ӘУЕЗОВ ИНСТИТУТЫ

Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ақпараттық порталы

ЖАҢАЛЫҚТАР

ЗАМАНМЕН СЫРЛАС, УАҚЫТПЕН ҮНДЕС, КЕЛЕШЕККЕ СЕНІМ АРТАТЫН СҰХБАТ

05/01/2026

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбаты ел дамуының қазіргі ахуалын ғана емес, оның ұзақ мерзімді стратегиялық бағытын айқындайтын салмақты саяси-публицистикалық ойтолғау ретінде бағалануға тиіс. Президент бұл сұхбатта экономикалық өсім, әлеуметтік саясат, мемлекеттік басқару, рухани құндылықтар, тарихи сана және заманауи технологиялар мәселелерін біртұтас жүйеде қарастырады.

Сұхбаттың негізгі өзегін Қазақстанның сапалық жаңғыру кезеңіне өтуі туралы тұжырым құрайды. Мемлекет басшысы қазіргі даму үдерісін жекелеген көрсеткіштермен шектемей, құрылымдық өзгерістерге негізделген ұзақ мерзімді жол ретінде сипаттайды. Президенттің айтуынша, экономикалық өсім халықтың өмір сапасын арттыруға қызмет етуі тиіс. Осы тұрғыда инфляция, баға тұрақтылығы, халықтың сатып алу қабілеті мәселелеріне ерекше назар аударылады. Бұл Мемлекет басшысының әлеуметтік жауапкершілікке негізделген прагматикалық ұстанымын айқын көрсетеді.

Сұхбатта ақпараттық саясат пен қоғамдық сана мәселесіне де айрықша мән беріледі. Мемлекет басшысы дәстүрлі баспасөздің қоғамдағы рөлін жоғары бағалап, сапалы, терең талдауға негізделген журналистиканың маңызын атап өтеді. Президент әлеуметтік желілердегі үстірт әрі эмоцияға құрылған ақпараттың көбейгенін сынға алып, саналы қоғам қалыптастыру үшін жауапты ақпарат кеңістігі қажет екенін айқын жеткізеді.

Осы арнада Мемлекет басшысы тарихи сана мәселесіне арнайы тоқталады. Президент кез келген елдің, соның ішінде Қазақстанның да төл тарихы қайшылыққа толы екенін атап өтіп, тарихи деректерді бұрмалау мен нақты құжаттармен дәлелденбеген тұлғаларды шамадан тыс ұлықтауды ақылға қонбайтын құбылыс ретінде бағалайды. Соңғы жылдары тарихты талқылаудың сәнге айналуы – халықтың өткенге деген қызығушылығын көрсететін құптарлық үрдіс. Алайда Мемлекет басшысы бұл қызығушылықтың ғылыми дәлдікпен және жауапкершілікпен ұштаспай отырғанына алаңдаушылық білдіреді. Ойдан шығарылған деректер мен жалған батырларды дәріптеу қоғамды адастырып, тарихи ақиқаттан алыстататыны қатаң ескертіледі.

Президенттің пайымынша, тарих қоғамды дауластыратын емес, керісінше, ұйыстыратын құндылыққа айналуы тиіс. Болашаққа ұмтылған біртұтас ұлт ретінде біз өткенімізді жасандылықсыз, қаз-қалпында қабылдауға тиіспіз. Ақиқатқа негізделген тарихи таным ғана өткеннен тағылым алып, кемшіліктерді түзетуге және болашаққа сеніммен қадам басуға мүмкіндік береді.

Осы тарихи-рухани ұстаным Мемлекет басшысының Абай Құнанбайұлы мұрасын жүйелі түрде дәріптеу саясатымен тікелей сабақтас. Президент Абайды қоғамдағы кемшіліктерді бүкпесіз айтып, ұлтты «Толық адам» болуға бастайтын ойшыл ретінде бағалайды. Ұлы ақынның «Қара сөздері» еңбекқорлыққа, білімге, адамгершілікке үндейтін құндылықтарымен бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Мемлекет басшысының пікірінше, мән-мағынасыз пікірталастар мен негізсіз сөздерден гөрі, Абай ілімі ұрпаққа нақты рухани бағдар береді.

Сұхбатта қозғалған тағы бір маңызды бағыт – заманауи технологиялар мен жасанды интеллект мәселесі. Президент цифрлық даму мен технологиялық ілгерілеуді елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын стратегиялық фактор ретінде бағалай отырып, олардың адамгершілікпен және ұлттық құндылықтармен үйлесуі қажеттігін атап өтеді. Бұл тұрғыда Абайдың «ақыл, қайрат, жүрек» қағидасы қазіргі заманға бейімделген рухани бағдар ретінде ұсынылады.

Қорытындылай келе, Мемлекет басшысының бұл сұхбаты Қазақстанның жаңғыру жолындағы кешенді көзқарасын айқын көрсетеді. Президент экономикалық өсімді әлеуметтік әділеттілікпен, тарихи ақиқатты рухани жауапкершілікпен, технологиялық дамуды адами құндылықтармен сабақтастыра отырып, саналы әрі бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруды басты мақсат ретінде белгілейді. Бұл сұхбат – елдің болашағына бағытталған парасатты, жүйелі және жауапты мемлекеттік саясаттың айқын көрінісі.

Кенжехан Матыжанов 

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, академик