Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1935-1939 жылдары жарық көрген еңбектері

ОКТЯБРЬДІҢ XX ЖЫЛДЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕЗҚАЗҒАН АУДАНЫНЫҢ ТАУ-КЕН БАЙЛЫҒЫ

Қарсақпай ауданының еңбекшілері мен түсті металл комбинатының жұмысшы-қызметкерлері XX жылдық Ұлы Октябрь мерекесін Нілді-Жезқазған теміржол құрылысын салып бітірген қуаныштың кезеңінде тойлап отыр.
Теміржол құрылысы өзінің срогінен бұрын айта қалғандай рекорд жылдамдықпен бір жарым жылдың ішінде салынып бітті. Бұл теміржол Жезқазғанды Қазақстанның және бүкіл Советтер Союзының саяси мәдениетті орталығынан шалғай тұрушылығын жойып, сол орталықтармен жақындастырды. Міне осыдан барып, Ұлы Жезқазған комбинатының құрылыс жұмысын бастауға кедергі жасап келген үлкен қиыншылықтар өз-өзінен жойылды. Енді Жезқазған ауданында үлкен алып индустрияның құрылыс жұмысының жаңа дәуірі басталды.
Қазақстандағы индустрияның ең күрделі звеносының біреуі болып саналатын Жезқазған комбинаты, өндіріс күші жылына 2 жүз мың тонна мыс беретін ірі гигантқа айналады. Үшінші бесжылдықтың программасына бұл гиганттың алғашқы қатардағы құрылыс жұмысын бітіріп, жылына 100 мың тонна мыс қорытуды қамтамасыз ету ісі кіргізілді. Бұл гиганттың бірінші қатардағы өндіріс күшінің өзі Балқаш мыс қорыту комбинатының барлық өндіріс күшімен тең болады және бүкіл Советтер Союзындағы 1937 жылдың ішіндегі рудадан қорытылатын барлық мыстың көлемінен артып түседі. Жезқазған комбинаты толық өндіріс күшімен жүрген уақытта, тек Совет Союзында емес, бүкіл жер жүзіндегі ең ірі комбинаттың біреуі болып саналады. Мұндай гигант комбинат салып шығару Социалистік Қазақстанның және бүкіл Совет Союзының өте зор жеңісінің бірі болып есептеледі.
Үлкен Жезқазған комбинатының проблемасы Совет үкіметінің тура (негізгі) тумасы болады. Жезқазған кені жұртқа мәлім, Октябрь революциясына дейін шет мемлекет концессионерлерінің қолында, солардың қарамағында болды. Концессионерлер және олардың кен зерттеушілері Жезқазған кенінің ілгері өркендеп өсуіне көңіл қойған жоқ. Тек қана тиіп-қашып, жыртып-тартып, өздерінің кен байлығына запас етіп пайдаланды, ағылшынның тау-кен зерттеушілері 11 жылдың ішінде бар болғаны бай руданың 61 мың тонна запасын табуға шамасы келді.
Жезқазған кенін дұрыстап, көп байлығын зерттеу жұмысы тек Совет үкіметі орнағаннан кейін ғана айрықша көңіл бөлініп, қызу қарқынмен жүргізілді. Әсіресе бірінші, екінші бесжылдықтың ішінде кен зерттеу жұмысы күшті қарқынмен жүрді.
Жезқазғанның өндірістік зерттелген мысының запасы елеулі кезеңдерге бөліп айтқанда, төмендегідей болып шығады.
Осы күнгі Қарсақпай комбинатының құрылысын ұйымдастыра бастаған кезде рудада 61 мың тонна мыс запасы болды. Бұл ағылшындардың зерттеп тапқан фондылары.
Бірінші бесжылдықтың бас кезінде бізде мыстың запасы 75 мың тонна болды. Мұның 15 мың тоннасы 27-28-жылдардың ішінде зерттеліп алынған.
Зерттеліп алынған мыстың запасы екінші бесжылдықтың бас кезінің өзінде-ақ 1034 мың тонна болды. Мұның 1 миллион тоннасы бірінші бесжылдықта зерттелген болып саналады.
Ақырында Жезқазғанның мыс запасы XX жылдық Октябрьдің ұлы мерекесінің қарсаңында 1800 мың тонна болып отыр. Мұның 780 мың тоннасы екінші бесжылдықтың ішінде зерттелген.
Біз жоғарыда тексерілген мыстың запасы жөнінде, яғни тау-кен проектілеу жұмысының негізгі табалдырығы болып саналатын запастар туралы айттық. Жезқазған кенінде жалпы мыстың запасы бірінші бесжылдықтың бас кезінде 1 миллион тонна, екінші бесжылдықтың бас кезінде 2,3 миллион тонна болды. Ал, қазірде 3,75 миллион тоннаға жетіп отыр.
Жезқазған кенінің запасын зерттеу ісі қазір айрықша қарқынмен жоғарылап өсуде. Егер шет мемлекеттердің концессионерлерінің тау-кен зерттеушілері 11 жылдың ішінде Жезқазғаннан 61 мың тонна мыстың запасын тапқан болса, ал Совет үкіметінің тұсында сондай мезгілдің ішінде зерттеліп есептелген мыстың запасы 3,75 миллион тонна болып отыр. Мінекей мұндай ірі цифрларға социалистік әдіспен өзіміздің шаруашылығымызды дұрыс пландағанымыздың арқасында ғана жетіп отырмыз.
Бұл көрсетілген цифрлармен Жезқазған кен байлығының бәрі де зерттеліп бітті дей алмаймыз. Жезқазғанның кен байлығы мол. Сондықтан да зерттеу жұмысын әлі де күшті қарқынмен күшейте бермекпіз. Жезқазған кеніндегі мыстың запасын аяқтап біткен кездің өзінде де, Жезқазған кені кем болғанда 5-6 миллион тоннаға дейін мыс бере алады.
Серго Орджоникидзе жолдас Жезқазған комбинатының өндіріс күшін жылына 200 мың тонна мыс беретін етіп құруға болады деп айқын нұсқау берген еді. Серго Орджоникидзенің инициативасы және Үлкен Жезқазғанның проблемасы жөнінде оның жасаған баяндамасынан кейін біз 1936 жылы жоғарғы директивтік орындардың Ұлы Жезқазған комбинатын салу жөнінде санкция алдық. Нілді-Жезқазған теміржол құрылысының срогінде тез бітуі қазіргі Ауыр өндіріс наркомы – Каганович жолдастың тура жол басшылығымен тығыз байланысты. Сенімді нарком – жолдас Каганович бастаған Ауыр өнерлі Халық комиссариаты Үлкен Жезқазған комбинатын ойдағыдай және тез сроктің ішінде бітірудегі сөзсіз гарантияның біреуі болып табылады.
Үлкен Жезқазған комбинатын салудың өзі Жезқазған ауданын индустрияландырудағы ең ірі звеноның біреуі болып есептеледі. Тағы да Үлкен Жезқазғанның құрылысымен қатар тез уақыттың ішінде біздің ауданымыздағы марганец рудасын зерттеуге де болады. Жақсы сортты марганец рудасының шығатын жерлер көп. Мәселен: «Жезді» мен «Найзатас» төңірегінде қазірдің өзінде-ақ 2,5 миллион тонна марганец бар екені белгілі болып отыр.
Бұл жоғарғы сортты марганец рудасы Жезқазғанда да бар. Жезқазған-Найзатас теміржол веткасының бойында зерттеу жүргізіледі. Бұл металл Үлкен Жезқазған комбинатына да өте керекті нәрсе.
Қазақстанның индустриялық байлығын ілгері өршітіп өсірудің бір проблемасы Қазақстанның өзінің орталығынан қара металлургия орталығын жасау болып табылады (шойын мен сталь ерітіп құятын заводтар құру). Сондықтан да бұл мәселе жайында Жезқазған үлкен орын алады. Жезқазған айналасында темір рудасының запасы да көп. Тау-кен зерттеушілердің 1932-37 жылғы қызметтеріне қарағанда, Қарсақпайдағы темір рудасы 65-70 миллион тонна болады деп айта аламыз.
Жезқазғаннан шығысқа карай 40-50 километр жерде Нілді-Жезқазған теміржолының түстік жағында, Атасу жерінде темір рудасы барлығы айқын болып отыр. Темір рудасының запасы 25 миллион тонна болады деп шамаланады.
Темір рудасының барлық запасы Қарсақпай мен Атасуда 90 миллион тонна болып есептеледі. Бұл руданың табылған жері теміржолға жақын. Қарсақпай мен Атасу рудасы базасында қара металлургияның заводтарын 30 жыл құрылған срок амортизациямен толық мүмкіншілігі айтарлық бар. Бұл зауыт жылына 1,5 миллион тонна шойын мен сталды ерітіп құятын болады. Бұл комбинатты салу мәселесі Қазақстанның және Союздың тиісті пландау орындары қазірде бұл жұмысқа кірісіп отыр. Қарсақпайдың темір рудасының ресурсы Қазақстанның қара металлургия зауытының базасы болады. Әрі Жезқазған ауданын индустриялық жолмен байытудағы мықты құрал болып есептеледі.
Жезқазған ауданының тау рудасының байлығы тек қана Совет үкіметі орнағаннан бері қарай үздіксіз зерттеле бастады. Осы қысқа сроктің ішінде Жезқазғанда айта қалғандай мыстың, марганецтің, темірдің запасы табылды.
Бұл кен байлықтарының запасы Жезқазғанды Қазақстандағы және бүкіл Советтер Союзындағы алдыңғы қатарлы индустриялы аудандардың қатарына қосады.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ОКТЯБРЬДІҢ XX ЖЫЛДЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕЗҚАЗҒАН АУДАНЫНЫҢ ТАУ КЕН БАЙЛЫҒЫ

Мақала алғаш «Қызыл кенші» газетінде 1937 жылы 7 қарашада жарық көрді. Сол уақыттан бастап қазіргі күнге дейін жарыққа шыққан Қаныш Имантайұлы Сәтбаев шығармаларының көптомдығында басылып келеді:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 41-44 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 7. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступление. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 81-83 бб.
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 1 томдық. – 2-ші бас. Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 36-38 бб.
Мақала ішінде әр жылдары басылған басылымдар арасында кездесетін текстологиялық өзгерістер бар. Мысалы 1937 жылғы газеттегі нұсқада кездесетін «срок», «проект», «гарантия», «веткасы», «сталь», «инициатива», «санкция» деген атаулар 2000, 2007 жылғы кітаптарда «мерзім», «жоба», «шарт», «тармағы», «болат», «бастамасы», «мақұлдау» деп жазылған. Ал 1999 жылғы жинақта сол негізгі нұсқасы сақталған.
«Бұл руданың табылған жері темір жолға жақын. Қарсақпай мен Атасу рудасы базасында қара металлургияның заводтарын 30 жыл құрылған срок амортизациямен толық мүмкіншілігі айтарлық бар» деген сөйлем ішінде соңғы жолдары 1999, 2000, 2007 жылғы жинақтарда «…заводтарын 30 жыл, құрылған амортизация мерзімімен сәйкес, толық қамтамасыз ететін қоры бар» деп, басқалай беріледі. Сөйлем ішіндегі «қор» сөзі 1999, 2007 жылғы кітаптарда – «запасы».
Бұл мақала мәтіні академиялық жинаққа 1937 жылғы нұсқа негізінде берілді. Мақала ішіндегі тыныс белгілері қазіргі емле ережесіне сай ұсынылды.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы