Қарсақбай мыс өндірісі Атбасар уезінің қиыр оңтүстік пен батыс аралығындағы Ұлытау кенерінің бітіс адырларының ішінде Ташкен теміржолының бойындағы «Жосалы» (Қармақшы) дейтін станция мен Қарсақбайдың арасында қазір де тәртіпті автомобиль мен кіре қатынастары бар. Қарсақбайдың сыртпен қатынасы көбінесе осы «Жосалы» арқылы болып отырады.
І Өндірістің жасалу тарихы
Қарсақбай өндірісінің негізі – Жезқазғандағы мыс кендері. Жезқазған ошағында бұрыннан қазылған кеннің терең орлары бар. Бұл «орлардың» көлеміне қарағанда, ерте заманда Жезқазғаннан кемі 1 миллион тонна (бір тоннада 61 пұт болады) тотықба мыс кені қазылып алынуға керек. Бұл кендердің ішіндегі таза мысы 50,000 тоннан кем емес. Осынша мысты балқытып пайдаланушы қандай халық екендігі мәлімсіз. 1771 жылы Жезқазған кені бірінші рет орыс үкіметіне мәлім болған. (Барон Бон-Трубениерик дейтін әскер бастығының мәлімдеуі бойынша) 19 ғасырдың орта шенінде Ушакуб дейтін көпес Жезқазғанға бірінші рет 4 зайабке орнатқан. (барлық ауданы 16 шаршы шақырымдық). Бұл зайабкелердегі жерді Ушакуб маңдағы қазақ иелерінен 400 сомға сатып алған. 1891 жылы Жезқазғандағы Ушакубтың зайабкелері Разанов дейтін көпестің қолына көшкен. Разанов өз күшімен Жезқазғанды жүзеге асыра алмайтын болған соң, қолындағы заявкаларын 1907 жылы 260 мың сомға ағылшын байларына сатқан. Ағылшындардың қолында Қарсақбай 1920 жылға шейін болып келген. Кеңес үкіметі орнаған соң, ағылшындар қашқаннан былай Қарсақбай өндірісі 1925 жылға шейін «Қырғызстан» бұл күндегі Қазақстанның кіндік шаруа кеңесінің қарамағында болған. 1925 жылдың 10 июньдегі еңбек қорғау кеңесінің жарлығы бойынша Қарсақбай өндірісі жаңадан жасалған одақтық мәміле – «Атбасар тіресінің» қолына көшкен. Атбасар тіресіне үкімет Қарсақбай зауытын 1928 жылдың күзінен қалдырмай барын түзеп, жоғын тауып, жүргізуді міндет қылып тапсырған.
Қарсақбай өндірісіне кіретін кәсіп орындары
Қарсақбай өндірісіне кіретін орындары: 1) Жезқазғандағы кен ошақтары; 2) Байқоңырдағы көмір ошақтары; 3) Қарсақбайдағы мыс балқытатын зауыт пен кен іріктейтін фабрика; 4) «Қорғасын» дейтін жердегі кен ошағы. Бұлардың ішінде Қорғасын ошағының кені аз, келешегі үмітсіз, өзгелері қазірде жүруге бет алып жасалып бітуге тақалып келе жатыр.
Ағылшындардың істеген жұмыстары. 1907 жылдан бастап 1917 жылға шейін ағылшындар Қарсақбай зауытын жүргізу жұмысына шұғыл кіріскен. 1917 жылдан былай төңкеріс кезінде жұмыстарын мүлде тоқтатқан. Ағылшындардың Қарсақбайда бітірген жұмыстары мыналар:
1) Кен балқытатын зауыт пен кен іріктейтін фабриканың жобасын (проектін) толық жасап бітірген; 2) Кен ошақтарына, зауытқа, фабрикаға керек бірсыпыра машина саймандарын сатып алып, Қарсақбайға жеткізген. Бұлардың бірсыпырасы тиісті жеріне орнатылып та біткен (электр саймандары, пар (бу) жасайтын қазандар, ұсталық саймандары; 3) Жезқазған, Қарсақбай, Байқоңырдың арасына ұзыны 12 шақырымдық зауыт теміржолы салына бастаған; 4) Қарсақбай зауытында өндіріске керекті 16 бөлек үй салынып біткен (кен түйетін үйден басқа). Бұл үйлердің бәрі де кейіннен қайта түзетілді. Кейбіреулерінің түзетілуі шығын жағынан жаңадан салудан кем бола қойған жоқ. (мысалы, электр станциясы сияқтылар); 5) Жезқазған, Қарсақбай, Байқоңырда қоса санағанда, айналасы 128 бөлек үй, 17 қазарма салынған. Бұлардың кісі пайдаланарлық жылы ауданы жиыны 17212 шаршы метрдей, 6) Жезқазған ошағында 19 шақты, жиыны 3500 метрдей жер астындағы тіректер қазылған. Бұл тіректер арқылы 37500 тонна мыс берерлік кендер қазылып алынуға дайындалған. Кеннің мөлшерін зерттеу үшін 235 жерден бұрғы салынған. Қазылған шахты, тіректер мен салынған бұрғылар арқылы Жезқазғандағы табылған «анық» және болжаулы мыс запас жиыны 61000 тонна таза мыс беретіндігі анықталған. 7) Байқоңыр көмір ошағында 14 шақты жиыны 12748 метрлік тіректер қазылған. Бұлар арқылы 18000 тонна көмір қазып алуға дайындалған. Көмірдің мөлшерін зерттеу үшін 53 жерден бұрғы салынған.
Қазылған шақты тіректер мен салынған бұрғылар арқылы Байқоңыр ошағындағы «анық» және болжаулы көмір запасының шамасы жиыны 1414000 тонна екендігі анықталған.
Атбасар тіресінің 1925 жылғы июльдегі жасаған есебі бойынша ағылшындардың жоғарғы көрсетілген жұмыстарға сіңірген шығындарының барлық жиыны – 3,500,000 сом ақша.
Жоғарғы көрсетілген жұмыстардан Байқоңырда қазылған тіректер мүлде құлап бітелген. Барлық қазылған шақтылардың бойын қайта түзету шараларын тілерлік халге келген. Тасып әкелінген машина саймандарының бірсыпырасы қазір де ескіріп, техниканың жаңа замандағы тапқан қолайлы әдістеріне сәйкес келмейтін болған соң, қазір де керексіз, артық түрде қалып отыр. Әсіресе, кен іріктейтін фабриктің әдістерінде соңғы он жылдың ішінде көп жаңалықтар туған. Сондықтан ағылшындардың кен іріктеуге әкелген машина-саймандары қазір де түгел керексіз түрде болып қалды.
Атбасар тіресінің істеген жұмыстары. 1925 жылдан бастап қазірге шейін Атбасар тіресінің Қарсақбай өндірісіне істелген жұмыстары мыналар:
Мыс балқитын зауыт пен кен іріктейтін фабриктің бұрынғы жобасы (проект) қайта сыналып, кейін толықтырылды. Әсіресе, жаңарған кен іріктейтін фабриканың жобасы. Бұл жобаларды қарап бекітер алдында Атбасар тіресі одақтағы және шет мемлекеттердегі кен жұмыстарын зерттейтін атақты орындарының көбімен байланыс жасап, пікірлерін тыңдады. Бұл мекемелердің ішінде: Мәскеудегі кен академиясы, Ленинградтағы кен зерттейтін, Германиядағы «Екоп», ағылшындағы «Минерал сеперойшон», Америкадағы «Женерал инженерінің» фирмалары бар;
Жезқазған ошағына керекті барлық машина саймандары, басқа түрлі жабдықтары орнатылып бітіп, 1928 жылдың 1-январынан былай кен шығарыла бастады. Өндірісті өркендету үшін Жезқазғанға жаңадан электр станциясы салынып бітті;
Байқоңыр ошағына керек саймандары түгел орнатылып, 1927 жылдан былай толық жүргізіле бастады;
Жезқазған, Қарсақбай, Байқоңырдың арасын қосатын ұзындығы 120 шақырымдық отарба жолы салынып бітіп, керекті паровоз, вагондары дайындалып, 1927 жылдың күзінен бастап отарба қатынасы орындалды;
Ташкент теміржолындағы Жосалы станциясы мен Қарсақбайдың арасында ұзындығы 375 шақырымдық арба жолы түзеліп, бойына жаңадан 16 жерден бекет үйлері салынып, үздіксіз машина, кіре қатынасын қамсыздандыратын түрге әкелінді. Кіре қатынасына керек боларлық быршке арбалар жеткілікті түрде дайындалды (жиыны 2000-нан артық);
Машина қатынасы үшін 25 жүк таситын автомобил дайындалды. Бұлардың әрқайсысы бір жолында 180 пұт жүк салып кетуге мөлшерленген;
Кен іріктейтін, мыс балқытатын зауыттарға керек машина саймандар түгел тасылып дайындалды;
Жосалы мен Қарсақбайдың арасына телефон қатынасы жасалынып бітіп келеді;
Ағылшындардан қалған үй-қазармалардың бәрі де қайта жамалып, түзетілді. Оның үстіне соңғы 2 жылдың ішінде жаңадан 65 үй салынды (284 пәтерлік). Осы жылдың ішінде тағы жаңадан 20 үй (80 пәтерлік), 5 қазарма салынбақшы. Қазіргі кезде Қарсақбай өндіріс орындарындағы үйлердің кісі тұрарлық ауданы 22,000 шаршы метрге жетті. Бұл аудан ондағы тұрушы әрбір адам үшін 3,5 шаршы метрден келеді (қызметкерлердің үй ішіндегі жандарын түгел есепке алғанда). Осы жазғы салынатын жаңа үйлер біткенде, зауыттағы әрбір тұрушы адамға 4,4 шаршы метр пәтер ауданы келмекші. Бұл госпланның беріп отырған пәтер мөлшерінің процентіне тең болады;
Жезқазған ошағында жаңадан бұрғы зерттеуі жүргізіліп, 12,600 тонна берерлік кеннің жаңа қоры табылды.
Атбасар тіресінің Қарсақбай өндірісін жасап бітіріп, жүргізу жұмыстарына ұстайтын шығындары 10,500,000 сом ақша. Бұның 1927 жылдың 1 октябріне шейін 6,600,000 сомы ұсталып бітті. Ол ақшаға барлық керек жұмыстың 60 проценті орындалып отыр. 1928 жылдың 1 апреліне шейін барлық жұмыстың 76 проценті орындалып отыр. Қазір де жұмыстың барыс беттері де көңілдегідей қызу түрде.
Өндіріс мөлшері. Мыс балқытатын зауыттың жылдық өндіріс мөлшері 5000 тон (300,000 пұт) таза мыс. Бұған қарата шақталып:
Жезқазған ошағының жылдық өндірісі 60,000 тонн, 10 процентті мыс кендерін қазып шығару;
Байқоңыр ошағының жылдық өндіріс мөлшері 65000 тонн таскөмір қазып шығару;
Кен іріктейтін фабриктің жылдық өндірісі 60,000 тонн кеннен, 17,000 тонн, 34 процентті мыс концентратын даярлап шығару;
Зауыт теміржолының жылдық өндірісі 8,000,000 тонна километрлік жүк тасып отыру;
Жосалы мен Қарсақбай арасында машиналар мен түйе кіресінің жылдық өндіріс мөлшері 6000 тонна жүк тасып беру.
Өндіріс мөлшерін молайту жолдары
Егер де қосымша мыс балқытатын тағы да бір көлемі қазіргіден гөрі кішірек зауыт пеші салынса, Қарсақбай зауытының жылдық өндіріс мөлшерін 7500 тоннаға жеткізуге мүмкін болар еді. Бұдан әрі молайту үшін жаңадан үй салу, машина әкелуге керек болады, оның шығыны күштірек болмақ.
Жосалы мен Қарсақбай арасына түйе кіресі ең жіті жүргенде 22 күнде толық бір айланады. Машиналардың толық айналысы орта есеппен 5-6 күн. Ауа райы мен жол жағдайлары бойынша Жосалы мен Қарсақбай арасындағы қатынас жылында алты ай ішінде ғана үздіксіз болуына мүмкін (майдан ноябрге шейін). Жылдың басқа уақыттарында қатынасу не қиын, не тіпті мүмкінсіз. Сондықтан түйе мен машина жолы Жосалы мен Қарсақбай арасында жылына ең өндіргенде 7000-7500 тонн жүк тасып бітіруге ғана шамалы. Сондықтан осы Жосалы мен Қарсақбай арасындағы кіре өндірісінің келешектегі кеңеюіне ең шаргез болатын кедергінің бірі. Оны өзгертпей (өзгерту үшін теміржол керек) Қарсақбай зауытының жылдық өндірісін 7000-7500 тоннадан асыру аса қиын нәрсе. Кен ошақтарының, кен іріктейтін фабриктің, зауыт теміржолының өндіріс мөлшерлерін мыс балқытатын зауыттың өндірісіне қарай шамалап қалаған мөлшерге әкелу жолдары мүмкін нәрсе.
ІІ Қарсақбай өндірісінің келешегі
Зауыт өндірісінің келешек жағдайлары төменгі 4 негізгі шарттарға байлаулы. Олар мыналар:
Профессор Барукиын өзінің «Металлургия в Кир. степи» дейтін кітабының 204-бетінде күшті кен өндірісіне екі1 шарт керек, олар:
Кен ошағының мөлшері: кеннің «көзділігі»; 2. отын мәселесі; 3. қатынас жағдайы; 4. зауыт аймағындағы жалпы шаруашылық күйі. Қарсақбай өндірісіне беретін бұл төрт шарттың жағдайы әр басқа. Сондықтан оларды жеке қарастырып өтейік.
Кен ошағының шамасы
Қарсақбай өндірісінің негізі Жезқазғандағы мыс кендері екендігін жоғарыда айттық. Жезқазған аймағы кен жағынан әлі де шала зерттеулі күйде. Бірінші рет Жезқазған ошағын ғылым жүйесіне тіреп түзу зерттеген адам Американың шебері Сидней Болл дейтін. Ол 1910 жылы Жезқазған туралы толықша кітап жазған. Одан былай Жезқазған ошағын «жолсоқты түрде» Козароп, Краснополский, Пригропский, Пазукин, Ниме дейтін орыс шеберлері зерттеп өткен. Соңғы жылдарда Жезқазған ауданын жаратылыс және кен жағынан Ягопкин дейтін орыс шебері толық тексеріп жүр.
Жаратылыс жағынан алғанда Жезқазған аймағы бірыңғай тұнба тау жыныстарынан құралған. Бұл тұнба тастар төменнен жоғары санағанда мынадай заттардан құраулы:
1) Олақ қатындардың қосқан женті сияқты «мың құрау» түйіршік аралас дөрекі құмтастар; 2) ізбез және балшықты тақта тастар; 3) қоңыр түсті ізбез тастар; 4) жасыл, не сұры түсті майда құмтастар; 5) қалың қыртысты қызыл және сұр құмтастар, бұлар жоғары келе бор бас, балшықты тақта тастарға айналып кетеді.
Кен жағынан бұл жіктердің ең маңыздысы соңғы 5-жік. Бұл жікке кіретін тау жыныстарын Болл сондықтан «Атбасар жігі» деп атайды. Ягопкин «Жезқазған жігі» дейді. «Атбасар жігіндегі» тау жыныстарының өзін Болл шебер 20 бөлек жеке қыртыстарға талдап, оның ішінде 5 бөлек қыртыс қашанда кен тастарына ие болатындығын ашып кеткен. Ягопкин дейтін орыс шебері 5-жікті төменнен жоғарыға қарай есептегенде мынадай қыртыстарға бөледі:
Ең төсеніштегі тас: ізбез. Оның үстінде қалыңдығы 190 метр құмтас қыртысы бар. Осы құмтастың ішіндегі мыс кендері қазір де «Анненский» шақтасының Жезқазғаннан 8 шақырым батыс жақтағы «Жаңай» адырларының және Жезқазғаннан 18 шақырым Жыланды өзеніндегі «Тілеу жартас» дейтін тастарда жер бетіне шығып жатыр.
Қалыңдығы 240 метр кен жоқ қызыл балшықты тақта тастар.
Қалыңдығы 100 метр сұр, не жасыл түсті, майда құм тастар. Кеннің күшті көзі осы құмтастарда. Жезқазған ошағының ауданы үнемі осы құмтастармен бүркеулі.
Қалыңдығы 170 метр балшық араласқан майда құмтастар. Кен жағынан соңғы қыртысы әлі күнге шейін көмескі. 1926 жылы болған электр зерттеуі осы қыртыстың бойынан 2 жерде мыс кендері барлығын көрсетіп отыр (Жезқазған мен Тасқұдықтың арасында).
5-жіктегі тау жыныстарының жалпы жотасы шығыстан батысқа қарай бет алған. Құламы оң жаққа қарата орта есеппен 100-150. Жезқазған ошағының ішінде 5-жіктегі тау жыныстары осы жерде томпиып жоғары көтеріледі.
5-жіктегі тау жыныстары ерте замандағы теңіз суларының жиекке тақау, саяз жерлеріне тұнған заттар. Бұл теңіз, Боллдың пікірінше, таскөмір дәуірінен бері болуға керек. Ягопкин оны тас көмір дәуірінің орта шенінде болды дейді. Жезқазған аймағы ерте заманда күшті «сілкіну» дәуірін өткізген. Сілкінудің әсерінен ауданда көп жерде сызат, жарықтар жасалған. Кен булары тереңнен осы жарықтар арқылы жоғары шыққан. Бұл жарықтардың жотасы көбінесе шөлейт пен шығыс аралығынан оң мен батыс аралығына қарата беттеулі.
Кен денелерінің жатыс түрі
Жезқазғандағы мыс кендерінің жатыс түрі жалпақай текше сияқты. Зерттелген жердегі кен текшелерінің ұзыны: 90 метрден 150 метрге шейін. Ені 75 метрден 150 метрге шейін. Қалыңдығы 0,5 метрден 8 метрге шейін барады.
Әрбір кен текшесінің көлемінде 35,000 тоннадан 60,000 тоннаға шейін кен тасы бар. Кейбір текшелердегі кен тасының мөлшері жаңадан зерттеу болған шартта көбею ықтималдығы бар. Кен текшелерінің жатысы кейде жатық, кейде көлбеу (45 градусқа шейін). Кен текшелерінің жатыс түрі мен шамасы ерте кездегі жер сілкінуде жасалған жарықтарға байлаулы.
Кен тастары. Жезқазғандағы кен тастарының ең негізділері: халкопирит, борнит, пирит дейтін минералдар. Бұл кен ошағының «тұнба» жерінде өзгеріп: халкозин, куприт дейтін минералдар жасайды. Не таза мысқа айналады. Тотықпа бөлімдегі кен тастары: малахит, азурит, хризоколла дейтін минералдар. Кен ошағының шығыс бөлімінде салынған ағылшындардың 2 бұрғысынан таза күміс шыққан. Қорғасынның тотықпа кендері де Жезқазғанның әр жерінде жиі кездесіп отырады. Кеннің тотықпа бөлімі 10-15 метр тереңдікке шейін барады. «Тұнба бөлімі» 10-60 метрлерге шейін барады. Одан тереңде негізгі кен тастары бар. Жезқазғандағы кендерді төменгі үш жікке бөлуге мүмкін:
1) Тотыққан кендер; 2) Шайырлы сом кендер, 3) Шайырлы шашылма кендер.
Тотыққан кендер жер бетіне тақау, «саяз» жерден табылады. Бұлардың ішіндегі мыс 4-ден 17 процентке шейін, екінші жіктегі кендер Жезқазғанның қазіргі кездегі ең шұрайлысы. Бұлардың ішіндегі мыс 12-ден 17 процентке шейін. Шашылма кендер үнемі екінші жіктегі сом кендердің қоршаушы есебінде кездесіп отырады. Сом кендердің шашылма түрге ауысуы, шашылма кендердің жай құмтасқа айналуы көзбен айырғысыз, кенеттен емес, бір-бірлеп өзгереді. Шашылма кендердегі мыс «жоқтың қасынан» 6-7 процентке шейін.
Жезқазған кенінің жасалу негізі. Жезқазған ошағындағы кендер жер астынан шыққан қызулы мыс буланып барып құмтас қыртыстарына сіңуінен жасалған. Мыс буларын шығарушы әлі де аршылып жер бетіне шықпай жатқан тереңнен көтерілген гранит сияқты бір отты тау жынысы болуға керек. Бұған мынау дәлелдер бар:
Жезқазғандағы кен тастарын жасайтын минералдар қашанда қызу мөлшері күшті шартта жасалатындар;
Кен минералдарына ие болушы құмтастардың үстінде жамылыс есебінде қалың балшық тақта тастарының қыртысы бар. Балшық тақта тастар қашанда сұйық нәрселерді, не буды өздеріне өткізбейтіні мәлім нәрсе;
Кен тастары Жезқазғанда көбінесе құмтастардың жоғары көтерілетін «бүкір» бөлімдерінде жиі кездеседі;
Жезқазған аймағындағы кездесетін, ерте заманда жасалған жердегі сызаттар мен жарықтардың бәрінде де күшті қызудың шарпу әсерлері күшті.
Жезқазғандағы кеннің жасалу негізі жоғары түрдей бөлуі Жезқазғанның зерттелмеген терең бөлімдерінде кен тастарының бар болуына мықты сенім беруге шамалы.
Жезқазған жынысының аймақтағы жалпы ауданы. Кен тастарына ие болушы, жоғарғы айтылған 5-жіктегі тау жыныстары жалғыз Жезқазған ошағында ғана емес, ауданның көп жерінде жер бетіне шығулы. Якопкин дейтін шебердің жасаған картасы бойынша 5-жіктегі тау жыныстарының Қарсақбай аймағында алатын ауданы 1000 шаршы шақырымнан көрі артығырақ. Бұл ауданның көп жерінде жасалымы Жезқазған сияқты көп кен ошақтары бар: Жыланды, Қарашошақ, Тілеутас, Әділбек, Күйетті, Тасқұдық тағы басқалар сияқты.
Сондықтан Қарсақбай аймағындағы мыс қоры жалғыз ғана Жезқазған ошағы деп есептеу қате. Қарсақбай мәселесі толық шешілген шартта Қарсақбай аймағында Жезқазғаннан басқа тағы талай жерлерде толық зерттеу жұмысын жүргізу керек болады. Бұл зерттеулердің пайдалы жеміс беруіне жалпы мынадай қолайлы шарттар бар:
Кен буларының басқа тау жыныстарына емес, құмтастарға кездесіп, соларға сіңуі құмтастардың ішіндегі қуыс жерлер басқа тастардан көрі көп болады (құм тастардың ішіндегі қуыстар тас көлемінің 10-нан 28 процентіне шейін). Америкадағы «Киоиноу», «Аризона», «Колорадо» дейтін атақты мыс кендері де осы Жезқазған сияқты мыс буларының құмтас қыртыстарына келіп сіңуінен жасалған.
Құмтастардың үстіндегі жамылшы сұйық заттарды өткізбейтін, балшықты тақта тас жынысы болуы. Соңғы шарт мыс буларының көтеріліп келгенде тақта тастарға тіреліп, олардан өте алмай, булығып қайта кейін қайтуына, астындағы құмтастардың бойын өрлеп көп жерлеріне жайылып отыруына зор септің бірі.
Кен жаратылысының тереңнен қызулы болып шыққан мыс буларына байлануы. Бұл шарт аудандағы кен ошақтарынан кенді терең жерден іздеп табу мүмкіндігіне аса маңызды себеп.
Ауданның ішіндегі жер сілкінуден жасалған жарық, сызаттардың жиі кездесуі. Бұл жарықтар пештің мойны сияқты мыс буларын тереңнен жоғары тартып әкеліп құм тастарына кездестіруге үлкен септің бірі болған.
Жезқазған ошағының бұрынғы ағылшындар мен орыстар «зайапкелеген» ауданның жиыны – 200 шаршы шақырым. Бұның 60 шаршы шақырымы – ағылшындардың «зайапкесі», қалғаны – бұрынғы орыс көпестерінікі. Ағылшын зайапкелері тегіс кенді, орыс зайапкелерінің ішіндегі кенділері 40 шаршы шақырымдай (мұнда «кенді» дегенді кен тастары 150 метр тереңнен жоғары кездесетін жер деп ұғыну керек). Сонымен Жезқазған ошағындағы кенді ауданның жиыны 100 шаршы шақырымдай бар. Осынша жерден ағылшындар 1907 жылдан бастап 1915 жылға шейін барлығы 90 десетіне жерді ғана бұрғымен зерттей алған. Барлық салған бұрғыларының саны 235, әр бұрғының орта тереңдігі – 60 метр (ең терең бұрғыларының бойы 120-150 метрлерден артпайды). 90 десетіне жерден тапқан ағылшындардың барлық мысы – 60,931 тонна. Бұдан орта есеппен әрбір десетінеден: тонна мыс табылғандығы көрінеді. Табылған кеннің шамасы ағылшындардың салуға ұйғарған зауытына 12 жыл азық болуға жараған. Одан артық зерттеуге ақша шығын қылуды өздеріне пайдасыз деп біліп, ағылшындар бұдан кейін зерттеу жұмысын мүлдем тоқтатқан. Зерттеген 90 десетіне ағылшындардың Жезқазғандағы барлық зайапкелі жерлерінің 70-тен бір бөлігі ғана. Қалған бөлімі әлі де зерттеусіз. Және де зерттеген жерінің өзінде ағылшындар «кен» есебіне «мыс» орта есеппен 10 проценттен кем болмайтын кен тастарын ғана қосқан. Одан төмен мысы бар тастарды елемей отырған. Бұған қарағанда, егер де Қарсақбай мәселесі толығынан қойылғанда, кен қоры Жезқазғанда: а) зайапкелі жерлерден жаппай тегі зерттелуі керек; б) зерттеу үшін салынатын бұрғылар ағылшындардың салған бұрғыларынан көп терең болуы керек (тереңдігі 250-300 метрге шейін); т) мыс қоры есептелгенде бір ыңғай сом кендер алынбай, есепке тотықпа және шашылма кендерді де қосуға керек. Осы 3 шарт орындалса Жезқазған ошағының мыс байлығы сонда ғана анық мәлім болады.
Мыс кендерінің шамасы
1915 жылғы жаз жасаған есептері бойынша ағылшындардың Жезқазғанда тапқан «анық» және «болжаулы» кен запастарының мөлшерін төмендегі таблицалардан көруге болады:
а) Анық запас (4 жағынан бірдей «орланған» запас).
Кеннің шамасы Мыстың барлығы Ішіндегі барлық мыс
146688 тонна 12,91% 18,960 тонна
б) Болжаулы запас (бұрғымен зерттелген)
Кеннің шамасы Мыстың барлығы Ішіндегі барлық мыс
383,147 тонна 10,94% 41,932 тонна
1927 жылдың жазына Атбасар тіресінің жасаған зерттеулері Жезқазғаннан жаңадан 12600 тонна таза мыс берерлік соны мыс кендерін тауып отыр. Бұны қоссақ, Жезқазғандағы бұрғымен табылған болжаулы запастың шамасы 51,000 тонна мыс зерттелгені анық. Болжаулы запастардың жиыны 69,000 тонна мыс екендігін табамыз.
Күмәнді запас
Жезқазған ошағының күмәнді кенін есептеудің алдында, төменгі біраз сөзді ескертіп кетуді мақұл көрдік. Ол сөз жер астындағы көмулі кенді қалай есептеу керек екендігінің жүйесі турасында. Жер астындағы кенді есептеудің жүйесі яки анық, қанықтығына қарай кен запасын түрлі жікке бөлудің әдістері әлі күнгіше ғылымда талас мәселенің бірі. Бұл мәселелерді талқыға салып, зерттеп белгілі бір жолға келтіру үшін одақтық кен зерттеуші мекеме (геолоком) 1925 жылдан бастап әдейі комиссия жасаған. Бұл комиссияның ішінде де сөз бірікпей, ақыры мамандардың көпшілік сынына комиссияның жасаған екі түрлі жобасы қатар түсіп отыр. Оның бірі профессор Трушковтың жасаған жобасы, екіншісі Болдаров, Василиев дейтін профессорлардың жасаған жасаған жобасы2. Бірақ бұл екі жобаның қайсысында болсын жер астында жатқан шақты, штірек жүрмеген, бұрғы салынбаған, әйтсе де барлығы ғылымның басқа әдістері арқылы мәлім болатын кеннің «соны бөліміндегі запасты өндірістің ілгергі жоспарын қолдануға толық мүмкіндік береді, бұл жалпы әдістеме жағынан беріліп отырған «рұқсат». Енді өмір жүзінде «машықтама» жолында кеннің «күмәнді» запасы не орында болып отыр екен? Соған келейік: бұған келсек одақтық госпланның алдағы 15 жылға жасап отырған мыс өндірісі туралы жоспарының қақ жарымынан көбі осы күмәнді кендерге негізделіп отырғанын көреміз. Одақтық өндірістің 15 жылда балқытып шығаратын мысының шамасы 714,000 тонна, қазір де мыстың барлық зерттеу қоры 300,000 тонна. Бұған 1926 жылы одақтық госпланда мыс кендерін зерттеу туралы Михеевтің жасаған баяндамасының 1-5-беттері мен 15 жылдық түсті металл өндірісінің жоспары туралы Ивановтың жасаған баяндамасының 1-2-беттері дәлел.
Екінші жақтан Оралдағы «Богомол» сияқты күшті зауыт ту баста тек күмәнді мен болжаулы мыс кендеріне негізделіп салына бастаған («анық» кен ашылмаған кезде). Бұны 1926 жылы ОСВОК бастырған «Цветная металлургия» дейтін еңбегінің І жіктегі 1-кітабының 60 бетінен көруге болады.
Оның үстіне Жезқазғандағы қазір де «зерттеулі» болып саналып отырған кендер ағылшындардың жасаған зерттеуінің жемісі. Ағылшындар зерттеуін басында тек белгілі бір мақсатпен жасаған. Ол мақсат: салынып жатқан Қарсақбай зауытына 10-15 жыл азық боларлық кен қорын табу. Бұл мақсат орындалған соң, зерттеу жұмысына артық шығын төгуді пайдасыз көріп, ағылшындар зерттеуін де доғарған. Сондағы зерттеген жері Жезқазған ошағының 1000-нан 9 бөлімі ғана. Бұл жердің өзінде де зерттеу толық емес, шала. Бұрғылардың тереңдігі 100-150 метрден төмен түспеген. Табылған кеннің есепке ең «шұрайлысы» ғана кірген, қалғандары еленбеген.
Жезқазған ошағының ғылым жүйесімен қарағанда, жаратылысы аса маңызды. Сондықтан жоғарыдағы дәлелдерді негіз қылып біз төменде Жезқазған ошағының күмәнді кендерінің шамасын ашқымыз келеді.
Жезқазған ошағындағы «күмәнді кендердің шамасы туралы» бұрында қазақ даласындағы кендердің белгілі зерттеушілерінен инженер Тиме, Русаков, Ягопкин дейтін орыстың 3 шеберлері пікірін жариялаған. Сондықтан әуелі бұлардың сөздерін қарастырайық.
Инженер Тименің пікірі
3: «Жезқазғандағы зерттелген әрбір десетінеден орта есеппен 670 тонна мыс табылған (барлық зерттелген бөлім 90 десетіне, оның өзі де шала). Жезқазғандағы кенге ие болған мысты құм тастардың ауданы 100 шақырымнан, яки 10,500 десетінеден гөрі артығырақ. Бұлардың ішіндегі мысы өзгеріссіз үнемі бір мөлшерде болып отыратын сияқты. Сондықтан болжау қисыны бойынша келешекте табыларлық мыстың мөлшері өткен зерттеудің берген жемісінің 10 проценті ғана болсын десек, сонда Жезқазған ошағындағы күмәнді запас: 10,500

таза мысы болар еді. Мұнда ескеретін нәрсенің бірі ағылшындардың тапқан «анық» және «болжаулы» запастарының ішіне тек мысы 6,5 проценттен төмен болмаған жоғары сорттың кендері ғана енген. Егер де өндіріс жағдайлары маңызы бұдан көрі төмен кендерді де пайдалануды көретін болса, жаңағы көрсеткен «күмәнді» шаманы тағы да 30-40 процентке арттыруға керек болады».
Русаков пен Ягопкиннің 1925 жылғы пікірі4: «Жезқазғандағы зайапкелердің ауданы – 40 шаршы шақырым. Оның зерттелген бөлімі 7 десетіне, зерттелген бөлімінен 50,000 тоннадай таза мыс табылған. Кендегі мыстар 1-2 проценттен 9-12 процентке шейін жаңадан есепке алатын аудан 3, 5 десетіне, кеннің тереңдігі – 100 метр. Кендегі мыс 2 процент, мыстың барлық күмәнді шамасы – 175,000 тонна».
Ягопкиннің 1928 жылғы жасаған есебі5: «Жезқазған мен Тасқұдықты қоса алғанда зерттеу керек қылатын жердің ауданы барлығы 20 шаршы шақырымдай. Осы күнге шейін бұлардан зерттелгені 5 шаршы шақырым. Зерттелген жерден табылғаны – 60,000 тонна мыс. Егерде қалған бөлімдеде кен мөлшері ілгергідей болар десек, Жезқазғандағы мыстың күмәнді запасы 200-250,000 тоннадай болар. Кен ішіндегі мысы бірақ, 5 проценттен артық болмас». Көруімізше, бұл 3 шебердің сөздері бір жерге құйылмай, бытыранды шығып отыр. Сондықтан бұлардың қолданған негізгі деректеріне көз салып көрейік.
Кеннің зерттелген бөлімі
Кеннің зерттелген бөлімінің шамасы:
Инженер Тименің есебінше 90 десетіне; 2) Русаков пен Яговкиннің 1925 жылғы есебінде 7 десетіне; 3) Яговкиннің 1928 жылғы есебінде 5 шаршы шақырым. Зерттелген бөлімнің шамасын айырғанда:
Тиме бұрынғы ағылшындардың ескі зерттеу карталары мен жер астындағы олардың пландарын қолданған; 2) Русаков пен Яговкин 1925 жылы тек ағылшындардың төрт жағын орлап, қазып шығаруға дайындап қойған кендерінің ауданын қолданған; 3) Яговкин 1928 жылында басқа дәлелсіз «көз мөлшерін» ғана қолданып отыр.
Біз төменде ағылшындардың карта деректеріне сүйеніп Жезқазғандағы зерттелген мыстың ауданын 90 десетіне деп қолданамыз.
Жезқазғандағы «кенді ауданның» шамасы, Жезқазғандағы зерттеу керек қыларлық кенді ауданның шамасы:
Тиме – 10,5 шаршы шақырым жерді есептейді; 2) Русаков пен Яговкин 10,5 десетіне санайды; 3) Яговкин 1928 жылы 20 шаршы шақырым болар дейді. Бұлардың 10,5 десетіне дейтіні қисынсыз сөз. Қалған екеуінің жобасы да болжаулы. Сондықтан біз төменде ол екеуінің пікірінің орталығын қолданамыз. Бұл шартта Жезқазған ошағының Кенді ауданы:

шаршы шақырым, яки 1600 десетіне болады.
Жезқазғандағы зерттелген әрбір десетінеден табыларлық мыс
Кенді ауданның әрбір десетінесінен шығарлық мыстың шамасы:
Тименің есебінше 670 тонна; 2) Русаков пен Ягопкиннің есебінше 714 тонна; 3) Ягопкиннің 1928 жылғы есебі бойынша 140 тонна. Бұл есептердің бәрінде де кеннің ішіндегі мыс орта есеппен – 10 процент.
Ауданның «кенділік» мөлшері қашан да зерттелген жердің мөлшері мен табылған кеннің шамасына қарай айырылады. Жезқазғандағы зерттелген жердің барлық ауданы – 90 десетіне. Одан табылған кеннің шамасы 60,892 тонна, олай болса зерттелген әрбір десетінеден табыларлық мыс орта есеппен

тонна болуға керек.
Өйтсе де, біз келешекте сақтық үшін «кенділік мөлшеріне» жаңағы 3 шебердің пікірінің орталық есебін аламыз. Бұл шартта Жезқазғандағы әрбір зерттелген десетінеден табыларлық мыстың мөлшері:

тонна болады.
Бұл санда қанша сақтық барлығын көру үшін өткен жылғы Атбасар тіресінің жасатқан бұрғы зерттеуінің қорытымын көрейік.
Атбасар тіресінің 1927 жылғы жасаған бұрғы зерттеуінің қорытымы.
1927 жылдың жазында Атбасар тіресі Жезқазғандағы бұрғы зерттеуін жүргізді. Бұрғы салу үшін өткен жылғы электр зерттеуі қолайлы тапқан. Бұрын ағылшындар зерттеу жүргізбеген «Петропавл» дейтін зайапкедегі бір төбешік таңдалып алынды. Бұл жердегі 1927 жылы зерттелген ауданның жалпы шамасы 8 десетіне, бұдан табылған таза мыс 9450 тонна, бұның ішінде: