Атбасар тіресінің қарамағындағы өндіріс орындары халқы сирек, егін кәсібі жоқ, темір жол бойынан қашық, қазіргі күйінде өндіріс жабдықтарын жүргізуге қолайсыз Қазақстанның орта және түстік бөліміндегі жерлердің ішінде.
Өндіріс жабдығы қиын болғанмен Қазақстанның орта және түстік бөлімдері қорғасын, мыс, цинк сияқты түсті металдар мен тас көмір кеніне өте бай. Бұл кен байлықтарын өндіріс жүзінде толық жүзеге асыру үшін Қазақстанның орта мен түстік бөлімдеріндегі шаруашылық түрі мен қатынас жағдайларын негізінен өзгерту қажет. Бұнымен қатар ол бөлімдердегі өндірістің мүмкін боларлық ең жоғарғы мөлшерін айқындау үшін түсті металл мен көмір кендеріне қазірден бастап толық және тығыз зерттеу жұмыстарын өркендету керек болады.
Қазіргі кезде Атбасар тіресінің қарамағына төменгі өндіріс орындары кіреді:
А) Қарсақбайдағы мыс балқыту зауыт,
Б) Қарсақбайдағы кен іріктейтін фабрик,
С) Жезқазғандағы мыс кендерінің ошағы,
Ж) Байқоңырдағы тас көмір ошағы,
З) Торғай алабындағы «Қорғасын» дейтін жердегі кен ошағы. Бұлардың ең соңғысы кен аз болғандықтан, қазір де жабық күйде тұр. Қалғандары жасалып, бітіп келеді.
ІІ Ыспас комбинаты. (Ақмола округінің ішінде). Бұған кіретіндер:
А) Ыспастағы мыс балқытатын зауыт,
Б) Сарысу бойындағы кен іріктейтін фабрик,
С) Нілдідегі мыс кендерінің ошағы,
Ж) Қарағандыдағы тас көмір ошағы,
Бұлардың ішінде кен іріктейтін фабрик 1919 жылы өртеніп кеткен.
Қалғандары қазір де тоқтаулы, тұрулы күйде тұр.
ІІІ Сырдария комбинаты (Әулие ата округінің ішінде). Бұған кіретіндер:
А) Әулие ата қаласындағы қорғасын балқытатын зауыт,
Б) Сүлеймен сайдағы қорғасын кендерінің ошағы,
С) Торландағы қорғасын кендерінің ошағы.
Бұлардың алғашқы екеуі қазір де жүрулі. Соңғысы қазір де зерттеліп, жүруге бет алып отыр.
Қарсақбай комбинатына енетін өндіріс орындарының қазіргі халі және келешегі үшін төменгі жабдықтарды тез орындау керек:
А) Жезқазған ошағының өзіндегі және оның аймағындағы Қарашошақ, Жыланды, Тасқұдық, Тіулеу тілер тас дейтін жерлердегі мыстың кендерін тез және толық түрде зерттеу керек. Зерттеу жұмыстары қаражатқа тіреледі. Қазіргі 27-28 жылы Жезқазғанды зерттеу жұмысына беріліп отырған қаражат 100 мың сом. Келер жылдан бастап бұл қаражаттың шамасын сайын 500-600 мың сомдарға жеткізуге керек болады. Бұл шығындардың өнімі күшті. Өйткені оларды зерттеуден кейін табылатын мысқа шағып қарасақ, бар бір пұт мысқа 15 тиыннан артық келмейді. Бұл зерттеу жүзінде көрілмеген арзаншылық.
Б) Қарсақбай өндірісін темір жол арқылы Тәшкен, не Сібір темір жолының бірімен жанастыру. Бұл шарт орындалмаса, Қарсақбай өндірісін кен мөлшерінің шамасына сәйкес дәрежеге әкеліп көтеруге мүмкіншілік кем. Бұл темір жолдың зерттеу жұмыстарын одақтық жол комиссариатының (НКПС-нің) келешек 1928-29 жылғы жоспарлы жұмыстарының енгізуге керек болады.
С) Қарсақбай өндірісінің отын жағдайы жайсыз күйде. Байқоңыр ошағының көмір қоры аз. Зауыттың келешегіне талшық болуға жарамсыз. Жезқазғаннан 220 шақырым шығыс пен шөлейт аралында, Теңіз көлінің оң бөлімінде саны мен сапасы Қарағанды ошағына ұқсас келетін тас көмір кені бар. Қарсақбай өндірісінің келешек отын негізі осы Теңіз ошағы болуға лайық. Сондықтан келер жылдан қалмай, Теңіз ошағын зерттеу жұмысына қажет болатын қаражат жеткілікті түрде беріле бастауы керек. Зерттеудің толық шығынын 500 мың сомға шамалауға болады. Зерттеу 5 жылда орындалып бітсе, жылдық зерттеу қорының шамасы 100 мың сом болуы керек.
Д) Қарсақбай өндірісінің азық-түлік, жұмыскер мәселесі қазір де жағдайсыз күйде. Бұларды жетістіру үшін өндірістің азық-түлік, жұмыскер қорларын жақын ауданнан табуға тиісті шарттарды қарастыру керек. Бұл шарттар Қарсақбай ауданының шаруашылық, салт-сана жағдайларын өзгертіп, жоғарғы сатыға әкелуді қажет қылады. Соңғыны орындау үшін ауданның ішіне шаруашылыққа сәйкес келетін «шоғырлы» түрдегі жерге орналастыру. Кооператив, мектеп жұмыстарын өркендету, ауданның ішіне үкіметтің түрлі мақсатты қорларын тарату (мысалы, құрғақшылықпен күресу, ауыл-қышлақ үйлерін салуға арналған қорлар сияқты). Қарсақбайда ерте заманда болған жәрмеңкені қайта жүргізу, Қарсақбай ауданының кіндігін зауыттың жанынан жасап, ол жерге қазірден бастап аудандық мекемелерге арнаулы үйлерді тез салу жұмыстарын жүргізуге керек.
Ыспас комбинатына кіретін өндіріс орындарының қазір де тоқталып тұруының ең үлкен себебі теміржол бойынан қашықтығы (ең жақын «Шортанды» станциясы 420 шақырым жерде). Ыспас ауданындағы кендердің зерттелу шамасы 25 000 тонна мыс (Нілді ошағындағы) 5 миллиард тонна таскөмір (Қарағанды ошағындағы). Өткен 1926-27 жылғы Атбасар тіресінің жасаған зерттеу жұмыстары Нілді ауданының кенге әлі болса да берекелі екендігін ашып отыр. Нілді ошағының 50 шақырым оң мен шығыс бөліміндегі Қайрақты дейтін жерде Атбасар тіресі биыл бұрғы зерттеу жүргізіп жатыр. Нілді ошағының өзінде және аудандағы Бес-шоқы, Алмалы дейтін жердегі мыс кендерінде электр зерттеуін жүргізіп жатыр. Бұл зерттеулердің бәрі де жемісті болады деуге толық дәлелдер бар. Қарағанды ошағының көмірі Қазақстанда бірінші Ыспас зауыттарының келешегі. Сондықтан төменгі екі бағытпен өркендеуі керек.
Ыспас зауыты маңындағы Нілді, Қайрақты, Бес-шоқы сияқты кен
шахталарының ішіндегі мысты балқытатын аудандық өндіріс кіндігі.
Қарағанды ошағы төменгі орындардың қажетін өтейтін сенімді отын азығы, ол орындар:
А) Қазақстанның түсті металдарының өндірісі,
Б) Оң бөлім Оралдағы шойын өндірісі,
С) Қарқаралының 40 шақырым оң мен шөлейт бөліміндегі Кентөбе, Тоғай ошақтарын жүзеге асыратын Қазақстанның келешектегі шойын өндірісі.
Д) Темір жолдың өзі және бойларындағы түрлі ұсақ өндіріс орындары.
Ыспас комбинатының жоғарғы көрсетілген бағытпен жүре бастауына қажет нәрселер:
А) Шортанды, Ақмола, Қарағанды теміржолдарын тез салып бітіру. Бұл жолдан ұзындығы 40 шақырым болатын Қарағанды мен Ыспас зауытының арасындағы зауыт теміржолын байланыстыру.
Б) Нілді ауданында кен зерттеу жұмыстарын дәуірлету. Нілді ауданын зерттеуге арналған биылғы қордың шамасы 70 мың сом. Келесі жылда бұл қордың шамасын 150 мың сомға жеткізу керек. Нілді ауданымен қатар Ыспас зауытына жақын тұрған Желтау, Қанды адыр, Қожан, Шадыра, Молтақ ошақтарындағы кендерді зерттеу жұмыстары кідірмей жүргізіле бастауы керек.
Сырдария комбинатына кіретін Әулиеата зауыты мен Сүлеймен сай ошағының келешегі, үмітсіз (кеннің шамасы құнарсыз). Торлан ошағындағы қорғасынның қазіргі зерттеулі шамасы 25000 тонна, биылғы жылы Торлан ошағы екі бұрғы машинасымен тығыз түрде зерттеліп жатыр. Зерттеу қортымы қолайлы болады деп сенуге күшті дәлелдер бар. Торланнан басқа да оң бөлім Қазақстанда (Жетісу, Сырдария губерналарында) гилокомның шорма зерттеулері көп жерден қорғасын кендерін тауып отыр. (Қарабалта, Түлкібас, Талдықорған ошақтары сияқты) Қаратау кенересінің шығыс етегін өрлеп, үзілмей Алатаудың шөлейт бөлімдеріне тірелетін тар енді «Пура» дәуірінде жасалған көмір қыртыстары бар. Аймақтағы Шақпақ, Борылдай, Ленкра, Арыстанды, Баба-Ата сияқты көмір ошақтарының бәрі де осы «Пура» қыртыстарының бойында. Сондықтан Сырдария комбинатының қазіргі қажет нәрсесі оң бөлім Қазақстанның ішінде қорғасын кені мен көмір ошақтарының зерттеу жұмыстарын күшейту. Оң бөлім Қазақстандағы ошақтардан қорғасынмен қатар «Банади» дейтін қымбат метал табылып отыр. Әзірше (Сүлеймен сай ошағынан) бұл нади, соңғы кездердегі жасалған талдамдарға қарағанда, тіпті сирек табылатын және бағалы «ради» дейтін металға ие екендігі көрінеді. Нади мен радидің қоры одақтың ішінде кем, жоққа есеп (Түркістандағы Түйемойын, Қарамазар ошақтарынан басқа). Сондықтан қорғасын қорын зерттеуге жұмсалған қаражаттың қортымы оң бөлім Қазақстандағы, тіпті маңызды болып шығатын жағдайлары бар. Биылғы Торлан ошағын зерттеуге 150 мың соң беріліп отыр. Келер жылдан бастап зерттеу қорының шамасын 250 мың сомға жеткізуге керек. Бұл қордың ішінде көмір ошақтарының зерттеуі де қосылады.
АТБАСАР ТІРЕСІНІҢ НЕГІЗГІ ҚАЖЕТТЕРІ
Бұл мақала 1928 жылы 26 шілдесінде Еңбекші қазақ» газетінің 2-3 беттерінде жарияланған. Аталған мақала Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 1970, 989, 1999, 2007 жылы шыққан «Таңдамалы» көп томдық шығармалар жинағында берілмеген.
Мақала бұл жинақта алғаш рет біздің әріпке аударылып беріліп отыр. Мақала ішінде кездесетін терминдер:
Ванадий (лат. Vanadium; V) – элементтердің периодтық жүйесінің 5 топ элементі. 1801 жылы алғаш рет Мексика минерологы А.М. дель Рио ашқан, 1830 жылы швед химигі Н. Г. Сефстрем темір рудаларынан жаңа элемент алып, оны скандинавия мифологиясындағы сұлулық құдайы Ванадистің құрметіне ванадий деп атаған.
Радий (лат. Radium; Ra) – химиялық радиоактивті ІІ-топқа жататын, атомдық номері — 88, атомдық салмағы 226,0254, құрамында салмақтық сандары 213-тен 230-ға дейін және жартылай ыдырау кезеңдері 10″3 секундтан бастап, 1600 жылға дейін созылатын изотоптар болатын элемент.