«ҚОБЫЛАНДЫ БАТЫР» ЖЫРЫНЫҢ 29 НҰСҚАСЫ ЖАРИЯЛАНДЫ
<br>
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдарының дайындауымен «Қобыланды батыр» жырының 29 варианты 7 том болып жарық көрді. «Бабалар сөзінде» 16 нұсқасы жарық көріп еді.
Томдарға Марабай, Н.Байғанин, Ә.Диваев, Қ.Елеманов, Қ.Амангелдіұлы, Е.Ешімов, Ә.Дәнекеров, Мұрын жырау, Дәулетше, Досжан, Қартбай Қылышұлы, Е.Тілеумағамбетұлы, Н.Битілеуов, Қ.Амангелдіұлы, О.Оңғарбаев, А.Байтабынұлы, С.Ділманов, Ж.Жамболов, Мергенбай, Қ.Иманов және т.б. нұсқалары енді. Сондай-ақ, литографиялық басылымдар да берілді. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты (ӘӨИ) және Орталық ғылыми кітапхана (ОҒК) қорындағы Қолжазбалар мен литографиялар кеңінен қолданылды.
Жырдың орыс және ағылшын тілдеріндегі тәржімалары да берілді. Мұқабадағы QR арқылы А.Әбдуәлі орындауындағы Марабай нұсқасы мен А.Садықов орындауындағы Н.Байғанин нұсқасының аудиожазбасын тыңдауға және жүктеп алуға болады.
Жетітомдық Ақтөбе облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тапсырысы бойынша шығарылды.