ЖАҢАЛЫҚТАР

Ташкентте Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған іс-шара өтті

13/08/2025

Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының ұйымдастыруымен жуырда Ташкент қаласында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған мерекелік іс-шара өтті. Оған Қазақстан мен Өзбекстаннан ғалымдар, жазушылар, мәдениет қайраткерлері мен өнер өкілдері қатысты.

Алдымен қатысушылар Қазақстан елшілігіндегі Абай мүсініне гүл шоқтарын қойды. Бұдан кейін Өзбекстан Жазушылар одағында «Абай – қазақ және өзбек халықтарының сүйікті ақыны» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Жиында қос елдің әдебиетшілері Абай мұрасының халықтар достығын нығайтудағы рөліне тоқталды.

Конференция барысында М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, PhD докторанты Бауыржан Мырзақұл Абайдың 1922 жылы Ташкентте жарық көрген баспа кітабы туралы баяндама оқыды. Сондай-ақ, жуырда жарық көрген Абай шығармаларының академиялық толық жинағын таныстырып, құнды еңбекті Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығының директоры Серікбай Үсеновке тарту етті.

Шара аясында қонақтар Ташкент қаласының тарихи орындарын аралап, мәдени-рухани байланыстарды тереңдетті. Сонымен қатар, Өзбек ұлттық академиялық драма театрында белгілі қаламгерлердің қатысуымен мүшайра өткізіліп, өзбек және қазақ өнерпаздарының концерті қойылды.

Ұлы ақынға арналған мерейтой Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени байланысты нығайтып, Абай мұрасын кеңінен насихаттауға зор үлес қосты.