімізше:
1) Ұлытау жоталары – Сарыарқа белдерінің «түйіскен» жері;
2) Ұлытау етегінен Үш жүздің баласы тегіс қоныс алып отыр: шөлейт пен шығыс етектерінде – Орта жүздің арғыны, найманы мен қалың қыпшағы, оңтүстік бөлігінде – Ұлы жүз – үйсіндер, оңтүстік-батыс бөлігінде Кіші жүздің алшындары. Сондықтан Ұлытау биік шыңдарынан қазақ елін тегіс «шолуға» мүмкіндік бар.
3) Ұлытау кенересі қазақ елінің баяғыдан бергі тарихи және саяси кіндігі. Сондықтан Ұлытау бөктерінен тұңғыш рет шығатын зауыт лебіздері келешекте Қазақстанның төрт бұрышына да түгел жетіп, Сарыарқаның шексіз жоталарында тегіс «жаңғырық» жасайтындығы айқын.
ҚАРСАҚПАЙ АУДАНЫНЫҢ КЕЛЕШЕГІ
Мақала «Жаңа мектеп» журналының 1927 жылғы №5-6 сандарында жарық көрді. Сол кезден бастап шыққан Қаныш Сәтбаев жинақтарының бәрінде кездеседі.
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 91-98 бб.
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – Шымкент: Оңтүстік полиграфия, 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 76-81 бб.
Жинаққа мақала осы уақытқа дейінгі жарық көрген еңбектерді өзара салыстыру негізінде беріліп отыр.