Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1927-1928 жылдары жарық көрген еңбектері

Жезқазған ауданындағы мыс кендері

Қай жұрттың да болсын өмір негізі – ауыл шаруашылығына, ауыл шаруашылық негізі – өндіріс кәсіптеріне байланысты болып отырады. Өндіріс кәсіптерінің түзу жүріп, өркендеу жолдары түрлі шарттарға байланысты. Бұл шарттардың ең негізгісі өндіріске қажет болатын шикізаттардың шамасы мен оларды іске асыру жолдарының бәрі жеңіл, бәрі пайдалы түрде болуы. Шикізаттардың Қазақстан жеріндегі ең толығы – жер астындағы кендер.
Сондықтан Қазақстанның өндіріс өмірі де келешекте көбінесе осы кен байлықтарына негізделіп отыруы шексіз. Қазақстан жерінен адам баласының керегіне жарататын кендердің бәрі де табылады. Сөйтсе де Қазақстаннан мол табылатын кендер: көмір, мұнай, мыс, қорғасын, темір, күміс, алтын, мырыш және түрлі тұздар. Қай кен болсын, өзінің шығатын жерінің тума жаратылыстарына, тарихына байланысты. Қазақстан төңірегіндегі кен ошақтарының жасалу тарихы біркелкі емес. Әрқайсысы белгілі аудандардан ғана табылып отырады. Мысалы, біз Қазақстан жерін арна жоталарының асты мен үстін екі бөлікке айырсақ, таза мысының ең біркелкісі және тас көмір кендері (жаңасы) бір аймақта, ал темір далаңқы бөлігінде қалар еді. Мұнай Қазақстанның теңізді аймақтарында орналасқан, Оңтүстік пен Батыс Қазақстан жерінде ғана табылып отыр. Басқа жерінен мұнай әлі табылған жоқ, бірақ келешекте табылуы мүмкін. Енді күміс, қорғасын, мыс сияқты металды кендерге келсек, олардың көбінесе таулы, адырлы жерлерге үйір болатындығы көрінеді. Металды кендер Қазақстанда Алтай, Тянь-Шань, Сарыарқа, Қаратау кен арналарының ішінен ғана табылып отырады.
Қазақстан жері кен жағынан әлі де толық зерттелген емес. Зерттеу жасалғанда Қазақстан жеріндегі кендердің шамасы мен заттары қазіргіден көп артық болуы мүмкін. Мысалы соңғы жылдардың 1919 жылдан бергі зерттеулерінен Қазақстан жерінде вольфрам, марганец сияқты сирек және бағалы кендер табылып отыр.
Қазақстан кендерін жер ретіне қарай төменгі аудандарға жіктеуге болады:
1) Алтай ауданы – бұл аудандағы кендердің көбі қорғасын мен мырыш, бұларға: алтын, күміс, мыс кендері де қосалқыланып отырады.
2) Арал, Қаспий ауданы – мұндағы байлық мұнай және сынап.
3) Қарқаралы, Баянауыл ауданы – мұндағы біркелкі кендер: қорғасын, мырыш, мыс, темір, көмір, қосымша кендер: алтын, күміс, марганец.
4) Ұлытау-Жезқазған ауданы – мұндағы негізгі кен мыс, қосымша кендердің ретінде мұнда темір, қорғасын, марганец, күміс, көмір кездеседі.
5) Спасск, Қарағанды ауданы – біркелкі кендер: мыс пен күміс, қосымша кендер: қорғасын, күміс пен темір.
6) Көкшетау ауданы – біркелкі кен алтын, қосымша кендер: мыс, темір, көмір.
7) Қаратау, Тянь-Шань ауданы – біркелкі кен: қорғасын мен мырыш, қосымша мыс, көмір, темір.
8) Қостанай ауданы – азот пен алтын кездеседі.
Бұл аудандардың басқасын кейінге қалдыра тұрып, әзірше Ұлытау – Жезқазған аймағына келейік. Бұл аймаққа жалпы алғанда, Ұлытау кендерінің оңтүстік бөктерлеріндегі кен орындары кіреді. Мұндағы кен орындарының ең маңыздысы: Жезқазған кен ошағы.
Атбасар уезінің оңтүстік-батысында, Атбасармен арасы 550 шақырым жер, ең жақыны – теміржол станциясы Жосалы. Онымен арасы 360 шақырым, тұрған жері Ұлытау кенересінің оңтүстік-батыс бөлігіндегі мысты адырлар. Жезқазған кендерін орыстардың бірінші рет ашық түрде 1837-1838 жылдардағы Кенесары жорығының кезінде көруі ықтимал.
Мұнан кейін Ушаков дейтін орыстың бір көпесі 1858 жылы Жезқазған кен орындарын игеруге патша үкіметіне заябке берген. Заябкелеріндегі кен орындарын маңындағы қазақтардан Ушаков 400 сомға сатып алған. 1891-ші жылы Жезқазғандағы кен заябкелері Рязанов дейтіннің қолына түскен. Ол 1907-ші жылы қолындағы заябкелерін 2 жүз 60 мың сомға ағылшындарға сатқан. Сол жылдан бастап ағылшындар Жезқазған кенін зерттеуге кіріседі. Бұл үшін олар ағылшын кен барлаушысы С. X. Боллды шақырып алғызған. Жезқазған кені туралы ол кісінің өз қолымен жазып кеткен кітапшасы осы күнге дейін кен зерттеушілердің қолында дұғалық есебінде сақталып келе жатыр. Боллдың көрсетуімен ағылшындар 1915 жылға дейін Жезқазғанда 234 жерден бұрғы жүргізген, 19 жерден шахта қазған. Бұрғы мен шахталар арқылы Жезқазған кенересінің жалпы шамасы мен жобалы реттері қазірде аз да болсын ашылып, анықталып отыр.
Жезқазғандағы мыс кендері тұнба затты, қатпарлы құм тастардың ішіне жер астынан қызып шыққан ыстық құймалармен келіп сіңуінен жасалуы керек. Жезқазған ауданы ерте заманда теңіз астында болған. Ол теңіздің қалың тұнбалары Жезқазғанда қазірде 15 түрлі тас қыртысын жасайды. Бұл тастардың ішінде ізбес, саз, тақта тас және құмтас бәрі көп. Теңіз саяздап, кейін шегіне бастаған дәуірінде Жезқазған ауданында күшті жер сілкінулер басталған. Осыдан барып жердің түрлі жарықтарынан саңлауы мен қуыстарынан жоғарыға қарай тереңінен балқыған күйінде қызу отты тау жыныстары көтерілген, соңғы тау жыныстарының шығарған легінде мыс құймалары көп болған. Жезқазған ауданындағы жер сілкінгенде басқалардан гөрі құмтас қыртыстары көбірек жарылып, жаншылып отырған. Сондықтан тереңнен көтерілген мыс құймалары да көбінесе осы құмтас қыртыстарына жиі еніп отырған.
Мұндай мыстың булары дарыған құмтастары Жезқазған ауданында 5 қыртыс жасайды. Бір қыртысының қалыңдығы бір кезден гөрі артығырақ. Алатын орны мен ені Жезқазған ауданында 4000 шаршы шақырымдай бар. Аудан ішіндегі кен көріністерінің жайғасу түрі біркелкі жатық емес, желді күнгі көл суларының толқыны сияқты иреңдеп, кейде көтеріліп, жоғары шығып, кейде құрып, тереңге түсіп отырады. Тереңге түскен жерлерінде олардың ішінде қазірде түрлі тұнба заттардан құралған қалың жайылым бар. Сондықтан мысты құмтастардың қыртысы жабайы адамның көзіне тау жоғары көтеріліп, жер бетіне шыққан кезде ғана көрінеді.
Мысты құмтастардың осындай жер бетіне шыққан орындарының бірі – Жезқазған. Жезқазғаннан басқа ол аудан ішінде тағы да: Қара шошақ, Жыланды, Тілетілер, Әділбек сай, Мыстау дейтін жерлер де жер бетіне шығады. Соңғыларды былай қалдырып, енді Жезқазған ошағының жеке өзіне келсек.
Жезқазған ошағының аймағы 104 шақырым, мұның ішінде кендердің қазірде көрініп отырған жері 10600 шаршы шақырым. Ағылшындар 1915 жылға дейін бұрғы арқылы бұлардың тек 90 шаршы шақырымын ғана зерттеп көрген. ІІІахта мен зерттеген жерлері одан да аз. Барлығы 9 шаршы шақырым. Бұл зерттеулер арқылы Жезқазғандағы мыс кендерінің мөлшері былай шамаланады.
Көрнекті кен – 1 миллион 760 мың таза мыс.
Болжаулы кен – 2 миллион 500 мың.
Күмәнді кен – 42 млн.
Барлығы: 16 миллион 200 мың пұт таза мыс.
Мұнда көрнекті деп 4 жағы да бірдей шахтамен қазылып көрілген кенді айтады. Болжаулы деп бұрғымен табылатын кенді айтады.
Күмәнді деп әрбір табылған қазба кеннің мөлшерін көрші жер қыртысына да таратып өсіргендегі жасалатын болжам есепті айтады.
Мысалы, Жезқазғанның зерттеген 90 шаршы шақырымында табылған жиыны 4 миллион 200 мың пұт таза, мысты 90-ға бөлсек, әрбір шаршы шақырымның орта есеппен 4087 пұт таза мыс беретіндігі білінер еді.
Мұны енді қазірде зерттеусіз тұрған 10 мың 500 пұтқа өсірсек Жезқазған ошағындағы күмәнді кендердің шамасы 42 миллион 913 мың 500 пұт таза мыс болатындығын білер едік. Жоғарғы сандар Жезқазған ошағының мысқа өте бай екендігін көрсетеді. Шамасының молдылығынан басқа Жезқазған кенінің тағы да мынадай қасиеттері бар:
1) Зауыт пешіне балқыту жолдарын жеңілдету үшін кенмен қатар қашан да темір кені, ізбес сияқты қоспа заттар салынып отырады. Осындай қоспаларды бір сөзбен «флюс» дейді. Балқыту жолында қажет болатын осындай флюстердің бәрі де Жезқазған аймағында қазір де жақын жерден табылып отыр. Мысалы, темір кені Найзатас, ізбес тас – Бала жезді, Есқұла, Көлденеңсай дейтін жерлерден. Керекті флюстердің алыстан тасылмай жақын айналадан табылуы Жезқазған ошағының үлкен қасиеттерінің бірі.
2) Зауыт пешіне керек отын да Жезқазған ауданынан табылып отыр: ол Байқоңыр көмірі. Байқоңырдағы көмірдің шамасы қазір де 120 млн пұттай деп саналады. Бұл көмір сондықтан Жезқазған кеніне көп заман сенімді отын болуға жарамды.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ЖЕЗҚАЗҒАН АУДАНЫНДАҒЫ МЫС КЕНДЕРІ


Мақала «Еңбекші қазақ» газетінің 1927 жылғы 4 тамыздағы санында жарыққа шыққан. Сол уақыттан бастап Қаныш Сәтбаевтың әр жылдардағы басылымдарында беріліп келеді:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 69-73 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 8. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступления. – Алматы: РИО ВАК РК, 2001. – 440 с. – 179-180 бб.
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – Шымкент: Оңтүстік полиграфия, 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 58-61 бб.
Мақала ішінде төмендегі ғылыми терминдер берілген:
Вольфрам (лат. Wolframium; W) – элементтердің периодтық жүйесінің VІ тобындағы химиялық элемент; атомдық нөмірі 74, атомдық массасы 183,85. Вольфрам (латынша Wolframіum) табиғатта аз тараған, жер қыртысының 1Ч10-4 %-ын құрайды. Бос күйінде кездеспейді, оның минералдары – вольфраматтар, аздап оксидтер және сульфидтер күйінде кездеседі.
Флюс (нем. Flus – ағын, ағыс) – домна пешінің шихтасына бос жыныстардың балқу температурасын төмендету және күл мен күкіртті қож түрінде ығыстыру үшін қосылатын минералды заттар.
Марганец (лат. Manganum; Mn) – элементтердің периодты жүйесінің VII-тобындағы химиялық элемент, асыл металдардың бірі. Реттік нөмірі 25, атом массасы 54, 938.
Азот (гр. ázōos – тіршіліксіз; латын. Nitrogenium; N) – химиялық элемент, түссіз, иіссіз, дәмсіз, суда аз еритін газ. Бұл элемент аминқышқылдарының амидтердің ақуыздардың-нуклейін қышқылдарының-нуклеотидтердің және өмірде өте маңызды басқада көптеген органикалық қоспалардың құрамына енеді.
Академиялық жинаққа аталған мақаланың алғашқы нұсқасы және әр жылдары жинақтарда басылған нұсқаларымен өзара салыстырып берілді.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы