2025 жылдың 27–29 қыркүйек күндері Жезқазған қаласында Ұлытау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жошы хан және Алтын Орда: тарих, мұра және ұлы дала өркениеті» атты халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтті. Конференцияда Жошы хан тұлғасы, Алтын Орда дәуірінің тарихы мен мәдени мұрасы, түркі халықтарының ортақ эпикалық дәстүрлері және олардың қазіргі ғылымдағы маңызы талқыланды.
Конференцияның ашылу салтанатында Ұлытау облысының әкімі Д.А. Рыспеков, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті А.Р. Райымқұлова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары М.А. Арғынбеков сөз сөйлеп, ғылыми жиынның жұмысына сәттілік тіледі.
Бұл маңызды шараға Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Мажарстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейдің жетекші ғалымдары қатысып, түрлі өзекті тақырыптар аясында ғылыми баяндамаларын ұсынды. Халықаралық конференцияда М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба және текстология орталығының жетекші ғылыми қызметкері Азамат Ақан «Алтын Орда: тарих және фольклор», ғылыми қызметкерлері Тоғжан Әкімова «Алтын Орда және «Ер Тарғын» жырының тарихи негіздері», Нәзира Сәрсек «Едіге жыры – түркі халқына ортақ жәдігер» тақырыптарында баяндама жасап, Алтын Орда дәуіріндегі тарихи оқиғалар мен тұлғалардың фольклордағы көрінісі, тарих пен ауыз әдебиеті арасындағы сабақтастық мәселелерін жан-жақты талдады.
Ғылыми конференцияның екінші және үшінші күндері қонақтар Ұлытау өңірінің тарихи орындарын аралады. Олар Жошы хан тарихи-мәдени кешенінде, Хан ордасында болып, Жошы хан мен Алаша хан кесенелеріне, Домбауыл қорымына зиярат етті.
Бұл конференцияның өткізілуі – Алтын Орда дәуірінің ғылыми тұрғыда жаңаша зерделенуіне ықпал ететін қадам. Жошы хан мұрасы мен Алтын Орда өркениеті – тек қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің ортақ тарихи негізін айқындайтын құндылықтар. Конференция барысында ұсынылған баяндамалар тарих ғылымы мен фольклортану салаларының тоғысқан тұстарын ашып, түркі халықтарының мәдени байланыстарын тереңірек түсінуге жол ашты. Сондай-ақ, ғылыми жиын Ұлытау облысының халықаралық деңгейдегі тарихи-мәдени орталық ретіндегі маңызын айқындап, өңірді ғылыми туризм бағытында дамытуға да серпін берді.









