ӘУЕЗОВ ИНСТИТУТЫ

Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ақпараттық порталы

Түркі халықтарының фольклорлық мұрасы

«Қырымның қырық батыры»

Аңшыбай батыр және ұрпақтары

«Қырымның қырық батыры». 1940-1947 жылдар аралығында Мұрын жырау Сеңгірбекұлынан жазылып алынған «Қырымның қырық батыры» атты отыз бес жырдан тұратын эпикалық жырлар циклы – әлем халықтары руханиятында айрықша орын алатын мұра. 1944 жылы Ташкент қаласында өткен Орта Азия фольклоры туралы Бүкілодақтық конференцияда бұл эпостың дүниежүзілік маңызы бар екені айтылды. В.М. Жирмунский мен Е.М. Мелетинский «Қырымның қырық батырын» тарихи, рухани және көркемдік мәні зор эпопея ретінде бағалады.
«Қырымның қырық батыры» эпикалық циклын Мұрын жырау үш салаға бөліп айтқан. «Аңшыбай батыр және оның ұрпақтары» деп аталатын бірінші сала Алтын Орданы басқарған Едіге бидің (1396–1419), оның ата-бабалары мен ұрпақтарының ерлігін бейнелейтін «Аңшыбай батыр», «Парпария», «Құттықия», «Едіге», «Нұрадын», «Мұса хан», «Орақ, Мамай», «Қарасай, Қази» атты жырлардан тұрады.

«Қарадөң батыр және оның ұрпақтары» атты екінші сала Қазанды сыртқы жаулардан қорғауда ерлігімен халық жадында сақталған Шора батыр мен ата-бабаларының ерлігіне арналған «Қарадөң», «Жұбаныш», «Сүйініш», «Ер Бегіс», «Көгіс, Тегіс», «Тама», «Тана», «Нәрік», «Шора» атты тоғыз жырдан құралған.

Циклдың «Жеке батырлар» деген үшінші саласына енген жырлардың бас кейіпкерлерін Мұрын жырау мен оның ұстаздары Аңшыбай мен Қарадөң батырларға қатысы жоқ деп ойлағаны байқалады. «Жаңбыршы», «Жаңбыршыұлы Телағыс» атты жырлардың бас кейіпкерлері Едігенің ұрпақтары екенін айғақтайтын деректер бар. Бірақ уақыт өте келе тарихи жадтың көмескіленуі салдарынан жыршылар бұндай шындықтан бейхабар болған секілді. 

«Жеке батырлар» саласына жоғарыда аталған екі туындымен қоса «Асан қайғы, Тоған, Абат», «Қарғабойлы, Қазтуған», «Көкше батыр», «Көкшенің ұлы ер Қосай», «Ақжонасұлы Ер Кеңес», «Манашыұлы Тұяқбай», «Айсаның ұлы Ахмет», «Алау батыр», «Әмет батыр», «Шынтасұлы Төрехан», «Сұлтан Керім», «Манашы», «Жаңбыршы», «Шынтас», «Қарт Қожақ», «Құлыншақ» жырлары енеді.

Бұл жинақтың көлемі шектеулі болғандықтан мұнда аталмыш циклдың соңғы саласын құрайтын жырлар енгізілмеді. «Қырымның қырық батыры» жырлар циклы 2008 жылы «Бабалар сөзі» жүзтомдығының 50-51-томдарында толығымен жарияланған.

«Аңшыбай батыр және ұрпақтары» жыры

АҢШЫБАЙ

Аңшыбай үш жасында шешесінен, төрт жасында әкесінен жетім қалды. Бала біткен ауылға келтірмей қуа берді. Аңшыбай жыңғылдан жақ алып, шиден оқ алып, далада қаңғырып жүре береді. Өзі жалаңаяқ, жалаңбас, тырдай жалаңаш. Қыдырып жүріп, қалың тоғайлардың ішіне барады. Тоғайдың ішінде бір көлдің жағасына барып жатып еді. Оның ішінде бір уақ шіл үйректер жүр екен. Аңшыбай сол үйректі атып алып, отқа көміп пісіріп алып, тамақ етіп жүрді. Алты жыл сонда үйрек атумен жатты.
Бір күндері болғанда көлшікке бір аққу келіп қонады. Аңшыбай көріп, атайын дегенде, аққу сілкініп еді, бір бойжеткен қыз болды:
– Адам баласы, сен мені атпа. Мен мұсылман пері патшасының қызымын. Сізге «Қара саз жерде не қылып жатқан адам баласы екен?» деп келіп едім. Бұрыннан да көріп жүр едім. Сен не қылған адам баласысың, бұл ел жоқ жерде жүрген? – деді.
Аңшыбай:
– Менің әкем де, шешем де жоқ. Елден қаңғырып жүрген бір ғаріппін, тамағым мынау – шіл үйрек, – деді.
Сонда аққу:
– Ертең келермін, – деп, ұшып жүре берді. Қарасы үзілгесін, тағы бір аққу келіп қона қалды. Бұл да сілкініп еді, бір қыз бола қалды.
– Мені атпа, бала сен, – деп тұра қалды. – Сен не қылып жатқан адам баласысың? – деп сұрады.
– Ата-анам жоқ, ағайыным тағы жоқ. Осында шіл үйректі тамақ етіп жатқаныма бес-алты жыл болды, – деді.
Сонда аққу тұрып айтты:
– Әлгі ұшып кеткен не? – деді.
Аңшыбай:
– Білмеймін. «Мұсылман пері патшасының қызымын», – деп кеткен. «Ертең келермін», – деді.
Аққу:
– Онда мен кәпір патшасының қызымын. Ол келсе, мен де келермін ертең, – дейді.
Сонда Аңшыбай:
– Келіп не қыласың? Менде үй де, күй де жоқ, ішіп-жейтін тамақ та жоқ, – деді.
Аққу:
– Ол келіп тиер болса, мен де артынан келіп тиермін – деді.
– Бірақ мұсылман перісінің қызы «тием» деген жоқ.
Ертеңіне мұсылман пері патшасының қызы келіп, тағы қонды да айтты:
– Мен саған, адам баласы, мынадай тәуекел етіп жатқаныңда «тием» деп келдім.
Сонда Аңшыбайдың айтқаны:

– Ақылың жоқ баласың,
Жазған, қайда барасың?
Менде біркиер киім жоқ,
Сататұғын тиын жоқ,
Баратұғын үйім жоқ.
«Тиемін маған» дегенің,
Сен – патшаның баласы,
Басыңда сенің миың жоқ.
Ағайын, іні менде жоқ,
Жақын жерде елім жоқ.
Мен – бір жүрген сормаңдай,
«Тием» дегенің маған бұл қалай?
Ойдың менің көзімді,
Өлтіремісің өзімді?
Алмаймын мен сені,
Өлтірмесең, жаным, өзімді.
Майданда жатқан мен ғаріп
Сен бір не күн көрерсің?
Маған жолдасым сен болсаң,
Асыл бір туған данасың.
Адам біздей пақыр болар ма?
Біз секілді пақырға,
Жарқыным, не деп барасың?

Сонда бір қызың сөйледі:
– Әй, Аңшыбай, Аңшыбай,
Тамақ пен киімді қайғы етпе.
Табармын бәрін мен, – деді, –
Саған болсам жолдас мен, – деді. –
Қазынаға қолды салармын,
Не керекті алармын
Атамның тұрған тағынан,
Кейін қайтып барғасын.
Қазынадан алып, тақ алсам,
Дүниені сатып, табармыз.
Апарармын жеріңе,
Жеткізермін еліңе,
Киім мен тамақ қайғы етпе,
Егер болсам сенің жолдасың.

Сонда кәпір патшаның қызы ұшып келіп қонып, ана қызға айтқаны:

– Сен бір болсаң жолдасы,
Артықпын ба мен сенен?
Мен де қатар болайын.
Мынау тұрған – Аңшыбай
Майданда жатқан ер екен,
Жақыны жоқ бір жалғыз,
Өзі бір пақыр жан екен.
Елсізде көріп жетімдік,
Тарыққан пақыр бала екен.
Артықпын ба сіздерден?
Атамның алтын қазынасына
Мен де қолды салармын,
Көп етіп алтын алармын.
Әкеліп берсем, мал болар,
Осының өзі – Аңшыбай
Ноғайлыға хан болар.
Астана халықты билеп,
Аңшыбай қалай кем болар,
Жақсылармен тең болар!
Екеуіміз бақыт алып,
Жолдас қылып алармыз
Неше жыл болды жатқалы,
Қара көрмей жүр екен.
Тигеніміз осыған
Екеуміздің жөн екен.
Жақсылармен тең болса,
Майданда жатқан ер еді,
Кімнен кем болар?
Аңшыбай сонда мұңайды,
Жарлылық пен жалғыздық
Есіне түсіп жылайды.
Екі ару бірдей дегесін,
Қайғы етпей, не қып шыдайды?
«Екі бірдей аруды
Бола ма бірден алуға?
Хан баласы біз едік.
Таза халық біз едік,
Жақсы жаман көрмеген.
Неміз қалды біздей пақырдың
Енді қайтіп өлмеген?»
Осылай деп қайғысын
Аңшыбай сонда сөйлеген.
Екі әйел тап келіп,
Батыр енді ойлайды:
«Қайдан іздеп табайын
Жас күнде жүрген елімді?
Екі бірдей данасың,
Патшадан туған баласың.
Біз секілді ғаріпті
Апарып, қорлап, не қыласың?»
Екеуі сонда сөйледі,
Мұсылман, кәпір қыздары
Сөйлегенде не деді?
– Әй, Аңшыбай, Аңшыбай,
Дүние үшін тарықпа,
Мал үшін сен қамықпа.

– Сені ел шетіне жеткізіп тастаймыз. Ертең еліңе барғасын: «Маған қатын алып беріңіз, тұрарға үй, айдарға мал, ішерге тамақ, мінерге ат беріңіз», – деп, халқың мен ағайындарыңнан сұрарсың. Олар айтқаныңа ере алмас, мал түгіл, нәрсе де бере алмас. Сосын сен бір төбенің басына екі ағаш қағып, басына жалау іліп, өзің екі ағаштың арасына отыр. Сол уақытта аспаннан біз ұшармыз. Ұшып жүріп, бір қарайған нәрсе тастармыз. Қарайған нәрсе табақтай алтын болар. Сен соларды жинап аларсың. Алтынға киіз бен үйдің сүйектерін сатып алып, сол жерге алты қанат екі үй тігіп отырарсың. Біз осының бәрін үстіңде ұшып жүріп байқармыз, – дейді.
Осыдан кейін екі аққу Аңшыбайды елінің шетіне әкеліп түсіріп, өздері ұшып кетеді.
Аңшыбайдың ноғайларға келіп, «Мен он жасқа келдім. Маған қатын алып беріңдер» деп айтқаны:

– Қатын алып беріңіз,
Ағайыным, сіз, – деді, –
Ортаға келдім мен, – деді.
Сонда ноғай кірмеді,
Біреуі де бір лақ
Аңшыбайға бермеді.
Тыңдамады бір ноғай:
«Қаңғырмай, жоғал сен!» – деді.
Төбенің шығып басына,
Отырды барып Аңшыбай
Қағулы ағаш қасына.

Қағулы екі ағаштың ортасында отырған Аңшыбайға қос аққу ұшып келіп, бір қарайған нәрсе тастады да, екеуі қайырылмастан қайтадан ұшып кетеді. Аңшыбай аспаннан түскен қарайған нәрсені алып, оны киізге сатып, керегін алды. Екі жерге он-оннан қатындарды бөліп, алты қанат екі үй тіктірді. Екі ағашты қағып, ортасына Аңшыбай отырады, жалауын байлап қояды.
Сонда ноғайлар: «Мұны қайдан тапты екен?!» – деп таңғалады. Сол уақытта екі аққу да келіп қонады. Екеуі де әдемі қызға айналады. Қызға айналғанда мынадай қызық болды. Қыздардың бет-әлпеттерінің әдемілігін көріп, енді ноғайлар жиналып, кеңес құрады. Олардың: «Осы Аңшыбайдың көзін жойып, екі қызды өзіміз алайық», – деп сыбырласқандарын екі қыз естіп отырып, сонда перінің бір қызы ноғайларға:
– Ақылдарың қалай? Аңшыбайды өлтіріп, бізді алмақсыз, олжаға батып қалмақсыз. Тауды алып, үстіңізге тастасақ, өлтіреміз біз сіздерді, – дейді.
Сонда ноғайлар жаман қорықты, сөзінен қыздың торықты, зор мықтыға жолықты.
– Енді сіздерді айтпаймыз, отыра беріңіздер. Аңшыбай төре, хан болады, үндемейміз сіздерге, – дейді.

Асылдар келіп тұрады
Аңшыбайдың қасына.
Би мен бектер кеңес құрады,
Әртүрлі еткен талабын
Аңшыбайдың сұрады.

Сонда Аңшыбайдың екі қызды алған жері – тоқсан баулы Ноғайлы елінің шетіне көшіп барған жері.
Аңшыбай: «Қайта аттанам», – деп кеңес қылған. «Жалғыз қаңғырған қара басы», – деп, оның қасына ешкім ермеген.

Аңшыбай мінді Қара атқа,
«Алыс жерге кетем, – деп, –
Құба таудан өтем, – деп, –
Орақшыға жетем, – деп, –
Бармай жауға, не етем?» – деп.
Жапанға жалғыз кеткесін,
Батыр не қып шыдайды?
Астында мінген Қара ат бар,
Жануарда қанат бар.
Бес қаруы белінде,
Асынған бойда жарақ бар.
Жануар басып тұрмаған,
Ұшқан құстай зырлаған.
Төрт айлық жолдарда
Болдырып демін алмапты.
Кетеді алыс жерге аттанып,
Кезіккен жері
Аңшыбайдың сол еді,
Орақшының тұрған жері құм еді.
Қырық кісі әскермен
Қарауыл жүрген бұл еді.
Аңшыбайға кез келді
Орақшыдай қалмағың.
Орақшы келіп сөйледі:
– Жолдассыз жүрген данасың,
Жапанда жүрген дарасың.
Жолдасың жоқ қасыңда,
Жалғыздық, қайда барасың?
Атаң мен айтшы анаңыз,
Білейік сіздің шамаңыз?

Сонда Аңшыбай сөйледі:
– Руымды сұрасаң,
Дін мұсылман елі еді.
Тұқымымды сұрасаң,
Тоқсан баулы ноғайдың
Қырық таңбалы Қырымы,
Қырымның байтақ елі еді.
Менің атым – Аңшыбай.
Іздегенім сұрасаң –
Орақшы қалмақ қаласы.
Орақшының алуға
Іздеп шықтым қаласын,
Жылатуға баласын.
«Көрейін», – деп мен шықтым,
Сол қалмақтың шамасын.
Естимісің, қалмақ, сен? – деді, –
Ат-жарағың бер, – деді, –
Алмай кетпен мен, – деді.

Сонда қалмақ қолды салады.
Атайын деп баланы
Аңшыбайға оңталды.
«Жеңемін сені!» деген соң,
Залым қалмақ долданды.
Орақшы мінген кер еді,
Тебініп қалмақ келеді.
Аңшыбай мінген Қара еді,
Қайраты атының бар еді,
Жасқанбайтын ер еді.
Қарсы келген қалмаққа
Аңшыбай да келеді.
«Бердім кезек мен, – деді, –
Ата бер, қалмақ, сен», – деді.
Атайын деп Орақшы
Сонда оғын жөндеді.
Қорамсаққа қол салды,
Есепсіз оққа мол салды.
Аңшыбайдың ішінде
Бар еді киген шарайна,
Сыртында бар-ды ақ сауыт.
Сыртында бар-ды шекпені,
Шекпеннің өтіп ар жағына
Оғы кетеді.
Бір атқанда, үш атты,
Үш атқанда, бос атты.
Ақ сауыттан өтпеді,
Онан арман кетпеді.

Сонда Аңшыбай тұрып сөйледі:
– Әй, қалмағым, сен, – деді,
Берсең кезек сен, – деді, –
Енді атайын мен, – деді. –
Сен – бір тұрған Орақшы,
«Өлмеймін», – деп ойлама,
Меніменен ойнама.
Атыңның басын тарт, – деді,–
Жолдасыңа қайт, – деді,–
Арызың болса, айт, – деді,–
Атамын енді мен, – деді, –
Өлесің, қалмақ, сен, – деді.

Сонда Аңшыбай оқ алды,
Есебі жоқ мол алды.
Қалмақ тұрды қақшиып,
Жалмауыздай емініп,
Аңшыбай шықты тебініп,
Кекті ашу жанын кеміріп.
Орақшыдай қалмаққа
Атқан оғы өтеді,
Іркілмей, дәл кетеді.
Ар жағында оқ барды
Үйілген топырақ, құмдарға,
Атаңа нәлет қалмақты
Құмдай қылып ұндарға.
Қалмақтың қашты қарасы,
Бытырады қалмақтар
Кейіндегі шамасы.
Алды-алдына тарады,
Әлі қашып барады.
Артынан қуып Аңшыбай,
Жауына ойран салады.
Астына мінген Қара ат
Жер басқаннан қалмаған.
Жанында оның шар болат,
Сермесе, кеспей қалмаған.
Қалмақ сорлы: «Кетем, – деп, –
Қалаға қалай жетем?» – деп,
Қашып еді жалбақтап.
Қалмақтың көрді қаласын,
Шулатты қатын-баласын.
Талқандады қаласын,
Шулатты оның даласын.

Сегіз күнге толғанда,
Күні біраз болғанда,
Жеңді қалмақ елдерін.
Сындырып жықты белдерін,
Қалмақтың ойды көздерін.
Он алты күн болғанда,
Алады шауып өздерін.
Жеңді қалмақ қаласын.
Мұсылман қылды баласын.
Кәпірдің көрді шамасын.
Қалмақтан жаулап алған жер,
Қалмаққа ойын салған жер.
Әуелі бастап аттанып,
Орақшы еді барған жер.
Орақшы қалмақ өлген соң,
Ел мұсылман болған соң,
Көнгендігін көрген соң,
Қайтты еліне Аңшыбай,
Қасына алып баласын.
Алғандығын білдіріп:
«Көрсін, – деді, – қалмақ алған жер».
Келді жетіп жеріне,
Мекен қылған еліне,
Ноғайлыға келгені.
Би мен төре, бектері,
Хан мен тұрған қарасы:
«Аңшыбайдан жауап алам», – деп,
Жиналып келді өңкей төресі.

Орақшыны алғасын, Аңшыбай елге келеді. Көнгенін мұсылманға көндіріп, көнбегенін елге алып келеді. Сонда бектер мен мықты билер алқа-қотан жиналады. Оларға Аңшыбайдың айтқаны:

– Көрдім бір жердің даласын
Орақшыдай қалмақтың,
Барып көрдім қаласын,
Шулаттым жас баласын.
Қираттым, талқандап қаласын.
Қалмақтан бір шауып, ел алдым,
Орақшыдан кек алдым.
Шұбырттым қатын-баласын,
Қираттым қалмақ қаласын.
Білген соң, жеңіп, шамасын,
«Елге», – деп мен де жөнелдім,
Аман ба туған еліміз,
Мекен еткен жеріміз?
Саламат па бәріңіз,
Ұлы-кіші жамағат?
Сәлем бердім сіздерге,
Сіздер де келіпсіз біздерге.
Төрт ай мезгіл толғанша
Қалмаққа жүрдім жорықта.
Астымда мінген Қара ат,
Жануарда бар қанат.
Ұшқан құстан кем емес,
Мініп бір алсаң бұл атқа,
Тасыған судай ағады,
Ұшқан құстай самғайды,
Аяғы жерге тимейді.
Бұл секілді жануар
Ойға келсе, ызғыған,
Қырға келсе, қарғыған,
Жерді басып тұрмаған.
Төрт аяқтан шыққан шаң,
Топырақты суырған.
Белге буған қорамса,
Атса, бір өтпей қалмаған.
Қынаптағы көк алмас,
Сермесе, шаппай қалмаған.
Атаңа нәлет қалмақтың
Төбесі шоқты талайын
Жорықта жеңіп мен алғам.
Жиналып әскер келгесін,
Айқасқан жауды жеңген соң,
Жесір-жебір келгесін,
Жиғызбай есін батырдың,
Хабар келді ноғайға:
«Ағырабат деген ындыстың ханы бар.
Оның мұнда «аттанамыз» деген ойы бар».

Бұл хабарды естіп Аңшыбай,
Ағырабат шаһарын аларға
Тағы ойлады барарға.
Астында мінген Қара ат.
«Қалмаққа енді жетем», – деп,
Аңшыбай сонда жол жүрді,
Жапанда жалғыз ол жүрді,
Есепсіз жолды мол жүрді.
Бес-он күн жол жүргесін,
Жан-жағына қарамай,
Жалғыз жүріп далада,
Сонда батыр мұңайды,
Алладан тілек сұрайды.
Сұрағанда не дейді?
Айтқан бір сөзі осындай:
«Айналайын, ата-анам,
Жапанда жалғыз барамын.
Қасымда жоқ ағайын
Қаңғырған жалғыз дарамын.
Жар болсаң сен өзің,
Қырық та менің жолдасым,
Бұрынғы ата-бабамыз.
Алла жәрдем бермесе,
Қандай амал қыламыз?
Ағайын-туған, көп халық
Қасыма бірі ермеді.
Жететұғын күн болса
Қайта айналып жеріме,
Шалқып жатқан елдерім,
Толқып жатқан көлдерім,
Биік-биік дөңдерім,
Қызығыңды көрермін,
Аман келсем сендерге.
Астыма мінген Қара ат,
Жануарда бар қанат.
Өзіңдей ұшқан құстарды
Жүгірген аңдай көрмейсің.
«Биік жатқан таулардан,
Ағып жатқан сулардан
Бөгелемін», – демейсің.
Бұдан да өтіп кетесің.
Жететін күн болар ма
Ағырабаттың еліне?
Талқандармын қаласын,
Жылатармын баласын.
Қара атқа қамшы салады.
Құлаштап аяқ басады,
Тасыған судай тасады,
Биіктерден асады.
Тереңірек сай болса,
Жануар ырғып асады.
Ол үш айлық жерлерге
Тоғыз күнде жетеді.
Ағырабаттың қаласын
Көзіменен көргесін,
Ойлады ақыл шамасын.
Қасында екі тауы бар,
Сонда ындыс көп екен.
Өзінің байтақ жауы бар,
Бір жүзікті қолы бар.
«Мұсылман халқы келер», – деп
Ағырабат хан ойлайды.

Сонда Ағырабаттың қарауылға қойған көп әскері Аңшыбайдың келе жатқанын көріп, ханға хабар береді. Хан:

– Бізге адам тең емес,
«Тең» дегені жөн емес.
Қасыма жақын келсін, – деп,–
Құдай бізге берді, – деп,–
Ойранымды көрсін, – деп,
Шекесінен қарады.
Мекен еткен жері ындыста
Ағырабат патша хан еді.
Ол көп ындысты жинаған
Қатарда жүрген жан еді.
Аңшыбайға айтқан сөзі:
– Асыл туған баласың,
Жарқыным, қайда барасың?
Білмей ме екен адамзат
Өзінің қайрат-шамасын?
Мен – байтақ жатқан ел едім,
Жерім айдын-шалқар көл еді.
Шұман көлдің басында
Отырған халық мен едім,
Неше жылдан бері қарай
Осы өзеннің қасында.
Өлтіремін өзіңді,
Қысқартармын жасыңды.
Астыңдағы Қара атты,
Беліңе буған болатты
Шешіп, маған бер, – деді, –
Өлмейін десең сен, – деді –
Аты-жөнің сен айтшы,
Сұрайын деп мен тұрмын.
Маған жауап бермесең,
Өлтіремін өзіңді,
Оярмын көзіңді.

Аңшыбай сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Атаңа нәлет, ындысты-ай,
Көргенім жоқ бұл түсті-ай!
Сен секілді жаманды-ай,
Қаңғырып жүрген адамды-ай!
Әркімде білер, ойласа,
Өзінің қатар шамасын.
Еркек болсаң, жалғыз жүр,
Сен секілді ақылсыз
Білмей ме қайрат-шамасын?
Мен – ноғай деген ел едім,
Елден бір шыққан ер едім.
Мынау тұрған ындысты
Талқандайын деп едім.
Менің атым – Аңшыбай,
Аң аулаған аңшымын.
Талай астым биіктен.
Сен секілді көрмедім
Қаңғырып жүрген ындысты.
Сонда Ағырабаттың айтқаны:
– Артық туған ер, – деді, –
Кезегімді бер, – деді, –
Ер болған болсаң сен, – деді. –
Өзім артық хан едім,
Асыл бір туған жан едім.
Мекен еткен ел едім
Мен – ындыстың ері едім.
Ағырабат деген хан едім,
Аптығып жүрген, жас бала,
Сен не қылған бала едің?

Аңшыбай сонда сөз айтты,
Сөз айтқанда, мол айтты:
– Әй, Ағырабат, Ағырабат,
Енді өлесің сен, – деді, –
Кезекті маған бер, – деді. –
Емеспін саған тең, – деді, –
Асылың сенің кім? – деді.

Ағырабат сонда сөйледі,
– Сөйлегенде, не деді?
Аттың басын тарт! – деді, –
Кейін қарай қайт! – деді. –
Жолдасыңа бар-дағы,
Көргеніңді айт, – деді. –
Қайта айналып кел, – деді, –
Өлтіремін мен, – деді.

Сонда тұрып, Аңшыбай,
Он екі тұтам оқ алды,
Өтірік емес, шын алды.
Анау тұрған Ағырабат
Қайырылмады қасына-ай,
Бұрмады атының басын-ай.
«Ат, – деп, – ноғай, осылай».
Аңшыбай сонда көздеді.
Ойлап тұрар кез бе еді?!
Он екі тұтам оқ алып,
Қорамсағын қалдырып,
Аңшыбай атып қалады.
Атқан оғы өтеді,
Бір төбеге жетеді.
Жан тәтті екен дүниеде,
Ағырабат хан құлады,
Ұзынынан сұлады.
Атып жерге түсірді,
Үнін жаудың өшірді,
Өлтіргесін қашырды.
Жүз кісіге қарсы кеп,
Аңшыбай батыр айқасты,
Қашқан жаумен шайқасты.
Артынан қуып Аңшыбай,
Тағы да жетіп қалады.
Талқандайды қаласын,
Көріп елінің шамасын.
«Ажал жетіп, өлдік, – деп, –
Не айтқаныңа көндік, – деп, –
Енді дінге кірдік, – деп, –
Мал мен бала бердік», – деп.

Салдырып мына мешітті
Хабар берді қалаға:
«Мұсылман дінді ханыңа», – деп,
Хабар берді балаға.
Аңшыбай батыр барарға,
Мекен етіп аларға.
Басын иді жаулары:
«Батырлықты көрдік», – деп.
Аңшыбайдың ерлігін көргесін,
Патшадай қылып табынған.
Астында жүрген жануар
Дариядай тасады,
Биік таудан асады.
Шамасы жерде жоқ еді
Бұл жануар тоқтаған.
Сол секілді мал еді.
«Алыс жерге жетем, – деп, –
Жауға шаппай, не етем?» – деп,
Құйысқаны шартылдап,
Ақ көбігі шалпылдап,
Бүгіліп-жазылса жер бауыры,
Атыла қарғып, алқымдап.
Тұяғы тиген қара жер
Қалатұғын борпылдап.
Ақ сүңгісін қолға алып,
Келеді батыр толғанып.
Алыс жердің арасын,
Қаланың көрді қарасын.
Мекен еткен жері еді
Онда байтақ қараса.
Ол да байтақ ел еді,
Қасында бар қырық кісі,
Алдынан шықты Ақорал.
Қарсы келіп екеуі,
Сонда жауап береді.
Ақорал сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Жапанда жалғыз дарасың.
Жарқыным, қайда барасың?
Астыңа мінген Қара атың,
Енді өліп қаласың.
Білмеймісің өзіңнің
Қайратыңның шамасын?
Қай халықтың ұлысың?!
Енді жауап бер, – деді, –
Ақ сүңгіні қолға алып,
Өлтірермін өзіңді,
Келтіремін кезіңді.
Жұламын талдап шашыңды,
Қысқартармын жасыңды.
Өлтірермін өзіңді,
Оярмын екі көзіңді.
Қаңғырып жүрген, сен ноғай,
Тыңда менің сөзімді.

Сонда Аңшыбай тұрып сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Әй, атаңа нәлет, ындысым,
Келдің жетіп сен, – деді, –
Іздегенім сұрасаң,
Сендей ындыс жау еді.
Мен – Ноғайлы елінің
Елден шыққан ерімін,
Артық туған шерімін,
Асыл туған бөрісі едім.
Талай алдым қалмақты.
Астымдағы ала тай,
Жануарда қанат бар.
Енді қуып жетейін,
Қорамсаны қолға алайын,
Алмай қойман өзіңді.
Енді қанға малармын,
Басыңды кесіп алармын.
Қалаңа ойын салармын.
Қызыңды қатын етермін,
Шаһарыңды күл етермін.
«Жалғызбын», – деп ойламан,
Сенімен ойнаман,
Жарағым қанға тоймаған.

Сонда қалмақ сөйледі,
Сөйлегенде, не деді?
– Атаңа нәлет, құл ноғай,
Ақылың жоқ, көп ноғай,
Әскерің жоқ, қу ноғай!
Ақылыңның жоқтығы –
Бұл мезгілде келгенің.
Алармын басыңды мен, – деді, –
Қиратармын сені! – деді.

Атып қалды үш оқты.
Атқан оғы өтпеді,
Көздеген жерге жетпеді.
Сонда тұрып долданды,
Басына киген телпегін,
Ашу қысып, қолға алды.

Анау тұрған, қарасаң,
Көкірекке жел кірді.
Аңшыбайдай батырың
Артық туған ер еді,
Жақын жетіп келеді.
Аңшыбай келді тебініп,
Қашатұғын ол емес,
Ындыстан қорқып, шегініп.
«Қорамса» деген оқ алды,
Қайраты ердің көп еді.
– Атамын сені мен, – деді, –
Шыдамасаң, кел! – деді.

Сонда бір тұрып қарады,
Ол ындыстың ері еді,
Кеп, бір қолды салады,
Жағадан ұстап алады.
Жағаласып екеуі
Ат үстінде қалады.
Келіп тұрған көп қалмақ
Қайтадан кейін қашады.
Аңшыбайда жоқ серік,
«Тәңірі жәрдем берсін!» – деп,
Жан-жағына қарады.
Шамырқанып, шамданды.
Буырқанып, долданды.
Ол ындысқа қол салды,
Қисабы жоқ мол салды,
Жағасынан сонда алды.
Екі көзі қызарып,
Тұра алмады кідіріп,
Шамданғансын, бозарып.
Хан еді ол – қарысты,
Жағаласып қалысты,
Екі-үш күндей олар алысты.
«Жеңем!» – деп бір-бірін,
Аямай найза салысты.
Аңшыбай қия барып тұра қап,
«Байқайын», – деп.
Болып отыз-қырық күн жүргендеріне,
Аңшыбай тұтқиылдан ойран салды,
Ындыстар жетіп келді айғай салып.
Жағадан ұстап алды сонда Аңшыбай,
Жіберді қаһарланып қолын қағып.
Ындыстың айтқан сөзі сонда былай:

– Аңшыбай, ер екенсің сен-ай, – деді,
Жапанда тұрдым жалғыз мен-ай, – деді.
Сұрасаң, алыс емес, елім жақын,
Жау емеспін, дос болып кел-ай, – деді.

Бар еді ақ сүт берген менің анам,
Бар еді інім менен сендей ағам.
Қажырлы қайратыңа көзім жетті:
Келмейді Ноғайлыға менің шамам.

«Жалынса, жақсы кешер» деген еді,
«Шын батыр әділдігін шешер»деген еді.
Егер де тірі тастап, жанымды қисаң,
Сұраймын ата-анамның атынан үйімдегі.

Аңшыбай:
– Баста еліңе сонда, – деді, –
Не түрлі өнерің бар, айтшы, – деді, –
Осы жерде сөйлесең егер жалған,
Оярмын екі көзіңді, ойла! – деді.

– Біздің саған айтар сырымыз бар,
Қазулы терең жатқан орымыз бар.
Көлденең биік қорған жарымыз бар,
Бекіткен мықты қылып шегеміз де бар.
Сұрасаң, сексен қақпа қаламыз бар,
Қарулы қалың әскер панамыз бар,
Сұрасаң, елде жатқан төреміз бар.
Көретін енді сізді көзіміз бар,
Айтатын сізге, тақсыр, сөзіміз бар.
Мен-дағы өзіңіздей азаматпын.
Шын достыға айтқанымды есіңізге ал.

Аңшыбай бұл кеңеске құлақ салды,
«Достық» деген тілегін қабыл алды.
Аңшыбай атқа мініп шыққасын,
Үш айда зорға жетіп өз еліне,
Келгесін, Аңшыбай халқын жиып, қала салды,
Жиналып ноғай елі, хабар алды.
– Қалмақтың көрдім барып қалаларын.
Жапанда жүріп, жалғыз араладым.
Саны көп, сапасы жоқ ел екен ол,
Қайратын, қаруын да шамаладым,
Жауыңды жеңіп келдім алдарыңа.
Аман ба мал мен басың, балаларың?
Бармысыз сау-саламат елде, халқым?
Көтерді, аруақ қолдап, ноғай атын,
Аман ба, мал мен басың, балаларың?
– Келдің бе, аман-есен, ей, жарқыным,
Дүниеде артық екен бұл ақылың!

Аңшыбайың осылай деп ел алдында,
Халқының орындалды аманаты.
Жиналып, осылай деп алғыс айтып,
Риза Аңшыбайға болған халқы.

ПАРПАРИЯ

Баба түкті – Парпарияның әкесі. Ол мешіті бар, әулие кісі болған екен. Парпария – оның жалғыз ұлы. Арада он алты жыл өткеннен кейін – он алты жасқа келгенде, сол елден Парпарияға әйел алып береді. Әкесі – Баба түкті әулиелігін құрып тұра береді. Парпарияның жасы жиырмаға толғанда – жазда ел қыстаудан жайлауға көшеді. Сол елмен араласып, Парпарияның да елі көшеді. Парпария әкесі Баба түкті мешітте қалатын болған соң, елін көшіріп жіберіп, өзі әкесіне қайта келеді. Әкесінің жанында он күн отырады. Бір күні қой баққан қойшы әкесінің мешітінің алдына келіп, былай сөйлей бастайды.

Сөйлегенде бүй деді:
– Баба түкті піріміз,
Қашып келдім мен, – деді, –
Шамақан қалмақ елге келген соң,
Бүлінді біздің ел, – деді, –
Не айла сен істейсің?
Шамақандай қалмақ баласы
Шауып кетті еліңді,
Бүлдіріп кетті жеріңді.
Қасиетті піріміз,
Амалын тап сен, – деді.

Баба түкті пірлерге
Қойшы келіп сөйледі.
Сол жауапты есітіп,
Түрегеліп, балаға
Баба түкті бүй деді:
– Түрегел, балам, сен, – деді,–
Айла жауға ет, – деді. –
Шамаң келсе, жан балам,
Жіберме кекті сен, – деді,–
Артынан қуып кет, – деді. –
Қысылған жерде мен саған,
Жалынсаң, жәрдем берермін.

Сонда тұрып Парпария
Құла шұбар ат мінді,
Құм сағыздай созылған
Ат құйрығын шарт түйді.
Жалғыз да болса, кетуге,
Ол қалмаққа жетуге,
Артынан қуып жесірдің,
Ерлік айла етуге
Сонда жөнеп кетеді.
Не салса да, көнерге,
Шамақандай залымның
Қайратын сынап көрерге.
Жолға шығып кеткен соң,
Жолдасы жоқ қасында,
Астына мінген Құла ат
Бір жылқыдан кем емес,
Жануардың баласы.
Ауыздығы қаршылдап,
Табаны жерге тарсылдап,
Найзағайдай алмасы.
Беліндегі жарқылдап,
Құлаша мінген аттары –
Келе жатыр жануар
Құйысқаны сартылдап,
Аяқта алтын тағасы,
Келе жатыр жарқылдап.
Аузын ашып арандай,
Құлаштап адым ашады,
Арындап аяқ басады.
Ындыстағы Парпария
Екі қолы қарысты,
Құйын да емес, аң емес,
Жылқыдай мал емес,
Дариядай тасады.
Кемер-кемер таулардан
Әп-сәтте басып асады.
Таутеке мен бұғылар
Келіп қалса қасына,
Кетерін қайда ол білмей,
Қысылып, жаман сасады.
Ындыстағы Парпария
Ен далаға көзді салады.
Ел қарасы көрініп,
Көз ұшында қалады.
Атынан түсе қалады,
Елге жақын барады.
Аралап келіп ол жүрді.
Ат-сайманын тасалап,
Жағдайын барлап қарады.
Бір жерлерге келгенде
Шеткері тұрған күркеден
Ызың дауыс ол есітті.

Сол күркеден Парпария әйелі мен бір қыздың дауысын естиді. Сонда қызға әйел былай деп отыр екен:

– Сұлтаным менің келер, – деп, –
Құдай бізге берер, – деп, –
Жылама, Жарқын, жылама.
Атаңа нәлет ит кәпір,
Дегеніңді қыла алмай,
Баптан, кәпір, ал, – деді, –
Етек-жеңі кең, – деді.

Сүй дегенше болмады,
Парпария келіп қалады.
Құдай қосқан жарымен
Әйелі тұрып, көрісті.
Әйелі сонда сөйледі,
Ұстап тұрып қолдарын,
Сөйлегенде бүй деді:
– Құдай қосқан қосағым,
Аман-есен келдің бе?
Арып-ашып жол жүріп,
Оңғарғай Алла жолыңды!
Айыруға жесірді
Артынан қуып келдің бе?
Түн ұйқыңды төрт бөліп,
Ат үстінде желдің бе?

Сонда Парпария сөйледі,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Елден шықтым мен, – деді, –
Білуге жүрмін шамасын
Берік, осал елдерін,
Шамақан залым қалмақтың
Мекендеген жерлерін
Қиратуға келемін
Сол қалмақтың қаласын.
Айыруға келемін
Ноғайдың жесір, баласын.

Аралап елін көрерге,
Қасарысқан ер болса,
Сазасын анық берерге.
Сонда тұрып сұрады
Айласын анық білерге.

Осыдан соң Парпария сол елді көру үшін тағы да қалмақтың елін аралап жүріп кетті. Шамақанның әкесі – Шаштөбені де көрді. Оның жинаған ерлерін де көрді. Әбден сырын біліп алып, баяғы әйеліне келіп: «Шамақанның елін шабамын», – деп, бір-екі ауыз сөз айтады:

– Алла тілек оңдаса,
Жолымды менің оңғарса,
Ер жігіт тая шала ма?
Желге кетер мал үшін,
Жерге тамар қан үшін,
Жесір-жебір жан үшін?

Әйелі сонда сөйлейді:
– Жапанда жалғыз дарасың,
Самсыған сары қалмаққа
Жалғыз қалай барасың?
Барып қайрат етерге,
Мұнан барып, сен өлсең,
Жолығармыз біз бейшара
Мұнан да жаман бетерге.
Абайла, батыр, шамасын,
Алуға шамаң жетер ме
Мұнша халықтың баласын?

Сонда Парпария сөйледі:
– Тәуекел етіп қарайын,
Қалмаққа таман барайын.
Кәуір болмас ағайын,
Ер белгісін етерге.
Қорлық бізге болмай ма,
Кек жіберіп жауға кетерге?
«Келдім іздеп мен» деген,
Ажал жетсе, өлермін,
Ажалсыз пенде өлмеген.
Қолға алған сұр жебе,
Атса, өтпей қалмаған.
Атаңа нәлет, ит қалмақ
Үстімнен дүбір өткізіп,
Менен жесір алмаған.
Астыма мінген Құлаша
Шабыстан ол танбаған.
Белге буған ақберен,
Сермесе, кеспей қалмаған.
Қанша айтса да ит кәуір
Теңім менің болмаған.
Ақ сүңгіні қолға алып,
Отырмайын бөгеліп,
Тиейін жауға, қозғалып.

Астындағы Құлаша ат
Жал-құйрығын өреді.
«Барайын», – деп оңтайлап,
«Барайын», – деп жүреді,
Шамақандай қалмаққа
Аттың басын қаратты.
Астындағы Құлаға
Қамшыны қардай боратты.
Табандатып желеді,
Дөңгелентіп келеді.
«Тәңірі берген қайратты
Аясын ба?» – деп еді.
Аттанған қалмақ мол болды.
Жиылған сондай жандарға
Байқасатын жол болды.
Қарсы келіп тұрады,
Сонда Шамақан сөйледі:
– Әй, ноғай, ақымақ ноғайсың,
Болуға жем оңайсың.
Біздің қалмақ ерлердің
Құраған мұндай қолы бар.
Қаңғырып жүрген ноғайдың
Маңдайының соры бар.
Шамақандай ерлердің
Алдыңда құрған торы бар.
Шаштөбедей ағам бар,
Жаңылдырар тобам бар,
Ажалың бізден келеді.
«Жалғыз», – деп сендей ноғайға,
Ат-тонын жұлып алыңыз,
Келді сорлы оңайға.

Сонда тұрып Парпария сөйледі:
– Әй, ит қалмақ, ит қалмақ,
Алмай кетпен қалаңды,
Шулатпай кетпен балаңды.
Алмай кетпен еліңді,
Сындырмай кетпен беліңді.
Танытармын бабаңды,
Жаңыларсың, әй, кәуір,
Сиынып жүрген тобаңды.
Басыңа қылыш тигенде,
Танырсың сонда ағаңды.
Ұстатармын жағаңды,
Тарттырармын сазаңды.
Қапы қалма, қалмағым,
Тістелмесін бармағың.
Жеңіл емес, ит қалмақ
Сенің менен салмағың.
Ноғай менен қалмақтың
Дос болғанын көрмедім.
Абайсызда, ит кәуір,
Елімді менің шапқаның.
Бермеу үшін намысты
Артыңнан қуып келгенім.
Алла тілекті оңғарса,
Жекпе-жекке сен шықсаң,
Басыңды сенің алармын,
Еріңді отқа жағармын.
Астыңа мінген боз тарлан
Жетегіме алармын.
Осы айтқанды қылармын,
Осы айтқанды қылмасам,
Атадан тумай кетейін.
Артыңнан қуып мен келіп,
Алмай кекті, не етейін.
Сенен кекті алмасам,
Қаңғырып мен кетейін!

Сонда қалмақ сөйледі:
– Менің жерім сұрасаң,
Айдынды көлдің жағасы.
Шаштөбедей хандардың
Шамақандай, байқасаң,
Соның болған баласы.
Аршындатып сөйлейсің,
Берілер саған сазасы,
Жетеді тез қазасы.
«Қапы қалма», – дейсің сен
Кісідей-ақ жеңетін,
Әлің қайдан келеді?
Шамасыз жерге шарпы ұрып,
Қасыңдағы дұшпанның
Алынып тұр мазасы.

Сонда тұрып, алысты,
Ерегісіп бір-біріне,
Ақ найзасы жарқылдап,
Алысып, сонда қағысты.
Белдегі алды беренді,
Беренменен шабысты.
Шамақандай қалмақтың
Қайраты сонда көп екен.
«Қасыма келсе ноғайлы,
Жем қып жермін», – дер екен.
Үстеріне киген ақ сауыт
Парпариядай ерлердің,
Кете жаздады намысы,
Шамақандай залымың
Алты жерден шанышты.

Сонда тұрып Парпария сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Жаратқан Алла, жан ие
Кетірмесін намысты,
Мен қысылдым, келе көр!
Баба түкті Шашты Әзіз,
Асыраған әлпештеп,
Өсірген балаң қысылды,
Жәрдем маған бере көр!
Қолтығымнан демей көр,
Жәрдемдесіп, жебей көр!
Атадан жалғыз баламын,
Қазам жетсе жаулардан,
Тұяқсыз кетіп қаламын.

Сонда тұрып Парпария,
Өзіне-өзі дем берді.
«Ақырғы демім кетсін», – деп,
Жесір үшін өлуге
Өзіне-өзі жөн көрді.
«Балдағы алтын ақберен,
Адыра сен қалдың», – деп,
Тұрып сонда сермеді.
Өлейін деп тұрса да,
Батырды ашу кернеді.
Кәміл пірі жар болып,
Баба Түкті пірлері
Айдаһар болып көрінді.
Сонда тұрып көп кәпір
Ысырылды шеткері.
Айдаһар сонда ысқырды,
Ен қалмақты тықсырды.
Батырлар сонда қашады,
Пірлері жәрдем берген соң,
Ердің пысы басады.
Айдаһарды көргенде,
Парпария батырдың
Көңілі сонда тасыды.
Шамақандай залымның
Айдаһарды көргенде,
Кетіп есі танады,
Іші күйіп-жанады.
Парпария сонда ол тұрып,
Садақты қолға алады.
«Қақ жүректің басы, – деп, –
Өлерің сенің – осы, – деп, –
Ажал оқтың тұсы», – деп,
Керіп алып тартады.
Сонда қалмақ құлады,
Құлап қалмақ қалғанда,
Нар түйедей бақырды.
Аузынан қаны атылды,
Даусы жерді көшірді,
Аузынан қаны атыпты.
Сүй дегенше болмай-ақ,
Парпариядай еріңіз
Ақ найзамен бір түйреп,
Сөйтіп үнін өшірді.
Жаудың беті қайтқан соң,
Кетті айдаһар жоқ болып.
Шамақандай залымның
Жанған оты ол қалды,
Күлге таяу шоқ болып.

Сонда қалмақ қырылды,
Өзіне-өзі ұрынды.
Қалаға таман келеді,
Қара қандар төгілді,
Қаланың ішін қан қылды,
Қырды сонда сан қолды.
Қалмақтайын залымға
Парпариядай жалғызың
Қылыш сонда үйірді.
Сонда тұрып қалмақтар
Шеттеу жерге жиылды.
Санын санап қараса,
Тек екі жүздей жан болды.
Шамақанның әкесі –
Шаштөбе болды бастығы,
Ноғайменен бар қастығы.
Сонда тұрып, қарады
Парпариядай жалғызға.
Әуелі – Алла, екінші –
Пірлері болды панасы.
Жаудың бетін жапырып,
Сонда кетіп барады.
Шаштөбедей залым хан
Қылыш, найза асынды.
«Алармын, – деп ойлайды, –
Парпария, сенің басыңды».
Тоғыз қабат темір сауытын
Алды киіп үстіне.
Киімін киіп, жамылды,
Шамақаннан айырылып,
Парпариядан кек алғанша
Жүрегі қатты қабынды.
Баладан жалғыз айырылып,
Қанаты қалды қайырылып.
Бұрылуға шама жоқ,
Отырды ханың майырылып.
Екі жүз кісі қасында,
Дулығасы басында.
Қабағынан қар жауды,
«Аударады, – деп келеді,
Жетпес қол бір тауды».
«Кесейін», – деп келеді
Үзілмес шынжыр бір бауды.
Парпария сұлтан ханыңыз
Жапырылған жандардан,
Өтті кешіп қандардан.
Байқалмай келіп қалыпты
Далдалап кәпір бір тауды.
Үстінен шықты Парпария
Не екенін ол білмей,
Тұра қалды батырың.
Күрең шұбар ат мінген,
Ат құйрығын шарт түйген,
Үстіне темір көп киген
Көрді сонда жау ханын.

Шаштөбедей залым хан
Келіп, сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Әй, жас бала, жас бала,
Елді мұнша бүлдіріп,
Дұшпаныңды қиратып,
Тарпаңдайын таңданба.
Ерегіссең менімен,
Басыңды кесіп алармын,
Түсіріп жерге, аяққа салармын.
Үстіңдегі ақ сауыт
Омырауын айырып,
Ат артына жабармын.
Қолыңдағы ақ найза
Омырып оны салармын.
Ұстаған қолға беренің
Оны да қолға алармын.
Бар қаруды алып ап,
Басыңа ойын салармын.
Шамақандай қылармын,
Басыңды кесіп, жоярмын.
Ақ сүңгіні бір салып,
Қаныңды ұрттап, тоярмын.

Қасымда менің тұрғанда,
«Бармын», – деп, бала, ойлама,
Жоқ етіп сені қоярмын.
Қандай, бала, ақылың?
Ерегіссең менімен,
Қара қанға малармын.
Тұрған емес ноғай қасыма.
Ерегіссең менімен,
Қылыш тиер басыңа.
Жолдасың да жоқ келетін,
Өлгенде сенің қасыңа.
Мықты болсаң, қайдасың,
Алғанда шауып қалаңды,
Шулатқанда балаңды?
Қалаңнан сенің мен шықтым,
Жетім-жесір шулатып,
Жамыраған қойдай дулатып.
Естіп пе едің сен? – деді,–
Сені де алған – мен, – деді. –
Жетегіме аламын,
Ұқтың ба енді сен?! – деді, –
Еліңді шапқан мен,– деді. –
Батыр болсаң, кел, – деді, –
Ойранымды көр! – деді.

Парпария сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– «Балам, балам», – дей берме,
Сенің балаң мен емес,
Менің әкем сен емес.
Шамақандай балаңды,
Шулатқанда қалаңды,
Мықты болсаң, қайдасың?
Жасырынып далада,
Батырлық сен айтасың.
Ол айтқаның жөн емес,
Алла тілек оңдаса,
Әулиелер жәрдем бұл болса,
Ақ сүңгіні салармын,
Қара қанға малармын.
Асылымды сұрама,
Мен – ноғайдың баласы!
Жалғыз келген ноғайдың
Еліңе бүлік бұл салып,
Алғанын жауды қарашы.
Шамақандай балаңның
Бергенмін оның сазасын.
Алдырармын мазаңды,
Кісімсініп сөйлесең,
Берермін өлім жазаңды.
Екі жүздей батырың,
Жалғыз да болсам, алармын,
Табаныма салармын.
Шамаң келсе, кел бері.
Жекпе-жекке сен келсең,
Соғысып сенімен қарармын.
Үстіңдегі ақ сауыт
Сауырына аттың жабармын!

Шыдамады бұл сөзге,
Қылышын алып қолына.
Өлімге байлап бастарын,
Намыстың шықты жолына.
Шаштөбе де ер еді,
Парпарияның қасына
Іркілмей жетіп келеді:
– Әй, ноғайсың, ноғайсың,
Алуыма оңайсың.
Алысалық, кел, – деді, –
Шаштөбедей бабаңның
Қайратын байқап көр, – деді.

Сонда тұрып алысты,
Жолбарыстай ыңыранып,
Қарсы қарап шабысты.
Ақберені жарқылдап,
Аттары тізе қағысты.
Қолындағы ақ берен,
Майысып, о да қабысты.
Қылышынан айырылып,
Батырлар сонда қамықты,
Найзаларын алысты.
Біріне-бірі итеріп,
Найза сонда салысты,
Серпуіне шыдамай,
Аттар жата қалысты.
Парпария еріңіз
Найзаны ырғап ендірді.
Қалмақтың ханы – Шаштөбе
Сол жағына құлады,
Жаны шығып сұлады.
Артындағы ерлері
Алдында ханы өлген соң,
Өлгенін көзі көрген соң,
Қолынан намыс берген соң,
Тұрып сонда, жапырды.
Парпария оған қайыспай,
Қайрат оған қылады.
Оң келгенін оң шапты,
Сол келгенін сол шапты.
Атаңа нәлет қалмақтың
Талайын сөйтіп құлатты.
Ашуы керіп батырдың,
Маңдайы оның терледі.
Қызған сайын ол батыр
Құлаштап қылыш сермеді.
Менменсінген ерлерді
Тек бұтадай көрмеді.
Астындағы Құлаша
Қашқан жауға жетеді.
Ақ сүңгімен бір түйіп,
Қасынан оның кетеді,
Қалаға қарай қуады.
Қалмақтан шыққан ерлердің
Басына күн туады.
Тірі қалған қалмақты
Қалаға әкеп қамады.
Жеткенінше қырады,
Кетерін қайда ол білмей,
Қамалып шіркін тұрады.
Қалмақ босқын табады,
Жалғыз өзі Парпария
Қалмақты қуып сабады,
Бәлеге қалмақ қалады.
Астындағы Құлаша
Найзағайдай ойнады.
Қашып кеткен қалмақты
Артынан қуып жетеді,
Жетіп, одан өтеді,
Басқа жерге кетеді.
Қалаға бәрін қамады,
Қашуына таппай жер,
Сонда тұрып қалады.

Қайта келіп Парпария,
Алдына шығып қалмақтың,
Сонда оған сөйледі:
– Мұсылман дінге кір, – деді, –
Мұсылман болып жүр, – деді. –
Айтқанымды қылсаңыз,
Тимеспін саған мен, – деді. –
Дегенімді қылмасаң,
Айтқаныммен жүрмесең,
Салайын ойын мен, – деді, –
Ойынымды, кәуір, көр, – деді.

Сонда тұрып қалмақтар:
– Кешір, батыр, сен, – деді, –
Абайсызда іс істедік,
Еліңді сенің шапқанбыз.
Қасарысып, қабыспа,
Дініңе кірдік біз, – деді, –
Дегеніңді қылармыз,
Айтқаныңмен жүрерміз.
Сізге кәуір қас қылса,
Кескілесіп өлерміз.
«Барам» деген жеріңе.
Аларсың әскер сен, – деді.

Сонда тұрып Парпария,
Қалмақтар тартты сыйлықты.
Ислам дінге көндіріп,
Баяғы жеріне,
Әйеліне келеді.
Үйдің келіп тұсынан,
Сонда сөйлей береді:
– Айналайын, алғаным,
Сау-саламат бармысың,
Аманбысың, саумысың?

Сонда әйелі үйден жүргіріп шығып, алғаны – Парпарияға сөйлейді:

– Айналайын, алғаным,
Шырын, шекер, бал татқан.
Қынай белім шешілген,
Ибалықпен сөйлеп сөз,
Наздықпенен қосылған.
Аман-есен келдің бе?
Атаңа нәлет кәпірдің
Қайраттарын көрдің бе,
Сазасын иттің бердің бе?
Шамақандай залымды
Өлтіріп, қызық көрдің бе?
Әкесімен өлтіріп,
Алдың ба жанын кәуірдің?
Елге қашан қайтамыз,
Ата менен ананың
Қашан жүзін көреміз?
Жолығып, жауап оларға
Біздер қашан береміз?
Жесірлікке түскен біз сорлы
Сағындық қайран халықты.

Сонда тұрып Парпария,
Ата-ана еске түскенде,
Ақ найзаға сүйеніп,
Өксіп-өксіп қамықты.
Қиындық көріп жерлері
Есіне түсіп жабықты.
Өзіне-өзі дем беріп,
Жылауын басады.
Алғанымен қосылып,
Жабыққан көңілін ашады.
– Тарықпашы, алғаным,
Қалмақты қасқа алармыз.
Ата менен анаға
Біз де тездеп барармыз.
Аға менен інінің
Алдында жүріп көрерміз.
Қайын жұрты – халқына,
Қамықпа, батыр, қамықпа,
Біз де сәлем берерміз,
Салтанатпен жүрерміз.

Сонан соң қатынын тастап, өзі қалмаққа барып, жолдас алып, еліне қайтпақ болады.

Қалмаққа таман барады,
Сол қалмақтың ішінен,
Елі дінге келген соң,
Жолдас қылып қасына
Жүз кісі алады.
Әйеліне қайта ол келіп,
Еліне қарай жол тартты.
Асты сонда белдерден,
Асты және таулардан.
Бір күндері болғанда,
Еліне сонда кеп жетті.
Мешітіне атаның
Парпария сонда барады.
Атасы шығып алдынан,
Сонда сөйлей береді,
Сөйлегенде бүй деді:
– Аман-есен келдің бе,
Айналайын, жан балам,
Айырдан туған нар балам?
Аман-есен тұрады
Мекендеген бұл қалаң.
Қалмақ итті алдың ба,
Еліне ойын салдың ба?
Сол кәуірдің еліне
Өзің жалғыз бардың ба,
Еліне ойын салдың ба?
Елін көндіріп,
Айырып жесір алдың ба?

Сонда тұрып Парпария
Атасына сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Ата менен анамыз,
Аман ба, туған қаламыз,
Сау-саламат бармысыз?
Айырып жесір мен алдым,
Шаштөбе мен Шамақан
Кесіп басын мен алдым.
Елін дінге көндіріп,
Мұсылман болып ол қалды.

Атасы мен баласы
Қойдай маңырап көрісті.
Сонда бір қалмақ сөйледі:
– Мінгені Парпарияның көк-ті, – деді, –
Қалмақты көк бауырдан төкті, – деді. –
Кешегі Шамақан мен Шаштөбенің
Сүйегін жалғыз бала сөкті, – деді.
Ноғайға салды қабарға,
Халықты жиып ол алып,
Той-думанды сыйларға
Келді ноғай жиналып.
Тоғыз күн ұдайы тойын қып,
Он екі күн ұдайы ойын қып,
Кеткен анау жесір-ді,
Ел-жұртымен қосылды.
Парпария ерлердің
Әуелі жауға аттанып,
Айырған жері осы еді.
ҚҰТТЫҚИЯ

Құттықия өзі үлкен болған соң, хандықтан түскесін, оған басқа ой кіреді.

Қырымға хабар салады:
– Аттаналық, кел,– деді, –
Қалмаққа таман барайық.
Сыпыра сонда сөйледі:
– Ақташыны шап, – деді.
Парпария сөйледі:
– Ала алмайсың сен, – деді, –
Қиын жері Қалмақтың,
Үш айлық жер жүреді.

Құттықия кетерде
Бәйбішесі сөз бастады:
– Кетемісің, алғаным,
Бір перзенттің жоғынан,
Менің жалғыз қалғаным.
Дүниенің білдім жалғанын,
Көтерем Алла салғанын.
Артыңда қалған балам жоқ,
Тәңірі қылды, шарам жоқ.
Және қалған мал да жоқ,
Жаны ашитын пенде жоқ.

Құттықия сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Ақташының еліне
Барсам, хабар алармын,
Үш Бөкенбай жеріне,
«Қалмақ» деген еліне.
Жарлылық пен жалғыздық,
Бір тәуекел етемін.
Ол үш айлық жол еді,
Қош, аман бол, сен! – деді.

Аттың басын жөндеді,
Тоқсан күндік жол еді,
Қашықтығы сол еді.
Күні-түні жол жүріп,
Есебі жоқ мол жүрді.

Құттықия сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
Ағайын-туған, ел де жоқ,
Есіркейтін пенде жоқ.
Ен майданда қаңғырып,
Ел, қараны көрмедім.
Ағайын-туған, ел қайда?
Баяғы кеткен жер қайда?
Аспанда жүрген бозторғай,
«Көрдім», – деп хабар берсейші.
Бөкенбайға мен жетейін,
«Алайын», – деп қаласын.

Хан мінген боз тарлан ат көрінді,
Қай жерде тұрып қаласың?
Алыс болды арасы,
Үш Бөкенбай көрінді.
Бөкенбайдан шыққасын,
Ақташының еліне
Ол бір айлық жер еді.
Отыз кісі қасында.
«Барыңыз сыртқа», – деп еді,
«Бөкенбайда бар шығар,
Қанша да болса, ел деген,
Барамын соған мен» деген.
Бөкенбайдан шыққасын,
Онкүндік жерге толғасын,
Алдынан көрді бір қара.
Ол қараны көрген соң,
«Жетейін», – деп долданды.
Жақындап келді қарасы,
Ол – қалмақтың баласы.
Көп қалмақтан бөлініп,
Алдына шықты қарашы.

Қара жетіп келеді,
Келе сөйлей береді,
Сөйлегенде бүй деді:
– Қалмақ деген ел едік,
Бөлініп шыққан қаладан
Ақташының ері едік.
Алыстан қара көргесін,
Іздеп сені біз келдік.
Білейін деп мен келдім,
Көргеннен соң қараңды,
Білейін деп шамаңды.

Құттықия сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Мен – ноғайлы деген ел, – деді, –
Жерімді менің сұрасаң,
Өзен бойы жер еді.
Іздегенім сұрасаң,
Ақташы деген ел еді.
Тауып бер маған қалаңды,
Шақыр жолдас балаңды.
Тая шаппан мен, – деді, –
Соғысам десең, қалмақ,
Берегірек кел, – деді, –
Қайратымды көр, – деді.

Қарсыласып, аңдысты:
– Бердім кезек мен, – деді, –
Ата бер, қалмақ, сен,– деді.
Әуеліде оқ атты,
«Дәл жүректің басы, – деп,–
Өлер жерің – осы», – деп.
Атып еді бұл қалмақ,
Атқан оғы өтпеді,
Етіне оғы жетпеді.
Бір атқанда үш атты,
Үш оқты бірден босатты.
Өзіне кезек берген соң,
Өз кезегі келген соң,
Құттықия оқ атты:
«Қалмақ ердің қасы, – деп, –
Қақ жүректің басы, – деп, –
Өлер жерің – осы», – деп.
Бір атқан оғы өтпеді,
Етіне таман жетпеді.
Құттықия тебінді,
Жалмауыздай емінді,
Атқан оғы өтпеді.
Өтпей қалса қиын-ды,
Сол уақыт болғанда,
Бабасына сиынды.
Сонда Құттықия сөз сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Өлдің, қалмақ, сен, – деді, –
Атыңның басын тарт, – деді, –
Жолдасыңа қайт, – деді, –
Арызыңды, бар да, айт, – деді.

Сонда қалмақ сөйледі.
Сөйлегенде бүй деді:
– Ата бер, ноғай, сен, – деді, –
Жасқанбаймын мен, – деді.

Сол мезгілде Құттықия
Толайына қол салды,
Аз ғана емес, мол салды,
«Атамын», – деп оқталды.
«Қалмақ ердің қасы, – деп, –
Қақ жүректің басы, – деп, –
Жан денесі осы», – деп,
Тартты батыр қол оқты,
Жұмсады батыр болатты.

Қалмақтан оғы өтеді,
Денеден өтіп кетеді.
Ар жағында бір төбе,
Тостағандай төңкеріп
Ол төбені кетеді.

Алыстан тұрып шаң көрді,
Шаң көрген соң,
Қалмақ таң көрді.
Келе жатқан шаң астында
Жалғыз жан көрді.
Жақындап қалмақ келген соң,
Қарсы шапты алдынан.
Отыз кісі бұл қалмақ
Тұра қалды қамалап.

Сонда Құттықия сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Қалмақ деген ел, – деді,
Еркек туған ер болсаң,
Жекпе-жекке кел, – деді.

Тыңдамады сөзін де,
Қарамады қалмақ өзіне,
Жабылып кетті қалмақтар,
Бес күн ұдайы соғысты.
Қалмақтар қашып барады,
Жан-жағына тарады.
Оны шауып алған соң,
Қалаға жүрді жетерге,
Барып қайрат етерге.
Қаласы, келсе, тау екен,
Мықты қалмақ жау екен.
Бұрын қашып ноғайдан,
Қорғалаған жері осы екен.
Ақташы деген қалмақтың,
Ноғайдан қашып, заңғардың
Қорғалаған жері еді.
Сексен аршын қаласы,
Мықтылығы сол еді.
Дарбазасы бек алтау
Шынжырлаған бар еді.
Бір арба ғана сыйғандай
Аузы оның тар еді.

Келсе, Ақташы хан дарбазасын бекітіп алып, Құттықияны кіргізбейді.

Құттықия жүрді кіре алмай,
Есігін тауып, жүре алмай.
Үшінші күні болғанда,
Күн тал түске толғанда,
Құттықия сөйледі:
– Қалмақтың көрдім қаласын,
Кетемін бе далаға,
Кіре алмай осы қалаға?
Бұны нешік етем, – деп,
Кіре алмай қалай кетем? – деп,
Дарбазаға ер келді.
Балтамен ұрды қылышын,
Ердің шықты дыбысы.
Бұзайын деп есікті
Суырып алды қол оқты,
Жұмсады батыр болатты.
Шауып, бұзып алады,
Тақтайды бұзып, ашқан соң,
Ордаға келді тебініп,
Жалмауыздай емініп.
Ханға Құттықияның айтқаны:
– Біздің дінге көн, – деді, –
Келіп тұрмын мен, – деді.

Сонда Ақташы сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Тыңдамаймын сөзіңді,
Оямын екі көзіңді.
Енді, ноғай, өлесің,
Өлімді жақын көресің,
Біз – байтақ жатқан ел, – деді.

Ақташы хан ақырды,
Артында көбін шақырды.
Үш қатар қамап алады,
Ортада батыр қалады.

Құттықия сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Астымда мінген Тарланым,
Шабыстан, шіркін, танбадың.
Сендер – қарға, мен – сұңқар.
Ақ сұңқар мен қарғасың,
Білмеймісің қалмақтың
Құтылмай енді қалмасын?
Қанатым қақпай қу алғам,
Нешелер қалмақ суалған.
Ақташыдай хандарым,
Алармын сенің қалаңды,
Көрермін, қалмақ, шамаңды.

Қалмаққа салды ойынды,
Басқасын жеңіп болған соң,
Ақташыдай хандарға
Сонда сөйлей бастады:
– Ақташыдай хандарым,
Құмарлы қалмақ, кел, – деді,
Ұрысамын мен, – деді.
Қарсы шапты: «Жетем, – деп,
«Ұрыспай неге кетем?» – деп.
Бесеу екен баласы,
Қалмақтың шапты қаласын.
Үш күн ұдайы алысып,
Қалмақтың көрді шамасын.
Қалмақты жеңіп алып,
Құттықия еліне келеді.

ЕР ЕДІГЕ

Тоқтамыс деген хан болған, өзі қаһарлы хан еді. Оның Қуқанат деген жақсы құсы бар еді. Оны жеті кісі бағып-қағатын. Біреуі құсқа жем берген кезде, оны біреуі: «Бір жамандық істемесін», – деп аңдып отыратын. Осылайша жеті кісі бірін-бірі аңдушы еді.
Алдыңғы жем беріп жүрген біреу өліп қалды, сосын оның орнына Тоқтамыс хан: «Осы ноғайдың ішінен біреуді тауып беріңдер, – деп бұйрық берді. – Өзі құсыма жем беріп, жақсы бағатын кісі болсын!» – дейді.
Үш жаққа үш адам жіберді, біреуі де тауып келе алмады.
Тоқтамыс хан:
– Енді ноғайда адам жоқ па? – дегенде, біреуі тұрып айтты:
– Бір адам бар еді, оған айтуға бетіміз шыдамады, – деді.
– Кім? – деп сұрайды.
– Құттықия – деген бір бала. Өзі жапанда жалғыз отыр, өзінің жалғыз қарасы жоқ. Өзі хан баласы болған соң, оған: «Сен құс бағасың ба?» – деп айтуға бетіміз шыдамады, – деді.
Сонда Тоқтамыс хан:
– Бар айтыңдар, – дегесін келіп, Құттықияға айтқанда, Құттықия айтты:
– Менің жалғыздығым мен жарлылығым ғой – «Құс бақ!» дегендерің. Шара жоқ, халім келгенше бағармын, артыңнан көшіп барармын, – деді.
Сонда Тоқтамыс ханның жіберген кісілері: «Құттықия осылай деп айтады», – деп айтып келді. Тоқтамыс хан айтты:
– Қанша болса да, хан баласы еді ғой, шарбақты тазалаңыз, сонда келіп қонсын.
Тоқтамыс хан ол құсты далаға терекке отырғызып, оның басына ұялатып, жұмыртқалататын еді. Құттықия көшті де, тап сол теректің қасына қонып отырды, ханның шарбағына қонбады.
Сонда Сәтемір деген бір қалмақ бар еді, ол Құттықияның әкесі Парпариямен дос болған. Құттықия Қуқанаттың қасына келіп отырғасын, Сәтемір оны естіп, Құттықияға бір кемпір жібереді:
– Бір балапанын маған беріп жіберсін, – дейді.
Құттықия оны адамға көрсетпеді, беріп жіберер үшін. Құсқа жем берейін деп шыққанда, қасындағы басқа бағушылар: «Бір жамандық істемесін», – деп, оның үстін қарап жіберетін еді, бір жамандық істемесін деп. Басындағы телпегінің төбесіне бір тауықтың жұмыртқасын салып барып, оны ауыстырып алып келіп, кемпірге: «Жасырын Сәтемірге бер», – деп жібереді. Телпектің төбесі содан шұқыр болып қалған деседі. Бір күндері Тоқтамыс ханның әр елге жіберіп тұратын жансыздары бар еді, сонда Сәтемір ханның еліне барған бір жансыз Сәтемірдің үйінде Қуқанатты көріп келіп, Тоқтамысқа айтады:
– Мен Сәтемірдің үйінде Қуқанат құс көрдім, – дейді.
Сонда Тоқтамыс:
– Алда, қан жауғыр-ай, Сәтемір хан Парпарияның досы еді, оны мына Құттықия беріп жіберген екен ғой. Бар, Құттықияны мұнда шақырыңыз, – деді.
Тоқтамыс ханның алмасы өзі отырған төсегінің астында тұрады екен. Сонда Құттықия үйге кірісімен, еш нәрсе айтпастан, басын кесіп тастапты. Сосын Құттықияның үйіне кісі жіберіп:
– Бар, тез біліп келіңіз, үйінде қатыны буаз ба екен? – деп. Барған кісілер айтып келді:
– Қатыны буаз екен, – деп. Сосын Тоқтамыс екі кісіні қарауылға қойды:
– Баласы түскен кезде, ұл, қыз демей, осында алып келіңіз, – деп.
Бұл екі кісі: «Қатын қашан туар екен?» – деп, бағып жүрді. Сонда сол үйдің қасындағы бір үйде той болып жатыр еді. Сол той болған үйдің қара ала қаншығы буаз екен. Құттықияның қатыны толғатқан кезде, бағып жүрген екі кісі ана үйде тойда отырғанда, Құттықияның қатыны баласын тауып, бір адамнан «Жылқыбайдың үйінің сыртына апарып таста», – деп, беріп жіберіп, өзі той болып жатқан үйдің қара ала қаншығының күшігін әкеліп, астына сала салды. Оны аңдып жүрген екі адам білмей қалады.
Сосын қатынның қасындағы күшік баласын Тоқтамыс ханға әкеліп береді. Тоқтамыс: «Құдайдың құдіреті», – деді де, отыра берді.
Бір күні Жылқыбай далаға шықса, сыртта бір бала жылап жатыр екен. Оны үйіне әкеліп қараса, ұл бала екен. Қатынына айтты:
– Осы баланы емізіп, өз балаңмен бірге бақ. Бұны Құдай берді. Бұл – елден келген бала, сол үшін оның атын Едіге қоялық, – деді.
Тоқтамыс ханның ел қыдырып жүретін жансызы бар еді, бір күні сол далада ойнап жүрген Едігені көріп, Тоқтамысқа хабар береді.
– Мен Жылқыбайдың үйінде бір бала көрдім. Асылы Жылқыбайдың тұқымына біткен бала емес. Жауырыны қақпақтай, шекесі тоқпақтай, мойны құрықтай, көзі жанған оттай жайнаған.
Сонда Тоқтамыс айтты:
– Бар, Жылқыбайдың баласын мұнда алып кел! – деп.
Жылқыбайдың баласын алуға кісі келгенде, қатынына Жылқыбай сөйлей бастайды:

– Жас он бесте қосылған,
Қынадай белім шешілген.
Ибалықпен сөйлеп сөз,
Наздықпенен көсілген.
«Баласын алып келсін», – деп
Тоқтамыс хабар етіпті,
Ол тілеуі кесілген.
Тілімді алсаң, бәйбіше,
Хан баласы – Едіге,
Едігені бермейік,
Мұның бетін көрмейік,
Біздің бала не қылар?
Тек жинаған малға ие болар.
Тірі болса Едіге,
Дұшпаннан басып кек алар.
Едігеден айырылсақ,
Хан тұқымы жоғалар,
Тілімді алсаң, алғаным,
Едігені алып қалып,
Өз баламызды берейік.

Сонда бәйбіше мұңайды,
«Өлімге кетеді» дегесін,
Жалғыз туған баласы
Жыламай қалай шыдайды.
– Асыл бірдей алғаным,
Дүниенің білдім жалғанын.
Тоқтамыстай зұлымның
Басқа қайғы салғанын.
«Беремін» десең бер, – деді, –
Қайғыруға бола ма?
Жорға таңдап міндірші,
Торқа таңдап кидірші,
Мен мауқымды басайын,
Бір сағат маған сүйдірші.
Тоқтамыстай зұлымға
Барса бала келу жоқ,
Енді тірі көру жоқ.

Өксіп-өксіп жылайды,
Жыламай, қалай шыдайды?
Басайын деп бұл мауқын,
Бір сағат тұрып сүйеді.
Омырауын кемпір ашады,
«Жүрегім менің күйді», – деп,
Бауырына басады.
Бетінен сүйіп, егіліп,
Көзінің жасы төгіліп,
Кемпір сорлы бұл қалды,
Бала мінді атына.
Баласын ертіп қасына,
Тоқтамыс ханның үйіне
Жылқыбай келіп кіреді.
Суырып алды Тоқтамыс
Төсекте жатқан алмасты.
Сермей қалды басына-ай,
Басы түсті кесіліп,
Жылқыбайдың қасына-ай.
Етегіне бұл салып
Баласының басын-ай,
Төге берді Жылқыбай
Көзінің аққан жасын-ай.
Сонда тұрып Жылқыбай,
Тоқтамысқа сөйледі:
– Әй, Тоқтамыс, Тоқтамыс,
Құдай алсын басыңды,
Қысқартсын сенің жасыңды,
Иесіз ордаң бұл қалсын,
Қатының мен балаңыз
Екеуі де тұл қалсын!
Иесіз қалсын қалаңыз,
Мендей болып зар еңіреп,
Сақалың жуып жылаңыз.

Жылқыбай баласын құшақтап алып, жылаумен шығып кетеді.

Құшақтаумен баласын
Жылқыбай үйіне кетеді.
Атқа да мінбей, уайыммен,
Жаяу жүріп кетеді.
Қатыны келді қасына-ай,
Көзінің төгіп жасын-ай.
Ұстап тұрды Жылқыбай,
Жерге қоймай басын-ай.

Сонда кемпір сөйледі,
Сөйлегенде, не деді?
– Әй, Жылқыбай, Жылқыбай,
Ақылың болса, жылама,
Жылағанмен бола ма?
Өлген адам тұра ма,
Тоқтамыс дегеніңді қыла ма?
Қаншама жылап айтсаң да,
Тірілмейді өлгесін,
Тоқтамыс неге тірі жіберсін,
Белгілі жауын көргесін?
Өлгеніне қайғы етпе,
Ол қайғыдан пайда жоқ,
Өлімге қылар айла жоқ.
Жалғызы өліп зарлаған
Біздей сорлы қайда жоқ?
Қанша айтса да, келмейді,
Енді қайтып бала да.
Еш жас алма көзіңе,
Жылама босқа балаға.
Өзің алып барғасын,
Өлтірсін деп бәлеге.
Тәуекел ет те, көре бер,
Ісіне Ақтың көне бер.
Жалғыз туған балаңды
Қонысына қондыр да,
Тәуекел етіп жүре бер.

Жылқыбай көзі көреді,
Жалғыз туған баланы
Ақырда жерге көмеді.
Қайтып елге келгесін,
Ұйқысын шала қылмасқа
Едігені бағады.
– Айналайын, Едіге,
Қарағым, көтер басыңды,
Тұрып-ай, ішші асыңды.
Қашан тыям, қарағым,
Көзімнен аққан жасымды?
Бұл ордада кім қалды,
Жасы жетіп қуарған?
Мен секілді шал қалды.
Мынадай бір пәле тап болып,
Қарағым, тұршы, Едіге,
Мен отырмын қасыңда,
Асыл туған ер, – деді,–
Иесіз дәулет бұл қалды,
Адыра болып ақ орда,
Иесіз болып, тұл қалды.
Бұл орданың ішінде
Екі қубас бұл қалды.
Ие болып кім қалар
Иесіз қалған қараға?

Сонда Едіге тұрып, Жылқыбайдың қолынан ұстап алып жүре берді:
– Ата, бері жүрші, – деп. Шығып алғасын далаға:
– Ата, сіз: «Малым иесіз қалады», – дейсіз. Мен сенен туған бала емес пе едім? Мен тірі тұрғанда, неге иесіз қалады дейсіз? – деді.
Сонда Жылқыбай тұрып толғады:

– Арғы атаңды айтайын:
Ала тайлы Аңшыбай,
Аңшыбайдың екі қатыны –
Артық еді ақылы.
Ол да жалғыз өскен жан еді,
Жоқ еді туған жақыны.
Екі әйелден, қарағым,
Екі бала бұл туды.
Баба түкті Шашты Әзіз
Екі бірдей ұл туды.
Біреуінен бала жоқ,
Біреуінен туғаны
Парпария деген ұл болды.
Парпариядан, қарағым,
Құттықия деген бұл туды.
Ол Құттықияны қарасаң,
Жарлы болып бұл кедей,
Хандығынан айырылып,
Отырып еді жалғыз үй.
Қуқанат еді баққаны.
Бақташысы өлгесін,
Қуқанаттың қасына
Қондырды Құттықия – әкеңді,
Сол уақытта сен өзің
Іште қалған бала едің.
Қуқанатты баққанда
Қалмақтың ханы Сәтемір
Жіберген екен бір кемпір.
Парпарияның досы еді.
«Баққаны болса Қуқанат,
Бір балапан берсін», – деп,
Бұл кемпірді жіберді
Балапанды аларға.

Сонда жеті кісі бірін-бірі бағып жүруші еді. Сонда Құттықия төбесі шошақ телпектің астына бір тауықтың жұмыртқасын көрсетпей алып шығып, Қуқанаттың бір жұмыртқасын алып, әлгі жеті кісіге көрсетпей, кемпірге беріп жібереді: «Сәтемірге апарып бер», – деп. Сонда Тоқтамыс ханның бір жансызы бар еді. Сол ел аралап жүргенде Сәтемірдің үйіндегі Қуқанатты көріп, келіп Тоқтамысқа келіп айтады:
– Мен Сәтемірдің үйінен Қуқанатты көрдім, – деп. Сосын Тоқтамыс:
– Қап! Сәтемірдің досы еді Парпария. Оған Құттықия берген екен, – деп, сол кезде Құттықияны шақыртып, басын кеседі. Сосын үйінде қалған буаз қатынына екі кісі қарауылға қойып: «Қыз туса да, ұл туса да алып кел», – деп жібереді.
Сонда Құттықияның қасындағы бір үйде той болады және сол той болып жатқан үйдің бір қара ала қаншығы да буаз екен. Әлгі қатынды бақтырып қойған екі қарауыл қасындағы үйдегі тойға кеткенде, қатын толғатады. Сонда әлгі қаншық та туады. Сонда қатын туа сала екі қарауылға көрсетпей, баласын бір адамға беріп: «Соны Жылқыбайдың үйінің сыртына апарып тастаңдар», – дейді. Сосын өзі әлгі қара ала қаншықтың күшіктерін алып келіп жатады. Сонда сені даладан тауып алып: «Елден келді», – деп, атыңды Едіге қойдық. Сені өз баламызбен бірге емізіп, асырадық.
Сосын бір күндері болғанда Тоқтамыстың жансызы далада асық ойнап жүргеніңді көріп, оны Тоқтамысқа айтып, содан сені Тоқтамыс: «Алып келіңдер», – деп, кісі жібереді. Сонда мен сені өлтіруге қимадым, хан баласы болған соң: «Хан тұқымы таусылар», – деп сыйладым. Оның орнына өзімнің жалғыз баламды бердім. Оны да Тоқтамыс хан өлтірді. Оның орнында қалған қазір сен, – деді.

«Ие болсын, – деп, – қараға»,
Тоқтамыстай залымнан
Сөйтіп қалдым пәлеге, – деді.

Сонда Едіге Жылқыбайға: – Баймын дейсің ғой, кәне, жылқыңды әкел, көрейін, – деді.
Жылқысы жиналып келгенде: – Жылқың көп болғанымен, мұның ішінде мінетіні жоқ екен, – деді Едіге. – Маған басқа жылқы тауып беріңіз, – деді.
Сондағы бір жарлының бір шұбары бар екен «Екі жылқыға ауыстырам» деп жүрген. Жылқыбай оған екі жылқы беріп, алып, Едігеге береді. Едіге: «Осы жарайды», – деп мініп алады шұбарға.
Сол заманда Тоқтамыстың қырық нөкері бар еді. Күнде кешкі салқынмен аңға шығатын, аңнан келіп күнде Тоқтамыстың бағына түсетін нөкерлер. Сонда Едіге де Тоқтамыстың қырық нөкерімен бірге аңда жүріп, олар қайтқанда, солармен бірге Тоқтамыстың бағына барып түседі екен. Ол қырық кісінің біреуі Аңғысын деген кісі еді. Едіге мен Аңғысын екеуі құшақтасып, қияметтік дос болады. Ханның нөкерлері, түс болғанда отырып, шарап ішетін еді. Бір күні Едігені Аңғысын: «Шарап ішейік», – деп шақырды.
Едіге: «Ішіп жүрсіз ғой, іше беріңіз», – деп бармайды.
Сонда қырық кісі шарап ішіп кеткесін, Тоқтамыс ханның қатыны қасына барып отырғанда, Едіге кіріп келіп:
– Ассалаумағалайкүм, – дегенде, Тоқтамыс селк ете түсті. Сонсын қатыны үйіне барып, қара сиырды сауып, сүтін қатық қылып ұйытады. Бір тостағанға ұйытып, қатықтың үстіне қасық салады да, ішіне ұқсатып тұрып сиеді де:
– Соңғы кеткен жігітке осы қатықты апарып бер, – деді.
Едіге қатықты алып, ішіндегі қасығымен төртке бөліп, қақ ортасынан ішеді. Ішіп болған соң:
– Мына аяқты иесіне апарып бер, – деп, қатықты апарған кісіге береді. «Қатығы тәтті, иісі ескі деп апарып бер», – деді.
Сонда қатын ойлады: «Алда, қан жауғыр-ай: «Менен үлкен болып кетті, маған тең емес» дегені ғой, жаңағы қатықты төртке бөлгені «Еліңнің мына жағынан кіріп, мына жағынан шығам» дегені екен, ортасын ойып ішкені «Ордаңды бұзып алам» дегені екен.
Сосын тағы Тоқтамыс хан келіп отырғанда, қатыны және қасына келіп отырады. Сонда Тоқтамыс ханға:
– Сіз осы соңғы келген жігіттен қорқасыз-ау? – дейді.
Сонда Тоқтамыс:
– Атаңа нәлет, «қатын – дұшпан» деген ғой. Жер-жердегі хан біткен маған басын ұрып, еңкеймей кетпейді. Енді маған: «Өзімнің қызметкерімнен қорқады» деп айтып тұрғанын қарашы, – деп, қатынды өлгенше сабайды. Сосын қатыны үйге барып, бір тебен инені ұстаға апарып: «Қатты сүріп берсін», – деді. Сонда ол ұста қатты сүріп береді. Едіге келетін уақытта қатыны тебен инені алып, Тоқтамыстың қасына тағы келіп отырады да, жаңағы тебен инені Тоқтамыстың киімінің астындағы төсегіне түйреді де, қасына етегін баса отырды. Сонда Едіге келіп:
– Ассалаумағалайкүм! – дегенде, Тоқтамыс хан селк ете кеткенде, тебен ине шарт ете түсті. Едіге кеткесін Тоқтамыс ханға қатыны айтты:
– Қорықтың ба, қорықпадың ба? Мына инені қарашы, – деді. Сонда Тоқтамыс хан енді шошығанын біледі.
Тоқтамыстың Сыпыра жырау деген жыршысы, Кеңестің ұлы Кең Жанбай деген бар еді. Тоқтамыс Едігеден басқаның бәрін жинап:
– Осы Едігені өлтірейін. Соны қалай өлтіру керек? – деп кеңес құрады.
Жанбай би тұрып айтты:
– Жиырма үй тіктіріп, үлкен той қыл. Сонда Едігеге табақ тарттыр және Едіге табақ тартқанда, сол үйдегі кісілердің бәрі де Едігеге асатсын, қымыз бергенде, қымыздың сарқытын Едігеге ішкізсін. Сосын ең шеттегі үйге Сыпыра жырауды қой, Сыпыра жырауға барғанда: «Мен сені танымаймын. Қай баласың?» – деп сұрасын. Едіге ер болса, қорықпай, ата-бабасын айтар. Қорықса, айтпас. Қорықпай айтса, өлтіру керек. Қорқып жасырса, өлтірмесе де, еш нәрсе ете қоймас. Және сол үйдің есігінің екі жағына екі адам қою керек, екеуіне екі пышақ беріп. Олар Едіге есіктен шығам дегенде, ішін жарып өлтірсін, – деді.
Тоқтамыс хан Жанбай бидің бұл сөзіне «мақұл» деді, жиырма үй тігіп, той жасады. «Сол тойды жасайын» деп әңгімелескенде, Аңғысын ішінде бар еді.
Сосын Аңғысын оны Едігеге келіп:
– Енді қызық болды, – деді. – Енді тез үйге бар да, бір мықты семіз нарыңды сой, – деді. – Оның мойнын бітеу ал, – деді. – Сосын оның бір жағын тастай қылып тіктір, екі бұрышына жіп тағып, бір шетін ышқырыңа, бір жағын тамағыңа байла. Тамағыңның астындағы шеті ашық болсын, сонда торсықтай болсын, ішің қабақтай болсын, – деді.
Сонда Едіге торсықты байлап алып, табақ тартуға шықты. Отырған жұрт әрқайсысы Едігеге «асату», – деп ет берсе, Едіге оны асамайды, торсығына сала береді көрсетпей. Сонсын екі шеткі үйге барып, табақ тартқанда, Сыпыра жырау сол үйде еді. Сонда Аңғысын да тойға келген жігіттердің атының үзеңгісінің оң жағын қиып қойып еді, басса, үзіліп кеткендей қылып. Шеттегі үйге келгенде, Сыпыра жырау Едігеден сұрай бастады:

– Жасы жеткен қартыңбыз,
Біз бір үлкен болған жан – деді. –
Табақ тартқан жас бала,
Аты-жөнің кім,
Танымай тұрмын мен, – деді, –
Меңзетемін біреуге, – деді.

Сонда Едіге тұрып сөйледі:

– Атам атын сұрасаң,
Ала тайлы Аңшыбай.
Баба түкті Шашты Әзіз –
Аңшыбайдың баласы.
Шашты Әзіздің баласы
Парпария сұлтан хан еді.
Өз әкемді сұрасаң,
Құттықия бек еді,
Өзім атым – Едіге, –

деп айтып жатқанда, Аңғысын жүгіріп келіп, есіктің алдында, ат үстінде тұрып, Едігеге сөйлей бастады:

– Менің атым – Аңғысын,
Аңдашы сөзім соңғысын,
«Едігедей ер», – деді, –
Ажал жетті, тез», – деді, –
Келтірдім алып Шұбарды.
Жер болғанда жапыра,
Екі алмақты алуға,
Сіздерге тұр салуға,
Тәуекел Ақтың ісі еді,
Өлмей жаның қалуға.
Кідірме, батыр, сен, – деді, –
Әзірледім мен, – деді, –
Жылдам шығып кел, – деді.

Сонда Едіге үйден шыға жүгіргенде, есіктің екі жағында тұрған екі кісі Едігеге пышақты салып қалғанда, манағы жинаған еттер шашылып қалады.

«Ішін жарып салдық, – деп, –
Өлтіріп мұны қалдық», – деп,
Есіктегі екі адам кейін шегінеді.
Атқа мініп алады,
Аңғысын мен Едіге
Шаһардан шығып барады.

Едіге мен Аңғысын қаша жөнелгенде, қуамын дегендердің оң жақ үзеңгісі қиылып, қуа алмай қалады. Сонда Тоқтамыс хан Сыпыра жырау мен Жанбай биді шақыртып алады: «Едігені қалай да маған ұстап әкеліп беріңдер», – деді. Сонан соң Сыпыра жырау мен Жанбай би Едігеге келіп сөйлейді:

– Едіге сұлтан ер, – деді, –
Артыңнан келдім мен, – деді. –
Кідірші батыр, сен, – деді, –
Тоқтамыстай залымды
Түсіріп тақтан қояйық.
Тоқтамыстай залымның
Басын кесіп алайық,
Жоқ қылып оны, жояйық,
Орнына сізді қояйық.
Қайта жүрші қалаға,
Кетпе, – деді, – далаға.
Талайды көрген бабаңмын,
Ашуыңды, Едіге,
Тілей келдім мен, – деді,–
Қайта жүрші сен, – деді, –
Жасы жеткен бабаңыз
Бір тілегін бер, – деді.

Содан кейін Кеңестің ұлы Кең Жанбай сөйлей бастады:

– Әй, Аңғысын, Аңғысын,
Хан баласын қаңғыртып,
Енді қайда барасың?
Кетірме мұны далаға,
Қайта алып жүр қалаға.
Қатын мен қалды балаңыз,
Іні мен қалды ағаңыз,
Ата мен қалды апаңыз.
Тоқтамыс кетсін далаға,
Тұрғызбалық қалаға.
Шақырып келдік біз, – деді, –
Қалаға қайтшы сіз, – деді.

Сонда Едіге сөйлей бастады:

– Кеңестің ұлы Кең Жанбай,
Ақылың жоқ, боқ Жанбай,
Тыңдамаймын сөзіңді,
Алма менің мазамды.
Енді жауап сөйлесең,
Тарттырамын жазаңды,
Жеткізермін қазаңды.
Оярмын сенің көзіңді,
Өлтіремін өзіңді.
Тыңда менің сөзімді,
Сыпыра жырау, сен, – деді, –
Екеуің де кейін қайт,
Енді кейін қайтпасаң,
Екеуіңді де өлтірем.
Мен кетермін, кетермін,
Сәтемірдей қалмақтың
Еліне іздеп жетермін,
Сәтемірдің елінде
Шұбарды үш ай бағармын.
Осы отырған қалаңды
Талқан қылып шабармын.
Тоқтамыстай ханыңның
Ордада басын алармын.
Үш ай – тоқсан күн болғанда,
Осы ордаға жетермін,
Келерде хабар етермін.

Едіге Сәтемірдің еліне барып, үш ай – тоқсан күн болғанша Көкшұбарды бағып жатады.

Үш ай – тоқсан күн болғасын,
Аңғысынды ертіп,
Едіге елге қарай салады.

Сонда Сәтемір хан Едігеге: – Әскер берейін, ал, – деп еді. Едіге: – Әскердің керегі жоқ, мен өзім он ноғайға теңмін, – деді, – әскер алып қасыма, бүлдірмеймін ноғайды, – деп, ешкім алмайды қасына. Елге үш күндік жер қалғанда, алдынан Аңғысынды жібереді.
– Тоқтамысқа хабар бер. Ел-жұртын жинасын, босаң болып тұрмасын. Үшінші күні сәске болғанда жетермін, – деді.
Аңғысын Тоқтамысқа келіп сөйлей бастады:

– Ей, Тоқтамыс, Тоқтамыс,
Едіге ерің келеді,
Жолдас едім мен, – деді.
Қол астыңды жинашы,
Бейқам болып тұрмашы,
Хабарға келдім мен, – деді, –
Үш күннен соң келеді
Едігедей ер, – деді,–
Шабайын деп қалаңды,
Көрейін деп әліңді,
Берейін деп саған өлімді.
Тез бар, – деді, – сіздерге,
Хабар айт, – деп, – сіздерге.
Айттым хабар мен, – деді, –
Ендігісін өзің біл,
Тоқтамыс хан, сен, – деді.

Аңғысын қайтып келеді,
Едігеге жетеді,
Келіп, хабар етеді.
Тоқтамыс салды хабарды,
Ноғайға: «Кел! – деп бұйырды, –
Едігедей ерменен ұрысуға ер!» – деді.
Тоқтамыстың сөзіне
Жалғыз ноғай ермеді,
Бір адам еріп жүрмеді.
Тоқтамыс жаман торықты.
Келмегесін бір адам
Өте жаман қорықты.
Желмаяны алдырып,
Кетер болды Тоқтамыс,
«Тұрмаспын, – деп, – қалаға»,
Кетер болды далаға.
Қатын менен балаға
Тоқтамыс болды садаға.
Өрге қарап жөнелді,
Тоқтамыс қашып далаға.
Әрбір жерге барады,
Бір тоғайға тап болып,
Тоқтамыс хан қалады.
Түйеде кісі көрінбес
Сондай қалың ну еді.
Тоқтамыс хан ойлады:
«Қаша беріп не етем? – деп, –
Осы жерге қорғалап,
Жан айласын етем», – деп.

Сонда бір қызғыш құс тап болып, жұмыртқалап жатыр екен. Қасында адам жатқанын көргесін, қызғыш құс шырылдап түйілді. Сонда Алланың қаһарымен гулеген қызыл жел қаптады.
Едіге Тоқтамыс ханның еліне келсе, Тоқтамыс хан қашып кеткен екен. Артынан қуып жетеді. Сонда желден шалғын жапырылғанда, Тоқтамыстың айтқан сөзі:

– Гулеме, желім, гулеме,
Алладан үкім келсе, тынарсың.
Жапырылма, көк шалғын,
Еліміздің ажары
Баса қонса, сынарсың.
Әй, қызғыш құс, қызғыш құс,
Отыңды оттап, суыңды іш.
Сені көлден айырған –
Қаршыға құстың екпіні.
Мені елден айырған –
Едігенің секпілі.
Едіге де ержетті,
Қатын менен баланы
Бір көрсетпей шөлдетті.
Бір тоғайдың ішінде
Қара жерге көлбетті.
Енді болды өлгенім,
Едігенің мен білдім
Жатқанда бағып көргенін.

Едіге Тоқтамыстың артынан қуып жетіп айтқаны:

– Тоқтамыс хан, сен, – деді, –
Артыңнан келдім мен, – деді. –
Құттықия бабамды
Өлтіргенің шын ба еді,
Бір торғайдың құны үшін?
Жылқыбайдың өлтірдің
Мен үшін жалғыз баласын,
Тастап иесіз қарасын.
Екі адамнан артық көрдің бе,
Бір торғайдың баласын?

Сонда Тоқтамыс сөйледі:

– Басымда бақыт тұрғанда,
«Кетпес», – деп едім дүниеден.
Басыма қонған бағымнан,
Айырдың менің тағымнан.
Қулықтан туған құлаша
Ат боларын білмедім,
Жетектеп алып кетерге.
Тумадан туған сұм бала
Ер боларын білмедім,
Жөргегіңде кесерге.
Бұл дүниеден мен болдым
Енді шығып кетерге.
Елім кетіп, танғаным,
Дүниенің білдім жалғанын.
Қатын-балам – аманат,
Енді кетіп қалғаным.

Едіге алмаспен Тоқтамыстың басын кесіп алып, сақалынан қанжығаға байлап, елге қайтады.

Жетейін деп еліне
Ата-анасын көруге.

«Тоқтамысты Едіге қуып кетті» деген соң, Жылқыбай мен қатыны бір төбенің басынан түспей отырған екен. Жеті күн бойы:«Едігежан не етер екен? Қандай күнді көрер екен?» – деп, үйінен тамақ та татпаған екен.

«Едігежан не етер, – деп, –
Қандай күнді көрер?» – деп,
Ол төбенің басында
Екеуі жылап, қақсаған.
Көзінің жасын тыя алмай,
Жылап тұрды-ау, қия алмай.
Қасына келіп отырды
Өзінің туған анасы.
Ол да не қып шыдасын,
Ішінен шыққан жалғыз баласы?

Сонда төбенің басында отырған Жылқыбайға келіп, Едіге Тоқтамыстың басын лақтырды. Жылқыбайдың жанына өзінің туған шешесі де келіп тұрған болатын. Сонда Тоқтамыстың басын етегіне салып тұрып, Жылқыбай былай сөйледі:

– Артық едің, асылым,
Ертеден сені алғаным,
Жалғызың бүгін тірілді.
Едігені бере алмай,
Бүтін алып қалғаным.
Ризамын Құдайға,
Едігені бергесін,
Басын алып жалғыздың,
Едіге алып келгесін,
Ризамын Аллаға!
Бүгінгі күн осылай
Тыңдашы менің сөзімді,
Бас қосып жастан алғаным,
Болар ма менің арманым?
Едігедей сұңқарым,
Келіп қондың, қарағым,
Ақ сұңқарым, қолыма.
«Осылай қайрат етер», – деп,
Кіріп еді ойыма.
Едігедей қарағым,
Тоғыз ай, он күн көтерген
Мынау тұрған анаңыз.
Ембесең де, көріңіз,
Анаңа жауап беріңіз.
Ризамын мен саған,
Шешеңізге еріңіз.

Сонда өзінің шешесі сөйлей бастады:

– Едіге деген ер, – деді, –
Құлағың сал, Едіге,
Бір тұқым едің сен, – деді. –
Жерге түскен бойыңда
Емізбедің мамаңды.
Тоқтамыстай залымның
Пиғылы оның жаман-ды.
Жіберіп едім сыртына
Жылқыбайдың мен, – деді, –
Жаның аман қалды енді.
Жылқыбайдың үйіне
Отын алып, от жағып,
Менен туған бала болсаң,
Жылқыбайды бағып жүр
Өлгеніңше сен, – деді, –
Бала емессің, шырағым,
Жылқыбайды бақпасаң.
«Балам», – демен мен, – деді,–
Атаға тартып тумасаң,
Атаның жолын қумасаң.
Атаңа тартып сен тусаң,
Жылқыбайды бағарсың.
Не құлқын ойлап табарсың,
Сүтін берген мынау, қарасаң.
Елік сүтін емген соң,
Көзіңді ашып, қарағым,
Жылқыбайды көрген соң.

Сонда Едіге сөйледі,
Сөйлегенде, не деді?
– Асыл туған Жылқыбай,
Артық еді бабамыз,
«Келмеді», – деп жылайсыз,
Перзент жалғыз балаңыз.
Балаңды берсең мен үшін,
Сүрегі біткен күніңіз.
Айтатұғын сөзім бар,
Жылқыбай, ойлап біліңіз.
Тоқтамыстың орнына
Хан етіп сені қоямын.
Тоқтамыстай хандардың
Қызын алып беремін.
Бетіңе біреу қараса,
Басын кесіп, жоямын,
Тұқымын құртып қоямын.
Өлгенімше бағармын,
Екеуіңнің құлқыңды,
Тірі жүрсем, табармын,
Назарым саған салармын.
Қараған дұшпан бар болса,
Басын кесіп, жоярмын.
Ағайын, туған, халқымен
Тұқымын құртып қоярмын.

Едіге Жылқыбайға Тоқтамыс ханның үлкен қызын алып беріп,оны хан етіп, таққа отырғызады. Ол әйелі екі бала туады. Бірінің есімі – Сұлтан, бірінің есімі – Меңді.

Тоқтамыстың қызынан
Екі ұл туды, қарашы.
Сексен жасқа келгенде,
Балалы болды, шамасы,
Ешкімнің жоқ Алланың
Еткен ісіне шарасы.

Сонда Едіге бұрын атқа мініп, тауға шықпаған еді:

Едіге атқа мінгенде,
Қалмақ деген ел еді,
Ханқожа деген қалмақ бар еді,
Абығай дейтін баласы бар,
Тоғалай дейтін ері бар.

Едіге Ханқожаның еліне бармақ болып, сапарға шықты. Қасына екі жүз кісі әскер алды. Ол күнде Ащыбас шат деген жер еді. Ол – қалмақтың тұрған жері. Сонда Ханқожаның баласы – Абығай мен ері – Тоғалай: «Ноғай келеді» деген соң, екі мың кісі әскермен оған қарсы аттанады. Сонда екі жақтың әскері бір-біріне қарсы келеді.
Сонда Абығай:

– Аттанған ноғай ел, – деді, –
Қалмақ едім мен, – деді, –
Мекен еткен қашаннан
Мынау – біздің жер, – деді,–
Аз ғана ноғай – сен, – деді, –
Көп қалмақпын – мен, – деді, –
Қонысымда тұрғанмын,
Сен секілді ноғайды
Қашаннан-ақ алғанмын.
Енді болар, ноғайым,
Кеудеңде сенің арманың.

Сонда Едіге сөйледі:
– Қалмақ едің – сен, – деді, –
Ноғай едім – мен, – деді, –
Ноғайға көзің салғаның,
Бар ма еді бұрын-соңды
Ноғайды шауып, жесір алғаның?
Енді болар, Абығай,
Өлгеннен соң арманың.
Алмасам сенің еліңді!
Тыңда мені, ит қалмақ,
Менің айтқан кебімді.
Өзіме қоныс қылармын
Сен отырған жеріңді.

Сонда Абығай сөйледі:
– Аттандырдым мың кісі
«Алсын, – деп, – сенің қолыңды»,
Көруге, ноғай, шамаңды.
Сен өзің қандай ел едің,
Менімен қалай тең едің?
Көрмеп пе едің бұрын сен
Біздей қалмақ баласын?
Қайратыңның көрдің бе,
Сен ұрысып шамасын?
Қайратыңа мақтанба,
Алсаң, алып жүрген шығарсың
Аз ғана қалмақ баласын.
Тоғалайдай еріміз,
Кеткен жоқ жауға кегіміз,
Тыңда айтқан кебіміз.
Басылды ма, ноғайлы,
Кеудеңдегі жараңыз?
Бізге бағын болады
Астана мекен қылған жеріңіз.
Біздің дінге кіреді
Сіздің ноғай еліңіз.

Сонда Едігенің айтқан сөзі:
– Біз ноғай деген ел едік,
Ежелден жатқан ер едік.
«Қалмақты көрсек, алармыз
Талқан қылып», – деп едік.
Аз ғана кісі қолымыз,
Болушы еді жолымыз.
Сен секілді қалмақтың
Болушы еді теңіміз.
Әлі бар ма, қалмағым,
«Алдырман» деген ойыңыз?
Соғысалық енді біз,
Әңгімені қойыңыз.

Едіге енді қарады,
«Алла!» – деп ұран салады.
Екі жүз кісі қолменен
Едіге кіріп барады.
Екі мың кісі қалмақпен
Екі жүз кісі салысты.
Неше күндей ұрысып,
Қырғын болып қалысты.
Сол ұрыстың ішінде
Ханқожаның баласы
Абығайды өлтірді.
Қалмақ қашпай не қылсын?
Екі мың кісі қалмақтан
Бес жүздейі өліп қалады.
Бес жүз кісісі өлген соң,
Мың бес жүз кісі қалмағың –
Олар да қашып жөнелді.
Қашқан жауды қуа ма,
Бір қашқан кісі тұра ма?
Ханқожадай қалмаққа
Барып, хабар еткен соң,
Алды қашып жетеді,
Ханға хабар етеді.
Қалмақ сонда асарға
Босып қашып жөнелді,
Көрінбей жаудан қашарға.
Тоғалай деген қалмақтың
Астында мінген бозы еді,
Қорықпайтын батырдың өзі еді.
Тоғалай салды соғысты,
Қызылқұмның ішінде
Екі батыр тоғысты,
Екі күндей соғысты.
Тоғалайды өлтіріп,
Ханқожа кеткен жер еді.
Ханқожа қашты, тұра алмай,
Тұрғанымен не пайда,
Жер-қонысын қия алмай.
Әлі қашты Ханқожа,
Қара жерге сыя алмай.
Үш Бөкенбай жерлерден
Ханқожа асты кетерге,
«Жолықтым, – деп, – бекерге».
Ханқожаның қалдырды
Ноғайлыққа қаласын,
Асырып қатын-баласын.
Абығай мен Тоғалай –
Екі батырын өлтіріп,
Қалмақтың көрді шамасын.
Ханқожа қалмақ ер еді,
Кетпестен бұрын мың кісі
Ноғайлыққа аттандырып:
«Оған барыңыз», – деп еді.
Аттанған кісі мың болды,
Ноғайлыққа кететіні
Қалмағыңның шын болды.
Едіге қуды артынан,
«Ханқожаны қойман», – деп.
Оны қуып кеткенде,
Бөкенбайда жатқанда,
«Ноғайға қалмақ жетті, – деп, –
Елге әлек етті», – деп,
Едігедей ерлерге
Сонда хабар етеді.
Ердің көбі таныпты,
Бір жүзі өліп ноғайдың,
Сол сапарда қалыпты.
Ханқожаға жете алмай,
Артынан хабар еткесін,
Едігедей ер қайтты.
«Елге қалмақ жетер, – деп, –
Қашқанды қуып бұл жүрген
Жалғанынша бекер», – деп.
Жүз кісі әскер қасында,
Едіге жүріп келеді,
«Елге бүлік салар», – деп.
Ол қалмақтың бастығы –
Иманқара ер еді.
«Ол да – Ханқожаның
Бір баласы», – деп еді.
Аттанып қалмақ келгесін,
Едігедей ерлердің,
Таппасын ба ол қалмақ
Ерлердің жатқан жерлерін?
Шеттен келіп, тоғайдан
Қалмақ келіп, ел алды.
Ел алғанда, нені алды?
Едігедей ерлердің
Мекен еткен жерді алды.
Ішіне келіп сол жерде
Тоғанның елін шабады,
Қиырдан іздеп табады.

Қатыны жау қолында қалады. Иманқара елсіз жұртты шауып алады. Сонда қалмақтар Тоғанның қатынын айдап кетіп бара жатқанда, жесірдің үстіне Едіге жүз кісімен Ханқожаны тастай беріп, бұған келеді. Сонда қалмақтың ханын өлтіріп, төрт күн соғысып, жесірді айырып алады.

Едігедей ер еді,
Едіге тірі тұрғанда,
Жесірді қалай береді?

Айдаудан босаған Тоғанның қатыны – Мақпал сұлу Едігеге келіп, былай сөйлейді:

– Едіге сұлтан, ханымыз,
Кеудедегі жанымыз,
Артық туған бегіміз.
Сұлтаным жауға кеткесін,
Бүлінді қатты еліміз.
Жібектен тартқан ұзыннан
Кесілді мынау желіміз.
Жаяулық көрді басымыз,
Төгілді жерге жасымыз.
Есім кетіп мен деген,
Тек жаным қалды-ау, өлмеген.
Сұлтаным едің, Едіге,
Дүниеде жүзің көрмеген.
Біз секілді бейшара
Сыртыңнан жүріп шөлдеген.
Айырылдық туған баладан,
Жинаған дәулет, қарадан.
Әйел құрысын, ғаріп екен,
Әйел ерден айырылса,
Маңдайының соры екен.
Атаңа нәлет, ит қалмақ
Жаяу айдап, бұл қуды,
Басымызға күн туды.
Атаңа нәлет, ит қалмақ
Көлікке де мінгізбей,
«Өлтіремін мен», – деді.
Ұрады бізді қамшылап,
Ризамын Құдайға!
Едіге сұлтан, келдің бе?
Едіге сұлтан, ер, – деді, –
Көрдім күнде қорлықты,
Қатты көрдім зорлықты.

Сонда Едіге тұрып сөйледі:
– Қайғы етпеңіз сіз, – деді, –
Қалмақты қырдық біз, – деді, –
Тауыстық қалмақ елдерін,
Ханқожадай қалмақтың
Өлтірдім екі баласын,
Тоғалайдай ерлерін,
Талқандадым мекендеген қаласын.
Ханқожасын асырдым
Қайырылмастай бұл жерге.
Тоғалайдай ерін боздаттым,
Жылатып, қырып баласын.
Қыл жалаулы қалмақтың
Көрдім, жүріп, шамасын.
Көзіңнің жасын тый, – деді, –
Батыр Тоған келгенше,
Дидарласып көргенше,
Алладан бұйрық бұл болса,
Көрмессің қалмақ баласын.
Қайта айналып қонарсың
Мекен еткен жеріңе.
Алты қанат ақ орда
Өз қолыңнан тіктірсең,
Неше түрлі тағамның
Ең тәттісін татарсың,
Кең сарайда жүрерсің.
Сабырлық қыл, бәйбіше,
Бұрынғыдай боларсың.
Қайтарамын еліңе,
Апарамын жеріңе,
Қондырамын кешегі
Көшірген қалмақ жеріңе.
Тірі болса дүниеде,
Тоған батыр ол жетер.
Тірі қоймай қалмақтың
Талайларын меңдетер,
Сіздей қылып шулатар.
Қалмақты көрсе, айдаған,
Екі қолын артына
Ит қалмақтың байлаған.

Ер Тоғанның Мақпалы
Көп еді артық ақылы,
Қалмақты сабап айдаған.
«Кезекті дүние» деген бұл,
Қалмақтың соры қайнаған.
Қыбырлауға шама жоқ,
Қайырып қолын байлаған.
Баяғы кеткен жерінде,
Жеткенше, қуып айдаған.
Артық туған ер еді,
Қатын сабап қуғанын
Едігедей ерлерің
Артынан жүріп, қарайды.
Қалмақты айдап қуғаны
Едігеге жарайды.
Қуып жетті еліне
Тоғанның келіп қатыны.
Қонып қалды орнына,
Баяғы кеткен жеріне.
«Тағы зарар қылар», – деп,
Едігедей батыр ер еді,
Айдауменен қалмақты
Сол жерге алып келеді.
Асауларын қалмақтың
Сол жерге қойып, қырады,
Басын кесіп қояды.
Ол қалмақтың нешесі
Сол жерде дінге кіреді.
Дінге кірмеген қалмақтың
Сол жерде басы қалады.

Тоған батыр еріміз
Елге қайтып бұл келсін.
– Енді бізге келсін, – деп, –
Қалмаққа хабар салайық.
Келмей қалған қалмаққа
Өзіміз іздеп барайық.
Ханқожадай ер кетті,
Таусылмай сонан ел кетті.
Артынан тауып алайық,
Тірі келсе қалмаққа,
Біз аттанып барайық.
Тұқымын құртып алармыз,
Сол қалмаққа барармыз.
Тоған ерге сәлем айт,
Неше күн лаң салғанын,
Тұнық елді алғанын.
«Біз жетерміз», – деп едік,
Осы хабар келгесін,
Бара алмай енді қалғаным.
Құрталық елдерін,
Суалталық көлдерін.
Артынан іздеп табармыз
Ханқожадай қалмақтың
Мекен қылған жерлерін.
Қайда да болса, барайық,
Сол қалмақты алайық,
Алыс та болса, арасын,
Көрелік қалмақ шамасын.
Тірі жерге қоймаспыз
Қалмақ иттің баласын.

Сөйтіп, ер Едіге елге жөнелді. Едіге елге келгесін Тоған келе қоймады. Сонда Едіге Айсаұлы Ахметті шақыртып, екеуі Ханқожаның еліне жүретін болды.

Іздегенін қарасаң,
Ханқожаның елі еді,
Ол бір қашық жер еді.
«Не қылса да, сол елге
Бармай, не етем?» – деп еді.
Ахмет пен Едіге –
Екеуі көп жол жүрді,
Жол жүргенде, мол жүрді.
Айсаұлы Ахметтің
Кер тарлан еді мінгені.
Ол шабыстан танбайды,
Бір жылқының баласы:
«Онан озам», – деп білмейді.
Едіге мінген Шұбардан,
Жылқы озар ма бұлардан?
Ахмет пен Едіге
Екеуі бірдей жол жүрді,
Асықпай жолда ол жүрді.
Алыс жерге баруға,
Қалмаққа соғыс салуға.
Тоғанды шауып, ел алған
Қалмақ еді қашаннан
Ол ұрысып, кек алған.
Қорлық көріп басынан,
Ахметті ертіп,
Едіге кетті қасына.
Бір күндері болғанда,
Қалмақтың көрді қарасын.
«Білейін», – деп екеуі
Қалмақтың азды-көпті шамасын.
Екеуі де артық ер еді,
Ерлігі қатар тең еді.
– Тұрамыз ба жасқанып,
Баралық енді, кел, – деді, –
Тұрамыз ба бұл жерде?
Бұл қалмаққа жетейік,
Барып, қайрат етейік, –
деп, Ахмет сөйледі.

Сонда Едіге сөйлей бастады:
– Шеттен хабар салайық,
Әскерлерін шығарып,
Сыртқа таман алайық.
Сосын соғыс салайық,
Тосып жатқан байтақ ел
Тап үстіне барайық,
«Кімдерсің?» – деп сұрайық.

Сонда Ахмет тұрып:
– Ақыл, – деп, –
Бұл айтқаның мақұл, – деп, –
Ел шетіне барғасын,
Ноғайдың келеді ері, – деп, –
Ноғай келді еліңе,
Жиналыңыз сіз, – деді.

Қалмақ шіркін қамалды,
Таба алмады амалды.
Жиналып қалмақ толады,
Қойқара батыр бас болып,
Көп әскер сыртқа шығып қалады.
Жиналған әскер мың болды,
Бастығы оның – Қойқара,
Ойлап тұрса, бұл – бәле,
Ол – Ханқожаның баласы.
Жиналғасын қалмаққа
Екі батыр келеді қасына.
Жалмауыздай емініп
Қойқарадай ханыңыз
Шыға қалды алдынан.
Ол да – мықты ханыңыз.

Сонда қалмақ сөйледі,
Сөйлегенде, не деді?
– Толағайдай еріміз,
Қалды сізге жеріміз,
Иманқара – ағамыз,
Өлшеулі еді шамамыз.
Салайын соғыс мен, – деді, –
Ноғаймысың сен? – деді, –
Солар үшін кек алуға
Тұрмын көздеріңді оюға.
Жанымда әскер қолым бар,
Екі бірдей қаңғырған
Ноғайлы, сенің сорың бар.
Жиналған әскер қаптаса,
Басың кесіп алмай ма?
Ерлеріңді жоярмын,
Қаныңды ұрттап, тоярмын,
Олжаға атыңды алармын.
Еттеріңді кескілеп,
Сендерді итке салармын.
Жасқанатын мен бе едім?
Мен ноғаймен тең бе едім?
Ұрысатын менімен,
Сорлы ноғай, сен бе едің?

Сонда Едіге сөйледі,
Сөйлегенде, не деді?
Мен – ноғай деген ел, – деді,
Екеуміз де ер, – деді, –
Емеспіз саған тең деді, –
Сөзің емес жөн, – деді, –
Өлтіргемін мен сенің
Тоғалайдай еріңді.
Иманқара ағаңды
Өлтіргемін мен, – деді, –
Емессің маған тең, – деді, –
Менің атым – Едіге,
Қасымдағы – ер Ахмет,
Бұ да қашаннан жатқан ер еді.
Төбесі шоқты сен қалмақ,
Едің бізге жем, – деді, –
Тұрмалық көп сөйлесіп,
Соғысалық, кел, – деді.

Ахмет пен Едіге
Аттың басын жөндеді.
Сұр жебені қолға алды,
Айсаның ұлы Ахмет
Тебінгіден тесе атты,
Үзеңгіден үзе атты.
Суырып алып қорамса,
Жауған қардай боратты.
Біреу емес, бәрінен
Тепшіп сонда кетеді.
Қамалып тұрған қалмақты
Шүберектей көрмеді.
Балдағы алтын алмасты
Батырлар жауға сермеді.
Ақ сүңгіні қолға алып,
Келген әскер долданып,
Неше күн салды соғысты,
Қалмақпенен тоғысты.
Жарағы қанға тояды,
Сермесе, кеспей қоя ма?
Кеудесінен жел беріп,
Ақ сүңгіні қолға алып,
Тағы тиді-ау долданып.
Қырылғаны көп болып,
Қалмақтар састы-ау қозғалып.
Жақын екен қалмақтың
Тек сол жерде қаласы.

Екі батыр біледі
Соғысқан қалмақ шамасын.
Он екі күн болғанда
Қалмақтың алды қаласын,
Шулатып қатын-баласын,
Жинаған дәулет, қарасын.
Қой секілді қалмаққа
Тойғасын бөрі қояр ма?
Ашығып жүрген бөрі еді,
Артық туған ер еді.
Ханқожадай қалмақты
Жеңіп алған жері еді,
Жинап алған ел еді.
Адамның қырды ірісін,
Тастады жаман сірісін.
Жинағасын елдерін,
Суалтқасын көлдерін,
Жинағасын қалмақты,
Жесір қылып шұбыртты.
Едіге мен Ахметтің
Бұл тауысқан жері еді.
Ноғайға, жинап, келтірді
Сол қалмақтың баласын,
Тауысып алып шамасын.
Екі ердің бірігіп,
Алған жері осы еді.
Ерлердің алған жері еді,
Тауысқан сөйтіп елі еді.
Қисапсыз көп ел еді,
Көп те болса, не қылсын
Тақ таусылған жері еді.

НҰРАДЫН

Едігенің баласы
Нұрадын деген ер еді.
Онға жасы толғанда,
Едәуір жігіт болғанда,
Едігеге келеді,
Келіп, кеңес етеді:
– Артық туған бабамыз,
Ақылға қамал данамыз.
Рұқсат болса, бабамыз,
Сөз сұрауға келеміз.
Рұқсат болса, айтайын,
Рұқсатсыз болса, қайтайын.

Сонда Едіге сөйлейді,
Сөйлегенде, бүй дейді:
– Перзентім, саған бермей, не етейін,
Алпысқа жасым толғасын,
Өзім егде болғасын.
Сақалым енді ақ болды,
Алпыс деген – бұл заңғар
Келіп, бізге тап болды.
Сұрашы, балам, сен, – деді, –
Айтайын жауап мен, – деді.

Сонда тұрып Нұрадын
Атасына сөйледі:
– Жалғыз туған баламын,
Ағайын-туған шамалы.
Рұқсат етсең, жан ата,
Атқа мініп мен шығып,
Шамалы жерді қыдырып,
Ындыс пенен қалмаққа
Шығып көзім салайын,
Мал бақпайын мен, – деді, –
Мал соңында жалпылдап
Атқа мініп жүрмейін,
Жақсы-жаманды білмеймін.
Рұқсат болса, қарт баба,
Ындысты іздеп барайын,
Асылы кәпір ел еді,
Соған бір қайрат қылайын.

Сонда әкесі сөйледі:
– Барарсың, балам, сен, – деді, –
Жолдассыз жүрген дарасың.
Жақын емес бұл ындыстың қаласы,
Жүдә, қашық арасы,
Тоқсан күндік жол еді.
Бұл ындысты сұрасаң,
Өзі мықты зор еді,
Қиындығы сол еді,
Бекітіп салған қаласы.
Келмей жүр еді оған
Талай барған ноғай шамасы.
Ындыстың ханы – Тарқас-ты,
Тарқастың берік қаласы.
Келмейтұғын шамалы
Жанның оған шамасы.
Бір жағында бар оның
Жан жүрмейтін қалың құмдары,
Биік тау мен шыңдары.
Тоғайы қалың қамыс-ты,
Жете алмассың, балам, алыс-ты.
«Пәленшенің баласы
Қаңғырып келді», – деп айтар,
Тілімді алсаң, жан балам,
Қаңғырма жалғыз сен, – деді.

Сонда тұрып баласы,
Әкесіне сөйледі:
– Артық туған данасың,
Талайдың көрдің шамасын.
Тәуекелге болмайды
Ешкімнің, ата, шарасы.
Жақын болса, барармыз,
Алыс болса, жетерміз,
Тәуекел етіп Аллаға,
Не қылса да, қарармыз,
Рұқсат етсең сіз, – деді, –
Талпынып тұр жүрегім
Баруға соған бір, – деді.

Сонда Едіге сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Баяғы мінген Шұбардың
Баласы еді Телшұбар,
Атасымен тең шығар.
Шауып малдан қалған жоқ,
Алдына жылқы салған жоқ.
Тек қанатты құс емес,
Ерге жылқы тұс емес.
«Кетемін», – десең, – сол атты
Бес-он күн байлаңыз.
Кең құрсағы тарылсын,
Ішіндегі жаманы
Ішінен түсіп арылсын.
Жақсы етіп жемге байлаңыз,
Жақсы етіп атты сайлаңыз.
Жақсы, үлкен ақсауыт,
Шарайна киіп сыртынан,
Дулыға киіп басыңа,
Балдағы алтын көк берен
Беліңе бекем буыңыз.
Жан көтермеген сұр жебе
Ер қасына іліңіз.
Ақ сүңгіні қолға алып,
Ақ болаттан жасалған
Айыл-тартпа бекітіп,
Омырауша мен құйысқан,
Атқа оңдысын салыңыз.
Жүреріңде, перзентім,
Бір айналып келіңіз.
Кімдер бар да, кімдер жоқ,
Сіз айналып келгенше,
Ат алып, біз мінгенше,
Жыға алып, басқа кигенше?
Ноғайлының ішінде
Шынжырлы тұқым аз еді.
Баталы құл арымас,
Батасыз құл жарымас.
Тарығатын күн болса,
Баба түкті Шашты Әзіз,
Арғы атаңыз сол еді,
Кереметті пір еді,
Содан жәрдем тілеңіз.

Сонда тұрып баласы
Мінетін атын ерледі,
Баратын күнге тап болды.
Сонда келіп шешесі,
Тағы бір сөз сөйледі:
– Баласы ақ сүйектің сен-ау едің,
Сағынып сені туған мен-ау едім,
Жолдассыз жүресің жауға сен-ау, – деді, –
Бұрын-соңды көрмеген
Алыс жолды баласың.
Алыс жолға шығасың,
Перзентім, қайда барасың?

Нұрадын сонда сөйлейді,
Шешесіне жауап береді:
– Сен едің туған анамыз,
Мен едім туған балаңыз.
Тәуекел етіп сапарға,
Оңғарса Құдай, барамыз.
Алыс емес, қашаннан
Ол шамалы жер еді.
Үш айлық жерді мекендеп
Тұрған ындыс елі еді.
Ындыстың көбі сол, – деді, –
Есепсіз көп ел, – деді, –
Тәңірі оңғарса, сапарды,
Алыс та болса, барармыз,
Тәуекел етіп қарармыз.
Атамыз Едіге еді
Сұр жебені сермеген,
Дұшпанға кегін бермеген.
Едігеден дыбыс шыққанда,
Маңайына ындыс келмеген.
Сол тұқымның баласын,
Тәңірі оңғарса, алармын.
Атқа мініп кетейін,
Көп кідіртпе, қарт ана,
Ірмеліп тұрып, не етейін?
Рұқсат алдым бабадан,
Шығайын деп мен тұрмын,
Мекен еткен қаладан.
Отыра берсем мен қорқып,
Ындыс пенен қалмақтан.
«Біреу келіп қалар, – деп, –
Қатын менен балаға
Қиындық қатты салар», – деп,
Нұрадын сонда Шұбармен
Елден шығып барады.
«Алыс болса, алам, – деп, –
Жақын болса, барам», – деп,
Шұбарға мініп жүреді,
Дөңгеленіп желеді.
Тоқсан күндік жер еді,
Арасы қалың құм еді,
Бер жағы биік дөң еді.
Сексеуілді бұл томар,
Қалыңдығы сол болар,
Арасы байтақ шөл болар.
Құмға келсе, асады,
Құлаштап аяқ басады.
Терең суға келгенде,
Дариядан өктеп асады.
Жүрісін байқап қарасаң,
Шапшаңдығы көрінер
Таутеке мен бұландай.
Жаяу жандай көрмеді
Киік пенен құланды-ай.
Шаңын байқап қарасаң,
Шамалы жерде түтіндей.
Қайратты жылқы болар ма
Бұл секілді шұбардай?!
Екпіні күшті тасқасын,
Жан шыдай ма жүріске,
Аяғын сондай басқасын.
Шапшаңдығы осындай,
Ұшқан құстай атқасын.
Тоқсан күндік жер еді,
Сол шабыспен бұл жерге
Елу күнде келеді.
«Ноғайлы шіркін келер», – деп, –
Қарауылға ындысың
Елу кісі жіберді.
«Келген жауды бақсын, – деп.
Бірлі-екілі жау болса,
Кідірмей басын алың», – деп.
Шыққан екен бұл жерге
Үш жүз елу кісі далаға,
Үш күндік жердің сыртында
Жатады екен қалмақтар
Елу-елуден бөлініп.
Нұрадын көрді бұлардың
Жүз қарадай шамасын.
Жалғыз қара көргесін,
Қалмақтар жақсы қуанды:
«Аламыз мұны енді, – деп, –
Сорлы болған ерді, – деп, –
Қаза айдап келді», – деп,
Шабысты қалмақ бұл салды.
Жалғыз-жалғыз келмейді
Елуі бірден келеді,
Келіп қамап алады:
– Ындыс – деген біз, – деді, –
Барасың қайда сіз? – деді, –
Өлтіреміз біз, – деді.

Сонда Нұрадын сөйледі:
– Атаңа нәлет, ындысым,
Асылымды сұрама,
Емеспін болат құрама.
Қолға алған жебедей
Мен ындысты көрмедім
Етікке қаққан шегедей.
Әкем аты – Едіге,
Ежелден артық ер еді.
Сен секілді қалмақты,
Талай сойып жеп еді.
Менің атым – Нұрадын,
Асылымның несін сұрадың,
Тұрсың ба қамап, қалмағым?
Болмасын сорлы арманың.
Сен қораланған қой едің,
Мен ашыққан тарлан бөрі едім.

Нұрадын қолға сүңгі алып,
Қалмаққа қарай оңталды.
Ашуланған зарпынан
Тер шықты ерден тамшылап.
Шұбарды салып жіберді
Ашуменен қамшылап.
Қаптай тұрған ындыстың
Үстінен қарғып асады.
Тұяғы тиіп басына,
Талай ындыс сасады.
Жығыла берді сормаңдай,
Ту сыртынан түйгенде.
Жығылмай сорлы не қылсын,
Өзіне найза тигенде.
Қандары жаман сорғалап,
Алды-алдына қашады.
Сорлы маңдай қорғалап
Нұрадын шапты оларды.
Біреуі жоқ ындыстың,
Онан өлмей қаларға.
Қорыққанның зарпынан,
Әрбіреуі әр жаққа барады.
Нұрадындай балаңыз
Әрқайсысын қуады,
Ындысқа күндер туады.
Әрқайсысын бір түйіп
Желкесінен өтеді.
Жалғыздап қашқан заңғарға
Қуғаннан соң жетеді.
Оған жете алмаса,
Ат болып Шұбар не етеді?!
Ұрыстың түрін көргесін,
Бірі қалмай қашады.
Біреуі кеткен қалаға,
«Барамын, – деп, – хабарға».
Қалаға хабар келгесін,
Тарқастайын ханыңыз
Ындысты қоймай жинайды.
Жан-жағына салады,
«Ноғай келді», – деп хабарды.
Жиналған әскердің саны
Екі мыңға толады,
Ол да біраз болады.

– Қаптаңыз, ындыс, сен, – деді, –
Алыңыз басын тез, – деді, –
Мен ілгері барайын
Ол ноғайдың қасына-ай.
Бір қамыстай көрмеймін,
Барсам, қылыш сермеймін,
Қаңғырып жүрген ноғайды
Еш нәрседей көрмеймін.
Шыр айнала құрсаңыз,
Ортаға қамап алыңыз,
Басын кесіп салыңыз.

Екі мың кісі кәпір-ай,
Келе жатыр, апыр-ай.
Астында мінген кер еді,
Алдынан шығып Тарқасың
Жападан-жалғыз келеді.
Қарсы келген Тарқасқа
Тайсалсын ба Нұрадын?

Сонда қалмақ сөйледі:
– Астыңда мінген шұбарың,
Алайын деген бар ма еді,
Жазған сіздің құмарың?
Біз бір әскер ел едік,
Етек-жеңі кең едік.
Жапа-жалғыз бейшара,
Барасың қайда сен енді?
Ындыстың ханы – мен, – деді, –
Әлек болма сен, – деді, –
Қысқартпа, бала, жасыңды,
Тастатпа жерге басыңды,
Еш тимеймін мен саған,
Бере ғой түсіп атыңды.
Өзің болсаң ақылды,
Осы айтқаным мақұл-ды.
Көремісің әскерді,
Байтақ жатқан қол, – деді, –
Екі мың кісі – бұл әскер
Бола ма саған ол? – деді, –
Түсіп, атты бермесең,
Маңдайда бар-ды сор, – деді.

Сонда Нұрадын сөйледі:
– Әркімнің ісі ойласаң,
Бір Аллаға аян-ды.
Сен қалмақтан қорықсам,
Бұл жерлерге келем бе?
Шығамын ба далаға,
Барамын ба қалаға?
Қолыңнан келсе қыбырла.
Елден шыққан ер жігіт
Өлімнен қорқып, тая ма?!
Жәрдем берсін Аршылан,
Шаһимардан жар болып,
Жәрдем берген ер, – деді, –
Жалғыз келдім ішіне
Көп ындыстың мен, – деді, –
Баба түкті Шашты Әзіз,
Қашаннан-ақ бабамсың.
Жер үстінде ит ындыс
Бар адамын жинады.
Бермеске қатын-баланы.
Тарқастайын қалмағым,
Қапы қалма сен, – деді, –
Қозғаламын мен, – деді.

Жел қаптады сонардай,
Қамшы салды шұбарға-ай.
Бола ма жылқы шұбардай?
Қамап тұрған ындыстың
Үстінен қарғып асады,
Ындысқа найза салады,
Жарағы қанға боялды.
Күні-түні дамылсыз
Нобайлап қырды заңғарды.
Сермеген алмасы кесіп жүр
Домалатып басын-ай,
Сермей берді осылай.
Жер үстіне қараса,
Қызыл жоса қан болды,
Қырылып жатқан жан болды.
Тарқас қашып жөнелді,
«Шүу» дегенде керімен,
Өзінің келген жерімен.
Кеткен екен неше жан
«Еліне хабар етем», – деп.
Қатын менен балаға-ай,
Шұбырды қойдай, қарашы.
Бір мыңындай қырылды-ай,
Қырылған жаман бұрында-ай.
Тарқастайын ханыңыз
Өлгенді көріп, сасады.
Жан тәтті екен, қарашы,
Еліне қарай қашады.
Тарқасты көзі көргесін,
Нұрадын оны қуады.
Қуып оны жетерге,
Жолықты Тарқас бетерге.
Ойлап еді ол жазған
Құтылып мұнан кетерге.
Айнала тұрып ханыңыз:
– Ноғайдың ері – сен, – деді, –
Ындыстың ері – мен, – деді, –
Қайтып едім еліме
Тағы да әскер аларға.
Кетейін енді мен, – деді, –
Жалпақтама, ер болсаң,
Жекпе-жекке кел, – деді.

Сонда Нұрадын сөйлей бастады:
– Жасқанбаймын мен, – деді, –
Дәмең болса, кел, – деді,
Шұбарға салды қамшыны.
Екеуі сонда алысты,
Жағаласып қалысты.
Нұрадынмен екеуі
Ат үстінде алысты.
Нұрадын сонда алмасқа
Іркілмей қолды салады,
Суырып алмасты алады.
«Иә, Алла!» – деп ындыстың
Мойнына алмаспен салады.
Басы жерде домалап,
Ол ындыстың қалады.
Сала берді іркілмей
Ындысқа жақсы ойынды,
Көрсетті жақсы тойыңды.
Шамалы жері қан болды,
Көз көрмейтін шаң болды.
Тарқастайын ындыстың
Жетті қуып қалғанын.
Көріне қашқан ындыстың
Ешбіреуін қоймады.
Қарамады ындыстың,
Қаладан шығып даласын.
Жақын жерде жинады,
Қатыны мен баласын.
Неше күндей қамады.
Ашық жерді таба алмай,
Қамалып ындыс қалады.
Ындысты сонда қамады,
Қашқанын іздеп табады.
Жібермеді далаға,
Уақтарын жинап алады.

Тарқастың қызы Жәмілхан
Сонда жетіп келеді,
Келе сөйлей береді:
– Артық туған төре едің,
Асыл туған ер едің.
Атам Тарқас хан еді,
Ол ындыстың ішінде
Артық туған жан еді.
Толып жатқан ел еді,
Ежелден мекен қылған жер еді.
Ындыстың көрдің шамасын,
Жылаттың қатын-баласын.
Қатар жүрген тең едім,
Хан баласы мен едім.
Хабар бердім сіздерге,
Сүйегім қатар болғасын.
Хабар бердім өзіміз,
Көргесін батыр көзіміз,
Не қылса да, көруге.
Астана халық еліміз.
Талқандалды ындыстар,
Мекен қылған жеріміз.

Нұрадын сонда сөйледі:
– Еліңді жинап алайын,
Кеткені болса, қырайын.
Ындыс пенен ноғайлы
Емес, сірә, ағайын.
Ежелден-ақ кәпір мен
Мұсылманның жаулығы
Емес пе еді тағайын?
Қосылған болса егер де
Жұмыла халқың не қилы-ай
Халқына хабар салайын,
Әуелі бір жеңіп алайын.

Ындыстар шығып, тарады,
«Қалған-құтқан бар ма?» – деп,
Нұрадын шығып тұрады.
Сегіз күндей шабуыл
Күні-түні салады.
Он күн нағыз болғанда,
Күн он күнге толғанда,
Айдады ындыс қаласын,
Ындыстың біліп шамасын.
«Біз мұсылман болдық» – деп,
Астана халқы бағынды.
Нұрадындай хандардың
Шарасыз тілін алады.
Қасына алып құл-құтан,
Бірер мыңдай мал мен бас
Шетінен бөліп айдады.
Шарасы бар ма ындыстың
Шұбырып, соры қайнады.
Артық туған ер еді,
Еліне қайтып Нұрадын,
Жеңіп елін Тарқастың
Болғасын еліне қайтады.
Күні-түні жол жүрді,
Дамыл алмай мол жүрді,
Алмады дамыл: «Не етем?» – деп, –
Асығып: «Елге жетем», – деп.
Түні-күні тең жүрді.
Алпыс күнде бұл жетті
Ол үш айлық жер еді.
Артында қалған секілді
Ата менен анасы.
Нұрадыннан басқа жоқ
Олардың туған баласы.

«Нұрадын келді» дегесін,
Естіген соң хабарға,
Кемпір мен шал ойланды
Алдынан шығып барарға.
Едіге сұлтан ер еді,
Оларды елден шығармай
Нұрадын өзі келеді.
Келгесін сөз сөйледі:
– Берейін сәлем, бабамыз,
Сау-саламат бармысыз,
Ата менен анамыз,
Астана халқым – бәріңіз!
Ындыстайын қалмақтың
Көрінер енді қарасы.
Келе жатыр шұбырып,
Бір қатар қатын-баласы,
Жинаған түлік қарасы.
Ислам дінге бағынды,
Бұрынғы діннен жаңылды.
Сау-саламат келеміз,
Оңғарып Алла жолымыз.
Оңғарылып жол болды,
Сапарымыз оң болды.
Жапанда кеткен дара едім,
Жалғыз кеткен жан едім.
Алла оңғарса сапарды
Кімнен зарар болады?!

Анасы сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй деді:
– Айналайын Нұрадын,
Құдайдан сені сұрадым.
Жапа-жалғыз кеткесін
«Перзентім не қып қалар?» – деп,
Әрбір күнде жыладым.
Ризамын Аққа, бергесін,
Шүкір етем Құдайға!
Сұңқарым ұшқан қонғансын,
Кірді-ау, балам, реңім,
Жарылды енді жүрегім.
Сау-саламат келдің бе,
Перзентім, енді сен, – деді,–
Ризамын бір Аллаға-ай!

Нұрадын таққа мінеді,
Осы келген сапарда
Мерекелеп, той қылып,
Жинады ноғай базарлап.
Сонда тұрып Нұрадын
Ноғайға жауап береді,
Таққа мініп алғасын:
– Астана халқым, ел, – деді, –
Енді қайрат етейік,
Етірек пен Күргенге
Алла оңғарса сапарды,
Сол жерге таман барамын.
Қызылбас деген байтақ ел,
Бер жағында мекендеп
Ерсарыдай халықтың
Баян қылған дөңі еді.
Қарамая шың еді,
Толағай жері бұл еді.
Қарашың деген бір түзде ол –
Қарауылға шыққан жер,
Қызылбастың бұл, – деді, –
Сол жерде салған қаласы,
Көп, – деді, – бұның шамасы.
«Сол заңғарда қалар», – деп, –
Қауіп етіп мен тұрмын.
Бұл ноғайға аттанған
Қызылбас – байтақ ел, – деді, –
Бәрі бірдей ер, – деді, –
Алыс емес ол өзі,
Тек бір елу күндік жол, – деді.
Сол елге таман барайық,
Шығарып арман қарайық,
Сөйтіп жерін алайық.
Бер жағында тағы бар
Кеңарал – деген бұл дала.
Елі бір, әне, оңаша,
Жері жақсы, тамаша.
Ар жағында қара тау
Қызылбастың көп еді.
Оңғарса Құдай сапарды
Он бес күнде кетемін,
Бір тәуекел етемін.
Ындыстың алдым кәлласын,
Қызылбас деген халықтың
Көрейін-дағы шамасын.
Тапсырып Аққа кетемін
Көп ноғайдың баласын.

Үндемеді ноғайдың:
«Барамыз», – деп біреуі.
«Жауыма барам», – деген соң,
Ақсақалды қарттардың
Нешесінің кетеді
Түсі қашып реңі.
Қалып, олжа алғандай,
Біреуінің ойы жоқ
Мұнымен бірге барғандай.
Ноғайлының бірқатары
Сонда жауап сөйледі:
– Әй, Нұрадын, Нұрадын,
Жиналып тұрған ноғайдан
Мұның несін сұрадың?
Ноғайдың жері кең, – деді, –
Бетегелі боз бұйрат
Бұл бір жақсы жер, – деді, –
Бұған сыйып жатыр ғой
Байтақ ноғай ел, – деді, –
Қызылбас түгіл, келмейді
Бұл жерлерге қалмақ та.
Бұрынғы өткен ерлерден
Талайы батырған бармақты.
Ноғайлы деген ер атым
Қаншадан болған салмақты.
Қызылбас пен ындысты
Қашырған талай ер еді.
Бұл қызылбас пен ындыстың
Келмейтұғын жер, – деді, –
Атаңнан алдың тағыңды,
Көтерді Алла бағыңды.
Едіге сұлтан ер еді,
Талай жауды қашырған
Ақсүйек, асыл төре еді,
Онан туған сен, – деді, –
«Барамыз», – деп айтпады
Көп ноғайдың біреуі.
Не келеді қолымнан,
Қара сақал ақ болып,
Бір қураған шал – мен, – деді.

Сонда Нұрадын сөйледі:
– Астана халқым, қашаннан
Бақытың артық жасалған.
Атамыз еді Едіге –
«Шаш ал десе, бас алған».
«Дұшпанға кегім кетер, – деп, –
Үстімнен дүбір өтер, – деп, –
Қалмақ пенен қызылбас
Жетелеп бала кетер», – деп, –
Онан туған – мен, – деді, –
Отырып үйде, не етейін,
Тәуекел, жолға кетейін.
Қызылбас деген – байтақ ел,
Кеңітуге сол жерді,
Шамам келсе, жетейін.

Жалғыздың жары – бір Құдай,
Аршылан хандай еріміз.
Баба түкті Шашты Әзіз –
Керемет қонған піріміз.
Әуелі Алла оңдаса,
Екінші сүйен пірлерге.
Көкірекке ой түсті:
– Барайын, – деп күйзеліп, –
Көрмеген енді жерлерге.
Ерсарыдай ерлердің
Мекен қылған жері екен,
Ол да байтақ ел екен.
Қызылбастың Шаппазхан
Барайын, – деп ойладым.

Бір айға нағыз толғасын,
Аттың құлқын табулы.
Тарқастан қайтып келгесін,
Жерден шөпті үздірмей,
Сусынына сүт беріп,
Шекер менен бал беріп,
Әрбір тәтті дән беріп,
Тигізбей желді бетіне,
Баққан екен Шұбарды.
«Тиер», – деп қатты етіне
Мақпал жапты үстіне.
Шығарып алып Шұбарды,
Алтын қазыққа байлайды.
Жарыққа шығып алғасын,
Қырық құлаш шылбыры,
Арқанда тұрып ойнайды.
Төбедей болып бұл жолы,
Тартылып іші жүреді.
Тұрушы еді жануар
Неше жылдай байлауда,
Шыр көбелек шабады,
Қазығынан айналып.
Сәрсенбі күні болғанда,
Өзі келіп Нұрадын,
Шұбарды сонда ерледі.
«Ері кейін кетер», – деп,
Омырауға салды омырауша,
Артына салды құйысқан.
Нұрадынмен жоқ еді
Атадан бірге туысқан.
Керегеде көк жебе
Ер басына іледі.
Едігенің көк алмасын
Беліне мекем буады.
Үстіне киіп ақ сауыт,
Шарайна белге байлады,
Жүруге жөнді сайлады.

Үй сыртында көк сүңгі
Белдеуден алды суырып.
Атасы шығып, бұл келді
Қоштасуға жүгіріп:
– Айналайын, шырағым,
Естісін сөзді құлағың.
Ноғайлы сынды еліміз,
Үшқияндай жеріңіз.
Саламат қайтар күн болса,
Көп кешікпей, перзентім,
Елге қарай жүріңіз.
«Қызылбас деген осал», – деп,
Төңірегін аңдыңыз.
Шаппаздайын қызылбас
Ханын жақын алыңыз,
Шаппаздың салған шәріне
Әуелі тура барыңыз.
Жансыз жіберіп, ел бекіп,
Қызылбас залым қоймасын.
Ұстадың найза қолыңа,
Қыдыр ата жар болсын,
Қырық шілтен қолдасын,
Аршылан болсын жолдасың.
Тапсырдым Аққа мен сені,
Оң болсын жолың, ер, – деді, –
«Шаршап атам қалар», – деп, –
Ойлама, батыр, сен, – деді, –
Аттың бабы табылған,
Тұқымды жүйрік бұл, – деді.
Талай топта шабылған.

Нұрадын мініп алады,
«Жібер», – деп басын жануар,
Сілкіп-сілкіп алады.
«Тапсырдым, – деп, – Аллаға»,
Нұрадын кетіп барады.
Нұрадындай еріңіз
Аяңдамай, желеді.
Диірменнің тасындай
Дөңгеленіп келеді.
Арандай аузын ашады,
Құлағын тігіп қайшылап.
Келе жатыр дөңгелеп,
Омыраудан тері тамшылап.
Найза бойы жар келсе,
Кідірмей, қарғып асады,
Тасып жатқан су көрсе.
Қысылып, онан саспайды,
Киіктей орғып аттайды.
«Жануар осың жақсы-ау», – деп,
Жалғыз өзі келе жатып,
Нұрадын атын мақтайды.
Күн бір айға толғанда,
Нұрадын сонда сөйлейді:
«Екпінің күшті дауылдай,
Баласы жылқы болар ма
Бұл секілді Шұбардай?!
Жар болып Жаппар Құдайым,
Өзіңнен басқа пана жоқ,
Іні менен аға жоқ.
Ноғайлы шіркін ел ме еді?
Біреуі ермей қалғаны
Ноғайлының жөн бе еді?!
Аршылан, жәрдем бере көр,
Рүстем-Дастан, ер едің,
Шақырдым, ерлер, келе көр!
«Аршылан», – деп ат қойған
Бір Алланың өзі еді,
Аршылан, жәрдем бере көр.
Бір адам қатарыма ермеді.
Мені «адам» деп көрмеді.
Артық туған Шұбарым,
Осы жауды мен алсам,
Тарқар еді-ау құмарым.
«Алармын», – деп келемін,
Шаршамаса Шұбарым.
Екі айда жетер жер еді,
Санасам алпыс күн еді.
Жиырма күні қалғанда,
Бес күнде енді барайын.
Қызылбасқа барғанда,
Қайратыңды көрейін.
Шаппаздайын хандардың
«Алсам, – деймін, – басын-ай, –
Бара қалсам қасына-ай».

Сол сөзді айтып, Нұрадын жолда келе жатқанда, алдынан жиырма қара көрінеді.

Көлденең жатқан қара дөң
Қарамая деген шың еді,
Түсі қара тау еді.
Шыңға таман келгенде,
Биіктен шықты аз қара.
Нұрадын көрді алдында
Аздау болған қарасы
Алдынан шыққан аз кісі
Шабуылды салады.
Нұрадын да кідірмей
Алдынан қарсы барады.
«Барып қамап алайық,
Атын олжа қылып қалайық,
Елге қашып кетер, – деп,–
Жалғыз жүрген қара», – деп.
Қызылбастан шыққан ер еді,
Ол үйінде тұрғанда,
Бәрі бірдей сері еді.
Нұрадындай еріңіз
Ат құйрығын өреді.
Алыстан қара көргесін
«Жау болар», – деп Нұрадын,
Қараға қарсы келеді.
Жиырма кісі – бұл өзі
Қарауылда жүр екен,
Бөлінбеді біреуі.
Жиырмасы да жапырып,
Нұрадынға келеді.

Сонда Қызылбас сөйледі:
– Астыңдағы Шұбарың,
Бар ма еді жауға құмарың?
Қазаға айдап сен келдің,
Өлімге айдап Құдайың.
Аты-жөнің білейін,
Өлімнен бұрын сұрайын,
Сұрамай, неге тұрайын?
Біз – қызылбас деген ел, – деді. –
Етек-жеңім кең, – деді, –
Қызылбастың ішінен
Әрқайсысымыз бөлініп,
Елден шыққан ер, – деді, –
Тірі тұрған күніңде
Жөніңді айтшы, жас бала,
Байқайын сөзің мен, – деді.

– Атаңа нәлет, қызылбас,
Асылымды сұрасаң,
Әз дінімді сұрасаң,
Ислам – деген дін – деді, –
Табымды сұрасаң,
Ноғай – деген ел, – деді.
Іздегенім сұрасаң –
Қызылбастың Шаппазы.
Көруге шықтым қаласын,
«Білейін», – деп мен келдім.
Шаппаз ханның шамасын.
Қызылбас деген сен бе едің,
Бәрің бірдей ер ме едің?
Кезектессең сен, – деді, –
Жапыра бері кел, – деді, –
Жасқанбаймын мен, – деді, –
Менің атым, сұрасаң –
Нұрадын деген ер, – деді, –
Мекенімді сұрасаң –
Үшқиян деген жер, – деді, –
Кеңаралдан өткенім,
Саған келіп жеткенім,
Атың басын тарт, – деді, –
Хабарың болса тағы да,
Бар, бәріңе айт, – деді.

Нұрадын кейін шегінді,
Қу жебені қолға алды,
Атайын деп қозғалды,
Жебені тартып жіберді,
Атқан оғы өтеді,
Тоқтасын ба оларға?
Ар жағына өткесін,
Көлденең тұрған бір тауға
Оғы кіріп кетеді.
Оғының бар-ды қанаты,
Жалғыз емес ол оғы,
Толып жатыр болаты.
«Шүу!» дегенде жығылды
Қызылбастың бесеуі.
Найзасы жоқ, бар екен
Қызылбастың қылышы.
Бесеуі жерге түскесін,
Тарыла берді-ау тынысы.
Қанды көзі көргесін,
Қызылбас жаман торықты.
Он бесі қалды заңғардың,
Бір пәлеге жолықты.
Он төрті соғыс салады,
Біреуі кетіп шапқылап,
Шаппазға кетіп барады.
Қояр емес оны мұрсатқа,
Әрқайсысы қашады
Жалғыз-жалғыз далаға.
Бұрынғы қайрат болмады,
Қызылбас қалды пәлеге.
Ашылған екен арасы,
Ол сорлының көрініп,
Бара жатыр екен қарасы.
Көрінген қара кете ме?
Артынан қуып бұл жетті.
Қуып жетіп сорлыға,
Салып қалды найзасын,
Төгіліп қаны қалады.
«Хабарланып қалар», – деп,
Нұрадын елге салады.
Шаппаз ханның елінің
Шетіне барып қалады.
Сонда бір шал көреді,
«Араласты қара», – деп,
Шаппазға кетіп барады,
Алып барды хабарды.

Сонда шалың егіліп,
Көзінің жасы төгіліп:
– Әй, сұлтаным, сұлтаным,
Келдім сізге хабарға.
Қалаға келді бір қара,
Өзі ноғай – бұл бала.
Адамды іздеп табады.
Кез келгенді аямай,
Ақ найзасын салады.
Қапы қалма сіз, – деді, –
Енді өлдік біз, – деді.

Шошып кетіп Шаппазың,
Үйіне қарай жүгірді,
Кіл темірден киінді.
Шаппаз ханның атына
Мінетұғын түрі бар,
Қайратының зоры бар.
Жинаулы тұрған бағында
Бір мың кісі құлы бар.
Үндемепті Шаппазың,
Атқа мініп алғасын,
Әскерге айғай салады:
– Аттаныңыз енді, – деп, –
Дұшпан елге келді, – деп.

Сонда шалға сөйлейді,
Сөйлегенде бүй деді:
– Жасың үлкен шал, – деді, –
Қай жақтан келді жау? – деді, –
Айтшы маған сен, – деді.

Сонда шалың сөйледі:
– Халық ұстаған ханымыз,
Артық туған нарымыз,
Қызылбас деген елдерде
Ақылы көп барымыз.
Дария тасыса тоқтатқан
Белгілі қызыл жарымыз.
Темірқазық жағынан
Келіп қалды-ау жауымыз.
Қалаға жақын таянды
Хабар келді, шақырып,
Балалар келді жүгіріп.
Сермеп жатыр найзасын
Көп екен оның айласы.
Сізге хабар бергенім –
Бұл халықтың пайдасы.
Көрдім, – деді, – қарасы-ай,
Найзаны салды, қарамай,
Азды, көпті санамай.
Жалғыз барма, қарулы
Әскермен бар, қарағым.

Тігулі тұрған ағаш үй
Қасынан өтіп шабады,
«Қирасын», – деп, ол үйді
Қылышпенен шабады.
Талқан болып талайы
Ағаш үйдің қалады.
Қиратып үйді, шапқылап,
Батыр кетіп барады.
Нұрадындай батырың
Аттың басын бұрады.
Айғай даусын естігесін,
Кідіріп батыр тұрады.
Айғай даусы, шабуыл,
Шулағанды көргесін,
Астына мінген Шұбар ат
Көкке қарап қарғиды.

Сонда Шаппаз келеді,
Келе тұрып сөйлейді:
– Мінген екен шұбарды-ай,
«Жау», – дей ме екен бұларды-ай?

Қасындағы жолдасқа
Шаппазың сонда ақырды:
– Алып таста басын, – деп, –
Алып келші атын, – деп, –
Мұның ісі болмас мақұл, – деп,–
Бұл бір қаңғып жүрген пақыр, – деп, –
Бұл болған шығар ноғай, – деп, –
Өлтіруге оңай, – деп, –
Мұның емі солай, – деп.

Сонда Нұрадын сөйледі:
– Менің елім – ноғай, – деп, –
Қызылбас деген халық
Алуға бізге оңай, – деп, –
Іздеп шықтым қалаңды
«Көрейін, – деп, – шамаңды», –
Шеттен келдім қалаға,
Күшті болсаң, қашпаңыз
Қаңғырып енді далаға.
Қолыңнан келсе хабары,
Қызылбас халқым, аяма.

Шаппазың сонда ақырды,
Әскерлерін шақырды.
«Кесіп басын алың, – деп, –
Әр жапырақ етінен
Кесіп, итке салың», – деп.
Қызылбас біткен жапырды,
Нұрадындай батырың:
«Алла!» – деп ұран шақырды.
Найзағайдай жалтылдап,
Қызылбастың үстіне
Қылыш тиді жарқылдап.
Шаппаз хан қашып кетеді,
Қашып кетті далаға,
Көрінбеді қараға.
Неше күндей соғысты,
Тарылды қызылбас тынысы.
Бұл шәріден шығармай
Қызылбасты қамады.
«Бұл қай жаққа кетті?» – деп,
Төңірекке көз салып,
Шаппаз ханды қарады.
Қайда да болса, шап, – деді,
Көп кісінің ішінен
Шаппазды іздеп тап, – деді. –
Егер оны таппасаң,
Өлесің енді кешікпей,
Әй, қызылбас, сен, – деді.

Сонда Қызылбас сөйледі:
– Асылың артық ер, – деді, –
Сілтейін жөнін мен, – деді, –
Жеткізбейді-ау Шаппаз хан,
Қалың қамыс ішінде
Сізден қашып жатыр ол.

Нұрадын сонда қамысқа
От жіберіп өртеді.
Қамысқа от тигесін,
Шаппазың шығып жөнелді.
Жанған қамыс ішінен
Көрінді сонда қарасы,
Алыс екен арасы.
Артынан қуды Нұрадын
Жетейін деп қараға.
Аттың басын жіберіп,
Шаппазың кетіп барады
Артына сорлы қарамай.
Дауыс жетер болғанда,
Нұрадын: «Тұр!» – деп ақырды.
Шаппазың сонда кідірді:
«Енді қашып болмас, – деп, –
Қашқанмен де қоймас», – деп.
Артынан жетіп Нұрадын,
Шаппазға сөйлей бастады:
– Әй, Шаппазым, сен, – деді, –
Сөзіме құлақ сал, – деді, –
Өлтіремін мен, – деді, –
Өлесің енді сен, – деді.

Сонда Шаппаз сөйледі:
– Нұрадын артық ер, – деді, –
Кідірдім саған мен, – деді, –
Келдің жетіп сен, – деді.
Астыңа мінген Шұбарың,
Неше күндей соғысып,
Тарқады ма құмарың?
Керегіңді сен сұра,
Елде болса, берейін,
Қасыңа еріп жүрейін.
Бұл халқымда жоқ болса,
Іздеп қайдан табайын?!
Біз қызылбас болғанмен,
Ар жақ дініміз жақын ағайын.
Не қылса да, өлем ғой,
Бір мүддемді айтып қалайын.

Сонда Нұрадын сөйледі:
– Шаппаз деген хан, – деді, –
Айтқан тілімді ал, – деді, –
Тілімді егер алмасаң,
Өлтіремін мен, – деді, –
Ол – Мұхаммед үмбеті,
Бұл біздің дінге кір, – деді.
Біздің дінге кіргізбей,
Қоям ба сені мен, – деді.

Сонда Шаппаз сөйледі.
– Кірейін дінге мен, – деді, –
Көп қырылды ел, – деді.
Ислам діні көп жақын,
Шаппаз хан еріп бұл келді
Нұрадынның қасына.
Шаппаздың еліне келгесін,
Жұртын жинап, шақырды.
Ортасына жиналып
Қызылбас халқы тұрады.
Сонда Шаппаз сөйлейді:
– Қызылбас халқы, бәріңіз,
Нұрадын дініне кіріңіз.
Егер дінге кірмесең,
Осы жерде жауап бер, – деді.

Сонда жиналған қызылбас
Шаппаз ханға сөйледі:
– Шаппаздайын ханымыз,
Кеудедегі жанымыз,
Қызылбастың ішінде
Белгілі болған барымыз,
Бұйырсаңыз, сұлтаным,
Әр іске де көнеміз.
Іслам діні көп жақын,
Оған қатты көнеміз.
Осы отырған жамағат
Хош аламыз біз, – деді.

Сонда Шаппаз патшаңыз
Нұрадынға жақын келеді.
– Бер, – деп, қолын алады, –
Көндік сізге біз, – деді.
Ислам – жақын дін, – деді,
Көндім, артық ер, – деді, –
Дінге бағи болғаным.
Батыр, қолың бер, – деді.

Шаппаз ханың үйіне
Нұрадынды шақырды.
Шақырып барып үйіне,
Бек жақсылап сыйлады.
Үш күн қонақ қылады,
Қасына еріп жүреді.
Шаппайтұғын бір жорға ат,
Алтыннан тонды кидірді
Шаппаздайын ханыңыз.
Нұрадынмен екеуі
Қияметтік дос болып,
Нұрадын қайтып еліне,
Өзінің барды жеріне.
Дұшпан кейін шегінді,
Қалмақ пенен ындыстың
Шегарасы ашылды.
Жас басынан кек алған
Нұрадын сондай бала еді.

Елге жетіп келгенде,
Алдынан шығып анасы,
Нұрадынға сөйледі:
– Келдің бе аман, шырағым,
Жолдассыз кеткен дарасың.
Көрдіңіз бе Шаппаздың
Мекен еткен қаласын?
Айналайын, қарағым,
Атаға тартып туғаның,
Атаның жолын қуғаның.
Ер белгісін еткенде,
Жапанда жалғыз кеткенде,
Не қып едің, қарағым?
Сау-саламат келдің бе
Арымай-ашпай сен? – деді, –
Риза болдым Алланың,
Қарағым, еткен ісіне,
Қабыл екен тілегім,
Жаңа кірді реңім.
Сен кеткесін ол жаққа,
Артыңнан туды бір бала,
Атын қойдым «Мұса» деп, –
Қарағыма ұқса, – деп.

 

МҰСА ХАН

Нұрадынның баласы Мұса он бес жасында атқа мінген. Сол он бес жасында таққа да, атқа да мініп, хан болды. Сонда қырық кісілік әскермен Қозанның елін шабамын деп аттанған. Қозанның Қосым деген баласы бар еді. Ол да бір шәр салған еді. Мұса: «Қосымның не өз ұлысын, не шәрін алып, олжа қылып алам», – деуші еді. Сонда Қосым «Ноғайдан Мұса хан аттанып келе жатыр» деген хабарды естігесін, алдынан бес жүз кісі әскер қарауылға шығарған. Сонда Мұса алдынан бір адамды жіберген: «Қосымның шәрін барып байқа, біз артыңнан барамыз», – деп. Сонда жіберген адам Мұсаға қайтып, шәрді аралап келіп айтқаны:

– Халық ұстаған ханымыз,
Артық туған жанымыз,
Қосымның көрдім қаласын.
Жеті қатар қазған оры бар,
Жетеуінің ішінде де
Қабат жайған торы бар.
Ар жағында жебе бар,
Суырылмайтын дүниеде
Болаттан қаққан шеге бар.
Алпыс аршын қаласы,
Дарбазасының саны алтау,
Бір жағында көлденең
Биік жатқан тауы бар.
Ар жағында дария
Тасып жатқан суы бар,
Бер жағында қалың нуы бар.
Келе ме екен шамаңыз?
Аз ғана кісі, сұлтаным,
Өзіңіз ойлап қараңыз.
Аз ғана емес, елі мол,
Қиындығы оның – сол.
Байлаулы аты бағында,
Көлігі оның қолында.
«Жау талабын етем, – деп, –
Жауға көніп не етем?» – деп, –
Жинаулы тұр ерлері,
Мықты төре, бектері,
Өте биік жерлері,
Көп болған байтақ елдері.

Сонда Мұса хан сөйледі:
– Аттанып шықтық ер, – деді, –
Білдік енді, кел, – деді.
«Білмеймін», – деп ойлама,
Жауменен жүріп, ойнама.
Көрсеңіз жауды асуға
Ойламаңыз қашуға.
Жау көрінсе, алыңыз,
«Алла!» деп ұран салыңыз.
Алармыз оның қаласын,
Көрерміз қалмақ шамасын.
Қайғы салма сен, – деді, –
Ақылсыз, бала, сен, – деді.

«Ноғайлы аттанып келе жатыр» деген хабарды естіген Қосым: «Мың кісі әскермен қарауылға шығып қарайық, көрсек, жақын барайық», – деп, Мұса ханның алдынан шықты. Мұса: «Көрейін, шамасын білейін», – деп, бір мың әскерге қарама-қарсы жүрді. Сонда Қосымның айтқаны:

– Мен – бір осындай ер, – деді, –
«Алысырақ жерден
Жалғыз-ақ ноғай келед», – деп, –
Көріп тұрмын мен, – деді, –
Ноғайдың көрдім бастығын,
Жер қылармын жастығын.

Қасындағы жолдасқа:
– Жаман айтпай, жақсы жоқ,
Кейінірек тұр, – деді, –
Алай-бұлай мен болсам,
Артымдағы қалмаққа
Барып хабар, сал, – деді, –
Сосын келіп, ноғайлының да басын ал, – деді.

Сонда Мұса хан да қасына бір кісіні ертіп, Қосымның жанына жетіп келеді:

Сендер кейінірек тұрыңыз,
Мен жақындап барайын,
Кім екен? Бұдан хабар алайын.

Мұсаның қасындағы жолдасы Берді деген кісі еді. Содан соң Мұса Қосымға сөйлей бастады:

– Байқасам, қалмақ секілді,
Қай қалмақсың сен? – деді, –
Байқап шықтым қалмақты,
«Алайын», – деп қаласын.
Асылымды сұрасаң,
Мен – бір ноғай баласы.
Мекенімді сұрасаң,
Хантөрткіл деген жер еді.
Атам атын сұрасаң,
Ежелден еді ел алған,
Қалмақтан басып кек алған,
Қай қалмақсың сен? – деді, –
Аты-жөнің айт, – деді, –
Білейін сұрап мен, – деді.

Сонда Қосым сөйледі:
– Мен – қалмақ деген ел, – деді.
Атамның аты – Қозан-ды,
Тарттырармын, ноғай, сазаңды.
Қазулы жатқан орым бар,
Жаюлы жатқан торым бар.
Бекітулі қалам бар,
Сен секілді қаңғырған
Ноғайға келер шамам бар.
Оспан деген ағамыз,
Жүдә берік қаламыз.
Қаңғырып қайда барасың?
Сорлы ноғай, сенің де
Неге келеді шамаңыз?
Ноғайлының елінде
Ежелден жатқан кегім бар,
Айтайын деген кебім бар.
Ноғай Мұса сен болсаң,
Саған енді өлім бар.

Сонда тұрып Мұса хан сөз бастайды:

– Әй, Қосым қалмақ, сен, – деді, –
Мұсахан ноғай – мен, – деді, –
Сенің жаның темір болса,
Менің жаным от, – деді, –
Саған енді, қанша да болса,
Бұл Мұса хан жоқ, – деді, –
Ақылың жоқ сен, – деді, –
Не түседі бұл сөзден?
Соғысалық, кел, – деді.

Мұса хан мінген боз еді,
Жер басқаннан озады.
Атының басын бұрады,
Ұрысуға оңтайлап
Әзірленіп тұрады.
Қосымның мінгені кер еді,
Қасарып қалмай,
Ол да жетіп келеді.
Екеуі де оқ алды
«Атайын», – деп кезеніп.
Атқан оғы бірден өтпеді.
Киімінен өтсе де,
Етіне, сірә, жетпеді.
Үстінде бірдей сауыты,
Екеуінің шамалас
Қайратының зауықы.
Бір күн, бір түн атысты,
Ат үстінде алысты,
Ұйықтамай жатысты.
Шыдап ерлер тұра алмай,
Ағарып таң атқанда,
Атқа қамшы салады,
Жағасынан алысты.
Ат үстінде алысып,
Екі батыр қалысты.
Аттарынан түседі
Қасындағы жолдастары
Кейін тұрып қалысты.
Шыдамады, япыр-ай,
Қалмақ тұрып шабысты,
Жақындасып қалысты.
Қалмақ жақын келгесін,
Берді тұрып қарады
Артындағы әскерге.
Аз да болса ноғайлы,
Ол да шыға жапырды.
Екі жақтан әскер келгесін,
Ұлы соғыс болады.
Бір күн соғыс бұл болды,
Екінші күнгі соғыс нағыз шын болды.
Үшінші күн болғанда,
Қалмақ тұрып сасады,
Алды-алдына қашады.
Сонда тұрып Мұса хан
Қосымды артынан қуады.
Таба алмай, іздеп жүреді,
Көк мінген кісі көрінсе,
«Қосым», – деп қуып жетеді,
Оны өлтіріп кетеді.
Қосым кетіп қалаға,
Тұра алмады далада.
Көп әскерді қырдырып,
Қалмақтан болды садаға.
Мұсылманның тұсында
Қалмақ қалды пәлеге.

Сонда Мұса Қосымды іздеп, артынан қаласына барады. Қала ішінен іздеп таба алмағасын, оның ағасы Оспанды іздеді.

Оспан деген ағасын
Іздеді: «Тауып алам», – деп,
Тастады тұрған қаласын.
«Анау Қосым» дегесін,
Қалмақтың көріп шамасын,
Сонда Мұса хан қуады.
Артынан қуып жетеді,
Жеткесін, қайрат етеді.
Қосымдай қалмақты өлтіріп,
Мұса кейін қайтады.
Қосымның алды қаласын,
Қалмақтың көрді шамасын.
Шулатып қайтты баласын.
Мұсадайын хан еді,
Артық туған жан еді.
Нұрадынның баласы,
Болсын ба осал Мұсахан?
Бұл сегіз күн болғанда,
Қосымдайын қалмақтың
Білінді сонда шамасы.
Шулатып алып жетімді,
Қатыны мен баласын,
Жаяу айдап қатынын,
Қасына ертіп барады.
Қосымның жалғыз баласын
Өзінің тұрған жеріне,
Еділ-Жайық бойына.
Боғданың бергі жағасы
Хантөрткілдің басы еді
Мұса ханның салған қаласы.
Ноғайдан жинап ер алған,
Қалмақтан Мұса кек алған,
Мұса атқа мінгесін
Ноғайлы халқы демалған.
Қалмақ Қозан зор болып,
Балалары ноғайдан қырылып, қор болып.
Қосымды ноғай алғасын,
Оспан бекітті мықтап қаласын.
«Көрейін, – маған келсін, – деп, –
Ноғай халқының шамасын».
Биіктігін бұл қылды,
Сексен аршын қаласы,
Қалыңдығын қарашы,
Үстінен арба жүргендей.

«Аз болсын, – деп, – есігі»,
Төртеу еді дарбаза –
«Осы есігім болар», – деп,
Қалмақтар соған жайлаған.
Он екі қатар ор қазған,
Он екі қатар орына
Он екі бірдей тор салған.
Он екі қатар жебесі
Кіл болаттан қағылған.
Тойтармалы шегесі,
Сондай берік қаласы –
Келер ме жанның шамасы?
Ноғайлы деген елдерден
Әскер жинап, аттанды
Мұса хандай ханыңыз.
«Оспанның шәрін алсам, – деп, –
Сол қалаға барам», – деп,
Қатты жүрді тебініп,
Жалмауыздай емініп,
Тұрды сонда шегініп.
Алыс емес арасы,
Алпыс күндік шамасы.
Тек екі айлық жол еді,
Бір мың кісі әскермен
Аттанды Мұса қарасы.
Күні-түні жол жүрді,
Қисапсыз көп, мол жүрді.

«Алыс та болса, – жетем, – деп, –
Жауға бармай, не етем? – деп, –
Қалмаққа қайрат етем», – деп,
Мұса аттанып жол жүрді.
Екі айлық жерге мың кісі
Әскерімен ол жүрді.
Мұса хан артық ер еді,
Ол Оспан шәріне
Мың кісімен келеді.
Шәріге жақын келгенде,
Бір мың кісі әскермен
Алдынан Оспан шығады.
Екі әскер күресті,
Қарсыласып алысты.
Ноғайдан шықты хан Мұса,
Қалмақтан шықты Оспан.

Екеуіне қарасаң,
Қасында бар жолдасы.
Екі хан бірге келгесін,
Енді сөйлей бастады.
Мұсахан сонда сөйледі:
– Танымай тұрмын мен, – деді,
Қай қалмақсың сен? – деді, –
Жауапты бер сен, – деді.

Сонда Оспан тұрып сөйледі:
– Мен – қара қалмақ елімін,
Сол қалмақтың ішінде
Артық туған ерімін.
Әкем аты – хан Қозан,
Төбесі шоқты қалмақта
Белгілі артық ер еді.
Сондай асыл төре еді,
Сонан туған мен, – деді, –
Іздегенім сұрасаң,
Ноғайлы – деген ел, – деді, –
Ноғайлы көрсем, алармын,
Барып, елін шабармын.
«Бұзармын, – деп ойладым, –
Ноғайдың салған қаласын.
Жесірлікке айдармын
Қатыны менен баласын».
Мың кісі шықты әскермен
Мұса ханның елін іздеп табарға
Ұзын өзен, кең тоғай
Мұса ханның елі бар.
Сол тоғайды «кең» деген,
Іздеген оны «мен» деген,
«Алмасам хан Мұсаның қаласын,
Жылатпасам баласын,
Қайратын көрсем бұл» деген,
«Халқым еді көрмеген,
Алмай қойман мен» деген.

Сонда Мұсахан сөйледі,
Сөйлегенде не деді?
– Мекенімді сұрасаң,
Хантөрткілдің басы еді.
Іздеген жауым сұрасаң,
Бұл – Қозанның баласы.
«Алайын», – деп келемін,
Сендей құлдың қаласын.
«Көрейін», – деп келемін
Сендей құлдың шамасын.
Жолдасыңды шақыр сен, – деді, –
Жасқанбаймын мен, – деді, –
Мұса деген ханыңыз, –
«Өлмеймін», – деп, қалмақ, ойлама,
Жұлынады шашыңыз,
Қысқарады жасыңыз,
Кезегіңді бер, – деді, –
Кезектесіп тұрмасаң,
Хабарла, қалмақ, сен, – деді.

Сол уақыт болғанда
Балдағы алтын беренге
Қалмақ та қолды салады.
Ол бір қолды салғанда,
Суырып Мұса да алды найзасын.
Найзасын қолмен салысты,
Атайын десе, жебеге
Мұрсат келмей қалысты.
Екеуіне де қару өтпеді,
Киімінен өтсе де,
Етіне қарай жетпеді.
Өтпегеннің себебі:
Екеуінде сауыт бар.
Өтпегесін қылышын
Қынабына салады.
Ат үстінде екеуі
Жағасынан алады,
Жағаласып қалады.
Екі-үш күндей алысты.
Жағаласты салысты.
Ала құйын шаң болып
Тұрған жері қалысты.
Артындағы Оспанның
Әскері бәрі жиналды.
Ол әскер жақын келгенде,
Артындағы ноғайға,
Бәрі келді қолайға.
Біріне-бірі қарамай,
Алысады екі қол,
Бірін-бірі көргесін,
Шабысты ерлер шыдамай.
Соғыс болды үзілмей,
Жердің үсті шаң болды,
Ала құйын шаңдарды
Көрмеген адам таң болды.
Кім екенін білмейді,
Ұрысқасын сабалап,
Бастары жатыр домалап.
Ұрысқан әскер тап болып,
Бір замандар болғанда,
Басылды шаңдар сап болып.
Шыққан шаңын қараса,
Қалмақ шіркін таусылып,
Сай-салаға жалпақтап
Қалмақтың көбі кетіпті.
Екі жүз кісі ноғайдың
Басы жерге жетіпті.

Көрінді сонда қарасы,
Жүз кісідей бар екен
Ноғайдың етіне тиген жарасы.
Мұса хан сонда ақырды,
«Жоқ болды, – деп, – қалмақ,
Қаптаңыз, – деп шақырды,
Қыралық, – деп, – кәпірді».
Бүлінген қалмақ ел екен,
Елдерінің қамын жетікүндік жер екен.
Өшігіп жүрген батыр-ай,
Қашқан екен кәпір-ай,
Әуелі жетті Мұса хан
Жапа-жалғыз, апыр-ай.
Мұса хан мінген боз еді,
Көп әскерден озады.
Жапанда жалғыз барады
Оспанның салған шәріне.
Бұл қалмақтың сол жерде
Лаң тиді бәріне.
Жеткенінше Мұса хан
Қалмақтың бәрін қырады.
Он екі қатар қазған ордан
Ат қарғытып өтеді.
Он екі қатар жебе еді,
Жебені аттап, талқандап,
Оны бұзып кетеді.
Сексен аршын қала еді,
Дарбазасы темірден,
Мықтап салған жай еді.
«Ашық еді есік, – деп, –
Ер жігітке жаудан өлмек – несіп, – деп, –
Алармын, – деп, – Оспанның
Сондай шауып қаласын».
Сексен аршын қалаға
Мұса хан кіріп кетеді.
Артынан қуып, жалғасып,
Ноғайлының ерлері де жетеді.
Келген ерлер қоя ма,
Жарағы қанға тоя ма?

Он екі күн соғысты,
Қалмақ пен ноғай тоғысты,
Он екі күн болғанда,
Бас көтерген ірісін,
Тастап уақ сірісін,
Сонда шығып, ол Оспан
Тұрған екен қалаға.
Оспандайын ханыңыз
Қарсы шықты алдынан.
Ұрысуға шамалап
Қатыны мен баласы.
Жөнелді-ау қалмақ, шамасы.
Сонда ноғай ер еді,
Ноғайдан келген жүз кісі,
Біреуі Мұса хан еді.
Бәрі де бір, біреуі –
Мың кісілік деген жан еді.
Сонда тұрып ерлерің
Салды қатты соғысты.
Ол қаланың ішінде
Қалмақ пен ноғай тоғысты.
Ол қамалдың ішінде
Үш күндейін ұрысты,
Бірін-бірі қырысты,
Қалмақты тауысып болғасын,
Кідіріп ноғай тұрысты.
Мұса хан алды, өлтіріп
Қозанның екі баласын,
Шулатып қатын-баласын,
«Екі шәрін шаптым, – деп, –
Енді елге кетем», – деп.
Мың кісі шыққан қалмақтан
Үш жүз кісі өлінді,
Өлгендігі білінді.
Ағайды қалмақ қаласы,
Қатыны мен баласы,
Қалған екен сірісі.
Айдады сонда Мұса хан
Енді қалған тірісін.
Қозанның алды екі қаласын,
Өлтіріп екі баласын.
Мұса хан таққа мінгесін
Қалмақтың көрді шамасын,
Танытты сөйтіп шамасын.
Мұсылман қылды енді
Қалған тірісін.

«Олжа болды мұндай», – деп,
Мұсаң алып келгесін,
«Тағы жүрер жер болса,
Аттанайық біз», – деп
Ноғайлар ойлады.
Мұса хан елге келгесін,
Демін алып болғасын,
Қалмаққа тағы аттанды.
Сонда ноғай халқы жиналды:

– Ажалды адам қайда жүрсе-дағы өледі. Мұса хан алып келген дүниенің шеті жоқ. Біз де Мұсамен бірге аттанайық, – деді. Сонда Мұса Асанәзір ханның еліне аттанатын болды. Үш ай – тоқсан күндік жол еді. Оның мекен еткен елі – Оқ Балқан деген жер.

Ол үш айлық жер еді.
Мұсахан мінген боз еді,
Бұл тұлпардың өзі еді.
Бұрын тек бір сауытпен
Соғысқанда жүретін.
Сауытының сырты шарайна,
Оны тағы киетін.

Сонда үш айлық жолға аттанып кетеді көп әскермен.

Арасы алыс құм еді,
Бер жағы жатқан шың еді,
Бір жағы дария су еді.
Күні-түні жол жүрді,
Қисапсыз жолда мол жүрді,
Бір күндері болғанда,
Көрінді елдің қарасы,
Ол қара – бес жүз кісі
Қалмақ екен қарауылда
Жатқан, шамасы.
Қарауылда ол кісі
Көп әскерді көреді.
Асанәзір бас болып,
Жүз кісі алып қасына,
«Баралық», – деп хабарға,
Онан хабар аларға,
Төрт жүз кісі бұл қалмақ
Артынан жүріп барады.
Қарап жүріп көреді,
«Білейін, – деп Асан жүрді, – шамасын»,
Мың кісінің ішінде
Мұса хан да бір жүрді.
Елу кісі қасына алып,
Екеуі қарсы келісті.
Ілгері шығып Мұса хан,
Екі хандар кез болды,
Енді айтатын сөз болды.

Сонда Асан хан сөйледі.
Сөйлегенде, не деді?
– Мен бір қалмақ деген ел едім,
Етек-жеңім кең едім,
Қашаннан жатқан ел едім.
Берік еді қаламыз,
«Келер, – деп ойлаймыз, –
Мұсылманға шамамыз».
Деуші едік: «Ноғай халқына
Қашан барамыз?»
Отыр едік қамалып
Балқан суының басында,
Дарияның қасында.
Қай халықсың сен? – деді, –
Сұрасалық, кел, – деді.

Сонда Мұса хан сөйледі:
– Асылымды сұрасаң,
Дінім – ислам баласы.
Мен – ноғай деген халықпын,
Мұсылман кәміл баласы.
Менің атым – хан Мұса –
Нұрадынның баласы.
Асылымның несін сұрадың?
Мұсылман кәміл ел едім,
Жасқанатұғын мен емес.
Білемісің сөзімнің
Осы жерде санасын?
Қаза айдаған сормаңдай,
Қалмақ, қайда барасың?
Білмеймісің ноғайдың
Қандай қайрат шамасын?
Білмеймісің жеріңнің
Алыс-жақын арасын,
Алмай қойман мен, – деді, –
Біз бір бөлініп шыққан ел, – деді, –
Қайратымды қарасаң,
Ендігі жерде көр, – деді, –
Қапы қалма сен, – деді, –
Ішіңдегі еріңді
Бәрін жинап кел, – деді.

Сонда Асанның айтқаны:
– Мен – қалмақтың ханымын,
Артық туған жанымын.
Іздеуші едім: «Ноғай, – деп, –
Алуға жақсы, оңай, – деп, –
Тапсаңыз, іздеп баралық,
Ноғайды іздеп, солай», – деп, –
Ноғай болсаң сен, – деді, –
Кезегімді бер, – деді, –
Кезектесіп әуелі
Ұрысалық, кел, – деді.

Мұса хан тұрды кідіріп:
– Ата бер, қалмақ, сен, – деді, –
Жасқанбаймын мен, – деді, –
Сұрадың-ау кезекті,
Жасың үлкен болғасын,
Зұлым қалмақ, сен, – деді, –
Ата бер, қалмақ, сен, – деді.

Толайына қалмақ қол салды,
Есепсіз қылып мол салды.
Әуелі атайын дегенде,
Қозы жауырын оқ алды.
Атып еді, өтпеді,
Киімінен өтсе де,
Етіне қарай батпады.
Және тұрып, берен деген оқ алды,
Оны тартып тағы алды,
Тартып қалса ол оғы,
Онысы да өтпеді.
Киімінен өтсе де,
Етіне қарай жетпеді.
Сонда тұрып қалмағың
Тағы атайын деп оңталып,
Сауыт бұзар оқ алды.
Салып алып қорамса,
Оны да тартып бұл қалды.
Бұл оғы да өтпеді,
Етіне қарай кетпеді.
Сауыты мен шарайна
Онан әрі батпады.
Сонда тұрып қалмағың:
– Бердім кезек мен, – деді, –
Ата бер, ноғай, сен, – деді.
Мұсаханың қарады:
«Осында бар-ды сауыт», – деп, –
Сауыт бұзар оқ алды,
Мұнан бұлай өткір оғы жоқ еді.
Он екі қатар оқ алды,
Қорамсаға салғасын,
Көздеп тұрып ол оқты,
Мұсахан сонда қалмаққа
Бір ауыз жауап айтады.

Сонда Мұсахан сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді?
– Атамын, қалмақ, мен, – деді, –
Енді өлесің сен, – деді.

Он екі тұтам оқ алды,
Мұнан өткір оғы жоқ еді.
– Өлдің, қалмақ, сен, – деді, –
Атың басын тарт, – деді, –
Жолдасыңа бар-дағы
Қатының мен балаңа
Арызыңды айт, – деді.

Сонда Асан хан сөйледі:
– Мынау тұрған, ноғай, сен, – деді.
Сенен өлмен мен, – деді.
Қолыңнан келсе, аяма,
Өлтіре бер сен, – деді.
Үзеңгіні тебініп,
Мұса хан тұрып оқ атты,
Жұмсады қатты болатты.
«Жұтқыншақтан өтсін, – деп, –
Мойнын үзіп кетсін», – деп.
Атқан оғы өтеді,
Мойнын үзіп кетеді,
Басы жерге жетеді.
Өлді енді ханыңыз,
Кетті енді сәніңіз,
Артындағы көп әскер
Бәрін бірдей жапырды.
Әскер де қатты шабады,
Болғанын біліп зор істің,
Артындағы көп кісі
Мұсаның да шабады.
Мұсаның елу жолдасы
Қалмақпен араласып қалады.
«Алла!» – деп ұран шақырып,
Мұсахан да айғай салады.
Көп кісі келіп ұрысып,
Араласып қалады.
Қалмақтар да ер еді,
Бөлініп шыққан өңкей бөрі еді.
Отырғанда үйінде:
«Бір-біріміз боламыз-ау
Мың кісіге», – деп еді.
Отырғасын басында,
Мақтанады бейшара
Ауылдардың қасында.
Болды қызық осындай.
Екі күндей ұрысып,
Қаптаған шаң басылды.
Күннің көзі көрініп,
Төңірегі ашылды.
Мың кісілері бытырап,
Бұл қалмақтар шашылды.
Қашқан екен қалмақтар,
Тұра қалмай сандалып,
Көлденең тауды жағалап.
Әрбір тастың түбінде
Біреуі тұр паналап.
Сондай-ды қалмақ ер еді,
Қуумен қалмақты
Өз шәріне келеді.

Оқ-Балқан – деген биік тау,
Араласып болғасын
Үлкен ұрыс сол жерде,
Қашқан жауды қояды.
Жарағы қанға тояды.
Қашқан жауды алғанша,
Талқандап шәрін болғанша,
Мекен қылған жер еді.
Қашаннан бері жау көрмей,
Тыныш жатқан ел еді.
Тоғыз күннің ішінде
Елді жиып алады.
Шамалы қалған қалмаққа
Қарамады Мұса хан.
«Қайталық енді елге», – деп,
Мұса хан хабар салады,
Мұса хан тұрып қарады:
Кімдер бар да, кімдер жоқ?
Мың кісінің ішінен
Үш жүз елу кісісі
Сол жерде өліп қалады.
Мұса хан сол уақытта:
«Алпысқа жасым толды, – деп,–
Қоятын шағым болды, – деп, –
Ендігісін өзі біледі
Кейінгі туған балалар».
Мұса хан елге барғасын,
Өлгендердің үйіне,
«Мынау тұрған – дүние», – деп,
Баршасына бөліп береді.
Мұса ханның үш барып,
Жау алған жері осы еді.

 

 

 

 

 

 

 

ОРАҚ, МАМАЙ

Мұса ханның бәйбішесінен туған екі баласы бар еді. Орақ пен Мамай деген. Далада асық ойнап жүруші еді. Ыстық болса, күймейтін еді, суық болса, тоңбайтын еді. «Қарным ашты», – деп үйге, сірә, тұрып бармайтын еді. Ұйықтағанда алты күн ұйықтайтын еді.
Қозан деген қалмақтың ханы үш жүз кісі әскер аттандырды: «Аңшыбайдың тұқымынан маған адам ұстап әкеліп беріңдер», – деп. Үш жүз кісі әскер ұйықтап жатқан екі баланың үстіне келді, ауылдан аулақ еді.
Ноғайлар айтушы еді: «Мұса ханның баласы қаңғыбас болды, адам болмайды», – деуші еді. Мұса хан сыншы хан еді, баласының жақсы болатынын білуші еді. Үш жүз кісі келіп, ұйықтап жатқан екі баланы найзамен түртіп оятады. Оянғанда, Орақ түсі жаман болғасын, жылап қоя берді.
– Не қылып жатқан баласың? – деп, қалмақ сұрай бастайды.

Сонда Мамай сөйлей бастады:
– Жылама, Орақ, жылама,
Жыламай, көңілің тына ма?
Атаңа нәлет, ит қалмақ,
Дегеніңді сенің қыла ма?
Арғы атамды сұрасаң –
Ала тайлы Аңшыбай.
Бергі жағын сұрасаң –
Баба түкті Шашты Әзіз.
Бергі атамды сұрасаң –
Парпария сұлтан хан еді.
Тоқсан баулы ноғайлы
Билеген артық жан еді.
Бергі атамды сұрасаң –
Құттықия бек еді.
Бергі жағы – Едіге,
Ежелден артық ер еді.
Төбесі шоқты қалмақты
Талай сүйреп жеп еді.
Төбесі шоқты қалмақты
Қойға салып, құл қылған.
Шәрін бұзып, ұн қылған,
Бергі атамды сұрасаң –
Халық билеген Нұрадын,
Нұрадын таққа мінгесін,
Ноғайлының берген мұрадын.
Асылымның несін сұрадың?
Өзімнің әкем – хан Мұса,
Мұсаның анау қаласы,
Мен – Мұса ханның баласы.
Менің атым – хан Мамай,
Қасымдағы – Орағым,
Өзімнің егіз қарағым,
Көк аланың көзімін,
Өшпенді жаудың өзімін,
Қайтпайтын қара болатым,
Сермесе, кеспей қалмаған.
Асық ойнап мен шықтым
Балалықпен далаға.
«Барамын» десең, ал – анау
Мұса тұрған қалаға,
Білгеніңді ете бер
Жалаңаш тұрған балаға.
Сонда қалмақ қарады:
«Құдай бізге берді, – деп,–
Алатын кезек келді, – деп, –
Қаласы құрысын, не етем? – деп, –
Қозанға алып кетем», – деп,
Орақ пенен Мамайды
Ат көтіне салады,
Мінгестіріп алады.
Алып қалмақ жөнелді,
«Көрмеймін, – деп, – қаланы»,
Олжа көріп баланы.
Қозанға жақын келгенде,
Екі кісі оздырды.
«Сүйінші сұра сен, – деді.
Аңшыбайдың тұқымынан
Екі кісі ертіп
Алып келеміз біз», – деді.
Сонда Орақ жылады:
– Хан алдына барғанда,
Не деп жауап береміз?
Жалаңаяқ, жалаңбас,
Келе жатырмыз біз, – деді.
Сонда Орақ жылайды.
Мамай тұрып сөйледі:
– Болса да, қалмақ жан шығар,
Ол да шешесінен туғанда,
Бала болған жан шығар.
Ойнаған шығар далада,
Қосылған шығар балаға.
Қалаға жақын келгесін,
Қозан биікте тұр еді,
Төмен түсіп келді қасына.
Сонда Қозан сөйледі:
– Жап-жалаңаш баласың,
Жарқыным, қайда барасың,
Айтшы, білейін ата-анаң?

Сонда Мамай толғай бастады:
– Атамның аты – Аңшыбай,
Ұсынғанын жазбаған.
Қойы мыңнан қоздаған,
Сары інген жүзден боздаған.
Тоқсан баулы ноғайда
Ерлік пен билік озбаған.
«Көшінің сәні болсын» деп,
Жүз нарға жүгін арттырған.
«Мұның сәні болсын» деп,
Жібектен арқан тарттырған.
Сен секілді құлдарға
Қаңғытып жылқы бақтырған.
Атынан түсіп келгенде,
Есіктен отын жақтырған.
Бергі жағым сұрасаң –
Баба түкті Шашты Әзіз
Керемет қонған пір еді.
Ұлсыздарға ұл берген,
Қызсыздарға қыз берген.
Тарығып жатқан пақырдың
Қолынан тартып,
Қолтығынан сүйеп демеген.
Бергі жағым – Парпария
Тоқсан баулы ноғайды
Ақылымен билеген,
Дұшпанға кегін бермеген.
Адырнасын қолға асып,
Жарағын жауға сермеген.
Бергі жағым сұрасаң –
Құттықия бек еді,
Артық туған ер еді,
Асыл туған төре еді,
Онан туған Едіге
Қыл жалаулы қалмақты
Талай сүйреп жеп еді.
Бергі атам – Нұрадын,
Нұрадын таққа мінгесін,
Ноғайдың берген мұрадын.
Ақылсыз туған сен, қалмақ,
Асылымның несін сұрадың?
Өзімнің әкем – хан Мұса,
Менің атым – хан Мамай,
Қасымдағы – Орағым,
Өзімнің егіз қарағым,
Қайнарлы қара болатым,
Сермесе кеспей қалмаған.
Жеті атадан ер еді,
Кек жібермей, арлаған.
Асылымның несін сұрадың?
Көк аланың көзімін,
Өшпенді жаудың өзімін.
Балалықтың зарпынан
Жалаңаяқ, жалаңбас,
Қолыңа түстім жалаңаш.
Тап келді қалмақ балаға,
Бармады көрініп тұрған қалаға.
Қалмақ ата, сен, – деді, –
Қолыңа келдім мен, – деді.

Сонда Қозан: «Енді бұл екеуін де зынданға апарып салыңыз», – деді.
«Қозанды шабам», – деп Хиуаның ханы Бозұғлан деген патша аттанып келген екен. Сол Бозұғланның аты орға жығылып, өзі қолға түсіп қалған екен. Апарып Бозұғланның үстіне екі баланы зынданға салған екен. «Орақ пен Мамай екеуі де зынданға түсті», – деген хабарды Қозанның қызы Қарахан естіп, арзу болған екен. Күннің көзі батқасын, кісінің алды жатқасын, қасында қырық қызы, зындан аузына жүгіріп Қарахан сұлу барады. Зындан аузында отырып, Қарахан сұлуың сөйлей бастайды:

Ораққа: «Мұнда кел, – деді, –
Дидарыңды көрейін мен, – деді, –
Бар болсаң, Мамай, сен, – деді, –
Ортаға бері кел», – деді.

Сонда Мамай ортаға келіп сөйлей бастады:

– Қарахан сұлу сен, – деді,–
Хан баласы болсаң да,
Ақылың сенің кем, – деді, –
Жалаңаяқ, жалаңбас,
Қолға түстім тырдай жалаңаш.
«Киейін» десем, киім жоқ,
«Сатайын» десем, тиын жоқ.
Менен басқа ғаріп жоқ.
Мені қайтып көресің,
Қараңғы тастай, жарық жоқ.

Сонда Қарахан қасындағы қыздарға:
– Бір сағаттан қалдырмай жағатын шам, киетін киім, ішетін ас әкеліңіздер. Осының бәрін бар болса, шаһардан табыңыздар, – деп бұйырды.

Сонда қыздар жүгірді,
Біреуі қалмай шұбырды.
Қарахандай сұлуың
Құдықтан кетпей кідірді.
Құдыққа шамды салады,
Іші жарық болғасын,
Орақ пенен ер Мамай
Ортаға келіп қалады.
Жауырыны қақпақтай,
Шекесі еді тоқпақтай,
Көзі шамдай жайнаған.
Қарахан сұлу қарады,
Мамай сонда ол қызға
Қалай да болса жарады.
Жағарына шам берді,
Жейтін нан берді,
Жамылуға киім берді.
«Келе алмаймын күндіз мен, – деді.
Керегіңді ойлап айта бер,
Мамай, сен, – деді, –
Келе алмаймын қасыңа.
Егер күндіз мен келсем,
Береді қорлық басыма».
Бар жауабын айтады,
Айтып болып жауабын,
Қарахан сұлу енді
Үйіне қайтады.
Орақ пенен ер Мамай
Зынданда жатып қалады.

Бір күндері болғанда, бір қарлығаш келіп, сол зынданға ұялап, жұмыртқалайды. Соны балапан қылып, өсіріп, ұшырып жібергенде, Орақ отырып, жылады. Жылап жүріп, былай жырлады:

– Біз келгенде жоқ еді,
Ақ жұмыртқа, сары уыз,
Балапан ұшып, құс болды.
Жеті менен сегізде
Мынадай заман тұс болды.
Мұсылманда бар ма екен
Мұндай болып зарыққан?
Құбыладан жел шығып,
Естілер ме екен дауысым
Елдегі ата-анаға,
Іні менен ағаға,
Қатар жүрген жеңгеге?
Есім кетіп мен деген,
Енді неміз қалды өлмеген,
Қорлық бар ма мұнан басқа көрмеген?
Сонда Мамай сөйлейді:
– Асыл туған Орағым,
Жылама енді, қарағым.
Жорға таңдап мінерміз,
Торқа таңдап киерміз,
Аға менен жеңгенің
Алдында ойнап-күлерміз.
«Орақ, Мамай» атанып,
Ел ішінде жүрерміз.

Мамай осы сөзді айтып болғанда, қасынан бір шал кетіп бара жатып, айнала тұра қалып, құлақ салып тыңдады.

Жасы үлкен шал еді,
Қозандайын патшаға
Қадірлі жүрген жан еді.
Қайта барды патшаға:
– Орақ пенен Мамайдың
Сөзі жақсы бұзық, – деп,–
Жауаптары қызық, – деп, –
Мамайдың сазын естіп
Қалдым мен, – деді, –
Алдыңызға алдырып, тақсыр,
Соны естіп көріңіз, – дейді.
Сонда Қозан патша сөйледі:
– Мамайға сен бар, – деді, –
Біздің Берен шайырмен
Айтысар ма екен ол? – деді, –
Егер Берен шайырмен
Айтысып, жеңсе, екеуін
Жіберелік еліне, – деді.

– Егер Берен шайырды жеңбесе, өлтіріп, жоқ етейік. Құр зынданды ластатқанша, өлтіріп, жоқ қылайық, – деді. Сонда әлгі шал келіп, Мамайды шақырды:
– Бізде Берен шайыр бар, сонымен сен айтысасың, – деді.
Сонда Мамай тұрып:
– Берен шайыр емес, Қозанның өзімен де айтысуға қорықпаймын. Бірақ мен жолдасымды тастап кеткен жан емеспін. Бұл зынданнан шықсам, жолдасымды бірге алып кетемін. Бар, Қозанға айт, – деді. – Мен жолдасымды тастап кеткен тұқым емеспін, – деді.
Сонда шал Қозанға келіп айтады. Қозан:
– Мамай бір кісі түгіл, мың кісі ертіп кетсе де, ықтиярлы, – деді.
Сонда Берен шайырға хабар жібереді: «Келіп жатқан ноғаймен айтысасың», – деп. Берен шайыр жылжыған жорғамен пар жегіп, арбаменен, қасына жүз қыз, жүз жігіт, жүз келіншек, яғни үш жүз кісімен Қозан патшаның ордасына келіп түсті. Орақ пен Мамайдың екі қолын байлап келді.

Жап-жалаңаш айдап келді,
Бозұғлан патша еріп келді.
Алтын жыға басында,
Баланың келді қасында.

Сонда Берен шайыр сөйлей бастайды,
Екі бірдей ноғайға:
– Ноғайлы келді оңайға,
Өлетұғын қолайға.
Шығарма, ноғай, үніңді,
Кесермін сенің тіліңді,
Жұлармын сенің шашыңды,
Қысқартармын жасыңды.
Біздің Қозан патшаның
Он екі қатар оры бар.
Он екі ордың ішінде
Жаюлы жатқан торы бар.
Бер жағында жебесі,
Болаттан қаққан шегесі.
Ақылсыз ноғай, қарашы,
Келер ме жанның шамасы?
Отыз аршын қаласы
Екі арба қабат жүргендей,
Қалыңдығын қарашы.
Төрт дарбаза салулы –
Қақпасы оның темірден.
Талай ноғай қаңғырып,
Жер ортада қалулы.
Айдын шалқар көлі бар,
Көл ішіне қарасаң,
Мамыр қаз бен қуы бар,
Жағалай қалың нуы бар.
Қалың нудың ішінде
Аю менен пілі бар.
Қалмақтың мұнда қоры бар,
Қолға түскен ноғайдың
Маңдайының соры бар.
Дорба салып мойныңа,
Жерден тезек аларсың,
Серке, тана бағарсың,
Есікте отын жағарсың,
Сөйтіп өлмей қаларсың.
Білесің бе, сен ноғай,
Қаңғырып келген шамасын,
Ат артына мініп келген баласың.
Ақылың жоқ, сормаңдай,
Меніменен айтысып,
Неғылып атақ аларсың?
Сонда Мамай сөйлейді:
– «Балам, балам» дей берме,
Сенің балаң мен емес,
Менің әкем сен емес.
Ер жігіт тая шала ма,
Желге кетер жан үшін,
Жерге тамар қан үшін,
Қатын менен бала үшін,
Қарындас, халық қамы үшін?!
Атам еді Аңшыбай
Егескен жерден кек алған,
Ноғайлы халқым дем алған.
Баба түкті Шашты Әзіз –
Сыйынатын піріміз.
Парпариядай ханымыз –
Кеудедегі жанымыз.
Құттықия – бегіміз,
Едіге сұлтан – еріміз.
Қашаннан едің сен, қалмақ –
Келе жатқан шайнап жеміміз.
Бергі атам – Нұрадын,
Нұрадын ұлы – Мұса хан.
Мұса хандай әкеміз
Қозанның шапқан екі қаласын,
Өлтіріп еді Қозанның
Оспан, Қосым баласын.
Мықты болсаң, қайда едің?

Ала алмадың кегіңді.
Тыңда менің кебімді.
Он екі қатар қазған ор,
Ат қарғытсам, өтермін,
Он екі қатар жебеңді,
Атсам, талқан етермін.
Суалтармын айдын көліңді,
Ішінен ұстап алармын
Мамыр қаз бен қуыңды.
От жіберсем, өртермін
Жағалай шыққан нуыңды.
Қолыммен ұстап алармын
Аю менен піліңді.
Ат-жарағым бар еді,
Қырар едім өзіңді,
Тыңдар едім айтқан сөзіңді.
Асық ойнап жүр едім
Балалықпен далада.
Қорыққаннан бармады
Аттанған әскер қалаға.
Қолыңнан келсе, аяма,
Жасқанып бала қала ма?!
Асылы сонда ер еді,
Қыран құстай шарлаған.
Сен секілді қалмақтың
Талайын алып, қорлаған.
Балалықпенен, не етейін,
Ондай заман болмаған.
Мен – ақсұңқар құстың баласы,
Қанатын қақпай қу алған.
Мен қаһарланып ұмтылсам,
Тасыған дария суалған.

Сонда Қозан патша қасындағы отырған көп халықтан сұрады: – Мұның қайсысын «айтқыш» деп білеміз? – деп.
Сонда отырған көп жұмыла халық:
– Біздің Берен шайыр – айтқыш, – деді. – Жерді, суды қалай мақтайды? – деді.
Сонда Қозан хан айтты:
– Біздің Берен шайыр айтқыш емес, мен дүниені жаратсам, өз қолымнан жасаттым, менің мұсылманға істеген қайратымды айтсын. «Ер» десең, мына тұрған Мұса ханның екі баласын айт. Мен «Аңшыбайдың тұқымынан адам ұстап әкеп беріңіз», – дедім.

– Екі балам өлгесін,
Бүлініп екі қалам қалғасын.
Бармапты қорқып қалаға,
Тап келгесін екі бірдей балаға.

Бұлар аз ғана ноғай ғой, қолынан түк келмейтін. Астына ат, жанына азық беріңіз, кетсін, жеріне барсын. Біздің қалмақ ноғайды, қайдан да болса да іздеп табар, – деді Қозан патша.
Сонда Орақ пен Мамайға, Бозұғлан патша – үшеуіне ат беріп, жеріне жіберетін болды. Сонда Орақ тұрып сөйлейді:

– «Аз ғана ауыл» дедің бе,
Атаңа нәлет, қалмағым?
Кәрленсем, хабар салармын
Қырық таңбалы Қырымға,
Он екі баулы Ұрымға.
Шамдансам, хабар салармын
Шам шәрі мен Мысырға.
Және хабар салармын
Балықты мен Бадақшанға.
Кәрленсем, хабар салармын,
Хиуа мен көне Үргеніш –
Бәрінен де әскер алармын.
Талқандармын қалаңды,
Шулатармын балаңды,
Кетірермін, сөйтіп шамаңды.
Осы сөзге жетермін,
Жалғыз қызың Қарахан
Мамайға қатын етермін!
Осынымды етпесем,
Атадан туып не етермін.
Байдың қойын бағармын,
Есігінде отын жағармын
Қапы қалма сен! – деді.

Бозұғлан менен ер Мамай –
Үшеуі шығып жөнелді.
Сонда үшеуі үш қонып шыққасын,
Бозұғлан патша сөйледі:
– Асыл туған Мамай хан,
Бұл сөзіме құлақ сал.
Менің жерім – көне Үргеніш,
Хиуа шәрінің ханы едім.
Орға атым жығылып,
Ұстауда қалған жан едім.
Енді қашан келесің?
Қозанның салған қаласын
Екеуміз бірігіп көрейік
Бұл қалмақтың шамасын.
Біздің елді сұрасаң,
Он екі күндік жер еді,
Келетін күнің кес, – деді, –
Әскер жинап, сол күні
Келтірейін мен, – деді.
Сонда Мамай сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Әй, Бозұғлан, Бозұғлан,
Халық ұстар хан, – деді, –
Халқыңнан асқан сен, – деді, –
Тірі болсаң дүниеде,
Үш айдан қалмай кел, – деді.
Сонда Бозұғлан патша:
– Айтқан сөзің жөн, – деді, –
Ақылың кең, мол, – деді, –
Қияметтік екеуміз дос болайық,
Мамайым, қолың енді бер, – деді.

Сонда екеуі дос болып айырылады. Мұса ханның шәріне қарай қырық батыр жөнеді. Келгеннен соң Мұса ханнан сұрады:

– Халық ұстаған ханымыз,
Көпті көрген жанымыз,
Орақ пенен Мамай жоқ.
Екі бала бірдей қалай жоқ?
Көзімен ноғай көрген жоқ,
Қолынан ұстап көмген жоқ.
Аманатын сөйтіп берген жоқ,
Орақ, Мамай келген жоқ.

Сонда Мұса хан сөйледі:
– Қырымның байтақ ері еді,
Келесіз бе сен, – деді. –
Жасы жеткен қартыңыз,
Елде болған біз, – деді. –
Қозанның өлтіріп екі баласын,
Шапқыладым екі қаласын.
Жетпіске жасым толғанда,
Көзімнің нұры азайып,
Енді үлкендік болулы.
Шыға алмай тұрмын далаға,
Арзу болып мен тұрмын
Орақ пенен Мамайдай
Екі бірдей балаға.
Артық, асыл ерлерім,
Жиналған өңкей билерім,
Орақ пенен Мамайды
Қозан ұстап алған-ды,
Тар зынданға салған-ды.
Көздері қатты жаудырап,
Зынданда жатып қалған-ды.
Қозанды іздеп барсаңыз,
Шығарарсыз екеуін,
Қозанның шәрін алсаңыз.
Бұрынғыдай әлім жоқ,
Көретұғын көзім жоқ,
Есептеп айтар сөзім жоқ.
Алыс болса, жетіңіз,
Басқа жерден іздемей,
Қозанды іздеп кетіңіз.
Керек болса бұл дүние,
Толып жатыр ол, – деді, –
Азық-түлік керек пе?
Біздің малдан ал, – деді, –
Дүниеге қолың сал, – деді, –
Орақ пенен Мамайдан
Аямаймын мен, – деді, –
Барамын десең, ер, – деді, –
Керегіңді ал, – деді.
Сонда Алау батыр сөйледі,
Сөйлегенде не деді?
– Тілімді алсаң, батырлар,
Ханға көзді салмаңыз,
Бір тоқтысын алмаңыз.
Халықтан дүние алайық,
Қозанның шәріне
Енді барып қарайық,
Мұсадайын хандардың
Рас болар бұл сөзі.
Алыс-жақын болжамай
Қалатын болар бұл көзі.
Көп дұшпанды не қылсын,
Жапанда жалғыз бұл өзі.
Баралық оған біз, – деді, –
Көрдің бе, ерлер, сіз, – деді.

Алаудың айтқан сөзі мақұл, – деді.
Елінен азық алады,
Шабуылды салады.
«Кетейін» деп батырлар,
Шәріне Қозан жөнелді.
Орақ пен Мамай жеті күн
Ол Қозаннан шыққанда,
Алдынан батырлар келеді.

Қарсы жетіп келгенде, Жаңбыршыұлы Телағыс батыр сұрады:

– Екі бірдей баласың,
Жарқыным, қайда барасың?
Азығың жоқ, атың жоқ,
Беліңде қару, затың жоқ.
Біз ноғай деген ел едік,
Ноғайлыдан бөлініп,
Шыққан өңкей ер едік.
Қозандайын қалмақтың
«Жерін тапсақ», – деп едік.
«Мұсадайын хандардың
Орақ – Мамай баласын
Қозан ұстап алды-ау», – деп, –
Іздедік соның қаласын.
Ноғаймыз сонда, – дегенде,
Орақ жылап жіберді.
Мамай сөйлей бастады:
– Бәрің де үлкен ағалар,
Ақылға қамал даналар.
Жасың үлкен жақсы аға,
Қолдасалық кел, – деді, –
Қолдарыңды бер, – деді, –
Іздеген Орақ, Мамайың
Қаңғырып жүрген біз, – деп,
Батырлармен қолдасты.

Сонда Мамай сөйледі:
– Қозандайын қалмақтың
Он екі қатар оры бар,
Ор ішінде жайылған
Он екі қатар торы бар.
Он екі қатар жебе бар,
Болаттан қаққан шеге бар.
Сексен аршын қала бар,
Қалыңдығын сұрасаң,
Екі арба қабат жүргендей.
Жеті қабат тағы бар,
Дарбазасы бұл төрттен,
Төрт адам соны бағулы.
Күннің көзі батқасын,
Бекітіп есік жабулы.
Қаласын сондай бекітіп
Қозан залым алулы.
Төрт есіктің аузында
Төрт дарбаза бағулы.
Қарауылы ішінен
Сол қораның бағулы.
Бер жағында
Айдын шалқар көлі бар,
Оның ішінде
Мамыр қаз бен қуы бар,
Жағалай қалың нуы бар.
Аю менен пілі бар,
Қалмақтың сонда қоры бар,
Неше мықты зоры бар.
Біз балалық етпейік,
Елге қарай кетейік.
Ноғайға хабар етейік,
Көп әскерді қолға алып,
Қозанға сонда жетейік.
Мықтылығы осындай,
Келе ме жанның шамасы.
Жасың үлкен, ағалар,
Өзің ойлап қарашы.

Сонда Орақ сөйледі,
Сөйлегенде не деді?
– Асыл туған, хан Мамай,
Айтасың қорқып сен, – деді, –
Мынау тұрған қырық кісі
Әрқайсысы мың кісілік ер, – деді, –
Қорқамыз ба жаудан біз? – деді, –
Қорықсаң, елге жүре бер,
Барып, хабар бере бер
Қатын менен балаға.
Қойшы менен түйеші,
Жаудың болса иесі,
Іздесең, тауып аларсың
Қатын менен баласын.
Қорықсаң, әскер аларсың,
Соларды бағып қарашы.
Асыл туған Ахмет –
Ер Айсаның баласы,
Астыңдағы Тарланды,
Ер болсаң, маған бер, – деді, –
Белге буған көк алмас
Мен беліме салайын.
Қолыңда тұрған ақ сүңгі,
Үстіңде тұрған шарайна
Шешіп, батыр, бер, – деді, –
Белге буған қорамса
Ер қасына ілейін.
Мықты, осалын қалмақтың
Енді барып білейін.
Жүре берсең сен елге,
Дулыға бер, киейін,
Ол қалмаққа тиейін.

Айсаның ұлы Ахмет
Артық туған ер еді,
Ақсүйек туған төре еді.
Үстіндегі шарайна
Белде тұрған ақ балдақ
Шешіп алып, Орақтайын ерлердің
Алдына шешіп салады.
Орақ батыр ер еді,
Қорамсаны бергенде,
Ер қасына іледі.
Ақ сүңгіні қолға алып,
Атқа мініп алады.
«Тәуекел!» – деп аттанып,
Жалғыз кетіп барады
Ол Қозанның еліне
Өзінің көрген жеріне.
Ашылар бұл арасы,
Көрінбей кетті қарасы.
Жалғыз кетіп барады
Мұса ханның баласы.
Шыдай ма жылқы жауырға,
Шыдамайды екен ер бауырға.
Орақ жалғыз кеткесін,
Кешегі көрген жерлерге,
Артынан шығып жөнелді,
Суыт шығып хан Мамай.
Ашылды ердің арасы,
Енді ерлерге болды тамаша,
Артынан жүрді Ахмет –
Ер Айсаның баласы.
Онан соң жүрді ер Алау,
Ерлерге түсті бір қалау.
Қырымның қырық батыры
Бәрі бірдей жиналды.
Іркілмеді, япыр-ай,
Орақ кетіп қалғасын,
Қозан тұрған қалаға.
«Қиындық түсіп қалар, – деп, –
Орақтай туған балаға».
Ерлердің бәрі жапырды,
«Барайын, – деп, – Қозан салған қалаға».

Сонда Қозан адамы биікте қарауылда тұрған екен. Төмен түсіп, еліне хабар берді. «Бір қара келе жатыр. Жақындап келгенде дарбазаны ашыңдар. Соған ұстап жабыңыз. Көп кешікпей-ақ зынданға салыңыз», – деді Қозан патша.

Он екі қатар қазған ор
Ат қарғытып өтеді.
Он екі қатар жебесін
Атып, талқан етеді.
Дарбазаны ашады,
Есіктен қарап ер Орақ,
Ішке кіріп барады.
Дарбаза мен жебесін
Бәрін бірден шабады,
Есік бекіп қалады.
Қозанға сонда
Орақ тұрып барады.
Қозан жоғарыдан
Төмен түсіп қалады.
Қозан келген кезінде Орақ сөйлей береді:
«Кешегі кеткен Орағың
Ордаңа келдім мен», – деді.

Сонда Орақ ішіне кірсе, төрт дарбаза бар екен. Төртеуінде төрт адам тұр екен. Төртеуін де Орақ өлтірді. Сонда Орақ Қозанға сөйлейді:

– Қапы қалма сен, – деді, –
Орақтайын батырың – мен, – деді, –
Ордаңа сенің мен келдім,
Қаһарың болса, берірек кел, – деді.
Орақ сонда тебінді,
Жалмауыздай емінді.
Сонда Қозан шалады,
Орақ тұрып қалады.
Беліндегі алтын алмасты
Орақ суырып алады.
Жақындап ер барғасын,
Алмасты тұрып сермеді.
Сермеген алмас қойсын ба,
Бір бұтадай көрмеді.
Басы қалды домалап,
Оқты қалмақ боратты,
Өңкей қалмақ сабалап.
Ол қаланың ішінде
Орақ соғыс салады.
Артындағы көп кісі
Ол да келіп қалады.
Он сегіз күн ұрысты.
Қаланың іші қанға толады,
Қырылған адам мың талай
Сол соғыста болады.
Он сегіз күн соғысты,
Ішті Орақ алады.
Сырттағы жаудың ішінде,
Айсаның ұлы Ахмет
Ұңғысынан омырып,
Алпыс балта сындырды,
Сырттағы жауды Ахмет тындырды.
Іштегіні Орақ алады,
Көп соғыс болып қалады.
Он сегіз күн өткенде,
Жиырма күнге жеткенде,
Қоймай жесір алады.
Қалмақтың алып қаласын,
Шулатты, сөйтіп баласын,
Көрді, сөйтіп шамасын.
Елге жесір жинатып,
Көктөрткілдің басына шығып,
«Кім келеді?», – деп қарады.
Көктөрткілдің басында
Тұрып Орақ толғады:
«Бес кісіні жіберіп,
Қалмақты қойдай айда, – деп, –
Елге айдап жет, – деді, –
Бастап осыны кет», – деді.
Көктөрткілдің басында
Тұрып Орақ толғады:
– Алланың шері – Аршылан,
Ол да бізге тең емес,
Ол біздей туған ер емес.
Сегіз жасқа келгенде,
Дұшпанға көз салған.
Ол жесірді кәпірден
Аршылан да алған жоқ.
Жасым сегізге келгенде,
Қозанның алдым қаласын,
Білдім қалмақ шамасын.
Енді біз шықпаған тау бар ма?
Біз алатын жау бар ма?
Алыс болса, кетелік,
Жау болса, қайрат етелік.
Артымызға жау тастап,
Неге елге кетелік?!

Сонда Ахмет сөйледі:
– Қашық жерде жаулар бар,
Жүдә биік таулар бар.
Өгіз тау деген тауларда
Өгіз хандай хандар бар.
Жылқы хайуан көтермеді,
Мінгені болар керігі.
Оған талай ноғай барып жүр,
Барғаны өліп қалып жүр.
Барған жанға болмады,
Барғаны бір де қайтпады.
Қалмақтың мықты зоры еді,
Алдырмайтын қалмақ сол еді.
Артық туған ер Орақ,
Алланың шері – ер Аршылан,
Ол емес жанға тең, – деді, –
Асылық айтпа сен, – деді.

Қалмаққа бармай қайтпан, – деп,
Орақ батыр Төрткөлден жөнелді.
«Жіберіп жалғыз болмас», – деп,
Отыз бес кісі ереді,
Бәрі де зулап қалмаққа жөнелді.
«Орақ, Мамай бас болып,
Келе жатыр» дегесін,
Жетпіс мың кісі әскермен
Өгіз хан қалмақ жиылды.
Неше күндей жол жүрді,
Арасы қашық сол жер-ді.
Бір күндері болғанда,
Қалмақтың көрінді қарасы.
Жақындады шамасы.
Аз да болса келісі,
Жасқанбай-ақ ерлердің шамасы.
Жекпе-жектеп шыққанда,
Тарлан атпен жөнелді.
Орақ батыр қарады,
Орақ жетіп келгенде,
Өгіз хан тұрып сөйледі:
– Өзің бір жас баласың,
Жарқыным, қайда барасың?
Менің атым – Өгіз хан,
Ойласаң, ноғай, сен, – деді, –
Жап-жас қана баласың,
Жаным ашып, айтамын,
Ат-жарағың бер, – деді, –
«Өлмеймін», – деп ойлама,
Меніменен ойнама.
Мініп жүрмін бір керік
Маған болған емес,
Сірә, бұл бала – серік,
Қаласың ғой, сорлы, сен өліп.

Сонда Орақ батыр сөйледі:
– Атаңа нәлет, қалмағым,
Жеңіл емес еді сенен салмағым.
Ежелден қалмақтың басы еді ғой
Менің кесіп алғаным.
Танысайын сенімен,
Жаның ашып бұл тұрса,
Ат-жарағың бер, – деді, –
Ат-жарағым бермеймін,
Қанша айтсаң да сен, – деді, –
Дәмең болса бұл, қалмақ,
Берегірек кел, – деді.

Қарсы келіп екеуі,
Жағаласып алысты,
Ұстап қолмен қалысты.
Жеті күндей жағаласып,
Ат үстінде салысты.
Сол уақыттар болғанда,
Күрең жорға атымен
Мамай шыға салады,
Жақындап тұрып қалады.
Келе тұра хан Мамай.
Атынан түсіп сөйледі:
– Асыл туған Орағым,
Шаршадың ба, жас бала,
Кезегіңді маған бер,
Айналайын, қарағым.

Сонда Орақ сөйледі:
– Тыңдамаймын, Мамай, сөзіңді,
Жау қасында сөйлеме,
Өлтіремін өзіңді.
Тыңдамаймын мен, – деді, –
Мазамды алма сен, – деді, –
Енді кетсең далаға,
Көрінбе менің көзіме.

Сонда Өгіз хан сөйледі:
– Орақ пенен Мамайсың,
Екі бірдей ноғайсың,
Екеуің де қолайсың,
Екеуің бірдей кел, – деді, –
Екеуіңді білмеймін,
Қанша айтсаң да сен, – деді, –
Болмаймын сізге тең, – деді.

Сонда Мамай кейін қайтады,
Орақ тұрып бірауыз сөз айтады:
– Алланың шері Аршылан,
Кәпірден қорлық көрсетпей,
Маған жәрдем бер, – деді, –
Шақырамын ер, – деді, –
Баба түкті Шашты Әзіз,
Қасиеті бар едің,
Керемет мықты ер едің.
Тарықтым енді мен, – деді, –
Жәрдем бер енді, сен, – деді.

Сонда Өгіз хан тұрып сөйледі:
– Енді сорлы сен келдің
Өлетұғын жерге енді.
Енді алам басыңды,
Қысқартамын жасыңды.
Енді ойғаным көзіңді,
Өлтіргенім өзіңді.

Өгіз хан сөйлеп тұрғанда,
Күншығыстан көреді,
Құйындай шыққан шаң сонда.
Шаң астына қараса,
Қыбырлап келе жатқан жан көрді.
Сол бір шаңның астында
Айдаһар жыландай жан көрді.
Орақты жерге ұшырып,
Ол айдаһар бұл жылан
Келді де, бұл Орақтың
Беліне жылан оралды.
Өгіз хандай қалмағың
Жыланды көзі көргесін.
Есі кетіп қалады,
Зәресі кетіп танады.
Өгіз хандай қалмақты
Керіктен жұлып алады,
Қояндайын өкіртіп,
Қалмақты сонда шалады.
Өгіз ханды шалғасын,
«Алла!» – деп Орақ ақырды,
Сонда артындағы қырық батырдың
Біреуі қалмай жапырды.
Сонда қалмақтар сасады,
Өгіз хан өліп қалғасын,
Жапыра қалмақ қашады.
Оларды басып асады,
Аруағы тасады.
Жетпіс мыңдай қалмақтың
Отыз мыңын өлтіріп,
Қырығын таудан қуады,
Болмады ерлер арманды.
Таудан құлап бармады,
«Таудан құлап, не етеміз?
Өгіз ханды өлтіріп,
Енді елге кетеміз».
Ертіп алып жөнелді
Өңкей батыр ноғайды.
Елге қайтып келеді,
Елге жуық келгесін,
Алдынан хабар шыққасын,
Қарсы шықты әкесі,
Көрейін деп баласын,
Мұса хандай ханымыз.

Алдынан шығып ер Алау,
Ханға келіп сөйледі:
– Халық ұстаған ханымыз,
Асылы туған жанымыз.
Келе жатыр саламат
Бұл күнде сіздің балаңыз.
Сабыр етіп аз ғана,
Патша, тұрып қараңыз.
Көргесін сіздерді
«Ілгері барып көрсет», – деп,
Жіберді ерлер біздерді.
Сол уақыт болғанда
Келіп қалды баласы.
Анасына сөйледі
Сонда Мамай баласы:
– Асыл туған анамыз,
Қозан ханды өлтірдік,
Өгіз ханды тағы өлтірдік,
Оның да көріп шамасын.
Қалмақтың алдық аттанып,
Екі бірдей қаласын.
Жасың үлкен жан баба,
Сағынып келдік біз, – деді, –
Қолыңды бер сіз, – деді, –
Ара ашыңыз, әлеумет,
Көрсін, – деді, – әкеміз
Біздей сағынып жүрген баласын.
Ноғайлар тұрып жолды ашады,
Орақ пенен ер Мамай
Әкесімен қолдасты.
Артық туған ер еді,
Сағынып келген ерлердің
Төбелесіп алған
Жері осы еді.

 

 

 

ҚАРАСАЙ, ҚАЗИ

Орақ, Мамай – екі батыр тұрған заманда Ораққа: «Әйел ал», – десе, алмайды екен. «Маған жақсы әйел керек, жаман әйелді алмаймын», – дейді екен. Сонда жауға аттанайын деп тұрғанда сол ауылда бір әйел бар еді. Бір көзі жоқ – соқыр еді. Бір қолы жоқ – шолақ еді. Бір аяғы жоқ еді. Орақ әскер жинап, кетейін деп тұрғанда, сол әйел барып, дәрет сындырып еді. «Тірі қайтып келетін күн болса, осы әйелді алармын», – деп кетеді. «Сондай бір асыл бала туады екен», – деп ойлайды екен бұл әйелді.
Мамайдың тоқалы Қарахан сұлу Қозанның қызы еді. Бәйбішесі – Ақтерме сұлу ноғайлының қызы еді. Алау батырдың қарындасы еді. Сонда сол түсінде Орақтың белінде екі айдаһар жылан көреді. Сонда Ақтерме: «Жақсыны алмады, жаманды алды», – деп қимады. Сосын Смайыл Тобаяқты шақырып:
– Мына Орақты шапсам, қылышым өтпейді, сабасам, таяқ өтпейді, айтсам, тілімді алмайды! – дейді. – Көзіңе күйік қылмай, онда өлтір! – деді.
Ақтерме сұлу:
– Қалай өлтірем? – дегенде, Смайыл Тобаяқ:
– Оны Мамайдан сұра, екеуінің аруағы бір болар, – деді. Ақтерме сонда Мамайдан сұрады.
– Сірә, сізге қару өтетін жер болар ма? – дейді.
Сонда Мамай айтты:
– Бізге өз алмасымыз ғана өтсе керек, – деді.
Сосын Ақтерме сұлу Смайыл Тобаяққа келіп хабар етті. Сонда Смайыл Тобаяқ Орақ батырды аңдыды. Сосын бір күндері Орақтың алмасын есіктің алдына құрады да, өзі жылқыға жүре береді. Жылқыға келіп, Орақтың ала тайын ұстап, аяғына бір тулақты байлайды. Тулақтан тай үркіп шапқан кезде:
– Орақ, Мамай, ауылға жау келді! – деп Смайыл айғай салды. Сонда Орақ батыр үйден жүгіріп шығам дегенде, Орақты алмас ортасынан кесіп, Орақ өліп қалды. Сонда шолақ қатыннан Қарасай, Қази бір туды. Артынан Қибат деген қыз туды. Шолақ қатын үш баламен қала берді. Қарасай мен Қази алты мен жетіге жетті. Алтыда Қибат болды, жетіде Қази, сегізде Қарасай болды. Сонда Қондыкер деген қалмақтан хат келді. Әділ хан деген ханға (бұл ноғайдың ханы еді) «Қарасай мен Қази қорықпаса, келсін, қалмаққа аттанып шапсын, – деді. – Ер болса, екеуі де келсін», – деді.
Сонда Әділ хан: «Екі бірдей жетім баланы жауға жіберіп, өзіміз үйде отыру келісімізге келмейді», – деп Қырымға хабар салады. Қырымның байтақ ерлерін жинап алады. «Ежелден келе жатқан Едіге ханның ордасына түсіп кетейік, – деп, – жолымыз болар ма екен», – деп, Мұса ханның ордасына келіп түседі. Сонда Қарасай мен Қази далада асық ойнап жүр еді. Сонда Қарасай Әділ хан келгесін, ханды көрмек болып есіктен қарағанда, Әділ хан Қарасайды көріп:

– Қарт бурадай қабағы,
Бесті өгіздің терісіндей
Салбыраған тамағы.
Дөңгеленген көзі, – деп, –
Бейне Ораққа ұсаған
Қарағымның өзі, – деп,
Орақтың сыбаға табағын береді. Орақ ауылға келіп, мал сойылса, әуелі басқа жаннан бұрын бір табақ етті Ораққа беруші еді, сонда Орақ: «Бісміллә!» – деп, аузына бір салып, сосын жұртқа асатушы еді.
– Қарағым, бері кел, – дегенде, – Орақтың сыбаға табағын бер, – дегенде, Қарасай аузына бір салып, екінші салмайды. Бір салғаны өтпеді, жұтынып еді, кетпеді. Сонда тұрып:

– Мен балалық етейін,
Рұқсат берсеңіз, үйге кетейін,
Мұнда отырып, не етейін, –

деп, үйіне жылап барады.
Қараүлек деген шешесі: «Далаға ойынға бармаңдар. «Жетім бала», – деп, асығыңды тартып алады, басыңды далада қалдырады. Сосын маған келіп жылама», – дейді екен. Қарасай даладан жылап келгесін шешесі ойлады: «Бұл далада балаларға асығын алдырып келген екен» – деп. Бірақ «ханға барады» деп ойлаған жоқ. Сонда Қарасайға шешесінің ұрысып айтқаны:

– Құрғыр, тілімді алмайсың,
Айтқаныма сенбейсің,
Жақсы сенің өлгенің,
Өлім болсын көргенің.
Балалардан таяқ жеп,
Құрғыр, неге келгенің?
«Жетім бала», – деді ме,
Асығыңды тартып алды ма,
Бетіңе таңба салды ма?

Сонда Қарасай бұрынғыдан да қатты жылап, шешесіне айтқаны:

– Айналайын, шешеке,
Асығымды ешкім алған жоқ,
Қорлыққа басым қалған жоқ,
Әділдей сұлтан хан көрдім.
Мені көргесін Әділхан:
«Айналайын, қарағым,
Қарт бурадай қабағың,
Бесті өгіздің терісіндей
Салбыраған тамағың.
Дөңгеленген көзі, – деп, –
Бейне Ораққа ұқсаған
Қарағымның өзі, – деп, –
Орақтың бер, – деп ол айтты, –
Сыбаға оның табағын».
Бір салып едім, өтпеді,
Жұтынып едім, кетпеді,
Жүгіріп шықтым далаға,
Қайтып келдім анаға.
Айналайын, шешеке,
Сатайын десем, тиын жоқ,
Киейін десем, киім жоқ,
Кірейін десем, үйім жоқ,
Мінейін десем, атым жоқ,
Ат сұрайтын жақын жоқ,
Ағайын, туған менде жоқ,
Есіркейтін пенде жоқ.
Қалмаққа кетіп барады
Әділдей сұлтан ханымыз.
Жатқа бір кетіп қалады,
Келмейді енді шамамыз.
Айналайын, шешеке,
Менің бір жақсы өлгенім,
Өлім болсын көргенім.
Қорлық болды Алланың
Тірлікте маған бергені.
Жетімдік ойды көзімді,
Кім тыңдайды сөзімді?
Қарғай берме, шешеке,
Дүниеде менің өзімді.
Бала асығымды алған жоқ,
Қорлыққа басым қалған жоқ.
Ерік кетіп мен деген,
Тек жаным тұр өлмеген,
Қарғама, шеше, сен, – деген.
Қази бір келді жүгіріп,
Отыра алмай кідіріп.
Сақа бір топай қолында,
Балалықтың жолында.
«Мұндай жауап болар», – деп,
Деген жоқ еді мұның ойында.
Қарасайды көргесін,
Көзінің жасы төгіліп,
Жылағасын егіліп,
Сонда Қази сөйледі,
Сөйлегенде не деді?
– Айналайын, Қарекем,
Мына тұрған Ақ Қибат
Артық туған бала еді.
Жатқа бір кетіп қалады,
Кімге берсең де Қибатты,
Бір тайға сатып алады.
Қибатты беріп ат алып,
Мініп, жауға кет, – деді, –
Ер белгісін ет, – деді. –
Кете бер, аға, сен, – деді, –
Айтайын жауап мен, – деді, –
Егер бармай сен қалсаң,
Ішің толып кетеді.
Ішің толып, сен өлсең,
Артыңнан мен кетермін:
«Егізім менің қайда?» – деп, –
Мынау қалған жарағың
Еш болмайды айла, – деп.
Сонда бір кемпір сөйледі,
Сөйлегенде не деді?
– Әй, Қарасай, Қарасай,
Қарағымның баласы-ай,
Қолыңа жүген ал, – деді,
Көп жылқыға бар, – деді.
Көп жылқының ішінде
Сегіз жылқы, бір саяқ,
Қабан құлақ қара ат бар.
Белі бүкіш құду-ды,
Жылқыдан артық сұлу-ды,
Көрген адам кеткісіз.
Бір жылқының баласы
Ол жылқыдан өткісіз.
Ішінде бар-ды бір Тарлан,
Қарны болар қабақтай,
Бұты болар таяқтай.
Ұзын болар құлағы,
Үлкен болар тұяғы,
Таң мезгілі болғанда,
Сауырының үстіне
Қайырып жусар басын-ай!
Құс ұйқысы келгенде,
Ұйқысы болар осындай.
Қасына соның барарсың,
Жалынан ұстап аларсың,
Сосын жүген саларсың.
Сексендегі Көкше бар,
Ер қадірін ер білер.
Көкшенің мінгені – тарлан ат –
Анасы еді – Сүйін бике,
Атасы еді – Қарақұс.
Таң ұйқысы келгенде,
Сауырының үстіне,
Қайырып жусар басын-ай.
Барып сонда осылай,
Сонда ұстап аларсың.
Сексендегі Көкше шал
Алты жасар Қибатты
Тоқалдыққа ала алмас.
Орақпенен ол бірге
Тірлікте жүрген жан еді.
Бірге жүріп,
Талай жаудан алған жер еді.

Қарасай жүген алады,
Үйден шығып, жүгіріп
Жылқыға кетіп барады.
Жеті күндей аралап,
Таба алмады жылқыны,
Ішінде жүрді аралап.
Сегізінші күн болғанда,
Қабан құлақ қара атты,
Сонда көрді бұл атты.
Бір күн, бір түн аңдыды,
Таң ұйқысы болғанда,
Тарланға жақын барады.
Сауырының үстіне
Қайырып басын салғанда,
Сонда барды қасына.
Қолы тиді Тарланның
Жалы менен шашына.
Жарағын салып алғасын,
Мініп келді Тарланды.
Келді де, атты ерледі,
Ерлеп тұрып терледі.
«Жылдам атқа мінер», – деп, –
Әскер кетіп қалар», – деп,
Шапшаңдап қолын сермеді.

Сонда бір қыз Қибатқа жүгіріп барып:

– Айналайын, жан апа,
Қарасайдай ағаңды
Белгілі Құдай атыпты.
Сексендегі бір шалға
Тоқалдыққа сатыпты.
«Бір тайға сатты» дегесін,
Інжу-маржан тағынды-ай,
Бұлдыраған сағымдай,
Аққан бір судай сылдырап,
Жібектей бойы үлбіреп,
Қоңыраудай даусы шылдырап,
Көзінің жасы төгіліп,
Жыландайын иіріліп,
Қарасайға келеді.
Тұра қалып ақ Қибат,
Сонда бір сөз сөйледі:
– Айналайын, жан аға,
Сенің туған жеріңнен
Тумап па едім мен де, аға!
Не жазығым бар еді
Көзімді мұнша ойғандай,
Қорлыққа басым қойғандай?
Рас па еді, Қареке,
Сексендегі бір шалға
Тоқалдыққа сатқаның,
Сатып, бір тай алғаның.
Аманатын Алланың
Көз алдымда бергенің?
Мені қоймай дүниеге,
Өз көзіңмен көріп кет,
Өз қолыңнан қойып кет,
Қара жерге беріп кет.
Арғы атамды сұрасаң,
Ала тайлы Аңшыбай
Ежелден артық ер еді,
Ақсүйек туған төре еді.
Бергі жағын сұрасаң,
Баба түкті Шашты Әзіз
Керемет қонған пір еді.
Бергі жағын сұрасаң,
Парпария сұлтан хан еді.
Тоқсан баулы ноғайды
Билеген артық жан еді,
Бергі жағын сұрасаң,
Құттықия бек еді,
Шынжырлы туған ер еді.
Бергі жағың – Едіге
Дұшпанға кегін бермеген,
Үстінен дүбір өтпеген.
Бергі жағың – Нұрадын,
Нұрадын патша болғасын,
Ноғайдың берген мұратын.
Бергі жағың – хан Мұса,
Орақ пенен Мамай-ды.
Ерлігі мұның қалай-ды?
Орақтан туған сен едің,
Қарындасың мен едім.
Жеті атаңнан бар ма еді
Тоқалдыққа қыз берген?
Не жазығым бар еді,
Мұнша ойып көзімді?
Өлтіріп кет өзімді.
Бермеймін саған Тарланды
Өлтірмесең сен, – деді, –
Кеспесең менің қолымды.
Жеті бір жасқа келгенде,
Жоқ еді мұндай ойымда.
Талдап бір шашым жұл, – деді, –
Басымды кесіп, жан аға,
Мені де жоқ қыл, – деді.

Сонда бір тұрып Қарасай
Атының ерін алады,
Етігін шешіп салады,
Байластырып етігін,
Иығына салып алады.
«Тұрмаймын, – деп, – қалада,
Қаңғырам, – деп, – далаға»,
Қарасай кетті жүгіріп,
Отыра алмай кідіріп.
Қарасайдың кеткенін
Қази бала көргесін,
Артынан келді жүгіріп.
Қибатқа сонда сөйледі,
Сөйлегенде не деді?
– Асыл туған ақ Қибат,
Қара бауыр кәпірсің.
Асылың әйел болғасын,
Сен бір қалай тұрасың?
Көп ішінде аударып,
Көкемнің атын алғаның,
Қорлыққа басын салғаның.
Хан баласы – Қарасай,
Қайтып енді келмейді.
Енді келмес қалаға,
Қаңғырар жалғыз далада.
Қарекемнің жолында
Менің жаным садаға.
Адам шыдап тұрар ма,
Бірге туған ағаға?
Мен артынан кетейін,
Көкемнен қалып не етейін?
Жаяу да болса, жетейін,
Өлгенін көзіммен көрейін.
Артықпын ба көкемнен?
Мен де өліп жатайын.
Мынау иесіз қаланы,
Жақсы бірдей баға көр
Екі бірдей ананы.
Аманатын Алланың
Көз алдымда көрейін.
Артықпын ба көкемнен?
Мен де өліп жатайын.

Сонда бір Қибат егілді,
Көзінің жасы төгілді:
– Айналайын, жан аға,
Нашар ие боп тұрар ма
Мұндай қалаға?
Мен бір қалай бағармын
Екі бірдей ананы?
Қарекемнің жолында
Жаным болсын садаға.
«Шамырқанып, шамданып,
Ерге аруақ қонсын, – деп, –
Кімнің алыс, жақынын,
Кімнің жақсы, жаманын
Осындайда білсін», – деп,
Қарекемнен алғанымды
Енді апарып берейін,
Қарекем атқа мінбесе,
Жолында жүріп өлейін.
Қайран ағам, өзіңдей
Екеуіңнен айырылсам,
Алтын басым күң болар,
Жібек шашым жүн болар.
Екеуің кетсең далаға,
Елсіз ерге тұл болар.
Біз секілді бір бейбақ
Екі ананы баға алмай,
Құл ішінде қалғасын,
Біздей сорлы оңа алмас.

Қибат бір сонда қарады,
Тарланға мініп алады,
Шабуылды салады.
Қарасайдың артынан
Тарланмен жетіп барады.
Түсе қалып Тарланнан,
Қарасайға жақындап барады.
Қарасай жерден кесекті
Жұмыртқадай алады.
«Енді сені көрмен», – деп,
Аттың басын тартады.
Етегінен ақ Қибат
Қарасайдың ұстап алады.
Көзінің жасы төгіліп,
Жылай берді егіліп:
– Айналайын, жан аға,
Үш айналып болайын,
Көке, сенен садаға!
Адам шыдап тұрар ма
Бірге туған ағаға?
Жамандыққа қимадым,
«Тоқсан баулы ноғайдың
Кімнің алыс, жақынын,
Кімнің жақсы, жаманын
Қайран көкем білсін», – деп, –
Мініп кет, көке, Тарланды.
Артыңнан алып мен келдім.
Сексендегі Көкшеге,
Неке қыл да, беріп кет,
Өз қолыңнан беріп кет.
Жалған емес бұл сөзім,
Бір болмақта қатыны он болсын,
Көке, саған жол болсын.
Айырылып сенен қалғасын,
Өртеніп ішім, жанбай ма,
Көрінген көзін салмай ма?
«Жетім қалған қаншық», – деп, –
Мазамды, көке, алмай ма?
Жібермеймін мен, – деді, –
Өлтірмесең сен, – деді, –
Мынау тұрған Тарланды,
Егізім болсаң, мін, – деді.

Қарасай сонда қарады,
Қибатқа көзін салады,
Айнала тұра қарады.
Ақ жүзінен бір сүйіп:
– Айналайын, қарағым,
Жылама, Қибат, сен, – деді, –
Жаяу жүрме, кел, – деді, –
Мінгесейін мен, – деді, –
Барайық елге, кел, – деді, –
Тірі болсам дүниеде,
Сексендегі бір шалға
Бере алман мен, – деді.
Тарланға мініп, Қибатты
Ордаға әкеп түсірді.
Тарланға мініп ол кетті,
Кешегі кеткен әскердің
Әділдей сұлтан хандардың
Артынан қуып ол жетті.
Қасындағы жолдасы
Сексендегі Көкше еді.
Сонда келіп ақ Қибат,
Көкше шалға сөйлейді:
– Тоқсан баулы ноғайлы,
Байтақ жатқан ел едің.
Сол елдердің ішінде
Тұқымы асыл ер едің.
Қази менен Қарасай –
Орақтың екі баласы-ай.
Жақынырақ келіңіз,
Менің сөзім тыңдаңыз,
Қарекем:«Берем», – дегесін,
Сізге келдім мен, – деді, –
Асыл киім менде жоқ
Үстімізге киерге.
Сізге келдім, ер Көкше,
Қатарыңда жүрерге.
Бізде мінер көлік жоқ,
Болар ма жаяу ерерге?

Сонда Көкше сөйледі,
Қибаттайын балаға:
– Қибат, бері кел, – деді, –
Қияметтік өкіл бала бол,
Алмаймын сені мен, – деді.
Іркілмейді ақ Қибат,
Жақынырақ келеді.
«Қиямет күн болғанда,
Жалғасалы иманнан,
Шырағым, жақын келші, – деп,
Ұстай алып қолынан,
Қияметтік қолдасқан осылай, –

деп, Қибаттың қолынан ұстап, жіберді. Сонда үйден Қази жүгіріп шығып, Көкше шалды ұстай алып:

– Артық туған ер, – деді, –
Түспей кетпе сен, – деді, –
Қонақасы берейін,
Батыр, сізге мен, – деді.
Көкше түсті, батыр-ай,
Іркілсін бе, япыр-ай,
Қонақ болып, Қазимен
Бір күн, бір түн отырды.
Бір сандық алтын бар еді,
Ішінде бір тон бар еді,
Көкшеге сыйға береді.
Алтын, тонды алғасын,
Көкше атына мінеді.
Алмай кеткен Қибатты
Ол Көкшенің жері еді.
«Ер қадірін ер білер» деген
Бұрыннан қалған кеп еді,
Сол Көкшеден қалған сөз еді.
Қарасай мен Ер Көкше
Күні-түні жол жүрді,
Қисапсыз мол ол жүрді,
Тоқсан күнде ол жетті.
Қалмақтың мықты қаласы,
Берік еді шамасы.
Қаласының мәнін айтайын:
Өзі мықты тамаша.
Айнала жатқан тау еді,
Арғы жағы ну еді.
Жалғыз аяқ жолы бар,
Онан құлаған адам
Орға жығылып өлуші еді,
Қорлыққа басы қалушы еді.
Орақ батыр жеті барып,
Жетеуінде де ала алмай келіп еді.

Әділ хан сұлтан қырық кісі әскерімен «Қондыкер» деген қалмақтың шәріне барады. Сонда барғанда Әділ ханның аты орға құлап, өзі қолға түсіп қалады. Апарып зынданға салады. Қол-аяғына тоғыз кісен салады. Оны тулап сындырам дегенде қол-аяғының терісі түсіп қалған. Және тоғыз кісен салған екен. «Енді қолымның сіңірі үзіліп қалар», – деп, оны сындырмаған екен. Сонда Әділ хан сұлтан отырған зынданның ішіне бір қарлығаш келіп қонады. Әділ сұлтанның үйінде қалған жеті жасар Ханзия деген қарындасы бар екен. Соған хат жазып: «Мен зынданға түсіп қалдым, мені құтқарып алатын тоқсан баулы ноғайда ешкім жоқ. Орақ қияметтік досым еді, оның жеті жасар баласы Қази қалып еді. Тірі болса, қарындасым Ханзия іздеп тапсын», – деді де, сол хатты қарлығаштың қанатының астына қойып ұшырып жібереді. Бір күндері Ханзия есіктің алдында отырғанда тізесіне бір қарлығаш келіп қонады. Сонда Ханзия қанатын сипап еді, қарлығаш қанатын жазғанда, арасынан бір хат түседі. Ханзия хатты оқып, жылай береді. Сонда шешесі көріп:
– Таң атпай неге жылайсың, оразаңды ашпай? Жалғыз ағаң жауға кетті, жамандық болар, жылама, – дейді.
Сонда Ханзияның шешесіне жылап айтқаны:

– Айналайын, анажан,
Суалған емген мамажан.
Жау қолында қалыпты,
Әділ де көкем, ағажан.
Зынданға кәпір салыпты,
Қол-аяғын кісендеп.
Бұзылғансын оның мүшесі,
Қарлығаштан жазған хат.
Көкемнен жазған хат келді,
Ішінде Қази деген ат келді.
Көкем бір сәлем айтыпты:
«Тоқсан баулы ноғайда
Құтқарып алар адам жоқ», – депті.
Досы бар Орақ деуші еді,
«Сол Орақтың баласы –
Жеті жасар Қазижан,
Соған хабар сал, – депті, –
Тірі болсаң, Зияжан,
Ат жетелеп бар», – депті, –
Айналайын, шешеке,
Хан ордасын қайдан табайын,
Қаңғырып қайда барайын,
Құдай нашар қылғансын?
Іні болып мен тусам,
Іздемес пе еді ағасын?!
Мен жыламай, не етейін,
Көкемнің естіп шамасын?
Алдымда туған аға жоқ,
Артымда тұрған іні жоқ,
Өзімнен туған бала жоқ,
Құдай нашар жаратты,
Қайрат қылар шама жоқ.

Сонда шешесі халыққа хабар жіберді:
– Хан ордасын табатындарың бар ма? – деп. Сонда жасы жетпіске келген ақ сақалды бір шал бар екен. Орақ пен Мамай бар заманда жеті жыл жылқысын баққан екен Хантөрткіл деген қалада. «Мен қартайсам да, табармын-ау», – дейді шал. Сонда шешесі Ханзиядай аруға күрең жорға ат берді. «Мынау ағаң қасыңа еріп жүрер, екеуің хан ордасын табарсыңдар», – дейді. Сонда шешесі не түрлі мал, алтын беріп, қызы Ханзияны Қазиды іздеуге жіберді. Сонда он екі күн жүріп, Мұса ханның мекен еткен жеріне келеді. Сонда ноғайлылар той қылып жатыр екен. Сонда Ханзия да келіп қалады. Ноғайлар: «Ханзия қызды көреміз», – деп алдынан өріп жүріп күледі.

– Хан кеткесін, Ханзия,
Қаңғырып шыққан далаға,
Іздеп келген екен қалаға,–

деп, бәрі Ханзияға күлді. Сонда Ханзияның ноғайларға айтқаны:

– Жиналған, аға, ер, – деді, –
Ұлы бір, кіші жамағат,
Бәріңе сәлем бердім мен.
Мен – Әділдің қарындасы-ай,
Көкем бір қалған кәпірде.
Жазылған бір хат келді,
«Қази» деген ат келді.
Ол «Қази» деген бар ма екен?
Ол қай жерде жүр екен?
Қатар тұрған теңімсің,
Көрмеген бұрын елімсің.
Көргенің болса, айтыңыз,
Қазидай туған баланы.
Құдай бір солай қылғасын,
Қыдырып шықтым, шыдамай.
Іздеп шықтым далаға,
Көкемнен жаным садаға!

Сонда Қази бұл сөзді естігесін, шетке кетіп жүре береді. Сонда біреулер: «Қази деген – анау», – деп, бір жалаңаяқ, жалаңбас кетіп бара жатқан баланы көрсетеді. Ханзия артынан жетіп, Қазиға айтқаны:

– Айналайын, Қазижан,
Аманбысың, саумысың,
Сау-саламат бармысың?
Терең суды тоқтатқан
Белгілі қызыл жармысың?
Көлденең жауды тоқтатқан
Биік қара таумысың?
Көкемнен жазған хат келді,
«Қази» деген ат келді.
Іздеп келдім сіздерге,
Жауап берсең біздерге.
Құдай нашар қылғасын,
Шыға алмаймын далаға,
Көкем бір хабар бергесін,
«Бар, – деп, – сіздей балаға».
Айналайын, Қазижан,
Жауап бер, айтшы сен, – деді, –
Дидарыңды көргенше,
Артыңда жүріп шөлдедім мен, – деді.

Сонда Қази тұра қалып сөйледі:
– Айналайын, апажан,
Шашың ұзын болса да,
Ақылың сенің кем, апа.
Жалаңаяқ, жалаңбас,
Бейне тұрмын жалаңаш.
«Сатайын», – десем тиын жоқ,
«Киейін», – десем, киім жоқ,
«Ішейін», – десем, тамақ жоқ,
«Кірейін», – десем, үйім жоқ,
«Жатайын», – десем, төсек жоқ.
Өлтірдің, апа, өзімді,
Ойдырдың ғой көзімді.
Көп ішінде шақырып,
Өлтіргенің емес пе,
Қайран апа, не етейін?

Сонда Ханзия сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
– Айналайын, Қазижан,
Үйде тұрған боз жорға ат,
Мерекелі той болса,
Мінуші еді жан көкем.
Айналайын, қарағым,
Мынау қоржын ішінде
Киетұғын киім бар.
Түрлі асыл киімді
Іркілмей, батыр, киіп ал.
Елге таман барғасын,
Тоғай толған қойым бар.
Біреуін ұстап ал, – деді, –
Бәрін бір тұғырға сал, – деді, –
Тоғай толған сиыр бар,
Мұны да соған қосып ал.
Тоғай толған жылқы бар,
Оны да бірге қосып ал.
Тоғай толған түйе бар,
Оны да атқа сал, – деді, –
Үйдің іші толған қазына,
Қарағым, мұны да атқа сал.
Оның бәрі бір тұғырға жетпесе,
Мені де қосып сал, – деді, –
Барлығымызды сат дағы
Бір ат сатып ал, – деді.
Қоржын ішін ашады,
Ішіндегі жібек киімді
Төгіп жерге салады.
Сонда Қази ереді,
Киімге жақын келеді.
Кілең жібек киімді
Қази кие бастайды.
Сақа мен топай тастады,
Бір түрлі ақыл бастады.
Сонда Қази жібектен
Киімді киіп алады.
Киімді киіп алғасын,
Төңірекке қарады.
Боз жорға атқа мінеді.
Ханзиямен екеуі
Бірге шауып жөнеді.
Тойға мінген боз жорға ат
Құлаштап аттап басады,
Адымын жақсы ашады.
Ноғай біткен жалпылдап,
Артынан шауып барады.
Шапса да, жете алмай,
Артында қалып барады.
Атқан оқтай зырқырап,
Боз жорға кетіп барады.

Сонда Ханзияның шешесі алдынан қарсы алады. Ханзия Қазиды ертіп ауылына алып келеді.

Сонда кемпір сөйлей бастайды:
– Қарағым, Қази, жол болсын,
Сапарың жүрген оң болсын!
Алдыңнан шықтым мен, – деді, –
Тоғай толған қой бар,
Тоғай толған жылқы бар,
Тоғай толған сиыр бар,
Бәрін атқа сал, – деді, –
Жаратқан атың бар болса,
Ноғайлыдан ал, – деді.
Бәрі бір атқа жетпесе,
Қасыңдағы Ханзия,
Мұны да атқа сат, – деді.

Сонда Әділдің сарайға салып қойған бір күрең тұлпары бар еді. Оны кемпір: «Қази келеді», – деп, сыртқа шығарып, арқандап қойған еді, жарық көрсін деп. Қази келгесін:

– Қазидайын асыл ер,
Мынау тұрған күрең ат
Жақындап келіп көр, – деді.

Қази жақындағанда, күрең ат кейін шегінеді. Шегінгенде барып жібек шылбырынан барып ұстай алып, мініп: «Шүу», – деп еді, сонда күрең сегіз күндік ордасының ар жағына қарғып, дүрс ете түсті. Сосын жайлап үйге келіп: «Осы ат жарайды», – деп, үш күн ішінде азық-түлік жинап алып, Қази жолға жүріп кетті. Сонда Қырымның қырық батыры Қондыкердің шәрінен үш қонып шыққанда Қази алдынан шықты. Сонда қырық батыр күледі:
– Ағасы Қарасайдың қолынан түк келген жоқ, бұл Қазидың қолынан не келер дейсің? – деп.
Сонда Қази қырық батырдың қасына жетіп барып еді, Ахмет батыр сұрады:
– Біз ала алмай келген берік қала бар. Асты – су, ар жағы – ну, іші – жатқан сор, оның ішінде Әділ хан қалды. Біз бір ай жатып еш нәрсе бітіре алмай келдік, – деді.
Сонда Қази сөйледі:
– Екі жасар күнімде әкем Орақ алдына алып отырып әлдилейтін еді мені. Сол айтушы еді: «Қондыкер деген қалмаққа жеті барып, жетеуінде де ала алмай келдім. Менен туған ұл болсаң, қатарға кірген тең болсаң, «Қондыкер» деген қаланы ал», – деуші еді. – Таудың түстік жағында бір Қозандай қара тас бар. Сол қара тасты аударып жіберсең, астында бір ін бар, ол іннің астында жазулы хат болар, сонда «Орақ» деген ат бар, астында кісі сыятын тесік бар. Екі күн, екі түн жүрсең, қаланың тап ортасынан барып шығасың. Сонда қорықпай шықсаң, қаланы аласың. Басқа шығатын жол жоқ», – деуші еді. Енді мен сол жолды тауып алып, кірсем керек, Қондыкерді алсам керек. Сендер қорықсаңдар, жүре беріңдер, – деп, өзі Қондыкерге қарай жүре берді.
Сонда қырық батыр: «Мұның да қайратын көрейік», – деп, артынан жүре берді. Таудың жағасына келгесін батырлар түсіп, тоқтады. Қази түспей, асып жүре береді. Қазидың қасында Әмет, Ахмет, Алау батырлар бар еді. Олар да Қазимен бірге жүре берді. Қаланың түстігіне келгенде, Қозандай тасты көрді. Қази атынан түсіп, тасты аударып еді, астындағы інді көрді. Ол ін ішінде хат бар екен. Қази хатты алып оқиды. Хатта «Осы шәрді, жеті келіп, жетеуінде де ала алмай кеттім. Менен туған ұл болса, осы шәрді, келіп, ала көрсін. Осы тесіктен кірсе, екі күн, екі түн жердің астымен жүреді және сол тесікке кіргенде, қалмақ келіп көріп тұрар, сен де оны көрерсің және тесіктің аузын қалмақ қамап тұрар. Сонда: «Сенің басыңды кесіп алармын», – дер, бірақ сен қорықпа, сол тесікті тауып, жауды көріп шықсаң, шаһарды аласың», – деп жазылған екен. Сонда Қази хатты алып оқып:«Шәрді алдық», – деді. Сонда Алау мен Ахмет: «Енді біз өлдік», – деді. Сонда қырық батыр да «Тесікке кіреміз», – деп ірмеліп еді, кіре алмай қорқып тұрды. Сонда Қази ат құйрығын өреді, шәрді айнала шабады. Шауып келіп сөйледі:

– Тәңірі берсе, несіп, – деп, –
Атаның кірген есік, – деп, –
Жаудан өлмек – қашаннан
Ер жігітке кәсіп, – деп.

Сонда Қази күрең атпен тесікке кіріп, жөнелді. Қалғандары ірмеліп, кіре алмай, қорқып, қамалып тұрды.

Артынан кірді ер Абат,
Онан соң кірді Ахмет,
Онан соң кірді ер Алау,
Ноғайға түсті бір талау.
Бір-біріне қарады,
Іркілмеді ноғайлар,
Енді шауып барады.
Алдында жүріп Ер Қази,
Өлең айтып барады.
Артынан жүрді Қарасай,
Болып кетіп барады
Орақтың екі баласы-ай.
Ауызға жақын барғанда,
Сонда Қази атынан түсе қалады.
Тесікке жүгіріп барады,
Тасты аударып алады.
Артынан келіп ерлері,
Катар тұрып қалады.
Артық туған ер еді,
Қамалып тұрған қалмақтың
Алдын тосып алады.

Сонда Қазидың ерлерге айтқаны:
– Қырымның байтақ елдері,
Ілгері жүрдім мен, – деді, –
Мен бір шауып барайын
Қамалып тұрған қалмаққа,
Артымнан көзді салыңыз.
Мен тесіктен шыққанша,
Қатар тұрып қалыңыз.
Егер шықсам тесіктен,
«Алла!» – деп, ұран шақырып,
Баршаңыз да шыға салыңыз.
Сонда Қази жөнелді,
«Алла!» – деп ұран шақырып,
Шыға шапты ақырып.
Қази шыға шапқанда,
Қалмақтар шауып жөнелді
Алды-алдына жапырып.
Қази шығып алады,
Шақырып ұран айғайды,
Артынан да салады.
Қази шығып кеткесін,
Артындағы ерлердің
Біреуі қалмай, жапырып,
Ол да шығып алады.
Қалмаққа салды ойынды,
Жақын қылды тойыңды.
Сындырып жатыр қаланы,
Шулатып жатыр баланы.
Қырық батыр қатар шыққасын,
Өлтірді талай баласын.
«Білгірмін», – деген қалмақтың
Қырды талай шамасын.
Еркегін қырып тауысып,
Қатын мен қалды баласы.
Басында қалмақ қырылып,
Қаласының шамасы.
Енді Әділді таба алмай
Қыдырып ерлер жүреді.
Бір жас қатын жүгіріп
Қазиға таман келеді.
Қазидың келіп қасына-ай,
Көзінің төгіп жасын-ай,
Тұра қалды жас қатын
Мұсылман екен, осылай:
– Қази сұлтан, ер, – деді, –
Бір тілегім бар, – деді, –
Келдім саған мен, – деді, –
Мен – мұсылман деген ел, – деді, –
Мекенімді сұрасаң,
Адарыс деген қала еді.
Бесікте қалды бір бала,
Жалғыз жесір жан едім.
Жесір болып қалғалы –
Алты айдың жүзі толулы.
Балапан еске түскенде,
Көзімнің жасы толулы.
Тілегімді сіз берсең,
Әділ хан жатқан жерін
Табайын, Қази батыр, мен, – деді.

Атының басын бұрады,
«Әділді табам», – дегесін,
Қази сынды батырың
Кідіріп сонда тұрады.
– Тілегіңді берейін,
Әділ сұлтан ханды көрейін.

Сонда қатын айтты: – Әділ сұлтанды зынданға ұстап салғанда, қасында мен бар едім, – деді.

– Сізден жәрдем болар, – деп, –
Жүгіріп сізге келгенім,
Жалған емес көргенім,
Жүріңіз батыр сіз, – деді, –
Қазір тауып беремін
Әділ ханды біз, – деді, –
Әділдейін ханымыз
Тап осы жерде, – деп еді.

Әділ хан тұрған жерге ертіп әкеліп, Әділді тауып береді. Сонда Қази Әділ ханды тауып алады да, бір тақтайды көтеріп. Оның асты шыңырау еді. Әділ хан сол шыңырауда жатыр екен. Сонда Қази айғайлайды:

– Жаныңыз бар ма, Әділ?
Сонда Әділ хан сөйледі:
– Жатырмын тірі мен, – деді, –
Келдің бе, Қази, сен, – деді.

Сонда Қазиға қарындасы Ханзия қырық құлаш жібек арқан берген екен. «Көкемнің, есін біліп, ер болып жеткелі, қолына жіп тиген жоқ еді. Енді мына жібек арқанды салып, көкемнің етін тасқа тигізбей, қауғадай тартып ала көр», – деді. Сонда жібек арқанды құдыққа түсірсе, Әділдің қолында тоғыз кісен бар екен.
Сонда Қази айтты:
– Қайраттан дымың жоқ екен, тоғыз кісенді сындыра алмай, не қылып жатқаның? – деді.
Сонда Әділ айтты:
– Тоғыз кісенді тулап сындырып едім, енді мына тоғыз кісенді сындырсам «қол-аяғымның сіңірі құрысып қалар» деп сындырмадым, – деді. Сонда Қази тоғыз кісенді қабатынан ұстап, басып сындырды да: «Мына менің күрең атыма мін», – деді. Әділ Қазидың күрең атына мінбеді. Сол мезгілде бір қалмақ қасынан өтіп бара жатыр еді. Сонда Әділ жерден бір тасты алып, сол қалмаққа атып қалғанда, қалмақ ұшып түсті. Әділ хан соның атына мініп алды. Сонда он сегіз күн талқандап Қондыкердің шәрін алады. Сонда Қази әлгі Әділді тауып берген қатынның сөзін ұмытып кетеді. Далада үш қонып, шығып, әңгімелесіп отырғанда, қатын сол жерге келеді. Сонда қатын Қазиға сөйлей береді:

– Дария тасыса, сең бе еді,
Ерлер сөзін екі айтса,
Ол әйелмен тең бе еді?
Қазидайын сұлтаным,
Мен қасыңа ергенде,
Әділдейін хандардың
Жатқан жерін көргенде,
«Осы жерде», – деп, кеп жылап,
Бір төмпекке келгенде,
Тілеп едім мен сенен,
«Берерсің тілек», – деп едім.
Келе жатқан бұл асыл
Ежелден артық ел едің.
«Уәдесінен ер таймас
Бір айтқасын», – деп едім, –

дейді. Қази орнынан ұшып тұрып:
– Қанша дүние керек? Қанша көлік берейін? Қанша азық керек? Осы жерде бәрін тауып берейін, – деді.
Сонда әйел:

– Жүрісі тыныш жорға бер,
Жүрсем, тыныш өзіме.
Бір жүйрік ат тағы бер,
Жау көргенде өзімді,
Жеткізбей тұрып асайын.
Қырық құлаш арқан бер,
Шыңырауға салайын,
Суын тартып алайын.
Бір айлық азық беріңіз,
Жолдас алып не етейін,
Көріп келген жерім ғой
Адаспай-ақ жетейін.
Өз еліме барайын,
Тәуекел етіп қарайын.

Сонда Қази қатынға шаппайтын жорға, жер басқаннан қалмайтын жүйрік береді. Қырық құлаш арқан, бір айлық азық береді. Қатын атына мініп алып, сөйлейді:

– Қази, асыл ер, – деді, –
Қош-аман бол сен, – деді, –
Қабыл болды-ау тілегім,
Кірді-ау, – деді, – реңім.
Атқа мініп алғасын,
Жарылды-ау менің жүрегім.
Алыс болса, кетейін,
Жақын болса, жетейін.
Ұлы-кіші жамағат,
Сау-саламат болыңыз,
Енді мұнан артық не етейін?!

Ол екі айлық жер еді –
Әділханның ордасы –
«Сарыат» деген көл еді.

Сол көлдің басына екі айда әскер жинап, шұбырып жесір келеді. Жақындап елге келгенде, Ахмет пен ер Алау, қасында бар ер Қази, төртеуі еліне жақын келді Әділдің. Сонда Әділді бір сайға тастап, үшеуі үйіне келеді. Сонда ат дүбірі естілген соң, үйден кемпір шыға келеді.
Сонда Ахмет кемпірге сөйлей береді:

– Артық туған анамыз,
Қалмақтың көрдік шамасын,
Бұзып алдық қаласын.
Ешкімнен осал демеңіз
Ер Орақтың мынау тұрған баласын,
Қазидайын ер, – деді, –
Асыл туған анамыз,
Шығарып алдық зынданнан.
Алладан бұйрық болғасын,
Дүниеден қайтты, шеше, балаңыз.
Шешеке, Әділ сұлтан хан кетті,
Қырымның қырық батырының
Басшысы өліп, меңдетті.

Сонда кемпір сөйледі,
Сөйлегенде не деді?
– Артық туған Ахмет,
Айсадан туған сен, – деді, –
Қалмақты алған ер, – деді, –
Жалған айтып тұрсыз ғой,
Сенбеймін сізге мен, – деді, –
Қарағым менің өлген жоқ –
Қарағым өлсе сапарда,
Ерлер, жүзің солмай ма,
Сізде қайғы болмай ма?
Менің қатқан көнім жібіп тұр,
Қашаннан суалған қу емшек,
Міне, бүгін иіп тұр.
Іші-бауырым еріп тұр,
Қарағым менің келіп тұр,
Құдай маған беріп тұр.
Жасырып тұрсыз, балалар,
Бұл далада келіп тұр.

Сонда қарындасы Ханзия да үйден жүгіріп шығып, батырларға сәлем беріп, сөйлей бастайды:

– Айналайын, ағалар,
Сау-саламат келдің бе?
Әділдейін көкеме
Жібектен арқан салдың ба?
Қазидайын жас бала,
Шығарып оны алдың ба?
Аман-есен, түп-түгел
Жатқан жаудың қасында,
Ағаларым, бардың ба?
Тайдай болып тулайды,
Ағалар, менің жүрегім,
Кіріп тұр менің реңім.
Көкемді көрген шағымда
Бітсе де мейлі сүрегім.
Жасырмай-ақ көкемді
Шақырып сіз беріңіз.
Керек болса, тоғайда
Толып жатыр мал деген.
Қаншасы керек, ағалар,
Сүйіншіге ал, – деді, –
Мен кетейін садаға
Бірге туған ағаға.
Құрбаны болып өтейін,
Жалғыз туған ағаға.
Ал оған көңілің болмаса,
Мені дағы ал, – деді, –
Сүйіншіге жарасам,
Ризамын мен, – деді.

Сонда Ахмет сөйледі:
– Қарындасым, бауыр-ай,
Сөзің жақсы тәуір-ай,
Артымыздан келеді
Шұбырып қалмақ деген кәуір-ай.
Ол кәуірдің ішінде
Неше жақсы жандар бар,
Неше түрлі жақсы балалар бар,
Ризамын мен, – деді, –
Әділ сұлтан, көп тұрмай,
Енді мұнда кел, – деді.

Сонда Әділ хан бір сайда тұр еді. Шақырғасын келді. Сонда шешесі мен қарындасы Ханзия ағасын көріп, алдынан жүгірді. Ханзия шешесінен кейінірек барды.

Сонда кемпір талпынып,
Оған барып жетем деп,
Бір-екі жерде жығылды.
Сонда тұрып қарады,
Әділ сұлтан көргенде,
Жақындап жетіп келгенде,
Омырауын кемпір ашады:
– Қарағым, Әділ, кел, – деді, –
Жасыңда емген мамаңды,
Балам болсаң, ем, – деді.

Келіп Әділ, қарады:
– Жасымда емген емшек, – деп,
Әділ басын салады.
Сонда кемпір толғайды:
– Құдай маған берді, – деп, –
Қарағым, маған келді, – деп, –
Жасында емген мамасын,
Қарағым келіп, емді, – деп, –
Құдайға мен риза, – деп, –
Алса да бүгін енді, – деп.

Қарындасы Ханзия
Келіп тұрды қасына-ай,
Көзінің төгіп жасын-ай
Көтермеді сонда басын Әділ-ай.
Сонда Ханзияның айтқаны:
– Айналайын, анамыз,
Бірге туған ағамыз,
Көрінді көкем көзіме,
Айналайын, шешеке,
Бір көрсетші өзіме.
Сүйіп бір, көңілім басайын,
Жабыққан көңілім ашайын,
Қайғылы менің жүрегім,
Мен жыламай, не етейін?
Ағекемнің жүзінен,
Құшақтап тұрып мойнынан,
Мауқымды бір басайын.
Тыңдашы, көке, сөзімді,
Бірге туған егізім,
Қайырылып көрші өзімді.
Шешеке, маған бер, – деді, –
Бауырыңа басасың,
Омырауыңды ашасың.
Жек көре ме адамзат
Бірге туған ағасын?
Айналайын ағеке,
Бұрмайсың маған мойныңды,
Ашпайсың неге қойныңды?
Ерік кетіп мен деген,
Дидарыңды көргенше,
Бар еді жаным өлмеген,
Жүзіңді көрмей, шөлдеген.
Бірге туған бауырым,
Сау-саламат келдің бе,
Жан көке, енді сен? – деді.
Шыдамады ағасы,
Қарындасына барады,
Құшақтап алып, бетінен
Ханзияның сүйеді.

Шешесі:

– Жапанда айналайын жалғызым, – деп, –
Ішінде терең судың құндызым, – деп,
Жаратқан дүниеде перзентім, – деп, –
Қарағым, болдың енді тұяғым, – деп, –
Бір туған Ханзиямен сүйегің, – деп, –
Жарылды енді бүгін жүрегім, – деп, –
Басыма енді шықты мүйізім, – деп, –
Ризамын Аллаға,
Өтсе енді сүрегім, – деп.

Сонда жеті күн ойын-той қылады. Сөйтіп ноғайлы халқы жиналып, Әділ ханды сайлайды. Әділ ханның ноғайлы ханы болып тұрған жері осы еді.

Қалмақтан алған қаласын
Қазидайын ерлердің
Білген сонда шамасын.
Ерлік қылмай, не қылсын?
Ол да Орақтың баласы.

Қондыкердің шәрін Қази мен Әділдің алғаны осы еді.

* * *

Қарасай мен Қази екеуі бірігіп үйге келгесін, Қалмақтың Батыр деген ханы хабар жібереді. «Қарасай мен Қази қорықпаса, келсін, қорықса, жатсын. Біз аттанып барып, шабамыз», – деді.
Сонда Қибатты беріп алған жалғыз Тарлан бар еді. Екеуі барып, сол Тарланға таласты.
Сонда Қази:
– Біз екеуіміз бір Тарлан үшін керіспейік. Шешемізге барып, ақылдасайық. Ол: «Қайсың бар», – десе, – сонымыз барармыз, – дейді.
Сонда бұл екеуі шешесінің қасына келгесін, Қази айтты:
– Шеше, Қарасайдан сұраңызшы. Батыр ханға барғанда не деп айтпақшы екен? – дейді.
Сонда Қарасай:

– Менің атым – Қарасай,
Мен де – Орақтың баласы-ай.
Іздегенім сұрасаң,
Батырханның қаласы-ай.
Кіргізуге дінімді,
Алдыртуға дінімді
Бармаймын ба қалмаққа?
Шеше, бір тыңда сөзімді.
Хан алдына барғанда,
Жасқанбаймын өзім-ай,
Оярмын екі көзін-ай.
Қайырып жауап ол айтса,
Өлтірермін өзін-ай.
Анау тұрған Батыр хан,
Көрсетейін қайратым.
Бермеймін оған тынымды,
Алдырамын тілімді.
Кіргізермін дінімді,
Алдырармын тілімді.
Алдырармын басын-ай,
Қысқартармын жасын-ай,
Отырам ба қалмақтың
Атаңа нәлет қасында-ай.

Сонда Қази: «Енді менің айтқанымды тыңда», – деді.

– Менің атым – ер Қази,
Қарасай, Қази бір туған,
Орақтан екі ұл туған.
Үйде қалды Қарасай,
Ол да – Орақтың баласы-ай.
Ерегіссе, кегін бермеген,
Адырнасын қолға алып,
Қаруын жауға сермеген.
Шамырқанып қараса,
Үйде бір тұрып шамданып,
Қаршыға құстай қомданып.
«Кідірмей, – маған, – бар, – деді, –
Кідіріп қалсаң сен, – деді, –
Артыңнан барам мен», – деді, –
Көрейін деп қалаңды,
Білейін деп шамаңды,
Алайын деп еліңді,
Суалтуға айдын көліңді,
«Аламыз», – деп кегіңді,
«Сындырам», – деп беліңді,
«Оярмын», – деп екі көзіңді.
Ағамның айтқанын етпесем,
Өлтіреді өзімді.

Сонда шешесі айтты:
– Егер Қарасай барса: «Ағасының қолынан түк келмейді, інісінің қолынан не келер дейсің?» – деп айтар. Ал енді Қази барса: «Үйінде ағасы бар екен», – деп қорқар, сондықтан Қазижан барсын, – деді.
Сонда Қази аттанып жауға кетті. Неше күндер жүріп бара жатқанда, бір күні Қазидың алдынан қалмақтың көп әскері келгенде Қазидың айтқаны:

– Менің атым – ер Қази-ай,
Мен – Орақтың баласы-ай,
Артымда қалды Қарасай.
Жарағын жауға сермеген,
Дұшпанға кегін бермеген.
Үстіне киім кимеген,
Ақылсыз туған ит қалмақ,
Нең қалды енді өлмеген?
Іздегенім сұрасаң,
Батыр ханның қаласы.
Көрейін деп барамын
Қалмақтың сондай шамасын.
Қамалып, қалмақ, сен келдің,
Бәрің бірдей жиналып.
Біздің елге бара бер.
Ноғайлының нашарын
Қарасай шығар сайланып.
Жарағы қанға тоймаған,
Сансыз жауды қоймаған.
Қарасай атқа мінген соң,
Ноғайлы халқы демалған.
Мен кетейін, кетейін,
Іркіліп сізге, не етейін?
Батыр ханға жетейін,
Оған қайрат етейін.
Үйде қалған Қарасай мен
Ноғайлыға сендерді олжа етейін.

Сонда қалмақтар кеңес құрады. «Інісі Қазидың қайраты – мынау, бізді адам да демей, озып барады қалмаққа. Қой, енді біз Қарасайға бармалық», – деп, кейін шабады. Батыр хан: «Қази келеді», – деген хабарды естіген соң, есіктің алдына екі қатар алмас, жеті қатар шеге қақтырды, болаттан жебе қақтырды. Қази бұлардың бәрін қиратып, өтіп кетеді. Келгесін Қазидың айтқаны:

– Асыл туған, қалмағым,
Менің атым – ер Қази,
Мен – Орақтың баласы,
Көрейін деп мен келдім
Қалмақтың сондай шамасын.
Қапыл бір болма, қалмағым,
Жеңіл емес салмағым.
Қарасай, Қази бір тудық,
Орақ ханнан ұл тудық.
Шығып бір келдім Тарланмен
Алайын деп қалаңды,
Жылатуға балаңды.
Қиратуға еліңді,
Суалтуға айдын шалқар көліңді.
Мынау тұрған сен, – деді, –
Тезден жауап бер, – деді, –
Жауапты тез бермесең,
Әкетемін өзіңді.
Біздің дінге кірмесең,
Жұлып алып басыңды,
Қысқартармын жасыңды.

Сонда қалмақ сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Асыл туған, Қази ер,
Бізге үш күн мұрсат бер.
Қол астымды хабарлап,
Ел-жұртымды жинайын,
Қазы менен төремнен:
«Бұл қалай?» – деп сұрайын.
«Көнбеймін», – десе сіздерге,
Әскер жинап, алдыңнан
Әзірленіп тұрайын.
Қатты отырмын торығып,
Келгеніңнен қорқып.
Құрулы тұрған алмасты
Пытырлатып қираттың,
Бұтадайын көрмедің.
Құрулы тұрған жебені
Шегедейін көрмедің.
Берейін хабар мен, – деді, –
Үш күн етші сабырлық,
Асыл Қази, сен, – деді.
Үйде қалған Қарасай,
Орақтың үлкен баласы-ай,
Ер екен ғой шамасы.
Мен ақылдан торығып,
Қатты тұрмын қорқып,
Бір пәлеге жолығып.
Берсең мұрсат сен, – деді, –
Тұр едім жалғыз мен, – деді.
Сонда бір Қази ер еді,
Үш күн мұрсат береді.
Тұра кейін шегініп,
Атына мініп жөнелді.
Сонда тұрып Батырхан
Ер Қазиға сөйледі:
– Асыл туған ер Қази,
Жылдам елге кет, – деді, –
Қарасайға жет, – деді. –
Үстіне киер алтын тон
Қарасайға берейін,
«Алтын тонды кисін», – деп, –
Астына мінер жорға ат
Қарасайға ала кет.
Ат басындай алтынды
Сыйлыққа тағы берейін.
Қарасай деген – ер, – деді, –
Апарып соған бер, – деді, –
Келмесін мұнда Қарасай,
Апарып сен бер, – деді, –
Кете көр енді сен, – деді,
Мұсылман болдым мен, – деді.
Қази алып жөнелді.
Қара жорға атпенен
Алтын тонды алады,
Ат басындай алтынды –
Үшеуін алып ер Қази,
Қарасайға апарып береді.
Бір күндері болғанда,
Қази еліне келеді.

Сонда Қазидың ағасы мен шешесіне айтқаны:

– Айналайын шешеке,
Ноғайлы деген ел еді,
Етек-жеңі кең еді.
«Орақ пенен Мамайды
Сен тумадың», – деп едің.
Сегіз-тоғыз жасымда
Батырхан елін мен көрдім,
«Қалмақ» деген ел көрдім,
Неше мықты ер көрдім.
Үйде қалған Қарасай,
Бұл да – Орақтың баласы-ай.
Мінетұғын аты жоқ,
Киетұғын киімі жоқ,
Сатайын десе, тиыны жоқ,
Жарлылықтан басқа көрер күні жоқ.
«Қарасай» деген ер еді,
Болмас па екен тең? – деді.
Үйде қалған Қарасай
«Мінуге бердім сыйлық», – деп.
Қалмақтың алдым қаласын,
Мұсылман қылдым баласын.
Біз секілді ноғайдың
Бар ма екен, шеше, шамасы?

Сонда кемпірдің Қазиға айтқаны:

– Айналайын қарағым,
Орақтан қалған тұяғым,
Сау-саламат келдің бе?
Асылдан қалған, сұңқарым,
Шаршамай жүріп келді ме
Астыңдағы тұлпарың?
Ақылы көп тірегім,
Қалмақтан алдап ел алдың,
Не деген артық сен деген.
Ақылға толған, молығып,
Тоқсан баулы ноғайдың
Жоқ еді бұрын кек алған.
Асыл туған баласың.
Алдың ба қалмақ қаласын,
Көрдің бе жаудың шамасын?
Артық туған сұңқарым,
Айналайын, қарағым,
Қайғы етпей бола ма
Орақтан қалған балаға?
Белгілі туған ер еді
Мынау тұрған Қарасай,
Сен бір қалған тұқымды-ай.
Үндемейтін ер едің.
Орақтың айтқан сөзі еді:
«Асылым болар қарағым –
Қазижаным», – деуші еді.
Ризамын Аллаға,
Тапсырдым Аққа мен, – деді.

«Қази мен Қарасайдың» біткен жері осы еді.