2026 жылғы 18-21 маусым күндері Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласында халықаралық «Ыстықкөл» форумы өтті.
Дәстүрлі форум әдебиет, мәдениет, өнер, руханият, тарихи жады және жаһандану жағдайындағы түркі дүниесінің рухани сабақтастығы мәселелеріне арналды. Форум аясында ғылыми кездесулер, дөңгелек үстелдер, кітап таныстырылымдары, көрмелер, әдеби-мәдени кештер және еске алу шаралары ұйымдастырылды.
Форум аясында 20 маусым күні Шолпан-Ата қаласындағы М.О. Әуезов музей-үйінің алдында мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы, дипломат, қоғам қайраткері Мұрат Мұхтарұлы Әуезовке арналған мүсін-ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омарұлы, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев және Зифа-Алуа Әуезова құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Арслан Койчиев, Мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрі Мирбек Мамбеталиев, Қытай Халық Республикасынан арнайы шақырылған Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янь, Түркі академиясының Президенті Шаһин Мұстафаев және Қазақстан мен Қырғызстанның мемлекеттік органдары мен зиялы қауым өкілдерінің құттықтаулары оқылды.
Сондай-ақ форум аясында «Мұрат Әуезовтің өмірі мен шығармашылығындағы Манас жері» («Земля Манаса в жизни и творчестве Мурата Ауэзова») атты халықаралық еске алу дөңгелек үстелі ұйымдастырылды. Басқосуда Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген ғалымдар Мұрат Әуезовтің ғылыми, мәдени және қоғамдық қызметі туралы баяндамалар жасап, естеліктерімен бөлісті.
Халықаралық дөңгелек үстелге М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты атынан «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Диар Қонаев, директордың орынбасары Салтанат Мұқатаева және бас ғылыми қызметкер, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлзия Пірәлі қатысты.
Дөңгелек үстелде Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген ғалымдар мен қоғам қайраткерлері баяндама жасап, Мұрат Әуезовтің ғылыми, мәдени және қоғамдық қызметі, түркі халықтарының рухани байланысын нығайтудағы еңбегі туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Өзбекстаннан Александр Джумаев, Қазақстаннан Марат Азбанбаев, Светлана Ананьева, Гүлзия Пірәлі, Бақытжамал Оспанова, Мансур Мұлдақұлов, Нұржан Құлымжанов және Қырғызстаннан Элеонора Турдубекова ғылыми баяндамалар жасап, замандастары естеліктерімен бөлісті.
Шара барысында ақын, аудармашы Манат Бообековаға, Шолпан-Атадағы М.О. Әуезов музей-үйі мен кітапханасының директоры Саламат Табышеваға және форумды ұйымдастырушы Зифа-Алуа Әуезоваға М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының арнайы құттықтауы табысталып, институттың ғылыми басылымдары сыйға берілді. Сондай-ақ қазақы дәстүрге сай құрмет көрсетіліп, шапан жабылды.
Дөңгелек үстел аясында қазақстандық ғалымдардың «Көшпенділер. Эстетика» атты іргелі еңбегінің жарық көргеніне 50 жыл толуына арналған «Көшпенділер. Эстетика. Кеше. Бүгін.» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітаптың тұсауын белгілі музыкатанушы Александр Джумаев, ALMAU университетінің ректоры Асылбек Қожахметов, қоғам қайраткері Мүсірқұл Қабылбеков, шығыстанушы Зифа-Алуа Әуезова және «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының директоры Диар Қонаев кесті. Сонымен қатар кітап пен оның авторларына арналған фотокөрме мен арнайы таныстырылым көпшілік назарына ұсынылды. Форум қонақтары «Көшпенділер өркениеті орталығы» музейінің экспозициясымен танысты.
21 маусым күні халықаралық форум «Бір туған» атты әдеби-сазды кешпен жалғасты. Ыстықкөл жағалауында «Ыр толқыған Ыстықкөл» ақындар клубымен бірлесіп қазақ және қырғыз ақындарының шығармалары енген «Бір туған» жинағының тұсаукесері өтті. Шараны Ерболат Баят, Айсұлу Қасымбек, Сымбат Қайыпбек, Замир Мұқашев, Мәәрим Акирова және Жанылхан Асылбекова құттықтау сөздерімен ашты. Жинақты публицист, кинопродюсер Қалдыгүл Жаныбаева мен ақын, аудармашы Манат Бообекова таныстырды. Форумға сондай-ақ Мұхтар Әуезов әулетінің өкілдері – Лола Әуезова, шөбересі Жәмитай-Рианна Ермерс және өзге де отбасы мүшелері қатысып, мәдени-әдеби іс-шаралардың құрметті қонақтары болды.
Халықаралық «Ыстықкөл» форумы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға, түркі дүниесінің ортақ тарихи-мәдени құндылықтарын дәріптеуге және Мұхтар Әуезов пен Мұрат Әуезовтің бай рухани мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды халықаралық алаң ретінде өз мәресіне жетті.

