ӘУЕЗОВ ИНСТИТУТЫ

Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ақпараттық порталы

Түркі халықтарының фольклорлық мұрасы

«Қырымның қырық батыры»

Қарадөң батыр және ұрпақтары

«Қырымның қырық батыры». 1940-1947 жылдар аралығында Мұрын жырау Сеңгірбекұлынан жазылып алынған «Қырымның қырық батыры» атты отыз бес жырдан тұратын эпикалық жырлар циклы – әлем халықтары руханиятында айрықша орын алатын мұра. 1944 жылы Ташкент қаласында өткен Орта Азия фольклоры туралы Бүкілодақтық конференцияда бұл эпостың дүниежүзілік маңызы бар екені айтылды. В.М. Жирмунский мен Е.М. Мелетинский «Қырымның қырық батырын» тарихи, рухани және көркемдік мәні зор эпопея ретінде бағалады.
«Қырымның қырық батыры» эпикалық циклын Мұрын жырау үш салаға бөліп айтқан. «Аңшыбай батыр және оның ұрпақтары» деп аталатын бірінші сала Алтын Орданы басқарған Едіге бидің (1396–1419), оның ата-бабалары мен ұрпақтарының ерлігін бейнелейтін «Аңшыбай батыр», «Парпария», «Құттықия», «Едіге», «Нұрадын», «Мұса хан», «Орақ, Мамай», «Қарасай, Қази» атты жырлардан тұрады.

«Қарадөң батыр және оның ұрпақтары» атты екінші сала Қазанды сыртқы жаулардан қорғауда ерлігімен халық жадында сақталған Шора батыр мен ата-бабаларының ерлігіне арналған «Қарадөң», «Жұбаныш», «Сүйініш», «Ер Бегіс», «Көгіс, Тегіс», «Тама», «Тана», «Нәрік», «Шора» атты тоғыз жырдан құралған.

Циклдың «Жеке батырлар» деген үшінші саласына енген жырлардың бас кейіпкерлерін Мұрын жырау мен оның ұстаздары Аңшыбай мен Қарадөң батырларға қатысы жоқ деп ойлағаны байқалады. «Жаңбыршы», «Жаңбыршыұлы Телағыс» атты жырлардың бас кейіпкерлері Едігенің ұрпақтары екенін айғақтайтын деректер бар. Бірақ уақыт өте келе тарихи жадтың көмескіленуі салдарынан жыршылар бұндай шындықтан бейхабар болған секілді.

«Жеке батырлар» саласына жоғарыда аталған екі туындымен қоса «Асан қайғы, Тоған, Абат», «Қарғабойлы, Қазтуған», «Көкше батыр», «Көкшенің ұлы ер Қосай», «Ақжонасұлы Ер Кеңес», «Манашыұлы Тұяқбай», «Айсаның ұлы Ахмет», «Алау батыр», «Әмет батыр», «Шынтасұлы Төрехан», «Сұлтан Керім», «Манашы», «Жаңбыршы», «Шынтас», «Қарт Қожақ», «Құлыншақ» жырлары енеді.

Бұл жинақтың көлемі шектеулі болғандықтан мұнда аталмыш циклдың соңғы саласын құрайтын жырлар енгізілмеді. «Қырымның қырық батыры» жырлар циклы 2008 жылы «Бабалар сөзі» жүзтомдығының 50-51-томдарында толығымен жарияланған.

«Қарадөң батыр және ұрпақтары» жыры

ҚАРАДӨҢ

Қарадөң бір жаста әкеден, екі жаста шешеден жетім қалды. Бала сөйтіп жүріп, жасы үшке жетті. Сонда Қарадөң ноғайға келді. Келіп еді, балалар оны сабап қуды. Бала соған шыдамай қаңғырып кетті. Бір жерге келіп, бала кідіріп отырып, қамығып жылап отырып айтқаны:

– Жаратты Алла өзімді,
Ойдырып жанға көзімді.
Тыңдайтын пенде болар ма,
Бұл жалғанда сөзімді?
Сорлаған мен қу маңдай,
«Ішейін» десем, асым жоқ,
«Киейін» десем, киім жоқ,
Баратұғын үйім жоқ,
Үйге кірер күйім жоқ,
Ата менен ана жоқ.
Жалаңаяқ, жалаңбас,
Отырмын мен де жалаңаш.
Қайда отырып, жүрейін,
Сорлы пенде мен болдым.
Бала болса қуады.
Көзімнен аққан қанды жас
Бетімді судай жуады.
Құдай қорлады өзімді,
Кім тыңдайды сөзімді?
Бүйтіп қорлық бергенше,
Алсайшы, Аллам, өзімді.
Жарлы жердің түбінде
Қарадөң отырып мұңайды.
Жап-жалаңаш бұл бала
Сүйеніп жарға жылайды.

Сөйтіп бала жылап отырғанда қасына бір кісі келеді. Астында есегі, басында сәлдесі, үстінде мәллесі, қолында асасы, балаға сөйлейді:

– Жылама, балам, жылама,
Жыламай, көңілің тына ма?
Анау тұрған тоғыз үй,
Ортадағы үлкен үй,
Соған бар да, кір, – деді,–
Асырайды сол, – деді.

– Ол үй барсам, қуады, – деп, –
Басыма күн туады, – деп, –
Бала тағы жылады.
– Баратын үй сол, – деді, –
Сені жақсы бағады,
Балам, сонда бол, – деді, –
Қумайтын үй – ол, – деді.

Айтуынша үлкеннің
Үйіне айтқан келеді.
Келді де бала отырды,
Ешкім жауап бермеді,
Адам деп оны көрмеді.
Отырған екен бір кемпір,
Қасында оның бала жоқ,
Отырған шалы және жоқ,
Үндеген оған адам жоқ,
Босағада мұңайып,
Жалаңаяқ, жалаңбас,
Отырды бала жалаңаш.
Бір уақыттар болғанда,
Үйдің келіп ақсақал,
Тұрды кемпір қасында.
Қарадөң сонда жүгіріп,
Шалдың атын байлады,
Қайта айналып келіп,
Отырды сонда есікте.
Сонда тұрып кеңесті:
– Мынау бала кім? – десті.
– Танымаймын мен, – деді, –
Сұрамасаң сен, – деді.

Сонда бала: – Мен бір жетім баламын, ата-анам жоқ, – деді.
Сонда тұрып: – Мына қаңғырып жүрген балаға киім, тамақ беріңдер. Осы үйде тұрсын, кез келгенін ішіп-жесін, – деді.
Өзінің жүгіріп жүрген жалғыз баласы бар екен. О да еркелеп, хан баласы болғанмен, бір ауыз сөз айтпайды. Қарадөң ас ішіп, киімін киіп, қыдырып жүре берді.
Бір күндері болғанда, Қарадөңді ертіп, кеңеске апаратын болады. Тоқсан баулы Ноғайлының ханы екен. Сол уақытта Қарадөң он бес жасқа келген екен. Хан бір күн бойы батыр мен биін жинап алып кеңес етеді.
– Осы баланы, шамадан келсе, сыйлағым келеді. Астымдағы тағымды, басымдағы тәжімді берсем, – дегенде, бала жылап тұрып жырлайды:

– Айналайын, жан баба,
Мен едім тұрған бір бала.
Қатар жүріп көрмеген,
Тек жаным бар өлмеген.
Ағайын-туған, жақын жоқ,
Ата, менде ақыл жоқ.
Жалғыздық пен жалаңаштық,
Дүниеде одан кәпір жоқ.
Енді қайтіп жүрермін,
Менен басқа пақыр жоқ.
Әр малыңның соңында
Қаңғырып жүрдім жалпылдап.
Әркім ояр көзімді,
Кім тыңдайды сөзімді?
Сіз берген алтын тағыңыз,
Басыңыздағы тәжіңіз
Қиын болар киюге,
Ауыр болар мінуге.
Қорламаңыз өзімді,
Күнде шұқыр көзімді,
«Қаңғырып жүрген жетім», – деп,
Тыңдамас ешкім сөзімді.
Сізден кидім киімді,
Бүгін халқың жиылды.
Қаңғырып жүрген жетімге
Таққа міну қиын-ды.
Сөйтіп, бала егілді,
Көзінің жасы төгілді.
Сонда тұрып атасы,
Тағы бір сөз сұрайды:
– Тоқсан баулы ноғай халқы еді,
Балам менің жалқы еді.
Өлгенінің арты еді,
Білсең, мұның парқы еді.
Өзімнен туған бұл бала,
Ол қатарға кірмейді,
«Атам», – деп, жауап бермейді,
Балалықтан еркелеп,
Қатарымда жүрмейді.
Мынау тұрған Қарадөң –
Кеудесі толған сана еді.
Тоқсан баулы ноғайды,
Тірі болса бағады.
Ашы менен арығын,
Пақыр, міскін, кәрібін
Түгелдей көңілін табады.

Сонда жиналған көптің ішінде бір бек бар еді, ол сөйледі: – Мен бес жылдай оның әкесі – ханның қасында жүріп едім. Әкесі – ел билеген хан еді, ақылы көп жан еді, – деп ханның сөзін қостады.
Сонда хан айтты: – Осы Қарадөңді сынап көрейік, – деді. – Жақсылық шамасын байқап көріңіз, – деді.

Қарадөң сонда күледі,
Өксіп-өксіп жылайды.
Жылайды да, жырлайды:
– Мен бір жетім бала едім,
Жалғыз жүрген жан едім.
Таба алмасам парқыңды,
Біле алмасам қалпыңды,
Көптің бабын таба алмай,
Мен ойлаймын артымды.
Айналайын, көп халқым,
Оя көрме көзімді,
Тыңда менің сөзімді,
Өлтіресің бе өзімді?
Қымбатты артық бабамыз,
Жел болған күн панамыз,
Жау келген күн қаламыз,
Мені ілгері бастырып,
Қорлыққа бермей қараңыз.
Сонда қартың сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Қарадөң қойған атыңды,
Асыл туған затыңды.
Сыйлап саған билікті,
Берейін деп отырмын,
Тыңдаңыз, халқым, сөзімді.
Айтып саған бәрін де,
Қасында өзім тұрайын,
Бітпейтұғын іс болса,
Өз халқымнан сұрайын.
Бірігіп кеңес құрайын,
Қыдырып бір-екі жыл қасыңда,
Өзім жолдас болайын.

Есіткен соң бұл сөзді,
Қарадөң бала тебіренді.
Қоймасын ақыр білген соң,
Мақұлдап бала, алады.
Тарқаған соң кеңестен
Атасымен ол еріп,
Үйге сонда барады.
Атадан тақты алған соң,
Қарадөң ойға қалады.

Екі-үш күн өткен соң атасына келіп:
– Әй, ата, мен де жалғыз бала едім. Жалғыз болсам да, халықтың ойы жеңді ғой. «Жалғызбын», – деп отыра берем бе? Қараменде деген қалмаққа барайын, соны шауып алайын, – деді. «Ер қаруы – бес қаруды» асынып алып, басына дулығасын киіп, қара тұлпарды ерттеп мініп, жүріп кетеді.

Қарадөң бала жөнелді,
Сол қалмаққа бармаққа,
Қалмақтың елін алмаққа,
Барып, ойын салмаққа.
Тәуекел етіп, жол жүрді,
«Алыста болса, жетем», – деп,
Күні-түні жол жүрген,
Есебі жоқ мол жүрген.
Көрмеді жанның қарасын,
Жалғыздық сонда білінді.
«Жапанда жалғыз мен, – деді, –
Қыбырлаған қара көрмеген,
Тек жалғыз қалдым өлмеген.
Ен майданға шыққан соң,
Сонда көңілім сүрінді.
Жараттың, Алла, өзімді,
Аштырған соң көзімді,
Көрсеттің жақсы-жаманды.
Дүниеден екі рет
Шешекемнен айырып,
Зарлаттың, Алла, өзімді.
Табаным жерге тие алмай,
Жығылдым талай жерлерге.
Бір күндері болғанда,
Екіге жасым толғанда,
Әкемнен тағы айырылдым.
Әкемнің аты Бек еді,
Аруақты ер еді.
Қысылғанда жебейтін
Қайран атам жоқ еді.
Тәуекелге бел байлап,
Найза ұшына ту байлап,
Жалғыз да кетіп барамын.
Біз секілді ерлерді,
Қаңғырып жалғыз жүргенде,
Есіңе ал біздерді.
Көрмеген қиғаш жерлерге,
Шығайын деп белдерге,
Жетейін деп елдерге.
Баба түкті Шашты Әзіз,
Қырық шілтен Қызырмен,
Жәрдем берші біздерге.
Астымдағы Қара атым
Шапқан сайын зулайды,
Жануар да қанатты.
Алдынан қашқан бұлан мен
Ақбөкендей аңдардың
Біреуін де қоймайды.
Жалғаншы деген бұл зұлым
Талайларды алдаған.
Жалғыз жүріп жапанда
Қалай жұмыс етермін?
Он беске жасым толғанда,
Талаптанып жол шықтым,
Аз ғана емес, мол шықтым,
Бір мезгілде қашан жетермін?»

Бір уақытта түн болды,
Түн артынан күн болды.
Дамылсыз шауып келеді,
Қара ат тағы піл болды.
Төрт аяғын тең басып,
Ұшқан құспен теңесті.
Шаршасын ба жануар,
Шапқан сайын бұл өсті.
Қос тепкіні салғанда,
Жымитып құлақ алғанда,
Атына көңлі толығып,
Өзімен-өзі кеңесті:
«Жан серігім, Қара атым,
Қолымдағы болатым,
Үстіңдегі Қарадөң
Сендерге де сын болды.
Жалғыз шықтым елімнен,
Туып-өскен жерімнен.
Жалғыз жетім қалғанда,
Қарт атама бала боп,
Мұндай күйге жеткенде,
Ала алмасаң жауыңды,
Саған да, батыр, мін болды!»

Ен даладан өткенде,
Қалмаққа жақын жеткенде,
Көңілі өсіп батырдың,
Ентеленіп ол жүрді.
Жақындап кеп, қараса,
Алыстан үлкен шаң көрді.
Шаң ішінде будақтап
Келе жатқан жан көрді.
Шаңға қарай ол жүрді.
Жақындағанда ол шаңы,
Топырлаған көп жан көрді.
Бөлінбеді шамасы,
Ашылмады арасы.
Шаң мен жанды көргенде,
Сонда тұрып қамықты:
«Ана менен атадан
Қылып жұрдай қойғаның,
Жетім қалып жасымнан.
Осы ма еді дүниеде
Екі көзбен көргенім?
Дін мұсылман елдерім,
Шағалалы айдын көлдерім,
Көңірсіген құба дөңдерім.
Егер мынау жау болып,
Алла жәрдем бермесе,
Қалады сондай жерлерім.
Қырық шілтен Қызыр мен
Бабам, жәрдем болғайсың.
Баба түкті Шашты Әзіз,
Біздерді еске алғайсың.
Сөндіргей жаудың оттарын,
Күлін көкке ұшырып,
Дарытпағын оқтарын.
Осы егер жау болып,
Жау қолында мен өлсем,
Ата менен туған анам жоқ,
Қысылсам,көмек беретін.
Анамнан туған ағам жоқ,
Білмеймін кімнің жоқтарын.
Әуелі Алла, екінші –
Әулие, шайқы, пірлерім
Болмаса басқа панам жоқ.
Не болса да көнемін,
Қылды Алла, шарам жоқ.
Ен далада жалғызбын,
Қара аттан басқа қарам жоқ.
Қасымда жоқ жолдасым,
Осындай қиын тар жолда
Алланың өзі қолдасын!»

Жаудың көрді қарасын,
Көрінді оның шамасы.
Жақындап келіп қалыпты
Жиналған қалмақ баласы.
Жалғыз тұрған қараға,
Тобын жазбай көп қалмақ,
Қараменде бас болып,
Қарадөңдей келді балаға.
Келе сонда Қараменде сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Әй, жас бала, жас бала,
Жоқ жолдасың қасыңда,
Ақылың жоқ басыңда.
Қырық бірдей биіммен
Шықтым аңға осында.
Көріп сені далада,
Келдім сенің қасыңа.
Танымай тұрмын мен, – деді, –
Аты-жөнің сен айтып,
Түсіндір, бала, сен, – деді.

Қарадөң сонда сөйледі:
– Ата-тегім сұрасаң,
Ноғай деген ел, – деді, –
Өзімнің әкем Бек еді,
Атымды менің сұрасаң,
Қарадөң деген ер едім.
Жөнімді менің сұрасаң,
«Қалмақ деген ел», – деді.
Сол қалмаққа барарға,
Қалмақтың елін аларға,
Еліне ойын саларға,
Ата жауым қалмақтың
Іздедім елін шабарға.
Ата тегіңді сұрайын,
Жауап маған бер, – деді.

Сонда қалмақ сөйледі:
– Қалмақ деген ел едім,
Ежелден мекен тұтынып,
Тұрған осы жерім.
Атымды менің сұрасаң,
Қараменде ер еді,
Қалмақ та болсам, асылым –
Ақсүйек туған төре еді,
Ноғайды көрсе, жер еді.
Ноғайлы деген сен бе едің,
Бізбенен тең бе едің?
Қаһарланып ақырсам,
Ноғайлының баласын
Бір қауызға сыйдырам.
Қаһарым қатты ер едім,
Деміме ас пісірген.
Ерегіскен сендей ноғайдың
Өзінің қанын өзіне
Түрпіменен ішірген.
Басыңдағы дулыға,
Шалқайтып оны киіпсің.
Қолыңа ұстап найзаңды,
Айла қандай қылыпсың?
Соғысуға келіпсің,
Астыңдағы Қара атпен
Күні-түні желіпсің.
Соғысуға келсең сен,
Астыңдағы атың мен
Қолыңдағы найзаңды
Маған, бала, бересің.
Егер маған бермесең,
Сонда, сорлы, өлесің,
Өлімді жақын көресің.
Жас басыңнан соғыссаң,
Жанбай отың болып күл,
Тезірек, бала, сөнесің.
Егер соны етпесең,
Қасымдағы аламан
Ұрыспай ма баламен?
Астыңа мінген қарасың
Шаршап келген Қара атпен.
«Қашамын», – деп ойлайсың.
Қашып қайда барасың?

Сонда Қарадөң сөйледі:
– Қашатын кісі мен емес,
Ол айтқаның жөн емес.
Аяп тұрсаң «бала» деп,
Астындағы атың мен
Беліндегі беренді
«Шешіп беріп көр», – деген,
«Дәмең болса кел», – деген,
«Қайратымды көр», – деген.
«Бала» деп сен аясаң,
Кезегімді бер, – деген.

Сонда Қараменде сөйледі:
– Жасым үлкен ағамын,
Жасы кіші баладан,
Жасымды мен ол бұлдап,
Кезегімді аламын.
Кезегімді мен алсам,
Алла тізгін оңдаса,
Ақ сүңгіні саламын,
Көңіліңді табамын.

– Жасың үлкен ағасың,
Жасыңды сен ол бұлдап,
Кезегіңді аласың.

Сонда қалмақ оқталды,
Толайына қол салды,
Қозы жауырын қу жебе
Суырып оны қолға алды,
Садағын керіп тағы алды.
Ішінде бар ақ сауыт,
Қарт қояндай қасқарып,
Тұрды қарап қақшиып.
Сонда қалмақ оқ атты,
Бір атқанда үш атты,
Үш оқты бірден босатты.
Үстіне киген ақ сауыт
Жыртыла жаздап ол қалды.
Сөгілер еді ақ сауыт,
Жар болды кәміл пірлері,
Кереметті дүрлері,
Қасиетті ерлері.
Қарадөңдей жас батыр
Садақты керіп қолға алды,
Садақты қолға алғанда,
Өлерін өзі білген соң,
Қарадөңдей баланың
Аруағын көрген соң,
Жағаға сонда қол салды.
Суырып алды қылышын,
Тарылтуға тынысын.
Сонда тұрып Қарадөң
Қылышын алды суырып,
Атаңа нәлет қалмақтың
Заманасын қуырып.
Суырып алған қылышпен
Сонда тұрып ұрады.
Үстіне киген көк темір,
Батпады, қылыш тисе де.
Батырлар сонда шамданды,
Қатуланды, қаттанды,
Буырқанды, бусанды,
Мұздай темір құрсанды.
Қолына алды батырлар
Ақ сапты болат найзасын.
Шығаруға ерліктің
Біріне-бірі айласын,
Ойлады жанның пайдасын.
Жап-жас қана балаға
Тамағынан шалдырып,
Жанын беру қиын-ды.
Өздерінше ол дағы
Бабасына сиынды.
Найзаларын суырып,
Біріне-бірі салады,
Итерісіп қалады.
Қиын сондай іс болды,
Қарадөңдей балаға
Қалмақ сонда күш қылды.
Қарадөң сонда қарады,
Бабасына сиынып,
Балдағы алтын құрыш болат
Суырып қолға алады.
Бабасы жәрдем болған соң,
Ендіре алмады ит қалмақ
Онан әрі найзасын,
Таппады жанның айласын.
Қараменде қалмаққа
Қарадөң найза ендірді.
Қылышпенен тағы ұрды
Қалмақтың басын алмаққа.
Қалмақтайын кәуірдің,
Жүрекке найза енгенде,
Ауыздан қаны атылды.
Сонда басын алады,
Тездетіп ол жүгіріп,
Қара атқа барады.

Ханы оның өлген соң,
Қасындағы би мен бек
Ақ берені жарқылдап,
Соғысуға қарады.
Алды қолға қылышын,
Тарылтуға тынысын.
Ақ найзасын өңгерді.
Жалғыз өзін, қарасаң,
Сол қырыққа теңгерді.
Салды батыр айғайды,
Басындағы дулыға
Сонда кейін қайқайды.
Араласып соғысты,
Сол соғыстың ішінде
Би, шора, бектері
Басына қылыш тигенде,
Жаны кетіп кеудеден,
Тек ат үстінен шалқайды.
Шалқасынан жығылған,
Ішіне найза тығылған.
Ат үстінде ол жүріп,
Көрді алып талайды.
Аты жүйрік би мен бек
Еліне қашып барады,
Сай-саланы далдалап.
Еліне хабар береді,
Сол хабарды есітіп,
Шықты елінен көп халық.
Ала шұбар ат мінген,
Ат құйрығын шарт түйген.
Құр айғыр ол ұстап,
Кейбіреуі салт мінген
Шықты, міне, қаладан.
Келді алдынан Қарадөң,
Сол бір қолды көргенде.
Астындағы қара тұлпары
Ортқи-ортқи ойнады,
Қолында бар ақ семсер,
Жүзі қанға тоймайды.
Топтан шықты бір қара,
Келе тұра қалады.

Сонда тұрып сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Қарсы топқа ұрынып,
Өзің де жас баласың.
Білмей ме екен жас бала,
Өзінің қайрат-шамасын?
Сенің әлің жете ме,
Қалың топты қарашы?
Өлейін деген жас бала,
Өлімнен тіпті ойың жоқ.
Өзіңнен зорға жолықсаң,
Жабыстырар жерлерге.
Қарға-құзғын жем болып,
Бұйырмас саған жерлер де,
Боларсың сонда масқара.

Қарадөң сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– «Балам, балам», – дей берме,
Менің әкем сен емес,
Сенің балаң мен емес,
Ол айтқаның жөн емес.
Атаңа нәлет, ит кәуір,
Қыламысың келемеж?
Қанша айта келсең де,
Ол айтқаның жөн емес.

Көптігіне сүйеніп,
Қалмақ сонда жапырды.
Ақ семсерін қолға алып,
Оларға қарап, ақырды,
Аллалап ұран шақырды.
Нөсерлеген жауындай
Қолыңдағы қылышты
Үсті-үстіне сермеді.
Кезіне келген қалмақты
Бұтадайын көрмеді.
Қарсы келген қалмақтың
Қақ маңдайын шабады.
Оңына келген қалмақтың
Найзамен көңілін табады.
Қарадөңдей батырдың
Қабағынан қар жауды,
Екі көзден от жанды.
Қарсы келген қалмақтың
Айнадайын көзінен
Қып-қызыл боп қан тамды.
Найзағайдай ойнады,
Қалмақтың тойын тойлады.
Ақ семсері жарқылдап,
Қара тұлпар үстінде,
Найзағай мен бұлттай
Ортада жүріп ойнайды.
Қалмақтың тойын тойлайды,
Сұр бүркіттей түнерді.
Сонда қалмақ қашады,
Қайтерін білмей сасады.
Жанұшырумен көп қалмақ
Қалаға келіп кіреді.
Қаланың аузын қандатты,
Шарбақтың ішін шаңдатты.
Ортадан ойып жол салды,
Ерегіскен қалмақтың
Жабығынан қол салды,
Жесірлерін дулатты.
Қаланы алып болған соң,
Мұсылман қылды діндерін.
Сындырды жаман белдерін,
Бүлдірді сөйтіп елдерін.
Қаланы алып болған соң,
Айдады елге ол қарай
Жесір-жебір, жетімді,
Және малды айдады.
Арада асты таулардан,
Және асты белдерден,
Жесірді айдап барады.
Батпақ, сорлы жерлерден,
Орғыл, шағыл құмдардан,
Және де өтіп барады
Батпақты, лай көлдерден.
Арып, ашып, тон тозып,
Сонда жеткен секілді
Мекен еткен елдерге.
Алып жесір келгенде,
Көк ала шұбар ту байлап,
Көктен шатыр көтертіп.
Салтанатын білдіріп,
Боз жорғамен жүрдіріп,
Атасы өгей ол шықты.
Қарадөңдей еріңіз
Қара атынан ол түсіп,
Алдынан келіп атаның
Сонда сәлем береді.
Ел-жұрты халқы мен
Ата-анасы көреді.
Барлығына ол қарап,
Және де сәлем береді:
– Жасың үлкен бабамыз,
Жел болғанда, панамыз.
Сау-саламат, аман ба
Өзіңнің салған қалаңыз?
Қалмақ жауға мен бардым,
Шауып алдым қаласын,
Қараменде хандарды
Жекпе-жекте өлтіріп,
Қасында келді қырық би,
Оны-дағы жібердім
Сұхбатына келтіріп.
Содан бардым қалаға,
Қалада қалмақ көп екен,
Шеңгелі иттің зор екен,
Бардым салып соғысты.
Қалмақтың алып қаласын,
Шулатып қатын-баласын,
Жесір-жебір мен алдым.
Келе жатыр артымда
Қосылған және мал мен мүлік.
Малдың санын төрт түлік
Ноғайлының аш-арық
Соларға, ата, бер бәрін.

Сонда атасы көптің ортасына шығып, мадиықтанып, бір ауыз сөз айтты:

– Жиналған көп жамағат,
Қайтарды ғой еңбекті,
Өгей де болса, бір өскен
Келді бала саламат.
Халықтың қамын мен айттым,
Жөнін біліп баланың.
Айтпадым мен ол жалған,
Абзалында шын айттым.
Айналайын, ел-халқым,
Балаға мен ризамын,
Он беске жасы толғанда,
Атаның кегін арлаған,
Өшіккен жауын қорлаған.
Ноғайлыда ондай ер,
Жаралғалы адамзат,
Ондай ұлан болмаған.
Жапанда кетіп барады –
Қасында жоқ жолдасы,
Алласы болды панасы.
Атадан артық туғандай,
Суретіне қарашы.
Қарадөң тірі бар болса,
Жыламас ноғай баласы.
Үстінен дүбір өткізбес,
Кетпес жауға қарасы.
Ноғайдың кегін арлады,
Болады Ноғай панасы.
Айтпадым ба азалда:
«Осындай туған баланың
Көкірегінде көп, – деп, – санасы!» – деп, ноғай ханы сөзін бітірді. Сонан кейін бүкіл Ноғайлыны шақырып, той қылып, Қарадөңді мадиқаттап көтерді.
Арада неше жыл өтті. Баласы ханның Бердіхан-ды. Ноғай соны азғырды. Әкесі жоқ кезінде ноғай сонда жиылды. Сонда тұрып, бір биі сөз сөйледі:

– Әй, Бердіхан, Бердіхан,
Әкеңнің тұрған алтын тақ
Қаңғырып келген жетімге
Билеттің оны сен бейбақ.
Баласы ханның сен едің,
Алтын тақты билеуің
Саған, бала, жөн еді.
Айырылдың мұра орнынан,
Ақылың сенің кем, – деді, –
Баланы қойшы жоқ етіп,
Әкеңнің тұрған тағында
Тұршы, балам, сен, – деді, –
Қаңғырып келген сол жетім
Билеп сенің кетпей ме
Маңдайдағы бағыңды?
Айырылсаң бағыңнан,
Жиналған сенің ол құрбың
Сені мазақ етпей ме?
«Айырылдың бақтан», – деп,
Маңдайыңа теппей ме?
Ақылынан адасып,
Болсаң да ханның баласы,
Ақылың сенің болды кем.
Алтын тақтан айырылып,
Болдың ғой сорлы, сен бейбақ.
Ортасына көптің келгенше,
Бүйтіп қорлық көргенше,
Емес пе жақсы өлгенің?

Сонда бала тұрады.
Ақылынан адасты.
Араға түскен шайтандар
Әртүрлі жолға бұрады.
Ақылының кемдігі:
Әкесі мен баланы
Шағыстырып залымдар,
«Жолдаспын» деп жүргенде,
Болмады оған елдігі.
Ала алмай тақты жүргенің
Азалдағы ақылыңның кемдігі.

Соны айтып болды. Сонда бала ой ойлады: «Әкеме барайын, бүйтіп ханның тағын жетімге беріп, өзім билерге күлкі болғаным жарамас. Сол тақты, қалай да болса, өзім алайын» деді.

Бұл сөздің бәрін естіген Қарадөң:
«Жетім» деген сөздері
Жүрегіме жік болды».
Есіткен соң сөздерді,
Қайғыланып қан жұтты.
«Жараттың, Алла, не етерге?
Жолығып тұрмын бетерге.
Әуелі бастан мен неге
Келдім екен қалаға,
Өмірімді мен өткізіп,
Жүрмедім неге далада?
Қайғылы болды іштері,
Жасыды жаман күштері.
Тұра берсем бұл жерде,
Қиын болар шайтанның
Істейтін маған істері».

Бердіханның әкесіне келіп сөйлегені:

– Әй, бабамыз, бабамыз,
Желді күні панамыз.
Жауын жерде панамыз,
Мен көрдім, ата, зорлықты.
Жетімді қойып тағыңа,
Бердің маған қорлықты.
Хан баласы болсам да,
Қатарыма енбедім,
Күнім өтті кеюмен.
Қатарға жүріп, атамыз,
Қызықты дәурен сүрмедім,
Қызықты дәуір сүрмедім.

Сонда баланы ертіп, жиналған топқа әкеліп, әкесінің айтқаны:

Жиналған еді ноғайлы,
Атасы сонда сөйледі:
«Атам» деп, маған ермедің,
Жолығып жауап бермедің,
Қатарымда жүрмедің.
Жас он беске келгенше,
Қатарымды көрмедің.
«Хан баласы» дегенмен,
Асып сөзді сөйледің.
Қарадөңдей жас бала,
Дұшпанменен қас бала
Сегіз жасқа келген соң,
Қатар жүріп, көздеді,
Өз қатарын іздеді.
Жаманға, жүдә, ермеді,
Жаманның бетін көрмеді.
Жақсы сөзін сөйлесе,
Отырып сөз тыңдады.
Жаманның ісін қылмады,
Жасы үлкенді сыйлады.
Балам, сені қарасам,
Керек емес сөз айтып,
Жақсының ісін қылмадың.
Бетіңе біреу айтса сөз,
Өз-өзіңнен тұлдандың.
Баласы ханның болған соң,
Шора мен биді жинадың.
Қарадөңді тақтан алуға,
Мұддағаңды айтуға
Атаңа келіп сөйлейсің,
Лайықты сөзің болмады.
Қарадөңді қарасам,
Хас патшадай қамданған.
Лашын құстай қомданған,
Дұшпанды айтса, сайланған,
Қару-жарақ байланған,
«Қиын-қыстау кездерде
Тоқсан баулы ноғайдың,
Іздеп, құлқын табад деп,
Ерегіскен дұшпанды
Айдап жолға салад», – деп,
Айтпадым көп қалпын.
Араға түскен бұл бала
Бұзды ма елдің түр-қалпын?
Өзімнің балам болсаң да,
Қоя алмаймын хандыққа.
Егер де болсаң хандықта,
Елім-халқым бұзылар,
Тұра алмайсың хандықта.

Сол елдің бір басты адамы бар екен. Сол да ханның сөзін қостады. Сол қостағасын, барлық халқы да қостайды.
Қарадөң: «Ішіндегі жамандардың ойы жаман екен. Мен тағы да қалмаққа аттанайын. Сонан соң сол елді алып келген соң, ноғайға көзін сала алмайды ғой», – деп ойлады.

Қарадөңдей батырың
Мінерге атын баптады.
Найзаларын саптады,
Қылыштарын таптады.
Тұлпарын қара жемдеді,
Айыл-тұрман бек тартып,
Құйысқанын қысқартып,
«Жүрейін жөн», – деді.
Тоқсан баулы ноғайдан
Бір жан оған ермеді.
«Қаразымдай қалмақ ханына
Жүрейін», – деп, атты ерледі.
Бадана көзді берік сауыт
Үстіне баса киеді.
Пірлеріне сиынып,
Енді атына мінеді.
Халық үшін белді буады,
Ноғайдың қамын ойлады.
Жылатпасқа баласын,
Бүлдіртпеске қаласын,
Қаладан шығып жөнелді.
Астындағы қарасы
Орғыл-орғыл құмдардан
Ақ бөкендей өрмелеп,
Аузын ашып келеді.
Омыраудан тері сорғалап,
Және де өтіп барады
Талай-талай төбеден.
Шалқыған дария көлдерден
Суғарып атын алады.
Суға әбден қанған соң,
Ор қояндай жосытып
Және кетіп барады.
Өтті биік таулардан,
Қорқар емес жаулардан.
Ақ найзасын өңгеріп,
Келе жатыр сол бала,
Бір өзін мыңға теңгеріп.
Алыс та болса алмағы,
Қаразымның жеріне
Ойлады бала бармағы.
Қызын соның күң етіп,
Ұлын қоюды ойлады
Есікте жүрер құл етіп.
Неше күндей жосиды,
Бір замандар болғанда,
Келді елдің шетіне,
Келген соң елдің шетіне,
Қарауылда ол тұрған.
Көрді жүздей қалмақты.
Сонда көрді шамасын,
Жүз қаралы кісінің
Көріп қалды қарасын.
Келе тұра қала сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Кімнің мынау қаласы?
Кімсің сендер сұрайын,
Боласың қандай ел? – деді, –
Аты-жөнім сұрасаң,
Қарадөң деген ер, – деді, –
Іздедім қалмақ елдерін,
Жерін оның аларға,
Еліне ойын саларға
Іздеп шықтым мен, – деді, –
Асылым менің – ноғаймын.
Жүргенім менің солаймын.

Сонда қалмақ ханы Әзір жігіттен сегіз жүз жігіт алып, Қарадөңге қарсы шықты. Сонда қалмақтар артындағы еліне хабар жіберді. Сонда сегіз жүз кісінің ішінен біреуі сөз сөйледі:

– Тегімізді сұрасаң,
Қалмақ деген ел едік,
Тұрған бөлініп ер едік.
Күтіп тұрған ерлерміз,
Көрсек ноғайды, жер едік.
Қаңғырып мұнда келгенің,
Ағарды ма, сорлы көзіңіз?
Сегіз жүздей еріміз,
«Соғысамын», – деп сен сорлы
Келіп, нені білгенің?!
Болмай ма өлім көргенің?
Ажал дағы сормаңдай,
Сені айдап келгені.
Өзің жалғыз дарасың,
Байтақ қалмақ елдерін,
Алдында тұрған бабаңыз
Өлтіреді өзіңді,
Қалай менен аласың?
Қолға ұстаған ақ сүңгі
Саған салып алармын,
Қайратыңды қарармын.
Ұстаған қолға көк берен,
Оны да сермеп қалармын.
Ерегіссең сен, бала,
Астындағы атыңмен
Үстіңе киген шарайна,
Ұстаған қолға қаруың
Олжа қып бәрін алармын.

Сонда Қарадөң сөйледі:
– Менің атым – Қарадөң,
Жекпе-жекке келсең сен,
Өлтірермін өзіңді,
Оярмын екі көзіңді.
Астыма бүктеп салармын,
Тамағыңнан бауыздап,
Көңіліңді табармын.
Артыңдағы көп қолды
Талқандап оны шабармын,
Мақтасам, мақтау сүйеді
Астымдағы Қара атым.
Жүзіне келсе қоймайды
Жандағы алмас болатым.
Қусам, саған жетермін,
Өлтіріп сені алармын,
Еліңе таман барармын!
Ұлыңды отын етермін,
Қызыңды қатын етермін.
Қалаңды шауып мен алып,
Қызың қатын етпесем,
Атамнан тумай кетермін.

Қаразымдай қалмаққа
Осы сөзі өтеді,
Сүйегіне жетеді.
«Қызын қатын етейін»
Деген сөзі қалмақтың
Зығырын сонда қайнатты.
Сонда қалмақ долданды,
Құрыш болат қолға алды,
Қарадөңге қарады.
О да қайсар ер екен,
Суырып қылыш алады.
Қаразым сонда ұмтылды,
Екі батыр жекпе-жек
Алысып сонда қалады.
Ақ найзасы жарқылдап,
Бірін-бірі шанышты.
Нар бурадай айқасып,
Арыстандай алысты.
Шанышқанға шыдамай
Қаразымның найзасы,
Ортасынан бөлінді.
Найзасы қолдан кеткен соң,
Жеңілері білінді.
Қарадөңнің көздері
Шамшырақтай жайнады,
Зығыры ердің қайнады.
Атқа қамшы басады,
Екінші кезек келгенде,
Найза сонда шаншады.
Найзамен түйіп қалғанда,
Ысырылып ханыңыз,
Ат көтіне барады.
Мұрсат бермей, тағы да
Найзаны салып қалады.
Қалмақтың ханы Қаразым
Сонда аттан ұшады,
Қара жерді құшады.
Ханы аттан ұшқанда,
Сегіз жүз қалмақ жапырды.
Сонда тұрып Қарадөң
Бұларға қарай ақырды.
Оң келгенін оң шапты,
Сол келгенін сол шапты.
Қарсы келген қалмақтың
Қақ маңдайын шабады,
Кейбіреуін шанышады.
Аттан түсіп кей қалмақ,
Аузынан қаны атылды.
Сонда қалмақ қашады,
Қырылып көбі қалған соң,
Не етерін білмей, сасады.
Қалаға келіп, қамалды-ай,
Таппады басқа амалды-ай.
Қарадөң мінген Қарасы,
Желеді есіп самалдай.
Қаланың ішін қан қылды,
Қатын мен баласын,
Қалмақтың алды қаласын.
Мұсылман қылды діндерін,
Жесір-жебір, мал алып.
Қаразымның қызы еді,
Гүлқашима сұлуды
Алып жүрді оны да,
Еліне қайтты, қарашы.
Бірнеше күн жүреді,
Нақ үш айға толғанда,
Жесір-жебір, мал алып,
Еліне сонда келеді.
Жесір менен жебірді
Үлестіріп батырың
Халыққа оны береді.
Жарлысы байға теңелді…

\
ЖҰБАНЫШ

Қарадөңнің баласы болып,
Жасы жетіге толып,
Едәуір егде болып,
Ноғайда хан болған,
Өзі асыл жан болған.
Жетім қалып жасында,
Бақыт қонып басында,
Қалмақ пен қызылбас,
Ындыстан кек алған,
Атасынан тақ алған.
Құдай беріп бағын да,
Отырғасын тағында,
Тоқсан баулы ноғайды
Өз аузына қаратқан.
Ақылы асып, білік пен ерлікке,
Қосқан жоқ Алла кемдікке.
«Енді кеттім-ау» дегенде,
Қатынынан бір ұл туады.
Ұл туғанда қатыны
Әулиеге түнеген,
Алладан перзент тілеген.
Артық туған ерлердің
Тілегі қабыл болған соң,
Бұрынғы өткен пірлерден
Балалы жан болғасын,
Мерекелі той қылып,
«Кім қоямыз, – деп, – атын?»
Ноғайлы халқы кеңесті.
«Жұбаныш» деп қойды атын.

Онға жасы толады,
Едәуір жігіт болады.
Әкесі Қарадөң
Сексенге таман жетеді.
Әкесі Қарадөңге келіп,
Жұбаныш сөз сөйлейді:
– Артық туған данасың,
Ноғайлы халқына панасың.
Алыс пенен жақынның
Жүріп білдің арасын.
Жас басыңнан ат міндің:
«Алыс жерге жетем, – деп, –
Ноғайды бермей қорлыққа,
Соған пана етем», – деп.
Бір күндері болғанда,
Артыңнан туған мен балаң,
Сіз барда көлік мінейін.
Жақсы менен жаманды
Қыдырып-ақ білейін.
Күш-көмегі аз еді,
Жалғыз болды тағайын,
Бола ма бізге ағайын.
Шығуға қалай далаға,
Отырған қалай қалада,
Алыс жерге барарға.
Көкірекке жел енді,
Басқа жерді аларға.
Рұқсат сізден аларға,
Алыс жерге кетерге,
Қару-жарақ, атыммен
Ындыс пенен қалмаққа,
Шама келсе, жетерге.
Ноғайлының жақсысы
Ақыл салып, жолықсын.
Көп халықтың ішінде
Неше түрлі бар шығар,
Жамандары қорықсын:
«Ата жолын қуды, – деп, –
Атаға тартып туды», – деп,
Жақсылары қуансын,
Жамандары күйінсін.
Тәуекелмен, әй, ата,
Жапанда жалғыз көп жүрдің.
Тәуекел мен де етейін.
Аллаға қойып ниетті,
Бұл қалмаққа кетейін.
Енді басқа халықтар
Бізбен болмас ағайын.
Қайратым халыққа білінсін,
Ноғайға болсын қайратым.
Білінген сыртқа тағайын,
Тудым, ата, мен сізден,
Не қылып мал бағайын?
Не қылса да, бір жерге,
Рұқсат болса, барайын.

Қарадөң сонда сөйледі:
– Ақ сұңқар едің қу алған.
Жалғызы кетсе алысқа,
Оның арты суалған.
Алпыстан жасым асқасын,
Перзентті беріп бір Алла,
Мен едім қатты қуанған.
Қойып едім атыңды,
«Жұбатсын», – деп, – Жұбаныш.
«Кетемін», – десең алысқа,
«Жүремін», – десең, жол болсын.
«Ерлік» деген жалғанда
Айламенен он болған.
Айламенен ерлік қыл,
Тек ерліктен пайда жоқ.
Біреуге күйіп сен кетпе.
Құр ашудан пайда жоқ.
Жалғыз жүрген ерлер көп,
Ноғайлының ішінде –
Ол ерлерде айла көп.
Айламенен іс қылмақ,
Егескен жауға күш қылмақ.
Міне қалсаң, шырағым,
Байлаулы тұрған Қара атқа,
Төрт тұяғы болат-ты.
Төрт аяқтан қолаңса,
Ол бір үлкен қанат-ты.
Сандықта бар-ды,
Темірі – асыл болат-ты.
Кез келгенді кесерге
Кез келген қылыш жарамас.
Сандықта тұрған көк балдақ
Ол темірге қарамас.
Ақ сүңгі найза қолыңа ал,
Жебесі алмас жасалған,
«Өтпейді» деп тая алмас.
Сандықта тұрған көк жебе
Ер қасына ілерсің.
Алыс та болса, шамалы
Жерге қатты жүрерсің.
Шамалы жерді өлшеп бар,
Ол шабыстан танбайды.
Жүрісін байқап қарасаң,
Ұшқан құстан қалмайды.
Жекпе-жекке келгенде,
Көк жебенің ішінде
Сауыт бұзар бір оқ бар –
Ол сауытты бұзбай қоймайды,
Өтпей, сірә, қалмайды.
Жекпе-жекке келгенде,
Шарайнасыз келмейді,
Жұмсап қатты болатты,
Сауыт бұзар оқ атшы.

Қарадөң мен Жұбаныш
Екеуі сөйлеп тұрғанда,
Шешесі келіп сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Халық ұстаған хан едің,
Ақылға қамал дана едің.
Айтпасыңа болмайды,
Перзентіңе үйрет ақылды.
Ақылы болса, аңдасын,
Барған жауын шамдасын.
Тек сөйлескенмен, жылыстап,
Дұшпанға сырын бермесін,
Оны жақын көрмесін.
Естісін, Жұбаныш, құлағың,
Тапсырдым Аққа, шырағым.
Алыс та болса, барарсың.
Аршыланнан көп тіле,
Қабыл болса тілегің,
Ындыс пенен қалмақтың,
Қайсысын болса да, аларсың.
Кетемін десең кетерсің,
Дұшпанға қайрат етерсің.
Шаршаймын деп ойлама,
Алыс болса, барарсың.
Жері жазық, дөң болса,
Кештің қыры жүргейсің.
Ол дұшпанға қаларсың,
Ортаға кіріп кетпегін,
Шетте тұршы оңаша.
Орта тұрсаң қаларсың,
Қиындыққа, қарағым,
Ақылың болса, аларсың,
Жадыңа ал мұны, қарағым.

Жадына алып әр сөзді:
«Батаңызды бер, – деді.
Жақсы менен жаманды
Көп көріп едің сен», – деді.
Рұқсат алып бәрінен,
Жұбаныш шықты үйінен.
Алғыс алып анадан,
Қара атты, келіп, ерледі.
«Етіне қатаң тиер», – деп,
Мақпалдан тоқым салдырды,
Жібектен салды құйысқан.
Жоқ еді шуысқан.
Омырауша бұл салды,
Екі тартпа бұл тартты.
Шешесіне Жұбаныш
Қайырылып тұрып сөйледі:
– Асыл туған анамыз.
Алыс та жерге біз кетіп,
Қайран ана, барамыз,
Болғай Алла панамыз!
Қолыңды бер, қарт ана,
Жылағаннан пайда жоқ,
Тәуекел, ерде айла көп.
Ындыс деген елдердің
Қылыш деген ханы бар,
Ар жағында тауы бар,
Бер жағында құмы бар,
Өзен, дария, көлі бар.
Естігенім шын болса,
Байтақ жатқан елі бар.
Асыл туған анамыз,
Оң қолыңды беріңіз.
Жылап қалма, шешеке,
Жас шығарып көзіңнен.

– Ризамын өзіңе,
Қарғам, айтқан сөзіңе.
Аман қайтар күн болса,
Кешікпей, балам, кел, – деді, –
Жасы жеткен бабаң бар,
Шетте тұрған қалаң бар,
Ноғайлы деген елің бар.
Осынша ноғай ішінен.
Барасың жалғыз сен, – деді. –
Жылағанмен, пайда жоқ.
Тапсырдым Аққа мен, – деді, –
«Бер», – десең қолым, қарағым,
Берірек кел, – деді.

Жұбаныштай жас бала:
«Ат үстінен қол берсем,
Мұным ұлық болар», – деп,
Аттан түсіп қалады.
Шешесінің қолынан
Жұбаныш ұстай алады.
Көзінің жасын тигізбей,
Қолдасып кемпір қалады.

Атқа мініп Жұбаныш,
Сапар шығып жөнелді.
Жануардың жүрісі
Ор қояндай ырғиды,
Атқан оқтай зырғиды.
Аяңдамайды, желеді,
Дөңгеленіп келеді.
Диірменнің тасындай,
Жүрісі қызық осындай.
Ындыстың жері алыс-ты,
Балалығы емес пе,
Жұбаныштай батырың
Ұшқан құспен жарысты.
Арандай аузын ашады,
Құлаштап аяқ басады.
Дарияның суындай
Тер шыққан сайын құлашты
Жануар жаман ашады.
Найза бойы жар келсе,
Үстінен аттап кетеді.
Тасыған дария су келсе,
Онан да қарғып өтеді.
Бір айуанның баласы
Онан не қып озады?
Таулардың шығып басына,
Көз салады әр жерге.
Іздеп жүрген ындыстың
Еш қарасын көрмеді.
Артық туған ер ме еді?
Он екіде жасын-ай,
Ноғайлыдан ермеді,
Бір адам шығып, қасына-ай,
Кеткені жалғыз осылай.
Бөтентау деген тау екен.
Ар жағы ындыс жау екен.
Қара томар, сексеуіл
Қалың шыққан бұл екен.
Ұзыннан жатқан дария еді,
Екі жағы ел еді,
Ындыс пен қалмақ елі еді.
Бір күндері болғанда
Бөтентауға барады.
Биіктің шығып басына,
Төңірегіне қарады.
«Білейін, – деп, – шамасын.
Ашылсын, – деп, – арасы.
Көрейін, – деп ойлады, –
Ындыстың азды-көпті шамасын.
Мен де жоқ-ты қатын, – деп,–
Қалған жетім бала, – деп, –
Жоқ еді менде қара», – деп,
Ойлады тәсіл, ақылды.
Неше күндей қыдырып,
Түйеші мен қойшыға,
Жылқы баққан жылқышы –
Малшыға барды аяңдап:
– Бұл – кім деген ел? – деді, –
Алыстан қаңғырып келген – мен, – деді,
Киімнің киіп төменін.
Бұл – бір қалай ел? – деді, –
Ханыңыз сіздің кім? – деді, –
Қай жерде ханның қаласы?
Қанша еді ындыстың баласы?

– Бұл бір ындыс елінің
Қойын баққан қойшымыз.
Бұл – ындыс деген ел, – деді, –
Етек-жеңі кең, – деді. –
Еш нәрсені білмеймін,
Бұл бір – бұқара ел, – деді. –
Елімізді билейтін
Қылыш деген хан, – деді, –
Біздің елде сондай біреу хан еді.
Қылыш деген ханымыз
Бір мың кісі әскермен
Іздеп кетті ноғайды,
«Алайын, – деп, – шамасын.
Олжа қылып алам, – деп, –
Қатыны мен баласын.
Көрініп тұрған – Көктөрткіл,
Сонда бар-ды, сұрасаң,
Қылыш ханның қаласы,
Жоқ еді ержеткен оның баласы.
Кеткелі Қылыш ханға ай болды,
Қатаңдау елге хан еді.
Шығып елден кеткесін,
Нағыз тыныш жай болды.
Келіп тұрған ақсақал
Берді хабар біздерге.
Бөтен хабар бермеді,
Келетін шақ болса да,
Әзір Қылыш келмеді.
Сый саулықты ал-дағы,
Кете берші, тілеуші,
Неге керек саған ел?
Керегіңді ал да, жүре бер,
Қарамай, сен, – деді.

Жұбаныш ақыл біледі,
Осындай хабар болғасын,
Бөтентаудай биікке
Шығайын деп жүреді.
Ел шетінде бар еді
Қарадөңнің қаласы.
Жеткендей еді бір қолға
Жинаған дәулет, қарасы.
«Елге қиын салар, – деп,
Атаңа нәлет бұл ындыс
Осы біздің елге барар, – деп,
Алыстан қарап алайын.
«Биіктау» деген таудың
Үстіне шығып алайын.
Биіктігі сол еді:
Түссе, адам көрінбейді
Айналасы қамыстан.
Басына шықса, көруші еді
Алыстағы қараны.
Бір күндері болғанда,
Бөтентауда тұрғанда,
Алыстан көрді бір қара.
Көргеннен соң қараны,
Бөтентаудан құлады.
«Алайын», – деп хабарға,
Сол қараға барарға.
Жұбаныштай ер еді,
Соған құлап жөнелді.
Арасы сексеуіл, жыңғыл ну еді,
Қалыңдығы бұл еді.
Бөтентаудың басынан
Жүз кісі әскер көріпті.
«Жетім-жесір алдық, – деп, –
Олжаға батып қалдық», – деп,
Жүз кісіге бас болып,
Қылыш ханың қас болып,
Қарадөңді өлтіріп,
Талқандап оның қаласын,
Шулатып қатын-баласын,
Еліне бұрын барарға,
«Салайын», – деп хабарға.
Қашаннан жүріп, ел алған,
Ноғайдан неше кек алған.
«Елге таман барамын,
Жатып, демді аламын.
Ноғайға тағы шабам», – деп.

Сонда Жұбаныш сөйледі:
– Асықпашы, батыр-ай,
Қорықпашы, япыр-ай.
Атаңа нәлет, сен ындыс,
Мақтанасың, Қылыш хан,
Сөзіме енді құлақ сал.
Мен – Ноғайлы елімін,
Елден шыққан ерімін.
«Қылыш хандай ындысты
Алармын, көрсем», – деп едім.
Тұр едім көріп қолыңды,
Білейін деп тұр едім,
Сендей, ындыс, шамаңды.
Мен – Қарадөң баласы,
Менің атым – Жұбаныш.
Тыңдап, салып құлағың,
Ұрысар болды уағым.
Ақ сүңгіні беруге
Ерге бола ма тұруға?
Астыма мінген Қара ат-ты,
Жануар құстай қанатты.
Қамалып тұрған ындысқа
Жұмсады батыр болатты.
Араға түсіп ындыстар,
Қылыш ханды қорыды.
Қарт бурадай қасқайып,
«Алла!» – деп ұран салады.
«Еліңді алдым», – дегесін,
Құм сағыздай сазарып,
Қаны қашты бозарып,
Өз-өзінен долданып,
Батыр жаман қорланып,
Үлкен соғыс болады.
Қаңбақтайын жұмалап,
Жұмсады найза сабалап,
Ындыстың басы құлады
Қара жерге жұмалап.
Әрқайсысын әр жерде
Найзалады қуалап.
Өлгеннен соң нобайлап,
Өлтіруге қолайлап,
Ындыстың кетті сәндері.

«Бізге болды солай, – деп, –
Болмайды екен оңай, – деп, –
Құлады таудан Қылыш хан
Жасырынатын тоғай», – деп.
Жұбаныш шапты тоғайды-ай,
Қылыш етті тойынды-ай.
Тұрмады жаудың қасында,
Талайдың түсірді басын-ай,
Қысқартып иттің жасын-ай.
Қарсы тұрып, тоғысты,
Мұндай етіп соғысты.
Көбі қашты еліне,
Артынан қуып бұл жетті,
Бірталайын меңдетті.
Қатын менен баласын,
Ындысқа көрсетпей, шулатты.
Алып барып еліне.
Кірді туған еліне,
Жеткізіп қанды жеріне.
Қашқанының артынан
Жұбаныш қуып жетеді.
Ақ сүңгіні салады,
Жығылып шіркін қалады.
Жер жазықтап ол дағы
Топыраққа барады.
Қырылды ындыстың
Бірі қалмай, қарашы.
Тап келеді далада
Жұбанышқа анасы.
Дорба салып мойнына,
Тезек теріп жүр екен,
Ен далада мұңайып.

– Аспандағы жұлдызым,
Судағы берен құндызым,
Ішімнен шыққан уызым –
Жапанда жүріп зарлаған
Есітер ме екен дыбысым?
Шақырсам, қолға қонар ма?
Жалғызынан айырылған
Біздей сорлы оңар ма?
Заманым менің түзеліп,
Бұрынғыдай болар ма?
Қан төгіліп көзімнен,
Қалды дүние өзімнен.
Атаңа нәлет, бұл ындыс
Ойды менің көзімді,
Құртуға қалды өзімді.
Есітер ме екен жалғызым
Зарлаған менің сөзімді.
Естісе оның құлағы,
Келер еді шырағым.
Бұрылуға шама жоқ,
Залым қалмақ алғандай,
Енді болды арманда-ай.
Сонда кемпір мұңайды,
Жапанда жүріп жылайды.
Артынан еріп Жұбаныш
Анасының келеді.
Айтқан сөзін естіп,
Соңынан қалмай ереді.

Алдынан шығып Жұбаныш,
Анасына сөйледі:
– Артық туған данамыз,
Сен едің туған анамыз,
Мен едім сіздің балаңыз.
Ындыстың көрдім қаласын,
Қалмақтың көрдім шамасын.
Тоғыз ай, он күн көтерген
Қайран менің анамсың.
Танымасаң өзімді,
Тыңда менің сөзімді.

Сонда кемпір сөйледі:
– Айналайын, жас бала,
Кеселеп менің алдымды,
Басыма күн туды,
Үйге барсам, сабалап
Қатын мен бала тұрады:
«Өлтірем, – деп, – өзімді»,
Жұлады талдап шашымды,
Кесейін деп басымды,
Қысқартуға жасымды.
Қорлады менің өзімді,
Тыңдамайды сөзімді,
Танымай тұрмын мен, – деді.

Жұбаныштай жас бала
Атынан түсе қалады.
– Жалған емес сөзім, – деп, –
Балаң едім өзім, – деп, –
Жұбаныш балаң – мен, – деді,–
Менің шешем – сен, – деді, –
Сынайын десең, шешеке,
Мамаңды маған бер, – деді.
Сонда кемпір қарады.
«Қарағым менің сен бе?» – деп,
Омырауын бұл ашып,
Кемпір жақын барады.
«Жасымда емген мамам, – деп, –
Сен едің менің анам», – деп,
Аузына салып Жұбаныш,
Емшегін сорып қалады.
Танығасын бір-бірін,
Екеуі атқа мінеді.
Қылыштайын қалмақтың
Жылатқан екен баласын,
Көргесін шамасын,
Алды жинап қарасын.
Шұбыртып елге айдады
Ындыстың қатын-баласын.
Шешесіне өзінің
Жорғаны таңдап мінгізді,
Торқаны таңдап кигізді.
Қасына қосып бір қосшы,
Тәрбиемен жүргізді.
Қалмақты айдап еліне,
«Жеткізем», – деп жеріне,
Келеді айдап батыр-ай.
Жақындады, япыр-ай!
Жаяу жүріп, қаңғырды.
Шарасы бар ма, пақыр-ай?
Елге жақын келгенде,
Жұбаныш озды еліне,
Бұрынғы қонған жеріне.
Жеріне келсе, елі жоқ,
Елсіз жерде тұрғасын,
Ырғалып тұрған шөбі көп.
Жұбаныш сонда келеді
Әкесінің қасына,
Моласының басына:
«Артық туған бабамыз,
Талайды көрген данамыз,
Алыс сапар жол жүріп,
Келеді-ау бүгін балаңыз.
Алдымда туған аға жоқ,
Күн туды, әке, біздерге.
Артымда туған інім жоқ,
Ерліктен басқа мінім жоқ.
Сөйлесер едің, әкежан,
Бұрынғыдай тілің жоқ.
Оқиын Құран басыңа,
Келіп тұрмын қасыңа.
Беретін жауап тілің жоқ,
Басыңа келдім енді, – деп, –
Құдай күнің берді», – деп.
Оқып Құран басынан
Шығып кетті Жұбаныш
Әкесінің қасынан.
Шұбыртып жесір келтірді
Өз орнына қондырды.
Жұбаныштай батырдың
Қылыштың елін шауып келгені.

Жұбаныш бір күндері кеңес құрды, «Тағы қалмаққа аттанайын» деп айтқаны:
– Жер шамасын көрейін,
Қияға көзім салайын,
Қызылбас пен ындыстың,
Жүріп, елін көрейін.
Ар жағында қалмақ-ты
Тістетер бір күн бармақты.
Шамасы келсе, ноғайды
Бұл қалмағың алмақ-ты.
Ноғай деген бұл халық –
Толып жатқан байтақ ел.
Үшқиян – деген жақын жер,
Ағынды дария су еді,
Жағасы балқаш, ну еді.
«Қалмақ келіп қалар, – деп, –
Жесірлікке алар, – деп, –
Үстімнен дүбір өтпесін,
Басыма қорлық жетпесін.
Өзім тірі тұрғанда,
Ата жолын қуайын.
Ындысқа кегім кетулі.
Қорлығына мекен өтулі.
Алған менің қаламды,
Өлтірген менің бабамды.
Аямаспын ындысты,
Шамам келсе дүниеде.
Істеген ісі жаман-ды.
Ойламай ма ер жігіт:
«Қорлық көрсе намыс», – деп.
Ноғайлы халқым – ел, – деді, –
Ақсақалдар жиналып:
«Жолығалық, кел», – деді, –
Жасы жеткен қарт анам,
«Тапсырамын мен», – деді»

Ақ сақалды данасы,
Бірқатары шалдардың
Сонда келді шамасы.
Жұбаныштың бұл көпке
Айтқан сөзін қарашы:
– Жасы үлкен даналар,
Бұрын туған бабалар,
Қызылбастан ел алса,
Енді бізді қамалар.
«Сындырдым, – деп, – белдерін,
Суалттым, – деп, – көлдерін.
Бетегелі, боз бұйрат,
Аламын, – деп, – жерлерін,
Кетейін деп мен тұрмын,
Ындыстың естіп елдерін.
Іздесем, ақыр табармын,
Солардың мекен жерлерін,
Мынау тұрған – анамыз,
Жасаңдау еді балаңыз.
Алла оңғарса сапарды,
Алысқа кетіп барамыз.
Тапсырдым Аққа мен, – деді, –
Жамандық көрер жер болса,
Жәрдем берің, ақсақал,
Ағайын-туған, ел, – деді, –
Баратұғын жерімнің
Қиғаш екен арасы.
Айтушы еді Қарадөң:
«Жүдә алыс, – деп, – шамасы.
Тоқсан күндік жол, – деді, –
Жиырма күндік шөл, – деді, –
Арасы – батпақ, дөң», – деді.
Өзінің тірі күнінде:
«Іздеме, балам, сен, – деді, –
Қайырылып жауға бармайды,
Кеткен қайтып келмейді».
Ақсақалдар, не дейсің,
Барамын кетіп мен? – деді.

Сұлтан деген бір шалың
Сонда тұрып сөйледі:
– Жұбаныштай баланың
Оңғарсын Алла сапарын!
Өзің кетіп барасың,
Үстіне дұшпан келмесе,
Залым қорлық бермесе,
Біз отырмыз, шықпастан,
Зәре тимес ноғайдан.
Жақсы-жаман болса да,
Көрерсің, балам, Құдайдан.
«Барамын», – деп ат міндің,
Бұл ындыстың елі еді.
Алдыңызда Қарадөң
Деген бір шөл жатыр.
Бір сөзінде өзінің
Айтушы еді Қарадөң:
«Арасы алыс дөң, – деуші ед,
Өзі алыс шөл, – деуші ед.
Сол себептен бара алмай
Жүруші едім мен», – деуші ед.
Ол шөлді, балам, не етесің,
Қалай алыс кетесің?
Шөлдің алыс шамасы,
«Отыз күндік жер», – деуші еді.
Астыңа мініп барасың
Қарадөң мінген Қара атты.
Тұяқтары болат-ты,
Қолаңсада ол еді
Ұшқан құстай қанатты.

Сонда Жұбаныштың қартқа айтқан сөзі:

– Ілгергі туған ағалар,
Жақсы-жаман көп көрген
Бәрің де білгір даналар,
Мен мінемін Қара атты.
Құс секілді жануар,
Төрт аяқта бар-ды қанаты.
Атадан қалған адырна,
Белге будым болатты.
Қу жебені қолға алдым,
Шарайна киіп үстіме,
Дулыға кидім басыма.
«Барам», – деп жауға кезендім.
Бір ноғай ермей қалушы ед,
Қашаннан-ақ қасыма.
Ақ сүңгіні байлаған,
Жүрерге жолын сайлаған,
Тапсырып Аққа, кетем, – деп, –
Ындысқа бармай, не етем? – деп, –
Әкеме еткен қорлығын
Сол ындысқа етем, – деп,
Атқа мініп алғанда,
Ақсақал мен даналар,
Бәрі үлкен ағалар,
Келіп тұрды ноғайлы
Жұбанышты қамалап.
Анасы келіп қасына,
Сөз сөйледі шамалап:
– Жұбаныштай перзентім,
Қолыңды көтер сүйейін,
Берейін бата мен, – деді. –
Алланың шері – Аршылан,
Қысылатын жер болса,
Шаһимардан кел, – деді
Жалғызға жәрдем бер, – деді. –
«Рүстем-Дастан» деген бар,
Ол – Аршыланның досы еді.
Жұбаныштай перзентім
Саламат келер күн болса,
Ендігі қалған жасымда
Тілегім менің осы еді.
Әулие, шайқы қолдасын,
Рүстем-Дастан, Алланың
«Аршылан» деп ат қойған –
Солар болсын жолдасың,
Ындыстың жолы оңбасын.
Атаңнан қалған көк алмас,
Сермесе, кеспей қалмаған.
Қолыңа алған ақ сүңгі,
Сауыты мен шарайна,
Онан өтпей қалмаған.
Дұшпаныңа барғанда,
Жақындасып сөз айтпа,
Азғана сөйлесіп, кеткейсің.
Перзентім, енді кел, – деді, –
Оң қолыңды бер, – деді, –
Алла оңғарсын жолыңды.
Тапсырдым Аққа мен, – деді.

Сонда тұрып Жұбаныш.
Қара атқа мініп жөнелді.
«Тапсырдым, – деп, – Аллаға»,
Үйден шығып барады.
«Тобылғылы» деген тау еді.
Қашаннан ындыс жау еді.
Ол үйіріп жан ұстаған
Талайдан мықты хан еді.
Ындыс деген халыққа
Ие болған асыл жан еді.
Әскер жиып, алдынан
Ноғайға таман барады.
Мың жарым кісі әскермен
Шыққан екен алдынан.
«Үшқиянға жетем, – деп, –
Ноғайды талқан етем, – деп, –
Олжаға малын салам, – деп, –
Ноғайдың жерін алам», – деп, –
Алты айлық азық бұл алып, –
«Бұл алты айда, не қылып,
Жетпей қалай қалам? – деп, –
Ноғайға жетіп алғасын,
Азықты сонан алам», – деп,
Мейманасы тасқаны.
Есепсіз батыр жол жүрді,
«Жетейін», – деп, мол жүрді.
Астындағы Қара ат-ты,
Буады белге болатты.
Аямады Жұбаныш,
Қатты жүріп бұл атты.
Артында жатқан қара тау
«Мұнар» деген тау еді,
Өзі биік жар еді.
Сол таудың шықты басына
«Жетпей қалай қалам?»
Жаны жоқ еді батырдың
Аттан басқа қасында.
Сонда Жұбаныш тұрып сөйледі:
– Көлденең жатқан қаратау,
Басың мұнар қараңғы-ау.
Байтақ ноғай ел еді.
Ішінде ері көп еді.
Ар жағыңда жалғыз болғасын,
Тумадан тума болмады,
Жалғыз адам бармады.
Аттанып жолға жүрсем де,
Жалғыз кетіп барсам да,
Мырза мен би келмеді.
Көкіректе шыбын жан
Тапсырдым Аққа мен, – деді, –
Рүстем-Дастан – ер, – деді,
Алла шері – Аршылан,
Шақырамын ерлерді.
Жау қарасы көрінсе,
Сіздер жәрдем бер, – деді.
Қыдыр ата, жар болып,
Қырық Шілтен, қолдай көр.
Жолымды, Құдай, оңдай көр.
Көлденең жатқан қаратау,
Аттанған шығар ындыс – жау.
Көрініп тұрған қара жер
Ағарған енді шаң болды.
Шаңды көріп алғасын,
Жұбаныш әр нәрсеге таң болды.
Батыр таудан құлады,
Алладан медет сұрады.
Іздегені жау еді,
Құламай батыр қалай тұрады?
Аяңдамай, желеді.
Құйындайын бұрқырап
Жапанда жалғыз келеді.
Тәуекелмен іс қылған
Сондай тұқымды ер еді.
Ол ындыстан аттанған
Мың жарым әскер сол еді.

Сонда хан мың жарым әскер шығарған екен: «Ноғайлы келе жатыр», – деп.

Жұбаныш қараны көргесін,
Жау екенін білгесін,
Қарсы келді тебініп,
Омырауынан тер сорғалап.
Қорықсын ба ындыстан?
«Көп екен», – деп қорғалап.
Астына мінген бұл Қара ат
Құйрығын тігіп, қамшылап,
Тер шыққасын, қызады.
Маңдай тері тамшылап,
Қарыштап аяқ басады,
Бұрынғыдай болмады.
Терлегесін жануар
Адымын қатты ашады.
«Жібер», – деп сонда басын-ай.
Жетіп келді ындыстың
Мың жарым кісі қасына-ай.
Келгендігі ындысқа
Жұбаныштың осылай.
Ындыс деген көп халық,
Алып келді қамалап,
Тұра қалды жағалап.
Ортаға келіп бұл тұрды,
Бір Алллаға паналап,
Он екі жілігін
Он екі мыңға санап-ай,
Қамаған жауға қарамай.
Сонда ындыс сөйледі:
– Жылқының міндің қарасын.
Жарқыным, қайда барасың?
Білмей ме екен жас бала
Өзінің қайрат-шамасын?
Қолыңдағы найзаңыз,
Болмайды енді айлаңыз.
Қамап тұрған ындысқа
Келе ме, байғұс, шамаңыз?
Қайта жүр, бала, сіз, – деді, –
Сіздің елге барамыз.
Елден шықтық ноғайға,
Көрсек, елін шабарға.
Олжа қылып мал-басын
Ол ноғайдың аларға.
Баста сен бір еліңе,
Тауып бер бізге жеріңді.
Өлмеймін деп ойлама,
Бізіңменен ойнама,
Қамап тұрған ер, – деді, –
Боламысың осынша
Көп халыққа тең? – деді, –
Түк ашуда пайда жоқ,
Өлесің, сорлы, сен, – деді, –
Өлмеймін десең бейшара,
Еліңе бастап жүр, – деді.

Сонда Жұбаныш сөйледі:
– Мен – ноғай деген ел, – деді, –
Мекенімді сұрасаң,
Еділден шыққан кең сала,
Ноғайдан шыққан ер, – деді, –
Бастайын ба енді мен? – деді, –
Аузыңа келген сөзіңді
Сөйледің-ау, ындыс, сен, – деді, –
Ұстадым алмас қолыма,
Салармын, ындыс, жолыңа.
Аламын деп тұрсың ба,
Жалғыз ғой деп өзіңше?
Еліңді іздеп табарға,
Ындысты қоймай шабарға.
Артымда жүрген әскер көп,
Ілгері озып мен келдім
Болатұғын хабарға,
Еліңді іздеп табарға.
Бес мың кісі қолым бар,
Енді, ындыс, сорың бар,
Атың менен тоныңды
Олжа етіп аларға
Ойлаған менің ойым бар.
Еліңе хабар айт сенің
Тобылғылы тауға жиналған
Көп ындысты алсам деп,
Келемін соған мен, – деді.

Сонда ындыс сөйледі:
– Жерімді менің сұрасаң,
Тобылғылы тау, – деді, –
Іздегенім сұрасаң,
Еділ деген су, – деді, –
Жағасы – қалың ну, – деді, –
Жер сауыры – бұл, – деді, –
Әңгімені көп айтпа,
Баста енді соғысты.
Енді өлесің сен, – деді.

Ер еді артық айлалы,
Көлденеңнен қолға алды
Жұбаныш сонда найзаны.
Бір шабуыл жанына
Батыр етті пайданы.
Найзасын алып қолына,
Ұрысатын жаулардың
Сонда салды жолына.
Сермеді, найза қолға алып.
Жұбаныш сонда ақырды.
Рүстем-Дастан, Аршылан –
Екі ерді шақырды.
Жеңейін деп ойлады
Ындыс деген кәпірді.
Найзасын салып ындысқа,
Апшысын жаудың қуырды.
Көрмегенге таң болды.
Ұрысқан жерін қараса,
Қызыл жоса қан болды.
Өлген адам үстінен
Қара ат шауып басады,
Ындыс қорқып сасады.
Күні-түні соғысты.
Бұл төрт күнге толады.
Күн қараңғы болады,
Ындыстар қашып тарады.
Ағарып таң атқанда
Жұбаныш дөңге көз салған.
Ешбіреуін көре алмай,
Сай-саладан қарады,
«Тағы да қалмақ бар ма? – деп, –
Кеткен екен заңғар, – деп, –
Жетейін, – деп, – еліне,
Тобылғылы тауына», –
Жұбаныш батыр салады.
Күні-түні жол жүрді,
Қисапсыз көп мол жүрді.
Еліне хабар тиіпті,
Мұнан бұрын қалмақтар
Еліне келіп жетіпті,
Ханға хабар етіпті.
Күні-түні шапқылап,
Еліне жетті жалбақтап:
– Бізге қиын болды, – деп, –
Ноғай келіп қалды, – деп, –
Қатын менен баланы
Ноғай талап алды, – деп, –
Артында оның бар, – деді, –
Бес мың кісі қолдары.
Әскері оның көп екен,
Қазылып жатыр жолдары бұл, – деді.
Озып келген бір адам:
– Қолында бар найзасы,
Көп екен жауға айласы.
Шапсақ, қылыш өтпейді.
Онан да жақын баруға,
Қолымыз қорқып, батпады.
Қу жебесі қолында,
Кейінгі қалған ындыстың
Жүрген шығар соңында.
Ілгері кетті хабарға,
– Ханымызға айтар, – деп, –
Жинап әскер алар, – деп, –
Ханымыз барса ноғайға,
Басын кесіп алар, – деп, –
Сормаңдай өліп қалар, – деп, –
Астында жүйрік Қара ат бар,
Тек сермесе, кеседі,
Жанында кескір болат бар.
Не қылса да, қоймайды,
Жарағы қанға тоймайды.
Ортада қамап тұрғанда,
Шамырқанып, шамданды,
Буырқанып, бусанды,
Қалмаққа құтырып оқ атты,
Жұмсады қатты болатты.
Көрген адам айта алмас.
Жылқы деп бұл атты.
Атқан оғы іркілмей
Нешесінен өтеді.
Ортаға атқан бұл оғы
Нешелерді бұл тесіп,
Шетке шығып кетеді.
Қолында бар-ды жебесі-ай,
Көрмеді жөнді шегедей.
Жалғыз келді оңаша,
Қайраты мықты, тамаша.
Мың жарым кісі қамады,
Келмеді сонда бір жанның
Бұл адамға шамасы.
Бұл пәле екен табылған
Жалмауыздай, қарашы-ай.
Ханы сонда ақырды,
Әскерлерін шақырды.
Тұрмады әскер бапталып,
Бәрі шығып, шабады,
Мұрсатқа қоймай жапырып,
Хан бұйырғасын шақырып.
Ханға келді қашқаны,
Тұра ала ма сасқаны.
«Жалғыз болса бұл адам,
Етерміз, – деп, – ұйығын,
Кесерміз, – деп, – мүйізін»,
Көп әскердің ішінде
Ханы жүрді бас болып.
«Көрейін, – деп, – ноғайдың,
Жалғыз болса шамасын.
Кім өлтірсе сол алсын
Астындағы Қарасын.
Және алсын қолынан
Қылышы мен найзасын,
Тарылтсын – деп, – тынысын.
Шығармай, жылдам өлтір, – деп, –
Сол ноғайдың тынысын».
Алдымен келді ерлері,
Ханынан бұрын «жетем», – деп.
Жалпылдап шауып келеді,
«Ат-тонын олжа етем, – деп, –
Қаңғырып жүрген бұл ноғай
Олжа қылмай, не етем?» – деп.
Жұбаныш сонда Қара атты
Мініп алып шабады.
Топырағы кетеді
Құйындайын бұрқырап.
Кесек-кесек кетеді
Табанынан зырқырап.
Бұрылмады батыр-ай,
Салды «Алла!» – деп айғайын
Жұбаныш сонда, япыр-ай.
Дауысын естіп ындыстар
Зәресі кетіп сасады.
«Ермін» деген немелер
Түсі кетіп қашады.
Найзағайдай ойнады,
Шабысқа Қара ат тоймады.
Ол дыбысын қарасаң,
Күркіреген күндей-ді.
«Қайратымды біл», – дейді.
Бұрынғыны тастап Жұбаныш,
Енді нағыз шындайды.
Алдына келген ындысты,
Қылыш шауып ұндайды.
Көрмеген екен сормаңдай
Қырғын салған мұндайды.
Қайратын көріп, сасады,
Әр жаққа ындыс қашады.
Шығармады биікке-ай,
Оны қуып киіктей,
Сай-салаға қамады.
Тығылғанын табады,
Балдағы алтын көк алмас,
Соныменен шабады.
Бұл батырға шабуға
Ендігі жерде хан керек
Хан болса, сорлы не қылсын?
Оған дағы жан керек.
«Барайын, – деп, – қалаға»,
Ол да қашты қайырылмай,
Ұрысуға шыдамай.
Бара алмады қалаға,
«Кетейін, – деп, – далаға,
Қалың қамыс араға.
Кетермін, – деп ойлады, –
Көрінбей ол қараға».
Жазық бір жердің даласын,
Жұбаныш көріп қалады.
Қашқан ханның қарасын.
Қасында бар он кісі
Бұрыннан жолдас шамасы.
«Ашылсын, – деп, – араға,
Барайын, – деп, – қалаға»,
Қашқан екен ол сорлы,
«Жеткізбен, – деп, – қараға».
Жұбаныш қуып келеді.
Атының басын бұрады,
Қараны көріп алғасын,
«Кетпесін, – деп, – далаға»,
Шыға қашты қараға.
Жазылып келіп, бүгілді,
Омыраудан тері төгілді,
Шортандай белі бүгілді.
Аузын ашып арандай
Артынан жетті, япыр-ай.
Жақындап келді батыр-ай.
«Қашқанменен, қоймас, – деп,
Құр қашқанмен, болмас», – деп,
Тұра қалды қайырылып,
Жолдасынан айырылып.
Басқасы тұрды кідіріп,
«Ханды тастап кетпелік,
Құр қорқақтық етпелік,
Егер жеңсе ханымыз,
Сонда кірер сәніміз.
Хан жеңілсе, бұл қамыс
Ішіне қашып барайық»

Сонда келіп Жұбаныш,
Ындысқа сөз сөйледі:
– Астыңа мінген – сұр, – деді, –
Әуре қылып, ындысым,
Қаша бермей құр, – деді, –
Аты-жөнің айтшы сен,
Іздегенім – сіз, – деді, –
Сөзіме құлақ сал, – деді, –
Өлмей тұрып, атыңды айт,
Сұрап тұрмын мен?! – деді.

Сонда ханың сөйледі:
– Ақылсыз ноғай – сен, – деді, –
Ындыс деген – мен, – деді, –
Әңгіме саған не керек?
Соғысалық, кел! – деді.

Артынан келген тебініп,
Жалмауыздай емініп,
Қорықсын ба ындыстан,
Тұрсын ба кейін шегініп,
Екеуі қатар шабысты,
Найзаны қатар салысты.
Ындыстың салған найзасы
Ұңғысынан омырылып,
Найзасы сынып қалады.
Жұбаныштың найзасы,
Салғанда оның айласын,
Ұстаған жерден жапырылып,
Омырылған екен ұңғысы.
Алмаспенен шабысты.
Сауыт пенен шарайна
Үстінде оның бар еді.
Темірден өтпей қаруы,
Сермесе де қалады.
Сонда тұрып Жұбаныш
Қорамсаға қол салды.
«Қалмайын – деп, – ноғайдан»,
Қалмақ та сонда оңталды.
Жұбаныш артық ер еді,
Қыбырлайтын жер еді.
Сұр жебені қолға алып,
Батыр атып қалады.
Атқан жерін қарашы,
Жұтқыншақтан өтеді,
Қалмақтың басы жерге жетеді.
Ханы өлген соң, сормаңдай,
Қасындағы он кісі
Баяғы айтқан қамысқа
Жасырынып қалады.
Сытырлаған қамыстан
Дауысын естіп алыстан,
Он кісінің аты да
Шаршаған екен шабыстан,
Онын бірдей өлтірді.
Жұбаныштай батыр-ай
Қарамады «олжа» деп.
«Көрейін, – деп, – шамасын.
Алайын, – деп, – қаласын,
Бірқатарын қырғасын, –
Ханның салған сарайын»,
Сарайына барады.
Ішінде тұрған қолдардың
Қырып салды талайын.
Енді көрді шамасын,
Шулатты қатын-баласын.
Оттатпады ол атты,
Өзі де тамақ татпады,
Демалып, кідіріп, жатпады.
Ат құйрығын өргесін,
Жау қайратын көргесін,
Тілегін Алла бергесін,
Ындысқа салды ойынды,
Қатты қылды тойынды.
«Жау келеді» деген жоқ.
Бұл ындыстың ойында.
Шұбырды ындыс баласы,
Көп екен оның қарасы.
Көп те болса, не қылсын
Келмейді оның шамасы.
Айдады қуып жеріне,
Жеткізем деп еліне,
Жалаңаяқ, жалаңбас,
Қолдарын байлап, айдады.
Жүрді қатты аяңдап,
Тұрмады жерде баяндап.
Күні-түні жүргізіп,
Ындысқа тыным бермеді.
Бір күндері келеді
Үшқиянның бойынан
Ноғайлының көрді қарасын,
Елінің көрді шамасын.
Жесір менен жебірдің
Елі көрді қарасын.
Жұбаныш жүрді ілгері,
Барайын деп хабарға.
Анасына жолығып,
Сәлемдесіп қаларға.
Жерінің жазық даласы,
Ішінде оның бар екен
Бес жасар Сүйініш деген баласы.
Ауылға жақын келгенде,
Алдынан шықты анасы,
Ол құшақтап баласын.

Сонда Жұбаныш сөйледі:
– Артық туған анамыз,
Ақылы асқан данамыз!
Дені сау ма, қарт ана,
Қолыңда тұрған балаңыз.
Астана халқым аман ба?
Барған жерім ындыстың
Тобылғылы тау еді,
Шүкір, денім сау еді.
Ындыс ханын өлтіріп,
Айдадым қатын-баласын,
Тартып алдым қаласын,
Жетім мен жесір айдадым,
Анау – соның қарасы.

Кемпір сонда сөйледі:
– Сау-саламат келдің бе?
Жұбанып көрген қарағым,
Омыртқада жұлыным,
Немере туған құлыным.
Жазық құба дөңіңіз,
Тап өзіңіз көргендей
Мұнда қалған еліңіз.
Бұрынғыдай түзелді,
Сіздер қайтып келгесін,
Қарағым, енді бұл заман.
Біз – тұрған анаңыз,
Қолымда тұрған, қарағым,
Мынау – Сүйініш балаңыз.
Алдыңа алып, сүйінші,
Сүйініп көрген балаңыз.
Атының басын бұрады,
Жақындап батыр сұрады:
«Берсең, берші, ана», – деп,
Қолына алып тұрады.
Біразырақ қыдырып
Ат үстінде жүреді.
«Енді мынау – бала, – деп, –
Балаңды алшы, ана», – деп,
Атынан түсіп жазыққа,
Ат байлады қазыққа.
Екі бірдей шәрді алып,
Келген жері осы еді.

СҮЙІНІШ

Қарадөңнің баласы –
Жұбаныш деген ер еді.
Он жас пенен он бесте
Атқа мініп, кек алған.
Жұбаныш атқа мінгесін,
Ноғайлы халқы демалған.
Баласыз болып бұл жүріп,
Баба түкті Шашты Әзіз –
Кереметті пірлерге
Отырып үйде сиынған,
Сол секілді ерлерге.
Алладан тілеп жүргенде,
Қатынынан бір ұл туды.
Сүйініп, туған баланың
Атын қойды – Сүйініш.

Сүйініш асық ойнады,
Ойынға ол тоймады.
Ойын менен күлкіге
Сүйініш жүріп молықты.
Асық ойнап жүргенде,
Ноғайлының бір шалы
Сүйінішке жолықты.
Асық, сақа қолға алып,
Жалаңаяқ, жалаңбас,
Бара жатыр бала қозғалып,
«Балаларға жетем,– деп, –
Ойнамай асық, не етем?» – деп.
Ноғайлының бір шалы:
«Тұра тұр, бала, сен, – деді, –
Жолығамын мен», – деді.
Бара жатқан бала жүгіріп
Тұра қалды кідіріп.
Қасындағы бұл шалы:
«Баласы кімнің сен? – деді, –
Жөнінді енді айт», – деді.
Сонда бала кідіріп,
Сақасы бар қолында,
Балалықтан басқа жоқ еді
Ол баланың ойында.

Сонда Сүйініш сөйледі:
– Жасың үлкен бабасың,
Сұрайсың кімнің баласын?
Әкемнің аты – Жұбаныш,
Өзімнің атым – Сүйініш,
«Ойнайын», – деп барамын
Көрінген анау балаға.
Жолдасымнан қалдырып,
Қалдырдың ғой мені бәлеге.
Ар жағымды білмеймін,
Көргенім жоқ мен, – деді.

Сонда қартың сөйледі:
– Арғы атаңды білемін,
Қарадөң деген қарт еді.
Өзің әкең – Жұбаныш
Жұбанып көрген бала еді.
Сүйініш бала сен бе едің,
Ойнағаның асық жөн бе еді?
Он жасыңа жеткенің,
Асық ойнап, не еткенің?
Атаңа тартып тумадың,
Атаның жолын қумадың.
Әкең еді Жұбаныш –
Адырнасын қолға алып,
Ел шетіне жау келсе,
Жүруші еді долданып.
«Дұшпанға кегім кетер, – деп, –
Қорлығы мұның өтер, – деп, –
Құр жүргенім бекер», – деп.
Он жасында әкең ел алған,
Ындыс пенен қалмақтан
Жапанда талай кек алған.
Жұбаныш таққа мінген соң,
Бұл Ноғайлы демалған.
Жыламаған Ноғайлының
Қатыны мен баласы.
Асықпа, балам, асықпа,
Сөзімді аңдап қарашы.
Іздеп келдім мен сені:
«Жұбаныштан Сүйініш
Туды» деген сөзбенен,
Көруге келдім көзбенен.
Ұмтыласың асыққа,
Асық құрысын асықпа,
Тіл алсаң, бала, сен,– деді, –
Ноғайдың шетін жау алды,
Оны алған – қалмақ ел,– деді, –
Ішінде оның ханы жоқ,
Артық туған ері жоқ
Шаруа ноғай ел еді.
Оның ішінде байы көп,
Мырза менен шал еді.
«Малдың жайын етем, – деп, –
Малды бақпай, не етем? – деп, –
Ел шетіне қонам, – деп, –
Жұбаныштың қасында
Үстімнен дүбір келмес, – деп, –
Дұшпаным қорлық бермес», – деп.
Жұбаныштай ерлерің,
Алпысқа жасы толған соң,
Өзі егде болған соң,
Шықпай отыр далаға,
Артында бала болған соң.
Ақылды болсаң, кетпеші,
Ақылсыз болсаң, кете бер,
Кеткен балаға жете бер,
Анау тұрған балаға.
Тыңдамасаң сөзімді,
Кете бер енді далаға.
Жұбаныш пен Қарадөңдей
Атадан бол садаға.
Бүйтіп адам болғанша,
Барғайсың жылдам молаға.
Менің атым – Нұр, – деді, –
Сөзімді байқап тұр, – деді, –
Ноғайлының шетін жау алды.
Оны алған – қалмақ жау, – деді.

Сүйініш енді сөйледі.
Сөйлегенде, не деді?
– Жасың үлкен сіз, – деді, –
Ойнаған бала – біз, – деді, –
Барушы едім жүгіріп,
Жалаңаяқ, жалаңбас
Өзіммен қатар балаға.
«Әкем тірі тұрғанда,
Келе ме, – деуші едім,
Ноғайлы халқы қараға? –
Қызылбас пен бұл ындыс
Көзін салмас, – деп едім, –
Қатын менен балаға».
Жасың жетіп, жан ата,
Сақал-мұртың ағарып,
Келдің ғой қатты қабарып:
«Қалмақ елді алды, – деп, –
Болмайсың енді адам», – деп, –
Онға жаңа мен жеттім –
Ойнаушы едім баламен,
Жүруші едім даламен.
Не қылғаның, жан ата,
Кейігенің балаға?!
Құмармысың, жан ата,
Қаңғыртуға далаға,
Мені сілтеп бәлеге?
Мен еркелеп жүруші ем
Ата менен анаға.
Асықтан басқа шықпадым
Жалғыз өзім далаға.
Еш нәрсені көрмеген
Оңай бола ма балаға?

Сонда қартың сөйледі:
– Бұрынғы өткен заманда
Ілгері қатар теңімен,
Ноғайлының елінен –
Орақ пенен ер Мамай
Сегіз бенен тоғызда
Қозанды алды, шырағым.
Қарасай мен ер Қази,
Ол – Орақтың баласы,
Жеті менен сегізде
Қондыкер шәрін бұл алды.
Мұны байқап қарашы,
Бұлардың жасы бұл қалай?
Сегіз жасқа келгенде,
Ұрыспай барып, кек алған
Батыр хан деген қалмақтан.
Үйде қалған Қарасай
Мінейін десе, аты жоқ,
Асынар қару, заты жоқ.
«Қарасай көкем келер, – деп, –
Басыңды, қалмақ, бөлер, – деп, –
Үш күн тұрмай, жылдам көн,
Көкем келіп қалар», – деп,
Үйде қалған Қарасай,
Сыралғы сыйлық бұл алды.
Ер Қазидың ақылы
Жасыңнан сенің бұл қалай?
Төрт жасына жеткенде,
Ақжонасұлы Ер Кеңес,
Жасы алтыға келгенде,
Қара деген қалмақтың
Мұсылман қылған қаласын,
Жылатқан қатын-баласын.
Мұны, балам, біл, – деді, –
Қараның қызы Қарлығаш
Жұптыға алған ер, – деді, –
Кеңестердің ақылын,
Жүрегінің батылын,
Он жас келгесін басыңа,
Сол ердің қарашы, қарағым,
Қаншаға келген жасына.
Сонда Сүйініш жабықты,
«Тастайын, – деп, – асықты»,
Даладан келіп үйіне,
Шешесіне келе сөйледі:
– Айналайын анамыз,
Жасым онға келгесін,
Суалды-ау сіздің мамаңыз.
Мен едім жалғыз балаңыз,
Көңіліме қатты ой түсті,
Шешеке, байқап қараңыз.
Жердің жүзі кең екен,
Қара жердің үстінде
Әртүрлі халық, ел екен.
Қайратымды білмеген
Ақылсыз надан мен екем.
Бізден бұрын ноғайдан
Неше түрлі ер өткен.
Сұрап келіп отырсам,
Бәрінің жасы менен кем өткен.
Алты-жеті жасында,
Алдының тоғыз жасы бар,
Олардың, байқап қарасам,
Ындыстан алған елі бар,
Жібермеген кегі бар,
Әркімнің маған айтатын сөзі бар.
Әкем мінген Қара атты
Мінуге келдім, шешеке,
Бууға келдім беліме,
Шеше, семсер болатты.
Адырнаны қолға алып,
Жүргім келді қозғалып.
Алыс жерге мен кетсем,
Ер белгісін мен етсем,
Ындыс пенен қалмақты,
Қызылбастай елдерді
Келтірмеймін қалаға.
Асырайын оларды,
Жерімнен қуып далаға,
Айналайын, шешеке.

Шешесі сонда сөйледі:
– Артық туған данасың,
Жап-жас қана баласың,
Қандай жауға барасың?
Қабырғаң сенің қатқан жоқ,
Омыртқаң әлі өскен жоқ,
Сүйегің сенің, қарағым,
Он беске жасың толықсын.
Қыз-келіншек жүгіріп,
«Болды», – деп жігіт жолықсын.
«Пәленшенің ұлы», – деп,
Сыртыңнан дұшпан торықсын.
Ноғайлының жақсылары:
«Ер тұқымы», – деп жолықсын.
Жалаңаяқ, жалаңбас
Ойнап жүрсің асықты.
Тілімді алсаң, ат мінбе,
Ер киімін сен киме,
Елсіз жол сен жүрме.
Қасыңа жолдас ермейді,
Сені «ер» деп ешкім білмейді.
Жер жазығы даласың,
Далада өліп қаласың,
Ақылың болса, шырағым,
Ананың тілін аласың.
Он беске жасың толғасын,
Жауыңа сонда барасың.
Жасы жеткен анаңыз
Сен кеткен соң қалаға,
Қалмай ма иесіз далада?

Сонда Сүйініш сөйледі:
– Неше түрлі елдерде,
Неше түрлі ерлер де,
Жеті менен сегізде
Қызылбас пен қалмақтан
Ындыс деген елдерден,
Жауын жеңіп, кек алған
Мендей Ноғайлы жоқ па екен?
Сонда тұрып Сүйініш,
Ат қасына барады.
Атты барып ноқталап,
Басына жүген салады.
Жүгендегі атты ерледі.
Екі айылын бек тартып,
Құйысқанын қысқартып,
Атты ерлеп болғасын,
Үйге таман келеді.
Аштырып сонда сандықты,
Қорамсадан көп оқты
Ол қабына салады.
Керегеде тұрған кек жебе
Оны да батыр алады.
Ілулі тұрған беренді
Белге тартып буады.
Үстіне киіп шарайна,
Бек тартады белдеуін,
Дулығаны қолға алып,
«Оңғарсын Алла жолды», – деп,
Қара атқа мініп алады.
Ноғайлының бірі жүрмеді,
«Ақылсыз туған сорлы», – деп,
Бір адам оған ермеді.
Сүйініш кетті қалаға,
«Тұрмаймын», – деп далада.
«Тапсырдым Аққа сені», – деп,
Жауап берді анаға.
Бұл байғұсқа қиын-ды,
Бір Аллаға сиынды,
Кетті батыр алысқа
Шыдасын ба намысқа?
Қашаннан тұлпар серігі
Шаршасын ба шабысқа?
Шыдасын ба ер жігіт,
Онға жасы толғасын,
Дұшпанға кеткен намысқа?
Сұлтан деген қалмағың
Жіберген екен әскерін,
«Алып кел», – деп, – ноғайлының
Қатыны мен баласын»,
«Бұзып кел», – деп, – қаласын».
Сүйініш жүріп келгенде
Аңның көрді қарасын.
Шаң қарасын көргесін,
Атының басын тартады,
Ат құйрығын өреді.
Жау қарасын көргесін,
Жақындап батыр келеді.
Жалғыз қара екенін
Қалмақтар сонда біледі.
Екі қалмақ сол көптен
Ілгері қарай шығады.
«Ол бір жалғыз қара, – деп, –
Жолдасы жоқ дара», – деп, –
Екі қалмақ кеңесті.
«Оған келер шама», – деп, –
Жақындап қалмақ келеді.
Мінгендері көк екен,
Қайраттары көп екен.
Алмаймын деген бір жанды
Жүдә, ойында жоқ екен.
Сүйініш те кідірмей,
Қалмаққа жетіп келеді.
Қалмақ сонда сөйледі:
– Жас бала ғой өзі, – деп, –
Мазақтап сонда күледі, –
Жылқының мініп қарасын,
Жарқыным, қайда барасың?
Бізде әскер көп, – деді, –
Сізде қандай ой, – деді, –
Сізге болар той, – деді, –
Астыңдағы атыңды,
Қару менен жарағың
Жерге шеш те қой, – деді.

Сонда Сүйініш сөйледі:
– Біздің ноғай – ел, – деді, –
Әркімнің де ақылы
Өзіне болар жөн, – деді, –
Төбесі шоқты қалмақтың
Ақылсызы сенсің-ау,
Ат-жарақты беретін
Кісі ме едім мен? – деді, –
Мен – ноғайлы деген ел, – деді, –
Артымда әскер, қолым бар,
«Қалмақ деген елдерді
Қойман» деген ойым бар.
Дін мәнісін білмейсің,
Дінсіз кәпір – сен, – деді, –
Қоямыз ба сені біз
Келе жатқан артымда
Бір мың кісі қол! – деді, –
Қарауылға шығып келе жатқан
Жалғыз кісі – мен, – деді, –
Ат берген жол жақсы болса,
Аттарыңнан түс тағы,
Қорамсаңды бер, – деді.
«Алып тастады, – деп, – басын-ай,
Тұрасың ба қасында-ай».
Екі қалмақ ұмтылды
Қапелімде осылай.
Сүйініш салды алмасты,
Ол алмас кеспей қалмас-ты,
Біреуін шауып тастады.
Ал біреуі өлгесін,
Қалғаны қашады,
Қысылып, жаман сасады.
Қалмақтың аты көк еді.
Сүйініштің атының
Қайраты тіпті көп еді.
Жетсе-дағы, сермемей
Келе жатыр алмасты,
«Дұшпанның көзі көрсін, – деп, –
Көзі көріп тұрғанда,
Көз алдында өлсін», – деп.
Әскерге жақын келгенде,
Сонда салды найзасын.
Шығарып жанын байғұстың,
Шынымен қылды айласын.

Сүйініш екеуін өлтіргеннен кейін көп әскермен соғысқысы келмеді. Сүйініштің қайратын көрген соң, көп әскер де бата алмайды. Батыр өзі жөніне жүре береді.

Іздеген жерін сұрасаң,
Қараойықтың көлі еді.
Сонда жатқан көп қалмақ
Қашаннан жау ел еді.
Күні-түні жол жүрді.
Қисапсыз көп мол жүрді.
Жапанда жүрген бала-ды,
Жалғыз кетіп барады.
Он жасына келгенде,
Тәуекелмен іс қылып,
Жолға түсіп алады.
Жүрген жерін сұрасаң,
Екі айлық жер еді,
Айдын шалқар көл еді.
Құдық қазылмайтын дөң еді,
Екі айлық жолдың ішінде
Бір айлығы шөл еді.
Іздеп шыққан қалмақты,
Шамасы келсе, алмақ-ты.
Баяғы қарттың сөзімен
Ашуланып жас бала,
Алыс жерге бармақ-ты.
Қараойықтың көлінде,
Неше түрлі ерлер бар
Ол қалмақтың елінде.
Мақтанады әркімдер
Өзінің тұрып жерінде.
Қалмақтың ханы Сұлтан-ды,
Халық еді жатқан ұлтанды.
Жібермей бір боз тұлпарды,
Ол да жайлап қоюшы еді.
Ақылы көп, мол екен,
Айлалы қалмақ сол екен.
Ай сайын атпен қыдырып,
Елінің шетін барлайтын,
Сондай болған хан екен,
Халқына тыныш жан екен.
Хан атқа мініп, ел шетін
Қыдырып жүріп ол өзі,
Асынғаны – көк темір,
Үстінде бар-ды көп темір,
Алыс пенен жақынды болжайды екен.
«Қашсам, құтылып кетем, – деп, –
Қусам, өзім жетем, – деп, –
Жолдас алып, не етем?», – деп,
Сұлтандайын қарашы,
Айласы көп заңғарды.
Майдан жазық, дөңдерде
Сұлтан көрді бір қара.
Келе жатқан Сүйініш
Ол да көрді қараны.
«Жапанда жалғыз бір қара
Жетейін», – деп, бұл қалмақ,
Ол қараға қарады,
Бозға қамшы салады.
Қалмақ мінген боз тұлпар
Ұшқан құстай жануар
Зырлады ол да шүйіліп.
Атының түрін көргесін,
Сүйініш батыр қарады.
Қара атты «Шүу!» деп алғасын,
Алдынан қара көргесін,
Арандай аузын ашады,
Құлаштап аяқ басады.
Ханның мінген боз атының
Сүйегі қызып барады,
Жүрген сайын топырақ
Құйындай қылып борады.
Ол Сұлтанның үстінде
Бір теңгелік киім жоқ.
Ең болмаса қолында
Ұстаған мықты қамшы жоқ.
Сонда ханың келеді,
Сүйініштің қасына
Келе сөйлей береді:
– Жылқының мінген қарасын,
Жарқыным, қайда барасың?
Мен қалмақ деген ел едім.
Біраз түйе жоғалтып,
Іздеп жүрген батырмын.
Көрдіңіз бе қара сіз? – деді, –
Жоқ қараған – біз, – деді.

Хан секілді емес, япыр-ай,
Киіміне қарасаң,
Қаңғырып жүрген пақыр-ай.

Сонда Сүйініш сөйледі:
– Астыңа мінген боз, – деді, –
Мынау қалай сөз? – деді, –
Өзіңізге қарасам,
Бір теңгелік киім жоқ.
Атыңызға қарасам,
Құстай зырлайды.
Сүйегі қызып алған соң,
Бұл жануар тұра ма?
Қалайынша жоғалды
Бұл қалмақтың түйесі?
Жоғалған малдың сен бе едің,
Бейшара енді иесі?

Сонда ханың сөйледі:
– Шаруа халқым жай еді,
Мен бір жүрген малшы едім,
Мал бақтырған бай еді.
«Тауып кел, – деп, – түйені»,
Қатты маған ақырды,
Мініп шыққаным – соның аты еді.
Іздеп шықтым далаға,
«Іздеп, тауып келмесең,
Келме, – деді, – қалаға».
Жарлылық деген көп жаман,
Қалам ғой сонда бәлеге.
Көрдің бе сондай түйені,
Кім боласың сен? – деді.

Сүйініш сонда сөйледі:
– Көргенім жоқ түйені.
Менің елім – құл, – деді. –
Басқа жөнімді сұрама.
Еш нәрсенің мәнісін
Білмейсің ғой сен, – деді, –
Бұл қалмақ – қандай ел? – деді, –
Қараойық – қандай жер?
Басташы еліңе сен, – деді, –
Бастамасаң еліңе,
Өлтіремін мен, – деді.

– Артық туған батыр-ай,
Мен едім жарлы пақыр-ай.
Қарайын мен де малымды,
Тауып бер деп, қинама,
Менің тұрған елімді,
Әзірлеме маған өлімді.
Жіберейін мен сілтеп
Саған тұрған жерімді.
Кейін қайтып мен барсам,
Хабарды қалмақ алғасын,
Бекітіп қаласын қойғасын,
Алды-артын байқар-ды.
Елге өзің барғасын,
Салмаймысың айғайды?
Асыл туған ер, – деді, –
Ғаріп болған мен, – деді, –
Алыс емес ауылым,
Жеті күндік жер, – деді.
Жеті күн түгіл бес күнде,
Тек бір тірі болсаң, барасың.

Сол уақыттар болғанда,
Төңірегіне қарады.
Сүйініштейін жас бала:
«Бұл қалай, – деп, – апыр-ай?!» –
Астындағы атына қараса,
Омырауы кең даладай.
Аяғына қараса,
Тасты шағып басады,
Сай-саланы бұл аттап,
Адымын сондай ашады.

Сонда тұрып Сүйініш
Қайырыла тұрып сөйледі:
– Әй, қалмағым, сен, – деді, –
Сенің көріп атыңды,
Сескеніп тұрмын мен, – деді, –
Айыл-тұрман бек, – деді, –
Қайраты аттың көп, – деді.

Сүйініш қалды бұл ойға:
«Ұмтылайын, найза алып,
Қалмақ қорқып, қашар, – деп,
Ұшы жаман найзадан, қорамсадан, – деп, –
Көрейін, – деп, – қайратын
Астына мінген боз аттың».
Қалмақтың мінген боз аты
Ауыздығын шайнады,
Қысаңқырақ бұл тартса,
«Жібер, – деп, – басын» ойнады.
Қалмақ қауіп етеді,
Боздың басын босатты.
Сүйініш сонда қарады,
Қара аттың басын босатып,
Бұл да шабуыл салады.
Алыстан жүрген жануар,
Сал бөксе болған Қара ат
Жете алмай қалады.
Боз атпенен, шегініп,
Қалмақ қашып кетеді.
Тер шыққанша Қара атты
Сүйініш бала ұрмады,
Кідіріп қалмақ тұрмады.
Оқтан жүйрік жануар
Боздан аттап зырлады.
Омыраудан тер шығып,
Қара ат сонда желікті.
Алдынан кеткен боз атқа
Жетіп қалды қарасы,
Жақындады шамасы.
Сонда тұрып хан Сұлтан
Атының басын бұрады,
Көлденең тартып тұрады:
– Мынау тұрған ақбоз ат
Жер басқан жаһан жетпеген,
Алдынан жаһан кетпеген.
Артымнан жетіп қоймадың,
Қашқан құл деп ойладың.
Сабыр қыл, бала, сен, – деді,
Елге хабар берейін,
Ер болсаң, батыр, сен, – деді.

Сонда Сүйініш ойлады
Ғаріп емес екенін:
«Мұның еліне барсам,
Қаласы қандай екен? – деп.
Аттанып шықсын әскері,
Қайратымды көрсін, – деп, –
Жазыққа майдан келсін», – деп.
– Рұқсат бердім мен, – деді, –
Еліңе хабар бер, – деді,–
Кешігіп қалмай үш күннен,
Жақындап осында кел, – деді, –
Болған сынды, Сұлтан хан,
Жансыз болған сен, – деді. –
Қолыңа алған қару жоқ,
Боларсың қапыл, ер, – деді, –
Қапысыз болып енді өзің,
Мықты болсаң, кел, – деді.

Төңірегінде бар еді
Биік-биік таулары,
Мықты оның жаулары.
Көріп тұрып Сүйініш,
Үш күндей тоқтап қалады.
Анау Сұлтан ханымыз
Еліне хабар салады,
Үш күнде әскер жинап алады:
– Бізге болды қызық, – деп, –
Қаңғырып бір ноғай келді, – деп, –
Қайраты жаман бұзық, – деп, –
Аты жүйрік, қашқанды
Жібермей, қуып жетеді.
Қашып едім жеткізбей,
«Кетемін, – деп, – жеткізбей»,
Жібермеді Қара ат-ай,
Құрғырда бар-ды қанат-ай.

Үш мың кісі көп әскер,
Хан шықты бұған бас болып.
Келе жатыр Сұлтаның,
Ерлерді: «Кел, – деп шақырды, –
Ойлап, ақыл табың, – деп, –
Қаңғырып келді бір ноғай.
Ортаға мықтап алың, – деп, –
Ортаға мықтап алғасын,
Аямай, оны шабың, – деп, –
Қамағасын бәріңіз,
Бір ноғайға келмей ме
Қаңғырып жүрген әліңіз?
Шығайын таудың басына,
Бір жүз кісі тұрыңыз
Менің келіп қасыма.
Үш мың әскердің
Бір кісіні жеңе алмай,
Қозғалайық, – деп,
Ажал айдаған сормаңдай,
Ақылсыз, – деп ойлама, –
Бұрын-соңды ұрысып
Басқа жаумен көрмеген.
«Нем қалар, – деп ойлайды, –
Мұнша жаннан өлмеген?»
Жапыра қамап алыңыз,
Соны өлтіріп келгенді
Патша етіп қоярмын.
Бетіне біреу қараса,
Оның басын кесіп жоярмын.
Қылар ма екен осылай?
Істегін біліп өзіңіз,
Менің айтқаным осылай»

Сонда тұрып әскерлер:
«Ол ноғайдан қорықпаң», – деп,
Бәрі етіп мықтылық,
Хан алдында мақтанды.
Жау қарасын көргесін,
Қара атты жақсы ерледі,
Ат құйрығын өреді.
Сай-саладан аулақта
Сүйініш барып тұрыпты.
Қаумалаған көп қалмақ
Ол баланы көргесін,
Соған қарап жөнелді.
Көп әскерді көргесін,
Жасқанбады Сүйініш,
Сүйініш тұрып қалады,
Дулыға киді басына,
Келсе де қалмақ қасына.
Сүйеніп тұрып найзасын,
Тұрып сонда ойлады
Өзіне келер пайдасын.
Көп кісіні көргесін,
Бір Аллаға сиынды.
Бұрынғы өткен пірлерге
Шарайна мен дулыға,
Оны жақсы киінді,
Екі білегін сыбанды.
Үш мың кісі әскердің
Шаңы болды тұмандай.
«Құтылар ма екен адам?» – деп,
Он екі тұтам қу жебе
Ер қасынан алады.
«Атайын», – деп ол оқты
Оңтайланып бұл да қарады.
Ақ сүңгінің бар еді
Ортасында ілгегі,
Қарына оны іледі.
Атының басын бұрады,
«Тәуекел!» – деп тұрады.
Шапқан қалмақ бола ма,
Жапырған қол қоя ма,
Шыр айнала қамады.
Ортада тұрып Сүйініш
Жалғыз өзі қалады.

Еш жауапқа келмей-ақ,
Сұр жебеге қол қояды,
Қолы оқты тартып қалады.
Төртеу, бесеу кісі емес,
Талайдың басы домалап,
Басылып жерде қалады.
Атқан оқтың алдынан
Бірқатары төгіліп,
Сол жерде бос қалады.
Неше рет оқ атты,
Оқты қардай боратты.
Оқтың түрін көргесін,
Қалмақтың ханы шұбырып,
Тұра алмады кідіріп,
Тұс-тұсынан шабады,
Жақындап келіп қалады.
Келгенімен, пайда жоқ,
Қылатұғын айла жоқ.
Көк жебені ерге іліп,
Астындағы Қара аты
Оқ жыландай ойнайды.
Салып еді шабуыл,
Ол шабысқа тоймайды.
Кешкі уақыт болғанда,
Күннің көзі батады.
Қырылған адам саны жоқ,
Домаланып жатады.
Жанталасып: «Өлем, – деп, –
Өлім жолын көрем», – деп.
Келіп еді әуелі:
«Бір ноғайды алам», – деп.
Ала алмады ноғайды,
Берекесі кетеді.
Кеткен емей немене?
Бір мыңдайы қырылды.
Сәске уақыты жеткенше,
Мыңға жетіп өлгені.
Япыр-ай, мұны қарашы-ай,
Енді болды тамаша-ай!
Қырылған көп қалмақтар
Ат аяғына басылды.
Қаны судай шашылды.
Сол жорықтың бойында
Қара атпен қосылды.
Тер шыққасын омыраудан,
Қара ат жақсы көсілді.
Хан қасында қорғалап,
Тығылды бес жүз адам-ай.

Өлмегені қашыпты,
Еліне қарай асыпты,
Қорғануға еліне,
Өзінің тұрған жеріне.
Ағарып таң атқанда,
Маңайында кәпір жоқ,
Қыбырлап жүр Сүйініш,
Қалмақты қуып аямай.
Тау басында кідіріп,
Тек алты жүз кісімен
Ханның өзі қалады.
Ханның шаңын көргесін,
Барады жақын батыр-ай.
Қолы ханға тигесін,
Тоқтасын ба, япыр-ай?
Қалмақпен, келіп, соғысты.
Көп ұрыстың ішінде
Қарсы келіп, Сүйініш
Сұлтан ханмен тоғысты.

Сұлтандайын ханыңыз келе сөйлей береді:
– Ноғайлы деген – сен, – деді, –
Қалмақ деген – мен, – деді, –
Менің атым – хан Сұлтан,
Жасқанбасаң кел, – деді.

Қарсы келіп екеуі,
Ақ сүңгіні салысты.
Өтпегесін сүңгісі,
Алмаспенен шабысты.
Кейін бірдей шегініп,
Қорамсамен атысты.
Жайына қарап жүрген жоқ,
Қызыл қанға батысты.
Сүйініштей жас бала
Шылбырды белге байлады,
Қаруды жақын сайлады.
Бір күн, бір түн алысып,
Сұлтандайын ханыңды
Жығып жерге салады.
Доңыздайын өкіртіп
Ол қалмақты шалады.
Өлтіргесін қалмақты,
Қарамады олжаға,
Қалаға жетіп барады.
Қалаға қалмақ толыпты.
Жақындап бәрі босыпты.
Қалаға келді Сүйініш,
Көкірекке дем беріп.
Қазулы жатқан орларды,
Жаюлы тұрған торларды,
Қағулы тұрған жебесін,
Бекітіп қаққан шегесін,
Қалмақтың басты қаласын,
«Көрейін, – деп, – шамасын»

Қала да қорған болмады,
Сыртқа қашып тұрады,
Үріккен жаман болады.
Алды-алдына бытырап
Қалмақтар кетіп барады.
Төңірегі қызыл құм еді,
Сексеуілді бұл түлей
Және қамыс ну еді.
Қалмақтар соған қашады.
Қатын-бала жүгіріп
Алды-алдына бұл кетті.
Көзі көрген адамды
Жібермеді Сүйініш,
Қалаға қуып қамады.
«Жүрмеймін» деген адамды
Малша қуып сабады.
Тоғыз күнге толғанда,
Ол қалмақты қамады.
Бұрын мекен еткен қала-ды,
Қалаға қасап болғасын,
«Айдайын, – деп, – қалмақты»,
Жеріне қарай қарады.
Көндіруге дініне,
Сөйлетуге тіліне.

Сұлтанның қызы Бибіжан
Сонда келді қасына
Келе сонда сөйледі:
– Ақсүйек – қаның, баласың.
Алдың қалмақ қаласын.
Өлтірдің менің бабамды,
Бұздың тұрған қаламды.
«Сүйегі қатар, теңім, – деп, –
Көретін заман болар ма,
Әлдеқандай енді?» – деп, –
Артық туған ер, – деді, –
Көруге келдім мен, – деді, –
Жақсы-жаман етсең де,
Қызметіңе көнеміз,
Не қыласың сен? – деді.
Реңі жанға жаққандай,
Беті қызыл мақпалдай.

Сонда Сүйініш сөйледі:
– Қайта бер кейін сен, – деді, –
Көп кісімен жүресің,
Өлтірмеймін мен, – деді. –
Өз бағыңнан көресің,
Өлтіргізбен, – деді.
Қайтуға батыр қамданды,
Күні-түні жол жүрді,
Неше күндей мол жүрді,
Жақындады қалаға.
«Барайын», – деп ойлады.
Ілгері хабар етуге.
Көрінді жесір қарасы.
Көрінгесін қараға,
Сүйініш батыр бұл жүрді
Көрінуге анаға.
Алдынан шығып анасы,
Келгеннен соң баласы,
Сөзді айтты, қарашы:
– Қарағым, қалқам, сен, – деді, –
Отыр едім сағынып.
Сау-саламат келдің бе,
Перзентім жалғыз, сен? – деді, –
Баяғы иісің бар ма екен?
Иіскейін, қарағым,
Берірек кел, – деді.

Атынан түсіп Сүйініш,
Жүгіріп келді анаға.
Шыдай ма ана балаға?
Бетінен сүйіп: «Балам, – деп, –
Қорғалайтын панам, – деп, –
Айналайын, қарағым,
Жау келген күн қалам, – деп, –
Жел болған күн панам, – деп, –
Ризамын Құдайға,
Кетсем де енді дүниеден», –
Осылай деп кемпір сөйледі.

Мерекелеп, той қылып,
Сұлтанның қызы – аруды,
Жұпты қылып алған жер
Бибі сынды сұлуды.
Бибіменен екеуі
Бірге өмір сүреді.
Бір күндері болғанда,
Қатынынан ұл туады.
Сүйініштей ханыңыз,
Ноғайды билеп тұрған заманда
Бір күні хабар алады:
«Аттанып қалмақ келді, – деп, –
Ноғайды шауып алды», – деп.

Сонда Сүйініш ханыңыз
Жинап алды қарасын,
Би менен ер, шорасын:
– Келетін жау кім екен?
Хабарларың бар ма? – деп, –
Шығайық енді далаға,
Келтірмейік қалаға.
Тигізбейік заңғарды
Қатын менен балаға.
Шетке шығып қарарға,
Қарауылға барарға,
Біреуіңді қасыма
Қосшылыққа аларға.

Сол кісінің ішінен
Еш адам жауап бермеді,
«Ерем», – деп айтып көрмеді.
Ішінде бір жас жігіт
Нұрлыхан жауап береді:
– Егер қосшы қылсаңыз,
Барайын бірге мен, – деді, –
Ат, жарағым кем еді,
Жарлылау едім мен, – деді.

«Боламын қосшы», – дегесін,
Сүйініш сонда қарады:
– Астыңа мінер ат болса,
Қолайлы керек зат болса,
Анау тұрған қазынадан
Таңдап ат пен қару ал.

Сонда барып Нұрлыхан,
Көп жылқының ішінен
Өзіне ат таңдады.
Қанша аралап жүрсе де,
Қолайлы ат таппады.
Сонда жүгіріп Нұрлыхан
Сүйінішке келеді:
– Көп жылқының ішінен
Бір ат таңдап таппадым,
Егер рұқсат етсеңіз,
Бір жарлының Көк атын,
Соны көріп, ұнаттым.
Енді қалай қылайын?
Ұрыспасаңыз өзіңіз,
Көк жылқыға төрт жылқы
Айырбас қылып алайын.

Сүйініш сонда шақырды
Ноғайлының байларын
Дәулет жиған қасына.
«Төрт жылқыны берің», – деп,
Байлардың салды басына.
Бұйрықтан кетер шама жоқ,
Бермейтұғын шара жоқ,
Байлар беріп төрт атты,
Алып берді Көк атты,
Кескір қылыш найза мен.
Жүретін болды екеуі
Қатарласып айылмен.
Сүйініш мінді Қараны-ай,
Қасына ертіп жолдасын,
Екеуі кетіп барады-ай.
Жүрген жердің белгілі
Алыс еді арасы.
Іздеген жердің шамасы –
Қарашымырақ даласы.

Түбі жақын құмдығы
Ежелден-ақ мол еді,
Мекені қалмақ сол еді,
Сол жерде жатқан ел еді.
«Елден бір шығып алғасын,
Барамыз соған болса да,
Бір қырық күнде», – деп еді.
Өзі жаздың күні еді.
«Шөлдейміз», – деп Сүйініш,
Екі салқын бойында
Қатаңырақ жүреді.
Жер белгісін шамалайды.
Ақылы бар адам ғой,
Көк аттың жүрісін аңдайды.
Батырларға жол болды,
Жүрісі жүрген оң болды.
Мың кісі қалмақ аттанған,
«Ноғайлыны шабам, – деп, –
Сүйінішті іздеп табам, – деп, –
Бізге қайрат қылатын
Ол ноғай қандай адам? – деп, –
Естіген екен хабар, – деп, –
Ноғай келіп қалар», – деп.
Жіберген екен мың әскер,
«Ноғайды, барып, шабың, – деп,
Қайдан да болса, табың», – деп,
Айтқан екен хандары.
Аттандырып жіберген
Өңкей батыр ерлерді.
Бұларға айтқан бұйрығы:
«Ноғайлыны алып кел,
Тулатып бірге баласын,
Қиратып кел қаласын.
Басқа жерге бармай сіз,
Тек ноғайға барыңыз.
Көріп келің ерлерін,
Ноғайлының елдерін,
Байтақ көл мен жерлерін.
Қапы қылмай, хабарлап,
Ұрысыңыз ерлермен»

Аттанған кісі мың еді,
Бәрі де өңкей ер еді.
«Бір-біреуіміз болмаймыз
Мың кісіге», – деп еді.
Төрт айлық алып азықты
Аттарына артыпты.
«Барамыз, – деп, – ноғайға»,
Мың кісі қалмақ тартады.
Шаттың бойын жағалап,
Жүрді қалмақ қамалап,
Төмен жүрді шамалап.
Алдынан салып қарауыл,
Қырық кісі кетті ілгері
Ноғайлыны көріп, аларға,
Қайта айналып берерге
Кейінгіге хабарға.
Бір күндері болғанда,
Қырық кісі алдымен
Темірдің келді басына.
Екі батыр бұл шыққан
Шаттың бойын жағалап.
«Жазық жерге шықпайық,
Барайық таумен жағалап»
Жемнің бойы – Темір-ді.
Темірге келіп Сүйініш,
Демалып сонда кідірді.
Жатыр еді Сүйініш
Қалың тоғай жағалап,
«Жері – қалың қамыс, – деп,
Әлі қалмақ алыс», – деп.
Жолдасына сол шақта:
«Бала, тұршы сен, – деді, –
Жүрегім менің толқып тұр,
Дұшпан келіп қалмасын.
Отырғанда бұл бейқұт
Бізді ұстап алмасын!»
Байлауда аты тұрса да,
Қару-жарақ жерде еді.
Қасындағы балаға:
«Түрегел!» – деп Сүйініш,
Сол заманда ақырды.
Түрегеліп бұл ұшып,
«Тұршы, батыр, сен де, – деп, –
Дұшпан келді енді», – деп,
Хабар берді, батыр-ай,
Сасып қалды, япыр-ай!
Жерде жатқан алмасты
Бала белге буады.
Тұсаулы тұрған Көк атқа,
Арқандаулы жануар.
Сүйініш те беліне
Байлап алды қылышын.
Қорамсаны ерге ілді,
Жау келгенін ер білді.
Шаншып тастап найзасын,
Таба алмай қалды батырлар
Жауға қылар айласын,
Қалмақ келіп қалғасын.
Аттарына аттанды
Екі бірдей батырың.
Жан-жағына қарамай
Келе жатқан қырық кісі
Көздері көріп қалады
Қозғалаған екі қараны.
Қырық кісі қайтады,
Азын-көбін білмеді,
Аттың басын бұрмады.
Үстіне дұшпан келгесін,
Бұлар да қарап тұрмады.
Батырлар қатты сасады.
Айғай-тарсыл естігесін,
Астындағы аттары
Басын алып қашады.
Сүйініш сонда ақырды,
«Алла!» – деп, ұран шақырды.
«Астыңда мінген Көк, – деді, –
Қайраты аттың көп, – деді, –
Бұл бейнелі жылқылар
Қалмақ итте жоқ, – деді, –
Маңайынан алысқа
Асып кетпе далаға.
Шамалы жерде, қасымда
Жалғасып жүріп, ер», – деді.
Екеуінің аттары
Аспанға қарғып, ырғиды.
Аузын ашып арандай,
Құлағын тігіп жануар.
Қалмақ жақын келгенде
Байлады жасыл туын-ай.
«Алланың шері – Аршылан,
Енді жәрдем бер, – деді, –
Қыбырла, бала, сен,– деді, –
Аттың басын бұр туға».
Қалмаққа қарап жөнелді,
«Қалма, бала, сен», – деді.

Қасындағы баласы
Жалғас кетіп барады.
Жақындасып қалады,
Ойынды үлкен салады.
Күні-түні соғысты,
Қалмақтар жаман тоғысты.
Оқ тиген жерде тастады,
Қалып жатыр қалмақтың
Домалап жерде бастары.
Қысылып Қара ат терледі,
Беренді батыр сермеді.
Қасындағы баласы
Өзіне қатар ермеді.
Таңдап алған Көк еді,
Мұнда да қайрат көп еді.
Қолы қанға тойғасын,
Қысылмай ол да жөнелді.
Суырып алып: «Алмас, – деп, –
Шапса кеспей қалмас», – деп,
Қалмақтың келіп қасына-ай,
Тұрсын ба кеспей басын-ай.
Сүйініштен кем емес,
Ерлігі мұның осылай.
Ат құйрығын өрісті,
Қызықты сонда көрісті.
Шаң шығады тұмандай,
Қызық болды бұларға-ай.
Күн бір кешке таянды.
Екі батыр найзасын
Етіп жатыр-ау, қалмақтың
Шетінен қырып, пайдасын.
Қызыл қанға боялды,
Ерлер қандады найзасын.
Сермеді қатты қылышын,
Тарылтты жаудың тынысын.
Күннің көзі батқанша,
Жеңіліпті, япыр-ай
Белгілі құрған қақпандай.
Қарсы тұрған қалмаққа
Жарағы қанға тоймады,
Көрінгенді қоймады.
«Тауысам, – деп, – қалмақты»,
Сонда батыр ойлады.
Қасындағы жас бала,
Бұл да – батыр масқара.
Түн ортасы болғанда,
Бірін-бірі шақырды.
Сүйініш: «Әй, жас бала,
Жолдасым, бері кел, – деді, –
Жөн таптым мен», – деді.
Сүйініштің қасына
Қайтып келді бала да.
Ағасына сөйледі:
– Артық туған жанымыз,
Билеген жалғыз ханымыз,
Таба алмадым қалмақты,
Әрі-бері шапқылап.
«Осы жерден біреуі,
Бітті ме, – деп ойлаймын, –
Қалмақ иттің сүрегі»
Шақырған келдім дауысқа,
Жақын жерді айтсаң да,
Кетіп қалған екенмін,
«Қуам», – деп, тіпті алысқа.
Енді қалай етеміз?
Біреуі жоқ қалмақтың,
Қайдан іздеп табамыз?
Бұл жерде тұрып, не етеміз?
Жолмен жағалап,
Шаттың бойын кетелік.
Енді қара көрінсе,
Ұстап алып, заңғардың
Өзін басшы етелік.

Жүре берді аяңдап,
Отырмады баяндап.
«Ат бір демін алсын, – деп, –
Терін басып алсын», – деп.

Көргесін қалмақ қараны,
Жіберген екен бір адам:
«Жылдам әскер келсін, – деп, –
Азы-көбін білмейміз,
Көрдік екі қараны.
«Жансыз ба?» – деп ойлаймыз,
Аз болсақ та соғысып,
Басын кесіп аламыз.
Екеу ғой, – деп, – қарасы,
Аз екен, – деп, – шамасы»
Жақынырақ келгесін
Қалмақтар қатты сасады.
Күннің көзі батқансын,
Бес-оннан бөлініп әрқайсысы,
Қалың қамыс ішіне
Бәрі бытырап қашады.
Қалмақты қашқан көргесін,
Артынан қоймай қуады,
Қалмаққа мүшкіл туады.
Қалың қамыс ішінен
Біреуін ұстап алады:
«Қанша едің?» – деп сұрады.

Сонда қалмақ сөйледі:
– Асыл туған ер, – деді, –
Қырық кісі біз, – деді. –
Артымызда бар еді
Бір мың кісі қол, – деді. –
Елімізді сұрасаң,
Қарақұдық басында,
Жері қалың ну, – деді, –
Өзі – жазық дөң, – деді. –
Көп ноғайдын ішінде
Байтақ жатқан ел, – деді. –
Аз кісісің сен, – деді, –
Оған барсаң өлесің,
Бармай қайтшы сен, – деді. –
Таң атқанша келеді,
Байқасаңыз, ол, – деді. –
Енді өзіңіз біліңіз,
Келмейді біздің шамамыз.
Есіттік қой хабарын.
Лайықты болды ғой
Басын кесіп аларға!
Қасындағы жолдасы
Сүйініштің суырды
Беліндегі қылышын.
Ол баланың көрдің бе –
Сермеген екен қылышын,
Тарылтты қалмақ тынысын.
Аттың басын бұрады,
Ат құйрығын өреді,
Кідіріп Сүйініш тұрады,
Үстінде бар-ды ақ сауыт,
Ілгері еді көп зауыт.
Сүйініш артық ер еді,
Үстінде асыл киімі.
Қасындағы баланың
Шүберектен басқа емес
Үстіндегі киімі.
Сүйініш сонда шешіп,
Үстіндегі шарайна
Жолдасына береді.
Шарайна киді үстіне,
Дулыға киді басына.
Тастасын ба Сүйініш,
Тірлікте баланы
Еріткесін қасына?
Таң сарғайып келгенде,
Күннің көзі шығады.
Сонда Сүйініш сөйледі:
«Жар болсын Жаппар Құдайым,
Рүстем-Дастан – ер, – деді, –
Ер тілегін бер, – деді. –
Алланың шері – Аршылан,
Жәрдем бер бізге сен, – деді. –
Қасиеттерің бар болса,
Осы жауда кел», – деді.
Осылай деп Сүйініш,
Құбылаға бір қарады.
Қасындағы жас бала,
Жау көрмеген бала еді.
Сүйініш оған пана еді.
Күннің көзі шыққанда,
Көрінді жаудың қарасы-ай,
Енді болды тамаша-ай.
Қайтеміз, – деп сөйледі
Қасындағы баласы-ай.
Сонда Сүйініш сөйледі:
– Қасымда жолдас, жұбайым.
Жар болсын Жаппар Құдайым.
Үстіңдегі шарайна
Өтпейді қылыш, найзасы,
Қалмақтың аз-ды айласы.
Сүйініш мінген Қара ат
Құлағын тігіп жануар,
Түстік жаққа қарады.
«Не көрді, – деп, – жануар»,
Сүйініш сонда тұрады.
Бара жатыр бір адам
Атқа мініп жалпылдап,
Екі аяғы салпылдап.
Қасындағы балаға
Сүйініш тұрып бұйырды:
«Ол қараға бар, – деді, –
Өлтірмей қуып кел, – деді, –
Тұрармын байқап мен, – деді. –
Мен тұрармын аялдап,
Алдыма қарай кел», – деді.
Шауып бала жөнелді,
Қайраты аттың көп еді,
Жетті қуып артынан,
Құтыла алмас болғасын,
Ол да тоқтап тұр еді.
«Кейін қарай жүр, – деді, –
Өлтіремін мен», – деді.
Қуып айдап келеді
Сүйініштің алдына.

Сүйініш сонда сөйледі:
– Қай қалмақсың сен – деді, –
Сөзіме жауап бер, – деді. –
Кешегі әскер ішінде
Жүрген едің сен, – деді, –
Еліңді тауып бер, – деді. –
Еліңді тауып бермесең,
Өлтіремін мен, – деді.

Сонда қалмақ сөйледі:
– Қашық-ау біздің ел, – деді, –
Кідірмей жүрсек біз, – деді, –
Жиырма күндік жол, – деді. –
Елде қалды ханымыз,
Жолға шықтым мен, – деді. –
«Қоймаймыз жауды, – деуші едік. –
Алармыз, – деп, – қаласын,
Көрерміз-ау, – деуші едік,
Ондай жаудың шамасын.
Салармыз, – деп, – құлдыққа
Оның қатын-баласын».
Елге бармай біз көрдік
Ен далада қызықты,
Басымыз қалды домалап.
Атқан оқты біз көрдік
Жаңбырдай тасқан сабалап.
Қалмақтың қаны төгілді
Биіктен ойға жұмалап,
Қашып едім: «Кетем, – деп. –
Қайтып елге жетемдеп?».
Артымнан қуып бұл жетті,
Мініп алып Көк атпен,
Беліне байлап қылышын,
Тарылтты-ау менің тынысым.
Жақынырақ келгенде,
«Тұр!»деген есіттім дыбысын.
Атымның басын бұрғанша
Қорыққаннан тұрғаным
Бір қасық қисаң қанымды,
Қинамасаң жанымды.
Тура бастап барамын,
Мекен қылған елімді.
Неге адасып кетейін,
Өсіп-өнген жерімнен
Берсең және ағамды,
Ата менен анамды,
Бір қасық қисаң қандарын,
Қинамасаң жандарын,
Қасындағы берсеңіз
Қатын менен балаларын.
Сонда тұрып Сүйініш:
– Көп сөйлеме сен, – деді, –
Тура баста жолыңды.
Жалқаулық етсең, сормаңдай
Көресің қорлық сен, – деді.
Біраз жерге келгенде,
Қасына келіп ергенде,
Бірнеше күн жүргенде:
– Көрінген сонау
Қараға көзің сал, – деді, –
Ілгері барып біреуің,
Елден хабар ал, – деді. –
Қалмаққа хабар сал, – деді. –
Берік болмасын қаласы,
Аздың келмес шамасы.
«Берік қылып салды, – деп, –
Айтушы еді, – қаласын».
«Көргенім жоқ сіздерге
Айтуға оның шамасын.
Сонда Сүйініш шақырды
Қасындағы баласын:
Найзаңды маған бер, – деді. –
Арала барып қаласын,
Елеусіз барып араға,
Қалаға барып, хабар бер:
«Келеді, – деп, – Ноғайлы,
Аттанған қол әскермен.
Кетті шауып бала да,
Барды енді қалаға.
Қылышты байлап ішінен,
Киім киіп сыртынан,
Бала барды жағалап,
Қыдырып жүрді шамалап.
«Қайдан келген кісі?» – деп,
Балалары жиналып,
Қарайды енді қамалап.
Ордасы құрған жебе екен,
Жебесін мықты бекіткен,
Болаттан қаққан шеге екен.
Жеті қатар жебесі,
Болат екен шегесі.
Есігін салған темірден,
Төбесі екен қарағай.
Ішінен көріп кетіпті,
Барған батыр қарамай.
Шал мен жүрген балаға,
Шетке шығып айтыпты,
Оларға хабар етіпті:
«Енді ноғай келед, – деп, –
Шығыңыз сыртқа енді», – деп.
Бала біткен шулапты:
«Жау келді, – деп, – қалаға».
Шуламай бала, тұра ма?
Шал пақыр келді қалаға,
«Біз қалдық, – деп, – бәлеге.
Шыға көрің, ел, – деді, –
Бара көрің, ер – деді, –
Астында мінген көк, – деді. –
Үстінде бар жас бала,
Қайраты оның көп», – деді.
Келіп-кетті қалаға,
«Жау келді», –деп айтып жүр
Өңкей жүрген балаға.
Сонда қалмақ сасады,
Түсі кетіп қашады.
Биі мен бегі жүгіріп,
Тоқтатпады кідіріп:
«Ноғайлының әскері
Біздің елге келді, – деп, –
Жөнеліңіз ел», – деді.
Осылай деп хандары
Отырған жерде сөйледі.
Алды-артына қарады,
Көп кісіні жия алмай
Тек бір мың кісідей шауып барады.
«Азғана кісі – ол, – деді, –
Болар жолымыз оң, – деді. –
Сорлы маңдай оларды
Айдаған сор, – деді. –
Олжа қылып алармыз,
Басын кесіп салармыз».
Шапты шығып далаға,
Жері жазық болғасын,
Көрмей қара бола ма?
Сүйініш жауап береді
Қасындағы балаға:
Шетке шық та, кете бер,
Көпке кірсең, сормаңдай,
Аңсызда шауып кетермін!
Қалмаққа келді тебініп,
Жалмауыздай емініп.
Жау қарасын көргесін,
Тұрсын ба батыр шегініп.
Алмасты алды суырып,
Әзірлеп келді болатты,
Бетін жауға қаратты.
Қасындағы баласы
Найзасын алып қолына,
Сүйініштей ерлердің
Ол да еріп соңына,
Мінген аттар шаршамай,
Қашаннан қойған жаратып,
Апшысын жаудың қуырып.
Ерлер қарап тұрмады,
Төбесі шоқты қалмақты
Әбірет сөйтіп шырмады.
Қалмады біреу кідіріп,
Келіп жатыр артынан,
Қалмақтың көбі шұбырып.
Алды жатыр жығылып,
Өлгені қалды басылып.
Ұрысып еді сәскеде,
Күннің көзі батқанша,
Ұрыса берді қарамай,
Ағарып таң атқанша.
Үш күндейін шабуыл
Ат үстінде салысты.
Сол ұрыстың ішінде
Хан мен өлді қарасы,
Шулады қатын-баласы.
Кейіндегі жаманның
Неге келсін шамасы?
Қалмақтың алды қаласын,
Шулатып қатын-баласын.
Күні-түні бұл бес күн
Сол соғыста болады.
Қаны судай тасады,
Қалған қалмақ қашады
Көрінбей кетіп далаға.
Көрінгенін қоймады,
Жарағы қанға тоймады,
Қалмақ шіркін оңбады.
Шұбыртты сонда қалмақтың
Қатыны менен баласын
Жинап алды қарасын.
От жіберіп өртеді.
Ағаштан қылған қаласын.
«Біздің халық қонар, – деп, –
Осы қоныс болар, – деп. –
Тұрмасын қалмақ, өтсін, – деп, –
Тоқтамай құрғыр кетсін», – деп,
Неше байтақ жол жүрді.
Баяғы көрген жерімен
Шаттың бойын жағалап,
Төмен жүрді шамалап.
Қалмақтың қатын-баласын –
Қуды оларды сабалап.
Шал мен кемпір, жас бала
Жылайды сонда егіліп,
Көзінің жасы төгіліп.
Кемпір менен шалдардың
Тізесі жүр бүгіліп.
Қамшы өткен балалар
Тоқтамай жүрді жүгіріп,
Отыра алмай кідіріп.
Неше күндей ол жүріп,
Қисапсыз көп мол жүріп,
Қайта жүріп келеді,
Өзінің мекен жеріне –
Ақұшан мен Қанжыға,
Келтірді айдап еліне.
Елге сонда көрінді,
Ел ішіне келгесін,
Қалмақтар тарап, бөлінді.
Бөлінгеннің мәнісі:
Ата ұлына берді еншілеп.
Сүйініштей батырдың
Қалмақты алған жері осы еді.

ЕР БЕГІС

Сүйініштің жасы қырыққа келгенде бала көрмей жүріп барып, бір балалы болады. Ол баласының атын ноғай жиналып отырып : «Бұның арғы атасы – Қарадөң, о да асқан ер еді, мұнан туған Жұбаныш, өз қатарында бұ да асқан ер болды, мұның әкесі – Сүйініш, бұ да өз қатарына ер болды. Мұнан туған бала да ер болар, мұның атын Бегіс қоялық. Егер ер болса, қатарына жетіп қалар, көздесе, «ер» деген атақты, ер атағын қосармыз», – деп, ойлады да, бұның атын Бегіс қойды.
Бегіс өзі үлкен болып, жасы жиырмаға келеді. Сонда отырып ноғайдың ақсақал, билері келеді. Келіп отырғанда бір ақсақал тұрып: «Осы Сүйініштің баласы адам болудан кетті, жасы жиырмаға келгенше балалықтың жолында жүр, әлі адамдық ойламай отыр. Әкесі шынжыры үзілмей келе жатқан ер еді. Әкесі – Сүйініш он бес жасқа келгенде, халықтың арын арлап, кегін кектей, ноғайдың жерін қалмаққа бермей, қалмақтан жетім-жесір, мал алып, елінің аш-арығын бағып отырушы еді. Бұда ол жоқ. «Осының шынжырын үзіп кетеді-ау» деген ой туып жүр-ау. Халықтың ойы осылай», – деді. Сол сөзді естіп, Бегіс өзінің әкесіне келіп, сөйлейді:

– Әй, бабамыз, бабамыз,
Желді күні панамыз,
Жаулы жерде қаламыз.
Ноғайдың айтқан сөзіне,
Баба, енді қараңыз.
Арғы атаң – Қарадөң
Өзінен ерлік озбаған.
Байлығын оның қарасаң,
Мыңнан қойы қоздаған,
Сары інген жүздеп боздаған.
Есігінің алдында
Жүзден-жүзден құл болған.
Оның ұлы – Жұбаныш
Қатарында о да ер екен,
Ерегіскен қалмақты
Бұтадай қылып жанышқан
О да айтулы бөрі екен,
Шынжырлы туған ер екен.
Оның ұлы сен едің,
Сенің балаң мен едім.
Он бесіңде ат мініп,
Ноғайдың қамын ойладың.
Қатын-бала қамы үшін,
Кеудедегі жаны үшін,
Төгілер беттің ары үшін
Қалмаққа барып, кекті алдың.
Көрдің, ата, шамасын,
Жылаттың қатын-баласын.
Байқап келіп, отырсам,
Үшеуің де артық ер екенсіз.
Ноғайдың сөзін қарашы,
Айтады екен ноғайлар:
«Осының осы баласы
Жоқ екен, – дейді, – санасы. –
Сіздердей артық ерлер
Баласы адам болмаса,
Үзілді-ау тұқым», –дер екен.
Жиналған көп ноғайдың,
Құлағың сөзге салсаңыз,
Айтқан осы сөзі екен.
Бегістей балаңның
Көріп келген көзі екен.
Есіткенде бұл сөзді,
Сына жазды сүйегім,
Біте жазды сүрегім.
Байқасаңыз, атажан,
Мен тұрмаймын қалада.
«Үзіледі шынжыр»дегені
Қиын болды біздей балаңа.
Атаның жолын қумаса,
Сізден туып бола ма?
Алла жолды оңғарса,
Талапты ерге нұр жауар,
Талапқа белді буармын,
Атамның жолын қуармын.
Ежелден қалмақ болса жау,
Мекенденген жерінен,
Өзінің байтақ елінен,
Әуелі Алла, екінші,
Әулиелер болса жар,
Асырып оны қуармын.
Суалтармын қаласын,
Көрермін оның шамасын.
Күн бесеуге толғанша
Қара көк тұлпар жаратты.
Қылышы мен найзасын
Шақпақ тасқа қайратты.
Төрт күн өтіп, бесеуге
Сонда күні толады,
Кететін шағы болады.

Сол кезде Сүйініштің жылқышысы бар еді, ентігіп жүгіріп келіп, Сүйінішке сөйлей бастады:

– Әй, батыр-ай, батыр-ай,
Еліңе жау тез жетті,
Еліңді шауып меңдетті.
Қатын менен баланың,
Қойшы менен түйеші,
Жылқышы менен падашы
Талайын сабап көлбетті.
Таяқ жеп, қолға түсулі
Көп ноғайдың баласы.
Келіп тұрмыз жүзіміз,
Батыр, өзің қарашы.
Қарт болсаңда, біз келдік,
Сол бір жауға барашы.
Біз де көмек болармыз,
Тілеп тұр халық тілекті,
Сол тілегін берсеңші.

Сонда тұрып Сүйініш
Қарт бурадай қабағы,
Қабағының жүні өсті,
Шақырды сонда ол күшті:
– Жиылып келген азамат,
Алла оңғарса сапарды,
Баламмен екеуіміз
Астыма мініп қазанат,
Жүре берің сен, – деді, –
Егер көмек сұрасақ,
Шақырармын мен, – деді. –
Шақырғанда кел, – деді, –
Сонда көмек бер, – деді.

Сонда Сүйініш үйіне келіп, баласына сөйлей бастады:

– Айналайын, жан бала,
Қалаңа жау келіпті.
Қаладағы халықтың
Сазасын берді жап-жаңа.
Болса сенің қайратың,
Осы келген қалмаққа
Көрсетші қайрат сен, бала!
Жалғыз жауды қайыршы,
Атаға тартып тусаң сен,
Атаңның жолын қусаң сен,
Бекем белді бусаң сен!

Сонда сол сөзді естіп, Бегіс әкесіне сөйлеп жіберді:

– Әй, атажан, атажан,
Мен – сенен өнген балапан.
Әуелі Алла, екінші,
Әулие, шайқы жар болса,
Қолтығымнан демеші.
Қашырармын жауыңды
Өлтірермін, атажан,
Қамаған қалмақ қалаңды,
Өлтірермін Тірсек ханыңды.
Тарттырармын сазаны,
Алдырармын мазаны,
Шағылады қазаны.
Уайым жеме, атажан,
Кегің кетпес қалмаққа –
Балаң буды белдерін!
Сонда тұрып Ер Бегіс
Қара көк атты ерледі,
Ерлеп жүріп терледі,
Бадана көзді берік сауыт
Баса үстіне киеді.
Қолға алды ақ найза,
Белге шала байлады
Жасатқан жақсы қылышын,
Тарылтуға жаудың тынысын.
Алладан медет бұл тілеп,
Атына мініп алған соң,
Қалаға келген қалмаққа
Батыр Бегіс жөнелді.

Ол жөнеліп кеткенде,
Сонда тұрып Сүйініш,
Жасы үлкен болса да,
Ер салды сонда Қараға.
Езіліп кете жаздады
Жүректегі бауыры.
Баласының тәуірі –
Бала кетті ол жалғыз
Қалмақтайын кәуірге.
Ақ сауытын өңгеріп,
Азын көпке теңгеріп
Бұ да сауыт киіп ап,
Жөнелді сонда артынан
Шыдамады балаға.
Екеуі жауға кеткен соң,
Алпыс жаста кемпірің
Отырып сонда сөйледі:
– Айналайын, Құдай-ай,
Ағара ма көзім, жылай-ай?!
Екі бірдей арыстан
Жауға кетіп барады,
Әулие,шайқы, қолдай көр!
Жалғыз ұлым – Бегіс пен
Сүйініштей алғаным
Сапарын, Алла, жолдай көр!
Екеуінің жолына
Ақ қарабас қой садаға!
Өңкей ердің тұқымы
Осы жолы өшіп қала ма?
Алпыстағы әкесі
Шыдамай, кетіп барады.
Үш атадан келе жатқан
Тұқымы еді үзілмей,
Еріп кетті балаға.
Алты қанат ақ орда,
Ішінде оның иесі жоқ,
Есіркейтін кісі жоқ,
Адыра иесіз бола ма?
Мендей болған бейбақтың
Қуарып жүзі сола ма?
Қарадөң – арғы атамыз
Аруақты ер еді,
Жәрдем бермей қала ма?
Егер жауда екеуі
Өліп кетсе, жазым боп,
Қайғыдан ішім тола ма?
Бақшалы миуа сарайым
Гүлі қурап, сола ма?
Айналайын, жан баба,
Болмаса жар Алла,
Беріп жәрдем бола ма?
Бұрынғыдай кеңес құрылып,
Заманым қайта бола ма?
Көзінің жасы төгілді,
Сөйтіп кемпір жылап отырды.

Баласының артынан
Сүйініш жақын барады.
Қалмаққа тұрып Ер Бегіс
Сонда айғай салады.
Айғайы оның шыққанда,
Жапырылып көп қалмақ
Сонда тұра қалады.
Ер Бегіс жақын қалмаққа
Тура батыр барады.
Қара тасқа қайраған
Балдағы қылыш суырып,
Сонда қолға алады:
– Әй, қалмағым, қалмағым,
Ауыр емес салмағым,
Тістелмесін бармағың.
Жекпе-жекке сен келші,
Бастап жүрген бастығың,
Ноғайменен бар ма қастығың?
Қалмақ, ноғай болғалы,
Жоқ-ты сенің достығың.
Қасыма кел сен менің
Басыңды барып жұлармын!
Екінші қайтып ноғайға
Келмейтін сені қылармын!

Сонда шықты хан Тірсек
Бұл сөзіне шамданып:
– Өлтірмесем сені, – деп,–
Қызығыңды жер көргір,
Жекпе-жекке барамын,
Барсам, басыңды алармын!
Қайратыңды қарармын,
Егер сені өлтірсем,
Артыңдағы халқыңа
Талапайды салармын! –
Деп бір ханың долданды,
Жақын бір келді қасына,
Жақын жетіп келгенде,
Ақ найзасын қолына ап,
Сонда ерлер соғысты.
Айламенен қағысты,
Найза ұстаған қолдары
Екеуінің де қарысты.
Лашын құстай шүйіліп,
Жауатын бұлттай мұнартып,
Бегіс сонда ақырды,
Дауысы жерді көшірді.
Ақ найзасын ол былғап,
Сонда қанға малынды.
Хан Тірсек те өлмеді,
Суырды қайта найзасын.
Бегістейін батырдың
Тауыса жазды айласын.
Сонда ханың ақырды,
Артындағы қалмаққа:
«Келіңдер», – деп, шақырды.
Естігенде дауысты,
Сонда қалмақ жапырды.
Жапырғанда қалмағың,
Бегіс те қарап оларға
Сонда тұрып ақырды,
Аузынан зәрі шашылды,
Аруағы судай тасыды.
Тасада тұрған Сүйініш,
Қасында бар жүз кісі,
Қарт арыстан сияқты.
Астына мініп Қара атын,
Беліне буып болатын,
Ақ найзасын шүйілтіп,
Шыға келді тасадан.
«Сүй» дегенше болмай-ақ,
Хан Тірсектей қалмағың
Жүректен қаны бұрқырап,
Қарсы келіп қалыпты.
Көргеннен соң хан Тірсек,
Кетерін қайда ол білмей,
Қашты сонда далаға,
Қамшы басты Қараға,
Өлері жақын болған соң,
Ұрмай атты бола ма?

Ат үстінде кетіп бара жатып хан сөйледі:

– Қатын-бала, ел қайда,
Туып-өскен жер қайда?
Қаламысың дүние-ай!
Ажал жақын көрінді,
Өкпеден қанның аққаны.
Астыма мінген Қарагер,
Шабысың маған не пайда,
Кете жазды жаным кеудеден?
«Сүй» дегенше болмай-ақ,
Кер ат сонда қарғыды.
«Қарғымайын», – деп еді,
Алдынан бір сай болды кез.
Қарғығанда Кер аты,
Қолынан ұшып кетеді.
Жүзі алмас болаты
Барып жерге тігілді.
Сонда ханың ұшады,
Тесілген сонда жүрекке
Барып сабы ілінді.
Ілінгенде ол сабы,
Үстіндегі мал есі,
Әділ жаннан түңілді,
Осалдығы білінді.
Алыспады Сүйініш,
Аты менен сауытын
Олжа қып ап жөнелді.
Қасында бар жүз кісі,
Ер Бегіске барыпты,
Бегіспенен қосылып,
Жауға ойын салыпты.
Ақ найзасын өңгеріп,
Азын көпке теңгеріп,
Жүрді сонда Ер Бегіс.
Астындағы Қаракөк
Ор текедей орғиды,
Сайға келсе сырғиды.
Үстіндегі Ер Бегіс
Қатар келген қалмақты
Шаншып қатар өтеді.
Қарсы келген қалмақты
Қақ маңдайдан шабады,
Өлтіріп итті салады.
Қасында жүрген жүз кісі –
Олар да жүр ойын сап.
Қалмақ шықты қаладан,
Ығысып шықты далаға.
Көбі жанның өлген соң,
Қашпасына бола ма?
Қырғыншылық көргені,
Қаланың іші қан болды.
Ер Бегіс пен жүз кісі
Қаладан қуып, сандалды.
Шығарды сонда, қарашы.
Сол соғыстың ішінде
Сүйініш те жүреді
Ақ найзасын өңгеріп,
Азын көпке теңгеріп.
Баласын сонда көреді,
Қуанған Сүйініштің
Суалып қалған жүрекке
Қайта күші кіреді.
Айғай салып жауына
О да бірге тиеді.
Қолына алып семсерін,
Қарсы келіп, қалмақтың
Қақ маңдайын тіледі.
Бытырап қалмақ қашқан соң,
Жеңілмесін біледі.
Қарсы шауып жүргенде,
Атасына баласы
Сонда қарсы келеді.
Атасын танып Ер Бегіс
Сәлем сонда береді.
Атасы тұрып сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Айналайын, жан балам,
Қарадан туған, хан балам,
Қалмақ итті қуа көр,
Атаңнан тусаң ұл болып,
Белді бекем буа көр.
Бөлек туған балаға,
Әуелі Алла, екінші,
Әулие жәрдем бола көр.
Тарыққан жерде жебей көр,
Көзіңе іліп елей көр,
Жалғызыма жәрдем бер.
Атамыз едің Қарадөң,
Ерлерді едің жебеген.
Пақыр менен міскінді
Он бесіңде мініп тақ,
Көзіңе алып, еледің,
Сен де жәрдем бере көр!
Баба түкті Шашты Әзіз,
Ұлсыздарға ұл бердің,
Қызсыздарға қыз бердің.
Пақыр менен міскіндер
Жиылып, тілек еткенде,
Қабыл қылдың тілегін,
Сен де жәрдем бере көр.
Көп айтуға шама жоқ,
Қалмаққа қайта тиеді,
Найзаменен шаншып,
Бөрідей сонда іледі.
Тарап кеткен қалмақты
Жалғыздап жүріп қырады.
Ноғайдан келген жүз кісі,
Алпысы оның қалыпты.
Қалғанын алып қасына,
Бегіс пенен Сүйініш
Еліне сонда қайтады.
Еліне сонда келеді,
Қария және үлкенді
Көзіменен көріп ол,
Тасып сәлем береді.
Анасы көріп баласын,
Қасына сонда келеді.
Омырауын ашады,
Бауырына басады.
«Қартайғанда көрген жалғыз», – деп,
Сонда кемпір егілді.
Анасы мен баласы
Қозыдай маңырап көрісті.

Сона кейін арада бірнеше жыл өтеді. Бегісте бала болмай, үлкен кісінің қатарына келіп қалады. Сол елде және өзімен қатар бір кісі болады, сол кісімен Бегіс қияметтік дос боып қояды.
Сол уақытта бір күні Бегіс ата-анасына білдірмей досына келіп, сөйлеп, былай дейді:
– Әй, досым, жас отызға келгенше дос болып, дүниеде өмір сүрдік. Біреуіміз жауап қатпай жүрдік. Мен бір ой ойлап жүрмін. «Осы ноғайдың аш-арығын бағып, соған еңбек сіңірейін» деп едім, соын саған ақылдасуға келдім. Соным қалай болады? – деді.
Сонда досы отырып:
Сенің ол айтқаның дұрыс. Екеуіміз дос болдық, енді жауға барып, кек алалық, Ноғайлының аш-арығына пана болалық. Халықтың қамқоры болалық, – деді.
Сонда Бегіс:
– Олай болса, мен енді көп кешікпен, – деп үйіне барды.

Сонда үйіне барады,
Қаракөктей тұлпарды
Ер Бегіс сонда бағады.
Ақ найза мен қылышын
Тасқа қайрап алады.
Бір алты күн болғанда,
Сонда тұлпар жарады.
Сонда тұрып Ер Бегіс
Атқа жақын барады.
Тұмылдырық, ер, жүген
Атына тегіс салады.
Ілулі тұрған ақ сауыт
Үстіне киіп алады.
Қолға алып найзасын,
Ақ балдақты көк берен
Беліне тарта шалады.
Басына киіп дулыға,
Ер жанына іледі
Қорамса мен садағын.
Атына мініп алады.

Сонда атасы шыға келіп, атқа мініп тұрған баласын көріп, сөйлей бастайды:

Айналайын жан балам,
Айырдан туған нар балам,
Қайда кетіп барасың?
Өлмеші болған атаң мен
Анаңа көзің сал, балам.
Тілімді менің ал, балам,
Сөзіме құлақ сал, балам.
Елің менен жұртыңды –
Оны да еске ал, балам.
Егер тілді алмасаң,
Аман-есен бол, балам!

Мен айтып болдым, – деп, үйіне кіріп жүре береді. Сонда үйінің сыртында тұрып, атасы мен анасына Бегіс сөйлей бастайды:

– Айналайын атажан,
Тіліңді сенің алмасам,
Ойлап келіп мен тұрмын.
Халық, қарындас, атам мен
Бауырына басқан анамды
Асыраудың ол қамын.
Сол себепті, атажан,
Қалмақ пенен ындыстай
Жауға кетіп барамын.
Ноғайдан бір кісі
Қасыма және аламын.
Берші маған атамыз,
Сұрауға тұрмын батаңыз!
Бермесең де батаңды,
Сол қалмаққа кетеміз.
Жауға бармай, атажан,
Бала-шаға, шал-кемпір,
Барсам, соның қамы үшін,
Тұрып мұнда, не етеміз?

Сонда атасы ойлады: «Бұл балам халқы үшін, ата-анасы үшін бара жатса, бұным болмас», – деп, кемпірі мен екеуі келіп, бата берердегі сөзі:

Айналайын жан балам,
Берейін саған мен, – деді, –
Қолыңды жай сен, – деді.
Бегіс аттан түседі,
Қолын жайып отырды.
Сонда шалың сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Әулие, шайқы, пірлерім
Қолтығыңнан сүйесін,
Қысылған жерде демесін!
Қызыр менен Ілияс,
Баба түкті Шашты Әзіз –
Солар болсын панаңыз!
Жолыңды Алла оңғарсын!
Енді, балам, барыңыз,
Түк қоймай, жауды алыңыз.
Жау қалмаққа, жан балам,
Аман-есен барыңыз!

Сонан кейін жолдасы да келіп, екеуі жөнеліп кетеді.

Екі арыстан елінен
Жолға шығып жөнелді,
Ақ найзасы қолында,
Бөкең-бөкең желеді.
Астына мінген ерлердің
Екеуінің де қара еді.
Екеуі де атадан
Жалғыз туған жан еді.
Екеуінің әкесі
Кәрі болған шал еді,
Оларға да қарамай,
Қарындас, халқы қамы үшін
Елден шығып жөнелді.
Маңайында қара жоқ,
Шырылдап ұшқан ауада
Кішігірім құстар көп.
Жапан түзде екеуі
Желе жортып, аяңдап,
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Сонда жүріп келеді.
Арада неше күн өтті,
Келді бір қалың тоғайға,
Бұрын-соңды байқаса,
Аю менен арыстан
Жүреді екен тоғайда.
Сол бір уақыт шағында
Қарсы алдынан арыстан
Шыға келді ақырып,
Көп қамыстың ішінен.
Адамды көріп ол сонда,
Тұрып сонда ақырды,
Дауысы жерді көшірді,
Келе жатқан Бегіске
Арыстан сонда атылды.
Қылышын алып Бегіс те,
Ер еді сондай батыл-ды,
Жұмсап қару, егесті.
Басына қару тиеді,
Тиген қару оңа ма?
Көп ұзамай хайуанның
Сонда үнін өшірді.
Тоғайды қалың қақ жарып,
Сонан шығып жөнелді.
Бөлтірік, қасқыр, аңдардың
Ортасында келеді.
Қорықпады батырлар,
Өздерінде батыл бар.
Бір уақыттар болғанда,
Мидай жазық далада
Бір қатынға болды кез,
Шақырып алып қатынды
Сұрады ерлер сонан сөз:
– Әй, жарқыным, жарқыным,
Мидай жазық далада
Болдың бізге сізде кез,
Маңайыңда ел бар ма,
Ат суарар жер бар ма,
Сұралық деп шақырдық.
Сонда қатын сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Біз бір қалмақ елі едік.
Алдыңызда елдер бар,
Айдынды шалқар көлдер бар,
Сексеуіл мен томары –
Ол аспанға таласқан
Биік сондай жерлер бар,
Және де биік тау да бар.
Арғы жағын сұрасаң,
Хан Тірсектің баласы –
Тобылғы ханның елі бар,
Жасайтын бүгін тойы бар.
Әкесін ноғай өлтірген,
«Әкемнің кегін алам, – деп. –
Сол ноғайға барам», – деп,
Ойлаған және ойы бар! – деп, қатын жөніне кете берді.

Сонда Бегіс сөйледі:
– Әй, жолдасым, жолдасым,
Жолымызды Алла оңдасын!
Іздегеніміз болды кез,
Қыбырлалық біз тез.
Қаласына баралық,
Барып, ойран салалық.
Қаласын шауып алалық, –
Деп ерлер жөнелді.
Бұрынғыдан қаттырақ
Жүріп сондай желеді.
Сол жүрумен отырып,
Екі күнде келеді.
Тобылғы қалмақ бас болып,
Жауына ыза-кегімен,
Ноғайменен қас болып,
Шыққан екен елінен,
Өзінің мекен жерінен,
Аттанған екен ол қалмақ,
Ноғайдағы ыза-кегінен.
Қарсы келді екеуі
Жиылған қалың қалмаққа.

Сонда Тобылғы хан сөйледі:
– Танымадым мен, – деді, –
Жөніңді айтшы сен, – деді.
Түсің сары, көзің көк.
Одан басқа мінің жоқ.
Үстіңе киген темір көп.
Жөніңді маған айтшы,
Білейін сені мен, – деді.
Не болмаса ермісің,
Кек алатын шермісің?
Сонда Бегіс сөйледі:
– Менің тегім – ноғайлы,
Менің атым – Бегіс.
Арғы атам – Қарадөң,
Бергі жағым – Жұбаныш.
Өзімнің әкем – Сүйініш,
Тұқымды едім теп-тегіс.
Қасымдағы – жолдасым,
Қалмақтың келдім қасына,
Жолымды Алла оңғарса.
Іздегенімді сұрасаң,
Хан Тірсектің баласы –
Тобылғы ханның елі еді,
Жүрген жөнім сол еді!

Сонда Тобылғы хан қалмаққа қарап сөйледі:

– Іздегенге сұраған,
Келген екен жауымыз.
Қарап тұрмай қалмақтар,
Қыздырыңдар майданды,
Іс қиынға айналды, –
Деп бір ханың сөйледі.
Сонда тұрып Ер Бегіс:
– Әй, қалмағым, қалмағым,
Тістелмесін бармағың,
Жеңіл емес салмағым.
Жекпе-жекке кел, – деді, –
Қайратымды менің көр, – деді.
Сонда екі батыр
Жекпе-жекке соғысты.
Екі батыр соғысты,
Аттан салып, тоғысты.
Ақ найзасы жарқылдап,
Сонда ерлер қағысты,
Семсерменен шабысты.
Астындағы аттарын
Ерлер сонда сабады,
Шауып жүріп ерлерің,
Белден ұстап алады.
Олар белден ұстаса,
Аттар тоқтап қалады.
Жағаға қолды салады,
Ат үстінде екеуі
Жағаласып қалады.
Сонда тұрып Ер Бегіс
Қылышпен басқа салады.
Тиген соң қылыш басына,
Жығылып құлың қалады,
Иттің күші танады.
Артындағы мың кісі
Тұрып сонда жапырды,
Бегіс пенен жолдасы
Оларға қарап ақырды.
Ала құйын шаң болды,
Көрмегенге таң болды.
Сол бір уақыт болғанда,
Қасындағы жолдасы
Көрінбеді, апыр-ай,
Жүрегі мұздай болады,
Болса да жалғыз Ер Бегіс,
Қалмаққа ойын салады.
Қалмақты сонда шақырды,
Қалмақтан қайрат асырды.
Көрмеді әлі жолдасын,
Қорықты қатты жүрегі,
Кетті ердің реңі.
«Қасымдағы жолдастың
Біткен шығар дәм-тұзы», –

деп ойлап, соғысқан жерге келсе, жолдасы аузынан қан кетіп, жүрегі тесіліп жатыр екен. Соны көрген батыр аттан құлап түсті. Қайта есін жиып алып, түрегеліп барып еді, әлгі кісінің көзінен жасы бұршақтап ағып отыр екен. Қасына барып, Бегіс сөйледі:

– Айналайын Құдай-ай,
Қияметтік досымнан
Мені бүйтіп айырдың.
Жабығып қатты мен келсем,
Ақыл берер осылай,
Ақыл берер досымнан,
Құдай қосқан қосымнан
Айырып бүйтіп қойғаның.
Аңға қосқан сұңқарым,
Қанатын екі қайырдың.
Халық үшін өлгенің,
Шәйіт болып кетесің.
Кең сарайға жетесің,
Бұл дүниеден өтесің.
Аманатын Алланың
Көз алдымда бергенің.
Жарық дүние енді жоқ,
Отың жанған болды шоқ,
Не айтасың ата-анаңа,
Әйеліңе және де?
Сонда досы сөйледі:
– Әй, құрдасым, құрдасым,
Жүрген бірге қосылысып,
Арманда болып барамын.
Артымда менің сұрасаң,
Кәрі атам мен анам бар.
Мен өткен соң дүниеден,
Сол атам менен анамды
Өзімдей қылып кім бағар,
Көңілін оның кім табар?
Бағатұғын кісі жоқ,
Жұрттың онымен ісі жоқ.
Қурады оның сүйегі,
Қарға-құзғынға жем болар,
Тірі болсаң, барасың,
Атам, анам бар болса,
Қабатыңа аларсың,
Өзімдей қылып бағарсың.
Сүрегі бітіп, ол өлсе,
Барарсың оның қасына.
Және де сәлем айтарсың,
Бар болса менің алғаным,
Дүниенің білдім жалғанын.
Енді маған жарық жоқ,
Қараңғы көрге барғаным.
Ішінде оның бар болса,
Не болса да, баланы
Қолыңа сенің берсін ол,
Өзімдей сені көрсін ол,
Қамықпасын, қайғырып,
Барсын қайны халқына,
Бұрынғы түссін салтына.
Рұқсат оған мен бердім,
Жүре берсін дағдына,
Бұрынғы елдің салтына.
Өзімнен үлкен аға жоқ,
Не болмаса, іні жоқ,
Өттің бастан дүние боқ.
Бұрынғының бірі болармын,
Бұл дүние кімнен өткен жоқ!
Өлмей тағы кеткен жоқ,
Қатын менен баласын
Дүниеден көре алмай,
Қарға-құзғынға жем болып,
Қапыда кімдер кеткен жоқ?!
Аман бол енді сен, – деді.
Қағып кірпік өлуге,
Қараңғы көрге жетуге,
Жан досынан айырылып,
Түзеді маңдай кетуге.
Досынан Бегіс айырылды,
Қолындағы баулы ақ сұңқар,
Ол сұңқардан айырылып,
Отырып қалды майырылып,
Қанаты қалды қайырылып.
Отырып сонда, мұңайды,
Мұңайса да, достысы
Өлген соң, қайтып тұрмайды.
Атын сонсоң мініп ап,
Қалмаққа қарай жөнелді.
Шаңы ұйтқып желеді.
Қалмақтың салған қалаға,
Қамшысын басып Қараға
Сонда жетіп келеді.
Келсе адам тараған,
Кемпір менен жас бала
Қалыпты,оны бөлеген.
Аяқ басып тұрары
Қашып-босып жөнелген.
Мыңдаған қой қалған,
Сиыр менен қалды түйесі,
Түйенің жоқ-ты иесі.
Айдауына жарамай
Қалыпты құлын, биесі.
Иесіз жатқан малдары
Айдап алып жөнелді.
Бір жан жоқ қасында,
Айдағанын сұрасаң,
Қалмақтың қой мен түйесі.
Ер Бегіс болды иесі.
Жүруменен отырып,
Баяғы келді құдыққа.
Суарып малын алады,
Баяғы көрген тоғаймен
Қақ жарып өтіп барады.
Бір, екі, үш ай болғанда,
Елінің келді маңына,
Түсірді елдің жанына.
Керегін жұрт алады,
Тоғыз жүз мал қалады.
Баяғы өлген досының
Кемпір-шалы, әйелі –
Үшеуіне – оған барады.
Барып, әйел сөйледі:
– Ер Бегіс, Ер Бегіс,
Тұқымды едің теп-тегіс.
Алған қайда жарымыз,
Ажал жетіп, өлді ме?
Артында оның сұрасаң,
Тігулі орда үй қалды.
Бүкірейіп белдері
Кемпір мен шал қалды,
Жиналған дәулет, мал қалды,
Жас он бесте қосылған,
Қынай белім шешілген,
Мендей болған жар қалды.
Және де қалды титтей баласы,
Алған жарым өлген соң,
Кім болар оның панасы? –
Деп бір әйел егілді,
Көзінің жасы төгілді.

Сонда Ер Бегіс сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Қасымдағы жолдасым,
Ажалы жетіп, ол өлді,
Сен де айырылдың жарыңнан,
Мен де айырылдым ерімнен,
Қатар жүрген теңімнен.
Құтылған пенде бола ма
Алла салған өлімнен?
Жолдасым сапар шегерде,
Тапсырып кеткен өлерде,
Мен айтайын кебінен,
Ата менен анасын,
Іште қалған баласын,
Жан жолдасын сені де,
Тапсырып маған кеткен-ді.
Мен алармын қолыма,
Құдай жазса оңына.
Іште қалған нәресте
Дүниеге келген соң,
Оңын-солын білген соң.
Тұмсықтыға шоқытпай,
Қанаттыға қақтырмай,
Оны да әкеп қосармын
Ноғайлының тобына.
Егескен жерде ел алған,
Қыраннан тартып жем алған
Бегістейін батырдың
Ісі келген оңына.

КӨГІС, ТЕГІС

Бегістейін еріңнің
Жасы отызға келеді.
Әйел таңдап алмайды,
«Ал», – десе де болмайды.
Отырып бір күн атасы
Баласына сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Балам едің сен, – деді. –
Асырадым әлпештеп,
«Қарғам адам болар», – деп.
Сен бір адам болмадың,
«Ал», – десем әйел алмадың.
Атаң келді жетпіске,
Анаң келді алпысқа.
Бүкшеңдеп жұмыс істейді.
Әйел таңдап жастықта
«Қой», – десем де қоймадың.
Сонда Бегіс ұялды
Атасының алдында.
Жігіттің беті қызарды,
Сонда кетті далаға.
Сол жерде бір бай бар еді,
Жалғыз қызы бар еді –
Өз халқына қадірлі,
Қанымша сұлу атанған.
Бегіс батыр барады,
Бұрын айтқан сөзімен
Соны барып алады.
«Әйел алды ер Бегіс»
Дегенді естіп Ноғайлы,
Қалмай бәрі жиналды.
Қыз да келді отауға,
Көбейді қыздар отауда.
Үш күн ұдайы ойын қып,
Тоғыз күн ұдайы жібермей,
Ат шаптырды тойын қып.
Аттар шапты бәйгеге,
Жүз елу қой, сегіз қара
Тігілді сол бәйгеде.
Ноғайлының жандарын,
Тамақ сыйлап, тойғызды.
Арада өтті бір жыл.
Ер Бегістің әйелі
Екіқабат болады.
Тоғыз ай, он күн болғанда,
Еркек бала табады.
Ноғайлы сонда жиылды,
Ақсақал мен қария
«Көгіс», – деп атын қойды,
Және де тойы тарады.
Ер Бегістің досының
Әйелі тапқан ұлының
Атын қойып, қылды той.
Және де тойы тарады.
Ер Бегістің достысы,
Соның бар-ды әйелі.
О да туған бір ұлды.
Оның аты болды «Тегіс», – деп.
Атасы жүріп екеуін
Қияметтік дос қылды.
Ес білмейтін уақтынан
Екі жас бірдей дос болды.
Бірнеше жыл болғанда,
Кішкене екі баланың
Жасы беске толғанда,
Атасы менен анаға
Ермек болды бұл бала.
Жасы онға толады,
Недәуір жігіт болады.
Атасының мініп тұлпарын,
Екеуі соған мінгесті,
Жылқы бақты малдарын.
Жылқышы мен түйеші –
Болды соның иесі.
Бір күндері болғанда,
Ер Көгіс пенен Тегістің
Жасы он бірге толғанда,
Тегістейін жас бала
Анасына келеді,
Келіп сөйлей береді:
– Айналайынанамыз,
Аязды күні айналдың,
Бұлтты күні толғандың.
Дыбысым шықсаол менің,
«Қарағым шошып кетті», – деп,
Бесіктен шешіп, қолға алдың,
Өсірдің жастан әлпештеп.
Атасыз болдым мен неге?
Әуелі бастан жаралдым,
Атамыз қайда, анажан?
Сағынып тұрған атасын
Сорлы болған балапан!–
Деп бір бала егілді,
Көзінің жасы төгілді.
Ол атасын еске алып,
Қабырғасы қақырап,
Омыртқасы сөгілді.
Анасы сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Айналайын жас бала,
Атаңды алма ойыңа.
Атаңды алсаң ойыңа,
Анаң да бірге егілер,
Қабырғасы сөгілер,
Көзден жасы төгілер.
Атаңның айтсам мен жайын,
Ауадағы құстар мен
Жердегі аңда – барлығы
Қайғыланып, көбейер.
Оны білсең, арманда,
Қайғы толар басыңа.
Атаңнан қалған жалғызсың,
Елемес сенің өзіңді.

Солай деп әйел баласына жауап айтып еді, бала: «Ана, неге олай, кім өлтірді?» – деп қоймады.

– Қоймадың ғой, жан балам,
Атаңды мен айтайын,
Қалай кеткен мән-жайын.
Бегіс қатты ер еді,
Атаңменен болған дос.
Қосылып екі арыстан,
Халықтың қамын ойлаған.
Белшеден батып ойларға,
Екеуі кеткен қалмаққа,
Халық үшін мал алып,
Қалмақтан кекті алмаққа.
Қалмақ елге барулы,
Қалмаққа соғыс салулы.
Сол соғыстың ішінде
Атаң өліп кетіпті,
Тар жерлерге жетіпті.
Жылай-жылай сені ойлап,
Дүниеден өтіпті.
Ішімде едің сен сонда,
Арманда болып, келе алмай,
Жарық күнді көре алмай,
Дүниеден кетіпті.
Мәні-жайы осылай,
Сөйлеттің, балам, тосын-ай.
Және де тастап кетіпті
Ер Бегістей досына-ай.
«Арманда сені кетед», – деп,
Отыр едім мен айтпай.
Ақыры айттым, болмады,
Мәні-жайы осылай.
Сонда бала үндемей,
Көгіс пен Тегіс қосылып,
Жылқысына жөнелді.
Жайымен жүріп отырып,
Жылқысына келеді.

Жылқыда отырып, Көгіс Тегістің қайғылы екенін сезіп, досының қасына келіп, сөйлей бастады:

– Әй, досым-ай, досым-ай,
Қайғыланып жүрсің ғой.
Қабағың қату көрінді,
Ұйықтай алмай қайғымен,
Түн ұйқыңды бөлдің бе?
Жас уақыттан екеуіміз
Қияметтік болдық дос,
Сырыңды маған айтшы сен,
Ақылдасып екеуіміз,
Көңіл кірін ашалық,
Көкіректегі қатты қайғыны,
Қайғыланбай, басалық.
Біреу келіп, жан достым,
Көкірегіңе қайғы салды ма,
Бетіңнен иттей алды ма?
Сонда бала жылады,
Айтпады ол сырын.
Көгіс тағы сөйледі:
– Жылама, достым, жылама,
Болса қайғың маған айт,
Қас қылған саған кісіге
Сен үшін отқа жанармын,
Өлімге басты байлармын.
Жылағанмен бола ма?
Кегің кетсе кісіде
Оны да маған айтсаңшы.
Мың кісіге басымды,
Жалғыз да болсам барармын,
Кегіңді сөйтіп алармын.

Бала қайғысын тағы да айтпады. Сонда Көгіс атасына келіпайтады. : «Әй, ата, осы менің досым неге қайғылы, соны білемісің?» – деді.

Сонда әкесі сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Әй, жан балам, жан балам,
Айырдан туған нар балам,
Ол достыңның жылауы:
Көкірегінде оның да
Кетпес кегі бар, балам,
Сөзіме құлақ сал, балам.
Әкесі де оның ер еді,
Өз дегені болмаса,
Кісі дегенін қылмайтын
Сондай артық шері еді.
Өз тұсында о-дағы
Атаңа нәлет қалмақты
Талай сүйреп жеп еді.
Ақылы оның көп еді,
Қасымда талай ол жүріп,
Ақылшым менің сол еді.
Бір замандар шағында
Біздер жауға баруға
Тұлпарды алдық сарайдан
Жеммен тұрған бағында.
Екеу ғана болсақ та,
Көк сүңгіні өңгеріп,
Тек екеу ғана болсақ та,
Елден шығып жөнелдік,
Азымызды көпке теңгеріп.
Халық үшін белді буғанбыз,
Жазық мидай далада
Қаңғырып талай жүргенбіз,
Қалмақтың күшін көргенбіз.
Соғыс салдық қалмаққа,
Сол соғыста жүргенде,
Досым еді ол менің,
Айырылып қалғанмын.
Сол кегі бар баланың,
Сол себептен жылайды.
Баруға жауға ол жалғыз,
Қайғыдан іші толып жүр,
Қуарып жүзі солып жүр.
Менен туған ұл болсаң,
Атаңның жолын сен қусаң,
Қияметтік досыңмен
Жауға бірге барасың.
Не салса Алла басыңа,
Көтеріп өзің аласың,
Тілімді менің алсаң сен,
Дұшпаныңа барасың,
Алып кегін бересің,
Алла салса, көнесің.
Өлімнен аман сен болсаң,
Аман қайтып келесің.
Әне, балам, осылай, –

деп, Бегіс сөзін қояды. Сонда Көгіс Тегіске барып: «Әй, достым, жылқыдан өзің жақсы көрген атыңды ұста», – деді.

Сол бір сөзді естіп
Баланың жүзі кіреді,
Атқа қарай жүреді,
Көп жылқыға барады.
Сол жылқының ішінде
Ала аяқ торы бар,
Соны барып алады.
Басына жүген салады,
Ырғып атқа мініп ап,
Үйіне таман келеді.
Алып барып, ер салды,
Өмілдірік, құйысқан,
Айыл, тұрман бек тартқан.
Құйысқанын қысқартып,
Басына киді дулыға,
Үстіне киді шарайна,
Бәрі жанға ол пайда.
Беліне берен байланды,
Ұстады қолға ақ найза.
Жебесі оның шегеден,
Жебенің ұшын сұрасаң,
Асылы болат темірден,
Шақпақ тасқа егеген.
Көгіс ерге сол бала
«Барамын», – деп жөнелген.
Көгіске сонда келеді,
Келіп, сөйлей береді:
– Әй, Көгісім, Көгісім,
Шықтым үйден мен, – деді.
Жаратып атты мінгенмін,
Саған қарай келгенім,
Жүрмеймісің, жан досым?
Жатырмысың, Ер Көгіс,
Манағы уағда, қай жақта,
Не болды сенің білгенің?
Астыма торы мінгенім,
Жау айласын құртуға,
Жалғыз болсам да, жүремін.
Атаның кегін жіберіп,
Емес пе жақсы өлгенім?
Сонда тұрып Ер Көгіс,
Ұйқыдан тұрып алады,
Тысқары шығып Ер Көгіс,
Тұлпарға жақын барады,
Үй сыртында жүгенді
Сонда қолға алады.
Әуелі салды ерлерін,
Айыл-тұрман, заттарын.
Онан соң салды құйысқан.
Атқа тегіс салады,
Үйге жақын барады,
Керегенің басында
Ілулі тұрған ақ берен
Оны да қолға алады.
Ұсталмаған шарайна
Оны да киіп алады.
Басына киіп дулыға,
Қасабасын қақайтып,
Ақ найзасын өңгеріп,
Алды мініп атына.
Сонда келіп атасы,
Баласына сөйледі:
– Әй, балалар, балалар,
Баталы құл арымас,
Батасыз құл жарымас,
Берейін бата мен, – деді, –
Қолыңды жай сен, – деді. –
Жолыңды Алла оңғарсын,
Әуелі Алла, екінші,
Әулиелер болсын жар!
Қырық шілтен қолдасын,
Жолыңды Алла оңғарсын!
Аршылан болғай панаңыз,
Баба түкті Шашты Әзіз
Сендерді, балам, қолдасын,
Үстіңізге нұр жаусын!
Сонан соң балалар жөнелді,
Көңілдері балалардың
Тасқан судай тасады.
Тек екеуін сұрасаң,
Екі мыңға теңелді,
Елден шығып жөнелді.
Жазыққа шығып алғасын,
Аттың басын босатты.
Астына мінген қос тұлпар
Арандай аузын ашады,
Қырлы-ойлы жерлерден
Кідірмей қарғып асады.
Қарсы келген қабақтан
Қарғып асып барады.
Сексен күндік жолдарға,
Аңдыздайын хандарға
Қырық күнде барады.
Мекендеген жеріне,
Тұрақты тұрған туған еліне
Екі бала келеді.
Келеді де сол бала
Қаланың ішін қақ жарып,
Сонда шауып желеді.
Хан отырған қорғанға
Қарсы келіп қалған соң,
Білдіруге ерлігін
Атқа қамшы басады.
Таңға жақын шақ еді,
Жанына қамшы батқан соң,
Астына мінген Тегістің
Торы сонда асады.
Көгіс мінген көк тұлпар
Тұяғы қызып тұрған соң,
Кідірмей о да асады.
Аңдыздайын хандардың
Бет-аузын шаң басқан соң.
Жатқан ұйықтап ханыңыз,
Түрегеліп қарады.
Екі тұлпар ол мінген
Көрді екі баланы.
Жайымен тұрып хан Аңдыз,
Ол атына барады.
Барад та, ерді салады.
Көгіс пенен Ер Тегіс
Оны біліп қалады.
Сонда жылдам атына
Аңдыз да ерді салады.
Қару-жарақ асынып,
Атқа мініп алады.
Аңдыз атқа мінгенде,
Көгіс те атты жондады.
Ақ сүңгісін өңгеріп,
Жүруге хан да оңталды.

Артындағы досына
Сонда Көгіс сөйледі:
– Әй, жолдасым, құрдасым,
Бір жыл туған мұңдасым!
Қалмақ та мінді атына,
«Барайын», – дедім мен соған.
Жолымды Алла оңдасын!
Сапары иттің оңбасын!
Қызыр менен Қырық шілтен,
Баба түкті Шашты Әзіз
Қасиетті пір еді,
Қолтықтан сүйеп жебесін, –
Деп Көгіс батыр жөнелді.
Ханға жақын келеді,
Аңдыз да артық ер еді,
Өз дегені болмаса,
Кісі дегенін қылмайтын
Қайсар туған неме еді.
Қызылбас пен ындыстан
Оның да жемі көп еді,
Ноғайдан да көп жеп еді.
Ақ сүңгісін өңгеріп,
Бадана көз, берік сауыт
Баса үстіне киіпті.
Ақ найзасын өңгеріп,
Көгіске қарай жүреді.
Көгіс те сонда ұмтылды
Қамшы басып атына,
Ұмытып кетіп найзаны,
Қамшымен ханды бір ұрды.
О да найза салады,
Ақ сауыттан жебесі
Жүрекке кірмей қалады.
Аңдыздайын кәуірді
Қамшыменен ұрғанда,
Басындағы дулыға
Домалап ұшып кетеді,
Қашып ханың жөнелді:
«Басыма қылыш тиеді», – деп.
Есіне түсіп қылышы,
Күміс аппақ балдақтан
Алды сонда суырып.
Қашып кеткен артынан
Қуып сонда жетеді.
Қылышын сермей қалады.
Басына қару тиген соң,
Басы жерге барады.
Ұйықтаған қатын-баласы
Ордасында бар еді.
Жайыменен Ер Тегіс
Қасына барып түседі.
Ақ найзасын оңтайлап
Және де ұстап тұрады.
Үйге сонда қарады,
Ұстап үйді алады,
Көтеріп кеп салады.
Үйдегі қатын-баласы
Шулап келіп жылады,
Сонда қашып барады.
Қорғанның іші қан болды,
Қырылған көп жан болды.
Көгіс пенен Ер Тегіс
Қорғанның ішін алады.
Қорғандағы қалмақтың
Жиылып тұрған әскерімен
Екеуі соғыс салады.
Ақ найзасы жарқылдап,
Көгіс пенен Ер Тегіс
Қалмаққа ойын салады.
Қамалды бұзып кете алмай,
Қамалда қалмақ қамалды.
Көгіс мінген көк тұлпар
Аспанға қарғып ойнайды.
Ұстаған қолға көк найза,
Қалмаққа салса, бойлайды.
Бір қолында ақ семсер,
Сермесе, кеспей қоймайды,
Жүзі қанға тоймайды.
Тегіс мінген Торыны
Аттың қағып топшысы,
Бір кезде Торы құлады.
Өлтіруге Тегісті
Қамалап қалмақ тұрады.
Оны көріп Ер Көгіс,
Қалмаққа жақын келеді,
Жиналған көпті көреді,
Ызаланып Ер Көгіс,
Шыдамады досына,
Қалмаққа қылыш ұрады.
Жиналған көп қалмаққа
Салды Көгіс лаңды.
Ақ найза мен семсері
Қара қанға бұланды,
Талайы аттың сұлайды.
Ішек-қарны ол түскен,
Жылаған көрді талайды.
Сонда Тегіс тұрады:
– Атым, сенен қате болды ма,
Көзім, сенен қате болды ма?
Қылышты дұрыс сермемей,
Қолым, сенен қате болды ма? –
Деп бір тұрып Ер Тегіс
Сонда тұрып сілкініп,
Қайта атқа мінеді.
Қарсы келген қалмаққа
Бүркіттей жазып шеңгелін,
Найзаменен түйеді,
Лашын құстай іледі.
Тегіс, Көгіс тиген соң,
Қалмақтың көбі сілейді.
Қарсы келген ерлерді,
Аларып көзі көрмейді.

Сол қалмақтың ері бар екен, соны қалмақ шақыртып жібереді. Ол қалмақтың ері бес жүз шеру ерлерімен келеді.

Бес жүз кісі қасында
Дулығасы басында,
Ақ найзасы жарқылдап,
Келеді қалмақ қуанып,
Өздерінше олар да
Пірлеріне сиынып,
Ақ сауытын жамылған.
«Аңдыздайын хандарын
Өлтірді, – деп есітіп, –
Ханның жанын ол қорлап»,
Естіп сол хабарды,
Жүректері ердің қабынды.
Астына мінген тұлпарлар
Терлеп қатты, сабылды.
«Осы жол медет берсін!» –деп,
Өздерінше олар да,
Бабасына қатты жалынды.
Қорғандағы көріп баланы,
Сонда ерлер қағынды.
Көгіс пенен Тегістің
Сыртқы түрін қарасаң,
Арыстан мен аюдай.
Арыстан мен ол аю
Екеулесе, қоя ма?!
Аюдайын айбатты,
Арыстандай қайратты,
Жақындап қалмақ қамалға.
Ақ найзаға сүйеніп,
Екі ер тұрды қамалда.
Сонда жақын келеді,
Оларға қарай Ер Көгіс
Жеке шығып жөнелді.

Сонда жүріп қалмаққа

Көгіс батыр сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Әй, құлым-ау, құлым-ау,
Құлдыраңдап желесің.
Ақ найзаңды өңгеріп,
Жеңіп алар кісідей
Қақаңдап сен келесің.
«Алармын», – деп ойлайсың,
Алдырарын қайдан білесің?
Алла тізгін оңдаса,
Әулие, шайқы қолдаса,
Ақ сүңгіні салармын,
Олжаға атың алармын.
Артыңа ерген әскерің
О да маған олжа-ды,
Олжа болар уақытың.
Екі бала болжады:
«Аңдыздайын еріңнің
Басын кесіп мен алдым.
Жан баспаған қорғанға
Ат қарғытып мен бардым.
Шаңырағын үйіңнің
Ортасына түсірдім.
Білгеніңді істей бер,
Аңдызды аттан ұшырып,
Қара жерді құштырдым.
Енді сені жүрдірмен,
Аяғы түгел арғымақ,
Енді сырым білдірмен!»
Жанына тиіп сөз айтты.
Сонда қалмақ ерінің
Көзі құрдай қызарды,
Созылып кірпік, ұзарды.
Қаны қашып, бозарды,
Естігенде бұл сөзді,
Не қыларын білмеді.
Ақ найзаны өңгеріп,
«Жекпе-жек», – деп шабады.

Екеуі сонда алысты,

Ақ найзамен қағысты.
Ат үстінде және де
Ақ семсермен шабысты.
Бастарынан қылыш өтеді,
Сермеген соң қылышты,
Жарқылдамай не етеді?

Артындағы Ер Тегіс

Алладан тілеп тілекті,
Бабасына сиынды.
Досы жаумен жүргенде
Сыйынбасқа қиын-ды.
Сонда тұрып сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Алланың шері – Аршылан,
Ұлсыздарға ұл бердің,
Қызсыздарға қыз бердің.
Жақсы менен жаманды,
Кемітіп бірін тастамай,
Біріне-бірін теңгердің.
Ата тұяқ жалғызға
Кәне, берген жәрдемің?
Жәрдемдесіп, көмек бере көр,
Баба түкті Шашты Әзіз,
Сен де жебеп көре көр.
Қызыр, Ілияс, Қырық шілтен –
Сендер де желеп-жебей көр.
Атаңа нәлет қалмақтың
Тілегенін бермеді.
Екеуі тағы алысты.
Иірілісіп қол да тұр
Қалмақтың тілеп тілегін.
Сол уақыт болғанда,
Бабасы жәрдем бергендей
Бауырын жазып қылыштың,
Дұшпанына сермейді,
Құшырланып қайрат кернейді.
Аллалап ұран шақырып,
Дұшпанды сонда шабады.
Екпінімен тиген соң,
Дулығаға қарамай,
Басын кесіп салады.
Айырылып екі қалады
Қолбасшысы өлген соң,
Қалмақтарды сонда жапырды.
Тегіс пенен Ер Көгіс
Оларға қарай ақырды,
Құйған судай сапырды.
Ақ найзасы жарқылдап,
Айғай дулап көбейді.
Езілген қанның ішінде
Қамшы басып атқа жебейді.
Өшігісіп алған соң,
«Қырылды қалмақ», – демейді.
Бір мезгілдер болғанда,
Боғы аралас қан болып,
Жердің үсті толған соң,
Тегіс пенен Көгістен
Сонда қалмақ ығысты.
Аттары болып қан мен тер,
Қалаға азы қашады,
Қысылып жаман сасады.
Екі бірдей жас балаға
Бабасы жәрдем болған соң,
Шері мен жындай басады,
Аруағы асады.
Қашқандардың артынан,
Қылышын алып қолына,
Көгіс пенен Ер Тегіс
Қалмақтың түсті соңына.
Сол жағы оның тау еді,
Қуа-қуа қалмақтың
Шықты ерлер оңына.
Әкеліп тауға қамады,
Қамаған соң қалмақтар
Аттан түсе қалады.
Қашты қалмақ еңбектеп,
Былғанып жерге көлбектеп.
Қайтсе-дағы жоқ дүниеде,
Тіріден қиын өлмек-ті.
Бұтаны жүр тасалап,
Көтеріп басын елбектеп.
Сөйтіп қалмақ жүргенде,
Талайын соның өлтірді,
«Міне, саған өлмек!» – деп,
Сонда бірі қалады.
Бақадайын тырбиып,
Өрмелеп тауға барады.
Сонда тұрып Ер Тегіс,
Садағын қолға алады,
Керіп алып, тартады,
Қалмаққа сонда жетеді.
Оқ қалмаққа жеткен соң,
Кеудеден шығып шыбын жан,
Құмары иттің тарқады.
Қалмақты қырып болған соң,
Қалмақтың салған қалаға
Екі батыр тартады.
Жеңген соң ерлер қалмақты,
Астына мінген тұлпар-ды,
Ұмытып кетіп жортақты,
«Жанына тыныш болсын», – деп,
Торыша мен Көк тұлпар
Жорғасымен серпеді.
Қалаға таман келген соң,
Сыртындағы қаланың
Өлтірді иттің нешеуін.
Қиратты иттің есігін,
Өлтірмеген тек қалды
Кемпір-шалы, мешеуі,
Баласы мен қалды шағасы.
Бұрынғы күні қайда-ды?
Аяғына батып тас,
Қалмақтың соры қайнады.
Күндіз-түні жол жүрді,
Есебі жоқ мол жүрді.
Өтіп таудан барады,
Және жақын келеді.
Ұзын бұлақ, көлдерге
Сиырменен жіберді,
Су ішіріп алады.
Суарылып болған соң,
Және кетіп барады.
Бір мезгілдер болғанда,
Еліне сонда салады.
Жесір менен малдарды,
Елге барып береді.
Атасы көріп бұл ісін,
Баласы қасына келген соң,
Ұлан-асыр той қылды:
«Қарағым жігіт болды, – деп, –
Қатарыма енді, – деп, –
Елдің қамын білді», – деп.

Сонан соң той тарап, халық бұрынғы халінде өте береді.

 

ТАМА

Көгістен Тама туады,
Он жасына толады.
Жүгіріп асық ойнады,
Үйіне көп келмеді.
Асық ойнап ұтылса,
Төбелесіп тартып алады.
Бала біткен қоймады,
Бәрін ұрып сабады.
Бір күндері болғанда,
Балалар кеңес құрады:
«Асығын біз бермелік,
Төбелесті бір салайық».
Тама барды далаға,
Асық ойнап балаға.
Балалар қарап тұрмады,
Қамалап алып сабады,
Асығын тартып алады,
Асығын алдырып балаға,
Енді тұрмай далаға,
Жылап барды анаға.
Сонда анасы сұрады:
– Қарағым, неге жылайсың,
Бір кеткесін ойынға
Қайта үйге келмейсің?
– Шаршадым, ана, мен-ді, – деп,–
Асық ойнаман енді, – деп,
Ойға түсіп бұл бала
Орнында жатып қалады.
Әкесінің жасында
Жауға мінген торы бар,
Ерліктің сонда қоры бар.
Ол баланың көңілінде
Бір түрлі ақыл-ойы бар.
«Айтсам атты бермес, – деп,–
Қару менен жарақты,
Киім менен кешекті
Менен жасырып қояр» – деп,
Ойлайды сонда ақылды.
Әкесі менен анасы
Ұйықтап үйде жатқанда,
Күннің көзі батқанда,
Көтеріп басын алады,
Төңірекке қарады.
Үстіне киім киінді,
Отыруға қиын-ды.
«Киінбей енді не етем? – деп, –
Ер белгісін етем, – деп,
Ойлаған екен бір ақыл, –
Басқа жаққа кетем, – деп. –
Күнде жеп таяқты
Балалардан не етем?» – деп,
Үйден шығып жөнелді.
Байлаулы тұрған тұлпарды
Ерттеп мініп алады.
Шылбырға жібек байлады,
«Жүрейін», – деп сапарға,
Кетуге бала сайлады.
Бар киімді кигесін,
Найзаны қолға алады,
Атқа мініп қалады,
Көлденең тартып есікке,
Бала сонда барады.
Ат дүбірі шыққасын,
Есіктен кемпір қарады,
Төсекте жоқ баласы.
Далаға шығып қараса,
Тұлпар мініп баласы
Келіп тұрған, қарашы.
Кейінірек тұр екен:
«Шешем ұстап алар», – деп,
Ойлаған сұмдық айласы.
Сонда кемпір сөйледі.
Сөйлегенде не деді?
– Сабыр қылшы, қарағым,
Бізді тастап далаға
Қайда кетіп барасың?
Жатырмысың, бейшара,
Жауға аттанып барады
Жалғыз туған балаңыз.
Басыңды көтер, жолдасым,
Балаңызды қараңыз.
Алып қару-жарағын,
Алыс жолға кетуге
Секілденген балаңыз.
Сонда әкесі сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
– Ақ сұңқар едік қу алған,
Ақтан пәрмен бұл болса,
Дарияда тасынған суалған.
Сен дүнииеге келгесін,
Мен едім, балам, демалған.
Берейін батам мен енді:
Алла оңғарсын жолыңды!
«Ермегім», –деп жүр едім,
Өлгенімше мен, – деді. –
Барасың жолға сен, – деді, –
Шамаң келсе тез келші,
Кетпесем өліп мен, – деді. –
Атқа бір мініп алғасын,
Қайырылар ма ер жігіт,
Жолың болсын, қарағым!
Рүстем-Дастан ер еді,
Алланың шері – Аршылан,
Омардайын шаһид жар,
Тарықса жәрдем бер, – деді. –
Жеті ғайып, Қырық шілтен,
Перзентімді тапсырдым
Жақсыларға мен, – деді. –
Құр ерліктен пайда жоқ,
Айла ойла сен, – деді. –
«Айласыз ер тез өлер»
Деген бар-ды қашаннан.
Талай жауға мен бардым,
Жапанда жалғыз мен өзім
Қызылбас пен қалмақтан,
Ындыстан барып ел алдым.
Шамаң келсе, қарағым,
Дұшпаныңа көп тұрма,
Жауап айтып, жолығып.
Ер жігітке алыс жер,
Атқа мінсе жақын-ды.
«Жақынмын», – деп айтса да,
Жақын көрме кәпірді.
Кез келген жер тау болар,
Қалмақ пен ындыс жау болар.
Бұрын-соңды жерің-ді,
Тыңда менің кебімді.
Шамаң келсе, перзентім,
Жауға берме еліңді.
Қалмақ деген қатты жау,
Жіберме оған кегіңді.
Асылың артық ер, – деді, –
Тапсырдым Аққа мен, – деді, –
Саламат бол, сен! – деді.
Азық-түлік қолға алып,
Жүре берді қозғалып.
«Жүрген жердің арасы
Төрт айлық жол – деп ойлады, –
Осы екен, – деп, – шамасы».
Сол кеткеннен көп жүрді,
Қисапсыз жолда мол жүрді.
Таудан тауға асады,
Жазыққа аяқ басады.
Орғыл-орғыл құмдарға,
Жаһан жоқ сөзін тыңдарға.
Жол шамасын білмеді,
Қатты жүріп шыңдарға,
Тауды жүрді жағалап,
Арасын көрді аралап.
Төрт айға күні толғанда,
Қалмақтың көрді қарасын,
Атаның сөзін ойлады,
«Білейін, – деп, – сол жаудың
Азды-көпті шамасын.
Бар ма екен онда әскер, – деп, –
Қалай екен қаласы
Білейін, – деп, – ойлады, –
Ол қалмақтың шамасын,
Мықты салған қаласын».
Жайылып жатқан бұл көрді
Қалмақтың баққан түйесін.
Түйенің келді ішіне,
Баққан малдың қасына.
Нармая мен нар екен,
Ішінде бір шал бар екен.
Шалға таман келеді,
Келіп, сәлем береді:
– Жасың үлкен бабасың,
Біз – бір жүрген жолаушы,
Сізге келдім қыдырып,
Тұра қалдым кідіріп.
Сіздің қайда ел? – деді, –
Ел көрмеген пақырмыз
Қаңғырып жүрген біз, – деді. –
Менің жоқ-ты азығым,
Ашып тұр менің қарыным,
Жақын жерде ел бар ма?
Аш-арыққа беретін
Осы жерде мал бар ма?
Сонда шалың сөйледі:
– Жақын жерде ел де жоқ,
Қашығырақ ел, – деді. –
Елге барсаң тоясың,
Сұрағанды қоясың,
Біз – қалмақ деген ел, – деді. –
Берік еді қаламыз,
Салынған мықты қашаннан,
Мекендеп жатқан ел едік,
Біздер түгіл, бұрыннан,
Балам, жөніңді сен айтшы,
Келе жатсың қай жақтан?
Емессің қалмақ сен, – деді, –
Жеріміз жазық, дөң, – деді. –
Араласып сен барма
Біздің елге бейшара.
Аралап барсаң елдерді,
«Кімсің?»– деп сені қыстайды,
Жібермейді, ұстайды.
Ұстағасын байлайды,
Кете алмай сорың қайнайды.
Біздің патша – ханымыз
Алты қатар ор қазған
Қарғып жылқы өтпестей,
Ішіне оның тор жайған,
Түскен шығып кетпейді.
Ар жағын қойды жебелеп,
Қозғалмастай бекітіп,
Жебесін қойды шегелеп,
Қаласы биік, орлаған,
Төңірегін сөйтіп зорлаған.
Оры биік, қалың-ды,
Осындай қайрат жасаған
Ханымыз мықты, залым-ды.
Дарбазасы темір-ді,
Күні-түні бағулы,
Күннің көзі батқасын,
Бекітіп есік, жабулы.
Ханнан бұйрық бұл болса,
Күннің көзі шыққасын,
Есікті ашып қояды.
Жас баласың сен, – деді, –
Ішінде көп әскері,
Бір мың кісі қол, – деді. –
Бағулы тұрған әскері
Онан көп емес сол, – деді. –
Күн сәскеге толғанда,
Өзі шығып басына,
Бір кісі ертіп қасына,
Қарауылға шығады.
Тілімді алсаң, жас бала,
Сен бармағын қалаға.
«Қарным ашты менің», – деп,
Қалма, балам, бәлеге.
Қара бауыр қалмағым,
Тістерсің сен бармағың.
Тілеуші емес сен, – деді, –
Талайды көрдім, мен, – деді. –
Қорқып тұрмын бір түрлі,
Түрің басқа сен, – деді,
Шал осылай сөйледі.
Тама сонда айтады:
– Бұрын туған қарасам,
Ата, сіздің түріңіз.
Жақсы-жаман көп көрдің,
Олай деп айтпа сөзіңіз.
Бекіткен болса беліңіз,
Шамалы жерде бар болса,
Хабарлаңыз еліңіз.
Мен – ноғайлы деген, – деді, –
Іздегенім сұрасаң,
Қалмақ деген ел еді.
Тұр едім сұрап еліңді,
Тыңдамаймын айтқан кебіңді.
Егер жалған сөйлесең,
Өлтіремін өзіңді.
Рас айтқан секілді
Көремін сіздің сөзіңді.
Осы арада жүремін
Нарыңа мін де, желе бер,
Еліңе хабар бере бер.
Бес күннен кейін бұл қалса,
Мен барамын қалаға.
Іздеген жерге жеткесін,
Қалаға бармай не етемін,
Жолықпай қалай кетемін?
Бұл қалмақтың көрермін,
Шамам келсе қаласын.
Өлмеймін десең, бейшара,
Тез еліңе хабар сал.
Сөйледі де өтеді,
Жағалап сонан кетеді.
Бір жағында дария
Ағып жатқан суы бар,
Оның қалың нуы бар.
Жазық дөңді қарасаң,
Киік, құлан аңы бар.
Ол жазықты қараса,
Таутеке мен аңы бар,
Сексеуіл, жыңғыл нуы бар.
Батыр шығып кеткесін,
Шалың нарға мінеді,
Бір түрлі ақыл біледі.
Елге хабар беруге
Нарға мініп жүреді.
Желіп сорлы жөнелді,
Бір күн, бір түн бұл желіп,
Қаласына келеді.
Сәскеге күн толады,
Жеткен шағы болады.
Жабулы тұрған есігін,
Күн шыққасын ашады.
Ішке кіріп алады,
Хан ордасына келеді,
Келе сонда сөйледі.
Жібермеді хандарға
Сыртта тұрған әскері.
– Кейін тұр, құрғыр сен, – деді,
Жібермейміз біз, – деді.
Түйе үстінде отырып,
Сонда шалыңыз сөйледі:
– Бағып едім түйе мал,
Түйеден келген мен бір шал.
Жасым жетіп меңдеген,
Келдім жаным өлмеген.
Жайдақ мініп мынау нар,
Тек өлмеген жаным бар.
Жас қана келді бір бала,
Астында қатқан аты бар,
Қолында қару заты бар.
«Барам, – деді, – қалмаққа,
Көрем, – деді, – қаласын,
Білемін, – деді, – шамасын»,
Өзі – ноғай баласы.
«Хабар бер елге сен, – деді, –
Келдім іздеп мен», – деді,
Естігесін бұл сөзді,
Ханға келдім хабарға,
Құлағына саларға.
Рұқсат етсеңіз сіз, – деді, –
Барар едім ханға мен, – деді.
Сонда рұқсат береді
Есікте тұрған қарауыл:
– Бара бер, – деп, – хандарға,
Артық туған жандарға.
Сонда шалың кіреді,
Хан алдына келеді,
Келе сөйлей береді:
– Асыл туған, сұлтаным,
Байлауда бар ма тұлпарың?
Түйе бағып жүргенде,
Қасыма келді бір бала.
Өзі қызық тамаша.
«Бес күннен соң барамын,
Іркілмей», – деді қалаға,
Ие болатын секілді
Біздің жиған қараға.
Өтірік емес бұл сөзім,
Жадыңызға алыңыз, –
Деді де шал жөнелді.
Ханыңыз сонда сасады,
Түсі кетіп қашады.
Қасына әскер жинады,
Отырып кеңес құрады:
– Келер деген жоқ едім
Қаңғырған ноғай баласы.
Ерлерім, мұнда келіңіз,
Қаңғырып келген ноғайдың
Кесіп басын алыңыз,
Елге хабар салыңыз,
Жинап әскер алыңыз.
Түйеші шалға барыңыз,
Содан сұрап алыңыз,
Кідірмей, соған барыңыз.
Жалғыз жүрген жан болса,
Басын кесіп алыңыз.
Әскері қалмай жиналды,
Қару-жарақ асынып,
Аттанып жауға шығады.
Таудың шықса басына,
Шаң қарасын көргесін,
Шыққан екен батыр да
Жазық жердің даласын,
Ен майданда көруге
Бұл қалмақтың шамасын.
«Тау майданда ұрыссам,
Атқа қорлық етер, – деп, –
Егер қорқып ол кетсе,
Сай-салаға жасырынып,
Ұстатпай құрғыр кетер, – деп. –
Көрейін, – деп ойлады, –
Жердің жазық даласын».
Ен майданда көрінді
Бір адамның қарасы.
Жалғыз қара көргесін,
Заңғар қалмақ қуанды.
Шабуылды салады,
Бірінен-бірі бұл озып,
Жалғыздап кетіп барады.
Қалмақ қатты шапқасын,
Жазыққа қарай шегінді.
«Қашқан екен ноғай, – деп, –
Жеткізген екен Құдай», – деп,
Атқа қамшы басады.
«Мен бұрын ұстап алам», – деп,
Бірінен-бірі асады.
Майданға шығып алғасын,
Қайырылып батыр тұрады,
Ат құйрығын өреді,
Жау келгенін көреді.
Жалғыздаған қалмақтың
Алды жетіп келеді,
Келе ақыра береді:
– Қаңғырған, ноғай, сен, – деді, –
Атыңды бізге бер, – деді. –
Адыр да жоқ, бұдыр да жоқ,
Өлесің, ноғай, сен, – деді.
Осылай деп қалмағың
Ақыра келіп сөйледі.
Сонда батыр сөйледі,
Сөйлегенде не деді?
– Атаңа нәлет, қалмағым,
Тие ме осал салмағым,
Жеңіл тимес бармағым.
Ат беретін мен емес,
Алуға келдім қалаңды,
Көруге келдім шамаңды,
Танырсың енді балаңды.
Аттың басын бұрады,
Айнала қарап тұрады,
Жасқанбайтын қалмақтың,
Келсе де жалғыз жапырып,
Айтса да сөзді ақырып,
«Айтқан сөзі қатты, – деп, –
Қалмақтың сөзі батты, – деп. –
Ілгері келген жалғызға
Қарсы шапты қанат, – деп, –
Аяқта бар-ды болат», – деп,
Найзаны алды үйіріп,
Тоқтамады кідіріп,
Әуелгі келген жалғыз-ды
Аспанда аққан жұлдыздай,
Ақ сүңгіні алады,
«Дәмең болса, келші», – деп,
Батыр қарсы барады.
Іркілмей бұл қалаға
Батыр барып қалады.
Салып қалды найзасын,
Қалмақ тапты пайдасын.
Жұтқыншақтан бұл салды,
Қақалып қалмақ бұл қалды.
Басқа жерге салмады,
Жұтқыншақтан салғасын,
Өтпей найза қалмады.
Қалмақ жаман қақалды,
Өлімге жақын тақалды.
Жасы үлкен неме екен,
Үйінде отырғанда үлкен ер екен,
Батыр сонда шындады,
Алдыңғы келген жалғызды
Жақсы қылып сыйлады.
Екі қалмақ қашады
Ханға хабар берерге:
«Ноғайдың көрдік баласын,
Қолында бар-ды найзасы,
Көп екен оның айласы».
Мұны естіп ханыңыз,
Тағы да әскер жинады,
Мың кісі бар шамасы.
«Енді қайрат етіңіз,
Жауға барып жетіңіз,
Өлтіріп оны келіңіз», –
Деп әскерін жіберді.
Таманың мінген қарааты
Аспанға қарғып ойнады.
Жан-жағына батыр қарайды,
«Етемін, – деп, – үлкен той,
Қай жағынан барам?» – деп,
Тұрып ақыл ойлады.
Қалмаққа жақын барады,
Іркілмей қарап тұрады.
Сонда қалмақ сөйледі,
Сөйлегенде не деді?
– Жолдассыз жүрген дарасың,
Жылқының міндің қарасын.
Кез келіп көп әскерге
Қалай өлмей қаласың?
Сөйлегеннен пайда жоқ
Құр тіліңмен тақылдап,
Әскер қалды жақындап,
Жасы жеткен мен – бабаң.
Қой емес келген бұл адам,
Келе ме маған бұл шамаң?
Алмастан бар-ды қылышым,
Тарылушы еді ноғайдың
Маған келген тынысы.
Сен бір жүрген ноғайға,
Келдің, байғұс, қолайға.
Жері бір жазық даласың,
Құтылып қалай қаласың?
Жақындап тұрған бұл әскер
Қылыш пен бар-ды найзасы.
Бәрінің қару алғаны
Бір ноғайдың пайдасы.
Алмас кеспей қоя ма,
Мынау жатқан залым жер
Төгілген қанға тоя ма?
Самсыған көп әскер
Бір ноғайды қоя ма?
Сонда бала сөйледі:
– Ноғай деген – мен, – деді, –
«Құр кетпеймін», – деп мақтанба,
Шамалы болар қайратың.
Қыбырлаған жан көрдім,
Сендей неше шал көрдім.
Көк жебені қолға алсам,
Жоғаларсың, қалмақ, долдансам.
Кел берірек тебініп,
Енді қашпа шегініп.
Бастарың қалар домалап,
Қандарың қалар төгіліп.
Батырдың аты кідіріп,
Басқан жерде тұрмады,
Атқан оқтай зырлады.
«Жасың жеткен шалсың, – деп, –
Былғап қылыш қалшы», – деп,
«Шүу» дегенде бұл салды
Ол қалмаққа найзасын.
Қалмақтың болды пайдасы,
Аз емес еді айласы.
Қанса да қанға тоймады
Қылышы мен найзасы.
Қорамсаға қол салды,
Қозы жауырын оқ алды,
Жұмсады батыр болатты,
Қарамады көбіне
Тоқталмады қалмақтың
Жасаған айла-ебіне.
Біреу емес бірнеше
Адамнан оқ өтеді.
Суырып алып қылышын,
Қалмақтың алды басын-ай.
Келген қырғын тоқтатпай,
Қысқартты олардың да жасын-ай,
Қалмаққа түсті жасындай.
Бір күн, бір түн соғысты,
Қалмақпен қатты тоғысты.
Түн ортасы болғанда,
Шегініп қалмақ, тарады.
Ай қараңғы, күн бұлт,
Алды-артына бытырап,
Қалмақтар қашып барады.
Ағарып атқан таң болды,
Таң бозарып атқанда
Жердің жүзі көрінбей,
Белгілі аппақ шаң болды.
Көп әскерді жіберіп,
«Тағы да әскер жиям», – деп,
Үйде қалған хан болды.
Бұқарасы қаптады,
Екі мың әскер жинады.
Жалғыздап қашқан қалмақтың
Қарасын ноғай қоймады.
Астындағы тұлпары
Қашқанға қуып жетеді.
Ұшқан құстай болады,
Жер басқанды қоймайды.
Ұшқан құстай болмай ма?
Ұшпа биік тау келсе,
Басынан ырғып асқандай,
Түбі терең сай келсе,
Онан да қарғып асқандай.
Енді ханың сасады,
Түсі кетіп, қашады.
Көп емес еді ақылы,
Ханға жауап айтады
Сол күндерде қатыны:
«Отырма, ханым, сен, – деді, –
Бар темірді ки, – деді. –
Темірден қару өте ме,
Бір адамның баласы
Үш мың кісі әскерге
Жалғыз қайрат ете ме?
Сіздің мінген Бозшұбар
Аяғы төртеу жете ме?»
Сонда ханың қарады,
Ол бір сөзге мақтанып,
Атқа мініп алады.
Темірден киім киеді,
Жинаған екен ол көптен
Бұйым менен темірді.
Мініп алғасын Шұбарды,
Қалада тұрған әскердің
Бәрін айдап шығады.
Тұр екен қашып, қорғалап,
Хан шыққасын ақырып,
Бәрі де жүрді жапырып,
Екі мың кісі артынан
Бір мың кісі әскермен
Бұ да қуып жетеді.
Жақындап жетіп келгесін:
«Кідірің, әскер, сен, – деді, –
Барайын оған мен, – деді. –
Маған ешкім болмас тең, – деді, –
Қорқып жүрсіз-ау, қалмақ, сіз», – деді.
Хан бір келді шұбармен,
«Мен ақырсам, ноғайдың,
Қорқып, жаны шығар», – деп.
«Қаңғырған жалғыз, сен, – деді, –
Дәмең болса, кел, – деді. –
Астана жұртты билеген
Патша едім мен, – деді. –
Маған болатын ба еді
Осы ноғай тең?» – деді.
Сонда батыр сөйледі:
– Жасқанатын мен бе едім,
Сұрама байтақ елімді.
Тыңда менің кебімді,
Мен ноғай деген ел едім,
Елден шыққан ер едім.
Асыл туған төре едім,
Азулы туған бөрі едім.
«Ындыс пенен қалмақты
Талқандармын», – деп едім.
Іздеп сенің мен келдім,
Заңғар қалмақ, қалаңды.
Жібересің сен өзің
Бөлек-бөлек адамды.
Әлі білмей жүрмісің,
Қалмақ, байғұс, шамаңды,
Билеген қалмақ сен едің,
Сен баяғыдан артық ер ме едің,
Тұрамыз ба сөз сөйлеп?
Болсаң артық ер, – деді. –
Қапы қалма, хабарла,
Қайратың болса тең, – деді.
Астында мінген қара атты,
«Шабайын», – деп жөндеді.
«Шүу», – деп атқа тебінді,
Жалмауыздай емінді.
Суырып алып: «Алмас, – деп, –
Шапсам, кеспей қалмас», – деп,
Ақ алмасты қолға алды.
Қарсыласты екеуі
Бір-біріне алмаспен.
Батыр киген дулыға,
Үстінде бар-ды шарайна
Екі темір қос қабат,
Екеуінен өтпеді,
Етіне ешбір жетпеді.
Алдында тұрған қалмақты
Бір таяқтай көрмеді.
Басы түсті домалап,
Хан жығылды омалып,
Қалмақ шапты қамалап.
Қалып жатыр бастары
Бұл қалмақтың жұмалап.
Хан жығылып қалғасын,
Даусы күндей күркіреп,
Қалмақтар қашты дүркіреп.
Қалмаққа алмас сермеді,
Шеніне қалмақ келмеді,
Жасқанатын ер ме еді?!
Төбесі шоқты қалмақтың
Талайы кетті тереңге.
Үйдегілері торықты,
Талайы оның қорықты,
Арылмайтын тұманға
Қалмақ халқы жолықты.
Ағарып таң атқанша,
Қалаға қашты қалғаны.
Артынан қуып жетеді,
Оны да шауып,қырады.
Қалмақтың қалды қаласы,
Шұбырды қатын-баласы.
Айдағасын, көп халық
Бола ма оған шамасы.
Жері қашық сол еді,
Айдаған қалмақ қор еді.
Қорлығының мәнісі
Саны жоқ, байтақ көп еді.
Айдағасын, жер алыс,
Қалмаққа болды бір шабыс.
Батыр жүрді жағалап,
Ақошан мен Қанжыға
Ноғайлының елі еді,
Елдің шеткі жері еді.
Ел шетіне келгесін,
Ноғайға хабар салады.
«Алыңыз, – деп, – олжаны»,
Жан-жаққа батыр қарады.
Асыл туған ер еді,
Артық туған төре еді,
Қызықсын ба олжаға?
Ноғайға бөліп береді.
Алдынан шықты анасы,
Келгесін елге баласы.
Алдынан келді атасы,
Келген соң жалғыз баласы.
Мерекелеп той қылды.
Тама батырдың соғысып,
Қалмақты алған жері осы болды.

 

ТАНА

Тананың жасы қырыққа толғанда бәйбішесі отыз бесте еді. Тана ордасынан түсіп келгенде, бәйбішесі алдынан шығып, жылап айтқаны:

– Асыл туған сұлтаным,
Асылың артық жаралды.
Толы халқың жүзіңе
Сіздің айтқан қарады.
Отыздың келдім бесіне,
Қайғы түсті есіме.
Он бесімде қосылдым,
Алғаннан соң жұбайым,
Ернің жібіп сүйетін
Бір перзентті бермеді-ай,
Барша маған Құдайым.
Жиырмаға жасы толғанның
Нешесі болды балалы.
Көтеріп келіп: «Балам, –деп, –
Қарағымды қара», – деп,
Қыдырып келген әйелдер
Отырады қарсыма.
Баласына жұбанып,
Мен отырмын қуарып,
Туған менен бала жоқ,
Ісіне Ақтың шара жоқ.
Кетіп есім мендеген,
Қанар ма екен сусыным
Бұл жалғанда шөлдеген?!
Шағынып сізге жылайын,
Дәуренім өтіп барады.
Жар болмаса Құдайым,
Қауіп етемін дүниеден:
«Осылайша өтем, – деп, –
«Жалғанға қалай жетем?» – деп,
Шағынамын сіздерге.
Қаһар етіп, сұлтаным,
Кейімеңіз біздерге.
Төңірекке көз салсам,
Сізде де аға-іні жоқ
Не шараң бар Құдайға?
Жас келеді көзіме,
Ол шыдамай жыларға
Емеспіз ғой біз-дағы
Жүдә, ойламай шыдарға.
Адамнан болған іс болса,
Етер едің, сұлтаным,
Бір жайыңа пайданы,
Жасар едің айланы.
Жау жолында мінілген
Астыңдағы күреңің,
Таудай еді жүрегің.
Не шара бар Аллаға
Кім тоқтайды дүниеде?
Егер бітсе сүрегің,
Дүниеден өтерсіз.
Қыдырып барып, көрермін
Әлдекімнің есігін.
Қысқартпағай бір Алла
Сіздей жанның нәсібін.
Қаңғырып кімнің ашармын
Мен ғаріп жүріп есігін?
Хан мен тұрса қараңыз,
Бек пен тұрса шораңыз.
Ойламаңыз еш нәрсе
Өзіңіз кетсең дүниеден
Кім ие болар деп қалаңыз?
Үлкендік жетсе бұзылар,
Мұндай болмай реңің.
Бар болса орнында,
Бермес еді ініңіз.
Жоқ еді ешбір мініңіз,
Алды-артыңды бұл ойлап,
Сұлтаным, өзіңіз біліңіз.
Толыққан дүние секілді
Барады-ау өтіп бұл дүние
Жиырма-отыз күніңіз.
Қырықтан астың, сұлтаным,
Өлмейтұғын дүниеде
Шайтаннан басқа ынсан жоқ.
Жеті ғалам патшасы
Өткен екен Іскендір,
Ол жиырма бес жасында,
Аға-іні жоқ қасында,
Шеше менен қатары.
Әзірейіл келгесін
Жүре бермек тартылмай.
Сол секілді патшалар
Перзентсіз өтті дүниеден,
Ешкімі жоқ артында-ай.
Ол бір Қаптың тауында,
Қап тауында моласы,
Жоқ екен туған баласы.
Солар да өтті дүниеден,
Сұлтаным, байқап, қарашы,
Сіз кетсеңіз дүниеден,
Біздің болар арманым.
Алла нашар жаратты,
Неге келсін менің дәрменім?
Жасты алмас демеңіз,
Солар да өтіп дүниеден
Жиырма бесте қалғаны.
Сіз секілді асылдың
Құлағына салғаным.
Ризамын Аллаға
Асылды сіздей бергенге.
Қуанып едім, сұлтаным,
Дидарыңды көргенде.
Менің сөзім сынадың.
Бұл дүниеде керегі
Адамзаттың баласы.
Айыпты ғой бұл дүние
Тек бір күн өтіп қалады.
Осылай деп бәйбіше
Құлағына патшаның
Отырып сөзді салады.
Сол жауапты айтқанда,
Жеп отырған тамағы
Тамақта тұрып қалады.
«Мынау қалай айтты?» – деп,
Бәйбішенің бетіне
Хан сонда тура қарады.
Бәйбішеге жауап табады:
– Байтақ жатқан ноғайлы,
Ноғайлының ішінен
Таңдап жүріп, сізді алдым,
«Болар, – деп, – бізге қолайлы».
Бермесе де шара жоқ
Бермейтұғын Құдай-ды.
Адам болса, бұл тартып,
Шама келсе алар ем.
Жақын жерде Алла жоқ
Соған іздеп барар ем.
Тәуекел етіп тұрайық,
Әлі де Ақтан сұрайық.
Келмей жатып жыладың,
Емес қой мұның лайық.
Айттың сөзді «сана», – деп.
Қиғаштап сөзді айтасың,
«Мұны ойлап қара», – деп.
Пәлені жасар мен емес,
Келмей жатып жыладың.
Не себептен қайғы етіп,
Айта қалдың өзіңіз?
Әрбір түрлі келеді
Бұл көп айтқан сөзіңіз.
Байтақ жатқан ноғайлы,
Біз қарасақ ел, – деді, –
Қиғаш шеті кең, – деді. –
Бұрын-соңды айтылмай
Келген еді сөз, – деді. –
Отыз беске келгенде,
Қалай айттың сіз? – деді.–
Бұрын-соңды бұл сөзді
Ешбір айтып көрмедің
Ойладың қалай ақылды?
Бұл сөздің ішінен
Көрсеттің талай нақылды
Алланың берген бағынан.
Айырылған жоқ едім
Атаның туған тағынан.
Арғы атам еді – Қарадөң,
Он бесінде тақ алған,
Алла беріп бақ алған.
Он сегіз жасқа келгенде,
Жұбаныштай ұл туған.
Жұбаныш сынды батырдың
Баласы еді Сүйініш.
Жиырмада атасынан тақ алған
Үзілмеген шынжырлы
Тұқым еді Сүйініш,
Ес білгесін, бақ алған.
Айта қалдың бір сөзді,
Жай айтсаң да бұл сөзді,
Қаттырақ сөзің батып тұр.
Батқанының себебі
Төңірегіме көз салып,
Өзің ойлап қарашы,
«Іскендірдей патша
Жиырма бесте өтті, – деп. –
Ол да аға-інісіз,
Баласыз дүниеден кетті», – деп, –
Бәйбіше, сен не дедің?
«Бала» деген сөзіңді
Еш айтпаймын бұрыс деп.
«Іскендір», –деп сен айттың.
Отырмын оны емес дұрыс деп.
Ноғайлының баласы,
Айтқан жоқ еді былай деп.
Мен ойлаушы ем ішімде:
«Азды-көпті жаратқан
Жаратқан Жаппар Құдай», – деп.
Анаң әйел болса да,
Жақсы менен жаманға
Жүр едім сені шыдар деп,
Шыдамай айтқан сөзіңіз.
Қалай айтқаныңызды байқаңыз,
Енді ойлап өзіңіз.
Сонда патша көңіліне
Сөз тіке келіп қалады.
Ойлаған оның себебі:
«Іскендірді әкеліп
Маған неге қосты? – деп, –
Ағайын-туған, інінің
Менде жоғын білді», – деп.
Сонда әйел сөйледі:
– Аруанадан туған нар едің,
Егер дария тасыса,
Тоқтатқан қызыл жар едің.
Жолдан биік су келсе,
Көлденең тұрған тау едің.
Темір арқан секілді
Үзілмеген қашаннан
Шынжырлы туған хан едің.
Бір кез келген әйелдің
Қасына бала ергесін,
Келіп еді бүгін тілеуші,
Қасында бір бала көргесін,
Сосын көңілім бұзылды.
Соған тұрмын шағынып,
Сізден басқа кімдерге
Айтайын енді мұңымды?
Қызылбас пен қалмаққа,
Бер жағында ындысқа
Үш тақта миллет халыққа
Атағыңыз барулы,
Ноғайлының баласы,
Үлкен-кіші ол қалмай,
Бәрі тіліңді алулы.
Анам әйел болғасын,
Болған шығармын жаңылған.
Жалған айтсам сөзімді,
Ризамын, сұлтаным,
Өлтірсең де өзімді.
Жамандық ақыл менде жоқ,
Ноғайлының мекендеп,
Жақсы баққан қаласын.
Өзің атқа мінгесін,
Дүниеде жылатпадың
Ешбір жетім-жесір баласын.
Он беске жасың жеткесін,
Арғымақ таңдап, ат мініп,
Беліңе берен байланып,
Дұшпан шықса қабарып,
«Жалғыз, жалқы» демедің,
Жүре бердің аттанып,
Кідірмедің айналып,
Жарлыны байға жеткіздің,
Алып бердің кең қонысты
Ноғайлының еліне,
«Адамы тыныш болсын, – деп, –
Жақсы жерге қонсын», – деп.
Шешесіне ергесін,
Балбыраған жас бала,
Босады көңілім, көргесін.
Тәңірі берсе тілегім,
«Қасыма менің ерер», – деп,
«Қарағым, қасыма келші», – деп,
Айтар күнім болар, – деп.
Іскендірді айтқаным:
Астана халықтың ханы едің,
Оларға айтқан жауабың,
Жасы үлкен болса да,
Айтқан сөзің саналды.
Мынау тұрған Қозан-ды
Ноғайлы салған қала еді.
Ноғайдың шыққан ерлері
Сол Қозанға жау жібермей
Сыртында жүрген пана еді.
Мұңымды сөйлеген, сұлтаным,
Сізден не түрлі жауап болса,
Ризамын мен, – деді. –
Атым әйел болғасын,
Жетпеген шығар ақылым,
Сізден басқа жоқ еді
Бұл дүниеде жақыным.
Сізді көзім көргесін,
Отырмын-дағы шағынып,
Біз секілді пақырың.
Қатыны келіп қасына-ай,
Мұңын келіп айтқасын,
Отыра қалды осылай.
Үндемеді падиша,
Іше берді тамақ асын-ай.
Жатушы еді бұрын ұйықтап,
Алтын еді таяғы,
Күміс еді кебісі,
Бар еді ол күмістің әртүрлісі.
Ежелден қалған бөркі бар,
Не қылса да патшаның
Қазынасында дүние көп,
Істетуге еркі бар.
Бұрынғы тұрған тағына
Қайта патша жетеді.
Артынан қатыны қарады,
Қатты жүрмей, жай жүріп,
Жайыменен ордаға
Өзі кіріп барады.
Артынан қатыны бағады,
«Нешік айла етер?» –деп.
Бар секілді емес ашуы,
Жаяу жүріп барады.
Ішке кіріп алғасын,
Есікте тұрған бар еді,
Қашаннан есік бағулы.
Оның үні салулы
Шақырып оны алулы.
«Билер мұнда келсін», – деп,
Жиырма биі бар еді,
Оларға хабар салады.
Түсте шығып бір кетсе,
Ол орданың ішіне
Жан бармайтын қала еді.
«Қандай заман болды?» – деп,
Хабар тигесін билерге,
Шала-шарпы киінді.
Жиырма кісі биі бар
Шешендердің ішінде
Неше түрлі адам бар.
Біреуі қалмай билердің,
Сағатын санап жетеді.
«Отырыңыз, билер», – деп,
Билерге ишарат берілді.
Әрқайсысы жүгініп,
Патшаның қасына
Сонда отыра кетеді.
Сонда ханың сөйлейді:
– Жақындап тұрған, билер, – деп, –
Қайратың көп ерлерім,
Ноғайлы байтақ елімнен
Таңдап алған шешенім.
Осы халық тегінен
Тыңдасаңыз сөзіміз,
Біраз жауап беріңіз.
Бәрің де білгір шешенсің,
Ойласа, ақыл тапқандай,
Секілді жұлдыз, аспанда ай.
Алыстан ақыл тапқандай,
Астана халықты баққандай,
Жауабың халыққа жаққандай,
Бәріңіз де асыл едіңіз
Қол жетпейтін аспандай.
«Қырыққа жасым толар, – деп, –
Мен туғалы анадан
Бір бөлек заман болар», – деп, –
Ноғайлы халқын аралап,
Ішінен таңдап қыз алдым,
Қатарымда тұрғандай.
Кеудесі болған сары алтын,
Жақсы-жаман болса да,
Ішіне оның сыйғандай.
Аты әйел болса да,
Сүйегін қатар тең көрдім,
Жауабын айтқан жөн көрдім.
Ноғайлының қыздарын
Аралап жүріп мен көрдім.
«Көп жасасам дүниеде,
Қайрат шіркін танар, – деп, –
Өлмей жүрсе адамзат,
Ар жағында бір өлім,
Ол да жақын келіп қалар», – деп. –
Дүниенің жүзінде
Пенде де қызық секілді.
Пенденің ол қызығы –
Мынау тұрған бала, – деп. –
Аспандағы ұшқан құс
Ілінеді қылдарға
Жаюлы тұрған тұзаққа
Келіп түсед бала үшін.
Аруана мен нармая
Бұ да тұрып зарлайды,
Тамақ үшін оттайды.
Қайтып үйге келгенше,
Ботасын жоқтап боздайды.
Тауда жатқан маралың,
Жатады оның баласы
Әрбір тасты паналап,
Ұзақ жерге тастамай,
Ол да оттайды жануар
Баласының маңайын жағалап,
Ол да тастап кетпейді
Өзінің туған баласын.
Мынау сөздің шамасын,
Билер, байқап қарашы.
Менің сөзім осылай,
Жарай ма сөзім, жарамай ма
Сіздерге айтқан осылай?
Шақырып сізді алғанда,
Айтатын сөзім осы еді.
Құстың ханы қаз еді,
Жануардың өмірі
Көп емес оның аз еді.
Патшаның айтқан сөзіне
Отырып билер таңғалды.
Жауап тауып айта алмай,
Әрбіреуі сандалды.
Бидің үлкені Күміс еді,
Оның баласы Алтын еді,
Он екіде жасы бар.
Ол келіп сонда сөйледі:
– Жасың үлкен туған данасың,
Бәрің де талайды көрген ағасың.
Патшаның білмейсіз бе
Сөзінің айтқан шамасын?
«Әрбір түрлі мақұлықтың
Бар, – деп айтты ғой, – баласы».
«Сол мақұлықтар да бала үшін
Қолға түседі», – деді ғой,
Сөзінің байқап қараңызшы шамасын.
Кеткеніңізді көргесін,
Балалықпен ергенім,
Қыдырып мұнда келгенім.
Баласының жоқтығын
Сізге айтып бергенім.
«Бала жоқ менде, не етем? – деп, –
Қырық жас толғасын,
Енді елуге қарай кетем, – деп. –
Сіздерде көп ақыл, – деп, –
Бәрің ноғай болғасын,
Табылар әртүрлі мақұл», – деп.
Сонда бала жалаңбас,
Тек дамбалшаң, жалаңаш.
Сонда оның әкесі
Күміс би тұрып сөйлейді:
– Артық туған ханымыз,
Халықтан асқан ақылың,
Кеудең сарай жаныңыз,
Әрбір нәрсе мақұлдап,
Отырсыз айтып біздерге,
Біз не айтайық, тақсыр, сіздерге?
Бұрынғы өткен асылдар,
Жеті ғалам дүниеден
Неше түрлі жан өткен,
Неше түрлі хан өткен.
Дүниеге пенде тоймаған,
Әр нәрсені әр пенде
Өз тұсында ойлаған.
Дүниенің қызығын
Талай жандар көрмеген.
Қызық көрген дүниеден
Ол жандар да пәниге,
Өтіп, қайтып келмеген.
Неше асыл патшалар –
Бұлар да өткен дүниеден.
Баласы жоқ болғасын,
Әулие шәрге түнеген,
Алладан бала тілеген.
Олар да берген аянды.
«Тілегім Алла берді! – деп. –
Барып келдім енді!» – деп,
Талайлардың қуанған
Кіріп сонда реңі,
Көтеріліп жүрегі –
Оларға да бермеді,
Алладан бұйрық болмаса,
Олар да қайтып келмеді.
Ендігісін өзің біл.
Біздің сөзге құлақ сал.
Сонда хан жауап береді:
– Атқа мініп жүргенді,
Алыс, жақын көргенді
Деуші еді: «Артық ер», – деді. –
Баба түкті Шашты Әзіз –
Керемет туған пір, – деді. –
Аңшыбай ханның баласы,
Өзен бойы кең суда
Әулие жатқан сол, – деді. –
Барсақ соған, не етер? – деп. –
Тек отырып болар ма
Кідіріп үйде бекер? – деп. –
Жақын жерде пір еді,
Сонан хабар алайық.
Билерін атқа мінгізді,
«Өзі жақын жер, – деді, –
Келің барып, ел, – деді. –
Үш күннен қалмай жиналып,
Баршаңыз да кел», – деді.
Сонда билер қоштасып,
Үйден шығып кетеді.
Бала тағы бір сөз сөйледі:
– Әй, тақсыр, алтын ханымыз,
Біздей туған жас бала
Құлағыңыз салыңыз.
Жеті жұрттың тілін білетін
Бір адамды алыңыз.
Ноғайлыдан, сұлтаным,
Тек үш кісі алыңыз.
Жадыңызға саламын,
Балалар ойнап жатыр ғой,
Жадыңызға саламын.
Сонда хан кеңес құрады.
– Бұл екен ғой ақыл, – деп, –
Баланың осы айтқаны мақұл, – деп, –
Қалай да болса барамыз
Ол шайқыларға жақын, – деп. –
Тезден хабар берің, – деп,
Бұйырады сонда билерге:
– Үш күннен соң, кідірмей,
Сол екеуін тауып келің, – деп.
Барушылар үш күнде
Жеті жұрттың тілін білетін,
Адамды ертіп ол келді.
Баба түкті Шашты Әзіз
Жүретұғын бұл болды.
Үш кісіге ат алдырып,
Үшеуі жүруге айналды.

Сонда ақсақал, қарасақалдардың айтқан сөзі:

– Халық ұстаған ханымыз,
Асыл туған жанымыз,
Болсын сіздің жолыңыз!
Алыс емес, жақын жер –
Бұрыннан тұрған бабаңыз.
Қасиетті жан еді
Жәрдем берген талайға,
Не жақсылар түнеген,
«Бала бер!» – деп сұраған.
Қабыл болып тілегі,
Кіруші еді реңі.
Саламат болың сіз! – деді, –
Қош айтысып, қаламыз
Осы отырған біз, – деді.
Сонда ханымыз сөйледі:
– Астана халқым, ел, – деді, –
Алыс емес, шамалы
Баратұғын жер, – деді. –
Алла оңғарса сапарды,
Барармыз оған біз, – деді. –
Тапсырдық, толы халық,
Баршаңызды аманат.
Қош айтысып елімен,
Ата-ана, қатын-баламен,
Жасы үлкен ағамен,
Өзен бойын жағалап,
Отырды жүріп шамалап.
Баба түкті Шашты Әзіз
Екі жерде пір еді.
Жиырма күн толғанда,
Баба түкті моласы
Көрінді мұның қарасы,
Жақындады жердің шамасы.
Түстік жерге келгенде,
Тілекті тура тілерге,
Әулиеге түнерге,
Баба түкті басына
Жаяу жүріп бұл келді.
Жалған атқа ермеді,
Жаяу жүріп келеді.
Киімдерін арқалап,
Келеді жетіп бейшара-ай
Әулиенің қасына-ай,
Көзінің төгіп жасын-ай.
Әуелі отырып оқыды,
Отырып Құран басына-ай.
Құран оқып болғасын,
Қабірдің келіп қасына-ай
Жатты әулие басына-ай.
Көзінен шығып қара жас
Ішінде қаны аралас.
«Жасы қырықтан өтер, – деп, –
Жүргенім босқа бекер, – деп.
Келдім сізге, жақсылар,
«Шарапат бізге етер», – деп.
Ағарып таң атқанда,
Таңға жақын жеткенде:
«Рұқсат енді сіз, – деді, –
Алла берді тілегің.
Астана, халыққа хан болар
Туысқаның, тұқымың.
Ендігі жерде тілегің
Береді енді Құдайың.
Жатпа мұнда, жүре бер.
Алла берді тілегің,
Жәрдем бердік біз», – деді.
Тұрып сонда жөнелді,
Шығып алып әулиеден,
Үзілгенше қарасы,
Шаршамады ханыңыз,
Жүгірді жаяу шамасы.
«Ол балаңның есімін
Хан Нәрік деп қой», – деді.
Атқа мініп алады,
Кетіп сонда барады.
Аулына жақын келгенде,
Алдынан шығып ақсақал,
Би, төрелер келеді.
Ішіндегі ақсақал
Келіп сөйлей береді.
«Ақсақалға сәлем!» – деп,
Бұл да келіп тұрады:
Жасың үлкен бабалар,
Бәріңе сәлем сіздерге,
Ақылың артық даналар.
Рас болса айтқаны,
Секілді қабыл тілегім.
Сол жауапты айтқасын
Шамалап кірді-ау реңім.
Жасы қырықтан асқасын,
Елуге аяқ басқасын,
Енді, халқым, бұл сөзім.
Ауылға қарап кетейін,
Шамалы жерге жетейін.
Қалмақ пен қызылбас –
Екеуі жақын келеді.
Соларды жерден қайырып,
Кеңітіп жерді келейін,
Соған қайрат етейін.
Осы батыр қарады,
Үйге жетіп алғасын,
Ақсақалдар жиналып,
Бәріне кеңес құрғасын,
«Тәңірі тілек берді! – деп. –
Қабыл болды тілегім,
Кірді, – деді, – реңім.
Жайым бітіп барады,
Бір күні бітер өмірім.
«Аттанамын», – десе де,
Ноғайдың бірі ермеді,
«Барамын!» – деп келмеді,
«Қаңғырамын дегенге
Қайтіп еріп барайық?
Қартайғанның салдары –
Бұл – «кетемін» дегені».
«Жалғыз барып, аттанып,
Жауға қайрат етем», – деп,
Шыдамады ханыңыз.
Айтқан сөзден тана ма?
Астында тұлпар баптады.
Тұлпар бапқа түскесін,
Шегіршінмен оңдатып,
Найзасын жақсы саптады.
Үйде тұрған алмасты
Алғыр тасқа қайрады.
«Сермесе кесіп кетсін, – деп, –
Тоқталмай қару өтсін», – деп,
Көк жебеге оқ салды.
Кілең болат жинатып,
Масаттан соғып оқ алды,
Көк жебені қолға алды.
Аттануға бір күннен
Ханыңыз тұрып қозғалды.
Ноғайдан адам ермеді,
Жапанда жалғыз бұл өзі
Астында мінген қызыл-ды,
Патшаның жалғыздығы білінді,
Көңілі сонда бұзылды.
Атқа мініп алғасын,
Бәйбішесі шығып сөйледі:
– Аруананың баласы,
Қатепті қара нар едің.
Тасыса дария – тоқтатқан
Белгілі қызыл жар едің.
Астана халықты қорғаған
Белгілі биік тау едің.
Барасың кетіп далаға.
Қашан қайтып келесің
Енді бұл қалаға?
Баратын жауың айтып кет,
Қалсын естіп құлағым.
Қызылбас па, қалмақ па,
Ол болмаса ындыс пе,
Тағы басқа ел ме еді?
Жалғыз кетіп барасың,
«Жас қырыққа толар, – деп,–
Ноғайға қиын болар», – деп,
Аяйсың-ау ноғайдың
Қатыны менен баласын.
Бір өзің кетіп барасың,
Тапсырдым Аққа мен, – деді. –
Саламат бол сен, – деді.
Осылай деп ханым сөйледі.
Аттың басын бұрады,
Керіңкіреп қалады.
«Қайғы етпе сен, – деді. –
Жеті атадан келе жатқан
Шынжырлы едім мен, – деді. –
Атаның жолын қумадым,
Алысты іздеп бармадым».
Аттанып жүре береді,
Артық туған ер еді.
Қызылбастың ерлігі
Басқадан гөрі кем еді.
Жабайы өскен қашаннан
Қорғансыз жатқан ел еді,
Сол елге батыр жөнелді.
Жай жүрмеді аяңдап,
Бір жерге түсіп жатпады.
Жері жазық дөң еді,
Тау үстімен жағалап,
Асты-үстіне көз салып,
Аяңдап желіп келеді.
Бір күндері болғанда,
Жайылып жатқан қызылбастың
Қарасын сырттан көреді.
Бытырап жатқан елі көп,
Қарауылда жүрген ері жоқ.
Сонда батыр сөйледі:
– Ұзын жатқан құм екен,
Жер қашығы бұл екен,
Қарсыз жатқан дөң екен.
Жаңа көрдім жайылған
Дүниеде малдың қарасын.
Қалай қылып білемін
Бұл қызылбастың шамасын?
Мен ойлайын ақылды,
Жадыма, пірлер, сала көр
Көпке ұнайтын мақұлды.
Бұл батыр ойлайды:
«Енді қалай етем? – деп, –
Құр шеттен мал қуып
Қалай елге кетем?» – деп.
Аралап жүріп арасын,
Көріп жүріп қаласын,
Қуып жүріп баласын,
Қойшы менен қозышыдан
Білейін сұрап шамасын.
Өзімен-өзі кеңес құрады:
«Қызылбас емес ағайын,
Найзамды жанып алайын,
Жақсы етіп атты жабайын.
Бер жағынан жағалап,
Қанша екенін қарайын».
Атты жүріп жабулап,
Жайымен жүріп қаңғырды.
Ақшы болып еліне
Қызылбастың барады.
Қойшы менен түйеші –
Соған келіп тұрады.
– Бақтым жетім бала, – деп, –
Қай жерде бар қала, – деп, –
Қызметсіз едім мен, – деді. –
Бұл бір қандай жақсы ел? – деді.
Сонда жалшылар сөйледі:
– Бізде қала жоқ, – деді.
Жинаған әскер және жоқ,
Сұрайсың несін сіз? – деді. –
Біз бір – байып жатқан ел, – деді, –
Қызылбастың мекен қылып жатқан жер, – деді. –
Ішімізде бар еді
Ақтөре деген ханымыз.
Ол ханымызда қала жоқ.
Тігулі тұрған үйі бар,
Қызметкері тағы бар.
Қасында тұрған бірталай
Ханымыздың жаны бар.
Іздегенің хан болса,
Анау таудың үстінде
Тігулі тұрған шатыр бар.
Тауы жазық құлауға
Сол Ақтөредей хандардың
Өзінің бар-ды қатын-баласы.
Тек маңайында жүз кісі –
Әскерінің шамасы.
Қол астында ел, – деді, –
Сұрайсың оның несін сен? – деді. –
Ол еш нәрсе бермейді,
Халқы жақын, бұл берер.
Барғызбайды қасына,
Ақылың болса, сормаңдай,
Тек жолама қасына.
Қыдыра бер далаға.
Қой сауамыз, ағы бар,
Алып, қойға бара бер,
Беретін қойшы және бар.
Шөлдесең және қанарсың,
Ханға барма, сормаңдай,
Барсаң, өліп қаларсың.
Атының басын бұрады,
Шеттен келіп, сұрады.
«Осындай хан» дегесін,
Кейін қайтып жөнелді.
Бір тауларды далдалап,
Бір-екі күн демалды.
Ат құйрығын өреді.
«Бір тәуекел етем деп,
Ханға бармай, не етем?» – деп,
Келіп тұра қалады.
Мылтықты ұстап алдынан,
Жақындайды «Атам! – деп, –
Қаныңды ұрттап, татам? – деп. –
Бұйрық жоқ енді сізге, – деп, –
Жуытпашы бізге, – деп. –
Ақтөредей ханымыз,
Соның үшін қиналар
Бір шыбындай жанымыз.
Өлесің сорлы сен, – деді. –
Өлсең, кетер сәніңіз,
Өлесің, сорлы, өзіңіз.
Қалай қатаң тиеді
Бізге айтқан сөзіңіз?»
Бұл сонда қарады,
«Алла!» – деп айғай салады.
Іркілсін бе батырың?
Анталап тұрған аз кісі
Атқан оққа қарамай,
Қарсы шаба береді.
Атқан оқтар өте ме?
Үстіне киген шарайна,
Сыртында бар-ды сауыты.
Былайғыдан өзгеше
Құйылған зауыты.
Ол жүздеген аз кісі,
Оған салды ойынды.
Ақ сүңгіні қолға алып,
Келген батыр қозғалып,
Үйде жатқан хан шықты.
Және қалған елу кісі
Міне алмай атқа ынтықты.
Үстіне келіп қалғасын,
Хан да болса қашады,
Ақыл таппай сасады.
Жайдақ мініп атына,
Бір таудан құлай асады.
Кім екенін біле алмай,
Күннің көзі шыққанша
Атып жүрді мылтықпен.
Тауды құлай бұл қашты,
Хан қашқанын білмеді,
«Көп ішінде өлді», – деп,
Сала берді ойынды-ай.
«Тұрамын ба мен бармай
Қызылбастың қасына-ай?»
Әр жерде жатыр домалап,
Қызылбастың басы-ай.
Соғысып батыр қоймады,
Жарағы қанға тоймады.
Айналдырған жүз кісі
Мұрсатқа, сірә, қоймады.
Таудан ханың құлады.
Хан қасында қорғанып
Отырған екен бұл көп үй,
Көп үйге салды ойынды,
Қаласы жоқ, майданды.
Екі күндей өлтіріп
Сірі адамын, айналды.
Ханы мен қалды баласы,
Жоқ болғасын қаласы –
Ағаш үйде отырған пақырлардың
Неге келсін шамасы?
Тек жылады шуласып.
Айдады елге адамын,
Қатыны мен баласын,
Қырғаннан соң бір тақыл адамын,
Үшінші күн болғанда,
Артынан қуып мың кісі
Әскерімен хан жетті.
«Жүре бер», – деп жесірге,
Жаяулатып айдады.
Көргесін, заңғардың
Қанша да болса шамасын.
Жапырумен сол шақта
Мың кісі әскермен
Хан жетеді ішінде.
Ортаға келіп алады,
Сыпыра қамап қалады.
Сонда ханың сөйледі:
– Жалғыз ба едің сен? – деді, –
Әскермен келдім мен, – деді. –
«Өлмеймін», – деп ойлама,
Біздіңменен ойнама.
Ойын-күлкі жөн емес,
Жіберіп жесір сіздерге,
Тірі қалар мен емес.
Алайын деп мен келдім,
Сорлы сенің басыңды,
Жұлуға талдап шашыңды.
Қаңғырған кімсің сен? – деді, –
Қызылбастың ханымын,
Ақтөре деген – мен, – деді. –
Қамап алың, көп әскер,
Аты-жөнін біліп қалайық,
Алайық басын, кел, – деді.
Сонда тұрып батырың
Қызылбасқа сөйледі:
– Атаңа нәлет, қызылбас,
Емеспін болат құрама,
Асылымды менің сұрама.
Мен – астана халық ел, – деді, –
Сенімен емес тең, – деді. –
Қанша сөйлеп тұрсаң да,
Алармын басың мен, – деді. –
Мен – ноғайлы деген ел, – деді. –
Бұл ноғайлының баласы
Қызылбас пен қалмаққа,
Ындыс деген халыққа
Қашаннан келеді шамасы.
Қонысыңнан тайдырып,
Жұртыңды сенің аларға,
Еліңді келдім шабарға.
Жасқанатын мен бе едім,
Менімен, қызылбас, тең бе едің?
«Алла!» – деп ұран шақырды,
«Қырайын», – деп ойлады, –
Қызылбастай пақырды».
Шауып еді ханға қасқарып,
Араға түсті бірталай
Көп әскері бас салып.
Жеткізбеді бұл ханға
Бұл батырдың қолын-ай,
Қызылбастың сорына-ай.
«Ханды қорғап қалам», – деп,
Бар екен шіркін ойында.
Сол уақыт болғанда
Салды жаман соғысты,
Қызылбаспен тоғысты,
Бір күн, бір түн ұрысты.
«Бермеймін, – деп – бұл ханды»,
Қызылбас та тырысты.
Үсті шаңға толғасын,
Адасып қалды ханынан.
Ұлы қиқу болғасын,
Астындағы мінген ат
Бұл батырдың тұрмайды,
Атқан оқтай зырлайды.
Кез келгенін өлтіріп,
Талайдың кесті басын-ай,
Қысқартты сорлының жасын-ай.
Жарқылдатып бұл алды
Қынабынан суырып,
Қабын алды: «Алмас, – деп, –
Не де болса, кеспей қалмас», – деп.
Ағарып таң атқанда,
Күннің көзі шыққанда,
Сыртқа шығып келгесін,
«Көрейін, – деп, байқады, –
Қызылбастың шамасын».
Әрқайсысы қашыпты
Тауға қарап ол тарап.
Таудың беті сай-сала,
«Келді ғой, – деп, – бір бала».
Қызылбастың біреуін
Сонда ұстап алады.
«Ақтөредей ханыңыз
Қайда?» – деп сұрап қалады.
«Қатты қиын етті, – деп, –
Ақтөредей ханыңыз
Елге қашып кетті, – деп. –
Айтамын хабар мен, – деді, –
Мені өлтірме сен», – деді.
Жан тәтті ғой дүниеде.
Осылай деп сөйледі:
«Өлтіремін мен, – деді, –
Ханыңды тауып бер», – деді.
Алдына түсіп шабады.
Бір-екі күн шапқылап,
Хан қарасын көргесін,
«Анау!» – деп айғай салады.
Ақтөредей заңғарға
Батыр кетіп барады.
Қорықсын ба жануар –
Мінген аты керемет?
Артынан дүбір шыққасын,
Хан артына қарады.
«Енді қашсам, болмас, – деп, –
Қашқанмен де, қоймас», – деп,
Қызылбас тұра қалады.
Астына мінген бұл аты
Арандай аузын ашады,
Омырауынан тер тамшылап,
Құлаштап аяқ басады.
Жақын келді тебініп,
Жалмауыздай емініп,
Сонда ханың сөйледі:
– Ноғайлы құрсын, сен, – деді. –
Көп сөйлеуге бола ма?
Соғысалық, кел, – деді.
Осылай деп хан Ақтөре
Ноғайлыққа сөйледі.
Салып қалды қызылбасқа,
«Шүу» дегенде найзасын.
Ол да ойлаған екен
Бір жанының пайдасын.
Ойлаған пайдасы:
Киген екен сауытын
Шапса қару өтпейтін,
Ойлаған екен зауыты.
Ол да сермеп найзасын,
Екеуі де қарудың
Аясын ба оларды,
Көре алмады пайдасын.
Екеуі де беренді
Суырып қолға алады.
Қарсыласып келгесін,
Етіп жатыр жанның пайдасын.
Шауып еді алмаспен,
Екеуі де, апыр-ай –
Қарсы тұрған батыр-ай,
Дулыға мен қалқаны
Екеуінің де басында,
Өтпеді қылыш осылай.
Атуға жебе мұрсат жоқ,
Жағасынан алады.
Жағаласып алысып,
Ат үстінде қалысты.
Бір күн, бір түн жағаласып,
Іркілмеді, салысты.
Ақтөредей бұл заңғар
Бұрын сыртқа жүрмеген,
Мезгілсіз тағам татпаған.
Сөйтіп жүрген ханыңның
Босады жаман буыны.
Ойлады:«Ноғайдан туған ханыңыз,
Артық туған жаныңыз.
Осының аты жығылса, –
Сонда, ойлады – кетер, – деп, –
Қызылбастың, сәніңіз».
Қолында жүрген алмас-ты
Қоярға жоқ шарасы.
Аттың шауып бұл алды
Алмаспен кесіп басын-ай.
Атының басын шапқасын,
Тұра алсын ба бұл ханың-ай?
Хан жығылып қалған соң,
Үстіне мініп алады.
Сақалынан қолға алып,
Бауыздаған қой құсап,
Ақтөре ханды шалады.
Ханды өлтіріп алғасын,
Басқаны батыр не қылсын?
Қаруын алып қолына,
Елге қарай жөнелді,
Бұрынғы тұрған еліне.
Тұрған екен қызылбас –
Қызылбасты айдады,
Пақырдың соры қайнады.
Жесірлікке түскесін,
Бұрынғы дәурен қайда-ды?
Алыс еді арасы,
Үш айдан бері шұбыртып,
Айдап келді шулатып,
Төрт айда барған жер еді.
Төрт ай болған себебі:
Бұрын-соңды бармаған,
Олай-бұлай болмаған,
Көп жүрілген жер еді.
Қызылбас көрді көрімді,
Еліне жетіп келгесін,
Ата-ананың жұртына
Қызылбас ұлдары бөлінді.
Байтақ жатқан ноғайға
Көп олжа болып көрінді.
Орнына келіп хан болды,
Бұрынғыдай жан болды.
Жапанда жалғыз ел алып,
Еліне қайтып келгесін,
Ноғайлы халқы таң болды.
Тоғыз ай, он күн көтеріп,
Туған екен Нәрікті.
Баба түкті пір еді,
Қасиетті ер еді.
Қабыл болып тілегі,
Содан туған –
Нәрік, Шора ер еді.
Арғы атасы – Қарадөң,
Содан бері шұбалып
Шораға таман келеді.

НӘРІК БАТЫР

Нәрік деген Қазан шәрінің ханы еді. Жасы сексенге толып, өзі егде тартты. Сонда қасында қырық биі бар еді. Бір күндері Нәрік қырық биін шақырып: «Мен бір әйел алайын деп едім», – деп кеңес құрады. Нәріктің сол кезде бес қатыны бар еді. Алды жиырма бесте, арты он бесте еді. Қырық бидің ішінде ең үлкені – Әліби деген еді. Бір заманда сол Әліби келгенде, жолдастары айтты:
– Нәрік ханымыз: «Әйел аламын», – деп, соны бізден сұрайды. – Біз: «Білмейміз, Әлекем білмесе деп қойдық», – деді қырық биі.
Сонда Әліби сөйлей бастады:
– Халық ұстаған ханымыз, бес әйеліңіз бар еді. Кәрі емес, бесеуі де жас еді. Алды жиырма бесте,арты он бесте. Сіздің жасыңыз да жетіп тұр. Құдай берсе, қиын емес қой, – деді.
Сонда Нәрік айтты:
– Ертең сәске болғанда бәрің де жиналып келіңдер, көрші-қолаңдарыңызды ала келіңдер, егер келмей қалғаның болса, басың өлімге, малың қазынаға салынады.
Ертеңіне сәске болғанда қырқы да келеді. Сонда Әлібидің ақылы: «Сен қартайдың, қатындарыңның бәрі жас. Енді қатын алып, не қыласың? Қайратың жоқ», – деген сөзі болды. Қырық биі келгесін, Нәрік бәрі бірге Ноғайға аттанып жүреді. Ел ішіне келгесін, Нәрік үй тіккізіп отырады. Әліби жиырма қызды жинап келеді. Әліби келіп Нәрікке айтады:
– Тақсыр, жиырма қыз жиналып келіп тұр. Осыдан таңдап алыңыз, – деді. Нәрік үйден шықса, жиырма қызға көзі түспей, ең шетте тұрған бір қызды көрді. Оның үстіндегі киімі жыртық еді. Сонда Нәрік хан сұрады:
– Анау шетте тұрған не қылған бала? – деп.
Сонда Әліби:
– Бұл – бір жарлының қызы, «Қал» десе қалмай, артымыздан еріп келгені. Ол қыздың ешкімге керегі жоқ, – деді.
Нәрік сонда Әлібиді шақырады. Келген кезде: «Білегіңді сыбанып, алақаныңды жай», – деп, жанына қолын салып, бір шеңгел алтын алып, Әлібиге берді.
– Осы білегіңді түсірмей, мына алтынды анау тұрған балаға апарып бер, – деді.
Сонда Әліби сол алтынды қызға апарып береді. Қыз Әлібиге қарамастан, қырын қараумен алтынды алып қалады. Және Нәрік хан:
– Қыздың жасын біле кел, – дейді.
Сонда Әліби:
– Жасы он үште екен, – деді.
Сонда Нәрік:
– Жиналған балаларға рақмет, кете берсін. Елге барғасын «Өзім алам» деген балаға қағаз жібереміз, – деді.
Қыздар қайтып жүре берді. Сонда шетте тұрған қыз да қайта береді. Нәрік үйге кіріп бара жатып:
– Бұл қыз он үште, мен сексенде, – деп жүре береді. Сонда Нәріктің қасындағы қырық биі ойлайды: «Қолынан қазына беріп, жасына шейін біліп жатыр, сірә, осы қызды Нәрік хан алады ғой» деп. Сонда бұлар жүріп, көп тоғайдың ішіне келіп түсті. Ол жерге тағы да үй тігілді. Нәрік:
– Тағы да қыздар жинап әкел, – деп Әлібиге бұйрық етіп, Әліби Ноғайдың қызын тағы жинап әкелді.

Ноғайлы қызын бермеге,
Нәрік ханды көрмеге.
Сонда Әліби сөйледі:
«Бір бөлек қыз келіп тұр».

Сонда Нәрік үйден шығып, қыздарды жағалап жүріп біреуін де ұнатпағасын, қайтадан үйге кіріп бара жатып, Әлібиге айтты:
– Қыздарың ұмытпай, аттарын жазсын. Әлдекім ұнаса, барғасын өзім хабар жазып жіберемін, – деді.
Сол тоғайға келіп түскесін, билерінің бәрі аттарынан түсіп, демалып ұйықтап жатып қалады. Нәрік хан жатпай сары қызыл тұлпарын жетелеп, оттатып жүрді жатпай. Сонда Нәрік тұлпарын оттатып жүргенде, қой бағып жүрген бір қойшы келіп, Нәрікке сөйлей береді:

– Хан қалпағың басыңда,
Қырық нөкерің қасыңда,
Қара сақал ақ болып,
Өлетұғын шақ болып,
Әлі дүниеден тоймаған,
Қартайсаң да дүниені ойлаған
Жолдасың жатыр демалып.
Жетелеп атың оттатып,
Қара сақал ақ болып,
Өлетұғын шақ болып,
Ат жетелеп жүргенде,
Әзірейіл келсе тап болып,
Онда не қыласыз сіз? – деді. –
Қойды бағып жүрсек те,
Демалып жүрміз ғой біз, – деді.
Сонда Нәрік сөйледі.
Сөйлегенде, не деді?
– Хан қалпағым басымда,
Нөкерім бар қасымда,
Қазан деген қала еді,
Ол Қазанның шәрінде
Нәрік деген хан едім.
«Бір жақсы әйел алам», – деп,
Шығып едім далаға.
Тоқсан баулы ноғайдан
Бір қыз іздеп таппадым
Сол ноғайдан қолайлы.
Оны да қылған Құдай-ды,
Бұл жерден шығып кетемін.
Тірі болсам екі күнде
Елге барып жетемін.
Сонда қойшы сөйледі:
– Халық ұстаған ханымыз,
Сөзіме құлақ салыңыз,
Анау көрінген – екі көлдің арасы.
Арасында көрінбес
Еш нәрсенің қарасы.
Соған көзіңіз салыңыз,
Ол – «Асылнұр» деген ноғай еді,
Өзі сексендегі шал еді,
Кемпірі жетпісте бар еді.
Адал өзінде қара жоқ,
Меңді деген қызы бар,
Он сегізде жасы бар.
Меңдіні көрген адам қасынан кете алмайды,
Ешбір адам баласы оған жете алмайды.
Ол қыз болғанда, қызық, – деді. –
Жаратқан адамнан бұзық, – деді. –
Ол жерге шығып жалғыз отырғаны:
«Ержеткесін, балама
Ноғайлы көзін салар, – деп, –
Ықтиярсыз тартып алар», – деп.
Өзі артық туған ер еді,
Бұрын-соңды төре еді.
Бір күндері болғанда,
Жасы сексенге жеткесін,
Буыны босап жүр еді.
Меңдіні көрген адам кетпейді,
Онан адам баласы өтпейді.
Айтып болдық біз, – деді, –
Жақсы әйел алатын болсаңыз,
Қасынан көріп кет, – деді.

Сонда Нәрік қасындағы билеріне: «Тұр», – деді. Өзі де сары қызыл тұлпарға мініп алып, билерін ертіп алып, сол шалдың үйіне қарай жүре берді.

Асылнұр алты ағашты қаққан екен,
Сол жерді мекен етіп жатқан екен.
Жетіп келіп Нәрік:
«Болармын қонақ мен, – деді, –
Рұқсат берсеңіз сіз», – деді.

Сонда Асылнұр шал: «Түсе беріңіз», – деп, бүкшеңдеп үйге қарай жүре берді. Меңді үйінен көрініп шықпады. Үйге кіріп бұлар бара алмады. Олар қонақасын кем қылмай беріп тұра берді. Сонда Нәрік хан қырық биіне айтты: «Біз келгелі үш күн болды. Үйде жата береміз бе? Қызды көріңдер», – деді. Сонда Әліби жүгіріп келіп, үйдің тесігінен қарап, қызды көріп, кейін кетті. Сонда қыздың әкесі Әлібидің қарағанын көріп қалып, үйден бір жаққа шығып кетті, шешесі екінші жаққа шығып кетті. «Бұларды қонақ екен, – десем, – жау екен, жабығымнан қол салды», – деп ашуланды. Сонда үйдегі Меңді ару да үйден шығып, әкесіне қарай жүре берді. Келіп әкесінің қолынан ұстап сөйлей бастады:

– Айналайын бабамыз,
Ақылға қамал данамыз
Алла нашар жаратқан
Біз бір жалғыз балаңыз.
Жібермен, әке, мен, – деді, –
Өлтіресің сен, – деді. –
Өлгеніңді, әке, көрермін,
Қолымнан қазып көмермін.
Бір шыбындай жаныңыз
Алладан келген аманат.
Аманатын Алланың
Көз алдымда берермін.
Егер біреу сізге қас болса,
Кескілесіп өлермін.
Кетпе, әке, далаға.
Қайтпай ма екен әкесі
Біздей жылаған балаға?
Кемпір де кетіп барады,
Түсі оның бұзылып,
Көзінің жасы төгіліп,
Мезгіл-мезгіл жығылып,
Әкесін қолынан жетелеп,
Шешесіне келеді.
Шешесінің қолынан
Тағы ұстап алады.
Бұрын қорлық көрмеген
Кемпір менен шал еді.
Атасы әйел болса да,
Меңді ару – жалғыз бала еді.

Соқиа шешесінің қолынан ұстап Меңді ару сөйлей бастады:

– Айналайын анамыз,
Мен едім жалғыз балаңыз.
Алла нашар жаратты,
Енді бар ма шарамыз?
Тоғыз ай он күн көтердің,
«Алла маған берді, – деп. –
Бір перзентті берсе, – деп. –
Өмірі ұзақ болсын, – деп. –
Көзімнің жасын көрді», – деп,
Тар құрсағың кеңейттің,
Емшегің тастай жібіттің.
Бесікте жылап жатқанда
«Қарағымның қарны ашқан болар», – деп,
Емшегіңді иіттің.
Іші-бауырың елжіреп,
Омырауыңды ашқансың.
«Ашылсын, – деп, – жүрегің»,
Бауырыңа басқансың.
Жібермен, шеше, мен, – деді, –
Далаға кетпе сен, – деді, –
Кеткенің емес жөн, – деді. –
Нәрік дейтін қартыңа
Берермін жауап мен, – деді. –
Қайғы етпеңіз, ата-ана,
Бұл кісіден сіз, – деді.

Сонда Меңді екеуінің қолынан ұстап, үйге жақын келгенде, Нәрік те келіп қалды. Сонда Нәріктің айтқаны:

– Аздың болмайды екен көптігі,
Аштың болмайды екен тоқтығы.
Тоғайды тоқсан күн кездірген
Бір перзенттің жоқтығы.
Бесеу еді қатыным,
Жиырма бесте алды бар,
Он бес жаста арты бар,
Бесеуі де әйелден асқан
Нарқы бар.
Мекенімді сұрасаң,
Қазан деген қала еді.
Сексенге жасым келулі,
Мен Қазан шәрінің
Нәрік деген шалы едім.
Сүйемісің, Ақ Меңді,
Сүймеймісің, айт, – деді. –
Үш күн жаттым қамалып,
Тезден жауап бер, – деді.
Сонда Меңді сөйледі.
Сөйлегенде не деді?
– Мынау тұрған – бабамыз,
Қасымда тұрған – анамыз.
Қарап, өзің көр, – деді.
Екі қыз малың тең берсең,
Тиермін саған мен, – деді.
Төсегің таза салармын,
Көрпеңді таза жабармын.
Шөлдесең, сусын берермін,
Тоңсаң, отын жағармын.
Өлгенінше, сұлтаным,
Сүйегің таза бағармын.
Өлгеніңді көрермін,
Қолымнан қазып көмермін.
«Жолдасым алған өтті, – деп, –
Бұйрық айтып кетті», – деп, –
Аманатын Алланың
Көз алдымда берермін.
Сонда Нәрік сөйледі:
– Асыл туған, Ақ Меңді,
Үшеуіңе үш жорға ат,
Біздің елге баралық.
Елге барып алғасын,
Қасыңа жолдас берейін.
Ноғайлыны аралап
Өз көзіңмен көр, – деді. –
Өзіңмен жасты бір қызды
Әкеңе алып бер, – деді. –
Сол қызға берген малындай
Әкеңе тағы мал бер, – деді. –
Әкең өз алдына үй болып бұл қонсын,
Тігулі тұрған үй болсын,
Мерекелі той болсын, – деді.

Сонда үшеуі үш жорғаға мінеді де, Нәрік, қырық биі – бәрі де Қазан шәріне аттанады. Қазанға барғасын, Меңдінің қасына көп қыздарды қосып қояды да: «Өзің жақсы көрген қызды әкеңе алып бер», – деді. Сонда Меңді тоқсан баулы ноғайды бір ай аралап жүріп:

«Әкемді жақсы бағар, – деп,–
Өзімдей жақсы қарар», – деп,
Алып берді бір қызды.
Қызға берген малындай
Әкесіне тағы береді.
Әкесі жас қыз алғасын,
Көңілденіп, алданды.
Меңдіге неке қиюға
Нәрік сонда сайланды.
Меңдіні некелеп алғасын,
Жолдас болып қалғасын,
Бір-екі жыл болғасын,
Билері кеңес құрады.
Бұлардың діні бұзылып,
Оларды Құдай ұрады:
«Мынау Нәрік шал, – деді,–
Меңді арудай жан, – деді. –
Қартайса да бұл Нәрік,
Қайраты әлі мол, – деді. –
Бұл Нәрікті айламен
Жіберейік далаға,
Қалмақ салған қалаға.
Ол қалаға барғасын,
Нәрік екенін білгесін,
Өлтіреді Нәрікті,
Қайта айналып келмейді.
Ол Нәрікте жақын жоқ,
Ағайын-тума тағы жоқ,
Бір жүрген жалғыз неме еді».

Сонда Нәрік қырық биінің жазған қағазымен қалмаққа кетуге жиналады. Қара тұлпарды ерттеп, қоржынды алып, үйінен шыққан кезде Меңді ару артынан келіп, Нәрікке сөйлей бастайды:

– Халық ұстаған ханымыз,
Кеудедегі жанымыз,
Енді кетсең далаға,
Келмейсің қайтып қалаға.
«Енді кетсем, өлдім», – де.
Қиямет күн болғанда,
Қауышалық, кел, – деді, –
Өз көзіңмен көр, – деді. –
Арамдамай сен мені,
Неке қыл да, Ноғайдың
Біреуіне бер, – деді. –
Ноғайдан басқа жауың жоқ,
Сұлтаным, байқа, сен, – деді. –
Төр жағымда жатып, білмейсің, оң жағымнан:
«Бері қарап жат, – деп шымшып, –
Ақ етімнің сауы жоқ.
Суға барсам, тартқылайды: «Тұра тұр», – деп,
Үзілмеген шелегімнің бауы жоқ
Маған көзін салғандай.
Қолына тисе, қойшылар,
Малшылар да алғандай.
Енді кетсең, өлесің,
Қайтып үйге келмейсің.

Сонда Нәрікті Меңді ару қолынан жетелеп:«Үйге барайын», – деп алып жүрді. Сонда Меңдінің ақ қағаздай болған етінен тек бармақ басқандай ғана жер қалған екен. Сонан басқа жерінің бәрі қып-қызыл болыпты, шымшып үзе берген екен. Шелекті қараса, үзілмеген бауы жоқ. Соны Нәрік тысқары шығып, қара тұлпарын байлап, ешқайда бармай отыра береді.

Күннің көзі батқанда,
Кісінің алды жатқанда,

Нәрік: «Әлібиді шақырып кел», – деп Телшора құлды жіберді. Сонда Әліби келгесін: «Не жақсылық, не жамандық – бәрі сенен табылды», – деп, Әлібидің сол жерде басын кесіп тастады. Сосын Телшораға: «Тез тоғыз нарды алып кел», – деп бұйырады.

Байлаулы жатқан нар еді,
Маңайында бар еді.
«Тоғыз нарды әкел!» – деп,
Телшораны бұйырды.

Сонда «Телшора бір сағат ішінде сегіз қанат үйді тоғыз нарға артып, жөнелтті», – дейді.

Бес қатынды тастады,
Бір жүрісті Нәрік бастады.
«Ноғайлы көзін салар, – деп, –
Меңдіні тартып алар, – деп,–
Бұл Қазаннан кетемін,
Енді шығып далаға,
Тұрмаймын, – деп, – қалаға»,
Көшіп алып жөнелді,
«Бұл Ноғайдан кетем, – деп, –
Мұнда тұрып, не етем?» – деп.
Қара тұлпар астында,
Сарықызыл тұлпарға
Меңді аруды міндірді,
Көшіп алып жөнелді.
Ноғайдан алған тек жалғыз
Телшора болды жолдасы.

Сонда қалмақтың Өгіз хан деген ханы бар еді. Ол Нәрікпен әуелден өш еді. Нәрік жетіп барып, көп әскермен сол Өгіздің қаласын ала алмай келіп еді. Нәрік қашып елінен кеткенде, тап сол Өгіздің елінің шетіне барады. Барғасын, ол жер Өгіздің жері, мекені екенін танып қалады. Сонда Нәрік хан Меңдіден ақыл сұрайды:

– Ақ Меңді, әйел болсаң да, хан едің,
Ақылың бар жан едің,
Жаңылса, ақыл тапқандай
Артық туған сен, – деді, –
Қаштым ғой мен, – деді. –
Көрінген мынау қарасы –
Қалмақтың Өгіз ханы еді,
Бұл – қашаннан жау еді.
Көз нұрымның танғаны,
Кәріліктің жетіп қалғаны.
Бұған қалай қылам мен? – деді. –
Таба көр ақыл сен, – деді. –
Көзіне түсіп мен кетсем,
«Бұл не қылған қара?»– деп,
Артымнан қуып жетеді.
Келген жаумен ұрыспай,
Адам енді не етеді?!
Жас тоқсанға таянды-ау,
Жәрдем бергей, Аллам-ау!
Ақыл сала мен келдім.
Өгізхандай зұлымға
Барсам өліп кетемін.
Көрініп қалдым мен келіп.
Енді қалай етемін?

Нәрік Меңдіне келіп, осылайша ақыл сұрайды. Сонда Меңді ару Нәрікке сөйлей бастайды:

– Құдіреті артық болғасын,
Он бес жасқа толғанда,
Дұшпанға кегін бермеген,
Беліңе буған алмасты
Суырып жауға сермедің.
Көк жебемен атқанда,
Алдында тұрған тау мен тас
Шағыл құмдай көрмедің.
Жақсы мен жаман көп көрген
Артық асыл ер, – деді. –
Атым әйел болғасын,
Не білем, тақсыр, мен? – деді. –
Әйелдің анық білгені
Қазан менен шәйнегі.
Атқа мініп жүрмеді,
Аралап нәрсе көрмеді.
Шашы ұзын болса да,
Әйел деген шіркіннің
Ақылы жүдә кем, – деді. –
Қандай ақыл айтайын,
Тақсыр, енді мен? – деді. –
Менің тапқан ақылым:
Дидарласып әуелі,
Ол қалмақты көрелік.
Жадыңызға саламын,
Дидарласып көрмесең.
Ол қалмаққа жақын барыңыз,
«Ноғайдан қашқан қашқынмын,
Қорғалай келдім мен, – деші. –
«Бір кеңірек, оңаша
Тоғайыңды бер, – деші. –
Сұрағаным – кең тоғай,
Арттан келеді көп Ноғай.
Қашып едік елден көп Ноғай».
Бір-екі күн демалып,
Мұнан да қашып кетерміз, –

деп Меңді ару Нәрікке ақыл айтты. Нәрік хан сонда ойлады: «Мені ғой бұл Өгіз хан көрген жоқ, тек қана атымды есітетін еді. Өзімді танымайды», – деп Өгіз ханға барады. Сонда Өгіз ханға барып, алдындағы адамына айтқаны:

– Мен – бір Ноғай елінен
Қашып келген шал, – деді. –
Қорғалаймын мен, – деді, –
Бір кеңірек тоғай бер, – деді. –
Артымнан Ноғай келеді,
О бір бөлек ел, – деді.

Сонда Өгіз хан сөйледі:
– Кең тоғайға қонсын, – деп, –
Сол жерде Ноғай болсын, – деп.

Сонда Нәрік хан кең тоғайға барып, қона кетті, Сегіз қанат орданы тігіп, шұғадан үйді жаптырды.

Алтын зерден бауды тақтырды,
Тоғыз нарға жібектен желі тарттырды,
Алтыннан қазық қақтырды,
Күмістен тоқпақ алдырды,
Қалмақтың қой баққан қойшысы,
Сиыр баққан сиыршысы,
Жылқы баққан жылқышысы,
Түйе баққан түйешісі,
Бірі қалмай жиналып
Нәрік ханның үйін көреді.
Малшылар келіп қараса,
Көкірегі күрілдеп,
Екі көзі іріңдеп,
Буыны кетіп дірілдеп,
Бір шал отыр сырылдап.
Төңірегіне қараса,
Енді үйінде құл отыр,
Адам көргісіз сұм отыр.
Ол құлдың сақалының ағы бар,
Үлкендігі тағы бар.
Үйінде отыр бір әйел,
Ай десе, аузы бар,
Күн десе, көзі бар,
Балдай тәтті сөзі бар.
Тек атасы әйел демесең,
Онан адам өтпеген,
Сұлулығына жан жетпеген.
Қалмақтың малшылары
Бір көргесін, сол үйден
Қайтып кетпеген.

Сонда малшылар Өгіз ханға барып хабар берген: «Кешегі келген Ноғай қызық екен, оның әйелі сізге лайық екен, өздері бұзық екен», – деді.

– Ол әйелдің жолдасы
Көкірегі күрілдеп,
Екі көзі іріңдеп
Отырған бір шал екен.
Және оның құлы бар,
Адам көргісіз сұмы бар.
Жүк артып келген тоғыз нары бар,
Үйінде дүниенің бәрі бар.
Тоғыз нарды байлайтын
Жібектен тартқан желібар.
Алтын екен қазығы,
Күміс екен тоқпағы,
Сол секілді жаман шалдың
Қайдан сондай малды тапқаны.
Сол секілді арудың
Лайықты емес қасына
Жаман шалдың жатқаны, –

деп малшылар Өгіз ханға хабар береді. Сонда Өгіз хан: «Ол қарт мұнда келсін, бар, шақырыңыз», – деді. Нәрік хан қара тұлпарымен келеді. Өгіз хан: «Менің айтатын сөзім бар», – деді.

– Тоғыз айда жететін
Менің бір қас жауым бар,
Ажалың жетсе, өлесің,
Жетпесе, қайтып келесің.
Тоғыз айлық жол, – деді. –
Алты мың әскер берейін
Сол шәрге жетесің,
Барып қайрат етесің.
Он сегіз айда оралып
Қайтып елге келесің, – деді.

Сонда Нәрік хан:

– Барайын енді мен, – деді. –
Әскеріңді бер, – деді.
Алты мың кісі әскермен
Өгізге жегіп арбасын,
Мәстекке шегіп шанасын,
Шұбыртты қалмақ баласын.

Сонда Нәрік: «Менің алыс жерге кеткенімді Меңді ару білмей қалар. Барып, айтып кетейін», – деп үйіне келгенде, ару алдынан шығып келді. Сонда Нәрік Меңді аруға сөйлей бастайды:

– Өгіз хандай қалмаққа
Барып едім мен, – деді. –
«Алты мың кісі әскерге
Бас бол енді сен, – деді. –
Баратын жолдың шамасы
Тоғыз айлық жол, – деді.
Тоғыз айда барасың,
Тоғыз айда келесің.
Ажалың жетсе, өлесің.
Ажалың егер жетпесе,
Үйге қайтып келесің».
Өгізге жектім арбасын,
Мәстекке жектім шанасын,
Шұбырттым қалмақ баласын.
Сол сапарға «кеттім», – деп.
«Бармасам, қорықты», – деп ойлар,
«Барамын», – деп мен айттым.
Кетемін енді мен, – деді. –
Он сегіз айға дейін
Кідіріп тұр сен, – деді.
Сонда тұрып Ақ Меңді
Қасына келді Нәріктің.
Тізесіне басын сүйеп,
Жылап тұрып сөйледі:
– Артық туған сұлтаным,
Хандар мінбес қара атқа
Арба жегіп болар ма?!
Ақ сұңқардың баласын
Қарға өлтіріп болар ма?!
Біз секілді бейбақты
Бұл орданың ішінде
Өгіз хан зұлым қоя ма?!
Енді менің өлгенім,
Өлім болсын көргенім.
Енді болар осы арты,
Сұлтаным, сені көргенім.
Сорлы болдым мен, – деді. –
Бұл дүниеде көру жоқ,
Мақшар күні көрелік.
«Алланың мөрі» деуші еді,
Оң қолыңды берші, – деп,
Меңді ару тұрып егілді.
Сонда тұрып Нәрік хан
Атының басын бұрады.
«Қош-аман бол енді!» – деп,
Аттанып жүріп кетеді.

Сонда Нәріктің қарасы үзілгесін-ақ екі құл келіп, Меңдіні шақырады. «Сізді Өгіз хан келсін – деп айтты», – дейді. Меңді: «Бармаймын», – деді. Екі құл аттан түсіп, Меңдіні айдап алып кетеді. Сонда Телшора құл Меңдінің артқы етегіне жабысып айырылмайды. Сонда екеуін бірдей қалмақ сүйреп алып кете береді.
Сонда Телшораның айтқаны:

– Айналайын жеңеше,
Енді кетсең, келмейсің,
Біз секілді тумаңды
Қайырылып енді көрмейсің.
Атаңа нәлет қалмақ-ай,
Ұстамашы қолын-ай.
Сен секілді залымды
«Көрем» деген жоқ еді-ай
Жеңешемнің ойында-ай.
Айналайын жеңеше.
Сенің үшін бұл жаным
Болсын енді садаға.
Қайта айналып көретін
Күн болар ма, жеңеше?
Енді қашан келесің
Елде қалған қараға,
Тігулі тұрған ордаға?
Жеңеше, енді өлгенің.
Тым болмаса үстіңе
Топырақ салып көмбедім,
Өлген жеріңді көрмедім.
Атам Нәрік сұлтанды
Ноғайға қойдың хан қылып.
Жеңешемді көруге
Халықты қойдың зар қылып.
Атаңа нәлет ит қалмақ,
Жеңешемді қор қылып,
Хан ордасын қалдырдың
Бұл күндерде тұл қылып.
Бір күндері болғанда,
Қалмаққа қойдың
Мен сорлыны құл қылып.
Оңғарылып жел шығып,
Естілер ме екен дауысым
Нәріктейін ханыма,
Кеудедегі жаныма.
Хан ордасы тұл қалды,
Ішінде көп құл қалды.
Жамандатқыр тоғыз нар
Иесіз болып бұл қалды.

Сонда Меңді аруды құлдар алып барып, Өгіз ханның бір жақсы сарайына кіргізді. Кіл жібек пен не түрлі тамақтың бәрін әкеліп қойды. Жақсы төсектің неше түрлісін төсеп тастады.

Күннің көзі батпады,
Қисайып Ақ Меңді жатпады.
Неше түрлі тамақтың
Біреуін де татпады.

Жұрт жатқан мезгілде – түннің ішінде Өгіз хан он кісімен жетіп келді Ақ Меңдінің қасына. Сондағы қасындағы келген он кісінің біреуі Меңдіге сөйледі:

– Мынау тұрған – Өгіз хан,
Өгіз ханға көзің сал,
Өгіз хан сізді сыйлайды,
Жаман шалға қимайды.
Өгіз ханға бас қоссаң,
Бір сарайда жатарсың,
Бал, миуа, тәтті тағам татарсың.
Ойын менен күлкіге,
Бар қызыққа батарсың.
Осы тұрған Төрехан
Қызметіңді етеді,
Құлың болып кетеді.
Сіз секілді аруға
Қызмет етпей, не етеді?!
Өгіз ханға бас қоссаң,
Ойын менен күлкіден
Білмессің таңның атқанын.
Ойын-күлкі, қызықты
Көруменен жатқаның.
Өзіңнің түскен сарайың
Ішіне кіріп жатарсың.
Жаман шал кетті далаға,
Қайтып келмейді қалаға,
Енді ол сізден садаға.
Өгізхандай хандарда
Неше түрлі қызық бар.
Қызығын мұның көріңіз,
Кешікпей, жауап беріңіз,
Дін аштым енді мен, – деді, –
Жауап айтың сен, – деді.

Сонда Меңді ару тұрып сөйледі.

Сөйлегенде не деді?
– Арғы атамды сұрасаң,
Қарадөң сынды қарт еді,
Дұшпанға кегін бермеген,
Ақ сүңгісін қолға алып,
Жарағын жауға сермеген.
Онан туған Жұбаныш
Жасы үлкен болғанда,
Жұбанып көрген бала еді.
Онан туған Сүйініш
Сүйініп көрген бала еді,
«Тілегім қабыл келген», – деп,
Онан туған Бегіс деп,
«Құдайым берді тегіс, – деп, –
Бергені болды келіс», – деп.
Бегістен туған Тама еді,
Келе жатқан қашаннан
Ақсүйек өңкей хан еді.
Таманың ұлы – Тана еді,
Оның ұлы – қарт Нәрік
Келе жатқан хан еді.
Қашаннан келе жатқан тұқымды,
Шынжырлы туған хан еді.
Оңғарылып жел шықса,
Естілер ме екен дауысым
Нәріктейін ханыма?
Атаңа нәлет, қалмағым,
Саған көңіл бермеймін,
Онан жақсы өлгенім,
Өлім болсын көргенім.
Сендей құлға барғанша,
Көнбеймін саған мен, – деді. –
Білгеніңді етші, – деп,
Осылай деп Ақ Меңді
Өгіз ханға сөйледі.

Нәрік әскерді қоя беріп, өзі кейін қайтып: «Өгіз хан Меңдіге не айтар екен?» – деп үйдің сыртынан келіп тұр екен. Сонда Нәрік ханның қара тұлпарының шылбыры қырық құлаш еді. Атынан түсіп алып, атын қаңтарып, өзі шылбырының шетінен ұстай келіп, Меңдінің айтқанын тыңдап тұрған екен. Сонда алмасын суырып алып, үйге кіріп келеді. Алмаспен он қалмақтың басын шауып тастады. Сонда Меңді ару үйден жүгіріп шығып, екеуі бір атқа мінгесіп елге қарай жөнелді. Сонда қазықтың басында Телшора құл жылап отыр екен. Сонда жылап отырып айтқаны:

– Айналайын, жеңешем,
Қолына қалмақ алғасын,
Дін мұсылман халықтың
Болмады-ау ешбіреуі.
Дүниеде бітіп қалмағай
Жатырсың қызың басында-ай,
Жеңешемнің сүрегі.
Жамандатқыр тоғыз нар,
Жеңешем бар ма қасыңды-ай?
Құдіреті күшті Құдайым,
550 Көрмедің көздің жасын-ай.
Оңғарылып жел шығып,
Естір ме екен құлағы
Нәріктейін ханымыз,
Тоқсан баулы Ноғайдан
Артық туған жанымыз?
Есітер ме екен даусымды
Жеңешемнің құлағы?
Тым болмаса Нәріктің
Қалмады-ау артында тұяғы.
Жеңешем қайда мұңайды?
Мұңлы қылған – Құдай-ды.
Көрмедім-ау дүниеде,
Тым болмаса Құдай-ай,
Жеңешемнің моласын.
«Шешем қайда?»– дейтұғын,
Тым болмаса, қалмады-ау
Бір сәби де баласы.
Алланың ісі осындай
Өзі болғай панасы.
570 Жанымды еттім садаға
Жеңешемнің жолына.
Естілсе даусым бұл барып
Нәріктейін ханыма.
Нәрік сұлтан бір келсе,
Кірер еді-ау сәніміз.
Айырылғасын Нәріктен,
Болар ма біздің мәніміз? –

деп жылап отырғанда, Нәрік пен Ақ Меңді атқа мінгесіп келіп қалады. Көп кідірмейді, Телшора сегіз қанат үйді тез жығып, нарға артып, бәрі бірге елге қайтамыз деп кетеді. Сол кезде Меңді ару буаз екен, ішінде баласы бар екен. Жолда жүріп бара жатып Ақ Меңді толғатады. Толғатқанда сары қызыл тұлпардан түсіп, жаяу жүреді. Жүріп келе жатқанда, сонда сары қызыл тұлпардың иығына таянғанда, тұлпардың тізесі бүгіліп, жығылады. Сонда сол жердегі тауға «Айғырбүгілді» деген ат қойып кеткен екен дейді. Сонан жүріп-жүріп, бір суы жоқ шөлге келеді. Меңді ару енді жүре алмайды. Сонда Нәрік айтады Телшораға: «Сен осы жерде жеңешеңді тудырып кел. Мен ілгері кете берейін, тағы да адасып бір жаудың үстіне түсіп қалармын. Сендер, қара тұлпардың басқан тұяғының орны, ошақтың орнындай болып ойылып қалады, сол ізбен тауып келерсіңдер», – дейді. Сол жерде Меңді толғатып, Шора деген ұл туады. Сонда беті-қолын жуайын десе, су болмайды. Төңірегіне қарап тұрса, Шора жер тебініп жылап жатыр екен шалқасынан түсіп. Сонда Шораның екі өкшесінің тебінген жерінен екі бұлақ ағып жатыр екен. Сол судан Меңді ару беті-қолын жуып, тазаланып алады. Сол жер бұрын «Шөлтау» деп аталатын еді, соңынан «Егізбұлақ» атанып қалды.
Меңді ару Егізбұлақ тауынан көшті, сосын қара тұлпардың ізімен жүре береді.

Жекенді көлдің жағасына,
Қоғалы көлдің сағасына,
Екі көлдің келіп түсті арасына.

Сонда Нәрік қара тұлпарды арқандап тастап, өзі ұйықтап жатты.

Сонда Ноғайлының елі еді,
Күншығыс жақтың жері еді.

Сонда Меңді ару Егізбұлақ тауын жағалап келе жатқанда байлаулы, оттап жүрген тұлпарды көреді. Ол: «Бар, атаңнан сүйінші сұра, сұрағанда, мал сұрама, азат сұра», – деді Телшораға. Сонда Телшора ұйықтап жатқан Нәріктің қасына келіп сөйлей бастады:

– Халық ұстаған ханымыз,
Кеудедегі шыбын жанымыз
Көтеріңіз басыңды,
Тумаң келді қасыңа.
Ақ жарылып, күн туды!
Жеңешем менің ұл туды!
Інімнің аты – ер Шора,
Менің атым – Телшора.
Көрінді көштің қарасы,
Келе жатыр қолында
Жеңешемнің баласы.
Көтерің басты сіз, – деді, –
Хабарға келдік біз, – деді.

Сонда Нәрік басын көтеріп, сөйлей бастады. Атты Телшора ерледі. Нәрік атына мініп, көшке қарай жөнелді.

Нәрік мініп қара атқа
Көшке қарап жөнелді.
Қасындағы Телшора
Бұ да артынан ереді.
Көшке жақын келгенде,
Құндақтан шешіп баланы
Меңді ару қолға алады.
Жақындап көшке келгесін,
Нәрік хан сонда сөйледі.
Сөйлегенде не деді:
– Асыл туған Ақ Меңді,
Көлікті болсын көшіңіз,
Қайырлы болсын, алғаным,
Қасында тұрған есіңіз.
Бұрын біреу еді,
Болған ба екеу басыңыз?
Сонда Меңді ару сөйледі:
– Халық ұстаған ханымыз,
Артық туған жанымыз,
Алла берді тілегің.
Тірі болса Шоражан,
Дұшпаның кегін ала алмас,
Ешкім қорлық бере алмас.
Мынау – Шора балаңыз,
Назар салып қараңыз.
Құндақтан шешіп, қолға алдым,
Назарын оның көрсін деп.
Қара тұлпар атымен
Нәрік сонда тебінді,
Аттан үркіп қоңыр нар
Кейінірек шегінді.
Телшора құл жетелеп
Нарды жақын келтірді.
Берейін деп баланы
Нәрікке Меңді ұсынды.

Нәрік аттан түседі,
Ерін алып тастады.
Ол қара аттың үстіне
Баланы сонда мінгізді.
Омырауын ашады,
Жүрегіне Нәрік хан
Ер Шораны басады.
Қайтадан атты ерледі.
Алдына алып баланы,
Атқа мініп алғасын,
Нәрік хан елге жөнелді.
Баяғы тұрған жеріне,
Іркілмейді, келеді.
Екі көлдің арасы
Бұл жерге қонып қалады.
Сол жерде мекен етіп
Бірнеше жыл болады.
Шора үш жасқа келгенде,
Сарық қойы бар еді,
Ол қойлардың қорасы
Болатын еді далада.

Бір күндері қой жайылмай кетіп қалғасын, Нәрік: «Мына тұлпарға мініп, қойды қайырып кел», – деп Шораны жұмсайды.

Жалаңаяқ, жалаңбас
Бала, жүдә, жалаңаш.

Ноқталап мініп, қара тұлпармен қойға қарай жүре берді. Қойға барғанда, қойдың ар жағында бір көп қара көрді. Қараны көргесін: «Үйге барып, әкеме айтайын, бұл жерде бұрын қара жоқ. Бұл не екен?» – деп атының басын бұрады да және ойлап тұрып: «Қара көрдім», – деп, үйге барып, хабар еткенше, не болады, өзім барып білейін», – деп, жалаңаяқ, жалаңбас, ноқталап мініп, кетеді. Көрінген қараға жақындап барғанда, көрінген қарадан бір қара шығып, Шораға таман келе береді. Сонда екеуі бір-біріне жақындап келгесін, ол қара Шораға сөйлей бастайды:

– Жарқыным, жас баласың,
Ноқталап мініп қараны,
Өзің қайда барасың?
Артыңда екі бөлек қараң бар.
Неге келер шамаң бар?
Жалаңаяқ, жалаңбас,
Өзің тырдай жалаңаш.
Мен – Ноғай деген ел, – деді. –
Үш жыл болып барады
Елден шығып кеткелі.
Өзім атым – Құлыншақ,
Ноғайлының ері едім
Қалмақтың шаптым қаласын.
Келе жатырмын шұбыртып
Ит қалмақтың баласын.
Келе жатқан көп жесір –
Сол қалмақтың қарасы.
Аты-жөнің білейін,
Жөніңді айтшы, сен, бала,
Мен білейін шамасын.
Сонда Шора сөйледі.
Сөйлегенде не деді?
– Отырған жерім сұрасаң,
Жекенді көлдің жағасы,
Қоғалы көлдің сағасы,
Мен – Нәріктің баласы.
Артымдағы көрінген
Екі қара дегенің –
Жайылып жатқан көп сарық,
Сол сарық қойдың қорасы.
Ар жағында көрінген –
Меңдіге тіккен ақ орда,
Ол – орданың қарасы.
Сонда Құлыншақ сөйледі.
Сөйлегенде не деді?
– Асыл туған баласың,
Бала да болсаң, төресің.
Берейін сауға мен, –деді. –
Артыңдағы көп қара,
Әкеңе барып мақтаншы:
«Сауға алдым!» – деп сен, – деді.
Сонда Шора сөйледі:
– Дүниеге көзім салман, – деп, –
Керек емес сауғаға
Сенің құл-құтаныңды алман, – деп. –
Қасыма менің ер, – деді. –
Сауға алатын мен болсам,
Беретін болсаң сен сауға,
Сұрайтыным ол емес,
Астыңдағы кер тұлпар –
Сұрағаным сол, – деді.
Құлыншақ сонда сөйлейді.
Сөйлегенде не деді?
– Сұрама, Шора, сен, – деді. –
Бермеймін тұлпар мен, – деді. –
Осыменен бір туған,
Ата-енесі бір еді,
Тірі болса қатыным,
Жақсы қылып баққан-ды,
Берермін соны мен, – деді.

Сонда Шора үйіне келеді. Барған жерінде қара көргенін айтпады. Құлыншақ еліне барады. Еліне барса, қатыны тірі екен, торы құлынды баққан екен, дөненге жасы толған екен. Сонда Құлыншақ бір құлына айтты: «Мына дөненді жетелеп, Шораға апарып тапсыр», – деді. Күн батарда Нәрік төбенің басына шығып отырған, бір құл келіп: «Нәрік ханның ордасы қайсы?» – деп сұрады.
Нәрік: «Хан ордасы – анау, сонда барып түс», – деді.
Намазшам болғанда, Нәрік үйге келіп: «Шораны шақырың, –деп, шақыртып, Шорадан:«Сен Құлыншақтан ат сұрап па едің?» – деді. Сонда Шора сөйлей бастады:

– Бес сарықты қайыр, – деп, –
Бұйрық еткен шағыңда
Кетіп едім мен, – деді.
Қайыруға сарықты.
Ар жағында мен көрдім
Келе жатқан көп қара.
Жақындап барсам қараға,
Тағы шықты бір қара.
Ол қараны қарасам,
Құлыншақ деген ер екен,
«Менен сауға ал», – деді. –
Оны әкеңе апарып,
Мақтанып алып бар», – деді.

«Алмаймын сауға мен, – дедім. –
Астыңа мінген керіңді
Берсең, алам мен», – дедім.
«Кер атымды бермеймін
Дөнен жасар бар еді,
Дөненге жас толғанда,
Тірі болса, бұл бағып,
Қатыным дөнен қылған-ды.
Биліксіз сізден «сауға», – деп,
Ат сұрадым мен, – деді.

Сонда Нәрік хан Шораға: «Мынау атқа мін», – деді. Сонда Шора керге мініп алып: «Шүу», – деді. Сегіз қанат ордадан тоқтамай асып жүре берді. Нәрік атты байлап қойып, үйге кіріп, құлды үйге апарып сыйлады. Ертеңіне сандықтан алдырып бір «алтын» тонды берді: «Осыны Құлыншаққа бер» – деп. – Тірі болса, Құлыншақ қияметтік досы болсын»,– деді.
Шора өсіп, жасы алтыға келді. Нәріктен Шораның туғандығы тоқсан баулы Ноғайға білінді. Қара Ноғайдың елінен Шораға қалың берді. Шора жасы алтыға толғанда да ешкі бағып жүретін еді. Сонда Шораға ағасы Телшора сөйлей бастады:

– Туғаныңнан тумай кет,
Мұнан да жақсы өлгенің,
Өлім болсын көргенің.
Мен бағамын ешкіні
Асылым құл болғасын,
Ешкі бақпақ – кесіп-ті.
Нәріктен туған сен, – деді, –
Лақ бағып жүргенше,
Енді құрғыр, өл, – деді. –
Атаң Нәрік кеткенде,
Қазанда еді қаласы,
Қазаннан мұны қаңғыртқан –
Ноғайлының баласы.
Атаға тартып, кәнеки,
Шора құрғыр, туғаның
«Аға», – деп біз секілді құлдардың
Қасына келіп тұрғаның.

Сонда ер Шора құлға қарамады, үйге қайтып жүре берді. Шешесі Меңдінің қазанға тамақ салатын пышағы бар еді. Соны ұрлап алады. Сонда қырық лақты айдап, бір сайдың тұйығына барады да, қырық лақты солайымен бауыздап тастап, ер Шора үйіне қайтып барды. Манағы тұрған Телшора қырылған лақты тасып арқалап, үсті қанға былғанып, кешке бір-ақ жетеді. Кеш болғанда сауып еді, ешкі біткеннің бәрі шулайды: «Лағым менің қайда?» – деп. Ертеңгі кеште ешкілерді тағы сауып еді, сонда:

Ешкі тұрды қайқайып,
Мүйіздері шалқайып,

Кешегідей болмады, қозғалмай тұра берді, біреуі маңырамады. Келесі күн тағы сауғанда, сауылғаны отты шыр айналып, бұл үйден далаға кетпей, тоқтады.

Төртінші күн болғанда,
Күннің көзі батқанда,
Әкесі Нәрік ханыңыз –
Бұл да ұйықтап жатқанда.

Міне, әуелгі күн ғана жылайды екен: «Жалғыз балам қайда кетті?» – деп. Екінші күн болғанда, жыламайды екен, тек «Құдай өзіңе тапсырдым», – деп, отыра береді екен. Үшінші күн тек тамағын ішіп-жеп отыра береді екен: «Не қылса да, өзің білесің», – деп, Аллаға тапсырып, төртінші күн болғанда Ер Шораның ойлаған ақылы осы екен.
Сосын Шора Нәрік ханның ақ сауытын алып, үстіне киеді, алмасын алып, беліне буады, сұр жебені алып ердің қасына іледі, ақ сүңгіні суырып алып, мұны тағы іледі, сосын тұлпарға мініп алып Ер Шора Қазанға жөнеледі.

Жануар қара тұлпардың
Күйі түскен бабынан.
Ақ сүңгіні қолға алып,
Жөнелді ол сабынан.
Шора осал бола ма?
Меңдінің шыққан қабынан.
Артық туған ер еді
Шаршасын ба жануар?
Күні-түні желеді.
Қызыл шекпен үстінде,
Дөңгеленіп келеді.

Өгіз ханның Меңді хан деген баласы болған. Оның қасында қырық кісі жолдас болған. «Нәріктен Шора туды, сол Қазанға барады» деген сөз шыққан соң, «Шораны өлтіріп, кегімді алам», – деп, Меңді хан қырық кісімен Шораның жолында тосып жатқан.

Қасында қарғылы тазы бар,
Қолында қара бүркіт бар,
Астында қара тұлпары бар,
Қырық кісі жолдасы бар.
Таң белгісі болғанда,
Қара тазы ұлыған,
Бүркіті шаңқылдаған,
Қара тұлпары кісінеген.

Сонда Меңді хан тұрып: «Шораның басына көрінді», – деді. Күннің көзі шығып келе жатқанда, шаң шығарып Шора келе жатыр екен. Оны Меңді хан көріп: «Осы шаң шығарып келе жатқан кім екен? Білейін», – деп, қара тұлпарға мініп, қасындағы тазысы мен бүркітін жолдастарына тастай беріп, Шораның алдынан жүре берді. Шораға жақын келгесін: «Сен кімсің?» – деп сұрады. Сонда Шораның Меңдіге айтқаны:

– Асылымды сұрасаң,
Асылым артық Арғынмын.
Көгімді менің сұрасаң,
Көк нарлы Танамын.
Өз атымды сұрасаң,
Нәрік ұлы Шорамын.
Барарымды сұрасаң,
Мен Қазанға барамын.
Мен Қазанға барғанша,
Қан жаумасын, қар жаусын.
Мен Қазанға барғасын,
Қар жаумаса, қан жаусын.
Сонда Меңдіхан сөйледі.
Сөйлегенде не деді?
– Атамның аты – Өгіз хан,
Он кісімен өлтірген
Ол әкемді Нәрік хан.
Алуға сенен кегімді,
Тыңда, Шора, кебімді,
Беремін саған өлімді.
Алуға тұрмын басыңды,
Қырық нөкерім қасымда.
«Өлмеймін», – деп ойлама,
Енді өлесің сен, – деді, –
Аламын кегім мен, – деді. –
Жолыңда тосып жатқаным,
Атамын, ноғай, мен, – деді. –
Атқан оғым өтеді,
Сен түгіл тау-тастарды
Қақ айырып кетеді.
Сонда Ер Шора сөйлейді.
Сөйлегенде не дейді?
– Ата бер, қалмақ, сен, – деді, –
Елден шыққан ер жігіт
Өлімнен қорқып тая ма?
Қолыңнан келсе, ат, қалмақ,
Ата бер енді, аяма.
Меңді хан қолын салады.
Атайын деп қорамса
Ер қасынан алады.
Меңді хан тартып қалады.
Сыртында тұрған шекпенге
Пышақ сырты батпады,
Атқан оғы өтпеді.
Қара басып, қалмақтың
Еш қайраты жетпеді.
Бір емес, қалмақ үш атты,
Үш оқты қабат босатты,
Үш оғы бірдей өтпеді,
Қолының күші жетпеді.
Сонда Шора сөйледі.
Сөйлегенде не деді?
– Заңғар қалмақ, сен, – деді. –
Жолдасыңа барып айт,
Енді өлтірем мен, – деді. –
Мынау тұрған шәріңе.
Қатының мен балаңа
Арызың болса, айт, – деді. –
Солай қарап қайт, – деді.
Тұрды қалмақ долданып,
Ол да өзінше кісімсіп, бұлданып.
Сонда Шора қозғалды,
Қу жебені қолға алды,
Тартып қалды жебені.
Қалмақтан өтіп оқ кетіп,
Бір төбеге жетеді.
Ол төбенің босады
Оқ тиген көбесі.
Алдында ханын алғасын,
Артындағы қырығы
Тырағайлап қашады,
Дүниеге көзін салмады,
Еш нәрсені алмады.
Қумады оның бірін де,
Көрген соң түрін де.
Үш мың кісі бұл қалмақ
Жатқан екен Қазанды қамап.
Ханжан қызды бұл алмақ.
«Ханжан қызыңды бер, – деді. –
Егер қызың бермесең,
Шабам елің мен», – деді.
Әділшедей хандарға
Қалмақ сөйтіп сөйледі.
Сонда Әділше ханыңыз
Ноғайға хабар салады.
Ноғайдың қырық ерлерін
Бәрін жинап алады.
«Осы жауды кім қашырса,
Қызымды соған беремін».
Ол қалмаққа ешбірі
Соғыс сала алмады.
Қырық батыры болса да,
Ол жауға қарсы бармады.

Сонда Ханжан биік бір төбенің басына шығып, мұңайып, таң белгісі болғанша сонда отырады екен.

Күншығыс жағы Қазанның
Биік жатқан тау еді.
Күннің көзі шыққанда,
Таудан біреу құлады,
Қызыл-жасыл ту байлап.
Ақырғанда, аузынан
Бейне жалын шарпиды.
Астында мінген қара ат бар,
Ұшқан құстан кем емес,
Ол жылқыға тең емес.
Аузынан шыққан отты көргесін,
Айғай даусын естіп,
Қалмақ жаман сасады.
Ұрысуға шара жоқ,
Жалбаңдап қалмақ қашады.
Қашқан жауды көргесін,
Қазанның қырық батыры –
Бұл да шыға шабады.
Үш мың кісі қалмақтан
Бір мыңдай қырылды.
Ерлі жүрген мәстек ат
Қалаға келіп толады.
Ноғайлының аш-арық
Ерлі жүрген әзір ат
Ие болып тұрады.
Қалмақ қашып кеткесін,
Қырық батыр келді қалаға.
Әрқайсысы айтады:
«Жау қашырдым мен, – деді. –
Қызыңды мағап бер», – деді.
Қырық кісінің қырқына
Қызын тұрды бере алмай,
Көзіменен куғанын
Әділше хан көре алмай.
Бір кісі жіберді білуге,
«Ханжаннан барып сұра, – деп, –
Жауды қашырған кім екен?»
Сонда Ханжан сөйледі.
Сөйлегенде не деді?
– Атама барсаң, сәлем де:
Күншығыстан келді бір адам,
Қызыл шекпен үстінде,
Ақ найзасы қолында,
Жаудың жүрген жолында.
Сол кісі келіп қашырды,
Ақырғанда, аузынан
Қызыл-жасыл от жайнап.
Күншығыстың бетінде,
Көп кісінің шетінде,
Жапанда жалғыз әлі тұр
Ақ найзаға сүйеніп.
Барып атам көрсін, – деп. –
Жолығып, жауап берсін, – деп.
Сонда Әділше хан жиналды,
Астына жегіп арбасын,
Арбаға жегіп жорғасын,
Келіп сонда Әділше,
Ер Шорадан сұрады:
– Кімсің жүрген сен? – деді. –
Жылқының мұндай қарасын
Бұрын-сонды көрмедім.
Бұл Ноғайдың ішінде
Бұндай бала шамасы.
Атыңды айт, сен бала,
Танымай тұрмын, бері қара.
Шетте тұрып сен, – деді, –
Қайырылып, жауап бер, – деді. –
Танымағасын, сұраймын
Сенен бала мен, – деді.
Жиналып тұрған көп Ноғай.
Шетте тұрған Ер Шора
Жалғыз өзі мұңайып,
Бір ауыз сөз сөйледі:
– Жаратқан Алла өзімді.
Әділше сұлтан, тыңдаңыз,
Менің айтқан сөзімді.
Ноғайлы байтақ ел, – еді.
Танымадың біреуің,
Екенмін жалғыз мен, – деді. –
Ағайын, халық бар болса,
Бармас па едім үйіне-ай,
Көрмес пе едім күйін-ай,
Жалғыздыққа не шара?
Алла болсын бұл пана.
Сұрасаңыз атымды,
Нәріктің ұлы – мен Шора.
«Қазанды кәпір алар, – деп, –
Айдап, жолға салар, – деп. –
Әкем тұрған алтын тақ
Жау қолында қалар», – деп, –
Шықтым жолға мен, – деді.
Сонда Әділше
Қара жорға атымен
Берендіктеп, белдіктеп,
Шұғаменен терліктеп,
Мақпалдан терлік салады.
Маржан, жақұт тағынды-ай,
Өлшеусіз зер мен мақпалдан
Үстіне сонда жамылды.
Жетіп келіп Шораға,
Сонда Ханжан сөйледі.
Сөйлегенде не деді?
– Асыл туған төресің,
Атаңның тұрған жеріне
Өзің іздеп келесің.
Атамның тұрған алтын тақ
Мекен қылып тұрыңыз,
Осы шәрде болыңыз.
Байтақ Ноғай болса да,
Біреуі жоқ қолайлы,
Алуға құмар Ноғайлы.
Алтын таққа қонсаңыз,
Өлгенше сізге мені, – деді, –
Жұпты қылып алсаңыз.
Сүйегім қатар тең, – деді, –
Мынау тұрған атам-ды.
Атам тұрсын қасыңда,
Ноғайдың тұр басында.
Сонда Шора сойледі:
– Ақылсыз болма сен, – деді –
Ықтиярсыз ол атамнан
Алмаймын жолдас мен, – деді. –
Әр шәр алған жерімнен
Ала берсем бір қызды,
Жер жүзіне сыя ма?
Бола ма оның мақұл-ды,
Ол болмайды ақыл-ды.
Қашырып жауды қайтқаным
Болар деді мақұл-ды.
Сол жауапты айтқанда,
Қасында қырық батыры кеңесті:
«Құдай бізге берген екен,
Әлібиді өлтірген
Мына қашқын келген екен.
Бұл Шораны өлтіріп,
Ханжанды өзіміз алайық,
Қатынды болып қалайық», – деп.
Сонда Шора сөйледі.
Сөйлегенде не деді?
– Байтақ жатқан ел, – деді, –
Бөлек жатқан Ноғайдан
Ұрысуға кел, – деді. –
Мені өлтірсең, Ноғайлы,
Кегің қайтар, ер, – деді.
Ақырып сонда сөйледі,
Аузынан Ер Шораның
Қызыл-жасыл отжанды.
Сонда қырқы сасады,
Тырағайлап қашады.
Қырқы қашып кеткесін,
Ханжанға Шора жауап қатады:
– Хан боламын Қазанға,
Атам кеткен жер еді.
Атамнан болса рұқсат,
Алармын, Ханжан, сені, – деді. –
Кешікпей енді кетемін
Меңді ханның еліне,
Оған бір қайрат етемін.
Меңді ханның елін алармын,
Айдап, жауға салармын,
Еліме сөйтіп барармын,
Атамнан болса бір жауап,
Кешікпей келіп алармын.
Қайта берің сен, – деді, –
Орнында тұрсын Әділше.
Ешкім қолын сала алмас,
Аударып тағын ала алмас.
Атама жәбір бұл берген
Өгіз хан қалмақ ол еді.
Қазаннан Шора қайтқанда,
Баяғы көрген Құлыншақ,
«Шора Қазанға кетті» дегесін,
«Мен де артынан барайын,
Қалмаққа барып соғыс салайын», – дейді.

Сонда Шора мен Құлыншақтың кездесіп, қосылған жері еді. Құлыншақ Шораға сөз бастайды:

– Асыл туған Шорамыз,
Артық туған төреміз,
Қазанға таман баралық,
Барып қайрат етелік.
Онда жатқан қалмақтың
Көрелік қандай салмағын.
Ол Қазанда Әділше,
Кеткесін Нәрік, хан еді,
Көп Ноғайды билеген
Ақылы асқан жан еді.
Қырық батыры: «Жау келсе,
Алармыз», – деген жан еді.
Әрқайсысы үйде отырғанда
Бәрі төреге тең еді.
Қырық сондай батыры
Не қылды екен қалмаққа
Барып жатқан? – деп еді.
Сонда Шора сөйледі.
Сөйлегенде не деді?
– Асыл туған ағамыз,
Ақылға қамал данамыз,
Асыл туған ағасың.
Қалмақтың көрдім баласын,
Қазанның көрдім қаласын,
Ол Қазанда мен көрдім
Қырық батырдың шамасын.
Жауды көрсе, сасқандай,
Қалмақты көрсе, қашқандай.
Қалмаққа салдым ойынды-ай,
Қалмақтың еттім тойында-ай.
Жатқан екен ол қалмақ
Үш айдан бері қамалап,
Оның бәрі қалды қырылып.
Әділшенің ерлері
Жасаған екен амалды.
Қалмақ қашып кеткесін,
«Аламыз, – деп, – Ханжанды»,
Қырық батыры ойлады.
«Әлібиді өлтірген
Қашқын мұнда келді, – деп,–
Бізге олжа берді»деп,
Ерлер сасып қалған соң,
Мұнда қайтып келе ме?
Меңді ханның еліне,
Бекітіп салған көліне,
Белгілі Ноғай жеріне,
Қай сапарға жүрсең де,
Батыр, енді өзің біл.
Менің жүріп келгенім
Мынау Меңді хан елі еді.
Жүрдім «Тура жетем, – деп, –
Барып, қайрат етем, – деп. –
Жолға тастап қалмақты,
Қалай алмай кетем?» – деп.
Екі батыр ер еді
Меңдіхандай қалмақтың
Еліне жақын келеді.
Қалмаққа жақын келгесін,
Емес қой болат құрама,
Шабыспай батыр тұра ма?!
Жақындап қалмақ келіпті,
«Ноғай келеді», – дегесін,
Бекіткен екен қаласын,
Жинаған екен ерлерін,
Неше мықты баласын.
Қалмақтан қалды үлкен қол,
Енді болды бұған жол,
Мың кісі әскер жиналды.
Екі батыр: «Алла!» –деп сиынды,
Жеңсіз берен киінді.
Мың кісімен соғысты,
Бірнеше күн тоғысты.
Неше күндей ұрысып,
Қалмақтың алып қаласын,
Екі батыр ер болып,
Танытты-аың баласын.
Бір жеті күн болғанда,
Көндірді қатын-баласын,
Мықтысын жинап, қарасын.
Құлыншақтай ерді алып,
Шұбыртып алып жинады
Бүтін қалмақ баласын.
Ол қалмақты алғасын,
Шора елге қайтады,
Елге келіп көреді
Ата менен анасын.
Нәрік сонда сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
– Асыл туған Шорасың,
Көрдің бе Қазан қаласын?
Көрдіңіз бе қалмақтың
Қамалап жатқан шамасын?
Қарсы барып, шаптың ба
Өгіз хандай қалмақтың
Меңді хандай баласын?
Жолығып оған кеттің бе?
Заңғарға қайрат еттің бе?
Қазанда жатқан қалмақты
Аударып па едің жерінен?
Сонда Шора сөйледі:
– Айналайын атамыз,
Ақылға қамал данамыз,
Астана жұртты меңгерген
Асылы артық панамыз.
Кеткен екен қалмаққа,
Енді болмас қаламыз,
Жылаған екен баламыз.
Қалмақты жерден асырдым,
Бәрін қуып қашырдым.
«Қалмасын, – деп, – біреуі»,
Кетірдім жаудың реңін.
Бітірдім ол заңғардың сүрегін.
Ол Қазанның маңына
Қоймадым ешбіреуін.
Онан қайттым мен, – деді. –
Меңді хан деген қалмақтан
Алдым шауып ел, – деді. –
Құлыншақтай батырға
Барып кеттім мен, – деді. –
Қара Ноғай елінен
Қалың бердім мен, – деді.
Осылай деп Ер Шора
Нәрік ханға сөйледі.
Құлыншақтан алған Таспакер
Жер астында байланған,
Арқанда тұрып ойнаған.

Ер Шора қалың бергесін, Қара Ноғайға барып қалыңдық ойнап жүрген екен.

 

 

ШОРА

Қалың ойнап жатқанда Ақташы хан алпыс биіне: «Нәрік баласы Шораның Таспакерін алып кел», – деп жіберген. Алпыс би Таспакерді барып сұрағанмен, бермеді. Сонда алпыс би үйді шыр айналып шапқанда, аттың дүбірімен, мылтықтың дуымен Таспакер сарайды бұзып, есігінен шығып кетеді. Алпыс би Таспакерді ұстап алып кете береді. Сонда Нәрік Таспакерді алып кеткесін, артынан қуып барайын деп ойлайды. «Егер қуып жетіп, Таспакерді айыра алсам, жақсы. Айыра алмай, өліп кетсем, оны Шора білмей қалады өлгенімді. Сондықтан Шораға хабар берейін. Шора қорқып, бара алмаса, өзім кетейін», – деді.
Сонда Шора ең шеттегі бір отауда ұйықтап жатыр екен. Сонда Нәрік барып Шораға сөз айтайын дегенде, келіні түндікті ашайын деп, сыртқа шығып келе жатыр екен. Үйдің артындағы Нәрікті көріп, сәлем беріп, түндікті ашпай, үйге кіріп кетеді. Сонда ұйықтап жатқан Шораның басын шайқап айтқаны:

– Артық туған сұлтаным,
Астыңдағы тұлпарың.
Келіп тұр сыртта бабаңыз.
Көрмеп едім бұл түсін,
Егже етемін,сұлтаным,
Мегзетемін атаңа.
Барып, өзің қараңыз.
Сақалының ағы бар,
Ашуы күшті тағы бар.
Неше түрлі қасында
Сол кісінің болат бар,
Астында жақсы қара ат бар.
Ұйықтамаған секілді
Ұзақ түннің бойында.
Не бар екен ойында?
Оятқаным сіздерді
Барып хабар етерге,
Алдынан сәлем берерге.
Сонда Шора жүгіріп
Үйден шықты далаға,
Үстіне кимей, көйлекшең.
Баласы қалай шыдайды?
Ұстай алды шылбырдан.
Сәлем беріп алғасын:
«Түсіңіз аттан сіз», – деді.
Түспей тұрып атынан
Сонда Нәрік сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Ақташтың алпыс биі
Шыр айнала бұл шапты.
Ат шығарып алдынан,
Айланы зұлым бұл тапты.
Есігін бұзып сарайдың,
Таспакер шығып бұл қашты.
Жетелеп алып алпыс би
Таспакерді алып ол кетті.
Бара алмадым торығып,
Алпыс иттен қорқып.
Сен бармасаң, Шоражан,
Кетейін деп мен тұрмын.
Ақташтың алпыс биі
Жатқан шығар
Балбұлақтың басында.
Көк шалғынға жіберіп
Өңкей атты қасында.
Таспакерді қаңтарып,
Ортасына алған-ды.
Түніменен жүрген ит
Таң атқанда ұйықтап
Бұл сәскеде жатқан-ды.
Балбұлақтың басында
Жатқан жеріне жетейін.
Қусам, жетпей не етейін?
Бармайтын болсаң сен, – деді, –
Түспеймін аттан мен, – деді.
Сонда Шора сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Түсе бер, ата, сіз, – деді. –
Барармын оған мен, – деді. –
Қалай да болса, жетермін.
Таспакерді жіберіп,
Үйде қалып не етермін.
Отырып демалыңыз,
Осы отауда жатыңыз, – деп,

Нәрікті атынан түсіріп, Шора үйге апарады. Неше түрлі жақсы тағам береді. Сосын өзі қара тұлпарды мініп, қолына қару алып, кетейін деп жатқанда, атасы Нәрік бір ауыз айтып қалады:

– Айналайын Шоражан,
Туған балам сен болсаң,
Алпыс биді өлтіріп,
Кесіп басын, алып кел.
Таспакерді жетелеп,
Алып келші сен, – деді. –
Ол айтқаным етпесең,
Ұйықтап жатқан жерінде
Таспакерді алып қашсаң,
Тумағаның сен, – деді.

Шора сонда жөнелді,
Қара тұлпар астында
Дөңгеленіп барады.
Ақташының алпыс биі
Балбұлақтын қасында,
Жатқан екен басында,
Таспакер тұр қасында.
Шора түртіп оятты
Алпыс биді найзамен.
«Тұрыңыз, билер, сіз, – деді, –
Таспакердің артынан
Қуып келдім мен», – деді.
Сонда Шора тұрады,
Таспакерге бармады,
Шылбырынан ұстай алмады.
Билер жатпай жүгіріп,
Атын бұрды тұра алмай,
Мінейін деп кідіріп.
Атқа мініп алғасын,
Шораға билер шабады,
«Көппіз ғой», –деп қамады.
Суырып Шора қылышын
Тарылтты алпыс бидің тынысын
Тырп еткізбей билердің
Шығармады дыбысын.
Алпыс биді түсіріп,
Алпысының да атын алады.
Әр аттың шылбырын
Әр бидің мойына салады.
Алпыс биді қосақтап
Алпысын да қуады,
Билерге мүшкіл туады.
Таспакерді жетелеп,
Салады жолға төтелеп.
Билердің қолын буғасын,
Қосақтап атпен қуғасын,
Басына күн туғасын,
Билерді сөйтіп айдады,
Сорлары сөйтіп қайнады.
Табандары қып-қызыл,
Терісі түсіп жайнады.
Бір замандар болғанда,
Бір төбенің басында
Отыр екен хан Нәрік.
Ер Шора келді еліне
Алпыс биді қуалап.
Маңдайының тері ақты,
Бұл сорлының жұмалап.
Үйде отырған қатынын:
«Мұнда кел», – деп шақырды,
Қатыны келді жүгіріп.
Сонда Шора бұйырды:
«Мынау тұрған билердің
Мойнына шылбыр сал, – деді. –
Желіге байлап тастай бер
Айуандай қылып бұл, – деді. –
Есікте жүріп, болсын құл, – деді.
Сонда тұрып Нәрік хан
Баласын Шора шақырды:
– Шора батыр, сен, – деді, –
Сұраймын сауға мен, – деді, –
Сауға берсең ер, – деді.
Сонда Шора:
– Сауға бердім мен, – деді, –
Ала бер, ата, сен, – деді. –
Мынау тұрған алпыс би,
Алпыс биді бердім, – деп,
Шора батыр айтқасын:
– Бір-бірден жетелеп
Қасыма алып кел, – деді.
Сонда келіні жетелеп
Алып келіп еді.

Нәрік айтты: «Алпысының да мойнын да, қолын да босат, – деді. Сонда қолдарын босатқасын: «Аттарыңа мініп, үйлеріңе қайт», – деп босатып жібереді. Нәрік хан: «Ақташы ханға сәлем айтыңдар. Сегіз күнде Ер Шора барады, қалмақтың елін шабады», – деді.

Алпыс би атқа мінеді,
Ол төбеден асқанша
Жалтақ-жалтақ қарайды.
Сол шабуылмен алпыс би
Ақташы ханға барады,
Ханға хабар береді.
Алпыс биі сонда сөйледі:
– Біз Нәрік деген шал көрдік,
Шора деген жан көрдік.
Мұрсатқа қоймай алғандай,
Шора ойын салғандай.
Шора деген бек екен,
Келсе, қоймай алғандай.
Қырар келсе қаламыз,
Жылап қалар баламыз.
Біз қорықтық Шорадан,
«Келмей ме деп ойлаймын,
Сол Ноғайға шамамыз».
Дүние менен мал құрысын,
Өзіміз босып кетейік,
Жан айласын етейік,
Нәріктің сөзімен құтылдық.

Балбұлақтан айдады,
Сорымыз судай қайнады.
Етікті шешіп қолға алып,
Жалаңаяқ айдады.
Аяқтан аққан қанымыз,
Қиналды жаман жанымыз,
Сорымыз сөйтіп қайнады.
Кідірейін бір десе,
Қамшымен сабап айдады.
Өзі мықты зор екен,
Ер Шораға жолыққан
Маңдайының соры екен.
«Ұрысамын, – десеңіз,
Әскеріңді жи, – деді.
Сегіз күнде келеміз,
Әзірленіп тұр», – деді.
Сірә, алады қалаңды,
Адамды қояр жан емес.
Балбұлақтың басында
Қамап алдық біз, – деді.
Ат үстінен ұмтылып,
Жағамыздан алады,
Лақтырып салады.
Шыға жаздап жанымыз,
Тек шыбынымыз ғана қалады.
Жаман екен ойыны,
Жағамыздан алғанда,
Адамның үзіле жаздайды мойыны.
Сұрады Нәрік: « Сауға!»– деп.
Өзінен туған балаға
Тұрды Нәрік бата алмай.
Үлкендіктің бұл тиді
Нәріктің бізге пайдасы.
Жібергесін хан Нәрік:
«Көрсін, – деді, – қаласын».
Ойлаған ғой ақсақал:
«Көрсін, – деп, – қатын-баласын».
Сенсеңіз, егер біздерге,
Өлімнен басқа нәрсе жоқ,
Ақташыдайын ханымыз,
Шора келсе біздерге.
Ақташы хан сасады,
Ақылы кетіп танады,
Түсі кетіп қашады.
Сонда Ақташыдай ханыңыз
Билердің тілін алуға,
Оңтайланды қашуға.
«Жерің адыра қалсын!»– деп,
Ақташы хан сонда бұйырды:
«Қой мен сиыр қалсын! –деп. –
Жылқы менен түйені
Ол үш күннен қалдырмай,
Бәрін жиып алсын! – деп,–
Үйде тұрған қазынаның
Жақсыларын алсын! – деп, –
Жамандары қалсын!» –деп.
Ақташы қолы асады,
Үш күннен соң білінді,
Дүниесін тастап шұбырды.
«Жарамайды, – деп, – айдауға»,
Сиыр менен қой қалды,
Толып жатқан қор қалды.
Ақташының елі кідірмей,
Бес күнде асып, жоғалды.
Нәрік ханның жасаған
Бұл қалмаққа айласы,
Бұл істеп отырған
Көп Ноғайдың пайдасы.

Сонда баласы Шора әкесі Нәрікке: «Алпыс биді неге тірі жібердіңіз? Бәрін өлтіру керек еді», – деді.
Нәрік хан айтты: «Ол алпыс биді жібергенде, пайдасы саған болар», – деді.

«Сегіз күнде барғанда,
Жалғыз адам көрмессің.
Сиыр менен қой қалар,
Тігулі үй мен қора қалар.
Иесіз малды аларсың,
Олжаға батып қаларсың.
Қалмақ кетсе, жоғалсын,
Ноғайлыға хабар сал.
Аш-арық барып олжа алсын.
Алпыс биі айтқасын,
Тұра алмайды, кетеді.
Алпыс жаман торыққан,
Сізден қатты қорыққан».
Сүйдеп айтты Нәрік хан.
Күн сегізге толады,
Баратын шағы болады.
Шақырып алып Ноғайды,
Нәрік хан хабар салады.
Жарлысы мен жақыбай
Ер Шораға ереді.
Ақташының жеріне
Шұбырып жетіп қалады.
Тігулі тұрған үйлер бар,
Жайылып жатқан қойлар бар.
Ешкімнің малмен ісі жоқ,
Ішінде жалғыз кісі жоқ.
Шұбырғасын бұл қалмақ,
Дүниесі қалған соң,
Олжаға батып аш-арық,
Иесіз дүние қалғасын,
Қара Ноғай адамы
Шұбырып келді еліне,
Көп дүние айдап, жеріне.
Шора қайтты еліне,
«Қанша жер бар екен деп,
Ақташының еліне».
Басқа қара Ноғай
Қуанып қайтыпты
Өзінің тұрған жеріне,
Алып келген малына.
Мал жинаған ел келді
Бұрынғыдай болсын ба,
Ол Шораның сәніне.
Ноғайлыққа сиыр менен қой қалды,
Толып жатқан қор қалды.
Шора қуып кетеді:
«Аламын, – деп, – хабарға,
Шамалы жерде бар болса».

Сонда Үшбөкенбай деген жерден Ақташының халқы шұбырып өтеді.

Сонша жерге жеткізіп,
Бармай Шора қайтады,
Атының басын тартады.
«Қайдан қайттың?» деген Нәрікке:
«Үшбөкенбай деген жерден асты, – деп.
Қорқып қалмақ, қашты, – деп.
Отырып демалармыз.
Құлыншақ келсе артынан
Тағы қуып барармыз».

Сонда Шора сөйледі:
– Ұрыспай тұрып қашқан ел,
Жерін тастап асқан ел.
Ащыбас шаттың басынан
Ақташыдай қалмақтың
Қашқан жері сол еді.

Сонда Құлыншақ ер Шораны іздеп келеді. Келіп, Шораға айтқаны:

– Артық туған Шорамыз,
Асылы артық төреміз,
Қайда барды Ақташы хан?
Артынан барып көреміз.
Айлап, жылдап жүрерміз.
Қызылбас пен ындысты,
Қалмақты да көргенбіз.
Үйде отырып бола ма?
Алыс та болса, барайық.
Бала мен қатынының
Барған жерінен алайық.
Ізделік, батыр, кел, – деді.
Барамысың сен? – деді.
Шора, сені барар деп,
Іздеп келдім мен, – деді.
Құлыншақ сүй деп сөйледі.
Сонда Нәрік ханымыз
Құлыншақ пен Шораға
Бір сөз айтып қалады:
– Екі бірдей ер, – деді, –
Тастамаңыз киімді,
Жеңіл жүрмек қиын-ды.
Барған шығар ол жерге
Ақташының қатын-баласы.
Түйе мен жылқы бар шығар,
Оның жүрген қарасы.
Алыс емес жеріңіз,
Жақын болса, барармыз.
Оңғарса Құдай сапарды,
Ол қалмақты аларсыз.
Сауыт пен шарайна,
Тастамай оны, киіңіз.
Ат шабады күйімен.
Ерлік те керек жігітке,
Әрбір айла түрімен.
«Айласыз ер тез өледі»,
Деген сөзді қарашы.
«Айласыздан Аршылан
Қолға түсті» деген сөз бар.
Осыны байқап қарашы.
Артық туған Құлыншақ,
Талайдың көрдің шамасын.
Екі жыл, үш жыл жол шегіп,
Қалмақтың алдық қаласын.
Ындыс пенен қалмақтан
Қызылбас оңай, қарашы.
Қызылбастың жерлері
Белгілі жазық жер екен.
Қалмақ пен ындыстың
Тұрған жерін қарасаң,
Бір жағы – су, бір жағы – тау,
Сондай мықты жаман жау,
Естеріңе салғаным,
Енді үйден шығарға
Бізде ешбір дәрмен жоқ.
«Үйде отырмай, қартайған
Қарт адамның сөзінде, –
Деп жүрмеңіз, – мақұл жоқ».
Үлкеннің тілін алмаған
Жастарда тіпті ақыл жоқ.
Жақсылық қылма қалмаққа.
Тек ындыс пен қалмақты
Шетінен бәрін кескіле.
Қызылбас жылдам көнеді.
Қаңқылдаған бұл сорлы
Тек бейшара ел еді.

Сонда Құлыншақ сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Әуелі шықсақ, барамыз
Ақташының еліне,
Соның барған жеріне.
Есіттік сізден хабарға
Кезеніп қалдық ал, тақсыр,
Ақташыдай қалмақтың
Елін іздеп барарға,
Ақташыдай қалмаққа
Екі батыр кетерге,
Іздеп соған жетерге.

Сонда Шораға Меңді арудың айтқаны:

– Артық туған Шорасың,
Ақсүйек туған төресің.
Оңғарсын Құдай жолыңды,
Тоқсанға келген қарт әкең,
Байқап кет енді сөзімді.
Тірі болсаң дүниеде,
Өлгенін көзбен көріңіз.
Аманатын Алланың
Көз алдында беріңіз.
Мынау тұрған ханыңыз
Сөзіме құлақ салыңыз.
Алыс-жақын жүрсең де,
Бабаңды еске алыңыз.
Оңғарып Құдай жолыңды,
Жасың үлкен бабасың,
Жайып қал, балалар, қолыңды!
Сонда Нәрік сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Тапсырдым Аққа мен, – деді. –
Аман болсаң, балаларым,
Мен тоқсанға таяндым,
Жылдамырақ кел, – деді.
«Ақташыға барам», – деп
Екі батыр жөнелді.
Екі айдай болғанда,
Ел шетіне жетеді.
Ел шетіне барғасын,
Сонда тұрып Құлыншақ
Ер Шораға сөйледі:
– Қару-жарақ ал, – деді. –
Шора батыр, сен, – деді, –
Далдалап кейін қал, – деді. –
Мен қалмаққа барайын,
Қанша халқы бар екен?
Төңірегін қарайын,
Қарап, көзім салайын,
Шамасын біліп келейін.
– Барыңыз, – деп Ер Шора,
Тау басында қалады.
Қаңтарып қойып Таспакерді,
Отырады оның қасына.
Құлыншақ кетті аралап,
Мінгені кер ат астына.
Елеусіз жерде жүреді,
Белінде алмас болат бар,
Аяққа киіп етікті,
Аралауға қалмақты,
Ақташыдайын хандардың
Аралап елін көруге,
Шамаларын білуге.
«Аттанып Ноғай келді», – деп,
Шетте жатқан қалмақтың
Аулына хабар береді.
Ақташы әскер шақырды,
«Жиналсын», – деп билерін,
Артық туған ерлерін
Ақташы хан әскер шақырды,
«Жиналсын», – деп билерін,
Артық туған ерлерін
Айтушы екен ерлері:
«Ноғайлыны көріп, білсек», – деп,
Үйінде отырып, кеңес құрады.
Ақташы хан шақырып,
Жинап алды қалмақты.
Отырғанда үйінде,
Бәрі де оның салмақты.
Қайдан білсін бейшара?
Онан мықты жау шықты,
Тістеп қалар бармақты.

Сонда Құлыншақ Шораның қасына қайтып келеді. Келіп, Шораға сөз сөйледі:

– Шора батыр, сен, – деді,
Көріп келдім қалмақтың
Шамалы жерін мен, – деді. –
Қалмаққа хабар мен бердім:
«Жиналсын қалмақ енді, – деп, –
Ноғайлы саған келді, – деп. –
Айтпайынша сөз ашып,
Пәленше саған келді», – деп.
Аттанып бәрі шыққасын,
Жиналғанын көргесін,
Бір тәуекел етуге,
Шығарып алып бұл елден,
Үлкен бір соғыс етуге
Шора тұрып қарады.
Таспакерге ер салып,
Жал-құйрығын өреді.
«Алла берсе, көреміз
Бұл қалмақтың шамасын.
Қарсы келген қалмақтың
Алармыз, – деп, – қаласын».
Екі мың кісі әскермен
Ақташы шықты алдынан:
«Келді ғой, – деп, – қолайға,
Өлтіруге оңайға.
Ерлік деген солай ма?!
Байтақ жатқан ел, – деді,
Мақтандың бәрің: «Ермін! – деп.
Осы сапар хабарла
Бұл Ноғайға сен», – деді.
Шора менен Құлыншақ
Жауға таман келеді.
Алдарынан Ақташы хан
Жүз кісімен шығады.
Екі кісі артында,
Хан келеді тартынбай.
Сонда Ақташы сөйледі.
Сөйлегенде не деді?
– Екі бірдей батырсың,
Қайда бара жатырсың?
Сендер ме еді кешегі
Ноғайдан келген ер? – деді.
Екеуің де ноғай ма,
Екі мың кісі әскерді
Екі кісі жеңе ме?!
Мен – қалмақтың елінде
Ақташы деген ханымын.
Қасымдағы ерлерім,
Өңкей мықты билерім.

Сонда Шора сөйледі:
– Менің елім сұрасаң,
Ноғайлы деген ел, – деді. –
Әкем атын сұрасаң,
Нәрік деген хан, – деді. –
Өз атымды сұрасаң,
Шора батыр – мен, – деді. –
Қасымдағы Құлыншақ,
Оның берген билігі
Он екі кісімен тең, – деді. –
Өлесің ғой, қалмағым,
Сорлы болып сен, – деді. –
Мықты болсаң, Ақташы,
Отырғаның, білемісің
Жас күнде мекен қылған жеріңді?
Со жеріңнен қашырған
Шора деген – мен, – деді. –
Мақтанба, қалмақ, сен, – деді. –
Ноғай менен қалмағың,
Сірә, – деді, – тең емес.
Құдайға дінің дұрыс емес,
Тұрамыз ба сөйлесіп?
Соғысалық, кел, – деді.
Астындағы Шораның
Мінгені – Таспакер еді.
Үстіндегі кигені –
Оқ өтпейтін шарайна.
Қасындағы Құлыншақ –
Емес қой, сірә, еріншек.
Қашаннан-ақ соғысқа
Құлыншақ пен ер Шора.
Іркілмейді, шабады,
Шабуылды салады.
Ақ сүңгіні қолға алып,
Келген ерлер қозғалып,
Үстінде бар-ды ерлердің
Ішінен киген сауыты,
Қалмақтан артық зауыты.
Жүз кісі шауып жау болды,
Көрмегенге таң болды.
Артындағы қалмақтың
Екі мыңын жапырды.
«Келіңіз», – деп билерге
Ақташы хан да ақырды.
Сонда соғыс салады.
Жұлқысып ерлер қалады.
Күннің көзі көрінбей,
Жердің жүзі шаң болды,
Секілді тұман қаптаған.
Бір күн бір түн соғыста
Қалмақтың бір мыңы өледі.
Ағарып таң атқанда,
Қалмақты сонда қырады.
Төгіліп жатқан қан еді,
Үш мың кісі қалмақта
Ол да бір бөлек жан еді.
Мың жарымы өледі,
Қалмақтар сонда бөлінді,
Жақсылары табанда өліп,
Жаманы қашатұғын көрінді.
Ақташыдай хандардың
Құлыншақ алды басын-ай,
Іркіліп, қарап тұрсын ба,
Батыр келіп қасына-ай?!
Келіп батыр алады
Астындағы атын-ай.
Ақташыдай хандардың
Шапқаннан соң мойынға,
Қан төгілді қойынға.
Кім шыдайды сол жерде
Құлыншақ пен Шораның
Қия салған ойынына?!
Қарамады ер Шора
Қалмақтың қатын-баласын
Елден шыға қашқанға,
Ұшқан құстай аспанға
Жапырады Таспакер
Жер басып шіркін қашқанға.
Үш мың кісі қалмақтан
Мың кісі қалды тірісі.
Таусылғасын ірісі,
Қалған екен сірісі.
Құлыншақ пен Ер Шора
Қалмақтың қатын-баласын
Алдына салып айдады,
Қалмақтың соры қайнады.
Бұл секілді қалмаққа
Бұрынғы дәурен қайда-ды?

Қалмақты алып, Шора қайта еліне тартады.

Өзінің көрген жеріне,
Қайта жүрді еліне.
Ащыбас шаттың бойымен
Қалмақты айдап келеді.
Жылайды қатын-баласы,
Жалаңаяқ, жалаңбас
Жолға жүрді шамасы.
Еркектері жүреді
Екі қолы байлаумен,
Сорлылар жүрді айдаумен.
Бұрынғы баққан қалмақтың
Жылқысы менен түйесі
Ноғайлы болды-ау иесі.
Айдаған соң Құлыншақ,
Жолға жүрді, шамасы.
Еркектері жүреді,
Екі қолы байлаумен,
Сорлылар жүрді айдаумен.
«Жетейін, – деп, – еліне
Елге жақын келгесін,
Ер Шора озды: «Көрем деп.
Ата мен анаға барам» деп.
Құлыншақты тастады:
«Бұл қалмақты бастадеп.
Кідірмей, қуып айда», – деп.
Өзінің кеткен жерімен
Шора келді керімен.
Келсе Шора еліне,
Кірейін деп үйіне,
Кеткенде қалған төріне,
Тоқсаннан асқан бабасы
Атқа мініп жүруге
Келе ме қарттың шамасы?
Сәлем берді Нәрікке
Шорадай жалғыз баласы:
– Саусыз ба, қайран баба? – деп. –
Біз – кешегі кеткен
Шорадай бала, – деп. –
Ақташы ханның елдерін,
Суалтып айдын көлдерін,
Құлыншақ ерге тастадым,
«Айдап кел, – деп – қалмақтың,
Тірі қалған ерлерін».
Озып келдім мен, – деді. –
Қуатты-күйлі бармысыз,
Ата мен ана, сіз? – деді.
Осылай деп Ер Шора
Үйіне келгесін сөйледі.
Сонда Нәрік сөйледі:
– Алыс жерге бардың ба?
Барған ісің бітіріп,
Ақташыдай қалмақтың
Жеңіп елін алдың ба?
Сау-саламат, перзентім,
Арымай-ашпай келдің бе?
Үлкендік жетіп, меңдедім,
«Бір көрсем», – деп – перзентім,
Жатып саған шөлдедім.
Ризамын бергесін,
Сау-саламат келгесін,
Дидарласып көргесін.
Перзентім, бер қолыңды.
Әр сапарға жүргенде,
Оңғарсын Құдай жолыңды!
Жас тоқсанға келгесін,
Қарттықта енді арман жоқ.
Бұл жасымда еш нәрсе
Қапы болып қалған жоқ.
Өлмеске қылар айла жоқ,
Үлкендік болған шіркінге
Қарсылық қылар жай да жоқ.
Құлыншақтай досыңыз
Сау-саламат келді ме,
Қасыңдағы қосыңыз?
«Досың» деген қиын сөз.
Пайда болмас жиғаннан,
Айырылсаңыз досыңнан,
Айырыласың иманнан.
Жүре алмаймын баруға
Құлыншақтың аулына.
Естігенмін «аман», – деп, –
Дегенде, сонда шешесі
Меңді ару Шораға сөйледі:
– Асыл туған Шорасың,
Ер жігітке екі сөз
Жарамайды, Шоражан,
Өзің байқап қарашы.
Әділшедей хандардың
Қызы Ханжан бала екен.
«Алам» деген сөзіңіз
Сіздің айтқан бар екен.
Ханжан деген ат келді,
«Аламын деген, бар-ды, – деп, –
Ердің сөзі екі емес»
Деген сүйінші хат келді.
Ер танбайды сөзінен,
Айтып еді өзіме:
«Ол батырға сәлем емес де. –
Өзі қолай көрмесе,
Хабар берсін өзіме.
Кеткенім жоқ жол тауып
Ердің айтқан сөзіне,
Мен тұрмын бұл бағып.
«Келем» деген ер еді,
Ақсүйек туған төре еді.
Жапанда тұрған боз терек
Жапырағы жайнаған.
Екіталай жер болса,
Дұшпанға кегін бермеген.
Ақ сүңгіні қолға алып,
Балдағы алтын беренді
Алмасын жауға сермеген.
Хан баласы болғасын,
Басқаны көзім көрмеген,
«Қатар болса тең-ді, – деп, –
Тірі болса, көрініп,
Бір кетер-ау енді», – деп, –
Ер тана ма сөзінен?
Артық туған ер, – деді, –
Жауабыңды бер», – деді.

Сонда Шора шешесіне жауап қайтарады:

– Артық туған анамыз,
Сіз рұқсат етсеңіз,
Ол Қазанға барамыз.
Алыс емес арасы,
Ноғайлының ішінде
Ол Қазанның қаласы.
Кемітейін несіне
Ол да – ханның баласы.
Батырларға егесіп,
Айтып едім бір сөзді.
Жауаптан танып бола ма?
Рұқсат болса барармыз.
Құлыншақ келсін бұл елге,
Қатарыма алармыз.
Құлыншақ деген ер еді,
Атамның қосқан досы еді.
Қазан жақын жер, – деді. –
Барамыз ғой, қарт ана,
Сабыр қылың сен, – деді.
Келгенінше Құлыншақ
Шора елде қалады
Бір жұмаға толады.
Құлыншақ ертіп қалмақты,
Жиналып шыққан көп жесір
Құлыншақты көреді.
Жиналып ноғай келеді
Қызықсын ба олжаға?
Құлыншақ пен ер Шора
Ноғайға бөліп береді
Ата-атаның ұлына.
Ноғайлының елдері
Отырып олжа алған соң,
Қуанды қатын-баласы.
Адам менен малдарын,
Бөліп береді қарасын.
Шора сонда айтады
Құлыншақтай ерлерге:
«Еліңе таман бар, – деді. –
Он күн жатып, Құлыншақ,
Сонда демің ал, – деді. –
Сосын біз де барармыз,
Қазанға барып қарармыз,
Әділше қызы Ханжанды,
Бұл еді жауап айтқаным,
Алла қосса алармыз».
Тастай беріп шамалап,
Еліне кетті Құлыншақ
Өзеннің бойын жағалап.
Еліне барып Құлыншақ,
Қисайып он күн жатады.
Құлыншақ алған алмасын,
Астына мінген кер атты,
Керегеге ілген болатты.
Үйінен шықпай демалып,
Құлыншақ батыр ол жатты.
Он күнге күн толғасын,
Нағыз он бір күн болғасын,
Шора ерледі Таспакер,
Құлыншаққа жол жүрді,
Өзінің бұрын көрген жер.
Он екі күн кідіріп,
Он үшінші күн болғанда,
Құлыншақ та атты ерледі.
«Баралық, – деп, – Қазанға»,
Екі батыр ойлады.
Құлыншақ мінді керлерге,
Жемін берді өлшеулі,
«Құлыншақ, Шора келді», – деп,
Хабар тиді ерлерге
Қазандағы ерлерге.
Екі бірдей ер еді,
Басқа жерге кідірмей,
Хан бағына келеді.
Хан бағына келгесін,
Батырлар түсе береді.
«Құлыншақ, Шора келді, – деп, –
Жолығып кел енді, – деп, –
Әділше хан жіберді.
Біреуіңіз хабар ал, – деді, –
Екі кісі бар», – деді.
Екі кісі келгесін,
Құлыншақ, Шораны көргесін,
Қайта барды екеуі
Әділшедей хандарға,
Артық туған жандарға.
Жалғыз қызы Ханжанға
Әділше хан той қылды,
«Берейін», – деп ой қылды.
Үш күн қатар мереке,
Ат шаптырып жасады,
Күрестіріп, қызықты.
Алтын қабақ аттырды,
Тамашаға батырды.
Он күндейін күлкі-ойын,
Қызықпенен жатқызды.
Хабар салып бәрін-ай,
Жинады малдың бәрін-ай.
Ноғайлының баласы
Жиналып тұр қасында.
Қырық нарға үп артты,
«Көрсін, – деді, – осыны-ай.
Көп қатарын білсін», – деп,
Сегіз қанат ақ орда,
Ақ жібектен орданың
Киізін оның жаптырды.
«Лайықты оған болсын», – деп,
Зерден бауды тақтырды.
Қырық нарға жібектен
Арқан тарттырды.
«Оның сәні болсын», – деп,
Жібектен ноқта салдырды.
«Оның сәні болсын», – деп,
Жібектен сағақ тақтырды.
Ұзындығы үш құлаш
Қырық нардың үстіне
Қалдырмай кілем жаптырды.
Және де берді қырық құл,
«Қызметін оның етсін, – деп, –
Шора кетсе далаға,
Сырттағы малын бақсын», – деп.
Ноғайлы көрді тамаша,
Жасырған жоқ оңаша.
Сонша дүние көп беріп
Ұзатқан бұрын жоқ еді
Ноғайлының баласы.
Жалғыз қызы Ханжаннан
Аясын ба дүниені?
Бергенін сонша қарашы.
Жөнелер шағы болғанда,
Құлыншақ пен Шораны
Шақырып алып Әділше,
Айтқан сөзін қарашы:
– Артық туған Ер Шора,
Атадан туған бала едің,
Атаң Нәрік хан едің.
Мынау тұрған Қазан да
Атаң тұрған қала еді.
Қазанда атаң хан еді,
Ақылы кемел дана еді,
Сен сонан туған бала едің.
Атаңның тұрған болмай ма
Алсаң мынау тұрған қаласын?
Берейін мінген атымды,
Басыма киген тәжімді
Баламды алған балаға.
Ханжанды алып кетпесең,
Қайтеді, балам, далаға?
Ие болсаң, не қылады
Осы атаң тұрған қалаға?
Асыл туған баласың,
Ақсүйек туған төресің,
Атаңның ұстап тұрсайшы
Мынау қазына, мұрасын.
Тірі тұрған күнімде
Берейін мұра мен, – деді, –
Ие бол, балам, сен, – деді.
Осылай деп Әділше,
Шораға сөз сөйледі.
Атқа мінбей ер Шора
Жерде жаяу тұр еді,
Қайырылып мойнын бұрады.
Сонда Шора сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Ақылы кемел данамыз,
Қайырлы болсын бұл, ата,
Өзіңіз тұрған қалаңыз.
Ноғайдың едік панасы,
Қазан деген – ноғайдың
Ертеден салған қаласы.
Қайырлы болсын бұл орын,
Отыра берің сіз, – деді. –
Аударып сізден алуға
Лайық емес біздерге.
Болғасын баба сіз, – деді, –
Болдық бала біз, – деді. –
Көз салармын Қазанға
Сіздің тұрған қалаға.
Ешкім көзін сала алмас
Сіз секілді бабаға.
Ішіңізден шыққан бұл Ханжан,
Сыртыңнан тудым мен, – деді.

Сонда Шораның Ноғайлыға айтқаны:

– Қаптап тұрған көп ноғай,
Егер естісем сөздерін,
Тұқымыңды құртармын,
Бәріңді қырып сіздерді.
Әділше сұлтан ханымыз,
Кеудедегі жанымыз.
Әділше мен хан Нәрік –
Ноғайдағы барымыз,
Жылатпаған балаңыз,
Жақын болған қалаңыз.
Қалаңызды қорғап,
Тұрған бұл панаңыз.
Ойласаңыз, білмейсіз бе
Пана болған шамасын.
Тапсырдым Аққа, сұлтаным,
Тірі ме екен елдегі
Ата менен анамыз?
Алла берсе сапарды,
Он-он бес күнде барамыз.
Рұқсат етсең, жан ата,
Енді кеткіміз келіп барады.
Құлыншақ пен Шораның
Қасына ешкім ермеді.
«Ілгері озып кетем, – деп,
Құлыншақты ауылына
Бұрын барып жетем», – деп,
Құлыншақ адам жіберді:
«Ханжандайын адамды
Үш күн қонақ етем», – деп.
Әділше алтыннан жасатқан
Арба менен күймені,
Жібектен тағы жасаған
Үстіндегі шатырын.
Үш жорға мен пар жеккен
Қасына көп құл береді.
Сонда келіп Құлыншақ
Ханжанға сөз сөйледі:
– Асыл туған ақ Ханжан,
Ақылға кемел данасың
Ақсүйек ханның баласы.
Қатарында тастама,
Мынау тұрған дүниені.
Атаңа алып барсайшы,
Бірін алман мен, – деді. –
Алмай кетсең дүниені,
Сізге болмас жөн, – деді. –
Өкпелеймін, Шора, мен
Енді сізге мен, – деді. –
«Менің ордамды көрсін, – деп, –
Дәмдес болып, кетсін», – деп, –
Қайырып едім мен сізді.
«Алман, – десең, – дүниені»,
Қалмақта олжа кем, – деді. –
Бұл дүниеңді алып кет,
Тастама бір жібіңді.

Сонда Ханжан сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Он бес жасқа келгесін,
Қатарға түспей, көз салдың.
Алысқа қолың сермедің,
Дұшпанға кегің бермедің.
Лашын құс секілді
Қанат қақпай қу алдың.
Сен қаһарланып ұмтылсаң,
Дарияда тасқан су алдың.
Сіз бір қайтсаңыз дұшпаннан
«Әкеліп мал берер», – деп,
Ноғайлы халқың қуанды.
Бұл сөзіңе кідірдім.
«Өкпелеймін» дегесін
Қасыңдағы жолдасың
Ол төреге хабар сал.
Не деп жауап береді
Қасыңдағы төреңіз?
Рұқсат сізден болғасын,
Айтып едік біз, – деді. –
Ол төреге жолығып,
Жауабын ал сен, – деді.
Сонда барып Шораға,
Ер Құлыншақ сөйледі:
– Сөйлейін деп мен келдім,
Ақсүйек ханның баласы.
Қазан деген – үлкен шәр,
Барып көрдік шамасын.
Қайырлы қылсын бір Алла!
Жолдас қылып келгесін,
Ханның алып баласын,
Алғаның қатар, тең, – деді, –
Екеуің де – хан баласы,
Айтайын деген сөзім бар,
Батыр Шора, мен, – деді. –
Құлыншақты сыйласаң сен, – деді. –
Шорадайын сұлтаным,
Қасындағы жолдасың,
Қырық түйе, сексен құл
Кетемін тастап мен, – деді, –
Алсаңыз оны сіз, – деді. –
Жолда жүріп тастаған
Олжа емес жөн, – деді. –
Риза емен бергенге,
Мені риза болсын десеңіз,
Жолшыбай ноғай көргенге
Ақ Меңдідей арудың
Қатарына қонғанға.
Ақ ордасы тізіліп,
Қасында қоңсы болғанда,
Ақ Меңдідей аруға
Басқа әйел тең емес.
Қасыңа қоңсы қондырмай,
Отырғаның жөн емес.
Ол жүргенде қызығып,
Алып қалар мен емес.
«Олжа» деген қалмақтан
Келген жесір, мал, – деді. –
Ол қызықсаңыз олжаға,
Алмас па едік біз? – деді. –
Ноғайлының баласы
Ол үйінде жатса да,
Айдап келген олжаға
Олардың бәрі баюлы.
Меңді арудың қасына
Барып қоңсы қонсын да.
Жиналып қара толсын да.
«Келін келді!» деген сөз
Ноғайға хабар болсын да.
Нәріктейін ханымыз,
Халық ұстаған ханымыз,
Талайды көрген шалыңыз,
Қуанып қалсын Ер Шора.
Осы олжаны тастамай,
Аман алып барсаңыз
Мен де сізге ерейін.
Меңді менен Нәріктің
Қуанғанын көрейін.
Шорадайын досым-ай,
Айтқан сөзім осылай.
Риза болсын десеңіз,
Алып кетің сіз, – деді. –
Егер алмай кетсеңіз,
Екі дүниежүзінде
Риза емен мен, – деді.

Сонда Шора сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Бұрын туған Құлыншақ,
Жасың үлкен ағасың.
Жақсы менен жаманды
Көп көрген артық данасың.
«Өкпелеймін» деген соң,
Сөзің қатты секілді,
Бізбен бірге ер, – деді. –
Нәріктейін хандарға,
Меңдідейін анаға
Барып жауап бер, – деді.
Бар дүниені сыпырып
Алсаң да ризамын,
Құлыншақ батыр, мен, – деді, –
Өзімнен қалма сен, – деді.
Екі батыр жүреді,
Нәрік ханға жөнелді.
«Жекенді көлдің қасына,
Қоғалы көлдің басына
Ертең көшіп келер», – деп,
Құлыншақ батыр бірге еріп
Ер Шораның қасына,
Ілгері озып алдынан
Меңді аруға барарға.

Сонда Құлыншақ келіп,
Нәрікке сөз сөйледі:
– Сәлем бердік, Нәрік хан,
Халық ұстаған ханымыз,
Ақылға кемел данамыз.
Шора, жалғыз бала едің,
Қазанның көрдік қаласын.
Әділшедей хандардың
Алып Шора келеді
Ханжандай жалғыз баласын.
Ілгері келдік хабарға.
Ертең түстің шағында
Қасыңа қоңсы қонады,
Ханжан жолдас болады.
Келеді еріп қасына
Ханжанның туған анасы.
Қырық шамалы секілді
Алып жүрген қарасы,
Қасына ерген жолдасы.
Екі қырықтан бір сексен
Қызылбастың баласы.
Мінгені жорға Ханжанның,
Байқасаңыз парымен.
Келе жатыр сексен құл
Әділшенің қырық нарымен.
Ілгері келдім мен еріп,
«Сізге хабар етемдеп.
Хабар етпей, не етем?» – деп.
Меңдідейін жеңеше,
Келін келді сіздерге.
Құдай тілек бергесін,
Қасына қоңсы келгесін,
Шоражандай досым-ай,
Қонысыңыз қонды қасыңа-ай.
Алла өзі бергесін,
Сексендегі Нәрікке
Жолдас болдың осылай,
Он сегізде жасың-ай.
Хабарға еріп мен келдім
Шоражанның қасына-ай.
Жатқан екен қарт Нәрік,
Көтерді сонда басын-ай.
Сүйеген екен Ақ Меңді
Қарт Нәріктің басын-ай.
Сонда Нәрік сөйледі
Бір ауыз жауап айтып
Құлыншаққа осылай:
– Құлыншақ бала, ер, – деді, –
Қара Ноғай – қалың ел,
Бұған хабар бер, – деді. –
Қызмет етің біздерге.
Айтайын, Құлыншақ, сіздерге:
Ноғайлының баласын,
Мерекелеп, той қылып,
Шығарыңыз атағын.
Бұл Ханжанның, қарашы.
Жинаған болсаң құлдарды,
Бәйгеге тіге бер,
Ат шаптырып күңдерді,
Қарасүйек құлдарды.

«Артық отау қонар, – деп, –
Хабар салды Ноғайға.
Енді қызық болар», – деп.
Қызықпен жатып қалмады
«Келді, – дегесін, – келіншек»,
Жүгірді-ау Ноғайлының
Қызы менен келіншек,
Тіпті жүрмейтін еріншек.
«Келеді, – деп, – қыз Ханжан,
Көреміз, – деп жүгірді
Қыз-келіншек осындай.
Барайын, – деп, – қасына-ай».
«Отау тікпей тұрып жетем, – деп, –
Кейін қалып, не етем?» – деп.
Қыз-келіншек толықты,
Бірімен-бірі жолықты.
«Жетемін», – деп жүгіріп,
Бірі қалмай кідіріп,
Қара Ноғай елінен
Қыз-келіншек келеді,
Көш қарасын көреді.
«Барамыз, – деп, – келінге»,
Таянып адам келгенде,
Атынан түсіп бұл Ханжан,
Үстіне киген алтын тон,
Алтын менен інжуден
Жасатқан екен сәукеле,
Шаңқанды Ханжан киеді.
Бетінде оның бар еді
Жібектен жапқан пердесі.
Алтыннан шашақ төгілген
Пердесінде келеді.
Қыз-келіншек бетін ашып,
Көре алмай, қатарына ереді.
Сегіз қанат орданың
Қатарына үйі қонады.
Ол үйлердің жіптері
Шұға менен зер болды.
Нәрік ханның үйімен
Ханжанның үйі тең болды.
Отау тігіп қонады,
Үш күндей той қылады.
Қара Ноғай жиналып,
Бірі кетпей тұрады.
Ат шаптырып, той қылып,
Шаптырып оның бәйгесін,
Алды оннан құл болды,
Арты бесеу бұл болды.
Оның арты үш болды,
Құлдарға сондай күш болды.
Олжаға Ноғай баласы
Құлды қоса айдады.
Артында палуан тұрғызып,
«Балуан бәйгесі болсын», – деп,
Бұл күйінде соған байлады.
Құл мен күңнен бәйге еткен.
«Енді қайда кетем?»– деп,
Құл мен күң жаман қайғы еткен.
Бұрын соңды болса да,
Ноғайлыда жоқ екен,
Адам тігіп бәйге еткен,
Нәрік хан осылай іс еткен.
Құлыншақ асыл ер еді,
Қош айтысып Құлыншақ,
Аулына қайтып жөнелді.
Шорадайын еріңіз
Құлыншақты шығарып,
Бір көрінім жерге дейін
Артынан бірге еріп жүреді.
Мынау тұрған көп малды
Керек болса, Құлыншақ,
Ешбіреуін тастамай,
Бәрін сыпырып ал, – деді. –
Қияметтік досым-ай,
Жалған емес осым-ай.
Қарғадайдан ант беріп,
Көңілді қойдық қосып-ай.
Жеңгеме барсаң, сәлем айт,
Аман барсаң сен, – деді. –
Бір айдан, батыр, кеш қалма,
Отыз күнге толғанда,
Ордаға біздің кел, – деді.
Құлыншақ мінген кер еді,
Артық туған ер еді.
«Қош аман бол, досым-ай!»
Қайтып үйге келгенде,
Нәрік сонда сөйледі.
Сөйлегенде не деді:
Перзентім, туған Шорасың,
Жас та болсаң, Ер Шора,
Талайдың көрдің шамасын.
Келмей кетсе Құлыншақ,
Емес пе сіздің ағаңыз?
Жетпеді ме беруге,
Шора, жинаған қазынаңыз?
Қияметтік досыңа
Нәрсе бермей жіберіп,
Дос болғаның осы ма?!
Лайық емес, Ер Шора,
Дос жібергенің осылай.

Шора сонда сөйледі:
Асыл туған данамыз,
Мен – туған балаңыз.
Берсе, малды алмады,
Алдыруға келе ме
Құлыншаққа шамаңыз?
Құлыншақ сондай кең, – деді, –
Бір жаннан емес кем, – деді. –
Айтқаныңыз және де:
«Бер» дегенің жөн, – деді.
Көрінім жерге шығарып,
Қош айтысып келдім ғой,
Ата, оған мен, – деді.
Қай заманда кел дедің
Құлыншаққа, балам, сен? – деді.
Бір айда кел, – деп айттым ғой,
Ата, оған мен, – деді.
Балам Шора, болмайды
Ол айтқаның жөн, – деді. –
Бұл айда бар сен, – деді.
Білмей ме «сыйламаған» деген ағасын.
Айға күні толғасын,
Аттанып кетті Шора ер.
Қазанға жақын жеткенін
Құлыншақтың Бозай жер.
Кетейін деп ат мініп,
Шора атын ерледі.
Сонда келіп Меңді ару,
Баласына сөз сөйледі:
Шорадай туған баламыз,
Сен едің, Шора, бұл күнде
Біздің сыртта тұрған қаламыз.
Атаңыз – қарт Нәрік хан
Отыр-ау үйде, қараңыз.
Жасы жетіп меңдеген,
Атаң отыр өлмеген.
Үлкендік деген – қатты дерт.
Бұрын-соңды атаңыз
Осындай жапа көрген жоқ.
«Қайда екен балам-ай?
Кешікпей балам келсін, – деп, –
Айт, – деп бабаң бұйырды.
Атаңыз сіздің, балам-ай –
Келіп қалды-ау біразға,
Байқасаң, менің жасым-ау.
Ауыр жүктен кем емес
Көрер ме еді басым? – деп.
Тірі болса Ер Шора,
Енді келсін, – деді, – тез».
Үйден шығып тұрғанда,
Алыс-жақынды болжамай,
Көрмейді-ау шіркін екі көз.
Бұрын-соңды айтпады.
«Тез келсін», – деп балаға.
«Сау болса, келер еді, – деп, –
Жүруші еді далада,
Шоражанды қалаға.
Үлкендік деген – жаман жау,
Қойды мені пәлеге.
Тапсырдым Аққа мен, – деді. –
Хабарлап кел сен» – деді, –
Саған келдім мен, – деді. –
Артық туған Шоражан,
Сау болғайсың сен, – деді.

Сонда Шора шешесіне жауап қайырды:

Асыл туған анамыз,
Жаңа көріп шыққанмын,
Қолын алып бабамның.
Барамын алыс жолдарға,
Жолымды Құдай оңдасын!
Тірі болсам келермін,
Кешігіп қалман далаға.
Келмей қалман қалаға,
Аман қойса қалмақтан.
«Келеді тез», – деп айта көр,
Қош болсын көңілі балаға.
Тапсырдым Аққа, қарт ана,
Қаласың енді сен, – деді.
Ажал жетіп, мен өлсем,
Ақ сүтіңді кеше көр.
Қайран анам, кел енді
Қолыңнан ұстайын мен, – деді.

Сол жауапты айтып Ер Шора,
Таспакермен жөнелді.
Аяңдап тұра алмай,
Жылдамдатып аяқ басады.
Құлыншақтың аулына
Кеп, айналып жатады.
Алдынан шығып Құлыншақ,
Келіп бұған қолдасты.
Аттан түсе қалғанда,
Бәйбіше ашты есікті.
Үйге кіріп ол қалды,
Сегіз күн жатып сол үйде,
Шора батыр демалды.
Екі батыр ер еді,
Демін алып болғасын,
Қалмаққа қарай жөнелді.
«Көкөзеннен өтем, – деп, –
Қалмаққа қарай кетем, – деп, –
Қалмақтың елі алыс, – деп. –
Аттанып бұл жау келсе,
Болар бізге найза, – деп. –
Көкөзен бойы терең-ді,
Тәуекел етіп өтем», – деп,
Екі батыр жөнелді.
Көкөзеннің кең сала
Арғы беті – жазық кең дала.
Қалмақ деген – байтақ ел
Бар екен сонда көп қара.
Екі мың кісі көп әскер
Аттанады Ноғайға:
«Ноғайға қайрат етем, – деп, –
Ноғайдың жерін алам», – деп.
Көкөзеннің бойында
Томарөткел жағасы.
Ар жағында қалмақтың
Айлық жер еді-ау қаласы.
Түбі терең бұл өзен.
Атын жалдап өтеді.
Құлыншақ пенен Ер Шора
Қалмақтан бұрын жетеді.
Жеткесін ерлер қараса,
Алыс болып арасы,
Сәскелік жерден көрінді
Көп қалмақтың қарасы.

Шаңы шығып қалмақтың
Келе жатыр екен шамасы.
Қапталында бар еді
Көлденең жатқан қара тау.
Қаратаудың басында
Ол – Маңғыр деген тау еді,
Таудың аты сол еді.
Тауға шығып батырлар:
«Бұл не қара?» –деп қарады.
Ол қараға көз салса,
Аттанып жүрген қол екен,
Шыққан әскер сол екен.
«Баралық жауға, кел», – деді.
Маңғырлардың тауынан
Екі батыр құлап жөнелді:
«Ол қалмаққа жетем, – деп, –
Бармай жауға, не етем?»– деп.
Жаудың көріп қарасын,
Сонда білді шамасын.
Жауға жақын келгесін,
Екі батыр кеңесті:
«Екеуміз екі жаққа кетелік,
Қай қалмақ екенін біліп өтейік».
Екеуі де ақылды,
Ойлағаны мақұл-ды.
Алыс емес қалмақ та,
Келіп қалған жақын-ды.
Шораң айтты хабарды
Құлыншаққа абайлап:
«Кідіре тұр сен, – деді. –
Алайын барып қалмақтан,
Болса хабар мен, – деді. –
Кідіріп егер мен қалсам,
Ту көтер де, шыға шап,
Кідіріп қалмай сен, – деді. –
Аллалап ұран шақырып,
Келгейсің, батыр, сен», – деді.

Шора батыр жөнелді,
Жиналып тұрған әскердің
Алдынан Шора келеді.
Жапанда жалғыз әскерге
Кез келеді Шора ер
Серендейін қалмаққа.
Шора жетіп келгенде,
Қалмақ сөйлей береді:
– Жапанда жалғыз баласың,
Жарқыным, қайда барасың?
Біз қалмақ деген ел едік,
Серен деген қалмақтың
Артық туған бегі едік.
Екі мың кісі әскермен
Ноғайды көрсек, – деп едік.
Томарлыөткел жерлерден
Өтерміз, – деп, – Ноғайға,
Келер деп едік, – қолайға,
Ноғай халқын оңайға.
Мінгенің – қатқан кер, – деді,
Жөніңді айт, ер, – деді.
Қалмақ алды қамалап,
Тұрған шығар: «Жалғыз», – деп.
Сонда қалмақ шамданып,
Адымыңды ашырмас,
Аяғыңды бастырмас.
Белдеріне буғаны
Бұл қалмақтың берені.
Екі мың кісі – бұл қалмақ
Қорықпайтын ер еді.
Бұл жаныңды қинамай,
Ат-тоныңды бер енді.
Бұл қалмақ сені қоя ма,
Жарағы қанға тоя ма?!
Екі мың кісі – бұл әскер
Бір жалғызды қоя ма?!

Қалмақ соны айтып жатқанда,
Ер Шора тұр сүйеніп найзаға
Жасқанбайды батыр-ай,
Қауіптенбейді ер Шора:
«Жау екен», – деп япыр-ай.
Енді Шора сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
Жиналдың, қалмақ, сен, – деді. –
Мен бір – Ноғай деген ел, – деді. –
Мекенімді сұрасаң,
Үшқиян деген жер, – деді. –
Шәрімді сұрасаң,
Қазан деген қала еді,
Сонда да хан бар еді.
Ноғай деген көп халық.
Сонда жатқан бар еді.
Салулы халқым кең, – деді. –
Ноғай халқың – мен, – деді. –
Қаумалап тұрсаң, сен заңғар,
Жасқанбаймын мен, – деді, –
Қанша айтсаң да сен, – деді.
Сонда Мұсахан қалмақтың ханы:
– Балдырғандай жас жігіт,
Қай Ноғайсың сен? – деді, –
Сұрайын сенен мен, – деді.
Сонда Шора сөйледі:
Ноғайлының ішінде
Асылым артық Арғынмын.
Бергі атамды сұрасаң,
Көк нарлы Танамын.
Атам аты – Қарт Нәрік,
Мен – содан туған Шорамын.
Сансыз кәпір болсаң да,
Баршаңызға мен болам,
Мен сол Ноғайдың ері едім,
Шора деген мен едім.
Іздегенім сұрасаң,
Қалмақтың байтақ елі еді.
Жерін алып қалмақтың,
Ноғайға қоныс етем, – деп. –
Дүниеге етіп табиғи,
Қалмақты жеңіп кетем, – деп,
Сол жауапты айтты да,
Оңтайланып найза алды.
Найзаны оңғарып алғасын,
Астындағы Таспакер
Шабайын деп қозғалды.
Қалмақтар оқты сыбады.
Үстінде қызыл шекпені,
Шекпеннен оғы өтеді.
Ар жағында шарайна
Сауыты мен екеуі
Қабатынан өте алмай,
Етінен өтіп жете алмай,
Алдындағы қалмақты
Бұтадайын көрмеді.
Жасқанатын ер ме еді?!
Бір адамның баласы
Ер Шораға тең бе еді?!
Шора батыр ақырды,
Ақырып ұран шақырды.
Артынан келді Құлыншақ
Екі мың кісі қалмаққа
Салады сол күн соғысты.
Атаңа нәлет ит қалмақ
Артына хабар салады.
«Келе көрсін әскер», – деп,
Жинап әскер алады.
Екі кісі Ноғайға
Төрт мың қалмақ жиналып,
Ұрысуға қалады.
Таспакер мен Қатукер
Ол шабыстан тана ма?!
Аяғы төртеу бұл жылқы
Құтылып онан қала ма?!
Құлыншақ пен ер Шора
Салады қиын соғысты.
Қалмақтан шыққан көп әскер
Ен майданда тоғысты.
Атаңа нәлет бұл қалмақ,
Бірқатары қалмақтың
Еліне қашып кетеді.
Қашуға қалмақ түседі,
Кетейін деп жүре алмай,
Кемпір менен шал қалды,
Айдауға жүрмес мал қалды.
Байтақ жатқан көп елде
Көше алмай жан қалды.
«Қалмақтың елін қоймас», – деп,
Қалған қалмақ сасады,
Өлгесін, жаманы қашады.
Қысылғасын қалмағың,
Ханы кетіп қашады.
Хан қашқасын асырып,
Артынан қуып Ер Шора,
Таспакермен шабады.
Қаптаған қара түтіндей
Таспакердің шабысы.
Суырады топырақты
Салқын желі боранды.
«Артынан қуған болмас», – деп,
Алдынан тосып оралды.
Таспакердің аяғы,
Аяғының арасы,
Қарап тұрсаң алыс-ты.
Аяқтың шыққан дүбірі
Атқан мылтық даусындай.
Жетіпті қуып соңынан.
Келгеннен соң оңынан,
Жібере ме Ер Шора,
Түскеннен соң соңынан?
Жақындасып келгенде,
Жебені қолға алады.
Атайын деп ер Шора
Шамалы жерден қозғалды.
Тартып қалды ол оқты,
Атқан оғы жетеді,
Өңменінен ол өтеді.
Басы үзіліп қалмақтың,
Жерге түсіп жатады.
Күні-түні соғысты,
Жиырма күндей тоғысты,
Батырлар атты қинады.
Көзі жеткен жердегі
Қалмақты қоймай жинады.
Қашпай қалған секілді
Кемпір менен шалдардың,
Қыбырлап, тек жаны бар.
Шұбыртып қалған балаларын,
Шора артық ер еді,
Құлыншақ пен Ер Шора
Айдап қайтты баласын,
Жинаған дәулет, қарасын,
Шора артық ер еді.
Құлыншақ пен екеуі
Еліне қарай келеді.
Кеткені қашып құтылды,
Қалғанын жинап айдады.
Пысықсыған адамның
Қайыра қолын байлады.
Жеткенше айдап жеріне,
Келтірді қуып еліне.
Ноғайға хабар салады,
Құл мен құтан алады.
Ноғайлының балалары
Мал мен олжаға батады.
Елге келіп алғасын,
Құлыншақ пен Ер Шора
Елде бірнеше жыл тұрғасын,
Тағы аттанды қалмақ еліне.
Ол жолында бар еді
Жыландының биік тау,
Ар жағы көп қалмақ жау.
Қалмақ байтақ ел еді.
Тау басына келгенде
Құлыншақ тұрып айтады:
Демалайық біз, – деді. –
Аттан түс, батыр, сіз, – деді. –
Басына шығып бұл таудың
Қалмақ жауды қарайық,
Мықты-осалын білейік.
Бір-екі күн демалып,
Сосын жауға жүрейік.

Шора айтты:
– Мұның қалай? Артық болдың ба сен? – деді. – Менің аруағым бар, – деді.
Сонда Құлыншақ:
– Қандай еді аруағың? Мен көрер едім, – деді.
Шора:
– Менің аруағымды көрсең, менен бұрын өліп қаласың ғой, – деді.
Сонда Құлыншақ:
– Жаны бар нәрседен қорқам ба? – деді.
– Қияметтік дос едік, қош айтып айрылайық, енді сен өлесің, – деді Шора, – Күншығыстан саған бір айдаһар жылан келіп, сені жұтам дер. Сонда қолыңды сермеме, қолыңа қару алма. Егер қару жұмсап, қолыңды сермесең, онда мені көрмейсің.
Құлыншақ:
– Мен жанды нәрседен қорқам ба? – деп отыра береді.
Шора Құлыншақтың артында жатып қалады.
Құлыншақ құбылаға қарап отыра береді. Сол уақытта күншығыстан бір айдаһар жылан ысқырып қоя береді. Құлыншақ тек отыра берді. Жылан Құлыншақтың қасына келіп, аузын ашып, жұтуға айналады.
Сонда Құлыншақ беліндегі алмасты суырып, жыланды шабайын дегенде, жылан жоқ болып кетеді. Енді артына айналып қараса, Шора да жоқ. Сонда жер ойылып, Шораны жер жұтып кеткен екен. Сонда айдаһар жылан болып келген Шораның аруағы болған екен. Ол Құлыншақты «жұтам», – деп, аузын ашып келсе де, бәрібір жұта алмайды екен. Егер Құлыншақ алмасын сермемегенде Шораны жер жұтпаған болар еді. Құлыншақ қасындағы Шорадан айырылып қалғасын, жылап айтқаны:

Қияметтік досым-ай,
Тұрып қалдым қасыңда-ай,
Төгемін көзден жасым-ай.
Егер көрсем өзіңді,
Тыңдар едім, Ер Шора,
Сенің айтқан сөзіңді.
Жасым үлкен мен, – деді, –
Мені алмады бір Алла,
Не шарам бар көрерге?
Сенен жалғыз қалғасын,
Жолықтым ғой бекерге.
Дүниеде қиын бұл болды
Ханжанға хабар етерге.
Келтірді Шора жыланды-ай,
Өлгенім жақсы мұнан да-ай.
Баратұғын күн қайда
Саламат қайтып жеріме-ай?
Не деп жауап айтармын
Ноғайлы деген еліме-ай?
«Аттанып жауға кетем, – деп, –
Шорамен бірге жетем, – деп, –
Тірі болса Ер Шора,
Жау алмай, енді не етем?» – деп.
Жыландының залым тауы,
Ер Шораны жалмадың.
Жамандатқыр Кершабақ,
Үстіңе мінер адам жоқ,
Істейтін Ақтың амалы жоқ.
Елге қайтып Құлыншақ,
Таспакерді жетелеп,
Елге қарай асады.
Қалмаққа бармай қашады.
«Құрысын қалмақ ел, – деді. –
Бармаймын енді мен», – деді.
Айырылғасын досынан,
Құлыншақ сөйтіп шөлдеді.
Тамақ таппай қиналды,
Еліне қарай жөнелді.
Елінен шығып кеткенде,
Ол Жыландының биік тауы
Он бес күндік жер еді.
Он бес күнде еліне
Құлыншақ жетіп келеді.
Бәйбішесі өзінің
Таспакерді көргесін,
Алдынан шығып келеді.
Келіп тұрып сөйлейді:
Қатарыңнан артықсың,
Ноғайдан асқан сұлтаным.
Қалай жүріп бос келді
Жетегіңде тұлпарың?
Досың бір қайда? Көрмедім.
Уақыт біткен адамның
Күні бар ма екен өлмеген?
Жетелеп келдің тұлпарды,
Жолдассыз келдің, дарасың.
Қайда тастап келдіңіз
Хан Нәріктің баласын?
Алтын жүзің солыпты
Досыңызға бір қайғы,
Сұлтаным, сіздің түсіпті.
Ол тұлпарға көз салсам,
Төңірекке қарайды,
Бұрынғыдай күйі жоқ,
Ішін тартып, жүрмейді.

Сонда Құлыншақ сөйледі:
Дүниені білдім бек жалған,
Бізде болды көп арман.
Жыландының тауында
Сұлтаным түсіп тар жерге,
Бір көрінбей бұл қалған.
Көре алмадым реңін,
Ала алмадым сүрегін.
Досым есіме түскенде,
Оттай қайнап жанамын.
Емес едім мен артық,
Бітпеді қатар сүрегін.
Мен қысылып отырмын
Таспакерді берерге,
Ханжандайын арудың
Дидарын барып көрерге.
Болмаса бұйрық, шара жоқ
Ажалсыз жан өлуге.
Жатқан жері ойылып,
Біз секілді жандарға
Бір көрсетпей шөлдетті.
Бір шұқырдың аузында
Төгіліп жасым сөйлетті.

Ноғайлының бір қартын
Шақырып алды Құлыншақ,
«Ханжанға хабар берсін», – деп.
«Келіп алсын кер атты,
Бере алмай тұрмын мен», – деді.
Барып, хабар берерге,
Ақсақалды жан еді,
Ақылы көп дана еді,
Ноғайлының би еді,
Білгір жанның түрі еді.
Ол Ханжанға барғанда,
Қасында тұрып сөйледі:
Айтпайын сөзді санасыз.
Қаһары күшті Пәрменнің,
Ешкім болар шарасыз.
Адам артық туар ма?
Дәуіт ұлы Сүлеймен
Олар да өтті баласыз.
Мұхаммед пен Мұстафа
Төрт перзенттен айырылып,
Олар да өтті баласыз.
Жолдасың кетіп дүниеден,
Бұл Таспакер келіп тұр
Құлыншақтың үйінен.
Өзіңіз, ханым, барыңыз,
Шығушы емес Құлыншақ,
Ұялып тұр келуге,
Дидарыңды көруге.
Байлаулы тұр Таспакер,
Әкеліп сізге беруге.
Белді буған көкберен
Ер қасында ілулі.
Қорамса салған көк жебе
Қанжығаға байланып.
Жыланды таудың басында
Шора батыр қалыпты.
Жылағанмен пайда жоқ,
Құдайға қылар айла жоқ.
Жолдасынан айырылып
Қалған жалғыз қайда жоқ?!
Ақ сүңгілі найза тұр
Ақ орданың қағулы.
Бұрынғыдай күйі жоқ
Кершабақ атың бағулы.
Маңайында көп Ноғай,
Барғаныңыз көп қолай.
Құлыншақтай ерлердің
Ішіне қайғы нақ толды-ай.
Құлыншақ сондай ер, – деді. –
Шораны айтсақ бір сөзбен,
Адам тоқтап тұрғысыз
Көзінің аққан жасына.
Бара қалсаң Құлыншақ
Секілді ердің қасына.
Енді өзің біл, – деді. –
Бердім хабар мен, – деді.
Осылай деп болады
Ол Ханжанға сөзін-ай.

Ханжан сонда қарады,
Керегеде тұрған ен жібек
Беліне буа салады.
Құйылып тұрған бұл Ханжан
Қарамады асына,
Тартпады жаулық басына.
Ертпеді бір жанды
Жолдас қылып қасына.
Құлыншақтың ауылы
Ақты-бозды жер еді
Екеуінің арасы.
Қамшы басты күреңге.
Қамшы өткесін жанына,
Тұрсын ба күрең жорға ат?
Байлаулы тұрған Кершабақ
Ханжанды көріп кісінеп,
Тұра қалды жануар.
Мойнын бұрып қарады,
Ханжанға көзін салады.
Бір-екі рет кісінеп,
Аузын жиып алады.
Таспакердің қасына
Ханжан жетіп барады.
Ұстай алып шылбырдан,
Аттан түсіп қалады.
Қасына келіп Таспакердің,
Бірауыз сөз айтады:
Жануар мінген Таспакер,
Үстіндегі бұл қайда
Шорадай артық туған ер?
Жібермей ұстап қалды ма
Ер Шораны қара жер?
Көрген болсаң көзіңмен,
Көмген болсаң қолыңмен,
Құлыншаққа хабар салайын,
Қасыма жолдас алайын.
Тірліктің күнінде
Ең болмаса моласын
Ердің көріп қалайын.
Алланың өзі бек күшті,
Не қылса да келеді
Жаратқан жанға шамасы.
Алып кел мұнда Шораның
Қару менен жарағын.
Құлыншақ, үйде бар болсаң,
Шықшы, мұнда, қарағым.
Қорамса мен қылышы
Бар ма екен үйде Шораның?
Шыға алмаған секілді,
Бар ма екен Құлыншақтың дыбысы?
Ханжан келіп қалғасын,
Тарылған екен тынысы.
Құлыншақ үйден шыққасын,
Аяғын тура баса алмай,
Көзін тура сала алмай,
Буыны кетіп, ер босап,
Жылдам жүріп бара алмай,
Құлыншақ сасып қалады.
Жақын келіп Ханжанға,
Құлыншақ жауап айтады:
Асыл Ханжан, сен, – деді. –
Әйел де болсаң, ер едің.
Налыма, Ханжан, сен, – деді. –
Алғанына тоймайды
Залым қара жер, – деді. –
Алып кеткен қара жер
Бір ұстағасын бермейді.
Мен тапсырдым Аллаға,
Алладан басқа пана жоқ,
Жерге түсіп кеткесін,
Шығарып алар шара жоқ.
Құлыншақ сөйтіп мұңайды,
Сонда отырып бұл Ханжан
Екі-үш ауыз сөз сөйледі:
Артық туған Құлыншақ,
Асыл едің сен, – деді. –
Қасыңдағы Шораның
Мықты екенін білеміз.
Айыптамаймыз ешкімді,
Пәрмені күшті бір Алла
Ешкіммен емес тең, – деді.

Сонда Ханжан аулына қайтайын деп, Құлыншаққа айтып кетеді:

«Бір жұмада біздің ауылға келіңіз», – деп,
Таспакерді жетелеп
Еліне Ханжан жөнелді.
Бір жұмада Құлыншақ
Аулына Ханжан барады.
Қорамса менен қылышты
Сандыққа алып салады.
«Сені ұстайтын ер қайда?» – деп,
Бәрін жиып алады,
Отқа әкеп салады.

Сонан кейін Таспакерді сойып, Шораға ас береді.