ӘУЕЗОВ ИНСТИТУТЫ

Түркі халықтарының фольклорлық мұрасы

Қобыланды батыр

«Қобыланды батыр» – қазақ халқының қаһармандық жыры. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Орталық ғылыми кітапханасы мен М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында жырдың 29 варианты: Марабай, Дәулетше, Көшелек, Мұсабай, Мергенбай, Айса, Мұрын, Нұрпейіс, Ержан, Әбілқайыр, Құлзақ, Дүтжан, Нұрсейіт, Біржан т.б. нұсқалары бар. Жыр нұсқаларының ішінде көркем үлгілерінің бірі және баспа арқылы ел арасына кең тарағаны Марабай – Мергенбай нұсқасы.
Жырдың композициясы Қобыландының Қазан ханға қарсы аттануы, Тайбурылдың шабысы, Қазанның Сырлы қаласын, артынша алты қабат ормен қоршалған Қырлы қаласын шабуы, Қобыланды мен Қазанның жекпе-жек ұрысы, Қобыландының Көбікті ханды жеңуі, Қобыландының Алшағыр ханмен соғысы, елін азат етуі сияқты эпизодтардан құралған.
Жыр үзінділері ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап баспа бетінде жариялана бастады. Жырдың бір нұсқасын 1860 жылдары көрнекті ағартушы Ы. Алтынсарин атақты Марабай ақыннан жазып алып, жырдағы Қобыланды батырдың тұлпары Тайбурылдың шабысын суреттейтін үзіндіні «Киргизская хрестоматия» (1879) атты кітабының бірінші бөліміне енгізген.
Жырдың әр түрлі нұсқаларынан алынған үзінділер «Дала уәлаяты» (1899), «Туркестанские ведомости» (1899), «Тургайская газета» (1901) газеттерінде және Орынбор мұрағат комиссиясының еңбектерінде (1910) басылды. 1914 жылы Біржан Толымбайұлы орындаған «Қара қыпшақ Қобыланды батыр» жырының бір нұсқасын Махмұдсұлтан Тұяқбаев Қазанда бастырып шығарды. Кеңес дәуірінде «Қобыланды батыр» жыры бірнеше рет басылым көрді. 1922 жылы Ташкентте Әбубәкір Диваев «Батырлар» деген топтамада жариялаған. Жырды Ақмешіт уезінің қазағы Мұрат Өскенбаев жіберген. 

kobylandy

С. Сейфуллин құрастырған «Батырлар жырының жинағында» (1932), С. Мұқановтың алғысөзімен жарық көрген «Батырлар» жинағында (1939), оқу құралдары мен хрестоматияларда, «Батырлар жыры» жинағында (1959, 1963), жеке кітапша түрінде (1968), жырдың ғылыми басылымында (1975), «Ақсауыт» жинағында (1977), «Халық ауыз әдебиеті» көптомдығында (1986), «Бабалар сөзі» жүзтомдығының 35-38-томдарында (2006), «Дала фольклорының антологиясының 1-томында (2019), «Қобыланды батыр» жетітомдық жинағында (2023) жарық көрген.
Жинаққа 1914 жылы Қазанда жарияланған жыр нұсқасы енді.

«Қобыланды батыр» жырын Ақан Әбдіуәли оқиды.

«Қобыланды батыр» жыры

Бұрынғы өткен заманда Тоқтарбай деген бай өткен. Төрт түлігі сай өткен. Тоқсан тоғай толы малы бар еді. Ол малды бағатын тоқсан құлы бар еді. Тоқсан құлдың бастығы Естімше деген еді. Бұл Тоқтарбайдың еш перзенті жоқ еді. Мал иесіз болған соң Тоқтарбай тұрып жылайды, жад айтып енді Құдайды. Құдайдан бала сұрайды, әулиеге ат айтып, қорасанға қой айтып, шыбын жанын және айтып, етегін шеңгел сыдырып, әулие қоймай қыдырып, шаршап келіп жығылды. Пірлеріне сыйынды. Тоқтарбайға пірлері түсінде аян берді: «Орныңнан шапшаң тұр. Құдай саған перзент берді», – дейді.

Бір ұл, бір қыз береді,
Анық түсті көреді,
Кемпірге сөйлей береді:
«Құдай берді тілекті,
Қуантқай Алла жүректі».
Кемпір менен шал байғұс
Бір-біріне жолықты,
Ешнәрсе болмай, торықты.
Өлдім, талдым дегенде
Жаппар ие жар болып,
Бір нәрсе енді болыпты.
Тоқсанға келген Тоқтарбай
Әулиеге ат айтты,
Қорасанға қой айтты.
Шыбын жанын және айтты,
Тамам малын әм айтты.

Сөйтіп, үйіне келіп, бірнеше күн өткенде, тоғыз ай, он күн жеткенде, алпыстағы Аналық толғатты, толғағы болды тым қатты. Бір қыз бенен ұл тапты, ұлы болды сымбатты. Тоқтарбай сынды байыңыз ел шақырып, той қылып, ғаріп-қасерге сый қылып, ұлына ат қойдырды. Жарлы-жақыбайды тойдырды. Ұлдың аты – Қобыланды, қыздың аты – Қарлыға болды. Халық тойын жеп тарқасты.

Тоқтарбайдай байыңа,
Кеңіген енді секілді
Дүниенің тарлығы,
Көңілдің кетіп зарлығы.

Бала алты жасқа жетті. Мал бағуға ойланып, тобылғы меңді торы атқа мініп, жылқыға барып, Естімшеге қосылып, ит жүгіртіп, құс салып, мал бағып жүре берді.
Бір күні у-шу дауыс шықты. Қобыланды:
– Әй, Естімше, бұл дауыс не? – дейді. Естімше айтты:
– Қызылбас жұртында Көклен деген кемпір бар, өзі патша еді. Сол кемпір: «Кімнің діні қуатты болса, соның оғы тиер», – деп, елдің ортасына биік баған қағып, басына алтын теңге тағып: «Мұны кім қағып түсірсе, қызым, сұлу Құртқаны соған беремін», – деп жатыр дейді. Әр жерлерден келген батырлар биіктігі жүз саржындай жердегі теңгені атып түсіре алмай жатыр, – дейді. Қобыланды:
– Мен барып атып түсірсем, кемпір маған қызын берер ме? – дейді. Естімше:
– Саған атып түсірсең де бермейді, – дейді. – Неге десең, Құдайдың зор дұшпаны – бойы қырық аршын Қызыл ер деген ер бар. Ол бұл қызға ғашық еді. «Мен оғым тисе де алармын, тимесе де алармын», – деп жатыр. Ол сенің оғың тигенменен де бермейді. Сенің бұғанаң өспеген, қабырғаң қатпаған, оған әлің келмейді, – дейді.
Сонымен бірнеше күн өтті. Бірнеше түн жетті. Күн, күн дыбыс басылмаған соң Қобылекең қисайып соған барды. Көз салып тұрды. Әркімдер атып, тигізе алмады.
Бір кезде кезек Қобыландыға келді. Саржаны тартып қалғанда, теңге қақ бөлініп, жерге түсті. Мұны көрген соң, Көклен кемпір келіп:
– Әй, шырағым, мұсылман заттың баласы екенсің. Күштілігіңнен түсірген жоқсың, дініңнің асылдығынан түсірдің. Мен де сенің дініңе кірдім, қыз Құртқаны саған бердім, – дейді.
Тоқсан нарға жасауды артып, қыз Құртқаны ұзатып жатқанда кемпір айтты:
– Әйелдің бір тегі ерге дұшпан болатұғын, шырағым. Беліңді шешіп, сырыңды айтпағайсың, – дейді. – Қызымның тілі жоқ, сақау, құрт жеген ағаштай ақау. «Қылайын енді саған», – деп ашуланып қарай көрме бетіне, таяқ соға көрме етіне, – дейді де кемпір қала береді.
Бұлар жөнеле бергенде баяғы қырық кез Қызыл ер келіп килікті.
– Мен қарындасыма қырық күн ойын, қырық күн тойын қылмай жөнелтпеймін, – дейді. Қобыланды:
– Не ойнайсың, батыр? – дейді. Қызыл ер:
– Жерден теңге алмақ ойналық, – дейді.
Қобыланды «жарар» деп, тобылғы меңді аттың үстінен жердегі теңгені алып, шауып кетті. Қызыл ер аламын деп ала алмады, аты асау екен. Қобыланды:
– Әй, батыр, сіздің атыңыз асау екен. Мен жас күнімде, мынау аттың арқасына байлап шауып үйретіп едім. Сонан соң атым жуас болып кетті, – деп батырды алдап нандырды. «Батыр аңғырт, бай салғырт» деген сонан қалыпты.
Сонда Қызыл ер айтты дейді:
– Ендеше, менің де екі қолым, екі аяғымды сондай қылып байла, – деп, әм байлауға өзінің қанжығасын беріпті. Қобыланды:
– Сіздің қол-аяғыңызды бұл қанжыға ұстап тұра ала ма? – дейді. Қызыл ер:
– Мен ол қанжығамен талай дұшпанды байлап қарағанмын. Шаншар ханның заманындағы мыстан кемпірдің терісі. Ол үзілмейді, – дейді.
Қобыланды Қызыл ерді қанжығасыменен байлап, бұзау терісі кертартармен тартып қалғанда, бел шұбар ат ышқынып тулап ала жөнеліп, батырды тау менен тасқа соғып өлтірді. Сол уақытта қыз Құртқа:
– Қызыл ердің Ағанас, Тоғанас деген екі кішкене баласы бар. Соларды өлтіріп кет. Олар тірі қалып, ер жетсе, әкесінің кегін алмай қоймас, – дейді.
– Олар өскенше кім бар, кім жоқ, – деді де Қобыланды жүре берді.
Бұлар көшіп келіп, бір жерге қонды. Қонған жері көп жылқының іші еді. Сол жылқының ішінен қыз Құртқаның көзі бір биеге түсіп:
– Әй, батыр, мына биені мені берсеңіз де алыңыз, – дейді. Қобыланды:
– Сені берсем, бір рулы елдің малын алмаймын ба? – дейді. Құртқа:
– Мұның ішінде тұлпардан пайда болған бурыл құлын бар, – дейді, – Аман-есен құлындаса, сол құлынды ат қылып, саған берермін. Астыңыздағы торы ат жауға, дауға мінуге жарамайды, жабының баласы.
Сонан соң батыр:
– Жылқының иесі кім екенін білейін, – деп, бір таудың етегінде ұйықтап жатқан жылқышыларға келіп:
– Бұл кімнің жылқысы? – дейді. Тоқсан құлдың бастығы Қаракөшек деген:
– Сәлімбай байдың жылқысы, – дейді. Жөн-жосығын сұрай келгенде, әкесі Тоқтарбайдың інісі болып шықты. Қобыланды батыр Көшекке:
– Сәлімбайға барып, ініңіз үй ұзатып келе жатыр екен. Тоқсан нарды артуыменен алсын да кәрі көк Бурылды берсін деп айтты деңіз, – дейді. Қаракөшек байға барып, Қобыландының айтқан сөздерінің бәрін айтты.

Сәлімбай сонда сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
«Айналайын ініміз,
Туған екен күніміз,
Болмасын біздің мініміз.
Жасаған ие жар болып,
Қолтығыңнан демесін
Қырық шілтен ғайып піріміз.
Айтқаның, Көшек, әй, рас па,
Жағып кетті құлаққа.
Биенің несін аяйын,
Шырағым жетсін мұратқа.
Өтірік айтып, Көшегім,
Қалып жүрме ұятқа.
Жүк саламын шанаға,
Үш әйелім бар еді,
Ортаншысы жүкті еді,
Арнап едім мен оны
Ішіндегі соның балаға.
Тайдың несін сұрайды,
Әкете бермей далада.
«Қалауымды алдым», – деп,
Мақтанып барсын алдына
Тоқтар сынды ағаға».

Сәлімбай сүй деп айтқан соң,
Көшек шауып жөнелді,
Жауабына кенелді,
Бұл да айтулы ер еді.
Сәлімбайдың сөздерін
Бұлжытпай айтып береді.
Қобылан сынды еріңіз
Биені алып, жөнейді.
Тілекті Құдай береді,
Қыз Құртқаға келеді.
Айналдырып биені,
Көзін салып көреді.
Желіні жеткен биенің,
Жақсылығы болсын иенің.
Биесі құлын табады,
Табанын жерге тигізбей,
Маңдайын күнге күйгізбей,
Киімге орап алады,
Жақсылап Құртқа бағады.
Аяқтанып алған соң
Көк ала бие қасында
Айнала құлын шабады.

Бірнеше күн өткенше құлын мен биені сонда бағып, жата береді. Құлын енесіне тоймайды. Қырық қысырақтың үйірін айдап әкеліп, сауып ішкізді. «Армасын, талмасын» деп, жеміне қызыл дәрі қосып жегізді. Құлын әбден аяқтанып болған соң бұлар көшіп елге келіп, отауын әкесі Тоқтардың ордасының жанына әкеліп тікті. Қобыланды:
– Әй, әке, мен кеткелі малдың аман-жаманын білесіз бе? – дейді. Тоқтар айтты:
– Әй, шырағым, мен сені малда жүрген шығар деп едім, қайдан білейін, – деді. Мұны естіп Қобыланды үйіне түспей, ашытқан балын ішпей, Қараспан таудың етегінде жатқан Естімшеге қосылып, ит жүгіртіп, құс салып, мал қызығыменен жүре берді. Сол уақытта «Қырық мың үйлі қият» деген елдің ішінде Сайым деген бай болып, оның Қараман деген баласы бар еді. Қобыланды туған жылы дүниеге келген жылдас, жасы құрдас еді. Сол Қараман қырық мың кісі алып, ақ-қара бас ту алып, Қарақозы, Аққозы, Қосдәулет, Қарабұқан жауырыншы – соларды алып, қалмақтан Қазан деген ер шығып, қазақтың жерінен Қырлықала, Сырлықала деген екі қала салып, мұсылманның жерін алды дегенменен аттанып келе жатыр еді. «Қарақыпшақ Қобыланды батыр Қараспан тауда Естімше құлменен ит жүгіртіп, құс салып жатыр» дегенді естіп, Қараман: «Жылы жылдас, жасы құрдас еді. Соған бара кетелік, жүрсе, ала кетелік», – деп, жолдастарымен Қобыланды батыр жатқан жерге келіп қонды. Қобыланды оларға қос басына бір-бірден ту бие сойып берді. Ертеңіне жүрейін деп жатқанда Қараман сөйлейді.

Қараман сонда сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
«Сайымның ұлы Қараман,
Мен Қазанға барамын.
Жүрмеймісің, құрдасжан,
Қолағалық қыламын.
Замандасым, мұңдасым,
Жасың бірге құрдасым,
Жылың бірге жылдасым,
Сен шыққан соң, құрдасым,
Білемін дұшпан оңбасын.
Қазан салған шаһарға
Сапарланып жол шектім,
Жүрмейсің бе, жолбарысым?»

Сонда Қобылан сөйлейді,
Ителгі құстай іледі,
Сүйкімді назбен күледі:
«Барар-бармас жолымды
Үйдегі Құртқа біледі».
Сұрағалы Құртқадан
Естімше құл жөнелді.
Базарда бар ақ мата,
Ойнақтайды жас бота,
Бұл сөзімде жоқ қата.
Қобыландының қасынан
Естімше шықты ел жата.

Тоқтарбайдың жанында
Құртқа тіккен отауға
Естімше тыстан сөз қатты,
Күн шыққан жоқ, таң атты.
«Үйдемісің, қыз Құртқа,
Түздемісің, қыз Құртқа?
Әйел де болдың айла жоқ,
Әгар еркек болғанда,
Болмас па ең тұлға бір жұртқа.

Іс тағдырға сызылды,
Мінгенде аты қызыл-ды.
Жарлының аты кез келсе
Ұрының құрығы ұзын-ды.
Жол қылмаққа дұшпанға
Арыслан көңілі бұзылды.

Мінуге керек қазанат,
Белге керек шарболат,
Денеге керек жалаңқат,
Жаппарға жаны аманат.
Жалғыз емес Қобылекең,
Қияттан шықты қолғанат.
Батыр мініп шығуға
Жарады ма, Құртқа, Бурыл ат?»

Естімшеден бұл сөзді
Естіген соң қыз Құртқа,
Қылаң етіп, қылт етіп,
Сылаң етіп, сылт етіп,
Алтын шашбау қылт етіп,
Шекеде шоғы жылт етіп,
Саулы іңгендей ыңқылдап,
Күшігендей сыңқылдап,
Сүмбіледей жылтылдап,
Алтын қалпақ, жез телпек,
Көтеріп Құртқа сөйледі
Естімше құлға былқылдап:

«Дүние деген адам ит
Пенде тоймас іңкәрға.
Екі тоқты, бір саулық
Жарамай ма қырқарға.
Жұмсады ма сіздерді
Үйдегі нашар тұлпарға.
Тұлпарына жұмсаған
Көп құлдық бас сәлем айт,
Халық иесі сұңқарға.
Құрбы менен құрдасқа,
Заманы бірге мұңдасқа,
Мінемін көшке көк қасқа,
Саламын қамшы жамбасқа,
Бөрі де қастық қылмайды,
Соңынан ерген жолдасқа.
Бәдік пенен той басқа,
Ешкі менен қой басқа.
Шайтан менен жын басқа,
Туған ұл мен құл басқа.
Жұмсады ма сіздерді
Біздей нашар жолдасқа?
Жолдасына жұмсаған
Көп құлдық бас сәлем айт,
Халық иесі жолбарысқа.

Құлын Алла алмасын,
Алды-артымды шалмасын.
Тілімді алса, сұлтаным
Бұл сапарға бармасын,
Бұл олжадан алмасын.
Көп жылайды дегейсің,
Үйдегі нашар жолдасың.
Асқар тауда белдік бар,
Құдірет, сізде кеңдік бар,
Құрдаста қанша елдік бар.
Тілімді алса, бармасын,
Сұлтаныма сәлем де,
Біздің баққан Бурылда
Қырық үш күндік кемдік бар».

Ақылды туған қыз Құртқа
Бұл жауаппен жіберді.
Асаулар үзер шідерді,
Аттан бір үзді күдерді.
Аттан күдер үзген соң,
Қараман сынды құрдасы
Қайрап-қайрап батырды,
Қатынға қайта жіберді.

Қараман сонда сөйлейді:
«Бұл барғаннан барсақ біз,
Сол Қазанды өлтіріп,
Шаһарын бұзып алсақ біз.
Сұлуынан қызылбас
Қойынға бір салсақ біз.
Есіктің алды ебенек,
Ерлер киер кебенек,
Өлген кісі келе ме,
Алғанын Тәңірім бере ме?
Әр талапқа шығарда,
Қатынға ақыл салсақ біз,
Айналайын құрдасжан,
Қатын да емей немене?»

Сонда тұрып Қобылекең,
Тері бір тамып иектен,
Түгі бір шығып білектен.
Жаны бір тулап жүректен,
Ордалы құлан ұйлықса,
Малақай болар үйектен.
Қараманның бұл сөзі
Өтті бір келіп сүйектен.

Сөз сүйектен өткен соң,
Топшақ атқа ер салып,
Ақ алмасқа қол салып,
Шапты батыр ауылға.
Найзасын ұстап бармаққа,
Аттанбаққа қалмаққа.
Әгар келсе үйіне,
Еш жазығы жоқ еді,
Келе жатыр бұл батыр
Үйде отырған Құртқаның
Басын кесіп алмаққа.

Дарбазалы тесікті,
Пайғамбардай несіпті,
Үйде отырған қыз Құртқа,
Аттың дүбірін есітті.
«Атта шапқан кім болсын,
Сұлтаным шығар», – десіпті.
Ашыпты Құртқа жабықты,
Жабықтан көзін салыпты,
Салса, ерін таныпты.
Еріне болған қыз Құртқа
Ат үшін енді жазықты.
Батырдан Құртқа қорыққан соң,
Төмен қарап, жер шұқып,
Өксіп жылап, қамықты.

Енді Құртқа сасады,
Бетінен қаны қашады,
Оң етегін басады.
Сасып жүріп жөн тауып,
Түтікпенен су берген,
Түндікпенен күн көрген,
Төрде тұрған Бурылдың
Басын шешіп алады.
Алып, атты жетелеп,
Алдынан қарсы барады.

Бурыл емес көк дөнен,
Туғалы түзді көрмеген.
Түнектен шыққан Тайбурыл,
Айдалаға шыққан соң
Түлкідей көзі жайнайды,
Қаруы сыймай қайнайды.
Он екі құлаш кезеңнен
Бурыл атып ойнайды.
Алдында жатқан көк тасты
Сулығым деп шайнайды.
Бурыл көкке екі ұшты,
Салмағымен қыз Құртқа
Алып жерге бұл түсті.
Жазығы әйел демесең,
Құртқа-дағы тым күшті.

Отырып Құртқа жылайды:

«Асқар таудың белдігі,
Алланың көп-ті кеңдігі,
Аздың жоқ-ты теңдігі,
Құрдастың жоқ-ты елдігі.
Шығар едің аспанға,
Мен қайтейін, Бурыл ат,
Қырық үш күннің кемдігі».

Кентті жердің жиылса,
Үзілмейді базары.
Қайда қалмас жігіттің
Өлгеннен соң мазары.
Бурылды көзі көрген соң
Құртқадан қайтты азары,
Бурылға түсті назары.

Сонда Қобылан сөйлейді:

«Қыс қыстауым қыстаппын,
Жаз жайлауым жайлаппын.
Бүйтіп жүрген Құртқамды,
Ақылым жоқ мен ақымақ
Шауып тастай жаздаппын».
Құстөсектей мамық-ты,
Арпа, бидай қабықты,
Батыр жақын келген соң
Наз айтса да, қорықса да,
Төмен қарап, жер шұқып,
Өксіп жылап қамықты.

Сонда Қобылан сөйлейді:

«Құстөсекті мамықты,
Арпа, бидай қабықты.
Наз айтса да қыз Құртқа,
Мені көріп, қамықты.
Қараңғы түн ішінде
Шығар едің жарыққа,
Осы кеткен сапардан,
Есен барып, сау келсем,
Әйел де болсаң басыңды
Хан қылармын халыққа».

Қобыланды және сөйлейді:

«Қызыл тілім шешен-ді,
Қатарда басым көсем-ді.
Артық туған, Құртқажан,
Атың әйел десем де,
Халықтан кетер жауапсыз
Менің көзім тіріде
Ердің құнын жесең де.
Құртқажан, неге қамықтың,
Жолбарысың мен есенде?»

Сонда Құртқа сөйлейді:

«Айдын көлден қуаттым,
Керектер болып өтініне
Ойынға балық шығады
Жазғы судың шетіне.
Сіздер – сұңқар, мен – шәулен,
Сіз алыстан келгенде
Ажырайып қарарға
Жарармын ба бетіңе?»

Сонда Қобылан сөйлейді:

«Жылқы ішінде аламын,
Қылшаң жүнді қарамын.
Аға менен інім жоқ,
Мен байғұсқа тыным жоқ,
Жеке туған дарамын.
Тоқтарбай мен Аналық
Әулиеге ат айтып,
Қорасанға қой айтып,
Шыбын жанын және айтып,
Тілеп алған баламын.
Өкпелеме, қарағым,
Шал-кемпірдің қойнына
Жатайын деп барамын».

Қамшы басты Қобылекең
Тобылғы сынды жорғаға.
Дөңгелеп келіседі
Тоқтар тіккен ордаға.
Көлге біткен желкен деп,
Бүршігі жоқ тікен деп,
Ордада тұрған кемпір-шал,
«Келеді қозым екен», – деп,
Жүгіріп шықты далаға,
Көзі түсті балаға.
Бірден келіп екеуі
Шылбырына шырмалды,
Шылауына оралды,
Оң тізгінін қолға алды.
Өлгенде көрген жалғызға
Шәрбаттың суын ішкізді.
Және айналып, толғанып,
Кезек-кезек қолға алып,
Қобыландыны кемпір-шал
Күн батпай-ақ жатқызды.

Жатқызады көрпе-төсекке,
Онда Қобылан тек жатты.
Тілеп алған Қобылекең
Кемпір-шалдан дәм татты.
Ол уақытта пенде жоқ
Қобыландыдай сымбатты.
«Өзіме қара, қалқам», – деп,
Ірге жақта шал тартты.
«Өзіме қара, қозым», – деп,
Оң жақта кемпір бұл тартты.
Ортасында Қобыланды –
Алма-кезек жұмарлап,
Жиырма төрт келген сағатта
Кірпігін қақпай таң атты.

Таң сарғайып атқанда,
Таң шолпаны батқанда,
Шал-кемпірдің қойнында
Қобылекең ұйықтап жатқанда,
Тайбурыл атқа ер салып,
Аз ғана азық, жем салып,
Бәйгеден келген көк дөнен
Түк ұйқыны көрмеген,
Ақ орданың алдынан
Бурыл атты жетелеп,
Өткізді Құртқа көлденең.
…Тайбурыл атқа мінеді,
Үстіне сауыт киеді.
Беліне семсер іледі,
Алладан медет тіледі.

Көп қосыннан соң қалып,
Қобыланды гулеп жөнелді.
Тоқсанға келген Тоқтарбай,
Алпыстағы Аналық,
Қарындасы Қарлыға,
Алған жары қыз Құртқа,
Төртеуі қалмай соңынан,
«Кескілеп кет, – деп, – қолыңнан»,
Қобыландының артынан
Төртеуі жылап келеді.

Түстік жерге келгенде
Қарлыға сонда сөйлейді:
«Халық ұйғарса, қалмайсың,
Көңілің сүймесе, бармайсың.
Құдай мінеп жаратты,
Балдағы алтын болатқа.
Ақсұңқар құс ұшады
Құйрығы мен қанатқа.
Жалғыз аға, жан көкем,
Талаптандың сапарға.
Саздыққа біткен қоқтымын,
Бөрік үстінде шоқтымын.
Осы кеткен сапардан
Көкем елге келгенше,
Ел-жұртын аман көргенше,
Артыңда қалған мен сорлы
Айтыңыз, көке, ниязға.

Көзге, көке, жас алдық,
Тағдырға ұсынып бас алдық.
Көкем елге келгенше,
Ел-жұртын аман көргенше,
Артыңда қалған мен сорлы,
Болайық сенен тасаттық.
Басымда бар алтын шоқ,
Көкем барда көңілім тоқ.
Көкем елде болмаса,
Табаныма тиер шоқ.
Қарғаның жүні қаттасым,
Үйректің жүні оттасым,
Бірге туған сүттесім,
Қысылған жерде топ басым.

Таласып емшек еміскен,
Тай-құлындай тебіскен,
Бірге жатып, бірге өскен,
Кіндігімді бір кескен.
Тоғай толған түйеңді
Жан көке, кімге тапсырдың?
Желі толған жылқыңды
Тағы кімге тапсырдың?
Қора толған қойыңды
Және кімге тапсырдың?
Бәрін айт та бірін айт,
Тоқсандағы әкең Тоқтарбай,
Оны кімге тапсырдың?
Алпыстағы Аналық
Әжеңді кімге тапсырдың?
Қарындасың Қарлыға,
Мен сорды кімге тапсырдың?
Қасыңдағы мұңдасың,
Төсекте жатсаң, сырласың,
Қияметтік жолдасың,
Көклен қызы Құртқаны
Ағеке, кімге тапсырдың?»

Қобылекең сонда тарықты,
Көп ескерді халықты.
Қарлыға даусы шыққан соң,
Шыдай алмай Қобыланды
Ақ найзаға сүйеніп,
Өксіп жылап, қамықты.
Қайта айналып қаз қонар
Ұя салған жеріне.
Әркім де ойнап-күледі
Өзі қатар теңімен.
Көзден аққан қара жас
Қаныменен аралас,
Төмен қарап, жер шұқып,
Қарындасына көрсетпей,
Көзін сүртті жеңімен.

Және Қобылан сөйлейді:

«Тауда болар тарғыл тас,
Тарықса шығар көзден жас.
Арқаңды жапқан қолаң шаш,
Шырағым, сөзге құлақ ас.
Мен кешігіп, келмесем,
Сендерді мұнда тастамас,
Қараспан тауды жайлаған
Қалың қыпшақ қарындас.

Қарлыға, мен айналсам,
Ағызба жасты көзіңнен,
Сай-сүйегім босайды
«Көке» деген сөзіңнен.
Атадан тақ баламын,
Жауға кетіп барамын,
Әлдеқандай боламын.

Армансыз боп өтейін,
Қыз да болсаң бір тудың,
Нашарсынып нетейін.
Қарлыға, бұршы мойныңды,
Көкең сүйсін бетіңнен.
Айдын көлден қу аттым,
Керектер болып өтеннен
Ойынға балық шығады
Жазғы судың бетінен.
Еркек болсаң, қарағым,
Қалмас ең менің соңымнан.
Қыз да болсаң бір тудың,
Нашарсынып нетейін.
Мал сатамын базардың
Бояғы мен бөзіне,
Салған жылқым тоқтайды
Арқаның сары көзіне,
Құлағың сал сөзіме.
Жаратқан Алла бір Құдай,
Жамандық берме өзіме.

Айналайын Қарлыжан,
Тоғай толы түйемді
Сарысуға тапсырдым.
Желі толған жылқымды
Жасанған жауға тапсырдым.
Қора толған қойымды
Аш бөріге тапсырдым.
Азу тісі балғадай
Жас бөріге тапсырдым.
Тоқсанда әкем Тоқтарбай
Құдіретіме тапсырдым.
Алпыстағы шешем Аналық
Фатимаға тапсырдым.
Қарындасым Қарлыға
Қарашашқа тапсырдым.
Қосақ жарым қыз Құртқа
Палуан қызға тапсырдым.
Сендер төртеу, мен жалғыз,
Бір Аллаға тапсырдым».

Кетерін әбден білген соң,
Бет қойып батыр жүрген соң,
Енді батыр Қобыланға
Сұлу Құртқа сөйлейді:
«Жылқы ішінде аласың,
Қылшаң жүнді қарасың.
Алды-артыңды жоқ қылып,
Жеке туған дарасың.
Ата менен анаңның
Әулиеге ат айтып,
Жылап көрген баласың.
Сөйткен бала тастар ма
Атасы мен анасын.
Тоқтамай кетіп барасың,
Жалғызымның шамасын.
Кетер болсаң, сұлтаным,
Енекемнің еміп кет
Төсінде екі мамасын.
Құдай қисық жаратты,
Кімнің тілін аласың?
Сабындаса ағармас,
Іштен туған қарасың.
Өз айтқаның болмаса,
Сөзге түспес баласың.
Дін білмеген дұшпанға
Сұлтаным, жалғыз барасың.
Қош, сұлтаным, аман бол,
Әлдеқандай боласың?

Асқар төбе бел дерсің,
Тайбурыл атпен желерсің.
Жақсы-жаман қадірін
Құртқаның сонда білерсің.
Тоқсандағы Тоқтарбай
Бұтында жоқ ыштаны,
Тізесіне тон жетпей,
Ақ табан боп кәпірге
Қой баққанда келерсің.
Алпыстағы Аналық
Арқан есіп, жүн түтіп,
Құрт қайнатып жүргенде,
Сұлтаным, сонда келерсің.
Қарындасың Қарлыға
Абадасы қолында,
Дастарқаны белінде,
Бөтен бір жаудың елінде,
Шай қайнатып жүргенде,
Бауырыңды сонда көрерсің.
Көк етіктің мықтысы,
Күзгі жердің шықтысы,
Сенен қалған мен сорлы,
Бір дұшпанның мықтысы
Аламын деп жүргенде,
Сұлтаным, сонда келерсің.

Мінуші едім ақтабан
Айтулы ер мақтаған.
Құданың ісі көп шығар
Өлмеген құлға сақтаған.
Қош, сұлтаным, аман бол,
Қайда жүрсең, аман жүр.
Мерген байлап оқ атар
Ұшқан құстың қойнына.
Иманды қол төс болар,
Қос, көл-көсір суына.
Бұл дүниеге іңкәрсің,
«Құртқамбысың» демейсің.
Аққа қарап жөнелсең,
Ысрапыл көпір аузында,
Пайғамбардың тойында,
Айналайын сұлтаным,
Сорлы болған Құртқаңды
Еске бір сонда алғайсың».

Бұл сөзді айтып, қыз Құртқа қала берді. Қобыланды сол кеткеннен кете берді. Сонда Құртқа:
– Әй, енеке! Сізге мен ақыл айтамын: сіз сонау шоқ терекке барып, екі аяғыңызды көсіліп, екі емшегіңізді шығарып, балаңызды шақырып, «Шырағым, мамаңды еміп кет», – десеңіз, сізге келер. Келген соң әкесі, сіз, әм біз төртеуіміз етегінен ұстап, «Бізді кімге тастап барасың, тоқта, болмаса қолыңнан бізді өлтіріп кет», – деп жыласақ, әуелі Құдайдан, екінші сізден, үшінші бізден ұялып, қиып тастап кете алмас, – дейді.
Мұны естіп, кемпір бейшара елпең-елпең жүгіріп, алпысқа келген бейшара етпетінен жығылып, ау деп демін алып, екі емшегін шығарып: «Шырағым, Қобыланды, мұнда келіп, мамаңды еміп кет», – дейді. Қобыланды мұның ұстап жібермесін біліп, келмейді. Құдай тілекті бермеді. Сол уақытта Аналық әуелі хаққа, екінші пірлерге тапсырып, осылайша баласына оң батасын берді.

«Әуелі Алла хақ жаппар,
Естідің бе сөзімді,
Жылатпа менің өзімді.
Он үш жасар Қобыланды,
Ерінбей сүйген көзімді.
Мұхаммед атты бір жалғыз,
Үмбетім деп еске алғын,
Жалғызымның артынан.
Тар жерде еске ал өлімді,
Ғауыс, Ғияс – екі жар,
Омар, Осман шаһариар,
Жиырма сегіз пайғамбар,
Қырда Қызыр пайғамбар,
Суда Ілияс пайғамбар,
Бас-басыңа бір жандық,
Қолдамасаң, біз қалдық.

Асқар төбе бел кеттік,
Ата жөнін тербеттік.
Ықылас атты Шашты Әзіз,
Дем бермесең, біз кеттік.
Арғымақ ат мақтанса,
О да бір күн кез келер
Қаланың қазған орына.
Ақсұңқар құс мақтанса,
О да бір күн кез келер
Құсбегінің торына.
Осы кеткен Қобыланды,
Есен барып, сау келсе,
Егіз туған көк айғыр,
Жасаған, сенің жолыңа.
Егіз туған көк бұқа,
Пайғамбар, сенің жолыңа.
Егіз туған көк қошқар,
Қазірет, сенің жолыңа.
Бұл алпысқа келгенде
Қобыландыдай ұл тапқан
Мен бейбақтың соры ма.
Жалғыз қызым орыңа,
Жолықтырма зорыңа.
Үмбетім деп еске алсаң,
Мұхаммед атты бір жалғыз,
Осы кеткен қозымды
Тек тапсырдым қолыңа.
Адасып кетсе, соғып тұр,
Сыртынан қойдай бағып тұр.
Қозыма келген бәлені
Ықылас атты Шашты Әзіз,
Етегің жайып, қағып тұр.

Көл иесі Қамбар-ай,
Жол иесі Қамбар-ай,
Қазанға қайдан жол қылды,
Қараман деген заңғар-ай?
Қамбар, өзің қолдасаң,
Атадан тақ шырақты,
Қорғайтұғын кім бар-ай?
Ағын судың сағасы,
Оқа – ердің жағасы,
Әулиелер ағасы.
Бұхар емес жоғары
Құмкент деген шаһары.
Тауықтары бақырған,
Есектері ақырған.
Молда, имам қасында,
Абадасы басында,
Қойны толған қырандай,
Сұбхан Алла – ұрандай.
Етік киген шоңқайлы,
Жүйрік мінген оңтайлы,
Қара мылтық құндақты,
Түзу берен сандықты,
Өз қолыңа тапсырдым
Атадан тақ шырақты.

Он ай жүріп көтерген,
Омыртқамды бүгілткен,
Аязды күні айналған,
Айқара есік таянған.
Бұлтты күні бұралған,
Мұздай бесік таянған,
Даусы шықса, оянған,
Халық тілегін тілеген,
Өлгенде көрген көбеген.
Қабырғам жаздай қайысқан,
Қолым жездей майысқан,
Алсам, қолым талдырған,
Сүйсем, мейірім қандырған,
Денемнен шыққан балдырған.
Қыста мықты жылқы өлмес
Ойға біткен қамыстан.
Қалушы емес Тайбурыл
Қатар шапқан жарыстан.
Жақын емес, жалғызым
Жау іздеді алыстан.

Осы кеткен қозымды
Тек қолыңа тапсырдым,
Ғали атты арыстан.
Астында бар Тайбурыл,
Алдында бар саясы.
Қозымды сізге тапсырдым,
Қызыр Ілияс бабасы.
Алла деген Хаққа пенде,
Күнәһарлар күйер жанда.
Құла түзге жөнелген
Самарқанда Шаһизинда,
Қозымды сізге тапсырдым.
Сыйынбасам, маған серт,
Қолдамасаң, саған серт.
Шаһизадам, қыдыр ет,
Жарылқаушы, жәрдем ет,
Аз-кем жанға сабыр ет.
Сіз сүйесең қозымды,
Жұмсаған құдірет құс жендет,
Және сізге бұл міндет.
Қызылбас бөтен, бұл – үмбет,
Үмбетім деп еске алғын,
Қозымды сізге тапсырдым,
Алланың досы Мұхаммед».

Астында мінген Тайбурыл
Елпең-елпең жортады.
Қобыландыны көрген жан,
Жерге енгендей қорқады.
Ерні төмен салынып,
Қара терге малынып,
Қала берді кемпір-шал,
Бір Аллаға жалынып.
Сонда Бурыл гуледі,
Не болғанын білмеді.
Артық туған Құртқаны
Батыр Қобылан біледі.
Артынан Құртқа келеді,
Келіп те сөйлей береді.

– Сіз бұл барғаннан барарсыз. Алалайдың аузында, Сыңсыламаның көпірінде Қараман көп қоспен барып жатып, ар жағына он жеті кісі барша салар. Ол барша, ар жағында бір Індүлі деген тау бар, соның басына шығып, болжал-болжал көрінген Сырлықала, Қырлықала деген Қазанның қалаларын көріп: «Мына жағы бір күндік жол екен», – деп қайтып келер. Бірақ олар жақын десе де қырық күншілік жол болса керек, – дейді. Соған Қараман иланып, бас-аяғы сегіз күндік жер деген соң «Кімде-кімнің аты озса, осы қолға аға болсын», – деп шауып кетер, – дейді. Бірақ сіз оныменен бірге шаппаңыз. Не үшін десеңіз, мен көп қосынның астындағы аттарына көзімді салып едім, Қараманның астында Қарақұла жалсыз деген ат бар екен. Табаны жерге тиіп, маңдайы күнге күйіп, арқасын ер тесіп, бауырын айыл кесіп, көзіне күнқақты болып, тер құйылып шаба алмай қалар. Елінде ат бағатұғын адам жоқ-ақ екен. Әгарда ат баға білетін адам болғанда, ол қосында онан озатын ат болмас еді. Сіз оныменен бірге шаппаңыз. Бірнеше күн кейін қалсаңыз да, иншалла, озарсыз, – дейді.

Бурылға батыр «шүу» дейді,
«Шүу» дегенде гулейді.
Табаны жерге тимейді.
Қасиетін Құртқаның
Батыр Қобылан біледі.
Бұрынғы кеткен көп қосын,
Алалай деген өзенде
Жатыр екен иіріліп,
Соңынан жетіп келеді.
Қонып жатқан ерлерге
Қобыланды батыр келіпті.
Құртқаның айтқан жерінде,
Жатыр екен көп қосын
Сыңсылама деген өзенде,
Он жетісі сайланып,
Баршаға барып келіпті,
Мұны Қобылан көріпті.

Сонда Қобыланды ойлайды: «Құртқаның айтқаны келді. Енді «Елімді жау алады» деген сөзі расқа келер», – деп уайым қылып, «Не болса да, Құданың жазуыменен болар», – деп жата берді.
Сонда Қараман көп қосынды жинап: «Кімде-кімнің аты озса, осы қолға аға болсын!» – деп жар салды. Қобыланды оған бармады. Сөзіне құлақ салмады. Құрдасының тілін алмады. Қараман көп қосынмен шауып кетті. Қобыланды бір Жөнтөбе деген төбенің басына шығып, жатып қалды. Бір ұйықтаса, қырық күн ұйықтайтын еді. Бірнеше күн өткен соң:

Байлауда тұрған Тайбурыл,
Шығыршық атып ойнады,
Ойынға енді тоймады.
Ұйықтап жатқан батырға
Барайын деп ойлады.
Қасына жақын барады,
Ұйықтап жатқан батырды
Маңдайға келіп салады.
Тұяғының даусымен
Тау жаңғырып қалады.
Сонда батыр оянып,
Жан-жаққа көзін салады.
Көрмеді ешбір қараны,
Өзінен басқа адам жоқ,
Жататұғын заман жоқ.
Теңдесе басып ырғалып,
Көп қосыннан соң қалып,
Бурылға Қобылан сөйлейді:

«Төрткілдеп соққан түп еді,
Шынжыр найза жіп еді.
Ескіден қалған күн еді,
Тайтермелі шеге еді.
Жаңылдың ба, Тайбурыл,
Мінейін деп жатқанда,
Шешең Құртқа не деді?
«Қыдыра жалды жылқыдан
Бурылым қалмас», – деп еді.
Әуелі Алла анайым,
Хақ жаратқан Құдайым.
Ұжмақта хордан сымбатты
Үйдегі Құртқа жұбайым.
Жарым жаман болды деп,
Жемеймін, Бурыл, уайым.
Шешең тұлпар деп еді,
Шешеңнің сөзін сынайын.

Жан серігім жалғыз ат,
Жайың қалай, Бурыл ат?
Шырағым, бұл күн шабайын,
Төрт аяғың сом болат,
Қолтығыңда қос қанат,
Мен үстіңде аманат.
Үкілі құйрық, майда жал,
Сөзіме менің құлақ сал.
Кешегі кеткен көп қолға
Тұлпар болсаң, жетіп қал.
Құртқам баққан Тайбурыл,
Ырғала басып жүр жарқын,
Терлемессің, күн салқын.
Жылқыда тұлпар сен едің,
Жігітте сұңқар мен едім.
Сен астымда сау тұрсаң,
Қыдыра жалды қылқұйрық
Сенен озбас деп едім.

Мал сатамын базардың
Бояғы мен бөзіне.
Салған жылқым тоқтайды
Арқаның сары көзіне.
Құлақ сал, Бурыл, сөзіме,
Қырық күншілік шаһарды
Көрсет бүгін көзіме.
Көрсетпесең көзіме,
Онда шешең, мен мұнда,
Қалар бір көңілім өзіңе.

Біздің ауыл Арыста,
Есебі жоқ алыста.
Азулының бойында,
Жылқылары қамыста.
Кешегі кеткен көп құлға
Қоясың ба намысқа?
Қырық күншілік Қазанға
Бір мезгілде жетуге
Сіздей малға алыс па?
Озушы едің қыпшақта
Той бәйгеде, жарыста.
Жаным, тәнім, Тайбурыл,
Ұшқан құстан қалыспа.
Қаса тұлпар болсаң сен,
Қалқам, бүгін қарышта!»

Құралайдың малына,
Алуаның шекер, балына,
Тобылғы сапты қамшымен
Толғап ұрды санына.
Жанға сирек Бурылдың
Жаман батты жанына.
Сауысқан, қарға тойынды,
Санынан аққан қанына.
Санына қамшы басқан соң,
Қаны бір судай аққан соң,
Күндіз батпай, түн батты,
Төменгі ерні қыбырлап,
Жоғарғы ерні жыбырлап,
Екпінімен сыбырлап,
Тайбурыл атқа тіл бітті.

Тіл біткен соң сөйлейді:
«Қарағай мен бітер тал,
Алуа менен шекер, бал.
Кімге келмес керім сал,
Назбедеуге бітер жал.
Аямай тарттың қамшыны,
Артық туған Қобылан нар.
Өлмесек те, кеудеден
Шыға жаздады шыбын жан.
Қызылбастың шаһарына
Мұнша болдың ынтызар.
Ойға алғаның қоймайсың,
Батыр туған Қобылан нар,
Ата-анадан жалғыз тақ,
Жалғыздың кегін менен ал,
Жамбасыма қамшы сал.

Қалалы жерде қарғырмын,
Қазып салған кең орға.
Ақсұңқар құс түседі,
Тамағы үшін ақ торға.
Төрт аяғым тең жорға,
Тізгінім тартпай, сал жолға.
Сен үстімде есенде,
Астыңда өзім есенде,
Қажу бар ма мен сорға.

Ат қылып Тәңірім жаратты
Сен сықылды лайыққа.
Екі жақсы қосылса,
Бір Тәңірге жылайды.
«Қырық күншілік Қазанға
Бір мезгілде жет», – дейсің,
Қырық үш күнім кем еді,
Жетуге маған оңай ма?
Қиын да болса, Қобыланды,
Қиналамын, қайтейін,
Хаққа уағдаң солай ма?

Намаздыгер өткенше,
Намазшамға жеткенше,
Құптан уақты біткенше,
Қазан ағаш бақшасын
Түсірмесем өзіңе,
Көрсетпесем көзіңе,
Жан серігің Бурылды
Сол жерде шал Құдайға».

Сонан соң атқа бел шешіп,
«Шырағым Бурыл, шүу!» – деді,
«Шүу» дегенде гулейді,
Табаны жерге тиместен,
Тау мен тасты өрледі.
Төрт аяқты сермеді,
Құлақтың түбі терледі.
Тер шыққан соң өрледі,
Адырды көзі көрмеді.
Көлденең жатқан көк тасты
Тіктеп тиген тұяғы
Саз балшықтай иледі.

Қараша емес, қауыс-ты,
Қоңыраулатып дауысты,
Күн төбеден аумай-ақ,
Түзеді Бурыл шабысты,
Жақын қылды алысты.
Қос құлағы тігілді,
Қырға біткен қамыстай.

Түс ауған соң бүктелді
Илеуі жеткен қайыстай.
Байлаулы малдай шешілді,
Төрт аяғын көсілді,
Әбіре сымдай есілді.
Кешегі кеткен көп қолға
Жетем деген Қобыланның
Жоқ еді тіпті есінде.
Қол соңынан барады,
Қарабұқан жауырыншы.
Ағыны қатты Бурылмен
Салып келді бесінде.

Бұқанға келді: «Ар ма, – деп, –
Алдыңда кісі бар ма?» – деп.
Сонда Бұқан сөйлейді:
«Жылқы ішінде аланы,
Қылшаң жүнді қараны.
Аты қалар деп пе едің
Өзіңнен үлкен ағаны.
Осынау қырдың астында
Қосдәулет кетіп барады».
Тайбурыл атты құтыртып,
Оған да келді сыпыртып.
«Үлкен едің, ар ма, – деп, –
Алдыңда кісі бар ма?» – деп.
О да айтты аланы,
«Жоқ деп ек Қобылан баланы,
Осынау белдің астында
Аққозы кетіп барады».

Тайбурыл атты құтыртып,
Оған да келді сыпыртып.
«Үлкен едің, ар ма, – деп, –
Алдыңда кісі бар ма?» – деп.
О да айтты аланы,
«Жоқтап ек Қобылан баланы.
Мына белдің астында
Қарақозы кетіп барады».

Тайбурыл атты құтыртып,
Оған да келді сыпыртып.
«Үлкен едің, ар ма, – деп, –
Алдыңда кісі бар ма?» – деп.
Қарақозы сөйлейді:
«Алыстан айқын көрінген
Жылқыда малдың аласы,
Ағынан көп-ті қарасы.
Жеткен-ді деп ойлаймын,
Шапқалы көзім көрген жоқ
Өз көңіліммен шамасы
[Құрдасың Қараманның қарасын].
Көппен бірге шапқалы,
Өзіңнен шығып кеткелі
Сонан бері көрмедік,
Не болғанын білмедік».

Көктен жауған тамшыдай,
Шебер қыздың қолында
Балдағы алтын қайшыдай.
Бұлаңдаған Бурылға
Мына тұрған Қобылекең
Баса соқты қамшыны-ай.
Алтынды найза қолынан,
Желі тұрды оңынан.
Бақанға жеткен бесінде,
Қараманның шу салып
Қобылекең жетті соңынан.
Артынан келіп сөйлейді:
«Болғаның ба, досым-ай,
Мақтаған атың осы ма-ай?
Он екі күнде жетерсің
Менің тіккен қосыма-ай.
Жүресің бе, Қараман,
Сен кеткелі он бес күн,
Түсте шауып соңынан,
Бесінде өтіп барамын.
Жағалай тауда татыр-ай,
Жарасар тіксе шатыр-ай.
Он бес күн бізге қарамай,
Бұрын кеткен батыр-ай.
Бүгін түсте шауып ем,
Бесінде жетті қатын-ай.
Қатын да болса, білдің бе
Құртқаның асыл затын-ай.
Жүрмейсің бе, Қараман,
Қатынның баққан аты озды,
Қапыда қалма, батыр-ай».

Қобылекең гулеп жөнелді,
Көп қиятқа қарамай.
Қалың қият көп қосын,
Бәрі қалды артында,
Бірі еруге жарамай.
Електен өтсең Есенбай,
Қыс қыстауға Борсықжай,
Бәрінен озды Бурыл тай.

Қобыланды сынды еріңіз,
«Айт, жануар, шүу!» – дейді,
«Шүу» дегенде гулейді.
Табаны жерге тимеді,
Тау мен тасты өрледі,
Құлақтың түбі терледі,
Тер шыққан соң өрледі,
Адырды көзі көрмеді.
Көлденең жатқан көк тасты
Тіктеп тиген тұяғы
Саз балшықтай иледі.
Аманбайдың ақ тікен
Аса қарғып жөнелді.
Заңғар-заңғар таулардан
Секіріп алып жөнелді.
Ол төбе мен бұл төбе,
Бауыры шұбар көл төбе,
Онан да өтіп жөнелді.

Бөктергінің бүкіл сай,
Су түспеген терең сай,
Сыпсың біткен қарағай,
Онан да өтіп жөнелді.
Қамыстының қазды көл,
Қоғалының қулы көл,
Жекендінің жалын көл,
Шағалалы шалқар көл,
Қызғыштының қызыл көл,
Бәрінен өтіп жөнелді.

Айшылықтың көлінен,
Күдерінің қара дөңінен
Бесінде өтті деңінен.
Барлы, барлы, барлы тау,
Басы биік қарлы тау,
Хан жайлаған қара тау,
Би жайлаған ала тау,
Қыз емшекті сүйір тау,
Түйемойнақ иір тау.

Атасу мен Манашы,
Ішейін десе су ащы,
Мал оттауға оты ащы,
Мұнан-дағы жол шекті.
Үмпей-күмпей қасынан,
Жем, Темірдің басынан,
Қалбағайлы болды идан,
Қас-қабақты ылдидан,
Тобылғылы Нұрадан,
Су түспеген жырадан,
Баялышты құмайттан,
Бүлдіргендей шыңайттан,
Жалғыз шауып келеді.

Астына мінген Бурылдың
Омырауы есіктей,
Ойынды еті бесіктей,
Сырты сұлу Бурылдың
Құмдаудан қазған кесіктей.
Қос құлағын қайшылап,
Тобықтан тері тамшылап,
Ақ сауыты жылтылдап,
Тобық еті бұлтылдап,
Алдыңғыдан артқысын
Сынық сүйем кем басты.
Жалғасып ұшқан қоңыр қаз
Тозаңынан адасты.

Асқар төбе бел еді,
Бұдан да шауып келеді.
Көлденең жатқан көк тасты
Аяғы барып тигенде
Саз балшықтай иледі.
Жанында қылыш жалтылдап,
Береннен қиған шалбары
Жел соққанда жалпылдап,
Тозаңы шықты бұрқылдап.
Табанына тас тисе,
Түнде шаққан шақпақтай,
От шығады жылтылдап.

Аттың жолы қазылды,
Қысқан жерде ұмтылып,
Бес жүз құлаш жазылды,
Омырау тері көпірді,
Бурыл көкке секірді.
Шаба-шаба шатылды,
Тақиядай көрмеді
Үстіне мінген батырды.
Тұяғына тиген тас
Қызылбас атқан оғындай
Аспан-көкке атылды.
Тұяғымен тоздырды
Құла дүз мидан тақырды.

Бұлаңдап шапқан Бурылдың
Маңдайында месі бар,
Марал ішсе таусылмас.
Арындап аузын ашады,
Аяғын топтап басады.
Бір төбенің тозаңын
Бір төбеге қосады.
Кешке таман Тайбурыл
Жын қаққанға ұқсады.
Құлан менен бұланды,
Киік пенен қоянды
Ұзатпай, алдан тосады.
Көл жағалап отырған
Көкқұтан мен қарабай
Көтеріліп ұшқанша
Белінен кесе басады.

Дуадақ пен жек қалды,
Бірқазан құс көп қалды.
Ақсұңқар мен лашын,
Әлде өтірік, әлде шын
Өлген құсты жем қылды.
Көбелек ұшпас көлсізден,
Ебелек ұшпас елсізден,
Құла мидай шөлдерден,
Батпақты талай көлдерден
Жалғыз шауып келеді.
Үмітін үзіп батырың
Қараспанды жайлаған
Қалың қыпшақ елдерден.

Намаздыгер өткенде,
Намазшамға жеткенде,
Белес, белес бел көрді,
Бел астында ел көрді.
Байтақ жерде айтатыр,
Ақты, бозды қой жатыр.
Төтелеп шауып қалаға
Қобылекең келе бұл жатыр.
Құланнан атты қодықты,
Өксігін басып, солықты,
Намаздыгер өткенде,
Намазшамға жеткенде,
Бесағаштың түбінде,
Қазан салған қалаға
Келіп батыр жолықты.

Көк алалы көп жылқы,
Бөрі құлақ ен жылқы
Гулетіп жылқыны алады,
Айдап жолға салады.
Жылқыны жолға шығарып,
Қайтадан келіп, ат қойды
Қазанның Сырлықалаға.
Қалаға кірді «Аллалап»,
«Иә, Құдай!» – деп ат қойды.
Ай бетінен кіреді,
Айқай-сүрен салады.
Күн бетінен кіреді,
Күн бойы сүрен салады.
Қойға кірді бір бөрі,
Бүрліктіре қырады.
Талай қалмақ сорлады,
Ер қайратын сынады.
Атысқан жауы артық көп,
Қай уақытта тынады.

Бір уақытта Бурылға
Бастан келіп дүбірі,
Тайбурыл салды мойынды.
Толып жатқан қалмаққа
Қобылекең салды ойынды.
Талай қалмақ жойылды,
Қалмақтың көбі шалбарлы,
Шалбарлыны сермеді,
Алқындырды сағақтан,
Бауыздады тамақтан,
Адам шыдар ер емес,
Қар жаудырды қабақтан.

Бір уақыттар болғанда,
Жалғыз жаумен ойнады,
Жауды ерікке қоймады.
Көтеріп салған көк сүңгі
Тіріде қанға тоймады.
Бір уақыттар болғанда,
Жалғыз жаумен ұрысты,
Ит арқасы құрысты.
Ерден жаудың қашуы
Шірітті де борсытты.

Мың жылқының дүбірін
Тайбурыл жалғыз салады.
Мың кісінің дауысын
Қобылекең жалғыз салады.
«Аллалаған» дауысқа
Тау да «Аллалап» барады,
Тасы да «Аллалап» барады.
Екі шеке солқылдап,
Бас домалап барады.

Қаланың аузын қан қылды,
Көшенің аузын шаң қылды.
Салт атын жаяу айдатып,
Туырлығын тоқым қып,
Алтынын артып шанаға,
Қарамай сиыр, танаға,
Өтірік емес, жан аға,
Сырлықала пендесін,
Жалғыз адам құтқармай,
Айдап шықты далаға.

Қаланы шауып алады,
Айдап жөнге салады.
Батырдың көзі көреді,
Будақ-будақ шаң шықты.
Шаң алдынан қараса,
Көп қиятқа бас болып,
Қалмақ десе қас болып,
Қазанның Сырлықалаға
Қараман келіп қалады.
Қараманның артынан
Шабылғанын қаланың
Бұлар да енді көреді.
Ор түбінде жиылып,
Бәрі бірдей қамалды.
«Өткіздік бастан заманды», –
Деп қияттар сандалды.

Сол уақытта Қобыланды Қараманға келіп:
– Қалмақтың Сырлықаласын мен алдым. Қырлықаласын сендерге қойдым, – дейді. – Барар жері тар екен. Еңбек қылған ерлерге олжа болғандай бар екен. Алты қабат қала екен, жеті қабат ор екен, алсақ, олжа мол екен, – дейді.
Сонда бұлар жиылып, сөйлесіп, Қараман батыр ат қойды. Мойны алыстан созылып келген ат қарғып кіре алмады. Сонда Қараман қайта шауып Қобыландыға келіп, сөйлейді:

Қараман сонда сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
«Айбалтам тастан өтпейді,
Жамандар сөзді кектейді.
Жүрмейсің бе, құрдасжан,
Қазанның Қырлықалаға
Сенсіз күшім жетпейді,
Өтірік сөзім жоқ», – дейді.

Сонда Қобылан сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
«Арғымақ па екен, ат па екен,
Атан ба екен, нар ма екен.
Жая ма екен, жал ма екен,
Шекер ме екен, бал ма екен.
Ер бұзбаған шаһарды
Қатын бұзған бар ма екен?
Не деп айттың өзіме,
Өлейін деп кетіп ем
«Қатын» деп айтқан сөзіңе.
Ол кезде сен бір айтсаң,
Мінеки, мен үш айттым.
Келмейді ме кезіңе,
Көрінбе менің көзіме.
Үйдегі қалған Құртқамның
Сатса алмаймын өзіне.
Өзі түгіл алмаймын
Сағынғанда бәз күні,
«Қалқамжан» деген сөзіне».

Қараман құрдас өкпелеп,
«Көрмеймін», – деп жер тепкілеп,
Наза боп қайтып жөнелді.
«Жая да емес, жал-ды, – деп, –
Шекер де емес, бал-ды, – деп, –
Қатынымның тілі үшін,
Құрдасым көңілі қалды», – деп,
Гулетіп Қобылан соңынан
Іс келеді қолынан.
Былқылдап Қобылан желеді,
Артынан қуып келеді.
Найза бойы жар екен,
Жардың келіп басына,
Қаланың келіп қасына
Тайбурыл атқа сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
«Жолдасым едің жасыңнан,
Садақа саған қылып ем,
Көп малдарды басынан.
Алты қабат қала екен,
Жеті қабат ор екен.
Жайың қалай, Тайбурыл,
Секіртейін басынан,
Жараймысың, хал қандай?»

Сонда Бурыл сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
«Артта қалды еліңіз,
Болды ма мұнда кегіңіз?
Шешем Құртқа деген соң,
Сатылмайтын теріміз.
Қысылғанда дем берсін,
Жылқышы Қамбар піріміз.
Ойға алғаның қоймайсың,
Қайсар Қобылан серіміз.
Қарғысам қарғып қарайын,
Қарғи алмасам қалайын.
Тәңірі ісіне амал жоқ,
Тәуекел етіп көріңіз».

Бурылға Қобылан «шүу» дейді,
«Шүу» дегенде гулейді,
Табаны жерге тимеді,
Тау мен тасты өрледі.
Әбден қызып алған соң,
Қамшыны баса салған соң,
Алғы аяғын бүгеді,
Артқы аяғын тігеді.

Құлағын естей қадады,
Құйрығын шаштай тарады.
Шекесінен қарады,
Бауырынан жарады.
Қояндай ағып жөнелді,
Ортасына шаһардың
Бурыл барып топ етті.
Төрт аяғы тиген жер
Тесіле жаздап солқ етті.
Әлде өтірік, әлде рас,
Айтып өттік, бәрі шын,
Ебіне келді, нем кетті.

Қалаға Қобылан енген соң,
Еркімен барып кірген соң,
Не қылса да батырың
Тайсалмасын білген соң,
Қара қасқа ат мінген,
Ат құйрығын шарт түйген,
Алдына дабыл төңкерген,
Артына сауыт бөктерген,
Аламын деп дем берген,
Азды көпке теңгерген,
Қара бөркі қалпиған,
Мен сондай деп дандиған,
Қайратымен мал жиған.

Қысқа күнде қырық шапқан,
Тері тонды теріс жапқан.
Мұсылманға оқ атқан,
Қызылбасқа жан тартқан,
Құдайдан дұшпан сұраған,
Найзаның ұстар жеріне
Қолыма жұмсақ болсын деп,
Топтап барқыт ораған,
Шын қаһары келгенде,
Жауған қардай бораған.
Суда болар ақ сазан,
Моллалар айтар бес азан,
Бұрынғы ердің бірімен
Алдынан шықты ер Қазан.
Бұл да айтулы ер еді,
Бірін-бірі көреді.
Келіп те сөйлей береді,
Сөйлегенде не дейді:
«Қашпа, бала, қашпа! – деп, –
Саспа, бала, саспа!» – деп,
Алдынан шапты ер Қазан.

Хан шапқан соң кім қалсын,
Ханның ұлы қарауыл,
Хан шектісі жасауыл,
Бидің ұлы бикеуыл.
Хан қасында қайдақдар,
Қатыны жоқ бойдақтар.
Ай басына мың сомнан
Жатып жеген бейбақтар.
Жаудан қашқан кей жаман,
Ұстап атын жайдақтар.
Жауға шабар ер жігіт,
Өткір қылыш мойнақтар.

Хандар мінген қанды атты,
Батыр мінген жалды атты,
Қырық мың әскер салт атты.
Түймелетіп кигендер,
Түрегеліп сигендер,
Масақ құлақ мылтық қолында,
Қара сухар қойнында,
Алтыатары қолында,
Бәйгеден келген дөнені,
Сол шаһардың гөзелі,
Иесіз қалды көп әйелі
Талай төре келеді.
Қаланың аузын қандатып,
Салдатын жаяу айдатып,
Шаһардың аузын шаңдатып,
«Ішеміз» деп бал алып,
«Шайнаймыз» деп нан алып,
Қырық мың кісі бұл шықты.

Он кісіден қос болып,
Қобыландыға қас болып,
Қазан ері бас болып.
Базарда болар ақша бөз,
Арқада болар сары көз,
Әлім менен Шөменге,
Жоғары менен төменге,
Төменгі жатқан көп елге,
Мен мұсылман дегенге,
Мағлұм болды біздің сөз,
Жекпе-жек деп келді кез.
Өзі жеке келген соң,
Қобыландыны көрген соң,
Не қылса да батырдың
Тайсалмасын білген соң,
Басын тартып қара аттың,
Қобыландыға ер Қазан
Екі-үш ауыз айтты сөз.

«Қазақтың ұлы, залым-ай,
Кигенің ала қырмызы-ай.
Ат саурысы тасыпты
Көп шабуыл көргендей,
Атыңның жалы жатыңқы,
Алыс жолдан келгендей.
Қабағыңыз қатыңқы,
Түн ұйқыңды бөлгендей.
Қай шаһарға барасың,
Қай орынға қонасың?
Бурыл атты жас бала,
Кімнің ұлы боласың?
Атаң сенің кім деймін,
Анаң сенің кім деймін?
Батыр Қазан мен деймін,
Шын сөзіңмен кел деймін,
Қалжың сөзге көнбеймін.
Ашуыма жолықпай,
Бурыл ат пен ақ сауыт
Қол тигізбей бер деймін».

Қобыланды сонда сөйлейді:

«Пұл жіберіп шығып ем,
Базарда алтын қасыққа.
Арланам атты беруге
Сендей дінсіз жасыққа.
Ат алуың қаша ма,
Демалғанша асықпа.
Қызылбас, неден есірдің,
Жолықпай жатып «ат бер» деп.
«Қызылбас қызы сұлу», – деп,
Демалмай жүріп келіп ем.
Бұл сапарда бұл жақтан
Сұраймыз деп жесірді.
Олай болсаң, қызылбас,
Шыдамасаң, бері кел,
Көрсетейін кесірді.

Арқа деген жайларда,
Атан шығар жыл болса,
Ауада сұңқар түйілсе,
Жүніне қара жоламас.
Жауға шабар ер жігіт
Ешкімнен ақыл сұрамас.
Мұсылманның баласы
Өзім өлмей жыламас.
Аты-тонын әр жерде
Беруші еді сендей нас.

Атасы жаман, атасыз,
Атамды сұрап нетесіз?
Анасы жаман, некесіз,
Анамды сұрап нетесіз?
Атаң бар-ды үлгісіз,
Алланың күні белгісіз.
Зар боларсың бәлем-ай,
Еріксіз жарық көргісіз.
Өзіңнің салған қалаңнан
Зар қылармын жүргісіз.
Ер емессің, масырсың,
Бас білмеген есерсің.
Патшадан келген қаттауың
Қағылмай-ақ шешерсің.
Қара қасқа тұлпардың
Сауырынан түсерсің.
Мойныңнан аққан қара қан
Шамаң келсе ішерсің.

Асқар төбе белсің сен,
Қызылбас деген елсің сен.
Арақ ішіп, нан жесең,
Қала ішінде ерсің сен,
Мұсылманнан кемсің сен.
Көкірегіңнің басынан
Қылышпенен өлтірсем,
«Қапыда қалдым» дерсің сен.
Садақпенен өлтірсем,
«Жазым қылды» дерсің сен.
Сен аға да, мен іні,
Сендер көп те, мен жалғыз,
Білгеніңді қыла ғой».

Жайықтың бойы қамыс-ты,
Бір қызылбас, бір қазақ,
Бермейміз деп намысты
Басында тәуір сөйлесіп,
Артынан шайтан жабысты.
Шайтан емей немене,
Ырғай сапты сүңгімен
Ырғай, ырғай салысты.
Найза қанға майысты,
Қармақ болып қайысты.
Итерісіп тұрысты
Ат тізесін бүгісті,
Бүгісе-бүгісе тұрысты.
Тебінгіден тер қатты,
Қақырғанда қан татты,
Түкіргенде жын татты.
Қанжар қалды қайысып,
Семсер қалды майысып.
Жеткен керек ажалы
Қан қаттаудан төгілді,
Ерлер жаннан түңілді,
Аш күзендей бүгілді.
Екеуінің ақ сауыт
Шығыршықтан сөгілді.

Хал-дәрмені құртылды,
«Түсірем» деп ұмтылды.
Екеуінің ақ сауыт
Ескі бөздей жыртылды.
Сол уақытта Қобылекең,
Найзаны ырғап ендірді,
Қазанды жерге төндірді,
Ат көтіне міндірді.
Туралықтан ай шықты,
Тартып еді, жан шықты.
Үлкен сәске болғанда,
Ішкі қамал тысында,
Сыртқы қамал ішінде,
Ер Қазанның аузына
Қобылекең тықты балшықты.

Шалқасынан салады,
Басын кесіп алады.
Басын кесіп алған соң,
Қанжығаға шалады.
Салмағымен қу басы
Аударып кетіп барады.
Сасқанынан Қобылекең
Қолындағы қанжармен
Басты қиып тастады.
Бас барып жерге топ етті,
Қара жер сонда солқ етті.
Дір-дір етіп қорғанның
Бәрі бірдей құлады,
Ордың іші толады.

Қобыландыдай батырды
Қырық мың әскер қамады.
Шілде уақыты болғанда,
Көктен түскен самал-ды.
Тура келген өлімге
Кім табады амалды.
Өлген құлдың басынан
Гулеп өткен заман-ды.
Қырық мың атты қызылбас
Алдында көрді қабанды,
Қабанның ісі жаман-ды.
Сонша қусын көп әскер,
Таба алмады амалды.

Қырық мың атты қызылбас,
Қаладан қашып кете алмай,
Дарбазадан өте алмай,
Қобыландыға жете алмай,
Ор түбінде қамалып.
Мынау тұрған Қобылекең
Бір Құдайды еске алып,
Жан-жағына көз салып,
Жалғыздықтан жабығып,
Жауды көріп, қамығып,
Алдында көп қызылбас,
Артында жоқ жалғасып,
Көмек берер қарындас.

Жалғыздық түсіп есіне,
Қараман көмек бермеді,
Келген екен несіне?
Құдайды айтып жағалап,
Пайғамбарды айтып паналап,
Қобыланды батыр сөйлейді:
«Өзі болат, өзі өткір,
Бұрынғының найзасы.
Бақ қараған пенденің
Басында болар айласы.
Алдымда жау көрінді,
Қараспан толған халқымның
Кәнеки, тиген пайдасы?

Мініп шықтым үмітпен
Шырағым Бурыл дөненді,
Көкке тойған көбеңді.
Ерлігімді кім айтар,
Қараспан тауды жайлаған
Қалың қыпшақ көп елге?
Жар болды Құдай өзіме,
Шыбын жаным көрінді
Бүгін менің көзіме.
Бір жан үшін сыйындым,
Жасаған, сенің өзіңе.
Жазым болып, көз жұмсам,
«Жалғызыңның аты» деп
Кім апарып көрсетер
Кемпір мен шалдың көзіне.

Бурылыма жаптым сауыт,
Сыйынамын Қамбар, Дәуіт,
Ат қоямын ауық-ауық.
Дұшпаннан қорқып тұрмаймын,
Аттың басын бұрмаймын.
Бүгін қанға боялсын,
Балқынға тіккен ақ сауыт.
Мұсылман ұлы дарқан,
Жауды көрсем, қызды арқам.
Бүгінгі күн бөктерсем,
Жеті қабат діллә қалқан,
Еменнің кесілген талынан,
Кем көрмеймін жанымнан,
Толғамалы ақ сүңгі
Шаншылар майдан күн бүгін.
Бұлғары садақ, бұқаржай,
Тартылатұғын күн бүгін.
Жаға басы қақпалы,
Бадана көзді ақ сауыт,
Сөгілер майдан күн бүгін.
Суарып шапқан шар болат
Өтелер майдан күн бүгін.
Толғамалы ақ сүңгі,
Жау ішінде жалтаңдап,
Толғамасам, маған серт!
Толғауыма шыдамай,
Толықсып сынсаң, саған серт!
Алтынды құндақ ақ берен,
Қысылған жерде от беріп,
Ата алмасам, маған серт!
Мен атқанда ұсынып,
От алмасаң, саған серт!
Қарсы атса, оқ өтпес,
Жауын жауса, су өтпес,
Ыстық болса, күн өтпес,
Бадана көзді ақ сауыт,
Шыңдап соққан ер Дәуіт.
Қалмақтың қалың қолына,
Шашақты найза туына,
Қазан салған қалаға,
Жаяу салған балаға,
Бұл әскердің өзіне
Тая шапсам, маған серт!
Ата-анам сүйген ақ денем,
Оқ дарытсаң, саған серт!»

Қобылекең айтып болған соң,
Белі жазық Бурыл ат
Қиналарын білген соң,
Шиыршық атып ойнады.
Тіктеп тиген тұяғы
Қар кешкендей қаршылдап,
Ауыздан аққан ақ көбік
Төсін жуды шалпылдап.
Шабайын деп Қобыланды
Бойын алды аршындап.
Алтын қалпақ, жез телпек
Баса киді көзіне.
Қырық мың атты қызылбас
Қырық кісідей Қобылекең
Көрінбеді көзіне.
Бурыл атты қамшылап,
Әскердің кірді өзіне.

«Иә, Құдай!» – деп ат қойды,
«Мұхаммед!» – деп лап қойды.
Қаланың аузын қан қылды,
Көшенің аузын шаң қылды.
Қызылбас қашып, жосылды,
Ақбөкен аңдай босылды,
Қобылекең келіп қосылды.

Бөлек-бөлек қылады,
Бөрі тиген немедей.
Бөктеріп кетіп барады,
Қасқыр шапқан немедей.
Қырып кетіп барады,
Жолбарыс шапқан немедей.
Жойып кетіп барады,
Тиген жерін алмастай,
Ойып кетіп барады.
Артында жоқ көмегі
«Аллалап» батыр шабады.
Жалғыз өзі Қобылекең
Жарып кетіп барады.
Үш жүз атты бір сайға,
Төрт жүз атты бір сайға,
Аламын деп қайтарда
Байлап кетіп барады.
Жүрген жері шаң болып,
Ақ білегі қан болып,
Жау үстіне жол салып,
Үкімін жауға мол салып,
Жез телпегі басында,
Көмегі жоқ соңында,
Тұлпар мініп, ту алды,
Туын қанға суарды.

Қаладан қашқан қырық мың қол
Әрмен-бермен ырғалды,
Қашайын деп қозғалды.
Артуымен оқ қалды,
Тартуымен топ қалды.
Қобыландының ақ сүңгі
Қызыл қанға боялды.
Соншама адам әйелі
Шаһарда жылап, тұл қалды.
Жетінші күн бесінде
Мұншама қолды сап қылды.
Бурыл атпен бұлғақтап,
Қобылекең жалғыз қалыпты,
Шаһарды жалғыз алыпты.

Бұл қырғынмен қоймады,
Құмары бұған тоймады,
«Жан қалдырмай қырсам», – деп,
Ат қоймаққа ойланды.
Ел шығармай далаға,
Нақ бесінде сыйынды
Жеті кәміл бабаға.
Ақсұңқар құстай шүйіліп,
Лашын құстай түйіліп,
Жеңсіз берен киініп,
Тағы да шықты қалаға.
Қаланың аузын қан қылды,
Көшенің аузын шаң қылды.
Айдарлысын азғырып,
Тұлымдысын жазғырып,
Алтынын артып шанаға,
Баспақты сиыр, танаға,
Қарамай қатын-балаға,
Өтірік емес, жан аға,
Қырық қақпалы шаһардан
Жалғыз адам құтқармай,
Айдап шықты далаға.

Есіктің алды мойыл-ды,
Ашыққан қият тойынды.
Алды үш қыз алады,
Арты екі қыз алады.
Онан соңғы байғұстар
Таңдағанын алады.
Бізге ұқсаған бейшара
Айтса, тілін алмады,
Қыз да оған бармады.
Қорасан шыққан қожыр бет
Құдайға сүйтіп зарлады.

Малды алып болған соң,
Көңілдері толған соң,
Толып жатқан көп қият
Жиылып бәрі, кеңесті,
Кеңескенде не десті.
«Атадан алтау туғандай,
Асылмен белін буғандай,
«Бұрын барып бұлардан,
Қаланы өзім алдым, – дер, –
Жаманға олжа салдым», – дер.
Жалғыз атты қыпшақты
Өлтіріп кетсек нетер, – деп, –
Олжаны бермей кетер», – деп.
Қоста отырған көп жаман
Көтеріліп сөйлейді.

Сөйлегенмен не қылсын,
Бәрінікі құр былшыл.
Бірнеше күн болған соң,
Көпке олжа толған соң,
Елдегі сөзі Құртқаның
Туп-тура анық болған соң,
Қобыландыдай батырдың
Қайтуға көңлі бұзылды.
Мінгенде аты қызыл-ды,
Іс тағдырға сызылды.
Жарлының жалғыз атына
Ұрының құрығы ұзын-ды.

Қобыланды сынды еріңіз
Қайтайын деп тұрғанда,
Қараман сонда сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
«Әй, құрдасжан, қайтпаңыз,
Қайтамын деп айтпаңыз,
Алдыңыз – құз, артыңыз – жар,
Құдай берген ер едіңіз.
Мына жақта Көбікті бар есітемін,
Соған бара кетелік,
Ойранды сала кетелік.

Берік туған құрдасжан,
Құлағың сал сөзіме,
Мен айтайын өзіңе,
Көбікті деген қалмақ бар,
Көрсетейін көзіңе.
Соған енді баралық,
Жылқысын қуып алалық,
Керегесін отын қып,
Ойранды соған салалық».

Сөзіне құлақ салады,
Әйтсе де тілін алады.
Көбіктіні шаппаққа
Іздеп енді барады.
Мінгенде аты дөнен-ді,
Көкке тойған көбең-ді.
Байдың қызы жамылар
Масатыдан берен-ді.
Көп қосынға тапсырды
Қазаннан алған көп елді.

Қараман, Қобылан қосылып,
Кешкі уақыт болғанда,
Көбіктінің шаһарына
Сапарланып жөнелді.
Базарда бар ақ мата,
Ойнақтайды жас бота.
Бұл сөзімде жоқ қата,
Көп қосынның қасынан
Сапар қылды ел жата.
Көбіктінің шаһарына
Келді бұлар таң ата.

Көбікті кеткен ұйқыға,
Жыртылмаған құлпыға
Екі қабан кез келді
Қоба көлдің үстінде
Отарда жатқан жылқыға.

Көк алалы көп жылқы,
Бөрі алалы ен жылқы,
Алдарына алады,
Айдап жөнге салады.

Тізе қосып екеуі
Жылқыны айдап барады.
Көрінім жер келгенде,
Биік-биік қыр екен,
Оқпанды сай жер екен.
Көбікті мінген тарлан ат,
Жамандатқыр сол көк ат
Құйрығын құстай тарады.
Шекесінен қарады,
Бауырынан жарады.
Аспанға қарап есінеп,
«Ием бе?» – деп кісінеп,
Жау екенін білген соң,
Сыртына құйрық салады.
Көк ат қашып барады,
Артынан қуған екеуі
Қарасын көрмей қалады.

Қалаға көк ат еніпті,
Есітті дүбір Көбікті,
Ат барған соң желікті.
Басы – күміс, сабы – алтын,
Базардан келген қасық-ты,
Жаланған болат жасық-ты.
Ақмоншақ атқа Көбікті
Ер салғанша асықты.
Еріндіктен алады,
Астына терлік салады.
Ат басындай тас шоқпар
Тақымына қыстырып,
Мал соңынан салады.
Алтынды найза қолынан,
Жұлдызы туып оңынан,
Таң сарғайып атқанда,
Көбікті жетті соңынан.
Тау суындай сарқырап,
«Таста!» – деп салды барқырап.

Көбікті сөйлеп кетеді:
«Мал иесіз дедің бе,
Жан иесіз дедің бе?
Байлаулы жатқан жылқыны
Байлаудан шешкен кім еді?»
Батыр жігіт қайдасың,
Батыр табар айласын.
Жақсы кісі жаманға
Көп тигізер пайдасын.
Қобыланнан бұрын Қараман
Көбіктінің жүрекке
Келе салды найзасын.
Қараман ерлік бастады,
Ерлігін Қобылан қостады.
Қараманның найзасын
Денесіне тигізбей,
Міне, келген Көбікті
Қолындағы шоқпармен
Допша қағып тастады.
Бұлғары садақ, бұқаржай
Қиядан тартты Қобылекең.
Қобылекеңнің оғын да
Денесіне тигізбей,
Қолындағы шоқпармен
Мұны да қағып тастады,
Жаңадан қайрат бастады.

Аттан түсе алысты,
Бермейміз деп намысты,
Саз балшықтай жабысты.
Қобыландыдай еріңіз,
Бақалшығы қайысты,
Қабырғасы майысты.
Итерісіп тұрысты,
Ат тізесін бүгісті.
Бүгісе, бүгісе тұрысты,
Тебіндігін тер қатты,
Қақырғанда қан татты,
Қанжар қалды қайысып,
Семсер қалды майысып.
Қобылан сынды еріңіз
Бара жатыр бұл жерде
Бақалшығы майысып.

Сол уақытта бабасы:
«Жоқ, балам, жоқ, – деп, –
Болмас, балам, болмас», – деп,
Көк есегі астында,
Шер кітабы қойнында,
Өзі Хақтың жолында,
Есектен түсе қалады,
Қасына жақын барады.
Сол уақытта Қобылекең
Танымады бабасын,
Қан толды екі көзіне.
«Құлағың сал сөзіме,
Есіге бойлы қара сауыт,
Етегіңіз сіздердің
Орым-орым көрінген
Арт жағынан бұлтиып,
Жаман нәрсең көрінген.
Көрінбе көзіме, жоғал!» – деп,
Иінге түртіп қалады.
Сол уақытта бабасы
Өкпелеп, кейін қалады.
Бұлар кейін қалған соң,
Құдай басқа салған соң,
Көбіктідей батырдың
Аруағы асады,
Ағыны судай тасады.
Көбіктідей батырың
Қобыландыдай батырды
Тақымына басады.
Қос батырдың қос тұлпар
Жылқыға айдап қосады.
Ел қаптайды салаға,
Өтірік емес, жан аға,
Қалыңнан соққан қарсақтай
Салақтатып екеуін
Көбікті кірді қалаға.

Көбіктінің бойжеткен қызы Қарлығаға келіп айтқаны:

Көбікті келіп сөйледі,
Сөйлегенде не дейді:
«Алтын қамзол жеңдіше,
Бидай өңді құбаша,
Орта бойлы дембелше,
Айналайын Қарлыға,
Жер астына бір түсер
Бұл пенденің барлығы.
Қайысқан болат сынғандай,
Асыққан көңіл тынғандай.
Екі пенде әкелдім,
Берсем сені күйеуге
Бас жетімің қылғандай.
Көк шыбын қонсын қабаққа,
Сухарды бергін тамаққа».

Қарлыға мінген кер еді,
Аяңдап басып желеді.
Жазығы әйел демесең,
Қарлыға да ер еді.
Жерде жатқан екеуін
Боқжамаша қолтықтап,
Қарлыға алып жөнелді.
Көк шыбын қонды қабаққа,
Сухар берді тамаққа.
Тастады жауып Қарлыға
Кілті мықты лабаққа.

Лабақта бұлар жатты. Бұйырған дәмін татты. Бірнеше күн өтті. Әлденеше күн жетті. Екі батыр солай жата тұрсын, азырақ Қарлығадан сөз сөйлейін. Көбіктінің баласы Біршымбай деген бар еді. Қарлыға сол Біршымбайға айтты:
– Сен Алшағырға бар, «Менің әкем Көбікті Қараман мен Қобыландыны қараңғы үйге салып тастады», – деп хабар сал. Сонда саған Қанікей, Тінікей деген екі қарындасын сүйіншіге берер, – дейді. – Өйткені ол Алшағыр қыз Құртқаға ғашық еді, – дейді.
Мұны есіткен соң Біршымбай көк ала атқа мініп, күн-түн қатып жүріп, Алшағырдың еліне барып, Қобыланды менен Қараманды осылай еткенді құлағына салып, екі қызды сүйіншіге алып, Біршымбай сонда қалыңдық ойнап жата берді. Бір күндері болғанда Қарлыға: «Әкем екі мүсәпірді алып келіп, абақтыға салып қойып еді. Соған барайыншы», – деп келіп, абақтының есігін ашып қалғанда, қараңғы үй жарқ етіп қалды. Екі батыр шошып кетіп, «Бұл немене?» – деп қараса, қыз Қарлығаның сәулесі екен. Сонда Қарлыға сөйлейді.

Қарлыға келіп сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
«Әй, қос батыр, қос батыр,
Сенің өзің ермісің,
Бекер жатар сермісің.
Қолың шешіп қашырсам,
Еліңе барып мақтанып,
Қарлыға қыз қашырмай,
Өзім бір кеттім дермісің?»

Қараман сонда сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
«Менің өзім нашармын,
Кілттің аузын ашармын.
Шеш қолымды, Қарлыға,
Рұқсат берсең, қашармын».

Сонда Қобылекең сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
«Әй, қаш, залым, қасымнан,
Бір сағат болмай ұшты деп,
Дәулет құсы басымнан.
Тіліне дұшпан көнбедім,
Әуелде нақ жасымнан.
Азар берме бұл шақта,
Көбікті қызы Қарлыға,
Өшті болған әкеңнен,
Өшімді алмай кетпеймін.
Кекті болған әкеңнен,
Кегімді алмай кетпеймін.
Қыс қыстауым – Көзгелі,
Жаз жайлауым – Қараспан,
Бұрынғы жолдан адаспан.
Алты жаста ат мініп,
Он үш жасқа келгенде
Аман қалған жоқ еді
Қызылбас тиіп, жанасқан.
Таңбам әліп, қыпшақпын,
Мұсылманға дін ашқан.

Ел аралап жүргенде
Таулар күйіп, тас жанды,
Алты жаста зарпыма
Асықпасаң, Қарлыға,
Бір мінерсің Бурылдың
Жайдақ сауыр артына.
Әуелі Алла ағындым,
Ата-анамды сағындым.
Жауға менің түскенім,
Жағаласып жатқанда
Кәміл пірім жаңылдым.

Омар менен Османға
Ішім толды пұшманға.
Ықылас атты Шашты Әзіз,
Танымай сізді жаңылып,
Жазым боп түстім дұшпанға.
Әгар пірім жад етсем,
Біздей асыл қошқарлар
Болар ма пенде дұшпанға».

Сонда Қобылан сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
«Қараман, кетсең, аман бол,
Қайтасың ба елдерге?
Елге барсаң сәлем де
Азулы деген көлдерге.
Көп-көп сәлем дегейсің
Ел ішінде серлерге,
Замандас, құрбы, теңдерге.
Бізді дұшпан алды деп,
Аяққа кісен салды деп,
Үлкен аға, кіші іні,
Көз салмасын біздерге.

Қараспан деген белдерім,
Азулы деген көлдерім,
Ел ішінде бар еді
Замандас, құрбы, теңдерім.
Атадан тақ мен байғұс,
Жазым болып көз жұмсам,
Кім сұрайды кемдерін.
Алты жаста аттанып,
Қызылбастың жұртына.
Бұлаңдаған Құртқаны
Ғибратпен сүйген күндерім.

«Інім жауда қалды, – деп, –
Не қылайын жанды», – деп,
Алдымнан шығар ағам жоқ,
Алладан басқа панам жоқ,
Тәңірі қылды, шарам жоқ.
«Ағам жауда қалды», – деп,
Артымнан жоқтар інім жоқ.
Амалым жоқ, құдірет,
Жалғыздықтан мінім жоқ.
Қазақ «көппін» дегенде
«Мен де көппін» дейтұғын,
Тартынбай айтар тілім жоқ.
Қарағай садақ, қырық кез оқ,
Балдағы алтын белге тоқ,
Басымнан өтер дүние боқ,
Табаныма тиді шоқ.
Жау қолында жатырмын,
Жазым болып, көз жұмсам,
Сүйегім ұстар теңім жоқ.
Қайратымен халық болған,
Қыпшақ деген елім жоқ.

Арқанменен арыған,
Ауыздығымен тараған,
Жаныма серік Бурыл ат,
Қай қызылбас от берсін,
Қай қызылбас су берсін.
Тоқсанға келген Тоқтарбай
Үзілген шығар қияғы.
Алпысқа келген Аналық
Тасқа тиіп кетіліп,
Сынған шығар тұяғы.
Қарындасым Қарлыға,
Алған жарым қыз Құртқа,
Арыстаны мен едім,
Сөнген шығар шырағы».

Қобыланды батыр абақтыдан шықпаған соң Қарлыға мен Қараман ақыл тауып, жылқыдағы Тайбурыл атты алып келіп, тақымына қылшылбыр салып, бұрады. Сонда Бурыл шыдамай, шыңғырып жіберді. Құлағына Тайбурылдың даусы келген соң Қобыланды төзе алмай, жүгіріп шықты. Бұлардың алдап шығарғанын білмеді.

Сол уақытта Қобылекең
Тайбурыл атқа мінеді,
Үстіне сауыт киеді,
Беліне семсер іледі.
Ат мінген соң тұрмады,
Көбіктінің жылқысын
Және айдап жөнеді.
Қаладан қиғаш өткенде,
Қоба көлге жеткенде,
Жамандатқыр сол көк ат
Құйрығын шаштай тарады,
Шекесінен қарады,
Бауырынан жарады.
Аспанға қарап есінеп,
«Ием бе?» – деп кісінеп,
Жау екенін білген соң,
Сыртына құйрық салады,
Көк ат қашып барады.
Жалғаса қуған екеуі
Қарасын көрмей қалады.

Көк ат енді қалаға,
Жәрдем берсін Құдайым
Қобыланды сынды балаға.
Қалаға көк ат еніпті,
Естіді дүбір Көбікті.
«Ояумысың, Қарлыға,
Ат ертте!» – деп желікті.
Қарлыға сонда сөйлейді:
«Ұйқыңды бұзба, Көбікті,
Жамандатқыр Ақмоншақ
«Жем жейін» деп келіпті».
Көбіктіні жатқызды,
Әбілетке батқызды.
Ақмоншақ атқа ер салып,
Аз ғана азық жем салып,
Артында байтақ ел қалып,
Қобылекең еске түскенде,
Қарлыға шері қозғалып,
Ақмоншақ атқа мінеді,
Беліне семсер іледі,
Денеге сауыт киеді.
Қарлыға қыз, мінеки,
Қобыландыға қосылып,
Әкесінің жылқысын
Және айдап жөнеді.

Қаладан қиғаш өткенде,
Сарыөзенге жеткенде,
Пайғамбар Құдай пендесі,
Төменде аттың денесі,
Сілтесе, тастан өтеді
Ғалидың шапқан қылышы.
Оттамай да жусамай,
Жамандатқыр көк бесті,
Қашаған көктің інісі.
Көрінем жерге келгенде
Құйрығын құстай тарады,
Шекесінен қарады.
Аспанға қарап есінеп,
«Ием бе?» – деп кісінеп,
Жау екенін білген соң,
Сыртына құйрық салады,
Көк бесті қашып барады.
Жалғаса қуған үшеуі
Қарасын көрмей қалады.
Көк бесті енді қалаға,
Естіді дүбір Көбікті,
Көбікті батыр желікті.
Көк бестіні көрген соң,
Кеткенін қыздың білген соң,
Көк бестіге мінеді,
Шоқпарды қолға іледі,
Мал соңынан шабады.
Көбікті мұнда келгенше
Қарлыға ақыл табады.

Сонда Қарлыға айтты:
– Әй, Қобыланды мен Қараман, енді ол көк бесті әкеме барады. Әкеме барған соң атқа мініп, бізді қуар, тез жетіп келсе керек. Әкем Көбіктіге атсаң мылтық батпайды. Шаншысаң найза, шапсаң қылыш өтпейді. Өйткені үстіндегі ақ сауытын өзім қолдан жасап едім. Көзін тар қылып едім. Бірақ кіндігінің тұсындағы төрт көзін кем соғып шығарып едім. Өзім бір жақсы адамды сүйіп барам десем, әкем бермесе, сол жерден байлап аттырармын деген жерім еді. «Балам, мына жердің шығыршығы қайда?» – дегенде, «Жетпей қалды», – деп едім. Сол жерінен кіндігі бұлтиып шығып тұратын еді. Сонан байлап атсаң, қаза бар, болмаса, бөтен жерден қаза жоқ, – дейді. Қараманға:
– Ақырын жылқыңды айдай бер. Биең құлын салмасын, тайың жолда қалмасын. Артыңа көзіңді салып жүргейсің. Екі қара көрінсе, Қобыланды мен Қарлыға екен дерсің. Жалғыз қара көрінсе, Көбікті болар. Онда өзіңіз қамыңызды қыларсыз, – дейді. Қараман жылқыны айдап жүре берді.
Қобылекең қисайған оғын түзетіп, тоғайда жол тосып жата берді.

Бір уақыттар болғанда,
Көбікті сынды еріңіз
Таң сарғайып атқанда,
Шолпан жұлдыз батқанда,
Төбеден жұлдыз аққанда,
Көк бесті атқа ер салып,
Тас шоқпарды қолға алып,
Теңселе басып ырғалып,
Енді атына мінеді.
Қобыландының соңынан
Көбікті қуып келеді,
Батыр мұны көреді.

Көтерілді Қобылекең,
Қорамсаққа қол салды,
Бір салғанда мол салды.
«Қалмақы ердің басы деп, –
Қақ жүректің тұсы, – деп, –
Өлер жерің осы», – деп,
Салдыр-гүлдір өткізіп,
Оқ масаққа жеткізіп,
Сонда Қобылан сөйлейді:
«Сыңғыр, қолым, сындың ба,
Шыққыр көзім, шықтың ба,
Шын бір қазам жеттің бе,
Шын бұйрығым біттің бе?
Ықылас атты Шашты Әзіз
Қысылған жерде дем бермей,
Сарт болып-ақ кеттің бе?»
Қобыланды тартты бір кезде.
Тартқан кезде Көбіктінің
Жанына азап көрінді.
Азап емей немене,
Көк бесті аттың үстінде
Бөксесі жатып қалады.
Кеудесі оқпен бөлініп,
Шоқпар қолда қалады.
Шоқпарды қолға алмаққа,
Қобыландыға қарсы тұрмаққа,
Екі қолмен тырбаңдап,
Кеудесі кетіп барады.

Базардың бар мақпалы,
Ұстайды құндыз қақпалы,
Жетіп келді Қобылекең
Алтынды семсер қолға алып,
Көбіктіні шапқалы.
Заманақыр тақалды,
Саудагер сатар бақалды.
Қыздан келген айланы
Біліп енді Көбікті:
«Қыз он беске жеткенде
Өспесін, – деп, – өркені!»
Жұлып та жатыр сақалды.

Діні кәпір, зат басқа,
Аяп болмас атпасқа,
Айласы қанша қыз жасқа.
Екінші сөзді сөйлетпей,
Суырып алып қылышын,
Қобылекең салды қақ басқа.
Шалқасынан сылқ етіп,
Жаны шығып бұрқ етіп,
Өліп қалды сор қасқа.

Бөксесі атпен барады,
Қараманның жылқыда
Құлағын дүбір шалады.
Арт жағына қарады,
Көреді жалғыз қараны.
«Қобыландыны өлтіріп,
Сағатына келтіріп,
Көбікті мұнда келеді, – деп, –
Сазамды менің береді», – деп,
Жылқыдан қаша жөнелді.
Үшінші күдер асқанда,
Қараман жаман сасқанда,
Шығып кетіп оңаша
Артына және қараса,
Жылқы ішінде жүр екен,
Бөксе екенін біледі,
Өз-өзінен күледі,
Жылқыға шауып келеді.
Ат үстінен бөксені
Тартып енді қарады.
Бөксе бұған болмады,
Қараман сөйтіп сорлады.
Аттан түсе қалады,
Аяғынан алады,
Өлдім-талдым дегенде,
Әрең деп жерге салады.

Өтірік емес, оңайдан
Тілейді әркім Құдайдан.
Қос аты бар қолында,
Қуғыншы жоқ соңында,
Қобыланды мен Қарлыға
Көбіктіні өлтіріп,
Сәтіне оны келтіріп,
Аударыспақ ойнасып,
Гулетіп шықты тоғайдан.

Биік-биік қыр екен,
Оқпандай сай, жыра екен.
Көбікті батыр өлген соң,
Қобыландының алдында
Сайымұғлы Қараман
Қарсы түсіп тұр екен.
Бұлар енді келген соң,
Қараман сонда сөйлейді:
«Шешен сөйлер дауға, – деп, –
Қайрат қылдың жауға, – деп. –
Олжа қылған, құрдасжан,
Беріңіз маған сауға», – деп.

– Жая менен жал құрдас,
Шекер менен бал құрдас.
Көбіктінің жылқысын
Олжаға қоспай, ал, құрдас.
– Келіп ем, құрдас, кезіңе,
Мұндай жылқы өзіңе.
Ішіңіз қиып берсеңіз,
Қарлыға сауға өзіме.
– Көбіктінің көрдің өлгенін,
Қыздың көрдің келгенін.
Өзі келді ерлікпен,
Көңілі сүйсе, бергенім.
«Есендік пенен саулық, – деп, –
Тірілік пен барлық, – деп, –
Түйенің көркі нарлық, – деп, –
Жарасар нарға сандық», – деп,
Қарлығаны алып жөнелді:
«Құрдасжан берсе, алдық», – деп.

Ел жайлаған Есілді,
Қарлыға қолға тиген соң,
Қараман батыр шешінді,
Осы жерде қылды кесірді.
Қарлыға қызды ұстады,
«Бола ғой», – деп қыстады.
Қараманның сөзіне
Қарлығадай сұлудың
Ашуы келген сықылды.
Қараманға қылды өкімді,
Жағасынан алады,
Шалқасынан салады.
Қарамандай батырың
Масқара болып қалады.
Жаңылтпа, Құдай, есімді,
Аузыма келген жел сөзді
Аяйын енді несіне.

Қараман, Қобылан екеуі
Қазанда жатқан қосынға
Көбіктінің жылқысын
Айдап келді бесінде.
Қобыланды батыр келген соң,
Иесін көзі көрген соң,
Байлар мінер дөненді,
Жарлы мінер көбеңді.
Байдың қызы жамылар
Масатыдан беренді.
Әкеліп қосты жылқыға
Қазаннан алған көп елді.
Қияттан шыққан көп жаман
Көтеріліп шулайды,
Жатып малға кенелді.
Екі арыстан келген соң,
Қожа бесін болған соң,
Ақсайға барып қонған соң,
Көп қосын көшіп жөнелді.

Жалғызға Қобылан ұқсайды,
Мезгілсіз жылап қақсайды.
Жыламай Қобылан не қылсын,
Жанына серік Бурыл ат
Томар қағып, жүре алмай,
Аяғынан ақсайды.
Келіп қонды Ақсайға
Ақсайға келіп қонған соң,
Қарлығаны алып келген соң,
Қараман барып алғандай
Ақымақ қият бірталай
Қараман атты батырды
Көтеріп аттан алады,
Ақ киізге салады.
«Шаһарды бұзып алды», – деп,
Хан көтеріп барады.

Арыстан туған Қобылекең
Атын ұстап тұратын,
Ас пісіріп беретін,
Толып жатқан қияттан
Шай қайнатар кісі жоқ,
Бұл қосынның ісі жоқ,
Қобылекең жалғыз қалады.
Жамандар қорлық еткен соң,
Қараман қият кеткен соң,
Жалғыздықтан жабығып,
Қорлық көріп, қамығып,
Өксіп жылап, қайғырып,
Қайғы тартып, қан жұтып,
Запыран ішіп, май жұтып,
Осынша көптің ішінде
Жалғыз жылап қалады.

«Көптің ісі бітеді,
Жалғыздың ісі кетеді.
Шауып алған олжамды
Қият алып кетеді.
Шамырқанып, шамдансам,
Буырқанып, бұрсансам,
Мұздай темір құрсансам,
Қосыны түгіл, қияттың
Еліне әлім жетеді.
Ақылсыз туған мен ақымақ,
Елден жалғыз шыққанша,
Онды, бесті жаныма
Кісі ертсем нетеді?
Құдіреті күшті Құдайым,
Жаратқанша жалғыз қып,
Жаратпасаң нетеді?
Туғызғанша жалғыз қып,
Туғызбасаң нетеді?
Көп болған соң жалғызға
Жаманның әлі жетеді.

Үйге барсам, түзім жоқ,
Түзге барсам, үйім жоқ.
Осындай жалғыз жүргенде
Өтесің бе, дүние боқ?
Қарағай кестім талымды,
Қайнаттым шекер-балымды,
Әттең, шіркін, жалғыздық,
Бетімнен төктің арымды.
Кетірдің мұнша сәнімді,
Көп қинадың жанымды.
Атадан алтау туса да,
Шірік туған жаманға
Болайын нағып жалынды?
Қазам жетіп, мен өлсем,
Жұрт талайды малымды.
Қай мезгілде көремін
Үйдегі кемпір-шалымды?
«Құлым» десең, Құдай-ай,
Бүгін маған көрсетші
Ататұғын таңыңды.
«Көрсін» десең таңыңды,
Ойла менің қамымды.
Бүгін таңға жеткізбей,
Тауыс менің нанымды».

Қият қылды мастықты,
Жылап жүріп Қобылекең
Ерін қылды жастықты.
Жамандар қылды өсекті,
Наза болып Қобылекең,
Тоқымын қылды төсекті.
Тоқымын төсеп, ер жастап,
Етпетінен Қобыланды
Ұзынынан сұлады.
Алтынды ерге сүйеніп,
Артық туған Қобыланды
Өксіп сонда жылады.
Жылап жатып Қобылекең
Бөлінбеген ұйқыға,
Жыртылмаған құлпыға.

Таң мезгілі болғанда,
Көк есегі астында,
Алтын дастар басында,
Сырлы асасы қолында,
Өзі Хақтың жолында,
Жетіп келіп қасына,
Отыра қалып басына,
Тізесін бүгіп сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
«Ұйқыдамысың, Қобыланды,
Мінгенде атым бозды ғой,
Арқам желге қозды ғой.
Саған келген пәлені
Қорғаймын деп мен сорлы
Етегім әбден тозды ғой.

Құланнан аттым қодықты,
Көлден тарттым борықты.
Сенің әкең Тоқтарбай,
Қартайған шалға жолықтым
Биік-биік қыр екен,
Оқпанды сай жер екен.
Сенің әкең Тоқтарбай
Бұтында жоқ ыштаны,
Қойшы болып кәпірде,
Ақтабан боп жүр екен.
Алпыс жаста Аналық
Арқан есіп, жүн түтіп,
Алшағырдың елінде
Құрт қайнатып жүр екен.
Қарындасың Қарлыға
Пиаласы қолында,
Дастарқаны қарында,
Белдемшесі белінде,
Бөтен жаудың елінде,
Шай қайнатып жүр екен.

Өзіңнен қалған Құртқаны
Қалмақтың ханы Алшағыр
Аламын деп жүр екен.
Шауып кетті еліңді,
Кесіп кетті желіңді,
Өзің тірі тұрғанда
Қыпшақты жаудың алғаны –
О да саған өлім-ді.
Еліңді алған дұшпанға
Көрсеткейсің көрімді.
Жалған айтар демеңіз
Жеті кәміл піріңді.
Қалмақтың ханы Алшағыр –
Бүгін үш күн болады,
Шауып кетті еліңді,
Кесіп кетті желіңді».

Бабасының сөзімен
Қобыланды шошып оянды-ай.
Қылған ісі пенденің
Жаппар Хаққа аянды-ай.
Көзін ашып жіберсе,
Таң шымырлап атыпты,
Моллалар азан айтыпты,
Шолпан жұлдыз батыпты.
Көзін ашып қараса,
Мақталы жастық мамық-ты,
Оянып, түске қамықты.
Талауға жұрты түскен соң,
Байлауға малы кеткен соң,
Осыны біліп Бурыл ат,
Қапаланып ақсап жүр екен.
Пірден хабар тиген соң,
Ақсап жүрген Бурыл ат
Құлындай ойнап қалыпты.
Белгілі төбе бел еді,
Әйел де болса ер еді.
Қараман алған Қарлыға
Батыр жалғыз қалған соң,
Майқара мен көдеге,
Жусан менен бетеге,
Шұңқыр менен өзенге,
Түніменен ұйықтамай,
Бурыл атты жетелеп,
Қарлыға бағып жүр екен.
Көзінің жасы мөлтілдеп,
Қос бүйрегі бүлкілдеп,
Елін дұшпан алған соң,
Аяғын басып жүре алмай,
Қарлығаның қасына
Азар келді былқылдап.

Қобыланды келіп сөйлейді:

«Жолдас болдың, Қарлыға,
Алланың қатты жарлығы.
Жер астына бір түсер
Бұл пенденің барлығы.
Жалғыз маған түсіпті
Алланың қысым, тарлығы.
Жау шауыпты елімді,
Дұшпан басып белімді,
Кесіп кетті желімді.
Жалған айтар демеймін
Жеті кәміл пірімді.
Қалмақтың ханы Алшағыр
Бүгін үш күн болады,
Бабам айтты өзіме.
Жылқыда құмай аламын,
Атадан жалғыз баламын,
Көмек берер демеймін,
Сайымұғлы Қараман.
Әйел де болсаң, қатар ең,
Мұңымды саған саламын.
Рұқсат берсең, Қарлыға,
Көмегім жоқ соңымда,
Жалғыз да болсам барамын».

Қарлыға сонда сөйлейді:

«Ерлер сасар болар ма,
Етегін басар болар ма,
Үмбетінен пайғамбар
Дінсіздер асар болар ма?
Әуелі Құдай анайым,
Хақ жаратқан Құдайым.
Бөлініп елден шыққан соң,
Сіз болар ма деп едім
Тәңірі қосқан жұбайым.
Өзім сізден қалған соң,
Мұныма жеймін уайым.
Сіздерменен дос болып,
Өз еліммен қас болып,
Сөйтіп шыққан сорлы едім.
Артық туған сұлтаным,
Бір шыбындай жанымды
Сенен бір несін аяйын.
Қайғы ішіп, қан құспай,
Запыран ішіп, май жұтпай,
Бүлінген елге кете көр,
Шабылған елге жете көр.
Асқар-асқар бел болса,
Қараман сынды құрдасың
Жаны ашыған ер болса,
Жинап алып, артыңнан
Тап үш күнде барайын».

Жанына байлап болатты,
Басына асыл жалатты.
Сүйіп мінген Бурылдың
Жел тимеген сауырын,
Күн тимеген бауырын
Қамшымен ұрып қанатты.
Тайбурыл аттың маңдайын
Қараспан тауға қаратты.

Қаратып тауға, «Шүу!» – дейді,
Атылып Бурыл гулейді.
Тау мен тасты көрмеді,
Құлақтың түбі терледі,
Тер шыққан соң өрледі.
Көлденең жатқан көк тасты
Тіктеп тиген тұяғы
Саз балшықтай иледі.
Ерте шапқан Қобыланды
Кешке шейін шабады.
Бара алмады еліне,
Жете алмады жеріне.
Таң мезгілі жеткенде,
Шолпан жұлдыз батқанда,
Есіктің алды ағын-ды,
Бола жазды шығынды.
Шығынды емей немене,
Екпіндеп шапқан Тайбурыл
Етпетінен жығылды.

Жылап жүріп Қобыланды
Жерге қолын салады,
Жерді сипап қарады.
Ертеңгі таң атыпты,
Бұйырған дәмін татыпты.
Жазығы мал демесең
Адамнан ақылы артық-ты.
Ел барында Құртқаның
Екі мезгіл жем берген,
Жаныменен тең көрген,
Алтыннан соққан албарға
Бурыл құлап жатыпты.

Таң ата Қобылан қараса,
Жұрты жатыр, елі жоқ,
Батпағы жатыр, көлі жоқ.
Сандалып жүрген бала жоқ,
Табанына тиді шоқ,
Жанды қара бір де жоқ.
Балта кеспес мұртына
Сүйексіз тілім бел қылды.
Сәске мезгіл болғанда,
Шауып келді Қобыланды
Бұлаңдаған Құртқаның
Отауын тіккен жұртына.
Қылыш сала байланып,
Жұртын жүрді айналып,
Есіктің алды ойыңқы,
От ортасы көбіңкі,
«Томпайған мынау күл ме?» – деп,
Найзаны күлге салады,
Аударып күлді қарады.
Жая менен жал екен,
Шекер менен бал екен,
Өзін қалмақ алғанда,
Босанып қолдан қалғанда,
«Батыр бұған кез келсе,
Қарны ашып келер, – деп, –
Қаны қашып жүрер», – деп,
Көмген екен жұртына
Бір табадай нан екен.
Бұйырғаны осы ғой,
Азды-көпті жиған деп,
«Нанның түбі иман», – деп,
Шетінен тістеп алады,
Қоржынға батыр салады.

Бурыл атқа «Шүу!» – десе,
Етпетінен құлады.
Сонда тұрып Қобыланды
Алтын ерге сүйеніп,
Өксіп-өксіп жылады.
«Тұлпардан туған Бурылым,
Сен де айрылдың анаңнан,
Мен де айрылдым анамнан.
Және айрылдым Қарлыға –
Бірге туған бауырдан.
Қарағым, Бурыл, әлменен,
Адаспай шауып жолменен.
Өкпе-бауыр жалменен,
Тұман болды шаңменен.
Ауылға барған кезімде
Құртқа түссе қолыма,
Суартамын балменен.
Сипатармын, шырағым,
Ақ сүңгідей қолменен».

Қобылекең сонда «Шүу!» – дейді,
«Шүу!» – дегенде, гулейді.
Ерте шапқан Қобыланды
Кешке шейін шабады.
Шапса да елге жете алмай,
Іңір болып барады.
Есіктің алды ағынды,
Бола жазды шығынды.
Шығынды болмай немене
Екпіндеп шапқан Тайбурыл
Етпетінен жығылды.
Жерге қолын салады,
Жерді сипап қарады.
Аллаға қанша жазықты
Батыр бұған кез болса,
«Аты арыса, қарны ашса,
Болсын депті атқа жем,
Өзіне қылсын азық-ты».
Тұлпардан туған Бурылдың
Астынан тауып алыпты.
Алтын қазық бес бүктеп,
Ат қоржынға салыпты.

Таң мезгілі болғанда,
Алшағырдай қалаға
Қобылекең жетіп келеді.
«Қолыма алдым найза, – деп, –
Шерменде болған халқыма
Тигізейін пайда», – деп.
Таң атқанда Қобыланды
Шаһарды үш айналды,
«Енуге есік қайда?» – деп,
Бір шетінен өткенде,
Мүсіндеу жерге жеткенде,
Жылқыда құмай аланы,
Атадан тақ баланы,
Күнде қойға барғанда
«Жалғызым» деп Тоқтар шал
Жоқтаушы еді баланы.
Бүгін тағы зарлаған,
Жас қозыдай маңыраған,
Саулы іңгендей аңыраған,
«Уай, балам» деп сарнаған
Тоқтар шалдың дауысы
Сыртта жүрген Қобыланның
Құлағын жарып барады.

Сонда Қобыланды тыңдап тұра қалса, тоқсандағы атасының Қобыландыны жоқтап зарлағаны екен.

Тоқтар шал сонда сөйлейді,
Жадына алып Құдайды.
«Келелі түйем ішінде
Бурадайын айдынды,
Жалғызым, сенен айрылдым.
Омар менен Османға,
Ішім толды пұшманға,
Ай мүйізді қошқардай,
Қозым, сенен айрылдым.
Қолымнан құт кетті енді,
Құтым Қобылан, айрылдым.
Қайыңға біткен жапырақ
Құлан шабар шоқырақ.
Бұл бейнетті көргенше
Неге өлмедім мен шұнақ.
Өлгенде мені кім көмсін,
Тілеп алған қозым жоқ,
Кім салар маған топырақ?
Балтам тасқа өтпейді,
Ауырған жерім бітпейді.
Күнде «ал» деймін Құдайға,
Мезгілсіз ажал жетпейді.
Күн ыстықта қой бағып,
Маңдайымнан тер ағып,
Бұтымда жоқ ыштаным,
Кендірден киген кебене
Бұтыма тартсам жетпейді».

Бүгін айдың нешесі,
Ай қараңғы кешесі.
Алпысқа келген Аналық
Енді оянып, жылайды,
Қобыландының шешесі.
«Өріп едім жібекті,
Құлан тастар тезекті.
Шырағымды жоқтайын,
Шаршаған жерде тоқтайын,
Жан қосағым Тоқтар шал,
Беріңіз маған кезекті.
Алтын бесік иісім,
Күміс еді киісім.
Ереуі жоқ күмісім,
Жастан қосқан білісім,
Ойнау менен күлісім,
Жалғызымның барында
Кеңейіп еді өрісім.
Қондырып еді өзіме
Бұл дүниенің бейішін.
Түн ортасы болғанда
Шырағым жақтан жел соқты,
Жаңылмасам деп едім.
Шырағым мінген астына
Тайбурыл аттың желісін.
Омар менен Османға,
Ішім толды пұшманға.
Шырағымның жоғында
Пенде болдым дұшпанға.
Жан қосағым Тоқтар шал,
Разымын Тәңірге
Мені саған қосқанға,
Көзіңді сал аспанға.
Төрткілдеп соққан төбемнен,
Шырағым шыққан денемнен,
Жаз болса шығар күн жаққа,
Қыс болса шығар жел жаққа,
Бабасы берген шырақтың
Бұлты келді төбемнен.
Қарағай садақ, қырық кез оқ,
Балдағы алтын белге тоқ.
Бұлты келді, өзі жоқ,
Бұлтын көріп, кеулім тоқ.

Қобыланды үйде барында
Мақпалдан тонды киіп ем.
Айналайын Жасаған,
Көзімнің жасын иіп ең.
Тілегімді берсейші,
Қозы бағып жүргенде
Шырағым менің келсейші.
Оң қабағым тартады,
Шырағым менің келгендей.
Иінім менің тартады,
Қамқаны таңдап кигендей.
Тақымым менің тартады
Қараспанға ел көшіп,
Парымен жорға мінгендей.
Жан қосағым Тоқтар шал,
Етіме қатқан қос тері
Бұлақ болып есілді,
Жалғыз келіп емгендей.
Бір нышанын көргендей,
Қуанамын мен ғаріп,
Кеткен қозым келгендей.
Алпыста шешең Аналық
Арқан ескен не қорлық?
Өзге қорлық – қорлық па,
Өзің алған Құртқаны
Қалмақтың ханы Алшағыр
Аламын дегені не зорлық?
Мен бір пақыр анаңды
Дұшпаннан халас қыла көр.
Ықылас атты Шашты Әзіз
Біздерге жәрдем қыла көр».

Қарлыға сонда сөйлейді:

«Қасіретті жан шеше,
Көкеме бүгін түс көрдім.
Бүгін емес, мен кеше,
Адыра қалған айбалта
Тасқа тиіп кетілді,
Қайрасақ, тағы жетілді.
Тәңірі аямас болар ма,
Біздей сорлы жетімді.
Мойынымда көк моншақ,
Бармақ басым жауһардан.
Жете алмады Тайбурыл
Ақ сауыттың ауырдан.
Қалмақтың ханы Алшағыр
Мал алмас еді ауылдан.

Бүгінгі күн түсімде,
Өзімнің бабам ішінде,
Бұл заманда жан бар ма
Қобылекеңдей пішінді.
Қазанның Сырлықаласын
Жалғыз алып жүр еді.
Сарт болмаса пірлерім,
Ықылас атты Шашты Әзіз
Аян беріп жүреді.
Аюдайын ақырып,
Қараманды шақырып,
Қасына енді келген соң,
«Қатын» деген бір сөзді
Бетіне соғып жүр еді.
Қысқаға ұзын жалғатып,
Тайбурыл атты ойнатып,
Қазанды шауып жоқ етіп,
Көп қосынға Қобылекем
Олжа салып жүр еді.

Бүлінбеген ұйқыға,
Жыртылмаған құлпыға,
Жалғыз ағам, жан көкем,
Таң ата алып жүр еді
Көбіктінің жылқысын.
Жамандатқыр Ақмоншақ
Қашып барып еліне,
Терлік салып беліне,
Көбікті мініп атына,
Бұрынғы тартып салтына,
Көбіктіні өлтіріп,
Кемеліне келтіріп,
Ағамның құрып айласы,
Өз аттасым Қарлыға
Көкеме тиіп пайдасы.
Сөйтіп жүрген жан көкем
Қарамандай батырға
Көбіктінің қызы Қарлыға
Сауғаға беріп жүр еді.

Бурыл ақсап қалғанда,
Көкем қақсап қалғанда,
Қалың қосын көше алмай,
Ақсайға қонып жүр еді.
Ақырында көп қосын
Жан көкеме қарамай,
Жұртына тастап жүр еді.
Жеңешем көмген сары нан
Шетінен тістеп жүр еді.
Қоржынға салып жан көкем,
Аллаға қанша жазықты.
«Аты арыса, қарны ашса,
Керек болса атқа жем,
Өзіне қылсын азық-ты».
Жеңешем көмген қазықты
Бурыл ат тауып жүр еді».

Енді Құртқа сөйлейді:

«Аспаннан ай түсірдім,
Хордың қызын құшырдым.
Ойпаң жерге ор қаздым,
Ақсұңқар құсқа тор жаздым.
Шырағым түзде, мен үйде,
Жарғабынды қылғандай,
Бибі Фатима, не жаздым?
Биік таудың жылғасы,
Бауырында ойнар құлжасы.
Әр пендеге бітер ме,
Сұлтанымның тұлғасы.
Тәңірі неден жаратты
Төмен етек ұрғашы.
Аламын деп қинайды,
Діні жаман болмашы.
Шырағым сүйген ару денем,
Бола ма жаудың олжасы?

Құлыны өлген қулыққа
Тай теліген бар ма екен?
Ботасы өлген түйеге
Нар теліген бар ма екен?
Сұлтаным түзде, мен үйде,
Ақсұңқар құстың орнына
Қарға қонған бар ма екен?

Сары бал қойдым аяққа,
Бұғалық салдым саяққа.
Өзім баққан Тайбурыл
Менен кеттің қай жаққа?
Мінген атым Шалқасқа,
Алтыннан таға салдырдым,
Таймасын деп тау-тасқа,
Қызмет еттім мен жаста.
Қулықтың сүтін еміздім,
«Бәрекелді» дегіздім.
Сексен күні біткен соң,
Тоқсан күні жеткен соң,
Құнанда емдің, тайда емдің,
Бес жасыңа келгенде
Бел қызығын көрсін деп,
Бес бедеуге салдырдым.
Алты жаста ақтаттым,
Ат болар деп батырға,
Сені сонша мақтаттым.
Таралып мойны өссін деп,
Алты қабат ала арқан
Жібектен есіп сүйреттім».

Белде белден өткізді,
Бурыл аттың дауысын
Қыз Құртқаға жеткізді,
Періштелер жалғасып.
Танығансын дауысын,
Жалтырда көлдің қатысын,
Тілеп ала барады
Алшағыр ханның сатысын.
Сатыны тілеп алады,
Сатыны тамға салады.
Сатыға шығып өрмелеп,
Жан-жағына қарады.
Қобыланды менен Бурылды
Құртқаның көзі шалады.

Сонда Құртқа сөйлейді:

«Әуелі Алла алхамым,
Атса мылтық өткізбес,
Үстінде далда қалқаның.
Күнім туды, Құдай-ай,
Дұшпан іздеп жол кешкен
Келген екен сұлтаным.
Қайтып келіп қонар ма
Ұшып кеткен сұңқарым».

Енді Қобыландыны көрген соң Құртқаның балқымаған жері қалмай, аққан судай көңілі тасып, аяғын жылдамырақ басып, Алшағыр ханға айтқаны.

Құртқа сондай сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
«Елімді шапқан, Алшағыр,
Сөзіме құлақ сал, Шағыр.
Сақтағаны сен итке
Бір Тәңірдің бар шығар.
Мінгенде атым кер ме еді,
Кекілден аққан тер ме еді.
Әкелдің де қамадың,
Жарық сәуле көрмедім.
«Құртқа шығып, бой жазып,
Далаға шықсын» демедің.

Рұқсат берсең, Алшағыр,
Ала қапты алайын,
Беліме арқан шалайын.
Тезек теріп, бой жазып,
Далаға таман барайын.
Аянбасаң, Алшағыр,
Екі құл мен екі күң
Бақташыңды сал, Шағыр».
«Теремін, – деп, – тезекті»,
Сәске мезгіл болғанда,
Шаһардан шығып барады.
Бақташысы қасында
Екі құл мен екі күң,
Құртқаменен бесеуі
Ақылдаса қалады,
Сөзіне құлақ салады.

Көрінім жер барғанда,
Келді бір сай басына,
Отырды Құртқа қасына.
Отырып, бір сөз бастады,
Күң менен құлдар қостады.
Бір күң менен бір құлды
Осы сайдың басында
«Ойнай бер», – деп тастады.
Күңді құлдар ұстады,
«Бола ғой», – деп қыстады.

Күң менен құл қалған соң,
Бойын жазып алған соң,
Тақырға тұрған құла қақ
Сөйлеген ғазиз тіл мен жақ,
Патшалар мінген алтын тақ.
Ала қапты төрт бүктеп,
Жүкті қатын секілді
Ішіне тықты Құртқажан,
Қобыландыны сынамақ.
Қыл қобызға жаққаным
Қарағайдан шайырды.
Үлкен-кіші жамағат
Тіріде қайыр бермеген,
Ғибадат жүзін көрмеген.

Бұл дүниеден өткенде,
Ақыретке жеткенде,
Білесіз бе байырды.
Мынау шарбақ осы деп,
Иә, болмаса тұсы деп,
Бұл шарбаққа байлаған,
Терек басын шайнаған,
Шығыршық атып ойнаған
Бурылды Құртқа көріпті.

Құртқажанды көрген соң
Тұлпардан туған Тайбурыл
Теректегі шылбырды
Жұлып ала жөнелді.
Бурылды Құртқа көрген соң,
Омырауда он түйме
Құртқа ағытып жіберді.
Есіктің алды ағынды
Бола жазды шығынды.
Шығынды болмай не қылсын,
Сағынып келген Бурыл ат
Қолтығына Құртқаның
Тұмсығын тығып жығылды.

Ат қашқан соң «Тәк-тәк!» – деп
Артынан Қобылан жүгірді.
Ат тоқтаған мезгілде
Құртқажанды көреді.
Ғашық жарын көрген соң
Артық туған Қобыланды
Езу тартып күледі.
Қобыландыны көрген соң
Бұлаңдаған Құртқажан
Тұра келіп иілді,
Қол қусырып жиылды.

«Дүниеде іңкәрім,
Бұрын жетті өзіңнен
Астыңда мінген тұлпарың.
Тұлпар мініп, ту алған,
Туын қанға суарған,
Кеткен жері қуарған,
Келген жері қуанған.
Аман-есен келдің бе,
Жұрт иесі сұңқарым.
Сақтадың жаудың қаласын,
Дұшпанның мініп аласын.
Қалмақтың жегіп шанасын
Қасіретті қылған данышпан
Әлдеқандай боласың?
Үкімменен жина-дүр
Кәуірдің дұшпан баласын».

Онда Қобылан сөйлейді:

«Күлме, Құртқа, қой, – дейді, –
Кетті заман баяғым.
Кім ұстамас жылқының
Қырға қашқан саяғын.
Бірді таппа, мыңды тап,
Көріп келдім бұл жолда
Жалғыздықтың азабын.
Омса болмас баяғым,
Адам болып ер жетсе
Өзімнің соғар таяғым».

Қобылекең кеңдік бастайды,
Кетігін Құртқа қостайды.
«Тұл болсын», – деп ақ қапты
Көзінше алып тастайды.
Қап екенін біледі,
Езу тартып күледі.
Аузы айтса да Қобылекең
Іші қимай тұр еді.
Құртқаны қолдан жетелеп,
Қасындағы тоғайға
Қобыланды алып жөнелді.

Құртқа сонда сөйлейді:

«Көптен дамыл көрмеген,
Күн бесті болған ер едің,
Аз-кем күнге шыдаңыз.
Тайбурылды ойнаттың,
Дұшпаның көп, досың аз,
Сұлтаным, бұзба қайратың.
Айдын көлдің бетінде
Ойынға балық шығады,
Жазғы судың шетіне.
Ертеңгі күн, сұлтаным,
Жұрт қолыңа тигенде,
Біреуменен ұрыссаң,
Біреуменен керіссең,
Әзілдесіп, күлісіп,
Жамандардың тілі ащы.
Қадір білмес кей жаман
«Ата-анасын танымай,
Қатынын көрген Қобылан», – деп,
Кінә қылар бетіңе».

Сонда Қобылан сөйлейді:

«Асып туған қыз Құртқа,
Әйел болдың, амал жоқ.
Әгар еркек болғанда,
Болар ең тұтқа бір жұртқа.
Төрткілдеп соққан төбедей,
Алтыннан соққан жебедей,
Сағындырған жарым сен едің.
Соншама күн жол шегіп,
Абыры ажат көп көріп,
Сағынған жұфтым – сен едің.
Құдай қосса, шырағым,
Ертең Бурыл мінейін,
Беліме семсер ілейін.
Қазам жеткен күн болса,
Ата менен анадай
Құрбандық болып өлейін.
Иә болмаса, Тәңірге
Жүгініс етіп көрейін.
«Байқамас па екен?» деуші едім,
Әсіре қыпшақ баласын,
Өткен ерлер шамасын».

Құртқа кейін кеткенде,
Шаһарға барып жеткенде,
Күңі мен құлға «жүр» дейді,
Тұрайын десе күң мен құл
Ойындарын қимайды.
Еркіне Құртқа қоймайды,
Күңі мен құлын жинайды.
Ертіп алып қыз Құртқа
Құлдарыменен келген соң,
Қалаға Құртқа енген соң,
Шұбалаңдап шаң шықты,
Қаңғыр-күңгір даң шықты.
Немене шаң деп қараса,
Саулы іңгендей аңқылдап,
Күшігендей саңқылдап,
Алтын күмбез дулыға
Шекесінде жылтылдап,
Ақмоншақ аты астында,
Қарлыға келді сылқылдап.
Қарлығаның соңынан
Сайымұғлы Қараман
О да келді былқылдап,
Бұл Қараман соңынан.

Есіктің алды балдырған,
Нан пісірдім тандырдан,
Қызылбастың көңілін қалдырған,
Қызылбастың жұртынан
Мұштай деген шаһарды
Тағыболат, Тасболат,
Бұрынғы үш ағасын
Бірдей қырып салдырған.
Шонжар қатар заты бар,
Жіңішке жирен аты бар,
Аллаға жеткен даты бар,
Балалы тауда барда Орақ,
Қосын салған мырзалық.
Айдынды Орақ, айды Орақ,
Айбалтасы қанды Орақ.
«Қобыландының елдерін
Қалмақ алды», – деген соң,
Келген екен бұл Орақ.
Торғай емес, тосылды,
Ақбөкендей жосылды,
Қараман менен Қарлыға,
Аты шыққан Орақжан –
Қобыландыдай батырға
Үшеуі келіп қосылды.

Бұлар тұра тұрсын. Алшағыр ханның шешесі бар еді, денелі, зор кісі еді. Маясоқ домбырақоқ, аузы үңгірдей, мұрны пештей, көзі көрдей, сиқы адам құсарлық жаман қатын еді. Құрма тастап, бал ашып, Қобыланды әм Орақтардың келгенін біліп, баласы Алшағырға сөйлейді:

«Мінгенде атым құлаша,
Бидай өңді құбаша,
Құбаған мұрын, қой көзді,
Ұзын бойлы, нұр жүзді,
Сымбат бойлы дембелше,
Алтын қамзол жеңдіше,
Бейне Қобылан секілді,
Келді, балам, тұр-сана.
Қобыландының артынан
Сүйек біздікі, ет бөтен,
Көбіктінің қызы Қарлыға
О да келгенге ұқсайды,
Жалғыз балам, тұр-сана».

«Әуелі тартқан иегі,
Ұстаған садақ білегі,
Үш ай тоқсан болғанда
Шешілер қошқар күйегі.
Он жыл болды Қобыланның
Қайдан келсін сүйегі?»

Тағы кемпір сөйлейді:
«Май жүзінде тортамын,
Қобыланды – деп қорқамын.
Атаң мінген алтын тақ –
Сол мінер деп қорқамын.
Ойран болар жұртыңыз,
Басыңнан ұшып аруақ.
Атаңыз жиған байтақ ел
Бүлінер деп қорқамын.
Тура атқанда оқ өтпес,
Сол киер деп қорқамын.
Емпек-емпек жүгірген,
Еңкейе басып бүгілген.
Ертеден салса, түске озған,
Ертеден шапса, кешке озған.
Томаға көзді, қасқа азбан –
Сол мінер деп қорқамын.
Менің өзім нашармын,
Кілттің аузын ашармын.
Күнікейдей кекті қыз,
Тінікейдей текті қыз,
Екі қызымды алармын.
Тіл алмасаң қайтейін,
Бассауға қылып қашармын».

Екі қызды алады,
Күймесіне салады,
Кемпір қашып барады.
Көбіктінің қызы Қарлыға
Қиядан көзі шалады,
Қасына жақын барады,
Екі қызды ұрлап алады.
«Арбада қызым аман» деп,
Кемпір кетіп барады.

Сол уақытта Қараман
Мұны көзі көреді,
Қасына жақын келеді,
Келіп те сөйлей береді:
«Екі қызды бер», – дейді,
Қарлыға сонда сөйлейді:
«Апырым-ау, енді не дейін,
Байытқалы келіп пе едім,
Қияттың жаман кедейін.
Өзімнің басым сауғадан
Құтыла алмай тұрғанда
Мен кімге сауға берейін?»

Қараман сонда сөйлейді:
«Мұсылманға мәз ат-дүр,
Қызылбасқа оқ аттыр.
Екі қызды бер маған,
Тіпті сені алмаймын,
Өз басыңа азат-дүр».

Енді Қарлыға екі қызды Қараманға беріп, өз басын босатып алды. Бұл қосынның ең кішісі Орақ екен. Қараман Ораққа айтты:
– Мына екі қызды Қаракөзайым жеңгеңе апарып бер, ешкімге көрсетпесін. Әгар көрсетсе, мен ол жеңгеңді «талақ қылармын» деп айтты дегейсің, – дейді. Орақ батыр екі қызды алып барып қатынға тапсырып, Қараманның сөзін айтып, қайтадан бұларға келіп шықты.

Орақ батыр келген соң,
Бірін-бірі көрген соң,
Бұлар енді ат қойды.
Жылқыда құмай алан-ай,
Ер жігітке мал бітпес
Шыбын жанын қинамай.
Ата менен анаға
Әсіре қыпшақ балаға,
Жатқаннан соң байлауда
Қобылекең жалғыз ат қойды,
Күн шығуға қарамай.

Қалаға еніп, ақырды,
Нар түйедей бақырды,
Сыйынып пірін шақырды.
«Атың шыққан, Алшағыр,
Сөзіме құлақ сал, Шағыр.
Менің атым Қобыланды,
Әбден ұғып ал, Шағыр!»

Оқ өтпес тонды киген соң,
Қарға сүңгі ілген соң,
Қара қасқа ат мінген,
Ат құйрығын шарт түйген,
Алшағыр шықты қаладан.
Түлкідей көзін жайнатып,
Астына мінген тұлпары
Ауыздығын шайнаған,
Қолындағы найзасы
Қара тасқа тигенде
Қарыс сүйем бойлаған.
Қобылекең шықты бұл жақтан,
Тайбурыл атын ойнатып.
Жайықтың бойы қамыс-ты,
Қараспан тау алыс-ты.
«Бермейміз, – деп, – намысты»,
Алшағыр менен Қобыланды
Қарсыласып, қағысты.
Емен найза салысты,
Найза қанға майысты.
Ат тізесін бүгісті,
Бүгісе-бүгісе тұрысты.
Қобыланды сынды батырдың
От шығады ұртынан.
Сәске мезгіл болғанда,
Жұлмаланып жоқ болды
Қара қасқа аттың сыртынан.
Алшағырды құлатты,
Жерге мықтап сұлатты.

Бедеу аттың тағасы,
Қамысты көлдің қоғасы,
Құртқаны алған сапарда
Өлтіріп еді Қобыланды
Қырық кез Қызыл ердің баласы
Ағанас пенен Тоғанас
Жаңа шықты қаладан.
Келісіменен Ағанас
Қобыландыға салды найзаны.
Қызылбасқа тигізіп,
Осы жерде пайданы.
Ағанас сондай жас бала,
Қайраты мол масқара,
Көңілге кінә болмаса,
Қобылекеңнің бөксесін
Қисайтып кетіп барады.

Сол уақытта Қарлыға
Қиядан көзі көреді,
Қарлыға да ер еді,
Шауып жетіп келеді.
Ағанастай баланы
Алып тастап, жөнелді.
Атқа түзеліп мінген соң
Тоғанастай баланы
Қобылекең алып тастады.
Қазан басты қара дәу
Шығып еді қаладан,
Орақ алып тастады.
Жүзден Тайлақ батыр
Шығып еді қаладан,
Қараман алып тастады.

Берен тонның жағасы,
Көбікті ханның баласы,
Көк ала атты Біршымбай
Қарлығаны бір шанышты,
Қараманды бір шанышты.
Үміт қылды тағы да
Орақ сынды батырдан.
Болар емес Біршымбай,
Сауыты мықты болған соң.
Шығарып алып Қарлыға
Қараман менен Орақты:
«Асқар-асқар бел, – дейді, –
Белден асқан ел, – дейді. –
Бола қалмас сіздерге
Қобыланды батыр болмаса,
Сіздер кейін тұр, – дейді. –
Есебін тауып амалдап,
Өлтірейін мен», – дейді.

Қарлыға айтты:
– Әкем Көбіктінің күші менен мың батпан артық. Әм менен Біршымбайдың күші батпан артық. Үстіндегі ақ сауытты өзім қолдан соғып жасап едім. Атсаң мылтық, шапсаң қылыш, соқсаң найзаң өтпейді. Оған жалғыз інім болған соң Құдайдан болмаса, пендеден қаза болмасын деп соғып едім. Өзім амалдап, ебін тауып өлтірейін. Әйтпесе, сендерге болмас, – дейді. Біршымбайға шауып жөнелді. Қасына жақын келіп жылай берді:
– Ойбай, менің жалғыз інім, қайда жүр едің? Әкең Көбіктіні өлтіріп, мені ұстап әкелді. «Құдай, жалғызға кез келтір», – деп едім, Құдай тілегімді берді, – дейді, бетіне шашын жайып, жылай берді. Онда Біршымбай:
– Ойбай, апа, сен бе едің? Мен танымадым, өзіме жақын кел, – дейді.
Қасына жақын келген соң апасы жылайды:
– Ойбай, қарағым, менің ауыр науқас әлім бар. Мені бір көз көрмес жерге алып бар, – дейді.
– Пәлен жерде бір таудың үңгірін көріп едім, соған жүр, – дейді. Апасы: – Шырағым, сен алға жүр, – дейді.

Нәзірі арман оған да,
Түстей мақпал көрпеден.
Қарлығасы құрысын,
Біршымбайдың артынан
Найзасын салды желкеден.
«Жан апа», – деп жылапты,
Біршымбайды аттан құлатты.
Жан апасы құрысын,
Өтірік емес, рас-ты.

Бұл Біршымбай өлген соң,
Баспақты сарлы танадан,
Қалмады қатын-баладан,
Пенде болған көп қыпшақ,
Қобыланды қамал бұзған соң,
Шулап шықты далаға.
Ақбөкен аңдай жосылды,
Тоқсандағы Тоқтарбай
Қобыландыға қосылды.
Алпыстағы Аналық,
Қарындасы Қарлыға,
Алған жары қыз Құртқа,
Пенде болған көп қыпшақ
Балаға есен қосылды.

Алшағырдың шаһарын
Жалғыз жүріп шабады,
Адаспай Қобылан табады.
Байлар мінер дөненді,
Жарлы мінер көбеңді.
Байдың қызы жамылар
Масатыдай беренді.
Пенде болған көп қыпшақ
Олжа малға кенелді.
Қарақыпшақ елдері
Қараспан тауға бет алып,
Ырғытып аттап жөнелді.
Белгілі болды еліне,
Семсер буды беліне,
Нан пісірді деміне,
Келмеді дұшпан шебіне.
Үш ай тоқсан болғанда,
Келді қыпшақ жиылып,
Бөлініп көшкен жеріне.

Пенде болған елдердің
Сірә, қыпшақ баласы,
Олжа малға толады
Қараспан таудың арасы.
Қобылекең сынды батырың
Тайбурыл атпен желеді,
Ел қонаға келеді.
Жағалай елі қоныпты,
Ел жағалай қонған соң,
Салаға малы толған соң,
«Басым екеу болсын», – деп,
Қарындасын Қобыланды
Орақ ерге беріпті.

Қонған жері жыңғыл-ды,
Құмырсқа бел, талма бой
Қарлығаны ұзатып,
Батыр Қобылан той қылды.
Бір-біріне қосылды,
Жібек болып есілді.
Екі аяғын көсілді
Мұратына жетіпті,
Сөйтіп дәурен өтіпті.

Иманды қол көреді
Пайғамбар жатқан Меккесін,
Жарлы тігер кепесін.
Отыз күндей ойын қып,
Қырық күндей тойын қып,
Тоқсан қатын жеңге боп,
Бұлаңдаған Құртқаны
Қасына алып келеді,
Бірін-бірі көреді.
Тойына сойған секілді
Ешкі малдың текесін.
Қыз Құртқаның бұл жерде
Батырға қиды некесін.

Құртқа жатты қасында,
Қосылған деген осы ма,
Бұйырғанын көрсетті
Сүйіп алған досына.
Енді үстіне мінеді,
Сағынысып жүрген ер еді.
Бірін-бірі қинады,
Тұрайын десе, қимады.
Қобылекең асылы
Қыз Құртқаға сыймады,
Бұйырғанын береді.
Тоқсан екі қатын жеңгесі
Ертең түсте келеді,
Жарқырап жатқан асылын
Қатындар келіп көріпті.
Көрген қатын қызықты,
Қызыққанның себебі –
Алтыннан түсі бұзық-ты.
Көрген қатын қызығып,
Қасықпенен алады,
Денесіне салады,
Перзент болып қалады.
Тоқсан екі қатын алған соң,
Денесіне салған соң,
Перзент болып қалған соң,
Тоқсан екі қатыннан
Тоқсан екі бала туған соң,
«Тоқсан екі баулы қыпшақ» деген сөз
Мирас болып қалыпты.

Айлардан ай өткенде,
Тоғыз ай, он күн жеткенде,
Сұлу Құртқа толғатты,
Толғағы болды тым қатты.
Дүниеге жар қылып,
Бала келді сымбатты.
Құндақтап алды баланы,
Тойына сойды аланы.
Үлкендігін сонан біл,
Екі қарыс болыпты
Жас баланың табаны.
Тілекті берді бір Құдай,
Жақсылығы тым оңай
Жиылып елдің молдасы
Атын қойды – Бөкенбай.

Бөкенбай келді бір жасқа
Жүгіріп бала шығады,
Үйде енді тұрмасқа.
Бөкен келді екіге,
Жан шыдамас лебіне.
Атадан бала сұрайды
Малды бағып кетуге.
Бөкен келді үш жасқа,
Артықша бала іс басқа,
Мықтылығын сонан біл,
Найзасы кірді тау-тасқа.
Төртке келді Бөкенбай,
Қобылекеңнің көңілі жай.
Бес жасына келгенде,
Қобыландымен болды сайма-сай.
Бөкенбай келді алтыға,
Таулар жанды зарпына.
Дұшпандарын мұқатып,
Пайдасы тиді халқына.

Бөкенбай алты жасқа келген соң тобылғы торы атын мініп, Естімшемен қосылып, мал бағып жүре берді. Ит жүгіртті, құс салды.
Қобыланды қарындасы Қарлығаны Орақ ерге берді. Көбіктінің қызы Қарлығаны ешкім алмады, жаманға ол бармады. Он екі құлақты алтын шатырын тігіп, Қараспан таудың етегінде жата берді. Ешкім оған келмеді. Қобыланды мұны көрмеді. Бұл мұныменен жата берсін.
Хан Шошай деген бар екен. «Қобыланды Көбіктіні әм Біршымбайды, Алшағырды және Қазанның қырық кез Қызыл ерін өлтірді» деген соң, он екі мың кісі алып, ақ қара бас ту алып, аттаныпты. «Қобыландыны өлтіріп, не өзім өліп келейін», – деп.
Қобыланды енді дұшпанды жеңіп, хабарсыз жатқанда, ұйқыда келіп тиіпті. Қобыланды шошып оянып, арқанда тұрған Тайбурылға бара алмай, сасқалақтап, дамбалын көйлегім деп киіпті. Бөрігін етігім деп киіпті, сасқанның белгісі – білте мылтыққа от бермей, құр ата берді. Сол уақытта қыз Құртқа келіп, мылтыққа от беріп, гүрс етіп даусы шықты. Онда қарындасы Қарлыға «Көкемнің мылтығының даусы мезгілсіз шықты», – деп оянып, қасындағы Ораққа «бар» дейді.

Сол уақытта Қобыланды
Тайбурыл атқа мінеді,
Қарына сүңгі іледі,
Жау екенін біледі,
«Айт, жануар, шүу!» – дейді,
«Шүу» дегенде гуледі.
Ұшқан құспен жарысып,
Үстіне мінген Қобылекең
Басыменен алысып,
Салып жетіп келеді.
Бірін-бірі көреді,
Бұл да айтулы ер еді.
Екі батыр қосылып,
Соғысуға келеді.

Итерісіп тұрысты,
Тебінгіден тер шықты,
Семсер қалды майысып,
Ерлер жаннан түңілді.
Екеуінің ақ сауыт
Шығыршықтан сөгілді.
Әл-дәрмені құрыды,
Қайрат қылып Қобылекең
Шошайды жерге бір ұрды.
Сол уақытта, мінеки,
Көбіктінің қызы Қарлыға
Қобылекеңдей батырға
Өкпе қылып жүр еді,
Бірін-бірі көреді.
«Өш алғанда өш жоқ» деп,
«Кек алғанда кек жоқ» деп,
Хан Шошайдың алдында
Ескі кекті енді алдым,
Етпетінен бір салдым.
Ашу қылсаң, өзің біл».
«Маған енді қылды», – деп,
Қоңынан найза салады,
Сөйтіп, кегін алады.
Қобылан сынды еріңіз
Шоңқайып аттан құлады.
Сол қалпыменен Қарлыға
Шаһарға қашып барады.
Орақ пенен Қараман –
Бұлар да келіп қалады.
Мына тұрған хан Шошай,
Хан Шошай батыр ақырды,
Аруағын судай сапырды.
«Жекпе-жекке келші!» – деп,
Батырларын шақырды.

Сол уақытта Бөкенбей
Жылқыдан салып келеді.
Хан Шошайды көреді,
Бөкенбай да ер еді.
Хан Шошайменен екеуі
«Жеке-жеке!» – десісті,
Жекелесе қалысты.
Келе найза салысты,
Найза қармақ майысты.
Итерісіп тұрысты,
Ат тізесін бүгісті,
Бүгісе-бүгісе тұрысты,
Тебінгіден тер қатты,
Қақырғанда қан татты.
Қанжар қалды майысып,
Семсер қалды майысып,
Сол уақытта Бөкенбай
Омыртқасы өспеген,
Қабырғасы қатпаған,
Хан Шошайдың қайраты
Өте айырықша масқара.
Еңкейіп кетіп барады,
Бөкенбай сынды жас бала.

Сол уақытта бабасы:
«Жоқ, жоқ, балам, жоқ! – деп, –
Болмас, балам, болмас» – деп,
Көк есегі астында,
Шар кітабы қойнында,
Өзі Хақтың жолында,
Қасына жетіп барады,
Аяғынан алады.
Хан Шошайдай батырды
Өлдім, талдым дегенде
Бабасы менен Бөкенбай
Әрең деп жерге салады,
Басын кесіп алады.

Сонда бабасы сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
«Айналайын Бөкенжан,
Құлағың сал сөзіме,
Мен айтайын өзіңе.
Бұл не деген мықты-ай,
Сыйынған пірің мен болсам,
Екеулеп әрең жықтық-ай».

Бөкен сынды жас бала
Аруағы асады,
Ағыны судай тасады.
Хан Шошайды өлтіріп,
Сағатына келтіріп,
Талай енді дұшпанды
Табанына басады.

Қобылекеңдей батырдың
Құртқа келді қасына.
Көбіктінің қызы Қарлыға
Дұшпандық етті басына.
Сүйіп алған қыз Құртқа
Ақ дәріні алады,
Жараға үгіп салады.
Саламаттанып Қобылекең
Жазылып енді қалады.
Жан-жағына көз салады,
Шақырады баланы.

Бала келді қасына:
«Ау шырағым, Бөкенжан,
Қайғы түсті басыма.
Сөзіме құлақ сал, – дейді, –
Айтқан тілім ал, – дейді. –
Көбіктінің қызы Қарлыға,
Соған шапшаң бар, – дейді, –
Алып мұнда кел», – дейді.

Бөкенбай сынды жас бала
Тайбурыл атқа мінеді,
«Айт, жануар, шүу!» – дейді,
«Шүу» дегенде гуледі.
Әне-міне дегенше
Салып жетіп келеді.
Көбіктінің қызы Қарлыға,
Қарлыға келіп Бөкенге
Найзаны келіп салады.
Сол уақытта Бөкенбай
Ашуы келіп қалады.
Найзаның тоқал жағымен
Бөкенбай салып қалады.
Сол уақытта Қарлыға
Ат көтіне мініп қалады.

Қарлыға сонда сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
«Айналайын Бөкенжан,
Құлдығым бар өзіңе,
Құлағың сал сөзіме,
Кәрі қақбас әкеңді
Көрсетіп өлтір көзіме».
Бөкен сынды жас бала,
Қайраты болды масқара.
Қарлығаны жетелеп,
Қия жерде төтелеп,
Қарлығаны алып келеді.

Сол уақытта Қараман жүз сексен бас ордасын тігіп, Қобыланды менен Қарлыға екеуін алдырып, бір-бірімен келістіріп, сөйлестірді.
Сонда Қарлыға сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
«Өзімнің әкем Көбікті
Сенің үшін өлтірттім.
Әкемнен шықпай жатқанда
Басымды сауғаға Қараманға бердің.
Оны не қылайын, еліңді жау алғанда,
Қараспан құрып қалғанда,
Жұртың болды арманда,
Төртеуіміз барғанда
Өзім інім Біршымбай
Төрт-төрттен найза салғанда,
Төртеуіміз меңдеп қалғанда,
Жалғыз інім Біршымбай
«Жан апа» деп жылаттым,
Біршымбайды аттан құлаттым.
Сенің үшін, Қобыланды,
Сонда да қадірім білмедің.
Шақырып едім шатырға,
Сөзімді сыйлап, келмедің,
Халі-жайым білмедің,
Бір қайырылып көрмедің.
Сонан саған өкпелеп,
Хан Шошайдың алдында
Ескі кекті мен алдым.
Етпетінен бір салдым,
Қазір өлтір, міне, бас
Көзімнен аққан, міне, жас», – дейді.

Онда Қобыланды сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
«Өлгенше ғұмырың тілеген,
Ақ торғынға бөлеген,
Өзің әкең Көбіктіні өлтірдің,
Әкеңнен жақын кім еді?
Қарақыпшақ Қобыланды
Танымайсың нең дейді?
Осы отырған Қобыланды
Не қылғанда саған сенеді?
Жалғыз інің Біршымбай
«Жан апа» деп жылаттың,
Біршымбайды аттан құлаттың.
Ініңнен жақын кім еді?
Осы отырған Қобыланды
Не қылғанда саған сенеді?

Сонда кінә Қарлығаның мойнына ауып, өкіріп жылап қоя берді. Сол уақытта жұрттың бәрі «Құдайдың бұйрығы», – деп, Қарлығаны Қобыландыға неке оқып қосты. Сонан соң Қарлығадан бір ұл туды. Ұлдың атын Киікбай қойды. Киікбай әм мықты болды. Мықтылығы Бөкенбайдан он есе артық болды. Киікбайдың жағын Бөкенбай алып келуге жарамады.
Сөйтіп, бұрынғы қазақтың батырлары мұратына жетіпті.