Түркі халықтарының фольклорлық мұрасы
Қамбар батыр
«Қамбар батыр» – қазақ халқының көп вариантты, ел арасында кең тараған көркем жырдың бірі. Жыр нұсқаларында батыр өз жұртының қорғаны ретінде, аңшы мерген бейнесінде суреттеледі.
Жырдың композициялық ерекшелігі: оқиға әдеттегідей батырдың ғажайып тууымен емес, сұлу қыздың күйеу таңдау тойымен басталады, Қамбар батыр ел-жұртын жаудан қорғап, ерлігінің арқасында Назымға үйлену тойымен аяқталады.
Орыс зерттеушісі Л. Мейер жыр сюжетін алғаш жазып алып, «Киргизская степь Оренбурского края» журналында) жариялады (1865). ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында «Қисса-и Қамбар» (1888), «Тоқсан үйлі тобыр» (1903) деген атпен екі нұсқасы Қазан қаласында, 1890 жылы Санкт-Петербургте шыққан И.Н. Березиннің «Түрік хрестоматиясында» (3-том) жарық көрді. Кеңестік кезеңде, көбінесе, Ә. Диваев нұсқасы (1922) жарияланып келді. Еліміздің сирек қолжазбалар қорында эпостың Шашубай, Рахмет, Жұманазар, Шапай, Келімбет, Құлзақ, Маясар т.б. он тоғыз нұсқасы жинақталған.
Жинаққа жырдың барлық нұсқалары сараланып, И.Н. Березин нұсқасы ұсынылды. «Бабалар сөзі» жүзтомдығының 43-томында (2007), «Дала фольклорының антологиясының 1-томында (2019) жарияланған. Мәтін Орталық ғылыми кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақталған (РФ. 329).
«Қамбар батыр» жырын Өсербай Сәрсенбай орындайды.
«Қамбар батыр» жыры
Бізден бұрын кім өткен?
Тоқсан түрлі ел өткен,
Үш жүз алпыс ер өткен,
Үш жүз алпыс кісі өткен.
Бірнешесі бек өткен.
Бірнешесі сопы өткен,
Бірнешесі бай өткен.
Әрқайсысы уақытында
Жеті жұртты жебеп өткен.
Қарын салып қыс өткен,
Рақымын салып жаз өткен.
Оң қолына қайшы алып,
Сол қолына шаршы алып,
Кесте тартып қыз өткен.
Сонша мезгіл болғанда
Ноғайлыдан кім өткен?
Он сан ноғай бүлгенде,
Орманбет би өлгенде,
Он екі баулы өзбек,
Өзбек жұртта билеген
Әзімбай патша хан өткен,
Ақылға диқан дана өткен.
Әзімбай патша хан екен,
Ақылға диқан дана екен.
Әзімбай санат патшаның
Жеті ұлының ішінде
Он екі жасар Назымға,
Айттырып оны алуға
Көк етікті келмейді,
Көн етіктіге бермейді,
Әзімбаймен тетелес
Аршахан деген хан екен,
Ақылға диқан дана екен.
Бір күні ерте тұрады,
Беті-қолын жуады.
Нөкерін жиып алады,
Нөкеріне сөйлей қалады.
Сөйлегенде не дейді:
– Ал, нөкерлер, нөкерлер,
Әзімбай ханға баралы,
Оған ақыл салалы.
Обалды неге білмейді,
Дүниені неге көрмейді,
Он екі жасар Назымды
Күйеуге неге бермейді?
Сонша мезгіл болғанда
Аршахан атқа мінеді,
Аңырайтып желеді.
Әзімбай ханның тұсына
Сөйлес қыла қалады.
Жұрт сағынған Әзімбай
Қадамды басып шығады,
Патшаның жүзін көреді.
Бозбаланы жинатад,
Алтын шатыр тіктіріп,
Алтынды көрпе жайдырып,
Бал қымызды құйдырып,
Сусынын әбден қандырып.
Сонда Әзімбай сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
– Ол, ол болсын, ол болсын,
Жеке басың қол болсын.
Садаққа салған қырық кез оқ
Дұшпанға атсақ мол болсын.
Алтынды бөркің басыңда,
Қырық нөкерің қасыңда,
Арша қалқа, саған жол болсын.
– Әзімбайша ханымыз,
Ақылға диқан данамыз,
Дүниені неге көрмейсіз,
Он екі жасар Назымды
Күйеуге неге бермейсіз?
– Олай да болса, Арша хан,
Бұ тіліңді алайын,
Халқыма жарды салайын,
Қойды баққан құл қалмай,
Ешкіні баққан шал қалмай,
Ақсақ, шошақ таз қалмай,
Мырза, сірә, хал қалмай,
Бәрін жиып алайын.
Сексен үйді тігейін,
Сексен бие сауайын.
Сексен саба толтырып,
Бал қымызды жияйын.
Он екі жасар Назымды
Бір сүйгені бар болса,
Қалың мал алмай берейін.
Сонша мезгіл болғанда
Жылқы ішіне барады,
Сегіз ат ұстап алады.
Сегіз жігітке береді,
Жұртына хабар салады.
Бұл хабарды есітіп
Әр түндіктен жан қалмай,
Қатуланып қамданды,
Жұрт жиылып аттанды.
Бір жасармен бүлініп,
Ақсақ кетіп барады,
Бір аяғын ұзартып,
Аяғы ақсақ жағының
Үзеңгісін қысқартып,
Ақ балдағы белінде,
Қу таяғы қолында,
Әзімбай ханға бармаққа,
Назымға көзін салмаққа,
Он екі жасар Назымды
Қалың бермей алмаққа.
Үкісін жандатып
Шекесіне жабысқан.
Жарамды біткен орыстың
Сырғанақ жылтыр мұздай ғып,
Құйқасын жеп тауысқан,
Арт жағына қараса,
Желкесінен бу шығып,
Маса, сона, көбелек пен
Шыбын-шіркей ду шағып,
Тамағы мен табаны
Арасынан су шығып,
Исін адам көргісіз,
Маңайына адам барғысыз,
Бүкіл итпен жектілер,
Таздар да кетіп барады.
Әзімбай ханға барғалы,
Назымға көзін салғалы,
Он екі жасар қыз Назым
Қалың мал бермей алғалы.
Және тағы, жігіттер,
Бір жосықты адамдар,
Жегі мен құрт екеуі
Мұртына жабысқан,
Кеңсіріктен бергі жерінің
Әкесін қоймай тауысқан,
Шеміршегін жеп тастап,
Мұрны бітіп қалған соң,
Аузына таман ауысқан,
Екі беті бұлтиып,
Мұрындарын бір тартып
Пұшықтар кетіп барады.
Әзімбай ханға бармаққа,
Назымға көзін салмаққа,
Он екі жасар қыз Назым
Қалың бермей алмаққа.
Нағиынан сындар адамдар
Бір жеңінен май ағып,
Мұрынынан боқ ағып,
Байтабасын басып сүйретіп
Құлдар да кетіп барады.
Он екі жасар қыз Назым
Қалың мал бермей алғалы.
Бұ дүниеде құрысқан,
Ілгері жетпей тырысқан,
Ауызында тісі жоқ,
Анда адамның ісі жоқ,
Кемерін қосып тек жатпай,
Араз болған кісідей,
Бір-біріне сөз қатпай
Шалдар да кетіп барады.
Әзімбай ханға бармаққа,
Назымға көзін салмаққа,
Он екі жасар қыз Назым
Қалың мал бермей алмаққа.
Бұ жосынға жоламай,
Құдайым ісін оңдағай.
Бір жағынан бөлініп,
Төрелер мен бозбала
Қатар түзеп жөнелді.
Барқыт камзол үстінде,
Кәмшаттан бөрік басында,
Жасауылдар қасында,
Қарбанады шалбар салақтап,
«Назым қайда, Құдай» деп,
Екі көзі алақтап,
Алтыннан сабы салақтап,
Астында мінген арғымақ
Әсемдетіп ойнатып,
Сегіз өрме қамшымен
Бауырға соғып өкіртіп,
Қазулы жатқан арықтан
Арғымағын секіртіп,
«Назым сұлу қайда?» – деп,
«Алсақ жанға пайда», – деп,
«Мұндай тоты қайда», – деп.
Әзімбай ханға барғалы,
Назымға көзін салғалы,
Он екі жасар қыз Назым
Алла қолға тигізсе,
Көптен жүрген кектерін
Бір минутта алғалы.
Бұ жиылған жамағат
Сексен үйге түседі,
Бал қымызды құяды,
Сексен бие сояды.
Сусыны әбден қанған соң,
Жұрт мас болып алған соң,
«Араласын, – деп, – көпті»
Назымға хабар салады.
Сонша мезгіл болғанда
Пернеменен көрініп,
Құдай берген екі аяқ
Бір басуға ерініп,
Бойын балап керіліп,
Аузынан ішкен шекер бал
Кіндігінен көрініп,
Назым кетіп барады.
Сексен үйді аралап,
Төре менен мырзасын
Бәрін де көріп саралап,
Біріне көзін салмады,
Хабарына алмады,
Жөней де кетіп қалады.
Төрелер менен мырзалар,
Батыр менен шоралар
Әсте артынан қалмайды.
Етегін қыздың жалмай-дүр,
Сонда дағы, жігіттер,
Назым сұлу апаңыз
Алды-артына көзін салмайды.
Атасының алдына
Назымжан барып зарлайды,
Зарлағанда не дейді:
– Бұ жиылған көбіңде
Ат ұстап мінер адам жоқ,
Сонша жаман кісіге
Менің де іздер шамам жоқ.
Сонда атасы біледі.
– Сексен үйдің ішінен
Бір кісіні жаратпай,
Әуре болдың, дүние боқ.
– Әзімбай сынды ханымыз,
Ақылы диқан ханымыз,
Бұ сөзіңе тұрмаймыз.
Ортаңыздан жар іздеп
Сәркардан болдым зар илеп,
Құр хандық болған секілді
Бүгін сойған малыңыз.
Жалғызың Назым мен болсам,
Әзімбай атам сен болсаң,
Назымның мұнда ісі жоқ.
Сексен үйдің ішінде
Өздігінен жол тауып,
Адамдық қылар кісі жоқ.
Әзімбай ханның алдына
Бір төлеңгіт келеді,
Қол қусырып сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
– Алдияр тақсыр ханымыз,
Жолыңызға бек құрбан
Малымыз бен жанымыз.
Сөзіме құлақ салыңыз,
Ақ өткелден ары өтсе,
Алты күндік жер өтсе,
Отыз үйлі обыр бар,
Тоқсан үйлі тобыр бар.
Отыз үйлі обырда,
Тоқсан үйлі тобырда,
Айдарына малы жоқ,
Шайнарына майы жоқ,
Қара қасқа аттың күшімен,
Садағының ұшымен
Асырап жүрген ер Қамбар.
Тілегін аның Құдайым
Һәр заманда берген-дүр.
Мұңы бар нашар адамдар,
Алыстан іздеп келген-дүр.
Он екі жасар сол Қамбар,
Иманнан басқа не қам бар.
Патшадан артық басы бар,
Киік пенен құланнан
Осы күнде асы бар.
Жазғаны кедей демесең,
Мұнан артық адам жоқ.
Тез баршы деп айтуға
Менің сізге шамам жоқ.
– Кетші әрмен, төлеңгіт,
Бұ тіліңе ермеймін,
Мақтаған Қамбарды көрмеймін.
Он екі жасар Назымды
Кедейге, тіпті, бермеймін.
Төлеңгіттің сөзіне
Назымжан құлақ салып тұр.
Бойы балқып, жігіттер,
Бір бәлеге қалып тұр.
Үйіне таман барып тұр,
Алтын сандық ашып тұр.
Меруерттен сызай қолға алып,
Қамбарға хатты жазып тұр.
Шыдай алмай Назымжан,
Асық та болып азып тұр.
Ханның басы қыркүйек
Қарашамен қауышты,
Абылай төре дауысты,
Бір түбектің құланын
Атып бір алып тауысты.
Атайын десе, құлан жоқ,
Құлан менен бұлан жоқ.
– Қорлықпенен өткіздім
Мынау қымбат жасымды.
Тыныштықты алмай, дүние боқ,
Отыз үйлі обырдың,
Тоқсан үйлі тобырдың
Тілегін, Құдай, бермедің.
Зарланғанын, Жасаған,
Құдіретіңмен көр-сәна.
Біреуі аштан өлсе де,
Обалы менің мойныма,
Көзінің жасы зарланып,
Төгілер менің қойныма.
Бір түбектің құланы
Шыдамады батырыңның ойынына.
Он сегіз мың ғаламды
Жасатқан сорлы мен бе едім?!
Түн ортасы болғанша
Төсектің үстінде
Көйгөй тартып жылайды-ау.
Таң алакеуім болғанда
Отқа байлаулы
Қара қасқа тұлпары
Жерді де тарпып тұрмайды.
Қара қасқа атқа мінеді,
«Иә, Құдай» деп жөнелді.
Ұршық майы бұлтылдап,
Тұяқтан оты жарқылдап,
Бөкендей шаңы бұрқылдап,
Шақпақ оты жарқылдап,
Найзаның ұшы жарқылдап,
Азулары жарқылдап,
Ауыздықпен алысып,
Ұшқан құспен жарысып,
Алты қырдан өтіп тұр.
Алты күндік жер екен,
Күн шығардың алдында
Ақ өткелге жетіп тұр.
Алтынды бөркі басында,
Қырық нөкер қыз қасында,
Алтын шәйнек қолында,
Дәретке Назым келіп тұр.
Келе жатқан Қамбарды
Назым сұлу көріп тұр,
Оның Қамбар екенін
Тұлғасынан біліп тұр.
Ақ өткелден өтеді,
Көрініп тұрған Назымға
Бір қайырылмай кетіп тұр.
Сонда сұлу сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
– Хан сүйекті Қамбар-ау,
Қара атыңның мойнында
Өкпе-бауыр жал бар-ау,
Біздікіне түсе кет.
Қант пен мейіз шай бар-ау,
Сен жегендей май бар-ау,
Дәмі тәтті бал бар-ау,
Бір кісіні күткендей
Аллаға шүкір жай бар-ау.
Қыздың айтқан сөзіне
Қамбар құлақ салмады,
Бұрылып оған бармады.
Барайын деп көңіл қылса да,
Артында қалған,
Асырап жүрген жамағат,
Бейшаралар зарлайды.
Олардың аштығы
Қамбардың есінен қалмайды,
Сөйтіп жөней береді.
Қамбардан күдер үзген соң,
Үйіне Назым барып тұр,
Ғазын оқып алып тұр.
Жеті ағасының қатынын,
Жетеуін бірдей шақырып,
Алтынды айна қолға алып,
Өз көркіне өзінің
Есі кетіп ауып тұр.
Кіші бесін болғанда
Алпыс құлан астында,
Тоқсан құлан жанында,
Келеді Қамбар ыстықтап,
Астындағы қара аты
Азуын басып алақтап.
Келе жатқан Қамбарды
Назым көріп жүгіріп,
Ақ өткелдің аузында
Алтын шатыр келтіріп,
Алтын көрпе жайдырып,
Бал қымызды құйдырып,
Жібектен өрмек құрдырып,
Назым сұлу келіп тұр.
Қамбар жақын келген соң,
Қамбарға сұлу сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
– Хан сүйекті Қамбар-ау,
Қара атыңның мойнында
Өкпе-бауыр, жал бар-ау,
Біздікіне түсе кет.
Қант пен мейіз, шай бар-ау,
Дәмі тәтті бал бар-ау,
Бір кісіні күткендей
Аллаға шүкір жай бар-ау.
Жалаңбұт өскен заңғар-ау,
Батыр да болсаң жаным, сен,
Бұ сөзімнің ақырын
Ақылың салып аңғар-ау.
Үстіңде бүгін жарғағың,
Бұтыңда бүгін шалбарың,
Қайырылмасаң, қайырылма,
Бір қайырылар күн бар-ау.
Сен кедейге сақтаулы
Ақ төсімнің үстінде
Жан тимеген жай бар-ау.
Қайырылып бермен кел, кедей,
Жүзімді менің, көр, кедей.
Қаламменен жазылған
Қарақат көзді қасым көр.
Қолыңа майда етпесе
Жібекті көр де шашым көр.
Алтыннан соққан зер көрдің,
Түймесін көр де басым көр,
Меруетті көр де тісім көр.
Алтынды шатыр ішінде
Ғажаптап көрген ісім көр.
Жер үстіне қар жауса,
Қарды көр де етім көр.
Қар үстіне қан тамса,
Қанды көр де бетім көр.
Қайырылып Қамбар келеді,
«Қарашы әне айласын,
Келетұғын жолыма
Өрмек құрып тоқтатып,
Кедейлерге жоқтатып,
Әзәзіл боп бұ жерде
Азғыруға тұрғанын.
Мен бүйтейін бұған», – деп
Қолына алды қылышын.
Тоғыз құлаш өрмегін,
Жібектен қылған ермегін
Семсермен турап салады.
Қырға таман барады,
Бара тағы сөйлейді:
– Әзімбай ханның қыз Назым,
Он екі жасар сен, Назым.
Жас басыңнан жар іздеп,
Күдерің менен үз, Назым.
Мені неге шақырдың,
Мырзаға тисең болмай ма,
Мырзалар сені алмай ма?
Мен кедейге тигенмен
Не табарсың, бейшара.
Алтынды шатыр менде жоқ,
Мамықтан төсек менде жоқ,
Алтынды көрпе менде жоқ,
Ақ орда үй менде жоқ.
Қорлықпен өтер күніңіз,
Босағамда отырып,
Құлан менен бұланның
Сирағын жиып өлерсіз.
– Базардан келген топты хан
Сандық ашқан кілтісің.
Ақылың бар ма деуші едім,
Неткен ақымақ жігітсің,
Көңілің маған толмай ма,
Жаманды Құдай оңдай ма.
Алтынды шатыр нетейін,
Мамық төсек нетейін,
Алтынды көрпе нетейін.
Босағаңда отырып,
Атып келген құланның
Өкпесі мен бауырын жеп,
Сорпасын ішіп өтейін.
Сонда Қамбар сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
– Әзімбай ханның қыз Назым,
Азырақ сабыр қыла тұр.
Аузы кәпір демесең,
Мақия деген хан еді,
Ақылға диқан хан еді.
Өзі билеген жұртынан
Көп ел іздеп аралап,
Қыз таппай жүр еді.
Сонша мезгіл болғанда
Бұ жол сені есітіп,
Он екі мың қол жиып,
Екі мың ләшкер көп жиып,
Жұртыңды сенің қорқытып,
Сені тартып алуға
Әзімбай ханға келер ол
Сонда жұртың сасқанда,
Хабарды жұртың бір берер.
Сол хабармен аттанып
Желе бір жортып келермін,
Он екі мың ләшкердің
Сыбағасын берермін.
Бәтуа болса, Назымжан,
Сол мезгілде көрермін.
Сөйтіп Қамбар кетеді,
Назымға тоқтау түседі.
Жүз отыз құлан теңдеулі
Ауырламай тұрғаны
Желе де басып барады.
Алдынан қашқан түлкіні
Соғып та алып жүреді.
Сонша мезгіл болғанда
Мақия деген хан екен,
Ақылға диқан хан екен.
Кәпір деген жұртынан
Қыз жаратпай жүр екен.
Жаратқан соң, ағалар,
Құдайым берер нәсіпті,
Жас балаға шабарлар
Қыла-дүр кім бесікті.
Ноғайлының жұртында
Назымжан бар деп естіпті.
Он екі мың қол алды,
Екі мың түйе пұл алды.
Сонша мың ләшкер кәпірлер
Ноғайға таман жол алды,
Қару-құрау мол алды.
Аттанып жатқан мезгілде
Келменбет деген кәпірдің
Шешені бірге жол алды.
Мақия ханға сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
– Мақия сынды ханымыз,
Ақылға диқан данамыз,
Жолыңызға бек құрбан
Малымыз бенен жанымыз.
Қырық қара көк атпенен
Бес түйеге діллә артып,
Жолдаспенен барыңыз.
Әзімбай ғаріп барайын,
Қырық қара көк ат пенен
Бес түйеге артқан ділләні
Қарғыбау үшін берейін.
Қанша қалың мал керек,
Есептеп хатқа салайын.
Ел арасын жау қылман,
Татулықпен алайын.
Келменбеттің айтқанын
Ханы қабыл көреді.
Сұрағанның бәрін де
Заманда тауып береді.
Аралары бұлардың
Қырық алты күндік жол екен,
Отыз бес күнде келеді.
Ордасының тұсынан
Сөйлес қыла қалады.
Жұрт сағынған Әзімбай
Қадам басып шығады.
Алтын шатыр тіктіріп,
Алтын көрпе жайдырып,
Бал қымызын құйдырып,
Сусыны әбден қанған соң,
Мас боп бұлар алған соң,
Әзімбай ханың сөйледі:
– Ол, ол болсын, ол болсын,
Жеке басың қол болсын.
Садағыңа салған қырық кез оқ
Кәпірге атсаң мол болсын.
Сапар қылып жүріпсіз,
Батыр, саған жол болсын.
Қай патшаның ұлысың,
Қай шарбағының гүлісің,
Қай мәнзелден боларсың,
Қанша жерге барарсың?
Келменбет сонда сөйледі:
– Алдияр тақсыр, ханымыз,
Сөзіме құлақ салыңыз,
Айтқаныма наныңыз,
Бізді бір қабыл алыңыз.
Мақия деген хан еді,
Нәсілі кәпір демесең,
Өзіңдей-ақ хан еді.
Өз билеген жұртынан
Қыз жаратпай жүр еді.
Имансыз адам дүниеде
Көп күнәні жиыпты,
Кеудесіне мұндардың
Шайтан лағин ұйыпты.
Әділ патша ханымыз,
Назым сұлу қызыңыз
Құлағына ұйыпты.
Асық болып байғұстың
Жүрегі жанып-күйіпті.
Сол себептен, тақсыр хан,
Біразырақ тартұрмын.
Келменбет сынды құлыңыз,
Жарлығыңызға ынтық боп,
Бұ бейшара құлыңыз
Қол қусырып тұрыпты.
Бұ көрінген асылды
Қарғыбау үшін алыңыз.
Артыңдағы қалың мал
Есептеп хатқа салыңыз,
Әміріңізше, тақсыр хан,
Біздің бір қолдан алыңыз.
Жөні болса сонан соң,
Назым бір сұлу қызыңды
Мақия ханға беріңіз.
Жұрт билеген Әзімбай
Дүние малға қыз жығып,
Көңілі кетті бұзылып.
– Діні басқа демесем,
Құдайдың бұ да пендесі,
Осынша малды алайын,
Назымды бұған берейін.
Бұ сөйлескен кеңесін
Әзімбай ханның кенжесі
Алшора сұлтан есітті.
Қатуланды, қаттанды,
Қаһарланып аттанды,
Арғымағын мінеді,
Сақырлатып оқ тартып
Шатырға жетіп келеді.
Қаһарланып Алшора
Ханыңа сөйлес береді:
– Көкірегіңді кенейсің,
Ақылдаспай не дейсің?
Ортада жалғыз Назымды
Кәпірге неге теңейсің.
Мұсылмандық жоқ болса,
Өз басыңда ерік болса,
Бұлайша неге сөйлейсің?
Сақалың күзеп алайын,
Алжыған берсек, не дейсің?
– Ол, ол болсын, ол болсын,
Жеке басың қол болсын.
Садаққа салған қырық кез оқ
Кәпірге атсаң мол болсын.
Мұнда келіп түскен құл,
Көңілің сенің өскен құл,
Келменбет, саған жол болсын.
Келменбет тұрып сөйледі:
– Қой, қой, бала, қой, бала,
Құрмандығың сой, бала,
Назым бір сынды сұлуды
Мақия ханға бер, бала.
Әгар шынды бермесең,
Он екі мың қол келер.
Сонша әскер мол келер,
Аламын деп сол келер,
Өзіңді ұстап алар ол,
Жас теріге салар ол.
Сені де бүйтіп қойған соң,
Ардақтаған аруыңды
Назым бір сынды зарлыңды
Тегін де олжа қылар сол.
Ат көтіне мінгізіп,
Зорлықпенен алар сол.
Алшора сынды батырың
Бұл сөзіне күйінді,
Етек-жеңін жиынды.
– Кетші әрмен, Келменбет,
Бұ сөзіңе ермеймін,
Айтқаныңа көнбеймін.
Қатты соғыс қылмастан,
Күйеу демен жаным барында,
Кәпірге, тіпті, бермеймін.
Садағына қол салды,
Қозы жауырын оқ алды.
Келменбетке жар болған
Қырық жолдасын көрген соң,
Сыбағалы оқтарын
Аямай-ақ береді,
Алшора сынды батырың
Келменбетке таман келеді.
«Бермен келші сен, құл» деп,
Құлағын кесіп алады.
– Қойға келген бәледен
Тоқты мен қошқар садаға,
Басқа келген бәледен
Құлақ-мұрын садаға.
Маған жетер атағы,
Мақияға сәлем де:
Оған деген сақтаулы,
Қамбарым бар мақтаулы,
Құдайым өзі жақтаулы.
Келменбет сынды шешенің
Адамдарға таң болып,
Бір пормылы жан болып,
Тұла бойы қан болып,
Қалталақтап жөнелді.
Жолындағы дариядан
Жердей басып өтеді,
Қысылғаны сол құрлы.
Кіші бесін болғанда
Мақия ханға жетеді.
Мақия сынды ханыңның
Алдында тұрып сөйледі-ау,
Сөйлегенде не дейді.
Құлағы жоқ, мұрны жоқ
Келменбетті көрді де,
Мақия сөйлей қалады:
– Келменбет сынды шешенім,
Ақылың кеткен есерім,
Барма десем болмадың,
Өз сөзіңді оңдадың,
Құлақ-мұрның көрмедім,
Тонау берген Келменбет,
Әзімбай ханға бардың ба,
Жібергенім бердің бе?
Оны тағы азсынып,
Қырық кісімді бердің бе?
Аузыңнан жеңіліп,
Ұялмастан тағы да
Саңырайып келдің бе?
Мұның бәрі салауат,
Кешу болсын, Келменбет,
Назымжанның, дүния,
Алтын жүзін көрдің бе?
Қуанып көңілің тасыған соң,
Көрімдік үшін Назымға
Құлақ-мұрның бердің бе?
Аузыңнан жеңіліп
Шонтай болып келдің бе?
– Алдияр тақсыр, ханымыз,
Ақылың дана ханымыз,
Жолыңызға құрмалдық,
Азын-аулақ малымыз,
Құлағым мен мұрнымның
Кегін сонан алыңыз,
Шеру тартып барыңыз,
Біле білсең, тақсыр хан,
Бұл өзіңнің арыңыз.
Сонша мезгіл болғанда
Мақия сынды ханыңыз
Қатуланды, қаттанды,
Әскер тартып аттанды,
Келменбеттің қасында
Мақия патша келеді,
Сондай қатты желеді.
Үлкендіктен пайда жоқ,
Аламын деп ойлайды.
Бір Құдайдан болмаса,
Кәпірдің көңлі сондай-ды.
Тәуекел қылмай Назымды
Аламын деп келеді.
Көпініп мұндар барсаң да,
Сазаңды Қамбар береді.
Саулап жетіп келеді,
Әзімбай ханның еліне
Түстік жерге түседі,
Шатырларын тігеді.
Патшаға елші жіберді,
Жібергенде не дейді:
– Кешегі дүние-малымның
Баршасы кетсін салауат,
Келменбеттің қырық жігіт,
Бұлар тағы жоқтаусыз.
Елшіге қылған қорлығың,
Келменбетке қылған зорлығың,
Болсын сізге кектеусіз.
Қанша қалың мал керек,
Есептеп бәрін алыңыз.
Бермек болсаң Назымды,
Жауабын жылдам беріңіз.
Бермеймін деп шалқайсаң,
Бүлінеді еліңіз.
Біздің елшіні көріңіз,
Жауабын жылдам беріңіз.
Алақтады, қысылды,
Әзімбай жаман исенді,
Мақиядан елші келіп,
Сасып қорқып тұрғанда
Аршахан мен Алшора
Екеуі жетіп келеді,
Әзімбайға сөйледі:
– Алдияр тақсыр ханымыз,
Сөзіме құлақ салыңыз,
Он екі күн өткенше
Аял сұрап алыңыз.
Жұртыңа хабар салыңыз,
Ақылмен айла қылыңыз.
Әзімбай хан түсінді
Бұ жауаптың тегіне.
Құлақ салшы, жамағат,
Елшіге айтқан сөзіне.
– Елші, сіздер қайтыңыз,
Мақия сынды ханыңа
Менен сәлем айтыңыз,
Жұртымды жиып алайын.
Күйеудің келген көп қосшы,
Жалғыз шамам келмейді,
Күтіп оны аларға.
Бәтуа болса Назымды
Мереке қылып берейін,
Нәсіп болса Құдайдан,
Күйеудің жүзін көрейін.
Енді сіздер қайтыңыз,
Бұ сөзімді айтыңыз.
Елші қайтып барады,
Естіп білген сөздерін
Мақияға айта қалады.
Әзімбай айтқан жауабы
Кәпірге сондай жарлады.
Он екі күн кеңдікке
Тоқтап енді қалады.
Елшілер қайтып кеткен соң,
Жылқысына барады,
Он алты ат ұстап алады.
Сегіз биге мінгізіп,
Қамбарға хабар салады.
Тәуекел қылып Құдайға,
Сегіз би кетіп барады.
Құдіретімен Құдайдың,
Аңда жүрген Қамбарға
Душарласа қалады.
Сәлем беріп билерің
Амандасып алады.
Есендік сұрап болған соң,
Сегіз биге сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
– Ол, ол болсын, ол болсын,
Жеке де басың қол болсын,
Садаққа салған қырық кез оқ
Кәпірге атсаң мол болсын.
Атың жалы жығыңқы,
Көп шабулар көргендей.
Қабақтарың қатыңқы,
Түн ұйқысын бөлгендей.
Қарның жуан қабақтай,
Балтырың жуан табақтай,
Батырлар, сізге жол болсын.
– Батыр да туған ер Қамбар,
Мұңымыз көп, көр, Қамбар.
Әзімбай сынды хан еді,
Ақылға диқан дана еді,
Назым да атты патшаның
Жалғыз қызы бар еді,
Бәтуа болса сіздерге
Беремін деп жүріпті.
Бұ күн болған кебімді,
Батыр Қамбар, көр енді.
Кәпір жұрттың патшасы
Мақия деген хан келді,
Он екі мың қол келді,
Аламын деп сол келді.
Сізге келген бір хабар,
Арашалар жол келді.
Мұсылманның баласын
Кіріптар қылмай кәпірге,
Айырып та алар жөн келді.
Өз ойымен хандар елшілерге теңепті.
Жәрдем сұрап ханыңыз
Бізді сізге жіберді.
– Мінгенде атым қара кер,
Кімді алмас қара жер.
Кәпірдің қылған қорлыққа
Шыдай алмас бір де ер.
Он екі күн болғанда,
Билер, мені онда көр.
Отыз үйлі обырға,
Тоқсан да үйлі тобырға
Азық жиып берейін.
Бұйрық болса Алладан
Іздеп келген көп қолдың
Әуселесін көрейін.
Жамандық істеп Қамбардың
Нәпсі көңлін иітіпті.
Атысуға керек деп
Қорғасыннан оқты құйыпты.
Оғын құйып болған соң,
Алты күн дамыл көрместен,
Отыз үйлі обырға,
Тоқсан үйлі тобырға
Бір айлық азық жиыпты.
Алты күн атын семіртіп,
Босағасын кеміртіп,
Аттанып ерттеп тұрғанда
Шешесі келіп сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
– Ол, ол болсын, ол болсын,
Жеке де басың қол болсын,
Садағыңа салған қырық кез оқ
Кәпірге атсаң мол болсын.
Алты күн болды, шырағым,
Бұзылып тұрған ойың бар,
Сапар қылар жолың бар,
Жалғызым, саған жол болсын.
Сонда Қамбар сөйлепті:
– Әзімбай сынды хан еді,
Ақылға диқан жан еді.
Әзімбай ханның қолында
Болмай кеткен бір асыл,
Жалғыз қызы бар еді.
Кедей деп мені қорламай,
Бермек болып жүр еді.
Он екі мың қол келді,
Екі мың әскер жол келді,
Мақия ханы бастық боп,
Аламын деп сол келді.
Бұйрық болса келуінің
Лұқсат етсең барайын,
Кіріптар етпей кәпірге,
Айырып алып қалайын,
Түгел майдан салайын.
Иә, Расул Алла, Жаратқан,
Есіркесең шыдайын.
Әрне болған әміріңе
Ыриза болып шыдайын.
Рұқсат қылсаң, шешеке,
Жылдамырақ барайын.
Сонда апасы зарланды:
– Жалғызым менім Қамбарым,
Бұ сөзіңді аңғардым.
Көре алмасам дүниеде
Күйігіңмен зарландым.
Алтыннан қылған тіректей
Кәуһар қылсам керек-ті.
Күміс қанат үйректей
Қабыл көрсем керектей.
Арқадағы андыздай,
Жұпардағы құндыздай,
Ерте туып, кеш батқан
Өмір зая жұлдыздай.
Өзің берген жалғызды-ай
Аманат қостым, Құдайым,
Туғаннан асыл жеке-дүр,
Дүниесінің жайын білер-дүр,
Өзің берген жалғызды
Аманат қосып жібердім.
Жалғызым өлсе – жаманат,
Зарланып қалар жамағат.
Өзің берген жалғызды-ай
Өзіңе қостым аманат.
Масаты кілем жаба алман,
Жалғызым, сенен айырылсам,
Әуара болмай оңалман.
Бір қасқа қаның торсыққа
Құй-дағы, жалғыз, жүре бер.
Үйде отырып өлсең де,
Жаныңа қорған бола алман.
Атына мініп тұрды да:
– Айналайын, шешеке,
Анау молтақ көрінген
Бәйтерекке барғайсың,
Ат басындай түбіне
Алтын тығып қойғанмын,
Алтынды қазып алғайсың,
Обыр менен тобырға
Тамақ қылып бергейсің.
Ғаріптердің, шешеке,
Көңілін аулап жүргейсің.
Қара атына мінеді,
«Иә, Алла» деп жөнелді.
Тобық майы бұлтылдап,
Тұяқтан оты жылтылдап,
Шақпақ оты шақылдап,
Найзаның ұшы жарқылдап,
Азулары шықырлап,
Ауыздыққа қарысып,
Ұшқан құспен жарысып,
Алты қырдан асып тұр,
Кәпірді бейнет басып тұр.
Ұлы бесін болғанда
Ақ өткелге жетіп тұр.
Алтын шатыр тігулі,
Алтыннан көрпе жаюлы,
Бал қымызға құюлы,
Назым сұлу күтіп тұр.
Ат үстінен Қамбардың
Аузынан сүйіп атыр.
Мұнараның басында
Түстік жерде Келменбет
Мұның бәрін көріп тұр.
Сонша мезгіл болғанда,
Келменбет шешен біліп тұр.
Кедейден шыққан Қамбарды
Ер екенін көріп тұр.
Сол заманда Келменбет
Өзіне-өзі айтып тұр.
«Туғанымда анадан,
Мұсылман едім мен жастан,
Өзіме серік аз болып,
Мен дінім бұздым әу бастан.
Айналайын Құдайға,
Жолықтырған Қамбарды.
Құлшылық қылып бағайын,
Мұхаммедтің алдына
Иманды болып барайын,
Енді бір хайла ойлайын,
Қамбарымды өлтіртпей,
Бір қасық қанын тілейін.
Әгарда қанын бермесе,
Мақияны һәлак қылайын.
Кәпірге қызмет қылғанша,
Қаңғырып жүріп өлейін.
Екі де шердің алысқан
Майдандарын көрейін.
Әгар Қамбар жеңілсе,
Мен де артынан өлейін».
Құлақ салып қараңыз
Келменбет сынды батырға,
Иманды жанға айып емес,
Дозаққа күйіп жанарға.
Қамбар ханға бар бітер
Қара атын байлап шатырға.
Жаман көзбен қарады
Шалқасынан жатқан кәпірге.
Көзі көзге түскен соң,
Мақия қорқып сөйледі.
– Ноғайлының жас бала,
Арақ ішкен мас бала,
Күшің жеткен кісінің
Жандарына қас бала,
Біз сықылды батырға
Даярлап қойған ас бала,
Он екі күн болғанша,
Нағып келмей жатырсың?
Қорыққаның сонан белгілі,
Неғылған жаман батырсың.
Түсіңнен сенің белгілі,
Қорқып келіп отырсың.
Ашуым менің келіп тұр,
Не жауабын қатасың?
– Олай емес, Мақия хан,
Айыптама мені сен,
Өз сөзіңнен тұтылсаң.
Келе жатқан жолымда
Атым менің аруда.
Мақия ханды көрген соң,
Көңілім менің жаруда.
Бір Алла деген адамның
Кеудесіне иман даруда.
Сізді іздеп үйден шыққалы
Он екі күн болыпты.
Шыққан күні түс көрдім,
Жібектен баулы құс көрдім.
Үш күнді текке жіберіп,
Тоғыз күннің ішінде
Таң қалғандай іс көрдім.
Жаңғалақ адам тұрады
Ақылынан адасып.
Жақсыға айтқан һәр сөзім
Жерде қалмас адасып.
Бір қаршыға қаз іліп,
Жапалақпен екеуі
Жатыр екен таласып.
Бұйрық болса, тақсыр хан,
Дидарын сұлу көресің.
Үш күн ойлап солардың
Әзер бердім төресін.
– Бұйрықпенен, ер Қамбар,
Дидарымды көресің,
Қалай бердің төресін?
– Қаршығаға сөйледім:
Сенің күнде ілгенің қаз еді,
Жапалақ байғұс нашардың
Ілер құсы аз еді.
Бұ себеппен, тақсыр хан,
Жапалаққа әпердім.
– Сөзің дұрыс, ер Қамбар,
Ұялсаң, шығар ащы тер.
Алты күн өтіп кетті енді,
Қалған күнді сөйлей бер.
– Мен сөйлесем, тақсыр хан,
Құлақ сал да есіте бер.
Бүлкілдеген бүйрекке
Бүлдіршігі шығар көйлекке.
Қарға жатыр таласып
Лашын ілген үйрекке.
– Қаһар қылсам, ер Қамбар,
Қорлықты менен көрерсің,
Қалайша бердің төресін?
– Тәуекел қылып сиындым
Шыққанымда Аллаға,
Жолда жатқан бақпадым
Алтын-күміс олжаға.
Үш күн ойлап, тақсыр хан,
Лашындағы үйректі
Алып бердім қарғаға.
– Ноғайлының жас Қамбар,
Жаман көзбен қарайсың.
Ерік өзіңде бар болса,
Алла Тағалла жар болса,
Нелікке тым-ақ жарайсың.
Ораза қаза қылсаңыз,
Жаныңның таптың сауабын.
Тоғыз күнді өткіздің,
Үш күннің берші жауабын.
Сонда Қамбар айтады:
– Батырлардың ішінде
Мойнына таққан дуамын.
Дұшманым қорқып қашқан соң,
Артынан сондай қуамын.
Құлақ салып құп тыңда,
Мен берейін жауабын.
Олай бар да, бұлай бар,
Алдыңда қалың ноғай бар.
Өтірікті айтсаң да,
Табатұғын Құдай бар.
Таласқан екен бір байғыз
Сұңқардың ілген қуына,
Жасаған Ием жар болар
Серіксіз туған жалғызға.
Үш күн ойлап, тақсыр хан,
Сұңқардың қуын әпердім
Нашар туған байғызға.
Батырдан сауға дегенмін,
Не боларсың жегенмен.
Шабыт қылсаң тағы да,
Ілерсің қуды дегенмін.
Кәпір ханы Мақия
Қалыңдап салып төсекті
Надандығың білермін
Күлмесең де сен өзің,
Ұқсатып өзім күлермін.
Сонда айтады Мақия:
– Жап-жас қана баласың,
Дұшпанның салған бәлесін,
Тәуір көрдім сөзіңді,
Ақырын қара көзіңді,
Қаршыға болып біз тұрмыз,
Жапалақ қылдың өзіңді.
Атама Қамбар атыңды,
Он екідегі жасыңда
Лашынға теңедің
Менің мынау басымды.
Қаттырақ-қаттырақ сөйледің,
Сыйламадың жасымды.
Қарға болдың байғұсым,
Әжептәуір басыңды,
Мен аяймын жасыңды.
Аямасам жасыңды,
Алар едім басыңды.
Сені көріп кенелдік
Қу ілген сұңқар біз болып.
Бақытың бар немесің,
Байлана бердің кез болып,
Байғызбын деп сөз болып.
Еркектікті бастайын,
Бұ сөзіңнен аспайын.
Үлкендік қылсам, Қамбарым,
Соғысудан қашпайын.
Үндемесең, батырым,
Мен қайтемін бұ қызды,
Бұйрық болса, сен-ақ ал.
Тәуекел қылып қайтамын,
Әзімбай ханға айтамын.
Қамбар деген кедейің
Тілеп алды қызыңды.
Мен тастадым, Әзімбай,
Әуелгі айтқан сөзімді.
Енді сүзбен көзімді,
Батыр білдім өзіңді.
Сонда Қамбар сөйледі:
– Есітпеймін, Мақия,
Бір сенің айтқан сөзіңді,
Ұрамын ба көзіңді.
Хан жарағы бір деген,
Екеу қылып айтпасаң,
Атқа мініп келген соң,
Қас ақсүйек болсаң сен,
Соғыспай Қамбармен,
Қатын болып қайтпасаң,
Қорлаған, хан, сөзіңді
Ұмытпа бәлем, Мақия,
Қамбар ояр көзіңді,
Енді есітпен сөзіңді.
Ашуланып ақырып,
Қамбар атқа мінеді.
Мұны Мақия көреді,
Иттен жаман үреді.
Сонша мезгіл болғанда
«Жекпе-жек» деп Қамбар келеді,
Шыдай алмай Мақия хан
Атқа мініп келеді,
Қарсыласып тұрады,
Адырнасын құрады,
Кезектерін сұрады.
Қара қасқа атқа тіл бітті,
Мақия тұр көл бетті.
Ат айтады Қамбарға:
– Айтқанына көнгейсің,
Әуелгі ату кезекті
Үшке шейін атуға
Мақия ханға бергейсің.
Кезекті Қамбар береді.
– Атшы, дінсіз кәпір, – деп,
Қарсы қарап тұрады.
Мақия хан со жерде
Садағына қол салып,
Қолын жаман мол салып,
Қалмақ ердің қасы деп,
Дәл жүректің басы деп,
Өлер жерің осы деп,
Толғап-толғап ұрады,
Құдайым оған бұрады.
Әуелгі оғын тартқанда,
Айналайын қара ат
Жүресінен жата қалады.
Мақияның тартқан ол оғы
Үстімен кетіп қалады.
Екінші оғын тартқанда,
Бұған шейін қара ат
Тұрымтайдай бұлтылдап,
Нажағайдай жалтылдап,
Өнер қылып қалады.
Үшінші оғын тартқанда,
Бозторғай боп аспанға
Шырылдап қара ат шығады,
Астымен өтіп кетеді.
Төртіншіге келгенде
Қамбарға кезек береді.
Садағына қол салды,
Қолын жаман мол салды,
Қозы жауырын оқ алды.
Қалмақ ердің қасы деп,
Қақ жүректің басы деп,
Керегі саған осы деп,
Толғап бір толғап ұрады.
Тартқанына шыдамай
Қара ат жата қалады.
Жатқан аттың үстінде
Батырың айғай салады.
Мақтанған Мақия ханыңның
Кеудесі кетіп барады,
Бөксесі тұрып қалады.
Мақия хан өліп қалған соң,
Он екі мың кәпірге
Қамбар ойын салады.
Сонша мезгіл болғанда
Көрген екен Келменбет,
Алшора кірді бір жақтан,
Келменбет кірді бір жақтан,
Кәпірге ойын салып жүр.
Шашынан ұстап иттердің
Басын жұлып алып жүр,
Қамбар сынды батырың
Қарын қанға малып тұр.
Мұнараның басында
Назым да сұлу апаңыз
Соның бәрін көріп тұр,
Құдайға шүкір қылып тұр.
Қаріп пенен қасерге
Шақыртып алып қасына,
Қамбар батыр үшін деп,
Алтын-күміс беріп тұр.
Он екі мың көп кәпір
Бәрін қырып салған соң,
Үсті-басы қан болып,
Әзімбай ханға барып тұр.
– Әзімбай сынды ханымыз,
Ақылға диқан данамыз,
Сөзіме құлақ салыңыз.
Он екі мың кәпірді,
Мақия хан бастық қып,
Жалғыз өзім мұқаттым.
Мінеки, қалың малыңыз,
Күйеулікке қолқа, біліңіз.
Біз де Құдай құлымыз,
Толды ма екен пұлымыз.
Отыз үйлі обырым,
Қырық үйлі тобырым
Аштан өліп барады.
Бермек болсаң қызыңды,
Жөнелту қамын қылыңыз.
Сонда Әзімбай хан ием,
Ақылы жоқ хан ием
Жөнсіз сөзді сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
– Кетші әрмен, қу кедей,
Бұ тіліңе ермеймін,
Тіпті сені көрмеймін.
Назым да сынды жалғызым,
Жалаңқия, саған бермеймін.
Отыз үйлі обырың,
Тоқсан үйлі тобырың
Айдарына малы жоқ,
Шайнарына малы жоқ.
Оны күтіп тұрғандай
Назымжанның жайы жоқ.
Сол арада сөйледі
Алшора мен Арша хан:
– Азырақ аял қылыңыз,
Көкжал туған Қамбарым,
Мұның артын аңғарың,
Ақылы жоқ Әзімбай
Ыстығының Қамбардың
Үстегінің барымда
Пайғамбардың күйеуі
Не малы бар сидырның.
Қызығы бар ма, жігіттер,
Мәрт болмағаны байлардың.
Сонда айтады Әзімбай:
– Айналайын қызым-ай,
Түспедің ғой парыңа.
Сынап айтқан сөзіме,
Қатты айттыңдар көзіме.
Мен ұйыдым сөзіңе,
Арша хан, бердім мен саған,
Не қаласаң өзіңе,
Қызық көрсет көзіме.
Ыриза бол сөзіме,
Отауын көрсет көзіме.
Сол арада Арша хан
Қамбарды ертіп алады,
Отауға таман барады.
Әзімбайым жарады,
Түсіп жатқан Қамбарға
Назым сұлу қарады.
Жиылып тұрған билерге
Қыз күйеуі жарады.
Жеңгелері жиылып
Назыммен бірге барады.
Амандасып жеңгелер
Үйлеріне тарады.
Батыр Қамбар қасында
Назым сұлу қалады.
Бір-бірінен ғашықтар
Тілектерін алады.
Ханның елі жиылып
Тойын қыла қалады.
………………………..
Отыз күн ойын өткізіп,
Қырық күн тойын өткізіп.
Мың түйеге жүк артып,
Жүз түйеге алтын мен ділдә артып,
Құл-құтанын бірге артып,
Ырғап-жырғап жөнелтті.
Байларға Қамбарды
Назым сұлу теңгертті.
Үш күншілік қалғанда
Күйеу жөнін қылған боп
Алдында бұрын барыпты.
Жиып берген құланның
Әр үйінде, жігіттер,
Бір-бір саннан қалыпты.
Кейін қалған Назымың
Үш күннен соң келіпті.
Жылқыдан айғыр сойдырып,
Ұлы тойды қылыпты.
Отыз үйлі обырға,
Тоқсан үйлі тобырға
Киіт үшін Қамбарың
Бір түйеден беріпті.
Аң аулаудан Қамбарың
Өзін сайып алып тұр.
Отыз үйлі обырлар,
Тоқсан үйлі тобырлар
Үй бар жүр-жүр деп
Жылқыны айдап салып тұр,
Қылығына қанып тұр.
Өтірік емес, кісілер,
Осы сөзім анық-дүр.
Мейлінше қанып тұр,
Мұны есіткен жақсылар,
Асық болмақ турасын
Ойларынан шығармай,
Көңіліңе салып тұр.
Халің келген сұлулар,
Бозбаланы есіңе алып тұр.
Оқытқушы жамағат,
Көңілің болса білмекке
Нәсілін Қамбар батырдың,
Жауһар деген тасыңыз –
Барша тастың анасы.
Керей менен Уақтың
Жұға деген жұртыңыз –
Уақтың ноқта ағасы,
Ер Қамбар – соның атасы.
Назым да сұлу апаңыз –
Олардың болған анасы.
Кешегі өткен ер Көкше –
Екеуінің баласы.
Бұл өлеңнің ішінде
Артық сөзі бар болса,
Маған қойма жаласын.
Қашық қылғын, Құдайым,
Шайтан деген бәлесін.