Мұхтар Омарханұлы Әуезов мұражайына 60 жыл толуына арналған «М.О.Әуезов мұражайының тарихы және әдеби-ғылыми мұраларды зерттеу мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұйымдастырған шараға әдебиеттанушы-ғалымдар, өнер зерттеушілері, ғылыми қызметкерлер және қаламгердің ұрпақтары қатысты.
Басқосуды институттың Бас директоры, филол.ғ.д., ҚР ҰҒА корр.-мүшесі Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов жүргізді.
Ең алдымен, мәдениеттанушы, әдебиеттанушы-ғылым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Мұхтарұлы Әуезов, Халықаралық «Қонаев қорының» президенті Елдар Асқарұлы Қонаев, шығыстанушы, Лейден университеті «Еуразия» зерттеу орталығының профессор, ф.ғ.к. Зифа-Алуа Мұратқызы (Нидерланды, Амстердам қаласы), Қырғызстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы Манат Жұмадылқызы Бообекова (Қырғызстан, Шолпан-Ата қаласы), С. Мұқанов және Ғ. Мүсірепов әдеби-мемориалды мұражай кешенінің директоры Әбілғазы Қайырбеков және Д.А. Қонаев музейінің директоры Кубашева Елена Иватовна құттықтау сөзін айтты.
Шараның негізгі бөлімінде М.О. Әуезов атындаы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының директоры, ф.ғ.к. Диар Асқарұлы Қонаев «М.О. Әуезов мұражайының тарихы», Шолпан-атадағы «Мұхтар Әуезов» мұражайының директоры Саламат Табышева өзі басқарып отырған музей туралы, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор Қанипаш Қайсақызы Мәдібаева «М. Әуезов кітапханасы», ф.ғ.к. Ерлан Тәжібаев «М.Әуезов мұражайының қызметі хақында», ф.ғ.к. Санагүл Көлбайқызы Майлыбай «Әуезов музейінің 60 жылдығы (жәдігер мен мұражайлардың даму тарихы)», М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д. Гүлзия Жайлауқызы Пірәлі «Тарихи тұлғаның текті ұрпағы (Л.Әуезова мен Ернар Әуезов туралы танымдық деректер) және М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы директоры орынбасары Салтанат Амантайқызы Мұқатаева «Музейдің заманауи жаңғыруы» тақырыпта баяндама жасады.
Шара аясында «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы туралы ғылыми-зерттеу еңбектердің кітап көрмесі ұйымдастырылды.
«ӘУЕЗОВ ҮЙІ» ҒЫЛЫМИ-МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫ – ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылық мұрасын көпшілікке таныстыру, насихаттау, зерттеу жұмыстарымен айналысатын ғылым-мәдени мекеме. Алматы қаласында жазушының өзі тұрған (1951-1961) үйде (Төлебаев көшесі, 135-үй) орналасқан. Бұл үйді мұражайға айналдыру туралы Қазақстан үкіметінің қаулысы 1961 жылы 10 тамызда қабылданды. Жазушының әдеби мұрасы, өзі көзі тірісінде тұтынған заттары, үй жиһаздары, қолжазбалары жүйеге келтіріліп, тақырыптық көрмелер жасалып, 1963 жылы 28 қарашада мұражай ресми түрде ашылды. Қазақстан үкіметінің «М.О. Әуезовтің туғанына 100 жыл толуы мерейтойына дайындық және оны өткізу туралы» 1993 жылы 19 шілдедегі (ғ 810) қаулысына сәйкес, 1996 жылы 1 маусым күні мұражай «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы болып қайта құрылды.