Ыспас зауыты 1862 жылы салынған. Содан бері 1919 жылға шейін мұнда 18,800,000 пұттай мыс кені балқытылып, одан 3,000,000 пұттан аса таза мыс алынған. Ыспас зауыты мыс жағынан Қазақстанда соңғы кезге шейін теңсіз «үздік» алда болып келген. Жалпы Ресейдің кен кәсібін алсақ, оның ең өркендеп, шарасынан асқан дәуірі 1913 жыл деп есептеледі. Сол 1913 жылы Ыспас зауытында 308-965 пұт таза мыс қорытып шыққан. Бұл мыс сол жылғы жалпы Ресейдің мыс-кен зауыттарындағы жалпы өндірістің 15,8% болады. Қазақстанды алсақ, 1913 жылы мұнан мыстың барлық 100% дені тек осы Ыспас зауытында балқытылған. Бұдан Ыспас зауыты жалғыз Қазақстан емес, жалпы Ресей бәйгесінде де көрнекті орында болып отырғандығы көрінеді. Өйткені 1913 өндіріс жағынан Ыспас зауытының алдында жалғыз-ақ Оралдағы «Қыштым» зауыты болған. Мұның үстіне 1913 жылғы жалпы Ресейдегі жылдық мыс өндірісінің оннан бірі (1/10) осы Ыспас зауытынан алынғандығы жоғарыдағы келтірілген есептен көрініп отыр. 1919 жылдан бастап Ыспас зауыты тоқтаған. Содан әлі күнге шейін жүрмей «қорық» күйінде келе жатыр. Енді Ыспас зауыттарының бұдан былай жүру, жүрмесін шешу үшін оның ауданына кіретін түрлі кен-өндіріс орындарын жеке қарастырып өтейік.
Ыспас ауданына: 1) Нілді (Успен) мыс кені; 2) Қарағанды-Шортан тас көмірі және 3) Ыспас зауытының өзі кіреді. (Сарысу өзенінің бойындағы ағылшындардың 1916 жылы салып, 1919 жылы өртеп кеткен кен қорытатын зауытын біз жорта есепке алмай отырмыз) бұларды айрықша алып көрейік.
Нілді зауыты
Нілді (Успен) кенін бірінші рет 1847 жылы Ушакуп дейтін орыстың көпесі тапқан. 1858 жылы сол Ушакуп Нілді кенінің айналасындағы 22 шаршы шақырымдық жерді қазақ иелерінен 86 сом күміске сатып алып, зауыт орната бастаған. Нілдінің кені майысқан сына сияқты түрде. Майысқан жағы оңтүстікке қарайды. Кен тастары басында сұйық күйінде тереңнен қайнап шығып, жердің үстіңгі қыртысының ішіндегі жарыққа келіп қатуына мүмкін. Алғашқы балқып шыққан кезінде кендердің лебі маңындағы тау жыныстарын шарпып күйдіріп кеткен. Кеннің бұл түрде жасалуын ғылымда «контактовый метаморфизм» дейді. Кеннің жотасы шығыстан батысқа қарата бет алған. Ұзындығы 160 метр (80 құлаштай); құламы 700-800 градустарға шейін барады. Кен тасының жер үстіндегі көрнекті ені – 32 метр. Құлама тереңдігі 200 метрлерге шейін барады. Кен тасының төсеніші – отты тау жыныстарының Порфиры дейтін тегі: жамылшы теңіздің тұнба заттары. Кеннің денесі түгелімен «пирит» тасымен қоршалған. Кеннің ең маңызды бөлімдері жамылшы жағына қарай бейімделіп отырады. Кен денесінің 300 метрдей биіктігі ілгергі заманда езіліп, құлап біткен. Ауа мен су әсерінен өзгеріп, тотығып қалған кеннің «шайылма» бөлімінің тереңдігі 30-60 метрлерге шейін барады. Мұнан кейін 200 метрлерге шейін «тұнба» кендер бар. Одан әрі негізгі кендер басталады. Нілді кенінің ең қасиеттісі «тұнба» бөлімі, бұл бөлімдегі кендерден 25-28% дерге шейін таза мыс шығып отырады. Бұл дүниежүзінде тіпті сирек кездесетін нәрсе. (Мәселен: Оралдағы балқып жатқан кендердің таза мысы 2,5-4,7% аспайды. Әмірике зауыттарындағы мыс кендер 1,7-2,5% проценті ғана). Нілдідегі «тұнба» бөлімдегі мыс кенін ғылымда «борнит» деп айтады. Ағылшындар 1919 жылға шейін осы борниттерді 200 метр тереңдікке шейін қазып алып отырған. 200 метр тереңдегенде борниттер жоғалып «мысты пирит» дейтін негізгі кендер басталған. Бұл жерлерде кеннің ауданы 48 шаршы метр болыпты. Бұдан кеннің енді біраз тереңдікте мүлде жоғалып, «үзіліп қалуы» кәдіктігі білінеді. 200 метр тереңнен шығып отырған «борнит» кендері ағылшындарға жер үстінде пұтына 41 тиынға түскен. 1899 жылдан бастап, 1917 жылға шейін есептегенде ағылшындар Нілді зауытынан жиыны мынадай кен шығарған:
Бірінші сорттық жақсы кен: 12,003,946 пұт (мыс-25%) екінші сорттық кен 2773776 пұт (мыс-10%). Ағылшындардан қалған Нілді зауытындағы қазірге шейін сақтаулы тұрған кендердің шамасы:
Бірінші сорттық кен: 528,000 пұт (мыс-20%) екінші сорттық кен 30,000,000 (мыс-8%) бұл кендердің ішінде 1,800,000 пұттан аса таза мыс бар. Балқыған уақта және зауытқа тасылғанда бұл мыстың 20% не өшіп, не жоғалып қолға түспеуге мүмкін десек, онда да қазіргі күйінде Нілді зауытынан жылына 150,000 пұттан қойғанда 10 жылдың ішінде 1,500,000 пұттай таза мыс балқытып шығаруға болады. Бұл кендер төрт жағынан бірдей қазылып зерттелген. «Көрнекті» кендер. Нілді кенінің мөлшері әлі күнгеше толық зерттелмеген – «шала» зерттелген.
Нілді кенінің әрбір тоннасында (тонна 61 пұт) мыстан басқа 5 миллиграм алтын, 582 грамм күміс және пайда берерлік мөлшерде «мышьяк» дейтін зат бар. (4,2 грамм бір мысқал болады. Миллиграмм 1 граммның 1/100 (бөлімі) бұлардан бұрынғы кезде Мәскеуге барғанда, алтын мен күміс қана мыстан айырылып жеке пайдаланылып отырған. Мышьяк қашанда алусыз, босқа кетіп отырған.
Нілді зауытында қазірде екі шақты бар. Екеуі де қалаған уақытта жұмысқа жегуге жарамды. Зауыттың барлық машина, саймандары толық сақтаулы күйінде. Машиналардың сырты жылында сүртіліп, сырланып, іші майланып отырады. Машиналар тұрған үйлерде қазір жаңа күйінде. Зауыт қайта жүргендегі ең көп шығыны кенді бұрғылайтын және жоғары шығаратын керекті машина саймандарының бағалары. Бұлардың жиыны 500,000 сомға шамалауға болады. Зауытты қайта жүргізу үшін керекті ақшаның жалпы жиыны 1,000,000 сом болмақшы. Бұлардың 750,000 сомы негізгі шығындар. 250,000 сомы уақытша, «қайтымды» шығындар (машиналарға, үй салуға, шахты қазуға жұмсалатын ақшаларды бір сөзбен «негізгі» шығындар дейді. Жұмыскерге, жалақыға, тамақ даярлауға, «зауыт лапкесіне» жұмсалатын ақшаларды «қайтымды» шығын дейді). Жоғарғы сома берілсе, Нілді зауытын 3 айдың шенінде толық жүргізуге мүмкін. Егер де жылдық балқитын таза мыстың шамасы 105,000 пұтқа қойғанда Нілді зауытынан жылына 2,570,000 пұт мыс кенін шығарып отыруға керек.
Қарағанды зауыты
Қарағандының тас көмірін бірінші рет тапқан баяғы Ушакуп дейтін көпес. Ол 1851 жылы Қарағандының айналасындағы 110 шаршы шақырымдық жерді маңындағы қазақтардан 369 сом күміске сатып алған. Қарағанды ошағында ені 1 метрден 4 метрге шейін баратын тас көмірдің 8-ден аса жеке қыртысы (пласт) бар. Бұл қыртыстардың жотасы 25 шақырымға шейін үзілмей барады. Қыртыстардың бәрі де қаз-қатар, көлбей сұлап жатқан. Құламы 100-тан аспайды. Көмірі аса қызулы (қызулық мөлшері – 7200-7500 калори), тас-көмір дәуірінде жасаған ұсатылмайтын, берік көмірлер. Қарағандының көмірі әлі де толық зерттелген емес. Әзірге зерттелген тас көмірдің шамасы 300 миллиарттан асады1. Сондықтан осы күннің өзінде де Қарағанды ошағы байлық жағынан Батыс, Сібір, Қазақстан, Түркістан ішінде бірінші сатыда, жалпы Ресейді алсақ 4-інші орында болып отыр. Қарағандының алдында жалпы Ресейді алсақ Күзбас, Донбас, Жашерембас көмір ошақтары бар.
Қазақстандағы екі бас ошағының барлық көмірі 37 миллиарт пұт. Бұл Қарағандының он бөлгенінің біріндей-ақ. Қарағанды көмірінің ішінде орта есеппен: 22% ұшпалы заттар (түтін), 58% кокс (көмірдің қызулы, дәнекерлі бөлімі), 17% күл, 6% суы бар.
Көмірдің ішіндегі кокс балқыма, пайдалы күйінде. Көмірдің ішінде шайыр (сера) тіпті аз. Сераның аздығы – көмірдің күшті қасиетінің бірі. Өйткені қашанда болса, көмірдің өртенуіне сера тез себеп болып отырады. Екінші, көмірді жаққан уақытта машиналардың оттығын тез бұзып отырады.
Қарағанды зауытында екі шахты бар. Олар 1922 жылдан бері су астында зауыттың машина саймандарының бәрі де толық сақтаулы күйінде. Жүргізе бастағандағы ұсталатын шығындардың көбі шахтыларды құрғатумен, жаңа шахты қазу жабдықтарына ұсталмақ. Ыспас зауытының керегін табу үшін ғана істелсе, Қарағандыны 4-5 айлар шамасында толық жүргізіп жіберуі мүмкін. Мұның соңынан бірер жылдың ішінде керек болатын тереңдігі 60 метрлік жаңа бір шахты мен 200 метрлік жер астындағы сбойкені қатар жасап бітіруге мүмкін (Шахтының тереңдеуін айына 8 метрден, сбойкенің жүруін айына метрден салғанда). Қарағандыны жүргізу үшін жалпыша мынадай шығын керек болады:
Жер жұмыстарына (шахты қазу сияқты) 300,000 сом. Жаңа машиналар алуға: 200,000 сом. Үйлерді жаңартуға және басқа шығындарға 200,000 сом, қайтымды шығындар 100,000 сом. Барлығы 800,000 сом ақша.
Ыспас зауыты
Нілді зауытының мысы мен Қарағандының көмірі Ыспас зауытына тасылып, осы жерден балқытып мыс алынып отыратын. Ыспастың зауыты жылдық 300,000 пұт таза мыс балқытып шығаруға шақталып салынған. Зауыттың электр саймандары мен қазан, басқа кейбір құралдары 1926 жылдан бастап Қарсақбай зауытына тасылып жатыр. Орындағы машина саймандары жаңа күйінде. Зауыттың машиналарынан басқа толық байлығының бірі – үй саймандары Ыспас зауытында: 1) мыс балқытатын үй; 2) кен кептіретін; 3) кенді түйетін, 4) кірпіш өртейтін, 5) электр саймандары тұратын, 6) аптомобил сақтайтын, 7) лаборатория, 8) ұсталық, 9) балталық үйлері және от тирмені бар. Бұлардың бәрі де әзір онша тозығы жеткендер емес. Зауытты жүргізу үшін мынадай шығындар керек болады:
Жаңадан түрлі машиналар алу үшін…250,000 сом
Ұсталық үйлерін саймандау үшін….165,000 сом
Зауыттың үйлерін түзету үшін … 250,000 сом
Зауытқа су дайындау үшін….100,000 сом
Жұмыскерлер тұрарлық үйлерді түзетуге…235,000 сом
Қайтымды шығындар … 250,000 сом.
Барлығы: 1, 250, 000 сом
Кен қорытатын зауыт
Нілді зауытындағы екінші сорттық кендерді ұсатып, оның ішіндегі «іреуі» мен мысын айырып, іріктеп тұру үшін келешекте өзгеше «кен қорытатын» зауыт ашу қажет нәрсе. Бұл зауыттың дәл қай жерге және қай түрмен салынуы әзірге көмескі. Өйткені Ыспас ауданы – кен жағынан әлі де ешбір зерттелмеген жер. Кен іріктейтін зауыттың шығындарын әзірше 1,600,000 сомдарға шамалауға мүмкін. (негізгі шығындар 1,500,000 сом, қайтымды шығыны 100,000 сом). Салынуы 1½ жылдарда бітпекші. Сонымен теріп келсек, Ыспас ауданындағы кен-өндіріс орындарын жүргізе бастағанда 2-3 жылдың ішінде түгел бітіріп, жүзеге асырудың толық мүмкін екендігін табамыз. Бұл үшін керек болатын ақша шығындарын теріп келсек:
1,000,0000 ………………..Нілді зауытына
800,000……………………..Қарағандыға
1,250,000…………………..Ыспас зауытына
1,600,000…………………..Кен іріктейтін зауытқа
250,000……………………..Кенді зерттеу жұмыстарына
4,900,000…………………..барлығы
Дұрысы
Нілді зауытына ………………..1,000,0000
Қарағандыға ……………………. 800,000
Ыспас зауытына …………………..1,250,000
Кен іріктейтін зауытқа …………………..1,600,000
Кенді зерттеу жұмыстарына ……………………..250,000
Барлығы ………………….. 4,900,000
ақша керек болады екен. Ыспас зауыты жылында 150,000 пұт қана мыс берсін деп шамалсақ (300,000 пұттың орнына), сонда бір жылдық мыстың пұтына шаққанда жаңағы көрсетілген шығындар 30 сомнан аз-ақ асады. Мұндай шығындар бұл күнде түгел «патша» заманының өзінде мыс зауытын салу жабдығында жеңіл «кәдімгі» шамада болатұғын.
Ыспас зауытының өндіріс жағдайлары
Ыспас зауытының өндіріс жағдайларын зерттеу үшін төменгі 4 шартты қарастыруға керек болады:
1)Ыспас ауданындағы кен байлықтары, олардың сапасы, 2) зауыт үйлері мен жұмыскерлердің жатақ үйлерінің жайлары, 3) жұмыскер күші мен азық-түлік мәселесі, 4) жол жағдайлары, енді бұл шартты жеке қарастырып көрейік.
Ауданның кен байлығы
Нілді зауытындағы көрнекті түрде зерттелген 1,500,000 пұт таза мыстан басқа Ыспас ауданында Жалпыша мыс кендерінің «зайапке» (білінген жерлері) тіпті көп. Бұлардың кейбірі бұрынғы уақытта «зауыт» деп аталып жүрген. Мысалы: Қайрақты, Ақшоқы, Ұстаманатау (Григорьевское), Бес-шоқы (Царище Маринское) Зепіс, Ирида кен орындары сияқтылар. Бұларды серпіп «зауыт» деп атағанмен де, бәрінде де осы күнге шейін кен шығару жұмысы түгіл, зерттеу шаралары жасалмай келген. Аудандағы табылған мыс кендерінің кейбірі Нілді сияқты жер астынан қайнап шығып, жердің жарығына сыналанып, тарамданып, қатқан «сом» күйінде, кейбірі жер астынан шыққаннан кейін бір жерде қатпай жердің бергі қыртысына сіңіп жайылып кеткен «шашылма» күйінде бұлардың қайсысында болсын жер бетіне шығып жатқан кендерінде 7 ден 10 процентке шейін таза мыс бар. Бұл кендердің қазір ең «үміттілері»:
Қайрақты
Бес-шоқы
Ирида Бәрі де Нілді сияқты «сына» түріндегі «сом»
Алмалы кендер
Ребіс
Успен №2
Үсте-мана-тау
Ақ-шоқы «Шашылма» кен орындары
Алтын су
Нілді зауытының өзінде де кеннің толық зерттеуі болған емес. Мысалы: Нілді кеннің ортасын қақ жарып оңнан терістікке қарата өтетін жердің үлкен сызаты бар. Ол сызат ескі замандағы сол жерде болған от-тауы, жер сілкінуінен жасалған жердің жарығы. Бұл сызаттың жотасынан әр жерде мыс кендері табылып отыр. Нілді кенінің де жасалу шартын осы сызатқа жанастыруға мүмкін. Ағылшындар осы сызықтың жотасын толық зерттемей кетсе керек. Өйткені қалдырған «архивтерінде» бұл туралы еш мағлұмат жоқ. Жоғарыдағы айтылған сөздерді теріп келсек, Ыспас ауданында мыс кендері негізінен аса берекелі екендігі мәлімденеді. Оларды анықтап кен шамасып цифрмен өлшеуге алдымен толық зерттеу керек болады.
Ыспас зауытының отын мәселесі Қарағандының көміріне тірелмекші. Қарағанды ошағында әзір мәлімденіп отырған 300 миллиарт пұт таскөмір Ыспас түгіл бүкіл Қазақстан, Орал, Түркістандағы барлық өндіріс орындары қосылып, толық күйінде жүріп отырғанда солардың бәріне бірнеше жүз жыл отын болуға жарай алмақшы. Мұны мысалдан болжауға мүмкін. 1913 жылы Донбастан барлығы 1,600,000,000 пұт көмір шығарылған. Бұл көмір сол жылғы бүкіл Орал зауыттарының және Ресейдің кіндік оң бөліміндегі зауыт фабриктердің бәрінің жағып шығуына толық жеткен.
Мыс балқытуға керек болатын ізбес, темір тасы, квартс сияқты тау жыныстарының бәрі де Ыспас зауытының жақын маңынан табылып отырған. Мысалы бұрын ағылшындар:
Ізбесті Ыспастан төрт шақырым Құлжұмыр дейтін жерден тасыған.
Кварцты 8 шақырым Байдәулет дейтін жерден тасып отырған.
Темір кенін 5 шақырым «Сасық-Қарасу» дейтін жерден тасып отырған.
Бұл тау жыныстарының зауыт айналасындағы шамасы сенімді мөлшерде. Ыспас ауданын жалпы алсақ, онда мыс пен қатар темір кендері де өте жиі кездесіп отырады. Оларды балқыту үшін Қарағанды көмірінің жанынан әдейі «Темір зауытын» ашуға болады2. Үй салу жабдығына керек болатын құм, балшық, тақтай, тас сияқты заттар зауыттың жанында өте көп.
Бұлардан басқа Ыспас зауыты мен Қарағандының маңында «Шамот», «Динас» сияқты зауыттың пештеріне керек болатын кірпіштерді жасарлық «қызу көтеретін» балшықтың түрлі қасиетті заттары бар. Бұл балшықтардан 1915 жылы Ыспас зауытында қолдан:
179,760 шамот кірпіш
132,981 кварц кірпіш
52,303 динас кірпіш құйылып шыққан. Дәл сол жылдың өзінде салынып жатқан Қарсақбай зауыты жаңағы кірпіштерді Германиядан тасып әкеліп отырған.
Зауыт үйлері және жұмыскерлердің жатақ орны Ыспас, Нілді, Қарағанды зауыттарының қайсысында болса да керекті зауыт үйлері салынып бітіп, даяр тұр. Оның үстіне бұлардың бәрінде де бұрыннан салынған жұмыскерлердің жатақ үйлері дайын, Ыспас зауыттары жүре бастаған кезінде бұл үйлердің бәрінде жеңіл түзетіп алуға мүмкін. Зауыттағы жұмыскерге даярланған үйлердің мөлшерін төменгі есептен көруге болады.