ӘУЕЗОВ ИНСТИТУТЫ

Түркі халықтарының фольклорлық мұрасы

«Ер Тарғын» жыры

«Ер Тарғын» жырында ноғайлы дәуіріндегі оқиғалар суреттеледі. Тарғынның кім екендігі жырда бірден айтылмайды. Қалың қолмен торғауыт еліне аттанған Ақшахан жеңіліске ұшырап, әскері жан-жаққа қаша бастаған кезінде, Қырым еліне барып, алғашқыда елеусіз жүрген Тарғын жауды ойсырата жеңіп, батырлық тұлғасын танытады. Осылайша Ер Тарғын образы даралана бастайды.
Жырды алғаш рет орыс миссионері, түркітанушы Н.И. Ильминский Марабай ақыннан жазып алып, 1862 жылы Қазан қаласында кітап етіп бастырған. Кейін бұл жыр бірнеше рет қайта басылым көрген (1892, 1893, 1909, 1913). 

Академик В. Радлов бұл жырдың бір нұсқасын жазып алып, «Түркі тайпаларының халық әдебиеті нұсқаларына» (1870, 3-т.) енгізді. ХХ ғасырдың басында Н. Саркин Орынборда (1904) жариялады.

«Ер Тарғын» жырын Арнұр Көшенеев орындайды.
kambar

Одан кейін Ә. Диваев Ташкентте бастырған «Батырлар» топтамасында (1922), С. Сейфуллин құрастырған «Батырлар жырының» жинағында (1932), С. Мұқановтың алғысөзімен жарық көрген «Батырлар» жинағында (1939), «Батырлар жыры» жинағында (1963), «Ақсауыт» жинағында (1977), «Халық ауыз әдебиеті» көптомдығында (1987), «Бабалар сөзі» жүзтомдығының 44-томында (2007), «Дала фольклорының антологиясының 1-томында (2019), жарық көрді.

Еліміздің сирек қолжазбалар қорында жырдың Ә. Диваев, Қ. Иманов, Н. Нұрғалиұлы, З. Бекарыстанов, Н. Саркин т.б жеткізген 6 нұсқасы сақтаулы.
Жинаққа Марабай нұсқасы (Қазан, 1913) ұсынылды.

«Ер Тарғын» жыры

Ертеде қырғыз заманында бір Тарғын деген батыр өзінің қырғыз халқынан кісі өлтіріп, ханына қылмысты болып қашыпты. Қашып, қырық сан Қырым жұртына келіпті. Ол уақытта Қырымда қырық мың мешіт бар еді, қырық ханы бар еді. Сол ханының үлкені Ақша хан деген еді. Сол ханның қол астына келіп кірді. Сонда ел арасында жүрді. Бірталай заман болды, айдан айлар өтті, ешбір кісі мұның батыр екенін білмеді, тек қонақ болды да жүрді. Ол уақытта Қырым жұртының арғы жағында бір жауы бар еді. Он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт деген ханның елі еді. Олалай, Бұлалай деген ноғайда көп батырлар өтсе де, Олалай, Бұлалайдың елін бұрын алғандары жоқ еді.
Бұл уақытта Ақша хан неше мың шерік әскер болып, талап етіп аттанды. Сол Тарғын ешбір кісі де оған жүр деп айтпай-ақ аттанған әскерлермен бірге аттанып кетті. Тарғынның ол әскердің ішінде екенін тағы да ешкім білмеді. Бұл аттанған әскер Торғауытқа барып жетті. Бұлар барып жеткен соң, Торғауыт халқынан шың қағылып, барабан соғылып, неше мың көп әскер жиылып, соғыс қылды. Жер жүзіне қан сел болды. Олай болса да ешбір бұзып ала алмады. Алмаған себебі, қамалдың ішіне кіре алмады, сыртында тұрып ұрыс қылды. Ол уақытта Тарғын батыр ұрысқан жоқ еді, ешбіреуі де мұны танып, «соғысқа бар» деп айтпаған соң, енді Ақша хан көп кісілерін өлтіріп, Торғауытты ала алмай, кері жұртына қайтпақ болды.
Ақша хан жұртына қайтпақ болып тұрғанда:

Тарғын сынды батырың
Қайтарын жұрттың біледі,
Алладан пәрмен тіледі.
Құйысқанын қысқартып,
Екі айылын бек тартып,
Енді атына мінеді.
«Өлгенім жақсы бұдан», – деп,
Тоғыз санды-ай Торғауыт,
Он санды-ай Оймауыт
Барабан соғып, шың қағып,
Алдымнан әскер жүргізіп,
«Бұйым болды бұ да», – деп,
Аллалап батыр шабады.
«Жалғыздың жары – Құдай», – деп,
Сары ала туы салбырап,
Шапты батыр тебініп,
Жалмауыздай емініп.
Сырттағы жүрген әскерге
Қарамайды бұл батыр,
Ішкі қамалға кірді желігіп.

Бұл Тарғын қамалға кірген соң, Ақша ханның әскері бұның Тарғын екенін танымаса да: «Е, тәйірі, біздің ноғайымыздың бір батыры ғой», – деп соңынан олар да кірді. Сонан соң бұлар қамалды бұзып алады, көңілдері ашылды. Ақша хан еліне қуанып қайтты. Елге келген соң таранып, тыныштанып, көңілі қош болған соң, тағында отырып Ақша хан үкім қылды: «Сол жауды бұзып алған батырды тауып, маған алып келіңіз», – деп. Тарғын батырды тауып, хан алдына алып келеді. Хан оныменен көрісіп, жөнін сұрап: «Сен кімсің?» – дейді. Тарғын айтты: «Мен қырғызбын», – деді. Хан айтты: «Сен қырғыз болсаң, біздің жұртымызға неге келдің, не жұмысқа келдің?» Онда Тарғын айтады: «Мен ханымыздың бір жақсы бегін шаһид еттім, онан соң жұртым тынышсызданды, сол себептен сіздің қоластыңызға қашып келдім», – деді. Сонда хан: «Сен кешегі жауды бұзған қайратыңды сені тынышсызданған жұртыңа көрсетпедің бе?» – дегенде, Тарғын айтады: «Нақақтан өз жұртымды жылатуға шариғат қоспайды», – деді.
Онан соң Ақша хан үкім жүргізіп, Тарғын батырды әскербасы қылды. Бұл батыр әскербасы болған соң күні-түні жарақтанып, сақтанып жүрді. Ол уақытта Ақша ханның бір қызы бар еді.

Шашын дәнденменен тараған,
Бектер мінген бедеудей
Бауырынан жараған.
Бет ажарын қарасаң,
Жазғы түскен сағымдай.
Бет ажарын байқасаң,
Терісінен айырған
Жарма бидай ақ ұндай.
Қасы саржадай керілген,
Кірпігі оқтай тігілген,
Бұралып белі бүгілген,
Қараған кісі үңілген.
Қолаң шашты, қой көзді,
Әйелдегі бір сөзді
Ақжүніс атты ару еді.

Бұ мәрттің мұндай батырлығын, ерлігін, қайратын қарауылшы құлдары, қарауылшы күңдері Ақжүніс аруға түсіндіріп айтты. Ол бозжігіттің асылын, қайратын есіткен соң, төзіп тұра алмады, бір құлын шақыртып алып, құлына мың ділдә беріп айтты:
– Ділдәні беріп, сенің тіліңді кескенім, – деді, – осында қырғыз жұртынан келген Тарғын дейтұғын бір батыр жігіт бар деп есіттім. Сол жігітті ешкімге білдірмей, маған шақырып алып келіп жолықтыр, егер де өзіңнен басқа кісіге білдірсең, сенің неше жеріңнен кесіп өлтіргенімді көр. Егер де алып келсең, кісі жатпастан бұрын менің мынау ашпалы алтын тереземнің тұсына алып кел! – деді.
Бұл құл Тарғынға барып жолығып, қыздың айтқан сәлемін айтып, алтын терезенің тұсына Тарғынды алып келді де, қызға хабар берді. Қыз терезеден Тарғынды үйіне кіргізіп алып, жөн-жосықтарын сұрасып, ас-су ішкізіп, ойнап-күлісіп алты-жеті сағаттай отырысты. Онан соң Тарғын қайтпақ болғанда, қыз Тарғынға айтты:
– Осы жұртымызда сіздей ерлігі болмаса да, қырық сан Қырымның мырзасы – Жалмамбет дейтұғын жігіт бар еді, мен сол жігітпенен ашына едім, сол жігітті өлтірдім. Өлтіргенімнің мәнісі «бір бөтен жігіт екен» деп, білмей қате өлтірдім. Соның күйігінен ішер астан, ұйқыдан айрылып жатушы едім. Сол мырзаның қайғысы менен әркез кетпес еді, бұл уақытта сізді естіп, біліп, шақыртып алып сізбенен сөйлесіп, ойнап-күліп отырдым. Сізден басқа ешбір кісіменен Жалмамбет мырза өлгеннен бері сөйлескенім жоқ. Енді сіз арқылы мырзаның қайғысы менен көтерілсін, менен хабар болған уақытта жаныма келіп жүріңіз. Менің сізді шақырған лебізімді әркез жерге тастамаңыз, – деді.
– Бұл айтқан жарлығыңызды қабыл алдық, – деді де, Тарғын батыр қайтып кетті.
Әр заман Ақжүніс бұл Тарғын батырды уақытыменен шақыртып алып жүрді. Бір замандар болғанда, бұл қызды бір ханның баласына айттыруға жаушы келді. Сонда Ақша хан қызына кісі жіберіп сұратты:
– Мына айттыруға жаушы келіп жатыр, менен рұқсат, қызымның өзінің күйеуге барғысы келе ме екен, келмей ме екен? – деп білмек үшін. Сонда қызы айтты:
– Әкем маған үш күн мұрсат берсін, – деді. Қыз бұл үш күн ішінде Тарғын батырды шақыртып алды да, Тарғынға айтты:
– Мына мені бір хан баласына айттыруға жаушы келіп жатыр екен. Әкем мені ол ханның баласына бермекші болып, менен рұқсат сұрай маған кісі жіберіпті. Мен ондай хан баласына таңсық емеспін, өзім де хан баласымын, сұлуға таңсық емеспін, өзім де сұлумын. Мен кімнің бақыты зор болса, сондай кісіге барамын, – дейді. – Енді мені осындай кісіге қор қылғанша, батыр екенің рас болса, сен мені ал да қаш, мен саған тиемін, сенен басқа еш кісіге тимеймін, көңілім бек саған ауды. Егер де маған келмесең, мен шыдап тұра алмай, сенің қайғыңнан өлемін, – деді.
Сонан кейін Тарғын бұл қызды Ақша ханның қанаты, Қара дейтұғын бір жорғасына мінгізді де, алып қашты. Үш күн өтті, үш күннен соң хан қызының қарауылшы құлдары Ақша ханның бір қазысына барып хабар берді:
– Солай да солай, ханның қызы Ақжүніс сұлу сарайында жоқ, қашып кетіпті. Кіммен қашқанын білмейміз, – дейді. Қазы барып, Ақша ханға хабар береді. Хан айтты:
– Ол жалғыз қашқан жоқ шығар, бір жігітпенен қашқан-ды, жігіттерді түгендеңіз, – деді. Жігіттерді түгендеп қараса, Тарғын батыр жоқ болды.
Сонан соң ханға хабар берді. «Солай, Тарғын батыр жоқ», – деп. Сонда хан айтты:
– Мұнда оның ру-туғаны жоқ, өз жұртынан қашып келген жігіт еді. Ол жоқ болса, алып қашып кеткен-ді, – деді. Онан соң өзіне қараған бүтін ел-жұртын жиып, үкім айтты:
– Мен бұл қызымның ол қырғызбен кеткеніне риза емеспін, ол қара кісі еді, қызым хан баласымен кетсе керек еді, сүйек қорлап, қара кісімен кетті. Қызымды кім қуып жетіп, айырса, сол кісі алсын! Құй бай болсын, құй жарлы болсын, құй жас болсын, құй қарт болсын, тек кім айырса, сол алсын. Егер де қуып жетіп өлтірсе, құны жоқ болсын. Тек Тарғыннан айырыңыз да, өзіңіз алыңыз. Оның үшін қызыма бек қатты көңілім қалып өкпеледім, соның үшін айтамын, – деді.
Хан солай деген соң, жұрт қуды, бір мырза екі атпен, бір мырза үш атпен, тапқан кісі атын жетелей берді, бір атым болдырса, бір атпен қуып жетермін деп. Әскер былай далаға шыққан соң жиылып, кеңесті:
– Біз мұны қусақ та, Тарғын бізге бермес, оны ала алмаспыз, егер де қаһары келсе, бізге қырғын таптырар, – деді де, жұрт қорқып, қумай, үйлеріне қайтты. Сол қуарға шыққан кісілердің ішінде алпыс беске келген бір қарт кісі бар еді, бір-ақ сол қайтпай қалды:
– Мен үйден қуамын деп шыққан соң, қумай үйге қайтып барғаным да өлім, қуып барып өлгенім де бір өлім, мен қайтпаймын, қуамын, қазам жетсе өлермін, шамам келсе, ол қызды алармын, – деді де, қуып кетті. Бұл қуып жетіп қалғанда, кетіп бара жатқан Тарғынның астындағы Тарлан аты пысқырды. Ол ат артынан бір жау келе жатқанда пысқыратын еді. Тарғын аты пысқырған соң, артына қараса, артында бір жалғыз кісі келеді екен.

Сонда Тарғын сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
«Ақжүністей жолдасым,
Қыз да болсаң мұңдасым.
Қолаң шашты, қой көзді,
Әйелде ару сен едің.
Аш арыстан жүректі,
Палуан жолбарыс білекті.
Жігіттің мәрті мен едім.
Құдыреті күшті Құдайым,
Сындырмағай белімді,
Тарылтпағай жерімді.
Нендей заман білмеймін,
Арт жағыма қарасам,
Қайнаған қара бұлттай,
Қайнап біткен болаттай.
Тұлғасына қарасам,
Сайдан шыққан құла аттай.
Қабағы тастай түйілген,
Лашын құстай шүйілген.
Жеңсіз берен киінген
Жалғыз қара көрінді.
Енді жүрсем, «Қашты – дер,
Аруағым менің басты – дер,
Менен қорқып састы», – дер.
Ажалым болса бұ жерден,
Жемей қоймас жебір жер,
Кіргізбей қоймас қазған көр».

Толғана мойнын бұрады,
Ақжүніспенен екеуі
Аз әңгіме құрады.
Жалғыз қара келгенше,
Қашатұғын қатын ба,
Қасқайып қарап тұрады.
Ертеңнен шапса, кешке озған,
Ылдидан салса, төске озған,
Томаға көзді қасқа азбан.
Біткен сүйек долантып,
Саурысын бедеу сұлантып,
Дауылдай жалы суылдап,
Құйрығы құйындайын шуылдап,
Теріскейден төмен желеді.
Ақжүніс пен Тарғынды
Көріп көңілін бөледі.
Алпыс бесте жасы бар,
Қорқатұғын ер емес,
Салып жетіп келеді.
Келді, Тарғын көреді,
Бұл да өзіндей ер еді.
Қарсы алдынан қараса,
Алпыстан асқан ағасы,
Ақ сақалды бабасы.
«Жасы үлкен ағам, – деп, –
Ақ сақалды бабам», – деп,
Тарғындайын еріңіз
Әлгі келген қартыңа
Иіліп сәлем береді.
Қарсы алдынан қараса,
Омырауы даладай.
Әлпетіне қараса,
Тамнан соққан моладай.
Ердің берген сәлемін
Жақсы құптап алады.
Енді Тарғын сөйлейді:
– Батыр, сынап жүрмісің,
Тамам таудың арасын?
Аруағыңды байқасам,
Қаптаған қардай борайсың.
Көк бүркіттей түйіліп,
Лашын құстай шүйіліп,
Қай сапарға барасың?

Сонда қартың сөйлейді:
«Аспандағы жұлдызым,
Маңдайдағы құндызым,
Ажары сұлу көркем-ді,
Қыз да болса серкем-ді,
Ақжүністей аруды
Алып қашып барасың!
Беліме семсер ілемін,
Жазығым қарттау болмаса,
Бір Тәңірден тілеген,
Қазам жетсе өлемін.
Егер қазам жетпесе,
Қасыңдағы Жүністі
Айырып ала келемін».

Сонда Тарғын сөйлейді:
– Асу-асу бел едің,
Асудан соққан жел едің,
Жолдасымды бергендей
Қай батырдан кем едім?!
Менен қызды алғандай,
Өзің қандай, мен қандай,
Айтшы жөніңді, кім едің?!

Сонда қартың сөйлейді:
– Мен, мен-дүрмін, мен-дүрмін.
Мен де өзіңдей кен-дүрмін.
Менің жөнім сұрасаң,
Қырық сан Қырым елінде,
Асыл жауһар белінде
Арғы атам – Ер Күлік,
Өзімнің әкем – Қоянақ,
Мен – Қоянақұлы Қарт Қожақ.
Оза шауып олжа алған,
Таласты жерде жүлде алған,
Жасанған жауға қол салған,
Ортадан ойып жол салған
Қарт Қожақ деген ер едім.

– Өзің үлкен данасың,
Өрттей қаулап жанасың.
Ерлігіңнен мінің жоқ,
Ер де болсаң, бұл қызды
Не қылып менен аласың?!

Сонда Қожақ сөйледі:
– Алла тізгін оңдаса,
Көк сүңгіні салармын.
Балдағы алтын ақ берен
Қызыл қанға малармын.
Тәңірі тізгін оңдаса,
Не көрмеген бейбақпын,
Ер де болсаң алармын.
Жер жазығы төмен-ді,
Сені қорқақ демен-ді.
Әуелгі кезек менікі,
Соңғы кезек сенікі,
Қалаған жерден атамын.
Айтпай туған ер болсаң,
Кезегімді бер енді.

Сонда Тарғын сөйлейді,
Толғай мойнын бұрады,
Әңгіме-дүкен құрады.
Бұл жанынан қорқар ер емес,
«Кезегін баба алсын» деп,
Қарт қояндай қасқарып,
Қарсы қарай тұрады,
Шошынып тізгін жимады.
Буырқанды, бұрсанды,
Мұздай темір құрсанды.
Жау жағадан алған соң,
Беренге батыр симады.
Бұ сықылды батырды
Қарт Қожақтай еріңіз
Атарына қимады.
Аруақты туған ер дағы
Тарғынды Қожақ сыйлады.

Тарғын бұл Қарт Қожаққа кезек беріп, «Атсаң ат», – деп, қарсы қарап тұрып еді, Қожақ мұны сыйлап атарға қимайды: «Не үшін десеңіз, мен алпыс беске келген, сақалым қуарған бір қарт шалмын. Қой, жас болса да қасындағы Ақжүністей сұлуды қиып, һәм өзінің жанын қиып, маған қарсы тұрды, бұл бек батыр екен, мұның өзін де атпайын, атын да атпайын, тек мұның қорамсақтағы жүз алпыс кез оғын жалғыз доғал оқпен атып уатайын, сонымен өзімнің оны аяп атпағанымды білдірейін. Сонан бұл ақылды болса, ойлап білер де, қызды маған тастар да жүре берер», – деп, бір жалғыз доғал оқпенен салып қалғанда, Тарғынның қорамсақтағы жүз алпыс кез оғын күлпара қылып, уатып кетті. Сонан соң Тарғын: «Кезегің болды ма?» – деп, қылышын суырып Қожаққа дүрсе қоя берді. Қожақ айтты:
– Тоқта! Менің кезегім біткен жоқ, – деді, – Мен сені аяғаннан өзіңді атпай оғыңды атып едім, өзімнің ерлігімді білдірмек үшін. Егер де ақылың болса менің аяғанымды білер де, қызды тастар да, жүре берер, – деп. Сен менің аяғанымды білмедің, ендеше барып тұр! Жаңадан өзіңді тура атамын, – деді.
Сонда Тарғын ойлады: «Мұның мұнысы рас екен. Бұл ғой менің өзімді байлап атса, таудай өзіме, таудай атыма тигізбей ме? Аяғаны рас екен, мен мұның қадірін білейін», – деді де, қызды тастап, жүре берді. Сонан Қожақ қыздың қасына келіп еді, қыз атынан түсіп, киімін басына бүркенді де жылай берді. Сонда Қожақ айтты:
– Сен неге жылайсың, сен мені қарт деп жылаймысың, жә болмаса жаман деп жылаймысың? Әкеңнің айтқан уәдесі бар. Кім қызымды қуып жетіп айырса, сол өзі алсын. Егер өлтірсе де, құны жоқ деген, көп жылай берсең, басыңды қылышпенен кесіп жүре берермін, – деді. – Қарт та болсам мен жеккөретұғын қарт емеспін, ешкімнен де кем емеспін. Сен бүйтіп жылай бергенше, тұр, жылама! Басыңдағы бүркенгеніңді ал, өзіңді маған көрсет. Басыңды да, қасыңды да, бойыңды да, қабағыңды да, жарасаң, аламын, егер де бір жерің жарамаса, алмаймын, – деді. Сонда қыз толғап айтады:

– Ей, қарт Қожақ, қарт Қожақ!
Атыңның басын тарт, Қожақ!
Менің немді сұрайсың?
Бұқар барсаң, қолаң бар,
Қолаңды көр де, шашым көр!
Зергер барсаң қасында
Алтыннан соққан түйме бар,
Түймені көр де басым көр.
Молдаға барсаң, қасында
Қиюлы жатқан қалам бар,
Қаламды көр де қасым көр!
Емран барсаң, пісте бар,
Пістені көр де мұрным көр!
Әр шаһарға қарасаң,
Құрулы тұрған күзгі бар,
Күзгіні көр де көзім көр.
Самарқан барсаң, сандал бар,
Сандалды көр де тісім көр!
Ұсталарға барсаң, қасында,
Тартулы жатқан сымдар бар,
Сымды көр де қолым көр!
Тоғайға барсаң, тоғайда
Домаланған қоян бар,
Қоянды көр де жоным көр!
Қара жерге қар жауар,
Қарды көр де етім көр!
Қар үстіне қан тамар,
Қанды көр де бетім көр!
Мен Қырымның ішінде
Ақша ханның қызы едім.
Ата менен анамның
Асыранды қазы едім.
Қойда бағлан қозы едім,
Жылқыда шаңқан боз едім.
Қытай менен Қырымнан
Тамам жақсы жиылса,
Аузындағы сөзі едім.
Менің немді сұрайсың?
Бұл уақыт болғанда,
Бұ заманның шағында,
Жылап тұрған көзім бар,
Жалынып тұрған сөзім бар,
Өксіп тұрған жасым бар,
Әуре болған басым бар.
Алғанымнан айырма,
Мені өзіңе қайырма!
Батыр Қожақпын десең,
Біз сықылды бейшара
Жылап тілек еткен соң,
Тілекті бермес болар ма,
Сіз сықылды асылдар!

Бес жасыңда Қарт Қожақ
Жас шыбықтан жай тарттың,
Жалғыз шиден оқ аттың,
Атқан оғың жоғалттың,
Кәне шыққан мүйізің?!
Он жасқа келгенде,
Қызыл-жасыл киініп,
Қынай белің буынып,
Қызбалықты көрініп,
Бала болдың бір кезек,
Қане шыққан мүйізің?!
Жиырма беске келгенде,
Ақ балтырың түрініп,
Оймақтай аузың бүріліп,
Қарт бурадай қамданып,
Қас батырдай шамданып,
Сыртыңнан дұшпан сөз айтса,
Шыныңменен арланып,
Қызды бақтың бір кезек,
Қане шыққан мүйізің?

Отыз беске келгенде,
Қоңыраулы найза қолға алдың,
Қоңыр салқын төске алдың,
Жауды көрсең шүйілдің,
Жеңсіз берен киіндің,
Көк серек атты борбайлап,
Қамалды бұздың айғайлап,
Қане шыққан мүйізің?!
Қырық бес жасқа келгенде,
Қырым деген шаһардың
Жел жағына қаласың,
Ық жағына панасың.
Қырдан қиқу төгілсе,
Елге таман үңілсе,
Мың кісіге бір өзің
Саспай жалғыз барасың,
Қане шыққан мүйізің?!
Елу беске келгенде,
Топқа бардың бой түзеп,
Дауға бардың тіл безеп,
Билік сұрадың бір кезек,
Қане шыққан мүйізің?!

Алпыс беске келгенде,
Сақал-мұртың қуарып,
Бойға біткен тамырдың
Бәрі бірдей суалып,
Алайын деп тұрмысың,
Мені көріп қуанып?!
Өлтірсең де тимеймін,
Теңдік берсең, сүймеймін.
Бұрын батыр болсаң да,
Сенің басың бұ күнде –
Жерде жатқан қу тезек.

Сонда Қожақ ойлады: «Бұ ғой менің бес жасымнан елу бес жасыма келгенше, менің не қылғанымның бәрін де тапты. Енді тап менің өзімнің қасымда жүргендей асылзада патшаның баласы тағы енді менің бұл елу бес жасыма шейін не қылғанымды тапқанда, алпыс жасымдағымды таппай ма? Мұны мен алсам, обалына қалады екенмін», – деді. «Енді бұ асылзаданың баласының тапқан сөзін таппады демеймін, мұны өзінің сүйгеніне қосайын!» – деп, Тарғын батырға қосты да қоя берді. – Барыңыз, менен озған дәурен екеуіңізге құтты болсын! – деп.
Тарғын ол қызды алып, сол кеткеннен кетіп, Еділдегі Орманбеттің он сан ноғайына барды. Он сан ноғайдың он ханы бар еді, сол он ханның ішінде бір Ханзада деген ханы бар еді. Сол ханның қол астына барып, бір бидің үйіне қонып еді. Би мұнан сұрады: «Сіздің асылыңыз кімнен?» – деді. Тарғын айтты: «Біздің асылымыз қырғыздан», – деді. «Әмә, бұл уақытта асылым қырғыздан болса да, Қырым жұртына жақынбыз», – деп. «Олай болса сіздің атыңыз кім?» – деді. Сонда Тарғын айтты: «Менім атым – Тарғын», – деді. Ол би айтты: «Қасыңдағы жолдасың кім?» – деді. Тарғын айтты: «Жолдасым – Ақша ханның қызы Ақжүніс сұлу», – деді. Бек айтты: «Ақша хан патшаның қызы Ақжүніс сұлу бұл болса, сахараға шығып, жұрт асып жүргені не себептен?» – деді. Сонда Тарғын айтты: «Мен алып қашып жүрмін», – деді. Онда бек айтты: «Ақжүністей сұлуды алып қашып жүретұғын сен қай Тарғынсың?» – деді. Онда Тарғын айтты: «Олалай ханның Торғауыт деген жұртын харап еткенмін», – деді. Енді бек бұларды сыйлады. Сыйлаған себебі, мұның ерлігін есіткені бар еді, соның үшін сыйлады. Онан соң бұл бек Ханзада ханға барып, мағлұм қылды. Хан есіткен соң, Тарғын менен Ақжүністі шақыртып алып, бір алтын сарайдың ішіне кіргізді де, хан бекке айтты:
– Бұл батыр Ақжүністің қасында он күн, он бес күн отырған соң, жұртын, тағы батырларын, мырзаларын, шораларын сағынар, онан соң бұ дертті болар, іші шерлі болар. Бұл батырға менің қоластымдағы батырларымды, шораларымды аралатып көрсетіп, үйір қыл! Сүйтіп аралатып болған соң, Ақжүністің қасына алып кел, сонан соң ол мұндағы жақсыларды көріп, таныс болған соң өз жұртын сағынбас, – деді.
Сонан соң бұл бек ханның жарлығы бойынша Тарғын батырды жұртын аралатып, жақсыларын көрсетіп, таныс қылып, ханға алып келді де, үйіне кіргізді. Бұл Тарғын батыр жұртты аралап қайтып келген соң барша Ханзада ханның батырлары, мырзалары, жақсылары жиылып, хандарына келіп, ханменен мәслихаттасып, сөйлесіп, Тарғынның ерлігін, батырлығын ханнан сұрап білді. Сонда барша жиылып отырған мырзалар, билер айтты: «Бұл Тарғын батыр болса, біздер оны бек құрметтеп сыйладық, сіздің жарлығыңыз жерде қалмасын», – деп. Тағы да ханнан өтінді: «Бұл Тарғын батыр болса, біз мұны Шаған деген судың бойындағы қалмаққа жұмсалық, ол қалмақты Шағанның бойынан ығыстырып, бізге жерін тартып алып берсін», – деді.
Сонда хан Тарғынды шақыртып алып айтты:
– Сен өз жұртыңнан қашып, Қырым жұртына бардың. Ол Қырым жұртының Олалай, Бұлалай деген жауын алып бердің. Енді сен біздің қоластымызға келген соң, мынау Еділден шыққан Шаған дейтұғын судың бойындағы қыл жалаулы көп қалмақты ығыстырып, солардың жерін біздерге тартып алып бер, – деді. Сонда Тарғын:
– Жарар, тақсыр, – деді. – Алла тілесе, бірақ менім қасыма үш кісі жолдас беріңіз! – деді. Хан айтты:
– Кімдерді аларсың? – деді. Тарғын айтты:
– Бізге беріңіз Қарасайұлы Көбенді, Алшағырұлы Тегенді, Өмірұлы Себенді. Сол үшеуімен барып қарармыз, бізге айтқан жарлығыңыз жерде қалмас, – деді де, үш кісі жолдасын алып, Тарғын батыр қалмаққа барып жетіп, қалмақты Шағанның басына қарай бостырды. Қалмақтың аруағы қашып, бұларменен босқын тауып, ұрыса алмады. Қалмақты Шағанның басындағы белден асырды, қонысын адыра қалдырды. Сонан соң батыр Шағанның басындағы белдің үстіне бір жалғыз біткен емен бар еді, сол еменнің басына шықты, егер де қалмақтың бізбенен ұрысарға ойлары болса, әскер жиған ба, соны қарайын деп. Сол еменнің басында бір жалғыз-ақ көлденең біткен бұтағы бар еді, сол бұтағына атша мініп отырса, ол бұтақтың түбі шіріген екен, бұтақ сынып жерге түсті. Һәм Тарғын да бірге түсті. Тарғынның сонда бел омыртқасы буынынан шығып кетті. Сонда қасындағы үш жолдасы өздерінің найзаларын төрт бұрышты қылып қиындастырып, Тарғынның найзасының төрт бұрышына екі аяғын, екі қолын байлап, алдарына өңгеріп, екі айда Ханзада ханға алып келді. Ханзада бұл батырды неше кіре бақтырып қараса да, ешбір жазыла алмады. Жатқан орнынан қозғала алмады. Ол уақытта бұл Ханзада ханның елі Бұлғыр тау дейтұғын таудың ішін жайлайтұғын еді. Бұл Бұлғыр таудың ішінде алты бұлағы бар еді. Бұл Бұлғыр таудан ханның елі көшті де, баяғы қалмақтың жайлауы Шағанға барып қонды. «Тарғынды Шағанның бойына барып қонған соң қайтып келіп алармыз», – деп, Ақжүніс сұлуды, Тарғынды Тарлан атыменен, атын арқандап, алты-жеті күндік азығыменен жұртқа тастап кетті. Бұл тастап кеткен азығы таусылды. Ханзададан ешбір кісі келмей, Тарғын мен Ақжүністің азығы жоқ, арқандаулы тұрған Тарлан атты бағатұғын кісі жоқ, бұлар аштан өлім халіне жетті. Сол уақытта Тарғынға қайғы түсті. Мұның Қырым жұртында қырық құрдасы бар еді. Һәм бірнеше мырзалары бар еді. «Олардың қасында болсам, мұндай пәлеге ұшырамас едім, – деп, – менің бір қызға бола, өз жұртымнан айрылып, бұл жұртта жатқаным қате екен», – деп сөйлеп жылайды, жылайды да толғайды:

– Бұлғыр, Бұлғыр, Бұлғыр тау,
Бұлдырап тұрған құрғыр тау.
Қаптай қонар елім жоқ,
Елім, күнім кәрі боз.
Сөйлесетұғын тілің жоқ,
Ел таптырар ма екенсің?
Арысаң да жануар,
Көрсетер едің бір қара.
Саған мінер белім жоқ,
Белге қылар емім жоқ.
Бұ шамаға келгенде,
Ажалым аштан болды ма,
Ауызға жеуге жемім жоқ?
Егер өлсем бұ жерде,
Сүйегімді ұстар теңім жоқ!
Көк шалғынның үстінде
Көгеріп келіп жатырмын.
Үстіме киер кебін жоқ!
Еңіреп жүрген ер едім
Қаптаған қара борандай,
Өткені ме дүние боқ?!

Ащылы тоғай Алабас,
Ақ сары алдым Бозағаш.
Алтынды сарай, қара шаш,
Ала бастан боран бораса,
Бозағаштан борамас.
Тұлпардан туған талаудың
Артынан телміріп қиқу таянса,
Қара терге боялса,
Алдынан найза бойы жар келсе,
Жабыдайын жалтаңдап,
Жануар түсер жерін қарамас.
Қапыда өткен дүние-ай,
Тұяғына айдай таға қақтырып,
Еділдің күзгі қатқан көкше мұзында
Шауып кетсем тая алмас.
Қарындасы кімнің бар болса,
Жамандық жер кез келсе,
Көкіректегі жанын аямас.
Жаттың жаман болмағы,
Жамандық жер кез келсе,
Ат саурысын бір берсе,
Қайырылуға жарамас.

Шағанның бойын шаңдатып,
Кешегі кеткен ит ноғай
Жұртына тірі тастап кеткені,
Есімнен қалмас бүйткені!
Ақжүністей аруым,
Болғаныма мұнан да
Ит тигендей арам ас.

Көк көгершін, көгершін,
Көк кептер ұшар жем үшін.
Баданамды баса бөктеріп,
Қасыма жаттан жолдас ертіп,
Күн-түн қатып жортқанмын.
Атаңа некес қалмақтың
Жайлау, қыстау жері үшін,
Еділден шыққан ен Шаған
Қалмақтан ноғайға тартып әпердім,
Атамнан арыстан туған ер үшін.
Атаңа нәлет ноғай-ай,
Елемеді өзімді,
Сыйламады сөзімді!
Жаудыратып көзімді,
Тастап кетті жұртына
Бір мертіккен бел үшін.

Қапыда өткен дүние-ай,
«Тарғын, Тарғын» дейтұғын,
Қолынан сарқыт жейтұғын,
Жамандық жер кез келсе,
Қайрылмай кетпен дейтұғын
Қарасайұлы Көбенді,
Алшағырұлы Себенді,
Бірге жортқан жолдасым,
Бейілі жаман оңбас!
Осындай қиын жерлерде
Келмей кетті не үшін?!
Аяукенің ауыр қол
Алты күндей атысып,
Қара қанға батысып,
Бәрін бірдей қырғанда,
Саяға шығып тұрғанда,
Балалы марал келгенде
Қоянақұлы Қарт Қожақ
Баласын байлай атқанда,
Атқанына жығылмай баласы,
Ақсай басып өткенде,
Біздің деңге жеткенде,
Тарғын созып тартқанда,
Атқан оғы маралдың
Атасының қос жауырынынан өткенде,
Иегін сүйей жатқанда,
Қасымдағы қырық жігіт
Суыра алмады оғымды
Тасқа кірген тартқанда!
Қайда өткен дүние-ай,
Басымнан дәулеттің құсы ұшты ма,
Фәлактің қайғысы мұндай қысты ма?!
Ішім оттай жанады,
Жалыны жүрегімді шалады,
Бұ істерді айтқанда.
Дін кәпірге болмаған,
Оған тиген оңбаған.
Азнау деген аз қала
Алпыс атын бақтырған,
Үлкені һәр не қылса жақтырған.
Ақ сыбанның баласы
Ақ айуанды жүһудтің
Алпыс атын алған мен едім!
Сол сапардан үйге қайтқанда,
Балтаға бардым тал үшін,
Талды кестім сал үшін.
Айналасы алты айшылық Еділге
Тарланды талай-талай салғанмын.
Еділдің арғы жағында
Атаңа нәлет қалмақтың
Сыңсып жатқан малы үшін,
Аттанбадым олжа үшін.
Аттанғанмын кәуірге
Атамның ежелден
Ескі кегі бар үшін.
Қолаң шашты, қой көзді,
Қастауыш қасты Ақжүніс,
Айттым сені Құдай жолына.
Кешегі ноғай жұртына
Тастап кеткенде,
Көкіректегі шыбындай жан үшін.

– Айналайын, Тарланым,
Бектер мінген бедеуге
Сен тұрғанда бармадым!
Қырдан қиқу төгілсе,
Елге таман үңілсе,
Жалғыз-ақ сені қармадым!
Қыялай қиқу болғанда,
Қараңғы тұман толғанда,
Сеніменен еді дәрменім.
Мінбей, түспей қарыдың,
Арқанда тұрып арыдың.
Алдыңа келіп бітсейші
Қамысты көлдің құрағы.
Суғаратұғын балам жоқ,
Алдадан басқа панам жоқ,
Тәңірі қылды, шарам жоқ.
Маңдайыңнан ақсайшы
Құрғыр Қаратаудың бұлағы!
Қаламдай қасы сүрілген,
Оймақтай аузы бүрілген
Ақжүністей арудың
Алғанынан айырып,
Сөнгені ме, енді, шырағы?!

Құдіреті күшті Құдайым,
Ақжүністей арудың
Көз алдында көлбектеп,
Ашыққаннан еңбектеп,
Көзіме менің көрсетпей,
Алдыма келіп өлсейші,
Киіктің жалғыз жетім лағы!
Менің бүйтіп жатқаным –
Өз шәһарымның жырағы!
Еңірей-еңірей кетейін,
Қырымда қалған ерлердің
Есіткей тағы құлағы!
Сол батырлар келмесе,
Жайымды солар білмесе,
Кеткен жақтан қайрылып,
Бір-бірінен айрылып,
Екеумізге кім келсін?!
Атам қалды дейтұғын
Өзімнен туған балам жоқ.
Балам қалды дейтұғын
Атам менен анам жоқ!
Бауырым қалды дейтұғын
Ағам менен інім жоқ!
Белімнен басқа жарам жоқ,
Ауызға жерге парам жоқ.
Бір қайрылып келмеді,
Не болғаным білмеді,
Ер Тарғынды көрмеді.
Атаңа нәлет ақсүйек
Ойлай-ойлай қарасам,
Ханзада ханнан сараң жоқ.

Асыл туған Ақжүніс,
Күнді бұлт қоршайды.
Күнді байқай қарасам,
Күн жауарға ұқсайды,
Айды бұлт қоршайды.
Айды байқай қарасам,
Түн жауарға ұқсайды!
Көгілдірін еріткен
Көлдегі қулар шулайды.
Шулағанға қарасам,
Көктен сұңқар соғылғанға ұқсайды.
Бойды байқай қарасам,
Қол-аяғым көсіліп,
Аузы-мұрным ісініп,
Алланың хақ бұйрығы
Маған таянғанға ұқсайды.

Көктен бұлт сөгілсе,
Көктеп болмас не пайда?!
Көктегі жұлдыз сиресе,
Есептеп болмас не пайда?!
Көлденеңдеп тұрған тұлпарым,
Шабысыңнан маған не пайда?
Көріп алған көрікті едің,
Таңдап алған текті едің,
Маған теңіңнен сенің не пайда?
Алладан әмір болған соң,
Жас мезгілі толған соң,
Көрмеймісің жатқанын
Арыстаныңның бір сайда?
Қолаң шашты, қой көзді,
Алшаңдаған аруым,
Ажарыңды салма көзіме!
Раушан нұрың көргенде,
Өлейін деп жатсам да,
Қай-қайдағым құрсайды!

Мінбей-түспей қарыдың,
Арқанда тұрып арыдың.
Айналайын, Тарланым,
Бектер мінген бедеудей
Безектей басқан аяғын.
Сен тұрғанда бармадым,
Сен құлында емдің, тайда емдің,
Құнан жаста арда емдің.
Дөнен жаста үйреттім,
Алты қабат ала арқан
Жібектен өріп сүйреттім!
Бес жасыңа келгенде,
«Белдің қызығын көрсін» деп,
Бес бедеуге салдырдым.
Алты жаста ақтаттым,
Аттай мұрның танаттым.
Алшақтатып ойнаттым,
Арпа-бидай асаттым!
Жеті жасқа келгенде,
Жер төпелді желгенде.
Дұшпанның көзі қорықты,
Көлденеңнен көргенде!
Қандай қатын қинайды
Таудан асқан тұлпарым,
Иең Тарғын өлгенде?

От орнындай тұяқтым,
Омыртқаң бар отаудай.
Жаурыныңа қарасам,
Сыпыра шапқан тақтадай.
Құйрығыңа болайын,
Қынаптан шыққан қанжардай!
Жалыңа сенің болайын,
Күлтеленген жібектей!
Шықшытыңа болайын,
Оралып жатқан түбектей!
Құлағыңа болайын,
Көлге біткен құрақтай!
Қабағыңа болайын,
Қара албасты қабақтай!
Бауыздау жеріңе болайын,
Піскен алма сағақтай!
Екі көзіңе болайын,
Қорқыттан жанған шырақтай!
Танауыңа болайын,
Тығынын алған шелектей!
Бауыздау жеріңе болайын,
Сарттың мақтадан соққан келептей!
Омырауыңа болайын,
Еділден шыққан аңғардай!

Телміріп қиқу келгенде,
Шұбар туды шұлғанып,
Қара терге бұлғанып,
Ақ сүңгіні қолға алып,
Мінер ме еді заңғарды?!
Сауырыңа болайын,
Зәнтекті қара көмірдей!
Сүбелік жеріңе болайын,
Тастан соққан қорғандай!
Жамбасыңа болайын,
Ұста соққан сандалдай!
Тұрпатыңа болайын,
Тұлпардан туған жорғадай!
Қартайғанша мінбедім,
Өлгеніңше дәурен сүрмедім!
Ойлап келіп қарасам,
Жігіттегі мен байбақ
Болғаным тағы сор маңдай!

Енді Тарғын Ақжүніспенен, атымен амандасып болды. Сонда Ақжүніс ойлайды: «Мен Қырымда болсам, асыл ханның қызы едім, бұл ел-жұртынан, атасынан, анасынан айрылып, мені осындай алыс жерге жолдас қылып алып келіп еді, бұл ғой өзі өлейін деп жатса да, менімен, атымен толғауменен амандасты. Енді мен де толғап, мұнымен амандасайын! Егер де дүниеден көше қалса, бұл батырдың маған көңілі қош болсын!» – деп. Сонда Ақжүніс толғайды:

– Арыстанымның барында,
Оқалы байпақ кигенмін,
Оқасын жерге төгілтіп.
Әлде неден азғырдың
Асыл туған арыстанды
Әзіз жаннан түңілтіп.
Атасы басқа жат ру
Жаман екен, дүние-ай!
Тастап кетті жұртына,
Екі бірдей асылды,
Асылдан шыққан нәсілді!
Екеумізді үңілтіп,
Қосаяқтай көшкенде,
Қатар-қатар қара нар
Көш болып қашан түзелер?
Қыл жалаулы қалмақтан
Дүркін-дүркін қуалап,
Келіп тұрған көп жылқы
Қашан келіп күзелер?
Байлауда қалған ақсұңқар
Бұрынғыдай бола алмас,
Көлден үйрек ала алмас.
Күндердің күні болғанда,
Құрағытып барып түленер.
Кетпек болсаң, алғаным,
Нағылғаным сенен қалғаным?!
Кетемін деп шыныңды айт,
Артыңда қалып не етемін?
Алдыңда сенің кетемін!
Арыстан кетіп, мен қалсам,
Артыңда қалған бейбағың
Құрсаулы шелек қолға алып,
Қай шәһардан тіленер?!
Сүйіп мінген Тарланың
Басын көкке қаратып,
Бауырынан жаратып,
Тұяқтан ұшқан тозаңын
Жауырынан жауған қардай боратып,
Арқадан соққан борандай
Жер түбіне желген ер!
Атасы нәкес кәуірдің
Мәстегін айдап келген ер!
Бекіре ойнар ақ теңіз
Өңгеге терең болса да,
Сіз өтейін дегенде,
Белгілі өткел болған ер!
Ит мінезің ұстаса,
Қайсардың қара тасына
Қарауыл салмай қонған ер!
Шыныңменен тілесең,
Қайда кетті тілегің,
Тәңірің тілек берген ер!
Баданаңды баса бөктіріп,
Жаттан жолдас ертіп,
Еділ, Жайық – екі су
Ерінбей жорытып, дүние-ай,
Басы-аяғын көрген ер!
Ерлігіңде шама жоқ,
Ағаштан белің мертігіп,
Қызметші қара құлдарша
Қорлықпенен өлген ер!
Қай батырдан кем едің,
Өлерде болдың қара жер!

Бұл Тарғын ойлайды екен: «Мені жұрт ағаштан құлап өлді демес, Шағанның бойындағы көп қалмақты асырамын деп жаудан өлді дер», – деп. «Қатыным бұлай деген соң, басқа жұрт та мені ағаштан жығылып өлді дер. Ойлап тұрсам, менің мұным бек ұят екен», – деп, бек қатты қорланды. Бұрын емшілерге белін қаратқан уақытта, белін бастырмайтұғын еді. Қаһары келген соң, «Бүйтіп жатқанша, біржолата өлейін», – деп, белін қолымен басып қалғанда, бел омыртқасы сырт етіп, орнына түсіп кетті.

Алты құлаш белбеумен
Алып, белін орады.
Алдадан медет сұрады,
«Бабадан жәрдем болғай!» – деп,
Таяна барып тұрады.
Тұрмасына арланды,
Төңірегін қарманды,
Ақжүніске сөйледі:
«Берер болғай, Тәңірім тілекті,
Қуантар болғай жүректі.
Алып кел, Жүніс, Тарланды!»
Алып келді Ақжүніс
Шұбала басып Тарланды.
Арқада тұрған Тарлан да
Хайуан бұ да зарланды.
Алып келді, ер салды,
Оңалмаған енді не қалды?!

Атын ерттеп болған соң, Тарлан атқа екеуі мінгесті. Ақжүніске барша қару-жарағын асындырды, алдына мінгізіп өзі артына отырып, Ақжүніске ұстатып: «Кеше жұртына тастап кететұғын ноғайдың еліне қарай жүр», – деді. Ал енді жүрді.

Бір уақыттар болғанда,
Бұл Тарланы пысқырды.
Пысқырғанменен қоймады,
Және жерді тебінді,
Хайуан бүйтіп не білді?

Сонда Тарғын Ақжүніске айтты:
– Әй, Ақжүніс, бұл Тарлан қашаннан бергі менің жолдасым, хайуан да болса мұның сыры маған белгілі, – деді. – Бұл Тарлан артынан бір нәрсе келе жатса пысқыратұғын еді, егер де алқынып терге бұлғанып шабылатұғын болса, жер тебетұғын еді, һәм бұл екі әдетін бірдей қылды, жан-жағыңа қарашы, бір кісі келе жатпасын, менің бұрылып қарауға әлім келмейді, – деді. – Менің ауру, науқас әлім бар, біз бүйтіп келе жатқанда, бір жау болып беймаза етіп жүрмесін, – деді. Ақжүніс олай-бұлай қарады да:
– Ешбір нәрсе көрінбейді, бірақ алдыңғы жағымызда бір-екі қара көрінеді, – деді. Сонда Тарғын сөйлейді:

– Хақ Тағала Құдайым,
Ақ тарыдай ақтарып,
Шешіп жаздың белімді!
Белім түсіп орнына,
Тағы іздедім кешегі
Тастап кеткен елімді.
Елдің шеті бола ма,
Емескі екі қара көрінді?
Сен, Тарланым, пысқырма,
Таудан үлкен күш қылма!
Көрінген қара ел болып,
Ең кірістен жау шапса да,
Бір шығарман теріңді!
Кім үшін сені қинайын,
Бір омыртқам мертігіп,
Жалғыздығым білінді!
Ару, саған ұнаса,
Кел, тапсам қайтер екен жөнімді?

Солай деді де, Тарғын аттың басын тартып тұрады. Сонда Ақжүніс айтады:
– Бұлай етпеңіз, беліңнің жазылғандығын білдіріп, бұл тастап кеткен ноғайдың ішіне барып хан халқына көрініп, жақсысына ой салып, жамандарын қорқытып, сүйтіп қайтыңыз! – деді. – Егер де бармай, қайтып кетсеңіз, «Қырым халқынан Ақша ханның қоластынан бір Тарғын деген батыр келіп омыртқасы сы нған соң, қайтып бұйымға аспай қарға-құсқа жем болып, Бұлғыр таудың бұлағында өліп қалды» дер, – деді. Тарғын: «Ендеше, жүр», – деді. Бұл екеуі ел шетіне келіп түсті, елге бармады.
Бұл Тарғын мен Ақжүністің келіп түскенін қойшы, малшы көріп, таныды да, елге шауып барып, хабар берді. «Тарғын келді», – деп, ел биге шапты, би ханға шапты. «Тарғын батыр ел шетіне келіп түсіпті», – деп. Бұл уақытта ханның еліне кешегі Шаған бойынан Тарғынның қуып жіберген көп қалмақ келіп қамап жатыр екен, «шабамын» деп. Шабамын десе де, шаба алмай жатыр екен. Шаба алмай жатқаны – оның үшін Ханзада ханның бір сұлу қызы бар екен. «Сол қызыңды берсең, шаппаймын, егер де қызыңды бермесең, шабамын», – деп, сол қызды алу үшін шаппай жатыр екен. Ал олар олай-бұлай деп өтірікпен жұбатып жатыр екен. Тарғынның келгенін естіген соң, ханы, халқы, мырзасы, биі – баршасы жиылып барып көрісті, отырысты.
– Айыпқа бұйырмаңыз, сізге бара алмадық, оның үстіне жұртымызға жау келіп жатыр еді, – деді. – Бұл уақытта өзіміз бек қатты қайғыдамыз. Өзіңіз аман-есен жазылып келдіңіз бе?
Батыр айтты:
– Иншалла, шүкір, келдім, – деді. Хан айтты:
– Бұл қалмақты әуелгідей қырып, қуып бізді бұл жаудан бостан қыл! – деді. Сонда Тарғын айтты:
– Менің аз жерде жауға шабатұғын қуатым жоқ, – деді. – Бұл әскер-ләшкердің қашатұғын айласын мен сіздерге үйретейін, өзіңіз барыңыз сол үйреткен менің айламмен. Үйреткен айламды қылсаңыз, өздеріңізден де қашар, – деді. Онда хан айтты:
– Ондай шабуға әліңіз жоқ болса, үйретіңіз! – деді. Сонда Тарғын үйретті. Үйретерде сөйледі:

«Ауан, ауан, ауан су,
Ауандап үлкен балық жүзген су.
Қараша құбан қанды су,
Ақ туған бұдан жанды су,
Үш өзен Самар даңды су.
Су болғалы екеуі,
Кәпір менен мұсылман
Ерлеріменен даулы су.
Даулы жерде тұрмаймын,
Мен кетемін, кетемін,
Кеткенменен айдалаға кетпеймін,
Айналып Еділді өтемін!
Қадір білмес сен итке
Қарашы болып нетемін?!
Иірімі жоқ суларға
Иірілген шабақ не табар?
Қайрымы жоқ сұлтанға
Ерген нөкер не табар?
Қатын қалса бай табар,
Қарындас қалса ер табар.
Талапты туған жігітке
Тәңірім қайғы бермесін!
Алтыннан соққан кеудесі,
Ат басындай шер табар.
Әй, жебір сұлтан, сен білмейсің,
Елден кеткен ер жігіт
Ылғидың құба жонында
Тәңірім жөнін берген соң,
Тарланға мінгесіп жүріп жөн табар!
Мінбей, түспей қарыған,
Арқанда тұрып арыған.
Тарлан жауға мінілмес,
Мінілсе де бұ Тарлан
Бұрынғыдай жүгірмес.
Қалған белім үзіліп,
Балдағы алтын ақ болат
Енді белге ілінбес,
Ерлігім жауға білінбес.
Шығыршығы шираған,
Бадана көзді кіреуке
Шарайна бес қабат.
Жау қарысы жетпеген,
Жез айырдың оғы өтпеген.
Сатуға басын сұраған,
Сан ділдаға бітпеген.
Енді үстіме киілмес,
Батыр жауға шүйілмес.
Неге десең, сұлтаным,
Қатып қалған көнім бар,
Шілде түспей жібімес.
Қатты қалған көңілім бар,
Май құйсаң да ерімес.
Жебір сұлтан, сен білмейсің,
Мен бір аңқау туған бөрімін.
Көп екен деп саған иек сүйемен,
Нәсібімді бір Тәңірден көрермін.
Бұл барғаннан барармын,
Қырымға таман барармын.
Қырымда қалған қырық құрдас
Қырқын қасқа алармын!
Алда маған жол берсе,
Бері қарай сұлтаным,
Сапарланып салармын.
Есен барып, сау келсем,
Домалатып басыңды алармын,
Жұртыңа бүлік салармын!»

Тарғын мұны айтты да:
– Жаудың қашатұғын айласы осы, кет көзіме көрінбе! – деді. Тарғынның бұл сөзіне ханы, халқы қорықты. Ханзада хан айтты:
– Олай болса райыңыздан қайтыңыз? – деді. – Бұлғыр тауға сені жалғыз тастап кеткендігімнің ұятынан Ақжүніс сұлудың үстіне саған жалғыз қызымды берейін, – деді. – Жығын жұртымның саған бармаған айыбы үшін қолыңды бер! – деп қолын алды. Сонан соң бұл батыр райынан қайтты да, Ханзада ханның ордасына келді. Бірнеше күнде белінің ауруы бітіп, жазылды. Баяғы келіп жатқан қалмақ Тарғынның келіп жатқанын білмеді. Қызын бермеген соң, атқа мініп, ханның елін шаппақ болып, барабандарын соғып, ханның үстіне келді.

Жау келгенін білген соң,
Бұл әскерді көрген соң,
Сар ала туы салбырап,
Сауытының шашағы
Тұс тұсына саудырап,
Қабағына қар жауып,
Кірпігіне мұз тоңып,
Жаурыны жазық, мойны ұзын,
Атарына қолы ұзын,
Құланды қақтан қайырған,
Егескен ханды елінен
Алтын тақтан айырған.
Ертеңнен салса түске озған,
Ылдидан салса төске озған.
Оза-оза зырлаған,
Басын тартса болмаған,
Көк айыл болып көпірсе,
Айшылықты алты аттауға ойлаған.
Артынан қиқу таянса,
Қара терге боялса,
Дамбауыл көрсе қарғыған,
Қарғи барып атылған,
Атыла барып тік түскен.
Аяғының даңымен
Қазандай тасқа жік түскен.
Томаға көзді Тарланды
Жауға қарай тебініп,
Жалмауыздай емініп,
Толып жатқан әскерге
Келді Тарғын желігіп.
Алты құлаш ала атпен,
Үсті толған болатпен,
Сайдан шыққан құла атпен
Көңілін тоқсан бөледі.
Бұ да айтулы ер еді,
Келе жатқан Тарғынды
Сонда байқап көреді.
Қалмақ тағы болмаған,
Домбауыл деген бір жайсаң
Жекпе-жекке Тарғынға
Соғысуға келеді.

Келе қалмақ сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Алайын десем оңайсың,
Алмайын десем тоғайсың.
Айтшы маған жөніңді,
Нағылып жүрген ноғайсың?»
Сонда Тарғын сөйлейді,
Сөйлегенде бүй де йді:
«Асудан асу бел – дейді,
Аса соққан жел, – дейді.
Сұрасаң жөнімді айтайын,
Әкең Тарғын мен, – дейді,
Іздегенім сен, – дейді.
Еркек қара қарғадай,
Қоқаңдаған өлім құл,
Сен де бір жүрген ер, – деді,
Қағысалық кел», – дейді.

Домбауыл сонда сөйлейді:
«Асу да асу бел, – дейді,
Аса соққан жел, – дейді.
Қарсы алдыңнан қарасам,
Жасың кіші жас ұлсың,
Кезегімді бер!» – дейді.

Толғана мойнын бұрады,
Алдадан пәрмен сұрады.
Қашатұғын қатын ба,
Табатұғын сарсаң ба?
«Кезегім бер» деген соң,
Қасқайып қарап тұрады.

Атаңа нәлет ит қалмақ
Қорамсаққа қол салды.
Суырып алған қу жебе,
Көп оғына жол салды.
Кезегендей қалады,
Созағандай алады.
«Тарлан аттың басы, – деп,
Алтынды ердің қасы, – деп,
Қақ жүректің тұсы, – деп,
Өлер жерің осы!» – деп,
Толғанып тұрған Тарғынды
Толғап атып салады.
Кірістен шығып кетеді,
Тарғынға таман жетеді.
Тоғыз қабат торғауыт –
Сегізінен өтеді.
Жыртыла жазды сауыттың
Қатарлатқан жағасы.
Қабыл еді Тарғынның
Ежелден бермен тобасы.
Өтер еді мұнан да,
Жібермеді бұл оқты
Сиынып жүрген Тарғынның
Бәтуашы бабасы.
Сонда Тарғын сөйлейді:
«Атаңа нәкес, ит Домбауыл,
Атың мінген күймелі,
Ақ сауытың түймелі,
Кесілмесем қарымнан,
Айрылмасам барымнан,
Қасқайып қарсы тұр солай.
Мен тартқан соң көрсетпен,
Бәлем, саған дүниені-ай!»

Желігіп келген Ер Тарғын
«Алла!» – деді, ақырды,
Аруағын судай сапырды.
«Иә, бабам!» – дей берді,
Жарандар қамын жей берді.
Қорамсаққа қол салды,
Бір салғанда-ақ мол салды.
Кезегендей қалады,
Созғандай алады.
«Алаша аттың жасы, – деп,
Қалмақы ердің қасы, – деп,
Қақ жүректің тұсы, – деп,
Өлер жерің осы!» – деп,
Толысып келген қалмақты
Толғап Тарғын салады.

Зырқырай оғы кетеді,
Қалмаққа таман жетеді.
Көкірек қысқан көбеден,
Қалмады қабыл жебеден,
Зырлауменен өтеді,
Бұған тоқтар қайрат па,
Мұнан да өтіп кетеді.
Бір төбеге жетеді,
Төбені төңкере тастай кетеді.
Атқан оғын көрген соң,
Мықтылығын білген соң,
Аттанып келген әскердің
Көңіліне қайғы бітеді.
Оқ тоқтаған кезекте,
Домбауыл барып құлады,
Туы қолда тұрмады.
«Лалай, лама лух», – деп,
Бәлем қалмақ сұлады.
Толып жатқан көп қалмақ
Атына өпшін жабады.
Ары-бері кеңесіп,
Ақыл-айла табады.
Тарғындайын батырды
Тұрған жерде қамады.
Қамағанын көрген соң,
Жалғыздығын білген соң,
Сонда Тарғын сөйледі:
«Олайым да бұлайым,
Көтере көр, Жаппар Құдайым.
Алты мыңдай ауыр қол,
Өзіңнен медет болмаса,
Бұған не амал қылайын?!
Жаман-жақсы болса да,
Алданың бұлай әмірі.
Қорлық берді басыма,
Жақындап келді қасыма,
Нағылып бұған шыдайын?!
Алты қырлы ақ мылтық
Ата алмасам маған серт!
Мен атқанда ұсынып,
Ұта алмасаң саған серт!
Қозы жауырын қу жебе,
Алтыннан ойған алпыс кез,
Тартатұғын шақ болды,
Жан-жағыма жау толды.
Қиғаш салып жауырыным,
Тарта алмасам маған серт!
Талайдан бермен жұмсаған,
Қан көрмесең сусаған,
Қанға тойсаң жусаған,
Тауға салсам тас кеткен,
Кеудеге салсам бас кеткен,
Алты аршын ақ болат
Қынаптан алып суырып,
Шаба алмасам маған серт!
Қанға тойсаң саған серт!
Айдаһардың тіліндей,
Салсам кеткен білінбей,
Қарағайға самғатқан,
Шұбар туға шұлғаған,
Аруаққа көрсетіп,
Талай жауға мақтатқан,
Төрт қырлаған көң сүңгі
Жау ішінде жалданып
Толғамасам маған серт!
Толғауыма шыдамай,
Толықсынсаң саған серт!
Қысқа бақай, тар мықын,
Кебеже қарын, кең құрсақ,
Құлжа мойын төгерек,
Ұмтыла шапқан Тарланым,
Алты мыңдай кісі екен,
Тіл жіберсең саған серт!
Сен желігіп жүргенде,
Таяна шапса маған серт!
Тауыса шапса бұ жауды,
Сонда бітер Тарлан бәйгесі.
Осындай жауды көрген соң,
Жау екенін білген соң,
Керегелеп кірген соң,
Қаса қатын болмаса,
Бізге ұқсаған ерлердің
Көкірегінде болар ма
Қайран Тәңірім қайғысы?!»
Алтыннан соққан кіселі,
Әжептәуір мүшелі.
Бұлайша толғап Ер Тарғын,
Енді атынан түседі.
Қысқартты келіп құйысқан,
Өзінде жоқ Тарғынның
Алдадан басқа туысқан.
Мұндай, мұндай жауларға
Неше дүркін жуысқан.
Жуысқан жаудың жүрегі
Мұз құйғандай суысқан.
Тартты бекем айылын,
Жасынан көрген қайынын.
Білмесеңіз Тарғынның
Білдірейін зайырын.
Шабайын деп батыр тұр,
Қырылуға кәпір жүр,
Алда берсін қайырын.
Мінді батыр еріне,
Іздеген жауға көріне.
Келген қалмақ жолықты,
Тарғын сынды бөріге.
Кеудеден жаны кетпесе,
Әл-қуаты бітпесе,
Тарғын намыс берер ме?!
Ақыл-айла табады,
Келді қалмақ қамады.
Сарала туы салбырап,
Қабағы тастай түйіліп,
Аллалап Тарғын шабады.
Ай бетінен кіреді,
Күн бетінен шығады.
Қойға кірді бір бөрі,
Бүріктіре қырады.
Талай қалмақ құлады,
Ер қайратын сынады.
Атысқан жауы артық көп,
Қай уақытта тынады?
Сүйтіп мінген Тарланға
Басты келіп дойырды.
Тарлан салды мойынды,
Толып жатқан қалмаққа
Тарғын салды ойынды.
Талай қалмақ жиылды,
Қару қанға тойылды.
Бір уақыт болғанда,
Салды келіп қамшыны-ай.
Сауырынан тер кетті,
Көктен құйған тамшыдай.
Қысылды-ау батыр, қысылды,
Қысылмай батыр не қылсын,
Сауытын қанға малшыды.

Бір уақыт болғанда,
Толғады батыр найзаны.
Жалғыз жаумен ойнады,
Жауды еркіне қоймады.
Көтеріп салған көк сүңгі
Тіріде қанға тоймады.
Бір уақыт болғанда,
Суырды белден қанжарды.
Жауға таман ол барды,
Қалмақтың көбі жалбарлы.
Жалбарлыны сермеді,
Іліндірді сағақтан,
Бауыздады тамақтан.
Қарсы алдынан қараса,
Адам шыдар ер емес,
Қар жаудырды қабақтан.
Бір уақыт болғанда,
Қынабынан суырды
Қиялай тартып қылышты,
Жалғыз жаумен ұрысты.
Жау қарасын көрген соң,
Ұмытылмай кетер ер ме еді?
Ет арқасы құрысты.
Ердің жаудан қашуы
Шариғатта дұрыс па?
Алты күн айғай салғанда,
Жетінші күн болғанда,
Тарлан сонда дүзеді,
Жылмия басып жүрісті.
Сегізінші күн болды,
Көп қалмақтың басына
Атайтұғын түн болды,
Ер жігітке сын болды.
Қорамсақтан суырды
Қуалай тартып садақты-ай.
Келген қалмақ көп еді,
Көп те болса қалмақтан
Алты күн айғай салғанда,
Азғантай қалды қадақтай.
Тоғызыншы күн болды,
Мойынынан алады
Атайын деп мылтықты-ай.
Неше батыр болса да,
Түтінін қосты түтінге.
Ынтықты-ай батыр, ынтықты-ай,
Санын садақ үзген көп қалмақ
Сынған санын сүйретіп,
Тарғынның күшін көрген соң,
Қашты сайға сылтықтай,
Тап он бір күн болғанда.
Ердің жүрген намыспен,
Күні-түні шабыспен,
Қиқу салған дабыспен
Ұмытыла шапқан Тарланның
Мойнынан жал кетті,
Аяғынан әл кетті.
Неше жүйрік болса да,
Бір тынымы болмады,
Болдыратұғын күн бітті.
Мойнын барлай қараса,
Өкпе-бауыр жалы бар.
Аяғын барлай қараса,
Болар-болмас әлі бар.
Он екі күн болғанда,
Болдырды дейді жануар.
Аруағы қашты кәпірдің,
Сұсы басты батырдың.
Болдырған соң Тарланға,
Қаһары келді бақырдың,
Басты келіп тепкені.
Сонда Тарлан ұмтылса,
Әлі де болса бедеудің
Үй жыққандай екпіні.
Жауды қоймас білемін,
Бұл батырың сықылды.
Нағылып қойсын бұ жауды,
Ежелден жауға әйгілі
Тарғын ердің ерлігі.
Бұл уақыт болғанда,
Қарайды да күн батты,
Сарғайды да таң атты,
Қызара келіп күн шықты.
Күн шыққанда қараса,
Болған екен тамаша.
Қырылып жауы батырдың,
Өзі қайтты оңаша.
Астына мінген Тарланның
Тұрпатына қараса,
От орнындай тұяқтан
Оймақтайы қалыпты.
Етектейін ернінің
Екі елісі қалыпты.
Қиған қамыс құлақтан
Бір тұтамы қалыпты.
Жалбыраған жалынан,
Жалғыз қарыс қалыпты.
Бір құшақтай құйрықтан
Бір уыстай қалыпты.

Тұла бойын қараса,
Он жеті жерден жаралы,
Сонда да Тәңірім алмайды,
Ол жараға болмайды,
Әлі де ойын салады,
Қос тізгінін созады.
Артынан қиқу таянса,
Ет арқасы қызады.
Қос тепкіні салған соң,
Қамшыны басып алған соң,
Шаршады Тарлан десек те,
Жер басқаннан озады.
Отырысы нән болып,
Тұла бойы қан болып,
Жүрген жері шаң болып,
Көргендерге таң болып,
Төскейден тұман желеді,
Көңілін жауға бөледі.
Ханзада сынды ханына,
Қара ноғай еліне
Аман-есен келеді,
Бірін-бірі көреді.
Ханы, биі, мырзасы
Иіліп сәлем береді.

Бұл Тарғын жаудың қырғанын қырып, қашырғанын қашырып, аман-есен келіп, Ханзада ханға көріскен соң, мұның қуанышына ат шаптырып той қылып, арап-шарап ішіп, тойдың қызығымен таңның атқанын, күннің батқанын халық білмеді. Олай да болса хан «қызын беремін» деген уәдесінде тұрып, қызын бермеді. Хан айтты:
– Жеті атаңнан бергіңді сұрап келіп отырсам, қожа мен төреге ешбір шатасқан жерің жоқ екен. Соның үшін саған қызымды беруге аталарымның аруағынан қорқамын, – деді. – Енді бұл он сан Орманбеттің ішін қыдыр, қандай сұлу қыз тапсаң да алып берейін, – дейді. Сонда Тарғын айтты:
– Биылғы Бұлғыр таудың ішіне жалғыз тастап кеткеніңнің күнәсін кешіп едім, енді бұл қызды беремін деп жауыңды қырдырып алып тұрып, қызыңды бермегендігіңді кешпеспін, – деп, Ақжүністі алды да, Қырымға қарай жүре берді. Сонан соң хан елі бек қатты қорықты. «Бұл кетіп, қайтып келген соң, бізді жаман қылар», – деп малын баға алмады, отын жаға алмады, ас іше алмады. Ханы, халқы жақын болды, сонда жұрты әбігер тартты. Ол уақытта жүзден асып жатқан бір Сыпыра жырау деген бар еді. Ол Сыпыра жырау өз өмірінде қолынан тоғыз ханды өткізіп, толғау айтып, тоғыз ханды түзеткен кісі еді. Жұрт сасқан соң, ханы, халқы жиылып, Сыпыра жырауға жиылып барды да, Сыпыра жыраудан сұрады:
– Біз Тарғын батырды екі алдадық, әуелі «Бұлғыр тауға жалғыз тастап кетіп, қайтып келеміз» деп, келмей кеттік, екінші «қызымды беремін» деп жауымызды қырдырып алып, бермей қалдық, сонан соң ол ашуланып «Қырымдағы қырық құрдасымды алып келіп, жұртыңды қырамын» деп кетті. Ол өзі Қырымнан қыз алып қашты, ханына қылмысты болып жүрген кісі еді, ол жұртына барып мұнда қайтып келер ме, иә болмаса ол бізге өтірік айтып, алдап бізді қорқытып кетті ме? Соны болжап бізге айтшы, көпті көрген көне едің, әрне десең сіздің ақылыңызбен боламыз, – деді. Сонда Сыпыра жырау айтты:

«Хан менен төрем келіпсің,
Би мен мырза отырсың.
Бізге ақыл салсаңыз,
Біздің тілді алсаңыз,
Тарғындайын батырға
Жиылып барып бәріңіз,
Қараң түгіл ханыңыз,
Қимылдаған жаныңыз,
Батырды еске алыңыз,
Етегіне басың салыңыз!
Егер кетсе еліне,
Тату болып қалыңыз!
Буырқанып, бұрсанса,
Мұздай темір құрсанса,
Жыртпай кетпес жағаңды,
Жаңылтар келсе тобаңды.
Шулатпай кетпес балаңды,
Қан етпей кетпес қалаңды.
Бір түбектей бір қылар
Жалпы жатқан далаңды.
Қырым деген ағаңды,
Ағаның ісі жаман-ды».

Сонда хан қызын бермек болып, Сыпыра жырауға айтады:
– Біздің шаһарымыздың ханының да, халқының да өтірігі шықты. Біздің ішімізде тілімізге нанатұғын бір кісіміз қалмады. Оны нағылып тоқтатамыз? Осы өз қоластыма қараған кісімнен сол Тарғын тіліне нанатын бір кісі тауып бер, – деді. Сонда Сыпыра жырау айтады:

«Батырдың жіберіңіз артынан
Қызметін қылған бүлініп
Қара ноғай халқынан.
Қасына ерген баяғы
Қарасайұлы Көбенді,
Алшағырұлы Тегенді,
Өмірұлы Себенді.
Аруақты туған ерлердің
Алдаға берген уәдесі бар болар.
Қызмет жасаған қосшының
Тарлық жері тап келсе,
Тілегін бермей кетпен деген-ді».

Бұл үш кісі Тарғынның
Соңынан қуып кетті енді,
Батырға қуып жетті енді.
Етегіне басын салды енді,
Ашуын тілеп алды енді.
Елге қарай жүрді енді,
Ел ішіне кірді енді.
Ханы, халқы жиылып,
Хан ордаға кірісіп,
Бірін-бірі көрді енді.

Бұл Тарғын ханның үйіне келген соң, ханы, халқы жиылып, хан өзінің ұятынан ешбір сөз бастап айта алмады. Һәм Тарғын да ешбір сөз бастамады. Сонда Тарғын батырға қарап тұрып Сыпыра жырау сөйледі:

«Ай, батырым, батырым!
Тауда Тарлан ақырса,
Тас інінен бөріні
Ару сұңқар шақырса,
Көгілдірін ертіп,
Көлден қулар ұшар ма?
Әділ туған хандары
Қара берен батырға
Беремін деп бермеді,
Өтірік сөзден өлмеді.
Бұл сықылды хандары
Бұл сықылды батырды
Жалған сөзбен қысар ма?
Хан мен қара келген соң,
Сіз сықылды батырға
Ашуын бермей кетсе ұқсар ма?

Ай, батырым, батырым,
Сөз айтады алдыңда
Сыпыра жырау пақырың.
Ханы, халқың жиылып
Айтып отыр біздерге.
Құлақ салып тыңдасаң,
Біз айталық сіздерге.
Аруақты туған ер болсаң,
Нағыласың бұл қызды?!
Жас баладай жайдақтап,
Жас тайлақтай ойнақтап,
Шыға берме түздерге!
Мына отырған ханыңыз,
Қимылдаған жаныңыз,
Сый қылады, алыңыз!
Қара лашын береді,
Көлден көлге салсайшы!
Қара арғымақ береді,
Елден елге мінсейші!
Ақ падиша жіберген
Балдағы алтын ақ берен
Мұны сізге береді,
Аш беліңе ілсейші!
Бадана көзді кіреуке
Мұны сізге береді,
Баса келіп кисейші!
Нағыласың бір қызды?
Бес жүз атан береді,
Шағаннан көшсең суытып.
Бес жүз бие береді,
Желеп мұны байлашы!
Нағыласың бір қызды?
Бес жүз ауыл береді,
Өз алдыңа сұлтан боп,
Сүйген жерің жайлашы!
Неше батыр болсаң да,
Алмаймысың бұл сыйды?
Миың болса басыңда,
Айтып тұрмын қасыңда,
Осы жерін бір ойлашы!»

Бұл батыр енді райынан қайтып, ханның, халықтың берген сыйын алды. Қара ноғайдың ханы, халқыменен татуласып табысты да, Жанарыстан Үш Тарғын деген тауға барып, жайлады һәм қыстады. Һәм су жерді мысыр етті. Сол елге Тарғынның өзі хан болды және батыр болды. Сүйтіп жүргенде Тарғынның өзі қартайды, ажал келіп дүниеден көшті. Бұл Ақжүністен бір Арда би деген ұл туды, бұл да бек ер болды, бек асыл би болды. Ардадан екі бала туды. Үлкені – Әжікерей мырза. Әжікерей мырза жиырма жасында дүниеден өтті. Енді жеті жасар кенже баласы Айқожа қалды. Бұл Айқожа бес қалаға хан болды, сөйтіп, жұрт иесі болып, хан болып, таққа мініп, бес қаланы билеп, мұратына жетті.