ЖАҢАЛЫҚТАР

Ынтымақтастық туралы меморандум

15/10/2025

Бүгін М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, академик Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов және Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Мейрам Еркенұлы Бектембаевтың қатысуымен екі мекеме арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Бұл құжаттың негізгі мақсаты — қазақ әдебиеті мен өнерінің дамуына бағытталған ғылыми, мәдени және ағартушылық бастамаларды бірлесе жүзеге асыру, сондай-ақ Мұхтар Әуезов есімін иеленген кітапхананың қызметін ғылыми негізде жандандыру.

Меморандум төмендегі бағыттарды қамтиды:

• Әдебиет және өнер саласындағы көрнекті тұлғаларға арналған бірлескен көрмелер мен мәдени жобаларды әзірлеу және өткізу;
• «Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ-ге қарасты М.О. Әуезов атындағы кітапханамен тығыз байланыста жұмыс жүргізу, жазушы мұрасын жан-жақты насихаттау және халықаралық деңгейдегі ғылыми-мәдени іс-шараларды ұйымдастыру;
Ұлттық рухани мұраны дәріптеуге бағытталған республикалық және халықаралық конференциялар, әдеби кештер, шығармашылық кездесулер мен дөңгелек үстелдер ұйымдастыру;
• Қоғамдық мәдени сананы қалыптастыру мен оқырман мәдениетін дамытуға арналған жобаларды бірлесе жүзеге асыру;
• Мұхтар Әуезовтің рухани және шығармашылық мұрасын жаңа буынға таныстыру мақсатында цифрлық форматтағы дерекқорлар мен онлайн-платформалар әзірлеу.

Аталған меморандум – ғылым мен мәдениет саласындағы өзара ықпалдастықты нығайтып, әдеби-ағартушылық бағыттағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеретін маңызды құжат.