ӘУЕЗОВ ИНСТИТУТЫ

Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ақпараттық порталы

ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА ЖАНЫ ҚҰМАР ХАЛЫҚПЫЗ

05/01/2026

Мемлекет басшысының «Түркістан» газетіне берген «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбатында республика халқы үшін өзекті күрделі мәселелерді толық қамтуға тырысыпты. Әрине, көлемді сұхбатта ең әуелі еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты салық реформасы, энергетикалық, коммуналдық сектордағы реформалар, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, туризм бағыттарындағы даму туралы толымды ақпараттар берілуі өте орынды.

ҚР Президенті Қ. Тоқаев Жаңа жылдық құттықтауында 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Ал, бүгінгі сұхбатында осы атаулы жылда цифрландыру мен ЖИ-ге қатысты жасалуға тиіс жұмыстарға тоқтала келіп, «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін», — деді. Шынында, біздің жастарымыздың жаңашылдыққа жаны құмар, тез бейімделгіш, жаңа технологияларды игеруге деген ынталары ерекше екені рас. Дәл қазір әлем жасанды интеллектіні игеруге қатысты түбегейлі өзгерістердің табалдырығында тұр. Уақыт тар, бәсеке көп. Президент осындай мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, «болашақтың кемесіне мініп үлгеретін елдер» қатарына ілеспесек «ескі заманда қалып қоятын елдердің арасынан» табылуымыз мүмкін екенін де дұрыс ескертіпті.

Әр кезде әр қазақтың қайта қайта оралып соғатын, қайта қайта оқитын, жол іздегенде жүгінетін мұрасы болса, ол — Абай мұрасы. Мемлекет басшысы бұл сұхбатында да Абай мұрасының қадірін терең түсінуді ұсыныпты. «Біз болашаққа ұмтылған қоғам, біртұтас ұлт ретінде төл тарихымызды танып, оны қаз-қалпында қабылдай білуіміз керек. Бізге негізсіз аңыз-әңгімелердің еш қажеті жоқ, оның бәрі сана-сезімімізге кеселін тигізеді… . Сондықтан, біз Абайды және оның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеп келеміз. Ол қоғамдағы кемшіліктерді бүкпесіз айтып, «Толық адам» болуға бастайтын дұрыс жолды нұсқап кетті. Ұлы ойшылдың ұрпаққа қалдырған баға жетпес мұрасы саналатын «Қара сөздері» әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Абай халқымыздың еңбекқор, білімпаз және адамгершілігі жоғары болғанын қалады. Мән-мағынасы жоқ сансыз пікірталастан басқа ұрпаққа ұлағат боларлық сөз қалдырмаған бірқатар қоғам қайраткерлерінің мұрасынан Абай ілімі әлдеқайда биік тұрғаны анық. Бірде-бір дәуірде, әсіресе, саяси аласапырандар кезеңінде көпірме сөздің еш пайдасы болмаған», — дейді Президент. 

Сұхбатта жұрт көкейінде жүрген көп сауалға жауап беріліп,  еліміздің жақын болашақтағы даму бағыты, рефермалар мен өзгерістердің соңғы нәтижелеріне қатысты түйткілді мәселелер туралы толық мағлұмат алынған.  

Асқар Тұрғанбаев,

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер 

институтының «Қолжазбатану және текстология» 

ғылыми-инновациялық орталығының директоры