Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1935-1939 жылдары жарық көрген еңбектері

ҰЛЫТАУ АЙМАҒЫ

Қарсақпай мыс заводының солтүстік жағында 120 километр жерде Ұлытау дейтін тау бар. Бұл тау өзінің биіктігі жағынан да, алып тұрған жер көлемі жағынан да Оңтүстік батыс жақтан Солтүстік батыс жаққа қарай мыңдаған километр жерге созылатын «Сарыарқа» дөңдерінің негізгі кіндігі болып есептеледі. «Сарыарқа» мидай жазық Сібір даласы мен Бетпақ шөл даласын айырады. Орал таулары мен Алтай тауларын бір-біріне жалғастырады. «Сарыарқа» бұрынғы ғылым кітаптарында «Қырғыздың таулы аймағы», «Арал-Ертіс суларын айыратын дөң» деп аталған. Жергілікті қазақ елі бұл дөңдерге «Сарыарқа» деп ат қойған. Қазақтың бұл дөңдерді «Сарыарқа» деуі дұрыс-ақ. Өйткені, бұл дөндер Батыс Сібір даласын Оңтүстіктің ыстық желінен қорғап, ауыл шаруашылығы үшін жақсы жағдай туғызады.
Ұлытаудың алып тұрған жер көлемі 200 шаршы километрден кем емес. Таудың Оңтүстік және Батыс жақтары тік, жар болып келеді. Ұлытау жүйесіндегі кейбір таулардың биіктігі тегіс жердің бетінен алып өлшегенде 750 метрге жетеді; кейбір таулардың биіктігі бұдан да асып кетеді. Тауда құз-жарлар, жартастар көп болғандықтан, мұндай биікке шығу өте қиын тиеді. Ұлытаудың биіктігі теңіз суының бетін алып өлшегенде 1150-1200 метрге жетеді.
Таудың нәсілі граниттан жаралған. Сондықтан оның төңірегіндегі өзендер суы болсын, жердің астындағы су болсын тұщы болады. Кенгір өзені таудан жылжып ағып, Оңтүстіктегі Бетпақ шөлге қарай кетеді. Үлкен, Бала, Терісаққан өзендері солтүстік пен батысқа қарай ағып, Обь өзенінің саласына қарай асады. Қара, Сарыторғай, Жыланшық өзендері Ұлытаудан басталып, Солтүстік, Батыс Қазақстандағы көлдерге құяды. Бұл өзендердің суы тұщы болады; ішінде жайын, сазан, шортан сияқты балықтар көп болады. Олардың төңірегіндегі сай-салаларға тал, қамыс сияқты өсімдіктер мен ағаштар көп шығады. Кейбір жерлерде өзендер таудың түйісіп келген араларынан өтіп, тамаша әдемі көріністер береді. Өзендердің екі жағында қара топырақ көп болғандықтан, көк майса шөптер кілемнің түгіндей болып, түрленіп жатады, тоғайлар да көп кездеседі.
Ұлытаудың сай-салалары мен аралықтарына қарақат, қара бүлдірген, жидек сияқты жемістер көп шығады. Қайың, жабайы алма, ақ қайың ағаштары топ-топ болып жиі кездеседі. Таудың араларында қызылды-жасылды гүлдер толып тұрады, гүлдердің төңірегіне тау аралары (бал құрттары) омарта салады. Ұлытаудың Батыс және Солтүстік Шығыс жақтарындағы терең көлдерде жаздың күні үйрек пен қаз өте көп болады. Түлкі, қоян, қасқыр сияқты аңдар тау төңірегінде өріп жүреді.
Бұрынғы уақытта Ұлытау Қазақстанның саяси өмірінің орталығы болған. Қазақтың Алаш (Ақназар), Абылай, Кенесары сияқты атақты хандары Ұлытауды мекен еткен. Бұған таудың жаратылыс жағынан өте әдемі болуы және Қазақстанның географиялық (жағрафиялық) орталығында болуы себеп болған. Ұлытаудың саяси-экономикалық маңызын орыс отаршылары да білген. Олар өткен ғасырдың 30-жылынан бастап тауды табандап мекен етуге тырысқан, әскерлерін әкеліп орналастырған. Бірақ, жергілікті қазақ елі соларға шабуыл жасап, тыныштық бермеген.
Қазірде Кеңестер Одағының шаруашылығы қаулап өсіп, Қазақстанда социалдық құрылыс өркендеумен қатар, Ұлытау өндіріс жағынан үлкен маңызды орынның бірі болып отыр. Осы күні бұл таудың төңірегінен орасан көп мыс, темір, марганец, алтын, қорғасын, көмір байлықтары табылып отыр.
Ұлытаудың Солтүстік батыс жағында, 80 км жерде қорғасын, алтын кені мол Қорғасын ауданы бар. 100 км жерде күкірт колчеданы мен көмір сапасы миллион пұттан асатын Болаттам ауданы бар. Таудың Оңтүстік батыс жағында 100 км жерде мысты Жезқазған кені бар. Бұл кеннің зерттелген мысы қазірдің өзінде-ақ 1,5 млн. тонна болады. Әбден зерттеліп болмаған запасты қосқанда, Жезқазғанның қызыл металы 3 млн. тонна болып отыр. Осы кен запастарын еске алғанда республикамыздың үлкен алыптарының бірі – Қарсақпай заводының қазір де жылына 6000 тонна мыс қорытуы, алдағы күндерде істелетін ірі жұмыстардың тек бастапқы адымы болып қана есептеледі.
Қарсақпай ауданында тау өндірісінің қаулап өркендеуі Ұлытау төңірегінде ауыл шаруашылығын қайтадан құру жөнінде көп жұмыстар істеуді керек қылады. Біздің ойымызша, Ұлытаудың тамаша табиғат байлығы төмендегі екі бағытта пайдаланылуға тиіс:
Ең алдымен, Ұлытау төңірегіндегі өзендердің сай-салаларына дәнді егіс пен огород егу жұмысын жақсылап қолға алу керек. Ет-сүт фермаларын ұйымдастыру керек. Бұл шаруашылықтардың ауданда салынып жатқан жаңа өндіріс алыптарының жұмысшыларына азық-түлікті толық жеткізіп бере аларлық мөлшерде өркендеуі керек. Жұмыс қарқынын тездету қажет.
Екіншіден, Ұлытаудың жақсы жаратылыс байлығын өндірістердегі жұмысшылар мен қызметшілер емделетін, дем алатын орын есебінде пайдалану керек.
Мұнымен қатар, Ұлытау төңірегінде жабайы өсетін алма, жемістерді мәдениет жолымен өсіру арқылы бақша шаруашылығын да өркендетуге болады. Бал шаруашылығын өркендетуге де мүмкіншілік мол.
Ұлытау төңірегінде дәнді егіс шаруашылығы мен ет-сүт фермаларын ұйымдастыру жұмысын, кең көлемде жерді суландыру ісін жүргізу негізінде жүзеге асыруға болады. Мұнымен қатар бұл жұмысты колхоздардың заттық және ұйымдастырушылық базасын күшейту жұмысымен де байланыстыру керек. Себебі, осы күні аудандағы елдің 63 проценті Ұлытау төңірегін мекенденіп отыр. Ал енді, огород шаруашылығын алғашқы кездерде совхоздарда қолға алу керек. Өйткені, огород егу жұмысы осы күнге дейін жергілікті халықтың тәжірибесінде болмаған. Мұның үстіне, Қарсақпай заводының Ұлытау төңірегінде огород совхозын ұйымдастыру жөнінде істеген тәжірибесі – тауға жақын жерде картошка, қызылша, капуста сияқты огород өсімдіктерін егу әбден болатындығын көрсетіп отыр.
Ұлытауда демалыс үйін ұйымдастыру жұмысы үлгілі курорт, санаторий салу ісімен нық байланысты. Себебі осы күннің өзінде-ақ Қарсақпай заводында 3500-ден аса адам істейді. Жұмыс жағдайы ауыр, ауа райы жаман болғандықтан, жұмысшыларды жылдың басынан аяғына дейін үздіксіз түрде демалысқа және демалыс үйлеріне жіберіп отыруға тура келеді. Бірақ, завод теміржолдан алыс. Жұмысшылар бір жаққа барайын десе, демалыс күнінің көбін жолда өткізеді, сонан дем алуға уақыттары да қалмайды. Ал енді, Ұлытауда үлгілі демалыс үйі ұйымдастырылса, жұмысшылар тілеген уақыттарында барып дем алар еді; теміржолға бару, әрі-бері сандалу азабынан құтылар еді.
Қарсақпай ауданында жыл санап металлургия өндірісі өркендеген сайын, жұмысшылардың демалыс үйлеріне мұқтаждығы да артпақ. Әсіресе, Үлкен Жезқазған өндірісі кең түрде өріс алған күнде, бұл мәселе қиындамақ. Жезқазғанда жылына 150 000 т қызыл металл қорытып, ондағы жүмысшылардың саны ең кемінде 25-30 мың болмақ. Міне, осы себепті жұмысшылар үшін демалыс үйін салу мәселесі үлкен негізгі мәселелердің бірі болып есептеледі.
Демалыс үйінің жанында үлгілі қымызхана ашу керек, бақша, огород, бал шаруашылықтарын ұйымдастыру қажет. Бұлардың бәрін істеуге Ұлытаудың жаратылыс байлығы толық мүмкіншілік береді.
Демалыс үйінің ет-сүт сияқты нәрселерді өзара шарт жасасып, көршілес отырған колхоздардан алатын болуы керек. Ұлытаудағы демалыс үйінің өз алдына, Қарсақпай комбинатымен байланысы жоқ, транспорты болуы қажет.
Ұлытауда демалыс үйін ұйымдастырып, кең түрде мәдениет ағарту және емделу жұмыстарын ұйымдастырудың тек өндіріс үшін ғана емес, бүкіл Қарсақпай ауданындағы халық үшін де үлкен маңызы бар. Себебі, аудандағы көшпелі халықтың көпшілігі Ұлытау төңірегіне отырықшыланбақшы.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ҰЛЫТАУ АЙМАҒЫ

Мақала «Социалды Қазақстан» газетінің 1935 жылдың 9 қазанында №233 (3637) санының 2-бетінде «Инженер Қ. Сәтбай ұлы. Мереке алдында» деген анықтамамен жазылған. Мақала 1999 жылғы жинақтан бастап жарыққа шыққан еңбектерде беріліп келеді:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 30-33 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 7. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступление. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 62-65 бб.
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 1 томдық. – 2-ші бас. Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 26-28 бб.
1935 жылы газет бетінде жарық көрген мақала мәтінімен әр жылдарда шыққан жинақтар арасында мәтіндік өзгешеліктер бар екендігі айқындалып отыр. Мысалы:
1935 жылы газет бетіндегі алғашқы нұсқада «Ұлытау» тауының орналасқан жерін белгілеп жазған сөйлем ішіндегі «Оңтүстік батыс» тіркесі жоғарыда аталған барлық жинақ ішінде «Оңтүстік шығыс» деп беріліп кеткен.
«Жергілікті қазақ елі бұл дөңдерге «Сарыарқа» деп ат қойған. Қазақтың бұл дөңдерді «Сарыарқа» деуі дұрыс-ақ» дейтін 1935 жылы газетте берілген нұсқадағы сөйлем 1999, 2000, 2007 жылғы кітаптарда «Жергілікті қазақ елі бұл дөңдерге «Сарыарқа» деп ат қойған, былай атауы, дұрыс-ақ» деп екі сөйлем біріктіріліп жазылып кеткен.
«Социалды Қазақстан» газетіндегі мақала мәтінінде «география» атауы сол кезеңдегі қолданыс бойынша «жағрафия» деп жазылған. Бірақ 1999, 2000, 2007 жылғы кітаптарда ол сөзді «география» деп қазіргі атауы бойынша береді.
1935, 1999 жылғы нұсқа ішіндегі «дәнді егіс пен огород» деген сөздер 2000 жылғы кітапта «дәнді егіс пен бау-бақша» деп жазылса, 2007 жылғы кітапта «дәнді егіс пен бақша» деп қазақша атаумен береді.
1935 жылы шыққан мақаланың алғашқы нұсқасындағы «Ал енді, Ұлытауда үлгілі демалыс үйі ұйымдастырылса» деп басталатын сөйлем ішіндегі «үйі» сөзі 1999 жылдан бастап шыққан жинақтарда алынып, «демалыс ұйымдастырылса» деп жалғасады. Сол секілді мақала ішіндегі «Себебі, аудандағы көшпелі халықтың көпшілігі Ұлытау төңірегіне отырықшыланбақшы» дейтін соңғы сөйлемдегі «көшпелі» сөзі 1999, 2000, 2007 жылғы кітаптарда түсіп қалған. Жинақтарда сөйлем «аудандағы халықтың көпшілігі» деп жалғасып кетеді.
Мақаланың алғашқы нұсқасындағы «Демалыс үйінің ет-сүт сияқты нәрселерді өзара шарт жасасып, көршілес отырған колхоздардан алатын болуы керек» дейтін сөйлемі әр жылдары шыққан жинақтардың ішінде өзгерісте түскен. Мысалы 1999, 2000, 2007 жылғы жинақтарда сөйлем «Демалыс үйі ет-сүт сияқты өзара шарт жасасып, көршілес отырған колхоздардан алатын болуы керек» деп қысқартылып жазылған.
Аталған мақала бұл академиялық жинаққа ең алғашқы 1935 жылғы газеттегі нұсқасы бойынша берілді. Мақала ішіндегі тыныс белгілер қазіргі емле ережелеріне сай өзгертілді.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы