Жезқазғанға теміржол салу мәселесі бұдан 7 жыл бұрын көтерілген болатын. 1931 жылы Жол комиссариаты осы мәселені техника-экономика жағынан тұңғыш рет зерттеуге кіріскен болатын. Бұл зерттеудің қорытындысы: Жезқазғанға салынатын жолды осы күнгі Қарағанды-Балқаш арасынан салынып жатқан жолдың Нілді разъезінен (Өспен руднигінен) тарту керек деген болатын.
Бұл вариант төте болады, мұнда жолдың ұзыны 414 километр болады. Мұнда өр, ылди аз болады, мұнда бұрылыс та аз болады, барлығы 10 % ғана болады. Мұнда салынатын көпірлер де аз болады, аралығы 20 метрден артығырақ болатын 5 көпір салынады. Мұнда жер жұмыстары да басқадан аз болады, бір километр жол салу үшін 7130 текше метр топырақ қазылу керек. Жезқазған-Жосалы, Жезқазған-Атбасар, Жезқазған-Ақмола, Жезқазған-Қарағанды және басқа варианттардың бәрінен де Өспен руднигі-Жезқазған варианты арзан түседі.
Паровоз, вагондардың құнын қосып есептегенде, бұл жол 108 миллион сомға түспекші.
Бұл жолды салудағы техникалық жағдайлар ерекше қолайлы. Сондықтан мұны екі жылдың ішінде салып бітіруге болады.
Бұл жол Жезқазғанның жер жүзілік маңызы бар мыс байлықтарын пайдаға асыру қамына қызмет ететін жол болмақ.
Түсті металлургиямыз одақ халық шаруашылығының ішіндегі ең кейін қалып келе жатқан тарауы болып жүр. Қара металлургия, машина жасау кәсібі және электр кәсібі елімізде айта қалғандай қатты көтерілді. Бұлар сондай көтеріліп отырғанда, түсті металлургияның, оның ішінде жетекші буыны болып отырған мыс кәсібінің өте кейіндеп отырғандығы бірсыпыра бөгет болып отыр. Әсіресе, мысты көп тұтынатын машина жасаушы және электр кәсібінің бұдан былай өркендеуіне осы бірсыпыра тұсау болып отыр. Елімізде мыстың өндірілуі мыстың тұтынылуынан ылғи кейін қалып, жете алмай келеді. 1932 жылы елімізде 23 мың тонна мыстың орны толмады. Түсті металл кәсібінің жоғарғы басқармасының өте байқап шамалаған есептеріне қарағанның өзінде де 1937 жылы елімізде 250 мың тонна мыс керек болмақ. Мұның ішінен 30 мың тоннасын мыстың қалдықтарынан қорытып алуға болады, 20 мың тоннасының орнына биметалл және пластмасса жұмсауға болады. 1937 жылы қортылып шығарылатын барлық мыс 135 мың тонна болады. Сонда орны толмайтын мысымыз кемінде 65 мың тонна болады.
Алғашқы екі бесжылдықта мыстың тұтынылуы орта есеппен жыл сайын 20 % артып отырды. Үшінші бесжылда Ангара, Енисей, Ертіс және басқа өзендерден, жер жүзілік маңызды, адам айтқысыз зор қуатты электр станциялар салынбақшы. Осымен қабат, алғашқы бесжылдыққа қарағанда, үшінші бесжылдықта мыстың тұтынылуы едәуір артпақшы. Тіпті мыстың тұтынылуы орта есеппен бұрынғыша жыл сайын 20 % артып отырғанның өзінде де, үшінші бесжылдықтың ақырында тұтынылатын мыс 500 мың тонна болады, соның 420 мың тоннасын рудадан қорытып шығару керек болады.
Кеңестер Одағындағы осы күнгі жүріп тұрған, қайта құрылатын, тыңнан салынатын мыс кәсіпорындарының жобаланып отырған толық күші үшінші бесжылдықтың аяғында 256 мың тонна мыс қорытып шығарарлық болады. Оның ішінде: Қалата – 19 мың, Қарабас – 20 мың, Красно-орал – 20 мың, Башқұртстан комбинаты – 5 мың, Қарсақпай – 7 мың, Закавказиялық түсті металл кәсіптері – 10 мың, Балқаш – 100 мың, Орта-орал – 50 мың, Блява – 25 мың тонна мыс беретін болады. Сонда өзімізде өндірілген мыстың тұтынылатын мысқа жетпейтін кемі едәуір – 150 мың тонна болады.
Осының орнын толтыру үшін екінші бесжылдықтың аяғында ең болмағанда тағы да бір мыс алыбын салу өте-мөте қажет болады.
Кеңестер Одағындағы негізгі мыс кендерінің анықталып отырған мыс байлықтары мынадай: Жезқазғанда – 3.228 мың тонна мыс бар, рудасындағы мыстың мөлшері орта есеппен 1,67 процент (purcent), Қоңырат – 2.140 мың тонна, рудадағы мысы 1,08 процент, Алмалық – 2.364 мың тонна, рудадағы мысы 0,77 процент, Дегтярка – 1.518 мың тонна, рудадағы мыс 1,17 процент; Блява – 510 мың тонна, рудадағы мыс 2,35 процент.
Бұл цифрлар жаңа алыпты Жезқазған рудасына сүйеніп салу керектігін өте айқын көрсетіп отыр, өйткені мұның рудасындағы мысы Алмалықтағыдан екі есе бай. Басқаша айтқанда, бір тонна мыс қорытып шығару үшін Жезқазғанға қарағанда, Алмалықта руданы екі есе көп қазып шығарып қорыту керек болады.
Жезқазған кендерін қазып шығару, қорыту әдістері әбден меңгерілді. Мұнда рудадан мыстың қорытылып алыну дәрежесі өте жоғары (флотация жолымен қорытқанда рудадағы мыстың 94 процент, металлургия жолымен қорытқанда 93 процент алынады). Ал Алмалық рудаларын қазып шығару, қорыту әдістері әлі жете анықталған жоқ, тіпті жартылай заводтық көлемде де әлі шешілген жоқ.
Жезқазғанда осы күйінің өзінде маман тау жұмысшылары, байытушылар, металлургияшылар кадры бар, бұлар көбінесе жергілікті елден даярланып шығарылғандар. Алмалықта бұл жоқ.
Жезқазғанда қосымша металлургиялық шикізаттар: флюстер, күймейтін топырақтар, отын толық жеткілікті. Алмалықта судың қайдан алынатыны әлі анықталып болған жоқ. Ал Үлкен Жезқазғанға су жетістіру мәселесі шешілген мәселе. Мұнда Кеңгір өзенінен биіктігі 25 метр бөгет салынса болғаны. Сонда мұндағы су 135 миллион текше метр болады. Керегі 67 миллион текше метр ғана. Сонда Кеңгірдің суы Үлкен Жезқазғанның техникалық қажетінен, қалғаны ауыз суынан екі есе асып түседі.
Сонымен, Алмалық Ташкентке және теміржолға жақын болса да, техника-экономика жағынан Жезқазғанға жете алмайды, одан көп кейін жатыр. Сондықтан, ендігі кезектегі мыс алыбы Жезқазғаннан салынуы тиіс, өйткені оның мыс байлығы адам айтқысыз көп, рудасындағы мыстың мөлшері әлдеқайда бай, оның рудасын қазып шығару, қорыту әдістері әбден анықталған, толық меңгерілген әдіс. Бұл алыптың толық өндіріс қуаты жылына 150 мың тонна мыс қорытып берерлік болуға тиіс, оның бұл қуатын екі кезекте менгеретін болу керек.
Әзірлік жұмыстарын бітіргеннен кейін, бұл алыптағы негізгі өндіріс орындарын үш жылдың ішінде салып бітіруге болады. Әзірлік жұмыстары да көп болғанда үш жылдан әрі созылмауы керек.
Олай болса, Үлкен Жезқазған салу жөніндегі әзірлік жұмыстары 1935 жылдың аяғынан қалмауы керек, ең ары кеткенде 1936 жылдың басынан қалмауы керек. Тек сонда ғана Үлкен Жезқазғанды 1941 жылы барынша толық жүргізуге мүмкіндік болады.
Әзірлік жұмыстарының ішіндегі ең маңыздыларының бірі Өспен руднигінен Жезқазғанға теміржол салу болып табылады. Бұл жолды салып алмайынша негізгі өнерлі кәсіп орындарын толық салуға кірісу мүмкін емес.
Бұл жолды 1936 жылдан қалдырмай сала бастау керек, екі жылдан кейін, басқаша айтқанда, 1938 жылы бұл жол уақытша жүргізетін болуы керек, сонда осы 1938 жылдан бастап Үлкен Жезқазғанның негізгі өндіріс орындарын салуға кірісуге де болады.
1936 жылдың басында Қарағанды-Балқаш арасындағы теміржол салынып болады. Осыдан босаған кадрлар мен құралдарды дереу Өспен руднигі-Жезқазған теміржолын салуға пайдалануға болады. Мұның өзі өте дұрыс болады.
Қарағанды мен Балқаш теміржолын салушы кадрлар мен құралдарды сол жол біткеннен кейін дереу қолма-қол Жезқазған жолына аудару қажет және қолайлы болатындығын тұңғыш айтушы Ауыр өнерлі кәсіп комиссары Орджоникидзе жолдас болды, ол мұны 1934 жылдың аяғында айтқан. Орджоникидзе жолдастың бұл нақтылы бағыты таяу жылдардың ішінде Жезқазғанды толық меңгеру ісін қолға алу керек деген соның өз ұйғаруынан туған нәрсе. VII Кеңес съезінде осыны ол тағы да айтты.
Енді Қазақстан үкіметі Қарағанды-Балқаш жолындағы кадрлар мен құрал-саймандарды Өспен руднигі мен Жезқазған арасындағы жолды салуға алу мәселесін мықтап қолға алуы қажет.
Орталық Қазақстан мен Жезқазған ауданында Жезғазғанның мыс кендерінен басқа темір, темірлі марганец рудалары, көмір, пирит бар, 1935 жылы тұңғыш рет табылған фосфорит бар. Бұл ауданға теміржол салынса, осы айтылған кен байлықтарының бәрі де пайдаға аспай қоймайды.
Жезқазғанның шақпақты келген қышқылды бай рудалары Оралдағы мыс заводтарында қышқыл флюс болып пайдаланылуы мүмкін. Бұл рудалар Орал заводтарының өндірістік қуатын арттыратыны сөзсіз. Аса сапалы марганең рудаларының біразын Магнитогор заводында пайдалануға болады.
Көмір, пирит және фосфорит кендері әрі жақын, әрі мол болғандықтан, бұл ауданда химия және тың өнерлі кәсіптерін өркендетуге де орасан көп мүмкіншілік бар.
Сонымен, Өспен руднигі мен Жезқазған арасындағы теміржол келешекте «Тұйық» жол болмайды, транзиттік жүк таситын үлкен жолдың бір саласы болады.
Өспен руднигі – Жезқазған теміржолы Кеңестер Одағының түкпіріндегі меңіреу болып жатқан, бірақ өндіріс күштері өте бай болып отырған Орталық Қазақстанды қақ жарып өтетін жол. Бұл жол осындай байтақ ауданымыздың экономика және мәдениет тіршілігін айта қалғандай көркейтетін жол болады.
ЖЕЗҚАЗҒАН ТЕМІР ЖОЛЫН ТЕЗ САЛУ КЕРЕК
Бұл мақала «Социалды Қазақстан» газетінің 1935 жылғы 6 маусымдағы №129 (3233) санының 2-бетінде жарық көрді. Мақала авторы ретінде «инженер Сәтбайұлы Қаныш» деп көрсетілген. Осы уақытқа дейін Қаныш Имантайұлының көптомдық еңбектерінде жарияланып келеді:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 13-17 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 7. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступление. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 39-42 бб.
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – 2-ші бас. Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 12-15 бб.
Мақаланың 1935 жылы шыққан алғашқы нұсқасымен одан кейін шыққан басылымдары арасында мәтіндік айырмашылықтар жиі кездеседі. Төмендегі мәтіндік талдауда сол айырмашылықтардың негізгілері көрсетіледі:
Мақаланың алғашқы нұсқасындағы «Жезқазғанға темір жол салу мәселесі бұдан 7 жыл бұрын көтерілген болатын» деп басталатын бірінші сөйлемінің «көтерілген болатын» деген соңғы тіркесі 1999, 2000, 2007 жылғы кітаптарда «көтерілді» деп қысқа қайырылады. Сол секілді келесі сөйлемдегі «кіріскен болатын» деген қолданыс жоғарыда аталған жинақтарда «кіріскен еді» деп жазылған.
«Бұл вариант төте болады, мұнда жолдың ұзыны 414 километр болады. Мұнда өр, ылди аз болады, мұнда бұрылыс та аз болады, барлығы 10 % ғана болады. Мұнда салынатын көпірлер де аз болады, аралығы 20 метрден артығырақ болатын 5 көпір салынады» деп басталатын абзац ішіндегі сөйлемдер 1999, 200, 2007 жылғы кітаптарда қысқартылып берілген. Кітаптарда: «Бұл шешім төте болады, мұнда жолдың ұзыны 414 километрден аспайды. Мұнда өр, ылди аз, бұрылыс та аз, барлығы 10 процент қана. Салынатын көпірлер де аз, аралығы 20 метрден артығырақ болатын 5 көпір салынады» деп жазылған. Сондай-ақ «аралығы» деген сөзді 1999 жылғы кітапта «пролеті» деп береді.
«Алғашқы екі бесжылдықта мыстың тұтынылуы орта есеппен жыл сайын 20 % артып отырды. Үшінші бесжылда Ангара, Енисей, Ертіс және басқа өзендерден, жер жүзілік маңызды, адам айтқысыз зор қуатты электр станциялар салынбақшы» деген басталатын абзац ішіндегі «Ертіс және басқа өзендерден, жер жүзілік маңызды, адам айтқысыз зор қуатты» деген үзінді барлық жинақ ішінде «Ертіс өзендері бойынан адам айтқысыз зор қуатты» деп қысқартылып, «басқа өзендерден, жер жүзілік маңызды» деген анықтамалары алынып тасталынған.
Мақаланың алғашқы нұсқасындағы «шығарарлық болады», «өнерлі кәсіп» сөздері 1999 жылдан бастап шыққан жинақтардың бәрінде «шығармақшы», «өнеркәсіп» деп қысқартылып берілген.
Мақала ішінде кездесетін терминдер:
Флюс (нем. Flus – ағын, ағыс) – домна пешінің шихтасына бос жыныстардың балқу температурасын төмендету және күл мен күкіртті қож түрінде ығыстыру үшін қосылатын минералды заттар.
Марганец (лат. Manganum; Mn) – элементтердің периодты жүйесінің VII-тобындағы химиялық элемент, асыл металдардың бірі. Реттік нөмірі 25, атом массасы 54, 938.
Пирит (гр. pyrіtes lіthos – отты тас) – ашық сары түсті, көбінесе текше кристалдар түрінде ұшырасатын минерал темір сульфиді. Табиғатта ең жиі кездесетін сульфид болып табылады. Синонимі – күкіртті колчедан; темір колчеданы. Химиялықформуласы: FeS2 (Fe – 46,6%, S – 53,4%).
Фосфорит – апатит және мартинит сияқты минералдар тобынан тұратын аморфты немесе микрокристалды кальций фосфаттарын өз құрамына молынан кіріктіретін таужыныстардың жалпылама атауы. Фосфориттер құрамындағы фосфаттың ең төменгі мөлшері 18%-дан кем болмауы шарт. Алайда геологиялық барлау тәжрибесінде құрамындағы фосфат мөлшері 5% таужыныстарды да фосфорит кендері деп атайды.