Жезқазғанның ұшан-теңіз байлығы бұл күнге дейін толық зерттеліп болған жоқ. Оның байлығы зерттелген сайын молая түседі. Біз сол мол байлықты терең зерттеп, толық пайдалануға бар күшті жұмсап отырмыз.
Қазіргі уақыттағы шамаға қарағанда, Жезқазғанда үш жарым миллион тонна мыс бар деп есептеледі. Бұл запас Советтер Одағының басқа кен орындарында болып көрмеген запас. Алайда, Жезқазғанның кені келешектегі зерттеулер арқылы өсе бермекші, молайған үстіне молая бермекші. Жезқазғанды зерттеу ісіне жылына 2 миллион сом қаржы шығарып отырсақ, Жезқазғанды кемінен 10-15 жылда толық зерттеп бітірмекшіміз. Осылайша зерттеуді күшейткенде Жезқазғанның запасы өсіп, кен байлығы жөнінде дүние жүзінде бірінші орынды алып отырған Африканың Родезия кенімен теңелмекші. Оның запасы 18 миллион тонна мыс. Біз Жезқазғанды Родезиямен сөз жоқ теңейміз. Өйткені Жезқазғанның байлығы сондай көп, сондай мол. Ол үшін жалғыз-ақ жағдай керек – сапалы жұмыс керек.
Жезқазғанда мыстан басқа да көп байлық бар. Биылғы жылы Жезқазған маңынан қорғасын, темір, строй материалдарға керекті нәрселерді де зерттеп таппақшымыз. Біздің шамалауымызша, Жезқазғанның өзінде және Жезқазғаннан 180 шақырым Қара Торғай өзенінің бойында 110 мың тонна қорғасын барлығы белгілі болып отыр. Осы 1936 жылғы зерттеуде Жезқазғанда қанша қорғасын барлығын толық ашамыз.
Одан кейінгі зерттелетін нәрсе темір кені. Мұны зерттеуде екі түрлі мақсат бар. Бірінші мақсат жұмыс істеп тұрған Қарсақпай өндірісіне мысты жеңіл қорыту үшін темір кені керек. Екінші мақсат Ұлы Жезқазған жүзеге асып, теміржол келгеннен кейін Жезқазған ауданында мыспен қабат шойын қорытатын өндірістер жасауға мүмкіншілік бар. Теміржол жұмысы биыл басталып отырғанда мұны қазірден-ақ қолға алу керек. Әйтпесе, зерттеу жұмысы өндірістен кейін қалып қоюы мүмкін.
Ұлы Жезқазғанға үкімет орындары айырықша көңіл бөліп отыр. Январь айындағы қаулы бойынша, енді бірер жылда кешікпей жылына 150 мың тонна мыс беретін Ұлы Жезқазған заводы салынбақшы. Жезқазған дүние жүзінде бірінші орын алып, Балқаш комбинатынан бір жарым есе артық болмақ. Сондықтан да зерттеу жұмысын қатты жүргізуте тиістіміз. Зерттеуге керек қаржы бір миллион 10 мың сом еді. Қазірде 450 мың сомын алып жұмсай бастадық. Қалғанын шапшаңырақ алу үшін Қазақстан үкімет орындары арқылы Мәскеудің алдына мәселе қойып отырмыз.
Өлкелік геология конференциясы Қазақстанды зерттеу жұмысын қатты айтты. Бұл жөнінде Мәскеудегі ілім орындары Қазақстанға бір сыпыра маман – ілім қызметшілерін жіберіп, үлкен жәрдем көрсеткелі отыр. Бұл жұмысты құттықтауымыз керек.
Сөз жоқ, міндет ауыр, оны орындауға жұмысшыларды ұйымдастырып, стахановшылар қозғалысын мейлінше күшейту керек. Зерттеу жұмысын стаханов әдісіне түсіру керек.
Осылай етсек, алдағы міндеттің орындалуы айқын.
ЖЕЗҚАЗҒАННЫҢ КЕНІ ЗЕРТТЕЛУДЕ
Бұл мақала «Социалды Қазақстан» газетінің 1936 жылғы 12 наурыздағы №59 (3763) санының 2-бетінде «Инженер Сәтбаев Қаныш» деп жарық көрген. Сол уақыттан бастап қазіргі күнге дейін жарыққа шыққан Қаныш Имантайұлы Сәтбаев шығармаларының көптомдығында басылып келеді:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 36-37 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 7. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступление. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 66-67 бб.
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 1 томдық. – 2-ші бас. Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 31-32 бб.
1936 жылғы мақала ішінде әр жылдары шыққан басылымдар арасында текстологиялық өзгешеліктер бар.
«Бұл запас Советтер Одағының басқа кен орындарында болып көрмеген запас» деген сөйлем» 2000 жылғы кітапта «Бұл қор Советтер Одағының басқа кен орындарында болып көрмеген байлық» деп берілген. Қалған жинақтарда 1936 жылғы мәтін бойынша жазылады.
«Жезқазғанды кемінен 10-15 жылда толық зерттеп бітірмекшіміз» деген сөйлем ішінде «10-15» статистикалық ақпарат 2000 жылғы кітапта «10-12» деп өзгертіліп берілсе, 2007 жылғы жинақта «1015» деп арасына дефис қойылмай жазылған.
Мақала ішінде «Тонна» деген өлшем бірлік атауы 1936, 1999, 2000 жылғы нұсқаларда «тонна» деп толық жазылса, 2007 жылғы кітапта «т» деп қысқартылып беріледі.
«Өлкелік геология конференциясы» деп басталатын сөйлем ішінде «геология» атауы 2000 жылғы жинақта «география» деп қате басылып кеткен. Қалған нұсқалардың бәрінде – «Геология».
Бұл мақала академиялық жинаққа 1936 жылғы бірінші нұсқа мәтіні бойынша берілді.